АСҚАРАЛЫ МЕРЕЙТОЙ және ақ тілектер

Бүгін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары, мемлекет және қоғам қайраткері З.Қ. Тұрысбеков 70 жасқа толып отыр. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген қуанышқа жер-жерден, ондаған мемлекеттерден қандастарымыздың атынан құттықтау хаттар түсіп жатыр. Осы ақ тілектерді жеткізу мақсатында Қауымдастықтың лебізін жариялағанды жөн көрдік.

 

Қадірлі Зауытбек Қауысбекұлы!

 

Сізді бүгінгі 70 жасқа толған асқаралы мерейтойыңызбен құттықтаймыз!

Қалың жұртшылық Өзіңізді іскер, кез келген шаруаның кілтін табатын бесаспап, ұлттық мәдениетіміз бен рухани дүниемізге жанашыр, ата-баба аруағын асқақ ұстайтын парасат иесі ретінде таниды. Сіздің ел басқарған мемлекеттік қайраткерлігіңізден бөлек тұтастай ұлтымызға аса құнды киелі орындарды, соның ішінде Төле би, Әйтеке би бабаларымыз бен Бөкейханның кесенесін тұрғызуыңыз перзенттік борышыңыздың бір парасы тұрғысында ел жадында.

Сіздің Көші-қон және демография агенттігін басқарған тұсыңызда қазақ көшінің Атажұртқа бет алғанын, олардың елге келіп қоныстанғанын, ал қандастарымыздың жиырма-отызына Алматыдан баспананың кілтін табыстағаныңыз жалпақ жұртқа аян. Солардың бүгінгі ел экономикасы мен демографиясына, ұлттық құндылықтарға қосқан қазыналары ұшан-теңіз. Сіздің іскерлік табандылығыңыз, еңбегіңіз еліміздің рухани байлығына айналған. Қазіргі таңда асар амалымен салып жатқан елдімекендер ертең-ақ ел мерейіне айналары сөзсіз.

Сіз қандай ортада, қандай қызмет атқарсаңыз да абырой мен құрметке бөленіп, елге, туған жерге адал қызмет ете білдіңіз. Сіздің сөйлеп кетсеңіз жұртты аузына қарататын шешендігіңіз, қауымды үйіріп әкетер қабілетіңіз, сырбаз да ұлық мінезіңіз халық жүрегінде айырықша ерекшелігіңіз ретінде сақталатыны сөзсіз.

Бүгінгі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары ретіндегі кескін-келбетіңіз бен тұлғаңыз – Тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатқан жастарымыз үшін рухшылдық пен елжандылықтың өнегесіндей. Халқымыз Өзіңізді биік парасат иесі ғана емес, ақыл айтар абыройлы ел ағасы деп қадірлейді.

Еселі еңбегіңіз бағаланып, кеше ғана ІІІ-дәрежелі «Барыс» орденін өңіріңізге қададыңыз, бұған дейін бірнеше орден-медальдармен марапатталдыңыз. Бүгінгі айтулы мерейтойыңызға орай өзіңізді Елбасы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы қабылдап, арнайы Алғыс хатын тапсырып, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы» төсбелгісімен марапаттады.

Құрметті Зауытбек Қауысбекұлы!

Мерейлі мерекеңізде Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілейміз! Алла Өзіңізге мықты денсаулық, ұзақ та баянды ғұмырды нәсіп етсін. Қыран қанатты самұрық секілді самғай беріңіз!

Игі тілекпен, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ