Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

"Атажұрт" баспа орталығы

Басты бет | "Атажұрт" баспа орталығы | 2012 жылы басылымдар туралы

2012 жылы ҚР  Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің  “Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы бойынша  ДҚҚ-ң “Атажұрт” баспа орталығынан   17 кітап жарық көрді. Қытай, Моңғолия, Ресей  қазақ ақын-жазушылардың шығармалары  және диаспоратану тақырыбындағы дүниелері жарияланды.

Алдағы 2013 жылы  «Атажұрт» баспа орталығы шетелдік қазақ жазушыларының әдеби-көркем шығармаларын және ғылыми-танымдық, этнографиялық, диаспорологиялық дүниелерді оқырмандар назарына ұсына бермек.

Қызығушылық танытушыларға  осы кітаптардың   электрондық нұсқасын, кітаптарды  сатып аламын  дегендерге мына байланыс телефондарына хабарласуға болады.

Мекен-жайымыз:

Ш.Уалиханов көшесі 43 А  4 қабат

Тел. +7 (727) 273-90-25

 Сəдуақас С.

Ақ лақ. Балаларға арналған өлеңдер, поэмалар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер. Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы. – 2012 жыл. – 176 бет.

С. Сəдуақастың балаларға арналған жаңа жыр жинағы тақырып биігінен көріне білген шығармалар қатарына жатады. Өз оқырмандарының жас ерекшеліктеріне сəйкес ұғынықты тілмен жазылған С. Сəдуақас өлеңдерінде нақтылық əрі жылылық бар. Не айтса да ойын ашық жеткізетін автордың «Ақ лақ»  жыр жинағын танымал ақынның еліміз болашағына лайықты тартуы деп қабылдауға болады.



Əлімгереев Ө. 

Еділ жайлаған қазақтар. Деректі зерттеу. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы. “Атажұрт” баспа орталығы. –  2012. – 248 бет.

Тағдыр талайымен дүние жүзінде тарыдай шашылған қазақтардың бір алуаны Ресейдің Астрахан облысында қоныс тепкен. Олардың бұл өңірді мекен ғып, өмір сүре бастағанына да екі ғасырға жуықтады. Бір кездері Астрахан губерниясына қараған Бөкей Ордасының көптеген қазағы балық кəсіпшілігі, жұмыс бабы, тұрмыс қажеттілігіне орай су бойын жағалап, қала тұрмысына бейімделді. Оқыды, тоқыды, кəсіпқылды. Ақыры сол өңірде тұрып қалды.

Жазушы-журналист Ө. Əлімгереевтің бұл кітабында Еділ жайлаған қандастарымыздың кешегі-бүгінгі тіршілігі, қазақстандық қандастарымен араласы, Бөкей Ордасы өңірінің біртуар өрендері жайлы əңгіме болады.

 


Дүйсебаев Б.

Жыр желкені: Өлеңдер жинағы. – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы. –  2012. – 312 бет.

Бəйтік Дүйсебаев өткен ғасыр соңында шығарылған «Əлем мəдениетіндегі əйгілі адамдар» энциклопедиясының «Қытайлықтар» томына есімі енгізілген талантты, тарланбоз ақындардың бірі саналады. «Жыр желкені» атты өлеңдер жинағы ақынның кемел поэзия биігіне көтеріле білгендігінің айғағындай. Желкенді жырлар авторы өз поэзиясында бір-біріне жарығын түсіретін сəулелі сөздерді жақсы іріктеп ала білген. Ол тақырыпты меңгеруге өзгеше қырынан келіп, өзін толғандырған құбылыстан жаңаша ой

туындатып, тамаша тұжырым жасауға шебер.



Біләл Ғ.

Ғасырлық ызғар: Роман. – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы. – 2012. – 480 бет.

Ғаппар Біләл Шыңжаң өлкесіндегі қазақ ақын-жазушыларының көрнекті өкілі саналады. Жазушы қаламынан туған «Ғасырлық ызғар» романын кезінде қытай қазақтары арасында қолдан-қолға өткен құнды кітап деуге болады. Шығарманың басты кейіпкері – Боранқұлдың ғасырға жуық өмірінде басынан өткізген адам төзгісіз қиындықтарын, кешкен қанды қырғындарын көрсету арқылы қаламгер қазақ үркіншілігін, ұлтымыз душар болған алмағайып кезең шындығын шебер жеткізген. Романның оқиға желісі ширақ, тілі тартымды.

 



Жұмабайұлы  Б.

Күй – шежіре. Деректі зерттеу. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы. – 2012 жыл. – 104 бет.

Б.Жұмабайұлы халық музыкасының, оның ішінде, күй өнерінің білгір зерттеушісі саналады. Ол бұл іспен сонау 1974 жылдан бері айналысып келеді. Тарихы қағаз бетіне көп түсе бермеген əртүрлі нұсқадағы халық күйлерінің шежіресі ауызекі əңгіме арқылы бүгінгі күнге жеткен асыл қазынамыз екендігіне шүбə жоқ. Бұл салада табанды еңбек етіп, тұрақты жоқшы болып жүрген Байахмет Жұмабайұлының «Күй – шежіре» кітабында көптеген қазақ күйлерінің шығу тарихы мен күйшілер өмірі туралы қызғылықты баяндалады.

 



Мұстақиұлы С.

Арманның алыс аралы: Өлеңдер жинағы. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы. – 2012 ж. – 144 бет.

Қытай елінде туып-өсіп, таяу жылдары атамекеніне оралған Сайламқан Мұстақиұлының “Арманның алыс аралы” жыр жинағына ақынның соңғы кездері жазған философиялық ой-толғамға толы өлеңдері, əн сөздері енгізілген. Қоныр үнді ақынның қоныр өлеңдері байыпты байсалдылығымен ерекшеленеді. Автордың бұл жинағы жастарға пайымды ақыл-кеңес бере алуымен, елдік, ұлттық мүддеге жиі қалам тербеуімен құнды.

 

 

 

 

Жеменей И.

Иран жəне иран қазақтары: Деректі зерттеу. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы.– 2012. – 264 бет (16 бет түрлі-түсті суреттер).

Бұл кітапта Иран қазақтарының Иран жеріне көшу тарихы, сондағы тұрмыс тіршілігі, салт-дəстүрі, білім алу мəселелері, ұлттық тілі мен діні туралы, ұлттық құндылықтарының сақталу жолдары, дүние танымы, экономикалық жəне əлеуметтік жағдайы, өзге елдердегі қазақ қауымдастығымен байланысы, атамекенге деген сағынышы философиялық жəне психологиялық тұрғыдан сараланады.

 



Жанболат С.

Ежелгі ұлыс тарихы. Тарихи зерттеу. / Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы. – 2012 .– 296 бет.

Шынжаң өңіріндегі белгілі ғалым, айтулы қаламгер Сұлтан Жанболат осынау кітап өзегіне айналған үйсінтану тақырыбына өз өмірінің 30 жылын арнаған екен. Қазақ тарихына қатысты талай шындықтың беті бүркеулі жатқан қытай жылнамаларындағы ақиқаттарды ашуға автор көп күш жұмсаған. С.Жанболат бұл кітапта ежелгі Үйсін ұлысының тарихын сарабдал сараптаудан өткізу арқылы қазақ ұлтының қалыптасу кезеңдеріне жіті көз жібереді. Кітап ұлтымыз тарихындағы жоталы шындықтарды танығысы келген əрбір оқырман үшін қызғылықты дүниеге айналары даусыз.

 


Əлқанұлы Т.

«Тірліктен теріп алғандар». Повестер жəне əңгімелер. – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы.– 2012. – 384 бет.

«Тірліктен теріп алғандар» кітабындағы əңгіме, повестер шынайы, қарапайым өмірге жақындығымен, дəл де нəзік суреттелген кейіпкер бейнелерімен ерекшеленеді. Күнделікті өмірдегі көзге елене бермейтін үйреншікті құбылыстар Тұрсынқан шығармаларында өзгеше қырынан көрініп, мəн-маңызы ашыла түседі. Жазушы прозаның ықшам жанрларының ерекшеліктерін жақсы меңгерген.

 



Жаңжұңұлы Қ.

Жауқазын. Өлеңдер жинағы. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы “Атажұрт” баспа орталығы.– 2012 жыл. 216 бет.

Бұл кітап Моңғолия қазақтарының көрнекті ақыны, марқұм Кәкей Жаңжұңұлының жемісті творчестволық өмір жолында жазып қалдырған ең үздік өлеңдері топтастырылған. Ақын өлеңдерінің өзегінде атамекенге сағыныш, қазақ елінің дербестігі, ана тілінің қадір-қасиеті тәрізді соқталы мәселелер жатады. Өзінің ұлтына, туған жеріне, анасы мен ғашық жарына деген жүрек жылуын төгілдіре жазып кеткен Кәкей өлеңдерін келешек ұрпақ үшін ұлағатты мұра санауға болады.

 



Қайысханұлы Т.

Сексеуілдің шоғы. Өлеңдер жинағы. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы. – 2012 жыл. – 288 бет.

Қытай қазақтарының басты əдеби басылымы – «Шұғыла» журналының Бас редакторы болып қызмет істейтін, талантты ақын Тəпей Қайысханұлының жаңа жыр жинағында  аты мен затына ғажайып үндестік бар. Терең танысқан адамға ақын өлеңдері қызуы мол, тұла

бойды тұтас шарпитын сексеуілдің шоғындай сезіледі. Тəпей өлеңдерінің ырғағы ерекше. Ұйқастар үйлесімі де мəнерлі. Өлеңдері төгіліп тұрады.

«Сексеуілдің шоғы» жинағындағы ақынның лирикалық кейіпкері бастап кешкен саналуан сезімдер оқырман жүрегіне жылы жол тауып, əр кеудеге сексеуілдің шоғындай ыстық қоламта ұялатары анық.

 


Мүбарак  Қ.

Жат құшақ.  Әңгімелер жинағы.  – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы “Атажұрт” баспа орталығы. – 2012. – 272 бет.

Қойшыбек Мүбарак – бүгінгі әдебиетіміздегі өз тақырыбын тапқан талантты жас қаламгерлердің бірі. Оның әңгімелері бабаларымыздың кез келгенді тереңіне бойлата бермес рухани асыл мұрасы іспеттес халықтық мифологиямыздан бастау алып жатады.

Көне дүниетаным, оның бүгінгі ұрпаққа айтар ескертпелері, замануи өзекті мәселелердің байырғы аңыз, ырым-жоралғы секілді халықтың киелі түсініктермен салыстыра өрілуі – қолдарыңызға тиіп отырған мына “Жат құшақ” әңгімелер жинағының да басты ерекшелігі, соны жаңалығы деп айтуға толық қақымыз бар.

Жинақтың оқырман талғамынан шығып, жоғары баға алатындығына сенімдіміз.

 

Қыдырханұлы У.

«Өз елім – өзегі»: Эссе, толғау, естелік, деректі əңгімелер. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы. – 2012. – 264 бет.

Замандар зобалаңы аз қазақты сайын даласына сыйғызбай, телім-телім етіп, жер-əлемге тентіретіп жіберген. Өткен ғасырдың соңында ғана бұғаудан босанған қазақ тұсаудан босанған тұлпардай сілкініп, Тəуелсіз ел ретіндегі алғашқы қадамын ұлт басындағы осы қасіретті жоюдан бастады.Тұңғыш Президентіміз түбі бір түрік жұртына жасаған алғашқы сапарында сол елде өмір сүріп жатқан қандастарымызбен кездескен, кеңескен, қамкөңіл ағайынды уатқан, қуантқан. Ұлт болып ұйысу жолдарын бірге белгілеуге шақырған.

Бұл кітапта елдігіміздің елең-алаң шағындағы шапағатты шаралар туралы айтылады. Тəуелсіздік табиғаты, Президент парасаты ашыла түседі. Эмиграцияның егжей-тегжейі сөз болады. Естелік, эссе, толғау, хикаяттар түрінде талқыға түскен тағдырлар көрінеді. Туысқан тұлғалар таныстырылады. Қилы-қилы тағдырлар арасында жазушының жан-дүниесі де аңғарылады. Зерделі зерттеуге, дəл дерекке, толымды тарихқа, толғаулы тағдыр мен тағылымға жаны құштар оқырманның ағайынтану, диаспорология төңірегіндегі танымын аталмыш кітап тереңдете түседі.

 

Ұлттың ұлы жиыны. Деректер жинағы / Құраст. Ботагөз Уатқан. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы. «Атажүрт» баспа орталығы.– 2012. – 408 бет.

Алмағайып кезеңдерді бастан кешіп, əлемнің 40-қа жуық елінде тарыдай шашырап өмір сүріп жатқан қазақ ұлты өкілдері үшін осынау кітапта қамтылған жиынның орны бөлек. 2011 жылдың 25 - 27 мамырында Астанада өткізілген Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайын, заңды түрде, ұлтымыздың ең басты жиыны санауға болады. Еліміз Тəуелсіздік алғалы бері төртінші рет шақырылып отырған Құрылтайда қаралған мəселелер ауқымы кең. Сырттағы бауырластарына құшағын айқара ашқан Əлемдегі үш елдің бірі саналатын Қазақстанда диаспора өкілдерімен байланыс, көші-қон мəселелерін реттеу тұрғысында жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Осы реттегі сантарау ойлар, пікірлер тоғысқан Қүрылтай туралы егжей-тегжейлі баяндалған «Ұлттың ұлы жиыны» атты кітап қазақ ұлтының барлық жанашырлары мен диаспора зерттеушілері үшін барынша құнды да пайдалы дүниеге айналарына сеніміміз кəміл.

 



Қазақ көші – қазақтың қауымдасуы: Қазақстан Республикасы   Президенті Мұрағатының  қорынан құжаттар жинағы (Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдығына арналған) = Репатриация казахов – консолидация народа. Cборник докум. Архива Президента Республики Казахстан к 20-летию Всемирной Ассоциации казахов / Құраст. К.Н. Балтабаева. – Алматы: Атажұрт.– 2012. –  352 б. қазақша, орысша.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғаны және қызметі туралы, қазақ диаспорасының әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының мәселелері, этникалық көші-қон,  оралмандардың қазақстандық қоғамда бейімделуі мен ықпалдасуы туралы 1991-2012 жылдардағы құжаттары жарияланады.

Қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыстың өркендеуі, шетелдердегі  этникалық қазақтардың тарихи отанына көшуі және халықтың бірігуі жолындағы  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атқарған рөлі Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағаты  қорындағы құжаттар  көмегімен ашып көрсетілді.        

 


Қазақстан қоғамының дамуына қандастарымыздың қосқан үлесі: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылуының 20 жылдығына орай өткізілген республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары (Павлодар қаласы, 8 маусым 2012 ж.) = Вклад соотечественников в развитие казахстанского общества: Материалы республиканской научно-практической  конференции, посвященной 20-летию Всемирной Ассоциации казахов (г. Павлодар, 8 июня 2012 г.) / Жауапты редактор Т.А. Мамашев. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы. –  2012. –  96  б. қазақша, орысша.

Бұл ғылыми жинақта аталмыш конференцияға қатысушы ғалымдардың баяндамалары топтастырылған.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы осы жобаның демеушісі болып отырған «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамына шексіз алғысын білдіреді.

 

 

Қазақстан және шетелдегі қазақтар: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толуына орай өткізілген Халықаралық ғылыми-практикалық  конференция  «Этникалық қазақтардың Қазақстанға мемлекеттік көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде репатриациясы: жетістіктері, мәселелері және оларды шешу жолдары» материалдары (Алматы қаласы, 12 қазан 2012 ж.) = Казахстан и зарубежные казахи: Материалы международной научно-практической конференции «Репатриация этнических казахов в Казахстан как составная часть государственной миграционной политики: достижения, проблемы и пути решения», посвященной 20-летию Всемирной Ассоциации казахов (г. Алматы, 12 октября 2012 г.). / Құраст.: К.Н. Балтабаева, К. Қонырбаева. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы.– 2012. –  376  бет. қазақша, орысша.

Бұл ғылыми жинақта аталмыш конференцияға қатысушы ғалымдардың баяндамалары топтастырылған.

Пікір қосу

Пікірлер

26.07.2013 - Aman
men 2-3 kitapti satip alayn dep edim!!! kalay satip alsam boladi? bagalari kansha/

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті