Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Қазақ елі

Басты бет | Қазақ елі | Елтаңбада ұлттың мұрасы мен мұраты бедерленген

       Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Шығыс елдерінің сәулет өнері академиясының академигі, профессор Шот-Аман Уәлиханов биыл 85 жасқа, ал талантты тұлғаның қолынан шыққан мемлекеттік рәміздеріміздің бірі – Елтаңбаға 25 жыл толып отыр. Осыған орай, біз газет тілшісінің Шот-Аман Уәлихановпен әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

     –  Шот-Аман Ыдырысұлы, Ел­таңба дегенде алдымен сіздің есімің­іздің ауызға алынатыны рас. Қазақ мемлекеттілігін айшықтайтын рәміздеріміздің бірі – Елтаңбаның дүниеге қалай келгені жайлы талай мәрте айтылды да, жазылды да. Дегенмен, тарихи сәттерді жас ұрпақ жадына тоқыта берудің артықтығы болмас дейміз.  
      – Үлкен тарих үшін 25 жыл деген кірпік қаққандай аз ғана уақыт шығар, бірақ біздің мемлекетіміз үшін ол мән-мағынасы айрықша айтулы сәт қой. Мемлекетіміздің дербестік алуы, демократиялық қоғамның құрылуы, Қазақстанды әлемдік қоғамдастықтың мойындауы сөзбен айтып жеткізгісіз ерен еңбектер. Елбасының бас болуымен атқарылған сол тарихи жұмыстарға аз да болса өз үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын.
     Мен Елтаңба жасау ісіне Қа­зақстан Тәуелсіздігі ресми түр­де жарияланбай тұрған тұста-ақ кі­ріскенмін. 1990 жылдың 25 қа­занында Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендігіміз туралы декларация қабылдады. Соның артынша Жоғарғы Кеңесі Төралқасының шешімімен Қазақ КСР-інің Елтаңбасына, Туы мен Әнұранына өзгерістер енгізу туралы ұсыныс дайындау бойынша жұмыс тобы құрылды. 1991 жылғы 15 қаңтарда болған алғашқы отырыста республиканың мемлекеттік рәміздерінің ең үздік үлгісіне байқау жариялау туралы шешім қабылданды. Сол сәттен бастап басылым беттерінде республиканың мемлекеттік рәміздері қандай болуы керек деген тұрғыда мақалалар шыға бастады (олардың арасында барлық отандастарымызды шығармашылық талқыға қатысуға шақыра отырып, өз еңбектерімді мәдени қоғамдастықпен бөліскен менің де жазбаларым болды). 
     Болашақ Елтаңбаның бастапқы идеясы «Қазақ әдебиеті» газетінің (29.11.1991 жыл) №48 (2226) санын­дағы «Қазақ халқының елтаңбасы қан­дай болуы керек?» деп аталатын мақа­ламда, сол жыл­дың 10 қазанында «Ана тілінде» шыққан «Ға­рышқа аттан­ған ұлттық белгі» және 17 қазан­дағы «Құр шулаймыз, жоқ жалау, бай­рақсыз қайрат – бос қайрат» деген мақалаларымда, сондай-ақ «Халық кеңе­сі» газеті мен «Ақиқат» журналын­да тәп­тіштеп айтылып, сызбамен көрсетілді де. 
      1991 жылғы 7 қарашада «Экс­пресс» газетіне берген сұхбатымда да бір жылдан астам уақыттан бері Қазақстан Елтаңбасының жаңа нұсқасын жасаумен айналысып жатқанымды айтқан болатынмын. Сол уақыттары елімізде тұңғыш рет қазақ ғарышкері ғарышқа аттанды. 
      Ғарыш кемесі көкке көтері­лер­ден бірнеше күн бұрын мен ғарышкерлерге сәтті ұшып қайтудың тарихи белгісі болсын деген ниетпен өз жұмысымның бір нұсқасын сол кездегі Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі Қуаныш Сұлтанов ар­қылы берген едім. Сол нұсқада ыстық ұядай Отанымыздың белгісі ретінде шаңырақ пен екі қанат бейне­ленген еді. Ол қанаттар біздің елі­мізді аспанға, заңғар биікке көтерген халқымыздың қанатының белгісі еді. 1991 жылы қазанда Тоқтар Әу­бәкіров сол белгімен ғарышқа сапар­лап қайтты. Республика Елтаң­басының алғашқы нұсқасы деп дәл сол төсбелгіні тану керек.
    Еліміздің Мемлекеттік елтаң­басының алғашқы нұсқасы дербес әрі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті пайда болмай тұрғанда-ақ осылай дүниеге келіп еді. 1992 жылы 2 қаңтарда жаңа мемлекеттік рәміздер жасау туралы байқау жария­ланып, оған үш ай ішінде 254 үлгі қабылданды. Барлық іріктеу кезеңінен өткен нұсқамызға комиссияның қорытынды отырысы бірауыздан дауыс беріп, Мемлекеттік елтаңба жобасының жеңімпазы деп жариялаған болатын. 
    – Барша жұрттың көңілінен шыққан Елтаңбаны жасау үшін тек ұл­тын сүю ғана емес, ұлтының тарихын жақсы білу де қажет екені түсі­нікті. Сіз Елтаңба жасау барысында қандай тарихи деректерге сүйен­діңіз, қандай идеяларды негіз етіп алдыңыз?
    – Мемлекеттік Елтаңбаның ұсы­нылған нұсқасының жасалу тарихының мәні тереңде. Елтаңбада ұлтымыздың ежелгі дәстүрлері мен тарихы, мәдени құндылықтары, республикамыздың біртұтастығы мен оны мекендейтін барлық ұлт өкілдерінің тату-тәтті бірлігі, ынтымағы бейнеленген. 
    Кеңестік жүйе тарқай қоймаған 1990 жылдың жазында өмір туралы, еліміздің болашағы туралы көп ойға беріліп жүрген кезім еді. Сол уақыттары Елтаңбаның жалпы бейнесі түсімде аян ретінде берілді: Әлдебір аппақ құс қанаттарын қағып-қағып жайып қалғанда алтын түстес Күн бейнесі көзімді қарықтырып, жарқ ете қалды. Көзімді уқалап қайта қарасам, Күн Шаңыраққа айналып барады екен... Таңертең тұра сала түсімде көргенімді дереу қағаз бетіне түсірдім.  
       Елтаңба жасау идеясына беріліп кеткенім соншалық, қазақ халқының тарихын, этнографиясы туралы кітаптарды түгел ақтарып шықтым. Сол жұмыс нәтижесінде аса ауқымды тарихи, археологиялық материалдар жинақтап, оларды зерттеп, зерделеп көрдім. Республика Елтаңбасының көркемдік келбеті елдің салт-дәстүрімен және тарихымен байланысты болуы, оның жаңа дәуірдегі даму бағытында болатын ерекшеліктерді бейнелеп тұруы тиіс еді. Оларды қалт жібермеу сын болды. Сондықтан да Елтаңба бедерлерінде ұлтымыздың тамыры терең тарих қойнауынан жеткен аса мол мұрасы мен ұлт мұратының негізі жатыр деуге әбден болады. Онда қазақ, түркітілдес тайпалар геральдикасының белгілері, заңдылықтары да ескерілген.
      – Сіз тек Елтаңба ғана емес, Тә­у­ел­­сіздік монументі, Семейдегі атом сы­нақтары құрбандарына ар­нал­ған монумент сияқты әйгілі ең­бек­тер­дің де авторысыз. Жалпы, сәулет­ші үшін ең керек басты қасиет қандай?
     – Ұлы қытай философы Конфуций «Дүниені рәміздер мен белгілер билейді» деген екен. Егер терең үңіліп қарар болсақ, белгілердің адамның күнделікті тұрмысында ғана емес, мемлекет деңгейіндегі мән-мағынасы да үлкен екенін ұғасыз.
    Сәулет өнері жеке бір тұлғалар еншісі болудан қалған. Архитектуралық шы­ғармашылық – ұжымдық шығар­машылық. Өнердің бұл түрінің барлық туындылары адам игілігі үшін жасалады. Менің түсінігімде, сәулетші шығармашылығында ешқандай мем­лекеттік шекара болмайды. Сәулетші өз отанының шынайы патриоты бола жүріп, бүкіл адамзатқа адал қызмет атқа­ра алуы тиіс. Біз адамдардың түр-тү­сіне, нәсіліне қарамаймыз, тек шынайы­лыққа, достық қарым-қатынасқа ұм­тыламыз. Ұлттық салт-дәстүрдің, әлемдік тарихтың терең қойнауында жатқан ежелгі құндылықтарды инемен құдық қазғандай етіп шығара отырып, заманауи архитектуралық-пластикалық шешіммен үйлестіре білудің өзі үлкен өнер. Ұлттық дәстүрлерді жаңартып, жаңғырта отырып, заманауи айрықша стильмен үйлестіру, сенімді тарихи мүсін жасай білу үшін үлкен білім қажет. Жалпы, қай сала болсын ізденбей, білім жинамай, қандай да бір табысқа жету мүмкін емес. 
    – Елімізде 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні. Сіз үшін бұл күннің өзге күндерден айырмашылығы неде?
     – Әлбетте, мен үшін бұл күн – айрықша күн... Мен еліміз тәуелсіздік алған жылдары геральдика саласында көп еңбек еттім. Көптеген респуб­ликалық рәміздер мен таңбаларды, оның ішінде Ұлттық ғылым ака­де­мия­сының, Қазақ тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының эмблемаларын жасадым. «Отан», «Алтын қыран», «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің жобаларын сыздым. Қандай жұмыс атқарсам да, ұлттық салт-дәстүрге, тарихқа, әлемдік тәжірибеге сүйендім. Көзсіз көшіре салмай, өз жолымды іздедім. Ең бас­тысы, мемлекеттік рәміздердің әдемі, айқын, айрықша өнер туындысы болып шыққанына көп көңіл бөлдім. 
     Елтаңба деген жалпы бүкіл әлем бо­йынша мемлекеттіліктің маңызды символы ғой. Мемлекеттің бағыты мен саясатын бір Елтаңбамен-ақ бейнелеуге болады. Сондықтан, мемлекет құрылымының ерекшелігі мен идеологиялық бағытын айқындап қана қоймай, елімізді әлемдік мәдени қоғамдастық алдында лайықты әріптес ретінде де танытып жүрген, жас ұрпақ бойына патриоттық сезім дәнін егетін Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеп, қадір тұту – қай-қайсымыздың да парызымыз.  – Әңгімеңізге рахмет. 
        Әңгімелескен  Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан»  АЛМАТЫ

 https://egemen.kz/article/eltanhbada-ulttynh-murasy-men-muraty-bederlengen

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті