ЕЛ ИГІЛІГІНЕ АЙНАЛҒАН ІС

Тәуелсіздіктің іргесін бекемдей түсуге айырықша үлесін қосқан шараның бірі – 1992 жылғы 28-ші қыркүйекте өткен тұңғыш Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы. Осы тарихи жиында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы оның Төрағасы болып бекіді. Содан бері Қауымдастық ел игілігіне үздіксіз жұмыс істеп келеді. Биыл қыркүйекте Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына 30 жыл толады.

Тұңғыш құрылтай қарсаңында қазақ ұлтының саны 10 млн. 537 мыңның төңірегінде еді. Осы аралықта, 1 миллион 87 мың қандасымыз елге оралды. Тарихи Отанына қоныс аударғандар жалпы Қазақстан халықтың 6 пайызын құрайды. Ал олардың ұлттық бірегейлікті сақтауға, халқымыздың демографиялық әлеуетін арттыруға тигізген ықпалы елеулі. Сөйтіп ағайындармен ортамыз толды, шүкір, біршама өстік.

Шеттен көшіп келген ағайындарды жаңа ортаға бейімдеудің, арнайы үйлер салып қоныстандырудың амалдары үнемі қарастырылу үстінде. Бұл ретте ең тиімді модель ретінде Шымкент қаласындағы «Асар» ықшамауданын атап өткен орынды.

Қандастар үшін бөлінген аумақты құжаттамалық ресімдеу 2003-жылы басталып, одан әрі құрылысы жалғасып, ықшамаудан 2011-жылы толықтай салынып бітті. Бюджет қаражатынан тыс, асар әдісімен барлығы 1725 котедж және 960 пәтерлік 30 көпқабатты үйлер тұрғызылды. Осы баспаналарда 2800 отбасы екі қабатты котеджде, 960 отбасы көпқабатты үйлерге қоныстанды.

Сол кезде 19 мың тұрғыны болса, қазір халық саны 26 мыңға өсті. Төрт орта мектебі бар. Оқу жасындағы балалардың көптігінен былтыр екі қабатты сауда үйін мектепке айналдырған. Биылғы оқу жылында 2000 бала алғаш мектеп табалдырығын аттаған. Яғни,  төрт мектептің әр қайсында 17-18-ден 1-ші сыныптар ашылған.

Әр үйдің жылыжайлары бар. Әрбір отбасы есігінің алдында көкөністер өндіріп, оны өзі тұтынып және артығын базарларға шығарып отыр. Яғни, қала халқын азықпен қамтамасыз етуге жұмылған.

Осы «Асар» ықшамауданында бұдан өзге де жеті мың жұмыс орны ашылған. Өте берік әрі икемді полиэтилен жылы жай пленкасын шығару, олардың металл конструкцияларын әзірлеу, сондай-ақ, ағаштан қиюластырған екі қабатты үйлерді жинау сияқты салалардың Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ өндірістерінің техниологияларын елге әкелген. Бұл бұйымдар бүгінде республика бойынша үлкен сұранысқа ие.

Ондағы халықтың әл-ауқаты жақсы, соған қарай демографиялық өсім де, шүкір, баршылық.

Міне, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы осы модельді қолдана отырып, еліміздің өзге өңірлерінде де игілікті істі жалғастыруды көздейді.

 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ