Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Түрікменстан қазақтары

Басты бет | Түрікменстан қазақтары | Түрікменстан сапары

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Асылұлы Мамашев Түрікменстан еліне іс-сапармен барып қайтқан болатын. Сол сапардан алған мәлімет, әсерлерін оқырманмен ой бөлісу мақсатында болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Құрметті Талғат Асылұлы, Түрікменстанға барудағы басты мақсатыңыз не еді?

– Бұл сапарға барудағы басты мақсат – сол елдегі қандастарымыздың қал-жайын көру. Олардың артында Қазақстан деген өздерін іздейтін елі бар екенін білдіру.

Бүгінде қырықтан астам мемлекетте қазақтар қоныстанған. Олардың біразымен қарым-қатынасымыз жақсы орныққан. Ал, тәуелсіздік алған күннен бастап Түрікменстан өз шекарасына еркін кіріп-шығуды шектеді. Сол себепті ол жақтағы қандастарымызбен арамыз алшақтап қалған болатын.

Міне, бүгінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Ашхабадқа жасаған ресми сапарлары оң нәтиже беріп, біздің де ол жақтағы бауырлармен көрісуімізге ықпалы тиіп отыр.

– Түрікменстанда қанша қазақ тұрады екен? Және олар қай өңірлерін мекендеген?

– Түрікменстанда бұрын 300 мыңға жуық қандастарымыз тұрған болса, бүгінде  солардың 60 000-ға жуығы тұрады. Олардың көпшілігі 1928-1931 жылдары Қазақстанда басталған ашаршылықтан бас сауғалап барғандар. Сол барғаннан қазақтар тұрақты орын тауып қоныстанған. Кеңес дәуірі кезінде қазақтар ұлттық құрамы жағынан төртінші орында болыпты. Бұрынғы Краснаводск қазіргі Түрікменбашы қаласында тұратын халықтың 80 пайызын қазақтар құрапты. Сонымен бірге Ташауз, Мары, Чарджоу облыстары мен Ашхабад қаласында қоныстанған. Ал, Балқан вилоятында 20-25 мың қандастарымыз тұрады екен. Олар үшін Түрікменстандағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің есігі әрдайым ашық. Елшіліктегі біздің елшіміз Мұрат Атанов көптеген игі істер атқарған. (Өкінішке қарай біз осы сапардан қайтып оралғаннан кейін көп ұзамай елшіміз Мұрат Атанов кенеттен қайтыс болды. Ол Түрікменстандағы бүкіл ағайындарымыздың ерекше ризашылығына бөленген кісі еді).

Түрікменстандағы елшілігіміз көршілес 5 облысқа 5 күнге кіріп-шығуға виза алмайды, бір айға виза тегін беріледі екен.

Түрікменбашы қаласына жақын жерде орналасқан «Аққулы маяк» қалашығында 2000-ға жуық халық тұрады екен. Соның 90 пайызы қазақтар. Ол жер бүкіл Түрікмен елін тұзбен қамтып отыр. Бағзы замандардан бері тұз өндірумен айналысып, Кеңес дәуірі тұсында тұзды экспортқа шығарады екен. Зауытта екі ауысыммен жұмыс істеп, қандастарымыз қажырлы еңбек етуде. Өндірістің директоры Артық есімді түрікмен қызы бізбен әңгімесінде қазақ ұлтының өкілдеріне риза екендігін айтты. – Қазақтар өте еңбекқор халық. Олармен бірнеше жылдардан бері бірге жасасып, бірге еңбек етіп келемін. Олардың шыншылдығы мен еңбекқорлығына алғысымды білдіремін, деп әңгіме арасында өз пікірін білдірді.

– Ол жақтағы қандастарымыздың басты проблемалық мәселелеріне тоқталсаңыз.

– Басты проблема – оқу-білім мәселелері. Бүгінде бұрынғы қазақ мектептері түгел жабылған. Бәрі де түрікменше оқиды. Оқу бағдарламалары мүлдем бөлек. Мектептері 9 жылдық, енді 10 жылдыққа өткелі жатыр екен. Ол жақта білім алып, Қазақстанға келіп жоғары оқу орнына келген талапкерлердің оқуға түсуі үлкен проблема.

Ал, баспасөз мәселесі әлдеқашан тоқтап қалған. Қазақстанның Маңғыстау облысының облыстық телевидениесінің арнасын ғана көреді екен. Жастардың көбі ана тілдерінен біртіндеп алшақтап бара жатқаны байқалды.

Өткен жылы екі ел Президенттерінің кездесуінде Түрікменбашы қаласынан  1 қазақ мектебін ашуға қол қойылған болатын. Оған қаржыны Қазақстан тарапынан болатыны айтылған. Бұл мектепті мектеп-интернат етіп ашу көзделіп отыр. Себебі, сол елдегі бүкіл қазақ балалары оқитын білім ордасы болмақ. Тіпті Қазақстан өз бағдарламасы мен мұғалімдерін апарып оқытса да, ол ел келісіп отыр. Енді екі елдің Білім министрліктері келісім-шартқа отырулары керек. Бұл тез арада кезегін күттірмейтін өзекті мәселе.

Ол жақта қазақтардың басын қосатын ресми орталық бар ма?

– Жоқ. Себебі Түрікменстанның өз ішкі саясатына ешкім араласа алмайды. Сондықтан бүгінге дейін ұлттық мәдениет орталығы жоқ. Ал, қазір қарым-қатынасымыздың жақсара бастауы себепті, Түрікменстанға Елбасымыздың сапарынан соң, ол елдегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен жуық уақытта Қазақ мәдениет орталығы ашылуы жоспарланып қойылыпты. Бұйыртса орталықтың ашылу рәсімі де алыс емес сияқты. Қазақ мәдениет орталығы ашылса, бәріміз де қарап қалмай, ол жақтағы бауырларымызға рухани көмек беру парызымыз. 

Түрікменстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайлары жайлы не байқадыңыз?

– Түрікменстанның табиғаты құрғақ, көкөніс кем, ауызсуға тапшы. Қарақұм, Қызылқұм үстірттерін бойлап орналасқан өңірде ең бір дамыған өндірісі – жеңіл өнеркәсібі қатты жолға қойылған. Бүгінде Түрікменстан текстилі экспортқа шығып отыр. Онан соң газ. Табиғи газдың қуатымен барлық жерлерін қамтыған. Шетелдерге де газ өнімін шығаруда. Ал, ақалтеке аттарымен аты шыққан елмен ешбір ел таласа алмасы анық.

Олар жеңіл өнеркәсіпті қолға алған. Мақтаны сыртқа жібермей, өздерінде жасайды. Шетелдік фирмалар сол елге өздері келіп жұмыс жасауда. Бізде жеңіл өнеркәсіп Сауда және индустрия министрлігінің құрамында болса, оларда бөлек Жеңіл өнеркәсіп министрлігі болып құрылған. 

Елдің әл-ауқатына келсек, жұмыссыздық басым. Еңбекақы мен зейнетақы өте аз. Өздерінің табыс көзіне қарай коммуналдық төлемақы да арзан.

Дегенмен Түрікменстан мемлекетінің Үкіметі мен Президентінің ауысуына байланысты сыртқы қарым-қатынасы да жақсара бастапты. Қазақстан басшысымен кездесулерінен кейін біраз жобалар жасалған. Соның ішінде Бейнеуден Түрікменстан арқылы Иранға шығатын теміржол салу жоспарланған.

Түрікменстандағы газ өңдеу саласында еңбек ететіндер  ең көп жалақы алады екен. Олар 250-300 миллион манат көлемінде. Оны АҚШ долларына шаққанда 250-300 доллар болады. Төменгі жалақы тіпті аз. Біздің ол жақтағы қандастарымыздың көшіп келуінің бәсеңсіп қалуы да осы мәселеге байланысты.  Баспананың шаршы метрі 200-250 АҚШ доллары тұрса, Қазақстанда одан он есе қымбат. Сондықтан баспана мәселесі қинайтын болғандықтан, ол жақтағы қандастарымыз лажсыз көше алмай отыр.

Түрікменстанда болғанымда қандастарымызбен бірнеше кездесулер өткіздім. Алғашқы күнгі Ашхабадтағы кездесуге 200-ге жуық қазақтар жиналды. Бірқанша сұрақтар берді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жөнінде де мәлімет біле бермейтіндіктерін айтып, қаншама қызығушылық сұрақтарына жауаптар алды. Қазақстан Президентінің жылда халыққа дәстүрлі Жолдауынан да хабардар еттім. Кездесулерді сол елдегі елшімізбен бірге жүріп өткіздім.

Өткен жылдың қазан айында болған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 15 жылдық торқалы тойына Түрікменстаннан Оңайгүл Ұшқанбаева деген қарындасымыз келген болатын. Той соңында Қауымдастық жанынан шығып жатқан кітаптар, газет-журналдар, СD дискілер тағы да басқа көптеген сыйлықтар беріп жіберген болатынбыз. Оңайгүл еліне барған соң Қазақстанда көрген-білгенін айтып, халыққа жеткізген екен. Бұл үшін олардың алғыстарында шек болмады.

– Іс-сапар кезінде Түрікменстан елінде әсер етерлік тағы да қандай оқиғалар болды?

Бұл сапарым  «Түрікмен әлемі, Түрікмен жері – қайта өркендеген өлке» атты алғашқы халықаралық  фестивальі күндерімен тұспа-тұс келіпті. Төрт күнге жалғасатын фестивальге арналып Ахал вилоятында киіз үйлер тігілген. Бұл фестиваль біздегі әлем қазақтарының құрылтайы іспеттес. Иран, Ауғанстан, Түркия т.б. елдерде тұратын түрікмен ағайындар келіпті. Олардың да мақсат-мүдделері бізбен бірдей.

Мен Ашхабадта соңғы рет 1996 жылы болған едім. Қала кереметтей өзгерген. Ел астанасы салынып жатқан құрылыстар керемет. Бір-бірімен сығылыспай, аралары кең көшелер, әр үйдің алдында балалар ойындары мен теннис, футбол алаңдары, фонтан, жеңіл автокөлік тұрақтары бар. Әр министрлік жанында өз қызметкерлеріне арналып салынған тұрғын үйлер. Бұлар бір-біріне еш ұқсамайды. Осы жақсы тәжірибелерді біздің елде де неге қолданбасқа.

Дегенмен, олар барлық құрылыс күшін тек Ашхабадқа салып жатқандай көрінді. Себебі басқа да облыс орталықтарында болғанымда, құрылыс жұмыстары баяу.

– Қандастарымыз арасында жоғары лауазымды, мемлекеттік қызметте істейтіндері бар ма екен?

Мемлекеттік немесе басқа органдарындағы отырған қазақтар негізінен бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан, зейнеткерлікке жақындап қалғандар. Қандастарымыздың арасынан көптен бері Түрікменбашы қаласындағы статистика басқармасының бастығы болып жұмыс істейтін Күнтуарова Бибіажар мен Ашхабад мемлекеттік университетіндегі кафедра меңгерушісі Қосжанов Қожанепесті, Айтбаев Бисенбай, Қадырбаев Назар деген бауырларымызды мақтан тұтады екен. Қожанепестің жанұясындағы балалары бәрі де жоғары білімділер, түрлі мамандық иелері. Қожанепестің өзі Түрікменстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Жібек – экономист, Күләш, Айнаш және Әлиялар инженер-экономист, Динара – финансист, Нұрлан – механик-инженер, Әсия – құрылыс инженері, Аймет – дәрігер, күйеу баласы Нұрлан – жобалаушы инженер. Осындай мықты мамандар атажұртқа көшіп келгілері келеді. Бірақ жоғарыда айтылған баспана мәселесі қолбайлау болып тұрғандарын айтып қынжылады.

Кездесу кездерінде қандастарымыз Қазақстан басшыларына, Көші-қон комитетіне жолдаған өтініштерінде біріншіден – атамекенге оралушылардың оралман мәртебесін және квота мәселесін сол елдегі Қазақстан елшілігі арқылы көшудің алдында тапсырылуын, екіншіден – оралмандарға тұрғын үй сатып алуы үшін жетерліктей қаражат бөлуін, үшіншіден – оралмандарға Үкімет бюджетінен пайызсыз қарыз берілуін, Қазақстан азаматтығын алған соң жер телімдерін берсе екен деген тілектерін білдірді.

Өзге елдегі қандастарымызбен бір жетіге созылған дидарласуымыз да өз мәресіне жетті. Уақытқа төре тұрар ешкім жоқ. Қандастармен қоштасатын шақ болып, шеттегі ағайындардың арман-мұңын арқалап Қазақстанға қайта ұштым.

            Жанарларында атажұртқа деген сағыныш оты маздаған қандастарымызға қолдан келгенше көмек беру әрқайсымыздың азаматтық парызымыз болмақ.  

Әңгімеңізге үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан:

                                         Гүлшара Қоңыртаева

 Алтын Бесік. № 3.2008.

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті