Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы жөніндегі онлайн конференция

Дүниежүзі қазақтарының Кіші құрылтайы 2021 жылғы 22-24 қыркүйек аралығында Ыстамбұл қаласында өтеді деп межеленген. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылмақшы шараның жауапкершілігі жоғары. Соған байланысты ауқымды істің әзірлік барысы жөнінде Қазақстанның Ыстамбұл қаласындағы бас консулдығымен онлайн конференция болып өтті. Онда Кіші құрылтайға қатысатын делегаттардың тізімін, шараның өтетін орынын және бағдарламасын нақтылау сияқты бірқатар қағидатты жайттар қаралды.

Онлайн конференцияға Қазақстан Республикасының Ыстамбұл қаласындағы бас консулы Әлім Байел және «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ Төрағасының орынбасары Әділбек Ыбырайымұлы, қауымдастық қызметкерлері Латифа Мұқашқызы, Қарлығаш Бекпатшақызы қатысты.

Бас консул Әлім мырза жергілікті билік өкілдерімен мәміле жүргізіп, шараны Ыстамбұл қаласының Бағжылар аудандық мәдени орталығында өткізу жөнінде келісімге келгендерін жеткізді.

Кіші құрылтайда шетелде жүрген қандастарға тарихи Отандары жөнінде кеңінен мағлұмат беріліп, Еуропадағы қазақ диаспорасы ахуалының бүгіні мен ертеңі талқыланбақ.

Сырттағы отандастардың өзекті мәселелерін, проблемаларын қарап, ұсыныстарын талқылайтын пікір алмасу платформасына Түркия Республикасындағы және оған таяу көршілес Еуропадағы қазақ диаспорасы жетекшілері мен белсенділері қатысады. Олардың бірқатарымен нақты мәселелер жөнінде жеке кездесулер өтпекші.

Одан бөлек Қазақстан делегациясының қазақ диаспорасы жастарымен және басқа да өкілдермен бейресми кездесулері жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Бағжылар ауданында Мұстафа Өзтүрік атындағы саябағының ашылу рәсімі; Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қазақ мемлекеті – ортағасырлық тарихи дереккөздерде» және Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері жөніндегі көрмелер ұйымдастырылмақшы.

Онлайн конференция барысында осы жайлардың бәрі рет-ретімен пысықталып, ұйымдастыру шараларының қалыпты жүріп жатқанына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы атынан консулдықтағы дипломаттарға алғыс білдірілді.

Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатыны аян.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ