АЗА ТҰТҚАН АҒАЙЫНҒА КӨҢІЛ АЙТАМЫЗ

Қадірлі Қазақ жұрты!

Ардақты ағайын!

Айдың күні аманында қара жамылып, тұтас еліміз аза тұтып отыр. Бұл ата-бабамыз «Жау қайда деме – жар астында, бөрі қайда деме – бөрік астында» деп ескертіп кеткен тосын қатердің салдары.

Ұлт тарихында қаншама жаугершілік заман өтті. Аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан кештік. Қатыгездік пен саясаттың құрбаны болған күндеріміз де жоқ емес. Бірақ, арандатушылыққа жол беріп, бөрік астындағы бөріге таланғанымыз алғашқы мәрте.

Соның салдарынан Отан алдындағы борышын адал атқарған боздақтарымыз опат болды. Бейбіт шеруге шығып, ойламаған тұста көз жұмған бауырларымыз қаншама. Кенеттен қабырғасы сөгіліп әке, жүрегі езіліп ана, жұлыны үзіліп жар, көкірегі қарс айрылып бала аңырап қалды.

Елдің бірлігі мен ынтымағын қорғап, мемлекетіміздің Конституциялық құрылымына нұқсан келтірмеу жолында шейіт болған қаһарман бауырларымыздың отбасына, қазақ халқына, Қазақстан мемлекетіне қайғырып, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы көңіл айтады.

Біздің Тәуелсіздігімізді шайқалтып, бірлігімізге сызат түсіргісі келген арандатушылардың бұл әрекеті – керісінше ынтымағымызды одан сайын арттырып, ауызбіршілігімізді нығайта түседі деп сенеміз. Ел бірлігі бұрынғыдан да бекіп, адамзаттық ой-сана мен қоғамдық жүйені жаңаша құруға жол ашады.

Бұл да бір Тәуелсіздік тарихындағы сабақ алар сындарлы сәттер екенін ескеріп, тәңірдің қазаққа бергеніне шүкірлік етуіміз керек.

Ел басына ауыртпалық түскен осы бір қасіретті күні дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен қандастырмыз өз көңілдерін білдіріп, шынайы ниеттерін жеткізуді сұрады.

Мықты болыңыздар, қазақ халқының тауы шағылып, еңсесі түспесін деп тілейміз. Отанымыз – Қазақстан бейбіт өмірде гүлдене берсін.

 

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

 

 

1 комментарий

ПІКІР ҚАЛДЫРУ