Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Түрікменстан қазақтары

Басты бет | Түрікменстан қазақтары | Түрікменстандағы қазақтар

Түрікменстанда 60 мыңға жуық қазақ бар. Олардың көпшілігі Қазақстанның Маңғыстау облысымен көршілес Түрікменбашы өлкесінде орналасқан. Қарақалпақстанмен көршілес Ташауз облысында да қазақтар біршама тығыз отыр. Ашхабад, Чарджоу облыстарында да баршылық. Бұл – қазақтардың басым көпшілігі кешегі жиырмасыншы, отызыншы жылдарғы әр түрлі қуғын-сүргіндерден Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан бас сауғалап барғандар. Кеңес Одағы тұсында осы қазақтардың Қазақстанмен байланысында ешқандай қиындық болған жоқ. Олардың біразы сол кезде Атамекенге оралды. Ал, қалғандары Түрікменстанда тұрып-ақ Қазақстанмен тығыз байланыс жасап, жас ұрпағын қазақша оқытып жатты. Түрікменстан қазақтарының қазіргі кездегі ең үлкен мәселесі олардың Қазақстанмен байланыс жасауы, келіп қайтуы жөнінде болып отыр. Бүгінде Түрікменстандағы қазақ мектептері түгел жабылған. Ол жаққа қазақша кітап, газет, журналдар бармайды, қазақша телехабар мүлдем жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Түрікменстан өз шекарасын жауып, тек визамен кіріп-шығатын тәртіпке көшкен болатын. Сол кезде біраз қиындықтар болған, қазір қазақ азаматтары үшін Түрікменстандағы  Қазақстан Республикасының Елшілігінің есігі ашық. Көршілес 5 облысқа 5 күнге кіріп-шығуға виза алмайды, бір айға виза тегін беріледі.  Бұрын қоғамдық ұйымдар құруға тиым салынған болса, бүгін басқаша дейтінім Түркіменбашы қаласында қазақ мәдени орталығын ашу көзделуде. Екі елдің қарым қатынасының жақсаруы ондағы қазақ диаспорасына да өз ықпал тигізіп жатқаны анық.

Түрікменстандағы қандастарымыздың хал-жағдайымен танысып қайту үшін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Мамашев Талғат Асылұлы жуықта іс-сапармен барып қайтқан еді. Талғат Асылұлының сапары Түрікмен  әлемі "Түрікмен жері –      қайта өркендеген өлке" атты алғашқы халықаралық фестивальі күндерімен сәйкес келіпті. Төрт күнге жалғасатын фестивальге арналып Ахал уәлаятында киіз үйлер тігілген.  Бұл фестиваль біздегі әлем қазақтарының Құрылтайы іспеттес. Иран, Ауғанстан, Түркия т.б. елдерде тұратын түрікмен ағайындары келіпті. Олардың да мақсат, мүдделері бізбен ұқсас, – дей келіп сөзін жалғастырған Такең: Ашхабадта алғаш рет 1996 жылы болған едім. Содан кейін келіп тұрғаным осы. Қала кереметтей өзгерген. Бүгінгі талапқа сай әдемі қонақ үйлер салыныпты. Салыстырмалы түрде алғанда күнделікті тұтынатын заттардың бағасы бізден көп есе арзан. "Президент" қонақ үйінің 1 күні 75 АҚШ доллар, ал Түрікменбашыда 50 АҚШ доллар. Ашхабадтан Түрікменбашыға ұшақпен барып, қайтқаны шетелдіктер үшін "Boing" ұшағының құны 22, өздері үшін 5-7 АҚШ доллар тұрады екен. Ел астанасындағы салынып жатқан құрылыс ең әдемі деуге болады. Бір-бірімен сығылыспай, аралары кең, әр үйдің алдында балалар ойыны мен теннис, футбол алаңдары, фонтан, жеңіл авто көлік тұрағы т.б бар екен. Әр министрлік жанында өз қызметкерлеріне арналып салынған тұрғын үйлер бір-біріне еш ұқсамайды. Осы жақсы тәжірибелерді біздің елде қолдануға неге болмасқа деген ойға қалдым. Түрікмендердің салт-дәстүрлері бізбен бірдей, бірақта бұл халық ысырапшыл емес... Ашхабад, Түркіменбашы қалаларында және Аққулы Маяк ауылында болып бірнеше кездесулер өткіздім. Түрікменбашы – өндіріс қаласы. Осы порт қаласында газ өңдеу, мұнай, цемент, кірпіш, тоқыма фабрикасының өнімдері арзан, оларды өздері өңдеп экспортқа шығарады. Бұл қалада 60 мыңға жуық халық бар. Тамақ арзан. Жылқы етін жемейді, бірақта қымыз, шұбат, шалап ішеді. Аққулы Маяктың халқының 80 пайызы қазақтар, олар тұз өндірісінде қызмет атқарады. Аталмыш өндірістің бастығы Артық есімді түрікмен келіншектің қазақшасы керемет. Ол жақта да жастардың көбісі жұмыссыз. Салт дәстүрлеріміз ұқсас болғанмен де аздап айырмашылықтарымыз бар екені анық. Ол жақтағы жастарымыз өз ана тілінде сөйлей бермейді, тек үлкендері болмаса. Бірақ та, олардың киім киісі түрікменше. Алтынның жанында мыс сарғаяды деген мақал осындайдан айтылған ғой.

Ол жақтағы қандастарымыздың көбісінің Елге оралғысы, атақоныстары Маңғыстауға келгісі келеді. Көбісінің балалары атамекен Қазақстанда оқу оқып, жұмыс істеп жүрген көрінеді. Мақсаттары – ұрпақтарын Елге қосу. Түрікменстандағы Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Мұрат Атанов көптеген игі істер атқарып жатыр. Сол елдегі қандастарымыз ол кісіге риза.  Екі ел Президенттерінің ресми кездесуінде Түрікменстанда бір қазақ мектебін ашу туралы келісім-шартқа қол қойылыпты. Осы  мектепке Қазақстаннан 630 млн теңге бөлінсе, іске кіріспек екен. Міне, осы жағдайларды ескере отырып, Қазақстан тарапынан Түрікменстандағы қазақтарды қолдауды жан-жақты жүзеге асырған жөн – дейді Талғат Асылұлы.

Ал, Т.Мамашевпен кездесуге қатысқан Оразова Тагантувак, Нуров Сансызбай, Калманов Құдайберген, Акимов Алмамбет, Жылкелдиев Жаслан, Досманова Жамал, Айтжанов Қаржаубай, Күнтуарова Бибажар, Ұшқанбаева Оңайгүл, Жылқыбекова Роза, Айтуаров Бәйгібай т.б. көптеген қандастарымыз өз ойларын ортаға салды. Солардың ішінде Ашхабад қаласының тұрғыны Кошчанов Ходжанепестің жанұясына келер болсақ, бұл жанұяда 10 адам бар. Барлығы жоғары білімді, әртүрлі маман иелері. Отағасы Х.Кошчанов 30 жыл кафедра меңгерушісі болған, Түркіменстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жібек – экономист, Күляш, Айнаш және Әлиялар –инженер-экономист, Динара – финансист, Нұрлан – механик-инженер, Әсия –құрылыс инженері, Аймет – дәрігер, күйеу баласы Нұрлан – жобалаушы –инженер.  Олардың барлығы Атамекенге көшіп келгісі келеді. Бірақ,  Түрікменстандағы тұрғын үйдің 1 шаршы метр сатып алу  құны 200-250 АҚШ доллар, ал Қазақстанда одан он есе артық болуы себепті баспана сатып алуға жағдайларының жоқтығын айтады. Сондай-ақ, Көші-қон комитетіне жолдап отырған өтінішінде; біріншіден, Атамекенге оралушылардың оралман мәртебесін және де квота мәселесін Қазақстан Елшілігі арқылы көшудің алдында тапсырылуын, екіншіден, оралмандарға тұрғын үй сатып алуы үшін жетерліктей қаражат бөлінуін, үшіншіден, оралмандардың жеке тұрғын үй сатып алу қаражаттарының жетіспеушілігін ескеріп, Үкімет бюджетінен (банктен) пайызсыз қарыз берілуін, Қазақстан азаматтығын алған соң жер телімдері берілсе деген тілектерін білдіреді.

Елге ел қосылса құт демей ме атам қазақ.                                       

Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын десек, алыстағы ағайындарды Атамекенге көшіріп, оларға жағдай жасалуы қажет-ақ. Тек, Түрікмен қазақтары ғана емес, басқа да шетелдегі қандастарымыздың арман тілектері осындай! 

Ботагөз УАТҚАН, Дүниежүзі қазақтары  қауымдастығының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі

 "Әдебиет айдыны" газеті. №21(169). 22.05.2008.                                                                                                                                                         

Пікір қосу

Пікірлер

15.08.2013 - erbolat
turkmenstandagi kazakhtardin suret photosin hoisa jahsy bolar edi

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті