ХАЛЫҚТЫҢ КӨКСЕГЕНІ – БЕЙБІТШІЛІК

Қадірлі Қазақ жұрты!

Ел ішіндегі жағдайға байланысты тарихи Отанынан сыртта жүрген қандастарымыз қатты алаңдаушылық білдіруде. Көрші мемлекеттерден бөлек Түркия, Еуропа, Америка, Қытай, Монғолия, Жапония, Корея сияқты елдерден бауырларымыз хабарласып, шынайы ниеттерін білдіруде. Шетте жүрсе де әрбірі ел деп жүрегі езіліп жатқанын жеткізуімізді аманаттады. Осы орайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы елдігіміздің беріктігі сыналған тұста баршаңызды ынтымаққа шақырады.

Осындай сындарлы сәтте Ел Президентінің маңына топтасып, оның қабылдаған шешімдері мен жүргізіп жатқан анти-террорлық операциясына қолдау білдіреміз.

Сонымен бірге танымал мәдениет және спорт қайраткерлерін, іскер азаматтарды, Ауған соғысы мен бұрынғы құқық қорғау саласында қызмет еткен ардагерлерді өз қаласында халық сақшысын құрып, патрульдік полициялармен бірге қаланың тыныштығын күзетуге шығуға үндейміз.

Елдегі әлеуметтік-саяси жағдайдың тез арада тұрақтанғанын қалаймыз. Мұны қарапайым халық алаңдай күтіп отыр. Халықтың көксегені – бейбітшілік.

Кең байтақ жеріміз – Ұлы дала – ынтымақтың арқасында ғана көркейе бермек. Дана халқымыздың бәрін сабырға жеңдірген қасиеті мен мінезін танытайық. Тәуелсіздігіміздің негізі – береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтайық! Қасиетті қазақ елі, дүниежүзі қазақтары жұдырықтай жұмылып, түгел болайық!

 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З.Қ. Тұрысбеков

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ