Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Қытай қазақтары

Басты бет | Қытай қазақтары | Қытайдағы ақындар айтысы

Фото: Қоңыроба жайлауында тігілген киіз үйлер
      Қазақтың айтыс өнері Қытайдың республикалық деңгейде қорғалатын рухани мәдени мұралары тізіміне енген. Төл өнерімізді миллиардтар елінде төрге сүйреп жүргендер – сондағы тамыры қазақылықтан ажырай қоймаған қазақ ағайындарымыз болатын.
       Енді сол тізімге енген қазақ айтыс өнерін қорғау, насихаттау үшін Қытай Үкіметі жылына миллиардтаған юань бөліп отырады. Жыл сайын аудандарда, екі жыл сайын аймақ деңгейінде, үш жылда бір облыс бойынша, ал бес жылда бір рет провинция (автономия) деңгейінде тұрақты түрде ақындар айтысы өткізіліп келеді. Қазіргі кезде аудандық деңгейдегі айтыс 36-37-ші ретке дейін жеткен. Демек осыншама жылдан бері ақындар айтысы үзбей өтіп келеді. Бөлінген ақшаның бір бөлігі осыған жұмсалса, қалғаны төл өнерімізді зерттеу жұмыстарына кетеді. Яғни, Үрімжідегі Мәдениет басқармасы Рухани мұраларды зерттеу орталығында және Күйтің қаласындағы Күйтің педагогикалық институтында Айтыстану ғылыми орталығы жұмыс істеп келеді. Аталмыш орталықтар айтыс өнерін арыдан зертеумен қатар, айтыс мәтіндерін қытай тіліне және ағылшын тіліне аудару, айтыс өнерін зерттеуге, дамытуға арналған конференциялар өткізу сияқты толып жатқан шараларды өткізуді өз міндетіне алған. Әрине, бұл бөлек әңгіме... Енді біз биылғы жазда өткен ақындар айтысының бірнешеуіне тоқталайық.

Тарбағатай аймақтық XXI ақындар айтысы

      Биыл бұл аймақта 21-рет ұйымдастырылған ақындар айтысы Майлы-Жайыр тауының етегіндегі Қоңыроба жайлауында өтті. Бұған дейін төрт рет аламан айтыс өткен жайлау төсіне әр аудан, облыстан ағайындар ағылып келді.

«Ежелден Толы – күй мен ән мекені,

Сөз жетпесе жүрекке ән жетеді.

Майлы, Жайыр, Барлықтың сілемінде,

Сарыны абыздардың бар кешегі.

Ерке жел аймалаған соны дала,

Партия керуен басы, жолы дана.

Армысың, ырыс қонған меймандос ел,

Бесігі берекенің Қоңыроба», - деп қазақ өнген қасиетті мекен мен коммунистік партияны жырлаған ақындар үш күн бойы жайлау төсін ән мен жырға бөледі.

«Соңғы жылдары еліміз қазақтарының айтыс өнерінде үлкен түлеу, өсу, тың бетбұрыстар, жаңалықтар барлыққа келіп, мәдениетімізге өміршеңдік күш берді. Ақындар айтысының көлемі кеңейіп, мазмұны молайып, мәдениеттік жақтағы қамтымы артып, халықтық мереке деңгейіне жетті. Ақындар айтысын мәдениет мерекесі ретінде қарап, төл өнеріміз арқылы халқымыздың рухани бет-бейнесін, тұрмыс-тіршілігін, дәстүрлі мәдениетін әйгілеу жақсы үрдіске айналды. Ал, осы жолғы ақындар айтысы, мәдениет-саяхат мерекесінің көрнекті ерекшелігі, бұрын-соңды айтыс мерекелеріне ұқсамайтын өзгеше богенайы – сахнасының аса жасампаздықпен жобалануы. Айтыс сахнасы ұлы табиғат, асқар тау, байтақ дала, сайын сахара, көгілдір көл, жасыл жайлау, киіз үй болды. Осылардың бәрі өзара жарасым тауып, ақындарға тың шабыт сыйлады», - деп жазады kazakh.people.com.cn.

 Текес аудандық XXIV ақындар айтысы

Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Текес ауданының кезекті ақындар айтысы Қаражон жайлауында өтті. Көрінісі көз тартатын Қаражон – A5 дәрежелі әлемдік курорттық аймаққа жатады. «Шаруалар шаттығы» атты концерттік нөмірлермен басталған дәстүрлі мерекеге 10 мыңнан аса ағайын жиналып, айтыстан өзге аламан бәйге, көкпар және қазақ күресін тамашалады.

Ақсайдың XIV аудандық ақындар айтысы

Ақсай қазақ автономиялы облысы Тибеттің теріскейіне орналасқан. 2000-ға жуық қазақ отбасы өмір сүретін мекенде де ақындар айтысы жыл сайын өтіп тұрады. 

      Биыл жыр додасын 14-рет ұйымдастырған ақсайлық ағайын төр жайлаудың төсінде емес, концерт залдың сахнасында бас қосты. 1000-ға жуық көрермен жиналған ақындар айтысында жергілікті ақындар өнер көрсетіп, жеңімпаздары Ақсай ауданында өтетін үш қазақ автономиялы ауданның V реткі аламан айтысына жолдама алды.

Суреттер: kazakh.people.com.cn және kazakcnr.com сайттарынан алынды.

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті