Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Қытай қазақтары

Басты бет | Қытай қазақтары | Қытайда тұратын қазақ өнертапқышы бір жаңалығын ЭКСПО-ға тарту етпек

© qamshy.kz

© qamshy.kz

        Қазіргі таңда Қытайдың Үрімжі қаласында тұратын қандасымыз Зейнехалық Сәкенұлы осы уақытқа дейін Қытай мемлекеттік білім меншік құқығы мекемесінен өзі ойлап тауып, қолданыс тетіктерін әзірлеген төрт бірдей жаңалығы үшін патент иеленген екен. Күнделікті қолданысқа қолайлы ол жаңалықтарды қытайлық ғылыми мекемелер жоғары бағалап отыр, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

      Өнертапқыш Қытай үкіметінен ғылыми патентті «Ақындар айтысы мен қоғамдық орындарда концерт өткізуге арналған жылжымалы сахна», «Жүк көліктері мен механикалық береліс қорабы бар жеңіл көліктерге арналған тежегіш жүйесі», «Автоматты басқарылатын терезе» және көшіп-қонып жүретіндерге немесе алыс сапарға жиі шығатындарға қолайлы «Үй-машина» жобалары үшін алып отыр. Бұл жобалардың барлығы 2012-2015 жылдар аралығында ресми органдарға таныстырылып, тиісті құжаттарын иеленген. Өнертапқыш бұлардан басқа да жаңа жобаларды әзірлеп қойғанын, қажет деп тапқан күні тиісті патент алу мүмкіндігіне ие бірнеше жобасы дайын тұрғанын айтады.
         «Бұлардың барлығы тек сөз жүзінде, қағаз бетінде қалмады. Патент алу үшін оның практикада қолданылуын көрсету қажет болды. Сол үшін бұларды қажетті материалдардан құрастырып, бір-бір үлгісін жасап шықтық», - дейді Зейнехалық Сәкенұлы.
         Осы ретте жүк көлігінің базасында жасалған далалық сахна туралы таратып айта кеткен жөн сияқты. Атаулы мерекелерді атап өту кезінде далада ұйымдастырылатын концерттік шаралар біршама қиындық туғызатыны белгілі. Ен далада сахна әзірлеу, орнату, оны тоқпен, жарықпен қамтамасыз ету әлі күнге қол жұмысымен атқарылып жүргені, ұзақ уақыт пен үлкен еңбек күшін талап ететіні белгілі. Ал, өнертапқыш ойлап тапқан және бір данасын қолданысқа әзірлеген жобаны кең көлемде жүзеге асырсақ мұндай қиындықтар болмас еді. 


       «Жылжымалы сахна жобасының жалпы көлемі 165 шаршы метр болады. Бұған қажетті жабдықтар мен құралдар бір жүк көлігінің ішіне толықтай сыйып кетеді. Тасымалдауға қолайлы, көлемі ықшам жоба. Осы сахнаны пайдаланып табиғат аясында халықаралық ақындар айтысын, үлкен концерттер ұйымдастыруға болады» деген өнертапқыш бұл сахнаның басты үш артықшылығын атап отыр:

      Оның біріншісі – қоршаған ортаға зиянсыздығы. Сахнаны қою үшін еш жерді қазудың, қазық қағудың немесе құм үюдің қажеті жоқ. Қолдануға қолайлы. Бір көлікке ғана сиып кететін сахна жабдықтарын бір орыннан екінші орынға тасымалдау оңайдың оңайы. 



      Екіншісі – сахнадан бөлек, көлік базасында әртістердің безену, киіну бөлмелері, сахна қызметкерлерінің дайындық орындары, концерт жүргізушісінің және дыбыс-кескінді басқару бөлмелері бар. Бұлардың барлығы бір-біріне кедергі келтірмейтіндей, бөлек әзірленген.



        Үшіншіден, бұл түрдегі сахнаны қолдану қаржыны үнемдейді. Сахна жылжымалы болғандықтан қалаған орынға апаруға болатындықтан бірнеше жерден концерт залын арендаға алудың қажеті жоқ. Қайталынбалы қолданылатындықтан концерт орнында қалып қоймайды. Іс-шара біткесін жиналып, басқа орынға апаруға мүмкіндік бар. сонымен қатар, еңбек күшіне де үнем. Сахна жабдықтарының ішінде LED экраны, шырақтарды тоқпен қамдау жүйесі, дыбыс колонкалары, кеңістіктен кескін түсіру құрылғылары бар. Өткізілетін концерттің ерекшелігіне қарай түрлі өрнекпен безендіру мүмкіндігіне ие.


        Өнертапқыштың «Тежегіш жүйесі» жобасы да машина жасау ісінде қызығушылық туғызып отырған жаңалық екен. Механикалық беріліс қорабы бар жүк көліктері мен жеңіл машиналарға бұл аяқ, қол тежегіштеріне қосымша үшінші тежегіш жүйесі болмақ. Зейнахалық Сәкенұлы бұл жүйені бұрын шығып қойған көліктердің беріліс қорабына қосалқы бөлшек ретінде орнатуға, ал, зауыттан жаңадан шығатын көліктер үшін беріліс қорабын өзгерту арқылы орнатуға болатынын айтады. Тежегіштің көмегі таулы аймақтарға жолға шыққанда, не еңіске қарап тұрған көлікті артқа жүргізгенде пайдасы мол болмақ. Жаңа тежегіш жүйесі артқа жүру тетігі қосылған кезде көлік күш алып артқа жылжығанға дейін оның еңіске қарай ағып кетпеуіне, сондай-ақ қырға шығып бара жатқан көліктің артқа кетіп қалмауына жағдай жасайды.

          Бүгінде Үрімжі қаласындағы «Алты Алаш» мәдениет тарату серіктестігін басқаратын, Қытай елінде қазақ өнері мен мәдениетін жоғары деңгейде насихаттап жүрген Зейнехалық Сәкенұлы бұл жаңалықтарын әлемге аты әйгілі көлік құрастыру, құрылыс материалдарын әзірлеумен айналысатын компанияларға беріп, қолданыс табуға болатынын, бірақ, өзі ойлап тапқан жобалардың қазақ елінде танылып, Қазақстанның игілігіне жарағанын қалайтынын айтады. Арманым қазақ елінің техникалық әлеуеті артып, ғылымы дамыса, өзгелерге техникасын сататын алпауытқа айналса дейді. Сондай-ақ, өнертапқыш 2017 жылы елімізде өтетін «ЭКСПО» көрмесіне де осы патент иеленген жобаларының бірін сыйға тарту ниеті барын да жасырмады.
      «Мына әзірлеген жобалардың ішінде қазақ елінің техникалық әлеуетін арттыруға мол үлес қосады деп үміт күтетінім осы тежегіш жүйесі. Көшпелі сахнаны ел ішінде, ауыл-аймақта кеңінен қолдануға болады, әрине. Ал, мына бүкіл адамзатқа ортақ, қолданыс аясы кең тежегіш жүйесі машина жасау өндірісінде тың жаңалық. Осы жаңалығымды отандық компаниялар ел игілігіне жаратамыз десе тегін-ақ сыйға тартар едім», - дейді З. Сәкенұлы. Сондай-ақ, өнертапқыш Қазақстан басшылығы тарапынан қызығушылық болып жатса, алдағы уақытта да қазақ елі үшін жаңа жобалар жасап, Қазақстанның техникалық қорын байытуға әзір екенін айтады.

       qamshy.kz 

Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/kyitayda-turatyin-kazak-onertapkyishyi-br-janalyigyin-ekspo-ga-tartu-etpek-video-79654/

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті