Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Қытай қазақтары

Басты бет | Қытай қазақтары | Әлемге әйгілі фотосуретші

img_2660

          Хан тәңірі. Биіктігі – 7010 метр. Кашмир мен Пәкістан шекарасындағы Шөгір шыңы, биіктігі – теңіз деңгейінен 8 мың 611 метр. Жалпы, Алтай, Хан тәңірі, Шөгір шыңдары мен Тарын, Жоңғар ойпаттарын жаяу-жалпы аралап, қайталанбас фотосуреттер сериясын жасаған Түсіпбек СЛАМХАНҰЛЫ туралы толғаныс. 

Танымайтын болған соң…

     Барлық бала сияқты мен де фотоаппарат ұстап жүруге қатты құмар болатынмын. Ауылдағы Сәндібек көкемнің бізден төрт-бес жастай үлкен  Ағабек деген баласы фотосуретке түсірумен айналысушы еді, соның қалай жұмыс істейтінін көру үшін есебін тауып, қайта-қайта суретке түскен болып, тіпті суретімді шығарар кезінде де айналшықтап жанынан шықпай жүріп алатынмын. Ол жігіт те өзінің ағалығын пайдаланып, арасында анаған-мынаған жұмсап, дүкенге жүгіртіп қоятын еді. Кейінірек өз ағам – Анарбек «Фэд» деген фотоаппарат пен сурет шығаратын құрал-саймандар алып келді де, суретке түсіріп, шығарумен үйде айналыса бастадық.

       Бала күннен қалған осы қызығушылықтың әсері болар, Алматыға келіп,  студент болған кезде бірден шағын фотоаппарат (сабындай) сатып алдым. Түсіруін түсіремін де, бірақ фотоұлғайтқышым үйде болған соң, суретке шығаруын ауылға демалысқа келген кездері ғана қолға алатынмын. Неге екенін білмеймін, әйтеуір, маған біткен фотоаппараттар қолымда ұзақ тұрмаушы еді… Студент кезімдегі фотоаппаратымды Шымкентке соққанда, жиенім Ерденге сыйлап кеттім. «Лениншіл жаста» («Жас Алаш») жүргенде, сатып алған «Зенит Е» деген фотоаппаратымды бүкіл фотообьективтерімен қосып, білгілі фототілші Жүсіп Ерғалиға сыйлап жібердім. Жақсы досым сол уақыттарда өзінің мықты фотоаппаратын ұрлатып алып, «жартылай» жұмыссыз жүрген еді. Қазір «Канон» деген фотоаппаратымның бар екенін ешкімге айтпай жүргенім де сол, біреу қатты қызығыңқырап тұрса, сыйлап жіберетін осалдығым бар (Әзіл ғой, шын деп ойлап қалып, хабарласып жүрмеңіздер).

        Жүсіп досымды бекер ауызға алып отырған жоқпын. Әдеттегідей бір бас қосып отырғанымызда, фототілшілер туралы әңгіме қозғалып кетті.

      – Фотосуретшілер өлермен болу керек қой. Қытайда тұратын бір қазақ фотосуретші бар, табаны тимеген тауы, шықпаған шыңы жоқ екен. Атын ұмытып қалып тұрмын, арғы беттен келген жігіттер жыр қылып айтып отырады. Адам аяғы баспаған небір жерлерде болып, ешкім суретке түсіре алмаған көріністерді түсірген, – дедім мен естігендерімді айтып.

       – Әй, біз білмейтін болған соң, олар айта береді мықты деп, – деді Жүсекең әдеттегі қыңырлығына басып.

          Кейіннен өзім осы жайында біраз ойланғаным есімде. Жас кезінде «Хасен-Жәмила» көркем фильміндегі бас кейіпкерді сомдаған, өмірінің соңында Атамекенінде, Алматыдағы Ықылас атындағы саз аспаптары мұражайында қызмет еткен Абылай Жұмаханұлы Түгеловпен кездескенде, сөз арасында осы фотограф туралы әңгіме болғаны есімде. Одан кейін, 90-жылдардың орта тұсы ма екен, «Қазақ әдебиетінде» қызмет етіп жүргенде, танымал ақын Несіпбек Айтов бір кісілермен сөйлесіп отырғанда, осы фотосуретші жайында айтылғаны бар еді. Жастайымнан қызығатын дүнием болған соң, оның үстіне, жұмыс барысында фототілшілермен көбірек араласып-құраласып жүргендіктен, білмейтін кісім танысымдай болып, көңілімде қалып қойыпты.

       Осы жылдың басында белгілі фотожурналист, ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің аға оқытушысы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы: «Қытайға барып келдім. Онда «Алтай қазақ этнофотография» қоғамы құрылды. Оның ресми ашылу салтанатына адам аяғы жетпейтін биік шыңдарды қырық жылдан астам суретке түсіріп жүрген, жасы жетпістен асқан фотограф Түсіпбек Сламханұлы қатысты», – деді. Жоғалтқанымды тапқандай, қуанып қалдым. Дереу, Қытайдағы қазақ фотографы туралы Асылхан Әбдірайымұлы ұсынған материалдармен танысып, газет-журналдардан, ғаламтор бетінен сол кісі жайында жазылған дүниелерді жинастыра бастадым. Өзіміздегі елдің бірі білсе, бірі біле бермейтін ғажайып жан, жанкешті фотосуретші туралы өз оқырмандарымыз үшін арнайы мақала жазғанды жөн көрдім.  

img_1196

 Шың басындағы шындықтар

        Өз кәсібінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, өлермендікпен адалдық  танытып жүргендер аз ба, көп пе?

       1979 жылы мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсе алмай қалдым да, ауылдағы қырманда әмбебап жұмысшы болып істеп жүрген кезім болатын. «Әмбебап» деген сөзді бекер қосып отырған жоқпын. Ол кездері бізді қай салаға, қай жерге жұмыс күші керек, соған пайдалана беретін. Менің еншіме қырмандағы күріш тазалайтын, оны көлікке артатын агрегаттарды жөндеу және электр желісінің жұмысын қадағалап жүру тиді. Техникалардың бәрі ойдағыдай жұмыс істеп тұрса, қолға күрек ала салып, көпшілікпен бірге қара жұмыстың көрігін қыздыра кетеміз. Әсіресе, түнгі кезекте жүргенде, биіктігі мен көлемі үш қабатты үймен бірдей, өзі күріш тазалап, өзі мәшинелердің үстіне төгетін алып агрегатқа бас-көз боламын. Тіркемелері бар көлікті астына кіргізіп, шығару, үстіне бункердегі күрішті төгіп, қолмен бұрыш-бұрышына жайып отыру – бәрін өзің ғана атқарасың мұндайда. Өзіңе сенім артып алған үлкен кісілерді мазаламай, бәрі әбден дайын болғанда ғана, барып, көлік кілтін бересің. Ауыл баласы бәріне икемді болып өсетінін осыдан-ақ байқай беріңіз… Түннің бір уағында жалғыз өзім қырмандағы биік агрегаттың үстінде айғайлап ән айтып, бункердің жан-жағында қалып қоятын күрішті ортаға қарай лақтырып, ысырып жатқанымды көз алдыңызға елестетіңізші. Арасында «Отан үшін, ел үшін!» деп қоямын, айтатын әнім «Комсомолдар жас қайраты елімнің…» деген марш пен «Менің Қазақстаным!» әні. Жүрегім жалын атады, күш-қайратым бойымда. Тістеніп, жұлқынып тұрып жұмыс істеймін, ауылдың бар жұмысын қазір мен бітіріп тастайтындай көремін. Өзім содан ләззат аламын. Үсті-басым шаң-тозаң, көз-құлақ, шаш – қанша оранып алсаң да, қуыс-қуысыңның бәрі әппақ шаң. Бір жақсысы, түнде оның ешқайсысы байқалмайды. Жас кезімізде біздер осындай едік. Осылай жүріп, аудандық, облыстық, республикалық газеттерге мақала жазып тұрдым, оларым жиі жарияланып та отырды. Қайтпайтын едік, қайсар едік қой…

      Түсіпбек Сламханұлының өмірімен, фотосуреттерімен танысқанда, неге екенін қайдам, өз басымнан өткен осындай оқиғалар көз алдыма келгендей болды. Бар ғұмыры тау мен тастың арасында, шыңдардың басында өткендей көрінетін Түсіпбек ағамыздың тұла бойы қайсарлыққа тұнып тұрғандай.

      Адассаңыз, әйтеуір бір шетінен шығып кетуге мүмкіндігіңіз бар, құласаңыз, қайта түрегелуге болатын теп-тегіс қара жерде жүргеннің жөні бөлек те, шың-құздың басында, өмір мен өлімнің ортасында, жаныңыз мұрныңыздың ұшына келгендей күйде жүріп, жұмыс істеу мүлде бөлек дүние. Түсіпбек аға осы соңғы жолды таңдапты. Өзіңіз қараңызшы, Хан тәңірі, биіктігі – 7010 метр. Кашмир мен Пәкістан шекарасындағы Шөгір шыңы, биіктігі – теңіз деңгейінен 8 мың 611 метр. Жалпы, Алтай, Хан тәңірі, Шөгір шыңдары мен Тарын, Жоңғар ойпаттарын жаяу-жалпы аралап, қайталанбас фотосуреттер сериясын жасаған.

    «1994 жыл. Алтайдың солтүстігінде Қанас көлін маңдайға алдық. Әлемге бұл жерді таныстыру үшін ең биік нүктесі – Достық шоқысын фотоға түсіру керек еді. Көздеген шоқым Қанастың бас жағында. Жолға төрт адам шықтық. Тұрысбек пен Мұратхан жол бастады. Бірі ауданның ауыл шаруашылығын, енді бірі табиғат қорғауды басқарады. Туалардың ішінен де сенімді біреуі бірге жүрді. Туа деп отырғаным тегі моңғол. Үшеуінде үш мылтық. Менің өз «мылтығым» бар.

      Қанастың басына жеткенде, сіркіреп жауын құйды. Қарағайдың түбінен аттап баса алмай қалдық. Сол жерде азығымызды алып шығып әлдендік. Ақкөлге қарай ертеңін бірақ жылжыдық. Кешегі соқпақ жоқ. Бұғының жапырып өткен жолы ғана. Көлденең құлап жатқан қарағайлардан аттың аттап өтуі мұң. Сұлап жатқан ағашты қойып, көк майса шөпті жарып өтудің өзі қиын. Ақ көбігін аспанға атып жатқан бірнеше өзендерді кештік. Түс ауа ну орманның арасынан ашық алаңқайға шыға келдік, сона мен маса буып тұр. Аспаннан тоқымдай жер көрінбейді. Шаққанда қаныңды суша ағызады. Жолдың машақатын көріп, төрт күн жүрдік.

       Бір белестен асқанда Ақкөл жатты. Айнадай көл. Балығы су бетінде шоршиды. Бас-аяғы тоғыз шақырым. Адам табаны тимеген көркем табиғат. Айналасы ит тұмсығы өтпес қалың жыныс. Ат үстінде отырғанның өзінде балақтарымыз қызылқат пен қарақатқа боялған. Бұғы-марал өріп жүр. Анау жақпар тастардан «аңқиттаған» суырдың дауысы шықты. Аң-құстары үрке қашпайды. Тайыншадай бір аю бізге қайта-қайта қарайды қызықтап. Суретке түсіріп алдым. «Мұнда төрт қауіп бар» деп кілт тоқтады жол бастаушымыз. «Біріншіден, найзағай көп түседі, екіншіден, өткел бермес өзен бар. Содан кейін оппа дейді, жер саз. Байқамасақ сорып әкетуі мүмкін. Төртінші қауіп – аю. Ұйықтап жатқан немесе қонжығымен жүрген аюға кездессек, оңай құтылмаспыз», — деді. Деді де әрқайсымыздың көзімізге тура қарады. Аяңдап келеміз. Жер бетінде осыншалық сұлу жердің барына аң-таңмын. Құстардың сайраған үні, жұпары аңқыған гүлі, бәрі-бәрі шынайы, табиғи».

      Өскеменнен барған журналист, талантты суретші, «Дидар» газеті жауапты хатшысының орынбасары Мерей Қайнарұлымен Қытайдағы Алтай қаласында кездескен кезінде, Түсіпбек аға бар сырын ортаға салып, осылайша ақтарыла әңгімелепті. Осы сапары барысында Мерей бауырымыздың  жазған дүниесі фотографтың ішкі бар жан-дүниесін жайып салғандай болады.

      Шынында да, көңіл көзі бар адам Түсіпбек аға түсірген суреттерден тылсым табиғаттың небір ғажайып көріністерін көріп қана қоймай, құстардың сайраған үнін, сарқырамалардың гүрілін, жапырақтардың сыбдырын естиді. Өзіңіз осындай кереметтің ортасында тұрғандай боласыз. Жан бар, қимыл бар, тіршілік бар – бәрінен бұрын мұнда өзіңіз барсыз, өзіңіз тұрғандай боласыз…  

img_2646

 Төрт рет сыйлық алған сурет

    Адам жаны табиғаттың бір бөлігі болғасын ба, өзіңізді мұндай ортадан алыстата алмайсыз, ішіне кіріп кеткендей күйде тұрасыз. Өнер құдіреті деген де осы шығар, бәлкім. Мұның бәрі, әрине, оңай келген олжа емес еді.

       Оны Түсіпбек Сламханұлының өз әңгімесінен де көруге болады. Ол биіктігі 7010 метр болатын Хан Тәңірін суретке түсіретін биік нүктені іздеп, алты жылда 5 мың шақырымдай жол жүрген. Ал, бұған не дейсіз?! Міне, қараңыз:

      «Құз-қиянның арасынан шыға бере үйінді тас кездесті. Үстінде су, арақ, ішіп-жем қойылған екен. Осыдан жей бермейміз бе деп әзілдеп қоямын. «Кәпірдің дүниесі» деп Нұрақын әзілді сап тыйды. Сөйтсек, осы жерде жапонның жігіттері мерт болған екен. Біз басып тұрған жердің беті екі метр ғана тас пен топырақ. Ал асты қалың мұз. Ауа температурасына байланысты мұз атылады екен кейде. Анау жапондықтар мұз жарылған жердің астына жұтылып кеткенге ұқсайды. Нұрақынның айтуынша, алты жапонның төртеуі өліп, біреуінің аяғы сыныпты. Енді бірі жаралы досын алып қайтып, болған жағдайды баяндаған. Араға бір жыл салып мерт болғандардың әке-шешесі осы белгі тасты қойып кеткен.

      Табан асты сытыр-сытыр етті. Тұра қаштық. Артымызға бұрылып қарауға мұрша болмады. Қап-қара жердің аспанға атылғанын білемін. Әп-сәтте шаң басылып біз тұрған жерден үлкен көл пайда болды. Мұндайды кім көрген?! Алапат күш. Өлімнің табалдырығында жүргенімізге көзім әбден жетті.

       Түндігі түнді сүйген Хан тәңірі әлі көрінбеді. Күннің көзі шақырайып шығып тұр. Мұндайда сәтті сурет шығары сөзсіз. Бірақ қар еріп, көшкін жүру қаупі бар. Жартастардағы анау мұздың бір бөлігі опырылып кетсе де жетіп жатыр. Нұрақын мылтық атып көрді. Дүңк еткен мылтықтың дауысы жақпар тастарды аралап кете берді жаңғырып. Төбеден төніп тұрған мұздар сірескен қалпы. Жүгіре жөнелдік. Қысым жоғары, тез шаршап, терең демала алмаймыз. Өкпені қысады. Ендігі көздегенім — Хан Тәңіріне қарама-қарсы қорым бет. Аңшы жігіт «өлесің» деп бұра тартып еді, мен болмадым. Бала-шағасына деп ақша бердім. Құдайдан тілек тілеп, құран оқыды отыра қалып. «Аллаху акбарымды» айтып сонау мұнартқан биікке беттей беріп едім, айғай салып тоқтатты да «қағаз жазып, қолыңды қой» деді. Мен мерт болсам, соның жауапқа тартылатыны анық. Сөзге келместен жазып бердім. «Қағаз жазбайды деп ойлап едім, тас жүрек екенсіз» деген қалпы ұнжырғасы түсіп отырып қалды.

       Қолға бір-ақ аппарат алдым. Оның өзі — 20 келі. Өрлеп келемін. Егіліп жатқан шағыл тастарда жүріс өнбейді. Бір метр көтерілсем, екі метр сырғып түсемін кейбір жерде. Қара тер деген күртінің сыртына дейін шықты. Белгісіз бір ыс бар сонау биіктікте. Тынысты тарылтады. Мұндайда жан қалтама салып алған құрт пен у сарымсақтан жеп отырдым. Көмектесетін сияқты.

         Өліп-талып ұшар басына шыққанда жарқ етіп Хан Тәңірі көрінді. Балтырымнан бұлт кешіп аспанда қалықтап тұрғандаймын. Қарсы алдымда — алып шың. Ғажап шіркін. Батып бара жатқан күн Тәңір таудың маңдайынан иіскеп тұрғандай. Одан сайын жарқыратады. Сағатыма қарадым. Анау етектен бері төрт сағат жүріппін. Төккен терімнің ақталғаны осы шығар. Фотоаппаратты құрып жіберіп, сатырлатып суретке түсіре бастадым. Аппараттың түймесін жүз рет басып үлгеріппін. Қуанышымда шек жоқ, етекке дейін сырғанап түстім. Нұрақын далбақ қағып алдымнан шығып құшақтай алды. Дереу жиналып, мұзды шатқалдан өтіп үлгіргеніміз сол, гүрс етіп атылды. Қорғаншақтай басымызды көтеріп ізімізге қарасақ, жаңа ғана сайрап жатқан жол жоқ. Орыны оғыр-шоғыр тау болды да қалды. Сонда көрдім таудың көшкенін. 

      Хан Тәңірін түсірген суретім мемлекет бойынша төрт рет сыйлық алды. Еңбектің ақталғаны осы емес пе?!».

      Маған бүкіл әлем бір төбе, Қытай өз алдына бір төбе сияқты көрінеді де тұрады. Қытай таныған, Қытай мойындаған адамды әлем таныды, әлем мойындады деуге де болатын шығар. Тылсым табиғаттың таңғажайыптарын фотосуреттермен де, тілмен де тамсана көрсете білген «Комсомольская правда» газетінің шолушысы, жазушы-журналист, суреткер фототілші Василий Песковтың шығармаларын кеңестік оқырмандар жақсы біледі. Оның жұмысы да, одан гөрі насихаты да жақсырақ болғаны белгілі. Әрине, бірімен бірін салыстыруға келмес, десек те, насихаты аздау болды демесе, Түсіпбек Сламханұлының еңбегі одан бір де кем емес. Оның үстіне, қайсар қазақтың арасынан шыққан қаһарман болғандықтан да, біз үшін оның орны бөлек болуы тиіс. Ол солай болып та тұр.      

ak-ayu-kz

 

«Алматы ақшамының» анықтамасы:

     Түсіпбек Сламханұлы 1946 жылы ҚХР, Үрімші ауданы, Ерентау қойнауында туған.

      Әке-шешесі 1916 жылдары Катонқарағай өңірінен Қытайға өткен.  Мәдениет төңкерісі кезінде әкесі Тарымға айдалып, 1952 жылы қайтыс болған.

       Кішкентайынан әкесінен айырылған ол суырдың терісін сатып, білім алады. Қазақ орта мектебінен оныншы сыныпты тәмамдағаннан кейін Қытай астанасы Бейжіңде 6 жыл оқиды. Қытай тілін еркін меңгереді.

       Қолға диплом алып, алыс қыстақта бір жыл жұмыс істеп көреді. 1968-70 жылдары ұсталық өнермен де айналысып, таға соққан, балбал тастар жасаған. Кейіннен «Қытай-қазақ биология сөздігін» жазып шықты. Ауыл атауларын да бір кітапқа жинақтады. 1971 жылдан бастап «Халық» баспасында жиырма жылға жуық редактор болып қызмет атқарған.

      Бүгінде Үрімші қаласында тұрады. Әлемдегі биік шыңдарды қырық жыл бойы суретке түсіріп, төрткүл дүниеге паш еткен профессор, фотосурет докторы.  

g1-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%8f

    Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

    http://almaty-akshamy.kz/2017/05/29/

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті