Қадірлі Қазақ елі және дүниежүзіне тарыдай шашылған қандастар!

Баршаңызды халқымыздың ең ұлық мейрамы – Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Күллі шығыс жұртына ортақ мереке – ынтымақ пен бірліктің бастауы іспетті.

Қазіргі уақытта Наурыз Тәуелсіз елімізде жаңа сипатқа ие болды, ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Халықтар арасындағы достықты бекітуге, бауырластық қарым-қатынастардың нығаюына, әр этностың салт-дәстүрінің қайта жаңғыруына осы мейрам үлкен үлесін қосып отыр. Сондай-ақ, сыртта жүрген қандастарымыз да ұлттық ғұрып-салтымыздың аясында Наурыз мерекесін лайықты түрде атап өтіп келеді.

Бүгін – табиғат ана қайта жаңғырып түлейтін, күн мен түн, бай мен кедей теңелетін, көк өніп, ерніміз аққа тиетін қасиетті күн. Ырысы мол мереке жан-дүниемізді шуаққа бөлеп, ой-ниетімізді таза арнада тоғыстырып келеді.

Бұл – кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен түсіністіктің мерекесі.

Наурызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген де наным бар.

Табалдырығымыздан аттап енген Барыс жылы мен Наурыз мейрамы туған жер топырағына және тарихи Отанынан алыста жүрген қандастарымызға құт-береке әкелсін.

Баршаңызды тәңір жарылқап, бастарыңызға амандық-саулық, дастархандарыңызға молшылықты нәсіп етсін.

Қасиетті Тәуелсіз еліміз өркендеп өсіп, гүлдене берсін.

 

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ