ЖАҢА ЖЫЛ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ҚАЗАҚ ЖҰРТЫ!

Қымбатты қазақ жұрты!

Қадірлі қандастар мен отандастар!

 

Әне-міне дегенше бір жыл зулап өте шықты.

Биылғы жыл қастерлі жыл – ата-бабамыз көксеген Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Осы айтулы мерейлі кезең келер 2022-ші барыс жылына да ұшқасады. Өйткені, Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаевтың тікелей бастамасымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 30 жыл толмақ. Жан-жақтан Атажұртқа бет бұрған көштің легі басталғанына да – 30 жыл.

Тәуелсіздік, Ел, Бабалар мұраты деген ұғыммен тарихи Отанымызда ұлттық бірегейлікті сақтау, қазақ диаспорасына қатысты мемлекеттік саясатты жүзеге асыру және шетелде тұратын этникалық қазақтармен рухани-мәдени байланыстарды нығайту бағытында үлкен маңызға ие шаралар үздіксіз атқарылуда. Биылғы жылғы Дүниежүзі қазақтарының Кіші құрылтайы Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласында өтті. Оған жергілікті қазақ диаспорасымен қатар шекаралас Еуропа елдерінен қандас бауырларымыз келіп қатысты.

«Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі Павлодар қаласында ұйымдастырылды. Қарт ертістің жағасындағы Керекуге әлемнің бірқатар елінен өнерпаздар атажұртына жиналды.

Жер бетін індет жайлап, шекара жабық тұрған биылдың өзінде Ауғанстан, Иран елдерінен қандастарымыз (жүзге жуық отбасы) тарихи Отандарына келіп, біржола қоныстанды. Олардың дені баспаналы болды, жастары оқуға ілікті, еңбекке жарамдылары жұмысқа тұрды. Өз кәсіптерін ашпаққа ниеттеніп отырғандары да бар.

Сондай-ақ, биыл асар әдісімен Ақмола облысының Аршалы ауданында қандастарға арнап, елдімекен сала бастадық. Теріскей өңірлердегі ел қондыратын орындарды барлап қайттық.

Таяуда ғана Түркияның Ыстамбұл қаласында Қазақ мәдениеті мен сауда орталығы ашылды. Онда ұлтымыздың аспаздығынан бастап, мәдениеті мен тарихы кеңінен насихатталады. Оны Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының штаб-пәтері деп қараған жөн.

Соңғы 30 жыл ішінде атамекенге оралған бауырларымыз қаншама толайым табыстарға қол жеткізді. Ел экономикасына елеулі еңбек сіңірді, демографиямыз оңшалды, бірегейлік артты, ал қандаспен оралған қазына жөніндегі әңгіме бір басқа. Мұның бәрі елдің ынтымағын жарастырып, ырысын арттыра түсті. «Елге ел қосылса – құт» деген осы.

Өтіп бара жатқан жылға реніш жоқ. Бірқатар істерді атқардық, енді бірқаншасын індеттің салдарынан атқарып үлгермедік. Ең бастысы – ауызбіршілік пен қажыр, табандылық бар. Сондықтан Қазақ жұртына ынтымағымызды уыстан шығармағанымызға алғыс айтамын. Тәңірдің бергенінен берері көп болғай! Келер жылы да бізді қауырт та күрделі шаруалар күтіп тұр. Елдік мұраттың төңірегінде Қауымдастықтың атқарып жатқан шаруасына қолдау білдірген қарапайым жұрттан бастап, барлық сала өкілдеріне, жоғарғы мемлекеттік органдарға ризашылығымыз шексіз.

Босағамыздан аттайын деп тұрған Жаңа 2022-ші жыл құтты болсын! Қазақ елінің абыройы әлем өркениетінің алдында арта берсін! Жасампаз халқымыз гүлденіп, көркейсін! Лайым әр отбасында бақ-береке қатар жүрсін!

Ел іргесі бүтін, Тәуелсіздігіміз мәңгілікке ұласқай!

Баршаңызды Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Барыс жылы құтты болсын, әлеумет!

 

Құрметпен,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі З.Қ. Тұрысбеков

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ