ЫСТАМБҰЛДАҒЫ ҚАЗАҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ

Кеше Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қолдауымен «Қазақстан мәдениеті және сауда орталығының» тұсауы кесілді. Мәдениет және сауда орталығы «Әлем қазақ кәсіпкерлер қоғамдастығының» ұйымдастыруымен қандастарымыз бен қала тұрғындарына есігін айқара ашты.

Мәдени-гуманитарлық шараға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Еуропа қазақтары қауымдастығының төрағасы Әбдурахман Четин, қауымдастықтың Нұр-Сұлтан қаласы филиалының басшысы Қарлығаш Қожамұрат, Шымкент қаласы мен Түркістан облысы филиалдарының жетекшісі Дулат Әбіш, Қарағанды облысы филиалының басшысы Меруеш Башай, сондай-ақ, қаланың зиялы қауымдары мен қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Ыстамбұлдағы консулдығының өкілі қатысты.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өтіп отырған халықаралық шараға әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдегі ағайындар арнайы келді. Орталықтың ресми лентасын кесу рәсіміне Түркиядағы қандастарымыз бен бауырлас түрік халқы көптеп жиылды.

Алқалы жиынның алдында сөз алған Зауытбек Қауысбекұлы қазақ-түрік халқының ынтымақтастығына кеңінен тоқталып, қазақ ұлтының Тәуелсіздігін алғаш таныған түріктер екеніне тоқталып, бауырлас елге алғыс білдірді. Алыс-жақын шет елден келген қандастарды 30 жылдық мерейтоймен құттықтады.

Жан-жақтан жиылған қонақтар сөз сөйлеп, екі бауырлас елдің ынтымақтастығын жарастырып, халыққа игілікті қызметін ұсынатын орталықтың ашылуына ақжолтай тілегін жеткізді.

Көпшіліктің қошаметтеуімен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, нысанның басшысы Ғанимет Қайсаұлы орталықтың лентасын қиды.

Бес қабаттан тұратын орталық негізгі қызметін екі бағытта жүргізеді. Біріншісі, ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттай отырып, Түркі елін қазақтың мәдени мұрасымен, әдет-ғұрпымен таныстырады. Көнеден жеткен тарихи деректерді қазіргі заман ағымымен тоғыстыру, байланыстыру. Тоқ етерін айтқанда, мәдени қарым-қатынасты  нығайта түспек. Екіншісі, сауда-саттық, экономикалық бағыт. Қос тараптың іскер өкілдерінің ел экономикасына атсалыспақ ниетіне дәнекер болу, бірлесе жол іздеу. Сондай-ақ, орталыққа түрлі себептермен өтініш білдіргендерге консултативтік кеңестер беру.

Жаңа ашылған рухани-экономикалық ошақта қазақ тілін оқыту сыныбы, шағын көрме, конференц зал, түрлі кабнеттер, сонымен қатар жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа арналған бұрыш бар. Биыл ақынның 175 жылдығы кең ауқымда аталып өтіп отыр. Мерейтойға орай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қандастарымыздың арасындағы белгілі қайраткерлер мен Түркияның зиялы қауым өкілдеріне Жамбыл Жабаев 175-жылдық мерекелік медалі табысталды.

Ауқымды шараның соңы «Aydin» университетінің залында концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ