Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Әлем қазақтары

Басты бет | Әлем қазақтары | Ауғанстан қазақтарының қилы тағдыры

     Ауғанстанды мекендеген ұлт-ұлыстардың сандық көрсеткішіне қарай: Пәштун, Тәжік, Өзбек, Һәзаре, Фарсы, Аймақ, Түрікмен, Қызылбас, Нұрыстани, Моңғұл, Бәраһуи, Қырғыз, тағы басқалар. Мыңдаған қазақ та ауған елінде тіршілік еткен. Бірақ та олар ел тәуелсіздігін жариялаған бастапқы жылдары елге оралды. Бұл жазбаның әңгімесі де ауған қазақтары жайында болмақ.

       Қазақтар ата мекендерінен Ауғанстанға үш кезеңде көшуге мәжбүр болыпты.

     Ауған еліне бірінші кезеңнің көш тарихын Саламат Адай ақсақал әңгімелеп берген. Ол өте бай және ауқатты болғаны үшін ел ішінде Саламатбай деп аталып кеткен. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң елге оралып, Түркістан шаһарында қоныстанды, дүние салды, ұрпақтары сол жерде тіршілік етуде. Ауған еліне қазақтар алғаш рет шамамен 1865 жылдары Тәжікстан арқылы көшіп барған көрінеді. Олар Адай руының Қосай, Еміл тобы екен. Аталған топ Тәжікстанның Гүлаб деген жеріне барып, сондағы таулы аймағындағы бір тесіктен өтуді ұйғарып, ойын іске асырыпты. Оларды Арқадан, Кенжебек, Берістен деген кісілер бастап көшіпті. Жалпы саны 1000 қаралы шаңырық көрінеді. Олар Ауғанстан топырағына қадам басқанда Апқол, Бағлан, Полқұмыр, Дочы атты елді мекендерге қоныс тебеді. Ол Шерхан патшаның заманы еді. Саламат ақсақалдың «Шерхан», – деп отырғаны тарихта 1868-1879 жылдар аралығында Ауғанстанды билеген «Шир Әли» патша.

       Сол кезде Ауғанстанның мемлекет басшыларының бірі – Сұлтан Ғалихан деген кісі қазақтардың қонысына барып, оларға қыр көрсетіп, үстемдік жасағысы келіп, үйінен кілем алдырып, үстіне қазық қағып, атын сол қазыққа арқандап, қазақтарға қаратып: «мен қой етін жемеймін, тауық етін тауып беріңдер» деп қиқарлық мінез танытады. Бұл қорлыққа шыдай алмаған ел қайта кері көшіп Тәжік аумағына Әмударияға жақын келе, бір асудан асады. Сол асу күні бүгінге дейін «Қазақ гүзәр» яғни «Қазақ асуы» деп аталады. Ел асудан асып, ірге теуіп орналаса берген сәтте Сұлтан Ғалихан қарулы әскермен соңдарынан қуа шығады. Қазақтар көшті Әмудариядан өткізіп қоныстандырып, жау жолына керегелерді төсеп, өздері сойылмен аңдып жатады. Қарулы қол керегеге сүрініп, жығылған сәтте сойылдап, нөкерлерін өлтіріп жібереді де Сұлтан Ғалиханды ұстап алады.

       Ауғанстан өкіметі қазақтарға қалған дүние-мүліктеріңді қайтарайық, Сұлтан Ғалиханды тірідей қайтарыңдар деп талап етеді. «Өліспей берісетін» халықпыз ба деп, Сұлтан Ғалиханды тірідей жерге көміп, азаптап өлтіреді.

       Сонымен, Ауған жерінен кері қайтқан ел Тәжікстанның Гүлапстан деген жеріне орналасады. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай күндерде, бұларға көз алартқан ешкім болмайды. Олар – Тәжікстан өкіметіне талап қойып, Гулапстанның шүйгінді де құнарлы мекені болып саналатын 32 бұлағының бойын иеленіп, ресми түрде өз аттарына бекіттіріп алады. Аталған аймақтың топырағы өте құнарлы болғандығынан табиғи түрде жабайы пісте қисапсыз өседі екен. Қазақтар сол пістелерді жинап, жылына бір рет арбалап базарға апарып саудаға салады. Соның арқасында көп табысқа кенеліп, мейлінше байып алады. Осылай «тамағы тоқ, көйлегі көк» бейбіт тірлікпен жарты ғасырды артқа тастайды. Тәжікстанда тыныш өмірге дағдыланып, тілі бөлек болса да діні бір, ділі бір тәжік халқымен етене-жақын бейбіт тіршілік етіп жатқан қазақтардың басына бәлшібектердің қара бұлты үйіріле бастайды.

       1917 жылы Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұл ел басына нәубет келіп, қайта босып Ауғанстанға барлық мал-мүлкімен өтіп кетеді. Оларды Адай-қосай тайпаларынан Бүркітбай, Тоқсаба, Нұмар молда, Мұңалдан Жарған қажы, қырықмылтықтан Қожахмет бай, Табынан Тілеужан молда, Төлеу, Қоңыраттан Смайыл, Нұрақыл, Досан би қатарлы ел бастап алып шығады. Бірақ, Ауғанстан жерін жерсінбеген мал түгелдей қырылып, халық ашаршылыққа ұшырайды. Жан бағуды күйттеген ел азаматтары Кеңес еліне өтіп, басмашыларға қосылып, ел тонауға кіріседі.

         Ол кезде Түркиядан Әнуар паша Түркістанға келеді. Әнуар паша – 1862 жылы Стамбулда дүниеге келіп, әскери оқу орындарын бітірген соң II Әбділәмид билік құрған заманында соғысқа қатысты. Сол кездері мемлекетте реформа жасау үшін бір неше пікірлестерімен «Бірлік және даму» атты партия құрды. Бірінші дүниежүзілік соғыста османлы әскерінің даңқты қолбасшысы болды. Герман мен Османлылар жеңіліске ұшыраған соң, Түрік азаттық қозғалысы қатарында мемлекеттің тәуелсіздігіне орай бәлшібектермен одақтасты. Әнуар пашаның негізгі идеясы бүкіл түркілермен бірігу болғандықтан бәлшібектердің қарсылығына тап болып, олармен соғысқа кірді. Сол мақсатта 1921 жылында Түркістанда басталған Басмашылар қозғалысына араласып кетті. Аталған қозғалыс 1918 жылынан басталып 1930 жылына дейін жалғасқан еді. Басмашылардың қозғалысы Кеңес өкіметінің өктемдігіне қарсы түркі халықтарының азаттық күресі болатын. Әнуар паша соңында 1922 жылы шығыс Бұхара маңындағы Балжуан мекенінде қызыл әскерлерімен шайқас кезінде ерлікпен шейіт болды. Түркістанға барғанда бүкіл түркілерді өздерінің діни және ұлттық мүдделерін жаудан қорғап қалу жолында біріктірді. Солардың қатарында Ауғанстандағы қазақтарда оның үніне үн қатып коммунистерге қарсы шайқасқа кірісті. Түркілердің ұлт-азаттық күресін жан-тәнімен қорғап, қолдау үшін Ауғанстандағы қазақтар толассыз Кеңес жеріне өтіп, коммунистерге шабуыл жасап тұрды. Сол кездегі Ауғанстанның мемлекет басшысы Надыр шаһ(1929-1933) қазақтарды қолдап, оларға жер бөліп беріп, орналастырды.

       Сол кезде Кеңес өкіметі Надыр шаһқа: «Басмашыларыңды тый, немесе бізге ерік бер» деп талап қояды. Надыр шаһ: «Мен өзім қоныстандырдым. Енді тыя алмаймын» деген жауабымен олардың талабын орындаудан бас тартады. Надыр шаһ қазақтарға шабуыл жасауға келіспегеннен кейін, Кеңес өкіметі арнайы қарулы әскер шығарып, елді аяусыз қыра бастайды. «Қорғансыз елге қатын би» дегендей, қызыл әскер емін-еркін сайран салып, екі айдай елді қойша қырып аттанады. Қызылдардың қырғыны қазақтарға өліктерін көмуге де мұрша бермегендіктен жылауды да ұмытқан екен сол кезде қазақтар.

        Қазақтар: – «Біз Ауғанстанды “мұсылман ел” деп паналап келсек, бізді қорғамай кәпірге қырғызды», – деп Ауған елімен соғысады. Бұл қияң-кескі ұрыс бес жылға созылады. Екі жақ та мейлінше шығынға батады.

     Бұндай аласапыран ауыр кезде басының амандығын ойлаған кейбір адамдар Кеңес өкіметіне өтуге мәжбүр болады. Сөйтіп, әуре сарсаңға түскен қазақтар тағы да зұлмат түнекке аяқ басты. Жүректері оны сезіп тұрса да амалсыз тәуекелге барғандай сыңай танытты. Кеңес өкіметі қашып келгендерге ерекше көңіл бөліп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, «қалғандарды да шақырыңдар!» деп кең пейілдік көрсеткен болады. Арып-ашып жүрген сорлылар «ұзын арқан, кең тұсауға» арқаланып, келе бастайды. Бұл жағдай үш жылға жалғасады. Осы кезде Кеңес Одағында бір зор мереке тойланады. «Ауғанстаннан келгендерге «ерекше ілтипат көрсетіледі» деп елді емексітеді. «Бұл не деген батпан құйрық, тегіннен-тегін жатқан құйрық» дегендей бұл аста-төк «жақсылыққа» алданған елдің бас-аяғы осында жиналады. Бұларды тарпа бас салып, көбін ату жазасына бұйырып, ит өлген жерге айдайды. Сондықтан, басынан қайғы бұлты сейілмеген, тыныш ұйқы, беймарал тірліктен айырылған 2000-дай отбасы Ауғанстанға қайта ауып кете береді. Олар 1935 жылы өгіздің терісін бітеу сойып үрлеп, Сал жасап түнде Амудариядан өтеді. Дарияның бойын күзеткен шекара күзетшілеріне дымдарын сездірмеген Қазақ босқындары жаудың қолына түсіп қалмау үшін бір-біріне белгі бергенде жолбарысша ырылдасып тіл қатысқан екен. Сондай-ақ жылағысы келген баланың үнін өшіру үшін амалсыздан сәбилерін суға да батырып жіберген жайттар да болғанын айтып, жандары күңіренеді. Сөйтіп, үрейден булыға көшкен ел төрт сағат мөлшерінде Әмударияның арғы жағасына өтіп үлгеріпті.

       «Бірде артын, бірде алдын берген» мың құбылған сол заманда қазақтардың бағына қарай Надыр шаһ қайтыс болып, орнына таққа отырған Заһир шаһ (1933-1973) жалпы елге бейбітшілік орнату мақсатында ел арасындағы бұрынғы бүлікшілікті тоқтатып, ауыр қылмыскерлердің күнәсін кешіріп, кеңшілік танытты. Соның салдарынан Заһир шаһтың либералды саясаты азып-тозған қазақтарға да игі әсерін тигізді. Өйткені оларға да ешкім соқтықпай, баяғы мамыражай тірлікке қайта оралып, ғұмыр кешуге мүмкіндік туды. Осылайша Ауған елінде мал бағып, егін егіп күн көруге кіріскен қазақтардың бірінші көші сан құбылыстан кейін тарих жадында қала бермек. Бұл қазақтардың басым көпшілігі Ауғанстанның «Құндыз» төңірегіндегі қыстақтарда тұрып, өмір сүріп келді. Еліміздің тәуелсіздігі жолында сыртта жүріп қызыл әскерлерімен түркі мұсылман сапында аянбай шайқасып, мыңдаған шәһид берген олардың ұрпағы тәуелсіз ел болғанымызға куә болды. Қазіргі уақытта ұрпақтарының басым көпшілігі ата мекенге оралып, ел қатарында тіршілік етіп келеді. Бірақ олардың шағын бөлігі қазірге дейін сонда қалып қалған. Оның басты себебі – олар қаладан алыста яғни қыстауларда мал бағып жүріп, елге көшу науқаны басталғанын бейхабар болған. Оған себеп әрине сол жұрттың оқу-сызу білместен сауатсыз болғандығы және ақпарат құралдарынан хабарсыздығы деп білген жөн. 2015 жылдың қараша айындағы соңғы мәліметтерге қарағанда: олардың он бес отбасы сол қыстауларда өмір кешіп келе жатса, алты отбасы Мазар Шәріп қаласында тұрып жатыр екен. Ол өңірде қазақтардың кезінде көп тұрғаны соншалық “Қазақ мәлік” және “Бауырсақ қамал” сияқты мекендер бар. Қуанарлық жайыт аталған жиырма бір отбасы Қазақстан елшілігінің Мазар Шәріптегі бөлімшесіне тіркелген екен. Сол күйбең тіршілік етіп келе жатқан жиырма бір отбасыдан да басқа жоғалып бара жатқан ондаған қазақ ұрпақтары бар. Олар түрлі әлеуметтік қиындықтарға орай сондағы өзбек тағы өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ құрған қазақтар. Олардың тілі де салт-дәстүрі де ала-құла яғни не қазаққа не өзбекке ұқсамайды. Сонымен қатар мәдени ахуалына қарағанда көшпенді не отырықшы мәдениетпен айшықталған белгілері жоқ. Жергілікті ауған жұртының киімін киіп қазақы тұрпатынан да алшақтау жүрген жандар. Сондықтан бір келкі әдет-ғұрпы бар қазақ қауым деп айта алмайсыз. Рухы мен жүректері кіршіксіз, тағдыр тәлкегіне түсіп, ес жия алмай келе жатқан жағдайлары бар. Сол себепті аталмыш жиырма бір отбасын амалдап елге көшіру керек. Қазақ даласының бір қыстауында мал шаруашылық ашып беріп, бала-шағасын оқытып, қазақ салтын терең үйретіп, ел қатарына қосқан жөн. Олардың аянышты жағдайына қарап, оларды аяу әр бір қазақ баласы үшін міндет. Ұлттық бейнесінен ажырап бара жатқан қазақ шетелдерде аз болмай тұр. Өткен тарихымызда отаршыл елдер талай қазақтың обалына қалғаны ақиқат.

       Бұрынғы Кеңес одағы кезінде дамуы кенже қалған ауған елін өзіне қаратып, өзінің керекті кадрын дайындап алу үшін мыңдаған ауған жастарын бұрынғы одақтас он бес республиканың жоғары оқу орындарына оқытқан. Солардың қатарында Қазақстанның университеттерінде оқып, білім алғандар бар. Олардың біразы 1984 – 1990 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алды. Араларында қазақ қыздары да оқып жүрген. Мен олармен шеттен келген білімгерлерге арналған он бесінші жатақханада тұратынмын. Сонда олармен кездесіп парсыша әңгімелесіп жүретінбіз. Олар қазақша білмейтін. Олардың біреуімен жақындау танысқан едім. Бір күні: одан «Сіз мұсылмансыз, неге қазақша сөйлемейсіз» дегенімде паңдана “қазаққа керек емес тіл бізге не үшін керек екен” деп шіренгені әлі есімде. Мен бұрын Ауғанстанға барғанмын. Олар намысқой халық екенін білетін болғасын артық сөйлемедім. Шындығына келгенде ол жігіт қазақ туралы шындықты айтқан болса да екеуіміздің ара-қатынасымыз суып кете берді. Оның себебі де әрине мендегі жалған намыс. Арадан біраз уақыт өтті. Бір сәтте сол ауған жігіт мені іздеп бөлмеме келді. Сәлемдесіп, жөн сұраған соң “Ислам аға келіңізші бір нәрсе көрсетейін”, – деді. Менде іркілмей жүре бердім. Басқа бір бөлмеге алып барып, сыртқа карайтын терезесінің алдына барып тұрып, сыртағы көріністі нұсқады. Қар басқан жерде тізе бүккен, қап-қара шашы мен қара көзді бір қазақ қызы еңіреніп жылап орысша бірдемелерді айтып жатыр. Ауған танысым: “не айтып жатқанын білесіңіз бе? Ол ана жігітке мені қабылдашы, мен сені ендігәрі ренжітпеймін. Мені кешір, жалынамын мені қабылдашы”, – деп айтып жатса да ана жігіт оған: “жоқ бол, көзіме көрінбе, ендігәрі маған келуші болма”, – де жатыр. Мен оның әңгімесін тыңдай, оның нұсқаған терезесіне қарасам, бір негр жігіт келесі терезеден ана қызға ызалы түрде орысша жауап беріп жатыр екен. Жағдай түсінікті болды. Мен сол оқиғадан кейін жаны күйіп жүрген әлгі ауған жігітті көрген жоқпын. Сірә оқуын бітіріп, өз еліне не басқа елге кетіп қалған шығар. Бірақ сол бір антұрған сахна көз алдымда тұр. Не шара, Тәуелсіз Қазақ Елі тамыры тереңге тартқан осындай індеттің де мұрагері. Қазақтардың Ауған еліне екінші бір көшін Қанағат молда әңгімелеп берген. Ол: «Орал облысын мекендейтін елдің басым көпшілігі – Кіші жүздің Байұлы руынан. Ресей патшасы Николай «балаларыңды оқуға беріңдер» дегені көңілдеріне секем ұялатқан ел бұдан құтылудың жолы ауа көшу деп тауып, Ауғанстанды бетке алды. Олардың ұзын-ырғасы 3000-дай үй еді.

      Әбдіраһман хан (1880-1901) Ауғанстанда таққа отырған жыл. Бұл елді бастап шыққан Қалмұхамед пен Беркін Ауғанстанға жетпей қайтыс болады. Олардан кейін елді бастаған; 1. Байбақтының Естерек биі. 2. Мұңал руының Жарған қажысы. 3. Адайдың Тоқтамысы еді. Бұлардың әрқайсысына Әбдіраһман хан «мың басы» деген атақ береді.

    Ауғанстан өкіметі Бағлан, Гори деген жерлерден жер-су беріп, шыбындық жерлерге орналастырып, шаруалыққа бейімдейді. Сол жерді игеру үшін 3 жылдан кейін өтеңдер деп қарызға ақша берген. Ірге теуіп, арқалары кеңи бастаған ел 3 жылдан кейін өзара жауласа бастайды. Осы алалықтың салдарынан Жарған қажы Тоқтамысқа өкпелеп, 1500 үймен қайтып кетеді. Тоқтамыс жергілікті өкіметке: «Берілген қарызды қайтқан ел өтемей кетті, бізге кешірім етіңіздер» деп арызданады. Ауғанстанның өкімет басшалары оларға кешірім жасайды. Алайда, кіші шенеуніктер «қарызды өтеңдер, немесе жоғарғы орыннан кешірім етілген анықтама әкеліңдер» деп талаппен мазаларын алады. Әбден мазасызданған қазақтар Тоқтамысқа үкіметен кішірім хат алып келуді сұрайды. Тоқтамыс та жұрттың дегендері орындайды. Бірақ та алған кешірім хатын жоғалтып алады. Соның кесірінен қазақтардің бір бөлегін өзіне ертіп алып, «ауыл қайда, су қайда», – деп кеңес еліне қашып кетеді.

        Сонымен, Ауғанстанда Есентемір руынан 200-дей отбасы қалады. Оларды жергілікті өкімет 3 айдай қамап, ақыры өз беттеріне жібереді. Олардан да өсіп-өрбіген ел бүгінгі күні тәуелсіз елдің азаматтары болып, ұрпақтарының келешегіне ата-баба топырағында ірге қалап жатыр. Ұрпақтарымен сырласып қалғанымызда тәңір сыйлаған осыншама бақытына сенерін де сенбесінде білмей қуаныштан Аллаға шүкір етуде.

        Қазақтардың Ауған еліне үшінші рет көші – екі топта бөлініп, екі кезеңде жүзеге асты. Бұл жайытты Аһмет Торбай бауырымыз ақсақалдардан естіп, жазып алған екен. Мен үшінші көш бөлімінде Аһмет баурымыздың дәптерінен тиісті мәліметті алып пайдаландым.

       Көштің бірінші тобы 1928 жылы Ақмешіттен жолға шығып, Қызылқұм арқылы Қарақалпақстанға барып, одан Түрікменстан жетіп, Әмудария суына «Амат» (ешкі терісін тұтастай бұзбай сиырып алады. Сосын оны сол күйі тігіп үрлеп, желдеп ауадан толтырады. Сонымен бірге төрт ағашты бір-біріне қатарластыра байлайды. Үрленген ешкі терісінің төртеуін құрастырылған ағаштың төрт бұрышына байлап қояды. Ол су үстіне жүзетін Амат болып шығады. Оның Салдан айырмасы төрт бұрышындағы төрт ешкінің үрленген терілері) салып, Ауған жеріне өткен. Бұл көш жол бойында аштыққа да ұшырады. Ауа райының өзгеруінен де қиналды. Сөйтіп, бір талай жаннан да айырылды.

        Екінші топ 1931 жылдары көшті бастап өзбекстанның Талдымаржан станциясына бір тоқтайды. Сосын Қаршы мен Шөпауыз елді мекендеріне қадам басып, сонда бір жыл тұрады. Сөйтіп, келесі 1932 жылында Тәжік елінің Қорған төбе мен Сим ауылдарында тағы бір жыл аялдайды. Өкініштіcі Тәжікстанның сол өңіріне де аштық тажалы жеткен екен. Соның салдарынан жергілікті халықпен бірге көптеген қазақтар да қырылады. Талай тауқымет көрген қазақтар сол жылдың соңғы күндерінде он мыңға жуық ел болып Ауған жеріне кірді. Олар ауған топырағына қадам басқанда үкіметтің нұсқауымен Андхой деген қала маңына жиналды. Сол кездегі Ауғанстанды билеп тұрған патша қазақтарға жер беріп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, ақшалай да жәрдемін аямай мейлінше көмектесті. Мұсылман елдің кен пейілдік танытқанын қазақтар риза болды. Өйткені дәл сол кезеңде Ауғанстан саяси тартыстың ортасында ішкі жағдайы әбден шиеленісіп тұрған еді. Соған қарамастан мемлекетік саясаты аясында қазақтарды Фарайаб(Маймене, Гарат, Шұбарған, Сәнгчарәк, Чақнасыр, Құндыз, Мазар Шәріп сынды қалаларға тарата отырып қоныстандырды. Өкініштісі Чақнасырдағы қазақтарға сол аймақтың суы жақпай, ауа райына үйренісе алмай сексен пайыз адамдары өлім құшты. Ажал бір мезгілде болуы салдарынан тірілер өлгендерді жерлеуге үлгермей жатты. Енді есімізді жинадық-ау дегенде 1943 жылы Оба кең таралып тағы да, қазақ бауырлар баудай түсті. Тірі қалғандары тіршілік етуге тура келгендіктен әр түрлі қара жұмыстармен айналысып жүрді. Көпшілігі мақта теру, масақ теру, жем-шөп шабу, мәсі мен кебіс тігу, кілем тоқу, шапан тігуді тіршілік көзі еткен еді. Қазақтар кейбір шеберліктерін сол жергілікті тұрғындардан үйреніп алған-ды. Тіршілікке бейімделе бастаған кезде тағы бір тосынан келген жайсыздық елде үрей тудырды. Ол екі қабат әйелдердің сәбилері тұрмай шетінеп кете беруі еді. Бұл апат та қазақтарды, әжептәуір әбігерге салды.

        Сол кездегі Құндыз, Ханабад, Бағланда үкімет басшылары босқын қазақтарға барынша жәрдемдесіп жүрді. Бастапқы кезде қазақтар үкімет тарапынан берілетін азық-түлік, ақшалай көмектерді алып отырды. Қариялардың соңғы легінің есінде қалғаны Құндыз аймағының Ғолам Хайдар деген әкімі қазақтарға көп көмек көрсеткен екен. Кейін аталған әкім көмек көлемін кеңейтіп, мемлекеттік деңгейге жеткізіп, ақсақалдарды шақырып алып, құжат дайындауға тапсырма бергенде қазақтар үкіметтің ресми жәрдемінен бас тартыпты. Бұның себебін сұрағанда олар: «Біз қайыршы емеспіз. Біздің алған көмектеріміз құжаттанса ертеңгі ұрпақ біз үшін ұялады» деп жауап беріпті. Қазақтардың бұл әрекеті үкімет басшыларын таң қалдырыпты. Бұл «не деген қанағатшыл, өр көкірек ел» десіпті.

       Осы жайында Құндыз бен Ханабадта бір қызық оқиға болыпты. Шортан қажының хикаясы былай өрбиді: «Мұхаммед Заһир шаһ (1914-1974) 1933 жылдан 1973 жылға дейін билік еткен заманда, Құндыз қаласының әкімі Шерхан мырза қазақтарды кеңсесіне шақырып алып, алдап-арбап, қояр-қоймас бір сыпыра құжаттарға аттарын жазып, бармақ бастырып алыпты. Қол қойғандар аң-таң, күдік пен үрейге булығып кете беріпті. Бұл оқиғадан кейін жылдар өтеді. Оларда таңдана жүріп, бір жамандығын күте жүріп бірте-бірте ұмытып кетеді. Күндердің күнінде бірнеше ауған азаматтары сол кісілерді іздеп келеді. Олар бұл жағдайға қайран болып, қорқа бастайды. Олардан өздерін іздеп келгендерінің себебін сұрайды. Олар болса біз пәлен адрестегі жерді сіздерден сатып алуға келдік дейді. Бұны естіген қазақтар бәлеңнен аулақ бізде ондай жер жоқ дейді. Ауғандар таңдана: «бұл қалай? Біздің білуімізше әкімдікте ол жерлер сіздің атыңызға тіркеулі тұр» деп жауап қайырады. Екі жақ бір-бірімен тіл табыса алмаған соң әкімдікке барады. Әкім қазақтарға бұдан бірнеше жыл бұрын олар қол қойған құжаттарды көрсетіп, естеріне салады. Сөйтіп, жер сіздердікі деп түсіндіреді. «Енді қаласаңыз сата аласыз, қаламасаңыз өздеріңіз пайдаға жаратасыз. Ол жағын өздеріңіз шешерсіз» деп оларды шығарып салады. Содан қазақтар күтпеген жерден байлыққа кенелген екен» дейді.

        Қазақтар биологиялық және психологиялық тұрғыдан табиғатпен үйренісуі, қоғамдық ортаға бейімделуі қалыптаса бастаған 1954 жылдардан кейінгі кезеңде әр тарапқа тарап кеткен ағайындар бір-бірін іздей бастады. Ыңғайы келгенде қоныстарын ауыстырып бір жерге шоғырлана берді. Одан бұрынғы кезде үйренген түрлі қол өнер бұйымдарын өздері саудаға сала бастағандары тағы бар. Мәселен Герат қаласында жергілікті тұрғындардан кілем тоқуды үйренген қазақтардың өнімін сауда тауарына айналдырды. Солардың бірі Бұхарбай Болат. Соның арқасында әлеуметтік ахуалы көтеріліп Ауғанстанның өзінде бай деген атақпен танымал тұлғаға айналды. 1974 жылы қажылыққа барды. Қазақстан тәуелсіз ел болып, әлем қауымдастығына кірген соң қажы Бұхарбай 1994-1997 жылдары Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласында үш жүз адам сыймдылығы бар үш қабатты мешіт салып, елдің еңсесін бір көтеріп тастады. Мешіттің имамы ауған елінде танымал діндар адам болған молда Аймақан Жолайдың ұлы қари Әбиболла деген кісі. Бұхарбай қажының әкесі Айтмұхаммед, анасы Бибіқадиша. Ол Қызылорда, Сыр бойында 1928 жылында дүниеге келіп, 2009 дүние салды.

       Сауда жұмысын қазақтар арасында жолға қойғандардың тағы бірі Сыр бойының тумасы, Герат қаласында тұрған, тәуелсіздіктен кейін елге оралып Түркістан шаһарында қайтыс болған (1916-2003) Жұмахмет Құлшан. Аспан руының азаматы.

       Ауғанстаннан елге оралып, Түркияда тері саудасымен байыған соң қоғамдық жұмыстарға араласып, ел игілігін ойлап жүрген қажы Бектұр Дәуітұлы. Ол Қалам атты әке, Жұпар атты анадан 1940 жылы Мазар Шәріп қаласында туған. 2010 жылы қайтыс болды. 1988 жылы қажылық парызын өтеген. 2002-2004 жылдар аралығында Қаскелең қаласында жүз елу адам бір мезетте намаз оқи алатын мешіт салдырды. Бұндай діни бағыттағы игі шаралар ауғаннан келген ағайындар арасында жиі кездеседі. Ауғанстанда кәсіпкерлікте айтулы деңгейге көтерілген, азаматтар Кабул, Мазар шәріп қалаларынан 1970-1975 жылдардан көріне бастады. Олардың көш басында қажы Мәден Болат, қажы Имам Болат, қажы Ғолам Айдар сынды азаматтар зауыт салып, халықаралық сауда ісіне араласты. Мәселен, Кабул қаласына жұмыс бабымен бара қалған қазақтың тұрағы қажы Имам Болаттың бес қабат зәулім үйі еді, оның бір қабаты қонақтарға арналған болатын. Оның рахатын талай қазақтар көрді. Онда мезгілінде таңғы шәй, түскі тамақ, кешкі ауқат жайылған дастарқаны берекелі шаңырақ болғаны қазақтың қай жерде жүрсе де бауырмал, қонақ жай ел екенін көрсетеді. Қажы Имам 1980 жылдан кейін Стамбул қаласына қоныс аударып, үлкен экспорттық тері фирмасының қожайыны болды. Қазіргі кезде ата мекеніне оралып, Қаскелеңде тұрады.

      Тағы бір үлгілі шаңырақтың бірі Мазар Шәріп шаһарының тұрғыны қажы Ғолам Айдар еді.

      Ауғанстанның жергілікті халқы мен үкіметі қазақтарға бек риза. Оның себебі қазақтар бауырмал, қанағатшыл. Сонымен қатар бизнес саласында ешқашан арақ, наша саудасымен айналысып, жаман атағын шығарған ел емес-ті. Ұрлықта да аты шықпаған қауым. Қазірге дейін ауған елі қазақтарды аңсап: «Зиянсыз, момын қазақ деген ел бар еді, олар қайда кетті» деп жоқтап жүреді екен. Ауғандардың бұндай көзқараста болулары да жайдан-жай емес. Өйткені өздері қиналып жүрген бір кезеңде Мазар шәріп қаласында қала әкімі Тұрмаш мырза қазақтарға егістікке жер берген. Сонда қазақтар біз егінмен айналыспаймыз деп алмаған. Әкім егін салмасаңыз сатып, бір кәдеңізге жаратарсыз деген. Оны да мақұл көрмеген қазақтарға таң қалған ауғандар олардың тоқпейіл көңіліне қарап «Қазақтар құдай берген қанағатшыл ел» деп бағалап келген.

      Қазақтар сауда-саттық саласында ауғандар алдында сенімді саудагерлер ретінде жақсы абыройға ие болды. Сондай-ақ шебер тігінші, етікші болғандары үшін де ел арасында беделі зор. Оған мысал ауғандар қазақтың қолымен тігілген тондарды күткізбей сатып алатын. Сол себептен қазақтарды нағыз тон тігудің шебері деп атайтын.

         Ең қызығы қазақтар жергілікті елмен тату-тәтті өмір кешіп жүрсе де оларға қыз бермеген. Ата мекеннен жырақ жүріп, аңсары бір болғандықтан олар бір-біріне қолдау көрсетіп, қуаныш пен өкінішін де бірге бөлісіп жүрді.

       Кеңес үкіметінің ұжымдастыру сылтаумен қазақтардың жалғыз күнкөріріс көзі төрт түлік малын тәркілеп қолдан жасаған жасанды ашаршылық қасірті қазақ халқына орны толмас зиян келтірді. Ауғанстанға қазақардың үшінші көші Қызылорда облысы, Қармашқы ауданының аумағынан кеткендер. Олар қиын тағдырдың жетегінде ұзақ жылдар азапты өмірден құтыла алмады. Көрер тауқымет пен азабын көрді. Тек қана елден тысқары жерде ұзақ уақытқа тұрақтап қалса да бір Алладан күдерін үзбеді.

       Зейнал Рүстемұлының айтуына қарағанда, Ауған қазақтары Кете, Шөмекей, Жалайыр мен Қожалар. 1980 жылы Ауғанстанда болған аласапыран кезеңде осы Зейнал Рүстемұлы, Қажы Ғолам Айдар елдің Түркияға көшуіне көп еңбек етті. Қазіргі кезде екеуі де Алматыда тұрады. Қажы Ғолам Айдар қоныстанған Қаскелеңде жетпіс төрт жасқа келген шағында. Бала-шағалары, үрім-бұтағы әкелері армандаған ата жұртта өмір сүріп жатыр. Мархұм қажы Ғолам Айдар қазақтар Ауғаннан Түркияға, Түркиядан ата мекенге көшкен кездерінде ондаған шаңыраққа материалдық әрі рухани демеуші болғаны талайдың жадында қалды.

      Ауған қазақтары заманауи білімге онша көп көңіл бөлмеген. Сондықтан мектеп пен университеттерде оқыған азаматтары санаулы. Мен әлем елдерінде тұратын қазақтарды зерттеуге ниеттеніп 1979 жылы Ауғанстанға барып, Герат, Кабул, Мазар Шәріп, Полқұмыр деген жерлерінде болып, қазақтардың тіршілігімен жақын таныстым. Олардан көрген мейір, бауылмалдық, мәрттік, қонақжайлылық жүрегім мен санамда қазақылық болмыстың табиғи бейнесін суреттеп берді. Мен сол жылдардан бері олардан ажыраған емеспін. Қысқасы сол сапарда байқағаным біздің түсінігіміздегі оқымысты жоқтың қасы болатын. Кейінгі зерттеулерімді жалғастыра толықтырғанымда Ауғанстанда туып жоғары білім алған алғашқы азамат Әбдіһәлим Қазақ молла Қосанұлы. Ол 1959 жылы Полқұмыр маңындағы бір ауылда дүниеге келді, орта мектебін бітірген соң 1976 жылы отбасы мүшелерімен Түркияға көшті. Сол елде Измир қаласындағы 9 Илул университетін саяси саласында оқыды. Сол шаһардың әуе жайында 18 жыл диспетчер болып қызмет жасаған соң зейнеткерлікке шықты. Қазіргі кезде аталған қаланың тұрғыны. Бір ұл, бір қызы бар. Өзі Қазақстанмен жұмыс бабында жиі араласып тұрады. «Дінім мен ұлтыма аса сүйіспеншікпен қараймын, керек болса, жанымды отан үшін қиямын», – дейді. Көзі ашық, көкірегі ояу жан екендігі байқалады, өзіндік ұлттық ұстанымы мықты.

      1980 жылдары Кабул университетінде бар-жоғы екі қазақ жоғары білім алып жүрді. Олардың бірі – Нұрмұхаммед молда Серікбайұлы 1978-1980 жылдар аралығында коммунистік идеологиясының құрсауында жүрген Нұрмұхаммед Тәрәки (1978-1979), Әфизолла Әмин (1979-1980), Бәбрәк Кармәл (1980-1986) арасында болған тартыстарында Кабулда қаза тапты. Екіншісі – Мұхаммед Рафиһ БҰҰ-ының босқындар бөлімшесінің тізіміне ілініп, өзінің алған жағрафия мамандығы бойынша Дания елінде тұрақтады. Қазіргі кезде отбасы мүшелерімен сонда тұрады. Қазақстанмен де байланысып тұрып, біртіндеп өзінің ағайын-туыс, жекжат-жұрағатын Дания еліне көшіре бастады. Бүгін сол елде жақындарымен бір шағын ауыл болып қалған. Қазақта “Бір кісі таққа мінсе, қырық кісі атқа мінеді”дегендей Мұхаммед Рафиһ төңірегіне топтасқан қырыққа жуық отбасы бар. Олардың әл-қуаты артқаны соншалық кейінгі жылдары өздері бірлесе отырып, қаржы бөліп, еуропа қазақтарының шағын құрылтайын да өткізген екен.

       1985-1990 жылдары Ауғанстан азаматы екі қазақ қызы Қазақстанның жоғары оқу орындарын бітірді.

         Аталған екі ұл бен екі қыздан кейін оқымысты қатарына Ауғанстанда жоғарғы оқу бітірген Абдолла Әскери деген азаматты айта аламыз. Абдолла 1981 жылы Балх облысы, Мазар Шәріп қаласында дүниеге келді. 1988-1995 жылдары туған қаласында бастауыш мектепті бітірді. 1996-2001 жылдарда Ауған-түрік лицейін үздік тамамдады. Сосын 2003-2006 жылдар аралығында Кабул университетін оқып диплом алды. 2007-2010 жылдары тәуелсіздіктің жемісі ретінде Алматы қаласындағы халықаралық Сүлеймен Демирел университетінің экономика факултетін «Бизнес менежменті» мамандығы бойынша магистратурасын аяқтады. Сонымен қатар журналистика саласында тәжірибелік білімін жетідірді. Кейінгі уақытта аталған университетінің кітапханасының меңгеушісі, сосын оқытушысы болып қызмет атқарады. Қазіргі кезде Нью-Йоркта бір халықаралық журналистер агентігінде жұмыс істейді.

      Ауғанстан қазақтары тіршіліктің арпалысында мектеп пен жоғары оқударында оқуға мүмкіндік ала алмаса да, есесіне діни білім алуға құштар болған. Сол үшін олардың арасынан ондаған даңқы шыққан қарилер, хафиздер, молдалар, маулана мен ишандар шыққан. Солардың бір сыпырасы мыналар: Ешмұхаммед(Маймақ ишан) Нұрәлі мақсұм Ешмұхаммедұлы, молда Қошым Ешмұхаммедұлы, молда Атамұхаммед Нұрәліұлы, дамолла Ескебек Торбай, маулана Сарсадық Жолай, молда Аймақан, қари Әбиболла Аймақанұлы (қазіргі кезде Қаскеленде Бұхарбай мешітінің имамы ), молда Әбділхалық Қошымұлы, дамолда Құрбанназар Табын қазіргі уақытта Түркістан қаласында тұрады, Жетісайда өз қаражатымен мешіт салдырған. Сондай-ақ имандылық пен адамгершілікке үлгі-өнеге бола алатын Қажы Сәвәр Полат сынды Тәуелсіздік Сәрвәр Полаттың да елге орлып, еліміздің дұғагөй қариялар қатарында болуға нәсіп етті. Ол қазіргі кезде Стамбул қаласы мен Қаскелең арасында екіге бөлінген ұл-қыздары, ағайын-туыстар арасында ел амандығын тілеп жүген тілекші қария.

        Осылайша, Қазақтар үш кезеңде ауған еліне көшіп, бір ғасырдан ұзақ сонда тұрды. Биліктің ұстанымына қарай олармен кейде тату, кейде қату өмір кешті. Тәуелсіздіктің арқасында Еңбек және халықта әлеуметтік қорғау министрі Саят Бейсенов Иран, Түркия, Моңғұлия мен Қытай тағы басқа елдерде тұратын қазақ диаспорасының жағдайымен жақын барып танысты. Шетел басшыларымен қандастарымыздың елге көшіру мәселелерін талай рет талқыдан өткізіп, жауапты көші-қон мәселесінде өте жоғары табыстарға қол жеткізді. Солардың қатарында босқын ауған қазақтарын бірнеше елден, атап айтқанда Иран, Түркия, Пакістан, Сауд Арабия сынды мемлекеттерден елге көшіріп алу еді. Бұндай ауқымды әрі күрделі жұмысты алғаш рет Саят Дүйсенбайұлы асқан ерлікпен іске асырды. Соның арқасында 1993 жылы ауған қазақтары елге оралуға мүмкіндік алды. Олардың көпшілігі қазіргі кезде Жетісай, Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Қаскелең қалаларында тұрады. Саят Дүйсенбайұлы Бейсенов қазақ диаспрасын елге көшіруге ізгі ниетімен еңбек еткен мемлекет қайраткері ретінде тарих жадынан өшпейтін тұлға болып қала береді. Ол Елбасының тапсырмасына адал, халқына жанашыр болып үлкен еңбек етіп, 2012 жылдың 24-қазанында дүниеден өтті.

       Ауған қазақтары елге оралған соң ғылым мен мәдениетте үлес салмағы салмақты болмағанымен діни ағартушылық саласында әжептәуір ықпалды болып келеді. Сонымен бірге қазақтың кәсіптік саласында өздерінің халық санына шаққанда едәуір пайдалары тиді. Оған дәлел қазақ елінде мал басы көп болғандықтан сойылған малдың терісі бұл жерде өңделмей, теріні сату тетіктерін де білмей, сапалық жағын анықтауға да тәжірибелері жеткіліксіздеу болып жүрген тәуелсіздігіміздің бастапқы кездерінде ауған қазақтары осы салада талай жергілікті қандастардың сауатын көтеруге үлес қосты. Бүгіндері мал терісінің шет елдерге сатылуы мен өндіріс орындарының ашылуы жолға қойылды. Осы салада қызмет жасап жүрген баптапқы топ ағайындар ауған қазақтарының тері шаруасына қосқан үлесін жақсы біліп, қадірін тұтатыны күмәнсіз.

      Ауғанстанда Заһир шаһ 1973 жылы генерал Дәуіттің (1973 – 1978) жасаған әскери төңкерісіне ұшырап, соңғы патшасы атымен тарих қойнауына кеткен соң қазақтардың тіршілігінен де береке кете бастады. Жаңа саяси президенттік жүйе Ауғанстан мемлекетін бітпес бір дау-жанжалға айналдырып жіберді. Оның сорақы нәнижелері қазірге дейін жалғасып келеді. Өйткені Ауғанстан стратегиялық маңызы зор ел ретінде ылғи отаршыл ұлы державалардың сұқ көздерінің нысанасында келе жатыр. Сол кезде өз заманының ұлы державалар қатарындағы АҚШ пен Кеңес одағының Ауғанстанға иелік ету жолындағы бәсекелесінің тартысында тауқымет шегіп келген еді. АҚШ пен Кеңес одағынан бұрын ішкі және сыртқы істеріне араласып ықпалын жүргізіп келген ағылшындар еді. 1943 жылы Америка онда өзінің саяси өкілдік кеңсесін ашты. Содан бастап Батыс елдерінің мүддесін Англияның орнына АҚШ қорғайтын болды. Бұл жағдайды байқап қалған кеңес одағы Ауғанстанға сұқтана қарап, сұрқия саясатының іске асыру мезгілін күтіп жүрді. Генерал Дәуіт төңкеріс арқылы президент шенінде билік тағына жайғасқан соң мемлекетте жаңашыл, даму мақсатында үлкен реформалар жасай алған жоқ. Ол консерваторлық саясатты ұстанып, асқан сақтықпен қимылдап, басылымдардың емін-еркін елдегі болып жатқан кемшіліктерді тереңдете жазуға шек қойды. Соның салдарынан елдің ішкі жағдайында жемқорлық пен парақорлық кеңінен қанат жая бастаса, сыртқы байланыста Батыс елдермен қатынас тартымдығы әлсірей бастады. Біріккен солшылдар 27 сәуір 1978 жылы қанды төңкеріс жасап, жеңіске жеткен соң президент Дәуіт пен оның отбасы мүшелерін қырып тастады. Төңкеріс кеңесі құрылып, оның басшылығына Нұрмұхаммед Тәрәки яғни, ауылдан шыққан, Ғәлжаи тайпасының баласы билік тізгінін қолға алды. Сосын Демократиялық Ауғанстан Республикасының құрылғанын жариялады. Нұрмұхаммед Тәрәки билікке жету жолдарын алды-ала тиянақтап келді. Халық арасында беделге ие болуға газет беттеріне мақалалар жариялап, «Ауғанстан демократиялық-халық» партиясын құрып, оған төрағалық жасады. Саяси билікке қол жеткізген соң кеңес одағымен достық келісімге қол қойды (5 желтоқсан 1978). Жер мәселелеріне, әйелдердің қоғамдық қатынастар мен азаматтық құқықтарына түбегейлі өзгертуге реформалар жасауға да бұйрығы жарияланды. Соған қарамастан солшыл топтардың арасындағы келіспеушілік жауыздық дау-дамайға ұласты. Соның кесірінен мемлекеттің ішкі істері тоқтап қалды. Сондай жағдайда Нұрмхаммед Тәрәкидің оң қолы болып жүрген Әфизолла Әмин билікті қолға алып, 1979 жылы Тәрәкиді өлім жазасына бұйырды. Содан кейін елдің саяси жағдайы тұрақсызданып, қатты шиеленісіп кетті. Осындай жағдайды күткен кеңес одағы ел тыныштығын қамтамасыз етпек болып 27 желтоқсан 1989 жылы әскерін Ауғанстан жеріне кіргізді. Содан Әфизолла Әмин үкіметін құлатып, Бәбрәк Кармәлді билік басына отырғызды. Ауған халқы елдің ішкі қанды оқиғаларынан әсіресе дінсіз коммунистердің Ислам дініне қарсы көзқарасынан кейін ауғандар амалсыз 1980 жылдардан бастап әлемнің өзге елдеріне босып тарай бастады. Осылайша Ауғанстанның қарапайым жұрты қатты зардап шекті.

        Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлап, жұмыссыздық жайлағанда халықтың психологиялық дағдарысқа ұшырауына, қоғамдық күйзелістің өршіп кетуіне негіз болды. Босқын миллиондаған ауған азаматтары көрші Иран мен Пакістан елдері мен қатар араб, Европа мемлекеттерін паналап, мекендеуге мәжбүр болды. Солардың қатарында мыңдаған қазақтар да жүр еді. Қазақтар көбінесе Сауд Аравиясы, Сирия, Иран, Түркия сынды елдерге қоныс аудырды. Оның ішінде Түркия елі қазақтарды түбі бір түркі болғанын ескере отырып, азаматтық беруде көп кедергі жасамай, азаматтық алу жұмыстарын оңайлатты. Сондай-ақ, Түркия олардың емін-еркін сауда жасауларына да мол мүмкіндік жасады. Мәселен, салық төлеуге жеңілдіктер берді, немесе тиісті жерінде көптеген отбасын пәтермен қамтамасыз етті. Атап айтқанда 1980 жылдардың бірінде Түркия президенті Кенан Евреннің Пәкістанға сапарында босқын қазақтардың өкілінің берген өтініші бойынша және Пакістан үкіметінің келісімі бойынша 65 босқын қазақ отбасын Қайсари қаласына жеткізіп, сондағы жергілікті тұрғындардың қолдауымен оларға кезектен тыс пәтер берілді. Ал, Иран, Сауд Аравиясына барған қазақтар сонда босқын мәртебесімен тіршілік етті. Шынын айтсақ Ирандағы қазақтар иранды паналап келген ағайындарына барынша көмектесті. Олар босқын қазақтарға мемлекеттің тиісті мекемелеріне тіркеуге алынуларына кепілдік беріп, қол үшін берді. Сонымен бірге бастапқы жылдары өз шаңырақтарынан бөлме беріп, нанын да бөлісті. Сөйтіп ағайындық-қандастық міндетін өз бауырларына барынша атқара білді. Оған дәлел Ауған-Иран қазақтары күні бүгінге дейін туыстық-достық қарым-қатынастарын үзген емес.

       Иран, Ауған, Түркия қазақтарының жақын қарым-қатынас жасаудағы екінші себебі – 1979 жылы Иран Ислам төңкерісінен кейін 1980 жылы басталған Ирак пен Иран елдерінің сегіз жылға (1980-1988) созылған шайқасының салдарынан туындаған экономикалық-әлеуметтік дағдарыс еді. Сол жылдары Иранда көптеген индустриалдық, өндірістік орындардың жабылып, құрылыс саласының тоқтап қалу салдарынан елді жұмыссыздық жайлады. Сол үшін жаппай ел сауда-саттықпен айнлысуларына тура келді. Коммерциялық тауарлардың басым бөлігі Түркия елінен тасымалданатын болды. Сондықтан Түркиядан Иранға тауар тасымалдау елдің күнделікті жұмысына айналды. Сауда қаптарын арқалап шекарадан әрлі-берлі өтіп жүрген сатушылардың бір кішкене тобы да қазақтар болды. Соғыстың зардабынан миллиондаған адам осылай күн көрді. Қазақтардың тағдыры да ирандықтардың тағдырынан бөлек емес-ті. Міне, Ауғанстан, Иран елдерінің саяси-экономикалық ахуалына байланысты үш елдің қазақтары бір-бірімен әбден жақындасып кетті. Сол дәуірде Түркияның бағы болар 1980 жылы әскери төңкеріс болып, Кенен Еврен президенттік шентағына отырды. Артынша Түргөт Озал премьер-министр болды. Оның ұлттық-экономикалық саясатының арқасында Түркия қысқа мерзімде яғни, екі-үш жыл көлемінде шағын орта өндірісті елдер қатарына қосты. Көрші елдердің киім-кешек, азық-түлік қажеттілігін қамтамасыз етті. Өйткені Иран елін батыс елдері қысымға алып, онымен сауда жасауға тыйым салғанда Түркия Иранның сұранысына сәйкес тиімді коммерциялық жүйесін жасап, экономикалық қатынасын өз пайдасына шеше білді. Сонда түрік саудагерлері Иранға қажетті сайман-құралды Еуропа елдерінен алғызып делдалдық пайызынан қомақты пайда түсірді. Сонымен қатар сауда орындарын көршілердің нарықтық сұранысына бағыттап, дамытып отырды. Экономикалық дамудағы қоғамдық-психологиялық бағыттарда, туризм саласына қатты мән берді. Жеке ұйымдар мемлекеттік жобаларды қолдап әрі дұрыс бақылау жасау жүйесі арқасында сапалы қызмет беруді жоғары деңгейде орындауды көздеп, жүзеге асырды. Сол себептен көрші елдердің орта буын әрі қалталы азаматтары Түркияда дем алуды тиімді көріп, демалыс күндерін Түркияның көрікті де әсем табиғаты аясында жылы шырайлы қызмет көрсететін, әрі сыпайы қарсы алушылармен өткізуді жөн көрді. Сондай жүйелі шаруа мен салиқалы саясаттың арқасында Түркияның Стамбул қаласы қазақтардың да бас қосу орталық қаласына айналды. Ауған қазақтары түрік елінде тұрып, әжептәуір тыныстана білді, сауданың талай қырын үйренді. Олардың 1980-1993 жылдар аралығында Түркияда тұрған жылдары экономикалық тұрғыдан өзіндік орны бар-тұғын. Себебі аталған жылдар ауған қазақтарына да Түркия үшін де қызықты һәм табысты кез болды. Бір қызық оқиғаны мысал ретінде келтіруге болады. Ауған қазақтары Стамбул қаласында бала-шағасын бағып, күн көру қамында жан-жақтан жұмыс іздеумен болды. Олар ауған елінде дағдыланған етікші және тігіншілік мамандығын барынша пайдаланып түрлі шеберханаларда тігінші болып та істеп жүрді. Қолы жұмысқа жетпеген жандар үйлерінде отырып, қоғамға керек деген тауарлар дайындап базарға сатуға шығаратын. Соның бір түрі тоқыма қолқап, жемпір тағы сондай заттар. Сондай жандардың бірі көше аралап, “Не істеу керек?”, – деп жүргенінде бір көшенің бойында үйіліп жатқан істелген терінің қиындылары. Аталмыш кісі тері қиындыларын көріп, “шіркін бұл қиындыларды алып, одан қолқап, отырғыштың қабын тағыда басқа жеңіл-желпі түрлі тауарлар тігіп, әзірлесең өтімді тауар болар еді” деп ойлады. Ал ол тері қиындылары тері фабрикасынан қалған қоқым-қоқысқа тасталғанын білмей, аңғыиып жүріп, сол маңда орналасқан фабриканың қақпасына жақындап, сондағы күзетшіге сәлем беріп, “ана жатқан тері қиындыларды алуға бола ма?” деп рұқсат сұрайды. Күзетші ойламастан “әрине болады. Керек десең ол қоқыстың бәрін алып кет, біздің жұмысты жеңілдетесің”, – дейді. Әлгі қазақ қуанып, әлі келген бір бөлшегін өзімен алып кетеді. Үйге айрықша бір қуанышты көңілмен барған қазақ тіршілігіне тегін шикі зат тапқанына мәз. Ол үй-іші мүшелерімен бірге күнделікті тәртіп бойынша қолқап, ішін жұмыртқа қабымен толтырған, томпиған, тері қиындылармен құрақтап тіккен қаппен жабдықталған отырғыштар тігіп, базарда сатып, әжептәуір, күнкөрісін түзейді. Біртіндеп, қарапайым бұйымнан көрі күрделілеу тауар түрін ойлап, құрақтан күрте тігін, қалтасы жұқа адамдарға жылы сырт киім ретінде сатады. Оны көше бойында тұрып, сатып жүргенде оны қызығып, кейбір шетелдік туристерде ала бастайды. Сол үшін әлгі қазақ аталмыш фабриканың төңірегінен шықпай, бұрынғы уыстап алып кетіп жүрген тері қиындыларын енді жүк көлігімен тасуды бастайды. Бұны байқап қалған күзетші бұл жайытты фабриканың басшыларының біріне айта салады. Бұл жағдайға таң қалған басшы “Бұл жай емес, бұнда бір гәп бар” деп ойлап, әлгі қазақты аңдиды. Соңында оның тіршілігінің құпиясына көз жеткізген фабрика басшысы бұл істі кең ауқымдада өздері қолға алады. Содан былай қалған тері қиындыларын қоқысқа жібермейді. Ана қазақ бір күні сол баяғы фабриканың қоқыс орнына барса, қиындылардан түк таппайды. Жағдайды көрген ол өкінбейді, қиналмайды. Өйткені бұндай қоқыста іске жарайтынына көпшіліктің көзін жеткізгеніне іштей риза. “Аллаға мыңда бір шүкір” дейді. Оның ісін қазақтар тұратын Зейтүнбүрну маһалласындадағы көптеген өзбек, ұйғыр, қырғыз тіпті жергілікті түріктер қазақтармен бірге бұл кәсіпті үйреніп, күнкөріс көзіне айналдырған болатын. Соның арқасында құрақтан тігілген күртелер европалық саяхатшылармен қатар, өте үлкен көлемде орыстар ала бастады. Оны түркияның ірі кәсіп орындары қолға алып, экспорттық тауарға айналдырып, мемлекет қазынасына миллиондаған доллар табыс кіргізіп тұрды. Қажы Имам Болат сынды қазақтар да үлкен шеберханаларымен экспортқа айтарлықтай құрақтан тігілген киімдер шеттелдерге сатып тұрды. Бірақ жергілікті түріктер-капиталының молдығынан, халықаралық байланыстарының өрісі кең, бизнес тәжірибесі, оқып-тоқығаны көп болғандықтан бұл жұмыстың тізгінін өз қолдарына алды. Бұл нарық экономиканың заңдылығы болып табылады. Дегенмен ауған қазақтары Түркияда да масыл болған жоқ. Еңбек етті, абыройлы болды. Қазіргі кезде де біразы сонда тұрақтап қалды.

         Ислам Жеменей        https://baq.kz/kk/news/zhahan_kazaktari/auganstan_kazaktarinin_kili_tagdiri20170306_103100 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті