Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

"Атажұрт" баспа орталығы

Басты бет | "Атажұрт" баспа орталығы | 2014 жылы жарық көрген кітаптар

     2014 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының  «Атажұрт» баспа орталығынан   5 кітап жарық көрді. Олар жылдағы дәстүр бойынша ҚР Мәдениет министрлігінің  «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»  бағдарламасы бойынша шығарылды.

    «Атажұрт» баспа орталығы 2015 жылы да өз дәстүрінен жаңылмай шетелдік қазақ қаламгерлерінің  еңбектерін жариялауды жалғастыруды жоспарлап отыр. Оған қызығушылық білдірушілер болса мына мекен-жайға  хабарласуына болады.         Мекенжайымыз: Ш.Уалиханов көшесі 43 А  4 қабат. Тел. +7 (727) 273-90-25

         

        Серік Әбіл. Бөрінің сүті. Өлеңдер жинағы. /Серік Әбіл. – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы, 2014 ж.  192 бет.

        Көк бөріні кие тұтқан текті еліне «Бөрінің сүті» атты жыр жинағын ұсынып отырған қытайлық қандасымыз Серік Әбілдің шығармашылығы мінезділігімен де, жан-жақтылығымен де ерекшеленеді. Адуын ақын, сыршыл сазгер, құймақұлақ күйші,  әнші, диктор бауырымыздың жырлары қазақы пайымдауларға, өнер тілін нәзік түсінушілікке, ізденімпаздыққа суарылған. Бөрінің сүті – тәңірдің құты болып сіңген ақын жырлары оқырман көңілін ұдайы баурап, ұлт табиғаты, адам мінезі, ел мен жер, өмір туралы сан алуан ойларға жетелейді. Миллионнан астам қазаққа қоныс болған Шыңжаң өңіріндегі және атажұрттағы белгілі адамдарға арналған арнау өлеңдерінің өзі де автор танымының тереңдігін, поэтикалық қуатының тегеурінділігін көрсетеді.

 

      Елеусіз Мұқамадиұлы.  Жоғалған қыз. Роман.  /Мұқамадиұлы Елеусіз. – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы, 2014 ж. –   256 бет.

     Талайлы тағдыр қазақтың төзімін қай қиырларда сынап көрмеген десеңізші?! Моңғолдар ортасында жүріп, өмір теперішін көп көрген Ертай бейнесі Елеусіз Мұқамадиұлының «Жоғалған қыз» романында Баян-өлгей қазақтарының алдыңғы қатарлы өкілі ретінде көрінеді. Сан өткелектен, өмір тезінен өткен басты кейіпкер қиындықтармен күресудің үлгісі ретінде көкейге жылы ұялайды.  Ғұмырының бар қызығы, жалғыз үміті – кішкентай Бағила-Байгалмаасынан тірідей айырылып, сан тарау тағдыр соқпағы қаншама рет түйісіп тұрса да қызымен кездесе алмауы романда тартымды баяндалады. «Жоғалған қыз» романы шытырман оқиғаларымен ғана емес, адами мінездерге бай, жанды кейіпкерлерімен де, тартысқа толы, шыншыл өмір суреттерімен де құнды.

 

     Құрастырушы Зәһәрә Нұрәділқызы. Қоңыраулы үн. Топтама өлеңдер жинағы. /Құрастырушы Нұрәділқызы Зәһәрә. – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы, 2014 ж. –           бет.

     Тағдырдың жазуымен шетелде өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасы өкілдерінің ішінде Қытай қазақтарының мәдени-рухани дамуында қайталанбас өзгешеліктер көп-ақ... Бұл елде аз ұлт өкілдерінің әдебиеті мен мәдениетін қолдау ісіне айрықша көңіл бөлінеді. Жаһандану үрдісі өріс ала бастаған дәл қазіргі кездің өзінде мұнда төл ұлттық әдеби дәстүрлерімізге берік, қалам қуаты тегеурінді қазақ ақын-жазушыларының шығармашылық ортасы қалыптасқан. «Қоңыраулы  үн» деп  аталатын осынау жыр жинағына Қытайдағы қатары қалың қазақ ақын қыз-келіншектерінің  бірсыпырасының өлеңдері топтастырылған. Жас мөлшерлері әртүрлі, атқаратын қызметтері әрқилы шетелдік ақын қыз-келіншектердің шығармашылық қолтаңбасын қазақы болмыс, нәзіктік пен сезімталдық айқындайды.     

 

       Пионер Мұхтасыров. Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы. Деректі кітап     /Мұхтасыров Пионер.. – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы, 2014 ж. –  344 бет.

      Атажұрттан қияндап ұзап, алыстағы Шүй жеріне қоныс тепкен қазақтардың дүрбелеңге толы өмірі ресейлік Пионер Мұхтасыровтың «Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы» кітабында нақты деректерге сүйене отырып көрсетіледі. Бұл өңірді өзге біраз жұрттан бұрын келіп мекен еткеніне қарамастан, олардың қуғын-сүргінге, қудалауға ұшырауы жиі. Әсіресе, өзіміз жетпіс жыл бойы мадақтап келген Ұлы Қазақ төңкерісінен кейінгі кезең қазақтарға тым ауыр тиеді. Олардың Ресей большевиктерінен көрген тауқыметі Қытай мен Моңғол асып кеткен өзге қандастарымыздан еш кем емес.

     Автор тақырыпты толық ашу үшін көркем әдебиет пен деректі прозаға тән тәсілдерді шебер ұштастыра білген. Өткен күн, аққан сумен бірге көмескіленіп сөнуге, жоқ болуға тақаған ежелгі шешендік дәстүрлеріміз бұл кітап арқылы жадымызда қайта жаңғыра түседі. Жазушының оқырман көңілін елең еткізер бір табысы да осы болса керек.

 

    Өзбекстандағы қазақ ақындарының өлеңдер жинағы: Өлеңдер жинағы.     /Құраст. Марат Үкібаев. – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы, 2014.  –168 бет.

     Өзімізбен түбі де, тілі де бір өзбек елінде қазақ диаспорасының қалың тобы тұрады. Іргеміз ажырап көрмеген бұл елден қазақ мәдениетіне айтулы үлес қосқан талай-талай өнер саңлақтары шықты. Қолдарыңыздағы кітапта өнерге, өлеңге таласы бар бір топ өзбекстандық қазақ ақындарының жырлары топтастырылып беріліп отыр. Тамырлас, тағдырлас екі елдің достығын, Тәуелсіздікті, ортақ тұлғаларды мақтан ету, өмір құбылыстарының сырына қал-қадерінше үңілу жинаққа енген ақындардың қай-қайсысының да қаламына тән нәрсеге айналған.

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті