Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Әлем қазақтары

Басты бет | Әлем қазақтары | Ауғанстан қазақтарының қилы тағдыры

    Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялаған соң статистика агенттігінің ресми мәліметі бойынша, 1 миллионнан аса қазақ диаспорасы атажұртқа қоныс аударды. 61,5 пайыздан астамы Өзбекстаннан, оның тең жартысы немесе 310 мыңнан астамы Қарақалпақстан Республикасынан, Қытай мен Моңғолиядан 12-14 пайыз, қалғандары – Ауғанстан, Иран, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Араб елдері, Түркия, Ресей, Еуропа елдерінен оралған қазақтар. Олар елге оралған соң да туып-өсіп қазақтың санын тағы да арттыруға үлес қоса отырып, тәуелсіз Қазақ елінің даму жолында түрлі экономика, білім және ғылым салаларында елеулі үлес қосып келеді. Сол үшін қазақ диаспорасының елге оралу мәселесі Ел үшін өте өзекті һәм әр тұрғыдан аса маңызды құбылыс ретінде билік пен халықтың назарында болуға тиіс.

      Ауғанстан 650 000 шаршы шақырым жер көлемімен Азия құрлығының аласапыран тағдырын бастан кешіріп келе жатқан таулы аймақтағы мемлекет. Астанасы – Кабул қаласы. Солтүстігінде Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, солтүстік-шығысында Қытай, батысында Иран Ислам Республикасы, оңтүстігінде Пәкістан елдерімен шектеседі. Қолданыстағы негізгі тілдер – парсы мен пәшту. Халқының басым көпшілігі мұсылман, сұнни-ханафи мәзһабты ұстанады. Ауғанстан тәуелсіз мемлекет  ретінде тарихтың саяси беттерінен орын алғанша оның тағдыры ежелгі «Тұран» кейін «Түркістан» болып атаған елдермен тағдырлас болды.

       Ауғанстанды мекендеген ұлт-ұлыстар сандық көрсеткішіне қарай: пәштун, тәжік, өзбек, һәзаре, парсы, аймақ, түрікмен, қызылбас, нұрыстани, моңғол, бәраһуи, қырғыз, тағы басқалар. Мыңдаған қазақ та Ауған елінде тіршілік еткен. Олар ел тәуелсіздігін жариялаған бастапқы жылдары елге оралды. Бұл жазба Ауған қазақтары жайында болмақ.

        Қазақтар ата мекендерінен Ауғанстанға үш кезеңде көшуге мәжбүр болыпты. 

       Ауған еліне бірінші кезеңнің көш тарихын Саламат Адай ақсақал әңгімелеп берген. Ол өте бай және ауқатты болғаны үшін ел ішінде «Саламатбай» деп аталып кеткен. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң елге оралып, Түркістан шаһарында қоныстанды. Сонда дүние салды. Ұрпақтары сонда тіршілік етуде. Оның  мәліметіне қарағанда,  Ауған еліне қазақтар алғаш рет шамамен 1865 жылдары Тәжікстан арқылы көшіп барған көрінеді. Олар – Адай руының Қосай, Еміл тобы екен. Оларды Арқадан, Кенжебек, Берістен деген кісілер бастап көшіпті. Жалпы саны 1000 қаралы шаңырақ көрінеді. Олар Ауғанстанның Апқол, Бағлан, Полқұмыр, Дочы атты елді мекендеріне қоныс тебеді. Ол – Шерхан патшаның заманы еді (Саламат ақсақалдың «Шерхан» деп отырғаны – тарихта 1868-1879 жылдар аралығында Ауғанстанды билеген «Шир Әли» патша.)

       Сол кезде Ауғанстанның мемлекет басшыларының бірі – «Сұлтан Ғалихан» деген кісі қазақтарға күн көрсетпейді. Әбден ызаланған қазақтар Сұлтан Ғалиханды өлтіріп Ауған жерінен кері қайтады. Жолда Тәжікстанның «Гүлапстан» деген жеріне орналасады. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай күндерде бұларға көз алартқан ешкім болмайды. Олар Тәжікстан өкіметінен Гулапстанның шүйгінді де құнарлы мекені болып саналатын 32 бұлағының бойын сұрап, ресми түрде өз аттарына бекіттіріп алады.  Бейбіт тірлікпен жарты ғасырды артқа тастайды.

         1917 жылы Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ел басына нәубет келіп, қайта босып, Ауғанстанға барлық мал-мүлкімен өтіп кетеді. Оларды адай-қосай тайпаларынан Бүркітбай, Тоқсаба, Нұмар молда, мұңалдан Жарған қажы, қырықмылтықтан Қожахмет бай, Табынан Тілужан молда, Төлеу, қоңыраттан Смайыл, Нұрақыл, Досан би қатарлы ел бастап алып шығады. Бірақ, Ауғанстанды жерсінбеген мал түгелдей қырылып, халық ашаршылыққа ұшырайды. Жан бағуды күйттеген ел азаматтары Кеңес еліне өтіп, басмашыларға қосылады.

        Ол кезде Түркиядан Әнуар паша (Әнуар паша – 1862 жылы  Стамбулда дүниеге келіп, әскери оқу орындарын бітірген соң  II Әбділәмид билік құрған заманда соғысқа қатысқан. Сол кездері мемлекетте реформа жасау үшін бірнеше пікірлестерімен «Бірлік және даму» атты партия құрады. Бірінші дүниежүзілік соғыста османлы әскерінің даңқты қолбасшысы болған. Герман мен османлылар жеңіліске ұшыраған соң Түрік азаттық қозғалысы қатарында мемлекеттің тәуелсіздігіне орай большевиктермен одақтасады. Әнуар пашаның негізгі идеясы – бүкіл түркілермен бірігу болғандықтан,  большевиктердің қарсылығына тап болып, соғысады. Сол мақсатта 1921 жылында Түркістанда басталған басмашылар қозғалысына араласып кетті. Аталған қозғалыс 1918 жылдан басталып 1930 жылға дейін жалғасқан еді. Басмашылар қозғалысы Кеңес өкіметінің өктемдігіне қарсы түркі халықтарының азаттық күресі болатын. Әнуар паша соңында  1922 жылы шығыс Бұхара маңындағы Балжуан мекенінде қызыл әскермен шайқас кезінде ерлікпен шейіт болады) Түркістанға барғанда бүкіл түркілерді өздерінің діни және ұлттық мүдделерін жаудан қорғап қалу жолында біріктірді. Солардың қатарында Ауғанстандағы қазақтар да оған үн қатып, коммунистерге қарсы шайқасады. Түркілердің ұлт-азаттық күресін жан-тәнімен қорғап, қолдау үшін Ауғанстандағы қазақтар толассыз Кеңес жеріне өтіп, коммунистерге шабуыл жасап тұрады. Сол кездегі Ауғанстанның мемлекет басшысы – Надыр шаһ (1929-1933) қазақтарды қолдап, оларға  жер бөліп береді.

        Сол кезде Кеңес өкіметі Надыр шаһқа: «Басмашыларыңды тый не бізге ерік бер!» – деп талап қояды. Надыр шаһ: «Мен өзім қоныстандырдым. Енді тыя алмаймын», – деген жауабымен олардың талабын орындаудан бас тартады. Надыр шаһ қазақтарға шабуыл жасауға келіспегеннен кейін Кеңес өкіметі арнайы қарулы әскер шығарып, елді аяусыз қыра бастайды. «Қорғансыз елге қатын би» дегендей, қызыл әскер емін-еркін сайран салып, екі  айдай елді қойша қырады. Қызылдардың қырғыны қазақтарға өліктерін көмуге де мұрша бермегендіктен, жылауды да ұмытқан екен сол кезде қазақтар.

        Бұндай аласапыран ауыр кезде басының амандығын ойлаған кейбір  адамдар Кеңес өкіметіне өтуге мәжбүр болады. Кеңес өкіметі қашып келгендерге ерекше көңіл бөліп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, «Қалғандарды да шақырыңдар!» – деп кеңпейілдік көрсеткен болады. Арып-ашып жүрген сорлылар «ұзын арқан, кең тұсауға» арқаланып, келе бастайды. Бұл жағдай үш жылға жалғасады. Кейін Ауғанстаннан келгендерді жазалау басталады. Сондықтан басынан қайғы бұлты сейілмеген, тыныш ұйқы, беймарал тірліктен айырылған 2000-дай отбасы Ауғанстанға қайта ауып кетеді. Олар 1935 жылы өгіздің терісін бітеу сойып үрлеп, сал жасап, түнде Әмудариядан өтеді.

       «Бірде артын, бірде алдын берген» мың құбылған сол заманда қазақтардың бағына қарай Надыр шаһ қайтыс болып, орнына таққа Заһир шаһ (1933-1973) отырады. Елге бейбітшілік орнату мақсатында ел арасындағы бұрынғы бүлікшілікті тоқтатып, ауыр қылмыскерлердің күнәсін кешіріп, кеңшілік таныттады. Қазақтарға да ешкім соқтықпай, баяғы мамыражай тірлікке қайта оралып, ғұмыр кешуге мүмкіндік туады. Осылайша Ауған елінде мал бағып, егін егіп күн көруге кіріскен қазақтардың  бірінші көші сан құбылыстан кейін тарих жадында қала бермек.  Бұл қазақтардың басым көпшілігі Ауғанстанның «Құндыз» төңірегіндегі қыстақтарда тұрып, өмір сүріп келді. Еліміздің тәуелсіздігі жолында сыртта жүріп қызыл әскерлермен түркі мұсылман сапында аянбай шайқасып, шәһид болған олардың ұрпағы тәуелсіз ел болғанымызға куә болды. Қазіргі уақытта ұрпақтарының басым көпшілігі атамекенге оралып, ел қатарында тіршілік етіп келеді. Бірақ олардың шағын бөлігі қазірге дейін сонда қалған. Оның басты себебі – олар қаладан алыста, яғни, қыстауларда мал бағып жүріп, елге көшу науқаны басталғанын бейхабар болған. Оған себеп, әрине, сол жұрттың оқу-сызу білместен сауатсыз болғандары және ақпарат құралдардың болмағандығы деп білген жөн. 2015 жылдың қараша айындағы соңғы мәліметтерге қарағанда, он бес отбасы қыстауларда өмір кешіп келсе, алты отбасы Мазар Шәріп қаласында тұрып жатыр екен. Ол өңірде қазақтардың кезінде көп тұрғаны соншалық: «Қазақ мәлік» және «Бауырсақ қамал» сияқты мекендер бар. Қуанарлық жайыт аталған жиырма бір отбасы Қазақстан елшілігінің Мазар Шәріптегі бөлімшесіне тіркелген отбасылар екен. Сол күйбең тіршілік етіп келе жатқан жиырма бір отбасыдан да басқа ондаған жоғалып бара жатқан қазақ ұрпақтары бар. Олар – түрлі әлеуметтік қиындықтарға орай сондағы өзбек тағы өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ құрған қазақтар. Олардың тілі де, салт-дәстүрі де ала-құла, яғни, не қазаққа, не  өзбекке ұқсамайды. Сонымен қатар мәдени ахуалына қарағанда, көшпенді не отырықшы мәдениетпен айшықталған белгілері жоқ. Жергілікті ауған жұртының киімін киіп, қазақы тұрпатынан да алшақтау жүрген жандар. Сондықтан біркелкі әдет-ғұрпы бар қазақ қауым деп айта алмайсыз. Оларды сонда барып, көргендердің тілімен айтқанда сондағы әрі-сәрі қазақтарды көріп, «қомсынып» қалатын түріміз бар. Десекте қандасымыз. Рухы мен жүректері кіршіксіз, тағдыр тәлкегіне түсіп, әбден милары ашып, ес жия алмай келе жатқан жағдайлары бар. Олардың аянышты жағдайына қарап, оларды аяу – әрбір қазақ баласы үшін міндет. Әйтпесе желге ұшқан ұрпақтың санын арттырамыз. Шетелде ұлттық бейнесінен ажырап бара жатқан қазақ аз болмай тұр. 

***

        Қазақтардың Ауған еліне көшкен екінші көші туралы Қанағат молда әңгімелеп берген. Ол: «Орал облысын мекендейтін елдің басым көпшілігі – кіші жүздің байұлы руынан. Ресей патшасы – Николайдың: «Балаларыңды оқуға беріңдер!» – дегені көңілдеріне секем ұялатқан ел «Бұдан құтылудың жолы – ауа көшу!» – деп тауып, Ауғанстанды бетке алады. Олардың ұзын-ырғасы 3000-дай үй еді.

        Әбдіраһман хан (1880-1901) Ауғанстанда таққа отырған жыл. Бұл елді бастап шыққан Қалмұхамед пен Беркін Ауғанстанға жетпей, қайтыс болады. Олардан кейін елді бастаған: 1. байбақтының Естерек биі, 2. мұңал руының Жарған қажысы, 3. адайдың Тоқтамысы еді. Бұлардың әрқайсысына Әбдіраһман хан «мыңбасы» деген атақ береді.

        Ауғанстан өкіметі «Бағлан», «Гори» деген жерлерден жер-су беріп, шабындық жерлерге орналастырып, шаруалыққа бейімдейді. Сол жерді игеру үшін «3 жылдан кейін өтеңдер!» – деп қарызға ақша берген. Ірге теуіп, арқалары кеңи бастаған ел 3 жылдан кейін өзара жауласа бастайды. Осы алалықтың салдарынан  Жарған қажы Тоқтамысқа өкпелеп, 1500 үймен қайтып кетеді. Тоқтамыс жергілікті өкіметке: «Берілген қарызды қайтқан ел өтемей кетті, бізге кешірім етіңіздер!» – деп арызданады. Ауғанстанның өкімет басшылары оларға кешірім жасайды. «Патша береді, құлы қызғанады», – демекші, кіші шенеуніктер: «Қарызды өтеңдер не жоғарғы орыннан кешірім етілген анықтама әкеліңдер!» – деген талаппен мазаларын алады. Әбден мазасызданған қазақтар Тоқтамысқа үкіметтен кешірім хат алып келуді сұрайды. Тоқтамыс та жұрттың дегенін орындайды. Бірақ алған кешірім хатты  жоғалтып алады. Соның кесірінен қотыр үстіне шиқан болғандай, қазақтардың бір бөлегін өзіне  ертіп алып: «Ауыл қайда? Су қайда?» – деп Кеңес еліне қашып кетеді.

       Сонымен, Ауғанстанда есентемір руынан 200-дей отбасы қалады. Олардан да өсіп-өрбіген ел бүгінде тәуелсіз елдің азаматтары болып, ұрпақтарының келешегіне ата-баба топырағында ірге қалап жатыр. Ұрпақтарымен сырласып қалғанымызда: «Алла тағалаға шүкір!» – деп, еліміздің амандығын, тәуелсіздігіміздің баянды болуын тілеп жүрміз, – дейді.

         Қазақтардың Ауған еліне үшінші көші Кеңес Одағының Сталиндік қанды саясатының кесірінен – үш топта, үш кезеңде үш түрлі аймақтан жүзеге асты. Бірінші мен екінші топтың көшін Ахмет Торбай бауырымыз ақсақалдардан естіп, жазып алған екен. Оның қойын дәптер жазбаларынан біршама мәлімет алдық. Мен үшінші көш бөлімінде Ахмет бауырымыздың дәптерінен тиісті мәліметті алып пайдаландым. Ал үшінші топ күшінің жайын  қажы Смағұл Жапайыр қария әңгімелеп берді.

        Көштің бірінші тобы 1928 жылы Ақмешіттен жолға шығып, Қызылқұм арқылы Қарақалпақстанға, одан Түрікменстанға жетіп, Әмудария суына амат (ешкі терісін тұтастай бұзбай сыпырып алады. Сосын оны сол күйі тігіп үрлеп, ауамен толтырады. Үрленген 4 ешкінің терісін құрастырылған ағаштың төрт бұрышына байлап қояды. Ол су үстіне жүзетін амат болып шығады. Оның салдан айырмасы – төрт бұрышындағы төрт ешкінің үрленген терілері) салып, Ауған жеріне өткен. Бұл көш жол бойында аштыққа да ұшырайды. Ауа райының өзгеруінен де қиналды. Сөйтіп, бірталай жаннан да айырылды. 

       Көшкен екінші топ 1931 жылдары Өзбекстанның Талдымаржан стансысында бір тоқтайды. Сосын Қаршы мен Шөпауыз елді мекендеріне көшіп, сонда бір жыл тұрады. Сөйтіп, келесі 1932 жылы Тәжік елінің Қорған төбе мен Сим ауылдарында тағы бір жыл аялдайды. Өкініштіcі – Тәжікстанның сол өңіріне де аштық тажалы жеткен екен. Соның салдарынан жергілікті халықпен бірге көптеген қазақтар да қырылады. Талай тауқымет көрген қазақтар сол жылдың соңғы күндерінде он мыңға жуық ел болып Ауған жеріне кіреді. Олар Ауған топырағына қадам басқанда үкіметтің нұсқауымен «Андхой» деген қаланың маңына жиналады. Сол кездегі Ауғанстанды билеп тұрған патша қазақтарға жер беріп, азық-түлікпен қамтамасыз етеді, ақшалай да жәрдемін аямай мейлінше көмектеседі.  «Мұсылман елдің адами қасиеті мол», – деп сенген қазақтар ауғандардың кеңпейілдік танытқанына риза. Өйткені дәл сол кезеңде Ауғанстан саяси тартыстың ортасында ішкі жағдайы әбден шиеленісіп тұрған заманда тұр еді. Соған қарамастан, қазақтарды Фарайаб (Маймене), Гарат, Шұбарған, Сәнгчарәк, Чақнасыр, Құндыз, Мазар Шәріп  сынды қалаларға қоныстандырады. Өкініштісі – Чақнасырдағы қазақтарға сол аймақтың суы жақпай, ауа райына үйренісе алмай, сексен пайыз адамы өлім құшты. Өлімдері көптеп, бір мезгілде болуы салдарынан тірілер өлгендерді жерлеуге үлгермей жатты. Әрбір отбасында өліктердің болуынан бір біріне көңіл айтып, бірін-бірі жұбатуға да мұршалары болмай жатты. «Енді есімізді жинадық-ау» дегенде 1943 жылы жұқпалы ауру – оба мен малярия кең таралып, қазақ тағы қырылады. Тірі қалғандары тіршілік етуге тура келгендіктен, түрлі қара жұмыстармен айналысады. Көпшілігі мақта теру, масақ теру, жем-шөп шабу, мәсі мен кебіс тігу, кілем тоқу, шапан тігуді тіршілік көзі еткен еді. Қазақтар кейбір шеберліктерін сол жергілікті тұрғындардан үйреніп алған-ды. Тіршілікке бейімделе бастаған кезде тағы бір тосыннан келген жайсыздық елде үрей тудырды. Ол – екі қабат әйелдердің сәбилері тұрмай шетінеп кете беруі еді. Бұл апатта қазақтардың бойы жергілікті табиғатпен үндесе алғанша мазаларын алып, әжептәуір әбігерге салды.

         Сол кездегі Құндыз, Ханабад, Бағланда үкімет басшылары босқын қазақтарға барынша жәрдемдеседі. Бастапқы кезде қазақтар үкімет тарапынан берілетін азық-түлік, ақшалай көмектерді алып отырады.  Қариялардың соңғы легінің есінде қалғаны – Құндыз аймағының Ғолам Айдар деген әкімі қазақтарға көп көмек көрсеткен екен. Кейін аталған әкім көмек көлемін кеңейтіп, мемлекет деңгейге жеткізіп, ресми түрде көмек беруді қолға алып, ақсақалдарды шақырып алып, құжат дайындауға тапсырма бергенде қазақтар үкіметтің ресми жәрдемінен бас тартыпты. Бұның себебін сұрағанда олар: «Біз қайыршы емеспіз. Біздің алған көмектеріміз құжаттанса, ертеңгі ұрпақ біз үшін ұялады», – деп жауап беріпті. Қазақтардың бұл әрекеті үкімет басшыларын таңғалдырыпты. «Бұл  не деген қанағатшыл, өр көкірек ел?!» – десіпті.

          Үшінші топ – 1929-1932 жылдардағы жасанды ашаршылық салдарынан  Қазақстаннан амалсыз үдере көшкен қазақтардың бір бөлігі – Жамбыл облысынан Ауған елін беттеген топ болды.  Бұл көштің жайын аталары 1932 жылы Жамбыл облысы, Шу бойындағы Мойынқұм ауданы Жазылбек ауылы, Жамбыл совхозынан Ауған еліне жер аударған ұрпақтарының бірі – Смағұл Салдарбекұлы әңгімелеп берді.

          Смағұл Салдарбекұлының отбасы, өмір жолы Ауғанстан қазақтарының қилы тағдырымен ұштасып, үндесіп жатыр.           

         Қазақтар биологиялық және психологиялық тұрғыдан табиғатпен үйренісуі, қоғамдық ортаға бейімделуі қалыптаса бастаған 1954 жылдардан кейінгі кезеңде әр тарапқа тарап кеткен ағайындар бір-бірін іздей бастады. Ыңғайы келгенде қоныстарын ауыстырып, бір жерге шоғырлана берді. Одан бұрынғы кезде үйренген түрлі қолөнер бұйымдарын өздері саудаға сала бастағандары тағы бар. Мәселен, Герат қаласында жергілікті тұрғындардан кілем тоқуды үйренген қазақтардың өнімін қазақтардың өзі сауда тауарына айналдырады. Солардың бірі – Бұхарбай Болат. Соның арқасында әлеуметтік ахуалы көтеріліп, Ауғанстанның өзінде бай деген атақпен танымал тұлғаға айналды. 1974 жылы қажылыққа барып, «қажы» деген атауына да лайықты өмір сүрді. Оған айғақ Қазақстан тәуелсіз ел болып, әлем қауымдастығына кірген соң қажы Бұхарбай 1994-1997 жылдары Алматы облысы, Қарасай батыр ауданы, Қаскелең қаласында үш жүз адам сыйымдылығы бар  үш қабатты мешіт салып, елдің еңсесін бір көтеріп тастады.

***

         Ауған қазақтары заманауи білімге онша көп көңіл бөлмеген. Сондықтан мектеп пен университеттерде оқыған азаматтары санаулы. Мен әлем елдерінде тұратын қазақтарды зерттеуге ниеттеніп, 1979 жылы Ауғанстанға барып, Герат, Кабул, Мазар Шәріп, Полқұмыр деген жерлерінде болып,  қазақтардың тіршілігімен жақын таныстым. Олардан көрген мейір, бауырмалдық, мәрттік, қонақжайлылық жүрегім мен санамда қазақылық болмыстың табиғи бейнесін суреттеп берді. Мен сол жылдардан бері олардан ажыраған емеспін. Бұның өзі – үлкен әңгіменің өзегі. Өткен мен бүгінге қарағанда, орта адамды өз ыңғайына қарай бейімдейді. Кейінгі зерттеулерімді жалғастыра толықтырғанымда Ауғанстанда туып, жоғары білім алған алғашқы азамат – Әбдіһәлим Қазақ молла Қосанұлы. Ол 1959 жылы Полқұмыр маңындағы бір ауылда дүниеге келген. Орта мектепті  бітірген соң 1976 жылы отбасы мүшелерімен Түркияға көшеді. Сол елде Измир қаласындағы 9 Илул университетінің саяси саласында оқиды. Сол шаһардың әуе жайында 18 жыл диспетчер болып қызмет жасаған соң зейнеткерлікке шыққан.  

        1980 жылдары Кабул университетінде екі қазақ қана жоғары білім алып жүрді. Олардың бірі – Нұрмұхаммед  молда Серікбайұлы 1978-1980 жылдар аралығында коммунисттік идеологияның құрсауында жүрген Нұрмұхаммед Тәрәки (1978-1979), Әфизолла Әмин (1979-1980), Бәбрәк Кармәл (1980-1986) арасында болған тартыстарда Кабулда қаза тапқан. Екіншісі – Мұхаммед Рафиһ БҰҰ босқындар бөлімшесінің тізіміне ілініп, өзінің алған жағрафия мамандығы бойынша Дания елінде тұрақтады.  Қазіргі кезде отбасы мүшелерімен сонда тұрады. 1985-1990 жылдары Ауғанстан азаматы екі қазақ қызы (Фатима, Әмина) Қазақстанның жоғары оқу орындарын бітірген.

          Екі қыздан кейін оқымысты қатарына Ауғанстанда жоғарғы оқу бітірген Абдолла Әскери деген азаматты айта аламыз. Абдолла 1981 жылы Балх облысы, Мазар Шәріп қаласында дүниеге келген. 1996-2001 жылдарда Ауған-түрік лицейін үздік тәмамдаған. 2003-2006 жылдар аралығында Кабул университетін оқып, диплом алған.  2007-2010 жылдары тәуелсіздіктің жемісі ретінде Алматы қаласындағы халықаралық С.Демирел университетінде  экономика факультетінің «Бизнес менеджменті» мамандығы бойынша магистратурасын аяқтайды. Сонымен қатар журналистика саласында тәжірибелік білімін жетілдіреді. Қазіргі кезде Нью-Йоркта халықаралық жуналистер агенттігінде жұмыс істейді.

     Ауғанстан қазақтары тіршіліктің арпалысында мектеп пен жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік ала алмаса да, Ауған елінде діни білім алуға құштар болған. Олардың арасынан ондаған даңқы шыққан қарилер, хафиздер, молдалар, маулана мен ишандар шыққан. Солардың бірсыпырасы:  Ешмұхаммед (Маймақ ишан) Нұрәлі мақсұм Ешмұхаммедұлы, молда Қошым Ешмұхаммедұлы, молда Атамұхаммед Нұрәліұлы, дамолла Ескебек Торбай, маулана Сарсадық Жолай, молда Аймақан, қари Әбиболла Аймақанұлы (қазіргі кезде Қаскелеңдегі Бұхарбай мешітінің имамы), молда Әбділхалық Қошымұлы, дамолда  Құрбанназар Табын (қазіргі уақытта Түркістан қаласында тұрады, Жетісайда өз қаражатымен мешіт салдырған).

         Осылайша Қазақтар үш кезеңде Ауған еліне көшіп, бір ғасырдан ұзақ сонда тұрды. Саяси биліктің ұстанымына сәйкес олармен кейде тату, кейде қату өмір кешті. Қазақ елі тәуелсіздігін жария еткенде ақ түйенің қарны жарылып, елге оралуға мүмкіндік туды.

       Ауған қазақтары елге оралған соң ғылым мен мәдениетте үлесі салмақты болмағанымен, діни-ағартушылық саласында әжептәуір ықпалды болды. Сонымен бірге кәсіптік саласында халық санына шаққанда едәуір пайдалары тиген. Қазақ елінде мал басы көп болғандықтан, сойылған малдың терісі  өңделмей, теріні сату тетіктерін білмей, сапалық жағын анықтауға  тәжірибелері жеткіліксіздеу болып жүрген тәуелсіздігіміздің бастапқы кездерінде Ауған қазақтары осы салада талай жергілікті қандастардың сауатын көтеруге үлес қосты. Бүгіндері мал терісінің шетелдерге сатылуы мен өндіріс орындарының  ашылуы жолға қойылды. Осы салада қызмет жасап жүрген бастапқы топ ағайындар ауған қазақтарының тері шаруасына қосқан үлесін жақсы біліп, қадірін тұтатыны күмәнсіз.

         Ислам Жеменей. филология ғылымдарының докторы, профессор. ҚР Мәдениет қайраткері  

                               

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті