ІСКЕ КӘНІГІ КӘСІПҚОЙЛАР семинар-тренингте көші-қон жайын талқылады

«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі (ДҚҚ) және Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің бір бөлігі болып табылатын Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) өкілдері өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғаны жөнінде бұған дейін хабарлаған едік. Ресми шара аяқталысымен мүдделі ұйымдардың өкілдері бас құрап, ынтымақтастықтың туын тік ұстаған қалпы бір ымырада мәмілегерлікті пісіре түсті.

Бұл – екі күнге созылған халықаралық семинар-тренингке бірнеше елден көші-қон жайына қанық сарапшылар қатысты. Атап айтқанда Оңтүстік Корея, Украина, Ресей, Канада, Австрия, Ауғанстан елдерінен азаматтар болды. Олардың арасында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 5 өкілі тәжірибе алмасып, кәнігі істеріне қаныға түсті. Көкейкесті жайттарды өрім қамшыдай осып, салмақты да салиқалы сөйледі. Офлайн өткен жиынды онлайн көзбен жіті бақылап, пікірталасқа қатысып отырған тағы да бірқатар мәселені жайын білетін майталмандар мәні зор мәслихаттан сырт қалмады. Сапыра сөйлеген сарапшылардың талдаулары мен зертеулері ортаға салынып, және диаспора өкілдерінің сеніміне кіре отырып, олармен тығыз қарым-қатынаста болу жолдары талқыланды.

Еңбек көші-қоны, оған техникалық көмек, шиеленістен кейінгі ушықты жағдайды оңалту, кедейлік деңгейін төмендету, экономикалық өсуге жәрдемдесу және адами әлеуетті дамытуды қолдау сияқты ХКҰ құзыретіне жататын салаларда іс-шараларды оңтайлы ұйымдастыру амалдары егжей-тегжейлі пысықталды.

Халықаралық ұйымның көші-қон мәселесін талдаған аталған шараның дәл 17-18 қараша күндері ұйымдастырылып отырғаны кездейсоқ емес еді. Қандастарымыздың Атажұртына оралу үрдісі тікелей Елбасы – Тұңғыш Президентіміз, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың есімімен байланысты. Өйткені Тәуелсіздікке ие болған мемлекет құраушы ұлт өз Отанында азшылықта емес, көпшілік басымдыққа ие болуы тиіс еді. Осы ой мазалаған сол кездегі мемлекет басшысы Қазақ КСР Министрлер кабинетіне сыртта жүрген қандастарымыздың елге оралуына мүмкіндік беретін қаулысын қабылдатты. Ізінше «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты Жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды елге шақырды.

Міне, осы тарихи күнді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еске түсіріп, содан бері 30 жыл өткенін, 1,5 миллион этникалық қазақтың тарихи Отандарына оралғанын айта келіп, Ұлы көштің басталуына жол ашқан датаны атаулы күндер күнтізбесіне қосу жөнінде Үкіметке тапсырма жүктеді. Келешекте, бұйырса, «Қандастар күні» болатын 18-ші қарашада Көкшенің етегінде көші-қон мәселесі халықаралық ұйым мүшелерімен кеңінен талқыланды.

Мемлекеттік мүддеге 30-жыл бойы үздіксіз қызмет еткен ұйым ретінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесе жұмыс жасау тиімді екеніне, семинар-тренингке қатысқан халықаралық сарапшылардың көзі жете түсті. Семинар-тренингке жең сыбана атсалысқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының  өкілдері білікті кәсіпқойлардан үйрене отырып, өз тәжірибелерін ортаға салды.

 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ