АУҒАНСТАНДАҒЫ ҚАНДАСТАРЫМЫЗҒА КӨМЕК ел ықыласы арқылы шешімін табады

Үстіміздегі жылғы тамыздың 18-інде «Ауғанстандағы этникалық қазақтардың өтініштеріне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен, қажет болған жағдайда тарихи отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырды», – деп мәлімдеді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың Ауғанстандағы ахуалға байланысты ол жақта тұрып жатқан ұлты қазақ ауған азаматтарына – қандастарымызға көмек көрсету жөніндегі тапсырмасы қоғамда жылы қабылданып, қызу талқылануда.

Дүниежүзі қазақатары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З.Қ. Тұрысбеков облыстардағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы филиалы басшыларына Ауған қазақтарына қолдау көрсету, олардың елге көшіп келген жағдайда қоныстандыру жағын қарастыруға тапсырма берді. Өйткені, ел болып жұмылсақ, шешілмейтін мәселе жоқ.

Соған орай кеше Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қоры» мүшелері, ардагерлер мен ел арасындағы беделді кәсіпкерлер Мемлекет басшысының тапсырмасын мақұлдап, қандастар келген жағдайда әзір екендерін мәлімдеді.

Жамбыл облысы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы филиал басшысы А.Тулебаев және оның Сарысу ауданы бөлімінің директоры    Ш. Ералиев, жергілікті ардагерлер мүшелері мен кәсіпкерлер болып 6-7 отбасын қабылдап, оларды тегін тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етуге дайын екендігін жеткізді.

Сондай-ақ, Ауғанстаннан этникалық қазақтар әкелінген жағдайда квота бөлініп отырған Солтүстік Қазақстанда да баспана мәселесі оңтайлы шешімін табады.

Төңкеріс жүріп жатқан Ауғанстан еліндегі ахуалға алаңдаушылық білдіріп, ондағы қандастарымыздың жағдайына жандары ашыған халықтың көңіліне ризашылық таныта отырып, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы қазақ халқының тұтастығына қызмет ете беретінін жеткізеді.

Әр қазақты көк тудың астына жинау – Елбасының ең үлкен арманы.

 

Дүниежүзі қазакқтары қауымдастығының баспасөз қызметі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ