Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Қырғызстан қазақтары

Басты бет | Қырғызстан қазақтары | Қырғызстанның Конституциясын жазған қазақ

       Мемлекеттің Негізгі Заңы – құқықтық жүйенің ядросы, бүкіл заңнамалық құжаттар негізделетін фундамент, мемлекеттің демократиялық дамуының тірегі мен мемлекеттік құқық өзгерістерінің процесі. Ол қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Осы мәселелерді шешудегі ең басты фактор болып мемлекет және оның құқықтық, моральдық нормаларына сүйенген институттары саналады. Ал саяси тұрақтылық мәселесі қоғамның модернизациялануы үдерісінде маңызды орынға ие.

      Конституция – мемлекеттік құрылыстың бүкіл пирамидасының іргетасы. Сондықтан әрбір мемлекет өзінің қалыптасу кезеңінде Консти­туцияны қабылдау және оны елдің ең басты құжаты ретінде дамыту кезеңін бастан өткереді.

     Конституция мемлекеттің әлеуметтік-саяси жүйесін айқындайды. Өз халқының тарихына, салт-дәстүріне, саяси мәдениетінің деңгейіне және ең бастысы, менталитетіне неғұрлым толық сәйкес келетін саяси жүйе мен конституцияның үлгісін таңдайды.

     Қазір дүниежүзінде 192-ден астам мемлекет бар десек, сол мемлекеттердің дені өздерінің құқықтық жүйесін күнделікті өміріне бейімдеп жасап алған. Кез келген мемлекеттің заңы алғаш­қы кезекте адамның құқын, сол елдің ұлтының мүддесін қорғауы тиіс. Жаңа шаңырақ көтерген жас отбасының да өзіндік заңдылықтары болады, өзіне тән қағидалары болады. Бұл – өмір талабы.

      Өз тәуелсіздігін жариялаған мемлекеттердің қалыптасу кезеңдерінде көптеген экономикалық, геосаяси ахуалға қатысты елді барынша жұмыл­дыру қажет болды. Мұндай дәстүр бүкіләлемдік тәжірибеде бар. Демократиялық өзгерістердің алдында әрқашан авторитарлық жүйе болуы қажет. Ол заңды. Ал коммунистік немесе дәстүрлі қоғамнан тікелей демократиялық процестерге көшу өте қауіпті еді. Мысалы, Азия – Африка елдеріне ағылшындар бірден демократиялық жүйе орнатқанда қоғамда бірден азаматтық соғыс белең алды. Тұрақсыздық пайда болды. Барлық елдер осы жолдан өтті. Алғашқы жылдары Қазақстан үшін де геосаяси жағдай өте ауыр болды. Алайда барлық билікті өз қолына шоғырландырған президенттік билік жүйесі өзін-өзі ақтады.

     КСРО тарағаннан кейін посткеңестік кеңіс­тікте пайда болған тәуелсіз мемлекеттер алғашқы кезекте өздерінің конституцияларын қабылдады. Мысалы, Өзбекстан – 1991 жылы, Түркіменстан – 1992 жылы, Қырғызстан және Ресей Федера­циясы – 1993 жылы, Беларусь, Молдова және Тәжікстан – 1994 жылы Әзербайжан, Армения және Грузия 1995 жылы, ал Украина – 1996 жылы қабылдады.

     Бұл елдердің бәрінде де өздерінің құрылуына себеп болған оқиғалар нәтижесінде таңдап алынған мемлекеттік және қоғамдық құрылысты баршаға жария етіп, заңдастыруда Конституция шешуші маңызға ие болды.

     Алғашқы қабылданған Конституция мемлекет іргетасын қалаған ең қажетті құқықтық механизм­дерді бекітті. Оған сол республикалардағы білікті құқықтанушылар тартылды. Солардың қатарында біздің жерлесіміз, білікті құқықтанушы Серіқұл Қосақов Қырғызстан Республикасының Негізгі Заңын жасаушылар қатарынан табылды. Ол 1993 жылы 5 мамырда қабылданған Қырғыз Республи­касының тұңғыш Конституциясының авторы – тәуелсіз елдің Конституциясын жазу үшін ұйымдастырылған арнайы жұмысшы топтың жетекшісі болды.

   Қырғызстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін республикада демократияландыруға бағытталған саяси өмір өзгерістері байқала түсті. Бұрынғы уақытта «өкімет-қоғам» формуласы іс жүзіне асырылса, енді керісінше, «қоғам-өкімет» негізге алынады. Мемлекеттік басқару органдары­ның халыққа қалтқысыз қызмет ету арқылы құқықтық мемлекет пен еркін нарықтық эконо­микаға негізделген алдыңғы қатарлы азаматтық қоғам қалыптастыру қажет болды. Қоғамдағы саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани қатынастар конституцияға байланысты реттелетіні айқын. Әрине, ТМД елдері үшін Конституция қабылдау өте қиын болғаны белгілі. Өйткені ол жылдарда экономикалық-әлеуметтік проблемалар шиеленісіп, қылмыс көбейіп, авторитарлы тәртіп­тің нығаюына ықпал ететін өзге де факторлар өршіп, адамның ақыл-ойына төңкерістер жасалып жатты. Осындай сындарлы сәтте халықаралық стандарттарға сай адам құқығы мен бостандығын барынша қамтамасыз етуге бағытталған Қырғызстан Республикасының Конституциясын дайындау өте ауыр болды. Бірақ тәжірибелі құқықтанушы бұл жолда жаңылыс­пады. Себебі, Серіқұл Қосақұлы бұған дейін Қырғызстанның «Мемлекеттік Тіл туралы», «Қыр­ғызстанның суверенитеті туралы», «Азаматтық туралы» (1989 – 1993 жылдар аралығында) заң­дарын жазуға қатысқан болатын.

      Ол – Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Жаңа тұрмыс ауылында 1945 жылы дүниеге келді. Туған ауылында 7 жылдық мектепті бітірген соң, көршілес Бішкек қаласында тұратын ағасына шайтанар­бамен барып, осында оқуын жалғастырады. Қырғызстан астанасындағы бірден-бір айтулы қырғыз ұлттық гимназиясын үздік дипломмен бітірген оған қырғыз ағайындар ортасында өмір сүруге жазады. Баласағын атындағы Қырғыз университетінің Заң институтында Конститу­циялық құқық факультетінің деканы, Әділет министрінің бірінші орынбасары, Республикалық Төрелік сот төрағасы лауазымында жауапты қызметтер атқарады.

      Туған жерден өкшесі көтерілген ұл, туыс­тарынан жібін үзген емес. Әр жылдары туған жерге келіп, тағзым етуді ұмытпаған. Қырғызстан қазақтары қауымдастығының төрағасы, Қырғыз­стан халық Ассамблеясы төрағасының орынбасары ретінде өз ұсыныстарын Қазақстан үкіметіне беріп отыруды да ұмытпаған. Бұл ретте, әсіресі, 1995 жылы Астанада өткен Дүниежүзілік қазақтардың құрыл­тайында қазақ-қырғыз бірлескен университетін ашып, оған Қазақстан Президентінің есімін беру туралы өтінішінің жауапсыз қалғанына налып-ақ өтіпті. Бұл күнде Серіқұл ағамыз ортамызда жоқ. Өмірінің соңында Бішкек қаласындағы Манас көшесіне Мұхтар Әуезовке мемориальдық тақта орнат­қаннан кейін 2013 жылдың 15 шілдесінде дүниеден өтіпті.

       Өзі дүниеден озғанымен, есімі есте қалатын аяулы адамдар болады. Себебі, ол адамның кісілік келбеті, тіршілігінде біреулерге жасаған жақсылығы, көрсеткен қызметі, тигізген шапағаты ұмытыл­майды. Кім болсын, жақсыны жадында сақтайды, мінез-қасиетін айтып жүреді. Біз білетін ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор Қырғызстан Республикасының Конституциясын әзірлеушілер тобының жетекшісі, әрі негізгі авторларының бірі Серіқұл Қосақов осындай тұлға еді.

     Сырт қарағанда, жақсы адамдардың мінезі бір-біріне ұқсас сияқты. Адамгершілік, кішіпейілділік, адалдық, қарапайымдылық – жақсылардың бәріне ортақ. Ал үңіле қарасаң, осы қасиеттердің әр адамның бойынан көрінуі, жеке бір оқиға, факт арқылы танылуы әрқилы. Адамды ірі танытатын да, оның ұсақтығын байқататын да оның қылығы, мінез-құлқы болса керек.

       Ол, сірә, ең алдымен – кішілік! Өзіңді қандай жағдайда да қарапайым ұстап, жұртшылық арасында емін-еркін отырып, әңгіме айта білу, тыңдай білу һәм тыңдата білу. Біз жырақта жүріп, бір мемлекеттің Негізгі Заңын қалыптастыруға қызмет еткен ғалымның өмір жолдарына қарап, кісілік деген өмір формуласының бір белгісін аңғарғандай болдық.

       «Адамның өмір сүру мақсаты ең жоғарғы бақытқа жету болғандықтан, ол адам бақыт не екенін білуі қажет және өзінің мақсатына ұмтылуы қажет. Сонан кейін ол бақытқа жету үшін не істеуі тиіс екенін біліп алуы қажет», деген екен атақты ойшыл ғалым бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби. Сол айтпақшы, Секең бақытқа жету үшін не істеуі тиіс екенін нақты білді және аянбай еңбек етіпті.

       Өмірлік бай тәжірибе, дағдыға айналған талап­шылдық, өзіне талап қоя білуі, жасын салмақтап наз көрсету дегеннен ада қасиет, үлкен-кіші демей ағайынды, жолдасты құрмет тұту үлгісінде көрсетіпті. Ол мінезі сол тұстағы Қырғызстан президенті Асқар Ақаевқа кеңесшілік жасағаннан жұғысты болған іспетті.

       Қазіргі заманның ерекшелігі – бұрынғы кез­дерде бірнеше жылдар жүзінде болатын оқиғалар мен қоғамдық құбылыстар әлдеқайда қысқа мерзім ішінде өтіп жатыр. Қоғам оған да үйрене бастады.

      VІІ ғасырда өмір сүрген Шығыс ғұламалары­ның бірінен «білім артық па, байлық артық па» деп сұрағанда: «Білім сені бағады. Байлықты сен бағасың. Білімді іздей берсең, көбейеді, жұмса­ғанмен азаймайды. Байлықты жұмсай бастасаң, азаяды. Білімнің артықтығы содан» депті.

     Ол кеңестік дәуірде ержетіп, білімі мен білігін тиянақтап, өзінің таным-түйсігімен, уақыт тала­бын сергек сезіну қабілетімен жастайынан атқа мініп, мемлекет басқару ісіне араласты. Алысты жақындатты, ауырды жеңілдетті.

        Басшы болу – айналаңдағы жұртыңды жарқын істерге жұмылдыра білу. Ісіңмен де, сөзіңмен де, қауымға үлгі-өнеге болу. Тақтан таяр күн жет­кенде көпшілік соңыңнан жиіркенішті сөзін емес, жылы лебізін білдіріп жатса, азамат үшін ол – үлкен мерей, бақыт. Ал, істің нәтижелі болуы – сол азаматтың батыл да жігерлі болуында, айтқанын орындата білуінде жатыр. Ешкім де оқып-тоқып тумайды. Өмірден, айналадан, өскен ортасынан жақсы-жаманды үйренеді. Осылай адам болмы­сының негізін қалайтын қасиеттер қалыптасады. Иә, ол жақсыларға жанаса білді, ұлықтардың сөзін естіді.

     Қазақта «Жақсы болсаң өзіңнен, жаман болсаң өзіңнен» деген мәтел бар. Секеңнің қызметтік өмір ағымы осы айтылған сындарлы сөздің ақиқатымен сабақтаса білді. Болмы­сындағы табиғат берген сыпайылық, үлкен-кішіге бірдей ізеттілік, жүзіне ұйыған жылы сезім, дүниеге байыпты көзқарас, ұстамды мінез жас жігітті жүрген-тұрған ортасына тез танытып, халыққа жағымды етті. Еткен еңбек зая кеткен жоқ. Қыр­ғызстанның еңбек сіңірген юрисі, Қырғызстандағы қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш юстиция генерал-майоры, КСРО-ның, тәуелсіз Қырғызстанның бірнеше мемлекеттік марапаттарына ие болған жерлесіміздің алған асулары бір басына жетерлік.

     Өмірде көп көріп, бойына көп тәжірибе жиған адамдар әрдайым мейірбан болады деген аталы сөз бар. Бұған «біреуді жақсы жолға түсірген адамның өзіне де осы жолға түскен адамға бұйырар сауап жазады» деген баталы сөзді де қосуға болады. Өскен жері мерейін асырып, өсіп, өркендеп, көркеюіне қолайлы жағдай жасады. Қайрат­керлік ісімен, өнегесімен өзі білім алған елге бар қабілетімен тиісті үлесін қосу жолында өзін барынша танытып үлгерген сондай байыпты да байсалды ер азаматтың біріне айнала білді.

     «Жер басқанға мәз болма, жерде ізің қалмаса. Ел қамына бола тусаң, арқаң қара нардай жауыр болсын. Мінезің қара жердей ауыр болсын, өкпең жоқ, бәрі бауыр болсын» деген даналарымыздың қағидалы сөздерін әр кез жадында сақтады.

      Егер, адам баласы өлшеулі өмірінде айна­ласына тек жақсылық сыйлап өткен болса, оңдай жандардың екінші бір ғұмыры көз жұмғаннан кейін де жалғасады екен».

     Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар. Бірақ тер төккен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Дәл осындай адами асқақ қасиетке қанша ғұмыр кешкенімен, жеткен де бар, жетпеген де бар. Әйтсе де өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету оның жарасымды мінезі болыпты.

     Серіқұл ағамыздың бейнесін көз алдыңда көтеріп, тұлғаландырып, асқақтатып әкеткенін оның осы салтанатынан көресің.

     Иә, әр заманның өз батырлары болады, сол батырлар есімі ешуақытта ұмытылмауы тиіс. Олай болса, асыл азаматты мәңгілік есте қалдыру үшін туған жерінде атына көше беріп, ұлықтап жатса дейміз.

     Ерлік ешуақытта ұмытылмауы тиіс.

     Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ 

    http://almaty-akshamy.kz/2014/08/27/

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті