Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Қытай қазақтары

Қытай қазақтары


       Алыс-жақын шетелдерде ұлты үшін маңдай терін төгіп, бір кісідей еңбек етіп жүрген қандастарымыз баршылық. Соның бірі - Қытайдағы қазаққа ғана емес, миллиардтар еліне есімі мәлім, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Исламұлының алғашқы бапкері ҚХР Алтай аймақтық бокс құрамасының бас бапкері Мұрат Бошайұлы. Ол Қанат Ислам ата-жұртына қоныс аударып кеткеннен кейін де көптеген қазақ жастарын бокс өнеріне баулып келеді. Айтулы бапкер жақында елордамыз Астанаға туысшылап келіп жүргенін естіп, арнайы іздеп барып, қазіргі Қытайдағы  қазақ боксы туралы ой бөлісіп қайтқан едік.

     - Ассалаумағалейкүм! Атамекенге қош келдіңіз! Елге жиі келіп тұрасызба?

     - Уағалейкүмассалам! Әрине, кейде бір жылда бір емес, бірнеше рет келіп кетемін.

     Кейде бір жола көшіп келуді де ойлаймын. Алайда, қазір ол жақтағы қазақтардың төрттен бірі ғана ата жұртына көшіп келді. Ал, келмегенін есептей беріңіз. Сол бауырластарыңыздың ұрпақтарынан Мұрат ағамның мектебіне барып, бокс үйренем деп жүрген қаншама жас жеткіншектер жүр. Олардың көздерін жәудіретіп, қалай кетіп қаласың? Бұл - бір. Екінші, қазір Қытай үкіметі Алтай бетінің боксын маған сеніп тапсырып отыр. Ал Алтай өңірі - Қытайдағы қазақтардың ең жиі қоныстанған өңір. Ұлт үшін қызмет етем деген адамға бұл таптырмас орай. Қай жерде жүрсем де ұлтым үшін еңбек етсем, маған содан артық бақыт жоқ. Бұл жерге келсем де осы бокстың маңынан, соның ішінде бапкерліктен алыстамайтыным белгілі. Сондықтан, Қытайда жүріп-ақ, қазақ жастарына бар білгенімді үйретіп, сау денелі, саламатты өмір сүруге аз болса да көмегімді тигізсем сол да жеткілікті. Үшінші себеп, қазір болашағынан зор үміт күттіретін көптеген қазақ жастарын тәрбиелеп жатырмын. Жол ортадан олардың арман-мақсат, талаптарын үзіп, кетіп қалып жатсам, азаматтығыма сын болмай ма? Міне, айта берсек осындай себептер көп. Тағы да айтайын, Қытайда жүрсем де, ұлт үшін еңбектеніп жатырмын. Жалпы, қазақ ұлты үшін қызмет етуде тек Қазақстанда ғана жұмыс жасамау керек.

    - Соңғы кездері Қанат Ислам Қазақстанға кеткеннен кейін арғы бетте қазақ боксы құлдырап кетті деген сөз бар. Бұл қаншалықты рас?

     - Ол жеке біреудің алып қашпа әңгімесі болуы мүмкін. Қанат елге 2010 жылы қоныс аударды. Міне, содан бері төрт-ақ жыл болды. Бұл біреулер үшін көп, біреулер үшін аз ғана уақыт. Ал мен үшін бұл төрт жыл іріктеу кезеңі. Сондықтан, ештемеден кешігіп, ештемеден құр қалып жатқан жоқпыз. Қанат Ислам салып кеткен сара жолда көшімізді алға жетелеп келе жатырмыз. Қазір де талантты жастар жеткілікті. Әр нәрсенің өз уақыты болады, Қанат өзін өз дәуірінде танытты. Ол менің алғашқы толқындағы жағаны ұрып, жарық жұлдызға айналған бірінші түлегім. Енді, екінші толқын, яғни екінші буынмен жұмыс жасап жатырмын. Нақтырақ айтсам, қазір 1996-2000 жылдар аралығында дүниеге келген балаларды тәрбиелеп жатырмын. Бір Олимпиада чемпионын бір жылда, болмаса екі жылда тәрбиелеп шығару мүмкін емес. Кейбір бапкерлер шәкіртін Олимп шыңына шығару үшін бүкіл өмірін сарп етеді. Сөйтіп жүргенде чемпион шығара алмай кететіндері қаншама?! Сол үшін Қанаттан кейін Қытайдағы қазақтардан төрт жыл ішінде ешкім жарқ етіп шыға қоймады, Қытайдағы қазақ боксы тоқырап қалды деп айтуға  еш негіз жоқ.

   - Сөзіңіз дәлелді болуы үшін болашағынан үміт күттіретін жастардан бірнешеуін айта кетсеңіз?

      - Тура бұрынғы Қанаттың салмағында, яғни 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1996 жылы туған Тоқтар Таңатұлы деген өте талантты баламыз бар. Мен оны 9 жасынан бері тәрбиелеп келемін. Тоқтар қазір Шынжаң өлкесінің үш дүркін чемпионы, ҚХР-дың жастар арасындағы біріншілігінде бір рет бас жүлдені, екі рет екінші орынды жеңіп алды. Тоқтарды былтыр осы Қазақстанда өткен бір жолдастық кездесуге жіберген едік. Өз салмағында екінші орынды алып қайтты. Сонда белгілі бапкер Тұрсынғали Еділов маған қоңырау шалып: мына шәкіртіңнің бойынан үлкен талантты байқадым. Мүмкін болса елге ертерек келуіне жағдай жасасаңшы, - деп еді.

      - Ол туралы өзіңіз қандай шешім қабылдадыңыз?

    - Бір нәрсені анық айтқан жөн. Болатын бала қай жерде жүрсе де, өз дегеніне жетеді. Сондықтан, ондай талантты баланы «сен Қазақстанға барсаң ғана жолың болады, немесе Қытайда жүрсең бағың ашылмайды» деу дұрыс емес. Қай елде, қай жерде жүрсе де қазақтың баласы қазақтың даңқын көтеріп жатса бізге одан асқан абырой жоқ. Мен Тоқтарға Тұрсынғали ағаның сәлемін жеткіздім. Шабыттанып, қуанып қалды. Алайда, шешім қабылдау баланың өз еркінде.

      - Тоқтардан басқа тағы кімдер бар?

    - Ұлпар Қарқынұлы деген азамат бар. Бұл да 1996 жылдың тумасы. Ол қазір Бейжің өлкелік кәсіптік бокс мектебінің мүшесі. Жасөспірімдер арасында 70 келіде өнер көрсетіп жүр. Ұлпар қазір осы салмақта Қытай бойынша №1 боксшы болып тұр. Міне, осы екі бала қазіргі Қытай қазақтарының ішіндегі ең мықты балалар. Алдағы уақытта Азия, әлем біріншіліктерінде, тіпті, Олимпиада Ойындарында топ жарады деген үмітіміз зор. Бұлардан бөлек 1999 жылы туған Ақерке Қанатұлы деген жас спортшымыз бар. Ақерке де Шыңжаңның екі дүркін чемпионы атанды. Бұл баланы осы жазда өтетін Қытайдың республикалық жастар мен жасөспірімдер біріншілігіне дайындап жатырмыз. Қытайдың біріншілігінде топ жару деген бүгінде Олимпиадада топ жарғанмен бірдей болып тұр! Дәл қазіргі қарқынынан танбаса бұл бауырымыз да болашақта үлкен белестерді бағындырады деген сенімдеміз.

    - Қанат Ислам кетіп қалған соң Қытай өкіметінің қазақ спортшыларына деген көзқарасы өзгеріп кеткен жоқ па?

     - Қанат алғаш кетіп қалған кезде аздап әңгімелер болғаны шындық. Бірақ, уақыт өте келе ұмытылды. Бұрындары Қытай халықаралық жарыстарға, шетелдерге тек өз спортшыларын жіберетін. Мұны ұлтына қарап бөлді деуге болмайды. Ол кездерде аз ұлттар спортқа бүгінгідей ден қойып, бел шеше кірісе қоймаған. Ол кездерде қазақ азаматтарының күші көтерген тастарымен бағаланып келді. Спортпен кәсіби түрде айналысқан жоқ. Небір мықты азаматтарымыз бүгінгі мүмкіндіктерді пайдалана алмай кетті ғой. Қытайдағы қазақтардың спортқа деген қызығушылығы соңғы 10 жылдан бері арта түсті. Қазір Қытай өкіметі бізді ұлтқа бөліп жатқан жоқ. Мықтысың ба, өзіңді дәлелдедің бе, ешкім шетке қағып, кеудеңнен итермейді. Керісінше, қуана қарсы алады. Жағдайыңды жасайды. Тек олардың үмітін ақтай біл!

   - Өткен жылы күзде Алматыда бокстан әлем біріншілігі өтті. Сол біріншілікті өзіңіз де келіп тамашаладыңыз. Қытай боксшылары 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында 1 алтын, 1 қола медаль еншілеген болатын. Ал, Алматыда 10 боксшысының тоғызы алғашқы іріктеу сынында, бір боксшысы екінші айналымда жарыс жолынан шығып қалды. Бұл нені білдіреді?

    - Бұл жерден ешқандай саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Алматыдағы әлем чемпионатына Қытай кілең өрімдей жас боксшыларын алып келді. Олардың барлығы 18-21 жас аралығындағы жастар. Қытайдың өздерінің төрт жылда бір өткізетін спартакиада ойындары бар. Міне, осы жарысты қытайлар Олимпиада ойындарынан да жоғары бағалайды. Әлем біріншілігінің алдында сол спартакиада ойындарын өткізген болатын. Әлем чемпионаты қарсаңында  Қытайдың негізгі құрамасы сол аламаннан кейін уақытша демалысқа кеткен. Сондықтан, Қытай Алматыға спартакиадада 4-5-6-орындарға ие болған боксшыларын тәжірибе жинақтасын деген мақсатпен ғана алып келген болатын. Олардың барлығының да алғашқы іріктеуден әрі аса алмауының себебі сол.

      - Қытай спорты соңғы жылдары қатты дамып кетті. Құпиясы неде?

      - Қытай қол созым жерді емес, көз ұшындағы жерді көздейді. Соның арқасында тек спорты ғана емес, барлық саласы адам танымастай өзгеріп дамып кетті. Бірақ, спорт түрлерінің ішінде боксқа кішкене бас ауыртып отырған жайы бар.

     - Ол қандай бас ауру?

     - Олардың бас қатырып отырғаны 2016 жылы Бразилияда өтетін жазғы Олимпиада ойындары. Қытайдың ұлттық құрамасындағы мықты боксшыларының қазір жастары келіп қалды. Осының алдындағы спартакиадада топ жарған боксшылары тым жас. Олар сол үшін қазірден бастап жұмыс істеп жатыр. Үш дүркін әлем, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған жеңіл салмақтағы саңлағы Зоу Шимин кәсіпқой боксқа кетіп қалғанын жақсы білесіздер. Енді сол Зоу сияқты таланттарды жасақтап, жаңа команда құрмақшы.

      - Өзіңіз жаттықтырып жатқан балалардың ішінде басқа ұлт өкілдері бар ма?

      - Бапкер шәкірттерін ешқашан ұлтқа бөлмеуі керек. Шыңжаң өлкесі Қытайдың көп ұлт қоныстанған аймағы. Қабаның өзінде бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Менің тәрбиелеп жатқан командамның 90 пайызы қазақ балалары. 10 пайызы ғана басқа ұлт өкілдерінен. Оның ішінде ұйғырлардың үлесі көптеу. Дүңгендер де бар. Ал, қытайлардан бір-екі бала тер төгіп жүр. Қытайлар боксқа қатты қызыға бермейді. Қызығушылықпен келіп, шыдамай кетіп қалатындары да аз емес. Қай ұлт өкілі болсын, ол ұстаздық өнеріңді құрметтеп, сыйлап жатса, бірдеңе үйренгісі келсе, қалай кеудесінен итересің?! Спортқа өз еркімен келген спортшыдан бірдеңе шығады. Қазақта «жетектегі тазы түлкі алмайды» деген сөз бар.

     - Осы еңбегіңізді Қытай өкіметі қалай бағалап жатыр?

    - Менің атқарып жатқан іс-шаруаларыма Қытай өкіметі қатты қолдау көрсетіп келеді. Алғашында өзім бастаған шағын орталығымды мемлекет қамқорлығына алып, бұл кәсібімді әрі қарай дамытуыма үлкен мүмкіндіктер жасады. Аз ұлттар қоныстанған Алтай аймағының боксын дамытуды маған сеніп тапсырды. Жыл сайын барлық жағдайларды жасап, қаржылық, материалдық жағынан ештеңесін аяп жатқан жоқ.

      - Өзіңіз қазақ еліне жиі келіп тұрады екенсіз. Біздегі бокс мектебіне деген көзқарасыңызды білсек...

      - Біз баласы атқа мініп, бәйгеге шапса, үйде тақымын қысып отыратын қазақпыз ғой. Алыста жүрсек те, қазақ елі боксшыларының аламанда аты озып жатса, біздің де рухымыз көтеріліп, бойымыз сергіп қалады. Қазақ боксшылары Тәуелсіздік алған жылдардан бері де, одан бұрын да әлемдік додалардан құралақан қайтып көрген емес. Міне, бұл Қазақстан боксының әлемдік деңгейге жеткендігінің белгісі. Бұрын бокс десе Куба есімізге түсетін. Ал қазір сол кубалықтардың өзі Қазақстанның бокс мектебіне қызыға да қызғана қарайтын болды.

     - Сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!

     Күнсұлтан ОТАРБАЙ, "ҚазАқпарат"

толығырақ

©Алаш айнасы иллюстрациясы

©Алаш айнасы иллюстрациясы

     Біріккен ұлттар ұйымының ресми тілдерінің бірі саналатын қытай тіліне деген қызығушылық жыл өткен сайын артып келе жатыр. 5 мың жылдық тарихы бар Қытай елінің ежелгі тарихи жазбаларының құпиясын ашу көп адамның арманы болғанымен, оның кілтін табу алайда кез-келген адамның маңдайына бұйырмай тұр. Қытайдың байырғы тіліндегі жазбаларды қазіргі тіліне аударумен айналысатын әкелі-балалы кәсіби аудармашылар Мұрат Сұлтаншәріпұлы мен Еркебұлан Мұратұлының айтуынша, бұл мәртебеге ие болған адамдар 1,5 млрд. халқы Қытайдың өзінде де өте аз. 
     Мұрат Сұлтаншәріпұлы, Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданының Тіл-жазу қызметі комитетінің қызметкері: 
       – Қытай аудармашыларының өзі әлі күнге дейін басқасын былай қойғанда Конфуцийдің шығармаларын да әртүрлі аударып жүр. Мұндай жағдайда олармен көрші тұрған және барыс-келіс қатынаста болған елдердің атаулары және олардың көрнекті тұлғаларының есімдері әр аудармада әрқилы аталуына таңырқаудың қажеті болмас. Өйткені қытайлардың мәдени және экономикалық ықпалдастықта болған елдерден кірген атаулар мен сөздерді өз ыңғайына бейімдеп, өзгертіп алатыны ғалымдарға бұрыннан белгілі жәйт. Олар тіпті халықаралық телім (термин) сөздердің өзін көп жағдайда өзінше бөлек атаумен атайды. Сондықтан Қытай мұрағаттарындағы қазақтың арғы-бергі тарихына қатысты деректерді анықтап, сұрыптап, аудару кезінде бәрін салыстырып, реттеп тек қисындылауын ғана алған жөн. Ал ондағы ежелгі түркі тайпаларының және оның құрамындағы рулардың атауын бір ізге түсіруді бір-екі ауыз сөзбен түсіндіру өте қиын. 
       Еркебұлан Мұратұлы: көне жазбаларды аударудағы басты қиындық түпнұсқа материалмен жұмыстан басталады. Мұндағы бірінші мәселе оны анықтау болса, екіншісі түсіну. Түпнұсқасы сақталмаған кейбір жазбалардың жалпы халыққа ортақ нұсқасы мен байырғы нұсқасы көп жағдайда әртүрлі боп кетеді. Мәселен Қытайда халық мәртебелі адамның атын тіке атамаған. Билік басындағылар да өз идеологиясын халыққа сіңіру үшін байырғы шығармаларға әр дәуірде өз ықпалын жасап отырған. Сол себепті мұндай жазбаларды аударғанда аудармашы өзім білермендік танытпай, тарихшы, археолог, лингвист сияқты өзге де салалардың кәсіби мамандармен бірлесіп жұмыс жасайтын болса аударма көңілге қонымды болып, одан ғылыми құндылығы артпаса кемімейтіні анық. Өкінішке орай қазір қай елде болмасын мұндай маңызды жұмысты әркім өз алдына беталды аударып жатқан жағдайлар бар. Аудармадағы мұндай үстірт жағдай Қытайға да тән болып отыр. 
       Әрине бізде қытайшадан қазақшаға аударатын Әбдібек Байболатов, Нариман Жабақытай, Әбділдабек Ақыштай деген сияқты. мықты аудармашылар бар. Алайда жалпы аудармада қандай да бір жүйеленген жағдай жоқ. Мысалы оқулық кем. «Ханзуша қазақша аударма оқулығы» деп аталатын жалғыз еңбектің өзі өткен ғасырдың 80 жылдары шыққан. Ол күні бүгінге дейін үкімет мойындаған бірден-бір оқулығымыз болып отыр. Соның өзін малданып кейбір кісілер оған азды-кем өзгерістер енгізіп, өз алдына кітап шығарған жағдайлар да бар. Бір сөзбен айтқанда, Қытайшадан қазақшаға, қазақшадан қытайға аударуда бізде аударманың практикасы, назариясы, зерттелуі, әдістемесі күні бүгінге дейін әлі жүйеленген жоқ деп айтуға болады.
       Сондай-ақ бізде қазіргі және байырғы тілден аудару деген екі нәрсе бар. Байырғы қытай тілінен қазіргі қытай тіліне аудару қытайлардың арасында үлкен кәсіп боп кетті. Алайда олардың арасында кәсіби аудармашылар санаулы ғана. Соның бірі менің әкем Мұрат Сұлтаншәріпұлы деуге болады. 
        Жалпы түркі және қытай халықтарының арғы ата-бабаларының арасындағы ықпалдастық қарым-қатынастардың тарихы өте ерте дәуірлерден басталған. Бұл Шыңғыс ханнан бұрын басталған. Өкінішке орай біз оны бір арнаға түсіреміз деп көп нәрсені бүлдіріп алған жағдайымыз бар. Бабаларымыз бұрын қытайлармен көп соғысқан ғой. Ал соғыс деген нағыз мәдени ауыс-түйіс жасайтын жер. Қандай да бір елдің әскери істері дамыса мәдениеті де өсіп-өркендейді. Ол әлем ғалымдарының ортақ пікірі. Тарихты зерттеген кезде ғалымдардың теориялары кейде бізге шектеме боп қалады. Ежелгі ру-тайпалар мен елдің атын ғана қуалап, затын қуаламау бізді көп жағдайда үлкен нәрседен адастырады. Кез келген ұлтта географиялық тарих болады. Сол елдің аумағындағы халықтар тарихы сол ұлттың тарихын құрап жатыр. Оны сөзсіз маңызға алу керек. Тарихты зерттегенде ата-бабамыздың атының тұяғы тиген жердегі ұлттың бәрі зерттелуі керек. Мысалы Қытайда қоңыраттардан сіңген Го фамилиялылар, қаңлыдан сіңген Кан фамилиялылар көп. Бұдан бөлек керейлер, үйсіндер, меркіттер және тағы басқа да тайпалардың өкілдері бар. Жалпы қытайлардың фамилиясының алдындағы Лю, Ван, Жан сияқты сөздер біздің руларымыз сияқты атауды білдіреді. Қытайлар оны өздері де жасырмай ашық айтады. Бір ғана Шыңғыс ханның ұрпағымыз дейтіндердің өзі қазір онда бір аудан. Сол сияқты Қытайдың бұрынғы ақын-жазушылардың көбі қаңлыдан шыққан. Бұдан бөлек Қытайдың әйгілі 24 тарихының үшеуін бақылап, жаздырған Тото деген кісінің руы меркіт болған. Ол өзі Шыңыс хан дәуірінде бас сардар болған адам екен. 
       Мұрат Сұлтаншәріпұлы: түркі тайпаларының қытайларға және бүкіл адамзат тарихындағы мәдени ықпалы өте зор. Қытай мәдениетінің Еуропаға әсері түркі халықтарының даласы арқылы жеткенін қазір күллі әлем біледі. Барлық ауыс-түйіс Ұлы Жібек жолы арқылы жүрген. Мұндай жағдайда бір халықтан екінші бір халыққа телім сөздердіңде сіңгені анық. Мәселен сіздер университет дейсіздер біз оны ханзушалап (қытайша) дашо, ал институтты шеян дейміз. Дашодағы «да» үлкен, «ше» мектеп деген сөз. Қытай қазақтарында қытайдан кірген кірме сөздер көп емес. Ауыз екі тілде мұндай бірлі-жарым сөздер айтыла береді, біз оны баспа бетіне шығармаймыз. Соңғы кезде жарық көріп жатқан баспа өнімдерінде емле жағынан қателердің көп кездесуі сондағы қызметкерлердің буын алмасуынан орын алып отырған жағдай. Сол сияқты ханзуша оқыған кейбір балалар кейде тілді бұрап сөйлейді. Олардың арасында мен оқу бітірдім дегенді «бие болдым» деп айтып күлкі болғандар бар. 
      Жалпы осы арада мына бір жәйтті баса айта кеткен артық болмас, Қытайдағы қазақтардың арасында өткен ғасырдан бергі дәуірде қытайға сіңгендер көп емес. Ал өте ерте кезде сіңіп кеткен түркі тілдес халықтардың өкілдері көп болғанмен, олардың санын ешкім дәл айтып бере алмайды. 
       Біз сондай-ақ, әдеби шығармалардан аударма жасайтын болсақ алдымен бұл Қазақстанда аударылды ма дейміз. Шетел авторларын қытай тілі арқылы аударсақ кейбір жері бұрмаланып кетуі мүмкін. Аударылса осы жақтағы аударманы көшіріп аламыз. Өйткені біз аударма саласында бұл жақтағы аудармашыларға жетеміз деп айта алмаймыз. 
      Бұрын әдеби шығармалардан аударма кітаптар жиі шығып тұратын. Соңғы жылдары әдеби шығармалардың аудармаларын көп көргем жоқ. Соңғы жылдары Қытайда Ноян деген біреу Нобель сыйлығын алды. Кейінгі кезде осы кісінің шығармасын аударушылар көбейді. Оның бір әңгімесін тіпті 3 адам аударыпты. Енді осы үшеуін салыстырып мақала жазып жүргендер бар. 
       Жалпы Қытайда аударманың курстары көп. Құрамыз деп құрылмай қалған мектептер де бар. Ал аударма сыныптары тек бірнеше санаулы дашода ғана бар. 
        Жақында Сүлеймен Демирел университетінің ұйымдастыруымен қазақ әліпбиіне арналған халықаралық конференцияға шақырған екен. «Қазақи латын әліпбиінің түбегейлі шығар жолы» деген тақырыпта баяндама жасадым. Қытай қазақтарының арасында да бұл мәселенің талқыға түсіп жатқанына 10 жылдың жүзі болды. Біздің ойымыз латын әліпбиіне қалай көшсек де, өзгелердің қателіктерін қайталамау. Осы мақсатта шет елде жүрсек те баламыз екеуміз әліпбиге қатысты өз жобамызды ұсынып отырмыз. Біз онда компьютер пернесіндегі 26 таңбадан шықпаймыз деп отырмыз. 
           Еркебұлан Мұратұлы: компьютердің де, аударманың да оқуын оқыдым. Мына кісі маған бір жағынан әкем, екінші жағынан ұстазым. Латын жобасына келгенде біз 26 әріптен шықпауды ұстанып отырмыз. Онда түрікке де, өзбекке де және тағы басқаларға да ермейміз. Пернетақтадағы таңбалардан аспайтын жоба жаратамыз. Ең тиімді жағдай осы. Егер оған қандай да бір үтір не басқа әріп кіріп кетсе ол қалай болса да қолданушыға әуре тудырады. Біз компьютерді ғана емес ұялы телефонды да ескеріп отырмыз. Пернетақтағы қазіргі 26 әріп барлық салада еш кедергісіз жүреді. 
        Кезінде Қытай жаңа жазуға ауысқанда жеделхат жібергенде үтірі бар, не артында құйрығы бар нәрселер арғы жаққа жетпей қалып әуре тудырды. Сол кездің өзінде қазақтың оқыған зиялы адамдары бізге де латын әліпбиі дұрыс екен дегенді айтты. Енді осы арманымыз тезірек жүзеге асса, дүниенің төрт қиырында шашырап жүрген 5 миллионнан астам қазақтар атажұрттағы қандастарымызбен еш кедергісіз хат-хабар алмасатын болады.
      - Айтқаныңыз келсін. Әңгімелеріңізге рахмет.

      Автор: Ерлік Ержанұлы, "Алаш айнасы" газеті

толығырақ

     Тамыздың 14-інде  Үрімжі қаласында Қытай мемлекеттік жазушылар одағының, мемлекеттік фольклор қоғамының мүшесі, тарихшы, зерттеуші ғалым Зейнолла Мүбәракұлы Сәнікті еске алу және әдеби мұрасын зерттеуге арналған ғылми талқы жиналсы өтті.

      Аталмыш жиналысты Шыңжаң жазушылар одағы, Шыңжаң жастар өрендер баспасы, Шұғыла журналы мекемесі ұйымдастырып өткізді. Жиналсықа марқұм Зейнолла Сәніктің көне көз қаламгер достары, ақын-жазушылардан құралған шыңжаңдағы зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиналған қауым Зейнолла шғармашылығының Шыңжаң қазақ әдебиетіндегі орны және маңызы туралы көзқарастарын білдірді.

   


    Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік 1935 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Бижың қаласындағы орталық жастар институтын бітіріп, еңбек жолын баспагерліктен бастаған. Үрімжідегі жастар баспасында жауапты редактор болып қырық жылдай қызмет атқарған. 1955 жылдан бастап әдеби зерттеу жұмыстарын жаза бастаған. Сол уақытта Қытайда жүргізілген "мәдени төңкерістің" ауыр соққысына ұшырап, "халық жауы" болып, ауыр күндерді де өткерген. 

     Соған қарамастан, қаламгердің ғылыми еңбектерінен, роман, повестерінен құралған жиырмадан астам кітабы жарық көрген. Өмірінің соңғы мезгілдерін атажұртта өткізген ғалым 2013 жылы күзде Алматыда дүниеден өтті. Қазақ елінде "Қаракерей Қабанбай", "Хас батыр Қабанбай", "Тұғырыл хан", "Демежан батыр", "Халық күйшісі Қайрақбай", "Баспай" атты кітаптары мен еңбектері жарияланды.

       Тоқтар Жетпісбай, "Kazaitys.kz"

толығырақ

       «Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады», «Күш атасын танымайды» дейтін аталы сөз тудырған халықтың алып күш иелеріне деген құрметі мен ықыласы зор. Балуан Шолақ пен Қажымұқандай арыстарды тудырған қазақ, қай заманда да әлемдік бәсекелерде ел намысын қорғайтын батыр ұлдардан кенде болған емес.
Соның бірі - Қытайдағы қазаққа ғана емес, миллиардтар еліне кеңінен таныс, кезіндегі аламан жарыстың бәйге бермес арыстаны атанған, 130 келі салмақтағы түйе палуан Солтыкен Көкішұлы. 

       Солтыкен Көкішұлы 1952 жылы Қытайдың Алтай аймағы Қыран өзенінің бойында туылған. Аламан жарыста жүлдесіз оралмайтын палуан, қолына қалам алса, жыр жазатын ақын, яғни, жоғары да айтқанымыздай «Палуан білекті, ақын жүректі» бір ұл дүниеге келді. 

     Солтыкен өзінің толағай денесіне дара біткен күш қайратымен әлемдік бәсекеде Қажымұқандай қарым танытып, ұлттың рухын ұлағаттап, намысын арқалап жүрген палуандарымыздың бірі болды.

    Палуанның жастық шағы Қытайдағы аты шулы «Мәдениет төңкерісімен» тұспа-тұс келгендіктен күрестегі жолы кеш басталады. Алғаш, 1977 жылы Қытай Шынжаң палуандар командасына шақырылғаннан бастап, бойындағы тасқын күшті күрестің санқырлы әдіс-айласымен жетілдіріп, аз уақыттың ішінде өз деңгейін әйгілей білді. Палуан бозкілеммен қоштасқан соңғы сәттеріне дейін сан алыптың қабырғасын қайыстырып, тізесін бүктіріп, 22 алтын, күміс, қола медальді алды. 
     Ол өзі туралы:
«Тіршілік бар тіріде кешті күнде,
Көріп жүрміз өмірден көшті күнде.
Сан арысты адуын бүктеп басып,
Орда бұзып кетіп ем бесті күнде» деп жырлайды.
       Алпауыт Қытайдың күрес майданында немесе әлемдік бәсеке сындарында болсын Солтыкең барған жерінде бағындырған биіктері аз болған жоқ. Сондай-ақ, қайда жүрсе де өз ұлтының ұлылығын әйгілеп, намысын алып қалуға тырысып бақты. Сол жеңісті белдесулерінің алғашқысы 1978 жылғы еркін күрес түрі бойынша Үрімжіде өткен Қытайдың мемлекеттік біріншілігі еді. Онда екінші орынды қанағат тұтты. Ал, одан кейінгі 1979 жылы Шұйжуда, 1981 жыл Шанхайда, 1982 жылы Тайваньда, 1986 жылы Ланжуда өткізілген Қытайдың мемлекеттік бәсекелерінде қатарынан бірнеше жыл бойы миллиарттар елінде ешбір жан қазақтың батыр ұлымен белдесіп шыдастық таныта алған емес. Палуанның қанжығасына бас жүлде байланып тұратын еді. Ол 1984 жылы Иран астанасы Тегеранда өткізілген «Такти» атты Халықаралық додада осыған дейін ешкімге дес бермей келе жатқан Кубаның әлем таныған атақты палуанын жер искетіп, тәубесіне келтірген. Оны сол кездегі Қытай ақпарат құралдарының жарыса жариялаған болатын. 
       Солтыкен Көкішұлы туралы повесть, поэма, очерк, өмірінен драма да жазылған екен. Тіптен, арнау өлеңдері де өз алдына бір төбе. Сондықтан да біз әңгіме ауанын палуанның тағы бір ерекше қыры ақындық өнері жайына бұруды жөн көрдік. 
       Әлем елдерінде, басқа ұлттар да бір адамның алып күш иесі болуымен қатар ақындығымен де танылуы таңданыс тудыратын дүние. Деседе қазақ үшін бұл жаңа құбылыс емес. Себебі, Балуан Шолақ пен Қажымұқандай сом білекті палуан аталарымыздың, өз кезінде ақындық қырымен де көріне білгені баршамызға мәлім. Сол сияқты Солтыкен Көкішұлы олардың өнерін жалғастырғандай болды. Белгілі айтыс ақыны Құрманбек Зейтінқазыұлының Солтыкен Көкішұлына арнаған арнау өлеңінде:
Ер деген де ой, Сөке, ер екенсің,
Өнеріңнің ел көрсін берекесін.
Балуан Шолақ өлді деп естуші едік,
Тір жүрген рухы сен екенсің, - деп жырлауы да бекер болмаса керек. 
      Палуан жастайынан «Бойда қайрат, ойда көз, болмаған соң айтпа сөз» - дейтін Абай ғақлияларын санасына мықтап сіңіріп өсті. Алғашында жиын-тойда тап бермеде өлең құрап әріптесін састырған түрлі шағын айтыстарымен көзге түссе, кейін қағаз бетіне қалам тербеп өмір өрнегін салған шымыр өлеңдерімен де қоғамнан өз оқырманын таба білді. Шығармашылық жолын 1988 жылы «Болат қалам» атты алғаш туындысымен бастаған «палуан білек, ақын жүрек» ағамыз - бүгінде 500-ден астам өлеңнің авторы, Шынжаң автономиялы өлкесінің және Алтай аймақтық жазушылар одағының мүшесі. Сонымен бірге, Қытай мемлекеттік спорт комитетінің «Күрес майоры», «Аға жаттықтырушы» атақтарын алған. Бір қарағанда арасы бір бірінен алшақ жатқан қос өнердің басын бір арнада біріктірген оғлан ұлдың өз туған халқына арнаған сыйы басқалардан өзгеше, әрі тым қымбат бағалануға да тиісті.  Өйткені жойқын күш, өр тұлға, мығым қайрат арқау болған, серпін берген шабытты өлеңдердің алар асуы да биктей бермек.

       "ҚазАқпарат", Бақытжол Кәкешұлы

толығырақ

      Қытай елінде 17 перзентті өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген Нәби аға мен Биғайша апа туралы не білеміз? 

Сезімге бөлеген сенсация

    Мен ол кісінің атын ең алғаш Нұрдәулет деген жергілікті қандас бауырымыздан ес­ті­дім. Қазақ десе ішкен асын жерге қоятын Нұрдәулеттің жасы небәрі жиырма үште. Биыл Орталық Қытай Ұлттар университетін тәмамдады. Ұлт мәселесін қатаң қадаға­лай­тын Қытай елінде жүрсе де, ұлт идеясын ұлық­таудан аянбайды. Өзінің заман­дас­тарының, құрдастарының бастарын жиі қосып, мерекелік шаралар ұйымдастырады, қайырымдылық көрсетеді, қазақылыққа баулиды. Қазақ ұпайын түгендеуге үлес қос­қан азаматтарды құрмет тұтады. Олар­дың барлығын өзінің туғанындай көреді. Бейжіңге «Қазақстан» телеарнасының тіл­шілері келді дегенді елден бұрын естіпті. Құ­шақ жайып қарсы ала алмаса да, жүз­дескенше асық болыпты. Алғаш кез­дес­кен­нен-ақ бізді «ағалап», жанына жақын тарт­ты. Өзінің байланыс нөмірлерін беріп, қай уақытта мазаласақ та, қолдан келген көмегін аямайтынын айтты. Содан бастап біз жергілікті қандастарымызға қатысты жаңалықтардың біразын Нұрдәулеттен біліп отыратын болдық. 

    Былтырғы сәуір айының ортасы еді. Біздің Бейжіңге келгенімізге жарты жыл болған. Осы уақыт ішінде талай оқиғаны бас­тан кешірдік. Қытай Компартиясының 18-съезіне қатыстық. Жаңа көсем Си Цзин­пинь сайланды. Қытайдың мәдениеті, сая­саты, даму үрдісі және т.б. тақырыптарда түр­лі материалдар дайындадық. Кейде қы­зықты ақпарат ағыл-тегіл болып жатады да, кейде көрерменнің көңілінен шығатын жаңалық таппай қиналып қалатын кездері­міз болады. 

      Жаңалық, ақпарат деген көп қой, бірақ заңы қатаң Қытай елінде шетелдік жур­на­лист болсаң, камераңмен еш жерге еркін бас сұға алмайсың. Аннан рұқсат, мұннан рұқ­сат керек. Ол рұқсатты алу үшін пәлен­ше­нің атына түсірілім қай мақсатта қажет еке­нін, таспаға қандай көріністер іліне­ті­нін, оның толық мазмұнын үтір-нүктесіне дейін көрсетіп, хат жазасың. Ол хаттан соң тиісті орындардың жауабын тағы күтесің. Кейде жауап қайтарылмайтын кездер де болады. Осы күрделі процестен өтем деген­ше, жаңалықтың сиқы бұзылады, тіпті жаңа­лық емес болып қалады. Мұндай сәт­терде қасымдағы операторым Мұратбек екеу­міз құрал-саймандарымызды асынып алып, көше жағалап кететінбіз. Ел арасына еніп, тыныс-тіршілігімен танысамыз. 

      Сол әдетке салып, бұл жолы да Бей­жің­нің көшелерін кезіп келеміз. Менің арқам­да – салмағы шамамен тоғыз келі тартатын қара штатив. Мұратбектің қолында – өзі­нің қалталы телефонынан кейінгі тұрақты ак­сессуарына айналған «Сони ИксДи» камерасы, арқасында – қосалқы жабдыққа толы, зілдей көк рюкзак. Жалпы, тележур­на­лист пен оператордың арасында жазыл­маған заңдылық, үнсіз келісім бар. Сюжет түсіруге шыққанда, тілші оператордың құ­рал-саймандарының біреуін көтеріп жүруі тиіс. Дағды солай. Түсірілген материалдың негізгі бастамашысы, авторы журналист екені даусыз. Бірақ түсірілім барысындағы бар ауыртпалық оператордың мойнында. Зілдей аппаратураны көтеріп, бұрыш-бұрыштан көрініс алам деп жанығады. Ка­мераны біресе иыққа, біресе төбесіне көтеріп, енді бірде штативқа орнатып, ары-бері шауып жүреді. Онымен қоса тілшінің ойындағысын ұғып, оның ырғағына ілесіп, үлгеріп отыру керек. Сол ауыртпалықты сәл де болса жеңілдету үшін тілші оператордың микрофоннан басқа бір құралын көтеріс­кені абзал. Әдетте, ол құрал штатив болады. Басқасын қайдам, өз басым шетелден арнайы алдырған, құны пәлен мың доллар тұратын камераны көтермек түгіл, жанына жолауға батылым жетпейді. Оқыстан қо­лыңнан шығып кетсе, жеп отырған наның­нан айрыласың. Сондықтан ол пәлеге мүлде жақындағым келмейді. Асылы, соның тілін білетін, қолы үйренген опера­тор­дың ұстағаны дұрыс. Ал штативің деген рахат, үстінен мәшине өтсе де майыспайтын үш бұты бар шойын темір. 

     Сонымен, Бейжіңнің Ванфучжин орта­лық арбатының бойын жағалап жүріп ке­ле­міз. Далада бақа-шаян қақтап, кәуап қы­лып сатып отырған 2-3 саудагерден бас­қа қызықты көзіміз шалған жоқ. Аңға шық­қан кәнігі аңшылар секілді, жан-жақ­қа елеңдеп қоямыз. Камерасының шаң бас­қан тетіктерін шұқып, қол орамалымен сүртіп, демімен үрлеп келе жатқан Мұрат­бек айналаны еріне бір шолып өтіп, сәл үнсіздіктен соң: «Шіркін, қазір Шыңжаңда болғанымызда ғой... Сол жақтың қазақта­рын бір түсірсек, біразға дейін азық болар еді» деді. Мен де оны қолдағандай бол­дым: «Иә, шамалы фактілер жинап, жос­па­рын жасап, басшылықтан сұранбасақ бол­мас..» Соны сөз етуіміз-ақ екен, қалтам­да­ғы теле­фо­ным шыр ете қалды. Нұрдәулет екен:

     – Аға, Бейжіңдесіздер ме? 

     – Иә, осындамыз, бауырым! 

     – Сіздерге шұғыл хабарым бар. Қазір Бей­жіңде 17 баланың әкесі атанған қария жүр. Сол тақырып сіздерге қызық бола ма деп...

    – Мәссаған! Қазақ па?

   – Қазақ болғанда қандай! Қытайдың қа­зағы. Осында балаларын емдетуге ертіп ке­ліпті. Бүгін Шыңжаңға жол жүргелі отыр. Нәби деген қария. Бүгін кездесіп қал­масаңыздар, келесіде қашан келетінін кім біледі. Байланыс телефондарын қазір «SMS-пен» салып жіберем.

     Сөйлесіп болған соң, дереу қалтамнан ха­лықаралық байланысқа шығаратын кар­тамды алып, бастықпен хабарласуға асық­тым. Қуанышты хабарды Мұратбекке ай­тып жатырмын. Ал сол сәтте сұқ саусағым «Айфонның» сенсорлы экраны бойымен сырғанап, Астанадағы тілшілер қосыны­ның нөмірін тере бастады. Екеуміздің қуа­нышымызда шек жоқ, бір-бірімізге ыржа­лаңдап қарай береміз. «Сенсация! Бір ба­ладан артық иемденуге тыйым салып отыр­ған Қытайда 17 баланың әкесі атанып­ты. Және ол қазақ екен! Қытай үкіметінің тос­қауылына тоқтамаған қария!... Бұдан ар­тық не жаңалық керек?! Ақылдаса келе, көп балалы қартты ем алып жүрген кезінде мазаламай, ауылына қайтқанда артынан еріп барып, бала-шағасының ортасында отырғызып түсіруге келістік. 

Әлеуеті мол әулет

    Нәби атаны іздеп телефон шалдым. Қыздарының кенжесі Мүбәрак көтерді. Өзі сыпайы сөйлейтін, кішіпейіл келіншек екен. Біздің атамекеннен келген тілшілер еке­німізді естігенде, қатты қуанғанын бай­қадық. Дереу әкесіне айтып, оның келісі­мін алып берді. Сонымен, көп балалы қа­зақ туралы бейнебаян түсіруге Шыңжаң ау­мағына іссапарға аттанатын болдық...

    Бейжің-Үрімші бағыты бойынша ұш­қан «Боинг» (СЗ6996 рейс) Үрімші қа­ла­сына қонды. Бейжіңге көктем келсе де, қыс­тың сызы әлі кете қоймаған-ды. Үрім­ші болса жазды бір-ақ шығарыпты. Ұшақ­тан түсе салысымен, сырт киімдерімізді шешіп тастап, Нәби атамызға хабарластық. Телефон арқылы Мүбәракпен қайта сөйле­сіп, мекенжайды сұрастырдық. Үрімшіден шамамен, 350-400 шақырымдай жерде орналасқан Майтау қаласында тұрады екен. Әуежайдан қонақүйге жетіп, артық жүгімізді тастадық та, керекті қару-жарағы­мыз­ды алып, мәшине жалдап, Майтауға тарттық. Жол бойы Мүбәракпен телефон ша­лысып, жолымызды бағдарлап отырдық. 

    Әшім деген таксист жігіт темір тұлпа­рын ұйтқытып отырып, 4 сағатта жеткізіп сал­ды. Қалаға кіре берісте бізді жол поли­ция­сы тоқтатты. «Не бүлдірдік?» дегендей Мұратбек, Әшім үшеуміз бір-бірімізге қа­растық. Сәлден соң сақшы формасын киген орташа бойлы қазақ жігіт келіп: «Ас­салаумағалейкум!» деді. «Қазақстан» ұлттық арнасының тілшілерісіздер ме? Мен Нәби атаның кіші күйеу баласымын. Есімім – Ахат» деді. Біз дереу мәшинеден шығып, қол алысып амандастық. Ахат сөзін жалғастырды: «Қош келіпсіздер! Мен – Мүбәрактың күйеуімін. Сіздер қалаға ж­етіп қалды деген соң, алдарыңыздан шы­ғып күтіп алайын дегенім ғой... Қазір ата­мыз­дың өзі де келеді...» Арада екі-үш минут өткенде, тағы бір ақ түсті автокөлік ұйытқып келіп, дәл алдымызға тоқтады. Жасы бізбен шамалас жүргізуші жігіт алдымен шығып, артқы есікті ашты. Көліктен Нәби атамыз, бізге қарай аяңдады. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал келіп сәлем береді» деген, қазақылыққа салып, алда­рың­нан шықтым. Ал ассалаумағалейкум, қош келдіңдер!» деп өзі алыстан қол соз­ды. Біз жүгіріп келіп, ақсақалдың қолы­нан алып, амандық сұрап жатырмыз. Сол жерде танысып, хал-жағдай біліп алғаннан соң, Нәби ата соңынан еруді бұйырып, қасын­дағы шопыр бала екеуі жүріп кетті. Шо­пыры өзінің кенжесі Айдын екен. Су жаңа ап­пақ автокөлігін жұлқа тартып, жол бас­тап кетті ол. Біз соңынан ілестік. Үлкен үй­ге қарай бет алып келеміз...

    Қатар-қатар салынған, бір-бірінен ау­майтын аласа, көпқабатты үйлерден құрал­ған аулаға кірдік. Аулаға кіре берісте орна­ласқан бес қабатты қызыл үйдің бірінші подъезінің үшінші қабатына көтерілдік. Үйдің есігі айқара ашық екен. Ішке бас сұққанымыздан-ақ, «Балалы үй базар» деген сөздің толық мағынасын ашатын кө­рі­ніске тап болдық. Кішкентай кезіміз­ден көгілдір экраннан талай көрген «Том мен Джерри» мультфильмінің кейіпкерлері секілді бірімен-бірі жарыса жүгіріп, жа­мы­раса сөйлеген майда балалар, әзіл-қал­жыңы аралас әлденені әңгіме қылып, ер­мек етіп отырған ересектер, шәйдің қамын ойлап зыр-жүгірген жас келіндер... Бұл кө­ріністің ішінде бесіктен белі шықпаған нә­рестеден бастап, жетпіс жастың жете­гін­дегі қарияға дейін, түрлі жас шамасындағы адамдар бар. Барлығы да бір үйдің кісілері, бір үйдің балалары. Біз есіктен кіргеннен бастап дабырлай амандасып, хал сұрап жатыр. У-шу, қыбыр-қыбыр қимыл, күбір-кү­бір әңгіме. Енді, рахат!

      Аман-саулықтан кейін үстел басына оты­рып, дәм ауыз тидік. «Ал балалар, қош келіпсіңдер! Уақыттарың тығыз екен, сондықтан да бірден жұмыстарыңды бітірейік. Мен өзімнің шаңырағым туралы айта берейін, сендер керектісін түртіп аларсыңдар» деп бастады қария. Онысына біз қуана келістік. Шынымен де, уақыт тығыз еді. Сөйтіп, ұрпақтарын жағалай отырғызды да, шетінен таныстырып әкетті. Балалары толығымен жиналмапты. Кейбірі қызмет орындарынан шыға алмаған көрінеді. Дегенмен, жиылғандардың да қарасы едәуір қалың болды. Атамыз түгел таныстырып шығам дегенше, біз көбісінің атын, қай баласы екенін ұмытып қалдық. Бірақ атамыздың жады жаман емес екен. Әр баласының, немере-шөбересінің атына қоса туған күндеріне дейін айтып шықты. 

    Жасы жетпіс үшке шықса да қариямыз қарттыққа мойымаған, әлі тың. Жүрісі шапшаң, сөзі де, өзі де түзу, белі бүгілмеген, еңсесі көтеріңкі, мінезі салмақты, орнықты кісі екен. Тек сәл естімей қалатын көрінеді. Оқта-текте кей сөздерді құлағы шалмайды. Құлағына қыстырылған аппарат арқылы естиді. Бет әлпетінен де қарттықтың белгісі байқалмайды. Тек ауыр, қатаң тағдырдың басқан таңбасы секілді көзінің астына әжім түскен. Бірақ қалың қастарының астынан салмақпен қараған қою қара көздерінен әлі де өше қоймаған, қайрат-жігердің ұшқыны аңғарылады. Өмірінде темекі мен арақты аузына алмаған. Нағыз қазына кеуде қазақ қариясы алдымызда отырды.

     Арасында: «Аяулы, амансың ба, қандас­тарым?! Аман ба, ауыл-аймақ, мал-баста­рың? Алдыменен аман-сәлем ата салтым, Сондықтан осылайша сөз бастадым»  деп өлеңдетіп қояды. Салмақты да сабырлы қарттың мұңлы әңгімесін тыңдап отыр­мыз...

Жыл сайын – шілдехана...

    Нәби қария 1941 жылы Шыңжаңның Шиху ауданындағы Бұртажы ауылында дүниеге келіпті. Өзі Қытай жерінде туған ұрпақтың сегізінші буыны көрінеді. 

     – Сегізінші атам атамекендегі Абыралы тауының маңайын мекен етсе керек, аты Абыралы екен. Әкесі Нұғымар кіндіктен тоғыз ағайынды. Бес бауыры, үш апа-қа­рындасы болыпты. Бірақ олардың бәрін сұм тағдыр ерте жұтып тыныпты. Бірі – жа­сын­да, біреуі – есейгенде өмірмен қош­тас­қан. Бірі байдың қолындағы таяқтан, екіншісі аурудан, үшіншісі аштықтан кет­кен. Бүкіл шаңырақты жайлаған індет дү­ниеге төрт ұрпақ әкелген Нұғымарға да шеңгелін салған. Нәби сол төртеуден тек жалғыз өзі тірі қалыпты. «Ағамның аты – Сағи, інімнің аты – Қами, қарындасымның аты – Қадуан еді...» деп, бір ауыр күр­сініп алды да: «Алды бір жас, арты оннан асқанда кетті. Сонымен, бауырларымның, туған-туыстың түгелінен айрылдым. Атам­ның кіндігінен тараған 9 ұлдан мен ғана қалдым, жалғыз тікендей болып өстім» деп әңгіме­сін жалғады.

    ...Ол аз болғандай тағдырдың соққы­сына төзе алмаған анасы он жас шама­сын­дағы Нәбиді тастап, бір еркектің ізінен еріп кетіпті. Сөйтіп, тірідей жетім қалған Нәби Әбіл мен Мәмилә деген ата-әжесінің қо­лын­да өседі. Алайда қос қария қаршадай ба­лаға ыстық ілтипатын төккеннен бас­қа қамқорлық көрсете алмады. Керісінше, немересі оларға қолқабыс етті. Отынын жа­рып, малын бағып, үй шаруасын өз мой­нына алды. Осылайша, жастайынан жоқ­шылықтың тақсіретін тартып, ерте есейеді Нәби. Біреудің босағасында жүрді, малын бақты, жалданып жұмыс істеді, әйтеуір өз күнін өзі көрді. «Бала кезіңде байқалмайды екен жалғыздық... Кейін есейгенде жапа шектім одан» деп тағы бір күрсінді қ­а­рия. Жан-жағындағы ұйып тыңдап отырған бала-шағасын көздерімен шолып өтті. Алдындағы суып қалған шәйдан бір ұртта­ды да, сөзін жалғастырды: «Қарасаң, біреу­дің ағасы, біреудің апасы, інісі бар, туысы бар, ал менде ешкім жоқ... Ешкім қатарына алмайды, ізіне ертпейді. Есігінен сығалат­пай­ды. Тіпті кейде балалармен жұдырық­тасып қалған кезде мұңымды шағып, жұ­ба­ныш іздейтін адамым болмады. Бұл жал­ғыздық қатты батты маған...».

     Осылайша өмірдің тұщысынан гөрі ащы­сын молырақ татты. Аш құрсақ, жа­лаңаш, жалаң аяқ, жападан-жалғыз өсті. Нәби сырлас жақыны болмаған соң, жұба­ныш­ты Абайдан бастап, қазақтың дана­ла­ры­ның, зиялы тұлғаларының шығармала­ры­­нан іздеген. Сол кітаптардағы кейіп­кер­лермен мұңдас болған. Сол құндылықтардан өмір­лік ұстаным алған, жақсылықты бойына сіңір­ген, солардың негізінде өз образын қа­лы­птастырған. Осындай кітап кейіп­кер­леріне мұңын шертіп, жалғыз өткізген түн­дердің бірінде жеті рулы ел болып, көп ұрпақ сүйсем деп ниет етеді. «Қатты бір қы­сым келіп, басыма күн туғанда ғана тоқ­таймын, оған дейін Құдайдың берген ба­ла­сын ала берейін» деп өз-өзіне серт берді. 

      Ел жағалап жүріп, он жеті жасында Нә­би жұлдызы жанып, ауылдың мал ша­руа­шылығы фермасының малшысы болып тұрақты жұмысқа алынады. Содан алдына жан салмай, аянбай еңбек етіп үздіктердің қатарына ілігеді. Қоғамдық жұмыстардан да қол үзбейді. Ата-әжеден қалған бірнеше тұяқты бағып, азығына, киім-кешегіне жаратып жүреді. Осылайша аяғынан тік тұрып, бала кезгі өмірінің шырқын бұзған асау тағдырдың тізгінін өз қолына ала бас­таған кезде Құдай оны мәңгілік жары Би­ғайшаға жолықтырады. Жиырма жасында жарымен отау құрып, жиырма бірде тұң­ғышы Нұриланы құшады. Осылайша антына берік Нәбидің үйінде жыл сайын шілдехана тойланатын болды. «Сол заман­да Мао Цзе Дун бір өкім шығарды: «Рын дуо лилян да» деген. Мағынасы: «Адам көп болса, қуат та үлкен болады». Бұл маған үл­кен демеу болды. Ондай болса, мен сен­дерге қуатымды көрсетейін деп, қара до­ма­лақтарды топырлата бердім» деп Нәби біз­ге көз салды. 

    Осы уақытта орныққан үнсіздікті не­ме­релерінің бірінің жылаған даусы бұзып жіберді. Оны жұбатам деп анасының үні қосылды, оған тағы біреуі сөйледі, сөйтіп сөз­ге сөз жалғасып, оған қоса кішкентайлар жа­рыса сөйлеп, қайтадан үстел маңы у-шу­ға ұласып кетті. Бағанадан бері бір Нәби атаның жүзіне бағытталған камераның ша­ғын экранынан көз алмай, кірпік қақ­пай, қимылсыз тұрған телеоператорым Мұ­­ратбек аппаратын дамылдатып, маң­дайы­нан сорғалап аққан терді қол ора­ма­лы­мен сүртіп жатыр. Бала-шағаның ызы-шуы аз болғандай, Нәби атаның құла­ғын­дағы аппараты да шуылдап, мазасы кетті. ««Сәл үзіліс жасап, шәй ішіп, дәм татып, дем ала­йық» деді ол. 

   Мен қытай қазақтарының үйреншікті тұз қосылған шәйін ішіп отырып үй ішіне көз жүгірттім. Көзім бірден жоғарыда ілініп тұрған отбасылық суретке түсті. Суреттің қақ ортасында Нәби атаның өзі мен Би­ғай­ша апамыз отыр, оларды отыз-қырық бала қоршап алған. Мектептегі мұғалімнің бүкіл бір сыныппен түсетін суреті секілді. Үй ішіндегілер жағаласа маған кімнің қайда тұр­ғанын баяндап, бұл сурет Нәбиден тара­ған ұрпақ құрған әр шаңырақта бар екенін айтты. Осы әулеттің төлқұжаты секілді екен бұл сурет. «Егер Шыңжаңның басқа жерінде жүріп осы суретті кездестірсең, Нәби ұрпағының үйінде отырғаныңды біл» дейді олар. 

«Сонша баланы қайтесің?»

    Он-он бес минут үзілістен соң Нәби атаның бөлмесіне барып, оңашаланып алдық. Қария әңгімесін жалғастырды: «Со­нымен, ұрпағым жылдан-жылға көбейе бер­ді. Ал мен болсам, ферманың жұмысы­мен қоса жан-жақта қосымша еңбек етіп, нан тауып жүрдім...». Қызғаныштан ба, әлде шын жанашырлықтан ба Нәбиді көр­ші-қолаң, құрбы-құрдастары балаларының саны­ның тым көптігін айтып қажай бере­тін болыпты. «Әй, бір үзім наныңды әрең жеткізіп, ылаждап отырсыңдар. Соншама баланы қайтесіңдер? Тоқтасаңдаршы!», – дейтін көрінеді. Сонда Нәби оларға жы­миып қана, әзіл-қалжыңы аралас жауап қай­тарады екен: «Әй, біз деген үрім-бұта­ғы­мызбен қойшы емеспіз бе?! Отар-отар қойды баққанда, оншақты балаға шамамыз келмей ме екен? Құдай бір ырзығын берер, шаруаларың болмасын!».

      Баланың саны көбейген сайын, ақыл­шы­лар саны да арта түсті. «Не жазғанымды білмеймін, бәрі мені тоқтатқысы келеді» дейді Нәби ата. Кейіннен мұндай ұсы­ныс­тар мен артық сұрақтар Нәбидің жы­ны­на тиіп, зығырданын қайнататын бо­лып­ты. Сондай орынсыз сұрақ үшін атамыз бір күні Шәріп дейтін моңғол шопырмен сөзге келіп қалыпты...

      Балалардың саны оннан асқан, көбісі мектеп жасындағы кезі. Ол кездерде Нәби от­басымен таудағы ауылда тұрады. Ауыл­да­ғы мектеп тек бес жылдық, ары қарай қа­лаға барып оқуын жалғастыру қажет. «Ол кездері көшпелі мектеп деген болды. Қала маңында жалғыз ғимарат салынып, оған халық ішінен үздік білімімен көзге түскен қалаулы кісіні сайлап, мұғалім қылатын. «Халық мұғалімі» деп атайтын оны. Өзім сияқ­ты жағдайы жұпыны адамдарға ар­налған мектеп. Бүкіл біздің аймақ, аудан де­генде жалғыз тәуір оқу орны сол еді»  деп еске алады қария. Өзі білім алуға мүм­кіндігі болмай қиналып өскен еді. Бала­ла­рына өз тағдырын қайталатқысы кел­ме­ген ол барлығын да оқытуға бел буды. Ауыл қаладан алыста. Арада қатынас ауыр, жол жоқтың қасы. Ол мектепке жақын жерден бір асты-үсті бітеулі бір бөлмелі сарай тауып алады. Сырты жұпыны көрінгенмен қабырғасы тегіс, шатыры бүтін. Ішіндегі қоқыстың бәрін шығарып, ескі-құсқы керек-жарақтың біразын өңдеп, жиһаз бұйымға айналдырды. Сарай ішіне көрпе-төсек, азық-түлік жеткізіп, сегіз баласын сонда кіргізеді. Олардың ішіндегі ересектеуі әрі ең қаталдауы, үшінші қызы Гымыңгүлді «вожатый» етіп сайлапты. «Осы сендерге әке де, шеше де болады. Осының сөзіне бағынасыңдар, бар шаруаны ақылда­са­сыңдар. Оның сөзін алмаған, қарсы келген жағдайда маған шағымдануға құқы бар. Ал маған шағым түсті дегенше жақсылық күтпеңдер» деп, сарайдың кілтін Гымың­гүл­ге тапсырып кетеді. Өзіне артқан сенім­ге мұқият қараған Гымыңгүл сол күні-ақ әркімнің міндеті, тапсырманың орындалу уақыты көрсетілген кесте сызып, кіре бе­ріске іліп қояды. «Біреуің құдықтан су таси­сың, біреуің еден жуасың, үй жинай­сың, тамақ істейсің» т.б. Вожатыйдың өзі де қарап отырған жоқ. Балалардың ара­сын­дағы даулы мәселелерді шешіп, олар қиын­шылыққа тап болса қастарынан табылып жүрді. Кейде аптасына, кейде айына бір рет бауырларын ауылға апарып, әкесіне есеп береді. Айналадағы жұрт Нәбидің балала­рына қызыға қарайтын, оларды өзгеге үлгі ететін. 

    Ол кезде Нәби – Майтау мал шаруашы­лығы фермасының малшысы, белсенді қызметкері. Осындай екпінділерге ферма басшылығы малшылардың жалақысын тарату, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету секілді жауапты міндеттерді тапсыра­тын. «Айына бір рет малшылар ауыл орта­лығына жиналып, айлықтарын күтеді. Сол кезде үкімет бізге қалаға барып, айлықты алып келуге бір жүк мәшинесін беретін. Осы сәтті пайдаланып біз қалада жүрген ба­лаларымызды ауылға көлікпен жеткізіп алатын едік. Бір күні сол мақсатпен тағы да қалаға келдік. Бар керек-жарақты ал­дық, баланың бәрі мәшинеге мінді. Ойын­дарын қимай, есі кетіп жүрсе керек, менің екі балам кідіріп жатыр. Әрі күттік, бері күт­тік, жоқ әлі. Кеш батып, қас қарая бас­та­ды. Содан әлгі моңғол шопыр Шәріп ті­лі­нен қағынбасы бар ма... 

     Өзім де балаларымды ойлап мазасыз­да­нып тұр едім, тосын сұрақ менің зығыр­да­нымды қайнатты. Әзілдес замандасым болса да, бұл менің жаныма батар сөз айт­ты. Мен де солай бір батыра сөйлейін де­дім». Нәбидің қабағы түйіле түсті. Моңғол шо­пырдың: «Сен осы неге соларды топыр­ла­тып туғыза бересің, а?» деген сұрағына ол: «Сенің атаң Шыңғысхан өлтіріп құрт­қан қазақтың санын толықтырғым келеді»  деп қойып қалыпты. Жан-жағындағы малшылар, бірі ұрланып, ауыздарын басып құмығып күлсе, енді біреулері даусын шы­ғарып рахаттана қарқылдай жөнеліпті. Шә­ріп жым болыпты да қалыпты. «Ол ма­ған жаны ашып айтты дейсің бе, кеш бат­ты, кешкі асымнан қалдырды сенің ба­ла­ларың деген пиғылы ғой». Сол түні Нә­бидің балалары аман-есен оралып, тым-ты­рыс үйге қайтыпты барлығы. 

Алтын құрсақ ана

     Бастапқыда атамыздан нәбәрі отыз секунд­тан тұратын екі ауыз пікір жазып алуға келгенбіз. Тағдырдың тепкісіне ұшы­раған жетім баладан жеті рулы елге ай­налғалы отырған қарияның әңгімесі ерік­сіз жетелеп әкетті. Үн-түнсіз тыңдап отырмыз. Қария үзілістен соң сөз бастағанда мик­ро­фонды қолыма сығымдап ұстап алғанмын. Бір-екі минуттан кейін қолым тала баста­ған-ды. Ішімнен «Қысқа-нұсқа айтып шық­са екен» деп тілеген едім. Бірақ әңгіме айту­шының шеберлігі қолдың талғанын да, уа­қыттың тығыздығын да ұмыттырып жі­берді. 

      «Адамдар мен туралы естігенде, бірден екі сұрақ қоятын көрінеді: Баласының бар­лығы бір құрсақтан ба және бәрі де тірі ме екен? Осы сұрақтарды естігенде зығырда­ным қайнайды...» деп қария қайтадан қа­бағын түйді. Жалғыз баладан артық ту­дыр­майтын Қытайдың жерінде жүріп көп балалы болғанына кейбіреу күдікпен қарайтын сияқты. Сенбейді. Олардың ойынша, көп бала заңсыз некеден, бірнеше әйелден болуы керек. Немесе он жеті перзенттің бәрінің аман-есен екендігіне күмәнданады. Онсыз да өмірден оңбай таяқ жеп, кішкентайынан бейнет көріп, қар­тайғанда сол бейнеттің зейнетіне жетіп, шалқып отырған шалды көре алмайды жұрт, сірә. «Біртүрлі екен, – дейді ата, – Құдайдың берген балалары. Мына Нәби жалғыздықты, жоқшылықты көріп өсті-ау, осыған мол ұрпақ берейін деген шығар. Мен балаларымның санын асырып айтып қайтем? Өйтіп өтірік айтқаннан маған қандай пайда? Кімді алдаймын? Жұрт деген қызық. Тілшілер бар, басқаң бар, «осындай кісі бар» деп естіп алыстан ат басын тіреп келеді де, тосын сұрақ қояды. Ондайлармен сөйлесуге зауқым соқпайды. Сондықтан менімен жүздесуге келгендерге әуелі осы екі нәрсені бірден айтамын. «Шырағым, он жеті баламның барлығы бір құрсақтан, барлығы да тірі», – деймін». Осындай өрескел сұрақтар Нәбидің ашу-ызасын келтірсе, сол он жетінің барлығын өз құрсағында көтеріп, тоғыз айлап тол­ға­тып, дүниеге әкелген Биғайша апамыз қан­дай күй кешеді десеңізші... Апамызға ата­дан гөрі ауыр тиеді. Барлық баланы ая­ғынан тұрғызған, қарындарын тоқ, киім­де­рін бүтін еткен сол. Отағасының да, ба­ла­­лардың да қамын жасаған өзі. Би­­ғай­шаның бабымен ғана Нәби тамырын те­реңге жайған бәйтерек болып отыр. Нәби Биғайшаға жолықпағанда, ұрпағы қанша болатынын Құдай біледі. Оны да тағдыр тәлкекке салған. Ағайын-туманың ара­сында өссе де, ол да жоқшылықтың, аш­тықтың тақсіретін татқан. «Оқи алмай қалдық. «Ә» деген әріп танымаймын әлі күн­ге дейін. Өмір бойы малмен айна­лыс­тық, үй шаруасына араластық. Болды. Сон­дықтан бар күшімді балаларыма сал­дым. 

     Ешқайсысын қатарынан қалдыр­ма­дым, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шо­қыттырмай өсірдім. Түгел оқыттым. Біз­ге бұйырмағанды сендер көріңдер, елі­ңе еңбектерің сіңетін азамат болың­дар дедім. Ал оқымайды екенсің, өз оба­лың өзіңе. Менен кінә жоқ онда. Мен өзімді аямадым, барымды салдым» дейді апа. Қанша ауыртпалықты көріп өс­се де, жүзінен сол қиындықтың бел­гі­сі байқалмайды. Аққұба өңді, етжеңді кі­сі. Маңдайы жарқырап, көңіл күйі кө­теріңкі жүр. Денсаулығы Нәбиден де тәуір көрінеді. Он жеті перзентінің бә­рін дәрігердің көмегінсіз үйде боса­нып­ты. Аяғы ауыр болған сайын Құдай оған арт­қан жүктің де салмағын ауыр­ла­та­ты­нын ұққан Биғайша шынымен де аян­бады. Таң атқаннан күн батқанға дейін қызу тіршілік. Мал жайғарады, суарады, сауа­ды, балаларын тамақтандырады, күйеуінің бабын жасайды, үй жинау, ошақ, аяқ-табақ, т.б. Барлығы бір өзінің мой­нында. Тыным жоқ, үнемі қозға­лыс­­та. Бір тоқтаса, үйдің берекесі кете­ді. «Бастапқыда қиын болды енді. Ал­ғаш­­қы жетеуі қатайғанша, бар ауыр­т­­­­па­лық маған түсетін. Кейін бой да үй­ренді, балалар да есейді. Біріне-бірі қа­райтын болды. Мойныма артқан жү­гім жеңілдей берді» дейді ол. 

     Құдай біреуге дүние, ауқатты өмір бе­реді де, бақыттан жұрдай қылады. Ен­ді біреуіне керісінше... Сол сияқты Жа­ратқан иеміз Биғайша мен Нәбиге мал-мүлік бұйыртпады, есесіне мықты ден­саулық пен қалың ұрпақ беріп отыр. Апамыздікіндей денсаулықты барлық ана­ларымызға берсе, қазағымыздың са­ны едәуір еселеніп қалушы еді. Би­ғайша бүгінде он жеті емес, одан да көп ба­ланың анасы болар ма еді, кім біледі, билік араласпағанда. Тым көп татқан бей­неттің енді ғана зейнетін көре баста­ған­да зәр ішкізді. Алтын құрсақ ана осы­лай тоқтады. 

      Мемлекет басшысы Мао Цзэдунның ұра­нын ұстанып, үйінде жылына шіл­де­хана тойлап келе жатқан Нәби мен Би­ғайшаның шаңырағы бір күні тағы шай­қалды. Отыз жылдан астам Қытай­ды билеген Мао Цзэдун тақтан түсіп, оның орнын басқан Дэн Сяопиннің за­маны туады. Партиялас болса да, Мао­мен саяси және экономикалық көзқа­рас­тары әркелкі болған Дэн мырза Қы­тайға түбегейлі өзгерістер әкеледі. Әри­не, талайды мойындатқан, Қытай­дың есіктерін әлем үшін айқара ашқан Дэн мықты реформатор болды. Ол жүр­гізген реформалардың бірі – әлі күн­ге дейін ұстанып келе жатқан «жоспарлы туу» саясаты. Демографиялық жары­лыс­ты тежеу мақсатында қолданған амал: «Бір отбасы – бір бала». Таза қан­ды қытайлар, яғни ханьзулар отбасында бір балаға ғана, қалада тұратын аз ұлт­тарға екі балаға, ал ауыл аймақтардың тұрғындарына үш балаға рұқсат етілді. Ауылдағы аз ұлттардың өкілі – Нәбидің балаларының саны оннан асып кеткен-ді ол кезде. Бастапқыда көз жұмып жүрді партия басшылары. Кейіннен заң өз күшіне толығымен еніп, бұл саясат қа­таң атқарыла бастады. Саясатсыз-ақ көре алмастықтан Нәбиді күндеушілер осы кезде тіпті құтырынып кетеді. Халық арасында гу-гу сыбыс жүреді ол туралы. Бірақ Нәбиді де, Биғайшаны да ол қатаң тәртіп қайыстырмады. Жұрт­тың сөзін елемеді, партиядан сес­кенсе де дес бермеді. Сертіне берік бол­ды. Ұрпағының санын арттыра берді. Қо­рықпады, себебі Құдай алдында ант етті. «Сол кезде мені әр жақтан түртпек­тей бастады. Әй, мына Нәби партияның сөзін тыңдамады деді. Мұны партиядан қуу керек, сыйлықтан қысқарту керек деді. Көптеген жиын-жиналыстарға қатыстырмады, себебі сөз еткендері мен бол­дым. Басқа жұмыстары жоқ секілді, аң­дығаны – мен. Сол кездері, партия ішін­дегі кіші қызметтегісі бар, үлкен қыз­меттегісі бар, менің «ісімді» бес жыл бойы тексерді. Мен осы уақытта тағы да төртеуін туғыздым. Ал мә саған керек болса дедім!». 

Он жетінші перзент

     Нәби ата екпіндеп келіп бір тоқтады. Партияға қайшы келу түгіл, «партия» сөзін ауызға алуға қорқатын қарапайым жұрт Нәбидің тірлігіне қарап, «Не деген жүрек жұтқан!?» деп жағасын ұс­тай­тын. Тек Құдайдан ғана қорыққан қай­сар қазақ Нәби болса талайдың тағды­рын тезге салған жүйемен барынша ар­басып бақты. Жығылды, ақырында. Жүйе оны да бүгілдірді. Миллиардты аш­са – алақа­нын­да, жұмса – жұдырығында ұстап отыр­ған үкімет қашан да өзінің қауқарлы екенін көр­сетеді. Партиядан шеттетілді, қыз­мет­тен төмендеді. Қашан­ғы қудалан­сын, көн­дірді оны да партия. Бі­рақ аяғына дейін айтқанынан қайт­пады... 

      Биғайша апамыз кенже ұлы Айдынға жүкті кезінде жұрт та, партия да Нәби әу­летінің ізіне әбден түсіп алған-ды. Ұзын­құлақ арқылы аты шулы қазақтың әйелі тағы біреуін туғалы жүргенін ес­тігенде, жергілікті аймақтық партия бас­­шысы Нәбиді әйелімен қоса шақыр­та­ды. Арнайы мәшинемен адам жіберіп алдыртады. Аты шулы болса да, басқа тір­лігінде мін жоқ, әр шаруасын тап-тұй­нақтай қып бітіретін Нәби әлі де пар­тияда және де екпінділер қатарында еді. Сондықтан басшылық та онымен жұм­сақ сөйлесетін. Әлгі басшы оны шақы­рып алып: «Әй, Нәби жетер енді. Бі­раз ұрпақ қалдырдың. Енді көзге түс­сең, басың кетеді. Мынауыңды туғызуға рұқсат жоқ, алдыртып тастау керек» депті. Амал қанша, бастықтың өзі арнайы шақыртып, осындай сөз айтқан соң Нәби үнсіз келісті. Құдай оңдағаны да, түсік жасататын дәрігердің алдына барғанда, ол: «Биғайшаның жүрегі әлсіз, операцияны кейінге қалдыруы керек» депті. Оған жүрек ауруы деген диаг­ноз қойылыпты. Сөйтіп, Биғай­ша­ның емделуіне сәл уақыт берілген. Ұрық­тың үш айлығында Нәби жарын ер­тіп әлгі доғдырдың алдына тағы бара­ды. Әлі де ем қажет, дайын емес деп ол қайтарып жібереді. Осылайша Биғайша акушердің алдына бірнеше рет барып-қайтады. Ақырында, доғдыр мен пар­тия­лықтар ақылдаса келіп: «Не болса да күтейік. Әйел операцияға шыдай алмай­ды, оны қолдан өлтіріп аламыз. Мерзімі жақындағанда дәрі беріп, баланы өлідей туғызып аламыз» деп шешеді. «Солай ке­лістік, қысқасы. Бірақ бұл жолы да Құ­дайым оңдады, – деп қариямыз бар бала-шағасымен бірге түскен суретті алақанымен бір сипап қойды.

         Биғайша апаның мерзімі жақындап қал­ғанда Майтауға Орталық комитет мү­шелері келген. Олар шетелден келген қо­нақтарды қыдыртып жүрген көрінеді. Осы уақытта райком бастығы Нәби се­кілді шопыры бар, малшысы бар, екпін­ді­лерді шақырып алып, сыйлы қонақ­тар­ды жайлауға апарып қыдыртуды бұ­йырады. Астарына көлік, қолдарына ке­рек-жарағын беріп, сол сәтте жөнел­те­ді. Осылайша Нәби бастықтардың көңілін тауып, жайлауда серуендетіп, қыдыртып жүргенде, Биғайшаның тол­ғағы басталады. Мұндай жағдайға әбден үйреніп алған Биғайша сүйретіліп жүріп, көрші үйдегі келіншекті шақы­рып алып, босанады. Нәби жайлаудан орал­ғанда, оны он жетінші перзенті кү­тіп жатады. 

      Нәбидің кеудесін шаттық сезімі кер­нейді, бірақ үкіметтің үкімі есіне түсіп, қуанышы су сепкендей басылады. Бала­сының тағдыры не болмақ екенін біл­мек­ке бел буып, бастықтың алдына ба­ра­ды. Бар мән-жағдайды баяндайды: өзінің түсікке келісімін бергенін, бас­тық­тың өзі жайлауға жібергенін, әйел­дің оқыста босанып қалғанын түгел баян­дайды... «Менен кеткен қате жоқ, ал қалғанын өздерің шешіп көріңдер» деп тіке қарайды басекеңнің бетіне. Сон­да партия хатшысы сәл ойланып тұрып: «Бұл туылып болған бала, оны өлім­ге апару – қылмыс. Өмір сүрсін, бі­рақ бір шарт бар саған». Сондағы шарты – баласын қалдыру, бірақ осымен тоқ­тасын деген тұжырым еді. Бұл ауыз­ша келісім күйінде қалмас үшін, Нәби мен Биғайшаны ертіп доғдырдың алды­на апарып, ұрықсыздандыратын дәрі ішкізеді. Амалы жоқ Нәби мен Биғайша «осы он жетісіне тәубе, Алла куә ғой» деп іштен тынады. 

      Нәби қария осының барлығын ауыр күрсініспен баяндап келіп, шүкіршілік ай­тып тоқтады. Құдай басына сынақ сал­ды, сол сыннан бұл сүрінбей өтті. Есе­сіне өзіне сай сабырлы жарға жо­лық­ты. Алла тағала оған алтын құрсақ дарытыпты. Екеуінің де жастай көрген жоқ­шылығының өтеуі шығар, сарқыл­мас байлық қонды. Бір емес, екі емес, бес емес, тіпті он емес... он жеті перзент бұйыр­ды бұларға. Он қыз, жеті ұл. Екеуі­не дарымаған несібе сол он жетінің маң­дайына жазылды. Балаларының барлығын дерлік аяқтандырды. Он алты әулетпен құдаласты. Кенжесі Айдыннан басқасының барлығы отау құрды. Бар­лығы да үлгілі қызмет атқарады. Пер­зенттерінің алды Нұржамал мен Нұрилә зейнетке шығып үлгерді. Екеуі де ұзақ жыл мұғалім болды. 

     Нәби атаның Айбын деген немересі Сұң­қар деген сұлу қызбен жұп құрып, кейіпкеріміздің тұңғыш, әзірше жалғыз шө­бересі – Ұлағатты өмірге әкеліпті. 

Малшылар мен мұнайшылар

      Жалпы, Нәбидің өзі малшылар әу­ле­тінен шыққан-ды. Бүгінгі қоныс­тан­­ған Майтау жері Қытай жеріндегі бел­­­гілі мұнайлы аймақ болған соң, оның ба­ла­лары атакәсіпті өзгертті. Қазір Нәби ұл-қыздарының көпшілігі  – мұнай­шылар. Сол мұнайшылардың ең үлкені, перзенттің төртіншісі, ұлдың екін­шісі – Серік. 1966 жылы туған осы Се­ріктен кейінгісінің бәрі дерлік мұнай са­ла­сын­да қызмет етеді. Баяғы вожатый бо­ла­тын Гымыңгүл (1968), Нұрсәуле (1970), Мұқият (1971), Ақиқат (1972), Берік (1974), Гүлдар (1976), Айқын (1979), егіз қыз Айнұр мен Таңнұр (1981), Мүбарак (1985) барлығы да мұ­най­шы немесе мұнай зауытының қыз­меткерлері. Бірі дәнекерші, бірі техник, бірі мұнай айыру­шы, бірі зерттеуші, енді біреуі сол зауыттың азпазы. 1986 жы­лы туған кенже ұл Айдын мамандығы дә­рігер болса да, ағайыннан қалыс­па­йын деп мұнай саласының тізгінін ұс­тады. Қазір ол Майтау қаласындағы мұ­най-этилен зауытының үздік қыз­меткері. Ал 1983 жылы туған Жәннат пен 1978 жылы туған Нұриқан басқа ма­мандық иелері. Нұриқан Майтау мек­тебінде қытай тілінен сабақ береді, ал Жәннат болса, аудандық полиция бө­лім­шесінің қыз­меткері. Бәрінің де бір-екі ұл-қызы бар. Олар Нәби атаға 28 не­мере, бір шөбере сүйгізіп отыр. 

       Он қыз, жеті ұл тату-тәтті өмір сүру­де. Кіші, үлкен деп бөлінбей, бір-бірі­мен тең дәрежеде сөйлеседі. Жиі-жиі бас қосып тұрады. Ағайын-туысқа қара­са­ды. Мемлекет ішіндегі шағын мем­ле­кет секілді екен бұл отбасы. Әзілдеп айт­­сақ, Нәби «автономиясы» деуге бо­лар. Өнегелі ұл-қыздар әке-шешесін жиі шетелге шығарып тұрады, ауру-сыр­­қауын емдейді. Амандық болса, ке­­ле­сі жазда қос қарияны Меккеге апа­­рып қайту жоспарларында бар. Қы­тай жеріндегі қазақтар қызыға қарайды бұл әулетке. Нәби мен Биғайшадан ар­тық бақытты жан жоқ секілді көрінді біз­ге. 

       Өзінің бастан кешкенін баяндаған Нәби ата соңында бізге: «Әй, балалар ел­ге айтып барыңдар, тек Құдайдан қо­рықсын. «Мүмкіндік барында қазақтың санын көбейтіңдер» деп мұнда Нәби қария айтып жатыр деңдер. Менің бас­тан кешкенімді ешкімнің басына бер­месін. Үкімет мұнда тыйым салды, ал сендерге тиын береді екен. Сондықтан бас­қа қонған бақытты ұшырып алмаң­дар. Қазағым қайда жүрсе де аман бол­сын, басымыз көп болсын!» деп ті­ле­гін айтты. Батасын беріп, телеоператор Мұ­ратбек, таксист Әшім үшеумізге бір-бір тақиядан кигізді. Бір-екі сағат болып қайтамыз деген біз түн ауа бір-ақ аттандық. Майтауды, Нәби ата мен мен Биғайша апаны қимай барамыз. Құ­лақпен естіп, көңілге түйгеніміз мол бол­ды. Жастайынан жетім қалып, жал­ғыз тікеннен тамырын тереңге жайған бәй­терекке айналған қарттың әсерлі әң­гімесі бізді терең ойға жетеледі. Үрім­шіге дейінгі 300 шақырым жолда Нәби қа­рияның әңгімесін талқылаумен бол­дық. 

        Біз барлық жағдай жасалған елде өмір сүріп жатырмыз. Үкіметіміз ба­ла­ның тууына шектеу қоймақ түгіл, саған өз әулетіңді көбейткенің үшін сый-сыя­пат береді. Мен Қытайдың тұрғын­да­рына «Бізде бала туғаның үшін ақша бе­реді» десем, көздері жайнап кетеді. Қы­зыға қарайды, таңғалады. Онымен тоқ­тамай мен: «Баланы көп туған сайын, үсті-үстіне ақша қосылады, көп ба­лалы болсаң үй сыйлауы мүмкін» деп тағы қосам. Қытайларың одан сайын жаутаңдайды. Соңында «еһ» деп бір күрсінеді. 

         Ал өз еліме келсем, қазақтың санын кө­бейтпек түгілі, өзім үшін өмір сүрем деп үйленбей жүрген жастарды көремін. «Бір баланы асырасам жетеді, тағы бі­реуі болса мәшина ала алмаймын, үй ала алмаймын» деп жүргендері де жетер­лік. Шетелге шыққанда тек өз ұлтының кемшілігін ғана айтып, барған елінің азаматтарымен тұрмыс құратын қыздар да аз емес. Осындайларды өсімге шектеу қойған шет елде жүрсе де, қазақ ұпайын теңестірген Нәби атамен салыстырамын.

      ... Қайтып келеміз. Нәби атам берген та­қияны телеоператорымыз екеуміз қай­та-қайта сипай береміз. Ырымшыл  елдің баласы емеспіз бе? 

      "Айқын" газеті, Дәурен ОМАРОВ, Бейжің – Үрімжі – Майтау – Бейжің

толығырақ

    Қытай елінде өнерін шыңдап жүрген ару қыздарымыздың бірі – Риза Әлімжан. Қытайдың кино саласында ол Reyizha Alimjan немесе Rayza деген есімімен танымал. Риза 1986 жылы 15-шілдеде Бейжің қаласында дүниеге келген. Қытайдың Baidu іздеу желісіндегі дереккөздерге сүйенсек, таза қазақ отбасында тәрбиеленген. Қыздың ата-анасы Бейжің қаласының тіл орталығында жұмыс істейді екен. Ризаның хоббиі: ән айту, саяхатқа шығу, кітап оқу.

      Ризаның танымалдылығы 15 жасынан бастап артқан. Ең жас сәнбике ретінде атақты сән туралы «Ruili» журналының алғашқы беттеріне бірнеше рет шыққан. Бұған дейін «Соқыр кино», «Үлкен шайқас», «Сәттілік келе жатыр», «Жень Хуан Чуан ғибадатханасы» сияқты тағы да басқа фильмдер мен мелодрамаларға түскен. Дәл қазір «Біз ғана білетін мекен» («Somewhere Only We Know») атты кинода оңтүстіккореялық SM Entertainment агенттігі құрған EXO тобының бұрынғы мүшесі Ву Ифанмен бірге түсуде. Фильмнің премьерасы келер жылдың ақпан айына жоспарланып отыр. 

        Сурет: weibo.com, english.sina.com, дайындаған: Назерке Смағұл,  http://massaget.kz

толығырақ

      Күнес ауданы Нарат жайлауында 24 шілде күніІле Қазақ автономиялы облысының 60 жылдық мерейтойына орай аламан айтыс өтті.

          Аталмыш айтыста көп көңілінен шығуға құлшынған сөз шеберлері өзекті тақырыптардың бұйдасын ағытты. Ел мен жер мәселесі, тіл мен дін мәселесі тілге тиек болды. Азаматтық пікірін білдірген адуынды ақындар бірде жұрт арасында белең алып бара жатқан келеңсіз жағдайларды қызыл тілімен шенесе, бірде ұлтық жетістіктерді жырға қосып өлеңсүйер ағайындарды бір желпіндіріп тастады.


       Қазақы дәстүріміздің жойылып бара жатқанын жеткізген Қанатбек Зейтоллаұлы қарсыласы Арзыгүлге:

«Сақтардың сарқыты едік салты майда,
Қол созған аспандағы алтын айға.
Майлығым мен сулығым дайын дейсің,
Арзыгүл әңгіменің артын ойла.
Ет жесе қайысарқанға қолын сүртіп,
Қымыз ішіп бататын балқып ойға.
Қайыстан ноқта жасап жүген өрген,
Далалық дәстүрімнің нарқы қайда.
Ноқта түгіл мінетін ат азайды,
 Боларсың бұл сөзіме халқым айна.
Ел едік ер-тұрманын ардақ тұтып,
Ат қойған Қайысбайға, Қамшыбайға.
«Әйт» десе тамам ауыл тіксінетін, 
Баяғының баһадүр қарты қайда,
Қартыңның қадірлісін танытатын,
Алты таспа, бұзау тіс қамшың қайда.» дегенде жиналған жұрттың шапалақ үні көпке дейін басылмады.

      Дүбірлі тойда ақындар айтысынан басқа ат бәйгесі, бура санды балуандардың күресі, көкпар, қыз қуу т.б. ұлттық ойындар ойналды.


     Үш күнге созылған айтыста бағы мен бабы қатар шапқан Нағыман Шұқанұлы, Қанатбек Зейтоллаұлы, Зура Тілеуқызы, Ерлан Аманқожаұлы қатарлы ақындар қырағы ой, өткір тілінің арқасында 1 дәрежелі сыйлықты қанжығалады. 2 дәрежелі сыйлықты Ұларбек Минатханұлы, Анаргүл Бәделханқызы, Бақытәлі Тілеубердіұлы, Арзыгүл Қайымбекқызы қатарлы алты ақын қанағат тұтты. Қалған ақындар қатысқаны үшін түрлі бағалы сыйлықтармен марапатталды.

        Аймедет Тоқсанбай, "Kazaitys.kz"

толығырақ

      Қытайда 12-17 шілде күндері көкпардан халықаралық жарыс өткізіледі. Байрақты бәсекеге ҚХР, Қазақстан Республикасы, Моңғолия, Қырғыз Республикасы командалары қатысады деп күтілуде,-деп хабарлайды kaznews.mn. 

      Бұл көкпар командаларының достық кездесуі Іле-Қазақ автономиялы облысының құрылғандығының 60 жылдық торқалы тойына арнайы ұйымдастырылып отыр. Мерейтойға орай өтетін көкпар бәсекесімен бірге, халықаралық «Тұлпар» мерекесі де шымылдығын ашады. Бәсеке Қытайдағы қандастарымыздың Көкпар ережесімен жүргізіледі. Бұл ереже бойынша, әр көкпар командасының құрамы 7 спортшыдан тұрады.

     Жарыстың өтетін орны: ҚХР, Іле-қазақ автономиялы облысы, Моңғолкүре ауданы, Қарағанты елді мекені.

      BAQ.KZ

 

толығырақ

    Бұл дүниеде қандасың мен қарындасыңның қуанышына ортақ болудан артық бақыт бар ма дейсің! Кеше ғана Құлыстай дейтін ойпатта ойнап жүрген анау бір ауыл баласының бүгінгі күні Қытай елі құрамасына қабылданып, одан да қанағат таппай, Еуропаның жасыл алаңына шыққанын көргеніңде қуану былай тұрсын, жарылып кете жаздайды екенсің...!

     1993 жылдың 4 қаңтары Шәуешек (ҚХР) қаласындағы Ерзат отбасы ұзағынан сүйінді...

    Қуаныштан төбесі көкке тиюге екі-ақ елі тұрған Ерзаттың әкесі, Қытай қазақтарының ардақты ақыны Қыдырқан Мұқатайұлы ақсақал бір жұмадан кейін немересінің бесігінің бас жағына отырып: «Ез емес, ер бол, ойлағаныңа кез бол. Тілегіңе тез жет, Ертөстікше ержет» деген азан-өлең арнады, соңғы сөз атаулы күйінде сәби құлағына жаңғырып қала берді, сәби есімі  Ержет атанды.

    Сол Ержет өсе келе аяқ-қолы өзге құрбыларынан гөрі ширақы да шымыр, ала доп десе алаңдап, көре қалса алдына салып ала жөнелетін спортшы болып ержетті.

    Қызық дейсің, ойын-сауыққа бейімдеу халық болғансын ба, алғашында Ержеттің әкесі мен шешесі осы жағын құп көріп, түлектерін музыка класына табыстап, ән айтып, роял ойнап кетсе деп ойлаған, бір айдан кейін ұлының музыкалық үлгерімін байқастайын деп анасы барса, баласы баяғы «до, ре, ми, фадан» ары аса алмаған құлықсыз пішінде, сыртта доп теуіп жүрген ағаларына алақтап қарай берген. Музыкаға деген салқын райын сезіп қалған шешесі тағы бір байламға келіп, баласын жетектеп сурет класына апарып тастады. Келесі айда, аз-кем уақыттан соң суреттен азда болса жұғын болған шығар деп барған әкесі оның ұстазының «жер шарын домалақтап сыз» дегенін «доп сыз» деп ұғып ақ қағаздың бетін ала доппен толтырып тастаған. Әкесі сол кезде сезді ғой Ержеттің ес-ақылы ала доп дейтін дүниеде екенін. «Болар баланың бетін қақпай белін бу» деген ата сөзі еске түсті, даналықты ескермесең естілігің қайсы, ойламды әке, ардақты ана баласының тізгінін тартпай, өз ойымен өмір кешіп, өз ойымен өнер игеруді құп көрді. Ерзат шаңырағының елгезек ұлы ала допқа ғана өзеленіп қалған жоқ, оқуда да ұғымтал болды. Сабағын ақсатпай, ата-анасын қақсатпай құлшына өсті. Кеште ұйқыға бас қойған жастың бір құшағында ала доп жатса, бір құшағында ана тілі оқулығы жататын еді. «Құлшынғанға құт үйір» деген емес пе атам қазақ, Ержет бастауыш мектеп оқып жүргенде 6 жыл староста болып міндет өтесе, спорт алаңында қалалық №7 бастауыш мектеп футбол командасының бас ойыншысы болды, оның осы «капитан» болғаны оған үлкен жол ашты. Ержеттің футболдағы жарқын жолы осы кезде туды. «Орай дайындығы бар адамға тәуелді» дегендей, 2005 жылы Үрімжі қалалық «Сұңчиңлиң футбол мектебінің» бас жаттықтырушысы Болат болашақ футбол шеберлерін жетілдіру үшін бүкіл Шыңжаңнан футболшы өрендерді іздеп жүріп, Тарбағатай аймағына барған кезде, Ержетке бірден көзі түсті. «Балаңыздың еті тірі екен, бізге беріңіз, жалынды болса жерде қалмас, елімізШыңжаң футболына назарын салып отыр, кім көзге түседі деп тосып отыр, бабы мен бағы қатар шапса, енді 5 жылда Ержетіңізді Қытай футбол командасынан көрмесіңізге кім кепіл»,-деді тәрбиеші, өзгеге сенбесек те ұстазға имандай сенетін ұлттың ұрпағымыз, әке-шешесі 11 жасар ұлының буыншақ-түйіншегін дайындады да: «Ал ұлым, ала доп алдыңнан тисін»,-деп ақ батасын беріп алыс шаһарға шығарып салды.

     Ержеттің бойындағы бір қасиет қиналғанын қимасына да ашып айтпайды, сол тасқайнат табандылығына салып, тәрбиешінің қатаң талабынан шығуға талпынды, мектептің сулы-шайлы тамағына да көндікті, шешесінің айтқан «шыдамды шыңға шығады» бір ауыз сөзін бойтұмар етіп алды. Әлсіз буын 5 жылдық машық барысында қарағайдың діңіндей қатайып, серіппедей серпінді қимылға көшті, мектеп оны бастабында жасыл алаңның алдыңғы шабуылшысы ретінде текедей таңдап әкелген болатын, бірақ Шыңжаңда өткізілген жасөспірімдердің бір реткі футбол жарысында ол жараланып қалған қақпашының орнында қақпа қорғады, бұрындары өзінен үлкен ағаларымен бірге футбол ойнаған кезінде қақпа қорғап алғыс алған тәжірибесі де бар еді, сонысы сеп болды ма, жоқ әлде, өзінде бар тума сезгірлігі қуат берді ме, ақыры діттеген жерден шығып, командаға жеңіс сыйлады, міне осылай 13 жастағы Ержеттің пешенесіне қақпа қорғау бұйырды, «тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей футбол ойынында командадағы өзге 10 ойыншының орны бір бөлек болса, қақпашының орны тым бөлек, бейнелеп айтар болсақ футбол қақпашысы қарауылды қорғап тұрған №1 сарбаз іспетті.

    Атағы Алатаудай футбол мектебіне келгеннен кейін ойын баласы жасындағы Ержет өзге құрбылары сияқты қызылды-жасылды қаланы қызықтап, ойын қуып кеткен жоқ, желік көңілін қатаң тәрбиеге жеңдіре білді, құйма құлақ қырғи ұстазы тәрбиені бір айтса бір, екі айтса екі қағып алды, соның арқасы емес пе, мектепке келгеніне 3 жыл толмай жатып, Шыңжаң футбол командасының сабына қосылды, талай байрақты бәсекеде ағалап алға шықты, әсіресе, 2009 жылғы Қазақстан Республикасында өткізілген «Президент кубогына» таласу жарысында Азия елдеріндегі белді командалармен бақ сынасқан Шыңжаң футбол командасы топ жарды, жарыс соңында Ержеттің айрықша талантына сүйінген ұжым оны «Қырағы қақпашы» атағымен марапаттады. Алғаш халықаралық жарыста міне осылай көзге түскен көк өрім содан бастап ертемен шапса кешке озды, еңіске салса төске озды. Ол сан мәрте Шыңжаң футбол құрамасын бастап халықаралық футбол додаларының көрігін қыздырып, Еуропадағы азуы алты қарыс Санкт-Петербургтің «Зенит» клубы, Мәскеудегі Әскерилердің орталық спорт клубы сынды мықты футбол клубтарымен тізе қағыстырып, тың нәтижелерге қол жеткізді, «алқаулы еңбектеріміздің басында Ержеттей еріміз тұр, ол біздің қақпамызды ғана емес, намысымызды да қорғап жүр»,-дейді Шыңжаң футбол құрамасындағы саптастары оған ризашылығын білдіріп.

     «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған», Ержеттің атағы аспандаған сайын оған «құдалық түсетін» еліміз іші-сыртына танымалы футбол клубтары көбейе бастады, 2011 жылы маусымда еліміздің супер лигасында өрелі ойын көрсетіп жүрген «Шаңхай шынхуа» клубы Ержетті бауырына тартты, Шыңжаңның футбол құрамаларымен салыстырғанда қаржысы мол, техникасы көш ілгері ішкі өлкенің даңқты футбол клубы Ержеттің талантын жетілдіріп, шалғысын ұштады. Ол 2011 жылы Шаңхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің футбол жарысында ерен еңбек көрсетіп, футбол жәнкүйерлерінің мақтанышына айналды. Ел ұланы Ержеттің футболдағы ұмытылмас естелігі 2013 жылы жазда жазылды десек қалт айтпаған болар едік, былтыр Ержет Шыңжаң футбол құрамасын бастап ҚХР 12-кезекті Спорт сайысына, бауырын енді ғана жазып келе жатқан Шыңжаң футбол құрамасының өресін өзіңіз білесіз, өзге өлкелердегі ала допты асықша иіретіндермен иық тіресетін дәрежеде емес, бірақ сенім болса биікті бірлікте бағындыруға болатынын біздің жігіттер бес қолындай білді, соның ішінде Қытайға танымалы жас талантты футболшы Ержетке артылған жауапкершілік таудай еді, қақпашы мықты болса, қарсыластың қиындығы іші қуыс жаңғақтай екен, тез «шағылды», ақырғы мәреде Шыңжаң футбол құрамасы 4-орынға тиянақтап, еліміздің футбол жәнкүйерлерін қуанышқа бөледі. Тарихта Шыңжаң футбол құрамасы дәл осындай жоғары нәтижені жаратып көрмеген еді, Ержет серкелік еткен Шыңжаң құрамасы ақырғы есепте спорт тарихымызға жыл құсындай жаңалық әкелді. Ұланымыздың үздік ойыны өзімізді ғана таң қалдырып қалған жоқ, Қытай мемлекеттік Олимпиада футбол құрамасына басшылық ететін тәрбиешілерді де ойға қалдырды, «осы жігіт болашақта еліміздің футбол құрамасының жарқын жұлдызы болғалы тұр, уақытты өткізбей мемлекеттік Олимпиада футбол құрамасының белді қақпашысына таңдағанымыз абзал»,-деп кесім жасады Қытайдың футбол ұжымы. Ақ түйенің қарыны жарылды, Қытай тарихында тұңғыш рет қазақ ұлтынан Ержет мемлекеттік Олимпиада футбол құрамасына қабылданды.

    Миллиардтар елінің футбол құрамасының қақпасын қыранша қорғап жүрген бұл жігітке Еуропаның футбол клубтары бірден қызыға қалды, сөйтті де келісім-шарттарының құлағын қылтита бастады. Еуропаның футбол клубы шыңжаңдық футболшы түгіл Қытайдың аты алысқа беттеген футбол саңлақтарының да арманы. Көктен іздегенін жерден тапқан тарлан Тарбағатайдың тастүлегі ұзақ жылдық ұмтылысының арқасында 2014 жылы 29 қаңтарда Португалияның «Гондомар» футбол клубымен жарты жылдық келісім-шартқа отырып, кәрі құрлықтың қақпасын қаққан тұңғыш қазақ футболшыға айналды. Қазіргі күні ала доптың әлемдік аренасында көш бастап тұрған Криштиану Роналдудың елінде бағын сынап жүрген ұлымыз жапалы жаттығу мен татымды тәрбиеге қатар жүген салып жарты жылда португалиялық футбол сүйер қауымның жақсы бағасына ие болды. Әрқандай сынақтан сүрінбей өтіп, Гондомардің абыройын асқақтатқанына қабағат разы болған клуб жетекшілері оған беретін сыйақыны жоғарылатып, құрама қақпасын және де бір жыл қорғап беруін өтініп, мамыр айының аяғында келісім-шарттың уақытын келер жылғы маусымға дейін ұзартты.

     Қытайдың Премьер-лигасындағы бірқатар командалардың «жоғары жалақы береміз, біздің құрамамызға кел» дегеніне мойын бұрмаған Ержет Португалияның төменгі лига командасын таңдауының себебін былай түсіндіреді: «Еуропада доп тебу бұрыннан бергі тәтті тілегім, Еуропа – футбол мәдениетінің бесігі, Португалияға аяқ басқаннан кейін еліміз футбол спортының шаң қауып қалғанын бағамдадым. Менің осы жақта ұзақ уақыт тәрбие көріп, қақпа қорғаудың қыры мен сырына жетісіп, әлемдегі ең үздік қақпашылардың бірі, Испания ұлттық құрамасының капитаны Икер Касильяс сияқты танымалы қақпашы болсам деген ұлы арманым бар, анам айтатын «азамат арманынан жаңылса жеңіліс табады» деп, ана сөзі әрдайым жүрегімде» .

       Айта кетейік, Гондомар құрамасы 1921 жылы құрылған, аты Еуропа клубтарына танымалы футбол құрамасы, ол Португалияның Порту аймағындағы Гондомар қаласына орналасқан, құрама бірқанша жылдан бері Португалияның A дәрежелі лигасында үздік ойындар көрсеткені себепті португалиялықтардың сүйікті құрамасына айналып үлгірген.

     Автор: Мақсат Қизатұлы, «Шыңжаң» газеті

толығырақ

Жанар Сагаткызы 1      Ел газеті «Егемен Қазақстан» алыстағы ағайынның қамын ойлап, тағы бір игі қадамға бел буды. Бүгіннен бастап миллионға жуық қандасымыз өмір сүріп жатқан ұлы көршіміз – Қытай Халық Респуб­ликасында өзіміздің меншікті тілшіміз жұмыс істеп, Аспанасты елінің тыныс-тіршілігі туралы жүйелі хабардар болуымызға жағдай жасалады. Жас та болса танылып қалған қаламгер, «Қазақстан» телеарнасының журналисі Дәурен Бауыржанұлы бас газеттің бетінде Қытай елі жайында жазып тұруды өзіне қосымша міндет ретінде жүктеуге келісім беріп отыр. Оның алғашқы мақаласы – талантымен бір жарым миллиардтық халықтың ықыласына бөленген қазақ қызы туралы.

Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» – Бейжіңнен.

Алысқа жетелеген арман

   Қытайда жеті жыл оқып, екі жыл қызметте жүргенімде көптеген қазақпен таныстым. Мұнда талантымен талайдың таңдайын қақтырып, қалың жұрттың арасынан суырылып шыққан қандастарымыз баршылық. Бұл елде ең үздік он үш жас әншінің қатарына кірген Ербол Жеңісбекұлы, «Дудар-айды» беделді ән байқауларында айтып, төрешілердің көзіне жас алдырған Тасқын Табысұлы, жас болса да әншілік-композиторлық өнерімен көпшілікті баураған Арай Айдарханұлы секілді жезтаңдай, күміс көмей жігіттеріміз жүр. Қытайшасы ханзулардан кем түспейтін атақты жазушы, «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы Әкбар Мәжит, Шыңжаң Жазушылар одағының мүшесі Еркеш Құрманбекқызы, проза жанры бойынша 2014 жылғы ең үздік шығарманың авторы, Қытайдың беделді сыйлығының иегері Айнұр Мәулітбекқызы – еңбегімен еленген қадір­лі қаламгерлер. Өткен жылғы ұлтаралық арулар сайы­сында «елу алты ұлттың гүлі» атанған Күн­би­ке Нұрқызы деген жиырма жастағы қазақ қызы топ жарды. Бұлар – тек қазақ арасында емес, күллі Қытайға аты шыққандар. Алуан түрлі ұлт мекен­дейтін Аспанасты еліндегі аз қазақтың арасынан шығып, қалың елді мойындатқан қандас­тарымыздың ішінде есімі ерекше аталатын тағы бір тұлға бар. Ол – халықаралық дәрежеде танылған талант иесі, белгілі актриса, әйгілі режиссер Жанар Сағатқызы.

   Жанарды алғаш рет 2012 жылы Бейжіңдегі қазақ киносы апталығына арналған баспасөз мәслихатында кездестірдім. Дәлірек айтқанда, оны осы шараға мен өзім шақырдым. Басшылықтың тапсырмасымен сол басқосу жөнінде және Жанар Сағатқызы туралы телесюжет дайындауым қажет еді. Атақ-даңқына сырттай әбден қанықпыз. Сондықтан біз оны көргенше асықтық. Кездесуге Жанар дәл уақытында келді. Бұл – көп қазаққа сіңбеген әдет. Осы қасиетінің өзі бірден жағымды ойға жетеледі. Ғаламторды дамылсыз ақтарып, Жанардың он жеті жасынан бастап осы күнге дейінгі түрлі суреттерін тапқанмын. Бәрінде де жүзінен мейірімі төгіліп тұр. Алғаш кездескенде де оны сол қалпында көрдім.

   Жүзі жылы, сымбатты, сыпайы жан екен. Мөлдір қара көзі бойындағы жалын жігерін аңғартып тұрғандай. Адамды өзіне бірден баурап алады. Ә, дегеннен-ақ әсерлі әңгімесімен сұхбаттасын үйіріп әкетеді. Өзі сондай қарапайым. Уақыт тым қысқа болғандықтан сол жолы өзіме керек дүниелерді ғана сұрап үлгердім. Телесюжетке жетерліктей ақпарат алып тарқастық. Оның өмірі мен шығармашылығы жайында қысқаша бейнематериал әзірледім. Алайда, мені Жанардың кинематография саласындағы қадамдары мен жетістіктері қызықтырды да тұрды. Шыңжаңда туған қазақ қызы анау-мынауды биікке өрмелете қоймайтын елдің төріне қалай шықты? Бір жарым миллиард халықтың ішінде мыңдаған, тіпті миллиондаған талант иесі бар емес пе? Жанардың солардан артықшылығы неде? Мен осы сұрақтарға жауап іздеуге бел будым.

   Кездесу барысында Жанар әпкемнің телефон нөмірі мен әлеуметтік желілердегі деректерін сұрап алғанмын. Бір күні сәті түсіп, онымен сұхбаттасуға келістім. Бұл жолы мен оның кеңсесіне бардым. Ол қазақылық әдеппен амандық сұрап, шай ұсынып, әңгімесін бастады.

   Жанар Сағатқызы Үрімшіде өмірге келіпті. Ол бір жасқа толғанда ата-анасы қызмет бабымен Бейжіңге ауысады. Әке-шешесінің екеуі де – әдебиетші, педагог. Сол кісілердің ықпалы шығар, Жанар жастайынан өнерге бейімделіп өскен. Ес білгелі қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын қызыға оқыпты. «Әсіресе, Мұқағалидың өлеңдерін ұнататын едім», – дейді. Қандай да бір өнерге, мәдениетке қатысты шараны бос жібермейтін. Балабақшада белсенділігімен көзге түскен оны қытайлар балалар­ға арналған арнайы бағдарламаларға, көлемді жобаларға шақырады. Ол алғаш көгілдір экранға сол кезде шықты. Бастауыш сыныптарды бітіргенге дейін Қытайдың орталық телевизиясының балаларға арналған жобаларының бірқатары Жанардың қатысуымен жүзеге асты. Қаршадай қыз бірде жүргізуші, бірде әнші, бірде биші болып, балалық шағын сахна төрінде, өнер алаңында өткізді. Жанар жасынан әртіс болуды армандайды. Бірақ есейген соң бала кезгі арман-қиялдарынан арылып, шынайы өмірге бейімделе бастады. Өзінің де жазу-сызуға икемі бар еді. Жанар әке жолын қуып, әдебиетші болып, ғылыммен айналысуға бел байлайды. Бәрібір әртіс болсам деген арманы миының бір мүйісінде тұрды.

Көп тілдің қоймасы

    «Мен, сірә, кино үшін жаралған шығармын», – дейді кейіпкеріміз. – Себебі, бұл жолға түсуіме тосқауыл көп болды. Бір кезде өз еркіммен де бас тартқанмын. Қанша алшақтағым келсе де, бәрібір, киноға қайта орала бердім. Тағдыр деген осы болар…».

    Жанар мектепте оқып жүргенде болашаққа деген бүкіл жоспарын өзгерткен тосын жайтқа жолықты. Шыңжаңдағы «Тянь-Шань» киностудиясы «Жетім қыздың махаббаты» деген фильм түсіруге кіріседі. Сценарий бойынша бас кейіпкердің аты Ғайни, ұлты – қазақ екен. Мемлекет мән беріп отырған кинокартинаға кез келген әртісті шақыруға болмайды. Шынайы талант керек. Ал аз ұлттардың ішінен әрі жас, әрі талантты әртістерді табу қиын.

    Гуаң Чунлан деген режиссер бұл рөлге лайық адамды іздеп, бүкіл Шыңжаңды шарлайды. Сөйтіп жүріп, кездейсоқ бір той-думанда нағыз іздеген адамын көзі шалып қалады. Ел-жұрттан сұрастырып, оның Жанар Сағатқызы деген бойжеткен екенін анықтайды. Жанар болса, ол кезде Бейжіңдегі мектептің 11-сынып оқушысы еді. Гуаң Чунлан орталыққа жеделхат жіберіп, телефон шалып, жас қызды дереу алдыртады. Жанар да жасқанған жоқ, басына қонған бақты жіберіп алмауға тырысты. Өз рөлін асқан жауапкершілікпен, мүлтіксіз орындады. Табиғатынан сезімтал, ауқатты шаңырақта өскен Жанар еш қиналмай-ақ жетім Ғайнидың образына еніп кетеді. Себебі, бұл персонаж Жанарға қатты ұнаған-ды. Ғайниды сомдау арқылы ол балалық шағына оралды.

    Бұл көркем фильм қалың көрерменнің көңілінен шықты. Осы тұста Жанардың баяғы арманы қайтадан бой көтерді. Сөйтіп, әдебиетші болуға оқталған қыз екі ойлы болып қалады. Уақыт болса тығыз. Мектептің бітуіне бірер ай уақыт бар. Ал Жанар әлі шешім қабылдаған жоқ. Не о жаққа, не бұ жаққа шығуы керек. Жалпы, қалың Қытайда өмірлік жолыңды бір-ақ рет таңдайсың. Миллиондаған бәсекелестің арасында шаң қауып қалмауың үшін бір сәтке де қателеспеу керек. Жанар біраз ойланып-толғанып, өздігінен шешімге келе алмаған соң ағасы Амантайдан ақыл-кеңес сұрайды. Бір көйлек бұрын тоздырған Амантай тәуір амал табады. Сол кезде Қытайда сынақтың екі түрі бар еді: кәсіптік және жалпы сынақ. Әнші, музыкант, әртіс болам деген талапкерден жалпы сынақтан бұрын кәсіптік емтихан алынады. Яғни, шеберлігі сынға түседі. Ал жалпы емтихан күллі мемлекет бойынша кейін тапсырылады. «Сен алдымен кәсіптік емтиханға бар, одан өтпей қалсаң, жалпы сынақ тапсыр да әдебиетші бола бер», – деп ағасы қарындасына кеңес беріпті. Жанар кәсіптік емтиханнан сүрінбей өтіп, 1987 жылы Бейжің театр институтының актерлік факультетіне оқуға түседі.

   Шыңжаң қазақтарының тілі мен біздің ел қазақтары тілінің айырмашылығы көп. Диалектісінде де, термин қолдануында да едәуір өзгешеліктер бар. Екі жақ қазақтарының сөйлеу мәнері, ойларын жеткізуі бір-біріне онша ұқсамайды. Ал Жанар қай жақтың қазағымен де ұғыса алады. Ресейде оқыған ол орыс арасындағы қазақтың да жайын жақсы түсінеді. Тек қазақша емес, қытайша, орысша, ағылшынша сөйлейді. Сол тілдерде ойлай алады. Жанармен сұхбат барысында: «Сіздің басқа режиссерлерден ерекшелігіңіз неде?», – деп сұрадық. Ол кідірместен: «Мен қазақ болып туғанмын. Қытай арасында өстім. Орыс ішінде кәсіби жағынан шыңдалдым. Шетелдіктермен біраз араластым. Әр ортада оншақты жыл өткіздім. Әр ұлтқа сіңіп, қай-қайсысынан да көп нәрсе үйрендім. Сондықтан басқа режиссерлерге қарағанда менің ерекшелігім – жан-жақтылығым шығар. Әріптестерім кез келген жайтқа тек бір қырынан қарайды. Ал мен алдымен қазақтың көзқарасымен қараймын, қытайдың ой сүзгісінен өткіземін, орыстың идеологиясымен салыстырамын», – деді. Жанардың бұл қасиеті жайында Халықаралық кино фестивалінің төрағасы Монреал мырза: «Бір бөлігінде орыс тілі қоймасы, екінші бөлігінде ағылшын тілі қоймасы, үшінші бөлігінде қытай тілі қоймасы, тағы бір бөлігінде ана тіліңнің қоймасы бар мына кішкентай басың керемет-ақ екен», – депті.

«Мир» телеарнасының тілшісі

    Мұндай жетістікке қол жеткізуіне шетелде білім алғаны септігін тигізді. Ол Бейжің театр институтында оқып жүргенде озаттар қатарынан көрінеді. Оқудың алғашқы жылының қорытындысы бойынша университеттегі жалғыз қазақ қызы көш бастайды. Сол тұста үкімет оқу озаттарын Кеңес Одағына білім алуға жіберетін. Жалғыз өзі жүзден жүйрік шығып, Ресейге жолдама алды. Бағы жанған Жанар 1988 жылы Мәскеуге барып, орыс тілі курсын оқиды. Бір жыл өткен соң актерлік өнерін ұштауға А.В.Луначарский атын­дағы Театр институтына барады. Кеңес елі мен Қытай мәдениет министрлігінің келісімі бойынша осы оқу орны таңдалған еді. Алайда, бұл білім ордасы сол жылы шетелдік студенттерді қабыл­дамайтын болып шығады. Себебін шетелдік­тер тұратын жатақханада жөндеу жұмыс­тарының жүргізілуімен түсіндіреді. Жанардың кеудесін кернеген қуаныш бір-ақ сәтте су сепкендей басылады. «Енді елге не деп барамын?», – деп көңілсіз жүреді.

     Сол кезде оған Қазақстаннан келген студенттер ұшыраса кетеді. Олар Жанарды туған күн кешіне шақырады. Барса, өңкей қазақтың қыз-жігіттері қаптап жүр. Олардың арасында кино саласының мамандары да бар екен. Барлығы да әйгілі ВГИК-тің студенттері көрінеді. Бұлар қандас қызға жаны ашып, оны өздерінің қатарына қосылуға, яғни, ВГИК-ке түсуге үгіттейді. Жалғызсырап жүрген Жанардың көңілі мұндай ұсыныстан кейін жадырап сала береді. Келесі күні Қытайдың елшілігіне барып, бар жағдайды түсіндіріп, ВГИК-ке түскісі келетінін айтады. Көп ұзамай өтініші қолдау табады. Содан бар сынақтан сүрінбей өткен Жанар 1989 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының бірінші курсына режиссер мамандығы бойынша қабылданады. Сәл жаңылса, жолда қалатынына көзі жеткен Жанар оқуға барын салады. Қатарластарынан басым түсіп, үнемі үздіктер қатарынан көрінеді. Оқу бітірер жылы дипломдық жұмысы ретінде «Аптаның сегізінші күні» деген шағын фильм түсірді. Ол еңбегі белгілі режиссерлер тарапынан лайықты бағасын алды. Осылайша Жанар өзге елде жүріп өзін мойындата бастады.

     Жанардың жан-жақты маман екенін атап өттік. Ол – әдебиетші, режиссер, әртіс және тележурналист. Алдыңғы үш кәсіпті жүрек қалауымен өзі таңдады. Ал журналистикаға атсалысамын деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмепті.

      Жанардың әртістік өнерінен хабардар ресейлік әріптестері бір күні оны «Будда аруағының оралуы» атты фильмде қытай қызының рөлін сомдауға шақырады. Бұған дейін де ол оқу оқи жүріп біраз көркем фильмде шағын рөлдерді ойнаған. Сонымен, Жанар түсірілімге келеді. Әдеттегідей дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Өзін-өзі ретке келтіріп, гримдеу бөлмесінде отырған-ды. Жасы Жанармен шамалас бір орыс жігіті кіріп келеді. Бөлмедегі қыздарды шолып өтіп, «Жуырда «Мир» телерадиокомпаниясы ашылады. Жаңа телеарнаға журналист, жүргізуші, ассистент керек!», – дейді ол. Хабарламаны естігендер дереу әлгі жігітті қоршап алады. Ал ол болса, бөлменің бір бұрышында бұлармен шаруасы болмай, өзімен-өзі бейқам отырған бойжеткенге жақындайды. «Сіз не ғып отырсыз? Кастингке қатыспадыңыз ба?». Жанар өзінің Қытай қазағы екенін айтып: «Мен сіздерге жарамайтын шығармын, шетелдікпін ғой», – дейді. Әлгі жігіт: «шетелдік болсаң, тіпті жақсы», – деп, ертеңгі кастингтің қай жерде өтетінін айтып, бөлмеден шығып кетеді.

    Жанар тәуекелге бел буып, сынаққа қатысады. Ол кезде орысшасы мейлінше жетілген, әртіс, режиссер ретінде едәуір танылған кезі еді. Сынақтан қиналмай өтіп, «Мир» телеарнасына жұмысқа алынады. Алдымен қатардағы тілші, кейін жаңалықтар бағдарламасының жүргізушісі болып қызмет істейді. Орысшасы мен қытайшасын қатар қолданып, Қытайды Ресейге, Ресейді Қытайға таныстыратын бірнеше бірлескен жобаларды жүзеге асырады. Екі ел арасындағы мәдени шараларды, ресми кездесулерді жүргізеді. Ол небәрі екі-үш жыл ішінде халықаралық дәрежедегі тележурналист болып шыға келеді.

«Құрышты» шынықтырған қыз

     Қытайда жылына 400-ге жуық ірілі-ұсақты фильм­дер мен телехикаялар түсіріледі. Олардың ішінде Аспанасты елінің басшылары мен белгілі тұлғалары туралы фильмдерді жұрт ерекше қызығушылықпен қарайды. Мұндай жоғары дәрежелі кинокартиналарды түсіруді үкімет қатардағы режиссерге тапсыра қоймайды. Бұл жұмысқа өте тәжірибелі, тарихтан мол хабардар білікті мамандар тартылады. Саяси, тарихи мәні бар жобалар мемлекеттің үнемі қадағалауында болады. Осындай ауыр жүкті мойнына артып, абыроймен алып шыққан режиссердің еңбегі лайықты бағаланады. Көпшіліктің көңілінен шыққан фильмдердің авторларына жоғары дәрежелі мемлекеттік сыйлықтар беріледі. Ол фильм үнемі үздіктер санатында болады. 2007 жылы сол үздіктердің қатарына «Бір дәуірдің жастары» деген телехикая енді. Сол жылы бұл фильм «Ең үздік мемлекеттік туынды» атауын иеленді. Авторы, біздің қандасымыз – Жанар Сағатқызы. Аталмыш телехикаяда Қытай көсемі Мао Цзе Дунның балалық шағы баяндалған. Жиырмадан астам серияны қамтитын киноэпопеяда Маоның өсу жолдары, өзіндік идеологиясы қалыптасып, көшбасшы бола бастағанға дейінгі өмірі бейнеленеді. Осы кинотуынды қытайлықтардың ықыласпен көретін қызықты хикаясына айналды.

     «Бір дәуірдің жастары» Жанарды күллі Қытайға танымал етті. Дегенмен, талантты режиссер қыздың атын ең алғаш танытқан кинолента бұл емес еді. Жанар десе, жұрт алдымен атақты Николай Остров­скийдің «Құрыш қалай шынықты?» романын еске алады. Жанар – осы романды телехикая етіп шығарған режиссер. Бұл хикаяны түсіруге 270 күн уақыт кетіпті. Кино Украинада түсірілді. Жанарды осында арнайы шақырды. Өйткені ол тіл біледі, Островскийді өз тілінде оқыған, мұндағы кейіпкерлердің жан дүниесіне терең бойлай алады.

    Алдымен Жанар бұл түсірілімге қосалқы режиссер ретінде келіп, кейіннен бас режиссер болып бекітілді. Бұл туынды туралы кино майталмандары бағалы пікір айтып, жылы лебіз білдірді. Мәселен, Қытайдың көрнекті қаламгері Чүн Хуа: «Құрыш қалай шынықты?» фильмін жасаған Жанарға ешкім тең келмейді!», – депті. Ал белгілі жазушы, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов Бейжіңдегі қазақ киноапталығы барысында маған берген жеке сұхбатында Жанар туралы былай деді: «Өз басым тек бір туындысын ғана көрдім. Ол – «Құрыш қалай шынықты?». Мұны Жанар секілді түсірген режиссер жоқ. Біз ол қызды бәріміз керемет жақсы көреміз. Атамекенін сағынатын қыз ба екен өзі? Атажұрттың көрермендерін аңсамай ма екен? Бізге келіп, неге бір-екі фильм түсіріп кетпеске? Қазақ кинематографиясына елеулі өзгерістер әкелер еді сол қарындасым…».

Үйренерлік үздік үлгі

     Жанар осы күнге дейін жиырмаға жуық көлемді телехикая мен көркем фильм түсіріпті. Олардың барлығы дерлік көрерменді көп жинаған туындылар. Әр жұмысы елдің аузынан түспейді. «Қызыл шие», «Қызыл ғашықтар», «Кешкен күндер», «Күнбағыс таланы», «Республика қарсаңы», «Қала кеңістігінде шошынған құс», «Әскери кісінің құпиясы», «Алыс кеткен ертеңгі күн», «Таң алдындағы шайқас»… Барлығы да мемлекеттік дәрежеде мойындалған, көп қошеметке ие болған туындылар. Бүгінде Жанарды түрлі лауазымды қызметке шақырушылар жеткілікті. Бірақ ол – тәуелсіз режиссер. Өзі үнемі көштің алдында жүріп үйренген қайсар қыз біреуге құлдық ұрғанды қаламайды.

    «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп Қадыр ақын айтқандай, Жанар – алдымен қазақ тілінің жанашыры. Ол қанша жұрттың тілін білсе де, ана тілін әрдайым биік қояды. Бір қызығы, оның тілі моңғолша шығыпты. Себебі, ата-анасы қызмет істеп жүрген жылдарда оны баққан күтуші моңғол екен. Әйтсе де әке-шешесі Жанарды қазақылығынан ешқашан ажыратпаған. Абай мен Мұқағалидың өлеңдерін үнемі жаттатқан. Қалың қытайдың арасында ханзушалап жүрсе де, үй ішінде қазақша сөйлеу – заң!

    Жанардың әкесі Сағат Жайпақұлы Шыңжаңда газет тілшісі болған. Кейін, 1970 жылы Бейжіңде ашылған тұңғыш Қазақ радиосының директоры қызметіне тағайындалған. Радио ашылған сәттен бас­тап он бес жыл бойы осы қызметте отырған. Бұдан соң, қайтадан Шыңжаңға барып, баспаны басқарған. Жанардың анасы Тұрсын Жолымбетқызы күйеуі Сағатпен бірге алдымен Шыңжаңдағы газетте, кейін радиода қызмет істеген. Тұрсын апамыз ақындық өнерге де, қара сөзге де бейім. Осы күнге дейін төрт кітабы жарық көріпті.

    «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген­дей ағасы Амантай да тіл мен әдебиетке жақын. Ол ұзақ уақыт бойы оқу ағарту, баспа салаларын­да қыз­мет істе­ген. Біраз жыл Бейжің ұлттар бас­пасының қазақ бөлімі­нің меңгерушісі болыпты. Бүгінде кәсіп­кер­лікпен айналысады. Жанардың сіңлісі Майгүл де ата кәсіптен алшақтай қоймапты. Қазір Шыңжаң радио­сының дыбыс режиссері болып қызмет істейді. Жанар секілді жұлдызы жарқырап жанып тұрған тағы бір жан бар бұл шаңырақта. Ол – Амантайдың ұлы Айдос. Айдос – қалың елге есімі енді танылып келе жатқан жас жазушы. 24 жасында қытай тілінде қазақтар тура­лы «Айдос-Шолпан» деген роман жазған. Ол еңбегі он мың таралыммен жарық көріпті. Өлеңдері беделді ба­­сылымдарда үнемі жарияланып тұрады. Айдостың жазу­­шылық, ақындық өнеріне тәнті болған Қытайдың бел­­гілі қаламгерлері оның туындыларын талдап, арна­йы мақалалар жазған. Олардың қатарында Қытай аз ұлт­тар жазушылар ода­ғының төрайымы – Ие Мей, «Ха­лық әдебиеті» жу­р­налы бас редакторының орынба­са­ры Цю Хуадун, Қытайдың Лу Шун атындағы әде­би сый­лығының ие­гері Шэн Уэй секілді белгілі тұлғалар бар.

     Жанар Сағатқызы – миллиардты мойындатқан қазақ қызы. Ол – баршаның үлгі тұтуына лайық жан. Қанша шыңға шықса да қарапайымдылығын сақтап қалғаны қуантады. «Бұл әлі ең биік белес емес», – деп өзін қайрай түседі. Жанар қазір қытай тілінде фильм түсіріп жүр. Бірақ көп ұзамай оның қазақ көрерменіне арналған туындыларын да тамашалауымыз мүмкін.

    Біз, Қытайда жүрген қазақ жастары, оған кәдімгі­дей арқа сүйейміз. Миллиардтың ішіндегі асыл гауһар – бриллианттай күллі елді өзіне тартып тұратын осындай келбеті келіскен сүйкімді әпкеміздің бар екеніне мың мәрте шүкіршілік етеміз. Абай атамыз айтқандай, өзіне сенген, еңбегі мен ақылы екі жақтап алып шыққан ару қызға, жырақта жанған жұлдызға көз тимесін дейміз де…

    Қалың қытайдың көгінде жарқырап жанған жұлдызымыз Жанар – үйренерлік үздік үлгі.

    P.S. Өткен жолы Бейжіңде Махмұт Қасымбековтің Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітабының қытайша басылымының тұсаукесері кезінде «Егемен Қазақстанның» басшысы Сауытбек Абдрахманов маған тапсырмадай етіп бір тілек айтқан. «1995 жылы, Абайдың 150 жылдығын өткізуге осы Бейжіңге келгенімізде Жанар деген қазақтың ғажап қызын көргенбіз. Қытайдай елде халқының жақсы атын шығарып жүрген ірі ісіне де, сұлу көркіне де сүйсініп, Ақселеу ағам сонда: «Кино туралы жазатының бар ғой, осы қарындасымыз жайында жазсайшы» деп еді. Фильмдерін көрмеген соң соның ретін келтіре алмаған болатынмын. Енді сол шаруаны, бауырым, саған тапсырайын. «Егемен» арқылы елге таныстырып берші Жанарды», деген. Сол тілекті ескеріп, қолға қалам алдым. Осы арқылы Ақселеу ағаның аманатын жиырма жылдай уақыттан кейін мен орындағандай күйде жаным жайланып отырған жағдайым да бар.

3x4adauren                                                 Автор туралы анықтама

Дәурен Бауыржанұлы

          1988 жылы Алматы қаласында туған. 2005 жылы Астанадағы Жамбыл атындағы №4 мектеп-гимназияны бі­тір­ген соң Шанхай қала­сындағы Шығыс Қытай Ғылым және технология­лар университетіне түсіп, 2012 жылы осы оқу орны­ның магистратурасын бітірді. Ол о+н тоғыз жасынан бас­тап үзбей жазып келеді. Осы уақытқа дейін сексеннен астам танымдық мақалалары мен деректі дүниелері жарық көрді. Негізгі тақырыбы – қытайтану мәселелері және Шығыс Азия елдерінің салт-дәстүрлері. Қазақ, орыс, қытай және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді.

    «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің Гран При жүлдесінің иегері (2011). Республикалық «Жастар» сыйлығының лауреаты (2011).

     «Ерте тұратын ел» (2008) және «Мерекесі мол мемлекет» (2010) атты танымдық кітаптары жарық көрген.

толығырақ

    Тұңғыш қазақша «Зерде» смартфонын насихаттау үшін 21 жастағы Қуанақын Серікұлы есімді азамат дүниедегі ең ірі көшпелі құмды шөл Такла-Маканды жаяу кесіп өтіп, Гиннесс кітабына енді, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

     Такла-Макан – ҚХР-да орналасқан Сахара шөлінен кейінгі екінші ірі құмды шөл және әлемдегі ең үлкен көшпелі шөл. Шығыстан батысқа қарай ұзындығы 1000 шақырым, түстіктен оңтүстікке қарай кеңдігі 400 шақырымды құрайды. Қуанақын Серікұлының «Ажал теңізі» деп аталатын құмды шөлдегі сапары 560 шақырымға созылған.


    Үстіміздегі жылдың 26-шы маусымында басталған сапарға «Зерде» смартфонын өндіруші «Алтын сақа» компаниясы демеушілік жасаған.

а    "Гиннесс рекордын тіркеуге екі адам ілесіп отырды", – дейді шараны ұйымдастырушы, «Зерде» жобасының жетекшісі Ақытбек Шеризатұлы.

    «Жалпы барысқа 215 сағат, 30 минут уақыт кетті, бұл 2010 жылы Қалибек Озатұлы есімді азаматтың Такла-Макан шөлін 238 сағат 51 минутта кесіп өту рекордын жаңартты. Біз Қуанақын Серікұлына ақ және қара түсті екі «Зерде» смартфонын сыйға тарттық және бүкіл шараға кеткен шығынды өтедік», – дейді Ақытбек Шеризатұлы.

ва

    Меллат Сейфоллаұлы, IT маманы, «Зерде» жобасының бағдарламалық жетекшісі: «Бұл жоба тек Андроид жобасын қазақшаға аудару емес, оған көптеген өзгеріс енгізілді, көптеген мазмұн қостық және жасыл энергия арқылы қуаттандыру мүмкіндігін қостық. Біз смартфонның мәзіріне, ішкі келбетіне жалаң ұлттық түс беріп қана емес, осы заманауи технология арқылы біздің ұлттық мұраларымызды да насихаттап отырмыз. «Зердені» жасауға бір жыл уақытымыз кетті. Біз смартфонды бүгінгі қоғамдық ортаға ыңғайлап, зиялы қауым өкілдерімен кеңесіп, түрлі қоғамдық пікірлер, сауалнамаларға негізделіп жасадық. Осы күнге дейін жарық көрген көптеген смартфонда бар барлық артықшылықты «Зердеге» топтастырдық. Тіпті, көлікте отырып та оны алыстан меңгере беруге болады. Сонымен бірге, телефонның жадына жас ұрпақ үшін қазақтың 80-ге жуық халық ертегісін қостық, қазақтың таңдамалы 100 әнін мәтінімен бірге көрініп тұратын етіп жасадық. Және осы күнге дейінгі барлық қазақша қосымшаны ішіне қондырдық».

ва
    Осыған дейін ҚазНетте тұңғыш қазақша смайликтерді жасап, оныMassaget.kz сайтына ұсынған Меллат Сетерханұлының «Зерде» смартфон жобасының көркемдік жетекшісі болып жұмыс атқаратыны да бізді қуантты.

   Жоғарыдағы суретте 2010 жылы жасалған Гиннесс рекордының сертификаты бейнеленген. Қуанақын Серікұлы жаңартқан рекордтың сертификаты бір айдан кейін қолға тиеді дейді ұйымдастырушылар.

    Төмендегі суреттерден Zerde смартфонымен, оның ішкі келбеттерімен таныс бола аласыздар:

пр

жэ

ол

ава

вава

вва

   Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін Массагет сайты Қытай елінде тұратын қазақтардың "Zerde" деп аталатын смартфон жасап шығарғанын  айтқан болатын.

       Арнайы Массагет үшін: Мейіржан Әуелханұлы

     Сурет: Ақытбек Шеризатұлының жеке мұрағатынан

толығырақ

©Ерлік Ержанұлы фото

©Ерлік Ержанұлы фото

    Жақып МЫРЗАХАН - тарихшы: 

   Қазақтың арғы ата-бабаларына қатысты деректердің бір көзі Қытай патшаларының жылнамалары болып отырғаны баршаға белгілі жәйт. Біз осыған орай Қытайдағы ШҰАР Қоғамдық ғылымдар академиясы жанынан құрылған ғылыми топқа жетекшілік етіп, ежелгі Қытайдың «24 тарих» деп аталып кеткен тарихи жылнамаларындағы қазақ тарихына қатысты деректерді сұрыптап, қазақ тіліне аударып, шығарып жүрген тарихшы Жақып Бірлікұлы Мырзаханмен сұхбат құрған едік. 

   - Жақып Бірлікұлы, Қытай архивтеріндегі тарихи деректер туралы сөз болғанда Қытайдың «24 тарихы» деген сөз тіркесі жиі айтылады. Кейінгі кезде оның саны кейбіреулер 26-ға дейін жеткізіп жүр. Оның жай-жапсарын өзіңіз түсіндіріп беріңізші?

    - Қытайдың 24 немесе 26 тарихы деген аталуы әртүрлі болғанымен бәрі бір тарих қой. Бұл Қытай тарихында өткен 26 әулеттің патшалық құру тарихы. Алғашында ол 24 тарих деп аталып, халықаралық аренада мойындалған. Оған жаңадан қосылғанының біріншісі - 1911 жылға дейін 260 жыл бойы Қытайға билік жүргізген Шин немесе біздің қазақтың жалпақ тілімен айтқанда Шүршіттердің патшалығының тарихы. Олардың қыруар томды құрайтын тарихы орда естеліктері болып жазылған. Екіншісі, төңкеріс жасап билік басына келген Миңго немесе Қытайдағы халықтық өкіметтің билік құрған дәуірі. Бұл тарих та ресми жүйеге түсіп жазылмаған. Бұл екеуі патшалық естеліктері ретінде тұрғандықтан 24 тарихқа қосылмаған болатын. Мингоның соңғы кезеңінде Шин патшалығының тарихын жазу жұмысы басталғанымен, ол аяқталмай қалған еді. Қазір Қытайда Шин патшалығы тарихын жазу үлкен инженерия болып жүріп жатыр. 
     - Қытай деректеріндегі қазақтың арғы ата-бабаларына қатысты материалдар өзіңіздің жетекшілігімізбен аударылып, соңғы жылдары кітап боп шығарылған 3 томдық еңбекте толық қамтылды ма?
    - Ол әлі толық қамтылған жоқ. Өйткені Шин патшалығы дәуіріндегі деректер толық аударылып болған жоқ. Менің жетекшілігімде жүріп жатқан «26 тарихтан» аударма ғылыми тапсырма болып істеліп жатыр. Біз оны «26 тарихтағы қазақ тарихының деректері» деп аударып жатырмыз. Бірақ баспадан шығарғанда оны «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» деп атадық. Өйткені 26 тарих дейін десек, кейінгі 2 тарих толық жазылып болған жоқ қой. 
      Қытайдағы патшалықтардың бір ерекшелігі заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдықтың алдындағы 3-2 ғасырлардан бері қарай жүйелі жазба тарих қалдырып келгені ғой. Қытайдағы тарих қалдырған бірінші патшалық - Хан патшалығы. Оның алдында да Шин патшалығы деген патшалық болған. Бірақ ол жүйелі тарих қалдырмаған. Оны кейінгілер жазып отыр. Біз енді соның ішіндегі біздің қазақтың ата-бабаларына, мәселен сақтарға, ғұндарға біздің тіке ата-бабамыз деп отырған үйсіндерге, қаңлыларға, аландарға (қазіргі алшындар) қатысты деректерді сұрыптап алып жатырмыз. Бұл ұшан-теңіз дүние. Оны толық аударуға біздің күшіміз жетпейді. 
    - Қазақтың арғы-ата бабаларына қатысты жарық көріп жатқан Қытай деректерінде бірқатар ру-тайпалардың атаулары әртүрлі көрсетілген ғой?
     -Шынында да солай. Дегенмен бұған қарап олардың бізге қатысы жоқ деу ағат көзқарас. Үйсін дегенді олар «усун» деп жазған. Өйткені қытайлар тілі келмей қалса оған өзінше басқа ат қойып алады. Мәселен олар АҚШ-ты – «Мейго», Англияны - «Инго», Германияны - «Дго» дейді. Сол себепті біздің үйсіннің – «усун», қаңлының – «кандзю», алшынынның – «алан» деп жазылып кетуі ешқандай ғажаптанарлық іс емес. Өйткені олардың сол кезде жасап отырған территориясы бүгінгі біздің қазақтың мекені. Атап айтқанда, үйсін қазіргі Қытайдағы Іле облысы тұрған жерде билік жүргізген халық. Бұл жердегі үйсіндер жаңа эрадан бұрынғы 2-ғасырда ғұндардан бөлініп, Іле өңіріне көшіп келіп ресми патшалығын құрып, Үйсін деген іргелі елге айналған. Содан жаңа эрадағы 4-5 ғасырға дейін олар Усун деген атымен Қытай деректеріне түсіп тұрған. Үйсіндер қазіргі сөзбен айтқанда Алатаудың шығысы Тәңір тауы дейміз ғой оның Шыңжаңның Құмыл аймағы мен оның ар жағындағы Гансудың Дунхан, Шилисян деген жерлерінде тұрған. 
     Біздің ата текке қатысты және бір халық болған. Оны қытайлар – «юзылер» деп жазған. Оны алғашқы кезде біз де юзы деп те аудардық, Нығмет Мыңжанның «Қазақтың қысқаша тарихында» да юзылер деп жүр. Юзы сол кезде екіге бөлінген. Іле өңіріне келгендері Да юз боп келген. Да - үлкен, ұлы деген мағынаны береді. Оның бір бөлігі Гансу жақта қалып қойған. Оларды шау юзы деген. Былайша айтқанды кіші юзы деген мағынаны береді. Кейінгі деректермен салыстырсақ бұл халық кейін Ауғанстан, Пәкістан жаққа қоныс аударғанда Нукус деген атпен сақталып қалыпты. Сондықтан жылнама аудармасының 1-томында юзыларды біз Нукыс деп алдық. Қазір де бұл тайпаның аты халық ішінде әлі сақталып қалған екен.  
     Үйсіндер қоныс аударып келгенде осы жердегі ұлы юзыларды ығыстырған. Юзылардың құрамында бұрынғы сақтардан қалғандар бар екен. Ал үйсіндер келіп оларды ығыстырғанда сақтар мен юзылердің бір бөлімі сол орнында көшпей қалып, үйсіндердің құрамын толықтырған. Бұл деректер Қытайдың жылнамасында бар. 
     - Қытайдағы қазақтардың тарихы үйсін дәуірінен бастала ма?
      - Үйсін дәуірінің бұл тарихы Қытайдағы қазақпен шектелмейді. Бұл қазіргі тұтас қазақтың тарихының арғы басталуы болады. Біз тегімізді қуғанда сақтар мен ғұндарға апарамыз. Сақтар мен ғұндар дәуірі біздің эрадан бұрынғы 7-ғасырдан 1-ғасырға дейінгі дәуір. Әсіресе сақтардың тигрохауда немесе шошақ төбелі тұмақ киетін сақтар дегені қоныс аударғанда әзіргі Қытайдың солтүстік өңірі, ішкі Моңғол жерлеріне, Гансу, Шанхай өңірлеріне дейін барған. Сақтар ол жерде бір кездегі ғұндардың ата-бабаларымен тоғысқан. Былайша айтқанда бір-бірімен кіріккен. Біріне-бірі қосылу барысында жаңа эрадан бұрынғы 4-1 ғасырлар кезінде ғұндар күшейіп шыққан. Ол кезде біздің тіке ата-бабамыз болып отырған ежелгі қазақтың ұйтқы тайпаларының бірі болып отырған үйсін юзылердің ықпал аймағында болған. Кейін юзылерді ғұндар батысқа ығыстырып жібергеннен кейін үйсіндерді ғұндар өз қолына қаратып алған. Сонда үйсіннің патшасы Елжау деген кісі қайтыс болғаннан кейін, оның баласын ғұндардың тәңірқұты бағып алады. 17-18 жасқа келгенде оның талабы бойынша елін өзіне қайтарып берген. Бұл жас патшаны «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітапта және кейбір аударламарда Елсау деп жүр. Біз оны өз еңбегімізде Елжау деп аламыз. Екеуі бір адам.
      - Жазушы Жақау Дәуренбеков: «біздің тарихшыларымыз бірін-бірі түсінбейді. Олар тарихтың тілімен емес өз тілдерімен сөйлейді» дейді. Бұл ерекшелік жалпы тарихқа қаншалықты әсер етеді?
     - Жазба деректердегі нәрселерді әркім өз көзқарасы бойынша зерттейді. Біреулер усунның үйсінге қатысы жоқ деген көзқараста мәселен. Оны Ресей, Қытай тарихшары айтса өздерінің империялық көзқарастарымен айтып отыр деп қараймыз. Егер қазақтың өзінің тарихшылары осылай қараса отарлық көзқарасты қабылдаған, қарапайым тілмен айтқанда надан тарихшы дейміз. Өз тегіңді табам алмасаң қайтып тарихшы боласың. 15 ғасырда қазақ деген атпен қалыптасқаннан кейін ғана қазақ болсақ арғы тегіміз қайда. Қазақтың ұлылығы арғы ата-бабасының рулық-тайпалық түзілімі арқылы ежелгі ата-бабасының атын қазірге дейін сақтап қалғандығында. Мәселен үйсін ұлы жүздің ұйтқы тайпасы. Бірақ ол арғы тарихты қузағанда кілең ұлы жүздікі ғана емес, тұтас қазақтың ұйтқысы деп қараймыз. Бұл Қытайдағы бүкіл қазақ тарихшыларының көзқарасы. Қытайдың әйгілі тарихшысы Вай Жуйи: «аз ұлттар арасында өз ұлтының тарихын ілгерілеткен ардагерлерді де қаһарман санау керек», - деген екен. 
      Біз қазақтың арғы тарихына қатысты деректерді Қытай жылнамаларынан іздеп тауып, соны Қытайда да Қазақстанда да баспадан шығарайық дедік. Моңғолдар дәуіріне дейінгісін аударып болдық. 3 томы шықты. Былтыр Шыңжаңда үлкен бір инженерия басталды. Ондағы әрбір ұлттың тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне қатысты 1 мың кітап шығарамыз деген. Оны 10-15 жылда шығарамыз деп жоспарлап отыр. Алғашқы топта 100 кітап шығарылмақ. Біздің 3 кітап бірінші топқа кірді. 
     - Осы арада Қытайға сіңген түркі халықтары туралы ойыңызды білсек? Қытайдың әйгілі ақыны Либайдың тегіне қатысты дау-дамайға нүкте қойылды ма? 
     - Қытайдың солтүстігінде қытайласып кеткен түркілер көп. Олар Хан, Таң және Шин патшалықтары дәуірінде түркі-моңғол тектес халықтардан қытайласқандар. Оның есебін осы уақытқа дейін ешкім жасаман. Олар бұл күнде өзін түрікпін демейді. Тек арғы ата-бабасының түрікпен қатыстылығын ғана біледі. Ал Либайға қатысты сұрағыңызға келсем, мұнда 2 түрлі нәрсе бар. Бірі қазірге шейін түркі екені анық емес ақындар бар Либай, Дупу сияқты. Либай Қытайдың ең атақты ақыны. Либай жөніндегі дау-дамай менің көзқарасымша әлі шешілген жоқ. Оны жеңіл желпі қазаққа аударып алуымызға келмейді. Өйткені оның қазақтың арғы ата-бабалары болып келетін қай рудан шыққаны бізге әлі анық емес. Оның Суябта туылғаны рас. Оған тарих не деп баға береді десеңіз ол кезде Қытайда билік басында Таң патшалығы деген болған. Таң патшалғының билеушілері осы өңірге дейін келген. Либайды солардың әскер басыларының ұрпағы деген сөз бар. Оның өлеңдерінде сахараның иісі аңқып тұрғанымен, онда өзінің тегіне қатысты қаңлымын, үйсінмін, алшынмын деген сияқты бір де бір сөз табылмай отыр. 
      Ал біздің ата баба-бабалармыз екені анық адамдар біздің жинақтың 3-томына енген. Олар патшалықтың орталықтарына барып қызмет еткен әскербасылар, оқымыстылар. Қытай тарихындағы Юан патшалығы моңғолдікі болғанымен билік басында қазақ руларының аттарымен аталған адамдар көп болған. Кейінгі Шин патшалығында бүкіл Қытайға манжур шүршіттер билік жүргізгені сияқты. Сондықтан олардың тегі керей, найман боп тұрғандықтан оған әрине біздің қатысымыз бар. Қытайласқан түріктер ол кезде өздерін қаңлымын, найман, кереймін деп тұрған. Ал қазір қытайласып кеткен шүршіттер манжурмын дейді, бірақ тілін, салт-санасын сақтай алмаған. Билеуші ұлт болған соң манжурлардың көптеген салт-санасы қытайдың салт-санасы боп кеткен. Мысалы қытай әйелдерінің саны жырық көйлегі кезінде ақсүйек шүршіт әйелдерінің киімі болған. Әлі күнге бұл сән боп қалуда. 
     - Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін ұлттық салт-сананы бақылайтын арнайы орган керек деген пікірге қалай қарайсыз?
    - Дұрыс. Бір ұлттың ұлт, халық боп тұруы үшін тілі, салт-санасы, жөн-жосығы ортақ болу керек. Тілінен айрылған ұлт жөн-жосығынан да айрылады. Жөн-жосығанан айрылған халық ұлттық қасиетін жояды. Өйткені олардың ұлттық ерекшелігін сақтауы мүмкін емес. Сондықтан салт-санаға құрмет етуге, дәстүрдің барлық асылдарын сақтап қалуға қазіргі ұрпақ ерекше көңіл бөлуге тиіспіз. Жаһандасу дәуірінден мүмкіндігінше ұлттық мұрамызды мүмкіндігінше барынша барынша сіңіруге тиіспіз. 
     - Жазушы Ғабиден Мұстафин: «Бұрын ұлтшылдықпен алысып едік, ал қазір ұлтсыздықпен алысуға тұра келді»,- деген екен. Оған алыс-қосарыңыз бар ма?
     - Ұлтшылдыққа қарсы тұру ұлтың ұлттық ерекшелігін жоюға бағытталған саясат қой. Қытайда да жергілікті ұлтшылдыққа қарсы тұру болған. Қазір де байқамасақ ұлттық ерекшелігімізді жойып алу қаупі бар. . Ұлтсыздыққа қарсы тұру деген тура айтылға. Өйткені мемлекет жойылған жағдайда да ұлт жойылмайды. Ұлт ең соңында жойылады. Сондықтан Қазақстан сияқты тәуелсіз ел қазақтың тілін мемлекеттік тіл ретінде қадіріне жетіп, ұрпақты тәрбиелеу барлық халыққа ортақ талап болу керек. Ұрпақты өзінің ұлттық салт-дәстүрімен тәрбиелеу керек. Біз зиялылар өз көзқарасымызды ашық айтамыз. Жастардың қытай тілін білгені жөн, бірақ ол ұлтымыздың тілін жою есебінен болмау керек деп. Қытайдың білімділеір қолдайды. Білімсіздері, ұлтшылдары әрине ұнатпайды. 
     - Ұлттық киімнің ерекшеліктері бұзылған сияқты?
     - Қазақтың ою-өрнегін зерттеп жүрген азаматтар бар. Қытайдың көркем-өнер баспасында жыл сайын қазақ мәдениетіне қатысты кітаптар шығып жатыр. Біздің ұлттық киімдеріміз балаларға қатты жарасады. Сосын қыз-келіндерге. Қазақтың дәстүрлі киімдерін замандасу жағдайында күнделікті киюге әлі мүмкіндік толық жаратылып жатқан жоқ. Соған қарамастан киім-кешек тігетін арнайы шеберханаларға өз ұсыныстармызды жасап жатырмыз. Бізде 1-2 жылдан беір жақсы бетбұрыс бар. Ұлттық мәдениеттің түрлі үйірмелер әртүрлі деңгейдегі киім-кешегін жаңалап, бір ізге түсіріп жатыр. 
    - Әңгімеңізге рахмет.

     Автор: Ерлік Ержанұлы, "Алаш" айнасы газеті

толығырақ

    Астана қаласында 25-маусым күні «Алтын құлын» халықаралық жас жыршылар байқауы өз мәресіне жетті. Доданың 12-15 жас бойынша жеңімпазы Қытайдан келген 12 дастан мен 1000-ға жуық жыр шумағын жатқа білетін жас қиссашы Қуаныш Елеусызұлы атанды,- деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

    Жас ұрпақты батырлыққа тәрбиелеп, олардың санасына ұлттық рухты сіңіру мақсатында өткен ауқымды бәйгеге еліміздің барлық облысынан тұяғы сүрінбей таңдалып келген 10 балапан жыршы мен Қытай және Моңғолиядан құйма құлақ жас қиссашылар қатысты.  

     «Алпамыс батыр» мен «Қыз Жібек» жыры бойынша тапсырма алған қатысушылар жырды толығымен жаттап қоймай, өзге дастандарды білуімен де бағаланды. Сондай-ақ, орындаушылық өнерлері де ескерілген балалардың қазақы салт-дәстүрді білуі мен ұлттық аспаптарда ойнауы да сынға түсті.  

   Жарыс қорытындысы бойынша, өрелі өнер көрсеткен 12 дастан мен 1000-ға жуық жыр шумағын санасына сақтаған Қытайдан келген Қуаныш Елеусізұлы бас жүлдені жеңіп алды. 12 жасар жеңімпазға ақшалай сыйлықтан өзге Оқушылар сарайының лагерінде демалуға жолдама берілді.   

    Айта кетейік, «Алтын құлын» байқауын «Құлыным» республикалық балалар журналының бастамасымен «Балапан» телеарнасы өткізіп отыр. Алдағы уақытта бәйгенің барысын «Балапан» телеарнасынан тамашалай аласыздар. 

    Автор: Майгүл Сұлтан, Суретті түсірген: Ғабит МАДАЛИЕВ 

толығырақ

          Қазақ елінің даму қарқынын ұшқан құсқа теңесем де жеткіліксіз дейді күні кеше елордада өткен Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығына Қытайдан арнайы келген, ең алғаш рет Ер Жәнібек жайлы тарихи роман жазған қаламгер, Қытайдың №1 жазушысы атағын алған Шәміс Құмарұлы. Белгілі жазушы Қазақстанның бүгінгі беталысын тебірене тілге тиек етті.  

     «Қазақстан өте қуантарлық деңгейде дамып жатыр. «Сырт көз сыншы» дейді ғой, өзім жиі келіп жүрген Алматы мен Астана шаһарлары мені әр жолы бір жаңалығымен таң қалдырып отырады. Біреулер ел жайлы артық-кем айтады екен. Бірақ мен Қазақ елін экономика, ғылым және мәдениет саласы жағынан қысқа уақыт ішінде озық өреге жетіп үлгерген мемлекет ретінде қараймын. Соңғы жылдары халық тұрмысы көтерілген. Қазақтардың отырған үйі қытайлардың ең байлары отырған сарайдан артық болмаса кем емес. Әлемдік үздік маркалы машинаны да сол қазағым мініп жүр. Бұл - байлықтың, дамығандықтың белгісі емес пе?! Мен ең алғаш 1993 жылы келгенде орыстың жигулиі мен «волгасынан» басқа түк жоқ болатын.

    Астананың дамуы өзгеше ғой, дүние танып жатыр. Бұл менің Астанаға төртінші рет келуім. Ең алғаш 1999 жылы келгенмін. Ол кезде жаңа қала жоқ болатын. Ал, Алматының бүгінгі көшесі мен салынып жатқан құрылыстары да көз тойдырарлықтай. Шалғай аудандарда орналасқан ауылдарға дейін барып қайттым. Барлығының тұрмыс деңгейі жаман емес. Бұрынғы кездері адамдардан солғындықты байқайтынмын. Халық жалқау болып көрінетін. Соңғы рет Алматыда 1-2 ай тұрғанда адамдардың кәсіпке кірісіп, елдегі бәсекелестік жақсы дамып жатқанына көзім жетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «бісмилла» деп сөз бастайтын адам жоқтың қасы еді ғой. Ал, бүгінгі күні жұма намазына жиналған адам мешіттің іші түгіл сыртына сыймай жататынына куә болдым. Ауылдардың барлығында қазақ мектептері пен мешіттері бар екен»,-деп ел дамуына баға берген белгілі жазушы Қазақстанның руханият саласындағы тың белестеріне де оң көзқарас танытты.

     «Мен тарихи романдар жазып, тарихқа көп үңілген жанмын. Қолымда бар Қазақ ССР тарихы деген екі кітаптың Совет Одағының ыңғайына қарай жазылғанын көріп жүрегім ауыратын еді. Атажұртта өтіп жатқан көптеген алқалы жиындарға қатысып жүріп байқағаным, қазір қазақтың шын тарихы жазылып жатыр. Қазақтығын әйгілеудегі ғалымдардың ізденісі өте тамаша. Ал, әдебиет жағынан Қазақстанда аздап шегінудің бар екенін байқаймын. Әсіресе, проза өз жетесіне жетпей жатқан сияқтана береді маған. Мысалы, қазақтың ашаршылықтан қырылған зұлмат заманы сияқты шынайы өмір бейнеленген дүниелерді көркем әдебиетпен көрсете алған жоқ ешкім. Тек жалаң тарих болып қана айтылып жүр. Тарих деген дүние айтылған жерде қалып қояды да, көркемдікпен жеткен туынды адам жүрегінен терең орын алады ғой. Әдебиеттің құдіреті де осында деп білемін»,-деді қандасымыз.

    Қытайдың белгілі тұлғаларымен қоян қолтық араласатын жазушыдан қытайлардың қазақ жайлы түсінігінің қандай екенін білгіміз келген сауалға былайша жауап берді: «Жақында Алматы қаласында болып айтқан бір зерттеуші, қаламдас қытай досым Қазақстанның дамуына таңдай қағып барды. Ол: «Біз қазақтарды тек Шыңжаң қазақтары арқылы ғана танып жүріппіз. Жас мемлекет болса да, Қазақ еліндегі қазақтардың тұрмысы мен мәдениеті бізден 50 жыл ілгері екен» деді маған. Осы сөзден сөзден артық мерей болмас мен үшін. Алла осылай елге, жерге тыныштығын сыйлай берсе, Қазақстанның алдағы 20 жылда әлемдегі азулы елдердің біріне айналатынына еш күмәнім жоқ».

     Сұхбаттасқан Майгүл СҰЛТАН, Baq.kz

 

толығырақ

     Бүгінгідей жаһандану заманында қазақ баласын қалай тәрбиелейміз? Орыстың ойыншығы мен қытайдың қуыршағын «азық» етіп жүре береміз бе? Ұлт болашағы – ұрпақ қамы үшін мемлекет не істеп жатыр, қарапайым жұрт не жасап жатыр? Бұл сұрақтардың жауабын табатын уақыт келмек түгілі өтіп кетті… Ауыз толтырып айтатынымыз – Қыдырәлінің «Балбаласы» ғана ма? Айтпақшы, ұлттық дүние десе бірден Қытайдағы қазақтардың тірлігі еске түседі. Сөйлейтін әліппе, шешен домбыра, ойыншық киіз үй… Әйтеуір қолдарынан келгенін ұрпаққа ұсынып отыр. Міне, сондай тәлімі мен тәрбиесі ұшан-теңіз құралдың бірі – «Қастерлі қалам». 

     «Әліппе», «Өлең», «Мақал-мәтел», «Есеп», «Ертегі», «Ұлылардан ұлағат», «Әйгілі адамдар», «Жаңылтпаш», «Жұмбақ», «Білгенге маржан», «Кел балалар оқылық» дейтін 11 дәптерден тұратын топтаманы «Қастерлі» деп аталатын шағын ғана қалам сөйлеттіріп жібереді. Тіпті, қабырғаға іліп қоятын әліппи, киіз үйдің моделі, әртүрлі музыкалық аспаптарды қамтыған пианино – бәрі-бәріде сол «Қастерлі қаламның» арқасында әуендете жөнеледі. Ересек адам білмейтін киіз үй жабдықтарын сіз сол тоқымдай сызбадан біле аласыз. «Мынау не екен?» деп қаламды апара қойсаңыз «Басқұр» деп саңқ ете қалады. «Ал мынау не?» деп тағы бір түртіп қалсаңыз, «Бұл – кереге байлау» деп түсіндіре қояды.

   Жоғарыда атаған 11 дәптердің жөні мүлдем бөлек. Балаңызға үйретем деп жүрген дүниенің бәрі сонда. «Ата» мен «Ападан» бастап, қазақтың бүкіл ертегі-аңыздарын, мақал-мәтелдерін, өлең-жырларын, есеп-қисабын, жаңылтпашын, тіпті Алаштың арғы-бергі ардақтыларының суреті мен аты-жөнін, барлық еңбегін сол «Қастерлі қалам» айтады, балаңызға үйретеді.

   «Қастерлі қалам» жобасын жүзеге асырған «Зерек бала» компаниясының директоры Талапқан Пәтіқанұлының айтуынша, бұл қазақ балалары үшін жасалған жұмыстың алғашқы баспалдағы ғана көрінеді. Бір ғана «Қастерлі қаламның» өзіндегі 11 дәптердің қатары жыл сайын толығып отырады. Қолыңызда «Қастерлі қалам» болса ғана болғаны – жаңа шыққан әрбір дәптерді тиын-тебенге сатып алып оқыта бересіз балаңызға. Ең бастысы, мұндағы дыбыстаулардың барлығын Қазақстандағы білікті дикторлар оқыған. Ал мазмұн пен әріп филолог ғалымдарының сараптауынан өтіп, Қазақстандық түлектерге арнайы дайындалған. Қалам Германияның технологиясымен жасалғандықтан экологиялық тазалығы ғана емес, лақтырып жіберсеңіз сынбайтын шыдамдылығы да балалар үшін аса ыңғайлы. Бастысы суға түсіп кетпесе болғаны.

   Айтпақшы, Талапқан Пәтіқанұлы тағы бір жаңалығымен бөлісті. «Алла қаласа жақында «Менің Президентім» деген атпен тағы бір дәптер құрастырып жатырмыз. Бүгінгі жеткіншектер Қазақ елінің тұтқасын ұстаймын, елім үшін қызмет етемін деп өсу керек. Ол үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбекққорлығы мен ұлағатты сөздерін ұрпақ санасына сіңіру керекпіз. Алла қаласа бұл дәптерді 6 шілде Астана күніне дейін үлгертіп жасауға кірісіп жатырмыз. Мақсатымыз – бар дәптерді әрбір қазақ баласының қолына тигізу. Егер қандай да бір олқылықтар байқалып жатса, оны ескеруге, түзетуге дайынбыз», – дейді ол. 

      Хазірет Әбділда, "Қамшы"

толығырақ

     Жырақта жүрген қандастарымыз тағы да өнердің өрінен көрінді. Бұл жолы Қытайдың Шыңжаң өңірінен шыққан Айнұр Мәулетбекқызы жазушылық талантымен қалың елді мойындатты, - деп хабарлайды «Қазақстан» ҰТА-ның Қытайдағы тілшісі Дәурен Бауыржанұлы.

    Айнұр өзінің проза жанрындағы «Апа» шығармасы үшін Қытайдың мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1000-нан астам үміткердің арасынан дара шыққан Айнұрдың бұл - ең үлкен жеңісі. Айнұр - Шыңжаңның Үрімші қаласының тумасы. Ұлттар мәдени мұрасын зерттеуді кәсіп еткен. Шыңжаң жазушылар одағының мүшесі. Қытай тілінде жазып, ханзулықтардың өзінен асып түскен аз қазақтың бірі. Айнұр өлең мен прозалық шығармалар жазуды қатар игерген. Қазақтың ұлы ғұламаларының туындыларын қытай тіліне аударады. Қаламгерлер арасындағы байқауларда үздік шығып, талай марапаттарға ие болған Айнұрдың қаламы қарымды жазушы екенін күллі қытай жұрты мойындап отыр. Дегенменде, мемлекеттік сыйлықтың иегері боламын, деп ойламаған екен. Айнұр Мәулетбекқызы, жазушы, Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері: Жүректен шыққан жыр жүрекке жетеді, деп айтамыз. Бұл менің жүрегімнің түбінен шыққан туынды болғандықтан, көпшілік те оны жақсы қабылдаған болар. Айнұр - отбасындағы балалардың ең үлкені. Сондықтан, ата-салт бойынша қариялардың қолында өскен. Айнұрдың алғыр болып әдебиетке икемделіп өсуіне әжесі Қамарияның сіңірген еңбегі мол. Әжесінің тәлім-тәрбиесі арқылы қазақтың аңыз-ертегілері мен өлең-жырларына жас кезінен сусындап өсті. Айнұрдың атын ұшпаққа шығарған «Апа» романы осы Қамария қартқа арналған. Бұл шығармада қаршадай қыздың ақ самайлы апасына деген махаббаты, есейген кездегі балалық шаққа, әжесіне деген сағынышы сипатталады. Өмірден алынып, өнерлі қыздың өз қаламымен өрнектеген туындысы 56 ұлт өкілі таласқан бәйгені иеленуі - ғажап жетістік, керемет табыс. Айнұр Мәулетбекқызы, жазушы, Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері: Ешкімге білдірмей, шығармамды хат арқылы ұсындым. Бірақ, нәтижесі өте жақсы болды. Шынымды айтсам, әлі күнге дейін өңім бе, түсім бе, деп, өз-өзіме сене алмай жүрмін. Қамария апаның дүние салғанына 20 жылға жуық уақыт өтті. Айнұрдың әжесіне деген сағынышы бір сәтке де саябырсыған емес. Апасын ойлаған сәттерде оның шабыты шалқиды. Сондай тебіренген сәттерде қолына қалам алып, жазушы қыз қалың қауым мойындаған бірнеше шығармаларды дүниеге әкелді. Алда әлі де талай-талай шығармалар жазсам, деген ойы бар.

       BAQ.KZ 

толығырақ

Бақытбек Тоқтасынұлы, ҚХР Ұлт баспасының Қазақ редакциясының директоры

    Бақытбек Тоқтасынұлы, ҚХР Ұлт баспасының Қазақ редакциясының директоры

    Қазір кітаптың - орасан зор күш екенін қоғам ұмыта бастаған сияқты. Білім бұлағының көзі біржола жабылып қалмағанымен, оған деген көзқарастың өзгеріп кеткенін барлық адам мойындағанмен нақты нәтиже өзгеріссіз қалуда. Біз бұл сауалды ҚХР Ұлт баспасының Қазақ редакциясының директоры Бақытбек Тоқтасынұлына да қойған едік.

    - Бақытбек Тоқтасынұлы, қазір баспадан шығатын кітаптардың таралымы қай елде болмасын өте аз. Мұндай жағдайда оқырманды қалай кітапқа қызықтыруға болады?
      Бұл тек баспаның ғана емес, әр отбасының міндеті. Өкінішке орай оған соңғы кезде бәріміз де селқос қарайтын болдық. Отбасы тәрбиесі азайып кетті. Тіпті біреудің баласы тәртіпсіз болса, оны сол үйдің отағасы әйелінен, қоғамнан көретін жағдайға жеттік. Кітап оқуды интернет, телефон, теледидар алмастыра алмайды. Кітап оқуға шарт жағдай жасау керек. Өзіңіз айтқандай баспадан 3-4 мың дана кітап кітапханалардан артылмайды. Көріп тұрып оған ешкім мән бермейді. Осыдан кейін әрине рухани жұтаңдық шығады. Бала емес естияр адамдардың өзі кітап оқымайды қазір. Бала тәрбиелеуде қазір ата-анасы шарасыз, қауқарсыз болып қалуда. Өзі заман көшінен қалып отырса олардың қайдан балаға айтары болады. Бұл әрине қай елде болмасын өте қауіпті жағдай.
     - Қазақстандағы бұл сапарларыңыздың басты мақсаты қандай?
     Алматыдағы дәстүрлі халықаралық кітап жәрмеңкесіне өз кітаптарымызды алып кеп, жұртшылық назарына ұсындық. Келу мақсатымыз осындағы қазақ оқырмандарға Бейжіңдегі Ұлттар баспасын таныстыру. Жәрмеңке өте әсерлі өтті. Қаламгерлерді, баспагерерді сыйлап, құрметтеп, ат мінгізіп, шапан жауып жапты. Бұл кітапқа деген зор құрмет пен сый. Одан үлкен әсермен кетіп бара жатырмыз.
     Ұлттар баспасынан 6 тілдегі 700-ге жуық кітап әкелдік. Оларды ҚР Ұлттық кітапханасына, Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетіне тарту еттік. Осындағы студенттер, оқырмандар бізді жылы қабылдады. Жақсы лебіздерін айтып, кітаптарыңызды сатып алсақ, байланыс жасап тұрсақ деген тілектерін айтты. Біз ойлағанбыз моңғол, корей тілдеріндегі кітапқа сұраныс болмайды ғой, ел тосырқап қарайтын шығар деп. Оларға да тіл зерттеушілері тарапынан үлкен қызығушылық болып, өзара байланыс орнатуға ынталы адамдарды көп кезіктірдік. Өз басым бұл халықаралық кітап жәрмеңкесіне бірінші рет қатысып отырмын.
     - ҚР Ұлттар баспасының қазақ редакциясында жылына қанша кітап жарық көреді?
     ҚР Ұлттар баспасы 1953 жылы қаңтарда құрылған. Былтыр 60 жылдығын тойладық. Бұл бірден бір мемлекеттік баспа. Онда кітаптар 6 тілде шығарылады. Атап айтқанда моңғол, тибет, ұйғыр, қазақ, корей және ханзу тілдерінде. Бұдан бөлек дыбыс-кескін, фотосурет редакциялары бар. Баспада жұмыс жасайтын 300-дей адамның 21-і қазақ редакциясының қызметкерлері. Біз жылына 100-120 кітап шығарамыз. Біздің баспамыз мемлекет қаржыландырып тұрғандықтан ең алдымен мемлекет тапсырысындағы кітаптарды шығарады. Мәселен қазақ редакциясы қазақтың төлтума әдебиет, тарих және балалар энциклопедиясы, заң ережелері, сосын ел деңгейіндегі, халықаралық және әлемдік деңгейдегі ең мәртебелі әдеби сыйлықтарын иеленген әйгілі қаламгерлердің шығармаларын аударып, қазақ тілінде басып таратады.
     - Қытайда қазір қазақ тілінде жылына қанша кітап шығарылады?
     Қытай Халық Республикасында тұрақты түрде қазақ тілінде кітап шығарып келе жатқан 7 баспа бар. Олар ҚХР Ұлттар баспасы, Халық баспасы, Жастар баспасы, Іле халық баспасы, Оқу ағарту баспасы, Денсаулық баспасы, Әсем өнер баспасы. Олар жылына орта есеппен 550-дей кітап шығарады. Сұранысқа қарай ол өзгеріп тұрады.
     - Бұл кітаптарыңыздың таралымы қандай?
     Біздің баспадан жарық көретін кітаптар негізінен 1,5-3 мың дана аралығында жарық көреді. Кейбір басылымдарды ғана 10 мың данамен шығарамыз. Әрине сұраныс болып жатса оларды қайта басып шығаратын кездеріміз де болып тұрады. Мәселен бізде Қазақстан ақындарынан Мұқағали Мақатаевтың, Қытайдағы қазақ жазушыларынан Әпетәй Мұқарапұлының «Киелі көш» романы бірнеше мәрте қайта шығарылды.
     - Аударма мәселесі сіздерде қаншалықты жолға қойылған?
     Соңғы жылдары қазақ қаламгерлерінің шығармаларын ханзу тіліне аударып, шығару қарқынды түрде жүргізіліп келе жатыр. Қазақ әдебиетін, мәдениетін таныстыру үрдіске айналып барады. Оған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше кітабы, Немат Келімбетов, Рақымжан Отарбаев және тағы басқа да бірқатар қазақстандық қаламгерлердің кітаптарын мысалға келтіруге болады.
     - Аударманың сапасына баға бере аласыз ба?
     Меніңше жоқтан бар жақсы. Өлмейтін туынды бар, өлмейтін аударма жоқ. Тіпті аудармашының өзі бір туындыны 5 жылдан кейін басқаша аударады. Сондықтан бір кітапты әр қырынан бірнеше рет аударады дәуір тынысы тұрғысынан.
     Аудармаға жалпы салыстырмалық тұрғыдан қарау керек. Төрт аяғынан тең басқан аударманы да уақыт өте келе өзгертіп жатқанын көрдік. Аударма арқылы танылып, бағаланғандар бар. Қытайдағы көрнекті қазақ қаламгерлердің аударма арқылы ҚХР Мемлекеттік сыйлығына ие болып жатуы заңдылық. Бұл еңбектің өтеуі деуге болады.
     - Жұмыс кестелеріңіздің тығыздығына қарамастан уақыт бөліп, аз-кем уақытыңызды бөлгеніңізге рахмет.

    Ерлік Ержанұлы, "Алаш айнасы" газеті

толығырақ

 
      Қытайда тұратын қандасымыз Айнұр Мәулетқызының «Апа» атты шығармасы ҚХР-дың мемлекеттік сыйлығын жеңіп алды. Бұл туралы қытайдың «Тәңіртау» сайты хабарлады.

    Прозалық шығармалар бойынша алтыншы рет ұйымдастырылған «Бинщин» атындағы мемлекеттік конкурс Шандуң қаласында өтті. Нәтижесінде қандасымыздың шығармасы мемлекеттік «Бинщин» сыйлығын жеңіп алды.

     Айнұр Мәулетқызының шығармалары қытайдың танымал басылымдарында үнемі жарық көріп тұрады.

2 3       ҚазАқпарат

толығырақ

     Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында 2004 жылы 26-сәуірде дүниеге келген  Жанат Жания биыл  Үрімші қалалық №10 қалалық бастауыш мектепте 4-сыныпты бітірді. Бос уақытында пиянино тартып,  ән айтуды үйренуге жұмсайтын ол  2008 жылы ІV жасөспірімдер сән байқауында «үздік модель» сыйлығын иеленді.  2009 жылы Синьцзян тяньшань киностудиясы түсірген «Гүлбике» атты көркемфильмде кішкентай Гүлбикенің ролін ойнады. 2010 жылы 2010 жылы Алматыдағы «Азия және Еуропа киносы», Бейжіңдегі  «Қытай ұлттық киносы» шараларына қатысты.

     2011 жылы Сиднейдегі  «Алтын каула» ІІІ Сидней және Қытай кинофестивалінде «үздік актриса» марапатына және өзі білім алатын мектептегі «ұлттық ынтымақ» әңгіме жарысында  2-орын алды. 2012 жылы Қытай ССТV  балалар арнасындағы «Музыкалық сәлем» бағдарламасында «үздік өнерпаз» және  мектептегі «Жақсы ондық оқушы» сыйлығын иеленді. 2013 жылы Синьцзян балалар арнасының «Бірінші маусым балалар мерекелік кешінде өнер көрсетіп, мектептегі әңгіме сайысында бірінші орын алып,  2013- 2014 жылдары 2 мәрте «Үздік балалар жетекшісі»  болып марапатталды.  

толығырақ

      Ақытбек ШЕРИЗАТҰЛЫ, Қытайдағы «Сен Қазақ» сайтының жетекшісі

     Медиа нарықтағы интернет ресурстарының Қытайдағы дамуы соңғы жылдары қарқын ала бастады. Соның ішінде қазақ тілді сайттар да өз әлінше өсіп, өркендеп келеді. Қазақтар жиі шоғырланған Шыңжаң өлкесінде түрлі мазмұндағы қазақтілді контенттердің ғаламтор кеңістігінде белсенді жүмыс істеуі осыған дәлел болса керек. Томаға-тұйық социалистік режимнің қатаң сүзгісінен (ақпаратты фильтрлеу) қорықпай, сайт беттерінде ұлт жайлы ұлағатты ой білдіріп, қазақтілді жаңа медианың дамуына титтей болса да үлес қосып келе жатқан жастар қаншама?
     Екі миллионға жуық қаракөз қандастар тұратын өлке ғаламторда қазақтілді ақпарат тарату жағынан Қазақстаннан кейінгі екінші орында тұр. Ұлтымыздың тілі, мәдениеті, әдебиеті, тарихы туралы мазмұнды материалдармен ғаламторды толтырып келе жатқан ондағы аз қазақтың еңбегі әрине мақтауға тұрарлық жайт. Міне солардың ішінде, бүгінде 100 мыңнан астам қолданушысы бар «Сен қазақ» сайты шетелдегі қазақ диаспорасының ортақ қауымдастығына айналып, өзара пікірлесетін, ой бөлісетін рухани алаңына айналған. Міне, осындай дискуссиялық мінбер қалыптастырып, қазнеттің дамуына тарыдай болса да қолғабыс етіп, өз әлінше ізденіп жүрген «Сен қазақ» сайтының жетекшісі Ақытбек Шеризатұлымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

   – Ақытбек аға, жалпы Қытайдағы сайттардың даму қарқыны қалай? Оның ішінде қазақтілді сайт қашан ашылды? «Сен қазақ» секілді әдеби-мәдени танымдық портал ашу ойыңызға қалай келді?
     – Жалпы, Қытай елінде қытай тілді сайттардың дамуы қарқынды. Бұл әрине, қолданушыларының көптігінен деп есептер едім. Дегенмен олардың өзі де еуропалық, америкалық озық үлгілерді көшіріп, өз тілдеріне икемдеуде. Соңғы жылдары онда интернет дүкен қызмет көрсетуі жақсы дамып келеді. «tao bao.com» интернет дүкені миллиардтан астам халықтың қажетін қанағаттандыруда. Онда 2 милионға жуық қазақ тұрады. Олар да білімін қытай тілінде жетілдіруде. Ал, мұнан біраз жыл бұрын өз тілімізде хабар тарататын сайт жоқтың қасы еді. Сондықтан, ондағы ұлтымыздың танымын, мәдениетін көтеретін орта қажет болды. Ақылдаса келе, мүмкіндігімізге лайықтап, біз де қазақтарға арналған сайт ашуды қолға алдық. Бұл сайтты алғашында «Қытай қазақтарының сұхбаты» деп құрдык. Қытай өкіметінің «сыртқа қарата есікті айқара ашу» жолдауы аясында, онда елеулі жаңа технологиялық төңкеріс болды. Нәтижесінде, 1998 жылы Қытайда ең алғашқы қазақ тіліндегі «ayil.net» деген сайт ашылған болатын. Содан кейін «Парасат», «Мереке» секілді сайттар бірінен кейін бірі пайда бола бастады. Ал, «Сен қазақ» сайты болса 2005 жылы ашылып, жұмыс істеп келеді. Бүгінде, оқырманы көп қазақтілді сайттардың бірі деп айта аламын.
     Өз ойымша, интернет сайты - оқырман келіп оқып қана қоймай, сонымен бірге оның дамуына үлес қосатын, пікір қалдыратын, мазмұнын толықтыратын орын болуы керек деп ойлаймын. Осы сайт бүгінде Қытайдағы қазақ жастарының өзара бас қосатын ортасына айналғандай. Тіпті, өз еркімен мақала жазып, толықтырып отыратын жастар көбеюде. Мәселен, тіпті Эрнест Хемунгуэйдің «Шал мен теңіз», Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын», Кафканың шығармаларын өздері компьютерге теріп, сайтқа жүктеген оқырмандарымыз да бар. Сол арқылы біз оқырмандардың пікіріне, көзқарасына, көңіл күйіне ерік беріп отырдық. Әр қоғамда адам тепе-теңдігі әртүрлі. Ал, интернетте барлық адам тең дәрежеде. Әрине, былапыт сөздер мен ойларды қоспағанда ол жерде әркім өзінің ойын, жеке көзқарасын білдіре алатыны белгілі. Ендігі мәселе сайттың техникалық жағын шешу болды. Өздеріңіз білесіздер, біз Алаш арысы, ұлт зиялысы, белгілі ғалым Ахмет Байтұрсынұлы құрастырған оңнан солға қарай таңбаланатын төте жазуды қолданамыз. Кодтар қолданылмайтын араб әліппесі негізінде құрастырылған төте жазуды компьютер тіліне енгізіп, ыңғайлап, бағдарламалап алдық. Сөйтіп бұл мәселе де оңды шешімін тапты. Ендігі мәселе, сайттың атауы қалай болмақ? Көзге ұрып тұратындай, оқырманды қызықтыратындай етіп, ұлтымыздың атымен «Сен қазақ» деп атадық әрі сайт бетіне «Сен қазақсың, саналысың, сабырлысың, азатсың» деген сөзді ұран етіп алдық. Қазақ деген кім? Ол саналы, сабырлы әрі азат тұлға. Осындай ұранды баннерлерге жазып, іліп тастадық. Қазіргі таңда сайт бір миллионға жуық контентпен толыққан, тұрақты тіркелген 36 мың қолданушысы бар.
   – «Қытай елінде «сөз бостандығы» жайлы ауыз ашуға болмайды. Ол қағида атымен сақталмаған», - деп батыс билігі шулауда. Бұл қаншалықты шындық? Ал, еркін сөйлеп, ұлт үшін игі бастаманы қолға алып жүрген қазақ жастарына қытай билігі қысым жасаған жоқ па? Өз сайттарыңызда сын мақалалар жарық көре ме?
     – «Ауруыңды жасырғаныңмен, өлімің әшкере», - деген нақыл сөз бар. Шындығын айтар болсақ, мұның жоғарыдағы шуларға жақындығын жоққа шығара алмаймын. Дәстүрлі БАҚ-та ақпарат беру өте қиын. Бір мақаланың газет бетіне шығуы үшін әуелі өз ұлтының тілінде жазылып, кейіннен қытай тіліне аударылады. Сосын оның саяси астары, мемлекеттік жүйеге қарсы еместігі расталғаннан соң ғана жарыққа шығады. Бүгінде дәстүрлі ақпарат қүралдарының басында бірден қытай ұлтынан басшы тағайындалатын болған. Коммунистік режимнің қалай екендігін социалистік режимде болған елдердің барлығы түсінеді. Көбінесе осы жүйенің жұмысын мақтау, мадақтау. Әйтсе де, экономиканың дамуы өте қарқынды. Бұған себеп – бәсекелестік. Сіз бір күн еңбектенбесеңіз, табысыңыз кемиді. Сіздің орныңызды өзгелер басады. Сондықтан болар, ағарып таң атқаннан, қызарып кеш батқанша біздің көретініміз қызу еңбек, қайнаған сауда. Ал, сайттар мен порталдарда, түрлі әлеуметтік желілерде анау айтқандай қатаң шектеу көп емес. Кейбір нәрселерге келгенде қысым болатыны шындық. Телефонмен қорқытып дегендей. Ол жақта да билік тарапынан интернет арнайы бақылауға алынған. Кеңестік кезеңнен мұра болып қалған үш әріп «КНБ» онда да жұмыс істейді. Атауы аздап өзгерген «амандық қорғау комитеті». Міне осылардың жансыздары, артық кетіп бара жатсаң ескерту жасайды. Мен Қытайдың солтүстік-батысында орналасқан Үрімжі деген үлкен қаласында тұрамын. Жалпы, ол жақта қоғамның жарасымдылығы деген ұғым бар. Яғни адамда «бақыттылық» сезімі болу керек. Егер ол сезім жақсы болса, онда қоғам да жарасымды болмақ. Біздің қазақ жастары сол «бақыттылық» сезімін қайдан табады? Ол үшін адамның ішкі рухани байлығы кемелдену керек. Ол кемелденуді қайдан іздейді? Ұлттық театрымыз, кинотеатрымыз, ұлттық кітапханамыз жоқ жерде біз кемелденуді қайдан табамыз. Міне, мәселе осында. Бүгінде, аға буын айтып жүргендей жастар оқымай, көрмей, жазбай кеткен жоқ. Біз жаңа технологиялар ғасырына қадам бастық. Көштен қалмау үшін жастар сол салаға атбасын бұруы керек. Сондықтан ғаламторға тәуелділікті «топастық», «рухани әлсіреу» деген ұстанымдармен үзілді-кесілді келісе алмаймын. Мен «Сен қазақ» сайтына кіріп, «Абай» мен «Абай жолы», «Көшпенділер» романын, Мұқағали, Жұмекен, Төлегеннің жырын оқып, «Қыз жібек», «Атаманның ақыры», «Шал» фильмін көре аламын. Шәмшінің әндерін, Нұрғисаның күйлерін тыңдаймын. Яғни мен шетте жүріп жалғызсыраудан, жабырқаудан құтылдым. Немесе сайтта отырып, атамекендегі бір қаракөзбен танысып, пікірлесіп, достасуым мүмкін. Бұл маған бақыттылық сезімін сыйлайды. Демек, мен Қытай билігі аузы-аузына тимей айтып, жарнамалап жүрген жарасымды қоғамға үлес қосып жатырмын. Мен Қытай билігіне осылай деп айта аламын. Біз басыбайлы феодалдық немесе құлдық қоғамда өмір сүріп жатқан жоқпыз. XXI ғасыр – еркін ойлардың ашық алаңға шығып, өз тәуелсіздігін табатын кезең. Мұнда сынның өмір сүрмеуі мүмкін емес. Сол секілді, ғаламтор бетінде сын мақалалар бар. Біздің «Сен қазақ» сайтының формасы сұхбат болғандықтан, еркін ойлы оқырман өз ұстанымымен жазады. Біз оған «сен бұлай жазба» деп айта алмаймыз. Дегенмен сын мақалаларды көбінесе саяси дүниелерге, билікке қатысты тұстарының тігісін жатқызып, «сыпайы» етіп жеткізуге тырысамыз. Бір сөзбен, сын мақала біздің сайтта бар.
    – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлемде қазақтың бір ғана тарихи отаны бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан», – деген ұлағатты сөзін білмейтін қазақ жоқ шығар. Шетте жүріп атамекеннің әрбір жаңалығын ең бірінші ғаламтор арқылы оқып біле аласыздар. Елден жеткен сағыныш сәлемін, көк сандықтан көріп, сағыныштарыңызды басатындарыңызды естіп жүрміз. Ендеше, сіздерге сапалы ақпар тарататын Қазнеттің дамуына деген көзқарасыңыз қандай? Ондағы жаңамедианың деңгейіне не дейсіз?
    – Қазақстанда интернет ресурстары соңғы жылдары жақсы дамып келеді. Жалпы, қазақ сайттарының дамуы деген мәселеге келгенде, оған сұраныстың жоқтығын да айта кету керек. Елде әлі де болса, орыстілді аудиторияның монополиясы үстемдік кұруда. Мұның тағы бір ұшы мемлекеттік тілге келіп тіреледі. Мемлекет құрушы ұлттың пайыздық өсімінің көрсеткіші 75 пайыздан асқанда, халықаралық заң формаларына сай елдегі ресми тіл – орыс тілі алынып тасталады екен. Ал Қазақстандағы қазақтардың саны әлі ол көрсеткішке жете қойған жоқ. Құдайға шүкір, тәуелсіз еліміздің егемендігінің 21 жылын артта қалдырдық. Ұлтымыздың табиғи өсімі жаман емес. Ол жоспарды да бағындырамыз. Міне, осы адам капиталы факторы Қазнеттің дамуына кедергі келтіруде. Неге қытайлар секілді ғаламторда өз әлеуметтік желіміз, өз іздеу жүйеміз жоқ? Ал, көрші Ресейді алсақ, олардың халық санының көптігі, оның сыртында бұл тілді пайдаланатын Орта Азияның бірнеше елдерін қосқанда алып дарақ болып тұр. Мысалы, mail.ru, vk.com, другвокруг, однакласник-тің шырмауында қаншама қазақ жүр. Елде әлі де болса орыс тіліне деген тәуелділік басым. Екіншіден, сұраныстың аздығы. Егер сіз мықты сайт ашып, оған ешкім кірмесе, әлеуметтік желі жасап, оған ешкім тіркелмесе, ол бейне «сұлу қыз болды, оны жігіт алмады» дегенмен бірдей ғой. Естуімше, Қазақстанда интернетті мүлдем қарамайтын да адамдар бар екен. Шалғай ауылдарда әлі де болса инфрақұрылым әлі толық дамымағандықтан дайын аудиторияны өз қажеттілігімізге пайдалана алмаудамыз. Енді осы мәселелерді назардан тыс қалдырмай, тиісті шешілу жолдарын қарастырған жөн секілді. Дегенмен, олардың бәрін бірдей интернеттің алдына әкеле алмайсың. Сондықтан сұранысқа сай портал, сайттар да қарқынды жұмыс істеу керек. Біздегі сайттар салалық бағытта әлі де дами алмай отырған сыңайлы. Біз әрқашан Қазақстандағы жағдайды қалт жібермей қарап отырамыз. Мәселен, Твиттерде қазақ әріптері оқылмайды, жазылмайды. Мұнда орыстың әріптері басты орында тұр. Осындай мәселелерде не де болса өзіміздің отандық өнім болу керек деген ұстанымымыз бар. Біз жақта етікші ме, шаштаразшы ма, наубайханашы ма, ол қанша жерден қызмет көрсетсін, бір тиын табыс түссе де қазақтың калтасына түссін деген ұғым қалыптасқан. Былайша айтқанда «Еврейлік ұстаным». Сол айтқандай, өзіміздің «твиттер, фейсбук, ютуб, скайп» сияқты әлеуметтік желілерімізді жасауымыз керек. Қазақ елінде осы бағытта белсенді жұмыстар жүргізілуде. Өзім екінші мәрте қатысып отырған әлемнің әр түпкірінде жүрген қазақтілді блогерлер, бағдарламашылар, IT, жаңа медиа саласының мамандарының басын қосатын Блогқұрылтай жиынына қатысу барысында көзім жетті. Асхат Еркімбай, Аршат Ораз секілді озық ойлы жігіттердің талпынысымен өмірге келген жобалардың куәгері болдым. Енді біраз жылда, осы жігіттердің ізін баскан талантты жастар Қазнеттегі жыртығымызды жамайды деген сенімдемін.
       – Атамекендегі әсерініз калай? Ата-әжелеріңіз аңсап жете алмаған киелі топыраққа қадам басқан сәтте нені ойладыңыз? Еліміздің гүлденіп көркеюі үшін шетте кызмет етіп жүрген ұлтымыздың жас мамандары ауадай кажет. Осыны ескерген қазақ көшінін аяқ алысы туралы не дейсіз?
     – Бұл сапарымнан өзіме көп азық алдым. Бара сала, көргендерімді қандастарыммен бөлісу үшін, сайтымызда жариялайтын боламын. Мен кеден бекетінен өткеннен бастап, қазақ даласының кеңдігіне, игерілмеген жерлердің көптігіне, алқабының шұрайлылығына таң қалдым. Әрине, бұл ұлтымыздың басына бұйырған бақ. Ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен ата-баба жері үшін қасықтай қаны, шыбындай жаны қалғанша шайқасқан, қан майданда, ердің басын жастық еткен баһадүрлеріміздің арқасында бізге жеткен дала - қасиетті Қазақия еді. Әрине, тебіренесің, толғанасың, ұшақ терезесінен ту төменге тойымсыз қадаласың. Алайда, мен осында жүргенімде жергілікті телеарнаның сайтынан «Шымкентте оралмандар бүйрегін сатуға мәжбүр» деген хабарды көзім шалды. Үнемі қалта телефоным арқылы интернетті қарап отырамын ғой. Сіздерді қайдам, мұндай хабарлар біз жақта қатты әсер етеді. Оралмандар деп оларды артқа тартып, одан саяси мәселе көтермей-ақ, қоғамдық, әлеуметтік мәселе ретінде көрсетсе болар еді деп топшыладым. Мұндай ұрда-жық хабарлармен аттандап кетудің қажеті шамалы еді. Осындай оқиғалардың салдары шетелдегі қазақтардың тарихи отанына оралуына айтарлықтай кері ықпал етері анық. Сөздің шыны керек, қазақ көшінің керуені тосылып қалды. Оған себеп, Қазақстан азаматтығын алу тым қиындап бара жатқандығында. Түрлі құжаттардан бас айналады. Оның сыртында, алыпсатарлардың арбауына түскен аңғал қандастар, азаматтық алмақ түгілі, қолындағысынан айрылып кері қайтуға мәжбүр болғандары да бар екен. Оған дәлел ретінде, көрші Монғолиядан, Қытайдан келген біраз отбасының кері қайтқандығын айтсақ та жеткілікті. Мен осынау кең далаға қарап тұрып, шетелде өзге елдің туының астында қызмет етіп жүрген жас ғалымдарды, спортшыларды, өнерлі жастарды осы далаға қожайындық етуге неге шақырмасқа деген ой келді. Бір Шыңжаң өлкесінің Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарында қаншама қазақтың жастары атамекенге жетуді аңсап жүр. Солардың ішінде небір физик, химик, математик, футболист жастар жоқ деп айта аласыз ба? Әрине, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, осындай шалағай, сауатсыз ақпараттар қарапайым халықтың сана-сезіміне кері әсер беретіндігін естен шығармаған абзал. Мәселен, Қазақстанда 120 ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүреді емес пе?! Ал біз ешқашан да оларға ат қойып, айдар таққан емеспіз. Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, басқа ұлттар да дене мүшесін сатып жатқан болар, бірақ ондай жағдай өте аз деп ойлаймын. Әрі мұндай саудаға қолдың қысқалығынан бармаса, кім өз етінен ет кесіп берсін? Ақиқатын айтар болсақ, өзге ұлттардың жағдайы жасалған. Олар зәулім үйлерде тұрады. Көгілдір отын үйлеріне тартылғандықтан, көмір жағып, күл шығармайды. Жасаған ортасы, жатқан жері таза әрі тамаша. Бастысы олар Ата Заңмен ерекше қорғалады. Ал, бізде керісінше, жалдамалы пәтер, жалаң-аяқ кедей. Әлгі қандасымыз жалқаулықтың себебінен жан баға алмай осындай әрекетке баруы мүмкін. Әйтпесе, Шымкент қаласында жұмыс жоқ дегенге кім сенеді? Адам өсімі бар жерде базар болады. Ал базар экономикасы бар орында жұмыс табылары анық. Оған сенімдімін. Сондықтан, ұлт, ел мәселесі тұрғысында хабар таратуда журналистер сәл ойланса деймін.
     – Алаштың аймаңдай ұлы Мағжан Жұмабев «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін», - дегендей, заманымыздың болашақ құрушылары, көсемдері, шешендері қазақ жастары туралы қандай ой түйдіңіз?
       – Әрине, шетте жүрсек те, Алаш арыстарының жазған жыр, айтылған әңгімесін әр кез есімізде сақтап жүреміз. Сол Мағжан сенген қазақ жастарын кеңес өкіметі қанша жерден қырдық-жойдық, өртеп-құрттық дегенімен, олардың рухын тұншықтыра алмады. Әрине, «ген» деген ұғым бар. Біздің қазақ оны қарапайым сөзбен «қан» дейді. «Қанына тартпаса қазақ болып па?», – деген де сөз бар. Біздің бойымыздағы Түркі, Сақ, Үйсіндерден жеткен қан әлі бүзыла қойған жоқ. Қазақстанға келген сайын, көшеде кетіп бара жатып, қазақтың алпамсадай жігітін, жамалы жауған қардай қыздарын көріп, іштей қуанамын. Мұндағы қазақ жастарының бойындағы кеңпейілділік, шыншылдық, білімділік, батылдық сол қасиетті қанымен келіп жатыр. Қазақтың тегі, қасиеті де осында. Сондай жастарды көріп, көңілім бір марқайып қалады. Мен өзім өзге ұлттың жастарымен бірге оқыдым. Қытай жастарымен қаншалықты аралассам да, мен үшін олар бәрібір суық. Олардың не ойлап тұрғанын біле алмайсың. Себебі қанымыз бөлек. Қазақстанмен арамыз жарым ғасырға жуық бөлініп қалды. Барыс-келіс үзілді. Өз Отанымыздан жырақта, не болып жатқанынан хабарсыз болдық. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана, арамыз жақындап, екі мемлекет арасында барыс-келіс жақсы көрініс тапты. Біз оған шын қуанамыз. Әрдайым екі мемлекеттің арасы жақсы болса екен деп тілеп отырамыз. Себебі, ондағы туған жерін жатқа тастап, баба далаға сапар шеккен әрбір отбасының жалғыздары, «Қазақстанда өсемін, өнемін», - деп келуде. Олардың артында тілеуін тілеген қарт ана, қадірлі әке қалды. Ендеше, тыныштық бұзылмасын. Әрқашан «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш заман болсын.
      – Осыдан біраз жыл бұрын бір газетте «Құстар құрлы болмадық па?», - деген мақала жарық көрген болатын. Сонда жыл қүстары да өз мекеніне қайтады. Біз де жылы мекенімізге бет алайық деген мазмұндағы эссе жарияланған еді. Сіз де құстар секілді Атажұртқа қайтатын ойыңыз бар ма?
     – «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», – деген аталы сөзді айтқан сайын ойыма Сұлтан Бейбарыс орала береді. Қартайған шағында қыпшақ даласын сағынған ер оғланның бейнесі әрдайым санамда жаңғырып тұрады. Төлеген Айберген деген ғажап ақынның: «Мен сене алмаймын, Қазақстанға сенгеннің, басынан базар ұшқанға» деген өлеңі бар ғмғс пе. Керемет келісті жыр. Кейде ойлаймын, өзім үшін болмаса да, бауыр етім, ұрпағым үшін өз Отаныма қайтуым керек деп. Олар да өз Отаны бар екенін, тілі, діні барын ұмытпауы тиіс. Үш жастан асқан балама Қазақстанның Әнұранын жаттаттым. Оған не үшін үйреттім? Өйткені, қаны қазақ, Отаны Қазақстан екенін үнемі санасынан шығармаса екен деймін.
      – Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге көп рахмет!

    Автор: Нұршат Төкен, "Алаш айнасы" газеті

толығырақ

     «Қазақ еліне Жұмабек Тұрсын келді» деген ақжолтай жаңалық халық арасында тез тарап кетті. Ережесіз жекпе-жектен Қытайда бет қаратпай, миллиардтың ішінде топ жарған жігіт. Америкадағы UFC додасына жол салған тұңғыш қазақ та сол Жұмабек. Батырды көруге біз де асықтық. «Әлем файтерс» клубында жаттығып жүрген ол әңгімені атамекенге деген сағыныштан бастады.

                                                UFC-дегі тұңғыш қазақ
    «Жас қазақ»: Жұмабек, тарихи отаныңызға бұл тұңғыш келуіңіз екен...
     Жұмабек Тұрсын: Иә, талай жыл бойы көкірегімде тұрған тоң жібіді. Шекарадан өткен бойда, денем жеңілдеп қалды. Рухым көтерілді. Бөтеннің емес, өзімнің жерімді басып тұрғаныма қуандым. Атамекенге ат ізін салдым, елдің дәмі бұйырды. Бұдан артық не керек?! Қазақстанға келуді 20 жыл бойы армандап едім. Шүкір, бұл күнге де жеттім.
      «Жас қазақ»: Ал Қанат Ислам секілді түбегейлі қоныс аудару ойыңызда бар ма?
     Жұмабек Тұрсын: Бұл да жүрек түкпіріндегі арман. Достарым, туыстарымның бәрі осында. Енді соңымнан ерген екі інімнің құжаттарын реттеп, елге келудің қамын жасаймын. Жалпы, жалғыз мен емес, Қытайдағы қазақтардың барлығы да атамекенге өтсе ғой...

    «Жас қазақ»: Ғаламтордан сіз қатысқан жекпе-жектерді қазақ жанкүйері қызыға тамашалайды. Спорттың бұл түрін таңдауға не түрткі болды?
    Жұмабек Тұрсын: Білесіз бе, осы жасымда спорттың адамға өте керек екенін түсіндім. Әсіресе, шетте жүрген жандар үшін дене тәрбиесі ауадай қажет. Өзгенің жерінде жүрген соң, рухың биік болуы тиіс. Ал рухты көтеретін жалғыз құрал – спорт. Бала кезімнен спортқа құмарттым. Мектепте оқып жүргенде футбол ойнадым, күрестім, бокс қолғабын да киіп көрдім. Өсе келе еркін күреске ден қойдым. Балуан бабаларымен мақтанатын қазақпыз ғой. Менің де күрес десе, бір иығым бұрып тұратын. Алдымен Іле Қазақ автономиялы облысында чемпион атандым. Кейін ішкі Қытайға барып, жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінің қола жүлдесін иелендім. Осылай жалғаса беруші еді. Алайда, ересектер арасындағы сында жолым болмай қойды. Кей кездері өзім сыр берсем, көп жағдайда төрешінің аяқтан тартуы мен нәтижені бұрмалауына тап болдым. Содан соң, ережесіз жекпе-жекте бақ сынауға бел будым. Мұнда кімнің мықты, кімнің әлсіз екені анық байқалады. Ең бастысы барлығы да әділ өтеді. Маған да керегі әділдік еді.
    «Жас қазақ»: Бүгінге дейін қанша жекпе-жек өткіздіңіз?
    Жұмабек Тұрсын: 27 жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтадым. Өкінішке қарай, UFC-дегі алғашқы белдесуім сәтсіз болды. Бірақ жеңіліс жеңістің анасы деген бар. Алда әлі өз мықтылығымды дәлелдеймін. Айтпақшы, екі мәрте Азиядағы додадан «Алтын белдік» алғаным бар.
      «Жас қазақ»: UFC-ге сапарыңыз қалай басталды? Ережесіз жекпе-жектің шыңы саналатын бұл додаға жолыңыз қалай түсті?
      Жұмабек Тұрсын: Қазір Қытай спорттың осы түріне қатты ден қоюда. Үлкен қалаларын айтпағанда, әрбір қыстақта ережесіз жекпе-жек бәсекесі апта сайын өтіп жатыр. Осы саладағы америкалық мамандарды елге шақырып, жас спортшылардың әлеуетін арттыруды жолға қойды. Бір сөзбен айтқанда, ережесіз жекпе-жекті дамыту үшін үлкен қаржы бөлінуде. Жоғарыда айттым, мен өз салмағымда Қытайдың үздігі едім. Менің белдесулерімді тамашалаған UFC мамандары арнайы іздеп келіп, біраз бақылады. Оларға өнерім ұнаса керек, көп ұзатпай 2 жылға жарамды келісім-шарт ұсынды. Талап бойынша, мен 4 жекпе-жек өткізуім керек. Бірінші белдесуім Макаода Филиппин балуанына қарсы өтіп, ұпай саны бойынша ұтылдым. Енді екінші жекпе-жек маусым айында Лас-Вегас қаласында өтеді.
       «Жас қазақ»: Келесі қарсыласыңыз туралы ақпар бар ма?
     Жұмабек Тұрсын: Алғашында англиялық азаматпен белдесесің деген еді. Қандай да бір өзгеріс болмаса, Британия аралының өкілімен кездесуім бек мүмкін.

                                      Батырлар жырын оқитын батыр
     «Жас қазақ»: Қытайда өзіңізден басқа ережесіз жекпе-жекте жақсы нәтиже көрсетіп жүрген қазақ балалары бар ма?
     Жұмабек Тұрсын: Әрине, бар! Жиырмаға жуық қазақ баласы спорттың бұл түрімен айналысады. Олардың дайындығына өзім бас-көз болып жүрмін. Қазір әрқайсысы Қытай өлкелерінде жаттығып жүр. Болашақта оларды Қазақстанға алып келуді ойлап жүрмін. Өйткені, мұнда халықтың құшағы кең. Оның үстіне, ұлттық тағамдар қатты ұнап жатыр.
      «Жас қазақ»: Елге келгелі бері сіз қымыз-шұбатты сіміріп жүр деп Ардақ Назаров та айтқан болатын...
     Жұмабек Тұрсын: Иә (күлді). Қазақтың ұлттық тағамдарына жететін ас жоқ. Қымыз бен шұбаттың күш-қуатты арттыруға көмегі көп. Алматыда одан бөлек өзімнің боксшылық қырымды да жетілдірдім. Қазақ бокс мектебінің әлемде алар орны бөлек қой.
    «Жас қазақ»: Қазақ спортшыларының аяқ алысын бақылап тұрасыз ба?
     Жұмабек Тұрсын: Көк туды көтерген әрбір азаматқа тілеулеспін. Олимпиада мен әлем чемпионаты өтіп жатса, біздің байрақ биікке көтеріле ме деп елеңдеп отыратыным рас. Қытайда ғана емес, әлем алдында өз мықтылығын дәлелдеген Қанат Ислам ағамызды қатты сыйлаймын. Қаны бөлек кісі ғой. Бейбіт Шүменовтің кездесулерін асыға күтемін. Геннадий Головкиннің жекпе-жектерін тамашалаймын. Жаңқош Тұраров та болашағы бар боксшы.
     «Жас қазақ»: Сегіз бұрышты торға қазақтың күйін ойнатып кіресіз. Ал жеңісті қалай тойлайсыз?
    Жұмабек Тұрсын: Жеңгенде «Қара жорғаны» билеу қаныма сіңген. Жанкүйерлерім үшін билеп те беремін. Енді, жеңісті тойлап алу керек қой (күлді).
      «Жас қазақ»: Жұмабек Тұрсын еркін күрес пен ережесіз жекпе-жектен бөлек немен айналысқанды ұнатады?
     Жұмабек Тұрсын: Қолым қалт етсе, батырлар жырын оқимын. Қазақтың тарихына қайтадан көз жүгіртемін. Уақытым болғанда, қытайдағы қазақ балаларына бар білгенімді үйретемін. Өйткені, бір жаттығу залында қазақ, қытай, ұйғыр, дүнген, моңғол балалары жүреді. Біздің қарагөздерге үнемі «Рухтарың биік болсын!» деп ақыл айтып отырамын. Көп ұлттың ішінде өзіңді көрсету үшін қайталап айтамын, рух керек.

Мақала «Жас қазақ» газетінен алынған

толығырақ

    Қазақ осы заманғы тарихында өз орнын ойып тұрып алған, алты Алаштың арманын бөліп-жармай, ортақ көтерген, тұтас Алаш ұранды Қазақтың басын біріктіргісі келген бірден-бір қозғалыс – Алаш Орда қозғалысы. Бірден-бір үкімет ол – Алаш-Орда үкіметі. Алаш  партиясы мен Алаш орда үкіметі, Алаш қайраткерлері туралы аға буын,  орта буын құлшына еңбектеніп жүр. Тіпті саясат сахынасына енді қадам басқан орта-жаңа буын саясаткерлерде өз имидждерін қалыптастырып, халық алдындағы бет-беделін көтеру үшін Алашордашыларды қалқан ететін кезге жеттік. Бір есептен бұл да жетістік. Біздің бүгінгі Қазақстан қоғамында кеше ауызға алу қылмыс болып саналған Алашордашыларды зерттеу, мадақтау, таныту аброй, мәртебе болса одан артық бақыт бар ма? Бұл да болса тәңір берген тәуелсіздіктің  баға жетпес тартуы болса керек.

    Бірақ, Алаш партиясы, Алаш орда үкіметі, Алаш қайраткерлері туралы айтылымда, зерттеулерде елеусіз қалып жатқан жақтарда жоқ емес. Соның бірі Алаш орда қайраткерлерінің ШығысТүркістанды мекен еткен  Қазақтармен болған қарым-қатынасы, барыс-келісі болса керек.

    Шығыс Түркістанды мекен еткен Абақ Керей елі 1857 жылғы Жоңғардың соңғы қонтайшысы Әмір-Сананың Қытайды билеп отырған Мәнжу империясының қалың қолынан жеңіліс тауып, Жоңғар ордасының толық күйреуімен бірге көштің басын қазіргі Шығыс Қазақстанға, содан кейін  Қалба тауын ендей өтіп, Ертісті өрлеп, қазіргі Қытайдағы Алтай аймағына қоныс теуіп, орныққан кезі 1890 жылдарға тура келіп еді. Абақ Керей көшін бастаған Ер Жәнібек батырдың Жоңғар  ордасы күйрей салуымен, елін Шығысқа бастап көшу себебі – кемеңгер  жырау айтқандай, рулар арасындағы тойдан шыққан төбелес емес, қайта «Өзеннің басын алмай, өзегі сенікі болмайды!» деген Абылайдың көреген стратегиялық шешімі болса керек.

    Абылай тапсырмасын  құп алған Ер Жәнібек  қайтсе де  Жоңғардан босаған Ертіс өзеннің басын алуды мақсат тұтып, қазіргі Алтай аймағының қиыр шығысы болып келетін, бұл күндері «Өр Алтай» аталатын Көктоғай, Шіңгілге дейін жер шалып барып, көштің басын Өр Алтайға дейін жеткізіп, Ертістің басын алуды жас батырларға бұйырған. Ер Жәнібектің бұйрғын екі етпеген Қотырақ, Байқан батырлар елін бастап, Ертісті кешіп өтіп, бүгінгі Алтай аймағына кереге жайды. Сол тарихтың куәсіндей  «Қотырақ өткелі, Байқан өткелі»  атанған өткелдер әлі тарих куәсі болып, ел жадында сақталуда. «Өзеннің басын алмай, өзегі сенікі болмайды!» деген данышпан Абылайдың стратегиялық байламы Қазақтың екі батыры Ер Жәнібек пен Райымбекке жүктелген сияқты.

    Ер Жәнібек елін бастап Ертістің басын алғанда Райымбек батыр Іленің басын алуға қол бастап шығып, жауды түре қуып, Абылай әмірін орындаған деседі. Алайда, Абылай көрегендік танытып, Ер Жәнібек пен Райымбек ерлік көрсетіп, елді Ертіс пен Іленің басына жеткізіп, екі өзеннің басын алғанмен, бұл күндері іргелі ел болып, жан саны жарты милионнан асып, Алтайдың Абақ Керейі атанып, Алтайдың өр басының күнгейі мен теріскейін жайлап, Ертісті иелеп жатқанымен Абақ елі мен Іленің басын алған, жансаны милионға жеткен Албан-Қызай елі жат қолында қалып қоймай, Ертіспен Іленің басы да қолдан кетіп,бұл күндері Ертіс пен Балқаш бас ауруымызға айналып отырған жоқ па?

Alashorda 1

    Тарихтың ширына түсіп, өткенді айтып кеткеніміздің жалғыз ғана себебі бар, ол сонау Абылай заманы болсын, кешегі Кенесары заманы болсын, алты Алашты біріктіріп, Алашорда үкіметін құрған Алаш-Орда заманы болсын бәрін де Қазақ даласы шет-шекараға бөлінбей, бір ниетте, бір ұранның астында болғанын айтқымыз келеді. 1913-1921 жылдары шыққан Алаш-Орда қайраткерлері бас болған «Сарыарқа», «Иртиш илі», «Айқап», «Қазақ» гезеттерінің бүгінге жетіп сақталған сарғайған парақтарын ақтарсаң бұл күні Қытай, Моңғол шегінде қалған Алтайдың Абақ Керейлерімен бірде үзілмеген қарым-қатынас, хат-хабарларын, ортақ күреске деген адал ниеттерін білеміз.

Алаш партиясы құрылып, Алаш-Орда үкіметі  алғаш жұмысын бастағанда-ақ сол кез Қытай елін билеп тұрған Мәнжу империясы қарауындағы  Алтай-Тарбағатайдың Керей-Наймандары жат елдің қарауында отырса да өздерінің игі тілектерін айтып, жаңа құрылған Алаш үкіметіне рухани жане қаржылай қолдау көрсеткенін төмендегі хаттан көруге болады. Хаттың «газеттен оқуымызша» деген сөзбен басталуына қарағанда Алтай Керейлері Алаш газеттерін үзбей оқып тұрса керек.

Тілеулестік

 Қытай жұртына қараған Алаш ұранды Абақ Керейінен:

    Газеттен көруіміз бойынша, Россия жұртына қарған Қазақ-Қырғыз бірігіп, өз алдына жұрт болып, Алашордасын тігіп, Алаш туын көтерді дегенді естіп, Патшамыз басқа болса да ұранымыз-Алаш, нәсіліміз-Қазақ болғандықтан, Алаш баласының басы қосылып, жұрт қатарына кіруіне тілектестігімізді білдіреміз. Ойлағандары ойынан шығып, іске сәт берсін!

Ұлт қазынасына жәрдем беруші: Қытай Қазақтары.

   Хат соңына сол кез Алтай Абақ керейлерінің игі-жақсылары қол қойып,өздерінің атаған көмек қаражаттарын жазып, қол қойған.

Хат 1918 жылы Семейден шыққан “Сарыарқа” газетінде жарияланған

Осы  тектес хатты қазіргі Қытайға қарасты Тарбағатайдың Керей-Наймандары да жазған.

Басқармаға:

   «Қазақ» гезетінің 237 нөмерінің босқын Қазақ-Қырғыз халын Өтежан Жаралақ жазғанын көріп, Шәуешек мұсылмандары арасынан төменде аты жазылған адамдардан 2200 сом ақша жинап, «Қазақ» басқармасына 12 январда жіберіп қойдым. Қолымда 17  және 13-январда  Шәуешек поштаханасынан алған квитанциям бар. Соңғы кезде білдік, Орынборды 18- январда болшевиктер алғаннан кейін «Қазақ» газетін шығарушы Ахмет пен Міржақып Орынбордан шығып кетіпті. Сондықтан жоғарда жиналған ақша олардың қолына тапсырылмаған көрінеді. Сөйтсе де,  «Қазақты» одан кейін басқарып қалғандар ақшаны алған шығар, мүмкін, тиісті орнына жіберген шығар деп ойлаймын. Бірақ, бұл күнге дейін газет жүзінде еш хабар болмады. «Сарыарқа» басқармасынан өтінерім: осы хатымды бассаңыздар екен. Мына қайрлы іске ақша бергендердің алдында есеп бергенім болсын, һәм басқаларға үлгі болсын. Жоғардағы ақшаны алған-алмағандығын, тиісті орынға  тапсырған-тапсырмағанын «Қазақты» осы күні басқарып отырған азаматтар газет жүзінде жауап қайтарса екен.

    Хат соңына сол кезде Тарбағатай бетіндегі игі-жақсы ел азаматтарының аты жане олардың «Қазақ» басқармасына жіберген қаржылық көмектері жазылған.

    Мысал үшін келтірген екі хаттың мазмұнына қарасақта Алтай-Тарбағатайды мекен еткен Керей-Найман жұртының Алашорда үкіметінен де, олар шығаратын газеттен де ешқашан қол үзбей, рухани-қаржылық жақтан қолдау көрсетіп, орыс шегінде жатқан Қазақ-Қырғыз елінің тәуелсіз ел болуына деген үлкен тілегін, адал ниетін көреміз. Қай заманда болмасын, қандай жағдайда болсын, қай елде өмір сүрсе де  «Нәсілім-Қазақ,Ұраным-Алаш» деген  Алтайдың теріскейі мен күнбетіндегі Қазақ жұрты осы тәуелсіздікті аңсап, қолдап өтті. Олардың жүрегі бірде-бір минут Қазақ еліндегі бауырластарынан бөлек соғып көрген жоқ.

    Бұл күндері тәуелсіздік алып, көк байрақты көкке көтерген ел болып, есімізді жиған кезде сонау қиын-қыстау кездерде ерлерімізге тілекші, көмекші болған, жалпы, Алаш жұртының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күрескен ерлерге алыстан күш беріп, көмек қолын созған ерлерімізді, сол ерлерді тудырған, бұл күнде шекараның сыртында қалған іргелі елді ұмытпағанымыз әруақ алдында да, Алаш алдында да өтелмек парыз болмақ.

    Жоғардағы екі хат тек интернет бетінде жарияланған, тарих әуескерлерінің қолына түскен кездейсоқ деректер. Ал 1913-1921 жылға дейінгі аралықта Алаш орда қайраткерлері мен Алтай Тарбағатайды мекендеген іргелі елдің ел бастаған ерлері арасында қаншама сырға толы, бүгінгі ұрпақтарға үлгі-өнеге боларлық өнегелі тарихы қалғанын тек Тәңір мен бұл күндері сарғайып архивте жатқан Алаш қайраткерлері шығарған Қазақ газеттері ғана біледі.

    Алаш-Орда тарихын зерттеуде, зерделеуде жауапсыз сұрақтар әлі де көп. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш қайраткерлері Шәуешекке неге барды? Қандай мақсатпен барды? Қандай нәтижелерге жетті? Алаш үкіметі бұл күнде Қытай шегінде жатқан Қазақтар мен Қазақ жеріне қандай көзқарас ұстанды? Міне, осы сұрақтардың жауабын Алаш-Орда қайраткерлерінің жазған еңбектері мен шығарған газеттерінен зерделеп, Қазақ тарихын бүгінгі Қазақстан мемлекетінің шекарасымен ғана шектемей, кеше ғана өткен ұлы Алаш-Орда қайраткерлері мен соған тілектес, ниеттес болған Қазақ жұртының тарихы ескерусіз қалмаса деген тілек бар.

    Халел Досмұхамбетұлы тергеушіге берген жауабында “Біздің мақсатымыз барлық Қазақтың басын қосу болатын. Сондықтан Қытайдағы Қазақтарды да қосып алуды қарастырдық. Әрине, ондағы Қазақтар өздері мекендеп отырған территориясымен Алаш-Орда құрамына кіру керек деп есептедік”, – деп мойындама жазыпты. Олай болса, тарихын толықтап, жоғын жоқтаған Қазақ елі де шетте қалған тарихын бүгінгі ұрпағына жеткізу міндетін үстіне алу керек деген ойдамыз.

    http://altyalash.kz, Серік Мұратхан

толығырақ

   Қытайдың астанасы Бейжіңде тұратын қазақтар балаларына арнап «Қазақ бала» атты клуб құрды. Өткен демалыс күндері ұйымның қоғамдық іс-қимылдары өтумен қатар, тұңғыш «Тілашар» қазақ тілі курсы ашылып, қазақ балаларына дәріс оқылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

   Біз клуб жетекшісі Жанар Сіләнбекқызына телефон арқылы қоңырау шалғанымызда әк суын абайсызда жұтып, асқазаны мен өңеші ауыр зақымдалған Ақерке есімді 7 жасар қызға ота жасалып жатқанын, науқастың анасының қасында екенін айтты. Біз де науқасқа отаның сәтті жасалуына тілектес екенімізді білдіріп, сұрағымызды қиялай қойдық.

    «Біз жырақта жүрген қазақтың ұл-қыздарымыз ғой. Барлығымыз дерлік жоғары оқу орнын Бейжіңде оқып, қызметке орналасып, шаңырақ көтеріп қалып қойғанбыз. Балаларымыздың тіл мәселесі бізді қатты алаңдатып келген еді. Сонымен қоса жас жеткіншектер қазақ мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрін де біліп өссін деген ортақ ойдың жетегімен осы жылдың 28 наурызында «Қазақ бала» атты клубымызды құрғанбыз. Бейжіңдегі қазақ ата-аналардың қолдауында жұмысымыз тез басталды. Демалыс күндері танысу мақсатында балабақша мен бастауыш сыныптарда оқитын қазақ балалары мен олардың ата-аналарының басын қостық. Онда балалар арасында ойындар ұйымдастырумен қатар, ата-аналарды Шыңжаңның алыс ауылынан келіп, үлкен қалада емделіп жатқан Ақерке есімді қызымызға жылу жинауға шақырдық. 2010 жылдан бері ауыру азабын тартып келе жатқан бала мен оның жалғыз басты анасына Пекиндегі барлық қазақтар қайырымдылық қаражаттарын жинап бердік. Сондай-ақ, «Тілашар» қазақ тілі курсының да жұмысын бастадық. Бейжіңде тұратын Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің өкілі, тіл маманы Райхан Әбішова балаларымызға әліппені таныстырып, тұңғыш дәрісімізді жүргізді», - дейді Ж.Сіләнбекқызы.

    «Тілашардың» алғашқы сабағына Қытайдың бас қаласында орналасқан қазақ отбасынан 16 бала мен 19 ата-ана қатысты. Бұдан кейін әр жексенбі күні болатын «Тілашардың» шәкірттері көбейетініне бейжіңдік қандастарымыз сенімді. «Туған ауылдан алыс Бейжіңде жүрген қазақ балаларына тілдік орта жетіспейді. Кейбірі отбасында ғана қазақша сөйлесу орайына ие болады. Ал, кей ата-аналардың өзі қытай тілінде оқығандықтан оларға қазақшадан гөрі қытайша пікірлесу жеңілірек. Заман талабы да қытай тілі мен ағылшын тілін еркін меңгеруді қажетсініп отыр ғой. «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алады» дегендейін осылай кете берсе кейінгі ұрпақтың ана тілінен айырылары даусыз. Алып шаһарда тұратын қазақ ата-аналарының көкейінде жүрген күдікті «Қазақ бала» клубы сейілтті. Клуб ұйымдастырушылары өткен сенбіде 15-тей отбасының басын қосып Рытан бағында балаларды өзара таныстыру және отбаысылық сайыстар өткізу сияқты шараларды алып барған болатын. Жексенбі күні клуб «Тілашар» курсын ұйымдастырды»,-дейді Қытай Қазақ радио сайтының тілшісі Дауыл Қадылбекұлы.

    Жаңа ғана құрылған клубтың жоспарлары да жасалған. Алдағы уақытта Бейжіңде білім алып жатқан өнерлі қазақ студенттері балаларға қазақ ән-биінен сабақ беріп, домбыра курстарын ұйымдастырғалы отырғанын қуанышпен жеткізген клуб жетекшісі Жанар Сіләнбекқызы: «10 мамырда клубымыздың құрылғандығын ресми түрде атап өтіп, үлкен жиналыс өткізсек деп отырмыз. Сондай-ақ, 1 маусым Халықаралық балалар күніне орай концерт ұйымдастыру ойымызда бар. Әнші Тасқын Табысұлы мен Арай Айдарханұлы қатарлы бауырларымызбен қоса ән-би мен күйді де қоса үйретіп берейік деген талантты бауырларымыз бар. Қытай астанасында ұзақ жыл қызмет еткен профессор ағаларымыз бен апаларымызды да арнайы шақырып, балаларға қазақтың мәдениеті мен тарихынан дәріс оқытпақпыз», - дейді. Айта кетейік, бұл күнде Қытайдың астанасы Бейжің қаласында 300-ге тарта қазақ тұрады. Олар негізінен сондағы зиялы қауым мен студенттерді құрайды.

    Майгүл СҰЛТАН,BAQ.KZ

толығырақ

   Қытайдың жоғары оқу орнын жаңа ғана бітірген жас қандасымыз Мұхаммед Нұхтархан мен Қайырымбек Кәкім «Әз баба» маркалы қазақтілді смартфон жасап, базарға салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

   «Бұрыннан жекелік сайтымызда қазақтілді андроид бағдарламаларын жасап жүрген біз үшін «Әз баба» маркалы қалта телефонын жарыққа шығару қиынға түскен жоқ. Жарым жылға жуық уақыт ішінде бағдарламаларын жасап, терминдерді бірлікке келтіріп ең алғаш төте жазудағы смартфонды дүниеге әкеліп отырмыз»,-дейді биыл ғана Шанши Педагогика университетін тәмамдаған Мұхаммед Нұхтархан.

    Қазақ тілін білетіндер ғана қолдана алатын смартфонның тағы бір ерекшелігі – ұлттық ойындар орнатылып, ұлттық тағамдар жасауды техника тілімен сөйлеткен. Сондай-ақ, екі дос телефонға қазақ руханиятында орны ерекше қазақша кітаптар мен діни сауаттылыққа арналған кітаптардың электронды нұсқаларын енгізген екен.

 

    Жекелік сайттары да «Әз баба» (www.azbaba.com) деп аталатын бауырларымыздың бұл атты неге таңдағанын білгіміз келгенде, олар: «Атам заманнан әз бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен ат үстінде жүріп қарсы келген дұшпанды жойып, елді, жерді қорғады. Сол рухты жалғасақ деген ниетпен ат құлағында ойнамасақ та, осынау техника заманында өзгеге есемізді жібермей техниканың тілін меңгерсек дедік. Сондықтан ең алдымен «Әз баба» сайтын құрып андроидтық жүйедегі барлық программаларды қазақшалап қана қоймай тың дүниелер жасауға кіріскенбіз. Сол жұмысымыздың арқасында әз Наурызда «Әз бабаны» базарға шығардық», - деді.

 

 

   Мұхаммедтің айтуынша, «Әз баба» сайтында техника тілін ана тілімізде сөйлеттіруді мақсат еткен бір топ оқуын жаңа ғана бітірген қазақ жастары жұмыс жасайды екен. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендейін, телефонның шығуына осы достарым көп еңбек сіңірді. Оларға алғысымыз шексіз!», - дейді ол. Қазақы үлгідегі флешкалар мен балалар ойыншығын да жобалап базарға шығарып отырған жастар «Әз баба» ұялы телефонының екінші нұсқасын да жасауды жоспарлап отыр екен.

   «Енді біз «Әз баба» сенсорлы телефонының жаңартылған үлгісін жасамақпыз. Әсіресе, келесі нұсқасын ою-өрнектермен әшекейлеуді көздеп отырмыз», - дейді Қытай Экономика университетінің түлегі Қайырымбек Кәкім.

    Майгүл СҰЛТАН, BAQ.KZ

толығырақ

    Қазақстан ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» конвенциясына 2011 жылы қосылған екен. Міне осы аз ғана уақыт аралығында әр түрлі деңгейде жұмыстар жасалынғандығы жайлы түрлі ақпарат көздерінен құлағдар болып келеміз десекте, осы салада көңіл көншітерлік алға басу, ілгерілеудің болғандығын жасалынған жұмыс нәтижесінен көре алғанымыз жоқ.

    Сол материалдық емес мұраны насихаттауда өз ішімізде, одан әрі дүние жүзіне таныту мәселесі «күлтөбенің басында күнде жиын» болып жиі талқыланып, айтылып жатсадағы, сөзден іске көшіп нақтылы нәтиже шықпай келгеніне баршаға белгілі. Қазақтың күнделікті өмірі мен тұрмыс-тіршілігінен туындаған қаншама материалдық емес мәдени мұрасы өз ортамызда от басы, ошақ қасында айтылғандай, құмда ізі, сайда шаңы көрнбеді. Осы мәселе маза бермегесін өзге халықтар бұл бағытта қандай қарекет жасап жатыр екен деген қызығушылық жан-жағымызға қарайлатып жүретін. Сөйтсек, алыстан іздегеніміз жақыннан – көрші қытай еліндегі қазақ қандастар арасынан табылып, қызықты дүниелерге кез болдық.

     Бүгін әркім өзінің төл дүниесін, бары мен жоғын түгендеген кез. Бұрын да солай болатын, қазіргі жаһандану заманында бұл әрекет тіпті өршіп кеткен секілді. Себебі, өзінің құнды дүниесі деп санаған материалдық немесе материалдық емес мұрасын халықаралық ұйымдардың тізіміне әлі келгенше кім бірінші болып енгізсе, сол дүние бірінші қамданған халықтың еншісінде кетіп, дәл сол мұраның тең құқылы иесі өзге туыстас көрші халықтар тізімге кірмей қалатынын өз басымыздағы мысалымыздан көріп келеміз. Оның басты себебі аталмыш мұраның халық арасында бар екендігін тайға таңба басқандай етіп ғылыми сипаттамасын жасап, бейнематериалдармен дәлелдеп комиссияға ұсына алмауы. Нағыз қазақтың төл өнерін, төл материалдық емес мәдени мұрасы болып есептелер құндылықтар өзге туыстас және туыстығы алыс жатқан халықтардың атынан хатталып, сол халықтардың құндылығы болып дүние жүзі қауымдастығына танылған мұра ретінде тізімде жүр, немесе жекеленген кәсіпкерлердің рәсімделген авторлық иелігінде өндіріске өтіп кетіп, бүгінде бірінші болып рәсімдеген кәсіпкердің қалтасына пайда әкелуде. Ол мұраны иемденген халық пен кәсіпкерлер мақтансын, игілігін көрсін, оған біздің дауымыз жоқ. Тек өз еншіңнің біреудің қанжығасына байланып кеткені діңкені құртады, оны айтпаса сөздің атасы өлмек. Басқа жұрт ұлт мұрасын түгендеп, тізімдеп, республикалық, халықаралық ЮНЕСКО деңгейінде құндылықтардың тізіміне жанталаса енгізіп жатқан мына заманда қазағым сол баяғы жайбасарлығынан ажырамағандай. Біздің республикадағы осы бағыттағы қазіргі хал жай әлі ұйқысынан оянбаған, малы жайылымға өзі өріп, иесі тал түске дейін бықсып ұйқтап жататын, шаруаға қыры жоқ жан тыныштығын көп күйттеген еріншектің мимырт тұрмысындай көрінеді де тұрады.

     Әр қазақ өзінің жүрек түкпірінде ұлтын, халқын, жерін, мемлекетін, Президентін шама шарқынша мақтан тұтады. Біз де өзімізді сол қазақ елінің патриоты санап келдік. Сол халыққа, адамдарға қоршаған ортаға, туған елге, жерге деген сезімдер мен көзқарастар өзге ел мен жер көріп барып, ол жақтағы халықпен танысы келгенде кейде түбегейлі өзгерістерге түсіп отырады екен. Сондай өзгерісті біз аз уақытқа көрші қытай (жүңге) жеріне барып келгеннен кейін өз бойымыздан көрдік. Бұл тек бір жүңге елі емес, басқа да көрші қонған елдердегі қазақ қандастарды аралап, өнері мен мәдениетін зертей жүріп салыстыра қарағанда туындаған ойлар. Әрине, менің бұл жеке басымның субъективті пікірі болғандықтан оған қарсы айтылар даулы уәждер де жеткілікті боларын алдын ала көріп біле отырып өз ойымызды тарқата түспекпін. Біз айтқан бұл пікірлерге басқа алыс-жақын елдердегі және өзіміздің «қазақ» қандастарымыз ренжи қоймас деген ойдамын.

    Іс сапармен бір ай көлемінде көрші жүңге еліндегі қандастарымыздың ауыз әдебиеті, өнері мәдениетін жинақтаған сапар барысында біз жергілікті зиялы қауым өкілдерімен осы мәселе төңірегінде жүздесіп сұхбаттасудың реті келіп біраз мәселенің байыбына қанықтық.

    Осы сапардан кейін «жүңге еліндегі қазақтар – нағыз қазақтар және халқын, ұлтын сүйетін патриоттар» - деген ойға келдім. Оны мен Қазақстаннан тысқары, төрт құбыласында тарыдай шашырай орналасқан Өзбекстан, Моңғол, Ресей, Қытай қазақтарын екі жыл көлемінде арнайы экспедициялық топпен аралап келгеннен кейін барып айтып отырмыз. Қарға тамырлы қазақты бұлай бөле-жарудың қажеті жоқ та шығар. Дегенмен өз көзімізбен көріп, жүздесіп, сұхбаттасқаннан кейін, көзімізді әбден жеткізіп барып айтамыз.

    Алдымен, бұл елдегі қандастарымыз исі қазақтың материалды және материалды емес (бейзаттық) дүниелері секілді рухани әлемін жер жүзіне танытып жатқандар. Негізгі қазақ халқының атын ресми иемденген, мемлекеттік рәміздері бекітілген тарихи отан – Қазақстан десекте, қазақтың салты, дәстүрі, ұлттық ерекшеліктері жүңге еліндегі қандастармыздың қажырлы іс әрекетімен танылуда. Ақпараттар ағыны дамып «сан күншілік жерлерден лезде хабар алдырған» замана үрдісіне ілесіп, көрші алпауыт іргелі халықтармен тату тәтті өмір сүріп жатқан жүңге қазақтарының осындай түбегейлі өзгерістер мен қарқынды экономикалық даму ықпалымен жайылымында малын баққан момын қазақ емес. Дөңгеленген дүниеге деген көзқарасы мен санасы өзгеріп, замана ұсынған ойын өрнегімен ойнауға ұмтылған үлкен талабын көреміз.

    Біз бүгінгі дүние жүзіндегі қазақ деген халықтың тарихи отанынан сыртта, бір жарым миллиард ханзу халқының ортасында бір жарым миллион-ақ болып жүріп сол қазақтың салты мен дәстүрін, тұрмысы мен тіршілігін кең насихаттап жүрген нағыз ұлтын сүйген жандарды көрдік. Мұндай белсенді әрекет әрине, тарихи отанынан сырт жүрген халықтың өзін-өзі сақтауға, халық ретінде ұлттық болмысын жоғалтпай алға қарай өсуге мүмкіндік берер шартты қорғаныс рефлексі болып ғасырлар бойы қалыптасқан дағдысы болар деп білдік. Мұндай қасиет көшпенді өмір салтын ұстанған қазақ халқының көне ата-бабасынан иелік етіп қалған мұрасы болса керек. Бұл жайлы белгілі ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Дүкен Мәсімханұлы өз зерттеуінде: «Түрлі себептермен ішкі Қытай жеріне апарылған түркілер онда барғасын да өз бойларындағы тектілік пен өрлікті, парасаттылықты, іскерлікті танытып отырған. Оған басты себеп – олардың бойындағы намыс құдіреті еді. Екіншіден, өздері өмір сүрген қоғамдық ортаның да қамшылауы болса керек. Олай дейтініміз тау-даласы адам баласының көптігінен көрінбейтін жалпақ қытай жерінде тіршілік етіп отырған екенсің, тек билік жағынан ғана емес, ғылым-білім, ақыл-парасат жағынан да олардан асып түспесең, басқа-басқа, талқаныңды тауып жеудің өзі бір гәп. Міне, осындай әлеуметтік мәжбүрлік сан түрлі саладан көшпенді халықтардың топжарған таланттарының өмірге келуіне мұрындық болды» [Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ «Ежелгі түрік және қытай өркениеті: тоғысуы мен ықпалдастығы» //«Ақиқат». 2010 ж. № 10]-дейді. Осы белсенділіктің ізін біз бүгінгі жүңге қазақтарының іс әрекетінен, қоғам өміріндегі ұлт тағдырына тиесі мәселелерде ширақ қимылдарға баруынан көреміз. Екіншіден, нарықтық қатынасқа өзіндік ерекшелігімен еркін енген, экономикалық, материалдық және адами ресурстары жағынан мүмкіндігі мол жүңге секілді ірі мемлекеттің өз құрамындағы аз санды халықтардың жағдайын жасауға, қажетін өтеуге, олардың тілі, салт-дәстүрі, өнері мен мәдениетін өркендетуге атымтай жомарттық танытып жатқандығының өзі бөлек әңгіме тақырыбы. Аз санды ұлт өкілдері халқының мұқтажын төменгі жақтан жоғарыға жіберетін ұсыныстарымен мемлекеттен мол қаражат алып жан-жақты дамытуға жол ашылған. Білімді, белсенді элитасы бар аз санды халық өкілдері бұл мәселені өз пайдасына тиімді пайдалана алса мол мүмкіндіктер көкжиегі ашылуда. Шыңжан Әдебиет көркемөнершілер бірлестігінің қазіргі төрайымы Еркеш Құрманбекқызының айтуынша қытайдағы барлық 56 ұлт өкілдерінің ішінде қазақ халқы саны жағынан 17 орында тұрса, мәдениетті дамыту өресі мен көркемөнерді дамытуы жағынан алынған көрсеткіште 5 ші орында тұрған қазақ қандастарымыздың зиялы қауым өкілдерінің белсенді жұмыс жасауы осы қатарға көтеріп, оң нәтиже берген секілді. Оны біз Қазақстанның төрт құбыласында шашырай орналасқан қазақ диспораларын аралай, зерттей жүріп көз жеткіздік. Дала төсінде мал баққан қазақтар қанында бар деп есептелетін бейғамдық, кең қолтық жүріс осындағы жергілікті халықтардың өлермен іс әрекетімен суарылып ширатыла түскен.

    Жүңгедегі осындай белсенді әрекет аясында бізге бейғам, ештеңеге алаңдамай өзімен өзі жүретін, ештеңеден қауіптенбейтін қамсыз нағыз қазақ - өз жерінде, тәуелсіз мемлекетінде тұрып жатқан қазақстандық қазақтар секілді болып көрінді. Бұлар жер бетіндегі исі қазақтардың басым бөлігін, барша қазақ халқының жартысынан астамын құрайды екен. Ылайым біз өзіміздің пікірімізбен қателескен-ақ болайық. Ал егер бұл пікіріміздің аз ғана пайызы шындыққа жанасатын болса, бүгінгі қазақтар үшін ойланарлық қауіпті құбылыс болар деп білдік. Олай болған жағдайда жиырмасыншы ғасыр басында барша қазақтың санасын ашуға сілкініс жасаған Міржақып Дулатұлының «Оян қазақ!» деп ұрандаған шақыруы жиырма бірінші ғасыр басында да өзектілігін жоймай, күн тәртібінен түспегендігін көрсетеді.

    Бізді жүңге қазақтарының жүздесіп сұхбаттасқан еңбектеген жасынан еңкейген кәрісіне дейін бейзаттық мұраның сипатын, түрлеріне қандай салалар жататынын санамалап айтып бере алатындығы таң қалдырды. Бәрі мемлекеттік деңгейде мән беріліп жинақталып, тізімге алынып жатқан іс шара төңірегінде хабардар екендігін көріп риза кейіпте болдық. Қазақстанда бұл салада Мәдениет министрлігі тарапынан құрылған шағын қоғамдық ұйым мен арнайы айналысатын мамандар болмаса «қазақтың материалдық емес мәдени мұрасы деген не? Олар қалай сараланады?» деген сұраққа екінің бірі жауап беруі қиын жағдай. Ал жүңге қазақтарының ауылдық, аудандық, облыстық, мемлекеттік деңгейдегі қорғалуға тиісті бейзаттық мәдени мұраларды қорғау, әр түрлі деңгейдегі есепке кіргізу т.б. ұйымдастырушылық жұмыстармен түпкілікті айналысу тәжірибесінен үлгі алуға болады-ау деген ойға қалдық. Байқасақ бұл жұмысқа мұнда аса бір ерекше қолайлы жағдайлар жасалмаған. Бастысы біз секілді халықаралық конвенция құжжатына қол қойылғаннан кейін әр деңгейде тыңғылықты түсіндіру насихат жұмыстар жақсы жасалған, білікті мамандардан құралған комиссия тұрақты жұмыс істейді және бастысы, жұмыс барысы мен нәтижелері партиялық бақылау мен талқылау күн тәртібінен түспеген.

    Әрине, мұнда мемлекет, үкімет тарапынан қабылданатын әрбір қарарлар мен қаулыларды аяғына дейін жеткізе орындайтын атқарушы биліктің, оған бақылау жасайтын орган – партияның ықпалы зор екенін көрдік. Өзімізбен көрші қонған моңғол, жүңге, өзбек, ұйғыр т.б. халықтары бейзаттық мұраларын әлі келгендер топтап, келмегендер бірді-екіден тізімге өткізіп, келесі дүниелерін дайындап қамданып жатқанда біздің жақтағылар асығатын секілді емес. Ауыз толтыра айтқанға шеберміз де, сол дүниелерді халықаралық стандарттар шартына сай рәсімдеуге келгенде орындай алмай (сауатсыздық емес, немқұрайлық) жаппай жауапсыздық бел алып, әлі күнге дейін ұнжығамыз түсіп келе жатқаны рас. Болмаса, халықаралық ЮНЕСКО т.б. ұйымдардың тізіміне алынып, қорғауындағы тізімге енгізуге болатын заттық және бейзаттық мұраларымыз Қазақстанда жетеді. Бар нәрсені діттеген жеріне жеткізетіндей ұқыптылық, жауапкершілік, жаны ашымастық біздің жақтың жұмысын қожыратып, жақсы бастаманы сөзбұйдаға айналдырып жібергендей. Болмаса, қол астында соншама ғылыми кадралары, зерттеу институттары, киностудиясы, телеканалдары, мұрағаттарды біріктірген құзіретті органдар салалық министрлік бар нәрсені бар деп дәлелдеп комиссияға ұсына алмауы жауапсыздық. Әлі келмей жатса сол көрші Жүңге мемлекетімен бірге неге ұсынбасқа. Осы кездесулерде болған қандас ғалым ағалардың айтуынша олар жақтан осы мәселеге байланысты бірнеше мәрте ұсыныстар, тікелей министр(лер)мен кездесулер болғанмен сапырылысқан орын ауыстырулардан басы босамаған құзіретті мекеме басшылары әлі күнге дейін рухани мұраны тізімдеу комиссиясының жұмысынан нәтиже шығара алмай келеді. Сол мұраларымызды діттеген жеріне жеткізе насихаттайтын, әспеттейтін, халықаралық рәсімдеу шарттарын сауатты толтырып комиссия қарауына дер кезінде жіберетін, оның орындалуын қатаң бақылайтын органның көрші елдегі секілді тетіктерінің жоқтығы қарын аштырады. Экономикалық әлеуеті мол, даму қарқыны алдыңғылар легінде келе жатқан тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы үшін жасалар рухани құндылығын рәсімдеуге келгенде барша көрші мемлекеттер құрлы бола алмағанымыз жанға батады. Бұл шаруаға да Елбасының назары ауып, сол кісінің айтуымен жасауымыз керек пе сонда? Жауапты қаншама министрліктер мен құзіретті органдар отырып көршілеріміз секілді барымызды көрсете алмауымыз, білек сыбанып, бел шеше тұрысып кірісер кезде шарасыздықтан алақан жаю, бізге, тек бізге сын боларын түсінетін кез келді.

    Жоғарыда айтылғандай Астана қаласында Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының жетекшілерінің қатысуымен материалдық емес мұраға байланысты үлкен көрме мен жиын сәтті өткізілді. Жер жерде осы тектес аты дабырайған жиындар, жоғары деңгейдегі форумдар мен симпозиумдар өткізуден біз күні бүгінге дейін кенде емеспіз. Бірақ мемлекетіміз дүние жүзінің барша халықтары мәдени мұраларын енгізіп жатқан арнайы тізіміге жиектеп келгенімен, айналқостаудан асқан жоқ. Осы мәселеге келгенде біз мәдени емес мұраны өз қолдарымен жасап кеткен бұрынғы бабалар әруағының алдында әлі күнге дейін қарыздар, ұятты болып келеміз.

    Бүгінгі жүңге еліндегі қазақтар арасында «бейзаттық мұра» (материалдық емес мұра) деген ұғым еңбектеген бала мен еңкейген кәрінің аузында бар ұғым екендігіне бір айлық іссапар барысында көзіміз әбден жетті. Бұл халықтың өмірі, салт дәстүрі, мәдениеті рухани құндылықтары арқылы дүниеге келген барлық материалдық емес мұраларды қорғау көрші елде ерекше қарқынды жүзеге асырылып, өте жоғары деңгейде жұмыстар жүргізілуде.

     Осындай жұмыстардың жүргізілу нәтижесі болар, қазақ халқының атынан бүгінге дейін Гиннес рекордтар кітабына енген жетістіктердің басым бөлігі осы жерден жасалынып келуі тегіннен болмаса керек. Біріншінден, қазақ биі «Қаражорғаны» қара құрым он мың адамдар бір мезгілде билеп ел жұртты таңдандырып, қазақ биі халық жадынан ұмытылмай, бүгін де ел ішіндегі өміршең өнер екендігін нақтылы анықтап берді. Бұл дегеніңіз Қазақстандағы «қазақта би өнері жоқ, болмаған» деп өз қағнасынан өзі жеріген космополит, кәсіби би мамандардың тұжырымын жоққа шығарып халық биі болғанын, оны кеңестік дәуір идеологиясы жаныштап, ұлттық реңкті стандартты орыс-кеңес, әлемдік классикалық би пластика қалыбына салып, ұлттық табиғи болмысын ауыстырып жібергендігін дәлелдеді.

    Екіншіден, қазақтың төл аспабы қара домбыра ұстаған он мың адамның басын құрап бір мезгілде «Кеңес» күйін тарту арқылы қазақтың музыкалық аспабын дүйім елге танытты. Бұл әрбір қазақ үшін домбыра аспабы қасиетті әрі ел ішіне кең тараған күнделікті қолданыста бар аспап екенін білдірген, екінің бірі бұл аспапты орындай алатын дәлелдеген өте маңызды шара болды.

    Үшіншіден, қазақтың ұлттық тағамының ерекше түрі «қазыны» әлемге таныту жолында жасалған әрекет те ерекше атап өтуге тұрарлық. Қазақ халқының дастарханында ерекше технологиялық жолмен дайындалатын сүйікті ас мәзірінің түрі қазыны ұлттық тағам түрлерінің төресі екенін көрсету үшін мал шаруашылығы мықты Дөрбелжің елді мекенінде ұзындығы 1 километр, 147 метр қазы дайындап, оны дөңгеленген пирамида үлгісінде қаланың орталық алаңына орналастырып аукционға салуы. Қазір қазағымның қазысын орыс та, өзбек те, неміс те дәмді астың түрі ретінде дастархандарына қоятын болыпты. Демек, дәстүрлі дастарханымыздың төл мәзірі болған қазы ертең біреудің қанжығасында кетпес үшін осындай «рекордтар» арқылы болса да өз дүниемізді басқа ұлттан ажыратып алудың пайдасы зор болар.

    Төртіншіден, қазақ халқының көне кәсібі тұрмыстық қолданыста кеңінен көрінген сырмақ басу өнерін насихаттайтын, оны қазақтың төл өнері екендігін дәлелдейтін әрекеті Нылқы ауданының әйел-қыздары ұзындығы 123 метрден тұратын тұтас сырмақ басып шығуы. Осы жерде өмір сүретін қандас ағайындардың, соның ішінде аналарымыз бен апа, қарындастарымыздың намысқа тырысып ою өрнегімен көркемдеп халықтың киіз басу, дәстүрлі сырмақ өнерінің жоғары деңгейде екендігін дәлелдеуі Қазақстанның бір ауылы, бір ауданы немесе бір облысының тұрғындарының ойына келіп жүзеге асымаған ерлік ісі.

    Бесіншіден, ұлттық бренд деп ерекшеленетін дала көшпенділерінің тұрағы – киіз үйдің күні бүгінге дейін тұрмыста кең қолданыста екендігін ашып көрсететін жанды көрінісі – жасыл жайлау төріне әр жылдары, түрлі форма үлгісінде (миллениум, алып ұшақ т.б.) ақ шаңқай қазақтың сан мыңдаған киіз үйлерінің қаз-қатар тігілуі. Бұдан басқада көптеген назар аударуға тұрарлық қызықты деректер мен фактілер (Қызай өрнегін тігуші апаларымыз бен қыз-келіншектердің алаңда отырып жұмыс істеуі, ерлердің Қызай қалпағы мен әйелдердің тақиясының ең үлкен формасын тігіп көрмеге қою т.б.) көптеп кездеседі. Осы ғажап көрінстерді бейнелейтін фотосуреттер мен естіген ел таңдандырарлық ақпараттық жаңалықтар әлемнің төрт бұрышына таралып, қазақ деген халықтың өнері мен тұрмыс тіршілігінен хабардар етіп жатыр. Мұнда жүңге еліндегі қандастарымыздың өзінің мұраларын сақтау, насихаттау ісінде қазақстандық қазақтардан анағұрлым белсенділік танытып жүргенін анық көреміз. Демек осы рекордтарды жасауға итермелеген, елін, халқын сүйетін қазақтың патриоттары, қазақ ұлтын мақтан тұтып оның шынайы жанашыры болып барымен мақтанатын адамдардың мекені жүңге жерінде орналасқан ат төбеліндей қазақтардың (титулды халықпен салыстырмалы түрде айтқанда) бел ортасы деген ойымызды айқындай түседі.

    Қазақтың тұрмысындағы ас ішіліп, дастархан басында баланың қолына тиетін асығынан басталатын небір ұлттық ойынының түрлері, оған байланысты туындаған аңыз әңгімелер мен ертегілерден бастап ұлттық сананы қалыптастырады. Бұл ұлт болып қалыптасуға тиісті жас ұрпақтың бойына ана сүтімен бірге сіңірілуі керек. Небір күрделі технологиялық прцестерді қажет ететін ұлтымыздың материалдық және материалдық емес құнда мәдени мұраларын осындай көзқараста жан-жақты насихаттауды, алдымен өз ішімізге төл дүниеміз ретінде қайтадан толық сіңіріп, кейін мақтанатындай етіп сыртқа насихаттауды қажет етеді. Қазақстан мен Жүңге елі қазақтарының материалдық және материалдық емес мәдени мұраны игеру мен оны насихаттаудағы басты ерекшелігі осында болса керек. Біз кеңестік дәуірде ұлттық құндылығымызға жататын көп нәрсені қайтарусыз жоғалтып алдық. Оны әлі күнге дейін қажет кезінде ғана, жалпы халықтық той, мерекелерде жекеленген элементтерін көрсетіп (киіз үй тігу, ұлттық киім кию, ұлттық тағам түрлерін көрсетіп дәм таттыру, ұлттық ойын түрлерін ұйымдастыру т.б.) еске түсіреміз. Жаппай қолданысқа кіріктіру, халықтың ұлттық санасын ояту, оны күнделікті қажеттілікке айналдыру ақсап жатыр. Оны әрбір жастың санасына жететіндей етіп насихаттау, күнделікті қол жетімді дағдыға айналдыру секілді маңызды халықты елі мен отанын сүйгіштікке бастайтын иделолгиялық маңызды тәрбие жұмыстары жүргізілмейді, жүргізілсе теңізге тамған тамшыдай ғана әсерде жасалынуда. Бұл халықтың мұраларын насихаттау, қайтадан қолданыста болуына жоғарыда келтірілген жолмен болса да тұрақты назар аударту мемлекеттік бағдарламалар мен неше түрлі қоғамдық ұйымдардың белсенді жұмыс істеуін қажет етеді.

    Ал жүңге қазақтары басынан небір қиын-қыстау заманды өткере отырып сол құндылықтарды сақтап қалды, құндылықтардың баға жетпес халық байлығы екендігін түсініп, заман жақсарып аз санды халықтардың өркендеуіне қолайлы уақыт сәті келгенде барын бадырайта тұрып көрсетуге мүмкіндік алды. Сондықтанда болар, барша жүңге қазақтарының тұрмысында бар табиғи шаруашылық пен қаймағы бұзылмаған қалпында салт дәстүрді көпшіліктің қатысуымен рекордтар жасауға икемді болуы.

    ҚР Мәдениет министрлігінің жоғарыда келтірілген ақпараттық хатында биыл Қазақстан тарапынан ЮНЕСКО әзірлейтін Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне төрт мұра жолдағаны жайлы хабардар етіпті. Олар: Қазақтың дәстүрлі домбыра күйі, Айтыс өнері, Киіз үйді дайындаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары және Наурыз мейрамы екен. Бұл жіберілген дүниелер қай деңгейде рәсімделді, қаншалықты жауапкершілікпен әрі өз халқының көне дәстүріне деген сүйіспеншілікпен жасалғандығын алдағы уақыт төреші көрсете жатар. Біз министрліктің материалдық емес мұралар тізімін қайтадан қаттап халықаралық комиссияның кезекті отырысына жіберген бұл ісіне қуана отрып сәтті аяқталуына тілектеспіз.

     Сан ғасырлық бай тарихы бар көне ғасырлар қойнауынан келе жатқан көшпенді өркениеттің тікелей мұрагері – қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының қатарынан өзінің тиесілі бағасын алып, өзінің тұғырлы төріне қонуы керек. Ол мәселе дәстүр мен тарихты зерттеп жазған ғалымдардан бастап қарапайым қазақтың жасы мен кәрісін толғандырар өзекті мәселе болып бәріміздің қолдан келгенше үлес қосуымызды қажет етеді.

    Аманкелді МҰҚАН, М.О.Әуезов атынағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызыметкері

толығырақ

    Биылғы жылдың басында барлық қазақстандық ақпарат құралдары ел ғалымдарының адам жасын ұзартатын керемет саңырауқұлақ тапқаны жайында жарыса хабарлады. Әріптестеріміздің айтуынша, Қазақстанда адам ағзасын сергітетін емдік өсімдік табылып, оны зертханалық жағдайда өсіру жолға қойылыпты.
     Мұның тамаша жаңалық әрі үлкен жетістік екені түсінікті. Алайда, «Бақсам, бақа екен» демекші, ғалымдардың айтып отырған кордицепс саңырауқұлағы біздің Шығыс Қазақстанда, Алтайда өсетін кәдімгі құртшөп болып шықты. Құнды құртты көріп қайтуға «Алаш айнасының» тілшісі де барып қайтқан болатын.

     Қазақстан Республикасы минералды ресурстар академиясының академигі, ұлттық шынайы ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Өскемендегі «Алтай геология-экология институты» ЖШС-інің директоры Ержан Сапарғалиевтың пікірінше, кордицепс саңырауқұлағы, оның емдік қасиеттері біздің ата-бабаларымызға ежелден белгілі болған, оның халық арасында қалыптасқан атауы – құртшөп. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктің тамырында өмір сүретін құрт биік таудың қалың бұталы жерлерінде, Алтайда кеңінен тараған. Шығыс Қазақстанның таулы аймақтарында кездеседі.

    Өткен ғасырдың 30 жылдарындағы аумалы-төкпелі заманда Қытай асып кеткен қазақтар осы шөптің құпиясын өздерімен ала кеткен еді. Ал сол ғасырдың 80-жылдары Қытайда емдік шөптер туралы анықтама кітап басылып шығады. Араб тілінде жарық көрген басылымда осы құртшөптің емдік қасиеттері толық жазылған екен.

    – Осыдан он бес жылдай бұрын Алматыдан Өскеменге пойызбен келе жатқанда бір оралман азаматпен сапарлас болдым. Сол жігіт маған әлгі кітапты сыйлап тұрып: «осы құртшөп сіздер жақта да өседі» деген-ді. Арада біраз уақыт өткенде араб тілін білетін таныстарыма сол кітапты қазақшалатып алған едім, – деген академик бізге ғажайып саңырауқұлақтың сипаттамалық аудармасын ұсынды.

    «Құрт шөп. Дәрілік бөлігі мен оны жинау: құртшөптің ішіндегі бактерия жіпшелері бар қураған құрты – дәрі. Оны маусым-шілде айларында қазып алып, тазалап, кептіріп, сақтайды. Құртшөп – аралас өсімдік туыстас, саңырауқұлақты өсімдік. Ботаникалық ерекшелігі – құртшөп көбелек тектесіндегі бір түрлі жәндіктің (насекомое) жас құрттың ішіне түсіп, өсіп-өнуі. Оның (жәндіктің) бактерия жіпшелері топырақ арасындағы жас құрттың ішіне кіріп, оның денесіндегі құрылыс заттарын сіміреді, құртты өлтіреді. Оның бактерия жіпшелері өлген құрттан жазда өніп шығып, қандауыр секілді жалғыз жапырақ шығарады. Қыста құрт денесінде жатады. Өлген құрт сарғыш-қоңыр немесе қызғылт түсті, ал іші ақ түсті болады.

    Емдік қасиеті: өкпені, бүйректі қуаттандырады, дене қуатын арттырады, қан тоқтатады, қақырықты түсіреді. Оны түрлі дене әлсіздігі, демікпе, қаназдық, белсіздік белгілері білінгенде, шауқат тоқтамағанда және бүйрек әлсіздігінде, бел, аяқ ауруларын емдегенде қолданады».

    Ал «Жеке гаремдерінде бір, екі мыңға жуық тұтқын қыз-келіншек ұстаған Қытай императорлары да өз заманында саңырауқұлақтың осы түрін қолданған екен. Олар өздерінің күнделікті ас мәзірінде кордицепс саңырауқұлағы қосылған тағамдарды арнайы дайындатқан. Мұның себебі, кордицепстің айырықша қасиеті ол адамның еркектік қарым-қабілетін анағұрлым күшейтеді» деп жазады. («Айқын», 30.01.2014 ж.). Осыдан-ақ бұл екі саңырауқұлақтың бір өсімдік екенін аңғару қиын емес сияқты.

«Қызыл кітапқа» енген өсімдіктен қып-қызыл пайда көріп отырғандар көп

     Шығыс Қазақстанда Қызыл кітапқа енген осы құртшөпті заңсыз жинап, қып-қызыл пайда тапқандардың көбейгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Марқакөл аймағы мен Күршім ауданында жаз айларында құрт қазып, оны Қытайға өткізген бірнеше азамат заң алдында жауапқа да тартылды. Құқық қорғау органдары мамандарының айтуына қарағанда, бұл өсімдіктің қасиеті мен оны қазу тәсілдерін жергілікті тұрғындарға Қытайдан келген қандастарымыз үйретуі мүмкін.

Керек дерек

   Шетелдік ақпарат құралдарының мәліметі бойынша, кордицепс саңырауқұлағының жарты келісінің Қытайдың ішкі нарығындағы құны 50 мың АҚШ долларына дейін жететін көрінеді. Ал шығысқазақстандықтар делдалдарға өз өнімдерінің әр келісін 3-4 мың АҚШ долларына өткізіп келген.

    Ержан Молдашұлы осындай бизнес көзімен айналысқан бір азаматпен тілдескенін айтады. Әлгі жігіттің айтысына қарағанда, олар қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмейді-мыс. Олар құртшөп қазып алған жерлеріне 2-3 жылдан соң қайта айналып келгенде, басқа өсімдіктердің өсіп тұратынын байқапты. Айтуларына қарағанда, маңайдағы қарағай, көктерек немесе қайыңның бүршіктері сол жерге түсіп, тамырланып, жайқалып өсе беретін көрінеді.

   Ержан САПАРҒАЛИЕВ, Өскемендегі «Алтай геология-экология институты» ЖШС-інің директоры, геология-минералогия ғылымдарының докторы:

     - Шеттен келген жандар құртшөпті дұрыс қазбайды. Оны бар болғаны 10-15 см. ғана қазса жетіп жатыр, сонда құртшөптің тамырына зиян келтірмей, саңырауқұлағы ғана алынады, ал тамырында келесі жылы тағы құрт өсіп шығады. Сосын бұл шөп қазір біздің Марқакөл жақта, биіктігі 1500 метр шамалас Нарын жотасында, Сарымсақ жотасы мен Катонқарағай ауданындағы Тарбағатай жотасында, сондай-ақ, Зырян жақтағы Иванов жотасында кездеседі. Жоғарыдағы мақалалардан білгеніміздей, қазақстандық ғалымдар құртшөпті зертханада өсірмекші. Менің ойымша, бұл басқа жол, өйткені, кордицепстің қасиеті сақталуы үшін дәл сондай табиғи, қолайлы жағдай жасау керек. Бүгінгі таңда құрт пайда болу үшін қандай көбелектердің ұрық тастайтыны, олардың қандай топырақта, қалай өсіп-өнетіні және оның қасиеттері мен қандай температура қажет екені толық зерттеліп болған жоқ. Алдымен жан-жақты ғылыми талдау жұмыстарын жүргізу керек. Құртшөпті зертханада өсірген күннің өзінде оның қасиеттерінің сақталған-сақталмағанын тағы білмейміз. Жасанды жерде өскен құртшөптің қасиеті мүлде басқа болып, өзгеріп кетуі де ғажап емес. Мысалы, Қытайдың ғалымдары жень-шень шөбін әлі күнге дейін зертханалық жағдайларда өсіре алмай келеді. Бұл да сол сияқты. Негізінен табиғат өзі жағдай жасауы керек, сонда ғана ғалымдарымыз айтып жүрген, өмірімізді 150 жылға дейін ұзартатын емдік саңырауқұлақты өсіре алмақпыз.

Кордицепсті плантацияларда өсіруге бола ма?

     Осы орайда академик Сапарғалиев адам ағзасына керемет пайдалы кордицепсті плантацияларда, табиғаттың өз аясында, топырақтың нәрін бере отырып өсіруді қолға алған оңды болар еді деген пікір айтады. Өсімдіктің гүлдеуінен бастап, көбелектің ұшып шығуы, оның ұрық шашуы, одан құрттың пайда болып, өсіп-өнуі, одан кейін оның бактериялы жіпшелердің көмегімен нағыз саңырауқұлаққа айналуы – осы процестердің барлығын табиғаттың өзі түзгенде ғана кезінде Шығыс ғұламасы – Конфуций де тиімді пайдаланған емдік шөпті алуға болады екен.

    Ұлттық шынайы ғылымдар академиясының бірінші вице-президенті Нұралы Бектұрғановтың атынан «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ және «Алтай геологиялық-экологиялық институты» ЖШС сияқты ғылыми-зерттеу институттарына барлық мүдделі ғылыми-зерттеу институттарын жұмылдыра отырып, «Кордицепс-құртшөптің негізінде жасалатын емдік препараттарды зерттеу және жасау» бойынша бес жылға арналған ғылыми-мақсатты республикалық бағдарламаны әзірлеу жөнінде тапсырма беріліпті. Таяу уақытта «Алтай геологиялық-экологиялық институты» ЖШС-нің мамандары қарағандылық зерттеуші ғалымдармен бірлесе отырып, түбегейлі зерттеу жұмыстарын қолға алмақ көрінеді. Яғни, топырақтың құрамы, температурасы, ылғалдылығы, тығыздығы, саңырауқұлақтың өсу ортасы терең зерттелмек.

    Осы жерде жалпы, шығысқазақстандық ЖШС-нің шөптен емдік дәрі-дәрмек жасауда тәжірибесі мол екенін айта кеткен жөн. Серіктестікте шығарылатын Тагансорбент препараты Қазақстаннан тысқары жерлерде, әсіресе, көрші Ресейде үлкен сұранысқа ие. Қазір өндірісті кеңейту мақсатында фармзауыт салынып жатыр.

    Ержан Молдашұлы адам ғұмырын ұзартатын дәруменді Шығыстың брендіне айналдыру қажеттігін баса айтады. Сондықтан саңырауқұлақты Алтай жайлауларында, тау мен жазықтықтың қосылатын жерінде өсірген жөн деп санайды, өйткені, ол жерлердің жағдайы өсіп-өнуге өте қолайлы.

     – Кордицепсті Шығыстың брендіне айналдыруымыз керек. Қазір бізге, ғылыми-зерттеу институттарына нақты тапсырма берілді. Біз енді бағдарламамызды жасап, ұсынуға тиіспіз. Бұл – өте ауқымды да қиын жұмыс. Үкіметтен бұл мақсатқа қаражат бөлінсе өндіріске кең жол ашылар еді. Солайша бұл өңірімізде қосымша жұмыс көздерін ашуға септігін тигізбек. Осылай етсек, халықтың даланы тастап, қалаға қарай ауа көшпей, сол жерге тұрақтауына жағдай туары сөзсіз, – деп сеніммен әңгімеледі академик.

     Сөз соңында Ержан Молдашұлы өзі тілдескен оралман азаматтың берген рецепт-нұсқаулығымен бөлісті. Сөйтіп, 20 құртты жарты литр араққа салып, 18 күн қойып қою керек. Осы мерзімде құрттар сарғайып, тіпті, спирттің дәмі де кетіп қалатын көрінеді. Ал осы бір тәсілмен алынған сұйықтықты күніне 50 грамнан қабылдау керек.

    Автор: Айна Ескенқызы

толығырақ

   Аударма – бұл өте күрделі және көп салалы адами іс-әрекеттің бір түрі. Қай елде болмасын бүгінгі жаһандану үрдісі аударманың маңыздылығын одан сайын арттырып отыр. Қазақ елін былай қойғанда өзге елде өмір сүріп жатқан қазақтардың аудармаға тәуелділігі тіпті де артып отыр. Әсіресе, қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары бар, әдебиетін, тарихын, мәдениетін ана тілінде жазуға әлі күнге мүмкіндік алып келе жатқан миллиардтар еліндегі қандастарымыздың аудармасы бұл күнде қай деңгейді? Осы орайда Қытайдың CCTV сайтының тілшісі Еркебұлан Мүтәнұлының тіл теңізінен аударма айдынына қанат қағып, аударма саласында ұзақ жылдар еңбек еткен аудармашы Болаш Шөкеев ұлымен болған сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.  

    – Болаш аға, әңгімемізді әңгімемен бастасақ. Ғаламторды ақтарып отырып бір қызықты сұрақ көрдім, «Болаш мұғалім қандай адам? Ол кісінің оқушысы едім» деген. Соңына бір ғана жауап жазыпты: «Жақсы адам». Сіз өзіңізді қалай бағалайсыз?
    – Бір адамның жақсы, жаман екендігіне соның өзі жауап бергеннен гөрі, өзгелердің берген бағасы дұрыс деп есептеймін. Сондықтан өзімді осындаймын деп айтудан аулақпын. Менің өмір кешірмем өте қарапайым. Мен 1984 жылы Шыңжаң Педагогика университетінің Қытай тілдері факультетінен оқу бітірдім. Ол жерде мен екінші тіл арқылы үшінші тілді үйрендім. Себебі, мен ұйғыр тобында оқығандықтан қытайшаны ұйғыр тілі арқылы үйрендім. Жоғары оқу орнын бітірген соң 2006 жылға дейін Қытай Ұлттар аударма орталығында 22 жыл аударма ісімен айналыстым. Мен негізінен Қытай қайраткерлерінің шығармаларын, билік басындағы басшылардың баяндамаларын аудару, жыл сайын өтетін Қытай Халық Республикасының екі Партия Құрылтай құжаттарын және саяси тақырыпта жазылған еңбектерді аудару жұмыстарымен айналыстым. Қазір санасам 22 жылда 300-ден астам кітапты аударып, 120-дан астам журналды аударуға атсалысыппын. Оның сыртында 200-ден аса кітаптың редакциясына қатысыппын. Осы мемлекеттік аударма мекемесінен Орталық ұлттар университетіне қызмет ауыстырып, ұстаздық жолмен айналысып жатқаныма да 7 жылдың жүзі болыпты.
    – «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, Бейжіңдегі Ұлттар университетінде аударма мамандығы бойынша шәкірттер тәрбиелеп жатырсыз. Өзіңіздей ұстазға біздің де алғысымыз шексіз. Аударма ғылымы және аударма тәрбиесі жайында айта отырсаңыз?
    – Бұрын Ұлтар университетінде арнаулы аударма ісінің оқытушысы болмаған. Бірақ, Ұлттар университетінде аударма ісі пәні 1972 жылы бастап оқытыла бастады. Содан бері оның сағат саны да аз болып, маңызды сабақтардың қатарына қосылмай келген. Мен осы оқу орнына келген соң аударма сабағы 180 сағатқа дейін көбейіп, «Аударма теориясы», «Аударма шеберлігі мен әдістері», «Жанрлар аудармасы», «Аударма тәжірибесі» деген пәндерге бөлдік. Қазір бұл сабақтар факультетіміздің маңызды пәндеріне айналды. Қазіргі қоғам аудармашыларға мұқтаж. Қоғамның сұранысына қарай білікті мамандарды жетілдіру мақсатында қазір аударма пәні оқу орнының таңдаулы пәндерінің қатарында.
    – Аударма тілдер арасындағы алтын көпір іспетті. Қытайда қос тілді оқыту саясаты жүрілуде. Бәз біреулер айтады екен, алтын көпірді тек сәулетке қойсақ деп.
    – Бұл рас, аударма туралы түрлі пікірлер бар. Менің ойымша, аударма біріншіден – ғылым, екіншіден - өнер. Ал сен айтқандар аударма ісін тек сурет салумен салыстырып, оның ғылыми мәніне үңілмейтіндер деп айтар едім. Аударма қазір жеке ғылым ретінде қаралуда. Оның теориясы да, ғылыми ағымы да қалыптасып жатыр. Сондықтан аударманы ғылым ретінде қарамайтындардың көзқарасы ұзаққа бармасы анық.

    – «Ұлттар» баспасынан «Қытайша-қазақша аударма тәжірибесі және шеберлігі» атты кітабыңыз басылып шықты. Жаңадан жарық көрген еңбегіңізді таныстыра отырсаңыз?
– Бұл кітап алты жылдық еңбектің жемісі. Қазіргі кезде осы ғылыми кітапты Шыңжаң университеті, Іле педагогика университеті, сондай-ақ қазақстандық кейбір ЖОО да оқулық ретінде пайдалануда. Айта кетерлігі, бұл кітапта тың дүниелер көп. Көп медиалық форматпен жеке-жеке жаттығулардың қамтылуын да үлкен жаңалыққа жатқызуға болады.
    – Аударма жайлы сөз болғанда термин мәселесіне соқпай болмас. Жаңа терминдер қабылдаудағы өзіңіздің көзқарасыңыз қандай?
    – Қазақ тілі мен қытай тілі мүлде жақындығы жоқ екі тіл. Ал, термин мәселесі Қазақстанда жүйелі қолға алынып жатқаны болмаса, Қытайда тұратын миллионнан астам қазақтың тілін шұбарламау жағынан ғылыми жұмыстар енді ғана қолға алынуда. Меніңше, термин мәселесін шешуде ең алдымен дәлдік керек. Одан кейінгі талап – жасампаздық. Аударма кезінде нақты балама табылмаған жағдайда тың терминдерді тудыруға болады.
    – Қытайдағы әдеби аударма жайлы не айтасыз?
   – Қазіргі кезде әдеби аударма әлсірей бастады. Оның басты себебі тілдің жұтаңдығы деп түсінемін. Біздің алдыңғы буын аудармашыларымыз қазақ тіліне ерекше жетік болды. Мысалы, Қытайдың классикалық туындыларын қазақ тілінде қалай сайратты? Қазіргі таңдағы танымал аудармашылар деп Кәкеш Қайыржан, Жайырбек Мұхаммедханұлы, Балапан Рабатов, Шәкен Бөкетай, Нұрболат Әбдіқадыр қатарлыларды атар едім. Ал әдеби еңбектерді қазақ тілінен қытай тіліне Әкбар Мәжитұлы, Қайша Тәбаракқызы, Еркеш Құрманбекқызы қатарлы аудармашыларымыз жақсы аударып жүр.
     – Әңгімеңізге рахмет!

 BAQ.KZ, дайындаған: Майгүл СҰЛТАН

толығырақ

     Қытайда XJTV телеарнасы мен «Біл» мәдениет серіктестігінің ұйымдастыруымен «Күміс көмей» атты телевизиялық ән байқауы өтуде.

     Жақында ғана елімізде өткен «Қазақстан дауысы» ән байқауы ел есінен көтеріле қоймағаны анық. 2010 жылы голландтық  RTL4 телеарнасында жарық көрген The Voice of Holland түпнұсқалы форматының қазақстандық нұсқасы болған «Қазақстан дауысының» желісімен Қытайдағы қандастарымыз да жас өнерпаздарды сарапқа салуда. Алайда, «Күміс көмейдің» «Қазақстан дауысы»  жобасынан айырмашылығы бар. Онда да төрт тәлімгер бар болғанымен, олар үміткерлерді теріс қарап отырмай-ақ бетпе-бет тыңдайды. Олар дауысы ұнап, өзіне шәкірт еткісі келген өнерпаздарды алдында тұрған шырақты жағу арқылы таңдайды. Қандастарымыз арасынан шыққан күміс көмейлерді анықтауға арналған жобаның толық ережесін жоғарыдағы видео арқылы тамашалауларыңызға болады.

     Қытайдағы қазақ тілді БАҚ-тың хабарлауынша қандастарымыз арасында тұңғыш рет өтіп жатқан ірі музыкалы тележобаға 16 жастан асқан 3000-нан астам үміткер қатысыпты. Сайыс ережесі бойынша олардың 90-ы байқауға қатысуға жолдама алған.   

    Байқаудың әрі бағалаушысы, әрі тәлімгері болса Отанбек Еңсеханұлы, Бекеш Зейнелұлы, Гүлнұр Әскерханқызы және Қазікен Қалиұлы қатарлы Қытайға ғана емес әлем қазақтарына да танымал эстрада жұлдыздары десек қателеспейміз.

Яғни:  

     Отанбек Еңсеханұлы. Қазақстандықтарға да есімі таныс О.Еңсеханұлы  1995 жылы Қытайда өткен «Қытай шоқ жұлдызы» байқауының бас  жүлдегері, Қытай Ши Ан музыка институтының, Алматыдағы  Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының , Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, әнші. Қазір ол Үрімжі қаласында орналасқан «Біл» мәдениет серіктестігінің директоры, осы жобаны ұйымдастырушылардың бірі.

    Бекеш Зейнелұлы. Ол Қытай Халық Республикасының бірінші дәрежелі композиторы,  Үрімжі қаласындағы Шыңжаң университетінің, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Сондай-ақ, Бекеш Зейнелұлы Қытай қазақтары  арасында эстрада жанрының ең алғашқы орындаушыларының бірі.  200-ден астам әнді өмірге әкелген композитордың «Сары дала», «Мен неге ұмытамын», «Көктемгі сағыныш» атты әндері  халыққа өте танымал.

     Гүлнұр Әскерханқызы.  Гүлнұр  Қытай қазақ эстрадасына 90 жылдардың  соңында жаңа леппен, өзіндік стилмен келген  әнші. Қазіргі таңда  Шыңжаң қоғам қауыпсіздігі өрт сөндіру департаментіндегі Мәдениет бөлімінің майор дәрежелі әскери әншісі.

     Қазікен Қалиұлы.  1998 жылы Бейжіңде құрылып, бүкіл Қытайды елең    еткізген әйгілі «Қожанасыр» ансамбілінің құрушысы Қазікен Қалиұлы 2002  жылға келгенде «Қазікен» атты өнер тобын құрды. Өнерпаз қандастарымыздың  өнер әлеміне қанат қағуына жол ашып, кең таралған халық  әндерін заманауи стильде орындаған белгілі әнші қазақ музыкасын Қытай жұртына да жария етіп жүр. Ол Қытайдың «Көктем мерекесіне» арналған концертіне қатысып, ән  шырқаған тұңғыш қазақ.

     Айта кетейік, «Күміс көмей» байқауы Қытайдағы қазақ тілінде ғана ақпарат тарататын XJTV-3, XJTV-8 арналарынан 31 қаңтардан бастап көрермендерге жол тартқан болатын. 

     Майгүл СҰЛТАН, BAQ.KZ

Суреттер XJTVS сайтынан алынды

толығырақ

    Еліміздегі білім беру жүйесінің деңгейі, ұрпаққа тәрбие беру ісі, «Мәңгілік Ел»... Осы және басқа да мәселелер жөнінде ҚазАқпарат тілшісі Қытайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилева атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай тілі кафедрасының меңгерушісі Дүкен Мәсімханұлымен тілдескен еді.   

    - Дүкен Мәсімханұлы, Атажұртқа оралғаннан бері ұстазық қызметте жүрсіз. Қазірде Астанадағы белді оқу орындарының бірінде қызмет етесіз. Осыған орай, Қытай елі мен Қазақстандағы білім жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктер туралы айтып берсеңіз?

    - Мен өзім шығыстағы көршіміз Қытай Халық Республикасында туып-өстім, бастауыш, орта мектепті сонда оқып, жоғарғы білімді Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінен алдым. Аталған оқу орны Қытайдағы аз ұлттардың түйінді университеті болып есептеледі. Яғни, аз ұлттардың ғылым-білім, мәдениет, әкімшілік секілді түрлі салаларына кадр дайындауды мақсат етеді. Қытайда өзіндік беделі мен салмағы бар. Әсіресе, Орталық Ұлттар университетінің тіл ғылымын оқытуда әлемдік деңгейде аты танылған. Кейін университетті бітірген соң Шынжаң Қоғамдық ғылым академиясының әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып орналастым, арасында кейбір жоғары оқу орындарында сабақ та бердім.

Жалпы Қытайдағы білім беру Дың Шиаупиң (Дэн Сяопин) қытай билігіне келгелі біршама жүйеге түсе бастаған. Оның алдында 1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылған кезде таза кеңестік білім беру жүйесін көшіріп алған болатын. Тіпті, оқулықтарына дейін. Кейбір жағдайда жоғары оқу орындарын жаңаша қалыптастыруда кеңестік мамандар атсалысты. Ал, әйгілі «Мәдениет төңкерісі» кезінде мектептердің бәрі тоз-тоз болып, Хунибиндердің күрес алаңына айналды. Тек 1978 жылы Дың Шиаупиң тұсында білім жүйесі жаңаша қалыптаса бастады. Біз сол қалыптасудың алғашқы кезеңдерінде оқыдық. Ол тұста әлі де жүйеге түсіп кеткен жоқ болатын. Біріншіден, оқытушы, профессорлар, екіншіден оқулықтар мәселесі әлсіз болды.

    Ал, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің арнайы шақыруымен атамекенге келдім. 1992 жылдың соңынан бастап, бүгінге дейін 22 жыл ішінде Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында сабақ беріп келемін. ҚазҰУ-де 2002 жылға дейін қызмет еттім, одан соң міне ЕҰУ-демін. Жалпы елге оралғалы табан аудармай Қазақстанның білім беру жүйесінде жұмыс істеп келемін.

    - Осы уақыт ішінде нені байқап, көңілге түйдіңіз?

    - Қазақстанның білім жүйесі тәуелсздіктің алғашқы жылдары кеңестік білім беру бағытын сол қалпында сақтап қалған еді. Кейін 2002 жылдан бері батыстық үлгідегі білім жүйесін көшіріп әкеле бастады. Болон үдерісі, кредиттік технология секілді білім берудегі жаңа әдістемелерді әкелді. Қазір соның бәрі сынақ ретінде жүруде. Алайда, дәл осы 2002 жылдардан бері түрлі реформалар жасаудың салдарынан білім беру жүйесін қожыратып алдық. Жалпы, батыстық білім беру жүйесінің өзіндік артықшылықтарын ғана сырттай қарау арқылы көшіріп әкелгендіктен, оның ішкі мән-мазмұны бізге сәйкес келмей жатыр.

    Мәселен сол батыстық білім жүйесінің кей талаптары бойынша әрбір профессордың жеке кабинеті болуы тиіс. Соған студенттер келіп жазылып, дәріс алып кетуі қажет. Ал, біздің ҚазҰУ, ЕҰУ секілді түйінді оқу орындарында тіпті, кафедра меңгерушілерінің өзіне жеке кабинет болмай жатады. Жай қарапайым профессор, ұстаздарды айтпаған күннің өзінде.

Екіншіден, сол батыстық білім жүйесіне лайықталған оқулықтар жоқ. Көбі кеңестік кезеңдегі әдебиеттен алыстай қоймағанын айту керек. 

    - Қазақ тілді оқулықтар мә әлде жалпы оқулық па?

    - Негізі, қазақ тілді оқулық жайы да қиын. Оның өзі жүрдім-бардым, әр жерден аудару арқылы шығып жатқан дүние. Әрине, оған да шүкір дейміз. Ал, неге осындай сапалы оқулық жоқ деген мәселеге келейік. Мысалы, сапалы оқулық жазу үшін Қытай елінде профессор, маманға бір-екі жыл жалақысын беріп үйіне шығарады. Оған «сен осы салада мықты оқулық дайындап шық» деп тапсырма береді. Содан кейін жазған дүниесін саралаудан өткізіп, ары қарай пайдалануға жібереді.

    Бізде де оқулық жазу туралы тапсырма беріледі. Бірақ оған қаламақы төлеу, арнайы шығармашылық демалыс беру мәселесі ескерілмеген. Сонымен жаңағы маман не істейді? Әйтеуір жазды деген атақ пен ғылыми дәрежесін көтеру үшін өлшемге толмайтын дүние құрастырып шығарады. Шын мәнінде оқулықтың қазіргі жағдайы осындай. Ал, жақсы маман, сапалы оқулық болмаса одан жақсы шәкірт шығады деу құстан сүт дәметкенмен бірдей.

    - Ал, білім саласындағы әлі де жетілдіре түсетін өзге тұстар қандай?

    - Осы сұраққа байланысты мына жайтты айтқым келеді. Мен бала күнімізден Қытайда оқыдым. Ал, ол жақта ұлттық тұрғыдағы тәрбиені білім берумен ұштастыру жағы жақсы жолға қойылған. Қытай ұлты жөнінде алып айтқанда балабақшаның өзінде ұлттық этика секілді сабақтар жүреді. Орта мектепте әдеп-иба, жоғарғы оқу орындарында елдік, ұлттық бағыттағы тәрбие тыңғылықты түрде жүреді. «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деп, Мұқағалидың сөзімен айтсақ, мектепке тарыдай болып кіргеннен бастап, таудай болып шыққанға дейін баланы Қытайдың нағыз патриоты қылып шығарады. Бұл әрине идеологияның жүйелі жолға қойылғандығы.

    Университетте ғылыми коммунизм, ғылыми социализм деген секілді саяси бағыттағы тәрбиелер де жүреді, оның сыртында төрт жыл бойы жоғары оқу орындары студенттерге оқытылатын этика деген сабақ болады. Онда негізінен қалай адам болу, қайткенде қытай халқының адал перзенті болу керек деген мәселелер қарастырылады.

    Ал, бізде басқашалау. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жағдайда ешкімге кінә қоя алмайтын шығармыз. Ескі жүйенің орнына жаңасы орнаған жағдайды ескерген дұрыс әрине. Қазір міне 22 жыл өтті. Балабақшада киіз үйдің модельдерін көрсету, қыз сыны, жігіт сұлтаны секілді сыртқы формада тамашалау үрдістері ғана бар. Жалпы жас ұрпақты қалай адам қылып шығару керек, адам ретінде, қазақ азаматы ретінде қандай тәрбие беруіміз тиіс деген мәселеге қатты көңіл бөлген жөн. Себебі қазір онымен ата-аналар айналыспайды. Капиталитсік қоғамда мейлі бай, мейлі кедей болсын барлық ата-ана таңның атуы, күннің батуымен жұмыс бабында болады.

    Бұрын бала тәрбиесімен тұтас ауыл айналысатын. Кішкене күнімізде темекі тартып тұрған сотқарлау балаларды көрсе ауылдың ақсақалдары айқайды сала боқтап, атпен қуып, қамшымен шықпыртып жіберетін. Қазір есіктен шыға салып темекі тартып тұрған өрімдей студент қыздарға бір адам бұларың не деп айтпақ түгілі, бұрылып қарамайды. Бірдеңе десең «темекі тарту менің өз құқым, сенің қандай шаруаң бар» дейді.

    Жағдай осындай болған соң жастардың «тәрбиесімен» қазір теледидар мен интернет ресурстары айналысып жатыр. Ол жерде батыстың біздің ұлтымыздың менталитетіне жат, түрлі ерсі әрекеттері еркін шарлап жүр. Яғни, ұрпақ тәрбиесімен сен айналыспасаң бәрібір басқа біреу сенің орныңа өзі қалаған тәрбиесін береді.

    - Бұны бір жөнге салу үшін қандай қадамға барған жөн деп ойлайсыз?

    - Ол үшін балабақшаға кіргеннен бастап, бізде де сондай балалардың қабылдау деңгейіне сәйкестендірілген этика жөнінде пән болуы қажет. Оған қоса түрлі деңгейдегі оқу орындарына сай етіп, осы этика бойынша оқулық дайындауымыз тиіс. Оны арнайы бағдарлама негізінде жүйелі ойластырылған дербес пән ретінде жүргізу керек.

    - Әңгімені көрші Қытай елі тарапына бұрсақ, Қазақстан осы алпауыт елді зерттеп, алдағы іс-қимылына баға беру жағына қалай көңіл бөліп жатыр?

    - Менің 22 жылдан бері айтып жүрген бір мәселем - қытайтану институты ашу жайы. Қытайдың әр өлкесінде Орта Азияны зерттеу инситиуттары бар. Аты Орта Азия болғанымен негізінен Қазақстанды, қазақ даласын зерттейді. Қайсы аумағында қандай байлығы бар, қанша халық тұрады, оның қаншасы қазақ, басқа ұлттардың саны қандай, кім басқарып отыр, сана-сезімі қалай деген сұрақтардың бәрін зерттеп отыр.

    Бізде әр облыс болмаса да, бүкіл республикаға бір қытайтану институтын құру керек. Қытай туралы мәліметіміз бен көзқарасымыз басқалардың айтуына, солардың ақпаратына ғана сүйеніп отырғаны шындық. Көбі Ресейдің ақпараты. Бұл мәселені мен 2001 жылы Елбасының қабылдауында болған кезімде де ол кісіге айтқан едім. Президент сол кездегі Президент Әкімшілігінің жетекшісі С.Қалмырзаевке бұның өзекті мәселе екенін айтып, алдағы уақытта мұқият қарастыру қажеттігін айтты. Алайда аталған тақырып кейін қайта қозғалған жоқ.

­    - Биылғы жылы Елбасы Жолдауында қоғамның назарын аударған мәселенің бірі -­ «Мәңгілік Ел» тақырыбы. Бұл өміршең идея туралы ойыңызбен бөлісе отырсаңыз?

    - Менің үнемі айтып жүретін «ұлтта да ұлы армандар болуы керек» дейтін сөзім бар. Ал, «Мәңгілік Ел» болу сынды асқақ мұратты ойламайтын адам кемде-кем. Оны бүкіл халық қолдайды. Қазақ елі мәңгілік болса екен дейтін арман бәріміздің де жүрегімізді тербейді. Бұл тарихи тамырластық. Аталған идеяның сонау көктүріктер заманынан нәр алғаны белгілі.

    Бүгінгідей тәуелсіз ел ретінде тарих сахнасына қайта оралып жатқан біз ғана емес, тіпті, Қытай Халық Республикасының жаңа басшысы Ши жин Пиң (Си Цзиньпин) де билікке келе салып, «Қытай арманы» дегенді айтты. Оның тірелетін жері де сол - 2050 жыл. Сол кезде ең дамыған қуатты, бай, ауқатты елге айналуды көздейді. Осындай үлкен елдердің өзі алдына үлкен мақсат қойып отырғанда, дамуға белсенді ұмтылып отырған еліміздің де биік белестерге ұмтылуы, асқақ идеяны ту етуі өте құптарлық дүние. Саясатта алдымыздағы жүретін қадамды айқындамай дұрыс қадам басылмайды. Әр басшы өз заманын ғана ойламау керек, мемлекеттің күні ертең не болады, болашағы қалай беталады деген өзекті мәселені бүгін қамтамасыз етуге күш салады.

    Мемлекетте белгілі бір жағдайда ынталандыратын, шабыттандырып отыратын идея керек. Бұл идея алдағы жолды межелеп, ұрпақтарымыздың осы елдің азаматы ретіндегі сенімін орнықтырады. Елбасы жолдауын мен осы тұрғыдан жылы қабылдадым. Сонымен қатар ғылымға үлкен мән беру, оны елдің даму бағытының өзегі етіп алу мәселесі де халықтың көңілін серпілтіп тастады. Себебі, барлық бәсекенің, өркендеудің түп қазығы білім мен ғылымда жатыр.

    - Қазір ұстаздықтан басқа қандай шығармашылық жұмыс жасап жүрсіз, алдағы жоспарларыңыз туралы да айта кетсеңіз?

    - Мен өзім о бастан ақынмын. Қандай деңгейде екенімді бір Алла, сосын оқырман мен уақыт біледі. Бірақ, құдайдың маған берген қасиеті сол. Кейін академияға барған соң ғылыммен айналысуға тура келді. Елге келген соң ұстаздық еттім. Қытай туралы халықтың танымына кішкене де болса көмегі тисін деп, қытай ақын-жазушыларын да аудардым. Қазір менің шығармашылығым поэзия, ғылыми зерттеу, аударма болып сабақтасып жатыр. Ал, ұстаздық жолы өз алдына бөлек бағыт. Қазірге дейін 20-дай кітап шығардым. Оның бесеуі өлеңдер жинағы, үш-төртеуі аударма, екі-үшеуі оқулық болса, қалғандары ғылыми зерттеулер.

    Алдағы жоспар туралы айту сәл ыңғайсыз болар. Өйткені әлі жасалмаған шаруаны жарнамалағандай боласың. Алайда сұрақ қойылған соң жауап берілуі тиіс. Қазір бізде әлі күнге дейін қытайша-қазақша сөздік жоқ. Студенттеріміз Ресейдің, Қытайдың шығарған қытайша-орысша, орысша-қытайша сөздіктерін пайдаланып жүр. Мұның өзі қытайтанушылар үшін қиындық тудыруда. Осы мәселе бойынша жұбайым Айнұр Әбиденқызымен бірлікте он жылдан бері сөздік жасаумен айналыстық. 70 мың сөз бен сөз тіркесінен тұратын «Қазақша-қытайша үлкен сөздік» атты дүниені қолға алған едік. Негзгі бөлігі аяқталды. Енді тек ғаламтор жүйесінде оңтайлы пайдалануға арналған техникалық жұмыстары қалды. Ал, сонымен қатар, екі томдық «Ежелгі түркі мәдениеті» атты зерттеу кітабын жазып жатырмын. Оның негізі қытай деректері бойынша жасалады. Себебі, әлемнің барлық шығыстанушы, түркітанушыларының дені өз еңбектерінде қытай деректерін пайдаланған. Дегенмен олар өз елінің мүддесіне қатысты тұстарын кәдеге жаратқан. Мен Қытай деректеріндегі тұтастай түркі мәдениеті мен өнеріне қатысты жақтарын толық қарастыруды мақсат еттім. Кітап үлкен екі том болады деп шамалап отырмын. Бұйыртса, осы міндетті бір орындасам, ары қарайғы жұмысты уақытында көре жатармыз. Ал, өлең де көңіл-күйге байланысты өз ретімен жазыла береді.

    - Әңгімеңізге рахмет!

    Сұхбаттасқан Бекайдар Алтай

толығырақ

    Бүгін «Әжемнің иісі» атты шығармашылық кеші өткелі отырған ақын, диктор, композитор, ҚХР Шыңжаң Халық радиосының әдеби көркемөнер бөлімінің жетекшісі Серік Әбіл «Таңшолпанда» қонақта болды.
     «Ауылда туып-өстік. Дәстүр, салт-сана әжеміздің иісімен бойымызға қуат болып дарыды. Әженің бойында бүкіл даланың иісі бар. Тіпті, бір ғана кимешегінің өзінде қанша қасиет жатыр. Сол себепті кешті осылай атадым»,-дейді сазгер.
     Шыңжан Халық радиосында әдеби көркемөнер бөлімін басқаратын Серік Әбіл: «Шыңжан Халық радио станциясы бес тілде жұмыс жүргізеді. Қазақ, ханзу, ұйғыр, моңғол, қырғыз тілдерінде. Оның ішінде қазақ редакциясы күніне 18 сағат хабар таратады. Тұрмыс-салт, ғылым, техника, күнделікті жаңалық сынды түрлі мазмұндағы бағдарламаларды жүргізеді»,-дейді.
     «Абайдың 150 жылдығына орай «Абай жолын» аудиокітап етіп шығарғанбыз. 80 сағаттан тұрады. Бұл – қазақ тарихындағы аудиокітаптардың алғашқыларының бірі. Сонымен қатар, «Шаңырағымызды шалқыған әндер» атты халық әндерінің аудио жинағы. Сондай-ақ, қазақтың әйгілі 10 романын да аудиокітап етіп дайындап қойдық. Абайды білмеген, «Көшпенділерді» оқымаған адам қазаққа қандай рухани азық сыйлай алады деген ойдан туған дүние»,-дейді ақын 

http://baq.kz/kk/diaspora/910

толығырақ

   

    Қытай Халық Республикасынан келген ақын, сазгер, әнші, аудармашы, диктор Серік Әбілұлының «Әжемнің иісі» деп аталатын ән кеші ақпанның 3-і күні Алматыдағы «Қазақконцерт» залында өтеді. Қазақтың таңдаулы 60 әнін қытай тіліне аударып, Қытай қазақтары арасында кең тараған 200 халық әнін, 500 күй жинап, таспаға түсірген. Онға жуық кітаптың, 20-дан астам ән мен 100-ге жуық ән мәтінінің авторын кеш қарсаңында Қытайдағы бүгінгі қазақ әдебиетінің жай-күйін туралы  әңгімеге тартқан едік.
     - Серік, ер жігіттің бойына тән  өнердің бәрі бір бойыңыздан табылады. Қайсысы жаныңызға ерекше жақын?
     – Ақындық деп ойлаймын. Орта мектептен бастап жазып келе жатырмын. Бұған дейін «Күміс жебе», «Қобыз сарыны», «Аққу арман» сияқты жыр жинақтарым, публицистикалық «Дариға-ай», «Шолпан», «Самал» атты публицистикалық және «Күн» деп аталатын балаларға арналған шалқыма, балладалар жинағым жарық көрген. Композитор дегенде үлкен симфония жазып тастамасам да,  бірнеше күйім мен 20 шақты әнім бар.
     - Қазақтың біртуар азаматтарының бірі саналатын Сағат Әшімбаевтың: «Сүйікті ақыны жоқ адам рухани жанашыры жоқ адам сияқты» деген сөз бар.  Жаныңызға жақын тартып,  ұстаз тұтатын адамдар бар ма?
     – Әрине бар. Жалпы Қытайда жүрген ақындар өз тұстастарым болсын, алдыңғы не кейінгі буын  өкілдері болсын біз бәріміз негізінен қазақ еліндегі ақындарды рухани жақтан жақын тұттық.  Сол кісілерге еліктедік. Мұқағали, Қадыр, Тұманбай мен  80-жылдары Мұхтар Шаханов ағаларымыздың  жырларын  оқып,  жаттадық. Ал енді Қытайдағы Қазақ әдебиетінен Бердібек Құржықаев, Шәкен Оңалбаев, Мағаз Рәзденұлы дейтін ақындарды көп оқыдық.
    -  Бүгінгі қазақ әдебиетінің кейіпкері кім?
   – Қазіргі адамдар болуы тиіс. Әрине, кешегі күндердегі әдебиеттерде компьютерді оның дамуын айта алмайсыз. Мәселен Мәңгілік Ел деп жатырмыз ғой, ондағы тұлғалар бүгінгі әдебиеттің кейіпкерлері бола алады. Қазіргі замандағы жаһандану үдерісі мен  «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің өзге елдерінде оқып келген жастардың  өмірінен жақсы шығармалар болатын болса, әрине нұр үстіне нұр болары күмәнсіз. Бұл кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, үлкен жол көрсетеді.
     – Елбасы зиялы қауыммен кездескенде Қазақстандағы бүгінгі өмірді көрсететін шығармалардың жоқтығын айтып, осы мәселеге олардың назарын аударды. Сіз енді басқа елде өмір сүріп жатсыз Қытайдағы қазақтардың бүгінгі өмірі онда  қалай көрініс тауып жатқанын айта кетсеңіз?
     Қытайдағы қазақ әдебиетінде өткені тарихты жазу біршама басым. Әрине қолына қалам ұстаған қаламгерлер  арасында  қазақтың бүгінгі тағдырын  жазушылар да жоқ емес. Мәселен Жұмабай Біләл деген жазушы атамыз бүгінгі өмірден жазылған «Арулар», «Бозжігіттер»  дейтін 2 роман жазды. Жастар арасында да бүгінгі заман тақырыбын өз шығармасына арқау еткендер бар.
     Жалпы жастар бүгінгі өмірді өздері де көріп жүр. Сондықтан олар көбіне-көп өткен тарихты, кешегі күннің қандай болғанын білгісі келеді. Кейіпкерлер тағдырынан бабалар рухын сезінеді. Сол үшін де тарихи шығармаларға сұраныс жоғары болады. Бүгінгінің тұрмысын 20-30 жылдан кейін қазіргі жастар жазғанда кейінгі толқыннан да оған деген қызығушылық  жоғары болатыны анық.
     - Қытай әдебиетінің ондағы аз санды ұлттарға ықпалы қандай?
   Әрине жоғары. Олай болатыны жалпы оқу барысында мектепте негізінен Қытайдың әйгілі жазушыларының шығармалары оқытылады. Оқушылар соны оқиды, соны талдайды. Сондықтан да оның міндетті түрде өзіндік әсері бар. Мысалы бізде шалқыма дейтін жанр бар. Қытайда оны сәйуан деп атайды. Оны мен бұл жақта көп көргем жоқ. Қазақ әдебиетінде жоқ па деп те ойлаймын.  Ол бізде көп жазылады. Оның ерекшелігі автор еркін көркем сөзбен бейнелеу арқылы өзінің жалпы ойын шалқып отырып бейнелеп жеткізеді. 
     – Қазір кейбір зерттеушілер ұзақтан толғап, повесть, роман, эпопея жазатын уақыт келмеске кетіп барады. Енді қысқа қайырып жазатын заман туды деп жүр. Бұл пікірге қалай қарайсыз?
     – Әр нәрсенің өз уақыты бар. Үлкен толғаныспен, толғап жазуға тереңдік керек қой. Бұлақ, өзен, көл, теңіз өзінше толқиды. Әрқайсысының өз рөлі бар. Сол сияқты әдебиеттегі әр жанр өзінің мақсаты мен міндетіне сай болуы тиіс. Повесть, роман жазу енді келмеске кетеді дегенге өз басым қосылмаймын.  
     - Шығармашылық адамы үшін еркіндік  деген не?
     Шығармашылықта болсын, әрқандай тірлікте болсын еркіндіктің орны бөлек. Еркіндік болғанда ғана керемет шығармалар туады деуге болмайды.
     - Қандай да бір тақырыптарға шектеу бар ма сіздерде?
     Әрине нағыз жазушы үшін шектеп тұрған ештеме жоқ. Қажығұмар атамыз түрмеде отырып та «Қылмысты» жазды ғой. Онда еркіндік болды ма? Тек еркіндікпен ғана жаксы шығарма тумайды меніңше. Ол адамның өзіне де байланысты. Кейде еркін жүріп де керемет туынды шықпайтын шығар деп ойлайсын. Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген туады қайшылықта» дейді ғой.
     - Қазір әлемде кітап оқитындар қатары күн санап кеміп келе жатқан сияқты. Бұл үрдіске қалай тосқауыл қоюға болады?
     – Әлемнің, уақыттың ритміне қоғамның ілесуіне байланысты қазір көпшілік қауымда кітап оқып шалқалап жататын уақыт жоқ. Қолына кітап ұстап оқып жүретін адамдар бұрынғыға қарағанда әрине аз. Кітапханаларға барсаң да оқырман залында  толып отырған адамдарды қазір көрмейсің. Кітап дүкендерінен сатып алып жүрген адамдарды да жиі көре бермейсің. Бірақ бұған қарап халық кітап оқымай жүр деуге де болмайды. Жастар компьютерден немесе  қолдарындағы телефондарға жүктеп  алып, оқып жатыр. Бұл мәселе мені де  көп ойлантты. Дикторлық оқу деген жасампаздық. Құлағына құйып, жүрегіне жеткізіп жіберетін. Біздің оларға тигізетін көмегіміз осы болуға тиіс. Сондықтан оған өз үлесімді қосу үшін  4 томдық «Абай» эпопеясын аудио кітап етіп шығардым. Биыл енді «Көшпенділер», «Махаббат қызық мол жылдар»,  «Менің Әуезовым» сияқты 10 романды аудио кітап қылып жинақтап, шығардым. Өйткені ешкім кітап  оқымаймын демейді, оқитын уақыты болмай жүр. Олар уақытының көбін   жолда өткізеді.  Оларға кітап оқудың пайдасын құр сөзбен айтпай, оны басқаша жеткізейік, оқымаса тыңдасын. Өйткені кейбіреулер өзге тілде оқығандықтан тыңдаса жақсы түсініп, біле алады.  
     Бұдан бөлек аудио таспаларды да  істеуге болады. Неге кітап оқымайды деп  мақала жазып қана қоймай, нақты  шаралар ұйымдастыру керек шығар. Мысалы кітап оқу күні деген сияқты.  Болмаса кітаптан алған білімнен жарыстар өткізуге де болады. Сондай-ақ қандай  да қызықты жаңа роман шығатын болса оған оқырманды қызықтыру үшін жүлдеге машина тігіп, сайыс өткізіп, түрлы қоғамдық қимылдар ұйымдастырса жақсы болар ма еді деймін.
     - Аға буын өкілдерінің арасында жастар шығармашылығы туралы пікір айтушылардың аз сияқты?
     – Қытай қазағындағы әдебиетте сын дамымай қалды. Ол бізде көш кейін қалған нәрсе болып тұр. Біздің сыншымыз шындығында өте аз. Ақынымыз, жазушымыз бар. Бірақ сыншы жоқ. Сондықтан сіздің айтқаныңызға қосылам.
     – Өнер адамдарының ұлттық идеологияны қалыптастырудағы рөлін қалай бағалайсыз?
     – Өте жоғары деңгейде деуге болады. Кез келген ел өзгенің боданы болып тұрған кезде өз саясатын  өз еркіндігі бойынша жасай алмайды. Қазақ та өз ұлтының тағдырына қатысты шығармаларды еркіндікке қолы жеткенде ғана жасай бастады. Сондықтан олардың арасынан қайраткерлер, саясаткерлер шығып жатыр. Болашақта халық арасында олардың рөлі бұрынғыдан да  жоғары болады деп ойлаймын.
     – Қаламгерлердің және басқа өнер салаларындағы қызметкерлердің қоғамдағы өзгерістерге жедел үн қосып, өз ой-пікірін ашық айтуына не кедергі болып отыр? Олардың қайраткерге айналуына не қажет?
      – Олардың қоғамдық санасында  басқалар  жазып, айтып жатыр ғой. Мені кім тыңдайды немесе мен не өзгерте алам деген  көзқарас мықтап қалыпастып қалған. Көшбасшы болу оңай емес. Барлық жүкті әрине оларға ғана жүктеп қоюға да болмайды. Саясат кең  ойлап,  келісіп  пішетін нәрсе. Ол  қоғам, ұйым арқылы талқыланып шығады. Сондықтан оларды  неге  бірден жедел үн қоспайды деп айыптауға да болмайды.
     -  Қаламгерлердің сөзге деген жауапкершілігін көтеру үшін тілдің байлығын, тазалығын бақылайтын орган қажет пе?
     Бұл жағынан ойыңа толық қосылам. Қытай қазақтарына тілдегі шұбарлық аудармадан келді. Шығарманың сәтті, сәтсіз шығуы аударған  адамның қабілетіне қатысты дүние ғой.  Бізде хабар, сіздерде жаңалықтар дейді. Оның бәрі аудармадан келеді. Аударма тілінде жұтаңдық  бар. Осы жақтан барған кейбір адамдар бізде телеарнадан беріп жатқан жаңалықтары тыңдап отырып не айтып жатқанын білмей де қалады. Өйткені аудармадан қалыптасқан жаңа сөздік құрылымдар мен  қалыптар бар. Сондықтан халқымыздың бай тілін толық қолдана алсақ, бұл олқылықты да түзеуге  болады.
     - Қазақ тілін қазір зерттеушілеріміз әлемдегі ең бай тілдердің қатарына қосып жүр. Сөздік қоры мол, тілдік байлығы зор қазақ әдебиетінен ендеше Нобель  сыйлығының иегері неге шықпай жүр?
     Бұл жағынан менің ойым айқын. Нобель сыйлығы саясаттық сыйлық. Ол әлемдік әдебиеттегі озық үлгілерге таңдап беріліп отырған  жоқ. Былтыр бізде Моян деген жазушы алды.     Оны салыстыра отырып,  Мұхтар Әуезовтың «Абай жол»  ала алмайды деп айта алмайсың. Ғабең, Сәбеңнің, тіпті кешегі өткен Оралханың «Атау кересін» қатысты да осыны айтуға болады. Олар Нобель сыйлығының талабына толмай жатқандықтан оны ала алмай жатқан жоқ. Қазақтың жан саны көп болса бүгінгі деңгейдегі әдебиетімен  баяғыда талай адам оны алар еді. Сыйлық берудің бәрі адам істеп отырған жұмыс. Біздің қазақ Нобель сыйлығын ала алмай жүрген жоқ, бермей жүр деп айта алам.
     - Шығармашылық адамдарының көзі тірісінде  еңбегінің  бағалануы мен атақ-дәрежені иеленуіне көзқарасыңыз қандай?
     Жоғары айтып кеткендей атақ-дәрежеде мен сыйдың бәрі адам қолымен істелетін  дүние. Мәселен мемлекеттік деңгейде 5 шығарма бағаланатын болса, оған 15-тен  100-ге дейін шығарма қатысады. Оның бір, екеуі шын мәнінде үздік шығарма болса, қалған үшеуі бармақ басты көз қыстымен  болатын шығар деп ойлаймын. Қазіргі деңгейде солай бағаланады меніңше.
     - Қазақ шығармаларын әлемге таныту, мойындату үшін не істеу керек?
   – Оның бәрі аудармаға байланысты. Шығарманың нәрі сол күйінде аудармаға  жете ме, жетпей ме деген мәселе соған келіп тіреледі. Мысалы Олжас Сүлейменов ағамыздың орысша жазғандарын Қадыр Мырзалиев атамыз керемет жоғары дейгейде аударған.
     Ал Қытайда шетелдік шығармалар бірінші ханзушаға аударылады. Одан кейін барып  қазақшаға аударылады. Біз ол жерде үшінші басқышта, үшінші адамның шайнағанымен жеп жатырмыз деуге болады. Ол жерде идеясы жеткен шығар, тілдік көркемдігі қай деңгейде жетті ол басқа мәселе. Сіз айтқан аударма қай деңгейде дегенге келсек,   меніңше ханзушадан қазақша аударылған дүниелер әуелгі нұсқамен теңдей болмаса да, қазақтың бай тілмен көсілтіп аударғанда толығымен жетті деп айтуға болады. Ал қазақшадан ханзушаға аударылған дүниелерге мен разы емеспін. Жеткізе алған жоқ.
     -Кейбір зерттеушілер «адам тумысынан ерекше болып тумайды, ол өзін-өзі ісімен ерекше етеді» деген ой айтады. Бұл көзқарасқа қалай қарайсыз?
     Оған толық қосылмаймын. Тумысынан  талант болмаса қалай кез-келген адамды әнші не өнерпаз  қылып тәрбиелеуге болады. Талант пен талап ұштасқан кезде  ғана ол өзін қалаған биігіне шығара алады. Талантын ұштап, үнемі жетілдіріп, тынымсыз еңбек еткен адам ғана халықтың қалаулысы бола алады. Олардың мұрасы уақыт өткен сайын сап алтындай жарқырап, айналасына өз нұрын шашып тұрады. Ал атақ-абыройға халықтың қалауымен емес, арзан жолмен адамның шығармашылық ғұмыры ешқашан баянды болған емес. 
     - Әңгімеңізге рахмет. Еңбегіз әрдайым жемісті болсын. 

    Автор: Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ "Алаш айнасы" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газеті http://alashainasy.kz/culture/48934/

толығырақ

    Қазақстан өз болашағын баянды етуде алға тағы бір үлкен қадам жасады. Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Шәміс Құмардың айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын биылғы Жолдауы бұған негіз бола алады.

    «Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел! Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым», - деген Елбасының сөзінен үлкен әсер алдым. Қазақстанның дербестігі мен Мәңгілік ел болып көркейіп, гүлденуі шет елдердегі қазақтар үшін де төтенше маңызды. Сондықтан оны шет елдер де қолдайды. Мәңгілік Елдің келешек ұрпақ тәрбиелеуде зор маңызы бар. Отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелеуде жас ұрпаққа Мәңгілік Елді үлкен идея қылып сіңдіру керек», - дейді Қытайда тұратын қандасымыз Ш.Құмар. Жазушының пайымдауынша, Н.Әбішұлының дәстүрлі түрде жыл сайын жарияланатын бұл Жолдауы барлық саланы қамтыған. Жалпы Мәңгілік Ел болу үшін, өнеркәсіп, мәдениет, ауылшаруашылық, оқу-ағарту, ғылым мен техниканың бәрі кемелденуі керек. Сонда ғана Қазақстан Мәңгілік Ел болып тұра алады.

толығырақ

    

Қытайдағы Шыңжаң халық радио станциясы «Сөз қамбасы» аудио кітап жарыққа шығарды. Нұрлан Әбілмәжінұлы, Мамыт Тоймолұлы мен Әлқазы Бекқұрманұлы жобалаған бұл жинақты баспаға дайындаған Серік Әбілұлы. Болат Самокұлы, Майгүл Сағатқызы, Батигүл Шайзақызы   дыбысын жасаған бірегей кітапқа - Менің Әуезовым, Көшпенділер, Зуқа батыр,  Ақыр Жәнібек, Бұлаң дүние, Дабыл, Махаббат қызық мол жылдар, Таңжарық, Алтайдың ақиықтары, Ғасырлық қуғын романдары мен радио театрлар қойылымдары еніп отыр.  Романдарды  оқығандар - Қанат Ережеп,Мұратбек Тесебаев, Серік Әбілұлы, Мақсат Кәдірхан, Еркін Әбішұлы.

толығырақ

  

   Қазақ қызы Қытайды мойындатты. Қазақстан телеарнасының жаңалықтар қызметінің хабарлауынша, 3 жылда 1 рет ұйымдастырылатын бұл бүкілқытайлық дәстүрлі қыз сыны байқауында жеңімпаз атаған арудың есімі Күнбике Нұрқызы.  Биыл үшінші рет өтіп отырған байқауға қазақ қызы тұңғыш рет қатысқанына қарамастан,  бас жүлдені иеленіп ғана қоймай, «56 ұлттың гүлі» деген атаққа ие болған.

    Ана тілінен бөлек  қытай мен ағылшын тілдерін  еркін меңгерген ол домбыра тартып, ән салып, би билейді және таэквондомен  де айналысады. Бұған дейін де түрлі сайыстарға қатысып,  «Шыңжаң арулары» сайысының  бірнеше мәрте жеңімпазы атанған.  Бүкілқытайлық бұл байқауға биыл Шыңжаң автономиялық округының атынан қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек және татар арулары қатысқан көрінеді. Қытайдағы 56 ұлттың намысын қорғаған үміткерлер онда қытай тілі мен өз ана тілін меңгеру, өз ұлтын таныстыру, ән-би өнерін көрсеткен. Барлық сында  үздік шыққан қазақ аруы  ханьзуша сөйлеуде қытай қыздарын ғана артта қалдырған көрінеді.

толығырақ

Ең әуелі ұлы халық Қазақтың қара шаңырағы Қазақстанның өз тәуелсіздігін қолына қайта алғанына 22 жыл толуымен күллі қазақтарды және қазақпен отандас өзге ұлт бауырларды шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ елінде, бақытты кезеңнің жемісі шығар, дәстүрі және заманауи мереке күндер аз емес. Алайда соның бәрін басып түсетін, қазақ тарихында орны ерекше, ата-бабалардың ғасырлап күткен асқақ арманына - азаттыққа қол жеткізгеніне арналған ұлыстық ұлы мейрам – Тәуелсіздік күні. Бұл – қазақ қанша ғасыр аңсаған күн, бұған жету үшін қаншама қан төккен күн, оның үстіне ол тек Хан Кененің, Алаш ардақтыларының, 1986 жылғы Желтоқсаншы өрімдей жастардың қанын ғана емес, миллиондаған қазақтың қаны сарып болған күн!


Қазақ мемлекеті қазір қысқа уақытта ғасырларға бергісіз қыруар жұмыс тындырған. Экономикалық, әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелеріндегі ішкі және сыртқы - жаһандық, өңірлік проблемаларға дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымына берік, егемен, тәуелсіз, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған мемлекет ретіндегі әлемге танымал ел. Қазақ елі ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар мен іргелі бағдарламаларды атқару арқылы үздіксіз алға ілгерілеуде. Бұл бізді қатты қуантады.
Қызу құттықталған ең басты той, әрине, басқа салады талай ой. Сондай бастардың талайы диаспорада жүр...


Алдымен Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырлы, елдің мәңгі ғұмырлы болуы еске оралады. Мемлекетті тәуелсіздікте мығым, мәңгілік ел ететін, жерінің асты-үстіндегі байлық қана емес, бастысы адам ресурсы, азаматтарының сапасы. Ал, сапа санмен көтеріледі. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген емес пе данышпан бабаларымыз. Кешегі тозық елдер – Жапония, Қытай, Үнді сияқтылардың бүгінде озық ел болып отыруы осыған айғақ. Мынадай ұлы той үстінде Қазақстанның демографиялық тез өрлеуін тіпті де тілейміз. Иә, бұл өрлеу тек ішкі табиғи туыттық саясатпен ғана жүзеге асқалы да тұрған жоқ. Содан ғой, жақсы күнде жақсы тілек білдіріп, бүгінде нұры сығырайған «Нұрлы көштің» нұры қайта күшейсе екен дейміз. «Орнында бар оңалады» дейтін қазақ бұған да сенімді!


Ұлы той құтты, Тәуелсіздік тұғырлы болсын, ағайындар!

Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТОВ.

ҚХР, Үрімжі қаласынан

толығырақ

«Осы мақаланы жазу үшін көп уақыт ойландым. Шынын айтқанда, 2012 жылдың науырызынан қазірге дейін тура 1 жыл 6 ай уақыт өтіпті. Қазақ елінде сапарда болып қайтар шақта «осы жолғы сапарыңыз жайлы қалам тербейтін шығарсыз» деп тілек артқан бауырларға «Иә, Алла жеткізсе міндетті түрде жазамын» деп айтқаным бар еді. Енді бүгін сол сол айтқанымды орындаудың сәті түсіп отыр». Бұл Қытайдағы белгілі қазақ блогері, Қазақсофт (kazakhsoft.com) сайтының жетекшісі Тәліп Нүсіпұлының жазғаны. Атажұрттан көрген, білгенін көкейге қонардай қып жеткізген қандасымыздың мақаласын біз де өз оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз. 

2012 жылы наурыз айында Астанада өткен II Blogcamp-қа қатысуға арнайы шақырумен бардым. Үлкен басқосудың арқасында екі аптаға жуық уақыт Қазақ елінде болып қайттым. Бұл жолғы құрылтай Назарбаев университетінде өтті. Құрылтайға қатысу мақсатымен ауылдан аттандым. Бұл менің Қазақ еліне тұңғыш сапарым еді. Атамаққа Қазақ елі болғанымен барып көрмеген жан үшін оның көптеген бейтаныс тұстары жоқ емес-ті. Ондағы жасап жатқан халықтың ортасын, бет-бейнесін көрейінші деп Алматындан Астанаға дейін пөйезбен жүруді таңдадым. Вагон толы қандастармен тоқтаусыз пікірлесітім. Бас қалаға жеткен соң ондағы жоғары оқу орындарының ортасы, ғылым-білімге ынтызар жандармен бірге болдым. Мемлекеттің ақпарат орындарымен таныстым әрі сұхбатта болдым. Егемен Қазақстанды, тәуелсіз қазақ елінің елордасын, арманым болған байтеректі көрдім.
Қазақ еліндегі көрген білгендерімді төмендегі бірнеше жақтан әңгімелегім келіп отыр:
0. Екі ел шекарасынан өтерде.
Қорғас шекара бекетінен өткен соң кең жазиралы, көк байрақты елдің мекеніне қадам қойған болдық. Ұқсас бір туып-өсіп, ұқсас бір аудан тыныстайтын адам баласын жер шекарасын сүйемдеп отырып белгілеп айырғанын көргенде коммунизм бала күніңде еститін аталардың ертегісізнде ғана іске асама деп қаласың?!
1. Қазақ елінің мәдениеті.
Көң байрақты елдің мәдениетіне келсек, меніңше мәдениет айырмашылығы күнделікті тұрмыс пен сөз қолданысынан көрінеді. Бізге қарағанда ол жақтағы қандастар көш алдыда көрінеді. Бекер босқа қасыңда мылжың мен қылжыңды аңдыған ел жоқ, формалы киімдерден басқа зікіп сөйлеген пенде жоқ. Баяу үнмен сәлемдесіп, ана тіліңмен қиналмай кете бересің...
2. Тіл және жазу хақында.
Қазақ тілінің қолданысы күн сайын жақсара түскен. Кешегі тәуелсіздіктің алғашқы кезіндегіде «Қайран Москва, қайда қалды?» деп еңіреген жұрт бүгін міне қазақша сөйлеп, Астанаға барып «Наурыз» толаймыз деген бейнесін көргенде, таксиге отырғанда 130-дан астасм ұлттың қай қайсы да, қайда барасыз деп қазақша сөйлеп тұрғанда өз тілімеңмен кім-кіммен болсада үндесе алудың қандай бақыт екенін сезіне аласыз. Бірақ, солай бола тұра, кей тұстарда как, что, хорошо деген бұлдыр әундер де жоқ емес. Қайтеді үйреніп қалған ғой. Орнында бар оңалар деген...
3. Студенттер.
Менің бір байқағаным, ондағы студенттердің көпшілігі орыс тілі мен ағылшын тіліне жеттік келеді екен. Осыған орай қазақ тілі де жетіліп қалған. Ең зор қуаныш қоғамдық ортаға байланысты біздеің студенттерге ұқсас, «мен бәлен университетті оқыдым, бітірген соң кім боларымды белгілеймін» демей-ақ униврситеттің соңғы жылдарынан бастап жұмыс істеуге әдеттенген.
4. Ұрпақ тәрбиесі.
Телеарналары қазақша сөйлеуге бейімделген. Сәби баладарға арналған арнаулы шетел тілін үйрену бағдарламасы күнделікті беріліп тұрады. Ондағы балаладар кішкентайынан бастап көп тілді болумен қатар өз ұлтының тарихы мен салт-дәстүрін тани бастаған. Жүрегінде иман сенімі бар ұрпақ жетіліп келе жатқанын аңғарсыз.
Бұлар менің назарымдағы қазақ елінің бейнесі. Ал менің қызғатыным, әрі көңіл бөлетін жұмысым IT саласы хақында ой өрбітер болсам:
Бұл жолғы құрылтайға мөлшермен 250-ге жуық сайт жетекшілері, блогерлер және журналистер қатысты. Құрылтайдың негізгі мақсаты ғаламтордағы қазақ тілді мазмұндарды байыту, қалай өнімді пайдалану, қалай тұтыну және дамыту тақырыбында болды. Әрі блогерлер қазақ тілді мазмұндарды байыту мақсатымен жасап жатқан жұмыстарын, сайттарын, блөгтарын таныстырып жатты. Бұлардың көпшілігі сайтты пайдалану мақсатымен жүрген журналистерден құралған. Онда IT технологиясы туралы ізденіс, жаңа техниканы игеру және соның жетегінде өз желілерін жасау, жүйелерді зерттеу, бағдарлама жазу, тіпті қазақ тілі мазмұндар тұратын сайттарды қалай жасау туралы сөзді есту мұң болды. Арадағы бас қосумен пікірлесуден IT технологиясының негізгі тетігі өзге ағайындардың қолында екені бірден байқалады.
Жасалған жобаларды таныстыру мақсатымен сайттардың көпшілігі шетелдің дайын жүйелерін қолданған. Бір сөз кезегінде «сіз осы сайт жүйесін өздеріңіз жазып шығуды ойластырдыңыздар ма, яғни сайттың техникалық, ақпарттық ақаусыздығы турасындағы тетікті игеру жағдайы қалай» деп сұрақ қойғанымда біз неге дайын тұрған жүйені қолданбай, оған өзіміздің мимызды ашытып, жүйе жасап жүреді екенбіз дееген сыңай білдіргенде, сондағы тыңдарман қауым бірден қолдай жөнелді. Бұдан Қазақ елінің IT саласы дәл осы саланың бастапқы қолдану сатысында тұрғаны бесенеден белгілі.

толығырақ

Қытайдың батыс терістігінен Тарым мен Тәңіртау алабына енетін жол Хыши дәзілінің батыс қақпасына орналасқан Қаратау петроглифтеріндегі осыдан 2000 жыл ілгері қашалған топтық би көрінісін байырғы сақтардан, үйсіндерден, иүзлерден, ғұндардан қалған қаражорға биі (қазіргі қазақтың қаражорғасы) деген байқауым мен көзқарасымды осыдан бұрынғы мақалаларымда баяндаған болатынмын.

Қаратау петроглифтеріндегі билерді қаражорға биі деуде кем дегенде мынадай төрт негізге сүйенген едім:

Бірінші, бидің көрінісі дәл қазақтың қаражорға биінің өзі;

Екінші, би кескіндерінің тасқа қашалған уақыты (б.з.б. 5ғ - б.з.б.1ғ ) қазақтың ең басты этникалық тегі саналып келе жатқан сақ, иүз, үйсін, ғұндар осы өңірде бірінен соң бірі мекендеген делінген тарихи жазбаларда кезігетін мезгілге сәйкес келеді, сондай-ақ ғалымдар бұл туындыны да соларға және сол мезгілге тәуелдеген.

Үшіншіден, археологиялық және антропологиялық зерттеу нәтижесіне сай, сақ тайпалары қола (бронза) дәуірінде немесе одан да бұрын осы өңірлерге немесе одан да ішкерілеп сары өзен бойына дейін жеткен, мәдениет таратқан, кейінгі иүз, үйсін этностары осы сақтармен байланысты деп қаралады;

Төртіншіден, биге қатысқан адамдардың киімі, әсіресе шошақ әрі биік бас киімі мен оған таққан үкісі ары сақтардан, берісі қазақтан ғана табылады, т.б.

Бұл мақаламызда, Қаратауда қашалған қаражорға биінің көрінісі біздің арғы аталарымыздан болған сақтарға (тарихтағы үйсіндер мен иүзлер де сақтардың тармағы ретінде қаралады, оның үстіне сақтар мен үйсіндердің молаларынан олардың жерлеу салты мен басқа да мәдениет деректерінен ғалымдар айрықша айырмашылықты байқай алмаған) тәуелді екендігінің дәлелін тіпті де бекемдей түсетін, Хыши дәзілінің Тәңіртау мен Тарымға кіретін қақпасындағы қартау петроглифі, Еренқабырғаның (Тәңіртаудың Үрімжіден батысқа қарайғы орта бөлегі) терістік қапталындағы таңғажайып топтық би көріністерін өрнектеген атақты Құтыби Қызылқысаң петроглифі және әйгілі Есік сақ алтын адамы үшеуінің арасындағы ортақтықты қарастырамыз. Өйткені, бұлардың пайда болған дәуірлері қарайлас, авторлары түгелдей сақтарға байланысты деп қарастырылады.

Құтыби Қызылқысаң топтық би петроглифі дүниедегі петроглифтердің ішіндегі ең әйгілілері қатарында деп айтуға болады. Ол Үрімжінің батысындағы Құтыби аудан қалашығының батыс оңтүстігінде 70 км қашықтықтағы Еренқабырға (Тәңіртаудың Үрімжіден батысқа қарайғы сілемі) тауының теріскей қапталындағы теңіз деңгейінен 1500 метр биіктіктегі жартаста орналасқан. Орны шығыс бойлық 86°19′20″, солтүстік ендік 43°51′.

Қызылқысаң петроглифтеріне жасалған талдаулар арқылы, ондағы адамның өсіп-өрбуіне байланысты танымға, әсіресе ерлердің жыныс мүшесін көрнектілендіру ерекшелігіне сай петроглифтің қашалған уақытын қауымдық қоғамның соңғы мезгілі, аталық рулық қоғам сатысында деп тұжырымдалған. Шыңжаңнан байқалған археологиялық деректерден әдетте Шыңжаң өңірі б.з.б.3 ғасырдан ілгері таптық қоғамға еніп, мәдениетті дәуірге қадам қойған делінеді. Оның үстіне суреттің бір бөлегі қызыл реңмен боялған. Бұл да оның арғы заман туындысы екендігін ұғындырады. Сондықтан Құтыби Қызылқысаң петроглифі б.з.б.3 ғасырдан ілгері қашалған деп қаралады.

Құтыби, Манас өңірі ең ертеде сақтардың қонысы болған. Үйсіндер шығыстағы Хыши дәзілі маңынан б.з.б. 2 ғасырдың басқы мезгілдерінде Іле аңғарына ауып келгеннен кейін, бұл ара негізінен сақтардың байырғы бір тайпасы саналатын Касилердің қонысы болды. Ал хан ордасы мен ғұндар Каси өңіріне таласқан аласапыран мезгілде, бұл араны бір мезет ғұндардың шығыс Барыс елінің ханы Езлікшенің тайпасы қоныстанған. «ханнамада»: «Осы кезде (Юанди кезі: б.з.б.75 жыл - б.з.б. 3 жыл) ғұндардың шығыс Барыс елінің ханы Езлікше басқаққа 1700 ден астам адамымен келіп тізе бүкті. Басқақ оларды артқы Касидың батысындағы Етімзелә деген жерге қоныстандырды» делінеді. Етімзелә елінің батысы Үйсіндермен шекараласады. «Соңғы ханнамада»: «Каси елі Үлепсе, Занғуан, Ғаға, Етімзелә елдерін жойды. Кейінірек ол елдер қайта шаңырақ көтерді» делінген. Бұлардан үйсін, каси, ғұндардан бұрын бұл өңірде сақтардың болғандығын білеміз. Осылар және басқа да көптеген тарихи, мәдени деректер Қызылқысаң петроглифінің авторы сақтар екендігін ұғындырады.

Қаратау байырғы Қытайдың Орта жазығынан Тәңіртау және Тарым алабына енетін жолы Хыши дәзілінің батыс қақпасы Жаюгуан қаласының терістігінде 20 километр қашықтықта жайғасқан. Қаратау мен әйгілі Шилантау арасын кең аңғар бөліп жатады, оңтүстігі алып Шилантау, ортада Жаюгуән қаласы. Қаратауды Шилантаудың тармағы деп қарауға да болады. Ал, Шилантау деген ат көне түркі тіліндегі «tengri» сөзінің дыбыстық аудармасынан келген деп қарайтын мамандар да бар. Дәл осы байырғы көшпелілер қонысынан өткен ғасырдың 70-жылдары мамандар көптеген петроглифтерді байқап, тіркеуге алып, зерттей бастайды. Бұл петроглифтер Қаратаудың үш сайына бес орынға жайласқан. Жанго дәуірінен миң дәуіріне дейінгі туынды деп қаралған 153 сурет байқалған. Қытайдың Гансу өлкелік өкіметі оларды 1981-жылы 10 қыркүйек күні өлке дәрежелі қорғалатын мәдени мұра деп белгілеген.

Қаратау петроглифтерін суретті тасқа егеп-қашап салу тәсіліне қарай ғалымдар үш топқа бөлген. Бірінші топтағылары тас немесе басқа қатты құралдармен егеп салған суреттер. Қаратаудағы би кескіндері негізінен осындай бірінші түрдегі тәсілмен салынған. Ғалымдар Қаратау петроглифтеріндегі осы би кескіндерінің төңірегіндегі археологиялық деректер, тарихи жазбалар және суретті тасқа қашап салу тәсілі және ондағы бейнеленген мәдениет үлгілері сияқтыларға сүйене отырып, оны жанго заманынан батыс хан династиясы дәуіріне (б.з.б. 5 ғасыр - б.з.б. 1 ғасыр) дейінгі сақтардың, иүзлердің (нүкіс), үйсіндердің немесе ғұндардың туындылары деп тұжырымдайды.  Байырғы Қытай тарихи жазбаларында жанго заманынан батыс хан дәуіріне дейінгі дәуірлерде осы өңірлерде жоғарыда аталған этностардың (сақтар, нүкістер, үйсіндер, ғұндар) ілгерінді-кейінді қоныстанғаны туралы тарихи жазба деректер жеткілікті.

 Демек, кезінде осы өңірлерде сақтар болған, одан иүзлер ірге теуіп, олар үйсіндерді шапқан, кейін ғұндардың сүйемелімен үйсіндер ес жинап, елін құрап қайта нүкістерге тап беріп, оларды батысқа қуып тастаған. Оның соңынан үйсіндердің өзі батысқа Іле алқабына ауған. Одан бұл өңірге бір мезет ғұндар үстемдік еткен. Демек, осы өңірден сақтар, иүзлер, үйсіндер бірінен соң бірі батысқа Іле алқабына қарай қоныс аударған. «Ханнама»-да: «Үйсіндердің ішінде сақтардың да, ұлы иүзлердің де нәсілі бар еді» деп жазылуы осыны аңғартады. Шиланшан биік, қарлы салқын тау, ол жаз жайлауға бап келеді. Ал, оның терісітігіндегі бір әңғармен айырылып тұрған Қаратау Шилантауға қарағанда қары жұқа түсетін ой тау есепті. Ол Шилантауға жайлаған елдің жайлы қыстаулығы болғаны даусыз.

Бұлардан тыс, басына биік шошақ төбелі бас киім киіп, оған екі үкі қадаған адам бейнесі, Сібірдегі Нана өзені аңғарындағы петроглифтерден де байқалған. Ондағы адамның қашалған бейнесі Құтыби Қызылқысаң петроглифтегіге ұқсас, жоғарғы денесі төңкерілген үшбұрыш тәрізді, иықты, қына бел, биге басқан. Бас киіміне тегіс үкі қадаған. Археолог ғалым Окладников бұл туындыны б.з.б.1500 ж. - б.з.б.1300 ж. аралығындағы бронза дәуірінің туындысы деп білген. Америкалық оқымысты Есте Чокбосн да бұл сақтардың (Scythian - скиф) көшпелі тұрмысын бейнелеген туынды деп қарайды. Қытай ғалымдары осы Құтыби Қызылқысаң петроглифі мен Сібірдегі Нана өзені аңғарындағы биге басқан адамдар бейнеленген петроглифін салыстырып, бұларды түгелдей сақ мұрасы деп таныған.

Жетісудің Есік алтын адамы, орталық Тәңіртаудағы (Еренқабырғадағы) Құтыби Қызылқысаң топтық би петроглифі және Хыши дәзілінің батысындағы Қаратау топтық би петроглифі үшеуінің де авторы сақтарға байланысты, түгелдей б.з.б. 5ғ  мен б.з.б. 1ғ  аралығының туындысы деп қаралды. Сондықтан бұларды салыстыра зерттеудің тарихи-мәдени мән-маңызы аса зор әрі олардан айқын тамырластық пен желілестікті байқауға болады.

1. Қаратау петроглифі де, Құтыби Қызылқысаң петроглифі де басқа жерден ұшыратуға болмайтын көп адам қатынасқан ерекше әсем де, ойнақы, ритімді топтық би көрінісі жолығады. Алтын адам байқалған Есіктен тым шалғай болмаған таңбалы тас петроглифінде де топтық би суреті жолығады. Демек, осы өңірлердегі ерте заман сақ халықтары түгелдей ән, күй, биге бай халық әрі биі жетілген, көп адам бір уақытта бір түрлі қимылмен де, әсем де, ретті билей алады. Сондай-ақ наным-сенімін, көңіл-күйін бимен еркін бейнелуге әуес, оған әдеттенген халық болып табылады. Қытайдың тарихи жазбаларында («Ханнама батыс өңір баяны», «Соңғы Ханнама» және Жин Фуйуанның «Пипа мен өлең сөзге кіріс сөзі», т.б.) жазылуынша, хан патшалығы дәуірінде ғұндар, үйсіндер жаратқан дабыл, сыбызғы, боздауық, пипа, ғежек сияқты күй аспаптары Орта жазыққа таралған. Қытайдың Шижұн ханышасы үйсіндерге ұзатылғанда жол бойы ат үстінде ойнайтын күй аспаптарымен жүрген. Сол заманда ғұндардың, үйсіндердің, иүзлердің күй мен биі жетілген.

2. Қаратау петроглифі мен Құтыби Қызылқысаң петроглифіндегі қашалған адам бейнесіндегі ең үлкен ұқсастық - әр екі орындағы петроглифте де адам денесі иығы кең белі жіңішке одан қайтадан бөксесі кең етіліп, белден жоғарғы бөлегі төңкерілген үлкендеу үшбұрыш болып келіп, белі барынша жіңішкеріп, төменгі денесі қайтадан төбесі жоғары қаратылған кішілеу үшбұрышқа айналады. Бұлардың барлығы кездейсоқ құбылыс емес, қайта сақ бейнелеу өнерінің ерекшелігі болған. Мысалы, Сібірдегі Нана өзені аңғарындағы сақ өнері деп танылған, тағы да биге басқан адамдар бейнеленген петроглифтегі адам бейнесінде, Іле аңғарының жоғарғы жағындағы Күнес бойынан табылған сақ қола жауынгерінің мүсінінде (6-сурет), Алтай Пазырық мәдениетіне тән сақ серісінің кілемге түсірілген көрінісінде түгелдей адамның белі жіңішке, мойнының жуандығымен қарайлас бейнеленген. Тіпті сақтардың Пазырық атты серісінің өзінің белінің жуандығы мойнымен бірдей болып қалмастан, атының бауыры да мойнымен бірдей ішке тартылып сызылған. Есте болары, Пазырық сарбазының жирен торы атының бүкіл денесінде тұяғы ғана қара, өз бет әлпетінде мұрны үлкен, шашы қара. Бұл суретте бейнеленген адам бейнесінің европойттық еместігінің, қайта сақтарға байланыстылығының айғағы.

 Есік алтын адамы мен Қаратау және Қызылқысаң петроглифтерінің арасынан басқа да қыруар ортақтықтарды байқауға болады.

3. Қаратау петроглифі мен Құтыби Қызылқысаң петроглифі және Есік алтын адамының басына киген шошақ төбелі биік қалпағы мен оған таққан үкісі ұқсайды. Қаратау петроглифінде үкіні биік шошақ бас киімнің алдынан қадау да, төбесінен қадау да байқалады, Есік алтын адамында үкі бейнесі шошақ бас киімнің алдынғы жақ екі шекесінен шығарылған, Құтыби Қызылқысаң петроглифінде төбесіне немесе алдына қадалған. Ғұндар тарихта төбесіне екі жағынан екі үкі де қадаған, ортасынан топ үкі де қадаған. Ал біздің ғалымдарымыздың зерттеуінде Алтын адамның үкі таққаны туралы ауызға алынбайды. «Қазақ совет энциклопедиясында» ол «ұзын екі қос жапырақпен безендірілген» деп жазылады. Іс жүзінде ол екі жапырақ емес, қайта биік бас киімнің маңдайының екі жағына қадалған екі шоқ үкінің (құс қауырсынының) бейнесі. Дәл ғұндар тарихта төбесіне екі жағынан екі шоқ үкі де қадағандығы (кейде ортасынан топ үкі де қадаған) туралы анық жазба да, археологиялық та дерек бар.

4. Қаратау петроглифі мен Құтыби Қызылқысаң маңындағы петроглифтегі және парсы жерінде салынған сақ жауынгерінің бейнесіндегі киінулерде ұқсастық байқалады. Құтыби Қызылқысаң петроглифіндегі адамдарды сурет салу және ондағы көзделген діни, мәдени мазмұндарға сай жалаңаш немесе жартылай жалаңаш бейнелеген. Іс жүзінде тау сағалап мал шаруашылығы мен аңшылықты кәсіп еткен дала көшпелілері ондай жеңіл-желпі киіммен жүре алмасы белгілі. Қызылқысаң петроглифінен тым алыс болмаған тағы сол Құтбидегі Кеңсай петроглифіндегі қолына садақ, найза ұстаған екі адамның бейнесіндегі киінген киім және киіну дәстүрі дәл Қаратау петроглифіндегі адам киімімен бірдей. Садақтың ең алғашқы жаяу аңшы қолданатын көне түрі түркі тайпаларында «қапшағай», тваларда «хавшахай», моңғұлдарда «хавтгай» аталып, Алтай төркіндес тілдерінде «жалпақ» деген мағына берген. Қапшағай көрінісі садаққа ұқсас, алайда садақтан үлкен болған. Аңшылар өз бойымен тең немесе одан да үлкен етіп жасаған. Оғы тебінді, алысқа жетеді. Демек, бұл суреттің жартасқа тым ерте – сақтар заманында қашалғандығынан дерек береді.

5. Қаратау петроглифі мен Құтыби Қызылқысаң петроглифіндегі барысты бейнелеу ерекше ұқсас, ол алтын адамдағы бейнелеу үлгісіне де ұласып жатады.

Барысқа табыну сақтардың арыдан келген салты. Олардың алтын әшекейінде көбінде барыс бар, әрі ол жануар атаулының құдіреттісі түрінде жолығады. Құтыби Қызылқысаң петроглифіне жақын Үрімжінің Алғұй деген жеріндегі сақ моласынан 8 тал барыс бейнелі алтын әшекей, барыс бейнесі бар 4 тал алтын жапырақша табылған. Дәл осы Алғұйдан табылған алтын жапырақшадағы барыс бейнесі мен Есік алтын адамының бас киіміне жапсырмаланған барыс бейнесінің  ұқсастығына ғажаптанбай қалмайсыз.

Құтыби Қызылқысаң жартас топтық би петроглифімен Есік алтын адамының аралығындағы бейнелену жағындағы ендігі бір ұқсастық –  Құтыби Қызылқысаң жартас топтық би петроглифінде денесін тік көтеріп, екі алдыңғы аяғын бірі-біріне қарама қарсы тиістірген екі жылқының симметриялы көрінісі түсірілген. Ал, Есік алтын адамының биік те шошақ бас киімінің маңдайында дәл осындай бейнедегі тігінен алдынғы аяқтарын тиістірген қарама-қарсы барыстың симметриялы көрінісі түсірілген жапсырма бар. Оның үстіне симметриялы бейнеленген қос арыстан, қос жылқы, қос бұғы, тіпті қос адам бейнесі сақ өнерінде жиі ұшырайды.

Құтыби Қызылқысаң петроглифі мен Хыши дәзілінің батыс қақпасындағы Қаратау петроглифтеріндегі сондай-ақ Алтын адамды қамтыған сақтардың алтын, қола бұйымдарындағы ерекшілік – оларда түрлі геометриялық білімдер жанды пайдаланылған. Адамның дене тұрқының өлшемдері, үлкен-кішілігі, әр қырынан көрінісі, симметрия сияқтылары дұрыс берілген, тік төртбұрыш, үшбұрыш, шеңбер және шеңбер доғасы, бұранда сызықтар, ромба, трапецияға бейім құрылымдар жиі жолығады. Сақтардың алтын, қола әшекейлерін, петроглифтерін геометриялық туынды деуге де болады. Құтыби мен Қаратаудағы топтық би суреттерін жай адам сала салмаған, алтын-күміс, қола құймаларды құйған, ағаш оймаларды ойған сияқты оларды да сол дәуірдің шеберлері салған.

Жоғарыдағыдай, Жетісудан Тәңіртауды қуалап Хыши дәзіліне дейін жеткен әр қоныстағы өнер туындыларындағы ұқсастықтар кездейсоқ құбылыс емес, белгілі тарихи-мәдени байланысы болмаған кез-келген екі туындының арасынан бұндай күрделі ұқсастықты табу мүмкін емес. Қола дәуірі мен б.з.б, бірінші мыңжылдық бойында оңтүстік Сібір мен Қазақстаннан шығысқа қарай жылжыған көшпелілер легі Алтай арқылы Қара ертісті бойлай шығыс Тияншанға, Жоңғар қақпасы арқылы Еренқабырғаны жағалай отырып, Үрімжі дәлізі арқылы Тұрпан шұратына (субашы мәдениеті), ал Жетісу мен Іленің жоғарғы аңғарынан Нарат асуы арқылы орталық Тияншанның оңтүстік қапталына (ча-уху мәдениеті) жеткенкендігі туралы археологиялық дәлелдер жеткілікті. Осылай сақ және сақ мәдениетінің батыс терістіктен Хыши дәзілі арқылы Сарөзен алабына дейін жеткендігінің тарихи, археологиялық деректері баршылық. Осыған әбден көзі жеткен кей ғалымдар сақтардың арғы ата мекені Сарөзен алабы болып, кейін батысқа жылжыған болуы мүмкін деген көзқарасты да ортаға қояды. Іс жүзінде сақтардың алдыңғы легі Хыши дәзіліне батыс терістіктен кем дегенде осыдан 3000 жыл ілгері келген. Егер Орта жазық жеріне алғашқы қола және жылқы, арба мәдениеттерін сақтардың жеткізгендігін ескерсек, онда оның уақыты ары қарай тағы да кем дегенде 1000 жылдан астамға созылары даусыз. Қытайдың осыдан 2 мың жылдың алдында жазбаға айналған тарихи аңызы «Мутиянзы»-да баяндалған Батыс жоу династиясының патшасы Жоу Мууаң: Мутиянзы деп те аталады, б.з.б. 10ғ ) мен барыс-келісі бар, құрым тауындағы көл бойында: бұл көлді де әр кім әр түрлі жориды) шарап ішісіп, жыр жырласқан Шиуаңмуды бірқыдыру ғалымдар сақтардың көсемі деп біледі.

Орта Азия – адамзат және адамзат мәдениетінің бесігінің бірі. Оның арғы заманғы қожасы сақтар көне тас дәуірінен жаңа тас дәуіріне дейінгі мәдениеттерден Орта Азия және оның терістігіндегі өңірлердегі мәдениеттерден Ано мәдениеті, Роразим мәдениеті, Афанасев мәдениеті, Андронов мәдениеті, Қарасүк мәдениеті, Тагар мәдениеті, Пазырық мәдениеті сияқты мәдениеттерді бастан кешірген. Олардың мәдениеті батыс Азиядағы Қосөзен алабы мәдениеттерімен және Жерорта теңізі жағалауларындағы Египет, Грек, Рим мәдениеттерімен, оңтүстік Азиядағы Үнді өзені алабындағы мәдениеттермен, сондай-ақ, шығыстағы Қытайдың батыс терістігіндегі дәл біз талқыға тартып отырған Шилантаудың тармағы Қаратау өңіріне қатысты Дахата мәдениеті, Жинша мәдениеті, Шанма: ат яғни ақталған жылқы), Сыба мәдениеті, одан да шығысқа беттеген Чижия мәдениетімен, тіпті Орта жазыққа бойлап Сарөзен алабына алғаш мәдениет ұшқынын жаққан Яңшау мәдениеті сияқты мәдениеттермен де байланысты.

Қорытып айтқанда, әуелі Жетісудағы Есік алтын адамы мен Тәңіртаудың орта бөлегіндегі Еренқабырғаның теріскей бетіне орналасқан Құтыби Қызылқысаң петроглифіндегі топтық би көріністерінің авторының қазақтың арғы аталарынан болған сақтар екендігі ғылымда дәлелденген. Ал, осы Есік алтын адамы мен Құтыби Қызылқысаңындағы топтық би көріністері бейнеленген петроглифтерімен, оның төңірегіндегі басқа да ерте заман петроглифтері, сондай-ақ сақтардың алтын, қола бұйымдарындағы бейнелеу үлгілері мен тарихи-мәдени келбеттерінің Хыши дәзілінің Тәңіртау және Тарым алабына кіретін қақпасына жайғасқан байырғы көшпелілер (сақтар, иүзлер, үйсіндер, ғұндар, т.б.) қонысы Қаратаудағы (Шилантаудың тармағы) топтық би бейнеленген петроглифтерімен көптеген ерекше ұқсастықтарға ие болуы; олардың қашалған уақытының жуық, авторының ортақ шығуы; Қаратауда қашалған топтық бидің қаражорға биіне, киімнің арғы сақ, қазіргі қазақ киіміне ерекше ұқсас болуы сияқтылардың барлығы «Қаратау петроглифіндегі бидің» нағыз қаражорға биі екендігін тіпті де дәлелдейді. Бұдан да маңыздысы Қаратау петроглифі мен Қызылқысаң петроглифі және Есік алтын адамы аралығындағы мұндай ұқсақтықтар тұтас қазақ мәдениетінің тарихи желілестігін, қазақ ұлтының арғы сақ, үйсін мәдениеттерінің шынайы мұрагері әрі олардың этникалық жалғасы екендігін растай түседі. 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1 Ясиын Құмарұлы. Қаратауда қаражорға // Шыңжаң газеті. 2011 жыл, 16-желтоқсан, 3 бет; Қаратауда қашалған қаражорға қазақ биі екендігінде талас жоқ // Егемен Қазақстан, 2011 жыл, 28 желтоқсан, 13 бет; Қаражорға және Қаратау петроглифтері // Шыңжаң қоғамдық ғылымы. 2012. 1-сан; Қаратаудағы қаражорға және қазақтың бас киімі мен үкісі // Қытай ұлттары. 2012. 1-сан.

2 «Ханнама» батыс өңір баяны.

3 «Соңғы ханнама» 88 бума 78 баян батыс өңір.

4 «Гансу Жияиүгуән Қаратау байырғы жартас суеттері», басылған: Жу Чиңбау бас құрастырған «Жібек жолындағы петроглиф әсемөнері» (Шыңжаң халық баспасы, 1997).

5 «Тарихи жазбалар», 123 бума, 63 баян, Дад-уан.

6 «Ханнама» 61 бума, 31 ғұмырнама, Жаң Чиян, Ли Гуәңли.

7 «Тарихи жазбалар», 110 бума, 50 баян, ғұн.

8 Esther Jacobson: «The scythian stag lmage», P 96-97, journal of Asian history, Volume 17 1983.

9 Өмірбек Биқұмарұлы. Көне түркінің садақшылық өнері. 3-реткі түркология конгресінің мақалалар жинағы // Түркістан, 2009 жылы, мамыр.

10 С. Сұңғатай. Шыңжаңның ерте темір дәуіріндегі этномәдени жағыдайы:Археологиялық және энтропологиялық аспектілері // Алаш. – 2011. –  № 1.

 

Я. Құмарұлы, Қытай,Үрімжі қаласы.

 

толығырақ

Ежелден елін, жерін сыртқы жаулардан  қорғап өскен  қазақ баласы, әрқашан берекесі мен бірлігі жарасқан тату-тәтті ғұмыр кешуді аңсаған болатын. Сол ашаршылық пен зұламат жайлаған жылдары мызғымас бірлігі мен туысқандығының  арқасында көптеген қиыншылықтарға қайыспай қарсы тұрды. Атадан балаға аманат болып қалған ұлы дәстүрімізді берік ұстауымыздың арқасында, киелі қан мен айбынды рух, тектілігіміздің арқасында  алып империялардың арасында болсақ та азғана санымызбен үлкен жерді сақтап қалдық. Бұл қазақ қанындағы тектіліктің, мызғымыс мықтылықтың, шексіз қайрат пен жігердің белгісі.  Ата дініміз исламды ту етіп өліспей беріспедік. Бұл ауыртапалық та оңай тимеді. Осының салдарынан тарыдай болып әлемге шашырадық. Қазақ халқы ещқашан жоқ болмайды себебі оларда туысқандық, рулық баурмалдық бар. Әлемге тарыдай шашыраған қазақтар ғана емес еді. Бұл барлық ұлт өкілдеріне тән сипат болды.

Қытайға қазақтардың қоныстануын үш үлкен топқа бөліп қарастыруға болады:

  1. Патшалық ресейдің қазақ жерін отарлауы кезінде кеткен қазақтар;
  2. Кеңестер үкіметі кезінде кеткен ( 1917 – 1940 жылдар ) қазақтар;
  3. Бұрыннан сол аймақта мекен еткен қазақтар.

         Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Ғұн, Түрк, Үйсін бабаларымыздың Қытайдың «Сары өзен» деп аталатын Хуанхэ өзенінен, Алтайға дейін  мекен еткенін сондағы сына жазулар мен балбал тастар, көне жазбалар дәлелдейді. Ал, Алтай болса түбі бір түркі дүниесінің отаны саналады. Алтай тауы төбесінен қарағанда дулығаға ұқсас болған. Түріктер өздерін дулығаға ұқсатқысы келген. Ол ерлікті дәріптейді. Ал, қытай жазбаларында «Түрік» сөзінің мағынасын «Дулыға» деп атаған екен. Сонымен бірге қазіргі кездегі Баркөл б.з.б бұрынғы Шығыс Ғұндардың астанасы болғаны айтады.

         Қазақ халқы қаншама қиын қыстау кезеңді басынан өткізді. Оған тарих куә. Қанша жаға жыртыстық, қаншама бақ таластырдық ақырында бірігіп, бір ордаға жиналып бас қостық. Еліміздің жарқын болашағы тек қана  мызғымас бірлік пен татулықта екенін айтқан Елбасымыздың екпінді сөзі   барлығымыздың бірігуімізге себепкер болып отыр. Ентелеген екі үлкен алып державаның ортасында болсақ та баба мұраты мен ата аманаты болған  асыл жерімізді сақтап отырмыз. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізгелі міне, 20 жылдан асып барады. Осы уақыттың аралығында  көптеген қандас, туыс-бауырларымыз өз отанына оралды, оралып жатыр, оралады да.

         Шетелдегі қазақ диаспораларының қазіргі күнде отаны саналып отырған Қазақстанға көшіп келуі үлкен тарихи-саяси құбылыс. Жалпы диаспора сөзі көп салалы ауқымды кең мағына береді. Біреулер оны  белгілі себептерге байланысты өз отанынан ығысып, басқа жерлерге кеткен ұлттар тобын айтады. Бұл сөз алғаш еврей халқынан шыққанымен барлық ұлттарға тән. Әсіресе, ғасырлардан бері саяси ойынның құрбаны болып келе жатқан қазақ халқын қатысты ұғым. Үш жүздің басы бірігіп Ұлы Қазақ  Хандығын құрғаннан  бері бірде бірігіп, бірде шашырап отырды. Тәуке хан кетіп үш жүз өз алдарына билікке таласқаннан бастап қазақ халқы тек бөлініп бөлшектенумен келді. Талай рет қайта мемлекет құрып ел болуға талпындық. Береке болмағаннан кейін жан жақтан анталаған жау мұрша бермеді. Қазақтар алғаш орыс бодандығын қабылдаған 1731 жылдан Алаш Орда Үкіметі басқарған 2 жыл 3 ай өмір сүрген «Алаш» Автономиясын есептемегенде қазақ халқының қиыншылық пен қуғын-сүргін көріп келгеніне 1991 жылға дейін міне 260 жыл болыпты. Осы 260 жыл бойы күресіп екінші рет тарихта «Қазақстан» деген мемлекетке ата-баба арманына қол жеткізіп отырмыз. Ендігі міндетіміз тарихтан сабақ ала отырып, осы мемлекетімізді аман сақтау, елдікті, ерлікті берке мен бірлікті қалпына келтіру.

         Тәуелсіздік алған 1991 – 2010 жылдар арасындағы санаққа көз жүгіртетін болсақ барлығы 806 880 қазақтар атажұртқа қоныс аударған екен. Оның ішінде ҚХР келген қазақтар саны  83  181 болып отыр. [1] Қытайдан келген қазақтардың көп бөлігі ШҰАР-нан келген. Сонымен қоса көршілес орналасқан Гансу өлкесінде де қазақтар бар. Әлемге тарыдай шашылған қазақ диаспорасының титтей ғана бөлігі ҚХР-ның Ганьсу өлкесі Ақсай Қазақ Автономиялық ауданында қоныс тепкен.  Қазақтардың бұл жерге келу тарихы әр түрлі. Мұндағы қазақтардың түпкі отаны Алтай мен Қара ертістің жағалауы болатын. Алғаш рет бұларды Бүкіл түркі дүниесінің алтын бесігі саналған Алтай мен Сауырға  бастаған Жәнібек батыр Бердәулетұлы болды. Жәнібек батырдың бір тайпа елді ертіп Алтай асуына көптеген себептері бар. Оны мына өлең шумақтарынан қарауға болады:

Бірінші себеп:

Батысқа барсаң орыс бар,

Қызыңды берсең қоныс бар.

Солтүстікте қалмақ бар,

Онда ауыр салмақ бар.

Бір нәрседен қит етсең,

Басыңды кесіп алмақ бар.

Шығысқа барсаң қытай бар,

Қызыл шапан кең қолтық,

Соған барып ықтай бер.

         Екінші себеп: Алғашында Сыр бойына, кейін Сарыарқа, одан Алтайға кетті. Басты себеп жер дауы, жесір дауы. Саны көп көршілес рулардың қысымына шыдай алмай, әділдік іздеп шарқ ұрды.

          Бұл жерде болған үш тайпа ел оның үш бастығы болған. Басты рулар: Бірінші Шақабай руын Мұқадыл, Сарбас руын Кәбен Тәйжі, Молқы руын Сәләқиттан, Ителін руын Зиратбайлар бастады.  Екіншісі Құсайын тәйжі негізі найман ішінде әр түрлі рулар бар. Үшінші Жәнәбіл бастаған руы негізі тасбике болды. Бұлардың барлығы Оспан Батырға бағынды. Құсайын тәйжі елдің шетінде болып, жауға алдырмай Түркияға өтіп кетті. Құсайынның баласы Мәнсүр тәйжі қазір Түркияда. Бұл Түркияға кеткен соңғы көш.

         Оспан батыр ұсталғаннан кейін ел тынышталады. 1952 – 1953 жылдары бір жыл тұрады. 1954 жылы сол маңайда мекендеген аздаған қазақтарды  жиып, 1954 жылы 27 сәуірде Ақсай Қазақ Автономиялы ауданын құрады. Басшысы Мопу Чи деген қытай азаматы, одан кейін Ләтіп деген ұйғыр болды. Осылай әр түрлі ұлт өкілдерінен басшы сайлау арқылы халықтың көңілін өзіне бұрғысы келді және қазақтан басшы қоюдан сескенді. Өйткені, ондағылар Оспан батырдың жан жолдасы мен серіктері еді. Сол кездегі басты ел ағалары мыналар еді: Қами, Алтынбек, Кәбен, Укан, Мүлік т.б болды. Ел басына қазақтан Қами келді. Бұл кісі дүңгендерге кепілдікке берілген Адубайдың баласы еді. Қытай тілін жетік меңгерген сауатты, ақылды адам еді. Алғаш Ақсай  ауданы құрылғанда 1200-дей түтін бар еді. 1954 жылы Алтынбек бастаған көш, 1956 жылы молқы Үсен, Мұқадыл, 1957 жылы сарбас Кәбен тәйжі бастаған көш Баркөлге ауа көшті. Басты себептері арттағы елге қосылу, мал жаюға табиғаттың, жер жағдайының қолайсыздығы болды. Қытай үкіметі де қол қусырып отырмайды 1958 жылдың сәуір айында Әлімқан мен Күлмесқан деген ағайынды кісілерді моңғол жансызы деген айыппен Моңғолияға әкетеді. Күлмесқанның әйелін балалары: Қабдраш, Қалық, Әбдуғафар, Әлімханның жалғыз ұлы Далайханды ұстайды. 1958 жылы қалған ел келейін деп отырғанда қыркүйек айының 19 күні ел бастап кетеді-ау деген 38 адамды бір күнде  тұтқындайды. Басты адамдар:  Қами, Мүлік батыр, Зидан, т.б  Елді ешқайда көшірмейді. Байлар мен көзі ашық адамдардың мал-мүлкін тәркілейді. Қалпақ кигізіп, жиыннан жиынға салады. Кедейлерді қолдайтын коммунистік идеология бұлар да осылай қалыптаса бастайды. «Жақсының бәрі түрме, жаман біткен мінбеде» отырған кез келеді. Ұсталған адамдарды ауыр жұмыстарға салып, «лөгейге» айдайды. Гансу өлкесі Үби қаласы Тянжу қаласында орналасқан Тарым деп аталатын үлкен түрмеге Қанжарқан, Қабдраш сияқты асыл азаматтарды әкетеді. 1964 жылы Қамит, Нұғатай, Әбдіғафар келеді. Қайтадан ұстап Қамитқа 20 жыл, Әбдіғафарға 15 жыл үкім кесті. 1968 жылы бастылары 1 ауылдан: Төлеген, Кәрмен, Қабылқақ, Сәрсенбай, Баян т.б 2 ауылдан: Дөрбітқан, Ужу деген қытай т.б 4 ауылдан: Сетерқан, Қабден, Жөкес, Аманбай т.б болды. Ешқандай жазықсыз нақақтан ұсталған адамдарға берген жаза мөлшері  5 жылдан 18 жыл аралығы болды. Жас мөлшері 17-30 жас. Қытай үкіметінің сиқыр саясатына құрбан болған азаматтардың басты кінәсі бір-бірінің жөнін сұрап, жақсы туысқандық қарым қатынас жасауы болды. Туысқандық жойылды. Аға мен ініні бір-біріне жау қылып қазаққа қазақты айдап салды. Қазақтан шыққан екі беткей белсенділерді қару ретінде қолданып, олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болды. Осындай қаталда, қиын кезеңде бақыттарына орай, 1976 жылы Маузадун өліп, барлығы босатылды. Түрмелердің іші босап, қаңырап қалды. Барлығының кінәсі ақталды. 1978 жылы мамандықтарына қарай жұмысқа тартылды. Мал баққысы келетіндердің қолына мал берді. Аудан көркейді. 1980 жылары әр үйде орта есеппен 300-ден 600-ге тарта малдары болды. Шетелдерге баруға жол ашылды. Алғаш мұсылмандық парызын өтеуге Меккеге барғандар: 1988 жылы Төлеген Күлмесханұлы, одан кейін Түркістан, 1990 жылы Темірқан, 1991 жылы Бабақұмар, 1992 жылы Дайыр т.б

         1978 жылы халық біраз еркінсіп аз да болса бостандыққа қол жеткізді. Осы кезден бастап Төлеген Күлмесқанұлы басқа жерге көшуді ойлап жер шала бастады. Шыңжаңнын барлық аймақтарында халық тығыз орналасқан. Қонысы кең отыруға ыңғайлы жер таппады. Сол кездегі Кеңестер құрамындағы Қазақстанға түбінде баруды мақсат тұтты. 1990 жылы өзінің өлдіге санаған туған ағасы Халықтан 20 жылдан кейін  хат келді. Ол кісі 1960 жылдары ұсталғаннан кейін түрмеден қашып шығып, Қазақстанға өткен екен. Содан бері Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылында тұрады екен. Бұл тосын келген хабар ойдағы арманды жетелей түсті. Сол жылы  Халық Күмесханұлының өзі Ақсайға келіп қайтты.

1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз егемендік алуымен дүниеге қазақтың жас мемлекеті келді. Бұл жаңалық Ақсай қазақтарының қиялының шындыққа айналуына негіз болды. 1991 жылы қараша айында Төлеген мен Қабылқақ Күлмесханұлдары Қазақстанға келіп 45 күн жүріп, тәуекел деп көшуге бел байлады. Сол кездегі 85 адамға Шу ауданының әкімі  Карантаевтен шақырту қағаз алды. Ол кезде шет елдердегі қазақтар мен айналысатын «Қоғам» деген ұйым болып еді. Төлеген мен Қабылқақ Күлмесханұлдары 1991 жылы осы ұйым басшысы арқылы Н.Ә. Назарбаевқа хат жолдаған болатын. Төлеген  Күлмесханұлы  аудандағы  ең ауқатты әрі беделді адам еді. Әрі сөзі өтімді ел ақсақалы болатын. Сол жылы Қытай басшысы Дин Сяу Пиннің сыртқы есікті кең ашу туралы заңы шықты. Бұл елін аңсап кетуге асыққан қазақтар үшін өте тиімді болды. Пекинде 1992 жылы Қазақстан елшілігі болмады. Бір жыл күтуге тура келді. 1993 жылы ҚР-ның ҚХР-дағы Елшісі болып М.М. Әуезов тағайындалды. Осының негізінде Қытай Үкіметінің шешімімен Гансу орталығы Ланжудан 85 адамға паспорт берілді. 15 отбасының басты адамдары: Төлеген, Қабылқақ, Шәмей, Мүкей, Нұрсанай, Сабиақын, Тауқын, Орнықан, Дәуен, Қонақ т.б болды. Бұның ішінде Қабылқақ Қүлмесқханұлы – жазушы, Нұрсанай мен Дәуен – ірі көлемдегі дәрігер, Қонақ – бухгалтер, Тауқын мен Сабиақын – әскери қызметкер т.б.  Төлеген Күлмесханұлының 1500 қой, 40 жылқысы, 70 түйесі болды. Бұл кісілер үшін мал мен мансап, абырой мен атақ басты байлық емес еді. Басты мақсаттары Қазақстанға келіп ұрпақ сүйіп, еркіндікке қол жеткізіп, еліне адал қызмет ету мен болашақ қазақ мемлекетінің көркейуіне үлес қосу еді. Бұлардың Қытайдан заңды түрде кең ауқымда кеткен алғашқы көш екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Оны мұрағатта жатқан құжаттар да растайды. 1993 жылы шілде айының соңында ҚХР-дан Қазақстанға Қорғас арқылы көш өтті.

1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының бірінші Құрылтайы болды. Осыған орай Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орынбасары болған, белгілі жазушы Қалдарбек Найманбаев басқарған Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығы құрылды. Бұл Елбасымыздың көрегендік саясаты еді.  Олар шетелдердегі және елге оралған қандастарына үлкен рухани демеу берді. Білмегендеріне жөн сілтеп көмектесіп, құжаттарды реттеуге шексіз көмегін тигізді. Шетелде тұратын қандастарымыз үшін мәдени-рухани орталықтар ашты. Олардың өз тілі мен ғұрпын ұмытпауға жағдай туғызды. Әсіресе, Ботагөз Уатқан, Сұлтанәлі Балғабаев ағамыздың еңбегі ерен.

Осы жылы Ақсай ауданынан көшуге ниет білдірген бұл бірінші көш емес еді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа өздерінің хал-жағдайы мүшкіл екенін айтып хат жазған адамдар бар еді. Ол хат Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатында сақтаулы. Бұл хат Шерхан Мұртаза ағамыз арқылы Елбасымыздың қолына жеткен. Хатқа қол қойған: 57 отбасы, 61 түтін, 298 адам, бұның ішінде, 64 қызметкер, 86 малшы, 85 оқушы. Жазған адамдар: Сұлтан Алымұлы, Қатай Райымқанұлы делінген. [3, 10 б] Бірақ, мұндай үлкен көштен қорыққан Қытай Үкіметі бұған тиым салды. Бұдан кейінде ҚХР Гансу өлкесі Ақсай Қазақ Автономиялық ауданынан 1994 жылы Жүнісхан Қайрымбайұлы мен Орныхан Нұрхия бастаған,  1995 жылы Мақсұт Каслинұлы бастаған көштер ағылып келіп жатты. Қазір де келу үстінде. Бұл тарихта алтынмен әрленген белгілі оқиғалардан болатыны даусыз. Қазірде олар Алматы, Жамбыл, Шығыс  Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласында тұрып жатыр.

1993 жылы 27 тамызындан 2004 жылға дейін,  Шу қаласында 482 адам келіп қоныстанды. Сол 11 жыл ішінде осыған қосылған адам саны 360 жетті. Қазіргі  кездегі жалпы саны 840 адам. Осы жағынан алғанда репатрианттардың демографияға қосқан үлесі көрініп тұр. Істеген жұмыстары Үкімет жағында  әскерге барған 8 адам, мұғалім 9, дәрігер 7, теміржолда істейтін жұмысшы саны 15. Олармен игеріп жатқан жер көлемі 9 мың гектар. Қазіргі таңда бұл қазақтардың басты арманы  Қазақстанға келулерінің 20 жылдығын үлкен көлемде  атап өту және Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шексіз алғыстарын білдіру. Оспан батыр және Ақсай Қазақ Автономиялық аудан туралы деректерді әңгімелеп берген Төлеген Күлмесханұлына ризашылығымызды білдіреміз.        

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1 Балтабаева К.Н. Қазақ көші-қоны: қортындысы, сабағы және түйінді мәселелерін шешу жолдары // Ұлттық идея – отандастардың тәуелсіз Қазақстанның игілігі жолында бірігу факторы: халықаралық ғыл.-теор. конф. материалдары (Алматы қ.,14 қыркүйек 2011 ж.) / Жауапты ред. Т.А. Мамашев. – Алматы:Атажұрт, 2011.  – 272 бет. 75 б.

2 Азаттық өшпес рухы: «Оспан батыр Исламұлының туғанына 100 жыл» атты ғылыми конференция қортындысы. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2010.

3 ҚР ПМ 75-қ., 1-т. 231-іс. 10-бет.

4 Ауызша мәлімет берген Төлеген Күлмесханұлы. Алматы облысы, Іле ауданы. Автор сұхбат алған уақыты 2012 жыл 8  қыркүйек.

 

Қажымұрат Төлегенұлы,

ҚазҰУ-нің студенті // ДҚҚ-ның ағымдағы мұрағаты, 2012


толығырақ

 

Таңжарық Жолдыұлы 1903 жылы 15 наурызда казіргі Қытай Халық Республикасы Күнес ауданының Қамысты көктеулігінде дүниеге келді. Ақынның әкесі Жолды Маңғылшаұлы өмірінде екі некелі болған адам. Алғашқы әйелі Ділдадан Нарынбай, Қарымбай атты екі ұл, екі қыз: екінші әйелі Мазақтан Дәметкен. Жабықан есімді екі қыз. Таңжарық, Әділбек атты екі ұл сүйеді. Ақын өзінің бір әке, екі шешеден сегіз ағайынды екендігін 1926 жылы жазған «Ойласам айғайға ерген мен бір жазған» дастанында:

«Атадан төртеу, анадан төртеу,

Өндіруші бір кұдай...». -деп жазып, анық мәлімет қалдырған.

Ақын Таңжарық бала жасынан зерек, қағлез болып өседі. Бір жылы ел жайлауға қонған кымызмұрындық кезінде ырымдап, сауырына май жағып жатқан әкесі Жолдыны асау айғыр қосаяқтап теуіп, ұзынынан түсіреді. Сонда жүгіріп жеткен он жасар бала Таңжарық:

«Жолды әкем еді басқалқам,

Жиылмай қалды-av дастарқан.

Қас қаққанша болғаны-ай.

Аузы-мұрны тас-талқан». - деп зар қағады. Жиналған жұрт қаршадай баланың кас кағым сәттің суретін сөзбен салған тапқырлығына таңдай қаққан деседі.

1910 жыл шамасында Таңжарық өзімен рулас, қазактың ескі әдебиет үлгілері мен ислам құндылықтарына жетік, араб, пар­сы әдебиетін терең білетін Мыңбай атты молдадан сауат ашады. Сол кісіден дін ілімі мен араб әліппесі негізіндегі шағатай жазуын үйренеді. Тумысынан сұңғыла Таңжарық ұстазының коңілінен шығады. Мыңбай молда да ол үш қыс оқиды. 1916 жылы Жолдының руластары орыс жерінен қашып келген Әбділхамит әпенді деген татар оқымыстыны жалдап, балаларын оқытады. Окуғa шариғат сабағынан тыс, есеп, тарих, жағрапия пәндері қосылады. Таңжарық осы Әбділхамит әпендіден екі жыл тәлім алады. 1918 жылға келгенде Шақпы деген жерде арнаулы мектеп салынып, Таңжарық сол мектептің жоғарғы сыныбына қабылданады. 1919 жылы сол кездегі Іледегі ең жоғары оқу орны саналатын «Күре шуетаңына» окуға барады.

Мұнда үш жыл оқып, кытай тілі мен қытай мәдениетін жете меңгереді.

Бала жасынан өнер-білімге үйір Таңжарық оқыған-тоқығандарын місе тұтпай, 1923 жылы бір түнде Нүптебек байдың күллі Іле өңіріне аты шыққан сетіккөк деген жүйрігімен Қалжат арқылы Нарынқол асады. Мұнда ол орыс-қазақ мектебінде үш жыл білім алады. Бул тұс саясат сахнасынан алаш кайраткерлерінің ығыстырылып, большевиктер билігі нығайган кез еді. Жастайынан алаш идеясымен сусындаған ақын ел жақсыларының сөзінен дуа кетіп, билік тізгінін тексіз тапшылдар алғанына наразылығын өлеңмен білдіреді:

«...Қу борбай, сымпыс-шолақ, бота тірсек,

Шауып жүр аузын ашып, алар пұлға.

Талғамай, тайынбай жеп «түзеймін» деп,

Бұзып жүр қайран елді жылдан-жылға.

Шіркін-ай бұрынғылар неткен әділ,

Бұрмаған нәпсілерін қылтан қылға...»

Немесе тап теңдігі дегенді алға тартып, қазақ елін түбегейлі орыстандыруды мақсат еткен «ақжүрек» коммунистердің «адал» пиғылын акындык пофоспен анык аңғарады:

«.Бірдей, - деп. - үлкен-кіші, бай мен кедей»,

Сырттары тіпті жақсы, іші жылым...

... Бұл күнде өргі елден хабарым жоқ,

Мұндағы елде болмай тұр титтей тыным

Барады «маса» кеулеп ой мен қырды,

Бұл сөздің жалғаны жоқ нағыз шыным».

Бұл жылдар Таңжарықтың азаматтық көзқарастарының толысып, елдік, ұлттык мәселелерге барынша ден койған шағы болды. Осы сапарында Қарқараның Қойдым атты ақын қызымен айтысып, қазақ айтыс өнеріндегі тамаша үлгілердің бірін жасады. Ел жақсыларымен де танысып, сырласады. Алайда кұбылыңкы заман кесірі кесек мінезді, ұлтшыл түлғаның мұнда тұрақтап тұруына мүмкіндік бермейді. 1925 жылы қараша айында баяғы сетіккөгімен туған жеріне кайтып оралады. Қосар атына тендеп екі қоржын кітап ала қайтады.

Өз ауылына оралган Таңжарық енді жатпай-тұрмай елді өнер-білімге шақырып, ағарту жолына бастайды. Текес, Мұңғұлкүре, Шапшал, Құлжа, Қорғас, Сүйдің, Нылқы өңірлерін түгел аралап, ұлтшылдық идеяларын таратады, өзіне көптеген сенімді серіктер табады. Бұдан сескенген Кытай билігі мен ел ішінің жандайшаптары «Таңжарық ел ішінде кері үгіт таратып жүр» деген жаламен 1926 жылдың күзінде оны түрмсге қаматады. Акылшы азаматының тас түрмеге қамалғанына қабырғасы қайысқан ел-жұрты Қытай үкіметінің жергілікті ұлықтарына «азаматымызды босат, болмаса тартып әкетеміз» деп талап койып, табандылығымен абақтыдан шығарып алады. Түрмеден шыққаннан кейін Сәлиқан атты қызбен үйленіп, ұл сүйеді. Ұлына ырымдап Абылай ұрпағы Уәлиханның атын береді. Алайда тұңғыш жары Сәлихан осы тұмса туыттан кейін көп жасай алмай дүние салады.

1935 жылы наурыз айында Құлжа каласында «Қазак-қырғыз мәдени-ағарту ұйышымасы» құрылады. Ұйымның жетекшісі

«Бұл істі Мақсұт құрған басында алғаш,

Қай қазақ Максұт айтса кірмсй қалмас».-деп ақын өлеңге қосқан Шығыс Түркістан қазақтары арасындағы аса ірі саяси тұлға Мақсұт Сасанұлы еді. Таңжарық осы ұйымның белді ұйымдастырушысы қатарында әдебиет, мәдениет, оқу-ағарту істеріне жауапты болады. Ал, ұйымның хатшысы алашорда кайраткері Сейітжан Жайнақов болатын. Ұйшыманың басшылығында қазақ ауылдарында жаппай ауылдық мектептер, аудан орталықтарында орталау мектептер ашады. Сол мектептерге ұстаздар дайындау үшін Құлжа қаласында Таңжарық өзі бас болып мұғалімдер дайындау курсын колға алады. Осы курска оқуға келген орысша сауатты, Ахмет Байтұрсынұлы нұсқасындағы қазақ жазуын жақсы білетін Бәти атты келіншекпен дәм-тұзы жарасып, өмірінде екінші рет некелі болады.

«Айқап» пен «Қазақ» басылымдарын алдырым қазақ халқының тұңғыш жекеменшік баспаханасын сатып алуға өзі бас болып Қытай казактары атынан «Қазақ» газетіне 600 сом көмек берген Мақсұт тәйжі бастаған қазақ зиялылары ендігі жерде ұлт тәуелсіздігінің баспасөзсіз жүзеге аспайтынын анық түсінді. Осы мақсатпен Таңжарык Жолдыұлы 1935 жылы Қытай қазақтарының тұңғыш баспасөзі - «Іле өзенін» шығаруды ұйымдастырды әрі алғашкы те­атр қойылымы Бейімбеттің «Шұға» пьесасын сахналайды. Газеттің бірінші нөміріне:

«Қалың ел, қазақ енді аш көзіңді,

Оқып көр газетіңді - өз сөзіңді.

Әділет, шындық жолын үйретеді,

Ашады ащы шайдай аң сезімді.

Айнадай жарқыратып көрсетеді,

Мін бар ма, колыңа алып, көр өзіңді» деп өз жұртын оянуға шақырған «Оқып көр газетімді» атты өлеңін жариялайды. Таңжарық 1940 жылы ақпанның екінші жұлдызына дейін газеттің бас редакторы қызметін атқарады.

Халықтың ой-санасынын өсіп, саяси белсенділігінін күн санап арта бастағандыгынан қатты кауіптенген Қытай үкіметі «Қазақ-қырғыз ұйшымасының» көсемі Мақсұт бастаған 70 адамды «алашорда ұлтшылдарымен тіл біріктірген, үкіметке қарсы ұйым құрған» деген айыппен бір түнде тұтқындап, ел ішінде «тазалау» жүргізеді. Мұндай бассыздық пен әділтетсіздікке ары төзбеген ақын «елдің қамын ескеруді» талап етіп, Қытай билігінің жергілікті ұлыктарына хат-арыз жолдайды. Таңжарықтың бұл әділ талабын ескергені былай тұрсын, сынықтан сылтау іздеген залым әкімдер 1940 жылы екінші ақпанда оны да тұтқындайды.

Түрмеде төрт жыл көрген жан төзгісіз азаптау мен қинаулары ақ алмастай акын рухын мұкалта алмады. Керісінше, ширықкан ақын өз шығармашылығындағы ең айтулы туындыларын дәл осы түрме қапасында отырып жазды. Ақынның тас түрмені жарып шыққан жырлары өзі шексіз сүйген алашының байтақ даласын аралап кетіп жатты.

Ел тізгінін ұстаған игі жақсылардың бірінен кейін бірі ұсталып, айдалып кетуі қазақтардың іште қайнап жатқан ыза мен кегін одан бетер өршіте түседі. Мұны тыныштандырмақ болған Қытайдың за­лым үкіметі бірқатар саяси тұлғаларды босату арқылы жақсысын жауға беріп отыра алмайтын өр мінезді қазақтың уақытша болса да көңілін тапқысы келеді. Осылайша сол қайраткерлер катарында 1944 жылы Таңжарықта түрмеден босап шығады. Бірақ өмірдегі ең ұлы мақсұты ұлт бостандығына қызмет ету болған ақын түрмеден босап шығысымен Үрімжі қаласындағы қазақ зиялылары мен жастарынан құрылған құпия ұйымының істеріне белсене кіріседі. Бұл ұйымның міндеті 1945 жылы 1 мамыр күні көтеріліс жасап, Үрімжінің шығыс қақпасы Дауанчыңды бекітіп, батыс жақта Шығыс Түркістан сарбаздарымен тоғысу болатын. Бірақ ұйымды жансыздар әшкерелеп койып, Таңжарық кайтадан тұтқындалады.

 Осыдан 1946 жылдың күзіне дейін Үрімжі абақтасында қамауда болып, тағы да тергеу мен азаптаудың талқысына өтеді.

   1946 жылы Қытай үкіметі мен Шығыс Түркістан билігі арасындағы «Он бір тармақты бітімге» сай абақтыдан босатылған саяси қайраткерлер қатарында Таңжарық та еркіндікке шығып, тамызда Ілеге оралады. Ақын туған топырағына азаптаудан аман қалған басын ғана емес, түрменің шикі нанының арасына тығып сақтаған тағдырлы туындыларын да ала келеді. Еліне аман-есен оралған Таңдарық Жолдыұлы түрме талқысынан зақымданған денсаулығына қарамастан, тағы да алаш ісі үшін атқа қонады. Шығыс Түркістан Ұлттық үкіметі оны өз өтініші бойынша туған жері Күнес ауданының жер-су мекемесінің басшылығына тағайындайды. Осы қызметте жүріп 1947 жылы 6 тамызда тұтқиылдан қайтыс болады. Ел арасында «Ақын өлімі өз ажалынан болмады» дейтін түрлі жорамалдар бар.

    Өлсек те өлмес біздің атағымыз,

    Белгілі істеп түскен шатағымыз.

    Алыстан алтын сәуле бір күлімдер,

    Болғанмен қазір түнек жатағымыз.

    Алатын құнды қуып иеміз бар,

    Біз де елміз шөберелі, аталымыз. – деп жырлаған ақын өз болашағын болжап кеткендей әсер қалдырады. Ғасырлық тойының Қазақ және Қытай мемлекеттерінде биік деңгейде атап өтілуі қазақ дейтін қара орман қалың жұрты, атқа қонар алты алашы аман тұрғанда ақын Таңжарық Жолдыұлының рухы да елімен бірге мәңгі жасай беретіндігінің анық дәлелі.   

// ДҚҚ-ның ағымдағы мұрағаты

толығырақ

 Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шақыруымен Қытай орталық телевизиясы кинофильм жасау орталығы Алматыда қазақ тіліндегі «Ақсарбас» атты фильмнің тұсауын кесті. Сценарий авторы – ҚХР-дағы  Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі Жазушылар одағының төрайымы, жазушы, аудармашы Еркеш Құрманбекқызы. Режиссеры Гау Фың атты қытай азаматы. Гау Фың бұған дейін тек деректі фильмдер жасаумен айналысқан. Ал бұл шығарма кинодағы алғашқы қадамы. 2010 жылы Канадада Азия елдерінен барған 500 фильмнің арасынан «Ең үздік тырнақалды туынды» номинациясы бойынша үздік көрсеткішті алып үлгеріпті. Фильмге 1 млн. доллар қаржы бөлінген. Қаржыны бөлген – Қытай орталық телевизиясы. Фильмнің продюсері Шың Зе Жүн. Тұсаукесерге фильмнің сценарисі мен продюсері келді.

Фильм белгілі бір дәрежеде сәтті шыққан деп айтуға болады. Туындының бас-аяғы, шығармашылық тұтастығы бар. Тіпті оның режиссеры қазақ халқының жан дүниесін түсінетін әрі шын пейілімен жақсы көретін адам ретінде көрінген. Осыған қарағанда өзі түсірген фильмнің идеясы мен мұратын ұнатқан сынды. Фильм сценарисі Еркеш Құрманбекқызы «Біздің халқымыздағы бауырмашылдық, сыйластық, кешірімшілдік, ата-ананың алдындағы,  туған ел алдындағы борыш, баланың алдындағы жауапкершілік сияқты қасиеттер қазір әлемде тапшы бола бастаған қасиеттер. Бабаларымыздан қалған осындай мәдени мұралар аяқ асты қалмасын, ертеңгі ұрпағымыз бабалардың қандай болғандығын білсін, (өзге ұлттардың қасында терезесі тең болып жүруі үшін де өз ұлтын тануы керек қой) деген мақсат болды»,– дейді. Шындығында да, бұл ізгі қасиеттер біздің халқымызда осы фильмде көрініс тапқан бай этонографиялық мұралармен бірге біте қайнасып, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан құнды дүниелер. Және олардың барлығы да сол фильмде көрсетілген кимешек пен ат әбзелдері сияқты сиреп бара жатыр. Бұл жағынан алғанда рухани дүниемізге құндылық ретінде енетін фильм болғандығы рас.

Фильм мазмұнына аздап тоқтала кетсек. Ата-аналар мен олардың ұрпақтарының тағдырлары әлдеқандай бір тылсым күш арқылы байланысып жататындығы жалған емес. Сол сияқты адамзат өзі істеген қателіктер үшін де ұрпағының зардап  шегуі қалыптасқан қағида сынды. Сондықтан да қазақ халқы ежелден отбасы мен балалар алдындағы жауапкершілікті жеке бастың құндылықтарынан жоғары қойған. Кімді сүй, неге ғашық бол – ең алдымен, сол жауапкершілікті арқалауға міндеттісің. Өз жандүниеңдегі ыстық сезімдер, жеке бастың бақыты, басқа да биік мұраттар барлығы да тек қана отбасы алдындағы адамгершілік қасиеттермен байланыстырылады. Еркеш Құрманбекқызы жазған бұл сценарийде де осы қағида басты діңгек болған. Бас кейіпкер Үкібала жастықпен ата-анасының ренішіне қарамай, өз жеке басының бақыты үшін бәс тіккенімен, ғашығынан айырылып, екі баласымен қалған соң, сол екеуінің жолындағы құрбандыққа айналды. Солай болуы заңды құбылыс екендігі фильмде аруананың да боздап ботасын іздейтінімен байланыстырылып, әдемі берілген. Мал екеш мал да баласын жылатпайды, адам сияқты саналы болмағанымен, оның жүрегі балаға деген махаббатқа толы, ендеше, биік сана иесі адам – саясатқа салса да баланы жылатпағаны дұрыс. Себебі, ана үшін баланың бақыты – өз бақыты. Қазақ әйелі үшін баланың орны – жүрегінде. Бұл қазақ қызының жоғалтуға болмайтын, атадан балаға мирас болып келе жатқан ең үлкен, ең әдемі қасиеті. Қазір әлемде «ана да, әке де, бала да, бір-біріне ештеңе қарыз емес» деген сорақы қағида қалыптасып келеді. Сол сияқты көптеген өзімізге тән ұлттық ерекшеліктерімізді жоғалтып алмау – біздің алдымызда тұрған ұлы мұраттардың бірі. Оған қоса, көшпелі өмірде қолданған қолөнер мен басқа да салт-дәстүр өзімізден жайлап жылыстай бастаған сыңайлы.  Ал, жаһандану ғасырында өмір сүріп отырған ұлттар үшін ең бастысы – өзімен өзі болып қала білу, өзіне тән құндылықтарды: мейлі ол рухани құндылық болсын, мейлі материалдық болсын, сақтап қала білген жөн. Сонда ғана ұлт атың жоғалмайды.

Фильмде аз уақыт қана көрінгенімен үлкен рөл деп атауға боларлық, бас кейіпкер Үкібаланың ғашығы, болашақ жары болған Ақтай серінің рөлін біздің елде жақсы танымал бола бастаған, бірнеше фильмдерге түсіп үлгерген Нұрлан Әлімжан ойнаған. Бір айта кетерлігі біздің Нұрланнан басқа актерлардың барлығы да кәсіби актерлар емес. Басты рөлде ойнаған Үкібала бұрын қазақ көрерменіне «Көрікті мекен» фильмінен таныс, сол фильмде Жанардың жеңгесінің рөлінде көрінген Маржан атты қазақ қызы. Мамандығы биші. Бірақ біздің елде кейінгі кездерде жарық көрген кейбір осал фильмдердегі кәсіби актрисадан еш кем емес. Ол бұл фильмде оң жақта ойнақтаған бұла қыз бен сүйген жары мен қос ботасынан қатар айырылып, жала жабылып, жапа шеккен қаралы, қайғылы ананың да образын аша алды. Кез келген көркем фильмде кейіпкердің көңіл-күйін дөп бейнелейтін әртістің бет-бейнесі болса, оған ерекше реңк беретін ол музыкамен әрлеу. Фильмді музыкамен әрлеген У Ен Мей деген қытай қызы. Алайда қытай қызы да фильмде ең бастысы адамгершілік екенін сезіне білген деуге болады.

Белгілі ақын, этнограф Қажытай Ілиясовтың айтуынша, фильм өз тақырыбын толық ашқан. «Қазақ ақсарбас айтып, тілек тілеген. Туындыны жасаушылар қозы арқылы бір тағдырды көрсете білген. Сонымен қатар, Қытайдағы қазақтардың тіршілігін көрсетіп, біздің  тұрмыс-салтымыз бен әдет-ғұрыптарымызды жақсы көрсеткен. Ол алдағы уақытта халқымыздың салт-дәстүрін жан-жақты ашып көрсетуге өзінің оң ықпалын тигізері сөзсіз. Бүгінгі жас көрермендерге қазіргі кинолардағыдай жалаңаш қыз-келіншектерді тықпалағанша, осындай халықтық белгісі, нышаны бар киноларды, тілі әдемі жазылған фильмдерді көрсеткен пайдалырақ болар еді»,– деп атап өтті Қажытай Ілиясов тұсаукесер рәсімінде.

Десек те, олқы соғып тұрған тұс деуге келер ме екен, келмес пе екен: бұл қазақтар сөзге жоқ екен. Оқиға бұдан ғасыр бұрынғы шекара сыртындағы қазақтардың қайғы-қуанышы мен мұңы, мұратына құрылған десек, «ол кездің қазақтары бүгінгі қазаққа қарағанда қара сөздің майын ішкен адамдар емес пе еді», деп сәл танымай қалғанымыз болмаса, жалпы алғанда көрермен көңілінен шыққаны рас. Фильм продюсеры Шың Зе Жүн «Сіздер туралы фильмге пікірді өздеріңіз айтқандарыңыз дұрыс. Режиссер Гау Фың мырза қазақ киносын таңдады, осындай бір фильм түсіру оның арманы еді. Басында аз ұлттардың фильмін қалай жасаймыз, ол көрермен тарабынан қолдау таба ма, таппай ма деп күмәнді болғанымыз рас. Бірақ, қолымыздан келгенше тырыстық, қытай қазақтарының көңілінен шықты, олар өздері туралы бұл фильмді мақтан тұтты. Оны көрген біз де қуанып қалдық. Қытай қазақтарының салт-дәстүрі қанық бояуымен көрінді деп ойлаймыз», деп атап өтті.

Бану Дәулетбаева // ДҚҚ-ның ағымдағы мұрағаты

толығырақ

Ұлттық әдебиет шекараға бөлінбейді. Қайнары тұтастырып тұрады. Қазақ халқы әлемнің қырық неше мемлекетіне тағдыр тәлкегімен тарыдай шашыраған болса да, жер шарында Отаны да, әдебиеті де біреу ғана. Ортақ Отаны — тәуелсіз Қазақстан, ортақ әдебиеті — қазақ әдебиеті. Сол әдебиеттің шығыстағы миллиардтар елінде қалам тербеп жүрген талантты, сұңғыла, қарымды да, өнімді қаламгерлерінің бірі — Сұлтан Жанболатов.

Сұлтан Рамазанұлы Жанболатов ҚХР ШҰАР Шағантоғай ауданының Қаракемір ауылында, малшы отбасында 1936 жылы қаңтардың беташар күні дүниеге келген. Орта мектепті Тарбағатай аймағының Шәуешек қаласында тәмамдаған. 1956 жылы Шыңжаң институты физика-математика факультетін, 1961 жылы ішкі Қытайдың Чаңчүн қаласындағы Жилин (Гирин) университеті физика факультеті радио-электроника мамандығынан тауысқан. Жұмыс қадамын мұғалімдіктен бастап 1961-1986 жылдары Шыңжаң университетінде физика пәні бойынша ұстаздық өмірін қалыптастырған.

Жазушылықтағы алғашқы тырнақалдысын ғылыми очерктен бастайды. «Домбыра физикасы», «Радио ғылымының салтанаты» атты ғылыми очерктері өткен ғасырдың 62-жылы ел-жұртпен қауышады. «Жартылай өткізгіш радио» (1977), «Электронды есептегіш» (1982), «Электронды есептеу машиналары», «Радио қабылдағышты магнитофон», (1985) Шыңжаң Халық баспасы мен Ғылымды жалпыластыру баспасынан іркес-тіркес басылып шығады. Қазақи ұғым, қазақи тілмен ғылым сырын шертеді. Ол тұс — ғылымдағы ондай ғылыми-техникалық жабдықтар мен ғылыми сауат Қытай қазақ тұрмысына  жаңа-жаңа ене бастаған алғашқы мезгіл. Әсіресе қыр қазағы таң қалатын. Қажетіне қалай жаратуды білмей дал болатын.  Жас қаламгердің ол туындылары студенттерге оқулық болғаны үстіне ауылдағы қарапайым халықтың зәруіне дәру болып, шаңырқаған шөлін сусындатты.

Сұлтан өлең өлкесіне де сол кезде құлаш ұрды. «Айқындамалық төрт ауыз», «Аңғарам бұл күйімді селт еткенде», «Мінгендей кейде Ереннің бұлт-тұманын», «Білемін біреу оқып жымиярын», «Күн жарықта», «Уа, Тіке!», «Ертең» дегендер сияқты қыруар өлең жазды. Текті әже Бәйділдәнің (лақапаты — Мамыр), туған анасы Тұрсағұлдың бесік жырынан, шежіре, шешен, жыршы әке Рамазанның түлетуінен шығар не табиғи талантынан болар, ол қаршадайынан ұлттық рухани мұраға — ауыз әдебиеті туындыларына құштар болды. Жаттағыш, домбыраға қосып әуендетіп айтқыш түрікқұлақ, әнші, домбырашы болып өседі.

Есейе, ес тоқтата келе ізденгіштігі оқыған, жаттаған фольклор құндылықтарын тесіле зерттеуге ауысады. Ол Шоқан Уәлихановтың: фольклор халықтың өздігінен іштей өсуінің айғағы, бүкіл қоғам жұртшылығының алға басуымен байланысты туған таза халық ақыл-ойының айғағы» дейтін дана тағылымын жолына шамшырақ етеді. Фольклор саласында аты әйгілі Г. Н. Потанин (орыс), Жұңжүвін (қытай) қатарлы өзге ұлт ғалымдарымен бірге Ы. Алтынсарин, Ә. Бөкейхан, М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, Ә. Марғұлан, М. Ғабдуллин сияқты өз ұлтымыздан шыққан ғұламалардың зерттеулерінен пайдаланады. Бұларға, жинақтаған өз тұжырымын тұғыр етеді, зерттеулерінде көшбасшы орынға қояды. Осы жүйеден жазған «Фольклордағы кереметтер образын орталық еткен ғылыми ой ұшқындары» атты ғылыми еңбегі ерекше дүмпу қозғады. Ғалым мұндай кереметтерді үлкен бес образға жіктеді. Бірінші — тектілік кереметтер образы (Қамбар ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба, Шопан ата); екінші — көліктік кереметтер образы (Алпамыстың Шұбар аты, Қобыландының Тайбурылы, алты айлық жолды алты аттап, жерде де, суда да, көкте де жүре алатын керіктер мен аспанда ұшатын кілем, ағашат, алып қарақұс, Желаяқ образдар); үшінші — информациялық кереметтер образы (алыстағыны тыңдайтын сақ құлақ, шалғайдағыны көретін қырағы көз, жер жаһанды көрсете алатын айна); төртінші — қару-жарақтық кереметтер образы (екі тауды екі уысына алып, біріне-бірін соғып ойнайтын, тауды қопарып, теңізді төңкеретін, әлемді мүйізімен көтеріп, зілзала тудыратын образдар); бесінші — ғарыштық және күрделі кереметтер (Жезтырнақ, жеті басты жалмауыз, жалғыз көзді тажал, мыстан).

Жазушы осы кереметтер образына бүгінгі ғылым-техника жаңалықтарының, тың тапқырлықтардың өзара қызықты әрі тығыз байланысы бар деп қарайды. Телеграф, телефон байланыстарының, радиолық және телевизиялық хабарласудың, орбиталық серіктік байланыс, атом қарулары, алып мұзжарғыштар, дыбыстан да жылдам ұшатын реактивтік ұшақтардың, космостық кемелердің, тіпті жер шарындағы қоғам игілігіне айналған бұрынғы-бүгінгі күллі ғылыми-техникалық тапқырлықтардың іске асуында бүкіл адамзат фольклорындағы керемет ой ұшқындарына қосылып қазақ фольклорындағы керемет ой ұшқындарының да үлесі барлығын дәлелдейді.

Сүйсінткен тағы бір қалам ізі — «Қорқыт ата кітабы» жөнінен сыр ақтарған «Қорқыт ата жайлы аз аял» шығармасы. Бұл жөнінен арғы-бергіде сегіз жүзден астам зерттеу еңбек жазылған екен. Сұлтан осы мұхитқа да сүңгіді. Шыңырау шүңетіне шөкті. Өрлі-қырлы малтыды. Сүзіп алып шыққан «алтын балығы» — Қорқыттың кім екендігін дәлелдеу болды: «Қорқыт Қарақожа (Қара оғыз) ұлы тарихи кезеңдерде (ІХ-Х ғасырларда) Іле мен Сыр бойын мекендеген оғыз, қыпшақ тайпаларының ішіндегі баят (баян) құрамындағы қамы (қайыспас) руынан шыққан ойшыл азамат, данышпан қария, ақылшы батагөй, жүйрік ұзан, болжамды сәуегей, бақсылар пірі, қобыз ұстазы. «...Қыпшақ ана Қорқытқа жүкті кезінде құланның жаясына бір жыл жерік болады. ...Жылына бір толғатып, үш жыл көтереді. Босанарда тоғыз күн толғатады. Дәл осы кезде қалың қара жаңбыр жауып, сұрапыл дауыл тұрып, жер-дүниені үш күн, үш түн тас қараңғылық басып, ел шошиды. Ана қиындықпен босанады. Оның үстіне нәрсете туа сөйлеп, одан арман қорқытады. Сондықтан оның атын «Қорқыт» қойған екен», — деп тұжырым айтты.

Өргі екі тақырыпта Қытайдағы қазақ мәдениетінде әр алуан ізденістер болған. Бірақ әлемдегі бүгінгі ғылыми-техникалық жаңалықтарға қазақ фольклорындағы керемет ой ұшқындарының да кесек ықпалы және Қорқыттың қазаққа қатынасы туралы дәл осындай өрелі, иландырғыш туынды көзге түспегені құпия емес.

1979 жылдан бастап Сұлтан фантастикалық шығармаларға қалам сілтеді. «Аруақтар арасында», «Бастама»,  «Аршылдар ауылында», «Ұрпақтар арасында» қатарлы тұнық фантастикалық хикаяттар, әңгімелер жазды. «Жер шарының арғы бетіне саяхат», «Күннің өзіне қыдыра бару» сияқты шындық болмыспен ғажайыптар қабысқан көлемді очерктер жариялады. Ұлтты ғылыми-техникалық ой, сана, біліммен қаруландырудың көркем әдебиеттегі бірден-бір ұтымды жолы — фантазиялық әдебиет деген автор көкірегіндегі ішкі толқынның серпіні еді бұл.

Көркем әдебиеттегі мөлтек әңгіме жанры қытай әдебиетінде Таң хандығының (618-907) таңғажайыптары мен Миң (1356-1644), Чиң (1644-1911) хандықтары кезіндегі «Лиаузай аңыздарынан» өркен жайып, дамыған болса да, Қытайдағы қазақ  әдебиетінде кенжелеп қалған. Сұлтан осы мөлтек әңгіме жанрында шығарма жазуға барды. «Жаңа зейнеткер», «Аузы қисық болса да», «Бейауыз бен биауыз», «Екі досым», «Жаман атқа жал бітсе», «Дүкеңді сабылтар сағым» т.б. жарық көрген неше ондаған мөлтек әңгімелерін осы қатарда атауға болады. Бұл жанр Сұлтанның жазушылық беделін, іздеп жүріп оқитын оқырманын, еліктеушілерін мейлінше көбейтті.

Драма жанрында суреткер «Күміс көмей, жез таңдай» атты сценарий жазды. Ол таспаға түсіріліп, бүкіл Қытай көлемінде экранға шығарылды. Сценарий ұлы Абайдың «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» өлеңімен басталады. Фильмнің өзекті мазмұнын меңзейтін «Мен бұлттан түскен жауын емеспін, түскен жеріме сіңіп ғайып болатын! Жерден өнген шөп емеспін, кез-келген ауыз таусап жұта салатын! Асқар таудай сүйеніш атадан, қарлығаштай қамқор анадан туылып, ұлтым, елім, Отаным мәпелеп өсірген азаматпын!» деген айбынды да айбатты жазу экраннан көрінеді.

Сценарийдің кейіпкері— қазақ әншісі, даңқы Шығыс Түркістаннан және бүкіл Қытайдан асып, жер шарына жайылған, жоғары дауысты, асқақ әннің шолпаны Хамит Әбілқасымұлы Ысқақ немересі.

Фильм жеті бөлімді. Алғашқы бөлігінде жер шарының шыр айналған глобусынан тұтас дүние — әлем, он сегіз мың ғалам көрермендер көз алдынан дөңгеленіп өтеді.

Сұлтанның ат жалын тартып мініп, қоғамдық-әлеуметтік санасы ашылған, биіктеген сайын бір дерт жанын жегідей жейді. «Қазақ халқы — көшпелі, бұратана, елсіз, жұртсыз, тексіз халық», «Әлмисақтан бері мемлекет болып та, мемлекет басқарып та көрмеген. Ұсақ тайпалар одағы, жеке-жеке іргесіз ұсақ хандықтар деңгейінде қалған», «Өз алдына мемлекет болса да, мемлекетті басқарып кете алмайды» деген қауесет, шаншулы, қаңқулы өсек кейбір жат-жұрттардан, теріс ниеттілерден айтылып та, жазылып та жүрді. Таңылған бұл жалаларды жаттап алып, ешқандай өзгеріссіз қайталап, өзімізді-өзіміз жасытып, өзімізді өзіміз тани алмай, сандалумен күн өткізіп жүрген аға буындар мен әріптестерін де көрді. Намысы қозды. Қазақ тарихының қандай да бір қара күштердің ықпалымен жою қыспағына алынып келе жатқанын жаны сезініп кектенді. «Әттең, осылардың аузына құм құйсам. Ұлтымның уыз тарихын жарқыратып паш етсем. Өзін өзіне, күллі адамзатқа сол жалынды да жарқын бейнесін танытсам» деген асыл арман өршіп, көкірегіне бір түйір шоқ болып түседі.  

Бірқанша жыл осы ниетте материал жияды. Ой қорытады. Шағын-шағын зерттеу еңбектер, әңгіме, хикаяттар жазады. Бірақ, талпынысы арманындағыдай оң өнім байқатпайды. Өсек толастамайды. Көкірекке түскен шоқ қаулаған өртке айналып, жаны шырылдап жүрген сәттерде ҚХР делегациясы құрамында Кеңестер Одағында іссапарда болуға жол түседі. Бір жолғы басқосуда қазақтанушы, тарих ғылымының әйгілі ғалымы, «Қазақ тарихы»,  «Қазақтың мәдениет тарихы» атты екі том кітап жазған Су Бихай (қытай) профессор «Қазақ — байырғы ұлттардың бірі. Ертеде-ақ мемлекеті болған. Қазақстан Ресейге өз еркімен емес, зорлықпен қосылған» дегенде, «Ойбай-ау, ол не дегенің? Қазақ халқының тарихы қазақ хандығынан басталады. Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылған. Ана қытай ғалымына наразылық жариялау керек!» — деп қазақ ағасының бірі табанда безектегенін, байбалам салғанын өз көзімен көріп, ет құлағымен естігенде жаны түршігіп кетеді. Отаршылдардың қандай көзәйнек кигізгеніне, миын қандай мәңгүрттік идеямен улағанына ілгергісінен ары өшіге түседі. Қазақтың тегі, жұрты, мемлекеттігі туралы бөлек-бөлек, шағын-шағын шығармалар жазуды тоқтата тұрып, қанша қиын және қатерлі болса да, енді ұлт санасын көтеру, азаматтардың тектілік танымын арттыру, ұлттың қоғамдық беделін асыру үшін көлемді шығарма — тарихи романшылық жанрына қалам тартуға, сол арқылы қазақтың нағыз уыз тарихын алдыларына жайып салып, ұлт сатқындарын, жалақорларды, суайттарды, мәңгүрттерді қарабет етуге сол мәжіліс үстінде алғаш бел буады.

Білек сыбанып арманына айналдырған бұл мұратын тоғыз жылда орындап шығады. Романын тәмамдап соңғы нүктесін қояды. Романның бірінші бөлімі екі том — «Елжау күнби», екінші бөлімі бір том — «Сәншора күнби», үшінші бөлімі бір том — «Оңғай күнби» аталды. Төрт томға ортақ «Үйсін хикаясы» деп азан шақырып ат қойды. 

«Елжау күнбиде» суреттелетін тарих: Нәндібиұлы Елжаудың көреген көсемдігі, Бөжей жабығының ұлылығы, ата кегі қалып келе жатқан Ғұн қағанатынан іргесін аулаққа салып, жер жәннаты Жетісуда үйсін мемлекетінің шаңырағын көтеруі, мемлекеттің байып, күшейіп, сол өңірдегі ең құдіретті ұлысқа айналуы, маңындағы патшалықтармен мәмлегерлік (дипломатиялық) байланыс орнатуы, Хан (қытай) патшалығының елшісін қабылдап, оған елші жіберуі, ғұндардан туылатын қатерге қарсы Хан патшалығымен стратегиялық одақ құруы, осы орайда көреген көсемдігіне жанасалаған қызу да кең құшақты, аңқылдаған аңғал мінезді Елжаудың түпсіз тереңге жасырынған Хан патшалығының саяси «құдалық» шырғалаңына шырмалуы, одақтасу мен құда болысудағы екі жақтың ірі тұлғаларының ішкі қақтығыстары, жан әлемі.

«Сәншора күнбиде» суреттелетін тарих: Елжау күнби қайтыс болғаннан кейін Сәншора күнбидің таққа келуі, қағанкерлер (күнби жұбайлары) — ғұн қызы мен Хан қызын кіндік еткен орда шаңырағындағы күндестік, ең бастысы саяси қақтығыс, Хан әулетінен келген қағанкелердің үйсін тілін үйренуі, әдет-салтына дағдылануы, күйеуі Сәншора күнби мен оның төңірегіндегілердің асты-үстіне түсіп, олардан берік сенім алуы, Хан патшалығына шұбыртып жиен, жиеншарлар өсіруі, төркінінен алып келген құпия саяси міндетін атқаруға — үйсін елінің тағын жиен, жиеншарлар арқылы түбегейлі иелеу арам мақсатына тыңғылықты дайындалу барысы. Мұнда да орда ішіндегі қайшылықтар, әр тұлғаға тән жан дүние арпалысы, мінездік әйгіленулер қалт қалмайды.

«Оңғай күнбиде» суреттелетін тарих: саяси астарлы құдалық салдарының асқынуы, паш болуы, тақ таласының әшкере қақтығыс пен қастандыққа өтуі, Хан патшалығының сыбайластары бір жақ, үйсін мен ғұн және ғұндарға қарайтын қаңлы қатарлы ұлыстар бір жақ болып, теке-тіреске түсуі, мүйіздесуі, соңында үйсін ұлысын «Ұлы күнби», «Кіші күнби» деп екіге жарып, қансыратуы.

Томдардың бірінші бөлігінде оқиға үш желімен өрбиді. 1) Туы атойлаған үйсін ұлысы. 2) Хан әулеті. 3) Сақ дештінің Елжаудан бұрынғы, Елжау және оның замандастары айтып бере алмайтын бай мәдениеті мен озық өркениеті. Дамыған ежелгі ол мәдениет пен өркениет ғарыштан келген үшеудің (Ешеш, Шала, Танхим) аузынан баяндалады. «Адам» атауы кері аударылып, олар — «мада» арқылы «мадазат» деп алынған.

Алғашқы екі бөлімде бейбіт, берекелі өмір суреттеледі. Соғыстық өмір тым аз. Жаңжалды, қантөгісті жылдар соңғы Оңғай күнбиде.

Томдар — қытай тарихи жазбаларында үйсін елі туралы кездесетін ұлылы-кішілі деректердің, оқиғалардың тізбеленген жиынтығы емес. Реал тарих пен ғылыми-фантастикалық, өршіл романтикалық тәсіл ұштасып, кірігіп кеткен көрікті, көркем туындылар.

«Үйсін хикаясының» төрт томы — кемел дененің бес мүшесі секілді. Бірін-бірі толықтайды. Биіктетеді. Ажарын ашады. Сәулеттендіреді. Оларды бөліп бағалау шығармаға да, авторға да обал, қиянат. Ағаттыққа соқтырады.

Шынайы талант иесін мәртебе, мәнсап, бейнет, нәтиже, қылмыс өзі іздеп табады. Бұл, Алла тағаланың пендесін дүниеге сынау үшін жарататындығымен сабақтас. Сұлтан Шыңжаң университетінде Қытайдағы қазақ оқытушыларынан тұңғыш доцент ғылыми атағын алды. Көп ұзамай кафедраның және информация зертханасының меңгерушілігіне тағайындалды. Деканның орынбасары, проректор, ҚХР электроника қоғамының басалқа мүшесі, ҚХР аз ұлт жазуындағы информацияларды өңдеу қоғамының төрағасы болды. ШҰАР ғылым және техника қауымдастығының тұрақты жорасы, ШҰАР ЖОО кәсіптік қызмет атқару атақтарын аттестаттау комиссисының бастығы, т.б. міндеттер жүктелді.

1962-1976 жылдары «ұлтшыл», «түзетімпаз», «ақ маман», «қашқынның ұрпағы» деген кінәлар тағылып, саяси қуғынға алынды. Күреске тартылды. Мырзақамауға түсті. Дың Шаупиң билік тізгінін ұстаған тұстағы «басшы кадрларды жастардан, мамандардан, білімділерден, моральдылардан тағайындау» жаңа саясатынан кейін ғана ол жалалардан ада-күде құтылды. ШҰАР оқу-ағарту комитеті (Білім департаменті) төрағасының орынбасары (1986-1996), Оқу-ағартуды зерттеу институтының профессоры (1988), ШҰАР-дың ерен үлесі бар маманы (1990), Чияугуаң Шығыс ғылымы мен мәдениеті академиясының мүшесі, ШҰАР-дың телевизия университеті мен Бейжин ұлттық университетінің құрметті профессоры, Үрімжі университетінің ақылшысы, ЖОО-ларда білім беруді зерттеу институтының директоры мен аға зерттермені, ШҰАР бойынша білім беру және әкімшілік заңдарды атқару жағындағы инспекторы мәртебелері артылды. 1993-2003 жылдарда сегізінші және тоғызыншы (екі кезек) ҚХР мемлекеттік халық құрылтайының (Парламент) депутаты, оның Ұлттық істер комиссиясының мүшесі болды. 2005 жылы ҚР-дың орталығы Астана қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайында оның төралқа мүшелігіне сайланды. Ол Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2006 жылы Қытайда болған сапарында қабылдауында болды.

ҚХР-дағы және шетелдердегі баспалар мен атақ-даңқ сыйлайтын органдардың, журналист, сыншылардың да ықыласы Сұлтекеңе ерекше ауды. «Үйсін хикаясы» эпопеясының алғашқы екі томы қытайша, тәуелсіз Қазақстанда кириллица жазуымен басылып шықты. Іле-шала екі елде жиырмаға тарта оқырман, сыншы, тілші мақала, сұхбат арнады. Жерлестерінен мысал келтірмей-ақ қояйын. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының органы — «Қазақ елі» газеті «С. Жанболатовтың «Елжау күнби» атты екі томдық тарихи романы... күллі қазақ әдебиеті мен тарихына, тіпті адамзат мәдениетіне қосылған бағалы қазына», — деп бағалады. Қазақстандық белгілі жазушы, журналист Ораз Сымайылов: «Сіздің роман жазудағы стиліңіз, шеберлігіңіз, ғылымның көп саласына жетік, асқан білікті де білімді қаламгер екендігіңізді ешкімнің анықтамасынсыз-ақ толық аңғардым», — деп, роман авторын бүкпесіз, шын жүректен құттықтады. Ал, ҚХР-да мемлекеттік, ШҰАР-да «Үздік» атты сыйлықтар алды. «Күміс көмей, жез таңдай» сценарийі де  бірінші дәрежелі сыйлықтан көрінді. Монографиялық еңбектері мен очерк, әңгіме, өлең және «Таластағы жанталас» хикаяты үш том болып басылып шықты. «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы», «Қытайдағы дарындылар», «Ғылымдағы қытайлықтар», «Шығыс перзенттері», «Әлем әйгілілері» т.б. ірі кітаптарда өмірбаяны мен шығармалары таныстырылды. 2001 жылы ҚР-дың тәуелсіздігіне 10 жыл мерекелік медалымен марапатталды. 2004 жылы «Тянь-Шань әдебиет, өнер сыйлығының» ең жоғары деңгейдегісі — «Үлес» сыйлығы берілді. Қытайдағы аз ұлттар мен ШҰАР ағартушылары делегациясын бастап Қазақстан, АҚШ, Ресей, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан, т.б. мемлекеттерде іссапармен болды. Бірқыдыруында ғылыми баяндамалар жасады. Қазақстан, Қытай және ШҰАР жазушылар одағының мүшесі.

Сұлтан ұлттық рухы биік жазушы. Ұлт алдындағы жауапкершілігін бір сәт те  ұмытпаған. Ұлтына не керек деп сезінсе, соны жазды. Ұлтының майлығы да, сулығы да бола білді. Оның қаламгерлік соқпақтары ұлтын жанынан да артық бағалаған Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсын, «Ғұннан тудым, күннен тудым» деп жар салған Мағжан Жұмабай қатарлы алаш ұлылары мен сабақтас, мазмұндас болды. Оның қаламынан ағыл-тегіл сорғалаған сия емес, ұлттық рух болды. Ұлтының ұлт қалпында сақталуына, ұлттық рухын көтеруге, дамып, бір қадам болса да ілгері жылжып гүлденуіне толассыз ақ жаңбыр болып себезгіледі. Ғұлама ғалым, қазақ тіл ғылымының атасы Ахмет Байтұрсынұлының әліп-биі негізінде жасалған қазақтың төл жазуын электронды машинаға енгізу жұмыстарымен белсене айналысып, оны Қытайдағы қазақтардың осы заман техникасымен жабдықталған бірден-бір жазуына айналдырды. Қазақ тілінің, қазақ жазуының болашақта баянды болуы, халықараға үйлесімді келуі, болашақ ұрпақтан айрылып қалмауы үшін латын жазуының SJR жобасын да ұсынды. Бұл жоба іске асса қазақ сөзі кез-келген елдегі кез-келген компьютерге отыра қалып, ешқандай адам, не дүниеге (бағдарлама, т.б.) жалынбай-ақ, еш әуресіз, анық та әдемі жаза беруге және жазғанын кез-келген елдегі кез-келген компьютерге Интернет арқылы еш өзгеріссіз, қаз-қалпында жеткізуге болады.

Ал, билік қамшысы қолына тигенде билік орайын ұлт мүддесіне пайдаланып, жоғын жоқтады. Кетігіне қаланды. ШҰАР оқу-ағарту комитеті төрағасының орынбасары болып тұрған шағында әр ұлт мектептерінің өз алдына бөлек болу жағдайын мейлінше дамытты. Қазақ балаларының оқуға қабылдану салмағы мен сапасы Шыңжаңдағы 13 ұлт арасында екінші орыннан төмендеп көрмеді. Жоғары оқу орындарындағы қазақ студенттерінің салыстырмасы қазақ халқына берілетін пайыздан үнемі жоғары болып келді. Дарынды талай қазақ жастары Жапония, Кеңес Одағы, АҚШ, Англия, т.б. қатарлы мемлекеттерге барып оқу мүмкіндігін алды. 1987-1988 жылдары өзге ұлттың кейбір жазушылары қазақ ұлтының ұлттық намысына тиетін «Алыстағы ақ отау», ұйғыр ұлтын сайқымазақ ететін «Құйрықсыз есек» атты шығармалар жазып, қоғамда теріс аңыс қозғаған еді. Бүкіл мемлекеттік парламентте депутат болған кезінде осы мәселелерді өткір көтеріп, қытайдың Қылмыстық істер кодексіне 250-тармақ ретінде «Аз ұлттардың ұлттық намысына тиген қаламгерлерге 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру» жазасы берілетіндігін кіргізді. Жергілікті ұлттық автономия заңына түзету енгізу талқыланғанда «Аз ұлттар, олардың мәдениеті, әсіресе тілі шындап қорғалмаса, бұлар қорықтардағы жануарлар мен өсімдіктер құрлы болмаса, социализмнің абзалдығы қайда қалады?!» — деп батыл пікір көтеріп, заңға: «Аз ұлт балалары өз ана тілінде оқуы тиіс» деген сөйлем қостырды.

Сұранып, сумаңдап тізгін ұстаған емес, таңдап келіп тапқан жоғарыдағыдай билік, мәртебенің талап-тілектерін жөнге келтіру жолындағы әр күнгі документтер тауы мен жиындар теңізіне, іссапар сарпалдаңдарына малтыға жүріп Сұлтанның рухани жасампаздыққа қайдан, қалай уақыт табатынына Қытайдағы басшы-қосшы, әріптес, шәкірттері үнемі таңғалады. Үлгі, өнеге тұтады.

«Біз» атты трилогия жазып, жуықта Бейжин Ұлттар баспасына табыс етті. Өткен ғасырдың соңғы жарымындағы Қытай қазақтары зиялы қауымының кешірмелерін Шыңжаң университетіндегі өз тұлғасын арқау ете отырып өрбитін ғұмырнамалық романдар легі.

Аяулы Сұлтеке, дана халқымыз, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деп баулыған ғой. Сол ізгі ниет жетегінде атажұртыңа, ондағы оқырмандарыңа толғауы тоқсан қаламгерлігіңді, басқа да биіктеріңді өзім білетін деңгейде асырмай да, жасырмай жария еттім. Ұлт және ұлы тәуелсіздікті мәңгі баянды ету жолында перзенттік борышыңның бұл адақталып болғандығы емес екендігін өзің де түсінерсің. Мынау аласапыран заман, көңілі алаң ел-жұртың ел тарихынан, жер тарихынан, ежелгі байырғы ғасырлардан тағы да қарқынды, шұрайлы көркем шығармалар, зерттеу туындылар төкпелеуді асыға, толассыз күтеді. Уақыт тоспайды. Сенің қолыңнан келеді. Бұдан да биік заңғарлардан күтетіндігімізді жасыра алмаймын.

Оразанбай ЕГЕУБАЕВ, профессор

Алтын Бесік. № 4.2007.

 

толығырақ

    Жүзден жүйрік шығады. Мың емес, миллион емес, миллиардтан топ жару қаншама қажырлықты, ізденісті, талантты талап етері айтпаса да түсінікті. Алтынға мақтау артық болатыны сияқты, қос тарланға қосып айтпай-ақ, жеткен жетістіктерінің біразын жіпке тізгендей атап өтсем жеткілікті болар.

   Танымал ақын, жазушы, зерттеуші, айтулы журналист, белгілі қоғам қайраткері Жұмәділ Маманұлы – Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология-журналистика ғылымы бойынша профессор, ҚХР әдебиет-көркемөнеріне еңбегі сіңген үздік маман. Қытай Жазушылар одағының, Қазақстан Жазушылар одағының, Қытай аз ұлттар әдебиетін зерттеу қоғамының, Қытай фольклоршылар қоғамының, қырғыз ұлтының классикалық эпосы – “Манасты” зерттеу ғылыми қоғамының  мүшесі. Шыңжан Таңжарықты зерттеу қоғамының орынбасар төрағасы. Қыруар еңбектердің, жиырмаға жуық кітаптың авторы. Ал жары Күлмән Шүленбайқызы – туа біткен дара дауысы бар талант иесі. Сахара мен сахнаның сәнін, бұлбұл құстың әнін келтірген сұлу суреткер. 1978 жылы Бейжіңде өткен халқаралық ән байқауында ерекше топ жарып, “Сахара бұлбұлы” атағын жеңіп алған.  Жез таңдай, күміс көмей апайымыз қазір ҚХР халық әншісі, мемлекеттік бірінші дәрежелі әртіс, ҚХР музыка қоғамының, ҚХР кино-драмашылар қоғамының мүшесі. “Сайра бұлбұл”, “Құштармын әсем әнге”, “Бозторғай” атты ән жинақтары жұртпен жүздескен...

   Өнер жолында да, өмір жолында да қол ұстасып талай биікті бағындырған қос тарланмен болған сұхбатымызды оқырман қауымы назарына ұсынуды жөн көрдік.

- Жұмәділ аға, сұхбатымызды сізден бастаймыз ба?

- Қыздың жолы жіңішке ғой, алдымен апайыңды сөйлет.

- Ендеше, Күлмән апа, әуелі туған жеріңізге тоқталып кетсеңіз...

- Мен 1943 жылы мамыр айында Қытайдың Тарбағатай аймағы, Толы ауданы, Бұрқыстай қыстағында қарапайым малшы отбасында дүниеге келдім.

- Өнер сізге кімнен дарыды деп ойлайсыз?

- Менің өнерге деген құштарлығымды байқаған ата-анам домбыра жасап беріп, бала күнімнен өнерге баулыды. Ес білгелі байқағаным, шешем марқұм нан пісірсе де, шай қойып жүрсе де, тіпті сиыр сауып отырғанда да мұңлы, баяу үнмен “Елім-ай” әнін егіліп орындайтын; тіпті, кей кездері көз шарасына толған жасын төгіп-төгіп те алатын. Мен қыз бала болғасын анама жуық өстім, ол кісінің үні құлағыма сондай жағымды естілетін, сол кезде анамдай әнші болсам деп армандайтынмын, сол арманның жетегімен жүріп кәсіптік әнші болып қалыптастым.

- Анаңыздың “Елім-ай” әнін айтып отырып неге жылайтынын білетін бе едіңіз?

- Білгенде қандай! Анам 30-жылдардағы аумалы-төкпелі жылдарды үнемі есіне алатын, сол кезде он төрт жастағы оқушы бала екен. Ол кісі әннен кейін жылап алғасын тез жадырап, “Бала күннен туып өскен қасиетті Аякөз жері, сонда қалған төркінім, ән үйреткен ұстаздарым есіме түсіп кетті” деп отыратын. Сонда сәби жүрегім елжіреп, анамды аяп кететінмін. Шіркін, тез ержетіп, анамды зарықтырмай, алыста қалған туған ел, туған жеріне апарсам деп армандайтынмын.

- Сол арманыңызға жете алдыңыз ба?

- Аллаға шүкір, еліміз егемендік алып, Қытай мен Қазақстан арасында қарым-қатынас орнай салысымен, 1992 жылы анамды Аягөз жеріндегі туысқандарының тірілерімен табыстырып, қайтыс болғандарына құран бағыштап, құрбан шалдық. Анам дүниеден өткенше туысқандарымен хат-хабар алысып тұрды.

- Анаңыз дүниеден өткесін де нағашыларыңызбен араласып тұратын шығарсыздар?

- Әрине, араласып тұрамыз. 

- Сол сапарларыңызда тек Аягөз қаласында ғана болып қайттыңыздар ма?

- 1992 жылы Аягөзде болып, анам алдындағы арманыма жеткесін, Алматыға арнайы келдік. Ендігі көздеген мақсатым – Қытайда радиодан естіп, теледидардан ғана көріп жүрген белгілі композитор Нұрғиса Тілендиевпен жүздесіп, ол кісінің өз қолынан жаңа әндерін алу еді. Мен өзім Нұрғиса ағамыздың халық ішіне тараған әндерін өте сүйіп айтатынмын. Әрең дегенде Қазақстанға бір келгенде, ол кісімен кездесіп кетуіміз керек деп ой түйдік.

- Нұрғиса ағамен жолыға алдыңыздар ма?

- Біз Нұрғиса ағаны іздеп Жамбыл атындағы филармонияға барып, сол арадан таптық. Ол кісі Абайдың 150 жылдығына орай өткізілетін үлкен концертке дайындалып, «Отырар сазы» ансамбліне дирижерлық жасап тұр екен. Біз ол кісінің дайындығын тамашалап отырдық, ең соңында бір жігітті сахнаға шығарып «Саржайлауым» деген әнді орындатты. Әншінің орындау шеберлігіне көңілі толыңқырамай, сахнадан қуып жіберіп жұмысын аяқтады.

- Ол кісі әрбір ісіне өте шөгел адам деп естігем…

- Иә, Нұрағаң өте шөгел, үлкен жауапкершілікті талап ететін, бар ынта- пейілімен беріліп жұмыс жасайтын адам екен. Тек шаруасын аяқтағасын ғана, жан-жағына еркін көз жүгіртіп, бізбен жөн сұрасты. Жұмәділ ағаң екеуіміздің жайымызды айтып, менің әнші екенімді, ол кісінің жазған әндерін сүйіп орындайтынымды жеткізді.

- Сіз ол кісінің алдында ән салдыңыз ба?

- Нұрағаң менің әнші екенімді естігесін: – «қандай әндерді айтасың?» – деп сұрады. Мен сіздің бұрынғы жазған әндеріңіздің көбін орындай аламын деп едім, өзі сүйемелдеп, маған «Кел еркем, Алатауыма» әнін орындатты. Менің орындау шеберлігіме көңілі толып, «Гәкку», «Бұлбұл» қатарлы тағы үш-төрт ән салғызды. Өнер адамды жақындастыра түседі ғой, осыдан кейін Нұрағаң біздің қандай бұйымтаймен келгенімізді сұрады. мен ол кісінің соңғы шыққан әндеріне қолым жетпей жүргенін айтып, әндерін өз қолынан алғым келетінін білдірдім. Нұрағаң жанындағы бірнеше жігітке арнайы тапсырып, ертесі соңғы жазған әндерінің ноталарын қолымызға тигізді.

- Содан кейін Нұрағаңмен кездесе алдыңыз ба?

- Өкінішке орай, бұл менің Нұрағаңмен алғашқы және ең соңғы кездесуім болды.

- Апа, Қытайда қырық жылдан астам әнші болып қызмет етіпсіз,  өнерге кәсіптік деңгейде қашан қадам бастыңыз?

- Мен 1959 жылы бастауыш мектептің соңғы сыныптарында оқып жүрген кезімде оқушылар арасынан таңдалып, Іле қазақ автономиялы облыстық ән-би үйірмесіне әнші болып қабылдандым. Осы ұйым мені Бейжіңдегі Қытай музыка институтына кәсіптік оқуға жіберді. Сонда 1963 жылға дейін кәсіби мамандардан оқып, үздік нәтижемен тәмәмдадым. Сонымен қоса менің жақсы әнші болып жетіліуіме әкемнің немере інісі, ақын-композитор, әрі әнші, әрі актер Кәсімбай Құсайынұлы көп көмек көрсетті. Содан соң, кейінгі кездері Қытайдағы композитор Әліпбек Мәлікұлы, Шаң Лисан, Сұлтан Мәжит қатарлы ұстаздарымның ықпалы ерекше болды.

- Осы орайда, жеңісті жүлделеріңіздің бірнешеуін атап өтсеңіз?

- Өмір мақсатқа, арманға толы болғанда ғана адам үлкен биіктерді бағындыра алады. Мен мақтанғанды қаламайтын адаммын, бірақ алған жүлделерімді айтпасам болмас. 1978 жылы Бейжіңде өткен халық әндері байқауында “Сахара бұлбұлы” жүлдесін жеңіп алдым, 1995 жылы тағы сол Бейжіңде өткен “Төртінші кезекті дүниежүзілік әйелдер құрылтайына” уәкіл болып қатынасып, әлем әйелдері алдына шығып ән салып, Қытай әдебиет-көркемөнершілері бірлестігінің екі бірдей грамотасымен, Қазақстан республикасы Мәдениет министрлігінің “Үздік әнші” мақтау қағазымен марапатталдым...

- Бой тұмарыңызға балайтын әндеріңізді атап берсеңіз...

- Мен көбінесе көне әндерді сүйіп айтамын, сонымен қоса кейінгі сазгерлер жазған көп жаңа әндердің алғашқы орындаушысы болдым. Ал бой тұмарымдай болып, ұзақ жыл сахнада бірге жасасқан әндерге «Гәкку», «Бұлбұл», “Боз торғай”, “Сайра бұлбұл”, “Тынбай сайраймын” әндерін жатқызар едім. Мен бұл әндерді сахнада әрбір орындаған сайын, бұдан да жоғары деңгейде мәнерлеп халыққа жеткізсем деп тың ізденістер жасайтынмын, осы әндер күні бүгінге дейін репертуарымнан түскен емес, әлі де орындағым келіп тұрады.

- Өнер адамы көбінесе сегіз қырлы келеді ғой. Ақындық, сазгерліктен, актерліктен де қара жаяу емес шығарсыз?

 - Ақындығымды білмеймін, сазгер ретінде “Құштармын әсем әнге”, “Қыз қуар”, “Жайлау әні”, “Ұстаз үні”, “ Айлы түн”, “Көктем” қатарлы әндерді дүниеге әкеліп, жұртпен жүздестірдім. Ал актерлікті айтар болсам, одан да құр алақан емеспін, әнші болған адам актерлікке бейім келеді ғой, Қытайда қойылған «Сәлиха-Сәмен», «Тянь-Шань өңіріндегі ән әуені», «Қызыл шырақ», «Таңжарық» қатарлы опера қойылымдары мен киноларда басты рөлдерді сомдадым. Көрерменннің ыстық ықыласына қарағанда, өзімді актер ретінде сәтті сомдадым деп ойлаймын.

- Кейінгі жастарға, әсіресе, соңғы буын сіңілілеріңізге айтар ақылыңыз?

- Жастарға не деймін, «елу жылда ел жаңа» деген, бүгінгі жастардың заманы да, заңы да басқаша. Құдайға шүкір, жастар жағы жаман емес. Бір қарын майды бір құмалақ шірітетіні сияқты, саусақпен санарлық бір бөлімінің батыс мәдениетіне көзсіз бой ұрғаны болмаса. Әсіресе қаракөз қыздарымыздың кіндігі ашық, жартылай жалаңаш жүргені жаныма батады. Кейбіреуінің ұл екенін, қыз екенін айыру қиын. Шаштарын ұлдарша қырықтырып тастайды. Сонда қазақтың қолаң шаш қызы болудан намыстанғаны ма? Өз ұлттық дәстүрімізді сыйламасақ, өзге ұлттың мәдениетімен сыйыспасымыз анық. Имандылық, ұлтжандылық жастарға әлі де ауадай қажет.

- Өзіңіз шашыңызды қырықтырып көрмедіңіз бе?   

- Мен шашымды қырықтыру былай тұрсын, тарағанда түскенін жерге тастаған емеспін. Бала күнімнен анамның айтуы бойынша шүберекке түйіп, жинап жүретінмін. Осыдан үш-төрт жыл бұрын түскен шаштарымды ұршықпен иіріп, тор көз салып, ұлттық ерекшелікке ие етіп жобалап, бөрік, қысқа жеңді күртеше, етегі тізеден келетін көйлек тоқып шықтым. Қытайда былтыр өткен жазғы Олимпиаданың құрметіне деп, тақияның маңдайына бес шеңбер, күртешенің екі өңіріне «Әлем – ортақ, арман – бір» деген жазуды қытай әрпінде маржанмен жазып шықтым.

- Бұл жаңалығыңыз Қытай халқына тың тақырып болған шығар?

- Әрине, қызықпаған, таңғалмаған адам болған жоқ. Газет-журнал, радио-теледидарлар жабыла жазып, жарыса көрсетті. Қытайдың Бейжің қаласындағы орталық мұражайға қоюға сұрады, бірақ мен берген жоқпын.

- Сізбен сұхбатымыз өте қызықты болды, сәлден соң жалғастырамыз деген ойдамын…

- Дұрыс айтасың, Жұмәділ ағаңды көп күттіріп қойдық, қыздың жолы жіңішке болғанның жөні осы деп, мен ғана сөйлей берсем болмас, әңгімені ары қарай сол кісімен жалғастыра ғой.

- Жұмәділ аға, «Соңғы түйенің жүгі ауыр» деп әдейі соңынан сұхбаттасуды жөн көрдіңіз-ау деймін?

- Біз Күлмән екеуіміз ұзақ жыл бірге жасасып келеміз. Сондағы менің түйгенім - бірінші сыйластық, екінші аяушылық, үшінші кешірімшілдік болса жан ұяның шаңырағы биік, өмір сапары жеңісті болады. Менің соңына қалғаным ол кісіні сыйлағаным ғой.

- Күмән апа екеуіңіз бала күннен бірге өстіңіздер ме?

- Жоқ, мен 1941жылы Іле аймағының Күнес ауданында дүниеге келдім. Бізді таныстырған да, табыстырған да өмір жолы мен өнер жолы.

- Өнер жолы демекші, алғаш қаламгерлік қадамыңыздың қалай басталғаны туралы айта отарсаңыз?

- Мен 1959 жылы Шыңжаң педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітірдім. Сол институт құшағында студент кезімде «Емен сыры» деген баллада жазып, әдебиет табалдырығын аттадым. Оқу бітірерден бұрын баспасөз беттерінде бірнеше мақалам, төрт-бес өлеңдерім жарияланды. Ол кезде оқу бітіргесін мемлекет қайда жіберсе сонда кететін заман еді ғой, мені: Іле обылысынан шығатын «Іле жастары» журналы мен «Іле пионерлер» газеті редакциясына жұмысқа орналастырды. Кейін «Іле газеті», «Іле айдыны» журналдарында істедім. Сол жерде мен тілші, редакторлық қызметін атқара жүріп жазушылық жолымды жалғастырдым.

- Бүгінге дейін жарық көрген шығармалар жинағыңызды атап бере аласыз ба?

- Менің Қытайда «Тау жалыны» (жеке дастан), «Қарақат» (өлеңдер), «Ақылбай атайдың әңгімелері» (балаларға арналған повестер), «Акбар-Сейіт» (өлеңмен жазылған роман), «Әке бауырындағы бала», «Көпірдегі көкжалдар» (әңгіме-повестер), «Жұмәділ Маман дастандары» (дастандар), «Тұнық дауыс» (өлең-поэмалар), «Айхан» (аударма әңгіме-повестер), «Ән сыры-жан сыры», «Жырақтан жеткен жыр дерек» (ғылыми зерттеу мақалалар), «Ашық есік алдында» (эсселер), «Күмбезге түскен күн шуақ», «Қара тұйғын» (хикаяттар) қатарлы жиырмаға жуық жинақ кітабым жарық көрді. Сонымен қоса Қытайда жалғасты шығып жатқан, «Қазақтың тарихи әйгілі адамдары» атты үлкен тақырып аясында «Акбар батыр», «Әсет Найманбайұлы», «Нүсіпхан полковник» қатарлы еңбектерім жұртпен жүздесу алдында тұр.

- Марапатты қалай қабылдайсыз?

- Еңбегің бағаланып, ізденіс жұмыстарың жеміс беріп жатқанда бір желпініп қалады екенсің. Мақтаған жақсы, мақтанған жаман дейді ғой, өнер адамы марапатталған сайын марқайып отыру керек. Менің бір қатар шығармаларым марапатталғанда қуана қабылдадым. Бірақ орынсыз мақтанған адам емеспін.

- Жүлделі болған еңбектеріңіз…

- Менің «Қоңыраулы қозы» әніне жазған өлеңім Қытай Мәдениет министірлігінің екінші дәрежелі, «Жаңабайдың жаңылтпашы» атты әңгімем Қытай мемлекеті бойынша жас өспірімдер мен балалар баспа қоғамының бірінші дәрежелі, «Ақылбай атайдың әңгімелері», «Қарала атты қазақ» повесім Шыңжаң жазушылар одағы, Ұлттық істер комитеті,  Әйелдер бірлестігі қатарлы орындардың бірінші дәрежелі марапатын, «Жер ананың жетімегі болмайық», «Армысың елім» атты толғауым Қытай елі бойынша қазақ-қырғыз әдеби журналының «Дүлдүл», 2005 жылы «Жырақтан жеткен жыр дерек» кітабым Қытай мемлекеттік сегізінші кезекті аз ұлттар әдебиетінің «Тұлпар», 2006 жылы осы кітабым Шыңжаң өлкесі бойынша үздік шығарма сыйлығымен жүлделі болды.

- Қытайда болған «Мәдениет зор төңкерісі» деп аталатын аласапыран жылдардың, көптеген қалам ұстаған зиялы қауым өкілдеріне қатты батқанын білеміз. Ал сізге…

- «Көппен көрген ұлы той» демекші, жалпы халыққа келген қаралаудан қаламгер қалыс қалған ба…ол кезде мен «Іле жастары» журналы мен «Іле өрендері» газеті редакциясында бас редактор болып қызмет істейтінмін. Мен де сол тұманға тұншығып, 1968 жылдан 1974 жылға дейін еңбекпен өзгертуде болдым. Ақталып шыққасын қызметімді қалпына келтіріп, Іле қазақ автономиялы обылыстық комитетінде үгіт-насихат басқармасының бастығы, “Іле жастары” журналы мен “Іле өрендері” газетін қайта шығару комиссиясының орынбасар бастығы етіп тағайындады.

- Сол басылымдар күні бүгінге дейін жарық көріп келе ме?

- Қытай үкіметі мәдениет төңкерісі жылдарында ғана басылымдарға тиым салды. Әдебиетсіз мәдениет болмайтынын білгесін, мәдениет төңкерісі аяқталысымен қайта құру, қалпына келтіру кең етек алып, басылымдар мен баспасөз қызметкерлеріне бостандық қайта берілді. Сол кезде бұрынғы бар басылымдар толығымен қайта жарық көрді. Бүгінгі күні шығарылымдар көбеймесе кеміген жоқ деп айта аламын.

- Шыңжаңда шығатын журналдарды атап кетсеңіз...

- Шыңжаңда бүгінгі күні жарық көріп отырған журналдар саны да, сапасы да  қуантарлық. Әдебиет пен тіл туралы: “Шұғыла”, “Мұра”, “Алтай аясы”, “Іле айдыны”, “Тарбағатай”, “Боғда”, “Құмыл алқабы”, “Көкжиек”, “Оқырман өресі”, “Тіл және аударма”, “Алқап”, “Шыңжаң әйелдері”. білім-ғылым саласы бойынша: “Ғылым және өнер”, “Білім бұлағы”, “Шыңжаң оқу-ағартуы”, “Ұлттар суретті журналы”, “Шыңжаң суретті журналы”. Ал жас өспірімдерге арналған: “Іле жастары”, “Балалар суретті журналы”, “Жастүлек”, “Балдырған” қатарлы журналдар тұрақты түрде оқырманмен жүздесіп тұрады.

- Қаламгер, халықтың көкірек көзі. Қытайдағы қандастарымыздың атажұртқа қоныс аударуы бұрынғысынан саябырлап барады. Себебі неде деп ойлайсыз?

- Менің өзімнің пікірімше, кейінгі жылдары Қазақстанда үй бағасы өте аспандап кетті. Ол жақта тұратын қазақтардың Қазақстаннан келе салып баспана алуға шамалары келе бермейді. Ал мемлекет белгілеген бір реткі көші-қон қаржысын алу Қытайдан келген қандастар үшін қиын, алған күннің өзінде де Қытайда екі-үш балалы болуға ғана жол берілгендіктен, ондағығы қазақтардың отбасында төрт-бес адамнан аспайды. Адам саны кем болғандықтан мемлекеттен алатын жәрдемақы да аз. Ол қаржы үй түгілі жол қаражаты мен тамағынан аспайды.  Сосын тағы бір себебі – жер мәселесі. Олар келгенде егін егіп, мал бағатын, құрығанда үй салатын жерге қол жеткізе алмайды. Айта берсем себебі көп, соның бірі Қытайдан келген небір мықты кәсіпті меңгерген майталман мамандар орыс тілін білмегендіктен, Қазақстаннан өзі игерген мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайды. Оның үстіне әлемдік қаржы дағдарысы қосылды. …

- Бұл осылай жалғасып кете береді деп ойлайсыз ба?

- Қалайда, шетелдегі тарыдай шашыраған бес миллионға жуық қазақтың бәрі болмаса да, жартысынан астамы Атамекенге келуі керек. Ол жақтағы қандастарымыздың өткен жылы президентіміздің арнайы тапсыруымен қабылданған,  «Нұрлы көш» бағдарламасынан үміті зор. Онда қоныстану, баспанаға қол жетімділік, кәсіптену, білім алу сияқты халықтың жүрек жарды мәселелері өте жан-жақтылы қарастырылған. Сол бағдарлама шынайы атқарылатын болса, атажұртқа қоныс аударуы бүгінгідей жүдемей,  ол жақтағы қандастарымыз аудан-аудан, ауыл-ауыл, болып ұлы көшке ұласар еді.

- Алтын уақыттарыңызды қиып, ой бөліскендеріңізге рахмет.

                        Сұхбаттасқан

     Тұрсынбек КЕШУБАЙҰЛЫ

Алтын Бесік.№2.2009.

толығырақ

Таяуда Шыңжаң Жазушылар одағының мүшесі, Көктоғай ауданы жазушылар бірлестігінің төрағасы, Дауылхан Нұрханұлымен сыр бөлісіп, екі ел арасындағы әдеби байланыстар туралы әңгімелескен едік. Шерткен сырларымызды,«Түркістан» газетінің ойлы оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік 

– Дауылхан аға, бүгінгі таңда Алтайдағы қазақ әдебиеті қандай деңгейде деп ойлайсыз. Қазақ тілінің қанық бояуын көмескілендіріп алған жоқпыз ба?
– Бауырым, әуелі бүкіл қазақ елінің азаматтарына көп рахмет. Қазақтың тілі тұшымды, өткір орамды әрі жұмсақ тіл ғой. Мына біз жасап жатқан Алтай қазақтың ежелгі қонысы, қасиетті мекен, бұл әр қазақ баласына жат емес. Тауының биктігінен, даланың кеңдігінен бе, ауаның тұнық, суының мөлдірлігінен бе, тіліміз айшықты әрі бояуы қанық. Тіліміз толық бояуынан ешқашан ажыраған емес. Бабалар таңдайынан толқындап шыққан қызыл тілдің шоғы өше қойған жоқ. Алланың берген сыйы мен топырақтың ұлылығы осында болса керек. Тіл қасиетін өшірмеу басты назарымыздағы жұмыс. Әдебиеттің етек жеңін ұстап жүрген азаматтарымыз бар. Кең тынысымен, тіршілікке бой алдырмаған бір шоғыр әдебиетке келіп қосылды деп есептеймін. Салмағын ат, салауатын жер көтермейтін бұрынғылардан қалған сарқыншақтардың соңынан жеткен шоғырларды айта аламын, кейбіреуі халықаралық әдеби сыйлықтар да алып үлгерді. Жалпы тұтас дүниедегі қазақтың қанынан қасиет кеткен жоқ десек қателеспеген боламыз. Алды сендер жаққа барып, қазақтың көк байрағының түбіне тұрақтады. Бабалар ошағының шоғын өшірмеу үшін қоламтасын көсеген азаматтар екі жақта да бар. Әдебиеттің әсемдігін, ойдың көркемдігін солардан іздеуге болады.
– Біреулер бүгінгі әдебиет ұлттық нақышынан айырылып қалды деп жатады. Қысқа өлең жазуға қарағанда салмағы зіл батпан баллада жазуға машықтанған ақын ретінде сіз осы пікірге қалай қарайсыз?
– Анамыздың ақ сүтінен дарып, бабамыздың қадір-қасиетімен келген Поэзия дейтін көркемдікке жүрегімнен, алпыс екі тамырымнан ағытылып шыққан дүниемен қосылсам еш арман жоқ. Рухы өлмес соны шығарма жазу екінің бірінің еншісіне тие бермейді. Біздікі осы жолда құлшыныс қана. Уақыт – әділқазы. Халық – айна. Болашақ безбен. Осы сапарда дұрыс танымға келіп, өлеңге өлердей ғашық болмайынша, бақытың құтайматыны белгілі. Біздегі ғашықтық, жалпы жазушылардағы әдебиетке ғашықтық. Биік әрі таза болса, онда әдебиетіміз оңында. Ал салмақсыздыққа айналып арзандыққа бой ұрсақ. Ертеңі қиындау. Алла ғұмыр беріп, дүние тыныш болса қазақ әдебиет әлі талай белесті бағындыра алады. Ешқандай алаңдаушылық болмау керек. Талай жылдан бері қолымнан қаламым түскен емес. Мен қазақ әдебиеті үшін не бердім? Ертең не берем деген ой мазалайды. Тың бір тақырып, тамаша мазмұн жасай алмасақ та, әйтеуір сол бір ғашықтық. Соңғы бес жылда тұтас поэма жазуға ауыстым. Тамырымда шымырлап жатқан толқынды қағазға сала алмай жүрген жайым да жоқ емес. Бар поэманың саны қазір он бес шақты. Барлығы қоғам шындығынан алынған нәрселер. Түрліше шырғалаңдардан ақ бесік тербеусіз қалып, адамы жерлеусіз қалған қасіреттерді де жаздым... осындай қасіреттер жан дүниеме үлкен дақ салды. «Қанға батқан қара жол» деген шығармам содан жазылды. Ертістің етеңін ойлап, « Еңіреп аққан ерке өзен» дүниеге келді. Бұл екі жұртты толғандырған дүние. Қазір қоғам экономика тұмауына кіріптар болған кез, қазақтың кейінгі күні ойлантады. Қарт әке-шешелерін күтімханаға тастап кеткен қандастарымыздың жағдайын ойлап, кеудең жалынға айналатын кезі жоқ емес. Ұлттың тағдыры әдебиет тағдыры екені сөзсіз. Халықты дәрімен, витаминмен емдеуге болмайды, әдебеиеті болмаған кезде.
– Заман сұранысы шығар, ғаламтор әдебиеті мен жазба әдебиетті жарыстырып жатқан жайымыз бар. Болашақта түгелдей ғаламторға өтсек, кітап басылымы сорлап қалмай ма?
– Біздің әдебиет арыдан келген әдебиет, Күлтегін, Тоныкөктерден. Ауыз әдебиеті, жазба әдебиеті, ғаламтор әдебиеті болып жалғасып келе жатыр, ауызда тұрып өлмеген әдебиет таңбада тұрып өшеді дегеннің қисыны аз. Күллі дүниені толғандырып тұраған бір нәрсе бар. Жер шарының жағасынан алған, қиян-кескі экономика дәуірі әдебиетімізге де ықпалын тигізуде. Кітап басылымының қарқыны баяу. Адамдардың ындыны ақшаға шектеліп барады. Бәрін ақша шешеді деген ұстаным бар. Осы ұстанымнан арылмасақ, көшіміз алға баспайды. Бірақ ақындардың, жазушылардың жүрегін ақшамен жаулаймын деген жан қатты қателескені. Әлем әдебиетін ешкім сатып ала алмайды. Ақ бесікте оянып, асқар тауға арқа тіреген қалпымызды жоғалтып, тілімізді тоналтып алмасақ болғаны. Тіліміз бен жүрегімізді жұттырып қоймас үшін қорғаныс жасап, сол ғаламтор жүйесіне тілдік мәтін орнатуға болатын шығар? Бірақ бүгін сәбидің бесігін компьютермен тербеп жатқандар да жоқ емес, ол әрқандай ұлт үшін үлкен қасірет. Ұрпаққа қиянат Қолдан жасалған. Тоқпен тербейтін шығар, жүрегімен ана сүтін емізе алама? Мәселе осында тұр. Бұрын түрліше газет-журналдарды, «Абай жолын» «Атау-кере», «Аласапыран» қатарлы кітаптарды таласып-тармасып, шам түбінде оқыдық. Сол кітапты сұрап барған үйде оқыған адамнан әсерін тыңдап, ой бөлістік. Бүгін мұның бәрі кімге керек? Әркім өз үйінде отырып-ақ ғаламды төңкереді. Адамдық менменсуден жалғыздық шығып отыр. Көре алмаушылық дертіне ұшырағандар да жоқ емес. Тұлпар мініп, ту ұстайтын азаматтардың белі бекем болса, ертеңі де нұрлы бола бермек. Жарық таң, жасыл жайлау алдымызда. Интернет қазір маңызды қаруға айналды, ол да өзінше бір майдан. Көңіліме сыймайтыны айнала жарнаманың базары боп барады. Интернетке шыққанның бәрі алтынның сынығы, асқар таудың биігі, аспанның жұлдызы деп айта алмаймыз.
– Қазақша театр бар ма сіздерде?
– Бар, сахналық қойылым ұлттық түсін жоғалтқан жоқ. Бірақ саны аз. Қазақ театры сорлап қалды. Ешкім жазбайтын болды», – деп жүрсек, өткен жылы сен әкелген театр журналын көріп, жақында жіберген театр журналдарын оқып, қабағат қуандық. Азаматтар бар екен ғой, ұлтына, ұрпағына жаны ашитын деп. Сол журналды шығарып отырған ұжымға, Болат Бекжан есімді азаматқа шексіз алғыс білдіргім келіп отыр. Өзі де өнерден алыс адам емес екені жазғандарынан менмұндалап тұр. Сәті түссе ол азаматпен сырласа жатармыз жол түсіп барып жатсақ. Қазіргі комедиялық театрларды өте керемет деп айтуға ертерек секілді. Пьеса жазатын адамдар сиреді. Жастар келмейді қазір. Барлығы өлең жазуда, ертең не болатыны бір Аллаға аян.
– Күңгірттік түсі басым шығармалар бәрімізді меңдеп бара жатқандай, ұлттық төл шығарма бояуынан солғындап кетті. Бізге модернизм қаншалықты керек?
– Мен де осы күңгірттік туралы толғанып жүрген жайым бар. Зиялы қауым білгенмен, қара қауым білмесе, бұл ұлтқа қатерлі нәрсе. Біреулер өзін зиялымын деп, әдебиетке зиянын тигізіп жүр. Тамаша көркем сұлулығынан айрылып, күңгірттікке енген шығарманың тағдыры да тым қысқа. Ешкім сапырып кете алмайтын, ағызып ала алмайтын таза қорғасын сөзді қор еткендер ойланатын шақ туады әлі. Бұл ағымға жалпы ағалар да аң-таң, ұйқасы бір қағаз бетіндегі нәрсе, адам ұға алмайтын жылтырақ. Не ой айтатынын ешкім білмейтін нәрсе, ол да бір шаршау шығар. Заман дамыды, поэзия дамыды десек, жылтырақпен дамып жақсылық таппасымыз белгілі. Өзгенің туын көтеріп, өзгенің тақымында терлеген шығармадан сақтансақ дұрыс. Мысалға, айтатынын айтып кеткен ұлы ақындардың шығармасынан күңгірттік табуға бола ма? Жоқ, олар жазса, кезінде білмеген жоқ, тазалықты көздеді ғой есілдер. Мұқағали «Үйректермен иректелген суларыңды сағындым» деп жазады, сол суларды көріп жүрміз, бірақ айта алмадық. Жаза алмадық. Ал Мұқаң қалай өрнектеп сурет салғанын ойлашы. Ол сол судағы көріністің тілі. Бұндай шығарманы халық радиодан тыңдасын, теледидардан көрсін, үйінде отырып оқысын, бірден түсіне қояды. Содан, міне, ақындық қасиет деп айтасың. Модернизмге тер төгіп, қызыл май боп жүрген азаматтар ұлтын сыйлап, адалдықтан айнымай, сол ағымның жетегінде кеткеннен гөрі, әлгі ағымға қасиетті тілімізбен барып, өрнегін дұрыс салса нұр болар. Қанша сұлу өлең жазған ақынды халық сонша сүйеді ғой. Тұма ағаңдар мен Қадеңдердің шығармасын айтшы, қандай керемет!
– Сіздің ойыңызша нағыз ақын қандай болады?
– Ақын деген халықтың жүрегі. Олар қандай жерде өмір сүрсе де, яки алыс-жақын болсын, бірін-бірі танып, қорғаштап, дұрыс бағалап жүрсе қуаныш. Жаға жыртысып, жанжалдасып, қадірін кетіріп жүретіндер болса, ол ақын емес. Мүшәйра деген нәрсе бар, аразанқол шығарманың жұлдызын жандырып тұрғандай сезіледі. Ақынмын деп құр айғайлай бергеннен гөрі ұлтына қызмет ете алса жақсы. Қоғамға, ортаға сәйкесуі керек. Онсыз ақын өмір сүре алмайды. Сахарада қалып кеткен қасиетті ойларды суреттеп, сахнаға көтерген Қасым, Төлеген, Жұматай, Жұмекен. Бүгінде Тыныштықбек секілді ақындарды нағыз ақын деуге болады.
– Алға құрған жоспарларыңыз қалай?
– Қазақстандағы қаламгерлердің үздік шығармаларын қытай тіліне аударсақ және өзіміздің төте жазуға түсірсек. Шығармашылық байланыс жасасақ деген жоспар бар. Қазір қолға алу үстіндеміз. Әр жыл сайын қолымызға Қазақстаннан көптеген кітаптар келіп тиеді. Арнайы сайттардан, өзің секілді бауырлардан алдырып оқып тұрамыз. Кіндік жұрттағы әдебиет қай биікте тұрғанын жақсы білеміз, дамушылықтары бар. Шетел әдебиеті мен әлем әдебиетін шығаратын «Көкжиек» журналы бізде жарық көреді. Содан көп мағлұмат аламыз.
– Қазақ елінен кімдердің шығармалары қолыңызда бар, атап берсеңіз?
– Мен өзім оқығандарымды айтатын болсам, прозашылардан Шерхан Мұртаза, Оралхан, Мұхтар, Дулат Исабек қатарлы кісілер. Ақындардан Қадыр, Тұманбай, Жұмекен, Мағжан, Мұхтар Шаханов, Мұқағали, Жаркен Бөдеш, Тынштықбек, Мұрат Шаймаран, Маралтай, Фариза, Күләш, Гүлнәр Салықбаевалар. Жастардан Ақберен, Ерлан Жүніс, Ұларбек Дәлей, Тоқтарәлі, Ұларбек Нұрғалым, Танакөз қатарлы ақындардың шығармасымен таныспын. Ұлт үшін қызмет атқарып, әдебиетіміздің даңқын асыруға жалпымыз міндетті болайық.
– Аға, әңгімеңізге көп рахмет.

Әңгімелескен
Көгедай Шәмерханұлы

Түркістан. 17 қантар 2013

http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=39&id=8700

толығырақ

Қытайдағы қазақ ғылымы Нұрбек Әбікенұлы туралы бір үзік сыр Қазақстанның шығыс бүйіріндегі, аты құлаққа қанық байырғы Бақты кеденнінен шығысты бетке алып, Қытай жеріне өтсеңіз қарсы алдыңыздан мұнарланып, көлденеңдеп Орқашар тауы бұлдырайды. Ал оң жағыңызда Барлық тауы, сол жығыңызда Тарбағатай тауы өркештеніп, Қытайдан Қазақстанға қарай созылып жатады. Осы таулармен қоршалған Құлыстай ойпатының Орқашар тауынан бастау алып, ойпатты қақ жарып өтіп, Қазақстанның әйгілі Алакөліне құйып жататын Еміл өзенімен сусындап, құнарлы жерімен, шүйгін шөбімен, төрт бұрышындағы төрт ауданды арыдан мекен еткен  қазақтарға құтты қоныс атанып келе жатқаны ежелден елге аян.

Өткен ғасырдың 1942 жылы, тамылжыған мамырдың оныншы күні сол Барлық тауының қойнауына қонып, Құлыстайдың жиегін жағалап, азын-аулақ малының қамымен жүретін Әбікен отағасының отбасында шілдехана той өтеді. Әбең қара домалағына зор үміт артып, азанын шақырып, Нұрбек деп атын қояды. Сол қара домалақ домалаңдап жүріп ширайды, алысып жүріп, асығын атып жүріп, қозы-лағын қайрады. Тепкіншекте тебініп, оқимын деп жұлынып, ауылдан аттап, ауданды басып, аймақтан өрлеп, Үрімжіден оқып, ақыры Бейжіңнен бірақ шығады. Бейжіңнен бірақ шықты дегенде Нүкең астанаға жай ғана бара салмады.

Ол мектеп ауласындағы қазақтың қара көздерін сүзіп жүріп, болашақ жұбайы Гүлзада Нұрғалиқызын ерте барып, Қытай астанасы Бейжіңде қазақтың бір шаңырағын көтеріп, орнығып, Нұрлан деген ұл сүйіп, біз сықылды сол кезде астанада оқып жүрген қазақтың санаулы балаларына ағалық ақылын айтып, қамқоршы бола жүреді.

Сондай-ақ, жәй ғана бара салмады дейтініміз: Шынжаң университеті тіл – әдебиеті факультетінің жанындағы қытай тілі сыныбында төрт жыл үздік оқып, қытай тілі мамандығын игерген қараторы қағылез жігіт Қытай мемлекетінің қоғамдық ғылым академиясының ұсақ ұлттарды зерттеу институтына қазақ ұлтының тұңғышы атымен, Қытайдағы өзге де ұсақ ұлттың тұңғыштары қатарында таңдалып барды. Міне, бұл Нүкең университет тауысқан 1964 жылдың қазан айы болатын.

Нүкең сол бір орыннан табжылмай, табаны күректей 20 жыл жүрді. Сондағы түркі тілдерін зерттеу тобының топ басшысы болды. Әуелде Қытай қоғамымен, қытайдағы ұсақ ұлттардың хал-жайымен, мәдениетімен, тіл-жазуымен танысу орайына ие болып, Гұйжоу провинциясындағы и, миау, буи ұлттары қоныстанған жерлерде болды, онан соң Қытайдың Ішкі моңғол автономиялы районындағы моңғол, қытай ұлттары аралас қоныстанған Томоты ауданында болды. Өткен ғасырдың 70 жылдарында кілең қытай ұлты қоныс тепкен Хынан провинциясында шыңдалды. Міне, бұл әлеуметтік жұмыстар, зерттеулер, шыңдалулар тұсындағы қиындықтар Нүкеңнің жігерін мұқалта алмайды, қайта жани түседі. Қоғамның қат-қабат қатпарларына терең үңілген ол қытай тілі мамандығын толықтыра береді.

Нүкеңнің ғылыми зерттеу жұмысы көп тілді сөздік жасауда өз табысын береді. Айталық: 1979 жылы Үрімжідегі Шинжиаң халық баспасы ұйымдастырған «Қытайша-қазақша сөздіктің» алғашқы нұсқасына қол-ұшын беру бұл игілікті істің бастамасы болса, кейіннен мемлекет жағынан ұйымдастырылған «Сөз теңізіндегі» және «Қытай энциклопедиясының» «Ұлттар», «Ұлттар тіл жазуы» томдарындағы қазақтың тіл жазуына қатысты мазмұндар Нүкеңнің қолынан шығады. Халқаралық БҰҰ-ның тапсыруымен жасалған «Қытайдағы ұлттар тілі атласына» арнап жазған «Қытайдағы қазақ тілінің территориялық аумағы және осы тілде сөйлеушілер» деген еңбегі атластан өз орнын алады. «Қытай түркі тілдері сөздігін» ұйымдастыру, жасау және баспадан шығару барыстарында көп күш шығарады. «Ел үмітін – ер ақтар, ер атағын – ел сақтар» деген дейін, Нүкең атсалысқан «Қытайдағы ұлттар тілі атласы» мемлекеттік бас жүлдеге ие болса, «Қытай түркі тілдері сөздігі» ІІ-ші дәрежелі жүлдеге ие болады.

Нүкеңнің қажырлы қайрат көрсетіп, ерінбей еңбек етіп, қазақтың тіл жазуын, мәдениетін көгертсем, оны қытай ұлтына, және басқа да ұлттарға өз тілдерінде жеткізсем деп, маңдай терін төккен еңбектерінен мыналарды ауыз толтырып айтуға болады: «Қазақша тұрақты сөз тіркестерінің түсіндірмелі сөздігі» (1982), «Қазақ дәстүрлі мәдениетінің қазақша-қытайшы сөздігі» (2003), «Қазақша- қытайша сөздік» (1989). Бұл сөздіктің толықтырылған нүсқасы 2005 жылы баспадан шығады. «Тілімізді қадірлей білейік», «Тіл қадірі – өз қадіріміз», «Қазақ тіліне шолу», «Ұлттық мәдениетке мұрагерлік ету және оны дамыту біздің борышымыз», «Екі тілді сөздіктің жасалуы жөнінде», «Сөздік жайында сөз» қатарлы мақалалары газет-журналдарда жарияланады. Нүкең бұл мақалалары арқылы қазақ тіл жазуының дұрыс қолданылуына, қазақша атау терминдердің дұрыс қалыптасуына өз үлесін қосып ғана қоймастан, оның үстіне баспасөз, ақпарат, теледидар саласындағы жас буынға үлгі көрсетіп отырады.

Нүкең тағы «Грек – Рим аңыздары», «Балықшылар кегі», «Мау зы доң мен Сыноның әңгімесі», «Лушүйн шығармалары», «Қайтармас соққы» қатарлы роман, әңгіме, кинофильмдерін қазақ тіліне аударады. Ал қытай тілінен аударған ғылыми зерттеу мақалалары өз алдына бір төбе.

1985 жылы сәуірде Бейжіңдегі ұлттар баспасының орынбасары, бас редакторлығына қосымша қазақ редакциясының бастығы міндетіне тағайындалады. Міндет молайып, жұмыс ауырлайды. Дегенмен, әлеуметтік арпалыстың екшеуінен өткен, қоғамның даму бағдарын шамалаған, басшылық өнердің қыр-сырын ойына тоқыған, жоғарымен де, төменмен де араласа жүріп мол тәжірибе жинақтаған Нүкең әкімшілік жұмысты айтарлықтай жөнге сала жүріп, баспаның кәсіптік жұмысын да дөңгелектеп кетеді. «Тіл ғылымынан шолу», «Қытайша-қазақша тіл сөздігі», «Шеберліктің шегі жоқ», «Жүректің жарлығымен», «Табиғат тәлімі», «Лебіз», «Бір тамшы қан», «Қазақ тілінің этимологиялық шағын сөздігі» қатарлы ғылыми, әдеби кітаптардың редакциясын қадағалап қарайды; Қазез Ахытұлы қазақшалаған «Құран кәрімді», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігін» Асқар Егеубаевтің аударған нұсқасынан, «Қазақ совет энциклопедиясының» алғашқы томдарын төте жазумен шығаруға жауапты болады.

1989 жылы күзде, Нүкең Бейжіңде ұлттар баспасының үйірмесін бастап барып, Мәскеуде өткізілген дүниежүзілік кітап жәрмеңкесіне қатынасып, жәрмеңке аяқталғаннан кейін Қазақстанның баспасөз орындарының шақыруымен Алматыда сапарда болады, екі елдегі қатысты баспа орындарының өзара барыс-келіс жасап, мәдениет алмастыру жағында келісімге келіседі. 1990 жылы көктемде, Қытайдың Құлжа қаласында өткізілген «Жазушы» баспасының кітап көрмесі, сол жылы маусымда Алматыда өткізілген Бейжің ұлттар баспасының кітап көрмесі, міне, осы келісімнің мазмұнына сай ұйымдастырылған, тарихта болып көрмеген маңызды жұмыс еді.

Мұхтар Әуезовтың 100 жылдық торқалы тойына түрколог, аудармашы, баспагер Нұрбек Әбікенұлы арнаулы шақырылып, Ташкент пен Алматы қаласында болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің қабылдауына қатынасады. Қазақстан Журналистер одағы Нүкеңнің қазақ мәдениетіне қосқан үлесін марапаттап диплом береді.

1992 жылы наурызда Нүкең Шынжаңға ауысып келіп, ШУАР қоғамдық ғылымдар бірлестігінің орынбасар төрағалығына сайланып, қытай, ұйғыр, қазақ тілдерінде шығатын «Шынжаң қоғамдық ғылым мінбесі» журналын, қоғамдық ғылым саласындағы үзідік шығармаларды бағалау кеңсесін, ғылым жалпыластыру кеңсесін басқарады.

Өткен ғасырдың 80 жылдарынан кейін, Нүкең ілгерінді-кейінді Қытай түркология қоғамының орынбасар төрағасы, мемлекеттік ұлт істері комитеті, ғылыми атақ бағалау алқасының орынбасары, Шынжаң қазақ тіл мәдениет қоғамының орынбасар төрағасы, қоғамдық ғылымдар саласындағы үздік шығармаларды бағалау алқасының орынбасары қатарлы міндеттерді өтейді. Қазіргі күнде зейнеткер Нүкең «Қазақша-қытайша сөздігіндегі» төте жазумен берілген қазақшаның жанына орыс графикасына негізделген қазіргі қазақ альфавитімен де мағынасын түсірсем деп әбігер. Іске сәт! Нүкеңнің бұл сөздігін Қазақстандағы кітап дүкендерінің сөресінен алып көретін күн жақын болғай!

Меллат Раметұлы

Алтын Бесік. № 1. 2010.

толығырақ

Жаһандану үрдісі қазіргі замандық ғылым мен техника, технологиялар дамуымен байланысты болғандықтан да адамның әлемді игеру мен тұтыну қатынасын алдыға шығарды. Ал адамның рухани өмірінің мәселелері – өнер, дін, адамгершілік кейінгі орынға ысырылады. Қазақ диаспорасын зерттеуші ғалым Зардыхан Қинаятұлы: «Қазақ қайда жүрсе де ежелгі қазақ салты, қазақ тамырымен жалғасқан рухани өмірінен еш қол үзген емес. Ұлттықтың негізгі белгісі оның нағыз ауыз омыртқасы ұлттың рухани өмірі. Айналаға қарап отырсаңыз бүгіндер бөгде елдерде, бөгде ұлт арасында өмір сүріп отырған этно топтар үшін аш жалаңаштықтан тозғындап жүргені көрінбейді. Тозғындаған тобы тек қана рухани өмірінде азып-тозып отыр. Ұлттың рухани өмірінің негізгі тірегі оның тілі мен діні, өнер, мәдениеті мен салт-дәстүрі» [1] деп зерделей келе, рухани әлемнің жұтаңдануына алаңдаушылық білдірген болатын.  Қытайдағы қазақтар да әлемге әйгілі аспан асты жұртшылығымен қоян қолтықтаса белгілі бір этникалық кеңістікте өмір сүріп отырған этностар болып есептеледі. Қазіргі өркениеттік ақпараттық технологиялар заманында философиядағы дәстүр мен жаңашылдық арақатынасын айқындау зерттеу тақырыбымыздың өзегі болып табылады. Шетелдердегіқазақ диаспорасының рухани-мәдени өмірінің мәселелерін зерттеуде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының атқарып отырған рөлі зор. Олармен тікелей қарым-қатынас жасай отырып диаспора өкілдерінің рухани тыныс-тіршілігінен хабардар етіп отырады. Шеттегі қандастарымыздың шығармашылығын жарнамалауда, оларды қазақстандық оқырмандарға жеткізуде осы Қауымдастықта басылып шыққан жарияланымдардың көмегі тиді.  Осы мақаланың авторы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына шығармашылық табыстар тілей отырып мерейтоймен құттықтайды.

Мәдени өркениеттегі әмбебаптылық пен ерекшеліктің арасын философиялық тұрғыдан талдаудың объектісіне халқымыздың рухани тұғырларын жатқызамыз. Ұлттық этностар қандай да бір әлеуметтік кеңістікте  өмір сүрсе де санасы мен бейсаналық астарларда этномәдени архетиптері жататыны белгілі. Қытай қазақтарының ауылдық жердегі жастарының әлеуметтік-мәдени өмірінің мәселелері жайлызерделегенбелгілі ғалым Нәбижан Мұқаметқанұлы олардың нарық жағдайындағы дүниетанымы мен көзқарастарының көлеңкелі тұстарына тоқталады. Жалпыадамзаттық құндылықтар категориясы болып табылатын адамгершілік ұғымдары ізгіліктілік, жақсылықтың, ар, ұят, тектілік, парасаттылық, имандылықтың рухани қатынастарда   парқы сақталуы керектігін баса көрсетеді. Қазіргі заманда күн көрудің қиындауы ондағы қазақтардың ұлттық дәстүрлі ұстанымдарын өзгерте бастаған. Адам ресурстары асып-төгілетін қытай қалаларында жұмыссыздар көп. Шыңжаңды игеруге байланысты ішкері өлкелерден ағылып келіп жатқандардың өзі Шыңжаң қалаларындағы жұмыс қажетінен әлде қайда артық, оның үстіне олардың бәрі біршама маманданған жұмысшылар, оларды қазақ жастарының бәсекеде жеңуі қиынның қиыны [2].

Заман ағымының екпініне төтеп берерлік жастарымыздың намысын оятатын тетіктердің ең бастысы ұлттық ар-намысымызды сақтап, төзімділік таныту. Осындай келеңсіздіктермен қатар, оңды да нәтижелер жоқ емес.Қытай қазақтарында жаһандану жағдайында жүріп жатқан өзгерістерге бейімделе отырыпозығынан үйрену бар сияқты. Әсіресе халқымыздың әлемді көркем эстетикалық тұрғыдан түсініп-түйсінуін бейнелеудегі би өнерінінің шыңдалуында үлкен үлес қосты.  Би – қазақпен біргеөніп-өскен, әлімсақтан келе жатқан өнер. Адам ерекше көңіл-күйлерін сөзбен, сазбен, бимен өректеген. Мұндағы ішкі сезімдерді бейнелеу құралы қимыл-қозғалыс. Би қыры мен сырын меңгерген майталман Шұғыла Сапарғалиқызы би өнері жайлы ойларын былайша түйіндейді: «Би үлкен ойдан туады, ал билейтін адам өмірдің нәзік иірімдерін терең түсінетін ойшыл жан болуы тиіс дер едім. Биші халықтың арғы-бергі тарихын терең білетін, қажет болса, сол тарихты би тілімен бейнелей алатын жан болса, нұр үстіне нұр. Сонымен бірге биші музыканы да, сурет өнерін де жете түсінсе ләзім. Өйткені ол өз биінің қимылын суретші қиялымен көз алдына елестетіп, ал, кейіннен сол суретті музыка сазына үндестіре бейнелейтін жан»дейді. Миллиарттар еліндегі қазақтардың ішінен Бейжіңдегі Ұлттар университетінің би факультетін бітіріп, дүниежүзіне мәшһүр Орталық ән-би ансамблінде жұмыс істейді. Аз ұлттан шыққан өнерпаздарды шетелге көп жібере бермейтін Қытай Шұғыланы мойындап, шетелдердегі халықаралық би байқауларына жібереді. Италияда, Кореяда, Францияда топ жарып, лауреат атанды [3].  Қазіргі талғамы биік көркем-эстетикалық саналы көрерменге өзінің төл туындысы «Шұғыла назы» арқылы қазақ қызының болмыс-бітімін бимен өрнектейді. Ұлттық би өнерін дамытып жаңғыртуда қытайдағы қазақ қыздарының қосқан үлесі зор. Қытай Халық Республикасының бірінші дәрежелі би режиссері Нағима Тайырқызы Қазақстандағы халық билеріне көңілі толмайтындығын айтады [4].  Уақыт пен кеңістік аясында екі ел арасындағы ұзақ уақытқа шекараның жабық болуымен байланысты өзіміздің төл мұраларымыздан жаттану пайда болды. Мысалы «Қара жорға» биін алайық. Ол біздің ата-бабаларымыздан қалған рухани мұра. Сол бидегі әрекеттерді күрделендіріп, сюжеттерді қосып «Қаражорғаның» ізін жоғалтпай жоғары өредегі сахнаға лайықтап ұлтымыздың би өнерін тағы бір сатыға көтерді. Қытайда биленген «Қара жорға» Гинесстер кітабына еніп жатыр. Еліміздегі көркем-бейнелі өнерді жандандырып, жаңғыртуға Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің тәмамдаған жас биші 2007 жылдан бері «Қазақконцерт» өнер ұжымында Гүлнәр Нұрсұлтанқызыда тер төгіп жүр. Осылайша қазақтың би өнері толығып, әрленуде. Қытай би мектебінің түлектері өздерінің табанды, жігерлі, ізденімпаз екендіктерімен ерекшеленеді. Осы өнерпаздардың әрқайсысына тән қасиет ұлттық құндылықтарымызға деген ұлы сүйіспеншілік пен ата-баба дәстүрлеріне беріктік болса керек.   Қазіргі жаһандану жағдайында ол жақтағы қандастарымыздың төлтума мәдениетін, тілін, салт-дәстүрлерін сақтап қана қоймай, жаңғырту жолындағы ерен еңбектірінен үйренетін жәйттер аз емес.

Қазақ халқының рухани мұраларының інжу-маржаны, бірегейі ол айтыс құбылысы. Шыңжаң қазақтарында қазақтың дәстүрлі айтыс өнері бұрынан бар. Әйгілі ақындар Ақыт пен Ахметтің айтысы, Таңжарық пен Қойдымның айтысы, Әсетпен Ырысжанның айтысы деген сияқты асыл қазыналар бүгінгі Шынжаң баспаларында көп жарияланып жүр [5]. Қытай қазақтарында 1905 жылдан бастап айтыс өлеңдер жазбаша тарағанымен, арнайы зерттелмеген. 1980 жылдардан бері қарай «Қазақтың байрығы айтыстары» (1985 ж.) «Ақындар айтысы» (алты том,1933,1995,1999,2003 ж.), «Өлең тойы»( 1999 ж.), «Қазақтың қазіргі айтыстары» (2000 ж. ), «Қоңыробадағы қоңыр әуен» (2001 ж.), «Ақ өзен салтанаты»(2002 ж.), «Жекпе-жек»(2003 ж.), «Айтыс сөз барымтасы» (2005 ж.), «Ақындар айтысы» (2006 ж.) секілді көптеген кітаптар жарық көрді. Бұдан басқа да Ә. Қалиұлы, Ж. Мырзаханов, Су Би Хай, Б. Кәсей сияқты ғалымдар мен жазушылардың еңбектерінің де зерттеу тақырыбы болды. 1979 жылы тұңғыш рет ШҰАР орталығы Үрімжі қаласында ақындар айтысы өткізіліп сонан бергі 28 жыл ішінде 2007 жылға дейін ШҰАР дәрежелі 2 рет, облыс дәрежелі көп рет әрбір аймақта жылына екі рет айтыс өтіп келеді.

Қытайда солшылдық асқынған кезеңде ақындар айтысы сәл бәсеңсіді. «Мәдениет зор төңкеріс» (1967-1977) жасанды, жаттанды айтысқа айналды. Соңғы отыз жылдай мезгілде айтыстың туы қайта желбіреді [6].  Дәстүрлі поэтикалық мектебінің айтыс та бір саласы. Айтушы айтыскер ақынның поэзиялық түрде, домбырамен сүймелдеуінің өзі рухани құбылысты ерекшелендіреді.  Ұлтымыздың осы ерекше көркем-эстетикалық, көркем-поэтикалық философиялық санасы заманға лайық жаңғыру үстінде.  Дәстүрлі айтыс құбылысының тозығы мен озығын саралар болсақ,ол жайында қытай елінен келген айтыскер ақынның пікірімен толық келісуге болады. Айтысрухани болмыстың, рухани сергудің, рухани қауышудың өзегі болды. Адамдардың рухани қарым-қатынас жасауына құрал болу. Ашық аспан астында екі жүз ақ орда тігіліп ерекше сән салтанатпен 2004 жылы шілде айында Шәуешек қаласынан бес шақырым жерде кезекті айтыс өтті. Қытай қазақтары өздерінің айтыс аламанына өте ықыластылықпен, құрметпен қарап мән береді. Оның өтуінің өзі басқа да дәстүрлер мен салт-жораларды, қолөнер туындыларын жарнамалай отырып үлкен той  думан ретінде өткізіледі. Бұл дәстүрлі айтыс құбылысының халқымыздың мәңгі өлмес рухын жандандыра жаңғыртуы деген сөз. Айтыстың құбылыстық мән-жайын белгілі ғалым Қ.Нұрланова былай деп тұжырымдайды: «Айтыс деген рухани құбылыстың табиғаты, оның қыр-сыры, философиялық маңызы, этикалық мәні, эстетикалық әсемдігі, көркемдік көрінісі, психологиялық тартымдылығы, педагогика жағынан әсерлілігі тыңдаушыға тіке байланысты, айтыс тыңдауышысымен қымбат, тыңдаушы көпшілігімен сырлы.... Бұл жерде маңызды іліп аларлық жай мынада: ақынмен бірге әрбір тыңдаушының ойы, ақыл-сезімі, зейіні үзілмес түрде рухани процеске айналып, рухани дамуда болады. Осы сөздің ағуы үстінде тыңдаушы-көпшіліктің де, сөздің де жаны кіреді» [7].

Қазақ халқының дүниеге дәстүрлі көзқарасының идеялық өзегі: заттарды киелеу. Қытай қазақтары әлі күнге шейін киелі жер, су, молалар басына түнеп тілек-дұғаларын оқиды. Шыңжаңдағы қазақтар мекендеген өңірлерде дертке дауа, ауруға шипа болатын табиғи арасандар көп. Жергілікті халық бұл арасандардан ерте кезден бастап пайдаланып келеді. Мәселен, Алатай аймағының    Бурылтоғай ауданының ел жайлайтын төр жайлауының қасында Қалуын арасаны ұзақ жылдардан бері пайдаға асып, халықтың игілігіне жарап келе жатқан шипалы орын. Бұл арасан сырты бір болғанымен, ішкі жақтан тағы бірнеше түрге айырылады. Ең алдымен, кімде-кім болса да ұшық арасанға түсуі парыз. Онансоң өзінің науқасының жағдайына қарай жылан арасан, сынап арасан, ыстық арасан деген сияқты сегіз арасанның өзіне қолайлысын таңдап түседі. ...Қалуын арасанынның тағы бір ғажап жері оның қасында, онша алыс емес арлықта, Торғайты әулиенің үңгірі бар. Ұшынған немесе шалыққа ұшыраған адамдар, бала көтермеген әйелдер көбіне сол үңгірге барып, түнеп шығады. Аңыздарға қарағанда, егер құдай қолдаса, онда Торғайты әулие түн ішінде аппақ киімімен осында келіп, тілек тілеушінің үстінен аттап өтіп кетеді екен. Мұндай болғанда сол әйел көп ұзамай перзент көреді екен деп айтылады. Шыңжаңдықтардың әлі де болса әруаққа сыйынып, оны пір тұтатындығының белгісі. Ата-баба культі, сонымен қатар оларда әрбір табиғат жаратылыстарының киесі мен иесі бар деген сенім қалыптасқандығын  аңғаруға болады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1 З. Қинаятұлы. Моңғолия қазақтары. – Алматы:Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007; Қазақ диаспорасы: бүгіні мен ертеңі. Астана: Елорда,2005.

2  Мұқаметханұлы Н.  ХХІ ғасырдың басындағы Қытай қазақтарының әлеуметтік-мәдени келбеті // Еуразиялық интеграция және қазақ диаспорасы. Астана: Елорда, 2007.

3 Дөңқабақ О. Шыңдағы Шұғыла // Президент және халық. 11 маусым 2011 ж.

4 Аламан А. Би құдіреті //Алтын бесік. – 2010. – №5. – 34 б.

5 Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2000. –  276 б.

6 Жәди Шәкен. Шыңжаң қазақ әдебиеті  // Алтын бесік. – 2009. – № 3. – 28-30 бб.

7 Нұрланова Қ.Ш. Айтыстың көркем-эстетикалық және философиялық негіздері // Әл-Фараби. – 2003. – № 4. – 96 б.

8 Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. – 252-253 бб.

 

Күлсия  Қоңырбаева  ( Алматы қ.) // Қазақстан және шетелдегі қазақтар: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толуына орай өткізілген халықаралық ғыл.-практ. конф. «Этникалық қазақтардың Қазақстанға мемлекеттік көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде репатриациясы: жетістіктері, мәселелері және оларды шешу жолдары» материалдары (Алматы қ., 12 қазан 2012 ж.) = Казахстан и зарубежные казахи: Материалы международной науч.-практ. конф. «Репатриация этнических казахов в Казахстан как составная часть государственной миграционной политики: достижения, проблемы и пути решения», посвященной 20-летию Всемирной Ассоциации казахов (г. Алматы, 12 октября 2012 г.). / Құраст.: К.Н. Балтабаева, К. Қонырбаева. – Алматы: Атажұрт, 2012. –  376  бет. қазақша, орысша (210-214 б.)

толығырақ

Жақып МЫРЗАХАНҰЛЫ, тарихшы:

ҚЫТАЙДАҒЫ БІЗ ТҰРҒАН ЖЕР – БАЙЫРҒЫ АТАМЕКЕНІМІЗ


Ұлы даланы ат тұяғымен дүбірлеткен ержүрек бабаларымыз түркілер тарихына өзіндік үлес қосқан орыс ғалымы Л.Н. Гумилевтің туылғанына 100 жыл толуына байланысты бұл форумға Ресей, Қытай, Түркия, Венгрия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан секілді мемлекеттерден жүзге тарта арнайы ғалымдар шақырылып, түркітану ғылымы үшін келелі басқосу болды. Солардың қатарында көрші Қытай елінен келген қандасымыз, тарихшы, Қытай қазақтарынан «Арман асуында» атты тұңғыш роман жариялаған, әрі тұңғыш қытай тіліне аударылған Жақып Мырзаханұлымен тілдесудің сәті келген еді.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев бастамасымен іске асырылуда. Бағдарлама халықтың мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, ұлттық әдебиет пен жазбаның ғасырлар бойындағы тәжірибесін жалпылау, мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлар, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің үздіктері негізінде толымды қор жасаудың зерттеу жүйесін құруды қарастырады. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы – рухани және білім беруді дамыту салаларындағы негізгі құжат, стратегиялық ұлттық жоба. «Мәдени мұра» жобасы аясында жақында Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Л.Н. Гумилев мұрасы және қазіргі еуразиялық ықпалдастық IX Еуразиялық ғылыми форумы» болып өтті.
Ұлы даланы ат тұяғымен дүбірлеткен ержүрек бабаларымыз түркілер тарихына өзіндік үлес қосқан орыс ғалымы Л.Н. Гумилевтің туылғанына 100 жыл толуына байланысты өткен бұл форумға Ресей, Қытай, Түркия, Венгрия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан секілді мемлекеттерден жүзге тарта арнайы ғалымдар шақырылып, түркітану ғылымы үшін келелі басқосу болды. Солардың қатарында көрші Қытай елінен келген қандасымыз, тарихшы, Қытай қазақтарынан «Арман асуында» атты тұңғыш роман жариялаған, әрі тұңғыш қытай тіліне аударылған Жақып Мырзаханұлымен тілдесудің сәті келген еді.
– Жақып аға, сіз тарихшы ретінде Гумилевті жақсы білесіз, дегенмен осы жолғы бөгенайы бөлек халықаралық ғылыми форум сізді несімен қызықтырды?
– Л.Н. Гумилев сынды әйгілі орыс ғалымының Кеңес Одағы тұсында «Көне түріктер», «Қиял патшалығын іздеу» қатарлы шығармаларын жазып, бірнеше одақтас республикалар мен автономиялы республикалардағы түркітілді халықтардың ата-бабалары болған, байырғы түріктер (Көк түрік хандығы) жөнінде ғылыми ізденіс жүргізуі шынында батылдық еді. Бұл нағыз ғалымға тән асыл қасиет. Ол тарихи жазба деректер мен халық ішіндегі аңыз әңгімелерді шеберлікпен пайдаланып, ғылыми тұжырымдар жасаған, қақпай мен қысым көруден, тіпті жазаланып түрмеге кетуден қорықпаған. Оның өзге ұлттың тарихи энографиясын зерттеудегі осы ерлігі Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жоғары баға алып, құрметке бөленуінің ең үлкен бір белгісі Қазақстан Президентінің жарлығымен Еуразия ұлттық университетіне Гумилев есімінің берілуі еді. Бұл жолғы осы әйгілі ғалымның туылғанына жүз жыл толуына орай мынадай халықаралық ғылыми форумның салтанатты ашылуының маңызы өте зор. Оның әр елдегі халықтар (ұлттар) тарихын зерттеудің тереңдеуіне өзіндік ықпалы болады деген ойдамын. Сондықтан бұл ғылыми форумға қызу ынтамен қатынастым. Әр елден келген ғалымдардың әр қырынан жасаған баяндамаларындағы батылдық, шыншылдық, ғылымға құрмет мені ерекше желпіндірді.
– Өзге ұлт өкілі болса да, сол кездегі қиын-қыспаққа қарамай түркілер туралы тұшымды еңбек жазған Гумилевті қазақ халқы төбесіне көтеріп, ел жүрегі Астанадағы білдей бір білім ордасына есімін бергені, әрине, зор құрмет. Ал бес мың жылдық тарихы бар Қытай елінде түркілер туралы қандай құнды деректер бар? Оларды жинақтауға қай ғалымдар атсалысып, қалай кәдеге жаратты?
– Қытайдың «Жиырма алты тарих» деп аталатын ұшан теңіз, аса құнды тарихи деректер жиынтығы бар. Осы тарихнамалардың тұңғышы «Тарихи жазбалардан» тартып, ең соңғысы «Чин әулеті тарихи тезистерін» қосқанда жалпы қытай әріптерінің санағы бойынша 4018 бума, 50 миллион әріптен асады. Қазақтың арғы тегі болған Еуразия көшпенділерінің тіке ұрпақтары сақтар мен ғұндар және қазақ халқын қалыптастырған ертедегі ірі ұлыстық елдерден үйсіндер, қаңлылар, аландар (кейінгі алшындар), орта ғасырлық елдерден түрік, түркеш (дулат), қарлұқ, қимақ, қыпшақ, найман, керей, уақ (оңғыт), қоңырат, жалайыр меркіт т.б туралы деректерді Қытайдағы қазақ ғалымдарының өткен ғасырдың 90-жылдарынан бас­тап, көне қытай тілінен қазақ тіліне тіке аудару жолында біршама молынан таңдап, жүйеге келтіріп, ғылыми айналымға түсіруі ел іші-сыртында алқауға бөленіп, жұрт арасында (әсіресе, ҚР-дың ғылым саласында) жылы қарсы алынған еді. Міне осылайша «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректердің» бірінші кітабы 1998 жылы, екінші кітабы 2003 жылы баспадан шықса, үшінші кітабы биыл баспадан шығуға дайындалуда. Алғашында төрт том болар деп жобаланған бұл ғылыми аударма еңбек енді мөлшерлеуімізше алты том болмақ. Айтпақшы, Қытай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректерді таза қытай тілі нұсқасынан таңдап аудару барысында Қытай ғалымдарынан Шуе Зұңжың мен Тян Уи Жаңның ал, академиямыздан Қаһарман Мұқанұлы, Шадыман Ахметұлы, Шыңжан телевизиясынан Кәкеш Қайыржанұлы, Шыңжаң педагогикалық университетінен Сәмудін Әлғазыұлы секілді қытай тіліне жетік топтың қосқан үлесі өте зор.
– «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» демекші, қазіргі екі ел ортасындағы немесе екі ел ғалымдары арасындағы түрлі мәдени, тарихи, достық қарым-қатынастың дамуына дәнекер болған ірі оқиғалардан сөз қозғасаңыз...
– 1992 жылы Қазақстан ұлттық ғылым академиясының делегациясы Қытайға ғылыми сапармен келгенде оларды Үрімжіде қарсы алу және аттандыру жұмысына Шыңжаң Қоғамдық Ғылым академиясының басшыларының бірі – мен жауапты болған едім. Осы делегация құрамында келген Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы тарих-этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевпен алғаш рет дидарласқанымда кәсіптес, бір-бірімізді бұрын сырттай білетіндігімізден болса керек, бейне бір көп жылдар кездеспеген достар сияқты құшақтасып, қауышып кеттік. Ол Қытайдағы қазақ тарихын зерттейтін ғалымдардан Нығмет Мыңжанұлының «Қазақтың қысқаша тарихы» (1986-1987жж.), Су Бихай профессордың «Қазақ мәдениетінің тарихы» (1989ж. қытай тілінде) және мен жазған «Қазақ халқы және оның салт-санасы» (1992ж.) секілді кесек ғылыми еңбектерді Қазақстан зерттеушілеріне тезірек таныстыру қажет деді. Әлі есімде 1994 жылы Шыңжаң Қоғамдық ғылым академиясының бастығы Иаң Фарын бастаған үйірменің Қазақстанға жасаған тұңғыш ғылыми сапары өте табысты болды. Сол реткі ауызекі және жазба келісімдер нәтижесінде екі елде шығатын маңызды газет журналдар өзара ауыстырылатын әрі ғылыми ауыс-түйіс жасалатын болды. Кейін Манаш аға қайтыс болғаннан кейін менің жетекшілігімдегі ғылыми тапсырмалық топ жағынан аударылып, дайындалған «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректердің» 1-2 кітабын Қазақстанда кириллица жазуында шығару жөнінде Манаш ағаның ізбасары, тарих ғылымының докторы, Қазақстан тарих ғылыми қоғамының төрағасы Мәмбет Қойгелдімен жалғасты ғылыми селбестік орнаттым. Көп өтпей келісім бойынша «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» деген атпен 2006 жылы «Өнер» баспасынан шығып, Қазақстанда ресми ғылыми айналымға түсіп, өз бағасын алды.
– Түркілер турасында тарих беттерін ақтарған орыс ғалымы Гумилев пен қытай ғалымы Су Бихай екеуінде ұқсастық бар ма? Әсіресе, сізге таныс, біздерге таңсық болған Су Бихай туралы қысқаша мәлімет берсеңіз?
– Гумилев пен Су Бихай кезінде екі ірі елде тұрып, жалпы түрік тектес халықтар (ұлттар) мен олар жасаған өңірді зертеулер тұрғысынан ұқсастығы бар, бірақ меніңше, олардың нақтылы зерттеуінде өздеріне тән ерекшелік болды. Гумилев жалпы байырғы этностарды, әсіресе көне түріктерді зерттеуге ден қойды. Ал Су Бихай көбінше Қытай тарихнамаларындағы «батыс өңірдің» тарихи, географиялық жер-су аттары, жартас суреттерін зерттеумен бірге негізгі күшін қазақтың жалпы тарихы мен мәдениетін зерттеуге жұмсады. Және бұл жағынан таңғаларлық табысқа қол жеткізді. Осы реткі ғылыми форумда кей ғалымдардың баяндамасында айтылғандай, Ресейде Гумилевті тарихшы деп мойындағысы келмейтіндер бар дегендей, Су Бихайды да мойындағысы келмейтін адамдар жоқ емес. Бірақ, бұл жағдайдың белең алуының ар жағында бақталастық, күндестік бықсып жатқан болуы мүмкін. Менің профессор Су Бихаймен тіке танысуым 1980 жылдардың бас шенінде болды. Бұл кезде ол жасы жетпіске таяған қарт еді. Мен оны сонау 1940 жылдардың орта шенінен бастап, еліміздегі қазақ халқынан шыққан әйгілі тарих ғалымы, тіл маманы, жазушы Нығмет Мыңжанұлы ағамызбен етене дос екенін жақсы білетінмін. Балаларының айтуынша, профессор Су Бихайдың өз есімі-Уаң Рыннан екен. Ал, Су Бихай бұл кісінің қалам аты екен. Кейде, Жиаң Руңжаң деген де қалам атын қолданыпты. Жиырма жылдан артық уақыт қудалауға тап болып, 1979 жылы әрең еркіндік алған ол Шыңжан университетінде оқытушы болып орналасқанында 64 жасқа келген болатын. Содан өткен жылға дейін «Батыс өңірдің тарихи географиясы» (2 том), «Қазақ мәдениетінің тарихы», «Шыңжан петроглифтері», «Жібек Жолы мен Құсанның тарихи мәдениеті», «Ұйғыр тарихына зерттеулер» секілді жеті монография­сы және екі жүзден астам ғылыми мақаласы жарияланды. Оның бас­па бетіне шыққан шығармасының өзін айтпағанда көзі тірісінде баспадан шықпай қалған, жазып болған шығармаларының өзі қытай әрпі бойынша екі миллион әріпке тура келеді екен. Бұл шығармаларының арасында көптомды еңбегі – «Қазақтың жалпы тарихы» мен «Қазақ тарихындағы ардагерлер» атты шығармасы бар. Осы қажырлы ғалым 64 жасынан дүниеден көшкен 84 жасына дейінгі жиырма жылда оның қандай қажырлы қайратпен еңбектенгенін, үш жүз мың шақырымнан артық жол басқанын, үш миллион әріптік шығарма жазу үшін қанша миллион әріптік материал ақтарғанын, қанша жүздеген еліміз және шетел зерттеушілерінің шығармасын пайдаланғанын өзіңіз межелей беріңіз. Оның Жапония, Қазақстанда ерекше құрметке бөленгені жұртқа аян. «Тәңіртаудың құпия тарихы – бір қытай оқымыстының ізі» атты арнаулы телефильмінің Жапонияда көп рет қойылуы, ал, Қазақстан жағынан «Құрмет грамотасы» тарту етілгені міне осының айғағы.
– Осы кезекті халықаралық ғылыми форумға байланысты тарих сүйер оқырмандарыңызға қай мәселені айта кетуді парызым деп білесіз?
– Қытай қазақтары қоныстанып отырған қазіргі солтүстік Шыңжан (Тянь Шань тауының солтүстігі Еренқабырға – Боғда, Алтай,Тарбағатай, Бұратала таулы өңірлері, Жоңғар ойпаты, Іле, Ертіс, Еміл өзені аңғарлары) және Шыңжанның шығыс жағындағы қазіргі Құмыл-Баркөл өңірі тегіс тарихтағы қазақтың шығу тегіне тығыз қатысты болған сақ, ғұн, үйсін, иұзы (нұкіс), түрік, түркештердің, сондай- ақ қазақ Орта жүзі мен Ұлы жүзінің құрамын толықтаған найман, керей, арғын, қыпшақ, уақ, қоңырат, үйсін, жалайыр, дулат, меркіт қатарлы тайпалардың ежелгі атамекендері және олардың билік жүргізген көлеміндегі жерлер. Арғы ата бабаларымызды айтпағанда, жыл санаудан бұрынғы VII-VIII ғасырдан бастап XIII ғасырдың басына дейін ілгері-кейін осы өңірде дәурендеп, өз алдыларына ұлыстық (хандық) елдер құрған түркеш (дулат), керей, найман, қыпшақ, қарлұқ (арғын), қоңырат, уақ, жалайыр, меркіттердің қазақтың үш жүзін қалыптастырған ірі тайпалар қатарында екені әлемге әйгілі. Осылардан керей, найман, уақ, қоңырат, жалайыр, меркіт қатарлы тайпалық (хандық) елдердің XII ғасырдың соңы XIII ғасырдың басында Шыңғыс қаған жетекшілігінде күшейген моңғолдар тегеурінінен жоғарыда аталған атамекендерінен айрылғаны, қазіргі Қазақстан жерлеріндегі туыстар арасына барғаны да тарихи жазба деректер мен ел ішіндегі аңыз деректерде дәлелденген. Ендеше олардың (әсіресе, он екі абақ керей, бір бөлім найман, үйсін рулары және ішінара уақ, арғын т.б ) жоңғар жойылғаннан кейін, өздерінің байырғы атамекеніне (қазіргі Шыңжанның солтүстігі мен Шығыс өңіріне) XVIII ғасырдың орталарынан бастап ілгерінді-кейінді оралуы ешқашанда жат жерге келуі емес, қайта өзінің ежелгі атамекеніне оралуы деп қараған жөн. Мен бұл көзқарастарымды 1990 жылы баспадан шыққан «Тарихи этнографиялық зерттеулер» атты ғылыми мақалалар жинағымда және 1992 жылы баспадан шыққан «Қазақ халқы және оның салт-санасы» атты көлемді монографиямда жазба деректер негізінде жан-жақты дәлелдеуге тырысқан болатынмын. Демек, Қытайдағы қазіргі біз тұрған жер жат жер емес, қайта біздің байырғы атамекеніміз.
– Бір сәт өткенге көз жіберсек, 1998 жылы Алматы қаласында ҚР ғылым министрлігі мен Ғылым академиясы тарапынан сізге «Құрмет грамотасы» тарту етілгенде кеудеңізді қандай күш кернеп, нені үміт еттіңіз?
– Мен бұл сұрағыңа ыстық мейірім танытқан марқұм Манаш ағаның сөзімен қысқаша жауап берейін. «Ата тарихымыздың ашылмаған сырлары Қытайдың телегей теңіз жылнамаларында жатыр. Қазақтың нағыз төл тарихы жазылу үшін сіздер ол жақта, біздер бұл жақта ортақ күш салатын болайық!»

 

Сұхбаттасқан Ермек ҚАНАТБЕКҰЛЫ,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,

журналистика және саясаттану факультетінің I курс магистранты

Түркістан. 1 қараша 2012

http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=39&id=8375

толығырақ

(Мори қазақтары бойынша)

 Баланың өмірге келуіне байланысты әдет-ғұрыптар

Шыңжаң қазақтарында жас сәбидің өмірге келуіне, тәрбиесіне байланысты ырым-тиымдар, әдеттер жалпы қазақтық салттарымен бірдей, бірақ жергілікті, рулық, елдік ерекшеліктері бар.

Толғағы келген әйелді тізерлеп отырғызып қойып, екі қолтығынан сүйеп қойып босандырады. Жолдасы түспей қойғанда әйелді айналдыра келсаппен жерді түйгілеп, бір айналдырып шығады. Жүрегі лоқсысын деп ер адамның (күйеуінің А.Т.) тізесінің кірін ішкізеді, түндіктің бауын аузына салады. Бала шыр етіп жерге түскенде қойдың жабағысына орап алады. Шешесінің шашын ширатып, сәбидің аузына, көмейіне дейін жіберіп құстырады, себебі босанған кезде шарана баланың аузына кетіп қалады деп. Баланы әбден құстырып алғаннан кейін, қойдың құйрығының қыртыс майын үшкілдеп тіліп ап, шәугімге сап бір рет қайнатып балаға сорғызады күніне 2-3 уақ құйрық сорған баланың ішінде жел болмайды.

Қалжаға сойылған қойдың сорпасына баланы шомылдырады, яғни сорпаның көбігін жинап ап денесіне жағады. Сонда баланың денесінің қызылшақасы кетеді. Қалжаның асықты жілігінің етін ойып алып, шешесіне қуырдақ қуырып береді, тез әлденеді деп есептейді. Алдымен қалжадан әйел ауыз тиеді. Қуырдақты сорпасымен бір кесе қылып бірақ ішкізеді. Басқа адам ауыз тиіп қойса баланың іші ауырады деп ырымдайды.

Кіндігін шүберекке түйіп сандықтың түбіне сақтайды. Малсақ, малы көп болсын деп аттың жалына байлап жібереді. Қарын шашын алып малың көп болсын деп қораға шашып жібереді. Алғашқы тырнағын алғанда көп қияқ шөпті турап-турап тырнақты араластырып «бісміллә!» - деп жерге көміп тастайды.

Кіндігі түскеннен соң қырқынан шыққанша тұзды суға шомылдырып қойдың құйрық майымен сылайды. Аузынан бастап бүкіл денесін тұзға түсіреді. Қолдың сұқ саусағын баланың аузына тығып тұзбен шылайды, әйтпесе аузы тұзға піспей қалады. Жаялыққа орап қойып, тұз өтіп кетіпті –ау дегенде маймен сылайды. Сарымайменде сылайды. Көбінесе құйрық маймен сыласа жел тартады дейді. Қырқынан шығарарда қырық қасық суға шомылдырады.

Сәбиге алғаш денесіне кигізген ит көйлекті 40-күн яғни қырқынан шығарғанға дейін кигізеді де, сақтап қояды. Кейін бала өсіп алыс  сапарға аттанғанда ит көйлектен жыртып алып атының ауыздығына, ноқта, жүгеніне байлап қояды. Кейде үлкен адамдардың өзі жол жүрсе ит көйлегін алып жүрген. «Аман барып, аман келтіретін» ит көйлектің жолы үлкен деген сөз бар. Бесікке саларда, бесіктің ағашының бетіне ортасын тесіп бір қабат киіз салады, оны жөргек дейді. «Бесігіңді берсеңде, жөргегіңді берме» - деген тәмсіл бар. Баланы бөлерде алдымен тыштымасын жасайды. Түбек тұратын тесіктен тәттілерді түсіргенде, ел талап алады. Баланың атын туа сап қойып, бесікке салғанда азан шақырып қояды, құлағына сенің атың бәлен – деп 3-рет айғайлайды. Кейде бесікке атша мініп тұрып атын қояды. Бесікке бөлерде, баланы ұстаған адамнан бастап, маңайындағы барлығы үндемей қалады. Сол мезетте ырду-дырду, күлкі, дауыстаған сөз болса, бала мазасыз, жеңілтек болып өседі деп жориды. Сондықтан бесікке бөлеуге жуас, салмақты, сабырлы, ақыл тоқтатқан беделді әйел таңдап алынады. Бесікке бөлегенде баланың басы дұрыс өссін деп, тары жастыққа салады, тары сырғымалы болады бастың формасы бір жағына қисаймайды. Тары жастық бала қалай қозғаласа солай қозғалады, тары судырып баланың басын доп-домалақ етіп шығарып береді. Бөлеп болған соң атасының белбеуін, жүген, сары ала қамшысын, қабын, басына айна , тарағын, пышақ қояды. Базарға барса айна тарағын ұмытып кетпесін –деп жоралайды. Қап – астық салатын қап, астығы мол, қабы дәнге толсын деп ырымдайды. Жыртыс жыртып бесік тойына келгендерге үлестіреді.к

Көшкенде бір-екі бала болса бесікті алдына өңгеріп алып, ересектеуін артына мінгестіріп жүре беретін. Бұрын бала көп болатын, екі баланы бір кебежеге салып, аяқтарын айқастырып көрпемен қымтап, кебеженің қақпағын ашып қойып, оны түйенің қомына іле сап көшіп жүрген.

Тұсау кесер жасарда бір ақ, бір қара жіпті алып оңқай-солақай етіп, тұсау кесерге сойылған қойдың ішегімен бірдей қылып баланың аяғына байлайды. Тұсауды аяқ-қолы тез қимылдайтын бір адамға кестіреді. Тұсау кесерге жиналғандар тілеуге сойылған малдың етін жеп, тілек айтып тарасады.

Жерлеу салтының кейбір ерекшеліктері

Қызай мен албан елдерінің еркектері таяққа сүйеніп тұрып «ой бауырымдап» қайтыс болған адамды жоқтайды. Қазасы бар үйдің жоқтаушысы жоқ болса, жоқтау айтатын адам сол үйдің әйелі боп, не қызы боп жоқтау айтып береді. Дәуіт деген өлеңші адам жоқтаушысы жоқ үйдің адамы болып, шымылдықтың ішінде отырып ап жоқтау айтады екен. Оны ешкім сұрамайды себебі қайғы болып жатқан үй, ел жоқтаушысы бар екен ғой – деп қазаға келгендер ырза болады. Марқұмның мәйітін бейітке апарарда жол қиын болса, бір адам аттың артына отырады да, ердің үстіне тақтай қойып, тақтайдың үстіне мәйітті жатқызып апаратын болған. Тақтай болмаса керегенің үстіне салып өңгеріп кететін.

Қабір қазып адамды қоюдың әдісі 1) жерді төртбұрыштап қазып жанынан ақым шығарып қояды. 2) жерді төртбұрыштап қазып алып үстін ағашпен жабады, оны бетағаш дейді, бетағаштың үстінен топырақпен жабады. 3) жерден төртбұрыштап тік қазып, жанынан ауыз шығарады, оны жерошақ дейді, ауыздан кейін ақым қазады, мәйіт көлденең жатады, беті құбылаға қарайды. Бұл жақта жерді үнемдегендіктен кейде бір тік төртбұрыш қазып алып жан-жағына төрт мәйіт қойған кезі болады Ақымды  «жер бесік»  – депте атайды. Бесіктің іші адам малдас құрып отыратындай болу керек. Иманкиіз – мәйітті ақыретке орап, содан соң киізге ораған соң, шапанын алып тастайды да өзінің бөлмесіне іліп қояды. Марқұмды жерлеп келген соң түнде аспанда жұлдыз шыға бастағанда далаға жайып алады, таң ата иманкиізді қайта кіргізеді. Иманкиізге күн тигізбейді, қалампыр салып жиып тастайды. Өлген адамның бетін жапқан шымылдығын құрып, барлық киімдерін тұлдап алып іліп қояды.

Қабірдің үстіне үйген топырағын бесікше етіп шығарып, оны бесік шығарып жинау деп атайды. Кейде бесікше үйлеу деп те атайды.

Мәйітті жуатын адамдар жұп бола береді 4, 6 адам. Кейде мәйіттің басына түсетін адамдар «мен мына кісінің құндыз бөркіне, саптама етігіне т.б. сол сияқты заттарына түстім» дейді екен. Сол адамға айтқан заттарын берген. Қазіргі жағдайда мәйітке түскен адамдарға басына бас киім, денесіне дене киім, аяғына аяқ киім сатып береді. Болмаса мөлшермен ақшасын береді.

Аңшылық және аңшылық дәстүлері

Аю атқанда «аю аттым» - деп 3 рет айқайлау керек. Қақпанды құрғанда, «қай жерге құрдым» деп өзіңнен өзің жаңылысып таба алмай қалатын жағдайға келсең, сонда қақпанының дұрыс құрылғаны. Түлкіге қақпан құрғанда аңшылар шыжық шашып тастайды, түлкі қу жануар ғой, құйрығымен оны сыпырып шетіне шығарып шыжықты жемекші болады. Оған аңшылар мынандай айла қолданды. Шыжықтың ішіне кәріқыз (шоқайна) деген шөпті араластырып тастайды. Түлкі шыжықты құйрығымен сыпырып тастамақшы болғанда құйрығына кәріқыз жабысып қалады. Түлкі енді құйрығындағы кәріқызды аузымен тістеп алмақшы болып жанталасқанда қақпанға түсіп қалады.

Ғазезхан деген аңшы бүркіт салып жүргенде бір  ініне кіріп бара жатқан түлкіні алмақшы болғанда, бүркіттің бір көзіне ши кіріп кететін соқыр болып қалады. Сол бүркіт оң қанатын бір қаққанда сол қанатын екі қағатын болған. Сол көзі соқырлықтан, әйтпесе аударылып кететін болған. Бір жолы бір топ бүркітші әңгімелесіп келе жатқанда екі-үш бүркіт бір ұларды қуып бара жатыр екен. Сонда Ғазезхан шеткі бүркіттің біреуінің көзі соқыр екен дейді. Бүркітшілер тұрып – Әй Ғазезхан не шатып келесің, аспанда ұшып бара жатқан құсты сен қалай парықтайсың? Ғазезхан  ол жолы ешнарсе айтпайды. Сол жерге тұзақ құрып бүркіттің біреуін ұстап алса, ол бүркіттің оң көзі соқыр болып шығады, ол оң қанатын екі рет қағады екен. Ғазезхан бүркітшілерді жинап, әлгі соқыр бүркітті ұшырып, қанатын қалай қағатынын көрсетіп сөзін мойындатқан екен.

Тұзақ екі түрлі болады Шаппа тұзақ – ағаштың басын иіп, шыбықты жерге шаншып қора жасайды, оның есігі болады. Қораның ортасы төмпешік болады, соған тұзақ құрады тұзақтың қылын ақ боз жылқының қылынан есетін, себебі қыста ақ  боз жылқының қылы көрінбейді. Бүркіт есіктен кіргенде есік өзінен-өзі жабылып қалады.

Атпа тұзақ- малдың, аңның жемтігі болады соны жеп жатқан бүркітті  ұшырып жіберіп, әлгі жемтіктен бір кесім етін кесіп алып, оны жылқының қылымен байлап, екінші жағын ауыр тоқпақ ағашқа байлап қояды. Әлгі етті жеген соң, бүркіт өзінен-өзі арқандалып қалады. Бүркіт келе сап әлгі етті жұта салғанда өзінен-өзі тұзаққа түседі.

Қасқыр атуға шыққан аңшы қасқырды ауызға алмау керек. Мысалы- ой әлгіге, бәленге барушы едім деп жүріп кетеді. 4-ші айдың басында ақшақар жауғанда қасқыр күшіктегенде қасқыр аулауға шығады. Күшіктейтін уақытын аңшылар есептеп шығарады. Екі аңшы аңға шыққанда бір қасқыр жортып бара жатады. Ананы ат дегенде жанындағы серігі атып қалады, қасқыр домалап түседі, сөйтсе ішінді 3-күшік бар екен, туған жерінде бір күшік қалыпты. Себебі, қасқыр туып жатқанда аңшылар үстінен түскен, қасқыр қорыққанынан қашқан. Қасқыр күшіктегенде маңайынан мал жемейді, тіпті жанында өзі ауылының малы жүрседе тиіспейді. Алыстан әкеп жейді, бір-екі күндік жерден әкеп жейді. Жемтікті мойнына көтеріп жүрмейді. Сол жерде жеп келген соң күшіктеріне құсып береді. Күшігін құсып бағады. Күшік ержете бастағанда ертіп жүріп малға, мына малға ана малға тиіскізіп, енесі малды шала өлтіріп береді. Қасқырдың туып жатқанын майдан деп атайды, онда жемтік әкеп бермейді. Қасқыр бір жылда бірақ рет күшіктейді, екі рет күшіктемейді. Қасқырдың соқпалы, саруы - үнемі жүріп тұратын жолына сарып, нәжіс қалдырып отырады. Сол жерлерге бір айда бір не екі рет міндетті түрде келіп отырады, сол жерге қақпанды біліндірмей құрады.

Адырыспан – деген шөп жердің бетіне шығып келе жатқанда соған қазанды төңкеріп тастайды, топырақпен көміп қояды. Жайлаудан түсіп күзде шөп піскенде 10-11- айда қазанның жан-жағын ашып, адам аузы – басын таңып,  кезде маска киеді. Ол кезде қолғап жоқ, ұзын құрықпен қазанды төңкеріп, анандай жерге лақтырып жібереді. Бірден қазанға тиіспейді, ол 1-2 сағатпа әлде, бір күн тұрама, белгісіз, қазанның іші көк тат болып кетеді. Қазанның ішіндегі көк нілді қырып алып өте мұқият шыны ыдысқа сақтайды. Ол – У. Ол у -ды  үзеңгінің табанына жақса адамның етігінен өткен у атқа мінген адамды бірден өлтіреді. Бір адамға қас қылу үшін темір үзеңгінің астынан жақса темірден өтіп одан соң адамның етігінің өкшесінен өтіп адам сол сәтте өліп кетеді екен.

Тоғыз атар мылтықтың дәрісін қарағайдың шоғымен талдың шоғын араластырып оған күкірт қосып жасаған. Мұны суға қосып аздан ішсе соқыр ішек ауруына ем.

Шыжың ауруына көктемде көктеген шидің үлпілдеген басын қайнатып 7- рет ішсе ем. Қасқырдың тілі, өті дәрі. Тілі талма ауыруын қоймайды. Бауыры мұрынға жел түссе, оны қайраққа қайрап –қайрап соны мұрынның сыртынан жағады. Бауырды алдымен кептіреді. Мұрнына дәріні жаққанда күштілігі сондай ауызға, тілге қанның дәмі келіп қан татып кетеді, сол кезде дәріні тоқтата қою керек, әйтпесе одан адам өліпте кетуі мүмкін. Белге құрт түссе қасқырдың кепкен тілін қайраққа өлтіріп белге жақса науқас жазылады. Ол үшін қасқырдың тілін кептіріп қояды. Тілін талқандап суға езіп ішсе талма (эппилепсия) ауруына ем. Қасқырдың асығы өзіңмен бірге алып жүрсең тіл-көзден, ұшықтан аман-есен боласың.  Атыс-шабыс болып кетсе оқта  тимейді деген ырым бар. Мәшинеде жүрсең мәшине аударылса өзің аман қаласың. Асықты қалтаға сап жүру керек.

Түлкінің тұмсығын асынып алған адам ешқашан ешнәрсені ұмытпайды.

Бұғының қаны қанды өрлетеді, ол қаны төмен болса жоғарлатады. Бұғының өті өт ауруына дәрі. Көзіңіз жарамай қалса бұғының көз жасын көзінің алдындағы былшығын  көзіңізге тамызсаңыз көзіңіз көретін болып сол қалпына келеді. Бұғыныңда қасқырдыңда дене-қуатының бәрі ем.

Аюдың өті жаман аурудан жазады, аюдың өтін алмас бұрын бір қапшық ине табу керек. Аюдың өтін жарып жіберіп, өтінің ішіне инелерді салып жіберу керек. Аюды сойып етін бұзып әбден жұмыс біткен соң өттің ішіндегі инеден бір талы қалмай бәрі еріп кетеді. Ең ем болатыны күшті дәрі сол. Рак аурудың бәрін емдейді. Майы буын қабыну ревматизмге ем. Табан майын табаныңызға, қол майын қолыңызға жақсаңыз қақсаудан, сырқыраудан ем болады.

Ілбістің сүйегі ем, етінде ем жоқ. Бүйрегі бүйрек ауруына ем. Ілбіс қақпанға түссе, жуас жата береді.

Бұғы жарағанда 40-50 маралды бірақ иіреді, жайылтпай тұрады, маралдар әбден шөлдейді сол кезде суға су ішуге қоя бере салады, маралдар шауып барып, өзенді жағалай тізіліп су ішіп жатқанда бұғы басынан бастап аяғына дейін шауып шығады. Екінші рет бұғы шаппайды, маралдар өзінше, бұғы өзінше кетеді. 

Шыңжаң қазақтарының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінде өзіндік ерекшеліктер  көп кездеседі, бұл Қазақстан қазақтарында да аймақтық, елдік, рулық өзгешеліктермен  мәндес.

 

Ахмет  Тоқтабай, тарих ғылымдарының докторы (Алматы қ.) // Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының  ағымдағы мұрағаты 

толығырақ

Бір кездері Ш. Жиенқұлова, Д. Абдиров сынды майталман мамандар қазақ биінің өрісін кеңітіп, әлемнің көптеген сахналарына жол ашып кеткен еді. Алайда, XX ғасырдың соңындағы ұлттық өнеріміздегі тоқырау би саласын да айналып өтпеді. Дегенмен де, ұлттық биіміз сол бір кезеңдерден кейін  тағы бір даму сатысына қадам басқаны анық. Біз бүгін өнердің осы саласы туралы толығырақ тоқталу мақсатында Райла Тоқтарханқызын сөзге тартқан едік.

– Сіздің биге деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды?

– Мен 1977 жылы Қытайдың Алтай аймағы, Қаба ауданында дүниеге келдім… Менің ойымша, кез келген адамның бір іске деген туа бітті әуестігі болады екен. Олай дейтінім, кішкентай күнімнен биге қатты құштар едім. Көптеген ата-аналар тәй-тәй басқанынан-ақ ұрпағының келешек кім болуға лайық екенін тани біледі ғой. Менің әке-шешем де биге деген болмысымды дәп басып таба білді. Өйткені, ол кісілер мені бастауыш сыныптарда оқып жүрген кезімде-ақ арнайы би үйірмелеріне қатыстырып, кәсіби деңгейде білім алуыма жол ашты. Кейін келе, яғни, 1990 жылы ШҰАР көркем-өнер институтының хореография факультетіне би мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1995 жылы тамамдап шықтым. Институт басшылары оқу бітірісімен менің осында қалып ұстаздық етуіме ұсыныс жасады. Сол орайда, 1996-1997 жылдары Бейжің қаласындағы би университетіне барып білім толықтырып келдім. Содан бастап атамекенге біржолата қоныс аударғанға дейін Шынжаң көркем-өнер институтында би мұғалімі болып қызмет еттім. 2005 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының магистратурасына түсіп 2008 жылдан осы оқу орнында ұстаз болып қызмет етіп жүрмін. Бұл мамандық қыз бала үшін қиын да, ауыр болып келеді. Бірақ, мен осы жолды таңдағаныма еш өкінген емеспін. 

– Би өнері туралы тоқталып кетсеңіз?

– Би – адамның қоршаған ортаға деген сезімінен туындаған әр түрлі қимыл-әрекеттер. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып берілетін өнер. Ұлттық биіміздің даму тарихы тұрмыс-тіршілік, салт-дәстүрімізбен тіке байланысты. Жаңа би жасау барысында әсем де жанды бейне тудыру арқылы автордың эстетикалық танымын, көркемдік мұратын жеткізуге болады. Сонымен қатар, бидің тілін таба білетін шебер орындаушы терең сезімге толы іс-қимылы арқылы әсерлі де, күшті сезімдік тербеліс туғызып, өнер сүйер қауымды көркемдіктен ләззаттандырып, дүние танымын, өмірге көзқарасын тереңдетеді. Би жанрының тілі – іс-қимыл бола тұра, өте бай келеді. Олай дейтінім, қаламгер толық жазып, суретші түгелдей бейнелей алмайтын табиғаттың, қоғамның сырын би қойылымдары арқылы еркін бейнелеуге болады. Қорыта айтқанда, би – халықтың рухани қазыналарының бір түрі, көркемөнердің басқа да салалары сияқты бізде де өресі биік өнер.

– Жаңа бір сөзіңізде «табиғаттың, қоғамның сырын би қойылымдары арқылы еркін бейнелеуге болады» деп қалдыңыз. Мүмкін болса, мысал келтіріп кетсеңіз?

– Ұлттық би халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын бейнелеп қана қалмастан, ұлттық рухты оятады. Мысалы, халқымыз арасында кең танылған «Аю биі» аңшы мен аюдың кездесіп қалған бір сәтін бейнелейді.  Бұл – бидің әзіл-сықақ аралас түрі. Бидің бейнелейтін уақиғасы былай: Аңшы мен аю тосын кездесіп қалады да, алғаш бірін бірі көргенде екеуі де мелшиіп тұрып қалысады. Олар бірін-бірі аңдып біршама уақыт тұрғаннан кейін, ақырындап өзара бірін-бірі айналып өтпек болады. Аңшы аюдың назарын басқаға аудару мақсатында билей бастайды. Аю да көргенін қайталап аңшымен бірге қорбаңдап билейді. Бір мезетте есін жинаған аю аңшыға тап бермек болады. Бірақ, қағылез аңшы аюдың ойын күлдіргі би арқылы және де бөліп кетеді. Әбден шаршаған аю аңшымен бірге шоңқайып отырады да, отырған бойда билерін ары қарай жалғастырады. Ақыр соңында семіз аю арық аңшыға ілесе алмай әбден шаршап қалады. Аңшы дәрмені кетіп шаршаған аюды ноқталап алып, ауылға мініп қайтады. Міне, қарап отырсаңыз, бұл биде жай ғана дене әрекеті көрсетіліп қана қалмастан, сонымен қатар, ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігі, батырлық рухы бейнеленген.   

– Дегенмен де, бүгінгі таңда ұлттық би өз деңгейіне насихатталып отыр ма?

–Жиырмасыншы ғасырдың соңғы жылдарындағы тоқырау өнердің би саласына өз әсерін тигізді. Бір қуанарлығы, бүгінгі таңда өнер жанкүйерлері бұрынғы барды жаңа заман талабына сай жаңғырту жұмыстарын жақсы қолға алып отыр. Дегенмен де, өнердің би саласына келгенде әлі де болса бір бостықтың барлығы білініп тұрады. Байырғы ұлттық билеріміздің түрі өте көп. Бірақ, солардың көбі бүгінгі ұрпаққа жетпей жатыр. Байырғы ұлттық билерімізді толығымен зерттеп, ұмыт болып кеткен кей билерді тауып, бүгінгі ұрпақпен жүздестіру әлі де толық беті ашылмаған тақырып деп ойлаймын. Олай деуімнің себебі, қазіргі таңда кез келген кітапханаларды ақтарып қазақтың ұлттық биі туралы арнайы құрастырылған оқулық тауып шығу қиынның қиыны. Ән-күй, жыр-дастандар туралы түрлі басылым беттерінде қажетті ақпарат, жеткілікті болмаса да, бар әйтеуір. Ал би өнері туралы, немесе, би әдістемесі бойынша теориялық және тәжірибелік білім алуға қолғабыс боларлық еңбектер басылым беттерінде жарық көре бермейді. Бірер жарым еңбектер кездесуі мүмкін; бірақ олардың да қазақ тілінде болуы екіталай. Міне, осыған қарап-ақ би насихатының әлі де болса өз деңгейінде жүргізілмей жатқанын оп-оңай аңғаруға болады.

Қазақтың ұлттық билерінен біразын атап берсеңіз?

–  Бүгінгі жұрт әлі де білмей жатқаны болмаса, ұлтымыздың байырғы билерінің түрі өте көп. Мысалға «Қаражорға», «Ортеке», «Аю биі», «Келіншек», «Былқылдақ», «Насыбайшы», «Қамажай», «Тоты», «Сауыншы», «Қаз биі», «Бүркіт биі», «Шешеке», «Киіз басу», «Соқыр теке»… сияқты билерді атауға болады.

– Басқасын қайдам, қазір «Қаражорға» десе елең етпейтін қазақ жоқ деуге болады. Осы бидің тарихы туралы сыр шерте отырсаңыз?  

Өзіңіз білесіз, көшпенділер өмірін жылқысыз елестету мүмкін емес. Атты – халқымыз ердің қанатына, өмірдің санатына балайды. Содан болар, ұлттық өнеріміздің қай саласын алып айтсақ та жылқы құмарлықтың, ат үсті өмірінің иісі аңқып тұрады. Мен «Қаражорға» биінің шығу тарихы туралы әжептәуір іздендім. Қыруар материалдарды ақтарып, Арыстан қажы Тосын, Тати Айгүл қатарлы көптеген көзқарақты адамдармен кездесіп сұхбаттастым. «Қаражорға» – ел іші-сыртына кең тараған, қазақтың барлық тайпаларына таныс, ең ертедегі классик билердің бірі. Бұл би ат жүрісінің, әсіресе, жорғаның аяқалыс ырғағына биленетін билер қатарына жатады. «Қаражорға» сияқты би қырғыз, монғол, сібе, манжу, дағұр т.б. ұлттарында да бар. «Қаражорғаның» көптеген көшпенді ұлттарға ортақ болып келуінің сырын зерттеудің өзі үлкен ғылми тақырып. Ал «Қаражорға» дүниеге алдымен күй болып келгендігі, соңынан би қосылып, қазіргі кезде ән болып та айтылып жатқаны дүйім жұртқа мәлім. Алайда, «Қаражорғаның» шығу тарихы тұрғысында бірдеңе деп нақты болжам жасау өте қиын. Өйткені, біз өткенімізді жазба деректер арқылы анықтаймыз. Ал ондағы мәліметтер сан алуан. Бұл биді билеу барысында адамның бүкіл дене мүшесі әрекеттенеді. Сондықтан болар, Қытай үкіметі «Қаражорға» биінің денсаулыққа тигізер пайдасын арнайы зерттеуді қолға алған болатын. Соның нәтижесінде, Қытайдағы қандастарымыз жиі қоныстанған Алтай өңірінде он үш мың адам бір уақытта бас қосып билеп бұл би «Гиннестер рекорды» кітабына енді. Сонымен қатар, «Қаражорға» биінің адам ағзасына пайдасы шаш-етектен екенін білген билік бүкіл мектеп оқушыларының сабақ аралық  гимнастикасына да енгізіп отыр. Міне, осыған қарап-ақ, бұл би бұдан былай да өзінің өміршеңдік қуатын арттырмаса, жоймайды деп ойлаймын.

– «Қаражорға» биінің шығу тарихы туралы  мәліметтер әр алуан» деп отырсыз. Соның ішінде шындыққа жанасатын біреуін айтып берсеңіз?

– Жоғарыда атап өткенімдей, біз көбінесе бұрыннан бар деректерге сүйенеміз. Сұрауыңызға орай, сол деректердің шындыққа үйлесімдісін айтар болсам; бұрын бір байдың еркетотай жалғыз қызы болған екен. Қазақта қызын аттандырар алдында қалаған дүниесін беріп жолға салатын дәстүр бар емес пе. Күндердің күнінде байдың қызы ержетіп, алыс бір елге ұзатылатын болыпты. Әлгі бай бабалардан қалған байырғы дәстүр бойынша қызынан  «Жат ел, жат жерге кетіп барасың; нені қаласаң соны берейін, айта ғой» деген екен. Сонда қызының көзі әкесінің қара жорға атына түсіпті дейді. Ол атты әкесі біреуден арнайы қалап сатып алған болса керек. Сол аттың жорғасының қаттылығы сонша, ұзын қыл арқанды ерінің артқы қасынан байлап жорғалатқанда әлгі ұзын арқанның ұшы жерге тимей көлбеп жататын көрінеді. Қызы қалап тұрған соң қара жорға атты бермесіне шарасы қалмаған бай «ең соңғы рет болса да жорғалағанын өз көзіммен көріп қалайын», деп дүйім жұрт жиналған қызының тойында қара аттың жорғасын салдырған көрінеді. Әлгі аттың жорғасына тамсана таңдай қаққан жұрт ішінде бір мықты күйші де болыпты. Сол күйші қарап тұрып «Қаражорға» деген күй шығарып шерткен екен дейді. Сол күннен бастап ауыздан-ауызға таралып сақталған бұл күйді кейін келе бақсылар пайдаланған. Осы арада мына бір нәрсені анықтап айта кеткенім жөн болар. Халық арасында «Қаражорға» монғолдардан келген, ол монғолдың «Буын биі» дейтін жаңсақ пікір бар. Мен бұнымен келіспеймін. Бұндай жаңсақ пікірдің қалыптасуына негізгі себеп – биде бақсылық сарын басым. Бұрын бақсылар «Қаражорғаның» музыкасымен жын шақырып, арқасы қозған кезде билеп кететін де болған екен. Сонымен қоса, науқасты да өзімен бірге билетіп, оның бүкіл денесін, барлық буындарын қимылдату арқылы қай жері ауырып тұрғандығын дәп басып табатын көрінеді. Бүгінгі таңда бақсылық шаман дініне ғана тән деп есептелінетінін бәріміз білеміз. Құдайға шүкір, ұлтымыз тұтас дерлік мұсылман дінін ұстанады. Бақсылық дәстүр халқымыз арасында жойылып кетті. Соған қарай, «Қаражорға» монғолдардан келген дейтін сыңар жақтылы пікір қалыптасқан. Ал енді, «Қаражорға» биін керісінше монғолдар қазақтардан үйренген. Біз өзімізде бар құндылықтарды кім көрінгенге еншілеп бере беретін болсақ, кейінгі ұрпаққа не қалдырамыз?.. Сол үшін бұл биден жатырқаудың еш орыны жоқ. Қайта батыстан ағылып келіп жатқан түрлі мәдениеттерге өзімізде бар ұлттық құндылықтарымызбен тойтарыс берсек анағұрлым жақсы болар еді…

– Қазақы биіміздің өзге ұлт билерінен айырмашылығы қандай?

– Ұлтымыз өнерге бай халық. Халық биі де атамзаманнан бері ұлтымыздың сүйікті өнерінің бірі болған. Соған орай, қазақ халқының би өнері өзіне ғана тән ұлттық бояуымен ерекшеленеді. Өйткені, ол ұлттық музыка және ұлттық поэзия жанрларымен біте қайнасып ұзақ тарихты басынан өткеріп келген. Біздің биіміз күй, немесе, әннің сазына қосылғанда ғана өзіне үйлесімді әсемдікке, баурағыштық қасиетке ие бола алады. Бұрынғы би болсын, бүгінгі ұлттық би болсын көпшілігі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелеген. Мысалы, «Қаражорға», «Топайкөк» билерінде аттың жүрісі, шабысы бейнеленсе, «Ортеке» биінде ешкінің қимылы, мінезі көрсетілген. Ал «Аю биі», «Құсиегі», «Дауылпаз» билерінде ұлтымыздың салт-дәстүрмен қоса көшпенді өміріндегі аңшылық қыры көрсетілген. Енді, осы билерді қазақы ою-өрнектермен безендірілген костюмдерімен билеп шыққанда би қимылдарының сипаты күшейіп, ұлттық бояуы анық айшықталып тұрады. Ұлттық билеріміздің бұдан өзге де артықшылықтары жетіп артады.

– Ұлтымыздың дәстүрлі биінде сатиралық жанр қай деңгейде?

– Өнердің қай саласында болсын сатира маңызды жанр болып саналады ғой. Ұлттық биімізде де бұл жанр өте жақсы дамыған. Сатира жанрына құрылған кей билердің орындаушысы табылғанда көрерменнің күлкіден ес жиғызбай жатады. Мысалы, «Насыбайшы» биін атап өтер болсам; биде насыбайға қатты әуес болған шалды мазақ етеді. Шал болып жасанған биші насыбай шақшасын жоғалтып алып біршама уақыт айнала билеп іздейді. Бір кезде насыбай шақшасын тауып алып, құшырлана насыбайды ерніне сала қояды. Аш қарынға атқан насыбай шалдың басын айналдырып, көзі бұлдырап  кетеді. Сәлден кейін насыбай бойына тараған болып, сахнаны айнала түшкіріп, ең соңында мас болып құлап қалады. Міне, қарап тұрсаңыз би жанрындағы сатира да күлдіріп отырып-ақ жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге  ой тастайды.

– Басқа ұлттың билерін өзіміздің ұлттық киіммен безендіріп сіңіріп алуға бола ма?  

–  Кез келген ұлттың биінің өзіне тән артықшылығы болады.  Шынымды айтсам, басқа елдің билерінен өзіміздің ұлттық менталитетімізге сай келетін әрекеттерді алып білдірмей сіңіріп кетуге болады. Ал, өзге ұлттың толық бір биін қазақы костюмдерімізбен бүркемелеп ұлттық сахнаға сіңіріп алуымыз мүмкін емес.

Ерлер биі мен әйелдер биінің айырмашылығына тоқтала кетсеңіз…

– Ұлтымыздың күнделікті өмірінде әйелдер мен еркектердің атқаратын қызметі ұқсамайды. Содан болар, би өнерінде де ер мен әйелдің орны бөлек. Сұрауыңызға орай, әйелдер мен еркектер биіне айырым-айырым тоқталар болсам, тұрмыста еркектер отбасының асыраушысы, отағасы болып саналады да, ат үсті атқарылатын ауыр жұмыстарды мойнына жүктейді. Сондықтан, биде де аң аулау, ат шабысы, садақ тарту, қой қырқу, асау үйрету, аударыспақ, күресу, қылыштасу сияқты дене қимылдары еркектердің еншісіне тиеді. Сонымен қатар, еркектер нық әрі палуан пішінде билейді. Ал әйелдер – от анасы. Олар сұлу әрі нәзік болғандықтан үйдің майда-шүйде жұмыстарын мойнына алады. Соған орай, әйелдер биінде тарану, жіп иіру, іркіт пісу, шай құю секілді нәзік әрекеттер бейнеленеді. Егер биде ер мен әйелдің әрекеті ауысып кететін болса, образ жақтан үлкен жаңсақтық туары сөзсіз. Осы арада тағы бір ішкі қынжылысымды айта кеткім келеді. Кейінгі жылдары биді арнайы мамандық ретінде оқитын жігіттердің саны артып келеді. Дей тұрғанмен, ер балалардың қыздан әрмен майысып, сызылып қалуы ұлттық биімізге ұпай әпермесі анық. Сол үшін, өмірде болсын, өнерде болсын ер мен әйел өзінің тума қасиетін сақтаса нұр үстіне нұр болар еді.

– Кей жерлерде «Қытай қазақтарының билеу тәсілі Қазақстанда қалыптасқан дәстүрлі биден басқаша…» деген пікірді құлағымыз жиі шалып жүр. Сіз бұнымен келісесіз бе?

– Әрине, халық айтса қалт айтпайды ғой. Атажұртқа келгелі бұл айырмашылыққа менің де көзім жетті. Сондықтан, бұл пікірге толығымен келісемін. Мен өз басым ана жақтікі дұрыс, мына жақтікі бұрыс деп кесіп айтудан аулақпын. Бір байқағаным, Қазақстанда биленіп жатқан халық билері көбінесе классикалық биге жақын, буындары икемсіздеу болып көрінеді. Ал Қытайдағы қазақтардың билеу тәсілінде, әсіресе, қыздар биінде дене икімдері еркін, қол-аяқ көрінісі өте әсем болып келеді. Сонымен қатар, Қытайдағы қазақтардың қалыптасқан биінде бет мимикасы ішкі жан дүниесінің тебіренісін айқын ашып тұрады. Осы сияқты азды-көпті айырмашылықтар бар.

–        Қытайдағы халыққа кең танымал бишілерді атап берсеңіз?

– Қытайдағы қандастарымыз арасында кең танымал бишілердің бірі –Қымбат Айдарқызы. Ол Қытай мемлекетінде 1-і дәрежелі биші атағының иегері. Ол кісі көбінесе билерді өзі жасап өзі орындайды. «Бұлбұлхан», «Қуанышты жайлау», «Оюлы сырмақ», «Аңшының махаббаты» деген билерімен халық арасында кең танымалы болған.

            Нағима Тайырқызы – Қытай мемлекетінің бірінші дәрежелі би режиссері, қазақ халық биі мамандарының ең ірі тұлғасының бірі. Ол кісі жүзден астам би туындыларын дүниеге әкелді. Билерінің көбінде қазақ ұлтының салт-дәстүрі, ұлттық рухы анық бейнеленеді. Одан кейінгі буындардан Анар Сүйінбайқызы, Базархан Мәтікәрімұлы, Толқын Сұлтанбекұлы қатарлы би мамандарын атар едім.

–        Ұлттық биіміздің өресі биіктей берсін деп тілейміз. Рахмет!

Тұрсынбек Кешубайұлы

Алтын Бесік. № 1. 2010.

толығырақ

Қазақ халқының өзіне ғана тән ерекшеліктеріне ие ұшан-теңіз әні мен күйі бар. Біздің музыкамыз дерлік күй мен әннен құрам табады. Осы әніміз бен күйімізде халықтың қуанышы мен қайғысы, күйініші мен сүйініші, әдет-ғұрып, салт-санасы, өмір туралы түсінігі мен түйсігі, қоғамдық өзгерістер мен құбылыстар және философиялық ой толғаулары және т.б. қамтылып жатады. Қазақ музыкасының тарихын зерттеу – қазақ тарихын жан-жақты зерттеудің маңызды құрамдас бөлігі, сонымен қатар, әлемдік мәдениетке қосқан үлесі мен оның орнын анықтау, осы қазынамызды қайта жаңғыртып, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу – бүгінгі күннің талабы. Сондықтан, қазақтың музыка тарихын зерттеу, ата-баабаларымыз қалдырған мұраны келесі ұрпаққа жеткізу және әлемдік деңгейде насихаттау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі болмақ.

Ән дегеніміз – дыбыс негізінде баршаға келген өнер екені бәрімізге аян. Қазақ халқы тау жағалап, кең сахарада тұрмыс кешкендіктен, өзі өмір сүрген ортасына қарай, төмендегі тұрмыс салт-дәстүріндегі өлеңдерді жарыққа шығарды. Мәселен, төрт түлік мал туралы, білімділік жөніндегі, діни наным-сенімдерге қатысты, үйлену салты жөніндегі, өлім-жітім салтына қатысты өлеңдер, және т.б. Бұл өлеңдерді мағынасына, ерекшелігіне қарай әртүрлі ырғақтармен, әуендермен дыбыстап бейнелейді. Уақыт өте келе, адамдардың ой-өрісінің дамуына байланысты қолданылатын ырғақ та белгілі заңдылыққа сай дамыды. Көңіл-күйдің өзгерісіне сәйкес шығарылған әуендер мұңды, сағынышты, көтеріңкі серпінді білдіретін болып бөліне бастады. Айталық, әуыз әдебиетінде кездесетін «жоқтау» жырының әуені қайғылы, зарлы болып келсе, «қоштасу» жыры сағынышты, ал «беташар» жырлары қуанышты, көтеріңкі көңіл-күйді бейнелеп отырған әр әуен жырдың мазмұнына сай шығарылатын болған.

Ән – халықтың басынан кешірген тарихының айнасы іспеттес. Ол көпшілікке арналып жазылғандықтан, оның тыңдаушысы да, орындаушысы да, төрешісі де халық болған. Ертедегі халық композиторлары өзі ақын, өзі сазгер, өзі орындаушы болып, осы үш міндетті қатар атқаратын болған. Әр дәуірдегі маңызы бар елеулі оқиғалар халық музыкасын жасаушылардың шығармаларына негіз болып отырды. Бұл әр дәуірдегі халық композиторларының еңбектерінде көрініс тауып отырды. Мысалы, «Ағажай Алтай» әні халықтың ата-мекенінен айырылған кездегі сағынышынан туған. Мысалы,

Елім көшіп, аңырап жерім қалды,

Асқар асу, айдын көл, белім қалды.

Омырауын қарт ана жаспен жуып,

Қарай-қарай мекенге көзі талды.

 

Өр Алтайдан дүркіреп ел көшті ғой,

Ақ даланың тұсынан оқ есті ғой.

Қара арғымақ сүрініп қу томарға,

Қара нардың бұйдасын жау кесті ғой.

Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай [1].

1930-1940 жылдардан бастап, Қытайда қазақтар жиі қоныстанған Іле, Алтай, Тарбағатай аймағында құрылған Іле Қазақ автономиялы облыстық ән-би көркемөнер үйірмесінің өсіп-жетілуі, қазақ ән-күйлерінің орындалу өресінің барған сайын биіктеуі, ондағы еңбек еткен Абылай Жұмақанұлы, Камал Ішікбаева, Гүлмән Шүленбаева, Дәнеш Рақыш, Сұлтан Мәжитұлы, Әмина Абдоллақызы т.б. сынды әншілерді өмірге әкелді. Облыстық көркемөнер үйірмесінің негізгі міндеті болған ән-би өнеріндегі басты тақырып – халық әні, халық биі болды. Мысалы, халық әндерінен алдымен «Қараторғай», «Майра», «Гәкку», т.б. мен Ақансері, Біржансал, Әсет, Таңжарықтың әндері, онан соң туынды әндерді де қалдырмай бірлікте дамытып, орындап отырады [2].

Қазіргі таңда, бұл дәстүр әлі де жалғасуда. Дегенмен, заманның өзгерісіне сай, халық әндерін қытай тіліне аударып айту, қытай сарындарының осы әндерге біртіндеп енгендігін байқау қиын емес.

Қазақтың күй өнерінің дәуірлік тегі, жанырлық тегі, аспаптық тегі, аңыздық тегі және өңірлік тегі сынды 5 жақтан қарастыруға болады. Қазақ күй өнерінің дәуірлік (тарихи) тегін қай дәуірде туғанына қарай, Қорқыт күйлері, аққу күйлері, ноғайлы сарыны, Кеңес күйлері деп жіктейміз. Жанрлық тегіне қарай – бақсы сарыны, қосбасар, керітолғау деп жіктеледі. Аспаптық тегіне қарай – қобыз күйлері, сыбызғы күйлері, домбыра күйлері болып бөлінеді. Аңыздық тегі – қазақтың ескі күйлерін түгелдей күй аңызы, туылу шежіресі, көркем әңгімесі болады. Осы қасиетімен халық күйлері ауыз әдебиет жанрына да ілігіп кетеді. Қазақ күйлері өңірлік тегіне қарай, алпыс екі ақжелек және алпыс екі қоңыр деп екі түрге жіктеуге болады [3].

Алпыс екі ақжелек – Жайықты орталық етіп, Батыс Қазақстан өңіріне  кеңінен таралған «мелодиялық қозғалысы жеңіл де жүрдек және көңілді би сипатында келетін аспаптық халық музыкасының (күйінің) ерекше түрі» деп саралайды [4]. Ал алпыс екі қоңыр – ән де, би де емес, арқадан бергі шығыс қазақтарына ортақ дәстүрдегі қоңыр күйлер шоғыры. Қазақ күйлерінің дәуірлік тегі бойынша, ол «Кеңес» күйлерін, жанрлық тегі бойынша «Қосбасар» күйлерін, аспаптық тегі бойынша домбыра күйлерін өз бойына жинақтайты.

Қытайдағы Іле Қазақ автономиялы облыстық көркемөнер үйірмесінің ұлттық музыка аспаптар оркестрі, 1976 жылы құрылғаннан бастап, халық күйлерін, сонымен бірге Бейсенбі, Қайрақбай, Қожеке, Әшім күйлерін орындап келеді.

Қазіргі таңда, Қытай қазақтарының күй өнерін зерттеу екінші топтағы мемлекеттік дәрежелі қорғалатын бейзаттық мәдени мұралар тізімдемесіне енгізілген. Осы негізде мемлекеттің қолдауымен «Қоңыр әуен» кітабы баспадан шыққан. Бұл кітап бес бөлімнен құралады. Бірінші бөлім – күйшілер. Екінші бөлім – қоңыр күйлер, оған қоса нотасымен 42 күй берілген. Үшінші бөлім – қоңыр күйлердің аңызы. Мұнда 15 күйдің аңызы баяндалған. Төртінші бөлім – қоңыр әндер. Мұнда 11 ән нотасымен қоса берілген. Бесінші бөлім – зерттеулер. Онда қазақ авторлардың 13, қытай авторлардың 4 зерттеу мақаласы берілген.

Мұнан басқа «Кеңес күйлерде» жинақталып, шамамен 40-қа жуық күйдің басы қосылып, баспадан жинақ болып жарық көрді, сонымен қатар, «Бейсенбі күйлері», жеке-жеке күйшілердің өмір-тарихы туралы кітаптар да жарық көріп, халықтың назарына ұсынылып отыр. Бұл жағынан қытайдағы қандас бауырларымыздың істеп жатқан игі істері көңіл қуантарлық.

Қорыта келгенде, бүгінгі ғаламдану үрдісіне тұспа-тұс келген Қытай қазақтарының музыка (ән-күй) өнері өте үлкен сынаққа түсіп отыр. Осыған қарамастан, қытай қазақтары ұлттың мәдени мұрасын қорғау, ұлттың таңдаулы дәстүрлі мәдениетін жалғастыру және оны насихаттау, өзге халықтарға таныту, келесі ұрпаққа жеткізуді өздеріне басты міндет етіп қойған. Бұған Қытай үкіметі де жан-жақты қолдау көрсетіп отырғандығына куә болдық. Бұл салада белгілі қазақ ғалымдары, зерттеушілері, мәдениет қайраткерлері де аянбай еңбек етуде. Халықтың рухани мұрасын қорғауға, байытуға үлес қосу – әр бір азаматтың бұлтармас азаматтық борышы деп есептейміз. 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1 Ерғали Зақанұлы. Қазақ әнінің төркіні тұрмыс-салт-дәстүрлерімізде //Жұңго ұлттары. – 2012. –  №2. – 28-30 бб.

2 Жақып Мырзақанов. Қазақ мәдениетінің айдыны. Шынжаң жастар-өрендер баспасы. Үрімжі, 2006. – 217 б.

3 Асан Әбеуұлы. Қорқыттың қобыз күйлерінен қазақтың қоңыр күйлеріне дейін // Қоңыр әуен. Іле халық баспасы, 2009. – 320-327 бб.

4 Қазақ совет энциклопедиясы, 1-том, 206 бет.

 

Нұрлыхан Мажиқызы НҰРЛЫХАН (Алматы қ.) // Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының  ағымдағы мұрағаты

аЩZ ��8�@ �C ыла Сапағалиқызы: Өмірдің өзі – би // Астана. – 2006. – № 2

 

(27) наурыз-сәуір

5 Құрманалиева М. Шұғыла Сапағалиқызы: «Жолы болғыш бишімін» // Ерке-Нұр.

– 2010.  – №3. 7-б.

6 Шугыла и Чингисхан: казахстанская танцовщица Ш. Сапаргаликызы // Вечерняя

Астана. – 2006. – 23 желтоқсан.

7 Жылқыбаева Б. Шұғыла Сапарғалиқызы: өмірдің өзі – би // Астана. – 2006. – 2

(27). наурыз-сәуір

8 Тұржан О. Шұғыла десе...Шұғыла // Егемен Қазақстан. – 2003. – 8 наурыз. – 4-б.

 

Нұргүл  Құрманалина (Алматы қ.) // Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының  ағымдағы мұрағаты 

толығырақ

Қазіргі замандағы Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосып келе жатқан, еліміздің атын шығарып, мерейін асырып жүрген талантты тұлғалар жетерлік. Солардың бірі би өнерінің шебері, түрлі халықаралық байқаулардың жүлдегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері – дарынды Шұғыла Сапарғалиқызы.

Ш. Сапарғалиқызының өмірбаяны мен өнер жолына қысқаша тоқталып өтсек, ол 1971 ж. Қытай Халық Республикасы Іле-Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында дүниеге келген. Әкесі – мектеп директоры, ал анасы математика пәнінің мұғалімі. Бесінші сыныпта оқып жүрген кезінде газет бетінен Пекин қаласында хореографиялық  мектепке оқушылар қабылдайды деген хабарламаны оқып, байқау-сынаққа қатысады. Кішкентайынан жұрт алдында ән айтып, өлең оқып, акробатикалық түрлі өнер көрсетіп жүргендіктен, сынақтан сүрінбей, 12 үміткердің арасынан  оқуға қабылданады. Шағын шаһардан алып қала Пекинге жол түседі.

Биші қыз 1985 – 1988 жж. Іле өнер мектебінің би кәсібінде оқып, үздік нәтижемен бітіргеннен кейін Іле аймақтық ән-би ансамбліне қабылданған.

Шұғыла Сапарғалиқызы 1989 – 1990 жж. Шыңжаң әртістік өнер институтының би факультетінде білімін толықтырып, кейін әскерге алынып, 1990 ж. Шыңжаң Қарулы сақшы бөлімі атынан бүкіл Қытай қарулы сақшысы бөлімінің мемлекеттік би жарысына қатысып, 2-дәрежелі сыйлық алады, сонымен бірге 3-дәрежелі әскери еңбек медалінің иегері болады.

Ол 1991 ж. Пекинде Қытай Қарулы сақшы бөлімі ән-би ансамбліне қабылданып, сол тұста Корея, Италия мемлекеттері мен Гонконг аудандарында өнер көрсетеді [1].

Шұғыла ең алғаш қазақ ұлтының қызы болып 1992 – 1995 жж. Қытайда тұратын 56 ұлттың тарихы мен мәдениеті, ұлттық билері оқытылатын көп ұлтты үздік өнер ошақтарының бірі –  Қытай Орталық Ұлттар университетінің халық биі факультетінде білім алады.Оқуын үздік бітіріп, Қытай мемлекеттік халық билері ұлттық ансамбліне жұмысқа орналасады [2].

Қазақстанға алғаш рет 1996 ж. Наурыз мерекесінде өз өнерін туған елі алдында ортаға салады. Сол жолы әнші Н. Нүсіпжанов басқаратын «Жазира» ансамблімен бірге Орталық концерт залында шағын шығармашылық кешін өткізеді. Ары қарай «Тамаша» ойын-сауық отауында, Жамбыл атамыздың 150 жылдық мерейтойында өнерін көрсетеді [3].

            Осылайша көзге түсіп, елімізге танылып үлгерген биші қызымыз 2000 ж. Қазақстан Президентінің «Өнерлі қандастарымыз Қазақстанға да керек!» – дегенінен кейін елшілік тарапынан бірнеше шақырту алып, өз өнерімен тарихи отанын сусындату мақсатында елге оралып, Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының балетмейстері, «Ұлан» президенттік оркестрінің бишісі атанады [4]. 

Ш. Сапарғалиқызына 2002 ж. Астанада Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанынан ректор М. Жолдасбековтың қолдауымен үлкен би залы мен екі кабинет беріліп, «Шұғыла» хореографиялық мектебін ашады. Мектеп жұмысы жайлы бишінің өзі былай дейді: «Ұлттық биді оқытатын оқулық жоқ болғанына қарамастан, жоқтан бар жасап, алға жылжуымыздың арқасында мектебіміздегі балалар саны екі жүзге жетті. Өрісіміз кеңи бастағаннан кейін жоғары жақтарға хат жазып, мемлекет қарамағына өтуді сұрадық. Өйткені балалардың көбеюіне байланысты, оларды жас ерекшеліктеріне сай, талаппен білім беру үшін мемлекеттің қамқорлығына мұқтаж болдық. Алматыда жоғары білім алып, сол жақта тұрақтап қалған мұғалімдерді жоғары жалақымен, баспанамен қамту жайы қиындық туғызды. Осындай көптеген қиындықтарды еңсеріп жүріп, мемлекеттік би мектебі болып қалыптастық. Қытайда мені оқытқан профессорларды шақыртып, би қойғыздық. Бишілерімізге «Ерке-Нұр» компаниясы керемет костюмдер тігіп берді. Сол мектепті ашып, бес жылдай жұмыс жасадым. Кейін денсаулығыма, отбасы жағдайына қарай Алматыға көшуге тура келді. Сырттай байқап жүрсем, кезінде осы ордадан білім алып шыққан қыздардың биі өзгелерден ерешеленіп тұрады» [5].

Шұғыланың жеке орындаудағы шығармашылығана тоқталатын болсақ, репертуарында 100-ден астам би болса (ұйғыр биі  – «Шыны», «Үкілі ару», «Бөрте», «Тоты құс» - «Тауыс», «Ай нұры», төл туындысы – «Шұғыла назы», «Қытайдың лента биі», «Күн астындағы Күнекей қыз», олардың арасында басқа түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық билері тағы бар) соның 30 дан астамы қазақ биі.

Ұлттық би өнеріне байланысты шешімін таппаған мәселелер де бар. Бишінің пайымдауынша, Қазақстанда ұлттық биге жеңіл-желпі қарайды. Бұл дұрыс емес. Қытайда классикалық биден гөрі ұлттық бидің маңыздылығы жоғары. Өйткені дәл ұлттық би, халықтар биін орындаушылар кез келген классикалық бимен сахнаға шыға алады. Түрлі акробатикалық қимылдар да осы ұлттық биде көп қолданылады. Тағы бір көзге байқалатыны  Қазақстандағы ұлттық билер жаттанды қимылдар мен техниалық орындау деңгейінде қалып қойған. Бидің айтары, ойы болуы керек. Оны жан-тәніңмен беріле орындап, көрерменді әсерлендіре алуың шеберліктің деңгейін білдіреді. Биді орындау кезінде сол бейне-образға толықтай енуің қажет. Бейнелеген образдың жан толғанысын, жүрек қуанышын, саусақтарыңның ұшымен, кірпік қағысыңмен, көз жанарыңмен, аяқ алысыңмен бірдіре алуың шарт. Би – қимылдар шеберлігі. Өмірдің өзі – би. Оның көркем болуы әркімнің қабілеті мен шеберлігіне байланысты.

Әрбір бидің өз мән-мағынасы, тарихы болады. Мысалы, «Тауыс» биін Шұғыла жарты жылдың ішінде үйренген. Бишінің сөзіне қарасақ, бұл би Қытайдағы № 1 би  қоюшының туындысы. Ол кісі 5-6 жыл осы құсты зерттеп, тіпті хайуанаттар бағында тауыстың қалай тұратынын, аяғын қалай көтеретінін, қанатын қалай жаятынына дейін жіті зерттеп барып дүниеге әкелген. Қытайда осы аталған би халықтық биге айналған.

Шұғыланың «Бөрте» бейнебаяны Б. Тілеуханның бастамасымен түсірілген. Алматы облысының «Үш қоңыр» жайлауында түсірілген бұл бейнебаян сюжетінің тарихи негізі бар. Ол бойынша екі жас  ғашық Шыңғыс хан аулынан қашып шығады, алайда қашып кете алмайды. Оларды қуғыншылар қуып жетеді, хан жас қыз бен жігітті өлім жазасына кеседі. Бейнебаян сценарийі бойынша сол кезде Бөрте өзінің биін билей жөнеледі. Шыңғыс ханға еріксіз жастық шағы мен Бөрте екеуінің махаббаты есіне түседі. Соңында хан жастарға кешірім жасайды [6].

Ұлттық би өнерінің даму проблемаларының шешімі бойынша бишінің өз ойлары бар, «ұлттық өнерді халықтық ету үшін мемлекеттік қолдау, бағыт-бағдар болу керек. Мәселен, мен Қытай мемлекеттік ансамблі құрамында өнер көрсеткенімде ешқашан қандай киім киемін, қайда, қалай музыкалық әуенін жазамын, концертті қалай ұйымдастырамын деген мәселе кездескен емес. Ансамбльмен бірге де, жеке де концерт өткізу толықтай жетекшілер мойнында. Тіпті әр артисті жұлдыз деңгейіне көтеру, насихаттау, жарнамалау, бет әлпеті, денсаулығының бәрі-бәрі ойдағыдай болуы алдын ала қарастырылатын. Шетелдің үлкен сахналарымен де келіссөздер жасалып, жүйелі түрде әлемнің  әр түрлі мемлекеттеріне гастрольге шығып тұрдық. Тек мен емес, бес жүз артистің жағдайы бірдей шешілген-ді» [7].

Ұлттық өнер туындыларының барлығы – біздің баға жетпес асыл қазыналарымыз. Осыларды насихаттау, өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, оларды рухани жағынан байыту еліміздің, ұлтымыздың ең басты міндеттерінің бірі болып саналады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда Ш. Сапарғалиқызының өз пікірін келтірсек, «Жат елдің арзанқол әні де, биі де зорлық-зомбылықты, көргенсіздікті насихаттау арқылы жастарымыздың санасының жабайылануына, ұлттық түп-тамырымызды жидітуге бағытталған. Ұлттық рухы жоқ жастардың отаншылдық сезімі де жойылады. Бізге шетелдіктердің әкеліп жүргені олардың ең азғын-тозғын дүниелері. Мен өнер  сапарымен талай шетелде болдым. Сонда көптеген елдердегі жастардың өз ұлттық музыкаларына деген ынталары, ұлттық салт-дәстүрлерін мақтан тұтатындықтары таңқалдырған. Испания елінің шақыруымен Мадрид қаласында болдым. Испандықтар өздерін би жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатардағы елміз деп есептейді. Менің биім жайында естіп, «қазақтың ұлттық биі бізден артып кетуі мүмкін бе» деген ойда болған болулары керек. Шынында да мен билеген қазақтың биі оларды тамсандырып тастады. Олар сол жақта менің шығармашылық концерттерімді ұйымдастыруға ынталы екендіктерін жеткізді, би өнері жағынан үнемі тәжірибе алмасып тұруға ұсыныс жасады» [8].

Дарынды өнерпаздарымыздың халқымыздың өсіп-өркендеуіне қосатын үлес-салмағы өте зор. Олардың өмірі мен өнері жастарға болашақта үлгі мен өнеге, бағыт-бағдар және жол табуға себепкер дүние. Сондықтан да белгілі бір өнер саласының дамып, алға басқанын қаласақ, өнердің өз өкілдерінің пікірімен санасып, жағдай жасауға тырысқан жөн секілді.  Барлық нәрседе сабақтастық болғаны дұрыс, әрбір кәсіби өнер шеберінің, соның ішінде Шұғыла Сапарғалиқызының да үйренуші шәкірттерінің көбейгені абзал.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1 // Түркістан. – 1996. – 17 шілде.

2 Дөңқабақ С. Шыңдағы шұғыла // Президент және халық.. – 2011. – 11 қараша

3 Тәшенов Т. Би өнерінің бөртесі // Жас қазақ.. – 2001. – 12 сәуір 

4 Жылқыбаева Б. Шұғыла Сапағалиқызы: Өмірдің өзі – би // Астана. – 2006. – № 2

(27) наурыз-сәуір

5 Құрманалиева М. Шұғыла Сапағалиқызы: «Жолы болғыш бишімін» // Ерке-Нұр.

– 2010.  – №3. 7-б.

6 Шугыла и Чингисхан: казахстанская танцовщица Ш. Сапаргаликызы // Вечерняя

Астана. – 2006. – 23 желтоқсан.

7 Жылқыбаева Б. Шұғыла Сапарғалиқызы: өмірдің өзі – би // Астана. – 2006. – 2

(27). наурыз-сәуір

8 Тұржан О. Шұғыла десе...Шұғыла // Егемен Қазақстан. – 2003. – 8 наурыз. – 4-б.

 

Нұргүл  Құрманалина (Алматы қ.) // Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының  ағымдағы мұрағаты 

толығырақ

Шаба Әденқұлқызы 1980 жылы Қытайдың Іле облысы, Текес ауданы, Кішіқұштай елді мекенінде дүниеге келген. Жастайынан өнерге құмар ол – орталау мектептен кейін, Құмылдағы арнайы музыкалық білім беретін орта техникумын оқып бітіреді де, туған жері – Текесте ұстаздық етеді. Ол сонымен қатар әншілік жолында да, шығармашылық жолында да үздіксіз ізденісте болып, сазгер ретінде көптеген әндерді дүниеге әкелген. 

Шаба 2002 жылы атамекенге оралып, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының  дәстүрлі ән бөлімінде, халық әртісі Қайрат Байбосыновтың шеберханасынан бітіреді.

Қазақтың халық әніне қан жүгіртсем деп жалықпай еңбек етіп жүрген, қаршадай қара көз қыздарыңызбен болған сұхбатымызды оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.

 

Шаба, сұхбатымызды есіміңіздің  қалай қойылғанынан бастасақ деймін...

– Менің есімімді әжем құрандағы «Сәбә» деген сөзден алып қойған екен. Қазақта киелі ұғымды өз атымен атамайтын, ұлы адамдардың атын жас ұрпаққа қойса жолы ауыр болып кетеді дейтін ырым бар. Әжем көненің көзі болғасын бұндайға қатты көңіл бөлетін. «Сәбә» деп атасақ ауыр болып кетеді деп, сол сүренің атын сәл бұрмалап «Шаба» деп атаған екен.

Сізді өнерге баулыған алғашқы ұстазыңыз?

– Менің алғашқы өнерге баулыған ұстаздарым – өзімнің жақындарым. Атап айтар болсам: әкем түрлі аспаптарда ойнап, ән салатын. Әкеме қарап сәбилік арманым оянып, ән, тақпақ айтуға әуестендім. Нұрбек деген атам шертпе күйді өте нақышына келтіріп орындайтын. Маған алғаш тақпақ жаттатып, ән айтуға баулыған осы атам болды.  Бекжан есімді кіші әкем халық емшісі әрі әнші еді. Мен кейінгі орындап жүрген көне әндердің көбін сол кісіден үйреніп, халық әніне деген қызығушылығым артты. Ал, Серік деген туған ағам гитарамен  ән салатын, кейін менде де гитараға деген әуестік оянып, ағамды ұстаз тұтып, гитара ойнай бастадым. Менің өнер адамы болып қалыптасуыма құдай берген талантым, туысқандарымның өнердегі ықпалымен қоса, Іле өңірінің әсем табиғаты мен қазақ дәстүрінің қаймағын бұзбаған халқы әсер етті деп ойлаймын.

Сахнаға қанша жасыңызда шыққаныңыз есіңізде ме?

– Бастауыш мектептің төртінші сыныбында оқып жүрген кезімде, Іле облыстық театры мектеп оқушылары арасында өнер байқауын өткізді. Сол байқауда алғаш рет үлкен сахнаға ән айтып шыққам. Одан бұрын ауыл, аудан көлемінде өнер көрсетіп жүрсем де, сондағы облыс көлеміндегі үлкен сахнаға шыққаным күні бүгінге дейін есімнен кетпейді.

Есіңізден кетпегеніне қарағанда жүлделі болғансыз-ау, шамасы?

– Иә, сол облыс көлеміндегі мектеп оқушылары арасындағы өнер байқауында жұлдызым жанып, әділқазылар алқасы бірінші жүлдені менің қанжығама байлады. Ол менің соған дейінгі ең үлкен марапатым еді, қуанғаным соншалық үйге жетіп, әке-шешемнің алқауын алғанша асығып, бір жылап, бір күлгенмін...

Өзіңіздің сазгерлік қырыңыздан да хабардар ете отырсаңыз...

– Мен өзімді азуы алты қарыс сазгермін деп айта алмаймын. Бірақ, ән жазбай тағы да жүре алмаймын. Әншілік пен сазгерлікті бір-бірінен бөліп-жармай қатар қанаттандырып келемін. Сан бар жерде сапа да бар деген, әндерімнің бәрі болмаса да, біразы халық жүрегінен жол тапты.

Әндеріңіздің алғашқы орындаушысы кім?

– Көбінесе жазған әндерімнің алғашқы орындаушысы өзім болып келемін. Өз жүрегімнен шыққан әннің көп сырын менен артық ешкім сезе қоймас. Сол үшін ән толық пісіп жетілгенше өзім орындағанды жөн көремін. Сосын барып басқа әншілердің орындауына беремін.

Әндеріңізді орындап жүрген әншілерді атап берсеңіз?

– Менің әндерімді бірнеше жақсы әншілер айтып жүр. Айтар болсам: Меруерт Түсіпбаева «Туған жерге», «Бір өкініш бір үміт», «Нұрғиса», Рамазан Стамғазиев «Қаздар қайтып барады», Ұлту Қабаева «Мен саған ғашық едім», Жанысбекова Құмар «Соңғы сағыныш», Нұрымқожина Бейбітгүл  «Мен екен дегін» қатарлы әндерімді орындап жүр.

Кейбір сазгерлер алдымен музыкасын жазып, сосын ақын іздеп сөзін жаздырдық деп жатады, ал сіз ше?

– Өз басым бүгінге дейін алдымен музыкасын, сосын сөзін жазып көрмеппін. Мен алдымен жаныма жақын жанрдағы өлең кездессе көп оқып, үлкен ыждағаттылықпен зерттеймін. Ән сөзіне санам қанық болғаннан кейін ғана әуен өзінен-өзі туады. 

Тапсырыспен ән жазып көрдіңіз бе?

– Ән деген кез-келген уақытта жазам деп жаза салатын нәрсе емес-қой. Бір ән туу үшін белгілі бір нәрселер көңіл күйге әсер етуі керек. Бірақ, сол қағидаға қайшы болса да, арнайы тапсырыспен ән жазған кездерім болды. Соның өзінде образға кіріп жазуға тырысамын.

Мысалға біреуін айта кетсеңіз?

– Өткенде бір ағамыз келіп «Жақында қызымды ұзатпақпын, мына өлеңім соған арналған еді, осыған тойда айтатын ән жазып бер», – деп тапсырды. Мен үшін әке образына кіру өте қиын болды. Ары ойланып, бері ойланып ақыры, бес-алты жылдан бері қасымда бірге жүріп сіңілімдей болып кеткен Сәбираны ұзатып жатырмын деп елестетіп отырып зорға жазып шықтым.

Бүгінгі жұлдыз атанып жүрген жас әншілерге көңіліңіз тола ма?

– Бүгінгі жұлдыз атанып жүрген әншілерге көңілім толады деп те, толмайды деп те нақты жауап беруден аулақпын. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер» демекші, халық айтса қалт айтпайды. Әркім әліне қарай бағасын халықтан алады ғой. «Ақиқат сынбайды, иіледі» дегенге сенер болсақ, ақшасына сүйеніп тыңдарманды алдап, бір қарын майды бір құмалақ болып шірітіп жүрген саусақпен санарлық әншілер алысқа бара алмайды деп ойлаймын. Бір есепте, ондай әншілердің болғаны да дұрыс шығар. Мыс көбейсе, таза алтынның құны артады емес пе...

Өзіңіздің телеэкранға жол тартқан бейнесазыңыз бар ма?

– Көп әншілер бейнесазбен көзге түсіп жүр, бұл қазіргі заманда танылудың бірден-бір дұрыс жолы. Осы үстіміздегі жылы “Үри-ай” деген атпен ән жинағымды шығардым. Бәрі де бір Алланың қолында ғой, Алла қаласа деп айтайын, алдағы уақытта бір неше әнге бейне көрініс түсіру жоспарымда бар.

Ән топтамаңызда тек өз әндеріңізді ғана орындадыңыз ба?

– Жоқ, бұл “Үри-ай” деген ән топтамам екі дискіден тұрады. Бірінші дискідегінің  көбі – музыкасын өзім жазған әндер. Оларды таза эстрадалық жанрда орындадым. Ал, екінші дискідегі халық әндері мен қазақ жұртына кең тараған авторлық әндер болғасын, дәстүрлі халық әндеріне тән шеберлікпен орындадым.

Дәстүрлі ән мен эстрадалық әнді қатар алып жүру қиын емес пе?

– Әрине, екеуі – екі бөлек дүние. Халық әндерін айтып болғаннан кейін бірден эстрадалық ән айту өте қиын. Себебі, екеуінің айту мәнері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Менің екеуін қатар алып жүруімнің бір себебі – заман талабына сай халық сұранысына сәйкесу болса, енді бір себебі – менің жазған әндерім таза эстрадалық жанрда болғандықтан, халық әнін айту мәнерінде орындауға келе бермейді. Өзімнің жазған әндерімді жұртпен жүздестіру үшін қиын болса да дәстүрлі әнмен қоса эстрадалық әндерді де айта жүруіме тура келеді...

Көп әншілер қаржылай қолдаушыға сүйенеді. Ал сіз?

– Менде қазірге дейін қаржылай қолдаушы болған емес. Шынымен де кей әншілер құдай берген таланты болмағанымен, “көкесі” берген қаржысына бір бейнесаз түсіртіріп, теледидар арқылы танылып жатады. Қазір бәрі ақшаға келіп тірелетінін ойлағанда, құдайға қараған қаржылай қолдаушы кездесіп жатса көмегінен бас тарта қоймаспын.

Ән байқауларында жиі бақ сынайсыз ба?

– Жоқ! Себебі бір неше рет ән байқауларына қатысып тауым шағылып қалған.

Сонда ән байқаулары әділ болмай ма?

– Бір байқағаным, кей кездері адамдар бәсеке басталмай жатып иеленетін орнын белгілетіп алады. Ал, оны көріп тұрған басқа адамда жеңіске деген құлшыныс қайдан болсын?! Ән байқаулары көп болып, әділ өткізілсе, көп әншілер шеберліктерін шыңдап, жасырын жүрген нағыз жас таланттардың жұлдызы жарқырап жанып, жастардың дәстүрлі әнге деген қызығушылығы артар еді еді. Орындаушысы молайса дәстүрлі ән өнеріне деген тыңдарманның да сұранысы артып, ұлттық ән өнерінің насихатталуына үлкен сеп болар еді. Амал қанша?.. Тек дәстүрлі ән байқаулары ғана емес, кез-келген өнер байқаулары көбінесе әділ бола бермейді.

Сіздің ойыңызша бүгінгі таңдағы дәстүрлі әннің халық арасында насихатталуы әлі де жеткіліксіз бе?

– Біздің атадан балаға мирас болып, жазу-сызу болмаған күнде де, ауыздан-ауызға таралып, сан ғасыр сақталып келген, дәстүрлі ән өнеріміздің бүгінгідей жетім баланың күнін кешіп, халық арасында, әсіресе, жастар арасында айтылмай ақсап бара жатуы, менің ғана емес, кез-келген өнер жанашырларының арқасына аяздай батады. Өзіміздің жасаған кең-байтақ даламыздай терең тынысты, иірімді, сазды, жаратылысымызға жақын  халықтық сарындағы әндерімізді тастай салып, батыс эстрадасының етегінен ұстап кете беруіміз барды бағаламағанымыз. Кейінгі жылдары дәстүрлі әндерді насихаттау жақсы жолға қойылып келе жатыр. Дегенмен де, дәстүрі ән мен орындаушыларының бағасын беру әлі де көп кенжелеп жатыр...

Қазіргі қызмет орныңыз туралы айта кетсеңіз?

–Мен қазір ешбір жерде қызмет істеп жүрген жоқпын. Бала күнімнен осы өнер жолына бар өмірімді арнап, танымал өнер ордаларынан мол білім алсам дем армандайтынмын, сол арманымның жетегімен, өткен жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының халық әні бөлімін бітірісімен, білімімді толықтыру үшін сонда магистратураға тапсырғам. Бүгінгі таңда сол өнер ордасында оқып жүрмін.

Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Үй шаруаларымен айналысам, фильм қараймын. Кесте тігіп, тоқыма тоқимын. Сахналық киімдерді безендірем. Кітап оқимын...

Алдағы уақытта халық сізден не күтеді?

– Жақсы шығармалар жазсам, халық әнінің танымал орындаушысы болсам деп армандаймын. Сонымен қоса, Қытай қазақтары арасында сақталған көне әндерді зерттеп, атамекенге әкеліп насихаттасам, ғылыми жинақ етіп шығарсам деген ойдамын. Қазір осы жұмысты қолға алып, зерттеудемін. Жақында Қытайға барып біраз әндер алып келдім. Құдай қаласа, алдағы уақытта тағы да барып келуге дайындалып жатырмын.

Өмірде кімдерді үлгі тұтасыз?

– Өмірде – анамды, өнерде – қазақтың бір туар жұлдыздары: Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева апайларымызды, өз ұстазым, халық әртісі Қайрат Байболсынов ағамызды үлгі тұтамын. Бүгінгі жас буын әншілерден де бір нешеуін сүйіп тыңдайтын.

Дінге деген сеніміңіз қандай?

– Әлһамдулилла мұсылманмын. Жатсам-тұрсам тіліміз бен дінімізге көбірек көңіл бөлінсе, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен деп тілеп жүремін.

Шабытыңыз шарықтай берсін. Талабыңызға табыс тілейміз. Сұхбатыңызға рахмет.

Тұрсынбек КЕШУБАЙҰЛЫ

Алтын Бесік. № 3.2009

толығырақ

Кейінгі жылдары Қытайдағы қазақтар арасында көмейден ғажайып үн шығарып, көне саз аспаптарына қосылып ән салатын бір топ талантты жігіттер өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүр. Бұл ретте ең алдымен «Тұмар» тобын ерекше айта кеткен жөн. Біз осы топ қолға алып насихаттап отырған, ғажайып өнерді оқырман қауыммен толығырақ таныстыру мақсатында, топтың белді мүшесі Зайыт Асқарұлымен хабарласып, аталмыш өнердің қыр-сыры туралы әңгімелескен болатынбыз.

– Зайыт Асқарұлы, топтарыңыз жайында сөз қозғамас бұрын, өзіңіз туралы толығырақ тоқталып кетсеңіз?

– Мен 1983 жылы 13 ақпанда Алтай қаласы, Әбитан ауылдығында дүниеге келдім. Әкем театрда әдеби кеңесші болып ұзақ жыл жұмыс істеген адам. Шешем де өнерден құралақан емес; өзіне тән жағымды даусы бар әнші болатын. «Балапан ұяда нені көрсе ұшқанда соны алады» демекші, көзімді ашып көргенім осы мәдени орта болған соң, мен де өнер адамы болсам деген арманды арқалап ержеттім. Бала күнімнен ән-күй десе ішкен асымды жерге қоятынмын. Орта мектепті бітірісімен, яғни, 1999 жылы Күйтін қаласындағы арнайы музыкалық білім беретін оқу орынына түсіп, 2001 жылы бітірдім. 2002 жылы Алтай қалалық ойын-сауық үйірмесіне домбырашы болып қабылданып, кейін келе осы үйірменің ішінен «Тұмар» деген атпен топ болып құрылдық.

– «Тұмар» деп топ құру кімнің бастамасы?

– Қалалық ойын-сауық үйірмесіне жұмысқа тұрған алғашқы жылдары үйірме басшылары бізді ауыл-қыстаққа барып концерт қоюға жиі жіберіп отыратын.  Осындай сәттердің бірінде Сарқусын ауылдығында тұратын ғажайып үні бар Әбдірахман деген ақсақалға жолығып қалдым. Ол кісінің үніндегі ешкімге ұқсамайтын, бірде сыбызғының, бірде қобыздың дыбыс бояуына ұласатын сарын мені бірден баурап әкетті.  Мен сол арада ақсақалдан әуен шығару әдісін үйретуді жығыла-жабысып өтіндім. Ол кісі үйретуге мақұлдық білдірген соң, арнайы барып сабақ алдым.  Осы өнерге қызыққаным сонша жұмыстан қолым қалт ете қалса Әбдрахман ақсақалды іздеймін де, одан қалса интернеттен осы сарындағы музыкаларды тауып алып үнемі тыңдап жүрдім. Біраз уақыт ішінде осы өнердің қыр-сырына қанығып, ақсақалдан асырып айтпасам да, ұқсатып ән салатын деңгейге жеттім. Кейін театр төңірегінде жұмыс істейтін жастар арасында көмейден көмескі үн шығарып күркірете ән салуға қызығушылық танытқандар саны да көбейді. Мен ендігі жерде өзім іздене жүріп, оларға бар білгенімді үйрете бастадым.  Жүре келе, осы өнерді жанын сала жалғастырып кетеді-ау деген бірнеше жігітті өз жаныма жинап, топ құрудың алғашқы дайындығын да бастап кеттім.

– Сонымен, «Тұмар» тобы қашан құрылды?

– Біз 2006 жылы ойын-сауық үйірмесі ішінен арнайы топ болып құрылдық. Топ алғаш құрылған мезетте негізгі шығармашылық жұмыстарына өзім басшылық еттім. Осы арада топ құрылу қарсаңында ағалық ақылымен қоса, материалдық, жақтан көп көмек көрсеткен Алтай қалалық ойын-сауық үйірмесінің басшысы  Рахметолла Ғалиоллаұлын ерекше атап өткім келеді... Бір істі бастау өте қиын шаруа ғой. Осындай қиын сәттерде осы кісі үнемі жанымыздан табылып отырды.

– Топтарыңыздың атын не үшін «Тұмар» деп қойдыңыздар?

– Қазақ халқы ежелден дінді берік ұстанған. Ел арасында құранның шындығына, құдіретіне деген тағзымынан болар, қасиетті аяттарды, дұғаларды көзқарақты молдаларға жаздырып алып, оны таза шүберек немесе теріге үшбұрыштап орап шошынған, науқастанған адамдардың мойнына, не болмаса, киімінің астарына тағып қоятын дәстүр бар. Жаңағы ұшбұрыштап тағылған дұғаны бір сөзбен тұмар дейді. Халқымыз тұмарды аяққа басып, лас жерге тастамайды. Тұмардың қастерлілігі сонша, тұмар таққан адам қайтыс болған жағдайда оны иесімен бірге жерлейді. Немесе, өте сенімді туысы тұмардың жауапкершілігін мойнына алып жоғалтпай таза сақтайтын болған. Біз қайта жаңғыртып насихаттап отырған осы сарын – халқымыз арасынан жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрған өнер еді. Біз оны халықпен қайта қауыштырдық. Демек, халқымыз өнерден жоғалтқан тағы бір таңбасын тапты деген сөз. Ендігі жерде осы өнердің жалғастырушысы болған біздің тобымызды естеріне берік сақтап, қолдап-қоштап, осы өнерді саналарына сіңіріп, тұмардай қастерлеп жүрсін деген ниетпен  тобымыздың атын «Тұмар» қойған болатынбыз.

– Көздеген негізгі мақсаттарыңыз не?

– Біздің көздеген мақсатымыз елге ұқсамайтын жол тауып, атақ шығару, не болмаса, ақша табу емес. Алғаш рет осы әуенді естігенде бәрімізде тек қызық үшін ғана үйренуді көздегенбіз. Алайда, бұл өнердің қыр-сырын меңгере бастаған тұста, бұл да халқымыздың байырғы рухани құндылықтарының бірі екенін білдік те, халықпен қайта қауыштыруды мақсат еттік. Құдайға шүкір, жаман емес. Басында «Мынасы несі?» деп бірі мұрнын шүйірсе, бірі «Қызық екен!» деп таңдана қарады. Ал бүгінгі күні өнер сүйер қауым бұл әуен өзінің ұлттық құндылықтарының бірі екендігіне толық көз жеткізіп, сүйеніп отырып тыңдайтын деңгейге жетті. Біздің көздегеніміз де осы еді. Алдағы уақытта да өнердің бұл саласын кең көлемде насихаттау жұмыстарын жалғастыра береміз.

– Топтың құрамында кімдер бар? 

– Түрлі себептерге байланысты кез келген топтың құрамында ауыстырулар мен толықтырулардың болып тұратындығы заңдылық қой. Осы үрдіс біздің топты да айналып өтпеді. Бүгінгі таңда біздің алғашқы топ құрамымыз жоқ. Дегенмен де, көбі топ жұмысы басталғаннан күні бүгінге дейін ізденіс жолын менімен бірге жалықпай жалғастырып келе жатқан жігіттер. Соның бірі Бағдат Сансызбайұлы болса, екіншісі Думан Бейбітханұлы және топ жұмысы бастағалы бері сыбызғы аспабында ойнап келген Құрманбек Бағиұлы. Кейіннен қатарымызға Мейрамбек Ақсайұлын қобызшы әрі орта дауысты көмейші етіп алдық. Бәрі де арнайы музыкалық білімі бар, өз кәсібінің мамандары деуге болады.

–        «Көмейші» деп отырғаныңыз әнші ме, әлде…

– Бала күнімізде ақсақалдарға ілесіп бір жерге бара қалсақ, ет тартылғанда үлкен кісілер «таңдайың тақылдаған әнші бол» деп ешкінің, қойдың таңдайын алып беретін. Соған қарағанда әнші деп таңдайы тақылдаған, үні ашық орындаушыны айтатын болар деп ойлаймын. Ал біз де ән саламыз. Бірақ таңдайдан емес, көмей етінен жаңғырықтыра дыбыс шығарып айтамыз. Біз ән орындағанда көбінесе көмей көп күш шығарады. Сондықтан әнші деген сөздің орнына өз орындау мәнерімізге сай көмейші деген атауды қолдануды жөн көреміз.  

– Топтың басқа музыкалық топтардан айырымашылығын атап кетсеңіз?

– Шынын айту керек, кейінгі жылдары Қазақстандағы «Мұзарттың» мәнерін қайталайтын  үш-төрт жігіттен құрылған топтардың саны қазақтар қоныстанған түрлі елдерде күрт молайды. Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиевтардан асырып айтса бірсәрі. Адам саны, дауыс бояуына дейін бір топты қайталау қай елде де жұртты жалықтырып бара жатыр. Осы тұрғыдан алғанда біздің топтың өнердегі ұстанған жолы, орындау мәнері мүлдем басқаша. Біз көбінесе  көмей сарынына салып байырғы халық әндерін орындаймыз. Сонымен қатар, көне ұлттық музыка аспаптарын дәріптейміз. Мысалы, барбыт деген аспапты бүгінгі күні көп адамдар танып-біле бермейді. Біз осы барбытты жоғалып кеткен аспап ретінде қайта тауып әкеліп халықпен қауыштырып отырмыз.

– Ол қандай аспап?

– Барбыт шекті аспаптар қатарына жататын музыка орындау құралы. Арша, қайың немесе қарағаштан ойып жасалады. Сырт пішіні домбыраға ұқсас. Бірақ біздің домбыра аспабымыз екі ішекті болып келсе, барбыт аспабына төрт ішек тағылып ойналады. Үні құлаққа жағымды да, әсем естіледі.  Бұл аспап бізге қытайлардан келген деген сөз бар. Өйткені, біздің арғы ата-бабаларымыз болып келетін үйсін хандығы тұсында хан ордасына ішкі Қытай елінен Чи Жін есімді ханша келін болып түскені туралы аңыз жиі айтылады. Сол ханша ұзатылып келген кезінде өзімен бірге Қытайдың пипа деген аспабын ала келген екен. Кейін келе қазақтар сол аспапты негіз ете отырып барбыт аспабын жасап алған көрінеді. Бұл аспаптың үні домбыра мен қобызға жақсы сәйкесетіндіктен біздің тобымыздың белді аспаптарының бірі, сонымен қатар, өнер сүйер қауымның сүйікті музыка құралына айналып келе жатыр.

– Осы аспапты үйренуге ниет білдіріп жатқандар бар ма?

– Әрине, бар. Бар емес, көп. Біз 2007 жылы Шынжаң өлкесі бойынша арнайы іріктеуден өтіп, Бейжің қаласындағы 13-і кезекті Қытай мемлекеттік жастар әні фестивалына барып қатысып, байырғы әуен  номинациясы бойынша  екінші орынды жеңіп алдық. Қытай – 56 ұлт қоныстанған көпұлтты мемлекет. Сол реткі байқауға жер-жерден түрлі ұлт өкілдері қатысып бақ сынады. Сонда байқағанымыз, жиналған өнер саңлақтарының көбінің көзі біздің ұлттық аспаптарымыз бен оюулы киімдерімізде болды. Кейбірі соған бола бізбен танысып, суретке түсіп, кетер-кеткенше қасымыздан қалмай қойды. Ал біреулері біраз болса да домбыра, барбыт, қобыз аспаптарын үйреніп қалуға тырысты. Аспаптардың тарихы туралы тілшілер де сан түрлі сұрақ жаудырып, қатты қызығушылық танытты. Ал енді өзіміздің қазақтар жиі шоғырланған өңірлерде домбыра ойнай алмайтын қазақ жоқ деуге болады. Қобыз, барбыт аспабын үйренуге қызығушылық білдіретіндер олардың арасында да күнделікті ұшырасып отырады. Бір өкініштісі,  соған қарай біздің оларға үйрету мүмкіндігіміз шамалы болып отыр.

– Бүгінге дейін көздеген мақсаттарыңызға жете алдыңыздар ма?

– Адамның арманы, мақсаты таусылған ба? Бір арман орындалса, екіншісі туып отырады ғой. Арманның түбіне жету де мүмкін емес шығар. Дегенмен де, құдайға шүкір дейміз, алға қойған мақсаттарымыз ақырындап орындалып жатыр. Қай елде болсын барлық мәселе қаржыға келіп тіреледі. Біз бүгінге дейін өзімізді өзіміз қаржыландырып келдік. Сондықтан көп жағдайларда құлашымызды кеңге жаюуға мүмкіндігіміз шектеулі болып жатады. Сонымен қатар осы аспаптарды жақсы жасайтын шебердің жоқтығы да көп іске қол байлау болып отыр.  Егер қаржылай қолдаушы табылып, жоғарыда атап өткенімдей, жақсы мүмкіндіктер болып жатса, осы сирек кездесетін қазақы аспаптарды ұлттық ансамбльдерге енгізіп жалпыластырсақ, арнайы музыкалық білім беретін оқу орындарындағы осы аспаптарды үйренушілердің санын арттырсақ және насихат көлемімізді халқаралық деңгейге көтерсек деген ойымыз бар.

– Сіздерге еліктеп ән салатын топтар құрылып жатса қалай қарайсыздар?

– Даналардан қалған «шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз бар. Мен қазір Күйтін қаласындағы көркемөнер колледжінде ұлттық аспаптардан арнайы сабақ беремін. Сондағы көздеген мақсатым да өзіміздің ізімізді басатын шәкірттер тәрбиелеп шығу. Құдайға шүкір, бұл аспаптарды ойнайтын жастардың саны күн санап артып келе жатыр. Ал көмейден дыбыс шығарып ән орындау шеберлігін үйрету қиынырақ болып отыр. Өйткені, көмейші болудың бұрыннан арнайы қалыптасқан дыбыс шығару үлгісі жоқ, оның үстіне, колледжге балалар өте жас келеді. Соған қарай, олардың дауыстары да әлі толық қалыптаса қоймағандықтан тәрбиелеуге тым қолайсыз. Дегенмен де, біз қазір өте қуаныштымыз. Өйткені, біздің осы орындау мәнерімізді қайталайтын топтар әр аймақтарда құрылып жатыр. Өнерге әркімнің де толық таласы бар. Бұл өте дұрыс бастама. Кейінгі жастардың өнерге, өмірге деген көзқарасы өте айқын.  Бұл көңіл тойдырып, көз қуантады. Біз өзімізден кейінгі жастарға тек қана тілектестік білдірміз!

Тұрсынбек Кешубайұлы

Алтын бесік. № 3-4. 2010

толығырақ

Біз бұдан бұрын да шет елдерден келген өнерпаз қандастарымыздың қыр-сырына үңіліп, қаламымыз арқылы оларды халыққа насихаттап келген болатынбыз. Міне, бүгін де сол үрдістің жалғасы ретінде Өмірхан атты тағы бір талант иесін туған халқымен толығырақ таныстырмақпыз.

Өмірхан Танысханұлы  1962 жылы наурыздың 16 жұлдызында Қытайдың Шынжаң өлкесі Сауыр өңірінде дүниеге келген. Кейіпкеріміздің толық өмірбаянына тоқталмас бұрын кіндік қаны тамған жері туралы түсіндіре кеткеніміз жөн болар. Сауыр – Алтай аймағының Жеменей ауданына қарасты елді мекен. Бұл жердің Сауыр атануының да өзіндік тарихы бар деседі жұрт. Желмаясына мініп «Жерұйықты» іздеген Асанқайғы бабамыз осы жерге жеткенде айналасына күнсала қарап тамсанып: «Пай-пай! Көлемі аттың сауырындай ғана қасиетті жер екен. Жазы салқын, қысы жылы - малға да, жанға да жайлы қоныс болғандай құтты мекен деп осыны айт. Бөктеріп кетер едім, әттең, желмаяма сыймайсың, өңгеріп кетер едім, құшағым жетпейді-ау», - деп  қия алмай көп қарайлаған екен. Абыз атаның аузының суы құруы бекер емес. Осы мекен расында  малға да, жанға да жайлы болыпты. Әсіресе, бұл жердің қасиеті мен құты ерекше екен. Олай дейтініміз, Алтай өңіріндегі аты аңызға айналған билер мен шешендердің, ақындар мен әншілердің көбі осы Сауыр топырағынан нәр алған.

Біздің бүгінгі өнері мен өмірін тілге тиек етіп отырған кейіпкеріміз де өзінің маңдайына жазылған тылсым талантын осы туған топырағымен тікелей байланыстырады.  Ол кісі әркімнің туған жері өзіне ыстық дей келіп, Сауырға деген сағынышының тым өзгеше екенін айтады. Сонымен қатар, кіндік қанының алты алашқа аты мәлім Сауырға тамғанын аса мақтан тұтып, өзін сол топыраққа борыштар санайтынын, туған жердің қасиеті әрдайым жебеп жүрсін деген ниетпен әрбір ән жинағының атын «Сауыр сазы» деп атауды жөн көргенін де жасырмайды.

Осы әңгімеден кейін Өмірхан ағамыздың күні бүгінге дейін жарық көрген  оннан астам ән жинақтарын «Сауыр сазы - 1», «Сауыр сазы - 2», «Сауыр сазы - 3» деп  рет ретімен атауының сырын толық ұққандай болдық.

Ағамыз кішкентай күнінде кәдімгідей тентек болыпты. Ең құрығанда, шешесінің қолындағы оқтауын жұла қашып, домбыра етіп ойнайтын көрінеді. Баланың бойындағы тасып тұрған талантты ауылдағы қарапайым ата-ана қайдан байқасын - күнделікті  сотқарлықтарының бірі деп аса мән бермей жүре береді. Бірақ күндер өте келе бала бойындағы өнерге деген әуестік күшейіп, шешесінің қолындағы оқтауға жармасуы тіптен жиілейді. Әкесі ауыл, ауданаралық айтыстарға қатысып жүрген ақын екен.  Алайда, арнайы шебердің қолынан шыққан домбыра оның өзінде де болмапты. Дегенмен, балам да өзім сияқты суырып салма ақын болады-ау деп үміттенген әкесі базаршылап қалаға барған бір жолында сазсырнай әкеліп береді. Бірақ бала Өмірхан есейе келе  әкесі ойлағандай қазақы қара домбыраны арқалап  айтысқа түсетін ақын болған жоқ. Десе де, әкесінің үкілеген үмітін жерге де қалдырмады. Өзінің тума талантымен қоса еңбексүйгіштігінің арқасында күндіз-түні жағаласып жүріп сазсырнайды еркін ойнайтын болды. Анасы көп құрсақ көтеріпті. Алайда, он шақты нәрестесі бірінен кейін бірі шетінеп, әбден запысты болған ата-анасы ұлдарының қабағына жиі қарап, қатты еркелетеді екен.  Есімінің Өмірхан қойылуының сыры да осы болып шықты.

Енді келесі әңгімені кейіпкеріміздің өз аузынан өрбітіп көрейік:

– Әкем алып берген сол сазсырнай менің өнер жолына келуіме  әжептәуір түрткі болды, - дейді Өмірхан аға. – Оны қайда жүрсем де күндіз-түні қолымнан тастамайтынмын.  Көп өтпей-ақ сазсырнайды өте жақсы меңгеріп алдым. Кейін қайдан тауып әкелгенін білмеймін, әкем бір сыбызғы әкеліп берді. Жағаласып жүріп оны да еркін меңгеріп кеттім. Мектепке барғанға дейін осы екі аспапта ойнайтынмын. Оқуға түсуім менің өнерге деген қызығушылығымды арттыра түсті. Мен сол балалық шағымды күні бүгінге дейін  сағынамын. Ұстаздарымыз сабақ өтіп болып, есіктен шыға бере сырнай мен сыбызғыны кезек-кезек ойнай жөнелетінмін. 15 минуттық үзіліс ойын-сауыққа ұласып, сынып ішінде опыр-топыр би болып жатады. Мұғалімдер де онымызға шек қоймайтын. Балалардың аузы аңқиып өзіме сүйінгенін көрген сайын арқаланып, одан әрмен жақсы ойнауға тырысатынмын.   Сөйтіп жүріп оқытушылар көзіне де түсіп, мектеп ішіндегі кішігірім концерттерге қатысып біршама бедел жинап та үлгердім. Ендігі арманым - домбыра болды. Әкемнің құлақ етін де жей бастадым. Сауырдағы біз тұрған Жәке бидің қонысында ағаш атаулы жоқ. Жалпы, Жеменей жерінде қарағай өспейді десе де болады. Содан әкем бір күні  атқа қонып, домбыра жасайтын ағаш іздеп көрші ауылға кетті. Мен әкем келгенше іздеген ағашы табылса екен деп тілек тілеумен болдым. Әлсін-әлсін жол жаққа қараймын. Домбыраның өзін әкеліп қала ма деген дәмем де жоқ емес...

Әкем сол кеткеннен екі күннен соң оралды. Бірақ домбыра емес, ағаш өңгеріп келді. Ішімнен бұған да тәуба дедім.  Ақыры, әкем әлгі ағашпен екі-үш күн айналысып, көптен күткен домбыраны да қолыма ұстатты. Қуанышымда шек болған жоқ... Бұрын өзгелердің домбырасына жармасудан ұялып, көбінесе тамсана телмірумен ғана болатынмын. Меншікті домбыра қолыма тиісімен өзім би, өзім қожа болып бірден ойнауды үйренуге кірістім. Сөйтіп аз уақыттан кейін домбыраға қосылып ән салатын да болдым. Менің домбырада ойнап, ән айтуым ата-анам үшін үлкен мақтаныш болды. Мектептегі кішігірім концерттерден тыс, қоғамдық ортадағы жиын-тойларға да жиі апарып ән салдырып жүрді...

Әңгіменің осы жеріне келгенде Өмірхан аға өткен күндері көз алдына келгендей біраз уақыт үн-түнсіз отырып қалды. Сосын  сөзін қайта жалғастырды. Айтуына қарағанда,  тоғызыншы сыныпта оқып  жүрген                    кезінде көркемөнер мектебіне шәкірт қабылдауға арнайы келген ұстаздар оның қабілетін жоғары бағалап, оқуға шақырады. Бірақ әкесі «алдымен толық орта мектепті бітіріп ал» - деп кәсіптік өнер мектебіне баруына рұқсат етпейді. Ол кезде әрбір аудандарда  көркемөнер үйірмелері құрылып, жұмыс жасай бастаған  екен. Соған орай, Жеменей аудандық ән-би үйірмесі, іле-шала Алтай аймақтық ойын-сауық үйірмесі жас Өмірханды өздеріне жұмысқа шақырды. Әкесі оған да көнбейді. Ақыры, ата-анасының ұйғаруы бойынша оның орта мектепті толық тәмамдауына тура келеді. Тек содан кейін ғана Өмірхан сол кездегі аудандық оқу-ағарту мекемесінің бастығы Түркия Күркебайұлы деген кісінің жол көрсетуімен Жеменейдегі ойын-сауық үйірмесіне қызметке орналасады. Осында жүріп ол алғаш рет гитара аспабын үйренеді.

 – Мен бұл аспапты тұңғыш рет 1980 жылы көрдім, - дейді Өмірхан аға әңгімесін одан әрі жалғастырып. - Өйткені, гитара біздің ауыл түгілі, Жеменей ауданында да болмаған. Мен ойын-сауық үйірмесіне қабылданған жылы бір досымның арнайы шақыруымен үйіне келсем қонақтар отыр екен. Есікке таяп қалғанымда бұрын-соңды естімеген бір үн шығып жатты. Япыр-ау, бұл не нәрсе деп терезеден қарасам, төрде отырған біреу үлкен аспапты қолтықтап шертіп отыр. Оның атының гитара екенін де білмедім. Неткен үлкен домбыра деп таңдандым да қойдым... Дастархан үстінде құйқылжыта ойналған аспаптың үні мені өзіне еріксіз баурады. Қонақтар  аймақтық ойын-сауық үйірмесінен келген жігіттер екен. Үлкен домбыраның гитара деген аспап екенін солардан сұрап білдім. Сол күні түнде қонақтар қайтып кетті де, көтеріп жүруді қолайсыз көріп, әлгі гитараны досымның үйіне қалдырды. Менің тілеп отырғаным да сол еді. Жаңағы гитарист жігіттерден аздап көріп қалғанымды таң атқанша қайталап үйрендім. Ішегі темір екен, саусақтарым қажалып, қан да шығып кетті; бірақ оған да қараған жоқпын. Таңға дейін отырдым.  Күндіз қызметке шығып, кешкісін досымның үйіне жүгіріп келсем, гитараны алып кетіпті. Сосын не керек, гитараға деген әуестік ауруына шалдықтым да қалдым. Аз күннен кейін көктен тілегенімді жаратушы жерден беріп, Жеменей сауда дүкендерінің біріне гитара келе қалмасы бар ма.  Қуана-қуана сатып алып, үйренуді бастап кеттім...

Өмірхан ағаның айтуынша бұл да оған оңайға түспеген. Өйткені ол кезде гитара курсы, гитара үйрену оқулығы деген болмайды екен. Өмірхан ағамыз радиодан берілетін гитара әуендеріне үнемі құлақ түріп, таңертең естігенін күн батқанша гитараға салып үлгереді екен де, кешкісін радиоға ілесіп орындайды екен. «Ол кезде Жеменай ауданы көлемінде гитара ойнауды ешкім білмейтін, біреуден барып сұрау тіптен мүмкін емес еді. Менің ұстазым тек радио болды», - деді ағамыз сөз кезегінде. 

Ата-анасы Өмірхан есімді ұлдарын еркелетіп кішкентай күнінде Өкен деп атаған екен. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын ол гитара қолына түскен күннен бастап күн-түн демей жанын сала үйренеді. Нәтижесінде боз бала шағында-ақ  Өкен есімімен жалпақ жұртқа аты мәшһүр гитарист, әнші болып танылады.           

Халықтың құрметіне бөленіп, қалың көптің арасынан топ жарып шығу – тума таланттар мен шынайы еңбексүйгіштердің ғана қолынан келетін іс. Өмірхан ағамыз қарапайым халықтың арасынан топ жарып қана қоймай, өнердегі қатарластарынан да оза шапқан осындай  жүйрік. Ол кісі  қазір -  Шынжаңдағы қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының бірі. Халықы сүйіп, сүйініп тыңдайтын жез таңдай, күміс көмей әнші. Тыңдарман қауым ол кісіні әрқашан да тікесінен тік тұрып құрметтеп қарсы алады.

Өмірхан ағамыздың сахнадағы серігі  - гитара аспабы. Алайда, сыбызғы, сазсырнай, мандолина, гармон, скрипка  ойнауды да күні бүгінге дейін ұмытпапты. Осыған орай, өнерде жүрген қазіргі жастарға деген көзқарасын білгіміз келгенде ол кісі былай деді:

– Мен күні бүгінге дейін бірде-бір музыка мұғалімнің алдына барып сабақ алып көрген жан емеспін. Нотаны да, аспапты да өздігімнен үйрендім. Арнайы білім беретін өнер ордаларынан білім алмайын деген жоқпын, тіпті оны   өмір бойы  армандадым да - бірақ сәті  түспеді. Ақыры, бір Аллаһтың маңдайыма жазғаны осы болар, сондықтан да бойымда5ы бар мүмкіндікті пайдала берейін деп түйдім.

Өнер адамы болу үшін ең бастысы - табиғат сыйлаған дарын-қабілет, сосын еңбексүйгіштік. Біздің тұсымызда бүгінгі білім алу мүмкіндіктерінің көбі жоқ болатын. Сондықтан да мен жастарға қызыға да, қызғана да қараймын. Қазір кім не үйренемін десе де бәрі дайын. Өнерде жүрген кейінгі жастардың жетістіктеріне дән ризамын. Дей тұрғанмен де, олардың көбіне десем артық кетермін, кейбіріне еңбексүйгіш жанкештілік жетіспейді. Олардың концертті былай қойғанда, кішігірім жиын-тойларда да жұрттың көзін алдап, дауысын алдын ала жаздырып қойып, аузын құр жыбырлатып тұрғаны арқама аяздай батады. Ол бір жағынан халықты алдау, ең бастысы бұл – өзіне өзі ор қазу. Өнер адамын халықтың сыны өсіреді. Алдын ала дауысын жаздырып, дайындап келіп халықтың алдында мінсіз талант болып көріну - шынайы еңбектенуден қорқатын нағыз жалқаудың қылығы. Еңбек болмаса, өнбек қайда бар?!. Сол үшін кейінгі жастар жанды дауысқа көшсе өздеріне деген, өнерге деген қиянаттан құтылар еді...  - деп ой бөлісті  Өмірхан ағамыз..

Өмірхан Таңысханұлының халық біле бермейтін тағы бір қыры бар. Ол – сазгерлігі. Ол кісінің орындауында тыңдарман қауым арасына кең таралып, жұртты сүйіндіріп жүрген «Шымылдық»,  «Алтай қызы», «Аманкелді», «Жеменей жердің жаннаты»   қатарлы жирмадан астам ән - өзінің төл туындысы.

 Қытай елінде отыз жылға жуық қызмет атқарып, ұлттық өнерімізге өзіндік үлесін қосқан ағамыз 2005 жылы құрметті еңбек демалысына шықсымен Қазақстанға ат басын бұрды. Ондағы мақсаты – Ақбота, Дана есімді қыздарына атамекеннің ауасымен тыныстау бақытын сыйлау екен. Сыйлады да. Ендігі арманы – өнерде өз жолын жалғастырып келе жатқан Ақботасының қанатының қатайғанын көру. Ақбота қазір  Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы өнер колледжінде жеке ән салу мамандығы бойынша оқып жүр. Нәтижесі де жаман емес.

Өмірхан Танысханұлының  2006 жылы Үрімжі қаласында өткен «Сауыр сазы» атты шығармашылдық кеші өте сәтті болған еді. Ол кісі дәл сондай концертті енді Алматы қаласында да қойсам дейді. Талант иесі келесі жылы 50 жасқа толмақ. Ағамыздың есеп беру кешін осы орайлы сәтпен байланыстырмақ ойы да жоқ емес екен...

Біз өнер иесінің таланты мен еңбексүйгіштігіне тәнті болып, таңдай қаға отырып,  оның алдағы уақытта өнердің жаңа белестеріне көтеріле беруіне шынайы тілектестігімізді  білдіреміз.

Тұрсынбек Кешубайұлы 

Алтын Бесік. № 5.2011.

 

толығырақ

Күй өнері – халқымыздың рухани құндылығының маңызды бір саласы. Ол ұлтымыздың байырғы және бүгінгі мәдениетімен тығыз байланысқан. Күй жанрының өнердің басқа саласынан ең басты айырмашылығы – адам баласы ауызбен айтып, бояумен бейнелеп бере алмайтын табиғаттың тылсым сыры мен сұлулығын музыка ырғағымен жеткізе білуінде. Халқымыздың  арасында атамзаманнан бері ауыздан-ауызға таралып  бізге жеткен “Ақсақ құлан - Жошы хан” аңызы осы сөзіміздің айқын дәлелі.

Соған орай қазақтың қасиетті қара домбырасын жанынан бір елі тастамай, күй өнерін насихаттап жүрген Нұрбек Қабылұлымен сыр бөліскен болатынбыз. Ол 1984 жылы қазан айында Қытайдың Алтай өңірі Шеміршек елді мекенінде дүниеге келген.

 – Нұрбек, сөзіміздің әлқиссасын күй өнері туралы түсініктеме беруіңізден бастасақ деймін?

– Мен ақылы асқан данагөй емеспін. Бірақ, алдынғы ағаларымыздан естігенімді айтайын: күй өнері – қазақ музыка мәдениетінің ең озық саласы. Күй - халқымыздың сан ғасыр бойы  басынан өткерген тайғақ кешулері мен тарихи тағдырының ең басты куәгері. Күй – жаратушының адамзатқа берген тосын сыйы. Күй – құдірет!.. Күй – ұран!.. Оның түрі өте көп. Күй тілі – тылсым тіл!.. Біз оны ұлтымыздың ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып келе жатқан домбыра, сыбызғы, қобыз сияқты аспаптарының үнімен ғана сезініп келдік. Осы музыка аспаптарының ішінде халқымыз арасында үнемі қолданыста болып, барынша дамығаны – домбыра. Алдынғы буын ағаларымыздың «Нағыз қазақ –қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы да содан. Міне, мен де осы үрдістің жалғасымен ұлтымыздың қасиетті қара домбырасын жаныма серік етіп жүрген жайым бар.

– Бәз біреулер «Қазақтың күйшілік өнері тоқырау кезеңінде тұр...» деп дабыл қағып жүр. Сіз бұнымен келісесіз бе?

– Жоқ, керісінше қазақтың күй өнері – өсіп-өркендеу сатысында. Олай дейтінім,  қазіргі таңда ұлтымыздың күй өнері әлемдік сахналарға жолдама алып, талайды тамсандырып жүр. Бұрыңғы домбырашылар күйді тек  есту түйсігіне сүйеніп жаттап,  атадан балаға мирас етіп келген еді. Ондай жағдайда түп нұсқаның екінші біреудің шерту барысында өзгеріп кетуі әбден мүмкін болатын.. Ал бүгінгі күні күйлеріміздің көбі ғылми шеберлікпен шертуге негізделіп, нотаға түсірілген. Қазіргі күй өнерінің бұрынғымен салыстырғанда оқ бойы озық тұратын тағы бір артықшылығы - ата-бабаларымыз өмір сүрген дәуірде бүгінгідей көп домбырашының басын қосып, оркестрде ойнату мүлдем жоқ еді. Ал қазір нотаның көмегімен бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге қол жеткізіп отырмыз.

– Соңғы жылдары күй әлеміне тағы бір тың тақырып қосылды. Ол – домбыраны жаңа заман аспаптарына қосып шерту. Бұл заман талабы шығар. Десе де, бұдан қазақы қара домбырамыздың шынайлығына нұқсан келмей ме?

– Әрине, кейбір күйлеріміз жаңа заман аспаптарына қосылғаннан кейін өзінің тарихи болмысын жоғалтып алуы да мүмкін. Бірақ, біз ұлттық күйіміздің тарихи маңызымен шектеле берсек те ұтарымыз шамалы. Өйткені, Батыс музыкасының  сарынымен тәрбиеленген қазіргі жастарымыздың көбінің қара домбыраға мұрынын шүйіре қарайтынын да ескергеніміз жөн. Сондықтан да қазақ күйін қазіргі  заман аспаптарымен сүйемелдеу - өсіп келе жатқан жастарымыздың құлағына ұлттық құндылықтарымызды сіңірудің бір жолы. Дегенмен осы арада  ескеретін тағы бір мәселе бар - байырғы күйді жаңа заман талабына сай өңдегеннің жөні осы екен деп, келсін-келмесін қазақы мәнерінен ауытқытып алмау керек. Кейбір домбырашыларымыздың күйдің ырғағын сақтағанымен, қасиетін жоғалтып шертіп жүргені қатты қынжылтады. Музыка өңдеуші домбыраға сүйемел қосу барысында күйдің тарихи болмысына нұқсан келтірмеуге баса мән берсе екен. Сүйемел домбыра үнімен қабыспаса да болмайды. Күй тарихи жанр болған соң байырғы қасиетін сақтағаны жөн.


– Қазіргі кезде музыка өңдеушілер кейбір әндердің ортасына күйлерден үзінді келтіреді. Бұл ән мен күйдің қабысуы ма, әлде, адасу ма?

– Бұл  мәселе өнерде жүрген бір топ ағаларымызбен дастарқан басында отырған бір әңгімеде де сөз болып еді. Шынымен де, көптеген музыка өңдеушілер әннің мағынасына қарамастан, халық әні былай тұрсын, эстрадалық әндердің ортасына да қазақы күйлерді қосып жүр. Бұны көп адамдар музыка өңдеудегі тың тапқырлық деп ойлауы мүмкін. Алайда, мен бұған келісіпеймін. Бұны күйдің адасуы деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, ұлтымыздың әні мен күйі - домбыраның қос ішегі іспетті  қатар  келе жатқан жанр. Енді осы екеуін үзіп-жұлып бірін-біріне жалғасақ, байырғы сапасынан айырылып қалуы әбден мүмкін. Бұдан ұтса ән жанры ұтуы мүмкін, бірақ қасиетті күйіміздің кетеуі кетері сөзсіз. Менің ойымша, ән мен күй әрқайыссы өз арнасында дамыса  нұр үстіне нұр болар еді.

– Өзіңіздің шығармашылық қоржыныңызда қанша күй бар?

– Мен осы өнерге кішкентай кезімнен бастап әуестендім. Бастауыш сыныптарда оқып жүрген кезімде үлкен ағам  Ғаламбек Қабылұлы Іле педагогикалық институтының музыка факультетін бітіріп келіп, мен оқитын мектепке мұғалім болып орналасты. Ол кісі келе салысымен домбыраға бейімі бар балалардың басын біріктіріп курс ашып, шәкірт тәрбиелей бастады. Сол қара домалақтардың ішінде мен де бар едім. Нәтижем  жаман болған жоқ. Мектеп бітірісімен Күйтүн қаласындағы кәсіптік білім беретін өнер колледжіне оқуға түстім. Бұл 2000 жылы еді. Сонда Жүмәлік Жақыпбекұлы, Берік Төлепбергенұлы қатарлы күйші ағаларымыздан сабақ алып, 2003 жылы аталмыш оқу орнын бітіріп шықтым. Содан кейін Алтай аймақтық  ойын-сауық үйірмесіне жұмысқа орналастым. Сонда істеп жүрген кезімде Қазақстанға барып  оқысам деген қиял мені жиі мазалай берді. Ақыры бір ағамыздан шақырту алдырып, паспорт жасаттым да, 2005 жылы атамекенге ат басын бұрдым. Алматыдағы П..Чайковский атындағы өнер колледжінің халық бөліміне оқуға түсіп, 2009 жылы домбыра класы бойынша бітіріп шықтым. Қазіргі таңда жеке шығармашылдықпен айналысып жүрген жайым бар. Осы аралықта менің репертуарым Қытайдағы қазақтардың күйлерімен қоса, Қазақстандағы шоқтығы биік шығармалармен үздіксіз толығып отырды. Шынымды айтсам, репертуарымда дәл қазір қанша күй барын дәп басып айту қиын. 

– Қытайдағы қандастарымыздың күй өнері туралы сөз болғанда Бейсенбі Дөненбайұлының шоқтығы биіктей береді. Сіздің репертуарыңызда  Бейсекеңнің де күйлері бар шығар?

– Әрине! Қытайда туып, сол жақта тәлім алғандығымнан болар, Қытай қазақтарының күйлерін көбірек орындаймын. Солардың ішінде Бейсенбі Дөненбайұлының күйлеріне ерекше көңіл бөлемін. Қазірдің өзінде менің шығармашылдық қоржынымдағы ауыз толтырып айтар туындының бірі -  Бейсекеңнің “Қарақасқа ат” деген күйі. Бұл күйдің ырғағы өте жігерлі болып келеді. Содан болар, күйді алғаш тыңдағаннан-ақ бірден ұнаттым. 

– Кез келген туындыны орындамас бұрын шығу тарихынан хабардар болып алу керек қой?..

– Иә, дұрыс айтасыз. Шығарма қолға түсісімен көзді жұмып алып, басынан аяғына дейін келсін-келмесін тарта беруге болмайды. Мен де бір күйді орындамас бұрын ең алдымен оның қыр-сырына үңіліп, шығу тарихын зерттеймін. Сосын жан-тәніммен шығарманы сезініп, өзім туындыға іштей ендегенде ғана орындай бастаймын.

– Мені  “Қарақасқа ат” күйінің шығу тарихы қызықтырып отыр...

– Есімде қалуынша, Қытайдағы қандастарымыз арасында Марғабылдың қарақасқа аты туралы тараған тарихи аңыз болған. Орта жүздің керей мен найман руының арасында өткен бір тойда үлкен  бәйге өтеді. Ол кезде атты бір жұмалық ғашықтықтан шаптырады екен дейді. Осы бәйгеге керей руынан шыққан Марғабыл деген қолы қысқа азамат жалғыз қарақасқа атын әкеліп қосады. Найман елінде атағы бар бір бай да бәйгеге  Балагер және Салагер деген екі атын қосады. Балакер мен Салагер де той-томалақтарда жүлде бермей жүрген айтулы арғымақтар   екен.  Қазақтың түбіне қашанда рушылдық, жікшілдік жеткен ғой. Найман елі бәйгені керейлер алып кетер деген қызғанышпен төрт жерден тосқауыл қойып, қарақасқа атқа кедергі жасамақ болады. Бірақ, барлық кедергіні шыбын шаққан ғұрлы көрмей, көктей өтіп келе жатқан қарақасқа атты ең соңында шідер салып, тобылғыға байлап тастайды. Бәйге аттарының қарасы үзіліп, алыстап кеткен мезетте қатты ышқынып тулаған Марғабылдың қарақасқа аты  тобылғыны түбінен жұлып, шідерін үзе шабады. Ақыры, топ жарып жүлделі болады. Бейсекең “Қарақасқа ат” күйін осы аңыздың желісімен шығарған екен. Күйде аттың шауып келе жатқан екпіні, ышқынысы, шабандоздың жан айқайы айқын аңғарылып тұрады.  

– Әңгімеңіз тартымды екен. Осы туындының авторы Бейсенбі туралы  қысқаша әңгімелеп беруге қалайсыз?

– Өнер адамы қай кезде де билік пен халықтың арасында алтын көпір бола білген ғой. Бейсенбі Дөненбайұлы керемет күйші ғана емес, сөзге де шешен адам болған екен. Соның арқасында халықтың қалауына ілініп, би сайланып, ел басқарыпты. Ол кісінің күй жанрындағы орындаушылық шеберлігі шертпе күй дәстүріне жатады. Ал, сазгерлік таланты өз алдына бір төбе. Бүгінгі таңда Бейсекеңнің “Кербез сылқым”, “Қарақасқа ат”, “Жеке батыр”, “Кеңес”, “Кербұлан” қатарлы жетпіске тарта күйі халық арасында кең тарап жүр.

– Қытайдағы қандастарымыздың қалыптасқан шертпе күй дәстүрінің Қазақстандағы шертпе күй шеберлігінен қандай айырмашылығы бар?

– Қазақ халқының қаны бір болғанымен, әр елдегі қоныстанған ортасына, тыныс-тіршілігіне байланысты күй мәнерінде де аздаған айырмашылықтар кездеседі. Қытай елінде тұрып жатқан қандастарымыздың күйшілік өнерінде шертпе күй басым. Ал, төкпе күй тартатын күйшілер өте аз. Ал Қазақстанда төкпе күй мен шертпе күй қатар дамыған. Әрі күй мектептері өте ертеден қалыптасып, бір арнаға түсіп үлгерген. Сұрауыңызға нақтырақ жауап берер болсам, Қытайдағы қандастарымыз орындап жүрген шертпе күйде оң қолдың қағыс мәнері мен сол қолдың қойылымының айырмашылығына қарай, одан шығатын дыбыс та өзгешерек болып келеді. Қытайда домбырадан ғылми түрде сабақ беретін оқу ордаларының кеш ашылуына байланысты, шертпе күйдің белгілі мектебі толық қалыптаса қойған жоқ. Бірақ, бұл сөзіме қарап, Қытайдағы қазақтар арасында шертпе күйді орындау жөнінен  Қазақстандағы күйшілермен иық тіресетін домбырашы жоқ деген ұғфым тумауға тиіс. Құдайға шүкір, ол жақта да Бейсенбі Дөненбайұлы, Әшім Дөңшіұлы, Қожеке Назарұлы, Тайыр Белгібайұлы, Дәулет Халықұлы сынды күй пірлері өмір сүрді. Әсіресе, менің көзім көрген Дәулет Халықұлының домбыра тарту мәнері тым өзгеше болып келетін. Ол кісіні тек шертпе күй шебері ретінде ғана емес, бабаларымыздың байырғы күйлерін кеудесіне көптеп сақтаған күй қазынасы деуге де болады... Бірақ, бүгінгі таңда Қытайдағы қандастарымыз сол қазынаны ақтарып, қажетіне толық жарата алып отырған жоқ.

– Сонда, Қытайдағы қазақтар арасында күйге деген қызғушылықтың аз болғаны ма?

– Бұл арада бір айта кететін мәселе, Қытай өкіметі сонда тұрып жатқан ұлттардың өздерінің рухани құндылықтарын іздеп, зерттеуіне еш кедергі жасап отырған жоқ. Қайта қатты қолдау көрсетуде. Мәселен, сонда тұрып жатқан қазақтар  арасында кең тараған ән-күйлердің барлығын дерлік нотаға түсіріп, мемлекет қаржысымен жинақ етіп шығарып беріп отыр. Бір өкініштісі, қыруар күш жұмсап, соншама қаржыға бастырылып шығарылған күй жинақтар тыңдарманын таппай жатады. Қазір жұрттың  көбі домбырамен орындалған халық ән-күйлерін тыңдағаннан гөрі, эстрадалық әндерді естігенді жақсы көреді. Бұл талғам жаңағы күй қазынамызда сақталған ұлттық құндылықтарымыздың құнының түсуіне әкеліп соғуда.

– Ұлттық өнеріміздің көсегесін қалай көгертуге болады?

– Ең басты мәселе, халықтың талғамы жаһандануға жұтылып барады. Біз бүгінгі жас ұрпақтың санасын Батыстың әуендерімен суғаруға әуестеніп алдық. Осы адасудан халықты құтқарып қалудың жалғыз жолы - ұлттық ән-күйлеріміздің насихатын молайту керек. Қазір Қытайды былай қойғанда, Қазақстанның өзінде халқымыздың байырғы күйлері мен әндерін радиодан ғана таратумен шектеледі. Өкінішке қарай, көк жәшікке көзі үйренген бүгінгі ұрпақтың радио тыңдауға құлқы бола қояр ма? Болмайды, әрине! Сол үшін ұлттық ән-күйлерімізбен әспеттелген қуыршақ фильмдердің санын молайту, тек қана тірі дауыста, домбыра аспабының көмегімен өтетін кештердің молынан өтуіне, көгілдір экраннан көптеп таралуына жағдай жасалуы керек. Сосын тағы бір айта кететін жәйт, өнер ордалары талапкерді тек қана талантына қарап қабылдаса. Өнер ақшаға сатылмаса біздің ұлттық өнеріміздің айы оңынан туары сөзсіз.

– Айтпақшы, Қытайда өтетін концерттер арнайы заң органдарының бақылауында болып, кештің тірі дауыста өтуі қатты талап етіледі деген сөз бвр, осы  рас па?

– Рас!.. Осы жазда ғана Майра Ілиясова, Рамазан Елебаев, Баян Нұрмышова, Нұржан Қалжан қатарлы өнер жұлдыздарымен бірге Қытай елінде біраз уақыт концерттік сапарда болып қайттым. Біраз қалаларды аралап кеш өткіздік. Сондағы ұйымдастырушылардың талабы бойынша барлық шығармаларды әр концерт сайын тек қана тірі дауыста орындадық. Кеш тірі дауыста болмаған жағдайда жауапты органдар келіп, айыппұл төлетумен қатар, келесі кеш өткізуге тиым салады екен. Біз еш реніш білдірмедік. Керісінше, бұл Қазақстанда да құптарлық мәселе екен десіп қайттық...

– Алдағы уақытта халыққа жаңадан не ұсынасыз?

– Жақында Қытай елінде “Күй керуен” деген жеке күй жинағым жарық көрмек. Өткен жылы “Керуен” деген күйге бейнебаян түсірткен едім;  құдай қаласа, ол да  жақында Қазақстан телеарналарынан жұртқа жол тартады деп отырмын. Басқа да жоспарларым көп...  

– Әңгімеңізге көп рахмет! Еңбегіңізге тек қана жеміс тілейміз.

 

Тұрсынбек Кешубайұлы

Алтын бесік.№6.2010.

толығырақ

Шеттен қоныс аударып келіп жатқан ағайындардың арасында небір өнер иелері, таланттар толып жатыр. Шіркін, солардың еңбегін шынайы бағалап, қадірлеріне жете білсек игі еді.

            Алыстан атамекенге ат басын бұрған қандастарымызды “өнерлі”, “өнерсіз” деп бөліп-жармақ емеспіз. Барлығы да Отанымызға өзіндік үлестерін қосары анық. Ал, біз солардың ішіндегі таланттыларын дүйім жұртқа таныстыруды борышымыз деп білеміз. Сол үрдістің жалғасымен алыстан атамекенді аңсап келген қазақтың тағы бір талантты ұлын оқырман қауымға толығырақ таныстырмақпыз.

Ербол Әбенұлы - 1972 жылы ақпанда  Қытай еліне қарасты Алтай қаласында дүние есігін ашыпты. Ол бала күнінен ән мен жырдың ортасында өседі. Өйткені, әкесы де өнер адамы болыпты. Ол кісі 1959 жылдан бастап Алтай аймақтық ойын-сауық үйірмесінде биші болып істейді. Ұлына биді де, домбыраны да, гитараны да алғаш үйреткен өзі екен.  Ал анасы дәрігер бола тұра, өнерден құралақан емес көрінеді. Біз анасы туралы сұрағанымызда - “ Анамды атамекенге көшіріп алдым, қазір қолымда тұрады... Ол кісі өнер десе ішкен асын жерге қояды. Менің әр туындымның алғашқы тыңдарманы сол кісі. Кейде ән де салып қояды...” – деп тебірене әңгімеледі Ербол ағамыз.

Қазақта  “әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деген мәтел бар емес пе. Кез келген ұрпақ тегіне тартпай тұрсын ба. Өнерлі отбасында тәрбиеленген ол  мектеп құшағында жүрген кезінде-ақ, анығырақ айтсақ, 1982 жылы бұрыннан мемлекеттік деңгейде жалғасын тауып келе жатқан “Өрендер ара өнер байқауына” қатысады. Сол жолы ол аз ұлттар арасынан ғана емес, бүкіл Қытай елі бойынша ағалап алға шығып, бірінші орын алтын  медалды  кеудесіне тағып қайтады. Бұл турасында сұрағанымызда:

– Ол бір мен үшін де, қазақ ұлты үшін де күтпеген жеңіс болды. Кішкентайымнан домбыра, гитара ойнайтыным рас. Бірақ, мемлекеттік бәсекеде топ жарам деген үш ұйқтасам ойымда жоқ еді. Ата-анам да таң-тамаша болып, қуаныштан жүректері жарыла жаздаған. Оған дейін орындаған күйлерімді тек радиодан ғана ара-тұра таратып жүрген. Сол жылдары Шынжаң көлеміне теледидар енді-енді келе бастаған кез еді. Менің сыйланып жатқан сәтімді көгілдірэкраннан жылт еткізіп қана көрсетіп өтті. Ақпарат тарату дамыған қазіргі кезде болса еді ғой. Қылт еткенді қалт жібермей, еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін естіп, біліп алатын. Сол тұста насихат пен ынталандыру жетіспеген болар. Кейіннен көрермен көзінен тасада қалып, алғашқы тебінімнен басылып қалдым...

Міне, Ербол Әбенұлы отызы былай тұрсын, осылайша, он жасында орда бұзған айтулы азамат. Шынында да, қаны басқа болған соң Қытай елі шашасына шаң жұқпаған жүйрік ұлымыздың шашбауын көтергісі келмеген шығар. Мейлі, қайда, қай кезде болсын өнерлі жігіт өрде озбай тұрмасы анық.

1986 жылы Күйтүн қаласында көркем-өнер мектебі ашылады. Осы жылы ауыл-аймақты аралап талантты жастарды іздеген өнер мектебінің ұстаздарының көзіне бірден іліккен ол – тұңғыш ашылған осы оқу ордасына шәкірт болып қабылданады. Арнайы касіптік білім беретін оқу ордасына түсіп сабақ алу онің көп күттірген арманы екен. Десе де, әр нәрсенің өзінің сәті түсетін кезі болады ғой. Сол жолы өнер мектебіне оқуға түсуге ниет білдіріп, кнкурсқа қатысқандар өте көп болыпты. Соншама қалың баланың ішінен таза таланттыларын таңдап алу оларға да қиын болған сияқты. Іріктеу ұзаққа созылыпты. Біреу-міреу жол - жөнекей киіп кетіп, оқуға түсе алмай қалар ма екенмін деген қорқынышы да басым болғанын айтады. Мұғалімдер оқуға қабылданғаным туралы жариялағанда төбесі көкке жетуге аз-ақ қалғандай болыпты. Енді қалай болған күнде де ұстаздарымның, ата-анамның үмітін ақтауым керек деген ол бар ынта-пейіліммен үйренуге кірісіп кетеді. “Оқуға түскен сәттен бастап менің өнерге деген түсінігім өзгерді”,- деген ағамыз:

–Адамға жақсы ұстаз жолығу бір ғанибет, сонымен қатар, көзаяңның кеңеюіне өнердегі достарыңның да әсері үлкен болады екен. Жетекшілерім Баяқын  Әлімбеков ақсақал мен Жүмәлік Жақыпбек деген кісі болды. Бітіріп кеткенге дейін сол кісілерден сабақ алдым. Курыстастарым қазіргі Қазақстанға келіп танылып жүрген Ермұрат Зейіпхан, Құрманбек Әлімғазы, Еркін Ерген қатарлы талантты азаматтар болатын,  – деп еске алды.

Осы аталмыш оқу ордасын үздік нәтижемен бітірген оны оқуы аяқталысымен, яғни, 1989 жылы Іле облыстық ойын-сауық үйірмесі жұмысқа шақырады. Сол арадан қызмет жолын бастаған ол оркестрдың домбыра және прима аспаптарында ойнайды... Халықаралық нотаны еркін меңгерген Ербол Әбенұлы – ендігі жерде оркестрге ғана байланып қалмау мақсатында гитара аспаптарына жазылған күйлерді тауып алып, ары қарай өздігінен үйрене бастайды. Күндер өте келе Гитараның тілін испандықтардан артық болмаса да, кем меңгермеген оған “шәкірт болсам?” деп келетін гитара әуескерлері молаяды. Ақыры өйын-сауық үйірмесінде істей жүріп гитара курсын ашады. Ербол ағамыздың жолын жалғастырып мемлекеттік байқауларда топ жарған шәкірттері жетерлік. Оның қайсы бірін атап отырамыз. Бір анығы, ағамыз өзінде бар білімді өзгеге үйретуден жалыққан адам емес. Әлі де ізбасар тәрбиелеп жүр. “Бар өнерді меңгерген жақсы, амал қанша, уақытым жетпейді ғой”, – деген ағамыз түрлі аспаптарда еркін ойнап қана қалмастан, "Сыбырладым”, “Сағыныш”, “Арманым”, “Түсінші мені”, “Ақ құсым” қатарлы жирмадан астам әсем әнді жұртпен жүздестірген айтулы сазгер. “Өзімді сазгермін деп айтудан ұяламын”, – деген ағамызға, не үшін олай дейсіз? Деген сауал қойған едік:

– Менің әндерімнің көбі Қытайдағы қандастар арасында  кең таралғаны рас. Бірақ, Мен өзімді сазгермін деп айта алмаймын. Мен әлі де шоқтығы биік шығармалар жаза алған жоқпын. Күндіз-түні ойлайтыным – композиторлар деңгейінде шығарма жазу. Егер шын мәнінде сол арманым жүзеге асып жатса, сол кезде композитор  деген бағаны халық бере жатар. Қазақта “ештен кеш жақсы” деген ұлағатты сөз бар. Жасым қырыққа таяп қалса да, композиторлық өнерді әлі де үйрену үстіндемін. Анығырақ айтар болсам, қазір Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының композиция бөлімінде үшінші курста оқып жатырмын. Өнер жолы ауыр жол. Ол бейне зулап бара жатқан машина сияқты. Сәл қалғып кеттің болды бағытыңнан адасып, әуелі, күл-талқан боласың деген сөз. Өнерге еш уақытта сыңар жақтылы пікірмен қарауға болмайды. Өте терең түсінік керек. Бүгінгі күні кейбіреулер, әсіресе, жастар төрт-бес ән жаза салып өзін сазгер, бір-екі әнді шала-мала орындай салып жұлдыз атанып шыға келеді. Ол дұрыс емес. Менің арқама аяздай бататыны да осы. Олар халықтың бағасын керек етпей ме? Жоқ, әлде біз тыңдарманның талғамын, оқыған нағыз әнші мен сазгерді, оқымаған қарабайыр әуесқойлардан ажырата алмайтын деңгейге дейін құлдыратып алдық па?! Білмеймін. Меніңше, халық әділ таразы. Кәсіби мамандардың өз бағасын кеште болса тура береді деп ойлаймын. Осы арада бір күлкілі уақиғаны сөз арасына қыстыра кетейін. Баяғыда өзі ән жазып жүрген жас жігіт әнтаспасын шығарғалы жатыпты. Сол сәтте біреу “Бір әннің кем болып тұрғаны-ай” десе керек. Сонда әлгі жігіт гитарасын қолына алып, ішкі үйге кіріп кетіпті де он минуттан кейін “ән дайын болды!”  деп шыға келіпті дейді. Күй болсын, ән болсын кез келген уақытта жаза салатын нәрсе емес. Сонда әлгі жігіт ән зауыты ма не? Шығарам деп шығара салатын. Кез келген нотаның басын қосып, одан-бұдан үзіп-жұлып ән жаза беруге болмайды. Шығарма жүректің түбінен шымырлап қайнап шығуы, әннің музыкасы мен сөзі сәйкес келуі керек. Кейінгілер композитор дегеннің кім екенін түсінсе ғой, шіркін!  Жаңағы көзсіз кеудемсоқтыққа баратындардың көбі түбі таяз адамдар. Көзі ашық адам болса абайлап сөйлеп, аңдап іс қылады. Сол үшін өнер адамына үздіксіз ізденісте жүру парыз. Бәрін білеміз деп айта алмаймыз. Білгеніміз бір тоғыз, білмегеніміз тоқсан тоғыз емес пе, – деп жауап берді.

Расында да, таза таланттардың қалтарыста қалып, жаратылысы жұқа болғанымен, қалтасы қалың пысықайлардың өнердегі жолының жиі болып, сахнада емін-еркін сайран салуы бізді де қынжылтады. Амал қанша?! “Сен тимесең мен тимен” деп жылы жауып қойғаннан өзге қолдан келер шара жоқ.

Бұған дейін Іле облыстық ойын-сауық үйірмесінде істей жүріп, 1993 жылдан бастап Қытайдың ансамбльдері құрамында сан мәрте елімізде болып қайтқан ағамыз  2006 жылы ата-жұртқа біржолата ат басын бұрады. Ол келген бойда Құрманғазы оркестіріне жұмысқа тұрып, екі жылға жуық өзінің өнердегі серігі болып келген прима аспабында ойнайды. – “Қазір оқуымның қарбаластығына орай еш жерде жұмыс істеп жүрген жоқпын”, – дейді ол кісі.

 Таланыттың бірі ғана өзіңнен, тоқсан тоғызы ізденістен келеді дегенді санасына сары майдай сақтаған Ербол ағамыз өнерін үздіксіз шыңдаудан еш жалығар емес. Студенттердің көбі жеке басын әзер бағады. Сіз отбасын құрған адамсыз. Жанұяңызды асырау қиын болып жатқан жоқ па? Дегенімізде:

– “Құдай десең құр қалмайсың” дейді ғой. Бір кездері аздап адасып ойын-күлкіге бой ұрып алғаным рас. Сол кездегі араласқан ортам да солай болған шығар. Бәрі де келмеске кетті. Алла өзі кешірер. Қазір өткеніме салауат айтып, бес уақыт намаз оқып жүрмін. Алланың берген рыздығын қанағат тұтып, әр іске сабырлықпен қараған пендеге бұл дүниеде жетпей қалатын ештеңе жоқ сияқты. Алғаш оқуға түскенімде тілден де, тұрмыстан да аздап қиналдым. Дәрістер көбінесе орыс тілінде жүрілді. Әлі де солай.  Бірақ, бәрін де сабырға жеңдіріп, білмегенімді күндіз-түн демей тырысып үйрендім. Қазір, міне, ел қатарлы білім алып, ештеңеден кенде қылмай отбасымды асырап отырмын. Бұл да болса бір Алланың қуаты. Бәрін айтта, бірін айт еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – дейді ағынан жарылып.

Ербол ағамыздың өмір жолында да, өнер жолында да кейінгі ұрпаққа берері мол екені сөзсіз. Бүгінгі заман тарылған, адам тарылған қоғамда топан су тобығына келмейтін жомарт жанды көптен бері кездестіргеніміз де осы екен. Жаратушы кеудесімен көк тіреген кей пенделерге сабыр, нысап беріп, Ерболдай ағаларымыздың кішіпейілділігі мен ізгілігін бойына дарытсын деп тілейміз!

Тұрсынбек Кешубайұлы

Алтын Бесік. № 3-4.2010

толығырақ

 

Жұртшылық арасынан «бүгінгі күні не көп әнші көп», «компьютермен ән өңдеушілер орындаушылардың да, әннің де шынайылығын жоғалтып болды», «әнші де – әнші, әкім де – әнші» дейтін  пікірлерді құлағымыз жиі шалады. Кейбіреулердің сахна сәнін кетіріп, кейбірінің көрермен көзін алдап жүргенініне бола, халық музыка өңдеушілерді кінәлайтын сыңайлы... Біз бүгін осы түсініксіз түйткілді оқырман қауымға толығырақ түсіндіру мақсатында музыка өңдеу мамандығын толық меңгерген Ержан Мадиярұлын сөзге тартқан болатынбыз. Бұл азамат – көршіміз Қытай елінде туып өскен өзіміздің қандасымыз. Ендіше, әңгімемізді ары қарай кейіпкеріміздің өз аузынан өрбітейік...

– Ержан Мадиярұлы, әңгімемізді бастамас бұрын өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз?

– Мен 1982 жылы тамыздың 2-жұлдызында ҚХР, ШҰАР-нының Үрімжі ауданы Чүйшигу елді мекенінде өмір есігін аштым. Көп балалы отбасынанмын. Жанұямыздың тұрмыстық жағдайына байланысты мен орталау мектепті бітіргеннен кейін оқуымды жалғастыра алмадым.  Менің атам Қамза деген кісі өте өнерлі адам болған еді. Кішкентайымнан сол кісінің ауыл-ауылды аралап «Аю биін» билегенін, домбыраны аяғымен шертіп, дүйім жұртты тәнті еткен өнеріне көзайым болып өстім. Содан болар, кейін келе мен де домбыра тартып ән айтумен бірге, күйсандықты ойнап, той томалақтарда, кішігірім концерттерде жиі бой көрсете бастадым. Өнер адамын өсіретін де, өшіретін де халық қой. Міне, осылайша ауылдың әуесқой музыканты болып жүрген жерімнен бірінші құдай, екінші халық өзі көтерді. Өнерсүйер қауым қолдап-қоштап үлкен сахналарға шығуыма демеу болды...  Халық қолдап жұрт көзіне түсе бастаған тұсымда, яғни, 2003 жылы Үрімжі қаласындағы «Жаңа әуен» өнер орталығы арнайы ұсыныспен жұмысқа шақырды. Сонда музыка өңдеуші, әрі әнші болып ағымдағы жылдың наурыз айына дейін жұмыс жасадым. Қазір өзім дербес тірлік бастадым. 2008 жылы ұлтымыздың өнерде жүрген бір аруымен шаңырақ көтергем, қазір Кәусар есімді бір қызымыз бар. Атамекенге өзім ғана келдім. Әйелім мен балам қазір Үрімжі қаласында тұрып жатыр.

– Демек, сіз Қазақстаннан қоныс шалып жүрсіз ғой?

–  Бұл менің атамекенге үшінші мәрте келуім. 2007 жылы келіп бір әніме бейнебаян түсіріп қайтқам. Өткен жылы өнер сапарымен Өскемен де  болып, бір аптадан астам уақыт концерт қойған болатынбыз. Осы жолы да “Қаражорға” өнер ұжымының кезекті концертіне жігіттердің шақыртуымен арнайы келіп отырған жайым бар. Бұл жолғы өнер сапарым менің атамекенге біржолата қоныс аударуыма түрткі болып отыр. Соған қарағанда жатжұртта қалған жанұямдағылардың туған жердің топырағын басатын күні алыс емес деп ойлаймын.

– Екі рет концерттік сапармен келіп, Қазақстан жұртшылықпен қауыштыңыз. Көрермен қауым Қытайдағы қандастарымыздың өнерін қалай қабылдап жатыр?

– Қандастарымыз қоныстанған Шынжаңдағы ұлттық өнеріміз өзіндік бояуымен ерекшеленіп келеді. Оның басты себебі – Шынжаңдағы өнер саласының тамыры Қазақстанмен жалғасқан.   Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Қазақстанда басталған  өнер саласындағы тоқырау Шынжаңдағы қандастарымыздың өнеріне де әсер етпей қойған жоқ. Ал, қазір бәрі ақырындап оңалып келеді. Сұрауыңызға орай айтар болсам, Қазақстандағы тыңдарман қауым Қытайдағы қандастарымыздың өнерін өте жақсы бағалап жатыр. Сөзімнің дәлелі ретінде «Қаражорға» биін айтайын. Біз әр концерт қойған сайын «Қаражорға» биін көрерменнің сұранысы бойынша бірнеше қайта қоюға мәжбүр болдық. Бұл би осы жақта бұрындары ұмыт болып кеткен көрінеді, көп адам билей алмайды екен. Соған қарамастан, қол соғып, орындарынан шулап тұрып, кейбірі шамаларының келісінше билеп те жатады. Ал, әнге деген қошаметтері мүлдем басқа...

– «Қаражорға» биі дегенде есіме түсіп отыр. Қателеспесем, сіз «Қаражорға» әнін алғаш орындаушылардың бірісіз ғой?

– Дұрыс айтасыз. 2003 жылы «Жаңа әуен» өнер орталығында жұмыс істейтін Қажымұрат Шешенқұл, Дәрен Нұрқожа, Нұртай Әмен төртеуіміз тұңғыш рет «Қаражорға» күйін өңдетіп, Мерей Тұрдақынұлы деген азаматқа сөз жаздырып орындап шықтық. Бұл бір өте сәтті бастама болды. Содан бастап Қытайдағы қандастарымыз арасында «Қаражорға» биінсіз той өтпейтін болды. Ұзамай Сайрам көлінің жағасында түсірілген бейнебаянымыз жұрт ішіне кең таралды. Қазақстан жұртшылығына қазіргі тарап жүрген «Қаражорғаның» бейнебаяны сол түп нұсқаның өзі.

–  «Қаражорғаның» авторы халық екеніне шүбәсіз шығарсыз?

– Әрине, “Қаражорғаның» авторы халық екеніне еш таласым жоқ. Бұл біз ес білгелі тойдың көркін қыздырып келген халықтық сарындағы шығарма. Бізден бұрын қанша жыл дәурендеді оны бір Алланың өзі ғана біледі. Кейбір азаматтардың «Қаражорғаның» авторы менмін деп кеуде ұрып жатқанын да көзім шалып қалған кездер болды. Бұлай деу тым ұятты іс. Бір айта кететін мәселе, бүгінгі халық арасына кең таралып жүрген «Қаражорға- ның» әуені байырғы бабаларымыз билеген «Қаражорғаның» түп нұсқасы емес. Қазіргі «Қаражорға» заман талабына, бүгінгі музыка аспаптарының мүмкіндігіне қарай өзгеріске түскені анық. Нақтырақ айтар болсам, бүгінгі «Қаражорғаның» ырғағында «Салкүрең» күйінің алар орны көп. Ал, «Қаражорғаның» ырғағына «Салкүреңнің» ырғағын қосып, заманауи аспапта өңдеп шықтым екен деп бәз біреулер өзін автор санап алса ағаттық болар.

– Қытайда бейнебаян түсіру, ән жинағын шығару Қазақстанға қарағанда оңайырақ деген рас па?

– Қай елде болса да өнер адамы үшін халықтың сынынан өту оңайға соқпайды. Әсіресе, Қытайдағы тыңдарман қауымның өнер адамына деген талғамы біршама жоғарлап кетті. Әрине, Қытайда бейнебаян түсіру, ән жинағын шығару Қазақстанға қарағанда техникалық тиімділіктерге байланысты арзан түсетіні рас. Сондықтан кейбір әуесқой музыканттар да  жеке жинақтарын тез шығарып үлгереді. Дейтұрғанмен де, оны халыққа қабылдату Қазақстанға қарағанда анағұрлым қиын түседі. Бұл жақта әншілер халықты жиып алып, әлі фонаграммамен кеш өткізіп жүр. Ал, ол жақта қазіргі таңда мүмкін емес.

– Жоғарыда «әнші әрі музыка өңдеуші болып жұмыс жасадым» деп отырсыз. Сізді халық көбінесе әнші ретінде бағалай ма, әлде, музыка әрлеуші ретінде тани ма?

– Мен әу баста өнер сахнасына әнші ретінде келдім. 2000 жылы «Сағындым сені арманым» атты ән жинағым жарық көрді. Ол кезде Қытайда да ән жинақ шығару қиынға түсетін. Соған қарамастан, сол ән альбомым неше мәрте бастырылып таралды. Жоғарыда айтып өткенімдей 2003 жылы «Жаңа әуен» өнер орталығына келгенге дейін музыка әрлеу менің қосымша қызығушылығым ғана болып келген. Кейін бірте-бірте әншілігім екінші орында қалып қойды да, ән өңдеу шеберлігім басым бола бастады. Мен жасаған көптеген әндер халықтың арасына кең тарап, біршама жұлдыздар халықтың құрметіне бөленді. Сол жұлдыздар арқылы да халық мені кең таныды. Дәл қазір көрерменге көбінесе ән әрлеуші ретінде танымалмын.

– Сізбен жұмыс жасап, жұлдызы жанған әншілерді атап өтсеңіз?

– Кез келген адамның өмірде болсын, өнерде болсын бірінші қолдаушысы тек қана Алла, екінші қолдаушысы халық. Бүгінге дейін Қытайдағы қазақ әншілерінің ішінде менімен жұмыс жасамағаны кемде-кем. Әсіресе, бүгінгі таңда, Қытайдағы қазақтармен қоса, Қазақстан тыңдармандарына да танылып келе жатқан Ахметжан Рабжанұлы мен Қажымұрат Шешенқұлұлы менімен өте көп жұмыс жасады. Нәтижеміз де жаман болған жоқ. Мен өңдеп, солар орындаған көптеген әндер халық арасына кең таралды.

–        Мәселен...

– Мәселен, Қажымұраттың орындауындағы «Бүлдірген қыз», «Сенің туған күніңе», «Ана», «Сені ғана», «Меңді бала», Ахметжанның орындауындағы «Бұлбұл құсым», «Қаракөзім», «Киелі махаббат» қатарлы әндер халық арасына кең таралып жүр.

– Бір әннің халық арасына кең таралуы тосын жағдай ма, әлде, хит болатын әнді алдын-ала болжап білуге бола ма?

            – Менің ойымша кез-келген әннің халық жүрегінен алатын орнын әнді өңдеп болған мезетте, тыңдарман қауымға ұсынбай тұрып-ақ білуге болады. Мысалы, мен Ахметжанның орындауындағы «Киелі махаббат» деген әннің сүйемелін жасап, даусын жазған күні осы ән көп өтпей хит болады дедім. Бірақ, сонда отырғандар сенгісі келмеді. Сол күні басқа да жұмыстарым шығып қалып, Ахметжанның даусын толық реттеп бола алмаған болатынмын. Ертесі «бейнебаян түсіртемін» деп Ахметжан әннің алғашқы өңделген нұсқасын алуға келді. Мен ән өте сәтті шықты, толық өңделіп болғанша екі-үш күн күте тұр деп әнді бергім келмеді. Бірақ, Ахметжан айтқаныма көнбей әннің толық өңделіп болмаған нұсқасын өзіне жаздырып алды. Көп ұзамай «Киелі махаббаттың» шала өңделген нұсқасы халық арасына кең таралды да кетті... Қазақстанға келіп таралып жатқан да сол толық өңделмеген нұсқасы екен.

– Кейін осы олқылықтың орнын толықтыруға мүмкіндік болмады ма?

– Халық деген тасыған алып дәрия ғой. Оның толқынына сүңгіп кеткен кез-келген нәрсені алып шығу қиынның қиыны. Ахметжан да оны таратайын деп ойламаған. Бейнебаян түсіретін режиссер компьтеріне көшіріп жатқанда жанындағы отырған бір жігіт «ешкімге бермей өзім ғана тыңдап жүремін» деп қоярда қоймай дискіге жаздырып алған екен. Кейін соның көңілшектігінен қолдан-қолға таралып кетсе керек. Біз толық өңделген нұсқасын халыққа ұсынып үлгергенше, бір апта болмай жатып жаңағы шала өңделген нұсқа халықтың құлағына сіңіп болды... Артынан толық өңделген нұсқасын қоса тараттық. Жай халық қой біле бермейді. Бірақ музыкадан хабары бар адамдар екеуіндегі айырмашылықты бірден байқап қояды.

– Сіздің Шынжаңда  жақсы қошаметке бөленгеніңізді білеміз. Кейде халықтың қолпаштауы өнер адамдарын асқақтатып жібереді. Анығырақ айтар болсам, кей өнер иесі жұлдыз ауруына шалдығып, халықты көзге ілмей кетіп жатады. Ал, сіз ше? 

– Расында да кейбір өнерде жүрген қатарластарымыздың болмай жатып «болдым», толмай жатып «толдым» деп кеудесімен көк тіреп шыға келгенін көргенімде қатты қынжыламын. Көп нәрсе оқығаннан емес, Алланың адамның санасына берген түйсігінен болады ғой. Ондайлардың ақылының жеткен жері сол болған соң шара не?! Жаңағы «жұлдыз ауруы» дегеннің өзі такаппарлықтың ең асқынған түрі. Құран хадисінде кеудесінде тарының үлкендігіндей тәкәппарлығы бар пендеге жұмақтан орын жоқ деген екен. Құдайым кеудемсоқтықтан сақтасын. Ондайлардың кешірімін де, жазасын да Алла, одан қалса халық береді ғой. Көбінесе жеке адам өзіне өзі баға бере алмайды. Ал, адам өзіне халықтан бұрын баға берсе үлкен қателікке баруы мүмкін. Ең әділ таразы – халық. Сол үшін мен халықтың бағасы мен пікірін көп тыңдаймын. Айтпағым, менің тура бағамды халық өзі бере жатар. Ал, өзімнің ойымша мен халықтың қошаметіне ешбір есірген адам емеспін. Қайта халық қолдаған сайын өзіме үлкен жауапкершілік жүктеп отырамын.

– Халық арасынан «қазір кімде ақша болса сол жұлдыз» деген пікірді жиі құлағымыз шалады. Сіз бұнымен келісесіз бе?

– Мен талантты, өнерді ақшамен бағалауға үзілді-кесілді қарсымын. Қазіргі таңда халық арасында фонаграмма туралы жаңсақ пікір бар. Олардың ойлауынша ақша төлесе болды музыка өңдеуші негізі жоқ әншіден керемет талант иесінің даусын жасап шығады деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес. Қымбатырақ ақша төленіп, озық аппаратурада істелген әннің сүйемелі жақсы жасалуы мүмкін. Алайда, әншіде дауыс болмаса бәрібір одан еш нәтиже шықпайды. Басқа музыка әрлеушілер де солай деп ойлаймын, мен өз басым қанша артық ақша төлесе де, таланты жоқ әншімен жұмыс жасаған емеспін. Жасамаймын да.

– Ереке, ақиқатты айтуға жаны құмар жандардың бірі сияқтысыз ғой...

– ...Мен әр нәрсенің ашығын айтқанды жақсы көремін. Сол үшін кей жерлерге сыймай қалып жататын жайым да бар. Бірақ, бұл мінезіме еш өкінген емеспін. Кейбір азаматтар заң-саясаттың қабағына қарайлап ашық пікір айтудан ат тонын ала қашып жатады. Меніңше ол дұрыс емес. Қай заманда да бас кеспек болса да, тіл кеспек болмаған. Айтуға тиісті пікірді айтып қалудың өзі парыз деп білемін...

– Қазақстанда эстрада жанрында ән салып жүрген жас әншілердің біразы Мейрамбек Бесбаевқа еліктейді. Тіпті дауыс мәнерін айнытпай салып алғаны соншалық,  кейбір әндерді М. Бесбаев орындаған екен деп қаласыз.  Қытайдағы жастар арасында да еліктеу басым болып тұр ма?       

– Шынымды айтсам, мен де алғаш рет әншілік жолымды біреуге еліктеп айтудан бастадым. Еліктеудің өзі бір өнердегі алғашқы қадам. Еліктеу арқылы біреудің ән айтудағы артықшылығын үйренуге болады. Қазақта «өнерді үйрен де, жирен» деген сөз бар. Осы сөз тура еліктеудан бастаған өнер адамдарына қаратылған сыңайлы. Өнер адамы біреудің желі көшірмесі болып қалса, одан өткен бақытсыздық жоқ шығар. Егер еліктеушінің өзінде аз да болса талант болса, өзінің біреуден дараланып тұратын дауыс мәнерін қалыптастыруы керек. Мен өз басымды алып айтар болсам, өңдеген музыкамда болсын, жазған, айтқан әндерімде болсын өзгеге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігім бар. Соның арқасында жұрттың бәріне болмаса да, біразына ұнап жатады. Бір өкініштісі, қазір Қытайдағы қандастарымыз арасында да біреуге көзсіз еліктеуден көз аша алмай жүрген жастардың қатары күн сайын молығып келе жатыр. Бұл жақсы емес.

– Өнер жанкүйері ретінде бүгінгі шоу-бизнеске қандай реформа керек деп ойлайсыз?

– Жалғандық жаулаған жерде шынайылыққа еш уақытта жол жоқ. Өнер біздің идеологиялық құралымыз, рухани құндылығымыз. Өнерде шынайылық болғанда ғана біз өсіп-өркендейміз. Шынайылыққа келудің жолы – ұлттық нақыштағы әндерімізді тірі дауыста шырқау...

–        Рахмет! Әр қадамыңызға тек сәттілік тілейміз.

                                                                                    

                                                                                    Тұрсынбек  Кешубайұлы

Алтын Бесік. № 3-4. 2010.

толығырақ

Ерғали Заханұлы – 1973 жылы ақпанда Қытайдың Санжы қаласы, Ашылы ауылында дүниеге келген. Қытай елінде өткен түрлі ән байқауларының жеңімпазы, Қытай мемлекеттік «Жастар» сыйлығының иегері. Ұлағатты ұстаз, танымал опера әншісі.

– Ерғали аға, оқырман қауымға түсінікті болуы үшін сұхбатымызды өзіңіздің туған мекен, отбасыңыз туралы таныстыруыңыздан бастасақ.

–  Мен Қытайдың Шынжаң өлкесі, Санжы қаласында дүниеге келдім. Облыс орталығы – Санжы қаласы. Оның қарамағында Құтыби, Мори, Манас, Мишуән, Жемсары, Шонжы, Фукаң, Санжы қатарлы сегіз аудан бар. Мен дүниеге келген Санжы ауданында қазақтар көп шоғырланған. Соның әсерінен болар, бала күнімнен ұлттық салт-дәстүр мен өнерге қанық болып өстім. Толық орта мектепті бітіргеннен кейін, яғни, 1994 жылы Шынжаң көркемөнер институтына оқуға түсіп, 1998 жылы осы оқу ордасын бітіріп, Іле педагогикалық институтына оқытушы болып жұмысқа орналастым. 2001 жылы Шынжаң көркемөнер  институтында өзіммен бірге оқыған, Гүлмира Сіләмбайқызы есімді қызбен отбасын құрдым. Ол да өнер адамы. Құдайға шүкір, содан бері тату-тәтті тұрып келеміз. Ұлағат есімді бір ұлымыз бар. Екеумізді таныстырған өнер жолы.

– Халқымыз ержігіт – «сегіз қырлы, бір сырлы болу керек» деп жатады. Сіздің ойыңызша қазіргі күні ержігіт қандай болуы керек?

– Бүгінгі заман талабына үңілер болсақ, кез келген адам өзінің мамандығы бойынша сапалы да, ұтымды жұмыс жасаған жөн. Сол тұрғыдан алғанда, әр азамат өзінің жанына жақын келетін бір-екі мамандықпен тұрақты айналысса тиімді болмақ. Ал бұрынғыдай жеті-сегіз мамандық бойынша жұмыс жасау тым қиын шығар. Тағы бір айта кететін мәселе, ең бастысы ер жігіт бұрынғыдай білекпен емес, ақылмен еңбек етсе Отанға да, отбасына да опалы болары сөзсіз.

–        Азамат ретінде өзіңізді қалай бағалайсыз?

–  Мен өзім әнші ретінде қалытасумен қатар, ұстаздық жолды да жақсы жалғастырып келемін. Енді, адам ешуақытта өзіннің қандай екенін біле бермейді ғой. Әр пенденің бағасы сүрген ғұмырымен емес, халыққа сіңірген еңбегімен бағаланады. Халық – айна, халық – таразы. Мен қандай азаматпын – оның бағасын беретін халық. Ең басты артықшылығым – күні бүгінге дейін өнерге өте адал болып келдім. Алдағы уақытта да солай бола бермек.  Аздап өлең жазып, кейде ән де шығарып қоямын. Бұның бәрі өнердің төңірегіндегі артықшылықтарым болғандықтан бұған бола өзімді «сегіз қырлымын» деп атаудан аулақпын.

– Өнер адамының көп күндері түзде өтеді. Сіз отағасы ретінде өнер жолын өмір жолымен қалай байланыстырып жүрсіз?

– Өмірде болсын, өнерде болсын барлық байыптылық, түсінушілік жеңеді. Біз әйелім екеуіміз де өнер адамы болғандықтан гастрольдық сапарларда, көбінесе, бірге жүреміз. Ол кезде үйдегі бала-шағамызға ата-анамыз келіп қарайласып тұрады. Ал біріміз үйде қалған жағдайда өзара түсінушілікпен қараймыз. Мен екі жыл болды Қазақстанға келіп, білім толықтырып жатырмын. Ал отбасыма әйелім, одан қалса ата-анам қарап жатыр.

– Отбасылық береке бекем болуы үшін не нәрсе маңызды деп ойлайсыз?

Жоғарыда да атап өткенімдей отбасылық береке бекем болуы үшін ең бастысы, ерлі-зайыпты екі адам бір-бірімен түсіністікпен қарау, сонымен қатар, екі адам да отбасына тең жауапкершілікте болуы керек. Жанұя болған соң отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Екі жақтың бірі қатты кеткенде екіншісі жұмсарып сала беруі керек. Әрқандай адам өзінің жарына бір нәрсені қатты айтса жек көргенінен айтпайды, кемшіліктері жойылып, сүйген жары жақсы болғанның үстіне жақсы бола берсе екен деген ізгі ниетпен айтады. Оны қарсы жақ дер кезінде тура түсінуі керек. Сонымен қатар, әр адам өзінің қателігін танып, кішілік таныта білген жағдайда отбасылық береке бекем болады деп ойлаймын. Мысалы, мен өз отбасымды алып айтар болсам; біз екеуміз де педагог болғандықтан ба, жоқ әлде, екеуміз де бір саланың адамы болғандықтан ба, әйтеуір, біріміз қатты кетіп бара жатсақ екіншіміз тез басыла қоямыз. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екендігін артынан ашу тарқап, жайма-шуақ шақ келгенде сараптап аламыз. Мен ер адам қашанда әйелден жоғары тұруы керек деп менмендікке салынбаймын да, ал әйелім орынсыз тік мінез танытқан емес. Қайта менің өнерімді қолдап-қоштап отырады. Міне, қазір де әйелім отбасын асыраумен қатар, жиған-тергенін маған жіберіп, алаңсыз білім алуыма жағдай жасап отыр.

– Заман талабы ма, жоқ әлде, халықты адастырып алдық па, қайдам. Бүгінгі күні опералық әннің тыңдарманы азайып кетті. Сонымен қатар, бұл ән жанрының ішіндегі ең қиын түрі. Сіз бұның бәрін біле тұра неліктен осы жолды таңдадыңыз?

– Мен кішкентай күнімнен Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, Күлмән Шүленбайқызы, Хамит Ысқақұлы қатарлы қазақтың классик әншілерін тыңдап өстім. Бала күннен әнші болсам, әсіресе, осы аға-апаларым сияқты халықтың қошаметіне бөленіп жүрсем деп армандаушы едім. Соныма қарай, ата-анам да менің талабымды тойтармай, толық орта мектепті бітіргеннен кейін бірден өнер ордасына түсіп, білім алуыма қолдау білдірді. Әр нәрсенің өзінің ыңғайы, сәті болады екен. Мен сол өнер институтына түскен мезетте Тоқан Сымағұлұлы деген ағамыз Қазақстаннан білім алып келіп, осы оқу орнына мұғалім болып келе қалды. Тоқан ағаны опералық әннің не екенін тұңғыш рет Шынжаң көлеміне танытқан бірден-бір әнші десем артық айтқаным болмас. Ол кісі келген бойда өзінің жеке шығармашылық кешін өткізді. Ондай кеш күні бүгінге дейін Шынжаң көлемінде қайталанып көрмеген шығар. Ендігі жерде менің аңсарым Тоқан ағамызға шәкірт болуға ойысты. Ол арманым да орындалып, оқуға түскеннен бастап бітіргенге дейін сол кісінің шеберханасынан дәріс алдым. Осы барыста мен «опералық ән деген не?», «әнші деген не?» деген сауалға толық жауап тауып кетпесем де, осы жанрдың қадір-қасиетіне, қыр-сырына қанық болып шықтым. Әрі өзімнің жаныма жақын жанр екеніне толық көз жеткіздім. Кейін жұмыс барысында әлі де болса үйренетін нәрселерімнің көп екенін сезіндім. Содан бастап опералық әннің мамандары мол шоғырланған атамекенге келіп жалғасты. Білім толықтырсам деген ой мені көп мазалайтын. Міне, оның да сәті түсіп екі жылдан бері Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында Ұлан Кенжебек ағамыздан дәріс алып жүрмін. Құдай қаласа, осы оқу жылы магистратураны бітіремін.

– Болашақта эстрада жанрына қарай ойысып кетпейсіз бе?  

– Бауырым, бұл сауалды маған жайдан жай қойып отырмағаныңды білемін. Расында да, кейінгі жылдары көптеген опера әншілері тыңдарман талабына, нарықтың сұранысына қарай бейімделіп, эстрадалық әнге даусы келмесе де, өзін зорлап әнші атанып, жүргенін көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Әрине, эстрадалық ән ақша табуға, жан бағысқа тиімді. Бірақ, асыл өнердің келешегіне пайдалы ма, жоқ па, оны жаңағы әншілердің көбі сараптап жатпайтын сияқты. Бүгінгі заманның қабағына қарасаң өнерді базарға салу керек те шығар, алайда, өз басым осы өнер арқылы ақша табуды көздеген емеспін. Мен әу баста осы опера жанрын таңдар мезетте көп ойланып-толғанып, ақыры қиын болса да осы жолмен жүруді ұйғарғам. Алдағы уақытта да ақша тұрмақ, ат басындай алтын берсе де, опералық ән айтудан айнымайтыныма сенімдімін.

– Қазіргі «қазақ эстрадасының» бет алысына әркім әр түрлі пікір айтады. Бұл жанрдың бүгінгі даму деңгейіне көңіліңіз тола ма? 

– Бәрін айт та бірін айт, кез келген уақытта қолда барға шүкірлік ету ләзім. Сол тұрғыдан алғанда «бұған да тоба» деуге тура келеді. Шын мәнінде, көңіл толмайтын жағдайлар толып жатыр. Мәселен, біздің ұлтымыз қазақ болған соң музыканың әр жанрында өзіміздің ұлттық бояуымыз көзге ұрып тұруы керек. Өкінішке қарай, бүгінгі қазақ эстрадасы олай болмай тұр. Анығырақ айтар болсам, көп әндерді саз деуден гөрі батысқа көзсіз еліктеуден туған шуыл деуге болады. Ол аздайын, бірін-бірі қайталайтын топтардың санына жету қиын. Әрине мұндай шуылдың ішінде таза талантымен, орындаушылық шеберлігімен тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүрген Мейрамбек Бесбаев қатарлы өнер шеберлері де бар. Бірақ, өте аз. Эстрадалық әндердің дыбыс жиілігі төмен, орындауға оңай. Алайда, оны орындаушы жан-тәнімен түсініп, барлық ынта-жігерімен орындағанда ғана жұрттың жүрегіне жетеді. Әншілер айқайдан гөрі осыған баса мән берсе деп ойлаймын. Ең басты мәселе – қазіргі қазақ эстрадасын жасандылық жаулап бара жатыр.

–          Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының магистратурасын өз мамандығыңыз бойынша бітіріп жатырсыз. Алдағы уақытта атамекенде қаласыз ба, әлде, Қытайға қайтасыз ба? 

– Өтірік сөйлеп көлгірсігенше, шынын айтсам айып бола қоймас. Адам әрқашанда алдына белгілі мақсат қойып барып жұмыс істейді ғой. Менің осында келу алдындағы мақсатым бір жолата табан тіреп тұрып қалу емес, білім толықтырып қана қайту болатын. Сол үшін де оқу бітірісімен, Қытай еліне барып, қызмет етуді көздеп отырмын. Онда қайтудағы басты себебім: біріншіден Қытайда тұрақты қызмет орным бар. Екіншіден отбасым, бүкіл туыс-туғаным сонда тұрады. Үшіншіден онда да милионнан астам қандастарымыз қоныстанған. Оларға да біздей өнер адамы ауадай қажет. Төртіншіден тәрбиелеп жатқан шәкірттерім бар.

– Өнер адамдары, әсіресе, әншілер, көбінесе, қара базарларға, әлеуметтік орындарға бармай, көше автобустарына мінбей бой тасалап жүреді. Ал сіз ше?

– Мен қарапайым отбасында дүниеге келіп, қазақы ауылда өстім. Кейін барып қалаға ойыстым. Бәрі-бір, менің табиғатым ауылдағы ағайындармен біте қайнасқан. Менің өнерімді бағалап қолдап-қоштаған да сол халық. Танымал болған деген, осы екен деп қарапайымдылықты жоғалтып алу, кешегі өзін көтерген халықтан ат тонын ала қашу кез келген өнер адамына ұпай әпермейді. «Жұлдыз» болдым деп ондай әрекеттерге бару өнер адамының санасының таяздығын көрсетуден басқа ештеңе емес. Кеше өнеріңді бағалап төбесіне көтерген халық бүгін құлатам десе оп-оңай. Халық қай кезде де жеке адамнан жоғары тұрады. Кез келген өнер иесі халықтың қошаметіне бөлене беру үшін қашанда да сол қауыммен бірге болу керек. Өз басым бой тасалауды ұнатпаймын. Ел қатарлы базар аралап, халық мінген көлікке мен де міне беремін.

– Қай елде болсын мемлекеттік қызметкерлер бір айлық жалақысын келесі айдың ақырына дейін созғылап жүріп зорға жеткізіп жатады. Ал бизнесмендер керісінше шалқып өмір сүреді. Тұрмыстағы осындай айырмашылықты көрген сәттеріңіздің бірінде мемлекеттік қызметті тастай салып, бизнесмен болып кетуді ойлап көрдіңіз бе? 

– Мен барға қатты қанағат қыламын. Біреудің артықшылығына, байлығына көз қызартқан, қызыққан адам емеспін. Мемлекеттік қызметті тастай салып, оңай олжаға бататын бизнестің жолын таңдап, телегей-теңіз тұрмыс кешуді аңсау түгілі ойлап та көрмеппін. Соныма қарай кереметтей бай болып кетпесем де, қолымда тиын-тебен қалмай қалатын кездер болған емес. Бұл да болса жаратушының мені жарылқағаны деп білемін.

– Егер ойламаған жерден қолыңызға мол қаржы түсіп, байып кетсеңіз, әуелі, ақшаны қайда жұмсар едіңіз?

– Көп ақшаның болғаны, әсіресе, һаләл болғаны кімге болсын жақсы.  Үмітсіз шайтан ісі демекші, расында да қолыма бірден мол ақша топ етіп түсе қалса жұмсайтын жерді көп ойланбай-ақ табар едім. Қазіргі кезе ұлтымыз имандылыққа бет бұрып, қалталы азаматтар Аллаға шүкіршілігі ретінде мешіт-медіресе салдырып, жетім-жесірлерге қол-ұшын беріп жатыр. Бұл да өте жақсы бастама. Мүмкін мен де сондай шараларға жұмсайтын шығармын. Ал ең алдымен қаржыны қайда жұмсаймын дегенге келер болсам; Қытайда қандастарымыз қоныстанған өңірлерде талапкерлер өнер ордаларына тапсырар алдында кәсіби дайындықтан өтетін музыкалық мектептер жоқ. Бұл мені бұрыннан мазалап жүрген түйткілдердің бірі. Жаңағыдай мол қаржының алғашқы бөлігін соларды емтиханға дейін даярлайтын орталық ашуға жұмсар едім.

– Ұстаздық қызмет сіздің әншілік талантыңызға бөгет жасамай ма?

– Бұл да өте орынды сауал болды. Ұстаздықтың ұлылығын ескеріп, шәкірт тәрбиесіне баса мән беремін. Кейбір концерттер сабақ уақытына тура келіп қалады. Сол сәтте не сабақты, не концертті қалдырарымды білмей екі тарып болып қаламын да, ақыры, ұпайды ұстаздық жолыма беремін. Сонымен қатар, күніге таңертеңнен кешке дейін шәкіртпен жұмыс жасау да әншілік жолыма өзіндік зардабын келтіріп жатады. Олай дейтінім,  уақыт өте келе балалардың қойылмаған дауысы құлағымда жаңғырып, кейде, өз дыбысымнан адасып та қалатын кездерім болады. Сондай сәттерде өзіме біреудің ұстаздық етуіне мұқтаж болып қалам. Бір қуанатыным әйелім әнші болғандықтан сабақтан кейін даусымды тыңдатып, қате дыбыстарды түзеттіріп алып отырам. Егер ол кісі ән мұғалімі болмаған жағдайда менің әншілік жолым қалай болар еді, оны елестете алмаймын.

– Алдағы уақытта тағы қандай мақсаттарды көздеп отырсыз?

– Көптеген өнер иелері түрлі байқауларға қатысып, басқалармен бәсекелесу арқылы өздерінің қаншалықты деңгейде екендігін байқайды. Ал кейбірі жеке шығармашылық кешін беріп те халықтың аңысын бақылайды. Ол да дұрыс. Мен Қытайда түрлі деңгейдегі ән байқауларына қатысып бас жүлдені неше дүркін жеңіп алдым. Бұл менің әншілік деңгейімді толық айқындап тұрмаса да, біршама мағұлматтар беріп тұрғандай. Бірақ, адамның арманы таусылмайды екен. Әсіресе, менің өнер жолындағы арманым әлі ұшан-теңіз. Соның бірі Қытайға қайтып барғаннан кейін өзімнің жеке шығармашылық кешімді өткізіп тыңдарман қауымның аңысын байқасам деп отырмын. Бұдан бұрын халықтан көп сұраныс болған. Алайда, кеш өткізудің ебін келтіре алмаған болатынмын. Енді сәті түскен сыңайлы. Мен істеп отырған институтта екі мыңнан астам мұғалім, 15-16 мың студент бар. Құдай қаласа, күзге қарай бірінші ұстаздар қауымына, екінші студенттер алдында тірі дауыспен концерт беремін. Одан қалса, Шынжаң көлеміндегі елді мекендердің түгін қалдырмай аралап шықсам деген жоспарым бар. Қазір қызу дайындық үстіндемін.

– Рахмет, Аға! Ісіңіз ілгері, өнеріңіз үстем болсын!   

Тұрсынбек Кешубай

Алтын Бесік. № 5.2010

 

толығырақ

 

Бибігүл, өнер жолы  қасиетті екені баршаға мәлім, әншілік көбінесе туған топырақтан немесе әке мен шеше жағынан дариды. Сіздің бұл жолға келуіңізге қай жағының әсері болды деп ойлайсыз?

– Әншілік қасиет топырақтан дариды дейтін болсақ – Мен Қытайдың Алтай аймағы Жеменей ауданында дүниеге келгенмін. Ол – Алтай аймағының Қазақстанға ең жақын орналасқан аудандарының бірі, жан саны, жер көлемі шағын болғанымен, шұрайлы, табиғаты көркем келеді, Зайсандағы Майқапшағай шекара өткелінен өте қалсаңыз Жеменейге жетіп барасыз. Шекара болғандықтан Қазақстанмен сауда-саттық, барыс-келісі ежелден жақсы дамыған. Жеменей өңірін қазақтар Сауыр өңірі деп те атайды. Сол Сауыр – есімі елге мәшһұр талай-талай жезтаңдай әнші, суырып салма ақындар мен шешендерді, арыстан жүрек батырларды, балуандарды дүниеге әкелген құтты мекен. Атап айтар болсақ: Керей рулары ішінде өз кезінде алдын ешкім кесіп өтпейтін турашыл, әділдігімен ой ұтымдылығымен әйгілі Лақ деген шешен, және елі ішінде би тұтқан Жәке, бертін келе қазақтың мақтанышы болған Шәріпқан Көгедаев, атақты балуан Байғозы бүгінгі Қазақстанға танымал жазушы Жақсылық Сәмитұлы сияқты ел есінде есімі сақтаулы азаматтардың кіндік қаны тамған топырақ. Ал әке мен шеше жағынан дариды дейтін болсақ – шешем Дәмеш мұнай қызметкері, ол кісінің әнмен әуестігі аз. Әкем Қилымхан кезінде әнші болған кісі. Мен өнерге өте жақын өстім, кішкентайымнан би билейтінмін, арманым биші болу еді. Кейін өсе келе, әкем мені өзінің әншілік жолын жалғастыруға тәрбиеледі. Аудан, аймақ көлеміндегі кішігірім концерттерде ән айттырып жүрді, періште “Әумин” деген болар, міне қазір әке жолын жалғастырып, әншілік жолындағы ізденістемін.

Қазақстаннан оқы деп, әке-шешеңіз жіберді ме?

– Біз Қазақстанның жағдайынан үнемі хабардар болып отырамыз. Радио, теледидардан Қазақстанның концерттерін үнемі көретінмін. Әншілік әуестігім оянғаннан кейін, кәсіптік деңгейде білім алсам деген  үлкен арман бас көтерді. Жеменей аудандық қазақ толық орта мектебін бітірісімен, бар ынтам Қазақстанға кету болды. Әке-шешеме ән өнерінің таза қазақы қоры сақталған, Қазақстаннан оқимын дедім, ол кісілер де бірден ризашылығын беріп, арман арқалатып Алматыға аттандырды.

Көптеген оралмандар алғаш келгенде көрмеген жер, тіл білмегендіктен жол таппай қатты қиналдық деп жатады, сіз қалай жол таптыңыз?

– Маған көп қол ұшын беріп, өнер жолындағы ізденісімді құптаған, Қазақстанға келіп білім алуыма жол ашқан, жездем Жеңіс пен әпкем Сәуле. Ол кісілер ерте келген болатын, шақыртуыма дейін жіберіп, келгенде  алдымнан күтіп алды. Жездем мен әпкемнің арқасында  мен алғаш келгенде еш қиыншылық көрмедім. Ол кісілер өнер адамдары емес, жеке кәсіпкер болатын. Таныстарынан сұрап ұғысқан екен “Алғаш кәсіптік білімді колледжден бастап оқыған дұрыс, бірден Консерватория мен Өнер академиясына апарсаңыздар қиындау болады”, – деп кеңес беріпті, мен де құп көрідім. Сол кісілердің бастауымен Жүсіпбек Елебеков атындағы Өнер колледжіне барсақ конкурсқа дайындық болып жатыр екен, бірден қалаған мамандығым бойынша бақ сынауға кірісіп кеттім. 2002 жылдары оралмандар аз ғой, не бары Қытайдан келген үшеу екенбіз, тағы екі ұл бала болды. Бірі халық әніне, бірі хорға, мен эстрадалық жеке ән салу бойынша тапсырып, үшеуіміз де түсіп кеттік.

Қазір мемлекетіміздегі беделді өнер ордасы “Қазақконцерт” ұжымында әнші болып қызмет істейтініңізді білеміз. Бұл екінің бірі, әсіресе, оралмандардың қолы жете бермейтін мүмкіндік. Алғашқы қадамыңыз қалай басталды?

– Колледждің бірінші курсының екінші семестрінде оқып жүргенімізде, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев «Қазақ концертке» жас әнші таңдап алуға колледжге келіпті. Колледж директоры Ержан Қосбармақов ағамыз бәсекеге қатысып бағымызды сынауға осында оқитын сегізімізді жіберді. Сол бәсекеде жолым болып «Қазақ концерттің» ішінде құрылған  «Әлқисса» ұлт аспаптар ансамбліне әнші болып қабылдандым.

«Әншінің бағын ән, әннің бағын әнші ашады» - дейді,        репертуарыңызда осы ән бойтұмарым болады-ау деген жаңа әндер

бар ма?

– Мен көбінесе таза эстрададан гөрі, халықтық әуендегі әндерді айтуды ұнатамын. Мына ән бой тұмарым болады деп айтуға әлі ерте сияқты. Дайын жаңа әндер бар, атап айтар болсам Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған «Оралған құсыңмын мен», –  деп аталатын Әлия Бүшікованың әнін тыңдарман қауымға жаңа қырынан жолдамақпын, сол әннен үмітім зор,  бірақ та қай ән халық жүрегінен жол табады – оны алдағы уақыт көрсете жатар.

Қазіргі әншілер бейнесаз түсіріп халыққа танымалдылығын арттыра түседі, ондай мақсат ойыңызда бар ма?

– Қазір бәрі қаржыға тіреледі ғой. Талай-талай әншілердің тамаша үні – қаржы тапшылығынан тыңдарманын таппай қалтарыста қалып жатыр. Бейнесаз түсіріп, көгілдір экран арқылы жұртпен жүздесу, көп әншілер сияқты менің де арманым. Құдай қаласа алдағы күндерде түсіру ойымда бар.

Кей әншілер қалталы азаматтардан қолдаушы тауып, өз өнерін өзгенің қаржысымен қанаттандырып жүр, сіз қаржылай қолдаушы дегенге қалай қарайсыз?

– Менің өнердегі қолдаушым – «Қазақконцерт» ұжымы және сондағы аға-әпкелерім. Ал қаржылай қолдаушы жеке адам менде осы күнге дейін болған емес, дегенмен заман талабына сай адамгершілігі бар, иман жүректі қолдаушы табылып жатса құба-құп болар еді.

Мемлекет іші-сыртындағы байқауларға қатысып көрдіңіз бе?

Шынын айту керек, көп байқауларға қатыстым деп айта алмаймын. Үш-төрт жыл бұрын халықаралық “Шабыт” байқауына қатысып, Тасқын Оқап атындағы арнайы дипломды жеңіп алғам, қазір менде сол ғана... Құдай қаласа алдағы уақытта қатысамын.

Қазіргі жас әншілер туралы әркім әртүрлі пікір айтуда, сіз өнер жолындағы қатарластарыңызға қай көзбен қарайсыз?

– Мен өзімді керемет әншімін, жұлдызбын деп айта алмаймын. Әйтеуір  алдынғы әнші аға-апаларымыздың жолын қуып, солардай болсам деп армандап жүрген қазақтың қара көз қызының бірімін. «Базар бір, бақ бөлек» дейді ғой, десе де нағыз тұлпар таланттар тасырқап, тегі әлсіз тайлар сахнада тайра