ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗАҚҚА ҚАМҚОРЛЫҒЫ

Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы филиалы өкілдері мен қазақ диаспорасы Зейтүнбұрны ауданындағы Абай ескерткіші орнаған алаңда бейбіт жиын өткізіп, ел басына сын түскен қысылтаяң уақытта өздерін қазақ халқымен бірге екенін, ел Президенті Қ. Тоқаевтың шұғыл қабылдаған шешімдері мен ұйғарымдарын қолдайтындарын жеткізді.

Қазақстандағы арандатушылық әрекеттерді айыптаған және тез арада тұрақтылықты орнатуды жақтаған бейбіт жиынға Мимар Синан көркем өнер университетінің Еуразия мәдениеті мен өнерін қолдану және зерттеу орталығының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдуақап Қара сияқты зиялылар, «Түркі дүниесі» қоғамдық ұйымының басшысы Сердар Шахин тәрізді үкіметтік емес ұйымның жетекшілері, сондай-ақ, екі жүзге жуық қарапайым жұрт қатысты.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Ыстамбұл қаласындағы жетекшісі Ертолқын  Ғайратуллах жиылғандардың алдында сөз сөйлеп, Қазақстандағы террорлық әрекеттерді айыптайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ тарихи Отандарының демократияшыл ел екенін атап өтіп, алайда мемлекеттің конституциялық құрылымына нұқсан келген жағдайда оны қалай да қорғау керектігіне тоқталды.

Алыстағы ағайынның қоғамдық-саяси шарадан бөлек, нақты қамқорлық қадамдарға да барғаны – көңілдегі бауырмалдық сезімді ұлғайта түсті.

Өткен жылдың соңында ғана Ыстымбұл қаласында Қазақстан мәдениеті мен сауда орталығы ашылған еді. Бұл орталық қандастарға ғана емес, қазақстандықтарға да көмек қолын созатын мекеме болатын. Оның тиімділігі әлден көзге көріне бастады.

Қазақстандағы төтенше жағдайға байланысты бүгінгі күнге дейін әуе қатынасының 130-ға жуық рейсі тоқтатылғаны мәлім. Соның салдарынан көптеген азаматтарымыз өзге елдің аумағында қалып қойды. Ондай жолаушылар Түркияда да көп еді.

Осындай қысылтаяң уақытта Ыстамбұлдағы Қазақстанның Бас консулдығы Мәдени орталық пен қандастарымыздың қолдауымен  арнайы штаб құрып, Қазақстан жолаушыларының жайын анықтады. Нәтижесінде күтпеген жағдайдан тығырыққа тірелген мыңнан астам отандастарымыз белгілі болды. Оларға қандастарымыз дер кезінде жұмылып, қол ұшын берді. Жолда қалып, мүсәпірдің халін кешкен жолаушыларға демеу болды. Қазақы дәстүрге сай арнайы мал сойып, ыстық тамақ беріп, жатын орындарға тегін жайғастырған.

– Қазақ болып бір-бірімізді қолдай алмасақ, азаматтыққа сын. Қазақ – қай жерде жүрсе де қазақ,  оның еш айырмашылығы жоқ. Сондықтан Қазақстан халқы үшін бәрін істеуге дайынбыз, – деді түркиялық қандасымыз Жанымхан Жамалтай бауырымыз.

Бұл шарадан сол жақта уақытша тұрып жатқан отандастарымыз да сырт қалған жоқ. Меруерт Серікбайқызы жұмылдырған жігіттер мен қыздар турист болып келіп, күтпеген жайдан қыжалатқа түскен бауырларына аянбай көмек көрсетті. Тіпті, қазақ студенттері де еріктілер ретінде қызметтен тартынбады. Жергілікті диаспора кейбір адамдарды үйді-үйлеріне бөлісіп әкетті. Бұл – шынайы бауырмалдықтың көрінісі еді. Кеше әуе жолы ашылып, алғашқы жолаушылар Түркиядан елге орала бастады.

Дәл осындай жағдай Ресейдің Мәскеу қаласында да орын алды. Онда да Қазақстан елшілігі бас болып, белгісіз жағдайда әуежайда қалып қойған 170-тен астам отандастарымызды анықтады. Бұған қазақ диаспорасы атсалысып, қазақстандықтарға ыстық тамақ, жатын орындар ұсынылды. Қаражат жинап, тіпті, кейбіріне билеттер де алып берді.

Жалпы, ел басына күн туған осындай кезеңде әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып кеткен бауырларымыз бір атаның баласындай ауызбіршілік пен ынтымақтығын көрсетті. Қазақтың қазаққа жасаған қамқорлығы жүректі елжіретті, туысқандықты көрсетті. Ыстамбұлдықтар мен мәскеуліктердің бұл бауырмалдық әрекеттері мен қадамдарына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шексіз ризашылығын білдіреді. Қайда жүрсе де «аттан жығылса да, салттан жығылмаған» қолы ашық, көңілі кең қандастарымыздың амандығын тілейміз.

Тұтастай Қазақ елі мен дүниежүзі қазақтары аман болсын.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ