Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Қытай қазақтары

Басты бет | Қытай қазақтары | Қырық жігіт қырғыны

       Қазақ халқының тарихы сан-салалы, қатпарлы қалың тарих. 1938 жылдары басталған Қытай қазақтарының азаттық жолындағы күресінің соңы қанды қырғындарға, қайғылы зобалаңдарға ұласты. Гималай етегіндегі сай салалар мен тау-төбелерді мекен етіп, соғыса жүріп тіршілік еткен қазақтарды құран ұстап, Алла атымен ант ішкен дүнген әскерлері қапыда алдап, қаруларын жинап алып, өздеріне қара түнек заманақыр төндірді. ұлын құл, қызын күң етпек болды. сол бір ауыр жылдардағы қырғындардың бірін баяндайтын, қытайда тұратын ақсақал Құнанбай Нәбиұлының «Қырық жігіт қырғыны» атты естелігін ұсынып отырмыз.
       Көп аузында түрліше айтылып, құлаққа қырық құбылып жеткен «Қырық жігіт қырғыны» деген аянышты әңгіменің нақтылы барысын, жәй-жапсарын соңғы ұрпаққа толық жеткзу, білетін біздерге парыз іспетті.

       1941 жылдың мамыр айында Гоминдаң үкіметінің қанішер жендеті, Чиңхай өлкесінің бастғы милитарист Мабуфаң Шинжияңнан Шыңшысайдың кертартпа үстемдігінің зардабына шыдамай, жан сауғалап барған қазақтардың мылтық-құралын алдап жинап алып, ат-түйесін аударып алып талан-таржылық етті.

      Бұл қорлыққа төзбеген 350-дей түтін Мабуфаң әскерімен қаша соғысып, Гималай тауының теріскейіндегі Қажыра өзенінің бойына барып байырқалайды. Осы үркінді бастап жүргендер тасбике руынан Мейрімхан Кармішұлы, сарбас руынан Әбілқайыр Шүленбайұлы, жәдік руынан Хатшыбай Шойынбекұлы сынды әр рудың атқамінерлері болатын.

      Жерлік моңғолға жол бастатқан Мабуфаң әскерлері қашып кеткен қазақтардың соңынан бір неше ай бойы тынбай қуғындап, жанын бағып жай жатқан ауылдарды бір-ақ түнде басып қалады.

        Бейқам елге аямай қырғын салып, қаны құтырған ессіз жау бір күн, бір түн плимотпен атқылап 200-дей ер-әйел, жас балаларды қырып, барлық мал- мүлікті бұлап-талап, тірі қалған 150-дей ер-әйел, бала-шағаны алдарына салып айдайды. Осылардың қатарында Атшыбай ұлдары Жолбарысхан мен Сетерхан қажы, Алтынбектің әйелі Әнипа Кенегешқызы бар болатын. Қанқұйлы қарақшылар ауылдан шыққанша бір шұңқырда тығылып отырған 9 кемпірді айдап жүргізе алмайтын болған соң, табанда граната тастап, қырып тастап кете береді. Ел бастаған азамат, азаттық аңсаған ағалардан Әбілқайыр мен Хатшыбай да осы жерде шаһит болады.

        Міне, қазақ атаулы бұрын аяқ баспаған, басына пәле төнген алмағайып күндерде жан сауғалап жасырына барған атақоныстан айдаладағы Қажыра өзенінің бойындағы бейуаздар қаны төгілген сайды былайғы ел содан бастап «Шаһит сайы» деп атап, үркінді тарихтың үрейлі үтірін осы арада қалдырыпты. Бұл қырғыннан қазақ жігіттерінің бір бөлімі қаша соғысып құтылып та кетеді.

       Тұтқындарды айдап Чиңхайға қайтқан дүңген әскерлері жол бойы қыз-келіншектерге жантүршігерлік хайуандық істеп, төрт күндік жерге барып, жарым күн тынығып, ырғап-жырғап жатады. Айдаудағылардың ішінде руы тәсбике Қожамбергеннің қызы Алмахан деген жас айел сұқтанған әскерлердің ендігі сұғы өзі екенін біліп, олардың арам ниетін ерте сезіп, күн бұрын қамдана жүріп, түн жамылып қашып шығады да, көл ортасындағы шоқ қамысқа тығылып, таң атқанша суға малшынып жасырынады. Ертесі әскерлер әрі-бері іздейді де көшіп кетеді. Содан судан шыққан батыр да сұңғыла Алмахан жұртта қалған сүйек-саяқты мүжіп, жол бойы жемтік жеп, артта қалған шабылған елге жетеді.

     Неше күн қаңғырып, елге әйтеуір жеткен Алмахан айдауда кетіп бара жатқандардың көрген қорлығын айтқанда, онсыз да қырғынға ұшырап қабырғасы сөгіліп, қанына қарайған азаматтар қайралып кетті. Анау жазықсыз жәбірленіп, антұрғандарға аяқ асты етіліп айдалып бара жатқандардың ішінде мынау намысын нар баспаған азаматтардың кейбірінің аяулы анасы, кейбірінің адал жары, кейбірінің әлпештеген қызы бар болатын. «Солардан жанымыз артық емес» деп, жауды қуып жетіп, шамасы жетсе құтқарып қалуға, шамасы жетпесе бейуаздардың жолында шаһит болуға бекінген 50 жігіт дереу жолға шығады.

      Қуғыншылар жаяу тартып отырып, төрт күн суыт жүргенде Холымтының Тұрақ деген жерінде жалғыз отырған моңғолдың үиіне жетеді де одан тұтқындардың жайын сұрайды. Моңғол оларға әскерлердің кеше кеткенін айтады. Сонымен, жүрістен қалжыраған жігіттер тынығып алмаққа моңғолды байлап тастап, ұйықтап қалады. Ертесі тұрғанда әлгі моңғолдың босанып, қашып кеткенін бірақ біледі. Азаматтардың бір бөлімі: «Қумайық, босанған моңғол әскерлерге хабар жеткізсе, алдымыздан тосқауыл қойып бізді қырады» десе, енді бір бөлімі: «Моңғол басқа жаққа бас сауғалап қашты, әскерге бармайды» деген тұспал айтады. Бұлар әрі-бері ақылдаса келіп, ақыры қумаққа келіседі.

       Қашқан моңғол тура дүңген әскерлеріне барып, қазақ қуып келе жатқан хабарды жеткізеді. Мұны естіген Мабуфаң әскері шұғыл қамданып, қуғыншылар келетін жолға тасадан тосқауыл, биіктен қарауыл қойып, мықты бекініс алып жатады. Қаннен-қаперсіз үдіре тартып келе жатқан қуғыншыларға аяқ астынан плимоттың оғы жауып кетіп, азаматтар ашық жерде қалып, тиімсіз соғыс басталады.

       Бұл жерде бір күн атыс болып, қазақ жігіттерінің көбі шаһит болады. Мабуфаң әскерлерінен де шығын шығып, тірі қалған азаматтар шегіне атысып құтылып кетеді.

      Хайуан жүрегі қабынып, қара ниеті асқынған, адамгершіліктің асыл сәулесінен санасында саңлау қалмаған, діннен безіп, ділден азған қарақшылардың құтрынған қанқұйлы заманында, қорлықтан қашып жанына сауға сұраған бассыз, бағдарсыз қазақ байқұстардың басынан қаншалаған қан жылаған күндер, қан төгілген көмусіз қырғындар өтті ғой.

    Міне, ар-намыс қорғаған, аяулысын арамның шеңгеліне қимаған, ең соңында қыршынынан қиылған қырық жігіт те сол тұстағы қисапсыз қырғының бір ұшығы болатын. Сол жолғы қырылған қырық жігіттің ішінде тасбике руынан Дәуіт Қазыұлы, Тіркеш Күркебайұлы, Зейнелхан Шарабасұлы, Сымайыл Салбырбайұлы, Мақып Жорғабайұлы, Тәкен Жуанғанұлы, Қаһар Рақилаұлы, Бурахан Қожамбергенұлы, Шаймардан Ысқақұлы, Сәдуақас Нұрдыбайұлы, шақабай руынан Еренғайып Қапталбайұлы, сары Кәрен, қара Кәрен, Биған Қатыранұлы, жәдік руынан Шаһиза Қабділдаұлы (қашып келіп хабар жеткізген Алмаханның күйеуі), молқы руынан Қомарбай Қисаұлы қатарлылардан сырт, Зәкария Карманбайұлы, Қазыкен Ысқақұлы, Зарлыхан Долдырұлы, Көпен, Мәтен, Пішәй, Қапас, Төлеш, Нәби, Қабдолда, Шәмен, Шәпен, Шәден, Қаби деген азаматтадың ру тегі айқын емес.

       Ал бір бөлім азаматтардың аты-жөні белгісіз еді. Қырғыннан аман құтылып елге келген жігіттерден тасбике руынан Мәлік Кармішұлы, Мәсекей Жалдыбай ұлы, Жақып Қалиякбарұлы, Қопан Мұсаұлы, сарбас руынан Хамит Баймағұлұлы. Жәдік руынан Көпберген Егеубайұлы мен Қатыран Сатпақбайұлы, уақтан Мәсей, қарақас руынан Құсыман қатарлылар бар. 
       Тірі қайтқандардан Мәсекей Жалдыбайұлының саусақпен санап отырып айтқанында нақты қырық жігіт қанға боялып қалған екен.

        Бірақ, сол қырылған қырықтың ішінде жәдік руынан Еңсеген деген кісінің сол жақ езуінен оқ тіиіп, жаралы жатқанда жендеттер басына, кеудесіне теуіп көріп қыбыр етпеген соң кетіп қалады. Жау қарасы үзілгенде орнынан тұрған Еңсеген жұртта туып қалған ешкіні ұстап алып, лағын тастайды да, жетектеп, жол жөнекей сауып ішіп отырып елге келеді. 

      Кешегі қара түнек қоғамның қырық жыл қырғынынан аман қалған ажалсыз Еңсеген мынау бейбіт күннің алауына арқасын шалдыра үйлі-баранды, өрен-жаранды болып, жаңа заманның рахатын көріп, Хұңсан мал фермасының қойын бағып жүргенде, 1975 жылы Ақарқаның теріскейінде көшкін түсіп, Алланың ажалынан қайтыс болды.

            Дайындаған: Ұларбек Дәлейұлы

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті