ЖАПОН ТІЛІН МЕҢГЕРУ жаңа мүмкіндікке жол ашады

Кеше Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының орталық кеңсесіне Нұр-Сұлтан қаласында жақында ашылған Жапон тілін оқыту орталығының директоры Төлеухан Сламбекқызы арнайы келді. Төрағаның орынбасары Әділбек Ыбырайымұлы өткізген екіжақты кездесу барысында орталықтың қызметімен жақынырақ танысып, оның негізгі бағыты мен жоспарына қаныға түсті. Басты көздегендері – қазақтарға жапон тілін ұстарту екен.

Төлеухан ханымның өзі Қытайда туып, Жапон елінде жоғары білімге қол жеткізген қандастардың бірі болып шықты. Отбасымен тарихи Отанына оралып, азаматтық алып, ері қызмет бабымен қайта Жапон еліндегі компаниядағы жұмысына кетіпті.

Жапонияда өзге Орта Азия елдеріне қарағанда Қазақстан туралы ақпарат тапшы екенін байқаған. Ендігі мақсаттары осы әлжуаз тұсқа жан бітіріп, екі елдің арасындағы мәдени байланысқа дәнекер болу, қазақ елін мейлінше Шығыс Азияға таныстыру.

Бұған барар жол – қазақтарға жапон тілін үйрету. Осыны көздеген Төлеухан Сламбекқызы жапон тілінен дәріс беретін орталық ашып, тіл ұстарту жұмысын қолға алған.

Жаңа орталықтың жұмысын жандандыру бағытында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына ақыл-кеңес сұрай келген екен. Ондағы тіл үйренушілер бір, бір жарым жылдың аумағында жапон тілін бесінші деңгейде меңгеріп, одан әрі Жапонияға мамандық алу үшін білім қуып бара алады. Бұл орталық үміткер жастарға оқу визасын ашуға, тиісті құжаттарын ресімдеуге де араласады екен.

Сондай-ақ, сол елге барып кәсіпорында жұмыс істеймін, озық техникасын меңгеріп, елге әкелемін деген азаматтарға да жапон тілін кәсіби салалық бағытта оқытып, әрмен қарай жұмысқа аттануына қол ұшын беруге әзір. Оларға тілді аса терең білу қажет болмаса керек.  Мұнымен қатар, жапон еліне қатысты өзге де мәселелерді шешуге көмектесіп, тиісінше толық ақпарат ұсынуға септігін тигізбек.

Дамыған мемлекеттердегідей ұлттық-демократиялық мемлекет құру, озық елдер қатарына қосылу қашаннан қазақ халқының мақсаты. Заманауи технологиясымен әлем өркениетінің көшін бастаған Жапон елімен мәдени-экономикалық байланыс орнату – кім-кімге де мүмкіндіктер кеңістігіне жол ашады. Жапон тілін оқыту орталығының жетекшісі Төлеухан Сламбекқызы екі ел арасында алтын көпір болуға ынталылық танытып отыр.

Қытай, ағылшын, жапон және өз ана тілін толық меңгерген Төлеухан ханымға Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы сәттілік тілеп, алдағы уақытта оның жобаларының жүзеге асуына барынша қолдау көрсететінін жеткізді.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ