Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Қырғызстан қазақтары

Басты бет | Қырғызстан қазақтары | Ерғали Абдикаимов: «Қазақстанға арқа сүйейміз»

Ерғали Абдикаимов: «Қазақстанға  арқа сүйейміз»
       Қырғыз билігі республикада биылғы жылды мемлекеттілікті шыңдау жылы деп жариялады. Құжатта бұл игі іс-шараны жүзеге асыруға өлкенің барлық азаматтарының белсенді қатысуы тиіс екендігі айтылған. Біз Бішкектегі «Дос­тық» үйінде орналасқан Қырғызстан қазақтарының қауымдастығында болып, оның төрағасының міндетін атқарушы Ерғали Абдикаимовты сөзге тартқан едік.  

    – Ерғали Дадаханұлы, оқырмандарымызға ұйымның жағдайы, Қырғызстандағы отандастарымыздың тіршілігі туралы айтып берсеңіз.

    – Бұрын Қырғызстанда қазақтардың республикалық дәрежедегі екі үлкен мәдени орталығы болған. Біріншісі – «Отан» 1992 жылы, екіншісі – «Алаш» 2003 жылы құрылған. 2010 жылдың 13 желтоқсанында екі ұйым қосылып, Қырғызстан қазақтарының қауымдастығына біріккен. Қауымдастық республикамыздың жеті облысындағы қазақ мәдени орталықтарының жұмыстарын үйлестіріп отыр. Өткен жылдың Ресми статистикалық мәліметке қарағанда,  бүгінгі таңда Қырғызстанда 33 368 қазақ бар. Қазақтардың көпшілігі осы Бішкекке жақын Шу облысында және Ыстықкөл облысында шоғырланған. Ауылдағы қазақтар мал шаруасымен және егін егумен айналысады. Күн көрістері жақсы. Қазақ зиялы қауымы – негізінен Бішкекте. Олардың ішінде қырғыз қоғамына танымал педагогтар, дәрігерлер, өнер адамдары, басқа да кәсіптің иелері баршылық. Мемлекеттік қызметтерде істеп жүрген қандастарымыз да жоқ емес. Жақында Қырғыз Республикасының Президентінің аппарат жетекшісінің орынбасары дәрежесіндегі аппараттың қаржы-экономикалық талдау және дамуға мониторинг жасау бөлімінің басшысы Нұрсұлу Ахметова Президенттің жарлығымен Қырғыз Республикасын тұрақты дамыту бойынша Ұлттық кеңестің мүшесі де болып тағайындалды. 

     Өткен жылы  қауымдастығымыз үлкен қайғыға душар болды. Ұйымның төрағасы, Қырғызстанның белгілі мемлекет қайраткері Серікұл Қосақов кенеттен келген аурудан дүниеден озды. Бүгінгі күнде қауымдастықтың жаңа төрағасын сайлауға әзірлік жасаудамыз. Ұйымның жарғысы бойынша, төрағаны сайлауға Қырғызстанның барлық облыстарындағы қазақтардың өкілдері қатысуы керек. Сондықтан, бұл мәселе кешігіңкіреп жатыр.

    – Қырғызстан көп ұлтты республика. Ұлттар аралық қатынастар бойынша мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты қандай?

     – Ең бастысы ұлттар теңдігі мәселесі Қырғызстанның Конституциясында нақты көрсетілген. Қырғыздан басқа ұлттың өкілдері  өлке халқының 27,8 пайызын, былайша айтқанда, 1 миллион 545 мың адамды құрап отыр. Былтыр, 2013 жылдың 10 сәуірінде  Президент Алмазбек Атамбаевтың жарлығымен Қырғыз Респуб­ликасында халықтың бірлігін және ұлттар аралық мәмілелерді шыңдау тұжырымдамасы қабыл алынған. Бұл құжаттың бұрынғы төрағамыз, Қырғызстан халық ассамблеясы кеңесінің мүшесі болған Серікұл Қосақов ағамыздың жетекшілігімен жазылғанын мақтан тұтамыз. 

    Тұжырымдамада азаматтардың шыққан тегіне, ұлтына қарамай тең құқығын қамсыздау бойынша  зайырлы мемлекеттерге тәндік жалпы ережелерден тысқары, азаматтың қайсы ұлтқа жататынын өзі анықтауына шарт жасау керектігі айтылған. Бұл – мысалы, қазақ бола тұрып ата-бабалары әлдебір себептермен бір кезде «қырғыз» деп төлқұжат алған азаматтар енді қаласа төлқұжатын «қазақ» деп өзгертіп алуына мүмкіндік болады деген сөз.

      Үстіміздегі жылдың қаңтар айында мемлекет басшысы Қырғызстанда 2014 жылды мемлекеттілікті бекемдеу жылы деп жариялады. Президент бұл жарлығында жоғарыда аталған тұжырымдаманы атқаруға ерекше көңіл бұрды.

    Бұдан бір жарым жыл бұрын Қырғыз Республикасының Үкіметіне қарасты жергілікті дербес басқару және этностар аралық мәмілелер бойынша мемлекеттік агенттік құрылған. Негізінен, қазіргі кезде мемлекеттің ұлттар аралық саясатын осы мекеме жүргізіп отыр.

    – Сіздердің қауымдастық сол агенттікке қарай ма? Қаржылық жақтан кімдерге арқа сүйейсіздер?

    – Қырғызстан халық ассамблеясы біздің қауымдастыққа сонау «Отан» ұлттық мәдени орталығы кезімізде үлкен бір бөлмесін еншілеп берген. Жұмысымыз – қоғамдық негізде. Ешкім айлық алмайды, қайта артылса ұйымымызға «жанұялық бюджетімізден» хал-қадерімізше үлесімізді қосып тұрамыз. Тіпті, Қырғызстан халық ассамблеясын мемлекет жеткілікті дәрежеде қаржыландырмайды. Аппаратындағы санаулы адамдарға ғана еңбекақы төленеді. Ассамблеяның құрамында біз сияқты 28 ұлттық мәдени ұйым бар. Барлығымыз, Қырғызстан халық ассамблеясы да, қоғамдық ұйым болып есептеледі, үлкен іс-шараларды атқаруға қомақтырақ қаржы талап етілсе, ондай жағдайда демеушілердің қолдауына сүйенеміз. Үкіметке қарасты мемлекеттік агенттік қазірше қол ұшын бере қойған жоқ.

   Мысалы, 21 ақпанда «Роза Отынбаеваның бастамасы» халықаралық қоғамдық қоры Қырғызстан халық ассамблеясымен бірігіп «Музыка – халықтың жаны» деген үлкен бағдарламасының кезектегі циклін Қырғызстандағы қазақ халқының мәдени құндылықтарына арнап өткерді. Әлбетте, Қырғызстан халық ассамблеясы өзіне тиесілі барлық жүкті біздің ұйымға артты. Ұйымымыздың «ұлтым» деген жанкүйерлерінің және демеушілеріміздің арқасында мерейіміз жоғары болды. 

    Көп істерімізде біз Қазақстанға арқа сүйейміз. Қадірлі елбасымыз, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі төралқасына төраға болған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігі әрқашан да жай-күйімізден хабар алып көмектесіп тұрады. Өткен жылдары «Нұр-Отан» партиясының өкілдері Қырғызстанға келген сапарларында қауымдастықтың істерімен танысып, біршама қолдау көрсеткен.

    Биылғы Наурыз мерекесі жақын қалғанда тосын қиыншылыққа тап болдық.  Бөлмеміздің төбесінен су ағып, бір қабырғасының жоғары жағы опырылып түсті. Шұғыл түрде кешенді оңдау жүргізуге тура келді. Ассамблеяда ондай қаражат жоқ, Қазақстандық «Халық Банктың»  Қырғызстандағы кіндіктес компаниясы «Халық Банк Қырғызстан» ашық акционерлік қоғамына және «Қазақмыс Голд Қырғызстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестікке жәрдем сұрап хат жаздық. Олар дереу үн қатып, қаржы жағынан жәрдемдесті. Бөлмемізді де жөндеп алдық, басқа ұлттық ұйымдарды шақырып, Наурызды да белгіледік. Мүмкіншілікті пайдаланып, демеушілік көрсеткен екі мекеменің жетекшілеріне қазақ қауымдастығының атынан ризашылығымды білдіремін.

       Сұхбаттасқан Назарбек БАЙЖІГІТОВ,«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті