АСАР: ҚАНДАСТАРДЫ ҚОНЫСТАНДЫРУДЫҢ ЖАҢА АМАЛЫ

Шеттен көшіп келген ағайындарды жаңа ортаға бейімдеудің, арнайы үйлер салып қоныстандырудың амалдары ұдайы қарастырылу үстінде. Себебі, заңдық нормалар уақыт ағымымен тез өзгеруде. Соған сай әрекет етуді талап етеді. Шымкент қаласындағы қандастар үшін салынған «Асар» ықшамауданындағы қолданылған тәсілдер бүгінгі күнге сай келмейді. Бұны Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының шектескен тұсындағы салынып жатқан елдімекен жұмыс тәсілі көрсетіп отыр.

Ең әуелі қандастар мен баспанасыз жүрген әлеуметтік топ өкілдері бірігіп, 196 гектар жер сатып алынды. Содан кейін ол жердің жеке тұрғынүй құрылысы үшін деп мақсаттық мәнін өзгертуге және жерді рәсімдеу мен тиісті құжаттарды реттеу шараларына екі жыл уақыт кетті. Бұл кезеңді игергеннен кейін, келесі күрделі шаруа күтіп тұр еді. Ол – болашақ елдімекеннің инфрақұрылымдық жүйесін жасау. Яғни, су, газ құбырларын, электр желісі мен жолдарын жүргізуге мемлекеттің рұқсаты мен жобасы болмай, құрылыс басталынбайды. Ал жобалаудың өзіне қаражат қажет еді. Сондықтан жер телімдері иелері есебінен 35 миллион теңгеге жаңа елдімекеннің инфрақұрылымдық жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Соның негізінде мемлекеттік сатып алу тендері өтті. Демек, жол мен инфрақұрылымға ұлықсат беріліп, жоба мақұлданды. Енді оның құрылысын бастау үшін бюджеттен қаражат қажет, ал үйлерді асар амалымен тұрғындар өз қаржыларына көтереді.

Бастама қоғамдық ұйымның тарапынан болып отырғандықтан бұл шағын ауданның инфрақұрылымын салуға қаражат Ақмола облысының бюджетінде қарастырылмаған. Осыған орай Ақмола облысына қосымша қаражат бөлу мәселесі бойынша Үкімет пен Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында неше мәрте талқылаулар жүрді. Табанды еңбектің нәтижесінде мәселе шешіліп, Қазақстан Республикасының Үкіметі жаңа елдімекеннің инфрақұрылымын салдыруға 5,5 миллиард қаржы бөлдірді. Алайда одан кейінгі кезең – жобаны мемлекеттік тапсырысқа енгізіп, тендер өткізу жайы көптеген қиыншылықтарға ұшырады. Осы жұмыс шеңберінде Қауымдастық тарапынан 118 мың парақтан тұратын құжаттар әзірленді.

Инфрақұрылымды жүргізуге Үкіметтің нақты шешімі шыққаннан кейін-ақ, былтыр мамыр айының басында жерге қоныстандыру мамандары мен участоктың аумағын анықтайтын геодезисшілер, жер иелері, құрылысшылар барып, ел игілігіне айналар істің алғашқы жұмысын бастап кеткен. Қас қылғандай дүние қымбаттап, істі дөңгелетіп әкетуге қолбайлау болды. Әйтсе де асарға жұмылған азаматтардың ерік-жігерінің арқасында қар түскенше бірқатар котедж бой көтеріп, сап түзеп үлгерді.

Сөйтіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тікелей бастамасымен «Тұрғынүй және жұмыс» қағидасы бойынша, Ақмола облысының Аршалы ауданында 8 мың қандасқа арналған бір үлгідегі 1282 коттедж асар амалымен салына бастады. Онда 3,5 мың жұмыс орны құрылады. 300 гектарлық аумақта жылыжай, ауылшаруашылық өнімдерін сататын көтерме базар, жылқы, ірі қара мен ұсақ малдарды өсіріп, бордақылау орындары мен қолөнер шеберлері орталықтары болады. Бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласын сапалы және қол жетімді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге үлес қосады. Жобаның кереметтігі сол – үйлерді салуға мемлекет тарапынан ешқандай қаражат жұмсалмайды. Жер иелері өздері баспанасын «Асар» әдісі бойынша салады әрі бұл тұрғынүй құнын едәуір төмендетіп, сапасын арттырады. Соңынан тұрғындардың барлығы жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Міне, осы амал қандастардың бірыңғай қоныстануына, жаңа ортаға тезірек бейімделуіне, ең бастысы, әлеуметтік аз қамтылған топтардың деңгейінде қалып қоймауына оң ықпалын тигізеді.

 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ