Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | ДҚҚ тарихынан

ДҚҚ тарихынан

      1991 жылы Қазақстан ел  тәуелсіздігін  күллі әлемге жариялай салысымен Қазақстан Республикасының  тұңғыш Президенті Н. Назарбаев  шет елдегі қазақтарға  ақ тілегін айтып «елге ораламын деушілерге есігіміз ашық» деп мәлімдеген болатын. 

      Содан бері шетелде тұратын қандастарымыз Елбасы назарынан ешқашан тыс қалған емес.  2011 жылы мамыр айында Астана қаласында өткен Дүниежүзі Қазақтарының IV Құрылтайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де тұтас халқының бір бөлшегі екенін еш уақытта ұмытпауымыз керек» деп ерекше  атап айтқан еді.

     1992 жылы қыркүйекте Елбасы әлемнің 33 мемлекетінен 800-ден астам қандастарымызды шақырып, Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын өткізіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құрды, әрі оған өзі төраға болып сайланды. Президенттің өз ұлтына  деген қамқорлығы тағдыр тәлкегімен шетел асқан қандастарымызға қанат бітіріп,  атажұртқа  бет бұрған ұлы көш керуені басталғаны өздеріңізге аян.

   «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалын алғаш Уатхан Ботакөз, Әлхан Амантай қатарлы жиырмадан астам азаматтардың бастамасымен  1998 жылғы 19 мамырда құрылған. Филиалдың алғашқы төрағасы Қазақстан Халықтар Ассамблеясының Павлодар облыстық құрлымының басшысы  марқұм Қанат Даржұманов сайланған  еді. Филиалдың негізгі жұмысын Павлодар обыстық  көші-қон бөлімінің бас маманы Әлхан Амантай қосалқы жүргізіп отырған.

     2005 жылы, Дүниежүзі Қазақтарының  III Құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысымен «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» жасалып, Үкімет қаулысымен бекітілді. ІІІ құрылтайда Елбасы: «Бүкіл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар – ол тәуелсіз Қазақстан» – деген еді. 

      Осы мүддеге сәйкес  2006 жылдың наурыз айында Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының кеңейтілген  мәжілісі өткізіліп, жаңа бағыттар нақтыланған болатын.

      Осы мәжілістен мені Павлодар облыстық филиалдың басшысына тағайындады.  Қауымдастықтың жарғысы мен  ережесіне сәйкес,  филиалды заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден қайта өткіздік.  Филиалдың жұмысы да жолға қойылды, нақты шаралар ұйымдастыру ісі қолға алынды.

     Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы  және оның филиалдары шетелде тұратын қазақтармен мәдени-рухани, оқу-білім және іскерлік, бизнес саласында тұрақты байланыс жасап, сыртта жүрген қандастарымыздың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты  барлық мәселелермен айналысады. Қауымдастықтан берілген жоспар, тапсырмаларды филиал  тыңғылықты орындап отырды. Біз елге оралған қандастарымыздың да сан түрлі мәселелерімен де айналысып келдік.

       Көшіп келген қандастарымыздың жаңа ортаға бейімделіп кетуіне байланысты мемлекеттік органдардың қатысумен жыл сайын тұрақты «дөңгелік үстел», кездесулер, конференциялар ұйымдастырылды.

      2012 жылдың маусым айында облыс әкімінің қолдауымен Павлодар қаласында  республикалық деңгейдегі  400-ге жуық өкілдер қатысқан ауқымды шара ұйымдастырылды.  «Оралмандардың Қазақстан қоғамының дамуына  қосқан үлесі» атты конференцияда облыс әкімі баяндама жасап оралмандардың ел өміріне қосқан қомақты үлестерін нақты сан, көрсетеіш, мысалдармен  дәлелдеп айтып берді. Шараға қатысқан белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, Үкіметтік  және қоғамдық ұйымдар  басшылары, оралмандар өкілдерінің  көші-қон саласындағы өзекті міселелерді шешу жолдарын қарастырған тың ой, пікірлері ҚР ның  Үкіметіне жолданды. Конференцияда айтылған жалынды сөздер қазақтың рухын көтерді, ұйымдастырылған басқа да мәдени шараларды жұртшылық  жоғары бағалады.

      Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы ұйымдастыратын «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес атамекенге көшіп келген қандастардың жаңа ортаға бейімдеу шараларын өткізу  мақсатында  жариялаған конкурсқа біздің филиал да  қатысып, 2007-2015  жылдар арасында 8 рет жеңімпаз атандық. Ұйымдастырылған кешенді шаралардың нәтижесінде Павлодар облысына  шет елдерден көшіп келген, қандастарымыз жаңа ортаға жедел бейімделіп кетуіне үлкен септігін тигізді.

     Облыстық мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасаумыз   қандастарымызға қатысты өзекті мәселелер жедел, әрі уақытылы шешіліп отырды.

     Оралмандарды жаңа  ортаға бейімдеу шараларын Республикалық оралмандардың «Асар» қоғамдық бірлестігінің Павлодар филиалымен бірлесе отырып атқарып келеміз.

      Бүгіндер облысымызда  тәуелсіздік жылдары Ресей, Өзбекстан, Моңғолия қатарлы  әлемнің тоғыз елінен  көшіп келген 7100-ге жуық отбасы,  35000-нан астам қандастарымыз тұрып жатыр. Оларды орыналастыруда Үкіметтік мекемелер мен Қоғамдық ұйымдар қыруар жұмыстар атқарғандығы баршаға аян.

  Филиал тарапынан Тарихи Отанына біржолата қоныстануға көшіп келген оралмандардың тұрғылықты жерлерін таңдауға бағыт бағдар беру, тұрақты тірекуге тұру үшін нақты мекен жай табуына, төлқұжаттарын рәсімдеуге,  Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдауына, ықтияр хат алуына нақты көмек көрсету, құжаттарына аударма жасау, жаңа ортаның тұрмыс салтын түсіндіру, кәсіпкерлікке үйрету, заң, құқықтық мәселелерді түсіндіру, кеңес беру  жұмыстарын тұрақты жүргіздік.     

      Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық  филиалының және Оралмандардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің Павлодар филиалының араласуымен Павлодар ауыл, Теміржолшылар  поселкасі, Кенжекөл  аулынан 200-ге жуық оралман ағайын жер теліміне ие болды.

     Павлодар аулының Шаукен бөлімшесінде бой көтерген жаңа ауыл көшелеріне  «Отандастар», «Сарыарқа», «Атажұрт» деген атаулардың берілуін облыстық онамастика комиссиясына ұсынып, оң шешім қабылдатуға да аз еңбек жұмсаған жоқпыз. 

      Нәтижесінде барлық инфрақұрлымы бар  жап-жақсы оралмандар ауылы бой көтерді.

     2010 жылы Монғолияның Баян-Өлгий аймағында  ойылған жұт болып, қандастарымыздың негізгі күн көрісі мал  қыруар шығынға  ұшырап, қиын жағдай орын алды. 2009, 2010 жылдары Монғолияның Баян-Өлгий, Қобда аймақтарына барып Қазақстанға  оралғысы келетін  қандастарымыздың тыныс-тіршілігімен танысып, Павлодар обысына көшуге ниет білдірген 300-ден асам отбасының тізімін жасаған болатынбыз.

      Олардың арасында 100-ге жуақ отбасы Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы квотасына сәйкес Моңғолиядан біржолата қоныс аударуға  ниетті болса да, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының төмен болуы салдарынан өздігінен көшіп келе алмайтынтындар болатын. Олар Қазақстан Республикасы Үкіметіне өздерін көшіріп алу туралы бірнеше мәрте өтініш, тілек білдірді. Жоғарыдағы тізімді ҚР ның Еңбек және  әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетіне ұсынып, олардың келісімі негізінде қиын жағдайға тап  болған қандастарымызға  қол ұшын беру мақсатында  2010 жылдың шілде -қазан айларында арнайы автобустар,  камаз авто көліктерін жалдап, 103 отбасының 680 адамын үй мүлкімен Павлодар облысына  келісім шарт бойынша көшіріп әкелдік.

     Жасыратыны жоқ бұл аса күрделі, әрі  жауапкершілігі өте жоғары  жұмыс еді. Үш елдің төрт кеден бекетінен өтіп 1500 км жол  жүрудің машақатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Дегенмен көш көлікті болды. Алдынала олардың тізімін жасап,   құжаттарын  мұқият даяарлатып, жағдайды түсіндіріп әкелгендіктен келген соң көп мәселе туындаған жоқ. Келген адамдарды көші қон полициясы бірден тексеріп, тіркеп, көші-қон бөлімі құжаттарын жедел рәсімдеу нәтижесәнде  олар үш айдың ішінде квотаға қол жеткізіп, ҚР ның азаматтығын алды, Қазақстан қоғамынан өз орындарын тапты. Әдетте елге оралған қандастарымыздың көбісі осының бәріне өздігінен қол жеткізу үшін кейде тіпті жылдап әуре сарсаңға түсетін-ді.

      Мәдени-әдеби іс-шаралар жайында айтсақ, Филиалдың қолдауымен, Монғолия Елінің Баян-Өлгий аймағының Өлгий қаласынын әкімі, қала әмірі Қайсанай Қабдыразақұлы бастаған құрамында аймақ депутаттары, мемлекет қызметкерлері, денсаулық, мәдени сала мамандары, өнер шеберлері, шағын кәсіп орындарының басшылары қатысқан 17 адамды Павлодар қаласының әкімінің арнайы шақыруымен  2007 жылғы 8 қыркүйекте  Павлодар қаласы күніне қатысты.           

         Бауырлас екі елдің Павлодар, Өлгий қалалары арасында– достық  қарым-қатынас орынату туралы келісімге әкімдер қол қойды.     Қала күні қарсаңында Монғол елінен келген қонақтар өз туындылары ұлттық қол өнер бұйымдары, көркем және фотосуретшілер көрмесін ұйымдастырып, қала тұрғындарының назарына ұсынды. Көрмеге қойылған заттар көптігімен, әдемілігімен, тұрмыстық жағдайға қолайлылығымен ерекшеленді. Монғолиядан келген танымал әншілердің концерттік бағдарламасы, көркем сурет шеберлерінің туындысы көпшіліктің көңілінен шығып, үлкен алғысқа бөленді.

      Сондай-ақ, Ақсу қаласында, және Үштерек, Қазалы, Парамоновка ауылдарында, Екібастұз қаласында, Бәйет ауылында, Баянауыл ауданның Майқайың кентінде болып тұрғындармен кездесіп, бүгінгі тыныс-тіршілігімен, өндіріс орындарымен, білім және мәдени ошақтарымен, танысып, өз өнерлерін көрсетті.

      2008 жылғы мамыр айында Түркістан қаласында өткен Ауғанстан, Қытай, Моңғолия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен, республикамыздың Астана, Алматы қалаларынан және 14 облысынан 250-дей қандастарымыз қатысқан «Түркістанды аңсау» мәдени-этнографиялық оралмандардың Халықаралық фестиваліне  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалының  ұйымдастыруымен өнердің 7 жанры бойынша қатысқан өнерпаздар  мен өнер шеберлері бірінші  орын алып, абыроймен оралды. 

      2009, 2010, 2011 жылдары Монғолиядағы қазақ мәдени орталығына, Алтай өлкесі, Байғамұт ауылы, Қош-ағаш аудандарда тұратын қандастарымызға қазақ халқының мәдени мұраларын насихаттау мақсатында   атамекенде жарық көрген ақын, жазушылардың өлең, жыр, әңгіме, повесть, драмалық шығармалар жинақтарын, компакт дискілер мен күй табақтарын табыстап,   кездесулер өткізіп , олардың тілек өтініштерін Үкіметтік құзырлы мекемелердің назарына жеткізіп отырдық.

      Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығынан шығатын Туған тіл еларалық қоғамдық-саяси әдеби-ғылыми альманағы, «Алтын-Бесік» еларалық, әдеби-көркем журналын,  Жалпы ұлттық республикалық газеттерді, Павлодар облыстық «Сары-арқа самалы», «Ертіс дидары» газеттерін Монғолияның Баян Өлгий , Қобда аймақтарында тұратын қазақ бауырларымызға  ай сайын жеткізіп  отыруды біздің филиал жауаптанып отырды.       

      Шет елдерге іссапармен барғанда республикалық, облыстық  газеттер мен телеарна   тілшілері, фото тілшілерді бірге ала жүріп шет елдегі қазақтардың тыныс-тіршілігін  БАҚ-ы арқылы таратып отырдық.

      2009 жылды сәуір айында Облыстық Тілдерді дамыту басқармасының қолдаумен Oралмандар  мен шетелдердегі қазақтарға арналған ДҚҚ ның Павлодар облыстық филиалының «Қайран, елім» - www.kayranelim.kz  сайтын аштық.

      Сайттың басты мақсаты түрлі себептермен әлемге шашырап кеткен қандастарымызды Қазақстан әлемімен  таныстыру және қажетті ақыл-кеңес беру болатын.

       Бүгінгі күні www.kayranelim.kz  сайтына күніне 200-ден астам адам кіріп отырады. 6 жыл ішінде  кіргендер саны  арнайы санағыштың мәліметі бойынша  – 450 мыңнан астам адамға жетті.

     2010 жылы  Павлодар облысындағы бұқаралық ақпарат құралдары арасында "Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары" атты конкурста «Қайран, Елім» сайты қандастарымызға арналған материалдарының құндылығы үшін, сайт қолданушылары мен қонақтарының жеке хаттарына уақытында жауап беріп, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп отырғандығы үшін  «Үздік сайт» номинациясына, маусым айында  Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитетінің Астана қаласында ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» республикалық конкурсының нәтижесінде «Қайран, Елім» сайты «Үздік сайт» номинациясы бойынша І орынды жеңіп алды.

      Бүгінгі күні сайт өз жұмысын жалғастыруда.

    Филиал  Султан Махмут Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік Университетімен тығыз қарам-қатынас орнатып, 2009-2015 жылдар аралығында шет елдердегі тұрмысы ауыр, көп балалы отбасы  балаларына және жетім балаларға  арнап  аталмыш оқу орнынан 60-қа жуық түлекке тегін оқу грантының бөлінуіне қол жеткіздік. Сонымен қатар  шет елден келген балаларға арнайы дайындық курстарын  ашу мәселесінің оң шешім табуына ықпал жасап, курсті бітіргеннен ондаған балалар республикалық ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып,  шамамен 50 балдан жоғары көрсеткішке ие болғандары қалаған мамандықтары бойынша еліміздің жоғарғы оқу орындарында арнайы мамандықтар бойынша оқуын   жалғастырып отырды.

      Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдық тойы қарсаңында атамекенге шет елдерден келген ғалымдардың өз салалары бойынша жазған еңбектері «Ата жұртым – Қазақстаным» сериясымен  жеке том, кітап болып шығуы  тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына арналған ең құнды сыйлық және елге оралған қандастарымыздың егеменді еліміздің өркениетіне қосқан сүбелі үлестерінің бірі болатын. Оған С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті демеушілік жасап, қолдау көрсетті. Ал,  шет ел ғалымдарымен қарым қатынас орынату, олардың еңбектерін жинақтау тұрғысында  филиал нақты жұмыс жасады.

          2012 жылы қазан айында Павлодар қаласындағы  С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада, ал қараша айында ПМПИ-де  Қауымдастықтың 20 жылдығына орай  «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстан және шетелдегі қазақтар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

        Көрме облыс жұртшылығының көңілінен шықты.

     Шығу тегі тамырлас, көне тарихы  біртұтас, киіз туырлықты, көшпенді қазақ,  монғол халықтары   ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған бауырлас ел болатын.

    Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін 2 ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған-ды.  Осы тарихи  оқиғаға  20 жыл толуына  орай Қазақстан Монғол елдерінің мәдени қатынастарын нығайтуға  өз үлестерін қосу мақсатында Монғолия халқының этно-фольклорлық «ХӨГСҮҮ» тобының өнер тарландары  облыс  халқына бір апта бойы өз өнерлерін  көрсетті.

    Топтың ЮНЕСКО-ның Әлем мәдениет  құндылық қорына енген монғол халқының    ұлттық көне аспаптарымен орындалған   өзіндік ерекшелікке ие, нақышты,  сазды  әуендері,  ұлттық би, мадақтау, таңдай қақпасы, ысқыру, жын шақыру қатарлы көне өнер түрлерін   облыс жұртшылығы ерекше қызығушылықпен қабылдап ,  зор баға берді.

        Жыл сайын облысымызда өтетін наурыз мейрамы және басқадай көптеген ұлттық мерекелер қарсаңында алаңда қазақтың сәулетті, ақшаңқан киіз үйлерін тігіп, ішін қазақи, ұлттық бұйымдармен толтырып,  қазақи салт дәстүрге байланысты сан түрлі шараларды ұйымдастырып облыс, қала  әкімшілігі тарапынан алғыс, марапаттарға  ие болып отырдық.

         Мен атқарылған істердің көрнекті, көңіл толтырар тұстарына ғана тоқталдым. Елге оралған қандастарымызды облыс аумағында орыналастырып, қоныстандыруда  қыруар іс тындырып, нақты  шараларды жүзеге асыруға  әр жылдарда облыста қызмет жасаған әкімдері, орынбасарлары, осы іске қатысты мемлекеттік мекемелер басшыларымен , қызметкерлерінің қосқан елеулі үлестері , қолдау қамқорлығына шын ниетімнен алғыс білдіремін.  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп қазақ бекер айтпаған болар, бәлкім. Бірлік, түсіністік, шынайы ниет бар жерде әркез  нәтиже мен жетістікке қол жететіндігі белгілі.

     Қорыта айтқанда әрбір қоғамдық ұйым қолдағы мүмкіндіктерін сарқа пайдаланып, нақты, нәтижелі іс тындырса ел болашағын жарқын етуге, қоғам өміріндегі өзекті де келелі  көптеген мәселелерді шешуге қоматты үлес қосары анық. Қоғамдық ұйым үлкен күш.

         Әркез алға ұмтылып, заманмен үндесе білейік!

        «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігің Павлодар облыстық филиалының басшысы Заут Болат

толығырақ

Уақыт деген қандай ұшқыр! Жиырма жыл жылжып өте шығыпты. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылы – 20 белесі. Иә, Алаш жұртының Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тағы бір ұлы арманы орындалып, әлемге тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың баяғы Күлтөбедегідей күнес жиында басы қосылып, 1992 жылдың қыркүйек-қазан айларының тоғысында Алматыда тұңғыш құрылтайын өткізгеніне 20 жылдың жүзі болыпты. Сол күндерде құрылған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы да 20 деген қылшылдаған жігіт жасына толып тұр. Осынау жиырма жыл ішінде Қауымдастықтың ІІ, ІІІ, ІV құрылтайлары өтіп, құрметті төрінде тізгінін берік ұстап қадірменді Елбасымыз тұрған бұл құрылым талай-талай тағылымын танытып, қанатын кеңге жая түсті. Біз алдағы 12-13 қазанда Алматыда дүркіреп өтер мерейтой қарсаңында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы  Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевты емен-жарқын әңгімеге тартқан едік.

– Құрметті Талғат Асылұлы, әуелі той құтты болсын дейік. Қазаққа құдайдың көзі оң болмаса, мұндай ырыс-берекелі қызық-қуанышқа жетер ме едік, жетпес пе едік. Ендеше, «сегіз қиыр шартараптағы» бүгінгі қазақ дүбірінің жалпы сарынын бір аңғартып өтіңізші.

– Рахмет. Қазіргі кезде алыс және жақын шетелдерде тұратын қазақтар жалпы ұлтымыздың үштен бірін, яғни 5 миллионнан астам адамды құрайды. Олар дүниежүзінің қырықтан астам елінде тұрып жатыр. Бұл ағайындардың басым көпшілігі Қазақстанмен шекаралас мемлекеттерде орналасқан. Соңғы мәліметтер бойынша Өзбекстанда 1,5 миллион, Қытайда 1,5 миллион, Ресейде 1 млн.-ға жуық, Түркіменстанда 80 мың, Моңғолияда 140 мың, Қыр­ғыз­станда 45 мың қазақ бар. Қазақтар топтасып отырған мұндай жерлер Ауған­стан, Иран, Түркия сияқты елдерден бастап Еуропаның Германия, Франция, Швеция, Дания сияқты алыс мемле­кеттеріне дейін созылып жатыр.

Міне, осы сан миллион ағайында­рымыздың бәріне ортақ айрықша бір қасиеті, жан сүйсінтер жақсы ерек­шілігі бар. Ол – атамекенді аңсау, атамекенге деген мәңгі сөнбес сағыныш. Яғни, шетелдегі қазақтар қай жерде жүрсе де, қай елде тұрса да туған хал­қының шежіресі мен тарихын жақсы біледі, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын шексіз құрметтейді, ана тілін ардақтайды. Және олардың бәрі де атамекенді ерекше қадір тұтады, әрқа­шан аңсап, сағынып жүреді. Көпшілігі Қазақстанға біржолата қоныс аударуға да ынталы. Тіпті, ең болмаса атажұртты бір көріп, топырағына аунап-қунап қайтсақ деп армандайды. Бірақ кешегі Кеңес Одағының тұсында бұған мүм­кіндік барынша шектеулі болды. Әсі­ресе, алыс шетелдегі қазақтардың ата­жұртқа келуі өте қиын еді. Соның салдарынан қаншама қандастарымыз ата­мекенді бір көрсек деп аңсап, сағы­нумен дүниеден өтті.

– Шетел қазақтарының Қазақ­станмен тығыз байланыс жасасақ деген арманы тек 1991 жылы, Қазақ­стан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана жүзеге асты емес пе?

– Бұл ретте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз зор екендігін атап айтуға тиіспіз. Яғни, Елбасы тәуелсіз мемлекеттің тізгінін қолына ұстаған алғашқы күннен бастап халқымыздың ежелгі асыл мұраларын, қадір-қасиетін қайта жаңғыртып, ұлт ретінде түлетіп, жаңа деңгейге көтеруге бар күш-жі­герін жұмсады. Сондай-ақ, Елбасы әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген ағайындардың басын қосып, атажұртқа көшіріп әкелуге айрықша көңіл бөлді.

Міне, жоғарыда айтылған осындай игі істердің нәтижесінде өткен ғасыр­дың тоқсаныншы жылдарының басынан бастап сырт жерлердегі ағайындар Қазақстанға ағылып келе бастады. Әсіресе, Моңғолия мен Өзбекстаннан, Ресей мен Түркіменстаннан қоныс аударушылар бірден көбейді. Оларға ілесе Түркия, Ауғанстан, Иран қазақ­тары да атажұртқа атбасын бұрды. Көп ұзамай бұл көшке Қытай қазақтары да қосылды. Соның нәтижесінде, тәуел­сіздік алғаннан кейінгі кезеңде ата­жұрт­қа бір миллионға жуық қандас­тарымыз қоныс аударды. Бұған қоса еліміз шетелдегі ағайындармен тұрақты байланыс жасап, оларға мәдени-рухани, оқу-білім жөнінен қолдау көрсету жұмыстарын да үздіксіз жүзеге асырып келеді. Бұл іс-шараларды жүзеге асыруда биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының да қосар үлесі ерекше. Қауымдастықтың 1992 жылы Алматы қаласында Елбасының тікелей қолда­уы­мен өткен Әлем қазақтарының тұң­ғыш құрылтайында құрылғаны баршаға мәлім. Бұл құрылтайда Қауым­дастық­тың Төрағасы болып Қазақ­стан Рес­публикасының Тұңғыш Прези­денті Нұр­сұлтан Назарбаев бірауыздан сай­ланған еді. Осы құрылтайда Қауым­дастық Төрағасының бірінші орынбасары қызметіне көрнекті қаламгер, бел­гілі қоғам қайраткері Қалдарбек Найманбаев сайланып, ол кісі бұл қызметті өмірінің соңына дейін жемісті атқарды.

– Өзіңіз де осы қызметті абыроймен атқарып келе жатқан сегіз жылда жалпы әлемдегі, еліміздегі қазақ мәселесінің майын іштіңіз, бүге-ші­гесін білдіңіз. Әуелі Қауым­дастық­тың сыр-сипатын бейнелеп берсеңіз.

– Дүниежүзі қазақтары қауымдас­ты­ғы өзі құрылғаннан бергі жиырма жыл ішінде сырт жерлердегі қазақ диаспорасымен тұрақты байланыс жасайтын еліміздегі ең негізгі ұйымға айналды. Қазіргі кезде бүкіл жұртшылық Қауым­дастықты шетел қазақтарының мәдени-рухани, оқу-білім, ана тілі, экономи­калық жағдайы және демографиялық өсіп-өнуі жөніндегі бүкіл мәліметтерді бір ортаға жинақтап, жүйеге түсіріп отырған ұйым ретінде жақсы біледі. Сондай-ақ, Қауымдастық алыстағы аға­йындардың ұлттық-рухани және көші-қон жөніндегі мұң-мұқтаждары мен өтініш-тілектерін Қазақстан үкіметіне, басқа да тиісті орындарға жеткізіп, олардың шешілуіне ықпал жасап оты­руға да айрықша көңіл бөледі. Соған орай шетелдегі қандастарымыз Дү­ниежүзі қазақтары қауымдастығын өз­дерінің қасиетті қара шаңырағы санайды. Атажұртқа келіп Алматыға ат басын тіреген ағайындарымыз бірінші кезекте Қауымдастыққа кіріп шығады. Жа­ңалықтарын айтады, бірлесіп істей­тін жұмыстар жөніндегі ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салады. Қа­уымдастықтың мұндай дәрежеге жетуі Елбасының тікелей қолдауы мен қам­қор­лығының нәтижесі екендігі де даусыз. Яғни, Дүниежүзі қазақтары қа­уымдастығы өз жұмысын төралқа төр­ағасы ретінде Президентіміздің белгі­леп берген бағыт-бағдары мен міндет-тапсырмаларына сүйеніп жүзеге асырады. Бұл жұмыстардың арасында әлем қазақтарының құрылтайларын ұйым­дас­тырудың алар орыны ерекше.

– Олай болса, ең әуелі 1992 жылы өткен тұңғыш құрылтайға тәптіштей тоқтала кеткеніңіз жөн болар.

– Жер жүзіндегі бүкіл қазақтың басын қосатын мұндай жиын біздің елі­мізде бұрын-соңды болмаған еді. Соған орай кезінде бұл алғашқы құрылтай ойдағыдай өз дәрежесінде өтіп, алға қойған мақсатын толық орындай ала ма деген мәселе жұрттың көбін ойлан­дырғаны да, алаңдатқаны да даусыз еді. Бірақ жан-жақты дайындық пен ұйым­дастыру жұмыстарының ойдағыдай болуының әлем қазақтарының тұңғыш бас қосуы кең ауқымды, жан-жақты тартымды бағдарлама бойынша табыс­ты өткізілді.

Құрылтайда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың бүгіні мен болашағы туралы жүрек тебірентерлік керемет баяндама жасады. Сөйтіп, бұл басқосу қазақ елінің шынайы тәуелсіздікке қол жеткізуінің айқын бір көрінісі болды. Тұңғыш құ­рылтай шетелдегі сан миллион қазақ­тардың атажұртқа деген ынта-ықыла­сын барынша арттыра түсті.

Сондай-ақ бұл құрылтай Қазақстан Республикасының шетелдегі қазақтарға мәдени-рухани, оқу-білім саласынан қолдау көрсетудің негізі бағыт-бағдары мен басты міндеттерін де нақтылап, көші-қонның қолға алынбай келе жат­қан көптеген мәселелерінің оң шешім табуына өз әсерін тигізді.

– Осыдан кейін елімізде өткен әлем қазақтарының үш құрыл­тайы­ның бір-біріне ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері жөнінде не айтар едіңіз?

– 2002 жылы Түркістан қаласында өткен құрылтай негізінен Қазақстан­ның тәуелсіздік алған он жыл ішіндегі қол жеткізген табыстарын саралап-сараптауға арналды. Алқалы жиында жалпы қазақ халқының алдағы уақыт­тағы әлеуметтік-экономикалық, мәде­ни-рухани, оқу-білім саласындағы өсіп-өркендеуі жөніндегі маңызды әңгімелер қозғалды. Ана тілі мен демография, көші-қон мәселелері де назардан тыс қалмады. Екінші құрылтай ұлты­мыздың рухани астанасы саналатын қасиетті Түркістан қаласында өткі­зілгендіктен бұрынғы тарихымызды еске алып, ұлы тұлғаларымызға құрмет көрсетуге де айрықша көңіл бөлінді.

Әлем қазақтарының үшінші құ­рылтайы 2005 жылы республика­мыз­дың жаңа елордасы – Астана қаласында өтті. Бұл басқосудың алдыңғы құрыл­тайлардан ең басты ерекшелігі барынша іскерлік бағытта өткізілуінде дер едік. Соған орай салтанатты мәжілістен кейін төрт мәселе бойынша секциялық мәжілістер болды. Оларда мәдениет, оқу-білім, бұқаралық ақпарат құрал­дары және көші-қон салалары бойынша шетелдегі қазақтармен байланыс жа­саудың өзекті мәселелері талқыланды.

Түркістан мен Астана қалаларында өткен екі құрылтайда да Қазақстан Республикасының Президенті, Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығының Төр­ағасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев арнайы баяндама жасады. Елбасы бұл баяндамаларында шет­елдегі қандаста­ры­мыз­дың бүгіні мен болашағына қатысты ең өзекті мәсе­лелерді ортаға салып, осыған орай Қазақстан тарапынан жасалуға тиіс қол­дау-қам­қор­лық­тардың бәрін бір жү­йеге түсіріп, нақ­тылап берді.

Сондай-ақ, Елбасы бұл құрылтай­ларда Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығының жұмысына оң бағасын беріп, оның қызмет ауқымын кеңейтуге қа­тысты нақты тапсырмалар да берді. Бұл жағдай Қауымдастықтың жұмысын нәтижелі етіп, жаңа деңгейге көтеруге өз септігін тигізді.

Ал төртінші құрылтай 2011 жыл­дың 25-27 мамыр аралығында Астана қаласында өтті. Құрылтайға әлемнің 35 елінен 400-ге жуық ресми өкілдер келді. Қазақстанның өзінен зиялы қа­уым, қоғамдық және саяси ұйымдар­дың жетекшілері, Президент Әкім­шілігі мен Үкімет басшылары, Сенат және Мәжіліс депутаттары, түрлі ми­нистрлік пен барлық облыстардың, Ас­тана және Алматы қалаларының өкіл­дері қатыс­ты. Бұл құрылтайда жастар мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Соған орай шетелден келген қонақтар­дың 60 пайызын жастар құраған еді.

– Құрылтайда шетелдегі қазақ диаспорасы мен оралмандардың мұқ­таж мәселелеріне де айрықша көңіл бөлінген болар?

– Әрине. Олардың біріншісі – көші-қон, екіншісі – оқу-білім, үшіншісі – мәдени-рухани және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері. Құрылтай барысында осы жоспар-бағдарлама толығы­мен жүзеге асты. Қазақ диаспорасы мен оралмандар мәселесіне арналып 9 ми­нистрлік өкілдерінің қатысуымен 7 жер­де дөңгелек үстел мәжілісі өткі­зілді. Басқосуға Ішкі істер, Сыртқы істер, Білім және ғылым, Мәдениет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Байланыс және ақпарат, Ауыл шаруа­шылығы, Спорт және туризм, Эконо­микалық даму және сауда министр­ліктерінің басшылары қатысты. Дөң­ге­лек үстел кезінде алыс-жақыннан келген ағайындар көкейде жүрген бүкіл мәселелерін ортаға салып, іштеріндегі шерін түгел ақтарып, кең отырып әңгіме-дүкен құрды.

Құрылтай бағдарламасы бойынша арнайы халықаралық футбол турнирі өткізілді. Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Түркия, Қазақстан және Еуропа елдерінен келген кілең қазақ­тардан тұратын 8 команданың жасыл алаңға шығып жарыс өткізуі де жиын­ның сәнін келтіріп, мерейді өсірді.

Президенттік мәдениет орталы­ғын­да қазақ диаспорасы мен оралман жастар­дың арасында қылқалам шебер­лерінің көрмесі ашылып, жыр мүшәй­асы ұйымдастырылды. Оған әнші мен би­шілер өнерден шашу шашты. Бұл салтанат жастардың думанды ән-би ке­шімен жалғасты.

– Нұрсұлтан Әбішұлы осы құ­рылтайда тарихи сөз сөйлеп, шетел­дердегі қазақ диаспорасы мен орал­мандарға қолдау көрсетудің барлық тетіктерін айқындап, бұл жөнінде алға 5 міндет белгілеп бермеп пе еді?

– Дәл солай. Ол міндеттердің бірін­шісі – көші-қонға қатысты еді. Елбасы көші-қондағы 20 жыл ішінде қол жет­кізген игі істер мен жетістіктерге жан-жақты талдау жасай келе, қандас­тары­мызды атамекенге оралту жұмы­сын одан әрі жүйелеп, жетілдіре беру керектігіне тоқталды.

Құрылтайда Елбасының шетелдегі ағайындарға қолдау көрсету жөніндегі алға қойған екінші міндеті – оқу-білім мәселесі болды. Бұл ретте Президент: «Біз әлемдегі барша қазақ жастарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасауымыз керек… Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне қандас­тарымызға бөлінетін гранттық квотаны нақтылап, жастармен жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырамын», – деді.

Елбасының қазақ диаспорасына қамқорлық жасау жөніндегі алға қойған үшінші міндеті бұқаралық ақпарат құ­ралдарына байланысты болды. Бұл жө­нінде Президент «Біз шеттегі қан­дас­тардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруын көмектесеміз» деп атап көрсетіп, бұл жөнінде де тиісті орын­дарға нақты тапсырмалар берген-ді.

Құрылтай өтісімен Президент Әкім­шілігі Елбасының осы жиында белгі­леген міндеттерінің негізінде алдағы уақытта шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсетуге байланысты жүзеге асырылуға тиіс іс-шаралардың жоспарын жасап, бекітті. Бұл жоспарда қазақ диаспорасы мен оралмандарға қатысты ең өзекті мәселелер қамтылып, тиісті министрліктер мен мекемелердің мін­деттері нақты көрсетілді.

– Алыстағы ағайындармен тұрақ­ты байланыс жасап, оларға қолдау-қамқорлық көрсетудің және бір тиім­ді жолы – қазақтар тұратын шетелдерде кіші құрылтайлар, басқа да түрлі басқосулар, мәдени іс-шаралар өткізу екендігін көріп жүрміз. Осы орай­дағы тәжірибелеріңізді таратың­қы­рап айтсаңыз.

– Иә, оныңыз рас. Мұндай бас­қосулар қазақ халқының біртұтас ұлт ретінде өсіп-өркендеуіне үлкен ықпал жасайды. Өйткені, қазақ қай жерде жүрсе де, қай елде тұрса да өзінің ана тілін, ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтай білуге тиіс. Ол – сонысымен қазақ. Сырттағы қазақтар арасында соңғы уақытта біраз күрделі мәселе­лердің қалыптасып отырғаны да анық. Яғни, олардың жас толқынының ана тілінен алыстап, ұлттық ерекшікте­рінен ажырай бастағаны байқалады. Бұл жағдайдың алдын алу үшін не істеу керек? Осы тұрғыдан келгенде кіші Құ­­рылтай сияқты басқосулардың маңы­зы айрықша. Яғни, сырт жерлердегі аға­йындардың ұлттық-рухани түйткіл­дері ең алдымен осындай жиындарда жан-жақты талқыланып, күн тәртібіне қо­йылуға тиіс. Қазіргі кезде Еуропа ел­дерінің көбінде Қазақ мәдени орталық­тары құрылып, ойдағыдай жұмыс іс­теуде. Қауымдастық осы орталық­тар­мен бірлесіп, жыл сайын бір рет Еуропа қазақтарының спорт және мәдени мерекелерін ұйымдастыруда.

Мұндай алқалы жиындардың бірі биыл Еуропаның теріскейіндегі Дания елінің Аархус қаласында өтті. Бұл кіші құрылтайға Қазақстаннан біздің арнайы делегациямыз барып қатысты. Делегация құрамында Парламент Мә­жілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы, «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Сауытбек Абдрахманов және басқа да қоғам қайраткерлері мен өнер жұл­дыздары болды.

Осы ретте Қауымдастықтың игілікті істеріне әркез демеу көрсетіп жүрген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-қа Данияда өткен кіші құ­рылтайды ұйымдастыруға көмек­тескені үшін алғыс білдіргім келеді. Қа­зақ рухын көтеруге қызмет ететін осындай қолдастығымыз алда да жалғасады деп үміттенемін.

Кіші құрылтайдың ойдағыдай өтуі­не Қазақстанның Даниядағы елшілігі де үлкен үлес қосты. Құрылтай кезінде Қазақстаннан барған делегацияны елі­міздің Германия Федеративтік Респуб­ликасы мен Дания Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Онжанов қабылдап, Қазақстанның Еуропа қазақтарымен байланысын одан әрі нығайта беру орайындағы өз ойларын ортаға салды.

Қазақ диаспорасының мұндай кіші құрылтайлары Тәжікстан, Ресей, Моң­ғолия, Түркия сияқты елдерде де сәтті өткенін ауыз толтырып айта аламыз. Сондай-ақ, Қауымдастық шетелдерде кіші құрылтайлардан да басқа түрлі мәдени шаралар өткізуге де айрықша көңіл бөлуде. Әсіресе, шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанда оқып, білім алуына байланысты да көп жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте Қауымдастық шетелдік қазақ жастарына арналған дайындық курстарының ашылуына тікелей мұрындық болып атсалысты. Соған орай қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен басқа да жоғары оқу орындарында бірнеше дайындық курстары жұмыс істейді.

– Өз жұмыстарыңызда әріптес қолдаушылар бар ма? Басқа меке­ме­лердің көмегі қандай? Жұмыста­рыңызды түрлендіру орайында нендей ізденіс жасаудасыздар?

– Қауымдастық өзінің күнделікті жұ­мысын Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімімен, Мәдениет және ақпарат министрлігі және оның Тіл комитеті, Білім және ғылым минис­трлігі, Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігімен тығыз байланыс­та жүргізеді. Ал шетелдік қазақтармен байланысты сол елдердегі Қазақстан елшіліктерімен және қазақ мәдени орталықтарымен бірлесіп жүзеге асырудамыз. Қазір қазақтар көп тұратын елдердің басым көпшілігінде заңды түрде құрылып, әділет мекемелерінен тіркеуден өткен қазақ мәдени орта­лықтары жетерлік. Мысалы, Түркия, Германия, Франция, Австрия сияқты елдерде мұндай орталықтар көптен бері жұмыс істейді. Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының да жұмысы жемісті. Ол елдің көптеген облыстары мен Қарақалпақстанда республикалық Қазақ ұлттық мәдени орталығының бөлімшелері кұрылған. Ресейдің Мәс­кеу, Санкт-Петербург сияқты үлкен қалаларынан бастап, Астрахань, Орынбор, Омбы, Самара, Саратов, Челябі, Түмен облыстары мен сонау алыстағы Саха Республикасында да қазақ мәдени орталықтары бар. Балтық жағалауы елдерінде де қазақ мәдени орталықтары шаңырақ көтере бастады. Біз осы мәдени орталықтармен тікелей байланысып, бірлескен бағдарламалар негі­зіндегі көптеген шараларға ұйтқы бол­дық. Мысалы, ол елдерде қазақ әде­биеті мен өнерінің мерекелері өткі­зіледі, жергілікті қазақ өнер ұжым­дарына ұлттық киім мен музыкалық аспаптар жөнінен көмектесеміз.

Қауымдастық Моңғолия сияқты елдерде өз бөлімшесін ашты. Кейбір елдердегі қандастарымызбен байланыс­ты жеке тұлғалар, жеке мәдениет ошақтары арқылы жолға қойып алудың сәті түсті.

Шетелдегі ағайындармен тікелей байланысты барынша жақсартып, тиімді жүргізу үшін Павлодар, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Алматы сияқты шекаралық облыстар мен Астана қала­сында Қауымдастықтың бөлімшелері ашылған. Бұл бөлімшелер өздеріне жақын, көршілес елдегі қазақтармен қазірде тәуір-ақ байланысып жатыр.

Міне, осындай жан-жақты жұмыс­тар­дың нәтижесінде Қауымдастық әлемнің түкпір-түкпірінде шашырап жүрген қазақтардың Қазақстан тарапынан шешілуге тиіс мәселелерін зерттеп, оларды бір жүйеге түсіреді. Қауымдас­тықтың жанынан арнайы құрылған ғылыми сараптама орталығы қазақ диаспорасының тарихын зерттеумен айналысуда. Осы орталықтың талдамалары негізінде тиісті құзырлы орын­дарға үнемі нақты да дәйекті ұсыныс­тармен шығудамыз. Сондай-ақ, Қауым­дастық жанындағы ақсақалдар алқасы да шетелдегі ағайындармен байланыс жасаудың өзекті мәселелерін ортаға салып, жиі бас қосып тұрады.

Қазақстанның шетелдегі қазақтар­мен байланысының ең басты бір бағы­ты – көші-қон мәселесі. Әрине, көші-қон жұмыстарының әлде де ойласатын, жан-жақты қолға алып, жүйелі түрде шешетін мәселелері аз емес. Түрлі түйткілдері көңіл толқытар бұл сынды шаруаларға да өз үлесімізді қоспай, ілтипатқа ілмей тұра алмаймыз.

– Шетелдегі қазақ диаспорасына ақпараттық қолдау көрсету орайында не айтасыз? Көп нәрсе хабар­дарлыққа байланысты мына заманда бұл жұмыстың мүмкіндігі мен болашағы үлкен шығар?

– Иә, бес миллионнан астам қазақ диаспорасының 90 пайызға жуық бөлігі елімізбен шекаралас мемлекеттерде орналасқан. Шекараға жақын болған­дықтан ол елдерге Қазақстанның радио және телехабарларын жеткізу барынша оңай. Бұл елдерге Қазақстанның газет-журналдары мен кітаптарын та­ратудың да мүмкіндігі мол. Сондай-ақ, қазір бұл ретте арнайы веб-портал ашу да қолға алынды.

Яғни, Қазақстанның ақпараттық кеңістігін әлдеқайда кеңейтіп, аудито­рия­сын ұлғайтудың тиімді бір жолы – шетелдегі отандастарға арнал­ған радио және телехабарлар ауқымы мен түрлі басылымдарды көбейту. Елімізде бұған толық мүмкіндік бар. Осыған орай Қауымдастықтың жанынан «Алтын бесік» журналы мен «Туған тіл» аль­манағы жарық көріп, шетелдердегі ағайындарға таратылады. Бұл басылымдарды шығаруға қолдау жасап жатқан Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті мен Тіл комитетіне алғы­сымыз зор.

Еліміздің экономикалық-әлеуметтік өсіп-өркендеуінде Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауының алар орны ерекше. Жолдауды барша қазақ­стандықтармен бірге шетелдегі ағайын­дар да айрықша ынта-ықыласпен асыға күтеді. Соған орай Қауымдастық Елба­сының Жолдауын шетелдегі отандас­тарға жеткізіп, жан-жақты насихаттауға да айрықша назар аударады. Қазір Жолдауды түрік, моңғол тілдеріне аударып, оның төте жазумен шығатын нұсқасын дайындап, алыстағы ағайындарға жет­кізуде жеделдік пен ыждағаттылық танытудамыз.

– Шеттегі қандастарды қолдау, түйткілді мәселелерін шешу орайында тағы қандай игі істер атқарылуда?

– Әлбетте, түйткілді жайлар жоқ емес, бар. Мысалы, Өзбекстандағы, Қы­тайдағы қазақ мектептеріндегі оқы­тудың қазіргі жағдайы, содан туындайтын болашағы алаңдатады. Кезінде Соломенцев деген шовинист совмин төр­ағасы Ресейдегі қазақ мектептерін «Ол неге керек?» деп бір-ақ бұйрықпен жауып тастаған. Конституциялық тұрғыдан заңды болса да, сол мектептерді енді қайта ашу қиын. Шетелдік қандастар балаларының атамекендегі жоғары оқу орындарына түсу мәселесінде нақты­лай түсетін тұстар баршылық. Еуропа елдеріндегі, Түркиядағы бауырлардың ұрпақтарына ана тілін үйрету орайын­дағы салғырттық та жарасып тұрған жоқ. Содан соң оралмандар көші тоқт­ап қалды деп дабыл қағушылардың да құлағына алтын сырға дер едім. Себебі, көштің тоқтап қалған ештеңесі жоқ. Керісінше, қаржының бір бөлігі орал­ған қауымды орнықтыруға, мұндағы өмірге, мамандыққа бейімдеуге жұм­салып жатыр. Одан біз ұтпасақ, ұтыл­маймыз. Осындай жайларды оңынан шешу жөніндегі жұмыстарға келер болсақ, қауымдастық шетелдегі қазақ диаспорасының демографиялық және әлеуметтік жағдайының бүгіні мен болашағы жөнінде арнайы экспедициялар ұйымдастыруды да қолға алып келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде «Өзбекстандағы қазақтар», «Қытай­дағы қазақтар», «Ресейдегі қазақтар» деген монографиялық жинақтар жарық көрді. Жалпы, Қауымдастық шетелдегі қазақ қаламгерлерінің шығармаларын жинап, жарыққа шығарып насихаттауға айрықша назар аударады. Шетел қазақтарымен байланыс жасау жөнінде түрлі ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстел мәжілістері ұйымдастырылуда.

Қауымдастық көп жылдан бері Түркістан қаласы әкімдігімен бірлесіп, шетелдегі ағайындарға қолдау көрсету жөнінде түрлі іс-шараларды тұрақты өткізіп келеді. Солардың бірі – «Түр­кістанды аңсау» атты мәдени-этно­графиялық оралмандар фестивалі. Бұл фестивальға Қазақстанның барша облыстарында орналасқан оралмандар, сон­дай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Қы­тай, Моңғолия елдерінен арнайы келген өнерпаздар қатысады.

Шетелдегі қазақтар жас ұрпаққа ана тілін үйретуге құштар. Осы мақсатта арнайы мұғалім жіберу туралы да жиі өтініш айтады. Бірақ қазір заман өзгерді. Бүгінгі таңда тілді техниканың көме­гімен де оңай үйре­нуге болады. Соған орай өз маман­дарымызға шетел қазақ­тарына арнап қазақ тілін үй­рену­дің компьютерлік бағдарлама­сын жа­сат­қыздық. Сондай-ақ, «kazaktar.kz» веб-сайтымыз да тұрақ­ты жұмыс істейді.

Алыс және жақын шетелдердегі қа­зақ мектептері мен қазақ мәдени орта­лықтарын оқулықтар және оқу-әдіс­темелік құралдармен қамтамасыз ету, оларға түрлі кітаптар, журналдар тасымалдап жеткізіп беру жайы да ешқашан назарымыздан тыс қалған емес.

Шетелдегі ағайындар қазақ тіліндегі кітаптарға да өте мұқтаж. Соған байланысты біз шетелдегі қазақ қалам­гер­ле­рінің шығармаларын басып шығарумен ғана шектелмей, оларға Қазақстанда жарық көрген түрлі кітаптарды жүйелі түрде жіберіп тұрамыз.

Шетелдегі қазақ балаларын Қазақ­станда өтетін қазақ тілі мен әдебиеті жөніндегі конкурстарға қатыстыру, «Бал­дәурен» сауықтыру орталығына әкеліп тынықтыру да жылдағы жоспарлы талапқа сай.

Бір сөзбен айтқанда, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Елбасы­ның шынайы қолдауы мен қамқор­лығының нәтижесінде шетелдегі қазақ диаспорасымен байланысты барынша нығайтып, жиырма жыл ішінде үлкен белестерге көтеріліп, айтарлықтай табысқа жетті.

Қауымдастық бұл жұмыстарын ал­дағы уақытта қазіргіден де жаңа деңгейге көтеріп, жан-жақты әрі жүйелі түрде жүргізе береді деп кәміл сеніммен айта аламыз. Ал мерейтойлық іс-шара­лары­мыз іскерлік рухта, мәнді де мағыналы болып өтпек. Бағдар­ламада салиқалы ғылыми-практикалық конференция, «Ата­мекен және шетел­дегі қазақ жастары» атты сан-салалы өнер фестивалі көзделген. Бұл алқалы жиында да Алаш абыройы аспандай түсеріне сөз жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Сейсенбі, 9 қазан 2012 7:08

 

http://www.egemen.kz/2012/10/09/347652/

 

толығырақ

Елбасының Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30  мем­ле­ке­тінің қатарына қосу жөніндегі алға қойған асқақ та ауқымды мақсатының жүзеге асуы анық. Бұған Қазақстанның әлеуеті де, экономикалық мүмкіндігі де толық жетеді. Жолдауда мұ­ның бәрі жан-жақты талданып көрсетілген. Енді осы үлкен мін­детті бүкіл халқымыз айқын жос­пар, нақты іспен қолға алуға тиіс.

Бұл игі істен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да шет қалмайды. Елбасының қазақ халқының болашағына қатысты қолға алған іс-шараларына Қауымдастық өз үлесін қосуға тиіс.

Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы  шетелдегі 5 млн. қазақ диаспорасы мен Қазақстанның арасын жал­ғастыратын еліміздегі бір­ден бір қоғамдық ұйым. Со­ған орай, Қауымдастық Қа­зақстанда қолға алынған ма­ңыз­ды жұмыстарды шетелдегі ағайындарға дер кезінде жет­кі­зіп, насихаттап отыруға тиіс.

«Қазақстан – 2050» Стратегиясына шетелдегі ағайындар да айрықша қызығушылық танытып отыр. Өйткені, шетелдегі қазақтар – қай елде тұрса да  қазақ халқының құрамдас бір бөлігі. Яғни, қазақ халқының бүгіні мен болашағына байланысты қолға алынған кез келген  іс-шара оларға да  тікелей қатысты. Сондықтан да, шетелдегі қазақтар Елбасы қолға алған әрбір игілікті бастамаға  өздері де  үлес  қосуды армандайды.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасының «2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруіміз керек. Бұл ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деп атап көрсетуі шетел қазақтары үшін айрықша маңызды болып отыр.  Дәлірек айтқанда,  шетел қазақтары үшін бұл  көптен күткен қуанышты жаңалық еді.

Шетелдік ағайындар Қазақстанның латын жазуына көшуіне ерекше ынталы, бұл жөнінде  қолға алынатын іс-шараларға әрқашан да өз үлестерін қосуға дайын. Сондықтан да Стратегияның латын жазуына көшу жөніндегі жұмыстары қолға алынғанда оған шетел қазақтарын да қатыстыру ұмыт қалмағаны дұрыс.

Бүгінгі таңда латын жазуы жер жүзін­дегі барлық қазақтың басын қосатын, оларды бір-біріне жа­қындастырып, ана тілін, әдет-ғұр­пын, салт-дәстүрін сақтап, біртұтас ұлт ретінде өсіп-өркендей беруіне мүмкіндік беретін ең негізгі жазу болып отыр. Мұның бірнеше себептері бар. Енді осы жөнінде қысқаша айта кетейік. Қазақ халқы сонау XIX ғасырдың аяғына дейін түгелдей бір тілде сөйлеп, бір салт-дәстүрді ұстанып, бір жазуды (араб әліпбиі) пайдаланатын, біртұтас территорияны мекендейтін ұлт болғаны баршаға мәлім. Бірақ кейін әрқилы себептермен қазақтардың іргесі сөгіліп, аражігі ашылып, әртүрлі елдерге шашырай бастады. Бұл ретте, өздерінің ежелгі атамекендерінде отырса да тарихи отанының шекарасынан сырт қалып қойған ағайындар шетелдегі қазақ диаспорасының басым көпшілігін құрайтынын айта кеткен жөн. Осы жағдайдың салдарынан бүгінгі таңда 15 млн. қазақ әртүрлі елдерді мекендейтін, әртүрлі мәдениет пен салт-дәстүрге бейімделе бастаған және әртүрлі жазуды қолданатын ха­лыққа айналып отыр. Яғни бү­гінгі таңда Қазақстандағы қазақ­тар кириллица жазуын пайдаланады. Ал Ауғанстан мен Ирандағы ағайындар араб жазуымен оқып, білім алады. Қытайдағы қазақша оқитын қазақтар араб әліпбиіне негізделген төте жазуды пайдаланса, ал қытай мектебіне баратындар (олардың саны жыл сайын арта түсуде) иероглиф жазуымен сауат ашады.

Өзбекстандағы жағдай да осы­ған ұқсас, мұндағы ана тілін­де білім алатын қазақтар Қазақ­стандағы сияқты кириллицаны пайдаланса, өзбек мектебіне баратын қазақ жастары латын әліпбиімен сауат ашуда. Яғни болашақта Қы­тай мен Өзбекстандағы қазақ­тардың ауызша сөйлегенде өзара жақсы түсініскенімен, бірінің жазғандарын екіншілері оқи алмайтын жағдай қалыптасып келеді.

Бұл ретте, Түркіменстан қазақ­тары туралы да ерекше айта кеткен жөн. Қазір бұл елде білім бе­ру екі-ақ тілде, яғни, түркімен және орыс тілдерінде ғана жүр­гі­зі­леді. Соның салдарынан бұ­рын­ғы қазақ мектептерінің бәрі жабылған – жергілікті қазақтардың жас ұрпағы түгелдей түркімен тілін­де білім алуға мәжбүр. Ал Түр­кіменстандағы түркімен мек­теп­тері түгелдей латынға көш­кен. Соған байланысты, Түркі­менстанда оқып, білім алған қазақ жастары қазақ тілінде ауызша жақсы сөйлегенімен, қазақша оқып, жазуда тұйыққа тірелетін жағдайларға душар болуда. Соның салдарынан бұрын Түркіменстанда орта мектепті бітіргендер Қа­зақ­станға келіп кез келген оқуға еркін түсетін болса, қазір латын жазуымен оқығандықтан олардың мұндай мүмкіншіліктері барынша шектелген.

Ресейдегі 1 млн.-ға жуық қан­дас­­тары­мыздың да жағдайы осыған ұқсас деуге болады. Бұл елдегі қазақтар түгелге жуық орыс мектептерінде оқиды. Бірақ, соған қарамастан, Ресей қазақтарының өздерінің ұлттық ерекшелігін сақ­­тауға, ана тілін білуге деген ынта-ықыластары жыл өткен сайын қайта оянып, алға басып келе жатыр. Және Ресейдегі ағайындардың басым көпшілігі Қазақстанмен шекаралас өңірлерде тұтас ауыл, аудан болып отыр. Бұл жағдай ресейлік қазақтардың болашақта өздерінің ұлттық бол­­мыстарын толығымен қайта қал­­пына келтіреді деген үлкен үмітке бастайды. Бірақ осы үміттің ойдағыдай жүзеге асуына жазу мәселесінің кәдімгідей кедергі болып отырғаны анық. Яғни Ресейдегі орыс мектептерінде оқыған қазақ жастары кириллицамен сауат ашқанымен, қазақ халқына ғана тән төл әріптерден мүлдем хабарсыз. Соның салдарынан олардың да ауызша сөйлегенде қазақшаға әжептәуір жетік болғанымен, оқып, жазуға келгенде кәдімгідей қиындыққа кездесетіні айқын аңғарылады.

            Моңғолиядағы жағдай да осыған ұқсас. Бұл елдің Баян-Өлгей мен Қобда аймақтарындағы қазақтар өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін өте жақсы сақтаған; оқу, жазуында да Қазақстандағыдан ешқандай айырмашылығы жоқ. Ал бірақ Уланбатор сияқты үлкен қалалар мен оларға жақын аймақтардағы қазақ жастары түгелге дерлік моңғол тілінде оқып, білім алуда. Яғни, олардың болашақта қазақша оқып, жазудан алшақтай беретіні анық.

Еуропаның Түркия мен басқа да мемлекеттерінде тұратын қа­зақтардың жағдайлары да осыған ұқсас. Бұл елдердегі қазақтардың аға ұрпағы қазақ тілін жетік біледі, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды берік ұстанады. Олар­дағы жастардың да қазақ болуға деген ынта-ықыласы мен ұлттық патриотизмі көңіл қуантады. Бірақ оларға да жазу мәселесінің біраз қиындық келтіріп отырғаны анық. Өйткені, бұл елдердің бәрі де латын жазуын пайдаланады. Соған орай, олар атамекен – Қа­зақ­стандағы жазуға келгенде тығырыққа тіреледі. Осыған бай­ланысты, алыс шетелдердегі  ағайындардың «Қазақстан латын жазуына қашан көшеді» деп көптен армандап жүргенін де айта кеткіміз келеді.

Міне, осы айтылғандардың бәрі латын жазуына көшу жер жүзіндегі барлық қазақ үшін айрықша маңызды екендігін айқын көрсетеді.

Яғни латын жазуы жер ша­рының кез келген шалғай түк­пі­рінде жүрген қазақтардың бір-бірімен қазақ тілінде тікелей байланыс жасауына, ақпарат алмасуына, атажұрттың жаңалықтарынан күн сайын хабардар болып, ана тілін меңгеруіне, қазақтық қалпын сақтап, дамыта беруіне үлкен ықпал жасайтыны даусыз.

Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­тығындағы жұмысымызға орай біз бұған анық көз жеткізіп отырмыз. Қазіргі кезде Қауымдастық әлемнің қазақтар тұратын барлық елдерімен, ондағы қазақ мәдени орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Соған орай, мына мәселені қадап айтқымыз келеді. Кириллица жазуымен байланыс жасаудың аясы Қазақстан шекарасынан әрі аспайтыны анық. Ал латын жазуына көшкен жағдайда мұндай кедергі мүлдем болмайды. Осыған орай, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жоғарыдан еш­қан­дай жарлық та, қаулы да күтпей латын жазуын біраз уақыттан бері пайдаланып келеді. Мысалы, Елбасының жыл сайынғы Жол­дауы­ның қазақша мәтінін латын жазуымен жарыққа шығарып, шетелдегі ағайындарға тұрақты түрде таратып жүрміз.

Сондай-ақ, Қауымдастықтың жанынан жарық көретін «Туған тіл» альманағы мен «Алтын бесік» журналының әр санындағы бірнеше материалдарды латын жазуымен жарыққа шығарып, оларды да алыстағы ағайындарға жеткізіп отырамыз. Бұл жағынан қарағанда, «Егемен Қазақстан» газетінің сайтында әр мәтінді үш әліпбимен оқу мүмкіндігі жасалғанына разылық білдіргіміз келеді. Сайтты ашып, мәтінді латын жазуына немесе төте жазуға тез көшіре алуға болатынына шетелдегі қандастарымыз өте ризашылық білдіруде.

Біз Елбасының Жолдауындағы латын жазуына көшу жөніндегі алға қойған міндеттерді толық қостаймыз және оны дер кезінде тезірек жүзеге асыру керек деп есептейміз.

 

Талғат МАМАШЕВ,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Төрағасының бірінші орынбасары.

Егемен Қазақстан. 18 қаңтар, 2013

http://www.egemen.kz/2013/01/18/354939/

 

толығырақ

 

Азат елдің іргесін бекітіп, саясат пен экономика тұрғысынан ілгері қадам басқан еліміз сонау тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан-ақ сыртта жүрген қандас­та­ры­мызды іздеп, олармен тонның ішкі бауындай бай­ланыс жасап келе жатқанына жиырма жылға жуықтапты. Кеше Алматыдағы Ғылым ордасында Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдығы шеңберінде «Этникалық қазақтардың репатриациясы Қазақстан мемлекеті көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде: жетістіктері, мәселелері мен оларды шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

– Осыдан 20 жыл бұрын, 1992 жылдың қыркүйегінде, Қазақстан Президентінің бастамасымен, ұлт тарихының сындарлы тұсында мемлекеттік шекарамен алшақ­та­лып, саяси жүйемен бір-бірінен қол үзіп қалған қазақ халқының өткенін екшеп, келешегін анық­тауға, ел тұтастығына шақыруға бағытталған міндеттерді мақсат еткен Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы Алматыда алғаш рет шақырылды, – деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төраға­сының бірінші орынбасары Тал­ғат Мамашев.
Тұңғыш Құрылтайда Дүние­жү­зі қазақтары қауымдастығын құру, оның жарғысын қабылдау, басшы органдарын сайлау мәсе­лелері талқыланды. Бұдан кейін де, Елбасының тікелей қамқор­лы­ғымен, әлемнің 35 елінен қан­дастарымыз қатынасқан үш Құ­рылтай – Түркістанда және Астанада болып өтті. Төрт құрыл­тай­да да Дүниежүзі қазақтары қа­уым­дастығының Төрағасы болып Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.


Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының қоғамдық ұйым ре­тіндегі мақсаты әлем картасында белгіленген жаңа егемен мемлекет – Қазақстанның халықаралық беделінің артқанын, мемлекеттік ұйымдарда отырған басшыларға қазақ диаспорасының мәселе­ле­рін, өзекті өртеген мұңдарын, қазақтардың тарихи отаны – атамекен жерлеріне деген ниет-ті­лектерін жеткізу. Біздің байқауы­мыз бойынша, шетелдердегі отандастарымыз қай жерде өмір сүрсе де олардың өзінің ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, мәде­ние­тін сақтап қалуға, басқа ұлтпен тату-тәтті өмір сүруге деген ұмтылысы, тарихи отаны – Қазақстанмен байланысын ны­ғайту оларға тән ерекше қасиет. Қауымдастықтың ықпал етуімен Қытайдан, Сауд Арабиясынан, Ираннан, Түркиядан және де басқа елдерден қазақтар Қазақ­станға көптеп көшіп келді. Шет елден елге оралуды ұйымдас­ты­руда оралман ғалымдардың ерен еңбектерін атап көрсеткеніміз жөн. Олардың ерлігі көптеген қазақ отбасыларының азаматты­ғы­ның өзгеруіне үлгі болды. Ол ғалымдардың бір бөлігі шетелдерден кәсіби маманданып келген болса, екіншілері мемлекет қолдауымен аспирантура мен докторантурадан өтіп, қазақстан­дық ғылым ордаларын толы­қ­тырды. Мысалы, Моңғолияның бұрынғы Премьер-министрінің орынбасары, сол елдің Парламент төрағасының орынбасары, докторлық диссертациясын Мәс­кеуде қорғаған Зардыхан Қинаят­ұлы, сонымен қатар, Қытай қа­зақ­тары арасынан алғашқы тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханұлы қазіргі кезде Шы­ғыстану институты бөлімінің және біздің Қауымдастықтың Диаспорология орталығының мең­герушісі. Мұндай тізімді одан әрі де жалғастыра беруге болады.
Шынымен де, тәуелсіз жиырма жыл ішінде Қазақстан сапа­лық жаңа деңгейге көтерілді. Еліміздің осы оңды өзгерістеріне ата-бабалар жеріне келіп, өмірдің сан-саласына біте қайнасып кеткен этникалық қазақтардың үлесі мол. Алдағы жоспарымыз бұдан да күрделене түспек. Өйткені, заман талабы солай. Шетелдердегі диаспорамен мәдени, ағартушы­лық, рухани, ақпараттық байланыстарды орнатуда жаңа әдістер керек. Қазақстан жоғары мектебі арқылы диаспораның ұлттық интеллигенциясын қалыптастыру, оларды қолдау саясатын жүргізу қажет…
Конференцияда талқыланған мәселелердің ауқымы кең. Филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанов шет ел қа­зақ­тарының әдебиеті мен өнері жөнінде келелі әңгіме өрбітті.
– Әлемдік жаһандану үдерісі жағдайында ұлттық әдебиет пен өнер мәселелерін тереңірек зерт­теудің мән-маңызы зор, – деп бас­тады әңгімесін Уәлихан Қали­жанұлы. – Осы ретте Қазақстан­нан тысқары елдерде өмір сүре­тін қазақтардың әдебиеті мен өнерін арнайы зерттеу аса ма­ңызды. Қазір әлемнің қырықтан астам мемлекетінде 5 миллионға жуық қазақ диаспорасы тұрып жатыр. Олар шетелдердегі аз этникалық топ болғандығына қа­рамастан, әрдайым өздерінің ата­мекені Қазақстанмен рухани-мәдени және шаруашылық байланыста болуға тырысады. 2011 жылдың 25 мамырында Астана қаласында өткен Дүниежүзі қа­зақ­тарының ІV құрылтайында Елбасы, Қауымдастық Төрағасы Н.Назарбаев «Қазақстан – дү­ние­дегі әр қазақтың қастерлі құбы­ласы» атты баяндама жасаған болатын. Елбасының осы құрыл­тайда сөйлеген сындарлы сөзінен туындайтын бүгінгі күн талаптарын негізге ала отырып, қазақтар тығыз қоныстанған көрші елдер – Ресей, Қытай, Моңғолия, Өз­бек­стан, Түркіменстан қазақта­ры­ның әдебиеті мен өнерін бір­тұтас ұлттық құндылықтар тұр­ғы­сынан жан-жақты зерттеудің маңызы зор. Бұл елдерде тұратын қазақтар әдебиеті мен өнері осы­ған дейін диссертациялық ең­бек­тер ауқымында ғана қарасты­рылып келгенімен, мемлекеттік бағдарлама деңгейінде кең ауқым­­да зерттелген жоқ еді.  Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 2012-2014 жылдарға жоспарлан­ған «Шетелдердегі қазақ әдебие­ті мен өнері» атты бағдарлама дайындады. Оның басты мақсаты – отандастарымыз тығыз қоныс­танған көрші елдердегі қазақ әдебиеті мен өнерінің бір жарым ғасырлық тарихына терең барлау жасап, дүние жүзі қазақтары әде­биеті мен өнерінің негізгі даму бағыттары мен мақсат-міндетте­рін айқындау барысында шығар­машылық үндестік, сабақтастық принциптерін негізге ала отырып ілгері ғылыми еңбек жазу.
Ғылыми жиында әлемге тарыдай шашырап кеткен қандас­та­рымыздың көптеген мәселелері күн тәртібіне қойылды. Тарих ғы­лымдарының докторы, про­фес­сор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсти­ту­тының бас ғылыми қызметкері Зардыхан Қинаятұлы Қауымдас­тықтың құрылуын қазақтың тағ­ды­рынан туған тарихи құбылыс деп бағалады. 1990 жылдары ата­мекеніне атбасын бұрған қазақ­тарды құшақ жая қарсы алып, ағайынды ағайынмен қауыштыр­ған алтын көпір болды. Қауым­дастық осылайша атажұртын аңсап келген қазақтардың ат байлайтын ақ отауына айналды.
– Біздің қазақ отаршылдық сая­саттан жапа шеккен халық­тар­дың бірі, – деді Зардыхан Қи­наят­ұлы. – 1990 жылдары ата­жұрт­қа бет бұрған қазақ көші қазақты этнодемографиялық және рухани құлдыраудан құтқа­ру жолында жасалған игі қадам­дардың бірі болатын. 1989 жылы Кеңес одағы көлемінде жүргізіл­ген жан санағының ресми қоры­тындысына жүгінсек, қазақтар республикадағы 16 199,2 мың халықтың 40,1 пайызын құрай­тын. Ұлттық құлдыраудың мұн­дай көрсеткіштері әлемде сонша­лықты көп болмаған. Оқиғаны дұрыс бағамдау үшін көш үде­рісін бірнеше кезеңдерге бөліп, талдап көрсетті көрнекті ғалым.
Зерделі әңгімесін аяқтай келе Зардыхан Қинаятұлы шетелдегі қазақ ағайындарды тығырыққа тіреп отырған мәселені де тілге тиек етті. 2011 жылы қабыл­дан­ған «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа Заңында кейбір ілгері­леушіліктермен бірге қателік­тер­дің де кеткенін ашық айтты. Бұл заң азаматтық, меншік және басқадай заңдармен үйлестіріл­ме­гендіктің салдарынан қателік­терге ұшыраған. Мысалы, ата­жұрт­қа келемін деушілер және келіп алса да азаматтық ала алмай жүргендер үшін ендігі жерде бұрынғы тұрған елінің азамат­тығынан біржола шығып келу немесе анықтама әкелу міндеттел­ген. Бұл БҰҰ Бас Ассамблеясы 1948 жылы 10 желтоқсанда қа­был­даған «Адам құқығының жал­пы ережелерін» былай қой­ған­да, азаматтардың конститу­ция­лық құқығына қайшы келеді. Сонда ҚХР, Моңғолия, Өзбекстан Республикасы өз азаматына «Бұл біздің елдің азаматтығынан ш­ы­ғарылды» деген анықтаманы қа­лай бермек?! Осыдан болып, әзірге квота және азаматтық алу мәселесі тоқтап тұр. Меніңше, осы мәселелерді реттемей қазақ көші көлікті бола алмайтын түрі бар…
Батыс Еуропадағы бірқатар елдерде қазақ диаспорасының өкіл­дері өмір сүріп келеді. Мұн­дағы қазақтардың алғашқы легі 1961 жылы Германия мен Түркия арасында қол қойылған «Еңбек миграциясы» туралы келісім шарт бойынша 1962 жылдан бас­тап Түркиядан Германияға қо­ныс аударған. Түркиямен сондай келісім-шарттар ол кезде еңбек күшіне мұқтаж басқа Еуропа ел­дерімен де жасалған. Сол еңбек миграциясы келісім-шарттары не­гізінде қазақтар Германияға қоса Швеция, Франция, Австрия, Норвегия, Дания және Швейцария сияқты елдерге көшіп барған. Сондай-ақ Түркиядағы қазақтар­дың өз беттерінше Голландия, Франция, Ұлыбритания және Австрия сияқты елдерге қоныс аударуымен толыға түскен.
Саясаттану ғылымдарының докторы, Еуропа Қазақ қоғамда­ры федерациясының төрағасы Кесижи Абдулқаюм өзі басқарып отырған ұйымның жұмысына ке­ңінен тоқталды. Оның айтуынша, Еуропа қазақтары қоғамдық ұй­ым­дар құрып, солардың айналасына топтаса бастаған. 1980 жыл­дар­дың басында тұңғыш рет Германияда құрылған қазақ мәде­ниет қоғамдарының қатарына бас­қа Еуропа елдерінде құрылған қазақ қоғамдары да қосылған. Осы орталықтары өзара байланыс­тарын, жұмыстарын белгілі бір жүйеге келтіріп, үйлестіріп отыру мақсатына орай «Үйлестіру кеңестері» ұйымдастырылып сол арқылы бәрінің басын қосатын бір шаңырақ ұйым құруды қолға алған. Осы бағыттағы жұмыс­тар­дың нәтижесінде, Еуропадағы он қазақ қоғамы 2009 жылы ресми түрде «Еуропа Қазақ Қоғамдары Федерациясын» құрған.
Қазірге дейін атқарылып отыр­ған ізгі ниетті іс-әрекеттерге, ша­раларға қарамастан, Еуропа қа­зақ­тары арасында қазақ тілінің жағдайы жыл өткен сайын нашарлап бара жатқанын, әсіресе, жас буынның ана тілін мүлдем білмей, ұмыта бастағанын мо­йын­дауға мәжбүрміз, – дейді Кесижи Абдулқаюм, – Дегенмен, мұндай ұнамсыз беталысқа қар­сы қол қусырып, жайбарақат отыр­ған жайымыз жоқ. Мысалы, Лондон, Париж, Кельн, Мюнхен және Вестерос сияқты қалаларда курстар ұйымдастырылды. Аптасына бір рет оқытылатын қазақ­ша үйрену курстарына қызығу­шылық көп болды. Өйткені, ол курстарға балалар, жастар, ересек кісілер де қатысады.
Еуропадағы қазақтардың ұлт­тық салт-дәстүрлерді қаншалық­ты сақтағандығына келетін бол­сақ, жағдай жаман емес. Құда түсу, қыз ұзату, үйлену тойлары, шілдехана, бесік той, тұсау кесу рәсімдері, азан шақырып, балаға ат қою дәстүрлері, баланы сүн­дет­ке отырғызу салты, қайтыс болған кісіге жетісін, қырқын беру, жыл айналғанда асын өткізу, ораза айында құран-хатым түсіру сияқты жоралғылар, салт-дәстүр­лер азды-көпті өзгешеліктермен бұрынғысынша орындалып ке­леді. Конференцияда сөз алған филология ғылымдарының докторы Ислам Жеменей, тарих ғы­лымдарының докторы Серік Әжіғали, Ресей қазақтары ұлттық мәдени орталығының төрағасы, Ресей Федерациясы президенті жанындағы ұлтаралық қатынас­тар кеңесінің мүшесі Тоқтарбай Дүйсенбаев, өзбекстандық қоғам қайраткері Үсен Асқаров, экономика ғылымдарының докторы Ғалымжан Дүйсен, философия ғылымдарының кандидаты Әл­жан Қуаныш, философия ғылым­да­рының докторы Серік Нұрмұ­ратов сияқты ғалымдар және қо­ғам қайраткерлері өз ойларымен ортақтасты.
Дүниежүзі қазақтарының қа­уымдастығы Елбасының шынайы қолдауы мен қамқорлығының нә­тижесінде қазақ диаспорасымен байланыс жасауды барынша ны­ғайтып, жиырма жыл ішінде биік белестерге көтеріліп, айтарлық­тай табысқа жеткені атап айтылды.
Конференция жұмысына Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров қатысты.
Бүгін М.Әуезов атындағы ака­демиялық драма театрында Мә­дениет және ақпарат министр­лігі Тіл комитетінің қолдауымен Дү­ниежүзі қазақтары қауымдас­тығының құрылғанына жиырма жыл толуына арналған салтанатты мерекелік шара өтеді.

Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.
Суреттерді түсірген
Азамат ҚҰСАЙЫНОВ.

Сенбі, 13 қазан 2012 7:12 

толығырақ

1992 жылдың 29 қыркүйегінде Қазақстан Президентінің бастамасымен, ұлт тарихының сындарлы тұсында мемлекеттік шекарамен алшақталып, саяси жүйемен бір-бірінен қол үзіп қалған қазақ халқының өткенін екшеп, келешегін анықтауға, ел тұтастығына шақыруға бағытталған міндеттерді мақсат еткен Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы Алматыда алғаш рет шақырылды.

Жиында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқымыздың тарихы мен тағдыры жайлы баяндама жасады. «Бүгінгі құрылтайдың басты мақсаты – бүкіл әлемдегі қазақ қауымының болашағы жөнінде ойласу, ұлтымыздың тарихындағы осынау ерекше белестің тұсында ендігі тағдырымыздың қалай өрлейтінін талқылау. Қазақ диаспорасының қалыптасуы – зерделі жанды таң қалдыратын құбылыс. Әрбір үш адамның біреуі – атамекеннен жырақта жүрген қазақтан басқа халықты атау қиын шығар», – деп Елбасы тебірене толғаған болатын [1].

Түркиядан келген Дәлелхан қажы Жаналтай көзіне жас алып:« Мен бұл күнді көрем деп ойлаған жоқ едім. Құдайға шүкір, өшкенім жанды, өлгенім тірілді! Енді арман жоқ!» деп ағынан жарылған еді. [2] Осы сөз құрылтайдың өзегіне айналды.

Тұңғыш Құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құру, оның жарғысын қабылдау, басшы органдарын сайлау мәселелері талқыланды.

Бұдан кейін де, Елбасының тікелей ат салысуымен, әлемнің 35 елінен қандастарымыз қатынасқан үш Құрылтай – Түркістанда және Астанада болып өтті. Төрт құрылтайда да Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы болып Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қоғамдық ұйым ретіндегі мақсаты, әлем картасында белгіленген жаңа егемен мемлекет – Қазақстанның халықаралық беделінің артқанын, мемлекеттік органдарында отырған басшыларға қазақ диаспорасының мәселелерін, өзекті өртеген мұңдарын, қазақтардың тарихи отандары – атамекен жерлеріне оралуға деген ниет-тілектерін жеткізу.

Біздің байқауымыз бойынша, шетелдердегі отандастарымыз қай жерде өмір сүрсе де, олардың өзінің ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап қалуға, басқа ұлтпен тату-тәті өмір сүруге деген ұмтылысы, тарихи отандары – Қазақстанмен байланысты нығайтуы оларға тән ерекше қасиет. Қауымдастықтың шетелдегі қандастарымыздың көмегімен Венгриядағы  қыпшақтар қоғамы, Франциядағы қазақстандықтар Қауымдастығы, Моңғолиядағы достық қоғамымен байланыс орнатуы – кездейсоқтық емес. Міне, 10 жылдан бері Қазақстанның шекаралас облыстарында Қауымдастықтың тоғыз бөлімшесі қызмет етіп келеді.

Шетелдердегі қазақ диаспорасының біртұтастығы мақсатында, олардың қызметінің өзекті мәселелерін талқылауға арналған қазақтардың кіші  құрылтайлары Моңғолияның Уланбатыр мен Баян-Өлгий аймақтарында, Түркияның Ыстамбұл қаласында, Орталық Азия, Иран, Ауғанстан қазақтарының кіші құрылтайы Тәжікстанның астанасы – Душанбеде, сондай-ақ, Мәскеу, Астрахань, Орынбор, Омбы, Самара, Түмен, Челябі, Қорған, Алтай Республикасы қазақтарының мәжілісі мен құрылтайы өткізілді.

Еуропа қазақтарының жыл сайынғы кіші құрылтайын өткізу де дәстүрге айналды. Қауымдастық Германия (Мюнхен қ., Кельн қ., Берлин қ.), Франция (Париж қ.), Норвегия (Осло қ.), Ұлыбритания (Лондон қ.), Австрия (Вена қ.), Швецияда (Вестерос қ.) өткен кіші құрылтай делегацияларын бастап барды. Н.Ә. Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайында берген тапсырмасын орындау мақсатында, ағымдағы жылы Данияның Аархус қаласында өткен кіші құрылтайға алғаш рет «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қоры демеушілік көрсетті.

Диаспораның сұранысы бойынша, Тіл комитетінің қолдауымен, Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Қазақстан халқына жолдауының мәтінін түрік, моңғол тілдеріне және төте жазуға аударып отырамыз. Қазақ диаспорасы мен шетелдегі Қазақстан елшіліктері тығыз қарым-қатынас жасай отырып, біздің республиканың төл мерекелерін атап өткізуді дәстүрге айналдырған.

Диаспораға арналған «Туған тіл» альманағы қазақтың үш жазба тілінде  және халықаралық қоғамдық-саяси және әдеби-көркем  «Алтын бесік» журналы жарық көреді.

Қазақ халқының рухани мұрасын жинақтау және кеңінен насихаттау –Қауымдастық қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. «Атажұрт» баспа орталығынан Қауымдастық таңбасымен Түркия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Иран, Ресей және Бельгиядағы қазақ ғалымдары, ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлерінің 64 аталыммен кітаптары жарық көрді. Олардың ішінде моңғол, қытай зерттеушілерінің қазақ халқының тарихына қатысты еңбектері аударылып басылды. Қазақ авторлардың қатарында – Жаналтай Дәлелхан,  Алтай  Халифа,  Жанболат Сұлтан, Сәмитұлы Жақсылық, Шабданұлы  Қажығұмар, Қызырханқызы  Нұрила, Қинаятұлы Зардыхан,  Жеменей Ислам және басқалар бар.

Қазақстанда қазақ диаспорасы өкілдерінің – Ә. Бұқарбаев, Ө. Рыстан, А. Шакенов, А. Амантаева, Ф. Мерхамит, Б. Төлеген,  Е. Бидахмет, Г. Ахметтердің – қолданбалы өнер  көрмесі, сурет көрмесі ұйымдастырылды.  Алматы мен Астана қалаларында қалың көпшілік қатысқан «Ақсарбас» және «Көрікті мекен» шетелдік фильмдерінің тұсаукесері болып өтті. 

«Атамекен – тұғырым, ана тілім – тұнығым», «Азат рухты Атамекен», «Отаным – жаным, Ана тілім – арым» атты  жас ақындар айтысы,  «Атажұртым – жыр әнім, тәуелсіздік – ұраным» атты халықаралық жыр сайыстарын өткізу дәстүрге айналды, сонымен қатар, осындай шаралар Қауымдастықтың Өнер орталығының қызметін паш етеді. «Бозторғай»,  «Айналайын», «Түркістанды аңсау» мәдени-этнографиялық фестивальдар және «Ш. Қалдаяқов» атты халықаралық фестиваль  жеңімпаздарының арасында Моңғолия, Ресей, Қытай, Өзбекстаннан келген оралман ағайындарды атауға болады.

1993 жылдан бері, Қауымдастық Қазақстанның жоғары оқу орындарының дайындық курстарына шетелдегі қазақ жастарының арасынан тыңдаушылар қатарын қалыптастыруға қатысып келеді. Жыл сайын балаларға арналған  «Балдаурен» сауықтыру орталығына шетелден 20-25 қазақ балаларының келіп дем алып қайтуын ұйымдастырып отырады. Сонымен қатар, Қауымдастық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен болатын халықаралық олимпиадаларға оқушылардың қатысуын қамтамасыз етеді. Оның жеңімпаздарына Қазақстанда жоғары білім алуға грант тапсырылады.

«Этникалық қазақтар репатриациясы Қазақстан мемлекеті көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде: жетістіктері, мәселелері және оларды шешудің жолдары» атты мемлекеттік тапсырыс бойынша «Қазақ көші – қазақтың қауымдасуы» құжаттар жинағы 2012 жылы даярланды.

Шығыстану институтының директоры Меруерт Қуатқызы Әбусейітова осы жинаққа берген пікірінде, отандық ғылым тарихында алғаш рет зерттеушілеріміз Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатынан 1991- 2012 қазақ диаспорасы мен этникалық репатриациясы туралы құжаттар басылымы  ғылыми айналымға еніп отыр деп бағалаған болатын.

Қауымдастықтың ықпал етуімен Қытайдан, Сауд Арабиясынан, Ираннан, Түркиядан және басқа да елдерден қазақтар Қазақстанға көптеп көшіп келді. Мереке құрметіне арнап шығарылған жинақты құрастырастырушылар қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыстың өркендеуіне, шетелдердегі  этникалық қазақтардың тарихи отанына көшуі және халықтың бірігуі жолындағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айтулы рөлін Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағаты  қорындағы құжаттар  көмегімен ашып көрсетуді мақсат еттік.

 Шетелден елге оралуды ұйымдастыруда оралман ғалымдардың атқарған  ерен еңбектерін атап көрсеткеніміз жөн. Олардың ерлігі көптеген қазақ жанұяларының   азаматтығын өзгертуіне үлгі болды.  Ол ғалымдардың бір бөлігі шетелдерден кәсіби маманданып келген болса, екіншілері мемлекет қолдауымен аспирантура мен докторантурлардан өтіп, Қазақстандық ғылым ордаларын толықтырды.

Мысалы, Моңғолияның бұрынғы Премьер-министрінің орынбасары, сол елдің Парламент төрағасының орынбасары, мәскеулік «ғылым докторы» атағына ие  Зардыхан Қинаятұлы, сонымен қатар, қытай қазақтары арасынан алғашқы тарих ғылымдарының докторы Бахыт Еженханұлы қазіргі кезде Шығыстану институты бөлімінің және біздің Қауымдастықтың Диаспорология орталығының меңгерушісі.

Академиялық ұжымдарда Моңғолиядан лингвист, филология ғылымдарының докторы Қалиасқарұлы Қабидаш, этнологтар, тарих ғылымдарының кандидаттары Қатран Досымбек пен Хинаят Бабақұмар, Қытайдан тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұқаметханұлы, лингвист, филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Ғабитханұлы, шығыстанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Ошан Жанымхан және тағы басқалары диссертациялар қорғады.

Бұдан да ертеректе, байырғы түрік руникалық жазбаларының әлемдік деңгейдегі маманы, филология ғылымдарының докторы Сартқожаұлы Қаржаубай, 1989 жылы Тарих және этнология институтында кандидаттық диссертациясын қорғаған еді.

            Филолог Гүлжан Ахметбек, тарихшылар Зәкенұлы Тұрсынхан мен Зиябек Қабылдинов, шығыстанушы Базылхан Нәпіл, заңгер Роза Өміртай және басқалары Алматыда Ұлттық университеттердің ғылыми мектебінен өтіп, диссертацияларын қорғады. Осы аталған ғалымдардың көпшілігіне біздің Қауымдастықтың жұмысына белсене араласқаны үшін алғыс айтамыз.

            Отандық ғылым мен жоғарғы мектеп солар арқылы жоғары білікті мамандарға ие болды. Олардың мемлекеттік тілде жазылған еңбектері ғылыми терминологияны дамытуға ықпал етуде.  Бұл ғалымдардың артықшылығын қытай, моңғол, жапон, венгр, түрік, араб, парсы, ағылшын тілдеріндегі, бұрын қол жетпейтін шетелдердегі мұрағаттар құжаттарын пайдалана алуында деп көрсеткен орынды. Сонымен бірге, зерттеулердің әдісі мен әдіснамасына тыңнан өзерістер енгізіліп, олардың тарихнамасы,  дереккөздері,  сол елдердегі статистикалық мәліметтермен толықтырылғаны белгілі. Қазақстанға осындай мамандар даярлау үшін бірнеше онжылдықтар қажет болар еді!

90-шы жылдары гуманитарлық ғылымдар ежелгі және төңкеріске дейінгі кезең мамандарына зәрулікті сезінгені өздеріңізге аян. Орта ғасырлардағы мемлекеттің нағыз тарихын жасауда жаңа идеялар мен тұжырымдар, түркі халықтарының бірігуі, ұлттық нигилизм психологиясын жоюда, ұлттың өзіндік санасы мен патриотизмін көтеруде, халықты біріктіру жолындағы ең қиыны – әлемнің әртүрлі мемлекеттерінде ұзақ тұрып, өздерінің тарихи отандарымен байланыстары болмаған қазақтардың  арасындағы қайшылықтардан арылту болды. 

Қазақ көші жайлы Зардыхан Қинаятұлы сыпайы түрде: «Мен көшу тұжырымдамасының қалыптасуына ұйытқы болған шығармын, бірақ көшті бастаған мен емес», – деп өзінің рөлін елеусіздеу етіп көрсетеді [3]. Ол Қалдарбек Найманбаев негізін салған «Шетелдегі қазақтар. Қауымдастық кітапханасы» сериясымен жарық көрген «Моңғолиядағы қазақтар» атты екі монографияның авторы. Зерттеуші: «Көші-қон құбылысын ұлтымыздың өсіп-өрбуінің бір серпіліс кілтіне айналдыру үшін алыпқашпа әңгімелер емес, тарихи-әлеуметтік, демографиялық, статистикалық ғылыми сараптау қорытындыларына сүйенген прагматикалық нық басқан қадамдар қажет», – деп әділетті түйін жасайды [4].

Ғалымның азаматтығы мен патриоттығын паш ететін тағы бір мысал келтірейін. Белгілі түркітанушы Сартқожаұлы Қаржаубай, ол кездері әлі Моңғол Халық Ұлы Құралының депутаты, Парламент мүшесі, 1992 жылы сәуірдің 13 күні Қазақстан Президентіне хат жолдап, онда былай деп өз ойын білдірген болатын: «...Моңғолия біздің өмір сүруіміз үшін қаншалықты қолайлы болғанымен, қазақтар біртұтас ел болып, бас қосуымыз керек. Қазақ халқының тарихқа кеткен есесін қайтару үшін, сөйтіп, Қазақстанды әрі азат, әрі іргелі елге айналдыру үшін, барлық қазақтың бас біріктіруі қажет. Монғолиядағы 130 мың қазақтың бір пәтуаға қелген мақсат-мүддесі осы» [5].

Олардың ойлары тек қана ел мен ұрпақ болашағы. Түркиядан, Қытайдан, Моңғолиядан, Ауғанстаннан, Сауд Арабиясынан, Өзбекстаннан, Түркменстаннан, Тәжікстаннан, Ираннан, Ресейден және тағы басқа елдерден тарихи отанына оралған қандастарымыз халықтың демографиялық, рухани және интеллектуалдық әлеуетін, экономиканы, ғылымды, қазақтың тілін, спортты, медицинаны, бизнесті өркендетуге атсалысуда.

Осы жерде, Бірінші құрылтай делегаттарына арналған Нұрсұлтан Әбішұлының: «Бұйыртса, бүгінгі Құрылтайға қатысқан қадірменді қонақтарымыздың өзі туған Қазақстанымыздың гүлдеп-көркейгеніне таяу жылдарда-ақ куә болады деп, кәміл сенеміз» – деген болжау сөзі еске түседі.

Шынымен де, Тәуелсіз 20 жыл ішінде, Қазақстан сапалық жаңа деңгейге көтерілді. Еліміздің осы оңды өзгерістеріне ата-бабалар жеріне келіп, өмірдің сан-саласына біте қайнасып кеткен этникалық қазақтардың үлесі мол, деп ауыз толтырып айта аламыз.

Біздің ұжым Республикамыздың мемлекеттік органдарымен, ғалымдармен, Қазақстандық және шетелдік педагогтармен бірлесе отырып, жұмыс жүргізуді көздейді.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

            1 Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына 15 жыл: Фотоальбом. – Алматы:

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007. – 336 бет. – 53–66 бб.

            2 Дәулетов Тілек. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шежіресі. – Алматы, 2002. – 4–5 бб.

            3 Зардыхан Қинаятұлы. Көзқарас: ұлт, тарих және адамдар тағдыры жайында. – Павлодар: Brant print, 2010. – 562 бет. – 23 б.

4 Ол да сонда. – 60 бет.

5 Қазақ  көші – қазақтың қауымдасуы: Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының  қорынан құжаттар жинағы (Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдығына арналған). = Репатриация казахов – консолидация народа. Cборник докум. Архива Президента Республики Казахстан к 20-летию Всемирной Ассоциации казахов / Құраст. К.Н. Балтабаева. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2012. –  352 бет. қазақша, орысша. 

Т.А. Мамашев 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ағымдағы мұрағаты

толығырақ

ДҚҚ-ның 20 жылдығына

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы туралы сөз болғанда Қалдарбек Найманбаев туралы естеліктер ойға орала береді. Ол белгілі жазушы, Жазушылар Одағы басқармасының 1-хатшысы, «Білім және Еңбек (қазіргі «Зерде»), «Ара – Шмель» журналының бас редакторы «Жазушы» баспасының редакторы болған адам. Мен, ол кісіні сонау Моңғолияда жүрген кезімде де кейбір еңбектері арқылы білетінмін.

Өмірде талай кітап оқиды ғой адам. Бірақ олардың санаулысы ғана есіңде қалады. 80-жылдары Алматыда оқыған бір танысым қазақ жазушыларының бір топ кітабын ала келіпті. Ішінде Қ. Найманбаевтың «Беймезгіл қонақ» деген повестер жинағы бар екен. Оқыдым. Сондағы Дайрабай біздің ауылдың «Адыра Жүнісі», ал Жомарт Жорабековичі біздің МонГу-дың «Дэмбэсі» сияқты жадымда жақсы сақталып қалыпты.

1992 жылы Сайран қажы Түркия мен Қазақстанға барып қайтыпты дегесін ел жаңалығын естігіміз келіп екі азамат Сайрандыкіне келдік. Сайран әңгіме арасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркиядағы қазақ қаумымен кездескен кезде Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын шақыру туралы мәселе көтерілді. Президент бұл мәселені қолдап, Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбаевқа тапсырма берді деп әңгімелесіп отырғанымызда телефон шыр ете қалды. Сайран телефонға тапсырыс беріпті, ал сөйлесіп тұрған Қ. Найманбаев екен. Құрылтай күзде өтетін болып шешім қабылданыпты, дайындық жұмысы басталып кетіпті. «Бұл кісі белгілі жазушы, ұлтжанды, бір қарапайым адам өзі» деді Сайран. Е. Дайрабай немесе Адыра Жүнісімнің хикаясын жазған жазушы екен ғой деп іштей түйдім де қойдым.

Мен жұмыс бабы және кейбір саяси жағдайларға байланысты Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайына қатыса алмадым. Құрылтайдың қызығын Ботакөз Уатхан және Сайраннан естідім. Қалдарбегіміз Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары болыпты. Іске сәт дедік.

Шетелде ел деп елеңдей бастаған қамкөңіл кезіміз, алда-жалда дәм тартып елге бара қалсақ сол кісіге барады екенбіз ғой деп қуанып қалдық. Сөйтіп жүріп мен Ташкентке келіп, одан 1994 жылы Моңғолияның Алматыдағы елшілігіне қызметке келе қалдым. Осындағы бір жиында кездесе кетіп, аман-сәлем беріп едім, біз бір-бірімізді сырттай білетін болып шықтық. Әкем марқұм айтып отырушы еді «Жақсы атта үйір жоқ, кісінеседі де табысады, жақсы адамда ру жоқ, амандасады да қауышады» деп. Міне менің сырттай білетін Қалдарбегім осындай жақсы адамдардың қатарынан болып шықты.

Бұл 1991 жылғы қазақ көші басталып кеткен кез болатын. Абыр-сабыры мол жылдар еді бұл. ДҚҚ қаншама жаңадан құрылған қоғамдық ұйым болғанымен сол жылдардың өзінде шет елден көшіп келген, көшіп келу үшін жұрт шалып жүрген қазақтар әуелі қауымдастықты, сосын Қалдарбек Найманбаевты іздеп келеді екен. Ал Қалдарбек болса бір қазақты шеттетпейді, келген қазақты құшақ жайып қарсы алып, арман-тілегімен бөлісіп, қолынан келген көмегін аямайтын көрінеді.

Бұл жылдары Ел жаңа, заман ауыр, қаражат жеткіліксіз еді. Соған қарамай Қ. Найманбаев ДҚҚ-ның бірінші орынбасары болып тұрған 1992 – 2004 жылдары көп шаруа тындырды. Халықтың көші-қоны туралы алғашқы заң қабылданды. Көші-қон процесстерін басқаратын мемлекеттік жүйе қалыптасты. Көші-қон агенттігі құрылды. Оралмандарға «Оралман» статусы беріліп түрлі жеңілдіктер жасалды.

Көші-қонға қатысты бағдарламалар қабылданды. Қ. Найманбаев халықтың арман-тілегін Елбасына дер кезінде жеткізіп, халықпен де, билікпен де тіл табыса білетін еді.

Өз басым ДҚҚ-ның төрағасы, президент Н.Назарбаев және оның бірінші орынбасары Қ. Найманбаевтың азаматық қамқорлығын көрген жандардың бірімін.

1996 жылы Моңғолияның Қазақстандағы елшілігіндегі қызметім жақын қалған тұғын. Менің арманым атажұртта қалу еді. Бірақ қалай қаласың, бала-шағаң бар, басыңда үйің жоқ. Осы мәселе мені толғандыра бастады. Осы жағдайымды айтып 1996 жылы ақпанның 24 күні ҚР президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атына өтініш хат жаздым. Хатымды Нұрсұлтан Әбішұлының құзырына жеткізуге қауымдастықтың сол кездегі бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев көмектесті. Кейде қандай да бір істің сәті түсейін дегенде жақсылық өзінен-өзі орала кететін кезі болады. Өтінішім Нұрсұлтан Әбішұлына араға екі күн салып жетіпті де Нұрекең «Ш. Құлмахановқа. Мәселені шешуді сұраймын. (Қ. Найманбаевқа). Н. Назарбаев. 1996.02.26» деп қол қойыпты. Президент қол қойған хат Алматы қалалық әкімшілігі мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына жіберіліпті. Маған бұл сүйінші хабарды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметкері Ботагөз Уатхан жеткізді. Бір ай өткесін Алматы қалалық Әкімшілігінде Ш. Құлмахановтың қолынан Ақсай ықшам ауданында жаңадан салынып біткен көп қабатты үйлердің бірінен үш бөлмелі үйдің ордерін алдым. Атажұртта өз шаңырағымды осылай көтердім. Азаматтарға рахмет! Қазір сол үйде ел қатарында өмір сүріп жатырмын. Бұл біздің отбасымыз үшін құтты шаңырақ болды. Балаларым ер жетіп осы үйден түлеп ұшты. Немерелерім ер жетіп келеді. Кейінгі жылдары туған азды-көпті еңбектерім осында жазылды. Келешек ұрпағым бұл шаңырақты ұшқан ұясындай қастерлеп, көзінің қарашығындай сақтайды деп сенемін.

Келешекте ел өсер, заман өзгерер, ол кезде Қауымдастықтың ролі қандай болмақ, ол туралы мен бүгін кесіп айта алмаймын. Ал 1990 жылдары Қауымдастық қазақтың тағдырынан туған тарихи құбылыс еді. Осы жылдары атамекеніне ат басын тіреген қазақтарды құшақ жая қабылдап, қауыштырған алтын көпірі осы Қауымдастық болды. Ол атажұртын аңсай жеткен қазақтардың ат байлайтын ақ отауына айналды. Осы құбылыстың ыстығы мен суығын басынан бір кісідей өткерген адам ол Қалдарбек Найманбаев болатын. Ол дүние жүзіне шашырап кеткен қазактар үшін алысты жақындатып, алашты бір-бірімен табыстырды. Қалдекең алыстан азып-тозып келген ағайындардың мұндағы нағыз жанашыры болатын. Шетелдегі бір қазақтың аты аталса оның кім екенін жазбай білетін. Шетелдегі қазақ әдебиеті, тарихы, оның зиялы қауымы өкілдеріне көп көңіл бөлді. «Шетелдегі қазақтар. Қауымдастық кітапханасы» сериясымен көптеген кітаптар басып шығарды. Қазір сол кітаптар адамдар іздеп жүріп оқитын құнды дүниелерге айналып отыр.

Елінің жанашыры, ұлтын жанындай сүйетін азамат еді. Бірде Түркістан қаласында Көші-кон және қазақтың тіл, мәдениетіне қатысты конференция өтті. Конференцияда қазақтардың тілі, мәдениеті жайы сөз бола қалды. Осы кезде Ташкенттен келген бір црофессор казақ тұрып «Исләм Абдиганиевич Каримовтың кемеңгер саясатының аркасында Өзбекстанда ұлт мәселесі дұрыс жолмен шешіліп келе жатыр» деп сан-цифрлар қелтіре бастап еді, конференцияны басқарып отырған Қ. Найманбаев:

– Пәлеңше-еке! Біз мұнда қазақтың жоғын жоқтап келіп отырмыз, өзбек ағайындар өз жоғын жоқтауды қажет етсе, олар сіз, біздерсіз-ақ өзін-өзі қорғап алады. Ол үшін сіз күйіп қайтесіз, – деді. Әлгі ағайын үн-түнсіз қалды. Ташкентте екі жыл қызмет жасап,оңдағы жай-күйді біліп қайтқан мен үшін Қалдарбектің айтқан аталы сөзіне ішім жылып қуанып қалдым. Үзілісте кезігіп қалып «Қашанғы аға-еке, аға-еке деп жалтақтай бермекпіз, дұрыс айттыңыз» дедім. Асып-таспайтын, артық-ауыс сөйлемейтін адам еді ғой. «Жөні солай болып қалды, Зәке», – деп күлді де қойды.

Ұмытпасам 1995 жыл болуы керек. Бірде Зенков көшесіндегі Қауымдастық үйіне кіріпбара жатыр едім. Қалдарбек кезігіп қалып «Зәке, маған бір бас сұғып шығыңызшы» деді. Кірдім.

– Зәке! Моңғолиядан келген кейбір қазақтар қайтып жатыр, елдігімізге сын, бетімізге таңба болды деп маған кейбір зиялылар телефон шалып жатыр. Осыған өзім де

қысыльш отырмын, не істеуіміз керек? – деді. Бұл мәселе туралы мен де ойланып жүр едім.

– Қалдеке, қазаққа көш деген таңсық нәрсе емес. Біреу тойғанынан көшеді, біреу тоңғанынан көшеді. Әркімнің маңдайына жазған бір тағдыр бар. Бүгін кетсе ертең қайтып оралады. Бұл мәселеден ұлттық трагедия жасаудың қажеті болмас, – дедім. Сәл ойланып қалды. Ойланып отырды да:

– Біз қазақ деген жүрегіміз жаралы халықпыз ғой. Әйтпегенде кімнің келіп, кімнің қетіп жатқанында шынымен де неміз бар? – деген еді.

Бүгіндері сол қайтқан қазақтардың көпшілігі қайтып оралып, қайсыбірі мұнда қайтып жетуі мұң болып жүр деп естимін.

Ешкімді де ренжітпейтін елдестіруші қасиеті бар адам еді. Сөзге шешен, өмір көрген, көп адаммен тамыр-таныстығы оның түрлі жиындарды сәтті басқаруына көмектесетін. Мұндағысы мұндағы. Ол тіптен шетелдерден келген әрбір ағайынның жан дүниесінің сырын тез таныды. Мысалы мен өз басым сөзге шешен адам емеспін, өзімше көп ойланып, ойымды қағаз бетіне түртіп айтқанды ұнататын адаммын. Бірақ мен осындаймын деп ол кісіге айтып көргенім жоқ. Бір жиында сөз көбейіңкіреп бара жатты, біреу «Зақаң (Зақаң деп мені айтқаны) сөйлесін» деп қалды. Қалекең іліп алғандай «ол кісі ойланып, толғанып аз сөйлейтін адам» деді. Осы кезде сөйлеуге ұмтылып отырған бірер адам тізгінін жиып қалғандай болды. Өйткені біріншіден уақыт тығыз болып барады, екіншіден ой-пікірлер қайталанып әңгіме сұйықталып бара жатқандай еді.

Бір жиында бір белгілі жазушыға өз кезегінде сөз берілмей кешігіп қалғандай болды. Мен іштей сезіп сол кісіге сөз берілсе екен деп отырдым. Қалдекең әлгі кісіні не аңғармай өткізіп алды, не әлдеқашан сөз беріп қойдым деп жаңылып қалғандай болды. Әлгі кісі шыдамай «Қалдеке, бізге де бір кезек бола ма?» деді. Қалдекең іле «Ойбай, ол не дегеніңіз, сізді қорытынды сөзге іркіп отырмын емес пе» деді. Әлгі кісі «Бәсе!» дегендей үндемей қалды. Мұндайды халықаралық тілде «дипломат», қазақша айтар болсақ «сөз тапқанға қолқа жоқ» дейді.

Найманбаев ДҚҚ-ғының құрылуына ат салысып, қоғамдық ұйымды 12 жыл басқарды. Осы жылдары дүниежүзі қазақтарының өмірінде талай елеулі оқиғалар болды. Бұл қазақ көші көлікті болып тұрған жылдар еді.

Қауымдастықтың Қалдарбексіз өткен сегіз жылында атқарылған істерді жоққа шығаруға болмас. Бірақ қазақ көшінің алғашқы қарқыны басылып, дүбірлі көш тоқырауға ұшырады. Шет елдердегі қазақтар тағы да арғы жақ, бергі жақ болып екіге жарылудың аз-ақ алдында тұр.

2011 жылы Парламентте 22 шілдеде қабылданған халықтың көші-қоны туралы Заңы қазақтың мүддесінен шыға қойған жоқ. Қазақ көші біржола тоқтап қала ма деген қауіп те жоқ емес.

1990 жылдары әлем қазақтары егемендіктің арқасында бір-бірімен құшақ жайып қауышып, жыласып табысқан ұлы оқиға бүгін тарих қойнауында қалып барады. Қалай дегенмен, 4,5 миллион қазақ шет елдерде тұрып жатқан бүгінгі жағдайда ДҚҚ-ғын қоғамдық құрылым ретінде сақтап қана қоймай, жұмысын да жандандыра түскен дұрыс сияқты. Атқаратын функцияларына да жаңа өзгерістер енгізілу қажет болар деп ойлаймын.

 

ЗАРДЫХАН ҚИНАЯТҰЛЫ ( Алматы қ.) // Қазақстан және шетелдегі қазақтар: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толуына орай өткізілген халықаралық ғыл.-практ. конф. «Этникалық қазақтардың Қазақстанға мемлекеттік көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде репатриациясы: жетістіктері, мәселелері және оларды шешу жолдары» материалдары (Алматы қ., 12 қазан 2012 ж.) = Казахстан и зарубежные казахи: Материалы международной науч.-практ. конф. «Репатриация этнических казахов в Казахстан как составная часть государственной миграционной политики: достижения, проблемы и пути решения», посвященной 20-летию Всемирной

Ассоциации казахов (г. Алматы, 12 октября 2012 г.). / Құраст.: К.Н. Балтабаева, К. Қонырбаева. – Алматы: Атажұрт, 2012. – 376 бет. қазақша, орысша (205-209 б.)

толығырақ

Қауымдастықтың 1992 жылғы тұңғыш Құрылтайда құрылғаны баршаға мәлім. Бірақ   Құрылтай өткеннен кейін Қауымдастықтың жұмыс істеуіне жағдай жасау, қаржылық-материалдық жағынан қолдау көрсету бірден қолға алынбады. Жаңа құрылған Қауымдастықты  аяғынан тұрғызу  Құрылтай өткізуден қиын болмаса оңай еместігі ешкімнің  есіне келмеді. Кейін бұл мәселе  Елбасының тікелей араласумен  жолға қойылды. Міне, алғашқы кезеңдегі осындай қиындықтарға қарамастан Қауымдастық ұлы жиын аяқталсымен  өзінің мақсат-міндетін анықтап, бағыт-бағдарын белгілеп, қызу жұмысқа кірісті. Бұл жұмыстардың жолға қойылуына сол кездегі Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаевтың  1993 жылдың басында «Егемен Қазақстан» газетінде  жарық көрген «Қазақтың басын қоссақ деп...»  аталатын сұхбаты ерекше ықпал етті. Сұхбатта Қауымдастықтың Құрылтайдан кейінгі үш-төрт ай ішінде қолға алған жұмыстары, кездескен қиыншылықтары, алда тұрған міндет-мақсаттарды  жан-жақты талданып көрсетілген еді. Осы сұхбат жарық көргеннен кейін жоғары орындар шетел қазақтарын қайтадан еске түсіріп, «Қауымдастық құрылған екен-ау, оның бұдан арғы жағдайы не болады?» дегенді ойластыра бастады.

     Әйтсе де, ең бастысы,  бұл сұхбат Қауымдастықтың қазіргі жеткен жетістіктері мен жүзеге асырған игі істерінің басым көпшілігі сол қиын күндерде  қолға алынып, негізі қаланғанын  көрсетеді.

        Қауымдастықтың бүгінгі мерейтойында  бұдан 15 жылдай бұрын жарық көрген   осы сұхбатты  журналымыздың мүмкіндігіне сәйкес қысқартып  ұсынып отырмыз.

                                            Сұлтанәлі Балғабаев,

Қауымдастық төрағасының орынбасары

 

      – Құрметті Қалеке! Сіз өткен күзде болған Дүниежүзі қазақтарының түңғыш құрылтайының дайындығын алғашқы күннен бастап өз қолыңыздан өткердіңіз. Бір жылға жуық уақыт бойы Жазушылар одағы жанынан жұмыс істеген ұйымдастыру комитетін басқардыңыз. Содан бері үш-төрт айдың жүзі болды. Бұл – халқымыздың тарихындағы ұлы жиынды ой таразысынан қайта бір сарапқа салып, баға беруге жеткілікті мерзім. Міне, осы тұрғыдан Құрылтайдың өтуі туралы өз пікіріңізді айта кетсеңіз. 

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы барлық жағынан да жоғары деңгейде өтті деуге толық қақымыз бар. Ұлы жиын өзінің о баста алдына қойған мақсатын толық орындады, тарихи міндетін түгел жүзеге асырды.

  Мұндай табыс – ең алдымен, біздің бүкіл халқымыздің осы ұлы жиынға деген ынта-ықыласының, ниет – көңілінің  нәтижесі... Құрылтай біздің халқымыздың бір сілкінген, ойы мен мүддесінің ортақ арнаға тоғысқан, түлеп-жаңғыруға деген құлшынысының жарқырап көрінген сәті болды.

    Сондай-ақ, Құрылтай қарсаңында өкіметтік ұйымдастыру комитетінің құрылуы да үлкен роль атқарды. Құрылтайға Қазақстанның барлық облыстары белсене  қамқорлық көрсетті.

     Құрылтайға Шетелдермен достық және мәдени байланыстар жасау жөніндегі республикалық қоғамының, «Қазақ тілі», «Қазақстан», «Атамекен», «Елім-ай» секілді қоғамдары тарапынан да көптеген көмек болғанын бүгін ілтипатпен айту – парызымыз.

     Осы тұста айқындап айта кететін және бір шындық Дүниежүзі қазақтары құрылтайын өткізу туралы ойды ең алғаш құптаған, оның сәтті жүзеге асуына қолдаушы, әрі қамқоршы болған кісі Президентіміз Н.Ә. Назарбаев еді.

– Бұл жиыннан қалған үлкен белгі – Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы. Осы Қауымдастық қазір не шаруа тындырып жатыр?

Құрылтай кезінде халықтың болашағы туралы көп жақсы сөз айттық, көп мәселе көтердік – ал енді осылардың нәтижесі қалай болмақ? Бұл бізді әрқашанда ойландырады әрі алаңдатады.Әрине Қауымдастықтың алдына қойған мақсаты мен міндеті бірер күнде бітетін шаруа емес. Бұған жан-жақты дайындық керек. Алда тұрған жұмыстарымыздың ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдарламасын, жоспарын жасауымыз керек. Қазіргі жұмыс осы бағытта жүруде. Жақында ғана Нұрсұлтан Әбішұлымен Қауымдастықтың жұмысы туралы арнайы әңгімелестік. Әңгіме кезінде  бұл саладағы негізгі міндеттер мен мақсаттарды нақты айқындап алдық. Соған орай, тиісті мәселелер мен мұқтаж  жағдайларды шешуге үлкен жол ашылды.

– Қауымдастықтың алдына қоятын ең басты мақсаты не?

Қауымдастың ең басты мақсаты – жер жүзіндегі  барлық қазақтың басын қосу. Бірақ бұл сөзді тек сыртта жүрген бүкіл қазақтарды Қазақсанға көшіріп әкелу деп біржақты түсінбеу керек. Бұл жерде әңгіме – тек Қазақстандағы ғана емес, жалпы сырт жерлерде жүрген қазақтарды да тұтас бір ұлт ретінде сақтап қалу. Бүгінгі таңда  әрбір үш қазақтың біреуі тарихи отанынан тыс жерлерде тұрады.  Осы қазақтардың арасында өз тілін, әдет-ғұрыпын, тарихын ұмытып, ұлттық қасиетінен айырыла бастау қауіпі дендеп бара жатқанын жасыруға еш қақымыз жоқ. Бұл қауіптің алдын алудың бірден бірі жолы олардың жас ұрпағын өз ана тілінде оқытып, тәрбиелеу;  оларға қазақ халқының мәдениетін, өнерін, әдебиетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жан-жақты насихаттау. Міне, осы мақсатты жүзеге асырғанда ғана бүкіл жер жүзіндегі қазақтар қай жерде, қай елде тұрғандарына қарамастан тілі, ділі, жаратылысы, мәдениеті, салт-дәстүрі біртұтас ұлт ретінде өсіп өркендей алады. Қазақтың басын қоссақ дегенді, міне, ең алдымен, осы тұрғыдан айтып отырмыз.

– Мұның бәрі өте күрделі, ұшан-теңіз шаруа. Оған енді ғана құрылып, қаз тұра бастаған Қауымдастықтың шамасы жете ме?

Қауымдастық – жер жүзіндегі барлық қазақтардың ұлт ретінде өсіп-өркендуінің негізгі бағыт-бағдарын анықтап, кезек күттірмейтін басты мәселелерді дер кезінде көтеріп, тиісті орындардың алдына қойып, соған байланысты қоғамдық пікір туғызып, жұртшылықтың санасына, ұғым-түсінігіне ықпал етіп отыратын орталық болуға тиіс. Осындай жағдайда ол аз күшпен-ақ көп шаруа тындыра алады. Бұған мысал келтірейін. Құрылтайға Қалмақстаннан келген Орынғали Өтепқалиев деген кісі: «Басқа жерлерді білмеймін, ал Қалмақстан мен Ставропольдағы 11 мың қазақ дәл қазіргі қалпымен тұра берсе енді 10-15 жылда ұлт ретінде біржолата жоқ болып тынады. Сондықтан да Қазақстан бізге көмек жасайтын болса кейінге қалдырмай, қазір жасап қалсын» деп айтып кетіп еді. Міне, осыған байланысты не істеу керек? Қалмақстандағы қазақтарға көмек берейік деп құр айта бергеннен ештеңе шықпайды. Біз Қауымдастықтың бір-екі қызметкерін сол өңірге арнайы жіберуміз керек. Сөйтіп жергілікті басшы орындармен бірлесе отырып, қазақтардың мәдени-рухани, оқу, көші-қон т.б. саладағы мұқтаж мәселелерін жан-жақты мұқият зерттеуге тиіспіз. Соның нәтижесінде, қазақтардың қандай мәселелерге сусап отырғанын анықтап, оның бәрін бір жүйеге түсіріп, Қазақстанның  үкіметінің алдына қойып, одан нақты нәтиже шығуын қадағалауымыз қажет.

– Қауымдастық бұл ұсыныстарының орындалуына қандай жолмен ықпал ете алады?

Қауымдастық – қоғамдық ұйым, ол ешкімге бұйрық, нұсқау бере алмайды. Мемлекеттік орындардың ішкі  ісіне араласуды да мақсат етпейді. Бірақ ол жер жүзіндегі барлық қазақ халқының өкілдері бас қосқан Құрылтайда құрылған заңды ұйым ретінде әлемнің әр түкпірінде жүрген бауырларымыздың кез-келген саладағы мұқтаждарын шешуге, оған Қазақстан өкіметінің тарапынан көмек, қамқорлық ұйымдастыруға қатысуға тиіс. Және соған міндетті. Бірақ осыны жұрттың бәрі бірдей түсінеді деп айта алмаймыз. Қазақ диаспорасы мәселелерін сөз етсең, жақтырмай теріс айналатындар немесе қара аспанды суға алдырып, неше түрлі сылтау айтатындар әлде де баршылық.

       Бірақ өмір өзгеруде ғой, мұндайлар барған сайын азая берер деп үміттенеміз.

– Қауымдастықтың басқару құрылымы қандай? Жұмысты қалай жүргізбек?

Құрылтай кезінде Қауымдастықтың бес адамнан тұратын Басқарма алқасы сайланғаны көпшілікке мәлім. Қазір жұмысты осы алқаның көмегіне сүйеніп жүргізіп отырмыз. Алдағы уақытта Қауымдастықтың жанынан нақты көмек, ақыл-кеңес беретін азаматтардың басын қосып, Ақылдастар алқасын құрмақпыз. Сондай-ақ әртүрлі саламен айналысатын бірнеше комиссия құру да ойымызда бар. Қазір осы мақсатты жүзеге асыру үшін түрлі министрліктермен байланыс орнатудамыз.

– Қауымдастықтың шетелдерде бөлімшелері бола ма?

Болады. Жақында ғана Түркияға барып, Қауымдастықтың сол елдегі бөлімшесін құруды келісіп қайттық. Алдағы уақытта мұндай орталықтарды Еуропаның бірнеше елінде, Иранда, Моңғолияда құруды жоспарлап отырмыз. Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан да осындай бөлімшелеріміз болса дейміз.

   Біз әсіресе Ресейдегі бөлімшелерге айрықша назар аударуға тиістіміз. Соған байланысты Таулы Алтайдағы  Қосағаш ауданынан бастап сонау Қалмақстан, Ставропольға дейінгі Ресейдің қазақ диаспорасы тұратын жерін түгел аралап шықсақ дейміз. Сөйтіп әр ауданда, әр елді мекенде қанша қазақ тұратынын, олардың ұлттық жағдайын, мұқтаж мәселелерін түгел зерттеп, бір жүйеге түсірсек дейміз.

  Мұндай зерттеулерді Орта Азия республикаларында да жүргізу қажет.

– Қауымдастықтың Қазақстанның өз ішінде де бөлімшелері құрыла ма?

Құру керек. Бізге, әсіресе, шекараға жақын облыстардағы бөлімшелер өте қажет. Мысалы, Ақтөбеде бөлімше құрсақ, ол көршілес жатқан Орынбор облысындағы қазақтармен байланыс жасап, көп мәселені шешер еді.

– Өткен Құрылтайға Қытайда тұратын қазақтар келе алмай қалды. Соған орай Қауымдастықтың Қытайдағы қазақ диаспорасымен байланысы қандай болмақ?

   Қытайдағы қазақтардың Құрылтайға келе алмай қалуы кездейсоқ жағдай ғой деп ойлаймын. Қазір Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының   байланысы күн сайын нығайып келеді. Қытайда тұратын қазақтардың да Қазақстанға келуі көбейе түсуде. Әсіресе, мәдениет саласындағы байланысымыз біршама  жақсы жолға қойылған. Қытайдан келіп оқып жатқан қазақ жастары да баршылық.

– Қауымдастық іскерлік байланыстарды да ұмытпайды ғой?

Қазіргі кезеңде онсыз бола ма? Қауымдастықтың өзінің бизнес орталығын құрсақ дейміз. Ондағы мақсатымыз – шет жерлерде тұратын іскер, түрлі кәсіпорындар ашуға мүмкіндігі бар бауырларымыздың басын құрап, қазақстанның экономикасын дамытуға қатыстыру.

Құрылтай кезінде Алматыдан Дүниежүзі қазақтарының орталығын салуға арнап жер бөлінгені, оған белгітас қойылғаны мәлім. Осы шаруа не болып жатыр?

  «Алмагүл» мөлтек ауданынан жер бөлінгені рас. Енді  осы жерден үлкен құрылысты қолға алсақ дейміз. Қазіргі жоба бойынша мұнда мешіт, қонақүй, әкімшілік үйі, әртүрлі дүкендер бой көтермек. Сондай-ақ «Арғанаты» атты ұлттық жаңғыру орталығы, банк, бизнес клуб жұмыс істемек.  Музей бой көтермек. (Өкінішке қарай, кейін бұл жерді  қалалық әкімшілік қайтарып алды С. Б.)

 – Шетелдерде тұратын қазақтар үшін ең маңызды мәселелердің бірі – Қазақстан азаматтығын алу. Осы мәселе қалай шешілуде?

Құрылтай кезінде Президентіміз бір топ бауырларымызға Қазақстан азаматтығының куәлігін тапсырғаны баршаға мәлім. Бұл үлкен  оқиға болды. Әйтсе де ол тек бастама ғана. Қазір Қазақстан азаматтығын сұраған өтініштер көптеп түсуде. Біз қазір азаматтық берумен айналысатын мекемелермен тығыз байланыстамыз. Жақында шетелдік бауырларымызға Қазақстан азаматтығын берудің жолдары, оған керекті құжаттардың тізімі, негізінен, анықталып, жасалынып болды.

– Сырт жерлерде тұратын қазақтардың көп армандарының бірі – балаларын Қазақстанда оқыту. Өкінішке қарай, соңғы кезде осы мәселе қиындай бастады. Сырт жерлерден оқуға келген балаларды басқа республиканың азаматысыңдар деген сылтаумен қабылдамай жіберетін жағдайлар ұшырасуда...

Енді ондай болмайды. Өткен құрылтай қарсаңында Қазақстан үкіметінің «Шетелдегі қазақ диаспоарасы өкілдерін Қазақстан республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету» туралы қаулысы шыққан болатын. Міне, осы қаулыға сәйкес шетелдік қазақ жастары Қазақстанның кез-келген оқу орындарына түсе алады. Бірақ шетелдегі қазақ жастарының оқуына байланысты бұдан да басқа күрделі мәселелер бар. Қауымдастық болашақта бұл мәселермен де айналысатын болады.

Ендігі бір үлкен мәселе – көші-қон жәйі. Қауымдастық бұл мәселеден де шет қала алмайды ғой?..

Әрине! Тіпті, біздің жұмысымыздың көбі осы көші-қон мәселесіне тірелетін түрі бар. Мысалы, Түркияға барған соңғы сапарымда да осы мәселемен айналасуға тура келді. Ауғанстандағы соғыс кезінде біраз қазақ Түркияға барып паналған екен. Солардың ішінде әлі күнге ешқандай елдің азаматтығын ала алмай жүрген бауырларымыз да аз емес. Міне сондай 400 жанұяның өкілдері Түркияда маған әдейі іздеп келіп жағдайларын айты. Соған орай Түркияның Президенті Тұрғыт Озал мен Премьер-министр Сүлейман Демирельдің қабылдауында болып, осы бауырларымызға тиісті көмек жасау мәселесін шештік. Әйтсе де, олар қалайда Қазақстанға көшкісі келетін тілектерін білдіріп, дұғай сәлем айтып қалды.

    Мұндай қиын жағдайда жүрген бауырларымыз Ауғанстанда да, Иранда да бар. Тәжікстандағы жағдайдың да қиындап кеткені белгілі. Қазақстан осындай қиыншылық көріп жүргендерді бірінші кезекте бауырына тартпай болмайды. Соған орай Қауымдастық Еңбек министрлігімен, Көші-қон департментімен бірлесіп көп жұмыс істеуі қажет.

– Қазіргі кезде қазақ халқын өркендетуге, ұлттық-рухани мәселелерін шешуге, әсіресе, шетелдегі бауырлармен байланыс жасап, қамқорлық көрсетуге үлес қосамыз деген атпен әртүрлі ұйымдар, қоғамдар, қорлар құрылып жатыр. Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының осылармен байланысы, қарым-қатынасы қандай болмақ?

– Сырт жерлердегі бауырларымызбен байланыс орнатудың, қамқорлық жасаудың жұмысы бір емес, талай ұйымға жетеді. Сондықтан әлгіндей ұйымдардың құрылып жатқанына қуанбасақ, ренжудің қажеті жоқ. Дегенмен ойландыратын бір мәселе бар. Әлгі ұйымдар шын мәнінде халқымыздың ұлттық қамын ойлай ма деген сұрақ көкейден кетпейді. Мұндай күдікке себеп жеткілікті. Бұл мәселе біздің бәріміздің де назарымызда болуға тиіс.

    Бір сөзбен айтқанда, Қауымдастық шет жердегі қазақтардың басын біріктіретін басты ұйым.

Әңгімелескен

С. Балғабаев

«Егемен Қазақстан»

25 ақпан 1993ж.

толығырақ

 

«Қазақ қайда жүрсе де менің халқым. Қашан, қайда болсам да, сырттағы ағайын жүрегімнің бір түкпірінде жатады»

                                               Қазақстан Республикасының

Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Ықылым заман ыдыратқан ұлтымыздың қайта ұйысуын Тәуелсіздікпен тікелей байланыстырған әбден-ақ орынды. Сонымен бірге, ұлтының ынтымағы үшін қазақ бұрын ұмтылмады, айрылысқан ағайынына жүрегі  жыртылмады десек, ол да әбестік болар еді.

    Уақыт – ырықсыз күш. Өз ағымымен өте береді. Өткен сайын не даңқпен, не қанмен із қалдырады. Заманның заңғарға көтеретін перзенті де, зар еңірететін пендесі де болады. Біз соның еңіреуіне ерте ұшырадық. Қазақ қасіреті Қазан төңкерісінен соң, тіпті, қалыңдап кетті. Қызыл империяның қып-қызыл қырғынына ұшырады, қуғынына түсті. Қырылғанына құн сұратқан жоқ, қуғанын іздетпеді. Бұраталаларға осылай бұрау салған империя өз ұлтын ұмытқан емес. Орыс эмиграциясын іздейтін «Родина» қоғамы 1924 жылдан Мәскеуде жұмыс істеп жатты.

    «Бытырап кеткен бауырларымыз бар еді» дейтін халге қазақ өткен ғасырдың 70 жылдары әрең жетті. Бәлкім сана сілкінді, бәлкім, саясат сыбырлады, әйтеуір, қазақтың бірнеше зиялысы үкіметке хат түсірді. Сол бойынша Мәскеудің мөлтегі түрінде қоғам құрып, оның ақпараттық газетін шығару ұйғарылды. Газетті «Қазақ елі» деп атау ойластырылды. Жоңғариядағы қазақтарды алаңдатқан ондай бір басылым 1944-1950 жылдары Алматыда болған. Байқамай қалыпты, «Қазақ елі дейтін ел жоқ, болуға тиіс емес» деп, баспаны да, журналды да «Жаңа өмір» деп өзгерткен. Содан жаңа қоғам «Отан», жаңа газет «Біздің Отан» атанған. Кейін оның астарынан да саясат іздей бергесін, бар жақсылықтың баламасы – «Шалқар» деп атағанбыз.

    Айтпақшы, Кеңес өкіметі Жоңғар қазақтарын жайдан жай алаңдатпаған.  Соғыс зардабын жоюға көмектесетін қол керек болған. Оның тегіні, әрі, туған жеріне қайтуға ықыластысы шығыс Түркістаннан табылған. 1945 жылы оларға төлқұжат таратыла бастаған. 1950 жылдары   басталуы тиіс еді бұл көшке Қытай төңкерісінің жеңісі кедергі болып тоқтап қалған. Сосын «Қазақстан тыңын» көтеру ұранымен 1954 жылы қайта басталған туған жерден түңілмеген қазақтар үдіре көшкен (Кеңес азаматтығын алғандар), 1962 жылы шекара бұзып біраз (62 мың) адам өткен. Бұл толқын сонымен тоқыраған. Ал, келгендеріне тыңнан тиын бұйырмаған. Қазақстанның ғана емес, Орта Азия республикаларының бәрінің қыр-қинына таратып тастаған...

    Қызыл саясат қылпылдап тұрғанда  «Біздің Отан» – сенің де отаның еді деп, сырт қазаққа дабыл қағу оңай емес еді. Саясаттың  ығын, ондағы-мұндағылардың қабағын баға жүріп, сақ, сергек, сезімтал жұмыс жүргізуге тура келген. Сөйте-сөйте суыған жүрек жылыған, түңілген үміт  оянған. Газет жер жүзіндегі ағайынның табысу, тілдесу құралына айналған. Тіпті, Қазақстаннан да емес, сонау 1945 жылы Құлжадан, бұрынғы ақгвардияшы алып кеткен жалғыз жетімекті сонау  ту Австралия аборигендерінің арасынан туып, аға-бауырларымен табыстырған.

    Осының бәрі қазақ атаулының арман-тілегін тоғыстырған, үмітін Атамекеннен жалғаған алғы шарттары еді.

    Одақ ыдырады. Бодан елдер бұғаудан босана берді. Босанғандар Тәуелсіздігінің сәулесін ең әуелі сырттағы отандастарына түсіріп жатты. Әуелі Ресейдің өзі, онан соң Украина, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстан, Татарстан өз диаспорларының өкілдерімен құрылтайлар өткізді. Әліптің артын бағып  біз көп жүріп қалдық. Қатты асықтық. Бір тәуірі, ең соңында  бастасақ та оң бастадық.

    Бәрі есте...

    1991 жыл. 26 қыркүйек. Анкара. Есенбұғы атындағы әуеалаң. Бір қанатта құжынаған қазақ. Қолтықта Құран, ерінде мінажат, ауызда «А, Құдай! Абылай, Абылай!» Кере тартылған транспорантқа «Қазақстан Жумһурбашқаны (Президент) Назарбаев жасасын! «Милатқа һуррият!» – деп жазып қойыпты.

    Бұл – Қазақстан тәуелсіздігін жарты сағаттың ішінде танып, жалпақ әлемге жар салған Түркия еліне Нұрсұлтан Әбішұлының тұңғыш сапарын қарсы алу сәті. Жүздеген шақырымдардан, тіпті жырақ шетелдердің әр өлкесінен жеткен жүз шақты қазақ екі күн бойы тыпырлап, төңірегімізде жүрді. Президент құрметіне арналған мемлекеттік концертке қатысқандарының өзін санатқа қосылғандай мәртебе сезінді.

    28 қыркүйек. Стамбул әуежайы. Анкара, Измирде көз үйреніп қалған салтанат. Ұшақ табалдырығынан сәл әріде қазақ қадірмендерінің тізбегі тұр. Ең басында Хамза Инан (Жақияұлы). Жасы жүзге келген абыз ақсақал. Туған жерден түндігі ерте сыпырылып, XX ғасырдың басында Зайсаннан арғы бет асып кеткен. 30 жыл жаумен жұлқыласып, 30 мың шақырым қанды жолды шылпылдатып асып, кешіп өткен, 36 мың жанның өлгенін көміп, тірі қалғандарын теріп, 1800 адамды Түркияға жеткізген көш басшысының біреуі. Қазіргі ұрпағы әлемнің он екі елінде жүр. Сол абыз ақсақалдың «А, құдай, аруақтап», президенттің маңдайына ұмсынғанын көргенде өзімнің буыным құрып, көзіме жас толып кетті.

    Әуежай маңы толған қазақ. Біздің төбеміз көрінгеннен шапалақ соғып, қол созып, ұрандап сала берді. Шығар ауыздағы гүл газонының жиегінде ай мүйізді үш қошқардың маңдайын құбылаға қаратып, үш жігіт көлденең тартып тұр. Сәл кідіріп, Нүрекең шықты. Қорғаушылардың қақпалауына қарамай, қолтығына кіріп кеткен қазақтар қаумалап отырып, ақсарбастар алдына әкелді.

- Аумин! Бата беріңіз!

- Жолың болсын, жарық жұлдызымыз!

- А, құдай, ақсарбас!

  Бұл ағайындар тағдыры маған таныс. Өткен ғасырдың 30 жылдары Өр Алтайдан іргесі көтерілген 36 мың жанның таусыншығы. Сұм заманның сойқаны соққан сор маңдайлар бүгін қазақтың тұңғыш көсемін қарсы алу сәтіне жетсе, бүйтпегенде қайтеді. «Сіздің жолыңызға малымыз түгілі жанымыз құрбан!» деседі. Анау топта түрлі-түрлі тағдыр тұр. Басқасын қойып, ана бір ақ сәлделі қырғызға қараңыз. Сириядан Алла жазып Стамбулға келгенде, тұтас түріктің тұтқасы болған Қазақстан Президентін көргеніне мың шүкір дейді. Бір ауылды түгел қырғанда, қылышпен қарнын жарып кеткен жүкті әйелдің құрсағынан шошып, шырылдап туған Томықтың түрік жерінде  дүниеге келген төрт баласы да ана топтың ортасында жүр...

    Бата жасалды. Үш жігіт ақсарбастарды жерге жықпай, аяғын бумай, алқымнан орып-орып жіберді.

- Ақжол! А, Құдай!

- Абылай! Абылай!

    Ет жүректі пендеміз ғой. Дәл осы сәтте Президент қандай сезімде болды екен, сіз қандай сезімде болар едіңіз? Біздің көңіл-күйіміз алай-түлей. Мен сезімі сыртқа тебе бермейтін Сейдахметке (Бердіқұлов), жан құбылысын жасыра алмайтын Шерханға, қиял әлемі қылпылдап, үнемі елпілдеп тұратын Камалға (Смайлов), үп еткен леп бетіне шыға келетін Сарбасқа жаны нәзік Алтыншашқа қараймын. Әлпетінен ештеңе байқатпайтын Сейдахметтің өңі өзгеріп, көзі жасаурап әсер әлегінде тұр...

    30 қыркүйек. «Биук мәрмара» мейманханасының кең залы. Түркиядағы туыстармен алғашқы жүздесу.

    - Ал, ағайындар әңгіменің аузын ашайық, - деді Нұрекең. – Бұл біздің ресми емес, бауырластық дидарласуымыз болсын.

    Ағайындар алма-кезек мінбеге көтеріліп жатты.

    - Қазақстандағы  оңды істердің бәрі біздің қуанышымыз, - деді Еуропадан келген Талғат Қосжігіт. – Шүкірлік, сіздерде қайта құру байсалды, бейбіт, батыл  кетіп бара жатыр. Бұл да болса, әрі сезімді, әрі төзімді халық табиғатын, әрі Президент парасатын танытатын қадам. Ұлы істердің алдында жүрсіз, бағытыңыздың қазақ мүддесінен ауытқымауын әр кез тілейміз!

    Халифа Алтай – дінді, Ғұлам айдар қос азаматтықты, Ислам Жеменей Ирандағы, Себенжан Исмаил –  Еуропадағы қазақтарының ойларын айтты.

    - Анкарада аңқылдап алдыңыздан шығып, кеше қолтығыңызға кіріп, құдайы құрбанға бата тілеп, шыр-пыр болып  жүрген ақсақалыңыздың бірімін, – деді Мәжит Жаналтай. – Абылайдан соң  адыра қалған  алтын таққа осы заманның заңғар тұлғасы болып Сіз отырдыңыз. Хан халқымен, халық-ынтымағымен ұлы. Шашылып кеткен халқың, анталап тұрған әлем бар. «Азды құрап ел, сазды құрап жер еткен» бабаларың болған. Мен алақан жайып жылу сұрайын деп шыққам жоқ, қол жайып Алладан, сосын Сізден ыдыраған ұлтты бір отанға ұйыстыра көр! – деп тілегелі шықтым, мінбеге...

    - Сырттағы ағайындардан не күтесіз? Олардың мүмкіндіктерді  пайдалануға бола ма? Бар қазақтың басын қосып, ақылдассақ қайтер еді? – десті. Тіпті, қазақ ел бола ала ма? – дегенге дейін барысты. Бір тәуірі, мұң мен зар емес, бүкпесіз сыр шертілді.

    - Сырттағы ағайындардан күтеріміз – бауырмалдық, бірлік. Сіздерде әзірше бізде жоқ бірталай артықшылық бар. Ол – сауда, іскерлік. Мейлі, ағайын болып қайта орал, мейлі іскер болып бизнес құр. Елім дейтін азаматтың тәуелсіздікке тілек қосар кезі жетті. Бір тұтас ұлт сөзін естуге, Атамекенде бас қосуға асығып жүргендеріңізді білемін. Мен де асығамын. Құрылтай шақырылады. Оған қам жасап жүрген қоғам-ұйымдар бар.

    «Ал, қайсың не боласың, бұл шаруаға» дегендей, Нұрекең залда отырған қазақстандықтарға қарады. Шындығында, мұндай мемлекеттік шараны жүргізіп әкетер қуатты қоғамдық ұйымдар ол тұста жоқ еді.

- Біз өткіземіз, - деп қол көтерді Жазушылар Одағының сол тұстағы жетекшісі Қалдарбек Найманбаев.

    Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын шақыру осы жолы шешілді, осы жылы оның дайындық комиссиясы құрылды.

***

    1992 жыл. Қазан. Анкарада түркі тектес алты мемлекеттің (Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркіменстан) тұңғыш саммиты шақырылды. Ешкімнің қабағына қарамай, айбарынан ықпай, әр елдің көсемдері өз нұсқауларын ұсынды. Әлем ахуалы екшелді, экономика сарапталды, саясат сараланды. Тек, халықтардың тарих, мәдениет, тіл, сенім салаларындағы қимыл бірлігіне келгенде Әзірбайжан Президенті Әбілфеиз Элшибей:

- Латын жазуына көшейік. Түрік тілін ортақ тіл етіп, Біріккен Ұлттар ұйымына өткізейік, - деген ұсыныс жасады.

- Болмайды, - деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Біз тәуелсіз мемлекет құрып жатырмыз. Тілсіз тәуелсіздік жоқ. Бір ағадан іргеміз бөлінбей жатып, екінші бір тілді ағаламайық.

    Сөз одан әрі өрбімеді. Өз басым, Нұрекең қазақтың ғана емес, бодандықтан босанған түркі халықтарының тілдерін түгел қорғап қалғандай сезіндім.

    Бүгін ұлттық жазудың үлгісін өзгерту алға шығып тұр. Біз үшін баяғыда Ахмет Байтұрсынов ғұлама жасап берген алфавит тиімді еді. Бірақ, оған өңештеудің енді реті жоқ. Латынға көшсек қазақ атаулы компьюторға түп-түгел кіріп кетеді.

    Несі бар, қабілетті қазаққа бұл қиын шаруа емес. Ондай өткелектен бұрын да өткенбіз. Тек, тіл, жазуымызды  тағы да жөндейміз деп жүріп жүдетіп алмасақ, өркениет деп жүріп жаһандануға жұтылып кетпесек жарады. Ал мұны мен өркениеттің өзге қажетінен гөрі, Президентіміздің өзі баяғыда айтқандай «Бұрынғы ағадан іргені аулақтату, кириллицаның кері әсерінен құтылу, шала қазақтарды орыс тілінің тұтқынынан құтқару» қажеттігінен алға шыққан болар деп ойлай беремін.

    Түркі халықтарының тарихи «Анкара декларациясы» қабылданған соң Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең тұңғыш мемлекеттік елшілігі ашылды. Құдайына сиынып, құрбандарын шалып, қазақтар бұл жолы да Президентінің төңірегінен табылды...

    Сапар Иранға жалғасты. Тарихтың тағы бір жаңа беті ашылды.

- Қазақстан мен Иран халықтары арасында тым ертеден тамыр тартқан рухани, мәдени байланыстар бар, – деп сипаттады бұл сапардың маңызын Нұрсұлтан Әбішұлы – жағрапиямыз жалғасып жатыр. Қос халықтың тағдыры Каспий толқынында бірге тербелген. Сол теңіздің айдыны бізді әлі тоғыстыруда. Бұл сапарға біз екі ел халықтарының жақындасып, түсінісе түсуіне халықаралық саяси мәселелерде көзқарас бірлігі болуына, аймағымызда сенімділік нығая түсуіне жол ашуға, апатты қаруларды таратпауға мүмкіндік туғызуға келдік...

    Ағайындарды аттап өтпейтін Нұрекең осы жақта ғұмыр кешіп жатқан қазақтармен кездесудің уақытын белгілеп еді, кейбір жағдайлар килігіп кетті. Анығын айтқанда патшамызды пақыр қазақтармен кездестіргілері келмеді. Тегерандағы ең төмен дәрежедегі бір мейманхананың ауласында шам жарығының түбіне жиналған ағайындармен кездесуге депутаты, ресми адамдары бар топ (Премьер-министрдің орынбасары М.Жолдасбеков бастаған) барды. Бұл тұстағы аса күрделі, әрі аса қасіретті жай Ауғанстан босқындарын 1988 жылы Женева шартына сай, соғыс босқындары ретінде Ауғанстанға қайтарғалы жатқандығы еді.  Иранда ондайлардың екі мыңдай отбасы, Түркияда мыңнан астамы, жалпы Таяу Шығыс елдерінде он мыңға жуығы жүрген. Азаматтықтарының бар белгісі – тұрған жерінен 40 шаршы шақырымынан әрі шығуға құқық бермейтін тілдей қағаз ғана. Мынау кездесуге жасырынып келген бірен-сараны жалтақтап отырып, жай-күйлерін аңғартты. Бұл біздің құлағымызға бұрынырақ жетіп, жүйкені құртып жүрген жай еді. Жалғыз Иран емес, Таяу Шығыстағы бар босқынды қайтарып жіберсе, он мыңнан астам қазақ отқа түскелі тұр.

    Тарихи Тегеранмен қоштасар сәт келді. Әрі босқындар мәселесінің шешімін ести алмай, әрі аға-бауырларынан қалғысы келмеген Ирандағы жапа-жалғыз заңгер Мұхаммед Ескелді жүр. Сәті түсіп, біздің көлікке бірге отырып әуежайға келді.

– Абыржыма, бауырым, – деді, мәрмәр залда Хошеми Рапсанжанимен сөйлесіп отырған Нұрекең Ескелдіні алдына шақырып тілектерің ұмытылған жоқ. Ресми сөз болды. Мәртебелі Рапсанжани мырза, қазақ атаулыны енді бұл жақта ешкім мазаламайды деп сендірді.

    Иран Президенті бұл тілектің құпталғанын өз ауызымен айтты. Бәріміз қатты қуандық. Апат алдында тұрған сол мыңдарды келесі жылдан бастап, Таяу Шығыстың бар өңірінен теріп жүріп, ұшақпен көшіріп ала берді. Әлі  алып жатыр.

    Содан бері Дүниежүзі қазақтарының үш құрылтайы өткізілді. Көші-қон, диаспора, демография мемлекеттік саясатқа көтерілді. Қазір біз сырттағы туыстарды топтап көшіріп алып жатқан, әлемдегі үш елдің біреуіміз. Ал, эмиграция - әуелі саясат, адамгершілік, сонымен бірге ол – ғылым. Өркениетті ел сырттағы ұлдардың ұрпақтарын қойып, жатқа кеткен қыздардан туған жиендерге дейін жіпке тізіп отырады. Олардың тұрмыс-тіршілігін зерттеп, зеріттейтін ғылым бар. Біз осыған әлі де үлгере алмай жатырмыз.

Уақап Қыдырханұлы

жазушы  Қазақстанға

еңбегі сіңген мәдениет

қызметкері


толығырақ

Биыл – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл. Қауымдастықтың 1992 жылы Алматы қаласында Елбасының тікелей қолдауымен өткен Әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайында құрылғаны баршаға мәлім. Бұл құрылтайда Қауымдастықтың Төралқа Төрағасы болып Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан сайланған еді. 1992 жылдан бері әлемнің 45 елінде тарап кеткен қазақ баласын жинап, олармен әдеби-мәдени байланыс орнатып, шетелдегі бауырларымыздың рухани мұрасын атажұртпен қауыштыруда айтарлықтай еңбек сіңірген Қауымдастықтың Төралқа төрағасының І орынбасары Талғат Мамашевті әңгімеге тартқан едік. – Талғат Асылұлы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы дүниеге келгелі жиырма жылдың жүзі болыпты. Осы 20 жылда атқарған еңбектеріңізді бір шолып өтсеңіз... – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өзі құрылғаннан бергі жиырма жыл ішінде сырт жерлердегі қазақ диаспорасымен тұрақты байланыс жасайтын еліміздегі ең негізгі ұйымға айналды. Қазіргі кезде бүкіл жұртшылық Қауымдастықты шетел қазақтарының мәдени-рухани, оқу-білім, ана тілі, экономикалық жағдайы және демографиялық өсіп-өнуі жөніндегі бүкіл мәліметтерді бір ортаға жинақтап, жүйеге түсіріп отырған ұйым ретінде жақсы біледі. Сондай-ақ, Қауымдастық алыстағы ағайындардың ұлттық-рухани және көші-қон жөніндегі мұң-мұқтаждары мен өтініш-тілектерін Қазақстан үкіметіне, басқа да тиісті орындарға жеткізіп, олардың шешілуіне ықпал жасап отыруға да айрықша көңіл бөледі. Соған орай, шетелдегі қандастарымыз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын өздерінің қасиетті қара шаңырағы санайды. Атажұртқа келіп Алматыға ат басын тіреген ағайындарымыз бірінші кезекте Қауымдастыққа кіріп шығады. Жаңалықтарын айтады, бірлесіп істейтін жұмыстар жөніндегі ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салады. Қауымдастықтың мұндай дәрежеге жетуі Елбасының тікелей қолдауы мен қамқорлығының нәтижесі екендігі де даусыз. Яғни Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өз жұмысын Төралқа төрағасы ретінде Президентіміздің белгілеп берген бағыт-бағдары мен міндет-тапсырмаларына сүйеніп жүзеге асырады. Бұл жұмыстардың арасында әлем қазақтарының құрылтайларын ұйымдастырудың алар орны ерекше. Бұл ретте 1992 жылы өткен тұңғыш құрылтай туралы айрықша айта кеткеніміз жөн. Жер жүзіндегі бүкіл қазақтың басын қосатын мұндай жиын біздің елімізде бұрын-соңды болмаған еді. Соған орай кезінде алғашқы құрылтай ойдағыдай өз дәрежесінде өтіп, алға қойған мақсатын толық орындай ала ма деген мәселе жұрттың көбін ойландырғаны да, алаңдатқаны да даусыз еді. Бірақ кезіндегі жан-жақты дайындық пен ұйымдастыру жұмыстарының ойдағыдай болуының нәтижесінде әлем қазақтарының тұңғыш бас қосуы кең ауқымды, жан-жақты тартымды бағдарлама бойынша табыспен өткізілді. Құрылтайда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың бүгіні мен болашағы туралы жүрек тебірентерлік баяндама жасады. Соған орай бұл бас қосу қазақ елінің шынайы тәуелсіздікке қол жеткізуінің айқын бір көрінісі болды. Тұңғыш құрылтай шетелдегі сан миллион қазақтардың атажұртқа деген ынта-ықыласын барынша арттыра түсті. Сондай-ақ, алғашқы Құрылтай Қазақстан Республикасының шетелдегі қазақтарға мәдени-рухани, оқу-білім саласынан қолдау көрсетудің негізі бағыт-бағдары мен басты міндеттерін де нақтылап, көші-қонның қолға алынбай келе жатқан көптеген мәселелерінің оң шешімін табуына өз әсерін тигізді. Міне, осыдан кейін де елімізде әлем қазақтарының тағы үш Құрылтайы өтті. Бұл құрылтайлардың бір-біріне ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері болды. Мысалы 2002 жылы Түркістан қаласында өткен құрылтай, негізінен, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған он жыл ішіндегі қол жеткізген табыстарын саралап-сараптауға арналды. Сондай-ақ,

бұл жиында жалпы қазақ халқының алдағы уақыттағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, оқу-білім саласындағы өсіп-өркендеуі жөніндегі маңызды әңгімелер қозғалды. Ана тілі мен демография, көші-қон мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Екінші Құрылтай ұлтымыздың рухани астанасы саналатын қасиетті Түркістан қаласында өткізілгендіктен бұрынғы тарихымызды еске алып, ұлы тұлғаларымызға құрмет көрсетуге де айрықша көңіл бөлінді. Әлем қазақтарының үшінші Құрылтайы 2005 жылы республикамыздың жаңа елордасы – Астана қаласында өтті. Бұл басқосудың бұрынғы құрылтайлардан ең басты ерекшелігі – барынша іскерлік бағытта өткізілуінде болды. Соған орай, салтанатты мәжілістен кейін төрт мәселе бойынша секциялық мәжілістер өткізілді. Бұл мәжілістерде мәдениет, оқу-білім, бұқаралық ақпарат құралдары және көші-қон салалары бойынша шетелдегі қазақтармен байланыс жасаудың өзекті мәселелері талқыланды. Түркістан мен Астана қалаларында өткен екі Құрылтайда да Қазақстан Республикасының Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арнайы баяндама жасады. Елбасы бұл баяндамаларында шетелдегі қандастарымыздың бүгіні мен болашағына қатысты ең өзекті мәселелерді ортаға салып, осыған орай Қазақстан тарапынан жасалуға тиіс қолдау-қамқорлықтардың бәрін бір жүйеге түсіріп, нақтылап берді. Сондай-ақ, Елбасы бұл Құрылтайларда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысына оң бағасын беріп, оның қызмет ауқымын кеңейтуге қатысты нақты тапсырмалар да берді. Бұл жағдай Қауымдастықтың жұмысын нәтижелі жүргізіп, жаңа деңгейге көтеруге өз септігін тигізді. Ал төртінші Құрылтай 2011 жылдың 25-27 мамыр аралығында Астана қаласында өтті. Құрылтайға әлемнің 35 елінен 400-ге жуық ресми өкілдер келді. Қазақстанның өзінен зиялы қауым, қоғамдық және саяси ұйымдардың жетекшілері, Президент әкімшілігі мен үкімет басшылары, Сенат және Мәжіліс депутаттары, түрлі министрлік пен барлық облыстардың, Астана, Алматы қалаларының өкілдері қатысты. Бұл құрылтайда жастар мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Соған орай, шетелден келген қонақтардың алпыс пайызын жастар құрады. Төртінші құрылтайда бірінші кезекте шетелдегі қазақ диаспорасы мен оралмандардың ең мұқтаж мәселелері жан-жақты айтылды. Бұл ретте үш мәселеге айрықша көңіл бөлінді. Оның біріншісі – көші-қон, екіншісі – оқу-білім, үшіншісі – мәдени-рухани және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері. Құрылтайды өткізу барысында осы жоспар-бағдарлама толығымен жүзеге асты. Құрылтайда қазақ диаспорасы мен оралмандар мәселесіне арналып 9 министрлік өкілдерінің қатысумен 7 жерде дөңгелек үстел мәжілістері өткізілді. Басқосуға Ішкі істер, Сыртқы істер, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Байланыс және ақпарат, Ауыл шаруашылығы, Спорт және туризм, Экономикалық даму және сауда министрліктерінің басшылары қатысты. Дөңгелек үстел кезінде алыс-жақыннан келген ағайындар көкейде жүрген бүкіл мәселелерін ортаға салып, іштеріндегі шерін түгел ақтарып, кең отырып әңгіме-дүкен құрды. Құрылтай бағдарламасы бойынша арнайы халықаралық футбол турнирі өткізілді. Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Түркия, Қазақстан және Еуропа елдерінен келген кілең қазақтардан тұратын 8 команданың жасыл алаңға шығып жарыс өткізуі халқымыздың тарихындағы бұрын-соңды кездеспеген үлкен оқиға болды. ҚР Президенттік мәдени орталықта қазақ диаспорасы мен оралман жастардың арасында қылқалам шеберлерінің көрмесі ашылып, жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды. Оған әнші мен бишілер өнерден шашу шашты. Бұл салтанат жастардың думанды ән-би кешімен жалғасты. Бұл Құрылтайда да Елбасы дүниенің төрт бұрышынан келген ағайындардың алдында арнайы баяндама жасап, шетелдердегі қазақ диаспорасы мен оралмандарға қолдау көрсетудің барлық тетіктерін айқындап, бұл жөнінде алда тұрған 5 міндеттерді белгілеп берді. Ол міндеттердің біріншісі – көші-қонға қатысты еді. Елбасы көші-қондағы 20 жыл

ішінде қол жеткізген игі істер мен жетістіктерге жан-жақты талдау жасай келе, қандастарымызды Отанға оралту жұмысын одан әрі жүйелеп, жетілдіре беру керектігіне тоқталды. Құрылтайда Елбасының шетелдегі ағайындарға қолдау көрсету жөніндегі алға қойған екінші міндеті – оқу-білім мәселесі болды. Бұл ретте Президент: «Біз әлемдегі барша қазақ жастарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасауымыз керек... Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне қандастарымызға бөлінетін гранттық квотаны нақтылап, жастармен жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырамын», – деді. Елбасының қазақ диаспорасына қамқорлық жасау жөніндегі алға қойған үшінші міндеті бұқаралық ақпарат құралдарына байланысты болды. Бұл жөнінде Президент: «Біз шеттегі қандастардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесеміз», – деп атап көрсетіп, бұл жөнінде тиісті орындарға нақты тапсырмалар да берді. Құрылтай өтісімен Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Елбасының осы жиында белгілеген міндеттерінің негізінде алдағы уақытта шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсетуге байланысты жүзеге асырылуға тиіс іс-шаралардың жоспарын жасап, бекітті. Бұл жоспарда қазақ диаспорасы мен оралмандарға қатысты ең өзекті мәселелер қамтылып, тиісті министрліктер мен мекемелердің міндеттері нақты көрсетілді. – Сонымен қатар, Қауымдастық әлемнің көптеген елдерінде қазақтардың Кіші құрылтайларын өткізіп келеді. Бұл құрылтайлардың қазақ өркениетіне берері не деп ойлайсыз? – Бұл – алыстағы ағайындармен тұрақты байланыс жасап, оларға қолдау-қамқорлық жасаудың және бір тиімді жолы. Қазақтар тұратын шетелдерде Кіші құрылтайлар, басқа да түрлі басқосулар, мәдени іс-шаралар осы жиырма жыл ішінде талай өткізілді. Мұндай бас қосулар қазақ халқының біртұтас ұлт ретінде өсіп-өркендеуіне үлкен ықпал жасайды. Өйткені қазақ қай жерде жүрсе де, қай елде тұрса да өзінің ана тілін, ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтай білуге тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, сырттағы қазақтар арасында соңғы уақытта біраз күрделі мәселелердің қалыптасып отырғаны да анық. Яғни олардың жас толқынының ана тілінен алыстап, ұлттық ерекшеліктерінен ажырай бастағаны байқалады. Бұл жағдайдың алдын алу үшін не істеу керек?.. Осы тұрғыдан келгенде кіші Құрылтай сияқты басқосулардың маңызы айрықша. Яғни сырт жерлердегі ағайындардың ұлттық-рухани мәселелері ең алдымен осындай жиындарда жан-жақты талқыланып, ортаға қойылуға тиіс. Қазіргі кезде Еуропа елдерінің көбінде Қазақ мәдени орталықтары құрылып, ойдағыдай жұмыс істеуде. Қауымдастық осы орталықтармен бірлесіп, жыл сайын бір рет Еуропа қазақтарының спорт және мәдени мерекелерін ұйымдастырады. Мұндай кіші Құрылтайлардың бірі биыл Еуропаның теріскейіндегі Дания елінің Аархус қаласында өтті. Бұл кіші Құрылтайға Қазақстаннан Дүниежүзі қазақтары қауымдас-тығының атынан арнайы делегация барып қатысты. Делегация құрамында Парламент Мә-жілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы, «Егемен Қазақстан» газетінің Президенті Сауытбек Абдрахманов және басқа да қоғам қайраткерлері мен өнер жұлдыздары болды. Кіші Құрылтайдың ойдағыдай өтуіне Қазақстанның Даниядағы елшілігі де үлкен үлес қосты. Құрылтай кезінде Қазақстаннан барған делегацияны Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасы мен Дания корольдігіндегі Төтенше және өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов қабылдап, Қазақстанның Еуропа қазақтарымен байланысын одан әрі нығайта беру жөнінде өз ойларын ортаға салды. Қазақ диаспорасының мұндай кіші құрылтайлары Тәжікстан, Ресей, Моңғолия, Түркия си-яқты елдерде де өткізіліп келеді. Сондай-ақ, Қауымдастық шетелдерде кіші құрылтайлардан да басқа түрлі мәдени шаралар өткізуге де айрықша көңіл бөледі. Бұлардың арасында, Қауымдастық, әсіресе, шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанда оқып, білім алуына байланысты да көп жұмыс жүргізіп келеді. Бұл ретте, Қауымдастық шетелдік қазақ жастарына арналған дайындық курстарының ашылуына тікелей атсалысты. Соған орай, қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен басқа

да жоғары оқу орындарында бірнеше дайындық курстары жұмыс істейді. Қауымдастық этникалық көші-қон туралы түрлі дөңгелек үстел мәжілістерін өткізіп, бұл саланың қазіргі жағдайы мен болашағы туралы баспасөз бетінде үнемі мәселе көтеріп келеді. – Менің білуімше, шетелде қазақ мәдени орталықтары жұмыс істейді. Солардың тыныс-тіршілігімен таныстыра кетсеңіз... – Қауымдастық өзінің күнделікті жұмыстарын ҚР Президент әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімімен, Мәдениет және ақпарат министрлігі және оның Тіл комитеті, Білім және ғылым министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігімен тығыз байланыста жүргізеді. Қауымдастық шетелдік қазақтармен байланысты сол елдердегі Қазақстан елшіліктерімен және қазақ Мәдени орталықтарымен бірлесіп жүзеге асырады. Қазір қазақтар көп тұратын елдердің басым көпшілігінде заңды түрде құрылып, әділет мекемелерінен тіркеуден өткен қазақ мәдени орталықтары бар. Мысалы, Түркия, Германия, Франция, Австрия сияқты елдерде мұндай орталықтар ежелден жұмыс істейді. Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығы да жемісті жұмыс істеп келеді. Ол елдің көптеген облыстары мен Қарақалпақстанда Республикалық Қазақ Ұлттық мәдени орталығының бөлімшелері кұрылған. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты үлкен қалаларынан бастап, Астрахань, Орынбор, Омбы, Самара, Саратов, Челябі, Түмен облыстары мен сонау алыстағы Саха Республикасында да қазақ мәдени орталықтары бар. Балтық жағалауы елдерінде де қазақ мәдени орталықтары шаңырақ көтере бастады. Қауымдастық осы мәдени орталықтармен тікелей байланысып, бірлескен бағдарламалар негізінде көптеген шараларды іске асырып келеді. Мысалы, ол елдерде қазақ әдебиеті мен өнерінің мерекелері өткізіледі, жергілікті қазақ өнер ұжымдарына ұлттық киім мен музыкалық аспаптар жөнінен көмектесу де жүзеге асырылады. Қауымдастық Моңғолия сияқты елдерде өз бөлімшесін ашып, ондағы қазақтармен байланысты сол бөлімше арқылы жүргізуде. Кейбір елдерде Қауымдастық ол елдегі қазақтармен байланысты жеке тұлғалар, жеке мәдениет ошақтары арқылы жүзеге асыруда. Шетелдегі ағайындармен тікелей байланысты барынша жақсартып, тиімді жүргізу үшін Қазақстанның Павлодар, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Алматы сияқты шекаралас облыс-тары мен Астана қаласында Қауымдастықтың бөлімшелері ашылған. Бұл бөлімшелер өздеріне жақын, көршілес елдегі қазақтармен байланыс жасау ісімен айналысады. – Соңғы жылдары қазақ көші-қоны қаңтарылды. Оның қайта жолға қойылуы үшін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қандай игі шараларға мұрындық болуда? – Қазақстанның шетелдегі қазақтармен байланысының ең басты бір бағыты –көші-қон мәселесі. Әрине, көші-қон жұмыстарының әлде де ойласатын, жан-жақты қолға алып, жүйелі түрде шешетін мәселелері аз емес. Қауымдастық бұл жұмыстарға да өз үлесін қосуға айрықша көңіл бөліп келеді. Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында: «Әлеуметтік мәселелерді «кейінге» қалдыруға болмайды. Ал бұл, өз кезегінде, жаһандық дауылдарға қарсы тұра алу үшін жаһандық тұрақсыздық жағдайында, жаңа ғасыр жағ-дайында, Қазақстан қоғамы қандай болуы керек деген сұрақтарға жауапты талап етеді. Біздің жүзеге асырылмаған резервтеріміз бен мүмкіндіктеріміз неде? Әлеуметтік саясат орнықты, жасампаз болуы үшін тағы не істеу керек? Бүгін өткен жүз жылдықтың 60-шы жылдарында кеңінен таралған тұтынушылық қоғам тұжырымдамасының елесі айқын сезіледі. Тұтынудың бұл идеологиясы бүлдіруші болғанына бүгін бүкіл әлем ерекше көз жеткізіп отыр. Ол әлемнің дамыған елдерінде жаппай әлеуметтік масылдық туындатты және жаһандық дағдарыстың басты себептерінің бірі болып табылады» деген еді. Сол секілді көшіп келген қазақтардың да мәселесін бұдан былай «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы шешкен дұрыс деп есептеймін.

Қауымдастықтың негізгі міндеті көші-қон мәселесі емес. Дегенмен шетелдегі қазақтарды Қазақстанмен нақтырақ таныстыру мақсатында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуді қолға алудамыз. Қауымдастықтың негізгі жұмыстарының бірі – шетелдегі қазақ диаспорасына ақпараттық қолдау көрсету. Бұл жұмыстың мүмкіндігі мен болашағы өте үлкен. Өйткені бес миллионнан астам қазақ диаспорасының тоқсан пайызға жуық бөлігі елімізбен шекаралас мемлекеттерде орналасқан. Шекараға жақын болғандықтан ол елдерге Қазақстанның радио және телехабарларын жеткізу барынша оңай. Бұл елдерге Қазақстанның газет-журналдары мен кітаптарын таратудың да мүмкіндігі мол. Сондай-ақ, қазір бұл жөнінде арнайы веб-портал ашу да қолға алынды. Яғни Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігін әлдеқайда кеңейтіп, ауди-ториясын ұлғайтудың тиімді бір жолы – шетелдегі отандастарға арналған радио және телехабарлар мен түрлі басылымдарды көбейту. Елімізде бұған толық мүмкіндік бар. Осыған орай, Қауымдастықтың жанынан «Алтын бесік» журналы мен «Туған тіл» альманағы да жарық көріп, шетелдердегі ағайындарға таратылады. Бұл басылымдардың жарық көруіне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті мен Тіл комитеті нақты қолдау жасауда. Еліміздің экономикалық-әлеуметтік өсіп-өркендеуінде Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі жолдауының алар орны ерекше. Жолдауды барша қазақстандықтармен бірге шетелдегі ағайындар да айрықша ынта-ықыласпен асыға күтеді. Соған орай, Қауымдастық Елбасының жолдауын шетелдегі отандастарға жеткізіп, жан-жақты насихаттауға да айрықша назар аударады. Қазір Қауымдастық Жолдауды түрік, моңғол тілдеріне аударып, оның төте жазумен шығатын нұсқасын дайындап, алыстағы ағайындаға жеткізіп жүр. Қауымдастық шетелдегі қазақ диаспорасының демографиялық және әлеуметтік жағдайының бүгіні мен болашағы жөнінде арнайы экспедициялар ұйымдастыруды да қолға алып келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде «Өзбекстандағы қазақтар», «Қытайдағы қазақтар», «Ресейдегі қазақтар» деген монографиялық жинақтар жарық көрді. Жалпы, Қауымдастық шетелдегі қазақ қаламгерлерінің шығармаларын жинап, жарыққа шығарып насихаттауға айрықша назар аударады. Қауымдастық шетел қазақтарымен байланыс жасау жөнінде түрлі ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстел мәжілістерін ұйымдастырады. Қауымдастық көп жылдан бері Түркістан қаласы әкімдігімен бірлесіп шетелдегі ағайындарға қолдау көрсету жөнінде түрлі іс-шараларды тұрақты өткізіп келеді. Солардың бірі – «Түркістанды аңсау» атты мәдени-этнографиялық оралмандар фестивалі. Бұл фестивальге Қазақстанның барша облыстарына орналасқан оралмандар, сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия мемлекеттерінен арнайы келген өнерпаздар қатысады. Шетелдегі қазақтар жас ұрпаққа ана тілін үйретуге өте қүштар. Соған орай, арнайы мұғалім жіберу туралы да жиі өтініш айтады. Бірақ қазір заман өзгерді. Бүгінгі таңда тіл үйренуді техниканың көмегімен де оңай жүзеге асыруға болады. Соған орай Қауымдастық шетел қазақтарына арнап қазақ тілін үйренудің компьютерлік бағдарламасын жасады. Сондай-ақ, Қауымдастықтың «kazaktar.kz» вебсайты да тұрақты жұмыс істейді. Алыс және жақын шет елдердегі қазақ мектептері мен қазақ мәдени орталықтарын оқулықтар және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету, оларға түрлі кітаптар, журналдар тасымалдап жеткізіп беру де тұрақты түрде жүргізіледі. Шетелдегі ағайындар қазақ тіліндегі кітаптарға да өте мұқтаж. Соған байланысты, Қауымдастық шетелдегі қазақ қаламгерлерінің шығармаларын басып шығарумен ғана шектелмей, оларға Қазақстанда жарық көрген түрлі кітаптарды жіберіп тұруды да тұрақты жүзеге асыруда. Шетелдегі қазақ балаларын Қазақстанда өтетін қазақ тілі мен әдебиеті жөніндегі конкурстарға қатыстыру, “Балдәурен” сауықтыру орталығына әкеліп тынықтыру да жылдағы жоспар бойынша жүргізіледі.

Әңгімелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=39&id=8208

толығырақ

Алматы қ. 1993 жыл 17 желтоқсан

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тұсаукесер салтанаты өтті. Оған Қытай Халык Республикасындағы қандастарымыздан басқа шетелдегі қазақ диаспорасының баршасынан өкілдер қатысты. М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында өткен мәжілісте Елбасы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Нұрсұлтан Әбішүлы Назарбаев қонактар алдында сөз сөйлеп, жиналғандарды осы салтанатпен құттықтады.

Шетелдегі отандастарымыздың тыныс-тіршілігіне байланысты проблемаларға жан-жақты тоқталып, оларды шешудің жолдарын көрсетті.

Қазақ диаспорасының нағыз қамқоршысына айналған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысына жоғары баға берді. Осы жиында Халифа Алтай, Мұстафа Өзтүрік сынды бірнеше азаматқа Қазақстан азаматы деген куәлікті Президент өз қолымен тапсырды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шежіресі. – Алматы, 2002. – 7 б.

толығырақ

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы 1992 жылғы қыркүйектің 29-да Алматы қаласында өткен Әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайының ұйғарымына сәйкес дүниеге келді. Қауымдастық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелген республикалық мәртебесі бар халықаралық үкіметтік емес қоғамдық бірлестік.

Негізгі міндеті – шетелде тұратын қазақтармен мәдени-рухани, оқу-білім және іскерлік бизнес салаларында байланыс жасау. Өз Жарғысында белгіленіп, бекітілген міндеттер аясында жұмыс істейді. Күнделікті жұмысында Қазақстан Республикасының шетелдермен мәдени-рухани, оқу-білім және экономикалық салада жасалған келісім-шарттарды, басқа да халықаралық құжаттар мен актілерді басшылыққа алады.

Қауымдастық жанынан ақсақалдар алқасы, ғылым, өнер және студент жастар, бизнес, туризм орталықтары жұмыс істейді.

«Алтын бесік» журналы, «Туған тіл» альманағы, «Атажұрт» баспа орталығы және «Қазақ елі» (2004-ке дейін) газеті, өз өнімдерімен оқырмандарын қуантуда.

Дүние жүзінің 35 елінде Қауымдастықтың бөлімшелері мен өкілдіктері, сондай-ақ, Республикамыздың Астана қаласы мен 7 (Алматы, Атырау, БҚО, ОҚО, СҚО, Павлодар, ШҚО) облысында филиалдары бар. Біз күнделікті жұмысымызда шетелдегі қазақ мәдени өкілдіктерімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Қауымдастық дүниеге келгеннен бері төрт құрылтай өткізді.

1992 жыл. 29 қыркүйекте Алматыдағы Абай атындағы академиялық опера және балет театрында Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайы жұмысын бастады. Құрылтайға Түркия, Германия, Франция, Швеция, Норвегия, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан (барлығы 33 елден), сондай-ақ Қазақстан облыстарынан 800-ден астам кісі қатысты. Құрылтайды ұйымдастырушылардың бірі Қ.Найманбаев болды.

Құрылтайдың басты мақсаты Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру, оның басшы органдарын сайлау болатын. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басшылығы мына құрамда: ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев – Төралқа төрағасы, Қ.Найманбаев – төрағаның бірінші орынбасары, Дәлелхан Жаналтай, Мырзатай Жолдасбеков, Алтынбек Сәрсенбаев – төралқа мүшелері болып сайланды.

Кешкілік Республика сарайында құрылтайдың салтанатты мәжілісі өтті. Мәжілісте Елбасы Н. Назарбаев халқымыздың тарихы мен тағдыры туралы тебірене толғанған баяндама жасады.

Құрылтай құрметіне Алматы облысының Дегерес жайлауында дүбірлі той өтті.

Құрылтай кезінде алыстан келген ағайындар Қазақстанды аралап, Жезқазған, Ұлытау және Түркістанды аралап, аруақтарға тағзым етілді.

* * *

2 қараша күні Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестік ретінде Әділет министрлігінен тіркеуден өтіп, тіркеу туралы куәлік алды. Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Қ. Найманбаевтың бұйрығымен С. Балғабаев Қауымдастық төрағасының орынбасары болып бекітілді.

2002 жыл. Қазан айының 23-де Түркістан қаласында Дүниежүзі қазақтарының II құрылтайы ашылды.

Құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасады.

Салтанатты жиында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының төрағасы болып Н. Назарбаев бір ауыздан сайланды.

Қауымдастық Төралқасы төрағасының бірінші орынбасарлығына Қалдарбек Найманбаев (2004 ж. қайтыс болғанға дейін), төралқа мүшелері болып Бауыржан Мұхамеджанов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Әбдірахман Шетин сайланды.

2004 жылғы қазанның 13-де Қазақстан Республикасының Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың шешімімен Қауымдастық Төралқа төрағасының бірінші орынбасары міндеті Т.А.Мамашевқа жүктелді.

2005 жыл. 29 қыркүйекте Астанадағы Үкімет үйінің Мәжіліс залында Қазақтардың III дүниежүзілік құрылтайы салтанатты түрде ашылды. Мәжілісті Құрылтайды дайындау және өткізу жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы Ахметжан Есімов ашты. Құрылтай жұмысына Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

Шетелден келген қазақ диаспорасының жетекшілері мен зиялы қауым өкілдері мінбеге көтеріліп, өз ойларын ортаға салды.

Құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасы төрағасы болып Н. Назарбаев бір ауыздан сайланды.

Төралқа төрағасының бірінші орынбасарлығына Елбасының ұсынысымен Талғат Мамашев сайланды.

Төралқа мүшелері болып Сұлтанәлі Балғабаев (төрағаның орынбасары), Әбдірахман Шетин, Сұлтан Жанболат, Мейірманқұл Бәкіров, Қабсатар Омарұлы сайланды.

2011 жыл. 25-27 мамырда Астана қаласының Тәуелсіздік сарайында Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайы ашылды.

Құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасы төрағасы болып Н.Назарбаев бір ауыздан қайтадан сайланды.

Төралқа төрағасының бірінші орынбасарлығына Елбасының ұсынысымен Талғат Мамашев сайланды.

Төралқа мүшелері болып Сұлтанәлі Балғабаев (төрағаның орынбасары), Абдулқаюм Кесижи, Тоқтарбай Дүсенбаев сайланды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ағымдағы мұрағатынан

толығырақ

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті