Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Ана-тілі

Басты бет | Ана-тілі | Қазақ және парсы тілдерінің зерттелу тарихы

       Түркі тілдерінің, оның ішіндегі қазақ тілінің дамуындағы орта ғасыр дәуірінің (Х ғ.-XV ғ.) маңызы ерекше. Өйткені бұл кезеңде әлеуметтік жағдайлар көбейіп, көптеген халықтардың тілдері өз алдына отау тіккен дәуір. Басқа сатылардан гөрі бұл дәуірдің ең басты ерекшелігі  жарты түркі тілдерінің бөлініп шығатын дербес  тілдердің қалыптаса бастауында. Біздің қазақ тілі бұдан бұрын да қолданылған, ол көне дәуірден бастап ру тілі, тайпа тілі ретінде дамыған. Содан кейін олардың бірігуінің негізінде рулардың тайпаға, тайпаның өзара бірігуі негізінде бірлестік негізінде тайпа тілдері пайда болды. Тайпа тілдерінің бірлестігі негізінде қазақтың халық тілі пайда болды. Қазақтың халық тілінің дамуы үлкен ұлттық сипатқа ие. Қазіргі қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесіне ие болды. Атап айту керек X ғ. Орта Азияда ислам діні өте кең тараған. XV ғ.Орта Азияда ислам діні арқылы араб-парсы тілдеріне еліктеу араб тілінде жазу деген мәселе күшейе түсті. Мемлекет басында тимуридтер отырса да, шағатай тілі ресми мемлекеттік тілі ретінде танылмайтын. Ұлты түркі тілдес халықтардан шыққан ақын-жазушылар араб тілін жете меңгеріп екі тілде бірдей жаза білген. Наваидің тілімен айтқанда түркілердің үлкенінен кішісіне дейін сарбазынан бегіне дейін сад яғни тәжік парсы  тілін еркін пайдалана білді. Сол дәуірдің барлық ақындары сияқты А.Наваида өз шығармаларын әрі парсыша, тәжікше, әрі түрікше жазған. Парсы тәжік тілдерінде өлеңдерін фони түрікше өлеңдерін  (« Фони» сөзі араб тілінен тез өтетін, өткінші мағынасын білдірсе, наво сөзі – күй мағынасын білдіреді) деп қол қойған ал, А.Наваи түркі тілдерін араб тілімен қатар қойып түркі тілдерінде өте жақсы өлеңдер жазуға болатынын айтты және оны іс жүзінде өзі де көрсете білді [1,111б.].

      Қазақтардың халық ретінде қалыптасуын көптеген ғалымдар қазақ хандығының құрылуын көшпенді өзбектердің, Махмұд Шайбанидің Маверанна́хрды жаулап алуымен, қазақ сұлтандары Керей мен Жәнібектердің Әбілқайыр қоластынан бөлініп шығуымен байланыстырады. Тарих мағлұматтарына жүгінсек бұл дәуір қазақ халқының жеке отау тігуінің аяқталған дәуірі. Ал біз сондықтан ешуақытта Керей мен Жәнібектің Шу бойына келіп хандық құрғанын осыдан бастау дұрыс емес деп есептейміз. Өйткені қазақ хандарының атасы одан бұрынырақ пайда болған. Көпшілігі тарихқа белгілі.

      І Петр заманында тарих, тіл мен әлеуметтік құрылысына қызығу басталады. Тілді үйрету үшін әр жерлерде жас кадрлар даярлау керек еді. Россияда тілмаштардың болуы бұл жұмысты орындау мүмкіндігін туғызады. І Петр солай етеді де, 1716 жылы 18 январьдағы Сенаттың Указында түрік, парсы, араб тілдерін үйрену үшін 5 адам таңдап алынады.

     СССР Ғылым академиясы кітапханасының қолжазба қоры мен СССР-дегі жүйелі ғылыми кітапханаларда бірнеше қолжазба сөздіктерді кездестіруге болады. Көптеген сөздік В.Н.Татищев құрастырған сөз жинау анкетасына жауап ретінде жазылған. Анкетамен байланысты жазылған сөздік: «Русско-татарско- чегодайского (чагатайский – Ә.К., М.О.) – персидско-турецко, кабардино-кудачинско-аварский словарь». Ленинградтағы Шығыстану институының қолжазба фондысында: «Калмыцко-армянско-персидско, татарский словарь еңбектері сақталуда.[1, 15б]

    Ресейде шығыстану пәні XIX ғасырда жоғары оқу орындарында оқытылғанын айтуымыз керек. Міне осы ретте көптеген ғалымдар аттарын атауға болады. Олардың ішінде 1830 жылдан бастап Б.А.Дорн араб-парсы, санксрит, түрік көне еврей тілдерінен дәріс оқығанын айтуымыз керек. Қазан университетінде шығыс тілдерінен 1807 жылдан бастап Х.Д.Френ дәріс оқи бастайды. 1815 жылы ол Қазан университетінің тарих-филология  факультетінің  деканы қызметін атқарады. Сол кезде шығыстану университетінің парсы класында татар тілінен басқа араб, парсы, моңғол, қытай тілдерінен де сабақ берілуі керек болатын. Х.Д.Френ негізінен араб, парсы тілдерінен сабақ береді. 1826 жылдан бастап Қазан университетінде араб, парсы тілдеріннен Казем-бек (Мирза Мұхаммед Али Касымоғлы) дәріс оқи бастайды. Ол 1802 жылы туған ұлты –   әзербайжан. Университетте сонымен қатар арабист, профессор Ф.И.Фредман (1793-1863) ұстаздық еткен. Қазанда сол кезде Н.И.Ильминский қызмет етті. Ал, ол Ильминскийдің Ы.Алтынсаринмен таныс болғандығы бүкіл күллі түркология тарихында қазақ тілін арнайы зерттеген ғалым екендігін айта кетуіміз керек. Оның мысалы Материалы к изучению киргиз-казахского наречия” (Каз., 1861), «Самоучитель русской грамоты для киргизов» (Каз., 1862), «Воспоминание об  И. А. Алтынсарине» (Каз., 1891.)т.б. еңбектер жазғанын білеміз. Сол кезде Ғ.К.Саблуков ғалым Н.И.Ильминскийден кейін университетте сабақ берген, ол сабақ берген кезде 1854 ж. араб тілінен берген, құранды орыс тіліне аударушы болған. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Санкт-Петербург университетінде сабақ берген атақты түркологтардың бірі – профессор П.М.Мелиоранский. ол 1887 жылы осы университеттің араб-парсы-түрік-татар бөліміне оқуға түседі. А.Н.Самойлович 1880 жылы Нижний Новгородта гимназия директорының отбасында дүниеге келген. Ол гимназияны бітіргеннен кейін 1899 жылы Петербург университетінің араб-парсы-түрік бөліміне оқуға түседі.

      Қазақ тіліндегі тіл ерекшеліктерін алғаш рет аңғарып, әр жерде кездесетін өзгешеліктердің себептеріне, ондай айырма сөздердің ана тілімізді байытуға зор үлесі болатыны жайында бірінші рет мақала жазған жазушы – Жүсіпбек Аймауытов екен. Мақала 1926 жылы наурыздың 9-ында «Еңбекші қазақ» газетінде «Тіл туралы» деген атпен жарық көрген. Сөз жоқ, бұл мақала диалектологияның зерттелу тарихын, біз айтып жүргендей емес, одан әлдеқалай бұрын 20-жылдарда басталған.

        Автор қандай бір тіл болмасын, таза тілдің жоқтығын, оның басқа тілдермен қарым-қатынас жасау нәтижесінде көптеген сөздердің енетіні, қабылданатынын  ескертеді. Бұл мәселе жайында қазақ тілі де құралақан емес деп қарайды. Қазақтың қай елінің, қай губернесінің тілі нағыз қазақ тілі, қай елінікі будан, былық тіл екенін кесіп айту қиын. Мысалы бөкейліктерде татар, араб, парсының, орыстың, Жетісу мен Сырдарияда өзбектің, Қостанайда орыс пен ноғайдың, Семей мен Ақмолада орыс пен араб тілдерінің ықпалы мол екенін айта келіп, нағыз қазақтың таза тілі аз болып шығатынын ескертеді. Тілімізде әлдеқашан сіңісіп, етене болып кеткен: пайда, ырас, дұрыс, пенде, дос, пара, мейман, қымбат, дәулет, өнер, т.б. араб, парсы тілінен енген сөздерді қалай пайдаланбай тұра аламыз. Ол түгіл «хат», «қалам» деп араб, парсы сөздері деп жүрген «қалам» әрі үнді, әрі грек жұртында бар екен, мұны қайтеміз деп сауал қойып мұндай тілімізде сіңіп кеткен сөздердің басқа тілден енгендігін, біздің тіліміз де таза тіл емес екендігіне зер салады. [2,48-49б.]

      Осы сияқты жағдайлардың бәрі біздің Ресей арқылы, ислам діні арқылы парсы тілінің біздің халықтың ортасына ене бастағанын көреміз. Демек, бұл арқылы не айтқымыз келіп отыр?  Парсы тілін білу мәселесі қазақтар үшін үлкен рөл атқарғанын соның ішінде біздің ұлы ғұлама адамдарымыз, содан кейінгі қазақтың керемет ақын-жазушыларымыз араб-парсы тілдерін үйренген. Тіпті Абай атамыз да араб-парсы тілін жақсы меңгерген. Демек, біздің халқымыз үшін парсы тілі жат тіл емес.

       Парсы тілі мен оның грамматикасы туралы сөз қозғағанда оның қазіргі күйі мен өткеніне қысқаша тоқталған жөн секілді. 1979 жылы желтоқсан айында өткен референдумда қабылданған Иран Ислам Республикасының Негізгі заңы бойынша мемлекеттің ресми тілі – парсы тілі болып табылады (2 тарау, 15-бап). Бұл тіл парсылардың (тұрғындардың жартысына жуығын құрайды) ана тілі және Иранда тұратын басқа да халықтар (азербайжандықтар, күрдтер, лурлар, белуждар, бақтиярлар, түрікмендер, арабтар, армяндар) үшін этникааралық қарым-қатынас құралы тілі болып табылады. Орта мектептер және жоғарғы оқу орындарында сабақ беру, кәсіптік-техникалық білім беру, әкімшілік іс-қағаздар парсы тілінде жүргізіледі. Парсы тілінде көптеген газет-журналдар шығарылады, радио мен теледидар бағдарламалары осы тілде жүргізіледі, яғни парсы тілі мемлекеттік тіл ретінде қалыптасып, қанатын кеңге жаю үстінде.

        Мемлекет басшылығы, оның үкіметі мен саяси институттары парсы тілін дамыту мәселесіне көп көңіл бөліп отыр.

        Үкіметтің тіл саясатына тікелей жауаптылар - арнайы құрылған Парсы тілі мен әдебиеті академиясы - فرهنگستان زبان و ادب فارسی, әртүрлі коммитеттер мен коммиссиялар болып саналады.

       1990 жылдың ақпанында Иран Ислам Республикасының президенті Хашеми-Рафсанджанидің төрағалығымен өткен Мәдени төңкерістің Жоғарғы кеңесі мәжілісінде Парсы тілі мен әдебиеті академиясы - فرهنگستان زبان و ادب فارسی Жарғысы қабылданып, академия парсы тілі мен әдебиеті салаларында басты ғылыми-зерттеу орталығы деп жарияланды. Парсы тілі мен әдебиеті академиясының мақсаты парсы тілін дамытуға, оны жетілдіруге, көрші елдрге таратуға көмектесу, сондай-ақ жергілікте тілдер мен диалектілерді туралы мәліметтерді жинау мен зерттеу болатын. Ал басты мақсат парсы тілінің толық грамматикасын жасау еді.

        Генетикалық, фонетикалық және лексико-грамматикалық белгілері бойынша парсы тілі үнді-европалық тілдердің иран тобына жатады. Иран тобының тілдері екі негізгі классификациядан тұрады. Біріншісі, тарихи даму мен тарихи өлшемдер бойынша; екіншісі, тарихи-диалектикалық және фонетика-грамматикалық белгілер бойынша.

      Қазіргі парсы тілі иран тілдерінің оңтүстік батыс тобына жатады,  оған сонымен қатар тәжік, дари, тат, бақтияр, лур диалектілері кіреді. Қазіргі парсы тілі,  дари және тәжік тілдері бір-біріне жақын туыс тілдер болып табылады. Себебі, олар өз тамырын бір қайнар көзден парсы-тәжік классикалық әдебиет тілінен алады.

       VII ғасыр арабтардың Иранды жаулап алуынан кейін елде ресми тіл араб тілі болды, ол парсы тілінің дамуына, оның лексика-семантикалық жүйесіне. Фонетикалық және грамматикалық құрылымына үлкен әсерін тигізді. ІХ ғасырда Араб халифатының билігі дәуірінде парсы тілінде алғаш жазба ескерткіштер пайда болды. Сол дәуірде жазба ескерткіштерде тіл پارسی  парсы (араб тіліндегі  формасы  فارسی) немесе   فارسی دری//  پارسی دریдеп аталды.

      Араб халифаты құлағаннан кейін Мавереннахрда, Хорасанда, Балхта жаңа парсы тілінде алғашқы туындылар пайда болды. Араб графикасы арқылы жаңа парсы тілінде жазу ІХ ғасырда басталды. Бірақ, бұл дәуірдегі жазба ескерткіштер бізге жетпеген. Біз оларды тек ежелгі фархангтер (сөздіктер) және көне жазбалардан ғана біле аламыз. Біртіндеп араб тілі саясат және мәдениеттен ығыстырыла бастады. Ал саманидтер билігінде (875-999 жж.) жаңа парсы тілі ресми тіл болып саналды. Барлық мұсылман дініне қатысты емес құжаттар мен іс қағаздар осы тілде жүргізілді.

       Жаңа парсы тілі ХV ғасырдың аяғына дейін парсылар мен тәжіктердің ортақ әдеби тілі болып қалыптасты. Оның орталығы солтүстік-шығыс Иран, солтүстік Ауғанстан және Орталық Азия болды. ІХ ғасыр мен ХV ғасыр аралығында ең бай әдебиет, оның ішіндегі классикалық деген атауға ие болған поэзия осы тілде дүниеге келді. Парсы тілінің әдеби тіл болуы парсы-тәжік классикалық әдебиетінің дамуымен тығыз байланысты.

     ХVІ ғасырдың басында Иранда және Орталық Азияда саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты әдеби парсы тілінің фонетикалық, лексика-семантикалық және грамматикалық дифференциациясының белгілері көрініс таба бастады. Тілдік даму ХVІ ғасырдың басы мен ХІХ ғасырдың  соңында жалғасын тапты. Солтүстік–шығыс әдеби тілінің қалыптасу орталығы  біртіндеп Иранның оңтүстік батысына (Фарс провинциясы) өзгерді. Парсы әдеби диалектикасының белгілерінің орнына тілдің оңтүстік батыс  диалектісі қалыптасты. Қазіргі парсы тілінде сақталған парсы әдеби тілінің  айтылу ерекшеліктері дәлел бола алады. Жаңа иран тілінің дифференциалдық үрдісінің басталуы біртіндеп аймақтық диалектілер негізінде жергілікті тілдердің пайда болуына әкеп соқты. ХVІ-ХVІІІ ғасырлар бойындағы фонологиялық, лексико-грамматикалық, семантикалық сипаттағы дифференциальдық белгілер осы жайды аңғартады. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында әлеуметтік-саяси жағдайлар мен мемлекетаралық қарыми-қатынаста қалыптасқан тілдік факторларға байланысты бір-біріне жақын туыс үш тіл: Иранда парсы тілі, Орта Азияда тәжік тілі, Ауғанстанда фарси-кабули (дари) тілдері пайда болды.

       ХІХ ғасырдың ортасында ұлттық парсы тілінің қалыптасты. 1905-1911 жылдардағы Иран революциясы жаңа  парсы тілінің лексикалық және грамматикалық жүйесіне әсер етті. Алғашқы Иран революциясы кезінде қазіргі парсы әдеби тілі қалыптасты. Бірақ бұл үрдіс толығымен аяқталмады. Парсы тілінің әбден жетілуі, оның әдеби нормаларының қалыптасуы және құрылымдық стилінің дамуы әлеуметтік-саяси, экономикалық-қоғамдық  жағдайларға байланысты шектелді. Әдеби тілмен ауызекі тілмен жақындасу үрдісі ұзаққа созылды әрі осы күнге дейін жалғасып келеді.

        Иранда және шет елдерде парсы тілінің грамматикалық құрылымын зерттеудің негізгі кезеңдері.

       VII ғасырда Сасанидтік Иран жерін арабтар басып алғаннан кейін ұлан-ғайыр аумақта қалыптасқан тілдік жағдай келесі ғасырларда парсы тілін зерттеуге ықпалын  тигізді. Жаңа парсы тілі таза лексикографиялық бағытқа ие болды, оған араб лексикографиясы зор әсерін тигізді.

        Тілдің лексикалық құрамы, грамматикасы, тіпті фонетикасы туралы мәліметтер тек фарханг деп аталған сөздіктерде келтірілді. Ол кезеңде парсыларда грамматика термині қазіргі мағынасында қолданылмады.

        Парсы тілінің грамматикасы жөніндегі алғашқы мағлұмат орта ғасырлардағы фаргангтерде берілді. Парсы фонетикасы, грамматикасы және сөзжасам мәселелері  туралы XVII ғасыр аяғында Үндістанда жарық көрген  Шираздан шыққан Хусейн Инджу құрастырған  «Фарханге Джахангири» кіріспесінде айтарлықтай мол мәлімет ұсынылды. Хусейн Инджу парсы тілі грамматикасының негізін салушылардың бірі деп есептеледі.   

      Классика дәуіріндегі тілдің грамматикалық мәселелері орта ғасырдағы жазба ескерткіштерде -  поэтика жөніндегі жұмыстарда көрініс тапты.   

       Парсы тілінің грамматикалық ережелері парсы поэзиясында кең таралған арзу (VII-VІІІ ғғ. араб поэзиясында пайда болған өлең құрылымының жүйесі) өлшемімен баяндалды. Мұндай алғашқы шығармалар XIII ғасырда араб тілінде шығарыла бастады. Өлең өлшемі мен рифмалардың сипаттамаларымен қоса фонетика, орфография, сөйлем мүшелерінің бөлек анықтамалары, сөз құрылымы мен сөзжасам мәселелері қозғалды. Орта ғасырда пайда болған парсы тілінің грамматикасы бойынша жұмыстар бізге жетпеді. Алғашқы парсы тілінің  грамматикасының қазіргі түсінігі 1893 жылы Тебризде баспадан шыққан Абдул-Карим Ирвани жұмысында көрініс тапты.

        Парсы тілінің барлық грамматикасы әдетте әдеби тілдің жазба үлгісіне негізделген. Морфологияға, сөздердің құрылымына және сөзжасамға баса назар аударылады.

       Қазіргі уақытта Иранда жарық көрген парсы тілінің грамматикасы туралы еңбектердің арасында П. Ханляри [3], А. Хомаюнфаррох [4], А. Хайямпу [5] грамматикалары жоғары бағаға ие болды.

      Тілдің морфологиялық құрылымымен салыстырғанда, фонетикалық жүйе өзгерістерге жиірек ұшырайды. Бұл туралы М.Томанов «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» атты еңбегінде: «Қазақ тілінің фонетикалық жүйесінің біраз ерекшелітері әртүрлі дәуірде басқа мәдениеттермен, тілдермен байланыста болудың әртүрлі қарым-қатынасқа түсудің нәтижесі іспеттес қалыптасқан», - дей келіп, араб-парсы мәдениетінің ықпалы мен орыс мәдениетінің ықпалын атап көрсетеді. [1988, 40 б]

      Тіл жүйесінде кездесетін субстраттық өзгерістер кез келген тілде кездесуі ықтимал процесс. Субстрат теориясы туралы ХІХ ғасырдың басында Я.Бредсдорф айтқан болатын, кейіннен бұл ілім Г.И.Асколи, Г.Шухардт, В.Брендаль, А.Мейе, О.Есперсен, И.А.Бодуэн де Куртенэ, А.А.Шахматов, А.М.Селишев еңбектерінде кеңірек зерттедеді. Субстрат белгілі лингвогеографиялық ортада ертеде болған тілден қалған көне элементтер. Субстрат кірме сөздерден бөлек тұлғалар ретінде қарастырылады. Зерттеушілердің пайымдауынша, субстрат негізінде халықтардың этникалық араласуы мен кірме халықтың тілдік ассимиляциясы жатады. Тілдегі субстраттық элементтер қостілділіктің негізінде кейін пайда болатын құбылыс.

     Қазіргі халықаралық аренаға шығуымызға байланысты, парсы тілді елдерімен тікелей қарым-қатынасқа шығуымызда қазақтардың парсы тілін өзінің ана тілін салғастыра отырып үйренуі бұл өте ұтымды әдіс болып есептеледі

       ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Қайдаров Ә., Оразов М. Түркологияға кіріспе - Алматы: Мектеп, 1985.
  2. Нақысбеков О. Аймауытовтың Ж.Диалектология туралы кейбір ойлары // Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы- Алматы: Арыс, 2001
  3. پرویز ناطل خانلری. دستور زبان فارسی. تهران، 1351
  4. عبدالرحیم همایوفرخ. دستور جامع زبان فارسی.چاپ دوم. تهران 1357
  5. خیامچورع. دستور زبان فارسی.چاپ دوم. تهران 133
  6. Бартольд В.В. Работы по истории и филологии тюркских и монгольских народов. - М.: Восточная литература, 2002. – 757 с.
  7. Бертельс Е.Э., История таджикско-персидской литературы. - Москва: Восточная литература, 1960. – 560 с

 

       Ибраимова Жібек Тұңғышбайқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы филология ғылым кандидаты

 

Шанбаева Ұлпан Сәбенқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың маманы

гуманитарлық ғылымдар магистрі  

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті