Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Моңғолия қазақтары

Басты бет | Моңғолия қазақтары | Ең бастысы, бақытты екенімді өзім білемін

      Қабылаш ӘБІКЕЙҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор: ...сен қазақ болған соң қазағыңа тартып барасың ғой», деп басын қос қолдап ұстап, қатты ренжіді. Ақыры Моңғолия Мәдениет министрінің алдына барып жүгініп, ол «екі жыл Абай атындағы опера және балет театрына келісімшартпен қызмет істеп қайтсын» деген үкімді әрең шығарып берді.

    – Сіздің Моңғолия елін­дегі өте қадірлі азамат бол­ғаныңызды сипаттап жаза­тын тарихшы-профессор Зардыхан Қинаятұлының әдемі естелігі бар. Сіздер тәу­елсіздік ала сала, алғашқы толқынмен атажұртқа орал­ғандарыңызда, моңғол ми­нистрінен «Қазақтарын кө­шіріп алып жатыр деп бізге ренжіп жүрген жоқсыңдар ма?» деп сұрағанда, моңғол министрі: «Әр азаматтың өз орны бар ғой, бірақ Қабылаш пен Зардыханның кеткені біз үшін ауырлау болды» деген екен. Ондағы ағайындарыңыз да, моңғол бауырларыңыз да «Қабылаш салған әндер-ай» деп әлі күнге тамсанып айтатын көрінеді...
       − Қазақстанға қылшылдап тұрған қырықтың ішінде келіп едім. Елге оралғаныма биыл тұп-тура 25 жыл болды. Қазақ елі тәуелсіздік алып жатқанда, шынын айтайын, шыдап отыра алмадық. Бұл кезде менің жиырма жылдан бері Ұлан Батордың академиялық опера және балет театрының жетекші әртісі әрі бар атағын түгел иеленіп, абырой биігінде жүрген кезім. 1991 жылы қазақ елі талай ғасыр аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізіп, бір жағы мәре-сәре, бір жағы тұралап қалған экономикадан тауқымет шегіп қиналып жүрген кезінде Х.Уртнасан деген әріптесіміз екеу­міз Абай атындағы опера және балет театрының ша­қыруымен гастрольдік сапарға келіп, «Травиата» және «Тоска» операларына қатысқан едік. Ол кездегі Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев, орынбасары Әшірбек Сығай, театр­дың директоры Базарғали Жаманбаев еді. Сол сапарда Мәдениет ми­нистрлігімен де, театр әкімші­лігімен де екі жыл қызмет жасайтын болып, келісімшарт жасастық. Бірақ Моңғолияға келген соң бұл келісім туралы ешкімге тіс жарып айта алмай, талай уақытқа дейін іштен тынып жүріп қалдым. Рас, моңғол елі мені төбесіне көтерді, өнерімді сүйді. Бірақ, менің өз Отаным бар. «Тәуекел, естіртейін» деп елге кету жөнінде өтінішімді жазып едім, театрдың директоры Эрденбулган естіген бойы тулап шыға келді. Екеуміз біресе ұрсысып, біресе татуласып, қызылкеңірдек болып айтысып, күн ұзаққа ырғастық. «Сен айтшы, Қабылаш, театр ұжымы осы күнге дейін сені қазақ деп алалап, шеттетіп ренжіткен кезі болды ма? Талантыңды, өнеріңді бағалауда әділетсіздік көрсеткен жеріміз бар ма? Бар болғаны, сен қазақ болған соң қазағыңа тартып барасың ғой», деп басын қос қолдап ұстап, қатты ренжіді. Ақыры Моңғолия Мәдениет министрінің алдына барып жүгініп, ол «екі жыл Абай атындағы опера және балет теа­трына келісімшартпен қызмет істеп қайтсын» деген үкімді әрең шығарып берді.
      – Сіз Қазақстанға опера тү­гілі, ой, сана еңбегінің бә­рі далада қалып, «балапан ба­сы­­мен, тұрымтай тұсымен» дей­тін тар кезеңде келдіңіз. Са­ғынып, өз көңіліңіздің ала­бұртқаны болмаса, ауырт­па­лық­тармен арпалысып жү­р­­ген мұндағылар «Қа­былаш келіп қалыпты» деп құшағын аша қоймағанға ренжіген жоқ­сыз ба?
      − Құдайшылығын айтайын, сол қиыншылық туған елдің топырағына табанымыз тиген қуаныштың жанында түкке тұрмайтын еді. Қуаныш құшағында жүргенде сол қи­ындықтардың бәрі білінбей өте береді екен. Мәдениет ми­нистрлігіне қарасты жатақ­хананың екі бөлмесінде тұрсақ та, сол қуықтай бөлмеге елге белгілі адамдарды қонаққа ша­қырып, әңгімесін тыңдағанға мәз болып, мәре-сәре болып жататын едік. Несіне намыс­танамын? Менің еліме келген қуанышымның жанында тір­шіліктің тауқыметі деген не тәйірі? Тап сол күндерде Моң­ғолияның баспасөзі «Қа­бы­лашты Қазақстаны қа­был­дамапты да» деген желсөзді жариялап жатыпты. Мейлі, айта берсін, жаза берсін, ең бас­­тысы, бақытты екенімді өзім білемін ғой. Ол жақта солай жазылып жатса, бұл жақта «Біз тұрғанда сонау моңғол елінде қаңғып жүрген қазақты несіне алып келді?» деген сөзді де құлағымыз естіді. Ең ауыр­ы, осы болды. Сабырмен қара­ған жанға Жаратқанның сыйы бар. Бәрі де орнына келді. Қазақстандық өнер ортасынан құрмет пен қошемет таптым. Алғаш біз келгенде театрдың белді әртістері шет елге кетіп жатты. Сол қиын шақта олардың орнын толтырдық, жоқтатпадық деп ойлаймын. «Ер Тарғын», «Абай», «Евгений Онегин», «Қарғаның мәткесі», «Тоска», «Травиата», айта берсек толып жатыр, осы опералардың бәріне мен дайын болып келдім.
     – Сіз Еуропада білім алған қазақ екенсіз. Моңғолияның сонау бір түкпірінде қоңыр­төбел қазақ отбасынан шық­қан қарадомалақ бала София кон­серваториясында білім алу­ға қалай қол жеткізіп жүр?
     – Осы сауалды маған жиі қояды. Бірақ бұл сауалға жауап бермес бұрын, алдымен, кіріспесін айтайын. Мен өнерге бала күнімнен жақын болып өсіппін. Бірақ «өнерді сүйеді екенмін-ау» деп ол кезде ойламадым. Жөргекте жатып жы­лағанда, нағашыларым домбыра тартып, сыбызғы ойнап жұбатады екен. Мүмкін, сол дыбыстар құлағыма әбден сіңді ме, Алла тағаланың өзі икемдеп, табиғатымды жақын етіп жа­ратты ма, өмір жолымды өнерге қарай бағыттай беріпті. Бұлт сүйген Боғда тауларының батысында жатқан Бай-Бесікте балалығым өтті, кейін ішінде біздің де отбасымыз бар, 4-5 үйді бөлектеп, Моңғолияның ішкері жағына қарай көшірді. Мен таза моңғол мектебінде оқыдым, қа­зақша үйде ғана сөйле­семіз, сон­дықтан ана тілі­ме шорқақ болдым.
     Кейін біздің үй Баян Өл­гейге қайта көшіп кетті де, мен жаңадан құрылып жатқан опера және балет театрының хор класына қабылданып, Ұлан Баторда жұмыс жасап қал­дым. Бірақ ән айтуға көңілім соқпады. Театрдың жұмыстан босат­пайтынын білдім де, қу­лыққа көштім. «Үйіме жөн­деу жұмысын жүргізу керек еді, әке-шешемнің жағдайы келмейді, мен барып жасауым керек» деп рұқсат алдым. Бірақ менің есіл-дертім театр емес, әкемнің жанында автобазада жүргізуші болып істеу еді. Дәнекерлеуші болып істейтін әкем мені жұмысқа кіргізіп те қойды. Сөйтіп, жүргенде партия комитетінен «Қабылаш қашып кетті, тез келсін» деген шақырту келді. Заңнан хабарым жоқ мен жайбарақат жүрген едім. Зиядабек деген өте зиялы ағам қайту керегін түсіндірді, мен «бармаймын» деп азар да безер боламын. «Ендеше, шу-шұрқан басылғанша сен Өл­гейдің қазақ халық театрында істей тұр» деген кеңес айтты. Сөйтіп, жүргізуші боламын деген арманым адыра қалып, тағы да театрға қайтып оралуға тура келді. Менде ешқашан «әнші болайын, классикалық өнердің туын ұстайын» деген арман болған емес. Жұмыс істеп жүргеніме 2-3 жыл болған кезде Моңғолия жас­­тарының ХV съезіне Өл­гей жастарының құра­мында деле­гаттыққа ұсын­ды. Сонымен қатар, Қазақ­станда Моңғолияның мәдениет күндері өтетін болып, Мәдениет ми­нистрлігінен шақырту алдым. Екі оқиға қатар келсе де, мен Қа­зақстанға баруды жөн деп шештім.
       – Осы сапар сіздің тағды­рыңызда шешуші рөл болыпты ғой?
      – Мен бірінші рет шет елге сапарлап шықтым. Онда да атын естігеннің өзіне мәз болып қалатын аңсаған атажұртыма сапар шектім. Біз Қазақстанға жазушы және әншілерден құ­ралған шағын құраммен келдік. Жа­зушылар одағында үл­кен кездесу өтті. Онда қазақ әде­биетінің Ғ.Мүсірепов пен Ғ.Мұс­тафин бастаған ірі ақын-жазу­шыларының бәрі болды. Солардың ішінде менің есім­де қалған кәдімгі Сәбең – Сә­бит Мұқанов еді. Басында сол баяғы ақ тақиясы бар, алпысты алқымдап қалған кезі. Аз-кем әңгімелесіп, жағдай сұра­­ды да: «Сен бала, әлі жас екенсің, оқып, білім алуың керек. Алматы консерватория­сында оқығың келе ме, біз саған қолымыздан келгенін аямай көмектесеміз», деді. Менің төбем көкке екі елі жетпеді. Атақты адамның осыншама кіші­пейілдігі, мейір­бандығы мені қатты тол­қыт­ты. Бірақ елге келгеннен кейін Сәбеңнің тілегінің, менің қа­лауымның орайы келмейтін болды. Себебі, Моңғолия консерваториясы мен Құрманғазы атындағы кон­серваторияның арасында келісімшарт жоқ екен. Есесіне, Болгария астанасы София қала­сының консерваториясымен екіжақты келісім бұрыннан бар болып шықты. Сөйтіп, мен Еуропаға оқуға аттандым.
      – «Қабылаштың кеудесі үл­кен, тынысы кең». Бұл пікір сізді табиғатынан тыны­сы кеңірек болып келетін еуропалық опера әншілерімен салыстыруға жетелейді. Ма­мандар да сіздің ән мекте­біңіз­дің бөлек екенін, кей­бір мық­ты деп саналатын ән­ші­лерден әлдеқайда ерек­ше­лігіңіздің бар екенін айтады.
     – Мен студент болған 1970 жылдардың өзінде Еуропада да жақсы ұстаздар тапшы еді. Менің бағыма ұстазым опера­ның отаны Италияда оқып, білім алған халық артисі, профессор Христо Брьмбуров болды. Италия операсы мектебінде шыңдалған ұстаздардың соңғы буынының бірінен тәлім алу мен үшін бақыт еді. Атақты шебердің қойып берген дауы­сының арқасында өмірлік мақ­сатымды орындап келемін.
     – Сізді Қазақстаннан ең алғаш танып, талантыңызды бағалаған белгілі өнер шебері Дүйсен Қасейінов екен.
   – Біз үшін аса қадірлі Дүйсен Қасейінов консерваторияның ректоры болып жүргенде-ақ «бізге Еуропадан білім алып шыңдалған мамандар керек» деп мені консерваторияға шә­кірт тәрбиелеуге шақырып жү­ре­тін. Жалпы, жақсыны тану, ұлтқа қажетті пайдалы дүние­ні көре білу Дүйсекеңе тән қа­сиет. Шүкір, қазір өзімнің де та­лантты шәкірттерім өсіп келеді. Жас та болса талантты Расул Жармағамбетов Бибігүл Төлегенованың халықаралық конкурсында Гран-при алды.
       – Жазушыны қаламы, етік­шіні бізі асырайтыны се­кілді, әйгілі Ермек Серкебаев та «менің связкам қырық жыл­дан бері асырап келеді» дейді екен. Қанша қашсаңыз да, айналдырып әкеліп өнер жолына салған «связкаңызға» сіздің де өкпеңіз жоқ шығар?
     – Менің дауысым – лири­калық баритон. Алғаш театрға келгенімде Еуропа компо­зи­торларының шығармаларын түпнұсқа тілде орындау туралы басшыларға ұсыныс жасадым. «Көрермен түсінбей қалады» деген қауіп бекер, оны аударудың қажеті жоқ. Өйткені, классикалық өнердің бір-ақ қағидасы бар: мәселе тілде емес, операны тыңдағысы келетін адам – тыңдайды, қабылдағысы келмейтіні – қабылдамайды. Сол ұсынысымның әсері болды ма, осыдан кейін театр шет елдің классикалық шығармаларын түпнұсқада қойып келе жатыр. Дүние жүзі театрларының тә­жірибесі мұның дұрыс еке­нін қуаттап отыр. Мысалы, «Ев­гений Онегинді» қазақша тәржімаласа, әнші дауысын ша­рықтатып, ұзақтау ұстап тұра­тын жерінде қазақша баламасы сәйкес келмей қалса, ол әнге нұқсан келтіреді.
      – Сіз әлемнің көптеген сахналарында ән салдыңыз. Біздің ұлттық операмыздың әлеуетін қалай бағалайсыз, басқасын айтпағанда, өзіңіз жақсы білетін Моңғолия театрымен салыстыра айтқанда...
     – Екеуі де көшпенді ха­лық, екеуі де ән-жырға құ­мар, сауықшыл халық және сырт­тан келген адамға ерекше байқа­ла­тыны, қазақ – интел­лек­туал халық. Кез келген жа­ңа­лық­ты өте жылдам қа­был­дайды. Гру­зин, әзер­байжан, өзбек сияқты өзімізбен одақтас болып келген ұлттардың ішінде орыс тілінде өте таза сөй­лей­тін қазақтан басқа қандай халық бар? Мектепті моңғол тілінде оқып-бітірдім. Мінсіз білемін десем, өтірік емес. Моңғол тіліндегі операларды бір моңғолдай-ақ шырқадым. Сол сияқты мұндағы әртістер де кез келген тілдегі операны жылдам меңгеріп айта алады. Қай елдің сахнасына апарса да, ұялмай көрсетуге болады. Әсі­ресе, соңғы жылдары жақсы дамып келеді. Әрине, «ешкім­нен кем емеспіз» дейміз ғой. Бірақ кемшіліктер жоқ емес. Бі­ріншіден, классикалық шығармаларды қоюшы режиссер тапшы. Жақсы дирижер жетіспейді.
    – Дж.Вердидің «Риголетта» операсын қою үшін дирижерді Италиядан арнайы шақырып отырғаны сол екен ғой?
     – Оның басқа да себебі болуы мүмкін. Бірақ «Риголетта» мүлде жаңаша келбетпен сах­наға дайындалды. Моңғолия опера және балет театрында өзім де Риголеттаны ойнағанмын. Жалпы, Риголеттаның партиясы, әні сондай әуезді, айту­ға ың­ғайлы болғанымен, баритон дауысты әншілердің мүм­кіндігін қатал сынайтын, та­биғи физикалық күші мен шы­дамдылығын көрсететін, әншілігінен бөлек актерлік қабілетін жоғары деңгейде шың­дайтын рөл. Талай жылғы тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, кей әншілердің дауысы зор, күшті болғанымен, актерлік жағы кемшіндеу болып, сахна қозғалысы сай келмейді. Ал, кейбір әнші актерлік жа­ғына көбірек көңіл бөліп, эмо­цияға беріліп, дауыстың тең­дігіне, музыкалық жағына мән бермей, ақсап жатады. Осы себеппен «Риголетта» опе­ра­сының репетициясына қатысып, әншілерге кеңес беріп, бір­лесе жұмыс істеп жатырмын. Мысалы, М.Төлебаевтың «Бір­жан-Сарасы» – ұлттық опера өнеріндегі ең кәсіби тұрғыда жазылған дара шығарма. Бірақ тұлғалар азайған соң «театрға тек Біржанды ғана көру үшін келдім», «сахнаны жарқыратып тұрған тек Біржан ғана» дей­тіндей Біржан әзірге шықпай жатыр.
      − Ғаламтордан Батыс елде­рінің сахналарындағы операларды тамашаласаң, заманауи техника мүмкіндігімен жарақ­тандырылып, кең ауқым­­­да қойылған спектакль­дер дра­малық жағынан күр­делен­діріліп, тартысты, шы­тырман оқиғалы кино көр­гендей әсер­де қалдырады...
     − Шет елде әрбір жаңа спек­­такльді сахнаға қоярда өте кір­пияз қарайды. Ал, орыс мек­тебі үлгісіндегі театрларда солис­тер дирижердің жоғары-төмен қалықтаған таяқшасына қарайлай береді. Дирижер пәрмен бермесе, әнші тіпті дауысын ала алмай қалады. Батыс елдерінде сәл басқаша, дирижер әншінің жетегінде жүреді. Әнші сахнада еркін, дирижер оның сол еркіндігіне еріп кетеді. Мысалы, ілгеріректе жасым отызды енді орталап қалған кезде, мені «Болгарияда оқыған» деді де, сол елде қойылатын «Ка­р­меннің» операсындағы Эс­ка­мильо рөліне ойнауға ша­қырды. Олардың жаңа қо­йы­лыммен қалай жұмыс істей­тінін сонда көрдім. Операға қатысатын барлық әншілер, хор әншілерінің сыртында сол операға жауапты режиссер, дирижер, көмекші режиссерге дейін бүкіл партия­ны сөзімен жатқа білуі тиіс екен. Дирижерге телміріп тұрған бірде-бір әншіні көрмедім. Қызық болғанда, Карменнің рөлінде ойнайтын әнші Чехословакиядан дәл уақытында келе алмай қалды. Сонда жап-жас дирижер жігіт Карменнің партиясын бастан-аяқ француз тілінде жатқа айтып тұрды. Дирижер әншіден оқ бойы озық тұруы тиіс. Қалай дегенмен, Батыста операның дамығанына бес жүз жылдан асты, ал тарихы сексен жылды енді құраған қазақ опера театрын олармен салыстыруымыздың өзі оғаш. Кештеу дамыса да, үлкен өнердің соңынан ілесіп келе жатыр. Бұл үлгі аларлық мысал.
     – Театрда тұлға болуы ке­рек. Кешегі Ермек ағамыз бүкіл қазақ операсының айбыны сияқты еді, сол қатар сирей бастаған соң классикалық өнерде де салқынқандылық сал­танат құрғандай. Ал тұл­ғасыз жерде өнер де тұлдыр жетім сияқты болмай ма?
     – Халық әртісінің бәрі тұлға емес. Ал, Ерекең, Ермек Серкебаев нағыз тұлға еді. Өзі өте талантты, сәні де, салтанаты да келісті адам еді. Бірде-біреудің көңілін өсіріп, жақсы сөзін айтып, көңілін көкке самғатып жіберетін, ұнамаса, біреулерге қарсы шығып, бетің, жүзің бар демей, айтып салатын. Өнерге қазір осындай мінез жетіспейді. «Көп айтса, көнді, жұрт айтса, болды», жаялық болып төселіп, алдына түсіп алып, жорғалайтын жігерсіз адамдар тұлға туралы түсінікті де жоюға шақ тұр. Әншейін мақтағаннан өнер адамы өспейді. Болгарияда бірге оқыған моңғолиялық әріптес­терімнің шеберханасынан білім алған 25-30 жас аралығындағы баритондар бүгінгі күні дүние жүзінің театрларын жаулап алып жатыр. Бәрінің кеудесі ашық. Ең дарынды опера әншілері саналатын халықаралық байқауларда солар жүлденің басын бермейтін болды. Классикалық өнерде, әсіресе, опера өнерінде тұлға көп болуы керек, себебі, олардың сахнада сомдайтын рөлдерінің өзі тұлғалардан тұрады ғой. Тұлға қоғамнан биік тұруы тиіс. Ой азаттығымен, сана сергек­тігімен. Өз басым тіл мәсе­лесіне өте жауапты, өте кірпияз қараймын. Сондықтан болар, бес балам бес тілдің маманы болып, өмірден өз орындарын тапты.
      Әңгімеңізге рахмет.
             Әңгімелескен  Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
      
           Толығырақ: https://egemen.kz/article/enh-bastysy-baqytty-ekenimdi-oezim-bilemin

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті