Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Ана-тілі

Басты бет | Ана-тілі | Қылтима ма, балкон ба?

       Мемлекеттік тіл саясатында терминологияның орны ерекше. Еліміз тәуелсіздік алып, халықаралық байланыстар жиілеген тұста оның маңызы тіптен арта түсті. Бұрын тілдік қорымызда болмаған жаңа ұғымдар қоғамның барлық саласына табиғи түрде дендеп ене бастады.
       Осы орайда, жасыратыны жоқ, жат сөздерді өз ортамызға сіңіріп алуда сәтті ізденістермен қатар, олқылықтарға да орын берілді. Терминжасам төңірегінде тек мамандар ғана емес, жалпы жұртшылықтың арасында даулы пікірлердің толастамай отырғаны – соның айғағы. Мемлекеттік тілдің тұғыры мен тазалығына қатысты бұл мәселеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мәртебелі мінбелерден сөйлеген сөздерінде, зиялы қауыммен кездесулерінде  және БАҚ өкілдерімен сұхбаттарында айрықша назар аударып, көкейге қонымды ұсыныстарын халықпен бөлісіп келеді.         Сондықтан, терминологияның бүгінгі жай-күйі туралы тұрақты жазып келе жатқан еліміздің бас басылымы ретінде құзырлы деңгейде қолға алынған жұмыстарды сөз еткен мақаланы көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдік.

     Қазіргі кезде барлық бекітілген терминдерге Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті толықтай мамандардың көмегімен мониторинг жүргізуде. Осының барысында көптеген халықаралық терминдердің жөнсіз және қажетсіз тікелей аударылғаны белгілі болып отыр. Сондықтан да, қоғамдық пікірде термин жасаудағы осындай қонымсыз тәжірибелер жағымсыз пікір қалыптастыруда. Осыны ескеріп, Республикалық терминологиялық комиссия 2014 жылы бірқатар терминдердің қазақ тіліндегі нұсқаларын халықаралық нұсқалармен қайтадан сәйкестендірді. Олар: мұражай-музей (грек. μουσεῖον – музей үй), мұрағат-архив (лат. archivum қатысатын орын), бұрқақ-фонтан (ағылш. The Fountain – бас­тау, қайнар), азатжол-абзац (нем. Absatz – бөлім, мәтіннің бөлшегі) және тағы да басқа терминдер. Осындай жұмыстар 2016 жылы да жалғасты. Олар: Мұражай үйі – музей үйі, киномұрағат – киноархив, қашыртқы – дрена́ж (фр. Drainage – табиғи немесе жасанды түрде жерүсті немесе жерасты суларды кетіру), үдеріс-процесс (лат. processus – ілгерілету, бір нәрсені дамыту). Бұл процесс жалғасын тауып, алдағы уақытта терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыру, терминдерді сараптау және бекіту барысында әлемдік практикада әбден қолданысқа енген халықаралық терминдерді егер қазақ тілінде ыңғайлы баламасы табылмаса, сол күйінде қалдыру мүмкіндігі сақталады. Айталық, кезінде терминологиялық комиссия бекіткен көптеген сөздер қолданысқа ене алмай қалды. Мысалы, резервуар – әуіт, шина – құрсым, инвентарь – мұққамал, форточка – желкөз, преоргатива – дәргей, гомо – бір деген сияқты. Бұл қатарда әлі де толықтыра беруге болады. Мұндай жалпыхалықтық сипат алмаған, әрі әлемдік тәжірибеге еніп кеткен сөздер қайта бекіту үшін терминологиялық комиссияда қаралады. 

     Қазір қоғамда, әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі мысал ретінде айтылып жүрген балконды «қылтима», фонтанды «шаптырма» деген терминдер ешқашан комиссияда қарастырылмаған және бекітілмеген, бекітілуі мүлдем жос­парланбаған. Сондықтан, мұн­дай дәлелсіз, дерексіз мысалдар қоғамдық ортада қате пікір қалып­тастыруға себепші болып, термин бекіту жұмыстарына деген халықтың жағымсыз пікірін қалыптастыруға жағдай жасайды.

      Ал халық арасында, әсіресе, шығар­ма­шылық ортада жиі қол­данып жүрген «сазгер (композитор)», «күйсандық (пианино)», «иегер (лауреат)» сияқты сөз­дер­ге келсек, олар ресми түрде бе­кі­тіл­меген. Кей­бір азаматтар осы жә­не басқа да сөздерді бекітілген тер­миндер сияқты қабылдап және со­лай көпшілікке жариялап жүр. Бұл дұрыс емес. Республикалық тер­минологиялық комиссия бұл сөз­дерді бекіткен емес. Қоғам осы ара­ны ажыратып алғаны жөн. Ал ен­ді бұл сөздердің қолданылуына кел­сек, онда олар тек синоним сөз­дер ретінде ғана ауызекі тілде қол­даныла береді, оған ешкім тыйым сала алмайды да.

      Ең алғаш Ахмет Байтұрсынұлы бас­та­ған Алаштың зиялылары еңбек­те­рі­нен тар­тып қалыптасып келе жатқан қазақ тер­минологиясы әр дәуірдің ерекшелігіне, ғылыми әлеуетке орай өзінің бүгінде біз білетін сан-салалы қорын жинақтап, қоғамдық өмір мен ғылымның алуан салаларын қамтуда. Алғашқы алаштық кезеңде қазақ терминоло­гиясы таза ұлттық мазмұнда қа­лып­тасты. Ол түсінікті де. Се­бе­бі, ол кезең ұлттық салт-сананың оя­­ну дәу­ірі болды. Осы дәуірдің ше­­гінде ұлт­­тық жазба әдебиеті, ұлт­тық ғылым, ұлт­тық баспасөз қа­лыптасып, халқымыз өзі­­нің ре­нес­са­нстық дәуірінде тұрған бола­тын. Бұл кездегі терминология алғаш­қы атау­ларды қалыптастырып қа­на қой­май, со­нымен қатар, тер­­минжасамның бір­қатар қа­ғи­дат­тарын да қалыптастырды. Сон­­дық­тан да, ғалымдар ұлттық терминоло­гия жа­саудың теориялық және әдіс­намалық не­гізін Ахмет Бай­тұр­сынұлы бастаған ға­лымдардың қа­­лыптастырғанын жиі айтып жүр.

     Алаш зиялыларының термин­жа­­сам­да­ғы қағидаттарын жалпы бы­лайша топ­тас­тыруға болады: ең алдымен, термин ре­тінде ұғымның мағынасын толық бе­ре­­тін қазақ сөз­дерін алу; ондай сөздер қа­зақ тілінде бо­л­маған жағдайда туыс­тас ха­лық­тардың тілінен термин алу; жаппай қол­данылатын халықаралық тер­миндерді қабылдауға болады, бі­рақ олар қазақ тілінің табиғатына сәйкес өзгертілуі керек. Қазақ тілі­нің табиғатына сәйкеспейтін барлық өз­ге тілдердің сөздері қазақтың айтуына сәй­­кес өзгертілу керек. А.Байтұрсынұлы бас­­таған зиялылардың бұл қағидаттары уа­­қыт­тың өзі дәлелдегендей екі үл­кен мә­се­лені шешті: бірін­шіден, қа­зақтың ұлттық төл терми­но­ло­гия­лық жүйесі қалыптасты, екін­­ші­ден, қазақ тілінің табиғи қалпын, тіл та­залығын сақтауға зор мүмкіндік жасал­ды.

      Кеңестік кезеңде халықаралық термин­дер­дің орыс тіліндегі нұс­қасын сол қал­пын­ша алу көбей­ді. Соның салдарынан қа­зақ тілінің тер­минжасамдық әлеуетіне мән беріл­меді. Әлбетте, кеңестік кезеңде де сәтті жасалған терминдер мен атау­лар болды. Мұндай сөздер біздің лек­­сикамыздан маңызды орын алды. Дегенмен, қоғамның барлық сала­ларындағы сияқты ұлттық маз­мұн терминологиялық жұмыста да назардан тыс қалғаны белгілі.

    Тәуелсіздік тұсында біз руха­ни мәде­ни­етімізде ұлттық төл қай­­нар­лары­мыз­­ға қайта орал­дық. Та­рихымызды тү­ген­­­­дедік, дәс­тү­рі­міз бен рухани мұ­ра­­ла­­рымызды жаңғырттық, діліміз бен ті­лі­мізді түлеттік. Осы үрдіс Ахмет Бай­тұр­сынұлы бастаған Алаш оқы­мыс­­ты­­ларының термин жасаудағы қа­ғи­­дат­тарын жаңғыртудан да айқын аңға­рыл­­ды. Төл табиғатымызбен қауышу, оның қасиеттерін бүгінгі өмірімізге енгі­зу­ге де­ген жаппай құлшыныс кей тұста ол­қы­лықтарға да әкелетіні түсінікті. Бұл та­би­ғи, қисынды құбылыс. Мұндай ұлттық ро­мантизм дәуірі азаттығына енді жеткен халықтардың көпшілігінде бол­ған. Дәл осындай кезеңде бұл ха­лықтардың көпшілігінде тіл­дік пу­ризм құбылысы ерекше бай­қал­ған. Мұндай құбылыс алғаш Еуропа елдерінде, оның ішінде, айрықша Германияда байқалды. Олар өздерінің ұлттық болмысын сақтау мақсатымен ең алдымен неміс тіліне француз сөздерінің енуіне қатты қарсылық жасады. Пуристердің бастамасын үкімет қол­дап, тіпті өз тілінде балама тап­қандарға арнайы сыйлықтар да берілді. Осындай пуристік көзқарас ХІХ ғасырдың І жартысында Ресейде де болды. Оған жоғары биліктің пәрменімен Ресей императорлық академиясы ықпал етті. Орыс пуристерінің көз­қа­рас­тары шовинистік платформада тұ­рып, тіпті 1870 жылдарға дейін жалғасты.

     Бізде пуристік көзқарас, әлбетте, бұл ел­дердегідей шовинистік немесе ұлт­шылд­ық райда емес, тек кейбір адам­дардың пікір­лерінен көрінеді. Сонымен бірге, сол кез­дегі неміс, орыс қоғамдарына қарағанда біз­­дің заманымыз да басқашалау. Қан­дай да болсын пуристік көз­қарастың, біздің ойымызша, екі жағы бар. Біріншіден, мұндай көзқарас тым біржақтылыққа сүйеніп кетсе, екіншіден, ұлттық терминологияның қа­лыптасуына оң ықпал да жасайды. Мә­се­ле, осы екі ортадан алтын аралықты табуда. Пуристік көзқарастағы кей­бір тіл жана­шырлары қазақ тер­минологиясын таза ұлт­тық маз­мұнда қалыптастыру керек де­ген­де, Алаш қайраткерлерінің ең­бектеріне сүйе­неді. Бұл дұрыс та. Дегенмен бұл арада біз термин қалыптастырудағы Алаш ке­зеңі мен әлемдік интеграция кү­шей­ген қазіргі кезеңнің түбірлі айыр­машылығын ескере бермедік. Халықаралық деңгейдегі жаңа туып пайда болып жатқан құбылыстар мен заттардың мөлшері, әлбетте, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен ондаған, тіпті жүздеген есе көбейді. Олардың бәріне өз тілімізден атау таба беру шарт емес, егер олай етсек, онда халықтың таным-түсінігіне кері ықпал етер едік. Сондықтан қазіргі ке­зең­де және бұдан кейінгі кезеңдерде тер­мин­жасауда ғылыми қа­ғидаттар негізге алы­нуы тиіс. Атап айтқанда, біріншіден, өзі­міз­дің тұрмысымызда болмаған және әлем­­дік деңгейде қабылданған атау­ларды тіліміздің табиғатына сәй­кестендіріп сол күйінде термин ретінде қабылдау; екін­ші­ден, тер­миндерді бұрынғыдай орыс тілі арқылы емес, сол термин қалып­тас­­қан тілдерден тікелей алу, бұл арада ха­лық­аралық терминдердің басым көп­ші­­лігі ағыл­шын тілінен әлемге таралатын бол­ғандықтан осы тілден тікелей қа­был­дау­ды жолға қоятын уақыт жетті.

     Қазіргі жаһандану дәуірі, соған орай халықаралық байланыстардың ай­рық­ша күшеюі, қазақ елінің саяси, эко­но­ми­калық, мәдени жағынан осы әлем­дік қа­рым-қатынас ала­ңы­на енуі бізден әсіре оқ­шау­ла­нуды, тым томаға-тұйықтықты қа­­­ламайтыны түсінікті, ендеше біз қо­ғам­дық өмірге, тұрмысымызға еніп жат­қан жаңалықтарды да жатсынбай қа­был­даймыз. Бұлар, әлбетте, өз атауымен келеді. Егер ондай атауларды солардың болмысына қарай, солардың мазмұнын бере алатындай ана тілімізде атай алсақ, онда терминдер қазақ тілінде бекітіледі. Ал егер біз ұсынған атаулар олардың болмысын бейнелей алмаса, онда халықаралық атауларды өзгертпеуге тура келеді. Біздің ойымызша, бұл арадағы ең үлкен мәселе – ол сөздерді бұрынғыдай орыс тілінен емес, түпнұсқа тілден алуды мықтап ойлану және шешу аса қажет. Ол үшін білікті мамандар да керек. Шет тілдерінен келген сөздерді өз тіліміздің заңдылығына сай алсақ және солай бекітсек, онда тіліміздің табиғаты да бұзылмайды. Бұл жөнінде Алаш зиялысы Халел Досмұхамедұлының: «Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұл­жыт­пай алатын дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады» деп жазған екен. Біз осы қағидатты мықтап орын­дауымыз керек, халықаралық тер­миндерді алудағы бұлжымас ұстаным да осындай болғаны жөн. Шет ел сөздерін өзінің тілдік заңы­на қарай қалайша қабылдауға бо­ла­тындығын орыстардың тәжі­ри­бе­сі нақты көрсетуде. Осы және бас­қа халықтардың осындай тә­жі­ри­белері осы тәсілдің тиімділігін дә­­лел­деп отыр.

     Жалпы алғанда терминдер бекітуде біз халықаралық атауларға емес, қазақ тіліне басымдық бер­ге­німіз анық байқалады. Оны мы­надай мәліметтерден білуге бо­лар­лық. Терминдерге мониторинг жүргізу барысында 1971-91 жыл­дар ара­лығында бекітілген бар­лық 2748 тер­миннің 541-і (19,6%) қазақ тілінде, 1127-сі (41%) ха­лық­аралық атауда, 1080-і (39,3%) қазақ және шет тілдеріндегі тіркес ретінде болған. 1992-2016 жылдары барлығы 15963 термин бекітілген. Олардың ішінде 6024-і (37,8%) қазақ тілінде, 1987 (12,3%) халық­ара­лық атауда, 7952-сі (49,9%) қазақ және шет тілдеріндегі тір­кес ретінде бекітілген. Байқап отыр­ға­нымыздай, тәуелсіздік тұсында қазақ тілінде бекітілген терминдер екі есе көбейген, бірақ қажетті тұста халықаралық терминдер де сақталған.

     Қазіргі кезде терминдерді жүйе­леу, сараптау жұмыстары белсенді жүр­гізіле бастады. Соның негізінде 2016 жылдан бастап барлық бекі­тілген терминдерге толық мониторинг жүргізілуде, термин бекітуде көп­шіліктің қолжетімділігі мен ашық­тық қағидаттарын сақтау үшін арнайы «Терминком.кз» сай­ты ашылды. Оған тіліміздегі бар­лық терминдер мен атаулардың, оның ішінде, салалық терминдер мен атаулардың да толық қоры енгізілді. Сонымен бірге, термин бекітудің реті, терминологиялық ко­миссияның жұмысы, ғылыми-әдіснамалық еңбектер де осы сайттан орын алды.

     Терминдерді көпшілік қол­да­на­ды, сондықтан оларды бекіту қ­оғамдық құбылыс. Ендеше бұл маңызды мәселеге тіл жанашырлары, мамандар да атсалысуы қажет. Сондықтан біз көпшіліктен негізі бар ұсыныстар күтеміз.

    Ғалымжан Мелдешов, Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары 

Толығырақ: https://egemen.kz/article/qyltima-ma-balkon-ba


Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті