ҚАНДАСТАРҒА АРНАЛҒАН ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ

Сыртта жүрген қандастарымызбен қарым-қатынасты жүйелі жолға қойып, олардың тыныс-тіршілігінен хабар алып отыратын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» қазақ диаспорасымен мәдени-рухани байланыстарды жандандырудың түрлі формаларын қалыптастырып келе жатқаны көпшілікке аян. Сондай мәдени-гуманитарлық байланыстың бір түрі – жыл сайын өткізіліп тұратын  «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі.

Осы фестиваль арқылы сыртта жүрген ағайындардың басын қосып, жүзбе-жүз жолығып, пікір алмасудың сәті түседі. Шетелде тұратын қандастардың қатысуымен болатын өнер фестивалі әр елдегі қазақ ұлты өкілдерінің шығармашылық және білім әлеуетін арттыруға, маңызды мәселелерді талқылауға, қазақ диаспорасына ана тілі мен мәдени құндылықтарды зерделеуде әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетуге, талантты орындаушыларды анықтау мен оларды қолдауға кеңінен жол ашады. Әрі, ынтымақтастық пен келісім дәстүрлеріне сай мәдениет пен өнерді дамыту, ұлттық өнерді өзара байыту, өскелең ұрпақты бірегейлік рухында тәрбиелеу дәстүрі басты қағида ретінде ұсталады.

 «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жыл сайынғы тұрақты іс-шаралары аясында жүзеге асырылып келеді. Оның негізгі ұйымдастырушылары – «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ -і мен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы.

Фестивальдің Ережесіне сәйкес үміткерлер өтініштері үстіміздегі жылғы 1-ші шілдеден 31-тамызға дейін қабылданып келді. 1-ші қыркүйектен «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестиваліне үміткерлер қабылдау тоқтатылды.

Жалпы, өнер фестивалі төрт атаулы саладан тұрады. Олар: мүшайра, дәстүрлі ән, қолөнер шеберлері, терме. Осы салалық байқауларға карантиндік шектеулерге қарамай алты мемлекеттен жүзге тарта өтініш білдірілді. Олардың құжаттары мен материалдары нақтыланып, жалпы саны 64 адамнын тізімі қазылардың қарауына жолданды. Үміткерлердің арасында:

Қазақстандағы қандастардан – 8 адам;

Қытай Халық Республикасынан – 3 адам;

Монғолиядан – 13 адам;

Өзбекстаннан – 9 адам;

Ресей Федерациясынан – 30 адам;

Түркиядан – 1 адам бар.

Қазылар алқасы үміткерлердің жұмысын қыркүйектің 20-на дейін сырттай қарап, шешімдеріне сай келесі кезеңге жолдама береді. Бұл іріктеу турынан сүрінбеген үміткерлер қазан айының 14-15-і күндері көпшілік алдында өтетін бәсекеге шақырылады.

Үміткерлерге сәттілік тілейміз! Құрлықтың әр түкпірінен келіп, қазақ елінде жүлдегер болып кетуіне тілектеспіз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ