ІШКІ ҚОНЫСТАНДЫРУ – ӨЗЕКТІ ІС

2021 жылғы 8 қарашада Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының төрағасының бірінші орынбасары Тұрысбеков Зауытбек Қауысбекұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ерік Хамзинұлы, Алтынбек Нұхұлы және Д.Ж. Нөкетаеваларды Ақмола облысы Аршалы ауданындағы «Асар» әдісімен салынып жатқан агроқалашық құрылысының барысымен таныстырды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайында берген тапсырмасына сәйкес, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы соңғы 4 жыл ішінде Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында «Тұрғын үй және жұмыс» бағдарламасы аясында «Асар» әдісімен, қандастарға арналған коттедж қалашықтарын салу бойынша пилоттық жобаларды іске асыруда.

2021 жылы Ақмола облысының Аршалы ауданындағы агроқалашық жобасы практикалық іске асыру сатысына өтті. Бұл жұмысқа ҚР Үкіметінің агроқалашық инфрақұрылымын салуға 450 млн теңге бөлу туралы шешімі елеулі серпін берді.

Ағымдағы жылдың 15 мамырынан бастап 1282 коттедждің құрылысы басталды. «Асар» әдісімен қандастар үйлерді өздері салады, бұл құрылыстың өзіндік құнын айтарлықтай төмендетеді және тұрғын үй сапасын едәуір арттырады. Бүгінгі таңда көптеген адамдар іргетасын көтерді, құрылыс материалдарының тапшылығы қарамастан 20-дан астам коттедж салынды.

Салынып жатқан тұрғын үй иелерімен кездесуде ҚР Парламенті Сенатының депутаттары «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» бастамасын қолдады.

Депутаттар салынып жатқан тұрғын үйдің сапасына жоғары баға берді, мұндай жобаларды, әсіресе, Қазақстанның солтүстік облыстарында одан әрі іске асыру қажеттілігі атап өтілді. Өз кезегінде Сенат депутаттары құрылыс процесін, сондай-ақ Агроқалашық үшін коммуникациялар жүргізуге бюджет қаражатының жұмсалуын ерекше бақылауға алуға ниетті.

Ағымдағы жылдың 18-19 қарашасыңда ҚР Сенатының депутаттары Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының «Тұрғын үй және жұмыс» жобасын іске асыру үшін бөлінген учаскемен танысуға Солтүстік Қазақстан облысына баруды жоспарлап отыр. Ол жерге еліміздің оңтүстік өңірлерінен таяу болашақта 1300-ден астам қоныс аударушылар мен қандастарды көшіру жоспарлануда.

 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының

 баспасөз қызметі

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ