Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Түрікменстан қазақтары

Түрікменстан қазақтары

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Асылұлы Мамашев Түрікменстан еліне іс-сапармен барып қайтқан болатын. Сол сапардан алған мәлімет, әсерлерін оқырманмен ой бөлісу мақсатында болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Құрметті Талғат Асылұлы, Түрікменстанға барудағы басты мақсатыңыз не еді?

– Бұл сапарға барудағы басты мақсат – сол елдегі қандастарымыздың қал-жайын көру. Олардың артында Қазақстан деген өздерін іздейтін елі бар екенін білдіру.

Бүгінде қырықтан астам мемлекетте қазақтар қоныстанған. Олардың біразымен қарым-қатынасымыз жақсы орныққан. Ал, тәуелсіздік алған күннен бастап Түрікменстан өз шекарасына еркін кіріп-шығуды шектеді. Сол себепті ол жақтағы қандастарымызбен арамыз алшақтап қалған болатын.

Міне, бүгінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Ашхабадқа жасаған ресми сапарлары оң нәтиже беріп, біздің де ол жақтағы бауырлармен көрісуімізге ықпалы тиіп отыр.

– Түрікменстанда қанша қазақ тұрады екен? Және олар қай өңірлерін мекендеген?

– Түрікменстанда бұрын 300 мыңға жуық қандастарымыз тұрған болса, бүгінде  солардың 60 000-ға жуығы тұрады. Олардың көпшілігі 1928-1931 жылдары Қазақстанда басталған ашаршылықтан бас сауғалап барғандар. Сол барғаннан қазақтар тұрақты орын тауып қоныстанған. Кеңес дәуірі кезінде қазақтар ұлттық құрамы жағынан төртінші орында болыпты. Бұрынғы Краснаводск қазіргі Түрікменбашы қаласында тұратын халықтың 80 пайызын қазақтар құрапты. Сонымен бірге Ташауз, Мары, Чарджоу облыстары мен Ашхабад қаласында қоныстанған. Ал, Балқан вилоятында 20-25 мың қандастарымыз тұрады екен. Олар үшін Түрікменстандағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің есігі әрдайым ашық. Елшіліктегі біздің елшіміз Мұрат Атанов көптеген игі істер атқарған. (Өкінішке қарай біз осы сапардан қайтып оралғаннан кейін көп ұзамай елшіміз Мұрат Атанов кенеттен қайтыс болды. Ол Түрікменстандағы бүкіл ағайындарымыздың ерекше ризашылығына бөленген кісі еді).

Түрікменстандағы елшілігіміз көршілес 5 облысқа 5 күнге кіріп-шығуға виза алмайды, бір айға виза тегін беріледі екен.

Түрікменбашы қаласына жақын жерде орналасқан «Аққулы маяк» қалашығында 2000-ға жуық халық тұрады екен. Соның 90 пайызы қазақтар. Ол жер бүкіл Түрікмен елін тұзбен қамтып отыр. Бағзы замандардан бері тұз өндірумен айналысып, Кеңес дәуірі тұсында тұзды экспортқа шығарады екен. Зауытта екі ауысыммен жұмыс істеп, қандастарымыз қажырлы еңбек етуде. Өндірістің директоры Артық есімді түрікмен қызы бізбен әңгімесінде қазақ ұлтының өкілдеріне риза екендігін айтты. – Қазақтар өте еңбекқор халық. Олармен бірнеше жылдардан бері бірге жасасып, бірге еңбек етіп келемін. Олардың шыншылдығы мен еңбекқорлығына алғысымды білдіремін, деп әңгіме арасында өз пікірін білдірді.

– Ол жақтағы қандастарымыздың басты проблемалық мәселелеріне тоқталсаңыз.

– Басты проблема – оқу-білім мәселелері. Бүгінде бұрынғы қазақ мектептері түгел жабылған. Бәрі де түрікменше оқиды. Оқу бағдарламалары мүлдем бөлек. Мектептері 9 жылдық, енді 10 жылдыққа өткелі жатыр екен. Ол жақта білім алып, Қазақстанға келіп жоғары оқу орнына келген талапкерлердің оқуға түсуі үлкен проблема.

Ал, баспасөз мәселесі әлдеқашан тоқтап қалған. Қазақстанның Маңғыстау облысының облыстық телевидениесінің арнасын ғана көреді екен. Жастардың көбі ана тілдерінен біртіндеп алшақтап бара жатқаны байқалды.

Өткен жылы екі ел Президенттерінің кездесуінде Түрікменбашы қаласынан  1 қазақ мектебін ашуға қол қойылған болатын. Оған қаржыны Қазақстан тарапынан болатыны айтылған. Бұл мектепті мектеп-интернат етіп ашу көзделіп отыр. Себебі, сол елдегі бүкіл қазақ балалары оқитын білім ордасы болмақ. Тіпті Қазақстан өз бағдарламасы мен мұғалімдерін апарып оқытса да, ол ел келісіп отыр. Енді екі елдің Білім министрліктері келісім-шартқа отырулары керек. Бұл тез арада кезегін күттірмейтін өзекті мәселе.

Ол жақта қазақтардың басын қосатын ресми орталық бар ма?

– Жоқ. Себебі Түрікменстанның өз ішкі саясатына ешкім араласа алмайды. Сондықтан бүгінге дейін ұлттық мәдениет орталығы жоқ. Ал, қазір қарым-қатынасымыздың жақсара бастауы себепті, Түрікменстанға Елбасымыздың сапарынан соң, ол елдегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен жуық уақытта Қазақ мәдениет орталығы ашылуы жоспарланып қойылыпты. Бұйыртса орталықтың ашылу рәсімі де алыс емес сияқты. Қазақ мәдениет орталығы ашылса, бәріміз де қарап қалмай, ол жақтағы бауырларымызға рухани көмек беру парызымыз. 

Түрікменстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайлары жайлы не байқадыңыз?

– Түрікменстанның табиғаты құрғақ, көкөніс кем, ауызсуға тапшы. Қарақұм, Қызылқұм үстірттерін бойлап орналасқан өңірде ең бір дамыған өндірісі – жеңіл өнеркәсібі қатты жолға қойылған. Бүгінде Түрікменстан текстилі экспортқа шығып отыр. Онан соң газ. Табиғи газдың қуатымен барлық жерлерін қамтыған. Шетелдерге де газ өнімін шығаруда. Ал, ақалтеке аттарымен аты шыққан елмен ешбір ел таласа алмасы анық.

Олар жеңіл өнеркәсіпті қолға алған. Мақтаны сыртқа жібермей, өздерінде жасайды. Шетелдік фирмалар сол елге өздері келіп жұмыс жасауда. Бізде жеңіл өнеркәсіп Сауда және индустрия министрлігінің құрамында болса, оларда бөлек Жеңіл өнеркәсіп министрлігі болып құрылған. 

Елдің әл-ауқатына келсек, жұмыссыздық басым. Еңбекақы мен зейнетақы өте аз. Өздерінің табыс көзіне қарай коммуналдық төлемақы да арзан.

Дегенмен Түрікменстан мемлекетінің Үкіметі мен Президентінің ауысуына байланысты сыртқы қарым-қатынасы да жақсара бастапты. Қазақстан басшысымен кездесулерінен кейін біраз жобалар жасалған. Соның ішінде Бейнеуден Түрікменстан арқылы Иранға шығатын теміржол салу жоспарланған.

Түрікменстандағы газ өңдеу саласында еңбек ететіндер  ең көп жалақы алады екен. Олар 250-300 миллион манат көлемінде. Оны АҚШ долларына шаққанда 250-300 доллар болады. Төменгі жалақы тіпті аз. Біздің ол жақтағы қандастарымыздың көшіп келуінің бәсеңсіп қалуы да осы мәселеге байланысты.  Баспананың шаршы метрі 200-250 АҚШ доллары тұрса, Қазақстанда одан он есе қымбат. Сондықтан баспана мәселесі қинайтын болғандықтан, ол жақтағы қандастарымыз лажсыз көше алмай отыр.

Түрікменстанда болғанымда қандастарымызбен бірнеше кездесулер өткіздім. Алғашқы күнгі Ашхабадтағы кездесуге 200-ге жуық қазақтар жиналды. Бірқанша сұрақтар берді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жөнінде де мәлімет біле бермейтіндіктерін айтып, қаншама қызығушылық сұрақтарына жауаптар алды. Қазақстан Президентінің жылда халыққа дәстүрлі Жолдауынан да хабардар еттім. Кездесулерді сол елдегі елшімізбен бірге жүріп өткіздім.

Өткен жылдың қазан айында болған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 15 жылдық торқалы тойына Түрікменстаннан Оңайгүл Ұшқанбаева деген қарындасымыз келген болатын. Той соңында Қауымдастық жанынан шығып жатқан кітаптар, газет-журналдар, СD дискілер тағы да басқа көптеген сыйлықтар беріп жіберген болатынбыз. Оңайгүл еліне барған соң Қазақстанда көрген-білгенін айтып, халыққа жеткізген екен. Бұл үшін олардың алғыстарында шек болмады.

– Іс-сапар кезінде Түрікменстан елінде әсер етерлік тағы да қандай оқиғалар болды?

Бұл сапарым  «Түрікмен әлемі, Түрікмен жері – қайта өркендеген өлке» атты алғашқы халықаралық  фестивальі күндерімен тұспа-тұс келіпті. Төрт күнге жалғасатын фестивальге арналып Ахал вилоятында киіз үйлер тігілген. Бұл фестиваль біздегі әлем қазақтарының құрылтайы іспеттес. Иран, Ауғанстан, Түркия т.б. елдерде тұратын түрікмен ағайындар келіпті. Олардың да мақсат-мүдделері бізбен бірдей.

Мен Ашхабадта соңғы рет 1996 жылы болған едім. Қала кереметтей өзгерген. Ел астанасы салынып жатқан құрылыстар керемет. Бір-бірімен сығылыспай, аралары кең көшелер, әр үйдің алдында балалар ойындары мен теннис, футбол алаңдары, фонтан, жеңіл автокөлік тұрақтары бар. Әр министрлік жанында өз қызметкерлеріне арналып салынған тұрғын үйлер. Бұлар бір-біріне еш ұқсамайды. Осы жақсы тәжірибелерді біздің елде де неге қолданбасқа.

Дегенмен, олар барлық құрылыс күшін тек Ашхабадқа салып жатқандай көрінді. Себебі басқа да облыс орталықтарында болғанымда, құрылыс жұмыстары баяу.

– Қандастарымыз арасында жоғары лауазымды, мемлекеттік қызметте істейтіндері бар ма екен?

Мемлекеттік немесе басқа органдарындағы отырған қазақтар негізінен бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан, зейнеткерлікке жақындап қалғандар. Қандастарымыздың арасынан көптен бері Түрікменбашы қаласындағы статистика басқармасының бастығы болып жұмыс істейтін Күнтуарова Бибіажар мен Ашхабад мемлекеттік университетіндегі кафедра меңгерушісі Қосжанов Қожанепесті, Айтбаев Бисенбай, Қадырбаев Назар деген бауырларымызды мақтан тұтады екен. Қожанепестің жанұясындағы балалары бәрі де жоғары білімділер, түрлі мамандық иелері. Қожанепестің өзі Түрікменстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Жібек – экономист, Күләш, Айнаш және Әлиялар инженер-экономист, Динара – финансист, Нұрлан – механик-инженер, Әсия – құрылыс инженері, Аймет – дәрігер, күйеу баласы Нұрлан – жобалаушы инженер. Осындай мықты мамандар атажұртқа көшіп келгілері келеді. Бірақ жоғарыда айтылған баспана мәселесі қолбайлау болып тұрғандарын айтып қынжылады.

Кездесу кездерінде қандастарымыз Қазақстан басшыларына, Көші-қон комитетіне жолдаған өтініштерінде біріншіден – атамекенге оралушылардың оралман мәртебесін және квота мәселесін сол елдегі Қазақстан елшілігі арқылы көшудің алдында тапсырылуын, екіншіден – оралмандарға тұрғын үй сатып алуы үшін жетерліктей қаражат бөлуін, үшіншіден – оралмандарға Үкімет бюджетінен пайызсыз қарыз берілуін, Қазақстан азаматтығын алған соң жер телімдерін берсе екен деген тілектерін білдірді.

Өзге елдегі қандастарымызбен бір жетіге созылған дидарласуымыз да өз мәресіне жетті. Уақытқа төре тұрар ешкім жоқ. Қандастармен қоштасатын шақ болып, шеттегі ағайындардың арман-мұңын арқалап Қазақстанға қайта ұштым.

            Жанарларында атажұртқа деген сағыныш оты маздаған қандастарымызға қолдан келгенше көмек беру әрқайсымыздың азаматтық парызымыз болмақ.  

Әңгімеңізге үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан:

                                         Гүлшара Қоңыртаева

 Алтын Бесік. № 3.2008.

толығырақ

Қауымдастықтың 15 жылдық мерейтойына келген қонақтар арасында түрікменстандық қазақ қызы Ұшқамбаева Оңайгүл Ауылбайқызы да болды. Төменде Оңайгүлмен болған әңгіме-сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Құрметті  Оңайгүл Ауылбайқызы, сұхбатымыздың басында кішкене тарихқа тоқталып өтсек. Қазақтар Түрікменстанда қай уақыттан бері өмір сүруде?

Үлкендерден естігенім бар, әрі әкем марқұмның айтуынша Түрікменстандағы қазақтардың көпшілігі 1928-1931 жылдары Қазақстанда басталған ашаршылықтан бас сауғалап көшіп келгендер. Сол келгеннен қазақтар тұрақты орын тауып қоныстанған. Кеңес Одағы кезінде жағдайымыз жаман болған жоқ, қазақтар жергілікті ұлт өкілдерінен, яғни, түрікмендерден де жақсы тұрды десем артық айтпаған болармын. Ол кезде қазақ халқының саны түрікмен, өзбек, орыс халықтарынан кейін ұлттық құрамы жағынан төртінші орында болатын. Красноводск, қазіргі Түрікменбашы қаласының 80 пайызынан көбін қазақтар құрады, сонымен қатар, өздерінің еті тірлігінің, сауаттылығының арқасында олар жоғары қызмет орындарында жұмыс істеп, әулетті тұрды. Өзімнің әкем Түрікменбашы қаласы ішкі істер басқармасының бөлім бастығы болып 25 жыл жұмыс жасады, майор шенімен зейнеткерлікке шықты.

– Ал қазіргі уақытта қазақ ағайындары қандай дәрежеде? Мемлекеттік қызметте істейтіндері бар ма?

Мемлекеттік немесе басқа органдарындағы қызметтерде отырған қазақтар негізінен бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан, зейнеткерлігіне жақындап қалғандар. Қандастарымыздың арасынан көптен бері Түрікменбашы қаласындағы статистика басқармасының бастығы болып  жұмыс істейтін Күнтуарова Бибіажар мен Ашхабад мемлекеттік университетіндегі кафедра меңгерушісі Қосжанов Қожаны, Айтбаев Бейсенбай мен Қадырбаев Назарларды айтуға болады. Өзіңіз білесіз, «Әр елдің салты басқа иті қара қасқа» дегендей, бұл қазіргі қазақтардың білімінің жетпейтіндігінен емес, түркімен халқының өзіндік саясаты бар, яғни, ұлттық кадрлерді көтеруі деп түсінеміз. Ол да дұрыс болар, өз жерінде түрікмендерді көтермесе қай елде олардың бағы жанар дейсің.

– Сіз тұратын аймақтағы қазақтардың жай күйі және қай жерлерге көп орналасқандығы жөнінде айта кетсеңіз.

Қазіргі таңда Түрікменстанда 60 мыңға жуық қазақ тұрады. Қазақ диаспорасының өкілдері Түрікменстанның 5 велаяттарында қоныстанған. Олар, әсіресе, Қазақстанмен шекаралас Балқан велаятында (20-25 мың), Қарақалпақстанмен шекаралас Дашоғыз велаятында (15-20 мың) шоғырлана орналасқан. Ол жерде тұратын қазақтардың жастық көрсеткіш санын пайыздық есеппен алатын болсақ: шамамен 1-25 жас аралығындағылары 40 пайыз, 25-45 арасындағылары 20 пайыз, 45-65 жастағылары 25 пайыз, 65-тен жоғарылары 15 пайыз деп болжам жасауға болады.

Жалпы Түрікменстан қазақтары Қазақстанның Маңғыстау облысымен көршілес Түрікменбашы өлкесінде орналасқан.

– Қазақ диаспорасына білім алуда және жұмысқа орналасуда қиындықтар ма?

Қиындықсыз өмір қызық емес қой. Жоғарыда баяндағанымдай Кеңес үкіметі тараған соң, жайлап-жайлап қазақ мектептері жабыла бастады. Сенесіз бе, өзім тұратын Красноводск қаласында аяқ бассаң қазақ мектебі болатын, ал қазір түгелге жуық жабылды. Мектептер жабылып, жұмысқа түрікмендерді тарта бастаған соң, қазақтар «Есің бар да еліңді тап» деп аталарымыз айтқандай кейбіреулері үйін сатып, кейбіреуі түрікмен ағайындарына «сыйлық» ретінде тастап, Маңғыстау облысына көше бастады. Жағдайы барлары көшіп бітті, ендігі қалғандары – күндерін зорға көріп отырғандар. Бүгінде Түрікменстанға қазақша кітап, газет, журналдар бармайды, телехабар көрмейміз. Түрікменстан өз шекарасын жауып тастағылы, тек визамен кіріп шығу тәртібіне көштік, Қазақстанға келу қиындады, шақырту қағазын алу керек, сонан соң виза алу және  төлемақы төлеу қажет дегендей, бұл бәрінің қолынан келе бермейді. Жастар жағы жаппай жұмыссыз жүр. Айта берсең проблемалар көп.

– Қазақ бауырлардың басын қосатын орталық жұмыс істей ма?

Жоқ. Оған Түрікменстан үкіметі әзірге рұқсат бермей отыр. Бірақ ҚР Президенті Н.Назарбаевтың биылғы жылғы Ашхабадқа сапарынан кейін  қазақ мәдени орталықтың ашылуы  мүмкін деген жақсы хабарлар шығып жатыр.

– Үйде балаларыңыз қай тілде сөйлеседі? Және өзіңіз туралы бірер сөз айтып кетсеңіз.

Өзімнің жалғыз ұлым бар. Ол түрікмен мектебінде білім алуда. Мен Кеңес Одағы кезінде орыс тілінде білім алдым және сауда-саттық жағында қызмет істегендерден болар үйде орыс және түрікмен тілдерінде көп сөйлесеміз. Ұят болса да айтайын, ана тілімізге соңғы кездері ғана көңіл бөле бастадық.

– Қазақ диаспорасы Түрікменстандағы басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынасы қандай?

Өте жақсы. Түрікмен деген өте бір қарапайым, жай, жуас халық қой. Бірге туып өстік, көршілеріміз түрікмен, қазір туғандай болып отырмыз.Олар ұлттық ою- өрнектерін, ұлттық киімдерін тастамаған, орамалдарын жамылып жүреді. Ал біз, орыс ұлтына жақындап, соларға еліктеп кеттік. Соңғы кездері қазақ ұлттық киімдерін тіктіріп, тойларда киюге тырысудамыз. Соның ішінде, үйлену тойларында ұлттық киімді киіп, қаладағы, даладағы барлық қазақтың басы бірігіп тойламыз.

– Ендеше үйлену тойларына тоқталып өтсеңіз.

Екі жастың бас қосып, отбасын құру ежелден келе жатқан дәстүр бойынша құдаласудан басталады емес пе. Екі жақ келіскеннен кейін қыздың үйіне бір мыңдай АҚШ доллары көлемімен қалың мал береді. Сонан соң, сүт ақысы бар, құда-құдағиға кит беріледі, екі үйдің ілуі, өлі-тірісі деген сияқты кәделердің бәрі де істелінеді. Арасында өкпе-назы тағы бар дегендей, онсыз қазақ қазақ бола ма?! Той барысында келіннің алдынан шашу шашып, әдемі шымылдық ұстап қарсы алады. Беташар кезінде келіннің мінезі терідей жұмсақ болсын, әрі оның мінезінің салмақтығын анықтау мақсатында аяғына жаңа сойылған мал терісін жайып, үстіне тұрғызады. Бұл дәстүрдің негізгі мәні-жас келінге ақыл-кеңес беруінде болып тұр ғой.

Сонымен қатар, күйеуінің ата-анасы мен туған-тумаластарымен таныстыру барысында апалар шашу шашады, ал тойға жиналған қауым және ауылдың балалары сол шашуды теріп, жапа-тармағай таласып, қызыққа батады. Сонан соң, келінді басқа жерге апарып басына ақ орамал тартып, үйінен келген қызыл орамалды қайын сіңлісіне ырым ретінде береді. Онан кейін үлкен әжелер отқа май құйып келіннің бетіне, беліне жақсы тілектерін айтып жағады. Енді нағыз той басталып, ақ тілектер айтылып, би биленеді. Басқа жерлерде қалай өтететін білмейін, бірақ, біздегі үйлену тойлар осылайша бір керемет тәрбиелік маңызы зор, өте бір әдемі күйде өтеді. Келіндер ата енесін сыйлап таңертең ертемен тұрып иіліп сәлемін береді, шайларын қайнатады. Біздің жақта қыздар қызыл орамал тартып, әйелдер ақ орамал тартады, кімнің кім екенін айыра аласың. Той дегенің осынысымен қызық емес пе? Қазақстанда бәрі өзгеше.

– Қазақстанға бұл бірінші келуіңіз бе? Атамекенге деген тілегіңіз қандай?

– Он бес жылдан кейін келіп отырмын. Қоғамда үлкен өзгерістер болғаны көрініп тұр, даму қарқыны өте тез. Ағайындардың нарыққа бейімделуі, сана-сезімінің өсуі мені қатты қуантады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шеттегі қазақтар үшін біраз игі істер істеп жатқандығына бүгін куә болып отырмын. Осы мерекеге шақырған Талғат Мамашевқа мың да бір рахметімді айтамын. Қауымдастықтың қызметкерлеріне біздер үшін жасап отырған еңбектеріңіз жемісті болсын дегім келеді. Осындай тамаша кездесулерден алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Түрікменстандағы қазақтардың көпшілігі тарихи отанында осындай үлкен шаруалар жүргізіліп жатқандығынан бейхабар. Мен енді екі елді жалғастырушы бірінші қарлығашы болып отырмын ғой. Барған соң бәрінің басын қосып, әкелген кітаптарымды көрсетіп, істелініп жатқан жұмыстарды баяндап беремін. Және бір айтарым Түрікменстан деген елде Қазақстанға көздері жәудіреп қарап отырған қазақ ағайындар бар екендігін ұмытпай, қолдан келген көмектеріңізді көрсетіп, шетте жүрген қазақтарды бауырларыңызға тартыңыздар дегім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен М. Үсенбайқызы

Алтын Бесік. №6.2007.

 

толығырақ

Түрікменстанда 60 мыңға жуық қазақ бар. Олардың көпшілігі Қазақстанның Маңғыстау облысымен көршілес Түрікменбашы өлкесінде орналасқан. Қарақалпақстанмен көршілес Ташауз облысында да қазақтар біршама тығыз отыр. Ашхабад, Чарджоу облыстарында да баршылық. Бұл – қазақтардың басым көпшілігі кешегі жиырмасыншы, отызыншы жылдарғы әр түрлі қуғын-сүргіндерден Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан бас сауғалап барғандар. Кеңес Одағы тұсында осы қазақтардың Қазақстанмен байланысында ешқандай қиындық болған жоқ. Олардың біразы сол кезде Атамекенге оралды. Ал, қалғандары Түрікменстанда тұрып-ақ Қазақстанмен тығыз байланыс жасап, жас ұрпағын қазақша оқытып жатты. Түрікменстан қазақтарының қазіргі кездегі ең үлкен мәселесі олардың Қазақстанмен байланыс жасауы, келіп қайтуы жөнінде болып отыр. Бүгінде Түрікменстандағы қазақ мектептері түгел жабылған. Ол жаққа қазақша кітап, газет, журналдар бармайды, қазақша телехабар мүлдем жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Түрікменстан өз шекарасын жауып, тек визамен кіріп-шығатын тәртіпке көшкен болатын. Сол кезде біраз қиындықтар болған, қазір қазақ азаматтары үшін Түрікменстандағы  Қазақстан Республикасының Елшілігінің есігі ашық. Көршілес 5 облысқа 5 күнге кіріп-шығуға виза алмайды, бір айға виза тегін беріледі.  Бұрын қоғамдық ұйымдар құруға тиым салынған болса, бүгін басқаша дейтінім Түркіменбашы қаласында қазақ мәдени орталығын ашу көзделуде. Екі елдің қарым қатынасының жақсаруы ондағы қазақ диаспорасына да өз ықпал тигізіп жатқаны анық.

Түрікменстандағы қандастарымыздың хал-жағдайымен танысып қайту үшін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Мамашев Талғат Асылұлы жуықта іс-сапармен барып қайтқан еді. Талғат Асылұлының сапары Түрікмен  әлемі "Түрікмен жері –      қайта өркендеген өлке" атты алғашқы халықаралық фестивальі күндерімен сәйкес келіпті. Төрт күнге жалғасатын фестивальге арналып Ахал уәлаятында киіз үйлер тігілген.  Бұл фестиваль біздегі әлем қазақтарының Құрылтайы іспеттес. Иран, Ауғанстан, Түркия т.б. елдерде тұратын түрікмен ағайындары келіпті. Олардың да мақсат, мүдделері бізбен ұқсас, – дей келіп сөзін жалғастырған Такең: Ашхабадта алғаш рет 1996 жылы болған едім. Содан кейін келіп тұрғаным осы. Қала кереметтей өзгерген. Бүгінгі талапқа сай әдемі қонақ үйлер салыныпты. Салыстырмалы түрде алғанда күнделікті тұтынатын заттардың бағасы бізден көп есе арзан. "Президент" қонақ үйінің 1 күні 75 АҚШ доллар, ал Түрікменбашыда 50 АҚШ доллар. Ашхабадтан Түрікменбашыға ұшақпен барып, қайтқаны шетелдіктер үшін "Boing" ұшағының құны 22, өздері үшін 5-7 АҚШ доллар тұрады екен. Ел астанасындағы салынып жатқан құрылыс ең әдемі деуге болады. Бір-бірімен сығылыспай, аралары кең, әр үйдің алдында балалар ойыны мен теннис, футбол алаңдары, фонтан, жеңіл авто көлік тұрағы т.б бар екен. Әр министрлік жанында өз қызметкерлеріне арналып салынған тұрғын үйлер бір-біріне еш ұқсамайды. Осы жақсы тәжірибелерді біздің елде қолдануға неге болмасқа деген ойға қалдым. Түрікмендердің салт-дәстүрлері бізбен бірдей, бірақта бұл халық ысырапшыл емес... Ашхабад, Түркіменбашы қалаларында және Аққулы Маяк ауылында болып бірнеше кездесулер өткіздім. Түрікменбашы – өндіріс қаласы. Осы порт қаласында газ өңдеу, мұнай, цемент, кірпіш, тоқыма фабрикасының өнімдері арзан, оларды өздері өңдеп экспортқа шығарады. Бұл қалада 60 мыңға жуық халық бар. Тамақ арзан. Жылқы етін жемейді, бірақта қымыз, шұбат, шалап ішеді. Аққулы Маяктың халқының 80 пайызы қазақтар, олар тұз өндірісінде қызмет атқарады. Аталмыш өндірістің бастығы Артық есімді түрікмен келіншектің қазақшасы керемет. Ол жақта да жастардың көбісі жұмыссыз. Салт дәстүрлеріміз ұқсас болғанмен де аздап айырмашылықтарымыз бар екені анық. Ол жақтағы жастарымыз өз ана тілінде сөйлей бермейді, тек үлкендері болмаса. Бірақ та, олардың киім киісі түрікменше. Алтынның жанында мыс сарғаяды деген мақал осындайдан айтылған ғой.

Ол жақтағы қандастарымыздың көбісінің Елге оралғысы, атақоныстары Маңғыстауға келгісі келеді. Көбісінің балалары атамекен Қазақстанда оқу оқып, жұмыс істеп жүрген көрінеді. Мақсаттары – ұрпақтарын Елге қосу. Түрікменстандағы Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Мұрат Атанов көптеген игі істер атқарып жатыр. Сол елдегі қандастарымыз ол кісіге риза.  Екі ел Президенттерінің ресми кездесуінде Түрікменстанда бір қазақ мектебін ашу туралы келісім-шартқа қол қойылыпты. Осы  мектепке Қазақстаннан 630 млн теңге бөлінсе, іске кіріспек екен. Міне, осы жағдайларды ескере отырып, Қазақстан тарапынан Түрікменстандағы қазақтарды қолдауды жан-жақты жүзеге асырған жөн – дейді Талғат Асылұлы.

Ал, Т.Мамашевпен кездесуге қатысқан Оразова Тагантувак, Нуров Сансызбай, Калманов Құдайберген, Акимов Алмамбет, Жылкелдиев Жаслан, Досманова Жамал, Айтжанов Қаржаубай, Күнтуарова Бибажар, Ұшқанбаева Оңайгүл, Жылқыбекова Роза, Айтуаров Бәйгібай т.б. көптеген қандастарымыз өз ойларын ортаға салды. Солардың ішінде Ашхабад қаласының тұрғыны Кошчанов Ходжанепестің жанұясына келер болсақ, бұл жанұяда 10 адам бар. Барлығы жоғары білімді, әртүрлі маман иелері. Отағасы Х.Кошчанов 30 жыл кафедра меңгерушісі болған, Түркіменстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жібек – экономист, Күляш, Айнаш және Әлиялар –инженер-экономист, Динара – финансист, Нұрлан – механик-инженер, Әсия –құрылыс инженері, Аймет – дәрігер, күйеу баласы Нұрлан – жобалаушы –инженер.  Олардың барлығы Атамекенге көшіп келгісі келеді. Бірақ,  Түрікменстандағы тұрғын үйдің 1 шаршы метр сатып алу  құны 200-250 АҚШ доллар, ал Қазақстанда одан он есе артық болуы себепті баспана сатып алуға жағдайларының жоқтығын айтады. Сондай-ақ, Көші-қон комитетіне жолдап отырған өтінішінде; біріншіден, Атамекенге оралушылардың оралман мәртебесін және де квота мәселесін Қазақстан Елшілігі арқылы көшудің алдында тапсырылуын, екіншіден, оралмандарға тұрғын үй сатып алуы үшін жетерліктей қаражат бөлінуін, үшіншіден, оралмандардың жеке тұрғын үй сатып алу қаражаттарының жетіспеушілігін ескеріп, Үкімет бюджетінен (банктен) пайызсыз қарыз берілуін, Қазақстан азаматтығын алған соң жер телімдері берілсе деген тілектерін білдіреді.

Елге ел қосылса құт демей ме атам қазақ.                                       

Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын десек, алыстағы ағайындарды Атамекенге көшіріп, оларға жағдай жасалуы қажет-ақ. Тек, Түрікмен қазақтары ғана емес, басқа да шетелдегі қандастарымыздың арман тілектері осындай! 

Ботагөз УАТҚАН, Дүниежүзі қазақтары  қауымдастығының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі

 "Әдебиет айдыны" газеті. №21(169). 22.05.2008.                                                                                                                                                         

толығырақ

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті