АЗАМАТТЫҢ АЖАРЫ еселі еңбекпен ашылады

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кеше Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары, мемлекет және қоғам қайраткері З.Қ. Тұрысбеков ІІІ-дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Елбасы басқаратын Қауымдастық Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге барынша ықпал етіп келе жатқан мекемелердің бірі. Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекет тізгінін қолына алған кеңестік дәуір кезеңінде-ақ бірінші кезекте сыртта жүрген ағайынды Атажұртқа әкелу жайын ойланды. Өйткені, мемлекет құраушы ұлт азшылықта еді.

Осы жауапты шараны бастар алдында қатепті нардың қабырғасы қайысар салмақты көтере алатын азаматты іздеді. Ықыласы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып қызмет етіп жүрген, халықпен тіл табыса алатын, ұйымдастыру қабілеті зор Зауытбек Қауысбекұлына ауды. Сөйтті де З. Тұрысбековты «Көші-қон және демография» агенттігінің төрағасы етіп бекітті.

Сөйтіп, Атажұртқа бет түзеген Ұлы көш басталып кетті.

Шет елдерден келген байыр­ғы ұлт адамдарын қо­ныстандыру, оның ішінде оларды та­сымалдауды, келген жер­лерінде қабылдау мен орналастыруды ұйымдастыру өте күрделі мәселе еді. Осының бәрін уәкілетті органның басшысы ретінде Зауытбек Қауысбекұлы дер уақытында шешіп, шет елдегі қандастарымызды тарихи Ота­нына келіп орналасуына, сіңісіп кетуіне барынша жағдай жасады. Соның нәтижесінде сол уақыттарда миллионға жуық бауырларымыз елге оралды.

2017 жылы Елбасы қайтадан саяси шешім қабылдап, өзі басқаратын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары етіп З. Тұрысбековты бекітуді Құрылтайға қатысушы қазақтардың алдына мәселе етіп қойды. Алқалы жиын ұсынысты бір ауыздан қуаттады. Содан бері қайтадан ұлт мәселесімен тығыз айналысып келеді.

Қалың жұртшылық Зауытбек Қауысбекұлын іскер, кез келген шаруаның кілтін табатын бесаспап, ұлттық мәдениетіміз бен рухани дүниемізге жанашыр, ата-баба аруағын асқақ ұстайтын парасат иесі ретінде таниды.

Міне, ол кісінің бүкіл саналы ғұмырындағы еліне сіңірген еңбегі ескеріліп, Президент Жарлығымен кеше ІІІ-дәрежелі «Барыс» орденінің кавалері атанды. Оны Ақордада Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев тапсырды.

Осы марапаттаудың бәрінде де З. Тұрысбековтың қайраткерлігі, парасаттылығы бірінші орында тұрды. Әсіресе оның қазақ ұлтын шоғырландыруға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, қандастарды тарихи Отанына көшіру процесі мен оның демографиялық әлеуетіне ықпал етуге, қазақ диаспорасына қатысты мемлекеттік саясатты іске асыруға әрі шетелде тұратын отандастармен мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған еңбегі ескерілсе керек.

Азаматтың ажары қоғамға сіңірген еңбегімен ашыла түсетіні аян.

Кемеліңізге келген, кемеріңізге толған тұстағы марапатыңыз құтты болсын, қадірлі Зауытбек Қауысбекұлы! Елдің жүгін арқалап, халықтың қамын ойлаған сіздің ісіңіз еленгені – Қауымдастық қана емес қандастар үшін де үлкен мәртебе.

Тұлғаңыз таудай болып, мәртебеңіз асқақтай берсін!

 

Зор құрметпен, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ