Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Біз туралы

Басты бет | Біз туралы | Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тарихи зерттеулер мен құжаттардағы көрінісі

Тәуелсіздік алған 1991 жылдың алғашқы күндерінде Н.Ә. Назарбаев Түркияның  Стамбул қаласында  қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесіп, ең алғаш қазақ жерінде құрылтай өткізу туралы сөз қозғалған болатын. Көп ұзамай 1992 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында тұңғыш рет әлем қазақтарының құрылтайы өтіп, Елбасы мазмұнды баяндама жасады. Сол құрылтайда шетелдердегі қазақ  диаспораларымен жұмыс істейтін қауымдастық құрылды. 33 мемлекеттен келген делегация Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына Төралқа төрағасы етіп Н.Ә. Назарбаевты сайлады. Бірінші құрылтайдан кейін Президенттің қатысуымен үш құрылтай өтті. Атап айтар болсақ: 2000 жылы Түркістан қаласында, 2005, 2011 жылдары Астана қаласында. Және осы өткен төрт құрылтайда да бір ауыздан Төралқа төрағасы болып Елбасы Н.Ә. Назарбаев сайланды. Өйткені шетелдегі қазақтар үшін де Н.Ә. Назарбаев – көшбасшы.

Тұңғыш құрылтай тарыдай шашылып жүрген шетелдегі қазақтардың бірігіп, өздері тұрып жатқан мемлекеттердің заңы бойынша қазақ мәдени орталықтарын ашып, ұлт ретінде жойылып кетпеуге үндеген ұлы жиынға айналды. Атап айтар болсақ, қазақтар шоғырланып орналасқан мемлекеттердің барлығында дерлік кіші құрылтайлар өтті. Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанда Орта Азия мемлекеттері мен Ауғанстан, Иран қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Ал Еуропадағы аз ғана қазақтардың бірігіп жылда кезектесіп құрылтай өткізуі ерлікпен пара-пар.  Бүгінгі күнде 2022 жылға дейін еуропалық қазақтардың қай мемлекетте кіші құрылтайы өтетіні келісілген. Атап айтсақ:  2013 жылы – Париж, 2014 жылы – Амстердам, 2015  – Берлин, 2016 – Кельн, 2017 – Мюнхен, 2018 – Осло, 2019 – Лондон, 2020  – Вена, 2021- Стокгольм, 2022 жылы – Аархус қалаларында өтеді деп жоспарланып отыр.

Қауымдастықтың бұл құрылтайлар төңірегіндегі ұйымдастыру жұмыстары шетелдегі қазақ мәдени орталықтары мен елшіліктер арасындағы хаттарда айқын көрсетілген. Сондай-ақ, құрылтай туралы қауымдастықтың жанынан  халықаралық үш жазумен шығатын «Туған тіл» альманағы мен «Алтын бесік» журналында толықтай беріліп келеді. Осы екі басылымдағы мақалалар арқылы шетелдегі қазақ диаспорасының қал-жағдайын анық көруге, зерттеуге болады. Біздің байқауымызша қазақтар қай елде тұрмасын өзінің салт-дәстүрін, ділі мен тілін сақтап, тұрғылықты ұлттармен тату-тәтті тұруға және өз отаны Қазақстанмен байланысын жақсартуға бар күш-жігерлерін салады. Бүгінгі күнде  «қазақ диаспорасы» деген сөз ғылыми терминге айналып отыр. Оған дәлел «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында,  Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми құжаттарында, мемлекеттік мекемелердің барлығының іс-қағаздарында, мінбелерінде бұл сөз айтылып та, жазылып та жүр. Бұл кезінде қоғамдық ғылымда үлкен жетістік болып бағаланды.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы – қоғамдық ұйым. Бұл ұйымның жұмысы тағдыр тәлкегімен шекара сызығының ар жағында қалған қазақ диаспорасының қал-жағдайын, арманы мен үмітін мемлекеттік ұйымдарға жеткізетін, мәселелері болса шешуге ат салысатын, барып-келуге жағдай туғызатын  алтын көпір іспетті. Осыдан 10 жыл бұрын Қауымдастық шекаралық облыстарда өз филиалдарын ашты. Қазіргі кезде Павлодар, Өскемен, Петропавл, Орал, Атырау, Шымкент, Талдықорған, Ақтөбе, Қостанай  қалаларында қауымдастық бөлімшелері жұмыс істеп жатыр. Бүгінде олардың қызметін нығайтып жақсартып жатырмыз.

Қауымдастықтың тағы бір маңызды ісінің бірі шетелдегі қазақ мәдени мұраларын зерттеп оны елге жеткізу. Қазіргі кезге дейін қауымдастықтың «Атажұрт» баспасынан 60-қа жуық кітап жарық көрді. Кітап авторлары Қытай, Иран, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Бельгия мемлекеттеріндегі қазақ ақындары мен жазушылары, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері. Бүгінгі күнде елімізге танымал болған авторларды атап айтар болсақ, Алтай Халифа (ол кісінің жеке қоры Алматы қаласында Орталық мемлекеттік мұрағатында сақталған), Жаналтай Дәлелхан, Қажығұмар Шабданұлы, Сұлтан Жанболат, Нұрила Қызырханқызы, Жақсылық Сәмитұлы тағы басқалар.

Авторларға жеке тоқталар болсақ: моңғолиядан келген Зардыхан Қинаятұлы 1990-1991 жылдар аралығында Моңғолияның Премьер-министрінің орынбасары, 1991-1992 жылы Моңғолия Парламенті спикерінің орынбасары болған тарих ғылымдарының докторы, профессор. Ол 1997 жылы атажұртқа көшіп келген. Атажұртқа келген соң ғалым Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ғылыми қызметпен айналысып 2001 жылы «Моңғолиядағы қазақтар» атты кітабын шығарды. 2007 жылы «Атажұрт» баспасы «Моңғолия қазақтарының» 2-томын шығарды.

Ал, 2012 жылы қауымдастық Иранда туып өскен, бүгінгі күнде Қазақстан азаматы саналатын шығыстанушы Ислам Жеменейдің «Иран және иран қазақтары» атты тарихи зерттеу кітабын жарыққа шығарды. Сонымен қатар қауымдастықтың тапсырмасымен үстіміздегі жылдың жазынан бастап Ауғаныстан қазақтары туралы жаңа монографиялық еңбекке кірісті. Оған материалдарды шетел архивтары мен Ауғаныстанның архивінен алмақ.

Қауымдастық диаспора зертеушілерге шама-шарқынша көмек қолын созып, өз архивіндегі құжаттарды ұсынып келеді. Мұның бір дәлелі ретінде төмендегі жайтты айтуға болады: Қауымдастықтың құжаттары арқылы «Сорос - Қазақстан» қорының тапсырысы бойынша Қазақстандық үкіметтік емес Әлеуметтік-экономикалық  ақпарат және сараптау институты «Алыс шетелдерден келген репатрианттар мысалындағы Қазақстанның иммиграциялық саясаты» атты маңызды да мағыналы еңбек жарияланды.  

Қауымдастық жанындағы ғылыми орталықтан қазақша және орысша екі монография шықты. 2006 жылы Г.М. Меңдіқұлованың «Қазақ диаспорасының тарихи өмірі. Шығу тегі мен дамуы» және 2009 жылы Қ. Қобландин мен Г. Меңдіқұлованың «Өзбекстандағы қазақтардың тарихы және бүгінгі дамуы» атты екі кітабын  диаспора саласындағы  үлкен жетістік деп бағалауға болады.

Сонымен қатар қауымдастық төрт рет өткен дүниежүзі қазақтарының құрылтайын жинастырып кітап етіп шығарды. Қазақстандағы иммиграциялық саясатқа байланысты ғылыми мақалалар жазылып, ол жерде әр түрлі елден көшіп келген репатрианттардың еңбекке орналасу, кәсіпкерлікке араласуы, білім алу, мамандық игеру тағы да басқа мәселелерін қозғады. Тағы бір айта кетер жайт, қауымдастық 2011 жылдың 22 шілдесіндегі ҚР-інің «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа Заңына өзгертулер енгізу, этникалық көші-қон саясатындағы өткір мәселе саналатын квота беру жүйесін қайта қарау жөнінде бастамалар көтеріп, азаматтық алуды жеңілдету, келген оралмандарға арналған бейімделу және интеграциялық бағдарламаларды жасау, мемлекеттік көші-қон мекемесінің өкілеттілігін арттыру сияқты түйінді  мәселелердің  оң шешімін табуға атсалысты.

Қауымдастықтан шығатын басылым материалдарына  атақты тарихшылар, этнографтар, әдебиеттанушылар, тіл мамандары мен философтар да сүйеніп, арнайы сілтемелер жасайды,  диссертацияларда Қауымдастық қызметі туралы жеке параграфтар мен  мәліметтер беріледі. Ал, қауымдастық баспасынан шыққан кітаптар туралы дипломдар жазылуда.     Қауымдастық қызметкерлері ғылыми-зерттеу институттарының көші-қон саласына байланысты жобаларын бірге атқарысып жүр.

Соңғы екі жылда қауымдастық Астана қаласындағы Ұлттық мұрағат пен, Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық мұрағатпен және Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Оңтүстік Қазақстандағы мемлекеттік мұрағаттармен тығыз байланыс орнатты.

Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық мұрағат пен бірігіп қауымдастық ҚР Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тапсырысы бойынша «Этникалық қазақтардың репатриациясы Қазақстандағы мемлекеттік көші-қон саясатының құрамдас бөлігі: жетістіктері, мәселелері мен шешу жолдары» атты елімізде зерттелмей жатқан қазіргі кездегі тарихи құжаттарын жариалады. Қазақстандағы саяси репрессия және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Қарағанды облысы мемлекеттік мұрағатында республикалық ғылыми-практикалық конференцияда қауымдастық «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарының соңындағы қазақ диаспорасының көбеюі» атты баяндама жасады. Өз кезектерінде республикамыздағы мұрағат қызметкерлері де ғылыми мәні бар баяндамаларымен қауымдастық өткізген конференцияларға қатысады.                   

2010 жылдың  қарашасында қауымдастық өзінің қорын бірінші рет   Қазақстан Республикасының Президенті Мұрағатына ұсынып,  мәдениет және тарихи жәдігерлерді мұражайда сақтауға келісім жасады. Сөз кезегі келгенде, Президент Мұрағатының  қызметкерлеріне «Қазақ көші – қазақтың қауымдасуы» атты  құжат жинағына методикалық көмектері үшін рахметімді айтқым келіп тұр. 

Қауымдастықтың көмегімен Қытай, Араб әмірлігінен, Иран, Туркия және басқа елдерден атажұртқа қазақтар көшіп келе бастады. Сондықтан қауымдастықтың құрылғанына 20 жыл толуына орай шыққан құжаттар жинағында қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыстың өркендеуі, шетелдегі этникалық қазақтардың тарихи отанына көшуі және халықтың бірігуі жолындағы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атқарған рөлін ҚР Президенті Мұрағаты қорындағы құжаттар көмегімен ашып көрсетілді.  

1991-2012 жылдар аралығында қазақ диаспорасы мен көшіп келген репатрианттар туралы мұрағатшылар және зерттеушілер ізденуде және  болашақта да бұл тақырып маңызын жоймайды деп ойлаймыз. Әсіресе облыстық және жергілікті архивтегі материалдар бойынша іздену жұмыстары жалғастыра беріледі. Тәжірибе көрсеткендей, бүгін мұрағат құжаттарды сақтап қана қоймай, методикалық, мәдени және ғылыми айналымға енгізіп, ел игілігіне жаратылып жатыр. 

Тағы бір айта кетерлік жәйіт демеушілік жайлы.  Қауымдастық отандық және шетелдік жобаларды негізінен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқатты дамыту  қорының» демеушілігімен іске асырып келе жатқандығын атап өтуіміз керек... 

Диаспорамен байланысты кеңейту, тереңдету, мәдени байланысты дамыту ісінің Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор. Ал бұл қызметте де мұрағаттың атқаратын рөлі орасан. Өйткені барымыздан айырылмау үшін қазіргі кезде жәдігерлерімізді сақтап қана емес, көбейту, дамыту қажеттігі де баршаға аян. Ұлттық мұрағат  қорын байытуға қазақ диаспорасының берері көп. Бұл бағытта Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы Алматы қаласындағы мемлекеттік Орталық мұражайымен де   бірлесіп жұмыс істеуге дайын.

Т.А.Мамашев //Қазіргі қоғамдағы мұрағат ролі: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. 17 мамыр 2013 ж.: Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы. – Алматы, 2013. 11-16 б.

Пікір қосу

Пікірлер

31.01.2017 - Арқалық Солтанов
http://altai-kazahy.ru/wp-admin/profile.php Ресей, Таулы Алтай қазақтарының сайты

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті