Бейбіт ИСАБАЕВ, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі:
– Елші мырза, жақында Қырғыз Республикасының президенті А.Атамбаевтың Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары болатыны белгілі. Қазіргі таңда біздің елдеріміз арасындағы байланыстар қандай деңгейде?
– Иә, расында ертең Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстанға мемлекеттік сапары басталады. Сапар аясында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің 4-отырысы болады деп күтілуде. Соңғы жылдары біздің елдеріміз арасындағы саяси диалог үдерісі ерекше қарқын ала бастады. Елбасы Н.Назарбаевтың Қырғызстанға, Қырғыз президенті А.Атамбаевтың Қазақстанға ресми сапармен келіп кетті. Халықаралық сахнада қазақ-қырғыз стратегиялық одақтастығын нығайтудың маңызды факторы – жаһандық және аймақтық күрделі мәселелер мен негізгі проблемалар бойынша бірдей немесе ұстанымдары ұқсас дер едім. Экономикалық салада Қазақстан - Қырғыз Республикасының жетекші сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестерінің бірі. Атап айтқанда, ҚР Ұлттық статистика комитетінің ресми мәліметтері бойынша, Қырғызстанның тәуелсіз даму жылдары оның экономикасына біздің еліміз – 1,5 миллиард АҚШ долларынан аса қаржы салды, ал сыртқы сауда айналымында Қытай мен Ресей секілді мемлекеттерден кейін үшінші орынды нық иемденіп келеді. Осы орайда, 2012 жылы Қазақстан мен Қырғызстанның өзара саудасында тауар айналымы 1 млрд АҚШ долларынан асты. Бұған қоса, біздің ел бауырлас Қырғызстанға тұрақты түрде пәрменді материалдық-қаржылық және техникалық көмек көрсетіп отырады. Мысалы, 2010 жылдың сәуірі мен 2014 жылдың қыркүйегі аралығында бұл көмектің жалпы сомасы 35 млн АҚШ долларынан асты. Аталған қаржының қомақты бөлігі Ош, Жалалабад қалалары мен республиканың осы аттас облыстарын 2010 жылғы әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан кейін қалпына келтіруге, Қырғызстан экономикасын дамытуға бағытталды.
– Сіз екіжақты ынтымақтастыққа қазақ пен қырғыз халықтары арасында ғасырлар бойы қалыптасқан байланыстардың игі ықпалын айттыңыз. Осы орайда, қазіргі уақытта екі елдің арасындағы мәдени байланыстар және осы бағытта елшілік тарапынан атқарылып жатқан шаралармен таныстырып өтсеңіз?
– Екіжақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық тақырыбын ұзақ әңгімелеуге болады. Егер оған қысқаша тоқталар болсақ, бұл бағытта мәдениет, өнер, білім беру және тағы басқа салалар бойынша байланыстың қарқынды түрде дамуын айтуға болады. Олардың ішінде 2007 жылы басталған Қазақстан мен Қырғызстан зиялы қауымы форумының жұмысын ерекше атап өту қажет. Бұл бағытта екі елдің мәдениет министрліктерінің келісімі бойынша және біздің елшіліктің қолдауымен, 2012 жылы Бішкекте және Қырғызстанның бірқатар қалаларында «Қазақстанның Қырғызстандағы мәдени күндері» үлкен табыспен өтті. Бұл іс-шара форматында мыңдаған қырғызстандықтар қазақ киносының апталығына қатысты, қазақстандық қылқалам шеберлерінің көркем туындыларымен, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының, Жамбыл облысының қазақ және орыс драма театрларының жаңа қойылымдарымен танысты, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің концертін тамашалады. Сонымен қатар өткен жылы елшіліктің бастамасы бойынша, Қазақстан Республикасының жаңа елордасының 15 жылдық мерейтойы құрметіне 6-26 маусым аралығында Астана қаласында «Астана Қырғызстан суретшілерінің өнерінде» атты қылқалам шеберлерінің Бірінші халықаралық көрмесі өтті. Аталған іс-шара астаналықтар мен Елорда қонақтары тарапынан жоғары оң бағасын алды.
– Қазақстан мен Қырғызстан әріптестік байланыстың құқықтық базасын 150 жуық құжат құрайды. Оның ішінде екі келісім ерекше орында тұр: олар 1997 жылдың 7 сәуіріндегі Мәңгілік ынтымақтастық туралы және 2003 жылдың 25 желтоқсанындағы Одақтастық туралы шарттар. Қазір екі ел арасындағы алыс-берістің деңгейін қалай бағалайсыз?
– Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық және тең құқылы әріптестік рухында дамып келеді. Мұның басты себептері қатарына біріншіден, екі халықтың ғасырлар бойы тату көршілестігі мен шыңдалған бауырластығы себеп болса, екіншіден, біздің мемлекеттер арасында барлық өзекті мәселелер бойынша ұқсас көзқарас және екі ел басшыларының жеке байланыстары игі әсерін тигізуде. Оған қоса, жан-жақты ынтымақтастықты нәтижелі дамыту үшін бірлескен жұмыс органдары құрылған, атап айтқанда – Жоғарғы мемлекетаралық кеңес, Үкіметаралық кеңес, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, сондай-ақ ведомствоаралық бірлестіктер. ҮАК аясында Мүліктік және басқа да реттелмеген мәселелер және Шекара маңы ынтымақтастығын дамыту бойынша комиссиялар тұрақты түрде қызмет атқарады. Бірлескен жұмыстар нәтижесінде өзара қызығушылық тудыратын барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық күшейе түсті.
– Халықаралық сахнада қазақ-қырғыз стратегиялық одақтастығын нығайтудың маңызды факторы – жаһандық және аймақтық күрделі мәселелер мен негізгі проблемалар төңірегі туралы пікіріңізді білгім келеді.
– Осыған дейін айтып өткенімдей, ҚР Ұлттық статистика комитетінің (ҰСК) ресми мәліметтері бойынша, Қырғызстанның тәуелсіз дамуы жылдары оның экономикасына біздің еліміз – 1,5 миллиард АҚШ долларынан аса қаржы салды, ал сыртқы сауда айналымында Қытай мен Ресей секілді мемлекеттерден кейін үшінші орынды нық иемденіп келеді. Оларды оң үдерістің жағымды және жағымсыз аспектілері ретінде қабылдағанымыз дұрыс болар еді деп ойлаймын. Бұл процестің даму барысы қарқындаған сайын, оның ерекшеліктері де соғұрлым күрделеніп көріне бастайды.
Осыған қарамастан, әр нәрсенің байыбына жетіп, мәселенің квинтэссенциясын анық көрсету немесе нақтырақ айтқанда, оның тоқетерін айқындау қажет.
Біздің жағдайымызда, бүгінгі қазаққырғыз қарым-қатынастарында қағидатты келіспеушіліктер жоқ екендігін атап өткім келеді. Бұл Қазақстан мен Қырғызстанның достық пен ұзақ мерзімді болашаққа негізделген стратегиялық әріптестікті нығайту бойынша өзара байланыстарының мызғымас желісі болып табылады. Алайда, ортада бірлесіп шешуді қажет ететін әлеуметтік-экономикалық сипаттағы бірқатар мәселелер бар екені рас. Олар, ең алдымен, Қырғызстанның Кеден одағы (КО) елдерімен, оның ішінде осы ұйымның мүшесі ретінде Қазақстанмен қарым-қатынастарына байланысты. Бұл негізіне қырғыз еңбек мигранттарының КО елдерінде болуының құқықтық және әлеуметтік-экономикалық аспектілеріне қатысты. Өйткені Қырғызстан әзірше аталған интеграциялық бірлестіктің мүшесі емес. Сондай-ақ, дәстүрлі қырғыз экспорттық тауарларының (сүт пен ет өнімдері, көкөніс пен жемістер, халық тұтынатын тауарлар және т.б.) КО елдерінің аумағына кедергісіз кіруі үшін «жасыл дәліз» ашу бойынша да белгілі бір қиыншылықтар бар. Сонымен бірге, бұл мәселелерді түбегейлі шешу – Қырғыз Республикасының Кеден одағына кіруіне қатысты жақын болашақтың жұмысы. Өздеріңіз білетіндей, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап КО Еуразиялық экономикалық одаққа айналады. Қырғызстан Еуразиялық одақтың мүшесі болған уақыттан бастап, ҚР мен ЕАЭО арасындағы, Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамытуына қатысты барлық сауда-экономикалық қиыншылықтар оң шешімін табады деп күтілуде. Сонымен қатар аймақтың су-энергетика қорларын ұтымды және тең пайдалану, халықаралық транзит-көліктік дәліздерді құру, Орталық Азия елдерінің біртіндеп «Жасыл экономикаға» өтуі бойынша және т.б. өзекті мәселелері әлі күрделі қалпында қалып отыр. Олардың шешу аймақтық және көпжақты уағдаластықтарды қажет етуіне байланысты, бұл мәселелерге қатысты жұмыстар объективті түрде ұзақ мерзімдік сипатқа ие.
– Өткен ғасырдағы зұлмат жылдары қазақ халқының өкілдері қырғыз жеріне келіп, осы жерден баспана тапқаны белгілі. Негізінен, сол буынның ұрпақтарынан және әр түрлі жайттарға байланысты Қырғызстанда тұрып жатқан қазақ диаспорасының бүгінгі жағдайы туралы баяндап берсеңіз?
– Жалпы, Қырғызстанда тұратын қазақтардың миграциясын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады. Оларға 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін, 1941 жылғы Ұлы Отан соғысына дейін және еліміздің Егемендік туралы декларациясы қабылданғанға дейінгі аралық жатады. 2009 жылы Қырғызстанда жүргізілген ұлттық санақтың нәтижесі бойынша, осы елде тұратын қазақтар саны 33 мың шамасында. Олар негізінен, Қазақстанмен шекаралас Шу, Ыстықкөл және Талас облыстары мен мемлекет астанасы Бішкек қаласында шоғырланған. Ал Ош, Нарын, Баткен және Жалалабад облыстарында тұратын қазақтардың үлесі 2 мыңның төңірегінде. Республикадағы қазақ диаспорасын өзінің айналасына топтастырған «Отан» қоғамдық бірлестігі ана тілі мен ұлттық ерекшелікті сақтауда, еліміздегі этносаралық ынтымақтастықты насихаттауда үлкен рөл атқарып келеді. Аталған бірлестік басшылығының Қырғызстан халықтары ассамблеясының кеңесі мен алқасының мүшелігінде болуы, оның белсенділігі мен беделінің көрсеткіші ретінде бағалауға болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ, http://aikyn.kz/interviews/view/60602
|
|||
Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті |