Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

"Атажұрт" баспа орталығы

Басты бет | "Атажұрт" баспа орталығы | 2013 жылы жарық көрген кітаптар

    2013 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының  “Атажұрт” баспа орталығынан   8 кітап жарық көрді. Олар жылдағы дәстүр бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің  “Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару”  бағдарламасы бойынша шығарылды. Бұл кітаптардың  алтауы  Қытай мен  Моңғолия қазақтарының арасынан шыққан ақын-жазушылардың шығармалары болса, екеуі Моңғолия мен  Ресей қазақтары туралы болып отыр.

    «Атажұрт» баспа орталығы 2014 жылы да өз дәстүрінен жаңылмай шетелдік қазақ қаламгерлерінің  еңбектерін жариялауды жалғастыруды жоспарлап отыр. Оған қызығушылық білдірушілер болса мына мекен-жайға  хабарласуына болады.

Мекен-жайымыз:

Ш.Уалиханов көшесі 43 А  4 қабат

Тел. +7 (727) 273-90-25

         


      Апашбайұлы Арғынбек. Жыр-ғұмыр: Өлеңдер жинағы. – Алматы. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы, 2013. – 296 бет.

    Жазба әдебиетіміздің толық қалыптасып бітпеген кезінде жазылғандығына қарамастан, Арғынбай Апашбайұлы өлеңдері мен жыр-толғауларының мәні мен маңызы әлі де жоғары. Ақын шығармашылығының үлгі аларлық тұстары мол. Оның өлең-жырларында ұтқыр ой-тіркестері, ұтымды ұйқастар жиі кездеседі. Ақын мұрасын жинақтап құрастырушы танымал журналист, диаспоратанушы қаламгер У.Қыдырханұлының пікіріндегідей, кейбір қағидаттарға сәйкес, шетін сөздер, буындар кездескенімен, жалпы, Арғынбек өлеңдерінің    ішкі ырғағы тәуір. Діндарлау, сопылыққа жақындау сахилық ғұмыр кешіп, бойын да, көңілін де пендешілік пиғылдардан таза ұстап өткен ақынның өміртанымы да өзгеше. Қытай мен Ресей тәрізді екі алып елдің өзара шекара бөлісі кезінде  туған елден сырт қалған, сөйтіп, қиыр жайлап, шет қонған шетелдік қазақтар өмірі, замана тынысы «Жыр-ғұмыр» жинағында шынайылықпен жырланады. 

 


    Бажаев Абданбай. Күн өз кеудеңнен туады. Повестер мен әңгіме. /Абданбай Бажаев.—Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы, 2013.—304 бет.

  Шыңжаңдағы қазақ ақын-жазушыларының аға буын өкілі саналатын Абданбай Бажаевтың «Күн өз кеудеңнен шығады» кітабында «мәдениет төңкерісі» кезіндегі қудалау, «қалпақ кигізу» саясаттары  салдарынан бірнеше буын ұрпақ өкілдері өмірінің өксіп өтуі, адамдар арасындағы  сатқындық пен адалдық тартысы, түрлі мінездер қақтығысы  суреттеледі. Жазушының қытай еліндегі қазақтар прозасына тың серпіліс әкелген бағалы туындыларын атажұрттағы оқырмандарына таныстыру мақсатымен шығарылып отырған бұл кітаптың жұртшылық ықыласына ие болатынына сенімдіміз.  

 

  Байменше Серікқали. Дәнекер: эссе-әңгімелер. – Алматы:Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы, 2013. – 296 бет.

    Белгілі жазушы-журналист, ғалым-дипломат, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер академиясының «Алтын жұлдыз» дипломының иегері Серікқали Байменшенің бұл жинағына енген эссе-әңгімелер алыстағы ағайынды атажұртпен жалғайтын дәнекерлікті дәріптеуімен, игі мақсатқа ізашар болатын адами ізгілікті ізеттеуімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, қазақ ұлтын ұлықтайтын атаулар мен белгілерге, арманда өткен арыстардың өміріне қатысты тың деректер байыпты баяндалады. Кітаптағы әрбір эсселік туынды тарих – таным – тағылым – тәрбие тізбегі аясындағы мақсатқа сай түзілген.

Ұстамды көсемсөзшілік стилі қалыптасқан қаламгердің дәйекті ізденістерінен туындаған бұл кітаптағы шығармалардың оқырман көңілінен жылы орын аларына сенімдіміз.




    Жұмажанұлы  Арғынбай. Балапан қаз: Поэмалар мен өлеңдер / Арғынбай Жұмажанұлы – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы, 2013  - 210 бет.

   Арқалы ақын, талантты драматург Арғынбай Жұмажанұлының еншісіне  Моңғолия қазақтары арасынан  қара үзіп шығып, алғашқы кітап шығару бақыты  бұйырыпты. Алматыда оқу бітіріп, еліне оралған ақынның жариялаған тұңғыш жыр жинағы Моңғолия қазақтарының тұңғыш әдеби кітабы болып есептеледі. Баян-өлгейдегі қазақ тіліндегі газет-журналдарға жетекшілік ете жүріп, кейіннен ол сол аймақтық партия комитетінің хатшылығына дейін өсті. Аймақ мәдениетінің, әдебиетінің, драматургиясының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Белсенді мемлекеттік қызмет атқара жүріп, барлығы онға тарта жыр жинақтарының авторы атанды. Ақынның өлең кітаптары моңғол тілінен басқа, орыс, украин, болгар, тува, алтай тілдерінде басылып шықты. Танымал ақынның артында қалған маржандай жыр-мұрасын іріктеп, екшей отырып құрастырылған «Балапан қаз» өлеңдер жинағы бүгінгі ұрпақ құрметіне лайық дүние.


     Қозыбайұлы Қаусылхан.      Таңдамалы шығармалары. Повесть, әңгімелер, пьесалар мен өлеңдер жинағы. Қаусылхан Қозыбайұлы. Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы. – 2013 жыл. 280 бет.

     Елу сегіз жыл ғұмыр кешіп, соңында саны саусақпен санарлықтай ғана кітаптар қалдырғанымен, Қаусылхан Қозыбайұлының есімі Қытай қазақтары арасында кең танылған. Әртүрлі жанрға қалам ізін салған Қаусылханның «Ісләмнің құрдасы» атты прозалық, «Шағылған төсек» атты драмалық шығармалары Қытай еліндегі қазақ мектептерінің әдебиет пәні оқулықтарына енгізілген. Кейіпкер мінезін ашудағы, өмір шындығын бейнелеудегі табыстары талайларға тәлім боларлық талантты қаламгердің таңдамалы шығармалар жинағын қазақ оқырмандары жылы қабылдайтынына  сеніміміз мол.

         


    Өгізбайұлы Өнерхан.  Тағдыр талқысында. Повестер мен әңгімелер / Өнерхан Өгізбайұлы. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы, 2013. – 192 бет.     

    Кітаптағы «Тағдыр талқысында» атты бір ғана повесі арқылы  белгілі жазушы, Қытай елінен көшіп келген қандасымыз Өнерхан Өгізбайұлы мәңгілік махаббат тақырыбына мәнерлі де айшықты  із салды деуге болады. Повесте тағдырдың сан қилы соқпағымен жүріп, өзінің  көңіл қалауын қапысыз тапқан, құлай сүйген жандардың бейнесі шынайы көрсетілген. Повестің, кітаптағы басқа да шығармалардың тілі жеңіл, оқиға желілері ширақ. Кітап тартымды да қызғылықты оқылады.

                                                                                                                           



    Тәукей Сұлтан.  Арыстардың арманы: Деректі роман. – Алматы. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы. 2013 жыл. 248 бет.

    Ықылым ерте заманнан-ақ көк түріктің тал бесігі болған Алтайға, оның ішінде Моңғол жеріне қазақтардың қайта қоныстанғанына 150 жыл толуы қарсаңында оқырманға ұсынылып отырған осынау кітап тарихи оқиғаларға құрылған, бір-бірімен желілес екі романнан тұрады. Алмағайып кезеңдерді бастан көп кешіп, Арқадан Алтайға, одан Қобдаға қоныс аударған қазақтардың азапқа толы көш жолы, болашақ ұрпақ тағдыры үшін жанталасқан күрес шежіресі шынайы бейнеленеді. «Арман тау» романында бастау алып, «Арыстардың арманы» атты роман-эсседе жалғасын тапқан ел мен жер тағдыры үшін жүргізілген жансебіл күрес атадан балаға ауысып отыратын ұлы мұрат ретінде көрінеді. Абақ керей елін талай қиын-қыстау күндерден аман алып өткен Жылқышы үкірдайдың немересі – Дәлелхан Сүкірбайұлы Шығыс Түркістанның азаттығы үшін жанын пида еткен қайраткерлер қатарынан табылады. Алаш азаттығы туралы армандарын құндақтаулы сәбидей кеуделерінде тербеткен аяулы арыстарымыз мінген ұшақ апатының астарында талай сыр жатыр... Кітап тағылымды тарихқа жаны құмар оқырмандар үшін қызғылықты дүниеге айналары даусыз.

 

   Уатқан Ботагөз. Атажұртқа жеткен көш: Публицистка./Ботагөз Уатқан. – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы, 2013 ж. –  192 бет +32 бет сурет.

    Бұл кітапта тоқсаныншы жылдардың басында Моңғолиядан атажұртқа бастау алған алғашқы көш жөнінде сөз етіледі. Мұның өзі еліміз тарихындағы тұтас бір жаңа кезеңнің басталуы іспетті оқиға еді. Кітапқа осы көшті ұйымдастырушылардың бірі болған автордың тізбектемелік, анықтамалық деректерге бай естеліктері мен мақалалары, сұхбаттары енген.  Кітап көпшілік қауымға арналған.

 

 

 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті