КӨШІ-ҚОН САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің бір бөлігі болып табылатын Халықаралық көші-қон ұйымы арасындағы екіжақты ынтымақтастықты ресімдеген меморандум күшіне енді. Құжатқа Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан төрағаның орынбасары Әділбек Ыбырайымұлы, ал Халықаралық көші-қон ұйымы тарапынан Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстандағы Халықаралық көші-қон ұйымы миссиясының басшысы Зейнал Гаджиев қол қойды.

Ресми шараға Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі А.Ә. Сарбасов, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Е.Қ. Үйсімбаев, «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының вице-президенті М.Қ. Сарбасов, Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымы кеңсесінің басшысы міндетін атқарушы Е. Хон, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардан өзге де ресми адамдар қатысты.

«Бүгін біз ел иігілігі үшін тиімді шаруа болып табылатын игі істің басында отырмыз», – деп бастады сөзін ресми шарада Әділбек Ыбырайымұлы.

Ол Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев басқаратын «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігіне келер жылы 30 жыл толатынын, қазіргі таңға дейін тарихи Отанына оралған қандастарымыздың жалпы саны 1 миллионнан асқанын, көші-қон мәселесі қай елде де маңызды, Қазақстан үшін оның орны ерекше екенін айта келіп, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің бір бөлігі болып табылатын Халықаралық көші-қон ұйымымен («ХКҰ») бірлесе жұмыс жасауға ниет білдіріп, меморандумға қол қойып жатуымыз – ісімізді одан әрі жандандыра түсетіні ақиқат» деді.

Жалпы, көші-қон – экономика мен сауда-саттыққа, мәдениет пен дипломатиялық қарым-қатынасқа ықпал етеді. Сондықтан Үкімет көші-қон жайын ұлттық жоспарларға енгізіп, оның қалыптылығын үнемі қадағалап отырады. Алайда, саланың күрделілігін ескерсек, көптеген көзге көрінбейтін елеусіз жайттар халықты көшіру мен қоныстандыру шарасына кедергісін тигізетіні жасырын емес.

Осы бағытта әлемдік деңгейде қызмет атқарып отырған ұйыммен ынтымақтаса істі жүргізу айтулы нәтижесін беретіні сөзсіз. Ретке келтірілген көші-қон әдіс-амалы көшіп-қонушылар мен қоғамға пайдасын әкелмек. ХКҰ көші-қонның жедел міндеттерін шешуге көмек көрсетіп, көші-қон проблемаларын түсінуді тереңдете түсетініне сенім білдірілді.

Көші-қон саясаты мәселелерін зерттеу саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы зор. Ұлттық мүддені көздейтін ауқымды да айтулы істе екі жақты ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу – алға қойылған міндеттерді шешуде қарқын да, қажыр да береді.

«Сондықтан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен Халықаралық көші-қон ұйымының бүгінгі мәмілесі – уақыт талабына сай келеді деп санауға болады» деп қорытындылады төрағаның орынбасары. Өз кезегінде беделді ұйым мен миссияның басшысы Зейнал Гаджиев те Қазақстандағы көші-қон жайына тоқталып, халықаралық мигранттардың құқы мен жалпы үдеріске аналитикалық талдау жасалатынын жеткізді.

 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ