ТЕРІСКЕЙДЕГІ ТҮТІН САНЫ «Асар» амалымен артады

2017 жылғы 23 маусымда өткен Дүниежүзі қазақтары V-құрылтайының №17-32-39.1 хаттамалық тапсырмасында «Шеттен көшіп келген ағайындарды жаңа ортаға бейімдеудің, арнайы үйлер салып қоныстандырудың, қажетті мамандық алуына және жұмыспен қамтылуына қажетті әлеуметтік инфрақұрылым жасаудың бағдарламасын әзірлеуді» Үкіметке Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп жасау тапсырылған. Соған сай қандастарымыз бен еліміздің еңбек күші артық аймақтарынан еріктілерді еңбек күші тапшы солтүстік өңірлерге қоныстандыру ісі қолға алынды. Алайда оның кейбір тетіктері ескерілмегендіктен елді теріскей өңірлерге қоныстандыру айтарлықтай нәтиже бермеді. Бірінші, адам мөлшері аз және олар әр өңірдерден жиналған. Жаңа ортаға сіңісіп кете алмай, біразы қайта көшуге мәжбүр болды. Екінші, салынған үйлердің сапасы мен оған төленетін қаржының көлемі көңілге қонбады. Үшінші, жұмыспен қамту жүйеліліктен алшақ жатты.

Осыны ескеріп, Қауымдастық еңбек күші артық аймақтардан (Өзбекстан сияқты елден қандастарды), оның өзінде бір елдімекеннен кемінде 500 отбасыны апаруды көздеп отыр. Біріншіден олар, өз туған-туыстарымен барады, сонда жаңа ортаға тез бейімделеді. Әрі, тұрақсыздық мейлінше жойылады.

Жобаны қолдану мүмкіндігін саралау мақсатында Қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары З. Тұрысбеков Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының «Өңір» депутаттық тобымен бірге Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарын аралады.

Солтүстік Қазақстан әкімдігі Петропавл қаласының инфрақұрылымы даяр тұрған «Южный», «Солнечный-1», «Солнечный-2» ықшам аудандарынан 1300 отбасыға жер телімін бөлуге әзір, бірақ оған қолданыстағы заң нормалары мүмкіндік бермейді. Біріншіден, ол адамдардың өңірге қатысы жоқ әрі кезекте тұрған жергілікті жұрт өкілдері бар. Алайда билікті облыс аумағындағы 500 мыңнан сәл асатын тұрғындардың көлемі алаңдатады.

Түйткілді мәселелерді көкейлеріне түйген топ Павлодар облысына бет алды. Екібастұз қаласының аумағында жеке тұрғынүй құрылысы үшін 1 мың гектар және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін 1 млн. гектарға жуық жерді игеруге өңірдің әлеуеті бар. Тек халықты қоныстандыру жөніндегі заңға өзгеріс енгізу керектігін ұқты.

Қостанайда да осындай жағдай. «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-на 900 маман қажет. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-і 500 маман тартуға мүдделі. Салынып жатқан «КАМАЗ» зауыты құрылысы да 500 жұмысшыға зәру. Ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін «Агромашхолдинг КЗ»-ке де 180 маман жетіспейді. Сондай-ақ, «Олжа агро» кәсіпорны 2000 бақташының тапшылығынан қыжалат шегуде. Тек осы мекемелелерде ғана кадрға деген жалпы мұқтаждық шамамен 4200 адамды құрайды.

Іссапардың нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында 2021 жылғы 30 қарашада «Азаматтарды еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен еңбек күші тапшы өңірлеріне көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың барысы туралы» арнайы кеңес өтіп, онда қандастар мен азаматтарды солтүстік аймаққа қоныстандыру жайы қаралды. Жиынға «Өңір» депутаттық тобының мүшелері 17-і сенатордан бөлек аймақтардың өкілдері қатысты.

Мәселелерді екжей-текжейлі қарай келіп, сол кездегі «Өңір» депутаттар тобы жетекшісі Ерік Сұлтанов халықты қоныстандыруға қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жоба Парламентте талқыланып жатқанын жеткізді. Енді осы құжатқа ұсыныстар негізінде жаңа түзетулер енгізілмекші. Соның нәтижесінде қандастар мен ішкі көші-қонға қатысушыларға кедергісіз жер бөлу мәселесі реттеледі.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы аталған мәселеге өз ұсыныстарын білдірді. Ол бойынша ең бірінші қоныстандыру аймағын анықтау. Екінші, қандастарымыз бен жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аударушыларға «Асар» бағдарламасына қатысушы мәртебесін беру. Үшінші, «Асар» жобасына қатысушыларға жерді топтап бөлуі тиіс. Мысалы, бес жүз отбасын бір маңға қоныстандырса, олар өз ортасында жүріп, жаңа мекенге тез бейімделеді. Сондай-ақ, жер бірден оның меншігіне өтіп кетпейді, атына ғана тиесілі болады. Оғанға дейін жер телімдері әкімдіктердің жанындағы дербес бөлімдердің (мысалы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация «Сарыарқа») балансында тұрады. Үй толық салынып біткенде адамдардың атына ауыстырып береді. Баспана құнының 50 пайызын мемлекет төлеп, 50 пайызын азаматтар өз есебінен салады. Он жылға дейін ол үйді сатуға құқы болмайды, содан кейін баспана оның меншігіне өтеді. Әуелгіде, солтүстікке қоныс аударғаны үшін көтерме қаржы және 1 жылға жалға алатын баспана ақысы төленуі тиіс. Міне, осы тәсілді қолдана отырып, асар амалымен кешендерді қысқа мерзімде әрі сапалы салуға болады.

Егер осы жоба жүзеге асқан жағдайда кемінде алты күрделі мәселе шешімін табады. Біріншіден, қоныс аударушы бақшаға қолайлы жерден сапалы әрі арзан баспана салады. Екіншіден, жұмыс орны мен ауыл шаруашылығы бизнесіне қол жеткізеді. Үшіншіден, жұмыс күші тапшы аймақтардағы бос жұмыс орындарын толықтырады. Төртінші, қала ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіледі. Бесіншіден, халық тығыз орналасқан аймақтарда жұмыссыздардың, аз қамтылғандардың саны төмендеп, әлеуметтік жағдай дұрысталады. Алтыншыдан, елдегі демографиялық ахуал реттеледі.

Бүгін Үкіметте осы мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Б. Сұлтановта мүдделі органдар өкілдерінің қатысуымен жиналыс өтеді. Алдағы уақытта ел иігілігіне қызмет ететін шаралардың жүріп кетуін заңдық-нормалық қамтамасыз ету жайы Парламент қабырғасында сенатта пысықталады. Қайткенде де теріскейде қазақ түтіні көбеюі тиіс.

 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ