Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Өзбекстан қазақтары

Басты бет | Өзбекстан қазақтары | Көрші елдің мемлекеттік кеңесшісі

4730074

       Қазақ халқының  озық ойлы  ұл-қыздары әлемнің  көптеген елдерінде еліміздің  жағымды имиджін танытып жүр.  Кадрларымызға да  өзге  елдердің  мемлекеттік  билік буындарынан ойып тұрып  қызметтер берілуде. Бүгінгі таңда  қазақтың  көптеген жас жігіттері мен  қыздары  халықаралық беделді  ұйымдарда, әлемнің  ірі мемлекеттерінде жауапты саяси  қызметтер  атқаруда. Біз бұған  дейінгі  бір мақа­ламызда Қырғызстанның  Конституциясын   және  «Тіл туралы»  заңын  жазған, Қырғызстан Республикасының  әділет  министрінің  орынбасары,  әділет  генерал-майоры  Қ. Қосақов  туралы  жазғанбыз.  Бүгінгі  кейіпкеріміз де осал  болмай  шықты. 

%d0%b3%d0%b5%d0%bd%d0%b5%d1%80%d0%b0%d0%bb

      Күні  кеше  Өзбекстан Республика­сы­ның Президенті  Шавкат Мирзиеёвтің  Жар­лығымен  тағы бір  қандасымыз, поли­ция  генерал-майоры Тұрсынхан  Құдай­бер­генов төтенше жағдайлар  жөніндегі  министр  қызметінен  босатылып,  Өзбек­стан  Республикасы  пре­зидентінің Мем­лекеттік  кеңесшісі  қызметіне  тағайын­далды. Оған жеке және заңды  тұлғалардың  арыз-шағымдарын   бақылау және оны үйлестіру жұмыстары  жүктелді. Тұрсынхан  Айдарұлына бұл  жұмыс бұрын­нан  таныс. Ол 2001 жылдан 2006 жылға  дейін  Өзбекстан  президенті Ислам  Каримовтың милиция мен прокуратура органдарының  жұмысын  үйлестіру жөніндегі  мемлекеттік  кеңесшісі  қызметін  атқарған болатын.

       Сонымен, Өзбекстан президентінің  кеңес­шісі кім? Тұрсынхан  Құдайбергенов –1951 жылы 20 мамырда Ташкент облысы, Шыназ ауданында  дүниеге келген. 1974 жылы Низами атындағы  Ташкент педа­гогикалық институтын  бітірген. Маман­дығы бойынша мұғалім. 1982 жылы КСРО Ішкі істер министрлігінің акаде­миясын бітіріп, 1974 – 1999 жылдар аралығында  Өз­бекстан Республикасы Ішкі істер министр­лігі аппаратында түрлі қызметтер атқарған. 1999 – 2001 жылдары Хорезм облы­сы ішкі істер басқармасының бастығы болған. 2001 жылы республика прези­дентінің  құқық қорғау  және қадағалау органдарының жұмыстарын үйлестіру  жө­ніндегі  мемлекеттік кеңесшісі қызметін атқар­ған.  2006 жылдан 2010 жылға дейін Ферғана  облыстық ішкі істер басқарма­сы­ның бастығы, 2010 жылы республика  тө­тенше  жағдайлар министрі, Үкімет мүшесі болып тағайындалған. 2005 жылдан 2010 жылға дейін Олий Мажлистің бірінші  ша­қырылымының Сенат мүшесі  болып, заң шығару  органында қызметтер атқарған.

       Генерал  Тұрсынхан Айдарұлы Өзбек­стан­ның бұрынғы  президенті Ислам  Кари­мовтың  сенімді өкілдерінің бірі. Оның Хорезм облысында  ішкі істер басқар­масында қызмет атқарған  кезінде  Хиуа­ның  Қасымабад  ауылында  шоғырланған діни экстремистерді құрықтап,  түрмеге тоғытып,  олармен аяусыз күресуде  ымы­раға келмейтін  қатаң тәртіптегі  қызметкер екендігіне  ел президентінің  көзі  жеткен іспетті. Сондай-ақ, генералдың  Наманған облысындағы  діни көзқарастағы  белсенді­лермен  жүргізген  бітіспес күресі де көпші­ліктің  есінде. Сондықтан  оның көзқара­сымен билік буындары  санасуға бейіл.

      Президент өкілеттілігін қолына алған сәттен-ақ, премьер-министр Шавкат    Мир­зиеёв  республикадағы барлық мемле­кеттік құры­лымдардағы маңызды орын­дарда  кадрларды ауыстырудан бастады. Қысқа ғана уақыттың ішінде ол елдің  барлық аумақта­рында болып,  мақсатты  түрде жаңа қызметтік тағайындаулар жүргізді.  Кезінде  ел президенті Ислам Ка­римовтың сынына  ұшырап, лауа­зым­дарынан босатылған  кешегі  үкімет  мүше­лерін қызметтеріне қайта тағайындады. Осылайша, Өзбекстанның болашақ  бас­шысы президенттікке сайланбай тұрып-ақ,  батыл  әрекеттерге барып, соған сай билік етті,  әрі кадрлық тағайындаулары арқылы президент сайлауы қарсаңында өз билігін нығайтып алды.

       Өзбекстандағы  биліктің  ауысуымен ұлт­тық сана, оның қоғамға тигізер ықпалы туралы ой түзіліп,  сындарлы ашық әңгіме айтыла бастады. Бүгінгі ұрпақ  құрсанған  билік жүйе­сіне тіктеп қарап, ойындағысын ашық айтуға көшкен. Елдің экономи­калық  өркендеуі де, саяси дербестігі мен рухани келбеті де ұлттық идеология мен ұлттық намыстың негізінде дамитынына көз жетіп отыр. Бұл бағытта ашықтық жетіспей  келді.

       Осыған орай Өзбекстанда алғаш рет мемлекет басшысының атынан «фейсбук» әлеуметтік желісінде арнайы парақша жұмыс жүргізу қолға алынып отыр. Па­рақша әзірге  ел президенті  Ш. Мир­зиеёв­тің түрлі сапарла­рынан, шетелдік көшбас­шылармен кездесу қорытындыларынан, кадрлық тағайындаулар мен жаңа Жар­лықтарынан ғана хабардар етуде. Бұл  сая­сат бұрын мұндай «жариялы­лыққа» үйрен­беген Өзбекстан үшін тосын  құбылыс болып отыр. Бүгінгі таңда аталған парақ­шаға 30 мыңға жуық  адам жазылған. Ал   Ислам Каримовтың кезінде билік пен халық арасындағы диалог тек телеарна мен ресми сайттар арқылы жүзеге асырылып келген еді.

        Шавкат Мирзиеёвтің уақытша лауазы­мына кірісе сала қолға алған келесі ісі – азаматтық­тан шығуға арналған негіз­деме­лерді айқындай­тын заңға түзетулер енгізуі  болды. Бұрынғы заңда Өзбекстанның аза­маттығынан шығу мүмкіндігінен айыратын  мұндай негіздеме болмады. Ал алдағы  уақыт­та басқа мемлекет­тің азаматтығын алған жағдайда өзбек азама­ты өз елінің азаматтығынан шығуына тура келеді. Ресей  құжатын алғанымен, өзбек азама­ттығынан шыға алмай сарылған  сансыз мигранттар үшін бұл  да таптырмас мүмкіндік  болып  отыр.

       Жоғарыда аталған ірілі-уақты өзгеріс­терден бөлек, әлі күнге дейін Өзбекстан прези­дентінен өзгертуге  сұранып тұрған көптеген   мәселелер  бар. Сөз бостандығын шектеу, оппозицияны қатаң бақылау, адам құқығын бұзу сынды   мәселелер әлі де жал­ғасуда. Адам құқығының  бұзылуына  байланысты елдің алғашқы президентін батыстық саясаткерлер мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары үнемі сынап келген еді.

       Президент мемлекет пен қоғамның ойлас­тырылған, келісілген, үйлестірілген бағытын ұсыну арқылы дивидент түсіру, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген экономикалық прагматизм жаңа бағыттың экономикалық саясаты екенін негіздеп, 2050 жылға дейін кезең-кезеңмен атқа­ры­ла­тын маңызды мәсе­лелерді   айқындап отыр. Бұл  бағытта мемле­кет басшысына  құқықтық  салада  кеңесші  керек және ол құқық  саласының білікті  маманы болуы тиіс.

      Біз  күрделі заманда өмір сүрудеміз. Әлем жаһандық сілкіністерге  тап болып отыр. Олар­дың  ең  сорақысы – терроризм. Бұл үшін қатаң  бақылаудағы тәртіп керек. Азаматтар­ды, қоғамды  және мемлекетті қорғау үшін де бақылау орнату қажеттігі  сұралуда. Өзбекстан билігі қазір тәртіп отна­туды зайырлы түрде  іске асыруға көшкен. Бұл істі жүргізу  генерал Тұр­сынхан  Құдайбергеновке жүктеліп  отыр.

      Қазір қоғамдық пікірді  қалыптастыру  аса маңызды. Сондықтан биліктің халыққа ықпа­лын  орнықтыруда  ашық  алаң керек.  Оны ұйым­дастырудың әлемде  түрлі озық техноло­гиялары бар. Оған нақты  мақсаттар  қойылып, қоғамның барлық күші соған  жұмылдырылуы шарт. Ол үшін профи­лактиканың  ең тиімді жолы – тұрғындарды осы жұмысқа тарту.  Бұл – үлкен ресурс. Билік  ресурстың бай  тәжірибесін  генерал Тұрсынхан  Айдарұлынан іздеп отырған­дығы да сондықтан.

      Өзбекстанның жаңа лидерімен бірге орын алған жаңалықтардың ішіндегі әлеу­меттік желіде ең көп талқыланған­дарының бірі – әрбір тұрғынның өз арыз-шағымын жеткізе алатын веб-сайттың ашылуы болды. Ресми деректерге қарағанда,  бас-аяғы екі аптаның ішінде президент Мирзиеёвке 30 мыңнан астам талап-тілек келіп түскен. Олардың жартысынан көбі қанағаттанды­рылған. Ал Ислам  Каримовтың кезінде президентпен  байланысу тіпті де мүмкін емес еді. Қазіргі  таңда тұрғын­дар­дың мұң-мұқтажына құлақ асылып жат­қандығын, бұл істің тек көзбояушылық емес, шындық екендігін дәлелдеп, баспасөз беттері мен сайттарда халықтың ризашылық мәндегі хат­тары жариялануда. Мұндай арыз-шағым «жәшігінің»  науқандық жұмыс емес екендігі  қатаң бақылауда. Осы және  басқа да жұмыс­тарды  ұйымдастыруда генерал Тұрсынхан  Құдайбергеновтің  идеялық ықпалы зор.

      Өзбекстан халқы жаңа президенттен көп нәрсе күтеді. Ең бастысы, мемлекеттік басқару бұрынғы деңгейде сақталса деген тілекте, ал үміттене күтетіні, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік саласына қолдау болса екен дейді. Бұған қатысты бірқатар шаралар да қолға алынып отыр. Мәселен, жемқорлыққа қарсы заңға қол қойылып, валюта бағамын ырықтан­дыру талқыла­нып, бастары дауға қалған кәсіпкерлерге амнистия жариялануы дәлел бола  алады. Оған  бұл мәселені  құқықтық  негізде  оңтай­лы  шешуге генерал Тұрсынхан  Айдар­ұлының  кеңесі  болғаны  анық.

      Шавкат Мирзиеёв уақытша билік құрған үш айда шағын және орта бизнеске баса мән берді. Осыған орай  президент елде  кәсіпкер­лік субъектілерінің заңды мүд­делері мен құқықтарын қорғауға бағыт­талған уәкілетті институт құруды  қолға  алды.  Соңғы уақытта өз өнімдерін экспорт­таушы өзбекстандық фер­мерлердің босаңсып кеткендігіне алаңдаушы­лық білдірген мемлекет басшысы осы тұрғы­дағы  заңға  өзгеріс  енгізді. Олар енді мемле­кет­ке өздерінің валюталық түсімдерінің 25 пайы­зын ғана сатуға міндеттеліп отыр. Бұл үлес бұрын 50 пайызды құраған, ал фермерлер валюта бағамындағы айырмашылықтар кесірінен Өзбекстанда доллардың ресми бағамы нарықтағыдан екі есе төмен кірістерінің ма­ңызды бөліктерінен айрылып  келген болатын.

     Кез-келген елдің тілегі де, оның арманы да – халқының бейбітшілігін сақтау екені сөзсіз. Елінің экономикасын дамытып, халқының қауіпсіздігін нығайту арқылы ішкі тұрақты­лықты қамтамасыз етеді. Өйткені, бейбіт өмір бақыт, береке, бірлік әкелумен бірге, өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Бейбітшілікте өмір сүруге ұмтылу өзбек халқының қанына сіңген асыл қасиет­терінің бірі. Саналы, парасатты елдің ұрпағы өткеніне көз жіберіп, ата-бабасы­ның жолынан сабақ алуға жұмылуға  даяр.

      Адамзат тарихының түп мақсаты – біртұ­тастық.  Тарихтың біртұтастығы адам­дар бір-бірін бірлік, ортақ ақиқат идея­сында түсіне ала­­тындығынан, рухани әлемде олардың қаншалықты бөтен болып көрінгенмен, бір-бірімен мағыналы қатынас қалыптастыра алатындығынан, бір-бірімен араласпай тұра алмайтындығынан туын­дайды. Өзбекстан  билігі бүгінгі таңда осы ұстанымды мұрат етіп  отыр.

      Бүгінгі таңда демократиялық процес­тер­дің дамуына қоғамдық ұйымдарды тарту, оларды әлеуметтік маңызды мәсе­лелерді шешуге араластыру бағытындағы шаралар  жүйелі түрде жүзеге асырылуда.  Олардың қатарында елдің ынтымағы мен бірлігін сақтау, нығайту, азаматтарды  өзбекстандық  патриотизмге тәрбиелеу бойынша іс-шаралар ұйымдастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау және қоғам­­ның гендерлік мәдениетін арттыру бойын­­ша іс-шаралар жүргізу, аға буынның өне­ге­лік істерін  насихаттау жұмыстары да бар. Бұлардың идеялық  авторы да  мемлекеттік  кеңесшінің  ақыл-ойының  жемісі.

     Әрине, қоғамда  жалпы жаңғырту үдерісіне кірікпеген әлеуметтік топтар да бар. Оның объективті себептері де жоқ емес. Қоғамда адамдардың моральдық жай-күйі мен қоғамдық аңсар үмітіне әсер ететін бірқатар теңгерімсіз­діктер әлі де орын алуда. Осы теңгерімсіздікті жойып, қоғамның барлық жіктеріне қоғамдық жаңғырту процесіне кірігу мүмкіндігін беру  жұмыс­тары да қолға алынған. Қоғамда өзінің лайықты орнын тауып,  «Менің  елімде мен үшін барлық есік ашық!» деп айта алатын әділетті қоғам құруға  талпыныс  зор. Бүгінде ел азаматтары үшін барлық есік, барлық мүмкіндік, барлық жолдың  ашық болуына  талпыныс  зор.

    Мемлекеттік  кеңесшінің негізгі бағыт­тары сол ашықтықты қамтамасыз ету, құқық  қорғау   органдарымен, қоғаммен өзара үнқаты­су­ды дамыту. Осы жолда құқық  қорғау  орган­дарына  маман іріктеудің  жаңа  инстру­менттерін  енгізу және кадр саясатын дамыту­дың  одан арғы  перспективаларын  орнықтыру да  Тұрсынхан  Айдарұлының  құзырында.  Ел президентінің  қадағалау тиімділігін арттыру жөніндегі  тапсырмасын жүзеге асыра отырып, азаматтардың  әлеуметтік-экономикалық, саяси, еңбек және өзге де конституциялық құқық­тарын қорғау да маңызды  мәселеге айналған.  Олар үлкен ауқымдағы мәселелер, жүйелі түрде шешуді қажет ететін мәселелер. Бұл орайдағы  үнқатысудың, кері байла­ныс­тың, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен байланыс орнатудың маңызы зор болып тұр.

      Қоғамдық пікір қалыптастыру және азамат­тардың саяси сауаттылығын көтеру жұмысы да басым бағыттардың бірі болған­дықтан, ақпараттық құралдар арқылы, қоғам­дық дәрістер, семинарлар, дөңгелек үстелдер және кездесулер сияқты шараларды жүргізу де қолға алынуда. Бұл істе мемлекеттік  кеңес­ші ұйымдармен  де, билікпен де, бизнеспен де, халықпен де тікелей жұмыс жасауға  құзырлы. Жергілікті билікпен қарым-қатынас  орнату – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Бизнес пен билікке қоғам талабы соны  талап етіп отыр.

       Жалпы, кез-келген дау-дамай неден басталады? Бұл – бір-бірімізді тыңдай алмаудан бастау  алады. Құқық  қорғау  органдары мен  қоғам арасындағы кері байланыс мәдениеті қалыптасса, онда кез-келген мәселенің дұрыс оңтайлы шешімін табуға болатынын өмір көрсетіп беріп отыр. Өзбекстан  билігіндегі осы жолдағы бүгінгі   модераторлық іс қанда­сымыз, генерал  Тұрсынхан  Құдайбергеновке тапсырылған.

         Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті