Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы
1992 жылдың 28-қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Алматыда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды.

 

МӘЗІР

Қытай қазақтары

Басты бет | Қытай қазақтары | БИ ӨНЕРІНІҢ МАЙТАЛМАНЫ

Қазіргі замандағы Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосып келе жатқан, еліміздің атын шығарып, мерейін асырып жүрген талантты тұлғалар жетерлік. Солардың бірі би өнерінің шебері, түрлі халықаралық байқаулардың жүлдегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері – дарынды Шұғыла Сапарғалиқызы.

Ш. Сапарғалиқызының өмірбаяны мен өнер жолына қысқаша тоқталып өтсек, ол 1971 ж. Қытай Халық Республикасы Іле-Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында дүниеге келген. Әкесі – мектеп директоры, ал анасы математика пәнінің мұғалімі. Бесінші сыныпта оқып жүрген кезінде газет бетінен Пекин қаласында хореографиялық  мектепке оқушылар қабылдайды деген хабарламаны оқып, байқау-сынаққа қатысады. Кішкентайынан жұрт алдында ән айтып, өлең оқып, акробатикалық түрлі өнер көрсетіп жүргендіктен, сынақтан сүрінбей, 12 үміткердің арасынан  оқуға қабылданады. Шағын шаһардан алып қала Пекинге жол түседі.

Биші қыз 1985 – 1988 жж. Іле өнер мектебінің би кәсібінде оқып, үздік нәтижемен бітіргеннен кейін Іле аймақтық ән-би ансамбліне қабылданған.

Шұғыла Сапарғалиқызы 1989 – 1990 жж. Шыңжаң әртістік өнер институтының би факультетінде білімін толықтырып, кейін әскерге алынып, 1990 ж. Шыңжаң Қарулы сақшы бөлімі атынан бүкіл Қытай қарулы сақшысы бөлімінің мемлекеттік би жарысына қатысып, 2-дәрежелі сыйлық алады, сонымен бірге 3-дәрежелі әскери еңбек медалінің иегері болады.

Ол 1991 ж. Пекинде Қытай Қарулы сақшы бөлімі ән-би ансамбліне қабылданып, сол тұста Корея, Италия мемлекеттері мен Гонконг аудандарында өнер көрсетеді [1].

Шұғыла ең алғаш қазақ ұлтының қызы болып 1992 – 1995 жж. Қытайда тұратын 56 ұлттың тарихы мен мәдениеті, ұлттық билері оқытылатын көп ұлтты үздік өнер ошақтарының бірі –  Қытай Орталық Ұлттар университетінің халық биі факультетінде білім алады.Оқуын үздік бітіріп, Қытай мемлекеттік халық билері ұлттық ансамбліне жұмысқа орналасады [2].

Қазақстанға алғаш рет 1996 ж. Наурыз мерекесінде өз өнерін туған елі алдында ортаға салады. Сол жолы әнші Н. Нүсіпжанов басқаратын «Жазира» ансамблімен бірге Орталық концерт залында шағын шығармашылық кешін өткізеді. Ары қарай «Тамаша» ойын-сауық отауында, Жамбыл атамыздың 150 жылдық мерейтойында өнерін көрсетеді [3].

            Осылайша көзге түсіп, елімізге танылып үлгерген биші қызымыз 2000 ж. Қазақстан Президентінің «Өнерлі қандастарымыз Қазақстанға да керек!» – дегенінен кейін елшілік тарапынан бірнеше шақырту алып, өз өнерімен тарихи отанын сусындату мақсатында елге оралып, Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының балетмейстері, «Ұлан» президенттік оркестрінің бишісі атанады [4]. 

Ш. Сапарғалиқызына 2002 ж. Астанада Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанынан ректор М. Жолдасбековтың қолдауымен үлкен би залы мен екі кабинет беріліп, «Шұғыла» хореографиялық мектебін ашады. Мектеп жұмысы жайлы бишінің өзі былай дейді: «Ұлттық биді оқытатын оқулық жоқ болғанына қарамастан, жоқтан бар жасап, алға жылжуымыздың арқасында мектебіміздегі балалар саны екі жүзге жетті. Өрісіміз кеңи бастағаннан кейін жоғары жақтарға хат жазып, мемлекет қарамағына өтуді сұрадық. Өйткені балалардың көбеюіне байланысты, оларды жас ерекшеліктеріне сай, талаппен білім беру үшін мемлекеттің қамқорлығына мұқтаж болдық. Алматыда жоғары білім алып, сол жақта тұрақтап қалған мұғалімдерді жоғары жалақымен, баспанамен қамту жайы қиындық туғызды. Осындай көптеген қиындықтарды еңсеріп жүріп, мемлекеттік би мектебі болып қалыптастық. Қытайда мені оқытқан профессорларды шақыртып, би қойғыздық. Бишілерімізге «Ерке-Нұр» компаниясы керемет костюмдер тігіп берді. Сол мектепті ашып, бес жылдай жұмыс жасадым. Кейін денсаулығыма, отбасы жағдайына қарай Алматыға көшуге тура келді. Сырттай байқап жүрсем, кезінде осы ордадан білім алып шыққан қыздардың биі өзгелерден ерешеленіп тұрады» [5].

Шұғыланың жеке орындаудағы шығармашылығана тоқталатын болсақ, репертуарында 100-ден астам би болса (ұйғыр биі  – «Шыны», «Үкілі ару», «Бөрте», «Тоты құс» - «Тауыс», «Ай нұры», төл туындысы – «Шұғыла назы», «Қытайдың лента биі», «Күн астындағы Күнекей қыз», олардың арасында басқа түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық билері тағы бар) соның 30 дан астамы қазақ биі.

Ұлттық би өнеріне байланысты шешімін таппаған мәселелер де бар. Бишінің пайымдауынша, Қазақстанда ұлттық биге жеңіл-желпі қарайды. Бұл дұрыс емес. Қытайда классикалық биден гөрі ұлттық бидің маңыздылығы жоғары. Өйткені дәл ұлттық би, халықтар биін орындаушылар кез келген классикалық бимен сахнаға шыға алады. Түрлі акробатикалық қимылдар да осы ұлттық биде көп қолданылады. Тағы бір көзге байқалатыны  Қазақстандағы ұлттық билер жаттанды қимылдар мен техниалық орындау деңгейінде қалып қойған. Бидің айтары, ойы болуы керек. Оны жан-тәніңмен беріле орындап, көрерменді әсерлендіре алуың шеберліктің деңгейін білдіреді. Биді орындау кезінде сол бейне-образға толықтай енуің қажет. Бейнелеген образдың жан толғанысын, жүрек қуанышын, саусақтарыңның ұшымен, кірпік қағысыңмен, көз жанарыңмен, аяқ алысыңмен бірдіре алуың шарт. Би – қимылдар шеберлігі. Өмірдің өзі – би. Оның көркем болуы әркімнің қабілеті мен шеберлігіне байланысты.

Әрбір бидің өз мән-мағынасы, тарихы болады. Мысалы, «Тауыс» биін Шұғыла жарты жылдың ішінде үйренген. Бишінің сөзіне қарасақ, бұл би Қытайдағы № 1 би  қоюшының туындысы. Ол кісі 5-6 жыл осы құсты зерттеп, тіпті хайуанаттар бағында тауыстың қалай тұратынын, аяғын қалай көтеретінін, қанатын қалай жаятынына дейін жіті зерттеп барып дүниеге әкелген. Қытайда осы аталған би халықтық биге айналған.

Шұғыланың «Бөрте» бейнебаяны Б. Тілеуханның бастамасымен түсірілген. Алматы облысының «Үш қоңыр» жайлауында түсірілген бұл бейнебаян сюжетінің тарихи негізі бар. Ол бойынша екі жас  ғашық Шыңғыс хан аулынан қашып шығады, алайда қашып кете алмайды. Оларды қуғыншылар қуып жетеді, хан жас қыз бен жігітті өлім жазасына кеседі. Бейнебаян сценарийі бойынша сол кезде Бөрте өзінің биін билей жөнеледі. Шыңғыс ханға еріксіз жастық шағы мен Бөрте екеуінің махаббаты есіне түседі. Соңында хан жастарға кешірім жасайды [6].

Ұлттық би өнерінің даму проблемаларының шешімі бойынша бишінің өз ойлары бар, «ұлттық өнерді халықтық ету үшін мемлекеттік қолдау, бағыт-бағдар болу керек. Мәселен, мен Қытай мемлекеттік ансамблі құрамында өнер көрсеткенімде ешқашан қандай киім киемін, қайда, қалай музыкалық әуенін жазамын, концертті қалай ұйымдастырамын деген мәселе кездескен емес. Ансамбльмен бірге де, жеке де концерт өткізу толықтай жетекшілер мойнында. Тіпті әр артисті жұлдыз деңгейіне көтеру, насихаттау, жарнамалау, бет әлпеті, денсаулығының бәрі-бәрі ойдағыдай болуы алдын ала қарастырылатын. Шетелдің үлкен сахналарымен де келіссөздер жасалып, жүйелі түрде әлемнің  әр түрлі мемлекеттеріне гастрольге шығып тұрдық. Тек мен емес, бес жүз артистің жағдайы бірдей шешілген-ді» [7].

Ұлттық өнер туындыларының барлығы – біздің баға жетпес асыл қазыналарымыз. Осыларды насихаттау, өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, оларды рухани жағынан байыту еліміздің, ұлтымыздың ең басты міндеттерінің бірі болып саналады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда Ш. Сапарғалиқызының өз пікірін келтірсек, «Жат елдің арзанқол әні де, биі де зорлық-зомбылықты, көргенсіздікті насихаттау арқылы жастарымыздың санасының жабайылануына, ұлттық түп-тамырымызды жидітуге бағытталған. Ұлттық рухы жоқ жастардың отаншылдық сезімі де жойылады. Бізге шетелдіктердің әкеліп жүргені олардың ең азғын-тозғын дүниелері. Мен өнер  сапарымен талай шетелде болдым. Сонда көптеген елдердегі жастардың өз ұлттық музыкаларына деген ынталары, ұлттық салт-дәстүрлерін мақтан тұтатындықтары таңқалдырған. Испания елінің шақыруымен Мадрид қаласында болдым. Испандықтар өздерін би жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатардағы елміз деп есептейді. Менің биім жайында естіп, «қазақтың ұлттық биі бізден артып кетуі мүмкін бе» деген ойда болған болулары керек. Шынында да мен билеген қазақтың биі оларды тамсандырып тастады. Олар сол жақта менің шығармашылық концерттерімді ұйымдастыруға ынталы екендіктерін жеткізді, би өнері жағынан үнемі тәжірибе алмасып тұруға ұсыныс жасады» [8].

Дарынды өнерпаздарымыздың халқымыздың өсіп-өркендеуіне қосатын үлес-салмағы өте зор. Олардың өмірі мен өнері жастарға болашақта үлгі мен өнеге, бағыт-бағдар және жол табуға себепкер дүние. Сондықтан да белгілі бір өнер саласының дамып, алға басқанын қаласақ, өнердің өз өкілдерінің пікірімен санасып, жағдай жасауға тырысқан жөн секілді.  Барлық нәрседе сабақтастық болғаны дұрыс, әрбір кәсіби өнер шеберінің, соның ішінде Шұғыла Сапарғалиқызының да үйренуші шәкірттерінің көбейгені абзал.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1 // Түркістан. – 1996. – 17 шілде.

2 Дөңқабақ С. Шыңдағы шұғыла // Президент және халық.. – 2011. – 11 қараша

3 Тәшенов Т. Би өнерінің бөртесі // Жас қазақ.. – 2001. – 12 сәуір 

4 Жылқыбаева Б. Шұғыла Сапағалиқызы: Өмірдің өзі – би // Астана. – 2006. – № 2

(27) наурыз-сәуір

5 Құрманалиева М. Шұғыла Сапағалиқызы: «Жолы болғыш бишімін» // Ерке-Нұр.

– 2010.  – №3. 7-б.

6 Шугыла и Чингисхан: казахстанская танцовщица Ш. Сапаргаликызы // Вечерняя

Астана. – 2006. – 23 желтоқсан.

7 Жылқыбаева Б. Шұғыла Сапарғалиқызы: өмірдің өзі – би // Астана. – 2006. – 2

(27). наурыз-сәуір

8 Тұржан О. Шұғыла десе...Шұғыла // Егемен Қазақстан. – 2003. – 8 наурыз. – 4-б.

 

Нұргүл  Құрманалина (Алматы қ.) // Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының  ағымдағы мұрағаты 

Пікір қосу

Пікірлер

16.06.2013 - Кудайбергенова Казына
Сәлеметсіз бе? Алматы Қаласында Шұғыла Сапарғалиқызының би мектебі барма екен? Мен сіз сияқты биші болғым келеді, биші болу үшін қандай мамандық жәнеде кандай университетке түсуге болады?

 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

Түркістан

Білім телеарнасы

Қазақстан телеарнасы

Kazakh.TV

Хабар телеарнасы

Барлық ұсыныстар
 

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті