Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

ДҚҚ тарихынан

Басты бет | ДҚҚ тарихынан | Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалы тарапынан Мемлекеттік көші-қон саясатын жүзеге асыру тұрғысында 2005-2015 жылдары аралығында атқарылған жұмыстар есебі

      1991 жылы Қазақстан ел  тәуелсіздігін  күллі әлемге жариялай салысымен Қазақстан Республикасының  тұңғыш Президенті Н. Назарбаев  шет елдегі қазақтарға  ақ тілегін айтып «елге ораламын деушілерге есігіміз ашық» деп мәлімдеген болатын. 

      Содан бері шетелде тұратын қандастарымыз Елбасы назарынан ешқашан тыс қалған емес.  2011 жылы мамыр айында Астана қаласында өткен Дүниежүзі Қазақтарының IV Құрылтайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де тұтас халқының бір бөлшегі екенін еш уақытта ұмытпауымыз керек» деп ерекше  атап айтқан еді.

     1992 жылы қыркүйекте Елбасы әлемнің 33 мемлекетінен 800-ден астам қандастарымызды шақырып, Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын өткізіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құрды, әрі оған өзі төраға болып сайланды. Президенттің өз ұлтына  деген қамқорлығы тағдыр тәлкегімен шетел асқан қандастарымызға қанат бітіріп,  атажұртқа  бет бұрған ұлы көш керуені басталғаны өздеріңізге аян.

   «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалын алғаш Уатхан Ботакөз, Әлхан Амантай қатарлы жиырмадан астам азаматтардың бастамасымен  1998 жылғы 19 мамырда құрылған. Филиалдың алғашқы төрағасы Қазақстан Халықтар Ассамблеясының Павлодар облыстық құрлымының басшысы  марқұм Қанат Даржұманов сайланған  еді. Филиалдың негізгі жұмысын Павлодар обыстық  көші-қон бөлімінің бас маманы Әлхан Амантай қосалқы жүргізіп отырған.

     2005 жылы, Дүниежүзі Қазақтарының  III Құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысымен «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» жасалып, Үкімет қаулысымен бекітілді. ІІІ құрылтайда Елбасы: «Бүкіл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар – ол тәуелсіз Қазақстан» – деген еді. 

      Осы мүддеге сәйкес  2006 жылдың наурыз айында Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының кеңейтілген  мәжілісі өткізіліп, жаңа бағыттар нақтыланған болатын.

      Осы мәжілістен мені Павлодар облыстық филиалдың басшысына тағайындады.  Қауымдастықтың жарғысы мен  ережесіне сәйкес,  филиалды заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден қайта өткіздік.  Филиалдың жұмысы да жолға қойылды, нақты шаралар ұйымдастыру ісі қолға алынды.

     Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы  және оның филиалдары шетелде тұратын қазақтармен мәдени-рухани, оқу-білім және іскерлік, бизнес саласында тұрақты байланыс жасап, сыртта жүрген қандастарымыздың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты  барлық мәселелермен айналысады. Қауымдастықтан берілген жоспар, тапсырмаларды филиал  тыңғылықты орындап отырды. Біз елге оралған қандастарымыздың да сан түрлі мәселелерімен де айналысып келдік.

       Көшіп келген қандастарымыздың жаңа ортаға бейімделіп кетуіне байланысты мемлекеттік органдардың қатысумен жыл сайын тұрақты «дөңгелік үстел», кездесулер, конференциялар ұйымдастырылды.

      2012 жылдың маусым айында облыс әкімінің қолдауымен Павлодар қаласында  республикалық деңгейдегі  400-ге жуық өкілдер қатысқан ауқымды шара ұйымдастырылды.  «Оралмандардың Қазақстан қоғамының дамуына  қосқан үлесі» атты конференцияда облыс әкімі баяндама жасап оралмандардың ел өміріне қосқан қомақты үлестерін нақты сан, көрсетеіш, мысалдармен  дәлелдеп айтып берді. Шараға қатысқан белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, Үкіметтік  және қоғамдық ұйымдар  басшылары, оралмандар өкілдерінің  көші-қон саласындағы өзекті міселелерді шешу жолдарын қарастырған тың ой, пікірлері ҚР ның  Үкіметіне жолданды. Конференцияда айтылған жалынды сөздер қазақтың рухын көтерді, ұйымдастырылған басқа да мәдени шараларды жұртшылық  жоғары бағалады.

      Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы ұйымдастыратын «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес атамекенге көшіп келген қандастардың жаңа ортаға бейімдеу шараларын өткізу  мақсатында  жариялаған конкурсқа біздің филиал да  қатысып, 2007-2015  жылдар арасында 8 рет жеңімпаз атандық. Ұйымдастырылған кешенді шаралардың нәтижесінде Павлодар облысына  шет елдерден көшіп келген, қандастарымыз жаңа ортаға жедел бейімделіп кетуіне үлкен септігін тигізді.

     Облыстық мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасаумыз   қандастарымызға қатысты өзекті мәселелер жедел, әрі уақытылы шешіліп отырды.

     Оралмандарды жаңа  ортаға бейімдеу шараларын Республикалық оралмандардың «Асар» қоғамдық бірлестігінің Павлодар филиалымен бірлесе отырып атқарып келеміз.

      Бүгіндер облысымызда  тәуелсіздік жылдары Ресей, Өзбекстан, Моңғолия қатарлы  әлемнің тоғыз елінен  көшіп келген 7100-ге жуық отбасы,  35000-нан астам қандастарымыз тұрып жатыр. Оларды орыналастыруда Үкіметтік мекемелер мен Қоғамдық ұйымдар қыруар жұмыстар атқарғандығы баршаға аян.

  Филиал тарапынан Тарихи Отанына біржолата қоныстануға көшіп келген оралмандардың тұрғылықты жерлерін таңдауға бағыт бағдар беру, тұрақты тірекуге тұру үшін нақты мекен жай табуына, төлқұжаттарын рәсімдеуге,  Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдауына, ықтияр хат алуына нақты көмек көрсету, құжаттарына аударма жасау, жаңа ортаның тұрмыс салтын түсіндіру, кәсіпкерлікке үйрету, заң, құқықтық мәселелерді түсіндіру, кеңес беру  жұмыстарын тұрақты жүргіздік.     

      Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық  филиалының және Оралмандардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің Павлодар филиалының араласуымен Павлодар ауыл, Теміржолшылар  поселкасі, Кенжекөл  аулынан 200-ге жуық оралман ағайын жер теліміне ие болды.

     Павлодар аулының Шаукен бөлімшесінде бой көтерген жаңа ауыл көшелеріне  «Отандастар», «Сарыарқа», «Атажұрт» деген атаулардың берілуін облыстық онамастика комиссиясына ұсынып, оң шешім қабылдатуға да аз еңбек жұмсаған жоқпыз. 

      Нәтижесінде барлық инфрақұрлымы бар  жап-жақсы оралмандар ауылы бой көтерді.

     2010 жылы Монғолияның Баян-Өлгий аймағында  ойылған жұт болып, қандастарымыздың негізгі күн көрісі мал  қыруар шығынға  ұшырап, қиын жағдай орын алды. 2009, 2010 жылдары Монғолияның Баян-Өлгий, Қобда аймақтарына барып Қазақстанға  оралғысы келетін  қандастарымыздың тыныс-тіршілігімен танысып, Павлодар обысына көшуге ниет білдірген 300-ден асам отбасының тізімін жасаған болатынбыз.

      Олардың арасында 100-ге жуақ отбасы Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы квотасына сәйкес Моңғолиядан біржолата қоныс аударуға  ниетті болса да, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының төмен болуы салдарынан өздігінен көшіп келе алмайтынтындар болатын. Олар Қазақстан Республикасы Үкіметіне өздерін көшіріп алу туралы бірнеше мәрте өтініш, тілек білдірді. Жоғарыдағы тізімді ҚР ның Еңбек және  әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетіне ұсынып, олардың келісімі негізінде қиын жағдайға тап  болған қандастарымызға  қол ұшын беру мақсатында  2010 жылдың шілде -қазан айларында арнайы автобустар,  камаз авто көліктерін жалдап, 103 отбасының 680 адамын үй мүлкімен Павлодар облысына  келісім шарт бойынша көшіріп әкелдік.

     Жасыратыны жоқ бұл аса күрделі, әрі  жауапкершілігі өте жоғары  жұмыс еді. Үш елдің төрт кеден бекетінен өтіп 1500 км жол  жүрудің машақатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Дегенмен көш көлікті болды. Алдынала олардың тізімін жасап,   құжаттарын  мұқият даяарлатып, жағдайды түсіндіріп әкелгендіктен келген соң көп мәселе туындаған жоқ. Келген адамдарды көші қон полициясы бірден тексеріп, тіркеп, көші-қон бөлімі құжаттарын жедел рәсімдеу нәтижесәнде  олар үш айдың ішінде квотаға қол жеткізіп, ҚР ның азаматтығын алды, Қазақстан қоғамынан өз орындарын тапты. Әдетте елге оралған қандастарымыздың көбісі осының бәріне өздігінен қол жеткізу үшін кейде тіпті жылдап әуре сарсаңға түсетін-ді.

      Мәдени-әдеби іс-шаралар жайында айтсақ, Филиалдың қолдауымен, Монғолия Елінің Баян-Өлгий аймағының Өлгий қаласынын әкімі, қала әмірі Қайсанай Қабдыразақұлы бастаған құрамында аймақ депутаттары, мемлекет қызметкерлері, денсаулық, мәдени сала мамандары, өнер шеберлері, шағын кәсіп орындарының басшылары қатысқан 17 адамды Павлодар қаласының әкімінің арнайы шақыруымен  2007 жылғы 8 қыркүйекте  Павлодар қаласы күніне қатысты.           

         Бауырлас екі елдің Павлодар, Өлгий қалалары арасында– достық  қарым-қатынас орынату туралы келісімге әкімдер қол қойды.     Қала күні қарсаңында Монғол елінен келген қонақтар өз туындылары ұлттық қол өнер бұйымдары, көркем және фотосуретшілер көрмесін ұйымдастырып, қала тұрғындарының назарына ұсынды. Көрмеге қойылған заттар көптігімен, әдемілігімен, тұрмыстық жағдайға қолайлылығымен ерекшеленді. Монғолиядан келген танымал әншілердің концерттік бағдарламасы, көркем сурет шеберлерінің туындысы көпшіліктің көңілінен шығып, үлкен алғысқа бөленді.

      Сондай-ақ, Ақсу қаласында, және Үштерек, Қазалы, Парамоновка ауылдарында, Екібастұз қаласында, Бәйет ауылында, Баянауыл ауданның Майқайың кентінде болып тұрғындармен кездесіп, бүгінгі тыныс-тіршілігімен, өндіріс орындарымен, білім және мәдени ошақтарымен, танысып, өз өнерлерін көрсетті.

      2008 жылғы мамыр айында Түркістан қаласында өткен Ауғанстан, Қытай, Моңғолия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен, республикамыздың Астана, Алматы қалаларынан және 14 облысынан 250-дей қандастарымыз қатысқан «Түркістанды аңсау» мәдени-этнографиялық оралмандардың Халықаралық фестиваліне  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалының  ұйымдастыруымен өнердің 7 жанры бойынша қатысқан өнерпаздар  мен өнер шеберлері бірінші  орын алып, абыроймен оралды. 

      2009, 2010, 2011 жылдары Монғолиядағы қазақ мәдени орталығына, Алтай өлкесі, Байғамұт ауылы, Қош-ағаш аудандарда тұратын қандастарымызға қазақ халқының мәдени мұраларын насихаттау мақсатында   атамекенде жарық көрген ақын, жазушылардың өлең, жыр, әңгіме, повесть, драмалық шығармалар жинақтарын, компакт дискілер мен күй табақтарын табыстап,   кездесулер өткізіп , олардың тілек өтініштерін Үкіметтік құзырлы мекемелердің назарына жеткізіп отырдық.

      Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығынан шығатын Туған тіл еларалық қоғамдық-саяси әдеби-ғылыми альманағы, «Алтын-Бесік» еларалық, әдеби-көркем журналын,  Жалпы ұлттық республикалық газеттерді, Павлодар облыстық «Сары-арқа самалы», «Ертіс дидары» газеттерін Монғолияның Баян Өлгий , Қобда аймақтарында тұратын қазақ бауырларымызға  ай сайын жеткізіп  отыруды біздің филиал жауаптанып отырды.       

      Шет елдерге іссапармен барғанда республикалық, облыстық  газеттер мен телеарна   тілшілері, фото тілшілерді бірге ала жүріп шет елдегі қазақтардың тыныс-тіршілігін  БАҚ-ы арқылы таратып отырдық.

      2009 жылды сәуір айында Облыстық Тілдерді дамыту басқармасының қолдаумен Oралмандар  мен шетелдердегі қазақтарға арналған ДҚҚ ның Павлодар облыстық филиалының «Қайран, елім» - www.kayranelim.kz  сайтын аштық.

      Сайттың басты мақсаты түрлі себептермен әлемге шашырап кеткен қандастарымызды Қазақстан әлемімен  таныстыру және қажетті ақыл-кеңес беру болатын.

       Бүгінгі күні www.kayranelim.kz  сайтына күніне 200-ден астам адам кіріп отырады. 6 жыл ішінде  кіргендер саны  арнайы санағыштың мәліметі бойынша  – 450 мыңнан астам адамға жетті.

     2010 жылы  Павлодар облысындағы бұқаралық ақпарат құралдары арасында "Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары" атты конкурста «Қайран, Елім» сайты қандастарымызға арналған материалдарының құндылығы үшін, сайт қолданушылары мен қонақтарының жеке хаттарына уақытында жауап беріп, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп отырғандығы үшін  «Үздік сайт» номинациясына, маусым айында  Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитетінің Астана қаласында ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» республикалық конкурсының нәтижесінде «Қайран, Елім» сайты «Үздік сайт» номинациясы бойынша І орынды жеңіп алды.

      Бүгінгі күні сайт өз жұмысын жалғастыруда.

    Филиал  Султан Махмут Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік Университетімен тығыз қарам-қатынас орнатып, 2009-2015 жылдар аралығында шет елдердегі тұрмысы ауыр, көп балалы отбасы  балаларына және жетім балаларға  арнап  аталмыш оқу орнынан 60-қа жуық түлекке тегін оқу грантының бөлінуіне қол жеткіздік. Сонымен қатар  шет елден келген балаларға арнайы дайындық курстарын  ашу мәселесінің оң шешім табуына ықпал жасап, курсті бітіргеннен ондаған балалар республикалық ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып,  шамамен 50 балдан жоғары көрсеткішке ие болғандары қалаған мамандықтары бойынша еліміздің жоғарғы оқу орындарында арнайы мамандықтар бойынша оқуын   жалғастырып отырды.

      Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдық тойы қарсаңында атамекенге шет елдерден келген ғалымдардың өз салалары бойынша жазған еңбектері «Ата жұртым – Қазақстаным» сериясымен  жеке том, кітап болып шығуы  тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына арналған ең құнды сыйлық және елге оралған қандастарымыздың егеменді еліміздің өркениетіне қосқан сүбелі үлестерінің бірі болатын. Оған С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті демеушілік жасап, қолдау көрсетті. Ал,  шет ел ғалымдарымен қарым қатынас орынату, олардың еңбектерін жинақтау тұрғысында  филиал нақты жұмыс жасады.

          2012 жылы қазан айында Павлодар қаласындағы  С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада, ал қараша айында ПМПИ-де  Қауымдастықтың 20 жылдығына орай  «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстан және шетелдегі қазақтар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

        Көрме облыс жұртшылығының көңілінен шықты.

     Шығу тегі тамырлас, көне тарихы  біртұтас, киіз туырлықты, көшпенді қазақ,  монғол халықтары   ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған бауырлас ел болатын.

    Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін 2 ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған-ды.  Осы тарихи  оқиғаға  20 жыл толуына  орай Қазақстан Монғол елдерінің мәдени қатынастарын нығайтуға  өз үлестерін қосу мақсатында Монғолия халқының этно-фольклорлық «ХӨГСҮҮ» тобының өнер тарландары  облыс  халқына бір апта бойы өз өнерлерін  көрсетті.

    Топтың ЮНЕСКО-ның Әлем мәдениет  құндылық қорына енген монғол халқының    ұлттық көне аспаптарымен орындалған   өзіндік ерекшелікке ие, нақышты,  сазды  әуендері,  ұлттық би, мадақтау, таңдай қақпасы, ысқыру, жын шақыру қатарлы көне өнер түрлерін   облыс жұртшылығы ерекше қызығушылықпен қабылдап ,  зор баға берді.

        Жыл сайын облысымызда өтетін наурыз мейрамы және басқадай көптеген ұлттық мерекелер қарсаңында алаңда қазақтың сәулетті, ақшаңқан киіз үйлерін тігіп, ішін қазақи, ұлттық бұйымдармен толтырып,  қазақи салт дәстүрге байланысты сан түрлі шараларды ұйымдастырып облыс, қала  әкімшілігі тарапынан алғыс, марапаттарға  ие болып отырдық.

         Мен атқарылған істердің көрнекті, көңіл толтырар тұстарына ғана тоқталдым. Елге оралған қандастарымызды облыс аумағында орыналастырып, қоныстандыруда  қыруар іс тындырып, нақты  шараларды жүзеге асыруға  әр жылдарда облыста қызмет жасаған әкімдері, орынбасарлары, осы іске қатысты мемлекеттік мекемелер басшыларымен , қызметкерлерінің қосқан елеулі үлестері , қолдау қамқорлығына шын ниетімнен алғыс білдіремін.  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп қазақ бекер айтпаған болар, бәлкім. Бірлік, түсіністік, шынайы ниет бар жерде әркез  нәтиже мен жетістікке қол жететіндігі белгілі.

     Қорыта айтқанда әрбір қоғамдық ұйым қолдағы мүмкіндіктерін сарқа пайдаланып, нақты, нәтижелі іс тындырса ел болашағын жарқын етуге, қоғам өміріндегі өзекті де келелі  көптеген мәселелерді шешуге қоматты үлес қосары анық. Қоғамдық ұйым үлкен күш.

         Әркез алға ұмтылып, заманмен үндесе білейік!

        «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігің Павлодар облыстық филиалының басшысы Заут Болат

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті