Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Иран қазақтары

Иран қазақтары

     Иран қазақтары Ақтауда Маңғыстауға көшіп келгендерінің 20 жылдығын атап өтті. Оған Қазақстанның басқа өңірлеріне келіп тұрақтап қалған ирандық қазақтар да жиналды. "Бұл - біздің 20 жылда ешкімге масыл болмағанымызды, жетістігіміз бар екенін көрсетіп, елге берген есебіміз" дейді шараны ұйымдастырушы Маңғыстаудағы Шахмардан  Есенов атындағы университеттің оқытушысы Нияз Тобыш. Ақтау, 25 қазан 2015 жыл.

1 Ираннан қоныс аударған қазақтар елге оралғандарының 20 жылдығын Мұрат Өскенбаев атындағы филармонияда  атап өтті. Ақтау, 25 қазан 2015 жыл.
 
2 Маңғыстауға келген Иран қазақтары облыстық филармония залында сахнадағы көріністі тамашалап отыр. Ақтау, 25 қазан 2015 жыл.
 
3 Жиынға қатысуға келген кейбір қазақтар әлі Иранда тұратындары, бұл бас қосуға қатысуға арнайы келгендерін айтады. Ақтау, 25 қазан 2015 жыл.
 
4 Иранда тұратын Ақтөреш Ескелді орыс тілін білмегендіктен Қазақстанға келуге жасқанатынын айтады. Ақтау, 25 қазан 2015 жыл.
 
5 Иранда тұрып жатқан Әбіш Павиз математика пәнінен 30 жыл сабақ берген. Найза, диск лақтыру, зілтемір көтерудің бұрынғы чемпионы қазір ол елде бапкерлікпен айналысады. 
 
6 Әбіш Павиз Қайыптың «Ақбөбек» әнін иран мақамымен орындап тұр. 
 
7 Профессор Ислам Жеменей (сол жақта) және мәдениет қайраткері Есен Күмісқали Иран Ислам Республикасының Ақтаудағы бас консулы Махмуд Адибке (ортада) Иран қазақтары атынан сый-сияпат көрсетті. 
 
8 Маңғыстаудағы Шахмардан Есенов атындағы университеттің ағылшын және парсы тілдерінің оқытушысы Нияз Тобыш "жиынның мақсаты - елге оралған қазақтардың 20 жылдағы жетістігін көрсету" дейді. 

толығырақ

Иранда тұратын этникалық қазақ Хаким Назар. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.

Иранда тұратын этникалық қазақ Хаким Назар. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.


     Исфаханда тұратын этникалық қазақ Хаким Назар – Ауғанстан азаматы. 1980 жылдары совет-ауған соғысы кезінде ата-анасы Иранға қоныс аударып, босқын мәртебесін алған. Алматыға жеткен Хаким Назар Азаттық радиосына келіп Иранда тұратын Исфахан қазақтары туралы әңгімелеп берді.

     Азаттық: – Хаким, Иранның қай жерінде туып өстіңіз?

    Хаким Назар: – 1988 жылы Иранның Исфахан қаласында туып өстім. 12 жылдық қана білімім бар. Одан әрі оқуға мүмкіншілік болмады. Себебі, менің әкем осыдан 35 жыл бұрын шамасында, нақтырақ айтсақ ауғандар мен орыстардың соғысы кезінде, Ауғанстаннан қашып Иранға барған екен. Сол кезде оларға босқын мәртебесін берген. Сол себепті Иранда тусам да, мен әлі ауған азаматы болып саналамын. Мектеп бітіргеннен кейін құрылыста қара жұмыс жасадым. Ол жақта (Иранда – ред.) босқындар тек қара жұмыс істейді. Басқа жақсы қызметтерге баруға заңмен тыйым салынған. Жеке кәсіппен де айналыса алмайсың. Қиындау. Үкіметтік жұмыстарға мүлдем бара алмайсың.

     Азаттық: – Не себепті?

Ұлттар фестиваліне қатысып жатқан Иран қазақтары. Иран, 2005 жыл. (Көрнекі сурет)Ұлттар фестиваліне қатысып жатқан Иран қазақтары. Иран, 2005 жыл. (Көрнекі сурет)

      Хаким Назар: – Ол жерде үкіметтік жұмыстармен немесе басқа да лауазымды қызметтермен тек Иран азаматтары айналысады, ал қара жұмыстарды сырттан келген босқындарға заңмен міндеттеп қойған. Бізге (ауғанстандық босқындарға – ред.) тек Иранда тұруға, оқуға, көшеге шығуға рұқсат етілетін ықтияр хат берген. Егер Ауғанстанда жағдай жақсарса, бізді бірден кері қайтарып жібереді. Сол үшін Иран азаматтығын бермей отыр. Және бір айтарым – біз Ауғанстан азаматы ретінде Ираннан басқа шет елге шыға алмаймыз.

      Азаттық: – Исфахан – Ирандағы қазақтар аз тұратын жерлердің бірі. Шамамен қанша қазақ бар?

      Ол жерде үкіметтік жұмыстармен немесе басқа да лауазымды қызметтермен тек Иран азаматтары айналысады, ал қара жұмыстарды сырттан келген босқындарға заңмен міндеттеп қойған.

      Хаким Назар: – Исфаханда мен білетін, танитын қазақтар – 30 отбасы. Олардың көбі - оқи алмаған, балалары Иранда өскен адамдар. Сол 30 отбасының ішінен Қазақстанға келуге ниет еткен мен ғана болдым. Қазақстанға келіп, жақыннан көрейін. Жағдайды Ирандағы қазақтарға айтып берейін. Оларда бәлкім көшіп келетін шығар деп, бір ай бұрын шамасында Қазақстанға келдім.

       Азаттық: – Ауғанстандық босқын қазақтарға Иран үкіметі баспана берген бе? Олар қандай жағдайда тұрады?

      Хаким Назар: – Жоқ. Оларға баспана да, үй салуға жер де берілмейді. Біз үйді жалға алып тұрамыз.      

Иран қазақтарының келін түсіру тойы. Иран, 1978 жыл. Суреттің авторы - Мансұр Киай.Иран қазақтарының келін түсіру тойы. Иран, 1978 жыл. Суреттің авторы - Мансұр Киай.

      Азаттық: – Исфаханда 30 қазақ отбасы тұратынын айттыңыз. Мектепте парсы тілінде оқыпсыз. Бірақ қазақшаңыз жақсы екен. Осының себебін айтыңызшы?

       Хаким Назар: – Оның сыры – өз тілімді құрметтегенім. Әке-шешем үйде қазақша сөйлейді. Сондықтан қазақшаны білеміз. Бірақ 12-15 жастағы жастар парсыша араластырып немесе парсыша сөйлейді. Қазақша білмейтіндер де бар.

      Азаттық: – Исфахан қаласынан Қазақстанға қоныс аударып жатқан жалғыз қазақ екенсіз. Құжатты азаматтық алу үшін бе әлде тек ықтияр хат алу үшін жинап жүрсіз бе? Құжат жинауда кедергілерге кездесіп жүрген жоқсыз ба?

     Егер Қазақстанда қала алмасам, онда артымда қалған 30 үйдің де үміті өшеді. Себебі олар менен жақсы жаңалық күтіп отыр.

      Хаким Назар: – Мен Иранда жүрген кезде интернет арқылы осы Алматыда тұратын бір қазақпен танысқан едім. Алғаш Алматыға келгенде сол кісі мені қарсы алып, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында тұратын, осыдан біраз жыл бұрын Ауғанстаннан көшіп келген бір қазақпен таныстырды. Қазір сол кісінің үйіне тұрақты тіркеуге тұрмақшымын. Ол кісі келісімін берді. Түркістан қаласының көші-қон полициясы сотталмағаным туралы анықтама алып келуімді талап етіп отыр. Құжаттарды ықтияр хат алуға жинап жатырмын. Алматыдағы Ауғанстанның бас консулдығына бардым. Олардың айтуынша, уақыт керек, бір жарым айда дайын болады екен. Өйткені олар оны поштамен жібереді. Ал ол жақта компьютер жоқ. Қолмен жазып, қайтадан поштамен жібереді екен. Ал осылай шығарда Кабулден үш айлық виза алып, Қазақстанға келдім. Егер оны күтіп отырсам, визамның уақыты бітіп кетеді екен. Егер Қазақстанда қала алмасам, онда артымда қалған 30 үйдің де үміті өшеді. Себебі олар менен жақсы жаңалық күтіп отыр.

      Азаттық: – Иранда туып өсіпсіз. Ал сотталмағаныңыз туралы қағазды Ауғанстаннан сұратып отырсың. Осы жерін таратып өтіңізші?

          Егер Иран үкіметі менің Қазақстанға кетіп қалғанымды білсе, онда қалған ата-анама қысым көрсетуі мүмкін.

      Хаким Назар: – Иә, менің қолымдағы құжатта Ауғанстан азаматы деп көрсетілген. Сондықтан мен ол қағазды Ауғанстаннан алдыруым керек. Ал Иран заңы бойынша менің Қазақстанға кетуге хақым жоқ. Сол себепті мен әуелі Ираннан Ауғанстанға жұмыс іздеп кеткен адам ретінде шығып кеттім де, Кабул арқылы Дубайға ұшып бардым. Дубайдан Қазақстанға келдім. Егер Иран үкіметі менің Қазақстанға кетіп қалғанымды білсе, онда қалған ата-анама қысым көрсетуі мүмкін. Себебі мен заң бұзып отырмын.

       Азаттық: – Оралман мәртебесін (я Қазақстан азаматтығын) алу үшін сізді Иранның заңын бұзуға тәуекел еткізген не себеп? Тарихи отаныңыздан не күтесіз?

     Хаким Назар: – Ол жақта былайша айтқанда қорлықпен өмір сүріп жүрміз. Оған қоса, мені осында сүйреген - Қазақстанға деген махаббатым. Құжат жинауда қиыншылық болатынын білдім. Бірақ соны біле тұра келдім. Ал көп адам осындай қиыншылықтардан қорқып келмейді.

         Азаттық: – Азамат атансаңыз қайда оқығыңыз, немен шұғылданғыңыз келеді?

   Хаким Назар: – Техника саласына жақынмын. Болашақта техникалық мамандықтардың бірінде оқысам, тым болмағанда көлік жөндейтін маман болып шықсам деп армандаймын.

      Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!

       http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_kazakh_from_iran/27262082.html

толығырақ

Иранда тұратын этникалық қазақ Қажы Мұхаммед Шадком. Алматы, 25 мамыр 2015 жыл.

       Қажы Мұхаммед Шадком Иранның Горган қаласында тұрады. Ол отыз жыл құқық қорғаушы болып қызмет істеген. Алайда өз бастамасымен қазақ тілінің түсіндірме сөздігін және Абайдың толық шығармаларын парсы тіліне аударған. Алматыға келген сапарында Азаттыққа сұхбат беріп, Иран қазақтарының тарихы, өмірі және мәдениеті жайлы баяндады.

«БІЛІШ МАХАЛЛА» – ТАНЫС АУЫЛ

Азаттық: – Аталарыңыз Иранға Қазақстаннан, Маңғыстау өңірінен қоныс аударған екен. Олар қай жылдары барған?

Қажы Мұхаммед Шадком: – Бұл шамамен 1930 жылдар. Анық қай жылы екенін айта алмаймыз. Марқұм әкем көзі тірі кезінде «80 жыл бұрын шамасында біз Маңғыстаудан, Ақтау жақтан Иранға кетуге мәжбүр болдық» дейтін.

Қазақтың қыз-келіншектері. Иран, 1978 жыл. (Суреттің авторы Мансұр Киай)
Қазақтың қыз-келіншектері. Иран, 1978 жыл. (Суреттің авторы Мансұр Киай)

      Олар алдымен Түркіменстан жерімен босып жүріп, Иранның солтүстік жағындағы «Түрікмен сахара» деген жеріне тұрақтайды. Арасында Ауғанстанға, одан да әрмен өткіп кеткендер болған.

     Уақыт өте келе Иранға ауып барған қазақтар қалалы жерлерге қоныс аударған. Каспийдің Иран жағалауында Бендер-Түрікмен қаласында екі «қазақ махалласы» болыпты. Басында ол жерде тек қазақтар ғана болған екен, қазір түркімендермен араласып кетті.

      Әкем Маңғыстаудан қопарыла көшкенде алты ағайынды болған екен. Соның төртеуі Ауғанстан жеріне өтіп, екеуі Иранда қалыпты. Кейін олар бір-бірін іздеп тапты. Ауған жеріне өткен туыстарымның бірінің қызы бүгінде Түркістанда тұрады.

Азаттық: – Қазір Иран жерінде қанша қазақ өмір сүріп жатыр?

Қажы Мұхаммед Шадком: – Ирандағы қазақтардың басым бөлігі әлі сол Бендер-Түрікменде тұрып жатыр. Осы қалада мыңға жуық қазақ бар деп есептеледі.

      Бұдан кейінгі қазақтардың көп шоғырланған қаласы – Горган. Мен сол жерде өсіп, өндім. Горганның өзінде екі махалла бар. Оның бірін жергілікті түркімендер «біліш махалла» деп атайды. Яғни бұрыннан таныс, біліс ауыл деген мағынада. Осы екі қаладан басқа да жердегі қазақтарды қосқанда барлығы үш мыңға жуық қазақ Иран жерінде өмір сүріп жатыр. Бұл осы күнгі қалғаны ғана. Ал бұған дейін атамекенге көшкендері қаншама.

«АБАЙ АУДАРМАСЫН ЖЕКЕ КІТАП ЕТІП ШЫҒАРСА»

      Азаттық: – Сіз отыз жыл құқық қорғаушы болып қызмет етіпсіз. Сөйте тұра Абай шығармаларын толықтай аударып, қазақ тілінің түсіндірме сөздігін парсы тіліне аударып шыққан екенсіз. Аудармаға қалай келіп қалдыңыз?

Киіз басып жатқан Иран қазақтары. 1978 жыл. (Сурет авторы - Мансұр Киай.)Киіз басып жатқан Иран қазақтары. 1978 жыл. (Сурет авторы - Мансұр Киай.)

      Қажы Мұхаммед Шадком: – Мен қанша жерден қазақ болғаныммен өскен ортам, алған білімім парсы тілінде болды. Ол кезде Совет одағының бар кезі. Тегеранда бір мәдени орталық болатын. Бірде сол орталыққа барып қазақша газет журнал, кітап бар ма деп сұрадым. Сол жерде Пушкин өлеңдерінің қазақша аудармасы бар екен. Одан басқа жер-дүниедегі қазақтарға арналған «Родина» дейтін газет болды. Кейін атауы «Біздің Отан», одан кейін «Шалқар» болып өзгертілді. Соның өзі біз сияқтыларға себеп болып, қазақ тілін меңгеруге көмектесті.

      Кейін «Шалқар» газетінің ұйымдастырған бір бәйгесінде жеңімпаз болып, олар маған сый ретінде қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігін берді.

      Мен сосын өзімізді өзгелерге таныту үшін сол сөздікті өз шамамша парсы тіліне аударып шықтым. Бірақ, ол еңбегім осы күнге дейін жарық көрген жоқ, әлі қолжазба күйінде жатыр.

     Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін де парсыша тәржімаладым. Мұндағы мақсат атымды шығару емес, бөтен жерде жүрген қазақтардың да тарихы бар, мәдениеті бар, Абай сынды ақыны мен Абылайдай ханы болғанын өзгелерге түсіндіру еді.

Азаттық: – Аудармаларыңыз жарық көрді ме?

Иран қазақтары, Горган қаласы, 2005 жыл.Иран қазақтары, Горган қаласы, 2005 жыл.

     Қажы Мұхаммед Шадком: – Сөздік әріптерін кішкентай қылған күннің өзінде баспадан шықса қалың кітап болар еді. Бірақ бұл сөздік ешкімге керек болмады, сол себепті қолымда қала берді.

     Абайдың оншақты өлеңі, қара сөздері және «Ескендір» поэмасы Қазақстанның Ирандағы елшілігінің демеушілігімен жарық көрді.

     Менің ойымша, Абайдың өз өлеңін бір бетіне, парсыша аудармасын келесі бетіне қатар қойып, Абай шығармаларының толық аудармасын жеке кітап етіп шығарса, жақсы болар еді.

Қажы Мұхаммед Шадкоммен сұхбат: 


«ҚАЗАҚ МАХАЛЛАДАҒЫ» ҚАЗАҚ ТІЛІ

Азаттық: – Дәл қазіргі кезде Иран жеріндегі қазақ жастарының қазақ тілін меңгеруі қай деңгейде?

Қажы Мұхаммед Шадком: – Арнайы орталық болмағаннан кейін жастардың тіл үйренуі қиын. Ал Иранда оқуды тек парсы тілінде жүргізуге ғана рұқсат берілген. Сол себепті арнайы орталық болмағандықтан қазақ тілін үйрену мүмкін емес.

Азаттық: – Қазақтар шоғырланған елдердің көбінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының филиалдары жұмыс істейді. Ондай бөлімше Иранда бар ма?

Иран қазақтары той кезінде. 1978 жыл. (Суретті түсірген - Мансұр Киай.)Иран қазақтары той кезінде. 1978 жыл. (Суретті түсірген - Мансұр Киай.)

Қажы Мұхаммед Шадком: – Жоқ. Өйткені оны ашуға үкімет рұқсат бермейді. Жастарға қазақ тілін үйретуге мен өз еркіммен үйірме ашпақ та болдым. Келгендерге қазақ тіліндегі кітаптарды ұсынамын. Тіліңізді біліңіз, ата-бабаңыздың кім болғанын таныңыз деп уағыз айтамын. Бірақ ешкім құлықты емес. Мен әйтпесе тегін сабақ беремін. Үйде отырып үйренем десе де, түзде оқимын десе де келісемін.

Азаттық: – Отбасыңыз туралы қысқаша айта кетсеңіз?

Қажы Мұхаммед Шадком: – Он жеті жасымда үйлендім, қазір алпыс жетіге келдім. Отыз жыл Горганда құқық қорғаушы болып істедім. Екі жылдан бері зейнеткермін. Бала-шағам түгелдей аяқтанып кетті. Әкем Нұрымшат өз жанынан өлең шығарып айтатын ақын, сосын ескі жырларды көп білетін жыршы еді. Өз қолымен жазған жырлары әлі қолжазба күйінде сақтаулы тұр.

      Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рақмет.

    http://www.azattyq.org/content/kazakhs_in_iran_kazhi_muhammed_shadkom/27036607.html 

толығырақ

    Бүгінгі кейіпкеріміз Жафар Шаткам Иранның Горган қаласында тұрады. Орта мектепті Горган қаласында бітіріп, одан кейін Спорт институтына оқуға түседі. Институтты тәмамдаған соң, Спорт мекемелерінде бірнеше жыл қызмет атқарады. Кейін журналистика саласына қызығушылығына байланысты Иранның мемлекеттік телерадиокорпорациясына қарасты Қазақ радиосы ашылғалы жатыр дегенді естіп, қызметін осы жаққа ауыстырады. 20 жылдан астам осы радиода аудармашы әрі диктор болып жұмыс істейді. Жафар Шаткаммен бұлған сұхбатты оқи отырыңыздар.

    - Жафар мырза елге қош келдіңіз. Біз білетін Иранның бірнеше қалаларында қазақтар тұрады. Жалпы жиынтығы қаншадай қазақ бар?

     Рахмет. Ирандағы қазақтардың мәліметі туралы нақты дөп басып айта алмаймыз. Біздің қолдағы есепке сүйенсек, 5000-ға жуық қазақ бар деп отырмыз. Негізі Гүлістан облысына қарасты Горган, Бендер-Түркімен және Кумбет деген қалаларда қазақтар көбірек шоғырланған.

       - Сіз айтып отырған өңірлерге қазақтар қай жылдары қоныстана бастады?

     Енді біздің әкелерімізден естуімізше 1929-30 жылдары елдегі ашаршылық кезінде Маңғыстау өлкесінен Түркіменстан арқылы Иранға қоныс аударған.

     -  Иран үкіметі жергілікті қазақтарға қаншалықты көмектесуде?

   Иранда ұлтқа бөлу деген ұғым жоқ. Құдайға шүкір, бізді жақсы сыйлайды. Қазақтарды онда жергілікті халық мүмін, адал, шыншыл, қонақжай ел деп біледі.

    - Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қаншалықты ұстанасыздар? Тіл мәселесі туралы айтсаңыз?

    Әрине, өз салтымызды, ғұрыптарымызды ол жерде де дамытып отырмыз. Мәселен тойларда салтты мықты ұстаймыз. Тойбастар, беташар болсын бәрін де қалдырған емеспіз. Мейлінше орындап келе жатырмыз. Ислам мемлекетінде өмір сүріп жатқандықтан дінде ешқандай мәселе жоқ. Соңғы жылдары жастардың да жамағат боп дінге көптеп келуі бізді қуантты. Сол үшін Горгандағы мешітімізді 4 қабат етіп көтердік. Бұрын бұл мешіт 3 қабат болатын. Жамағаттың көбейгені мешіттің де үлкеюіне септігін тигізуде. Горган қаласының кез-келген жерінен қарасаңыз қазақтың көк күмбезді мешітін көресіз. Тіл мәселесіне келгенде, жастардың қызығушылығы бар болғанымен, мүмкіндік аз болып тұр. Иранның Ата заңында әр ұлт өз тілінде білім алуға құқылы деген бап бар. Бірақ бұл бап қазір тек қағаз жүзінде қалып отыр. Енді біздер қазіргі аға буын ана тіліміздің сақталуына үлкен мән беріп отырмыз. Отбасында қазақша сөйлеуге тырысамыз. Бірақ қазақ тілін жетік білетіндер көп деп айта алмаймын. Көптеген көне сөздерді ұмыта бастадық. Парсы тілінің сөздері біздің тілімізге еніп кетті. Ал тілді дәл қазір сақтаудың құралы ол қазақстандық телеарналарда біздің елде көрсетілуі керек. Ұлттық арна мен Балапан сияқты арналарды бізде көрсек дейміз. Арнайы кабельдік желі арқылы Балапан арнасын көреміз. Үйде балаларым мультфильм көріп отырып, түсінбегенін сұрап отырады. Бұл да үлкен көмек деуге болады. үйде бәріміз қазақша сөйлесеміз. Сол аудандағы қазақтарда ана тілінде сөйлеседі.

     - Ал қазақ мектебі бар ма?

    Қазақ мектебі жоқ. Бүкіл Иранда сабақтар тек парсы тілінде ғана беріледі. Бізден де саны көп басқа ұлттар бар. Оларда парсы тілінде білім алуда.

    - Қазақстаннан оқулықтар, қазақ киноларын, әдеби кітаптарды алып тұрасыздар ма?

     Бірнеше жыл бұрын консулдық тарапынан оқулық кітаптар берілгені есімде. Бірақ сол консулдықта отырғандар жауапкершілікті жақсы сезіне алмады. Қаншама кітап мешіттің қоймасында қалып кетті. Таратылғаны шамалы ғана болды. Жай ғана кітап таратумен шектелмеу керек. Оны оқытатын, әрі қарай жалғастыратын ұстаз болу керек.

    - Ираннан атамекенге ат басын бұрып жатқан қазақтар қаншалықты көп?

     Алғашында осы көш мәселесі көтерілгенде осында 200-дей отбасы көшіп келді. Ауғанстанда тұрған қазақтарда Иранға көшіп келіп, сол 90 жылдары атамекенге қарай аяңдай берді. Бірақ қазір көшіп келіп жатқандар аз.

     - Наурыз мейрамын қалай тойлайсыздар? Біз енді парсылар жақсы тойлайды деп жатамыз?

    Наурыз мейрамын Қазақстандағыдай тойламаймыз. Енді бұл күні бұрын қыз атастырып қойған әулет болса, Наурыз мейрамы күні бір бірінің үйіне барып, құда түсіп, дастархан жайып жатады.

     - Атамекенге келу жағы қалай болып жатыр?

     Әрине бұл жағы көп айтылады. Қазақстанға келсек дейтін жастардың қарасы көп. Қазақстанда білім алғысы келеді. Менің де ойымда бар. Бірақ қазір жұмыстың ыңғайымен шыға алмай отырмыз. Бірер жылдан соң зейнетке де шығып қалам. Соны күтіп отырмын. 

       Әңгімеңізге рахмет.

      Baq.kz

толығырақ

      Ираннан көшіп келген 20-дан астам отбасы Маңғыстау облысы әкімшілігінен оралман мәртебесін беруін талап етуде, деп хабарлады КазТАГ тілшісі. 

     «20-дан астам отбасы тарихи отанына Ираннан көшіп келді. Олардың айтуынша, олар облыс әкімі Алик Айдарбавтың шақыртуымен көшіп келген. Алик Айдарбаев 2014 жылы наурызда Иранда сапармен болып қайтқан. Олардың айтуынша, облыс әкімі оларға баспана, жұмыс тауып беруге уәде берген», - деп хабарлады сәрсенбі күні агенттік тілшісі.  
     Олар облыс әкімшілігіне келіп оралмандарға арналған жеңілдіктер беруді талап етті. Бұл ретте олар басқа орындарға жүгінуден бас тартып, оның себебі қазақша білмейтіндігімен және өтініш жаза алмайтындығымен түсіндірді.

     Олардың кейбірлеулері 9 ай бұрын келген және осы күнге дейін бейімдеу және интеграция орталығында (БИО) тұрып жатыр. Бірақ, БИО директоры Шапай Әбіловтың айтуынша, көшіп келушілердің 90%мұнда заңсыз тұрып жатыр.

     «136 адамның 100-і заңсыз тұрып жатыр. Оларды біздер шығарып тастай алмаймыз, себебі олар дау шығарып, ереуіл ұйымдастырады. Сол себепті біз оларды қайтадан уақытша орналастыруға мәжбүрміз. Олар өз еріктерімен кеткісі келмейді және мемлекет есебінен осы БИО орталығында 6 ай ғана тұра алатынын, кейін «өздерінше өмір сүру» жолына кетуі керектігін есепке алмайды. Қазір біз заңға өзгертулер енгізіп, оларды сот арқылы шығарып тастау жолын қарастырудамыз. Сол кезде оларда ереуіл ұйымдастыруға негізі болмайды», - деді ол.

    Өз кезегінде Маңғыстау облыс әкімшілігінің баспасөз қызметі нақтылап өткендей, «Алик Айдарбаев Иранда болған кездесуде қалауы барлар Қазақстанға өз еріктерімен бәріне ортақ негізде заңнамада қарастырылған процедураларды сақтай отырып оралуына болады деп айтқан». Одан басқа, сыртқы көші-қон бөлімінің бастығы Мақтымғали Сұлтанов атап кеткендей, өңірде қоныс аудару бағдарламасы тоқтатылған.

    «Қоныстанудың мемлекеттік бағдарламасы» Маңғыстау облысында бұдан екі жыл бұрын жабылған. Сондықтан біз оларға «оралман» мәртебесін бере алмаймыз. Олар Қазақстанда тұрақты қалып тұру мүмкіндігін алуы үшін құжаттарын жинап, тұрақты тіркеуден өтулері керек. Ал оны алулары үшін олардың отбасы мүшелерінің әрқайсының шотында 2 млн 500 мың теңге қаражаты болуы керек. Оларда ақшалары жоқ», - деді М. Сұлтанов.

       Оның айтуынша, қоныстанушылар өңірде шетелдік азаматтар ретінде жеке виза негізінде келген күнен бастап бір жыл тұруларына болады.

    «Біз өз тарапымыздан заңнамада қарастырылған барлық міндеттерімізді орындадық. Қалғанының барлығы біздің құзырымызда емес», - деді М. Сұлтанов.

      Сонымен қатар Ираннан келген отандастырымыздың ҚР азаматтары болып, «оралман» мәртебесін алған жағдайда көретін жеңілдіктердің барлығын көруіне мүмкіндіктері бар. 8 шілдеде «Қоныс аудару туралы» бапқа өзгерістер енгізіліп, ол бойынша Маңғыстау облысы қайтадан оралмандарды қоныстандыратын облыстар тізіміне енгізілді.

        «Бұл адамдарда оралмандар мәртебесін алу мүмкіндігі бар. Мәселе оның мерзімінде ғана. Әзірге олар шетелдік азаматтар ретінде тұра алады», - деді Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтамасыз ету және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысының орынбасары Гүлжихан Аманжан.

  "Айқын" газеті

толығырақ

Иран-Ирак соғысына қатысушы Абдолкарим Қазақ (алдыңғы қатарда сол жақта). Сурет жеке архивтен алынды.
    Иран-Ирак соғысына қатысушы Абдолкарим Қазақ (алдыңғы қатарда сол жақта). Сурет жеке архивтен алынды.
      
   «Бірінші Парсы шығанағы соғысы» аталған, 1980-1988 жылғы Иран мен Ирак соғысына қазақтар да қатысқан. Олардың кейбірі соғыста әскери қызметін өтеді, кейбірі запастағы құрам сапында майданға шақыртылды. 
    Ирандықтар бұл соғысты «қасиетті қорғаныс» немесе «сырттан таңылған соғыс» деп атайды.
    Соғысқа қатысқан қазақтар ашылып сөйлескенді аса ұната бермейді. Олардың кейбірі Ираннан Қазақстанға көшіп келген.

                                                      АЛҒЫ ШЕПТЕГІ 40 КҮН
   Иран түркімендері тұратын Күмбед (Гомбед-э-Кабус – ред.) қаласында  туып-өскен Абдолла Қаржау – бүгінде Ақтау тұрғыны, Қазақстан азаматы. Ол Ирандағы шах билігі кезінде әскери борышын өтеп, майданға соғыстың бірінші жылы – шах режимін құлатқан ислам республикасы орнағанда кіріпті.  
    – Соғыс басталғанда әскериді борышымды өтеп келгеніме екі жыл болған еді. Мектепте мұғалім едім. Соғысқа өзім сұранып кеттім. Кетпесем де болар еді. Өзім жетім өскенмін. Ақсақалдардың керекті қолын жинасам, қалар едім. Бірақ бір жағы міндетімді атқарайын, бір жағынан үкіметтің сеніміне ие болайын дедім де соғысқа кеттім, - дейді Абдолла Қаржау.
Иран-Ирак соғысына қатысушы қазақтар бекініс маңында. Сурет жеке архивтен алынды.
Иран-Ирак соғысына қатысушы қазақтар бекініс маңында. Сурет жеке архивтен алынды.
     
      Оның әңгімелеуіне қарағанда,  Иранда 1979 жылы ислам революциясы болғанда осы елде «Түркімен сахра» (Түркімен өлкесі) аталатын аймақ тұрғындары, яғни түркімендер автономия талабын қояды.

    Қазақтар да осы түркімендер арасында қоныстанған еді. Қазақтардың кейбірі түркімен жағына «болысып», қазіргі үкіметке қарсы шығады. Күмбед қаласында осыған қатысты екі рет қақтығыс болған.
     Абдолла Қаржау Азаттық тілшісіне соғысқа қатысқан алғашқы күндері туралы әңгімелеп берді.
      – 1980 жылы Керманшах, Сәрпол Захаб, Гилан Ғарб деген қалаларда болдым. Мен дайындықтан өтіп майданға түскенде, Ирак біздің жеті-сегіз қаламызды басып алған. Біз Гилан Ғарбқа барғанымызда, ирактықтар сол жерден енді шегінген кезі екен. Адам дегенді көрмейсің. Ит пен мысық қана. Адам көргісіз жағдайда екен. Дайындығы бәрін қоса алғанда бас-аяғы алты ай соғыста болдым. Оның 40 күні алдыңғы шепте өтті, - дейді ол. 
     Абдолланың айтуынша, олар осы 40 күнде ешқандай хат жаза алмай, хабар-ошарсыз алдыңғы шепте жүрген. Сол уақытта Иран алдыңғы шепті 40 күн сайын жаңа құраммен алмастырып тұрыпты.
      Абдолла Қаржау соғысқа жаяу әскер құрамында бөлімше командирі шенінде қатысқан. Есте қалған оқиғасы ретінде Абдолла Қаржау мынаны айтып берді:
Иран-Ирак соғысына қатысушы қазақтар (солдан оңға қарай): Қатар Шадкам, Сақит Шадкам, Қайым (толық аты-жөні белгісіз). Сурет жеке мұрағаттан алынған.Иран-Ирак соғысына қатысушы қазақтар (солдан оңға қарай): Қатар Шадкам, Сақит Шадкам, Қайым (толық аты-жөні белгісіз). Сурет жеке мұрағаттан алынған.

    – Бірде 48 сағат бойы атыс болды. Қасымда жүрген парсы және түркімен екі  серігім танкінің ішінде қаза тапты. Оқиға түнде болған - таңертең білдік. Оқ жаудырып тұрған соң бара алмадық.  Екі күннен кейін барып, танкінің ішіндегі мәйітке жете алдық. Соны люктен шығара алмай қатты қиналдық. Кейінірек тағы бір досымыздың көзінен оқ тиіп, желкесімен қосып, басын жұлып кетті. Сол екі өлімді көріп қатты қиналдым, - деді ол.
     Тағы бірде қатерден аман қалғаны жайлы:
     – Бірде жарықшақ түсіп, шатырымыз өртеніп кетті. Бізге дым болған жоқ. Сыртта едік. Ішіндегі оқ-дәрілеріміз жарылып жанып кетті. Соғыста үш күн аш қалғанымыз бар. Гилан Ғарб пен Сәрпол Захаб арасында едік. Бізге бөлінген тамақ таситын көлікке бомба түсіп, үш күндей аш қалдық. Армияның наны мен кәмпиті болады. Сол нан-кәмпитіміз де бітіп қалып, окоптың ішінде тышқан кеміріп тастаған нанмен қоректендік, - дейді Абдолла Қаржау.
     Оның айтуынша, жоғары қолбасшылық тарапынан жаяу әскер құрамына белгілі бір уақыт аралығында белгілі бір шақырымға дейін ілгерілеп, жауды шегіндіруге бұйрық беріледі. «Оқ тие ме, басқа ма, ешкімнің жұмысы жоқ, бұйрық орындалуы керек» деген Абдолла Қаржаудың құрамы алғы шептегі 40 күн ішінде үш рет ілгерілеген екен. Өз айтуынша, «15 шақырымдай алға жылжыған».
Иран-Ирак соғысына қатысқан қазақтар Аушар Шадкам (оң жақта). Сайлы Чалак (ортада), үшінші адамның ат-жөні белгісіз, соғыс алаңында тұр. Сурет жеке мұрағаттан алынған.Иран-Ирак соғысына қатысқан қазақтар Аушар Шадкам (оң жақта). Сайлы Чалак (ортада), үшінші адамның ат-жөні белгісіз, соғыс алаңында тұр. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

– Кейін соғыстан келгенде басқа мұғалімдерге  қарағанда менің жалақыма 5-6 мың тұман (Иран ақшасының ел ішіндегі атауы – ред.) қосылып отырды. Жеңілдіктер жасалды. Соғысқа қатысқаным туралы куәліктің көп жерде көмегі болды, - дейді ол.
    Оның айтуынша, соғыста тегіне байланысты кемсіту байқалмаған. Соғысқан қазақтардың ішінде 19 жасар жас жігіттер болған.
      – «Бәсиждер» (Ерікті жасақ – ред.) болды, 13 жасында танкіні жарған балалар болды. Олар аңызға айналды. Қазақ пен түркіменнің арасында ондай балалар болмады. Әскер болған соң парызың. Баруың керек. Қасымда оқ тиген достарым естен шықпайды, соғыстан қайтқанда бірталайға дейін шошып оянатын едім. Соғыстан кейін майдандастармен хабарласып тұрдық. Қазір байланыс жоқ, - деп еске алады Абдолла Қаржау.
                                          ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫН ЖЕРТӨЛЕДЕ ЕСТІГЕН
     Ал Абдолкарим Қазақ Иран-Ирак соғысында әскери борышын өтепті. Сол уақытта Иранда әскери борыш екі жыл болған. Ол әскерге 1984 жылы алыныпты.   
     – Екі-үш ай дайындықтан өттік. Ахвазда, Әндимешк және Дехлоран аймақтарында және шығанақтағы Мәжнүн аралында болдым. Жұмысым қару-жарақ тасу еді. Бізді ірі соғыс операциялары болатын жерге апарды. «Кербала-6» деген соғыс операциясы болды, соған қатыстық, - деген Абдолкарим өзінің ажалдан қалай аман қалғаны туралы да әңгімелеп берді.
Иран-Ирак соғысына қатысушы Абдолкарим Қазақ лагерьде. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Иран-Ирак соғысына қатысушы Абдолкарим Қазақ лагерьде. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

    – Пуле Чандсари деген жерде қару тасып жүргенде, түнде машинаның жарығын сөндіріп, танкінің оқтарын толтырып алып кеттік. Арамызда әскери қызметі аяқталуға бір ай қалған жергілікті әзербайжандар да бар еді. Көліктің үстіне оқ тиелген, біз сол оқтың үстіне жатып алдық. "Егер бірдеңеге ұшырасақ,  қиналмай өлеміз" деп ойладық. Қорықсақ та, оқ-дәріні жеткіздік. Жеткенде, бірнеше снаряд жарылды. Бірақ бізге тимеді. Сонда бір қатерді бастан өткірдік. Әсіресе, әзербайжандар аман қайтқанына қуанды, - деді Абдолкарим.
     Оның айтуынша, Ирак ұшақтары Иранның қару-жарақтар сақталған қоймаларын жиі бомбалап тұрған.
      – Сондайда көзді жұмып алып, құм толтырған қаппен қоршалған жертөле ішіне кіріп кетеміз. Басқа амалымыз жоқ. Қойманың қасын қазып, жертөле жасап қоятын едік. Оның төңірегін тау-төбе қылып құммен қоршап қоятын. Кейбір жағдайда болмаса, маған қатты қатер төнбеді, - деді ол.
      Абдолкарим Қазақ соғыста бос уақыт болса, жертөледе жатып радио тыңдағандарын айтты. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы туралы да сол жертөледе жатып естіпті.
 
Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңда тұрған жастар. Алматы, желтоқсан 1986 жыл. Фотокөшірме Алматыдағы орталық мемлекеттік архивтен алынды.
Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңда тұрған жастар. Алматы, желтоқсан 1986 жыл. Фотокөшірме Алматыдағы орталық мемлекеттік архивтен алынды.
   
   – ВВС-ден парсы тілінде Алматыдағы студенттердің Желтоқсан оқиғасы туралы естідім. Сонда "қазақтар бас көтеріп жатыр екен ғой" деп қатты қуандым. Біздің құрамда өзімнен басқа қазақ жоқ еді. Тыңдаған кезде бастығыма айттым. Олар бізді қазақ емес, түрікмен немесе Мәшхәд маңында Шыңғысхан заманына қалды делінетін бәрбәрлар ретінде танитын еді. «Түркіменсің бе, бәрбәрсің бе?» деп сұрайтын. Сонда «қазақпыз» деп, Маңғышлақтан, Русиядан келгенімізді түсіндіруге тура келетін. Әкеміздің құжаттарында «Маңғышлақ, Русия» деп жазылатын, соны айтатынбыз, - деп еске алады Абдолкарим.
    Оның айтуынша, соғыста әскери қызметін өтеп қайтқанда оған мақтау қағазын жазып берген. Кейін соғысқа қатысқаны үшін ерекше жеңілдік те жасалмаған. Мұны Абдолкарим Қазақ өзінің жараланбай, аман-есен келгенінен көреді.
      – Соғыс кезінде азғантай болса да айлық беріп тұрды. Келген соң жалақыға үстеме болған жоқ, - деді ол.
      Абдолкарим Қазақ та қазір Ираннан Қазақстанға көшіп келген, Ақтау қаласында тұрады.

                                                       ШЫҒАНАҚТАҒЫ ҚАЗАҚ ӘНІ
     Мұса Уәли де - соғыста әскери қызметін өтеген қазақтардың бірі. Ол қазір Иранның Бендер-Түркімен қаласында тұрады.
Иран-Ирак соғысына қатысушы Сейд Хажи Женахи жертөле алдында отыр. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Иран-Ирак соғысына қатысушы Сейд Хажи Женахи жертөле алдында отыр. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

     Әндимешк, Хуррамшәхр қалаларындағы әскери операцияға қатысқан Мұса Уәли зеңбірекші болған.
    – Үш айдай дайындықтан өтіп, зеңбірекші болдық. 155 миллиметрлік америкалық зеңбірекпен ататынбыз. «Уәлфәжр-1», «Уәлфәжр-2» деген жортуылдар (әскери операцияны айтып отыр – ред.) болды ғой, соған да қатыстым.  Хуррәмшәхрді азат  еткен «Бейтулмуқаддес» жортуылында да болдым. Он шақты күн соғыстық. Адам көрмеген қырғын болды. Шекарадағы бұл қаланы ирандықтар «хуниншәхр» (қанды шахар  – ред.) деп атап жүретін, азат еткен соң қайтадан Хуррамшәхр деп атай бастады. Зеңбірек болған соң біз төрт-бес шақырым алғы шептің соңынан ілесіп отырдық, - дейді Мұса Уәли.
     Оның айтқандарына қарағанда, Иран әскерінің қолында америкалық қарулармен қатар Совет Одағының техникалары да болған. Азаттық тілшісі де Иран- Ирак соғысы болған аймаққа жолы түскенде, қираған совет техникасының қалдығын көргені бар. Бүйіріндегі тудың Ирандікі, немесе Ирактікі екеніне қарап қана сол техникаларды қай ел сатып алғанын ажыратуға болады.
     Мұса Уәли өзі қызмет еткен әскери құрамда тағы да екі қазақ болғанын айтты. Ол Иран өз жерін азат етіп, енді Ирак жағына өте бастағанда әскерден қайтқан екен.
    Иран-Ирак соғыс кезіндегі ұрыс алаңдары әлі жөнделмеген. Хуррамшәхр, мамыр 2012 жыл.
Иран-Ирак соғыс кезіндегі ұрыс алаңдары әлі жөнделмеген. Хуррамшәхр, мамыр 2012 жыл.

    Мұса Уәли Иранның Ирак жеріндегі «Кербала-4» және «Кербала-5» әскери операцияларына да қазақтар қатысты дейді.

  – Кішкентай радиоқабылдағышым болатын. Жертөледе жатып, түндерде халықаралық Мәскеу радиосынан Роза Рымбаеваның әндерін тыңдап, хош болатын едік, - деді Мұса Уәли.

Совет Одағында сексенінші жылдары Роза Рымбаева шырқайтын «Әлия» әні жиі эфирге берілгені белгілі.

Мұса Уәли соғыстан қайтқан соң мектепке мұғалім болып орналасты.
      Соғыста екі ел шекарасында химиялық қару қолданылғаны белгілі. Осыған қатысты Азаттық тілшісінің сауалына Мұса Уәли «Химиялық қару қолданған майданда қазақтар болмады» деп жауап берді.

                                     «МАЙДАН МЕКТЕБІНІҢ» МҰҒАЛІМІ
    Қазір Ақтауда тұратын Нияз Тобыш Иран-Ирак соғысы аяқталатын жылы майданға аттанады. Ол 1988 жылы төрт айдай соғыс өлкесінде мұғалімдік қызмет атқарған.
      – Күмбедте ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген едім. Соғысқа алындық та, бізді шекараның түбіне жіберді. Бір айдай әскери дайындықтан өттік. Шекараның бергі жағында 10 шақырым жерде окоптың ішінде «майдан мектептері» деген болды, сонда сабақ бердім. Ахваз төңірегінде болдым, - деді ол Азаттық тілшісімен әңгімеде.
Нияз Тобыш, Иран - Ирак соғысына қатысушы. Алматы, 27 маусым 2012 жыл.
Нияз Тобыш, Иран - Ирак соғысына қатысушы. Алматы, 27 маусым 2012 жыл.

    – Отан қорғау сондай күшті болды, орта мектептер босап қала жаздады. Оқушыларға дейін өз еркімен майданға кетіп жатты. Аман қалғандары майданда да оқудан қалмасын деп мектеп ашты, - деген Нияз Тобыш сабақ берген «майдан мектептерінде» 6-7 провинцияның «майдангер» оқушылары болыпты. Ағылшын тілі қатардағы пән ретінде оқытылған.
     – Жертөледе сабақ бердік. Бомба түсіп жатқан жерлер болды. Біз аман болдық. Менің өзіме тікелей қатер төнбеді. Бірақ бізге жақын жертөленің бірінде сабақ беріп жатқан жігіттер шабуылға ұшырап, олардың жалаңаяқ, жалаңбас бізге қашып келгені есімде, - деді Нияз Тобыш.
      Азаттық тілшісінің «соғыста арнайы пәндер оқытылды ма?» деген сұрағына ол «үгіт-насихат бөлімінде арнайы тәрбиеленгендер болды» деді. «Астанадан келіп, Бағдатты аламыз деп үгіттеп жатады. Әсіресе, ертең шабуыл болады дегенде әлгілердің денелерін әбден қыздырып, шәхид болуға дайындайды» дейді Нияз Тобыш.
      Соғыс аяқталған тұстағы Иран әскерінің көңіл-күйін ол былай деп сипаттады:
Иран-Ирак соғысына қатысушы қазақтар дайындық кезінде. Сурет жеке архивтен алындыИран-Ирак соғысына қатысушы қазақтар дайындық кезінде. Сурет жеке архивтен алынды
        – Екі жақты бітімге шақыратын БҰҰ-ның 598-қарары қабылданады деп күнде соны күтіп жаттық. Қабылданған күні қуандық. Қарар қабылданған соң біздің ол жерге қажетіміз болмай, ауылға келіп бұрынғы жұмысымызға кірісіп кеттік. Жалақымыз біршама көбейді. Отыз-қырық пайыз қосылды. Майданда жүргенде де екі-үш есе көбейіп ақша жүріп жатты. Жараланып келгендерге үй берді, басқа да жағдайларын жасады, - деді Нияз Тобыш.
      Ол осы соғыс туралы Иран қазақтары арасында әртүрлі пікір болғанын баяндады.
       – Ислам революциясынан 15 айдан кейін соғыс басталды. Үкімет әлі бас-аяғын жинақтап үлгере алмай жатты. Қазақтар арасында кейбір ағайындар неге екі мұсылман ел бір-бірімен соғысып жатыр деген пікірде болды. Ирак Иранның біздің Маңғыстау сияқты үлкен мұнай шығатын облысын сегіз жылдай басып жатты. Мұсылман болсаңыз да, үйіңізге біреу шабуыл жасаса, оның дініне қарамай қорғанасыз. Алайда елдің кейбірі бұрынғы билікті аңсады. Соғыс себеп болып осы үкімет құласа екен деген ағайындар болды. Өйткені ислам республикасына дейін билікте болған шах қазақтарға жаман қараған жоқ. Аталарымыз қиналғанымен, әкелеріміз, басқа да ағайындар балаларын оқуға беріп, жан-жаққа қарай бастаған кезі еді ғой. Сондықтан шах үкіметінен қазақ диаспорасы ешқандай зиян көрген жоқ. Шынын айтқанда, Иран қазақтарының ішінде ислам республикасын жақтағандар аз болды. Ал кезінде шахтың өзі қазақтардың өкілдерін қабылдап, патшайым да қазақтарды арнайы аралап көрген еді, - дейді Нияз Тобыш.
Қазақтар ішінде ислам республикасын жақтағандар аз болды. Кезінде шахтың өзі қазақтардың өкілдерін қабылдаған еді. 
      Оның айтуынша, тұрғылықты халықтың ішінен шыққан топтар да Тегеран сияқты ірі қалаларда соғысты тоқтатайық деп акция өткізіп тұрған.
     Нияз Тобыштың екі туған інісі де соғыста болыпты. Кіші інісі соғыста жараланған.
     - Ол жараланғанын айтпаған екен, кейін білдік, - дейді Нияз Тобыш.
                                    ШЫҒАНАҚ СОҒЫСЫНЫҢ ҚАЗАҚ ҚҰРБАНДАРЫ
    Иран қазақтары арасында соғыста қаза тапқандар да болды. Оларды Иранда «шәхид» деп атайды. Оның біреуі күмбедтік Мұхаммед Бегейді кейбіреулер хабар-ошарсыз кеткендер қатарына жатқызады. Алайда Абдолла Қаржау оны қаза тапты деп есептейді.
   – Оны парсылар «Бегей» деп атай алмай, «Пекен» деп кетті. Мұхаммедтің мойнындағы нөмірі жазылған белгісін тауып, сүйегін таба алмадық. Нөмір белгісі бір ай, қырық күндей далада жатса керек. Сол жердің бір уыс топырағын алып, жәшікке салып, Иранның туына орап жерледік. Сондықтан ол - шәхид! - деді Абдолла Қаржау.
    Иран-Ирак соғысында қаза тапқан қазақтар саны әлі нақтылауды қажет етеді. Әзірге осы соғыста қаза тапқан бес адамның аты-жөні белгілі.
Абдолкарим Қазақ, Иран-Ирак соғысына қатысушы. Ақтау. 14 мамыр 2012.
Абдолкарим Қазақ, Иран-Ирак соғысына қатысушы. Ақтау. 14 мамыр 2012.
      
Нияз Тобыш Азаттық тілшісімен әңгімеде «Иран-Ирак соғысында қаза тапқандар» деп мына кісілердің тізімін келтірді: Мұхаммед Бегей, Әбдолмотәллеб Шадкам, Сапарали Арықбай, Абдол Павиз Мұрынұлы, Мұса Көрпе.
    Бәндар Түркімен қаласында Абдол Павиздің атына көше аты да берілген.
Иран-Ирак соғысында жараланған қазақтар да болған. «Олардың саны бес-алтау» деді Абдолкарим Қазақ.
      Иран қазақтарынан екі адам осы соғыста Ирак жағында бірнеше жыл бойы тұтқында болған екен. Ал соғысқа қатысқан ирандық қазақтардың тұтас саны туралы нақты айтылмайды.
                                                                                          БОЛЫМСЫЗ ДЕРЕКТЕР
     Иран қазақтарынан шыққан ғалым, Қазақстанда тұратын Ислам Жеменейдің айтуынша, соғысқа қатысқан Иран қазақтарының саны шамамен жүзден асады.
      Нияз Тобыштың нақтылауынша, қазір Ақтауда тұратын Иран-Ирак соғысы ардагерлерінің саны он бестей болады.
       Иран-Ирак соғысына қатысқан қазақтар туралы жазылған нақты деректерді не парсы тілінде, не қазақ тілінде ұшырата алмадық. Диаспоратанушы ғалымдар еңбегінен де мұндай дерек кездеспеді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да қазақтардың Иран-Ирак соғысына қатысқанынан бейхабар екен.
Ислам Жеменей, шығыстанушы ғалым, Ираннан келген оралман. Жеке мұрағаттағы сурет.
Ислам Жеменей, шығыстанушы ғалым, Ираннан келген оралман. Жеке мұрағаттағы сурет.
    Ал Ислам Жеменейдің «Иран қазақтары» деген кітабында қысқаша былай делінген: «...1980 жылдардың басы Иран қазақтарына саяси, қоғамдық, мәдени және экономикалық тұрғыдан жаңаша өмір әкелді. Өйткені Иранның өзінде Ирак елімен сегіз жылға созылған кескілескен соғыс (1980-1988) басталып, соның салдарынан көптеген саяси экономиклық, әлеуметтік қиындықтар туындады. Соның бір-ақ мысалы Ирандағы университеттерде сабақ беру тоқтатылып, білімгерлер (студент) қабылдауы төрт жыл бойы болмады. Оның тауқыметін Иран қазақтары жергілікті халықпен бірге тартты. Туған елін қорғауға қазақ жігіттері әскер қатарында болсын, шайқас майданында болсын, жауынгерлік міндетін атқарды».
      Азаттық тілшісі хабарласқанда, Ислам Жеменей өзі соғысқа қатыспағанын, бірақ үш ай әскери дайындықтан өткенін айтты. Ол болашақта соғысқа қатысқан Иран қазақтары туралы кеңірек тоқталатынынан хабардар етті.
       Қуанышбек Қари, "Азаттық" радиосы

толығырақ

Әбубәкір Павиз, жыршы. Алматы, 16 сәуір 2013 жыл.     Әбубәкір Павиздің ұлты – қазақ. Қазір Иранда тұрады. Елуді еңсерген жігіт ағасы «Иран жерінде қалған жалғыз жыршы» екенін айтады. Жергілікті қазақтар оны «Әбіш» деп атайды екен. Оның сөзінше, Иранда өзінен басқа қазақтың ескі жырлары мен әуендерін айтатын адам жоқ. 

    Жыршы арғы атасының Бұхарада ахун («ахунд», діни қайраткер – ред.) болғанын, әкесінің 1932 жылғы аштық жылдары Түркіменстан арқылы Иран жеріне өткенін айтты.
   – Бізді Иранда бірден парсы тіліндегі мектепке берді. Бірақ жас күнімнен шал-кемпірдің әңгімесіне құмар едім, қазақтың ән мен жырын жаттап өстім, – деді ол.
    Павиз Азаттық радиосына Иран қазақтарының арасында сақталып қалған ауыз әдебиетінің кейбір үлгілерін жырлап берді.
   Жыршының айтуынша, қазір Иран қазақтарының арасында «Тойбастар» мен «Беташардың» (той-мереке кезінде айтылатын ғұрыптық әндер – ред.) бір ғана түрі айтылады екен.
     Иран қазақтарының арасында сақталып қалған жырлардың бірі «Маңғыстаудағы 1932 жылғы аштық» деп аталады.
     – Мұның авторы кім екенін білмеймін. Бірақ бала күнімде осы жырды кешкі құптанда (түнгі намаз уақыты – ред.) бастап, таң сәріге дейін тоқтамай жырлайтын жыршылар көп болды. Солардың бірі менің қарын бөлем Баубек Темірбай еді. Сосын қосайдан шыққан Қожаназар мен тобыш Жиемберген деген жыршылар болды. Мен солардан үйрендім, – дейді Әбубәкір Павиз.
   Қазақстандық фольклортанушы ғалым Анарбай Бұлдыбаевтың пікірінше, Иран жерінде сақталған қазақтың салттық жырларынан шығыс мәдениетінің, рубаяттар мен ғазалдардың әсерін байқауға болады. Зерттеуші аштық туралы жырдың Қазақстанда сирек кездесетінін, ал жоғарыдағы нұсқа тек Иран қазақтарының арасында ғана сақталғанын айтты.
   – Бұл жырдың Иран қазақтарының арасында сақталу себебі – осы адамдар сол ашаршылықтың кесірінен жер аударылып, өзінің қонысынан айрылып отыр. Сол ата-қоныс пен туған-туыс, жақын-жұрағаттан айырылып барған адамдардың сол жақта шығарған жыры. Ал аштықтың зарын айтқан жырлар бізде өте аз. Өйткені ол кезде халықтың өлең-жыр айтуға мұршасы болған жоқ. Ал Ирандағы қазақтар бұл жақтағы аштықтан құтылғаннан кейін, бұл жақтың аштығын көзбен көріп кеткеннен кейін жыр шығарып отыр, – деді зерттеуші.

   Әбубәкір Павиздің Азаттыққа жырлап берген жырларының бірі «Сал Бекет» деп аталады. Анарбай Бұлдыбайдың сөзінше, бұл жыр Қазақстанда да сақталған. 1916 жылғы көтерілістің басты кейіпкерлерінің бірі – Бекет батыр туралы жыр. Сол себепті екі жырдың айтарлықтай айырмашылығы жоқАзаттық радиосы ғалымға ирандық жыршы орындаған «Аралбай батырдың айтқаны» деп аталатын терменің нұсқасы мен Қазақстанда орындалып жүрген нұсқасын қатар тыңдатқан еді.
     – Мәтіндік айырмашылықтар болады. Себебі бұл тұрмақ өз ішіміздегі сақталған терме жырлардың да бірнеше нұсқасы болып жатады. Ал Иран қазақтарындағы әуен басқа. Сол жердің ауасын жұтып, дәмін татып тұрғаннан кейін ол елдің мәдениеті, әсіресе, музыкалық мәдениетінің әсер етпеуі мүмкін емес. Сондықтан мына Иран қазақтарының жырларындағы әуендер мен мақамдарда, орындауда біраз өзгешеліктер бар. Бұл парсы тілінің, парсы әуендерінің әсері, – деді ғалым. 
      Нұртай ЛАХАНҰЛЫ, "Азаттық" радиосы

толығырақ

    «Иран жерінде 6 мыңға жуық бауырларымыз тұрады» деген дерекпен елде жүргенде де құлағдар едік. Ағайындармен танысып-амандасу ниетімізді дипломатиялық корпустың өкілдері де құптап, елшілік тарапынан кездесу ұйымдастырып беретінін айтты.

    Біз барған күні Горган қаласындағы Бас консулдығымыз Гүлістан провинциясында тұратын қандастарымыздың басын қосып, қонақасы берді. Гүлістан провинциясының әкімі Хасен Садеглу мен Ирандағы елшіміз Бағдат Әміреевтің қатысуымен өткен басқосуда қазақ диаспорасына қатысты біраз жайттардың түйінін тарқатқандай болды.

    Иран қазақтары Қазақстан билігінің назарынан тыс қалған емес. Теһрандағы елшілік қазақтар көп шоғырланған Горган қаласында консулдық ашып, қандас­тары­мызды атамекенмен байланыстырып отыр. Газет-журнал, қазақша кітап оқығысы кел­гендер мен құжатының қисынын келтіре ал­май жүрген ағайын бірден консулдық қыз­метіне жүгінеді.

    Гүлістан провинциясында қазақтар саны ең аз ұлт өкілдері қатарында екен. Салыстыра кету үшін айтсақ, түрікмендер 1 млн 200 мың, әзірбайжандар 300-400 мыңдай. Бірақ соған қарамастан, біздің ел ғана консулдық ашу мүмкіндігіне ие бол­ған. «Бұл қазақ-иран елдері арасындағы дип­ломатиялық қызметтің жемісі» дейді Бас консул Оңталап Оңалбаев.

    Жалпы, Иран қазақтары жайлы дерек әр жерде әртүрлі айтылады. «Біреулер 6 мың, біреулер 8 мыңның үстінде» дейді. Консулдықта өткен қонақасыға келген қа­зақ ақсақалдары өткен жылдың аяғында қол-аяғы жылдам қазақ жастарының көме­гімен Иран жеріндегі қазақтарды түгелдеп шыққанын, санақ қорытындысы мұнда ал­ты мыңдай қазақ бар екенін анықтады. Бірақ бұл деректерді де ақиқат деп қабыл­дауға бол­майды. Соңғы жылдары кімнің қай ұлтқа тиесілі екенін айғақтайтын құжат жоқ. Ол елде қолданыста жүрген заң бой­ынша дүние есігін ашқан сәбилер ұлт пен ұлысқа бөлінбейді. Төлқұжаттарындағы «ұлты» деген графада «ирандық» деп қана жазылады. 1960 жылдардан бергі кезеңде дүниеге келген сәбиге Иран заңдары рұқсат беретін есімдер ғана қойылады. Сондықтан қазақтар арасында бізде жиірек кездесетін есімдер өте сирек. Әйелдер арасында Фати­ма, Хадиджа, Гульнафиса, ал ерлер ара­сында Первез, Абдувахар немесе Абдул­саттар деген есімдер жиі кездеседі. Ұлты қазақ екенін тек ауызекі тілде қолданатын «қа­зақ» деген тіркемесінен ғана білесің. Сонау аласапыран жылдарда аталарының шал­ғайында жармасып келген жас бала­лардың аман қалғандары 80-85 жасқа иек артқан ақсақалға айналды. Бүгінде Иран қазақтары арасында ана тілінің қорғаушысы да, шырақшысы да солар болып отыр.

    – Бізден туған балалар тегін ұмытпайды. Ал «немере-шөбере жат болып, өзге ұлтқа сіңіп кете ме?» деген қауіп бар, – дейді ақса­қалдар. Дегенмен жат жерде қазақы дәс­түр­дің қаймағы бұзылмағаны үшін ақса­қалдар алдында басымызды июге тиіспіз. Ата-дәстүр шетелде тұратын қандастарымыз үшін, әрбір қазақ отбасы үшін бұлжымас заңдылық, ұлтты сақтап қалудың, саны көп ұлтқа жұтылып кетпеудің жалғыз тетігі, өмір сүру формасына айналып отыр. Қан­дасымыз Абдулсаттар Пәли сөз арасында «Түрікмен мен ауғандықтарға қарағанда қазақтардың жағдайы, өзін-өзі сақтап қа­луы да жақсы. Біз басқа миллеттерге, әзір­байжан, армян, тіпті қызылбастарға да қыз бермейміз, қыз алмаймыз» деп қалды. Біз елең ете түстік. Қазбалап сұрай бастап ек, Абдулсаттар ақсақал «Бұл – аталар аманаты, бізге тапсырып кеткен. Оған адалдық танытуымыз керек. Осы уақытқа дейін біз қызымызды сыртқа шығармадық, басқа ұлттан келін түсірмедік. Ондай жағдай бол­майды да. Сондықтан да біз тілімізді сақтап, дәстүрімізді жалғастырып келеміз. Бірақ жеті атаға толмай, жастарды қоспаймыз. Келін түсіру, күйеу көру, құдаласу, той жа­сау салттарымыз, Құдайға шүкір, сақтал­ған» деп жауап берді.

    Рас, миллионның ішінде отырған аз ғана отбасының береке-бірлігі жарасым тауып, ынтымақта өмір сүретінін ұлттар дос­тығы сынағына айналған өз жерімізде талай көріп, біліп жүрміз. Бірақ уақыт өз таңбасын салмай қоймайды екен. Бір кездері Египетті билеген Бейбарыс баба­мыздың ұрпақтары бұл күндері қыпшақтық тегін әлдеқашан жоғалтып, «мәмлүктер» атын ғана сақтап қалғанына Мысыр жеріне сапарлағанда куә болғанбыз. Ал Түркия, Германиядағы қандастарымыздың салт-дәстүрлері бізге ұқсағанымен, тілдік асси­миляцияға ұшыраған. Енді солардан қал­-ған ұрпақтың бетін бері бұру үшін шет­елдер­дегі дипломатиялық корпустар жанынан қоғамдық бірлестіктер, тіл үйре­тетін курс­тар ашуды қолға алмасақ, енді жиырма-отыз жылда Қазақ елі деп ел жаққа елең­дейтін ұрпақтан көз жазып қаламыз деген қауіп басым болып барады.

    1980-2000 жылдардан бергі кезеңде дүние есігін ашқан кейбір жастардың тілі қолданыстағы қазақ тілінен алыстап кеткені анық байқалады. Біз ол үшін жастарды кінәлаудан аулақпыз. Орта мектептерде пән сабақтары парсы тілінде жүреді. Сондықтан ата-аналар, мүмкіндігінше балаларының болашағын Қазақ елінің болашағымен байланыстыра қарап, үмітін ертеңге жал­ғаумен күн кешіп келеді. 

     – Тұрмысымыз дұрыс. Иранда бір­неше ұлт өкілдері тұрады. Ел басшылары­ның қа­зақ ұлтына деген ықыласына риза­мыз. Ел­басымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың елден тысқары жердегі беделі мен абыройы­ның шапағатын біз де сезіп жатырмыз. Иран үкіметі бізді еш нәрседен тарықтырған емес. Соңғы кездері мемлекеттік мекеме­лерде, жергілікті әкімдіктерде қазақтар кө­бейе бастады. Бірақ туған жер, атамекеннің орны бөлек қой. Қазақ үкіметі балалары­мыздың қазақ елінде білім алуына жол ашса екен, – дейді 74 жастағы Абдулсаттар Пәли ақсақал.

    Қазір Бендер – Түрікменде 500 отбасы, Горганда 400 отбасы, Күмбетте 250 отбасы, Теһранда 20 отбасы, Аракта 3 отбасы, Ас­салуиде 12 отбасы, Мешхедте 18 отбасы, Сариде 2 отбасы, Шабахарда 4 отбасы бар. Бұл, ақсақалдар айтқандай, қол-аяғы жыл­дам жігіттердің жүгіріп жүріп, түгендеп шыққанда тізімге ілінгендері ғана. Қызыл­бас елінде тұратын қандастарымыздың ата-бабасы 1931-1933 жылдары Қазақстанда Сталин мен Голощекиннің қолымен жа­салған «Кіші Қазан төңкерісі» салдарынан орын алған ашаршылық кезінде қазіргі Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстары өңірінен Түрікменстанға, кейін Иранға өткен, негізінен қазақтың Кіші жүзіне кі­ре­тін Адай руынан.

   «Біз оқи алмадық. Біздің мүмкіндігіміз болмады. Оқу-білімге кеткен есемізді балаларымыз арқылы қай­тарып жатырмыз. Балаларымыз Теһранмен шек­теліп қалмай, шетелдерде оқып жүр. Алды мемлекеттік қызметке де араласа бас­тады. Көпшілігі бизнесте» дейді Абдулсат­тар Пәли ақсақал.

    Әбекең айтып өткендей, 2000 жылдан бергі уақытта Батыс елдерінде жоғары білім алып қайтқан қазақ жастары көбейе бас­тады. Мемлекеттік қызметтегі қандаста­ры­мыз – Күмбет қаласының жылу басқар­масының бөлім бастығы Әбдірахман Қазақ, эпидемиолог Мехрдет Чалақ пен Мәскеуде П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінің түлегі, қалалық электрмен қамту бөлімінде инженер Задсар Ес­келдіні атауға болады. Бехруз Чалақ — Ирандағы кәсібін Ақтауда жалғастырып, жылыжай орнатып, көптеген ағайынды жұмыспен қамтып жүрген ұлтжанды азамат. Ал Абдулла Жеменей ядролық физика ма­маны, ұстазы Махмуд Жеменей, Пирамун Шахпур белгілі кәсіпкер, Зәкәрия мен Зиба, Жапар Шадқамдар Иранның телеар­насында тілші қызметтерін істеген. Қыз-ке­ліншектері үйде кілем тоқумен айналысады. Абдулуахит Пәли Горгандағы консулдықта көмекші қызметкер болып жүр. Ол күрестен Иран универсиадасының чемпионы бо­лып­ты, жарақат алғанына байланысты спорт­тан кеткен.

                       Каспийдің жағасындағы қазақ ауылы

    Біз сапар барысында қандастарымыз көбірек шоғырланған Бандер –Торкаман жағында Қазақ ауылында, үш күн аялдадық. Қандастарымыз шоғырланған елді мекен провинция орталығы – Горганның іргесінде десе де болады. Кездесу кезіндегі қазақ елшісінің «Қазақтар қай жерде жүрсе, қазақ инвестициясы да сонда жүреді» деген бір­ауыз сөзі «Қазақ ауылы» деген атау алып отырған шағын ауылды бір көтеріп тас­тап­ты. Біз кездескен қандастарымыздың аман­дық-саулықтан кейінгі әңгімесі де сол бол­ды. Жалпы, Горган іргесінде ғана тұрған Түрікмен – бандер – Каспийдің толқы­нын­да тербеліп жатқан шағын ауыл. Қаспийдің жа­ғасында тұрып, Түрікменстан және Қа­зақстанға алыстан болса да көз талдырып қарауға мүмкіндік бар. Егер, инвестор та­был­са, туризмнің ошағына айналатындай-ақ табиғаты көркем, тау бөктерінде те­ңіз толқынымен тербеліп жатқан көрікті мекен. Жергілікті қазақтардың тұрмысында қолөнердің, әсіресе, кілемнің орны бөлек. Кез келген қандасымыздың үйіне кірсеңіз, қыз-келіншектердің қолынан шыққан, жі­бекпен көмкеріліп тоқылған кілемнен көз ала алмай қаласыз. Қыздың жасауында міндетті түрде бірнеше кілем болады. Бұл жақта қыздар бері кезге дейін өз жасауын өздері әзірлеп келіпті. Тек соңғы жылдары ғана бұл үрдіс ұмытылып барады. «Неме­релеріміз машинамен тоқылған кілемдерге үйір болып барады» дейді біз түскен үйдің отанасы Тойжан Бәлиқызы.

    Қазір әлем бойынша парсы кілем­де­рі­нің бәсі басым. 10 жылға жуық тоқылаты­ны, ұзындығы ондаған метрге созыла­ты­ны да бар. Ал бағасы – бірнеше үйдің құны болады. «Парсы кілемін тоқып шығудың қыр-сырын меңгерген Тойжан апамыз тә­різді көнекөздер елге келіп, тәжірибе ал­масса, артық болмас еді» деген тәтті үмітті санамызға түйіп қойдық. Біздің елдегідей, жастарының бәрі қа­лаға ағылып, қарттары қара шаңырақтың шырақшасына айналып қалған үйлер бұл елде де баршылық. Мысалы, біз түскен үй Абдулсаттар Бәлидің ұл-қыздарының бәрі Горганда, Теһранда жұмыс істейді. Қазір кенже ұлы ғана қолда. Балаларының бола­шағын атамекеннің болашағымен байла­ныстыра қарайтын тәтті үміт мұнда да үс­тем. Бірақ көңілдерінде алаң да жоқ емес. Балаларының сауаты арабша ашылған. Ки­риллицаның қойнауынан қазақ тілін алып шығу оларға, тіпті қиын. «Қазақстан латын әрпіне көшеді» деген жаңалыққа елеңдеп қалған едік» деген сауал біз болған отбасылардың бәрінде алдымыздан шықты.

                                  Әр  қазақтың өз аңызы бар

    Мұндағы қазақтар арасында Ораз Мұ­хамедке қатысты тамаша аңыз сақталып қалған. Ел аузында сақталып қалған аңыз оны Иран қазақтарының ұлт батыры етіп бейнелейді екен. 1920-1930 жылдары осы Гү­лістан провинциясына көшіп келген кезде ұлттың ұйытқысы, көшбасшысы да сол бол­ған көрінеді. Елінен ауа көшіп, азып-тозған ауылдастарының торғайдай тозып, ит же­міне айналып кетуіне жол бер­меген. Кейін 1930 жылдары оны белгісіз біреулер түн ішінде ұрлап кеткен. Кейбір деректер бойынша оның сүйегі түрікмен жерінде жатқан көрінеді. Қазір Ораз Мұ­хамедтің артында қалған ұрпақтары дін-аман. Бізге батырдың кіндігінен тараған немере-шөберемен кездесіп, тілдесудің сәті түсті.

    Айтпақшы, Иран қазақтарының абыз ақсақалы Жалғас Атығай биыл 103 жасқа толыпты. Сонау аласапыран заманда 12 жастан енді асқан қара бала атасының шалғайына жармасып, бір-ақ түнде шекара асып кеткен. Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де сол бір оқиға әлі күнге дейін көз алдында. «Әкем орта шаруа болса да ел ішінде сөзі өтімді, еті тірі азамат еді. Ба­қуат­ты ағайындарын жалғыз жібере алмай, бірге келді» дейді ақсақал бізбен кездескен кез­де. Ара-тұра «потому что, значить» деген орыс сөзін қыстырып, «қарындас» деп әң­гіменің тұздығын шебер баптайтын ата қара сөзге де жүйрік болып шықты. Кейін әңгі­ме­лесе келе, оның 12 жасқа дейін орысша сауатын ашып үлгіргенін байқадық. «Бес-алты жыл бұрын, күш-қуатымның бар ке­зінде Ақтау жақтағы ағайындарға барып, амандасып қайттым» дейді ол.

    Айтпақшы, жастарының да, жаса­мысы­ның да әнші Мейрамбек Бесбаевқа деген ықыласы алабөтен екенін осы сапар бары­сында байқадық. Қазақ жастары тізгіндеген кез келген автокөліктен Мейрамбектің үзілдіре салған қоңыр үнін естисің. Горган қаласындағы банктердің бірінде жұмыс істейтін, шағын шаруа қожалығы бар кә­сіпкер жігіт Первез Тіней «Мейрамбекке менің сәлемімді жеткізші. Егер, Горганға ке­ліп қайтамын десе, жол шығынын өзім көтеруге дайынмын. Тек келіп кетсе болды» десе, «Әнебір жылдары өзін науқас деп естіп, уайымдап қалған едік. Қазір реңі түзу екенін көріп, көңіліміз орнына түсті. Көптің алғысына бөленіп жүрген бала ғой. Аман болсын» дейді ауыл ақсақалдары.

     Өз кезегінде, Қазақстан Бас консул­ды­ғының қызметкерлері Гүлістан провин­ция­сы басшылығымен, Горган қаласы Ислам кеңесі депутаттарымен кездесу барысында қазақтар орналасқан аудандағы көшелерді жөндеу, қазақ жастарының футбол коман­дасына жеңілдік негізде футбол алаңын жал­ға беру, қазақтарды мүмкіндігінше кә­сіби мамандықтарына байланысты тиісті жұмысқа орналастыру мәселелерін тұрақты түрде көтеріп отыратынын жеткізді. Жалпы, жергілікті басқару органдары тарапынан қазақ диаспорасына деген көзқарастың жағымды екендігін атап өтуге болады. Қа­зақ диаспорасы өкілдерімен өткізілетін кездесулер барысында олар Қазақстан Республикасының ішкі, әлеуметтік-эконо­микалық ахуалы, сыртқы саясатында же­тістіктері мен табыстары туралы хабардар етіліп, консулдық-құқықтық, визалық және көші-қон мәселелеріне қатысты өзгерістер мен жаңалықтармен, шетелдердегі қандас­тарымызды қолдауға арналған бағдарлама­ларымен таныстырылып отырады. Қазір Қа­зақстанның Ирандағы елшілігі мен Гор­гандағы Бас консулдық қазақ диаспорасы арасындағы білімді және кәсіби шеберлігі бар жастарды Қазақстанға тартуды қолға алыпты. Тек өткен жылы мұнай саласының маманы Абдұлкәрім Ескелдіні кәсіби ма­мандығына байланысты Қазақстандағы мұнай-газ саласындағы компаниялардың біріне жұмысқа тұруына көмектесу мәселесі оңтайлы шешілген. Бірақ шешімін күткен жайттар да баршылық. Соңғы уақытта Ирандағы қазақ жастары арасында қолайлы шарттар болған жағдайда Қазақстанға тұрақты қоныс аударуға ниет білдіруші­лер­дің саны көбеюде.

    Ирандағы қазақ жастары арасында ана тілінде дұрыс сөйлесе алмау құбылысының артуына байланысты қазақ тілі мен әде­биетін, мәдениеті мен тарихын дамыту мақ­сатында қазақ тіліндегі оқулықтар мен әдістемелер алдыруға көмектесуді қолға алу да назар аударарлық мәселе. Себебі Иран­дағы қазақ жастары қазақ елінің жоғары оқу орындарының дайындық бө­лім­деріне ем­тихан тапсыру кезінде айтарлықтай қина­лады. «Осы ретте, елдегі жо­ғары оқу орын­дарының дайындық бөлім­дерінде шетелдегі қазақ жастарының осы жағдайын ескеріп, белгілі бір жеңілдіктер жасау, талантты жас­тардың Қазақстанның жоғары оқу орын­дарында білім алуына, же­ңілдік квотасына қол жеткізуіне көмектесу» дейді Горган­дағы қазақ елінің кон-сулы Оңталап Оңалбаев. Осыған орай қазақ консулдығы елдегі құзырлы орындарға мы­надай ұсыныстармен шыққан. Біз со­лардың кейбіреулерін тиісті орындардың назарына ұсына кетуді жөн деп таптық.

1. Жазғы демалыс уақытында Иранның орта мектептерінде оқитын қазақ оқушы­ларын Қазақстандағы балалардың жазғы лагерьлеріне апару мәселесін қарастыру; 2. Қазақстанның Ақтау қаласы мен Иран Ислам Республикасының Горган қа­ласы арасында тікелей әуе қатынасын ашу­ға көмектесу;

3. Иранда тұратын қазақ жастарының ана тілін ұмытуына жол бермеу үшін Бас консулдықтың жанынан қазақ тілін оқыту-үйрету курсын ашу мәселесін ИИР Сыртқы істер министрлігімен пысықтау. Мәселе шешімін тапқан жағдайда ҚР тиісті ми­нистр­ліктері және ұйымдары тарапынан Иранға бір оқытушының жіберілуін қамта­масыз ету;

4. Бас консулдық жанынан арнайы кі­тапхана ашып, Иран қазақтарын қазақтың танымал жазушылары және ақындарының еңбектерімен танысуына мүмкіндік беру. Қазақ тілінде шығатын журналдар мен газеттердің ҚР Бас консулдығы арқылы Иранға жеткізілуіне қолғабыс көрсету;

5. Гүлістан провинциясында қазақтар­дың 7 мешіті, оның ішінде Горган қаласында екі мешіті бар. Горган қаласында 4 қабатты үлкен жаңа мешіттің құрылысы аяқталуда. Осы ретте, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы тарапынан «Құран Кәрім» кітабының 1000 данасын осы мешіттерге сыйға тапсыру мәселесін қарастыру;

6. Иран Ислам Республикасында тұра­тын қандастарымыздың қоғамдық-мәдени орталығы жоқтығы белгілі. Қазіргі уақытта ИИР тұратын қазактардың, ең алдымен, жастардың арасында парсы тілінде сөйлеу құбылысының күшеюіне байланысты иран­дық қазақ диаспорасы өкілдерін ана тілін үйретуге, мәдениет пен тарихын оқуға, ком­пьютерлік сыныптар мен домбыра үйрену, қоғамдық-спорттық және мәдени іс-ша­раларды жүргізу бағытындағы жұмысты жан­дандырудың қажеттігі туындап отыр.

     Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы­ның да мәліметі бойынша, Ирандағы қазақ диаспорасының ресми тіркелген қоғамы­ның жоқтығы біраз жайттың дер кезінде және ойдағыдай орындалуына қолбайлау болуда. Иранның жаңа сайланған Прези­денті Х.Руханидың сайлау алдында Иранда тұратын саны аз ұлттардың өз салт-дәстүрін дамытуына қолдау көрсетуге уәде берген болатын. Қазір сол уәде мемлекеттік ор­ган­дар тарапынан шешілуі мүмкін деген үміт бар. Енді бірер жылда Бас консулдық жа­нынан Қазақстанның мәдени орталығын немесе Иран қазақтарының қоғамдық-мәдени орталығын ашу мәселесін жергілікті билік органдарымен пысықтау ғана қа­лып­ты. Біз осы айтылған жайттар тиісті орын­дардың назарына ілініп, нәтиже шығарады деп сенеміз.

   Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ,  Алматы – Теһран – Горган – Бендер- Торкаман – Қазақ ауылы – Теһран – Алматы 

     "Айқын" газеті

толығырақ

CASPIONET арнасының "Ағайын" атты сериямен шыққан шеттегі қандастар жайлы фильміді тамашалаңыздар! Фильм youtobe-парақшасынан алынды. 1-бөлім

2-бөлім

толығырақ

Тәуелсіз ел болып, етек-жеңімізді жинағалы, міне, 12 жылдың көлемі болды. Тарихтағы үлкен көшулер мен басқосулар нәтижесінде туған жұртты тастап кетуге мәжбүр болып, сырт жерлерге кеткен қандастарымызды қайтарып, халық шығынының орнын толтыруға жаппай бет бұра бастадық. Бүгінде қаншама ағайындарымыз елге оралды, халқыма қайтсем көмектесе аламын деп аянбай еңбек етіп жатқандар да бар. Сондай азаматтардың бірі – Ираннан келген Нүриддин Ишан.

1993 жылы Ираннан туған жерге квота бойынша 700 жанұя, яғни, 4000 адам оралған еді. Солармен бірге келген Нүриддин Ишан жеңіл аяқ киім өндірумен айналыса бастады.

Елімізде мұндай кәсіпорындар санаулы-ақ. Соны ескере отырып, 2002 жылы «POLI AK» аяқ киім фабрикасын ашты. Бұл аяқкиімдер сапасы жөнінен өте жоғары, түрік шеберлерінің қолынан шығады. Бағасы да көңілге қонымды. Мұнда жеңіл аяқ киімдердің 50 түрі шығарылады, 150-ге тарта адам жұмыс істейді. Түркия технологиясымен өндіріліп жатқан бұл тараулар бүгінде жергілікті халыққа кең танымал. «POLI AK» компаниясы өнімдері тек Қазақстан көлемінде ғана емес, жақын шетелдерге де шығарылып жатыр.

«Болашақта бұл фабрика жеңіл аяқ кіимдер ғана емес, сапалы қыстық, күздік аяқ киімдер шығаратын болады» дейді компания директоры.

Сонымен бірге Нүриддин Ишанның құрған «HAS» ЖШС бірлестігінің тауарлары да үлкен сұранысқа ие. Мұнда 50-ден аса жұмысшы еңбек етеді.

Атажұртқа оралғаннан кейін де кездесетін қиыншылықтар, әрине, аз емес. Соларға мойымай, үлкен нәтижелерге жетіп отырған осындай азаматтарымыздың қатары молайып, еліміздің бұдан әрі өсіп-өркендеуіне үлес қосатынына сеніміміз кәміл.

Базарбайқызы Ә. Ізденген жетер мұратқа //Алтын бесік. – 2003. №4.

толығырақ

2011 жылы қазан айының 13-19 аралығында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев бастаған бір топ делегация Иран Ислам Республикасына іс-сапармен барып қайттық.

Иран Ислам Республикасы – Азияның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Жер көлемі 1,648 млн. шаршы метр. Ресми тілі - парсы тілі. Мемлекеттік діні — ислам дінінің шийт тармағы. Иран — діни мемлекет. Елдегі саяси және діни билік аятолла Сейд Әли Хаменеидің қолында. Жоғарғы заң шығарушы орган — бір палаталы парламент — Ислам кеңесі жиналысы 4 жыл сайын сайланып отыратын 270 депутаттан тұрады. Ұлттық мейрамы 11 ақпан — Революция күні. Ұлттық ақша бірлігі — риал.  Жері, негізінен, таулы. Климаты субтропиктік, континенттік, жазы ыстық, қысы солтүстігінде салқын, оңтүстігінде жылы. Ел экономикасының негізі мұнай және мұнай мен газ өңдеу өнеркәсіптері. 

Бұл елге барғандағы мақсатымыз – осы елде тұратын қандастарымыздың өмір-тіршілігімен танысу еді. Делегацияны әуежайдан Қазақстан Республикасы елшілігінің қызметкері Бекмұрат Қайдаров және қазақ диаспорасының өкілдері қарсы алып, «Фирдауси» қонақ үйіне орналастырды. Біраз тынығып алған соң Тегеран қаласындағы әйгілі кілемдер музейі мен Шах сарайын тамашаладық. Сол күні Қазақстан Елшілігі үйіне де барып қайттық. Ол жерде бізді Төтенше және өкілетті елші Бағдат Әміреев іс сапарда болғанына байланысты ол кісінің орынбасары Оңталап Оңалбаев қабылдады. Ол кісімен сол елде тұратын қандас бауырларымыз жайлы біраз әңгімелестік.

Ертеңінде қазақ диаспорасының өкілдерімен жолықтық.   Зиялы қауым өкілі – Әбдіқадыр Қазақ Иранның мұнай компаниясы «Iran oil»-де істейтін инженер. Бұл азамат өз ісінің білгірі.  Оның жанұясымен жақын таныстық. Үстіміздегі жылы үлкен ұлы Бехнам университетке оқуға түсіпті, кіші ұлы Мұхаммед мектеп оқушысы. 

Иран радиосы қазақ бөлімінің тілшілері, ерлі-зайыпты Жапарбай Шатқам мен Айша да кездесуге қатысып, өз ойларымен бөлісті.

Тегераннан шағын автобусқа отырған біз Мазандаран провинциясының орталығы Сари деген қаланы басып өтіп, атақты Эльбрус тауларының жоталары арқылы, неше ондаған туннель мен көпірлер арқылы өтетін тас жолмен жүрдік. Иранның солтүстік-шығыс аймағының жасыл ағашы мол керемет табиғатын тамашалаумен болдық. Жолдың екі жағы бау бақша, нешетүрлі жеміс-жидек өсіп тұр.  400-ден астам шақырым жолды 6 сағаттай жүріп, кештетіп қандастарымыз көп шоғырланған Гүлістан облысының орталығы Горган қаласына жеттік.  Бұл елдің жолдарына тамсанып қайттық. Үш километр тау асты тунельді небәрі отыз айда салған екен. Халқының еңбекқорлығы деп осыны айтуымыз керек. Иран сапары күндері қазақтар ең көп тұратын Мазандаран және Гүлістан провинциялары, Горган, Бендер Түрікмен, Сари және Күмбет қалаларында тұратын қазақ диаспорасының өкілдерімен жүздестік.

Әрбір кездесуге қазақ диаспорасының көптеген өкілдері жиналды. Ауылдың ұйтқысы болып жүрген Саттарбай Бәли қажының айтуы бойынша Иранда сегіз мыңға жуық қазақ өмір кешуде. Олар: Бендер Түрікменде 500 отбасы, Горганда 400 отбасы, Күмбетте 250 отбасы, Тегеранда 20 отбасы, Аракта 3 отбасы, Ассалуиде 12 отбасы, Мешхедте 18 отбасы, Сариде 2 отбасы, Шабахарда 4 отбасы т.б. Бұлар 1931-1933 жылдары Қазақстанда Сталин мен Голощекиннің қолымен жасалған «кіші қазан төңкерісі» салдарынан орын алған  ашаршылық кезінде қазіргі Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстары өңірінен Түрікменстанға, кейін Иранға өткен, негізінен қазақтың «кіші жүзіне» кіретін адай руынан.

Бұлардың жағдайлары жақсы болғанымен кейбір жастары қазақ тілін білмейді. Үйренуге құлшыныстары зор. Жоғары білімі барлар көп емес. Үкіметтік қызметтегі қандастарымыз – Күмбет қаласының жылу басқармасының бөлім бастығы Әбдірахман Қазақ, эпидемолог Мехрдет Чалақ пен  Мәскеуде П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінің түлегі, қалалық электрмен қамту бөлімінде инженері Задсар Ескелдіні атауға болады. Бехруз Чалақ Ирандағы кәсібін Ақтауда жалғастырып, жылыжай орнатып, көптеген ағайынды жұмыспен қамтып жүрген ұлтжанды азамат. Ал, Абдулла Жеменей ядролық физика маманы, ұстазы Махмуд Жеменей, Пирамун Шахпур белгілі кәсіпкер, Зәкәрия мен Зиба Шадқамдар Иранның телеарнасында тілші қызметтерін істеген. Қыз келіншектері үйде кілем тоқумен айналысады. Абдулвахит Бәли Горгандағы консулдықта көмекші қызметкер. Ол күрестен Иран универсиядасының чемпионы болыпты, мертіккен (жарақат алғаны) себепті спорттан кеткен. Жақында Ақкербез есімді қалыңдығымен үйленіп, той жасамақшы.

Қазақтардың біразы ұстаздық, дәрігерлік, бухгалтерлік, салықшы, банкир, тоқымашы, телеграф қызметтерін атқарып зейнеткерлік демалысқа шығыпты (30 жыл еңбек өтілі болса, жасқа қарамайды), ал кейбіреулері ұзақ жолға шығатын автокөлік жүргізушілері екен. Сари қаласындағы колледжде оқыған, сәулетші Ғафур Қазақ домбыра тартып, ән айтады.

Маңғыстау облысының Жарыққазған ауылында дүниеге келген Жаңбыр Аманияз (94 жаста) атаның алты ұл мен екі қызы бар. Олардың екеуі Жаңаөзенге көшіп келіп, атамекенде кірпіш болып қаланыпты. Осы Жаңбыр атамыз жыршы әрі домбырада ортекені жақсы ойнатқан екен. Жалғас Табынай (93 жаста), Шегленбай Олжасы (86 жаста), Назым апаның (83 жаста) денсаулықтары жақсы, қазақ даласында орын алған ашаршылық жылдарында  Маңғыстаудан Түрікмен жеріне барып паналаған қазақ ауылдары Иран жеріне шарасыз өткен. «Түрікмендердей емес, парсылар бізге тиіспеді. Түрікмендер болса, малымызды және жас қыздарымызды тартып алып, бізге зорлық-зомбылық көп жасады», – дей келіп, бүгінгі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне шексіз қуанышын, оның баянды болуын тілейді, қариялар. Сондай-ақ, басында Иран үкіметі: «бұл не қылған адамдар, мүмкін келген іздерімен қайта кетіп қалар деп біраз жыл бізді сынап көрді, ақыры ешкімде қақымыз жоқ, өзімізбен өзіміз өмір сүріп жүрген бейкүнә бір адамдар екенімізді білген соң, бізді жайымызға қалтырды. Бірақ сол жылдары күн көріс қиындығынан және ауру, сырқау салдарынан көп адамымыз, бала-шағаларымыз қырылып кетті. Әреңдеп Иран азаматтығын қабылдаған соң жағдаймыз оңала бастады.», – дейді  алғашқы Иранға келген уақытын еске алған Назым апа.

Иранда он сегіз жасқа толған ұлдар бір жарым жыл әскери борышын өтеу міндетті екен. Бір үйден үшеу әскери қызметін атқарған болса, олардан кейінгі ұлдар әскерден босатылады екен. Әскерде тәртіп күшті. Ешқандай зорлық-зомбылық жоқ. Сондықтан барлығы әскерге баруға құлшынады. Иран заңы бойынша жас жеткіншектер кәмелеттік жасқа толып, әскери борышын өтемесе оларға шетелге шығу төлқұжаты берілмейтін көрінеді.

Иран жастарына көлік кептелісі ең қолайлы сәт! Осы уақытта қыз бен жігіт бір бірімен телефон номерлерін алмасып, танысуларына мүмкіндік алады. Әйелдер қара киініп жүреді, егер ала киімі болса, ол күйеуге шықпаған қыз. Қоғамдық көліктерде ерлер мен әйелдер бөлініп отырады.

Қазіргі жастардың аттары парсы тілінде. Иранда жаңа туған нәрестелерге қойылатын аттар тізімі бойынша ғана есім беріледі деп түсіндік. Ақкербездің төлқұжатындағы аты – Сумайе. Ал, қазақ жастары бір-бірімен танысып, келіскен соң ата-аналарының батасын алады. Құда түседі. Барлық салт-дәстүр сақталған.

Қазақ диаспорасы өкілдерінің сұрақтары бойынша Қауымдастық тарапынан Қазақстанның бүгінгі саяси жағдайы мен көші-қон мәселесі жөнінде түсінік берілді. Олар Қазақстанға көшіп келген кезінде бұрынғыша үй берілсе деген тілектерін білдірді. Делегациямен бірге барған, халықаралық конкурстардың лауреаты, Мәдениет қайраткері, әнші Нұржан Жанпейісов өз өнерін көрсетіп, әнмен тарту етті. Ел-жерін сағынған қариялар көздеріне жас алып, тебіреніп отырды.

Тонукабонд, Рамсар саяжай демалыс орындарын тамашаладық, Каспий айдынында қайықпен жүздік. Осы орайда Төлеген Айбергенов ағамыздың «Ақ ерке – Ақ Жайық» өлеңіндегі

Өзіңсің жаным, жаңғыртқан әнім,

Каспийдің толқын таулары.

Сенбісің көгілдір махаббатым,

Ал қызыл алаулы таңдарым, – деп жырлағаны еске оралады.

Сондай-ақ, осы елдің  Шахар Махал Бақтияри провинциясында жүз мыңға жуық жалайырлар тұрады деп естідік. Бұлар қазақтың бір руы екені белгілі. Мажарстандағы қыпшақтар сияқты тілін жоғалтқанмен өздерін қазақпыз деп есептейді екен. Жер шалғай болған себепті олармен кездесуге уақыт тапшы болды. Болашақта осы ағайындарды зерттеу қажет деп түйдік.

Қазақстан Тәуелсіздік алған 20 жылда Ираннан 500-ден астам отбасы атамекенге ат басын тіреген, солардың ішінде алғашқы рет Иран қазақтары арасында жоғары білім алған, заңгер Мұхаммед Ескелді,  ғалым Ислам Жеменей, ағылшын тілінің маманы Маржан Адай, кәсіпкерлер Нуриддин Ишан, Ақәли Чалақ, Ғафур Қазақ, Алматыда оқыған Юсуп Пілтан, Маниже және Зүбайда Шатқам  т.б. бар.  Осылардың жолын қуып, атажұртқа келуге «Нұрлы көш» бағдарламасының екінші кезеңін күтіп отырған ағайындар да баршылық. Соңғы уақытта көш тоқырап қалғаны баршаға мәлім.  Талантты ақын Жәркен Бөдешұлының:

« ... Сонау қиыр шалғайдан

Қашан келер қалың көш»,–дегендей алыстағы ағайынның амандығын тілеп, парсылардың жыл санауы бойынша 1390 жылғы 29 тамызда әсем Алматыға оралдық.

Иран елінде өткен сапарымызға үлкен көмек көрсеткен Дәуренбек Ырысқалиға, Оңталап Оңалбаевқа, Дәулет Ембердиевке және Бекмұрат Қайдаровқа ерекше ризашылығымызды білдіреміз.

                                                                                       Алматы – Тегеран – Алматы

 

                                                                                                                      Ботагөз УАТҚАН

 

Әдебиет:

Түркістан. №44 (902) 3 қараша, 2011. 7-бет (Парсы жұртынан пана тапқан қазақтар енді ата жұртты аңсайды)

Қазақстан Zaman. №48 (867) 24 қараша 2011. 8-бет  (Иран қазақтары) 

Алтын бесік. №6. 2011, 14-17 бет (Иран қазақтарына барғанда)

толығырақ

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған кезден бастап қазақ халқының тарихында жаңа кезең басталды. Еліміздің тарихында ұзақ жылдар бойы айтылмай келген, зерттелмей келген мәселелерді жан жақты ашық айтуға, бұрын жабық болып келген тақырыптарды еркін талқылауға, өткен оқиғаларға жаңаша баға беруге мүмкіндіктер пайда болды, соның ішінде алыс және жақын  шет елдердегі қазақ  диаспорасын зерттеуге ерекше көңіл бөліне бастады. Қазақ халқының тарихында ұзақ уақыт ұмыт болып келген мұраларды қалпына келтіру, осы уақытқа дейін жабық мәселелердің бірі болып келген алыс шетелдегі қазақтардың тарихы, саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы, ұлттық психологиясы мен дүниетанымы, тұрмыс салтының сақталуы мен өзгеруі, өзге этникалық ортаға байланысты мәдениетіне енген өзгешеліктері жан-жақты зерттеле бастады.

Алыс шет мемлекеттерде қазақ диаспорасының басым көпшілігі 1920-1930 жылдары ашаршылық, қуғын-сүргін, ұжымдастырудың кері салдары, басқа да  түрлі себептерге байланысты отандарын тастап кетуге мәжбүр болған, соның ішінде қазақтар алыс шет мемлекеттер болып саналатын Қытайға, Моңғолияға, Иранға және Ауғанстанға қоныс аударған. Қазақ халқының бір бөлігі осындай тарихтың аласапыран жылдарында тағдыр тәлкегіне ұшырап, небір қиыншылықтарды бастарынан өткізіп, Қазақстанның батыс аймағы Маңғыстаумен теңіз арқылы көршілес мемлекет болып саналатын Иранға қоныс аударды.

1927-1928 жылдың қысында, одан кейінгі жылдарда да жұттан күйзелген Маңғыстау халқының көпшілігі көршілес Красноводск, Байрамәлі, Тедженге қоныстанды, одан әрі Түркменстан жері арқылы Иранға босқындыққа түсті. Сөйтіп, халықтың басына түскен ауыртпалық осы 1927-1928 жылдың жұтынан басталды. Жұтқа қоса үкіметтің орталықтандырылған ет және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және салық саясаты қосылды.

1928-1929 жылдың қыс айларында Маңғыстау халқы жүн, тері, сүйек, шүберек жинап тапсыруға міндетті болды. Салықтың мөлшері тым көп, өтеу мүлде мүмкін болмады. Сондықтан қыстың қақаған аязында ұлыған боранға қарамай қой қырқылды, түйе күзелді. Бүкіл қиындықтарға қарамастан Маңғыстау ауданында салықты жинау артығымен орындалды.

1928 жылдың 27-тамызында Республикалық атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде «Байлардың шаруашылықтарын тәркілеу» туралы қаулы қабылданады. Осыдан соң үлкен байлар, содан кейін кішігірім байлар, орта, әлді шаруалардың мал-мүлкі тәркілене бастады. Маңғыстауда ірі байларды тәркілеу 1929 жылы басталды [1].

1931 жылғы аяусыз қырғын адай халқына жан кешті қырғын, саяси қуғын-сүргін, геноцид әкелді. Елді түрлі шұбырынды, босқыншылыққа душар етіп, қасіретті қайғыға ұшыратты. Босқындар мен ауа көшкендер Түрікмен жері мен Қарақалпақстан арқылы әрі қарай шет елдерге – Ауғанстан мен Иранға өтіп кетті.

Сол кездегі халықтың дәстүрлі шаруашылығының күйреуі, науқандар кезіндегі зобалаңдар, шаруа қожалықтарын кәмпескелеу, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, шаруаларды жазықсыз жалған жалалармен мен айыптаулар туындатқан босқыншылық салдарларынан Иран мемлекетінде қазақ диаспорасы пайда болды.

Ирандағы қазақ диапорасы бұрынғы заманнан сол елді мекендеп келе жатқан халық емес. Үкімет  тарапынан  жүргізілген  қуғын-сүргіннен  және  аштықтан  қорыққан  қазақтар  республикадан  тысқары  жерге  және  шетелге  жаппай  көшуге, өздерінің  туып-өскен  жерінен  безуге  мәжбүр  болды.  Сол кездері  Маңғыстау аумағынан  көшкен қазақтар Иранға қоныстанып, онда Мазандаран облысының Горган, Бендер-Түрікмен, Гомбед деген үш қалада шоғырланды. Қазіргі уақытта аталған үш қала Мазандаран  провинциясынан бөлініп, жаңадан 1997 ж. құрылған Гүлістан провинциясының құрамына қосылды [2].

Жаңадан құрылған Гүлістан облысының орталық қаласы Горган болып отыр [3]. Гүлістан провинциясы Каспий теңізінің оңтүстік шығысында орналасқан. Солтүстікке қарай Түрікменстанмен, оңтүстікте Иранның Семнан провинциясымен, шығысында Хорасан және батысында Мазандаран провинциясымен шектеседі. Сонымен қатар үш таулы аймақ, жазықты жерлері бар. Қазіргі қазақтар тұратын Гүлістан провинциясының жалпы көлемі 22,000 км2. 2002 жылғы санақ бойынша Гүлістан елді мекенінің халқы шамамен 1 600 000 адамнан тұрады, оның ішінде 58,7% қала тұрғыны, ал 41,3 % ауыл тұрғыны, аталған провинция 11 қала, 18 кішігірім қала, 16 аудан және 45 шағын ауылдардан тұрады.

Гүлістан провинциясында тұратын қазақтар үш қалада орналасқан: Горган, Бендер-Түрікмен және Гомбед-Кабус қалалары. Горган қаласы Гүлістанның орталығы, жалпы көлемі 16152 км2 жерді алып жатыр, халқының саны – 358 877 адам. Географиялық  құрылысы биіктікте орналасқандықтан ауа-райы құбылмалы, таудың шыңдарында салқын, тау самалы мен ылғалдылығы тау етегімен орталық аймағында ауысып тұрады. Осы аймақта қазба жұмыстарының нәтижесінде өте ежелгі заманғы провинцияның әр түрлі тарихи кезеңдеріне жататын ескерткіштері табылған [4].

Горганнан кейінгі екінші  маңызды қала  болып саналатын Гомбед-Кабус қаласы. Ол Горган өзенінің сол жағалауында, ежелгі қала Горган немесе Джурджандтқа жақын орналасқан. Осы қаланың негізгі халқы болып түрікмендер саналады. Гомбед-Кабуста күріш, мақта тазалайтын және май жасайтын заводтар орналасқан. Қала тұрғындарының саны тез өсуде. 1956 жылғы санақ бойынша тұрғын халықтың саны 18 747 адам болса, 1966 жылы 40 807 адам, 1971 жылы 55 000 адамға жетті» [5]. Қазіргі кезде бұл қала 5 071 км2 жерді алып жатыр және 275 649 тұрғыны бар. Гомбед-Кабус қаласының ежелгі тарихи және туристік көрнекті жерлері бар.

Тағы бір қазақтар тұратын белгілі қалалардың бірі – Бендер-Түрікмен. Бұл қала Гүлістан  провинциясының батыс бөлігінде Каспий теңізінің жағалауында орналасқан, аумағы1 576 км.кв., халқының саны 121 533 адам, көпшілігі-түрікмендер. Теңіз жағасындай әдемі көрінісі бар, әр түрлі жеке қолөнері дамыған қалалардың бірі. Сан ғасырлық тарихы бар Иран мемлекеті–көп ұлттар, халықтар, әр түрлі діндер мекені болып саналады. Гүлістан провинциясының халықтарының тілі, діні әр түрлі, сонымен қатар Гүлістан провинциясының, жалпы Иран мемлекетінің тұрғындары бейбітшілік пен татулықта өмір сүреді.

Ирандағы қазақ диаспорасы 1929-1930 жылдардан бері тұратын 5 мың иран қазақтарынан және 1980 жылдардағы әскери оқиғалардың кезінде Иранға орналасқан 5 мың Ауғанстаннан қашқан қазақ босқындарынан құралды [6]. Иран қазақтары этникалық құрамы жағынан кіші жүз қазақтарына кіреді. Қазіргі барған жеріне осы кіші жүз тайпалары орналасқан жерден ауып барғандар. Кіші жүздің Табын, Әлім руларынан да кездеседі, бірақ  негізінен адайлардың төрт атасы-Жеменей, Көрпе, Тіней, Құнанорыстар өрбіп-өсіп жатыр [7].

Сөйтіп, шетелдегі қазақтар басқа этникалық кеңістікде уақыт өте әлеуметтік-экономикалық, құқықтық жағдайлары бір қалыпты арнаға түсіп, жергілікті этностың қарым-қатынас тілін үйреніп, соның ішінде парсы, көрші түрікмен мәдениетін құрметтей отырып, үздіксіз еңбектену  мен үйрену нәтижесінде жұмыс істеп, бірте-бірте қоғамға,  қызметке араласып, түзеліп, қоршаған ортаға бейімделу процесі барысында өзінің рухани дүниесіне, ұлттық болмысына назар аудара бастайды.

Қазақтар Иранда қазақ мақалласын (ауылын) құрап отыр. Иран қазақтары бастапқы жылдары тек күнкөрістің ғана қамын ойлап, әр түрлі кәсіппен айналысып, бір жапырақ нан үшін тіршілік кешті. Көшіп келген кезінде Горган қаласынан жан-жаққа тас жолдар салынып жатқан болатын, күнделікті табыс үшін қазақтар сонда жалданып, жұмыс жасады, арасында саудамен айналысқандар да аз болған жоқ.

Иран қазақтары балаларын 1950 жылдарға дейін мектепке беруге мүмкіндіктері болмай сауат аша алмады. Тек 50-ші жылдардан кейін есін жиып, әр түрлі салаларда мамандықтарды игере бастады. Олардың көбі машина жөндеу, үй құрылысы, көпір салу, жүк машинасын жүргізу, ұн тартатын фабрикалар, егін шаруашылығымен айналысты. Горган мен Бендер-Түрікмен қалаларындағы жүк тасу синдикаттарында қазақтардың не 16, не 24 тонналық ауыр жүк машиналары тізіліп тұратын. Осы тұста Горган қаласының жүк тасымалдау синдикатын алғаш қазақтар ашқанын айта кеткен жөн [8].

Шетелдегі қазақ диаспорасы қанша қиыншылықтарды бастарынан өткерседе өмірін  тек елге деген сағынышпен өткізген, ұрпағының бойына қазақылықты, қазақтың тілі мен ділін, қасиетті дінін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сіңірген, өздерін қазақ ұлтының құрамдас бөлігі ретінде сезініп тәрбиелеген. Сондықтан тағдырдың жазуымен туған топырақтан шеттеп кетуге мәжбүр болған ата бабаларымызбен олардан тараған ұрпақ жасаған мол рухани қазынаны жинақтап және сақтап, ата жұртқа және барша әлемге таныстыру аса маңызды шаруа. Халқымыздың игі дәстүрлерін сақтап қалған шетелдегі қазақтар тарихи отанына оралып ұлтымыздың тамаша қасиеттерін тірілтуге, салт-дәстүрлерімізбен әдет-ғұрыптарымыздың, тіліміздің мәртебесін көтеріп қайта жаңғыртуға көп ат салысары сөзсіз. 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1 Сариев І., Омаров М. Ойрандалған адай даласы. – Алматы, 1995. – 73 б.

2 Исламская Республика Иран. Культурное представительсво Посольства Исламской Республики Иран в Республике Казахстан, 2009. – 3 с.

3 Жеменей И. Тарқаған шер // Қазақ елі.  – 2002. – 7 тамыз. – 3 б.

4 Golestan  at a Glance.Iran. 2005.

5 Логашова Б. Туркмены Ирана. – М., Наука, 1976.

6 Мендикулова Г.М.Исторические судьбы казахской диаспоры. Происхождение и развитие. А., 1997. – 236 б.

7 Кәкішев Т. Көш қонысты болсын десек // Қазақ әдебиеті. – 1995.–  1 тамыз. – 10 б.

8 Қазақ-иран мәдени байланыстарының өткені мен болашағы. – Алматы, 2001. – 30 б.

А.А. Бекенжанова ( Ақтау қ.) // Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының  ағымдағы мұрағаты 

толығырақ

Иранның этнограф ғалымы Мансур Киайдың «Иран қазақтарының салт-дәстүрлері» атты кітабы таяуда «Орхон» Баспа үйінен жарық көрген еді. Кітапта тағдырдың жазуымен кезінде сонау Маңғыстау жерінен парсы еліне қоныс аударған қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрі жан-жақты сөз болады. Бұл жағынан еңбектің ғылыми ғана емес, танымдық, тарихи деректік те мәні зор екенін атап шыққан жөн.

Кітапты парсы тілінен аударған – Нияз Тобыш, баспаға әзірлеген – өлкетанушы Отыншы Көшпайұлы. 
Төменде осы кітапқа жалпы шолу түрінде берілген алғашқы тарауды оқырман назарына ұсынып отырмыз. 
Бұл кітап 1977-1983 жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстарымның нәтижесі. Адай қазақтары өзге қандастары сияқты тағдырдың маңдайларына тап қылған ауырт­па­лықты көп көріп, аумалы-төкпелі заманды бастан кешірген. Иран жеріне келіп табан тіреген қазақтар туралы мен көптеген сапарлар барысында олардың өмірі туралы біраз деректер жинадым. Маған риясыз қол ұшын берген білікті досым Тойжан Бабық арқылы екі дәптерде жинақталған қолжазбалар болатын. Өкінішке орай әртүрлі жағдайларға байланыс­ты мен үшін өте құнды болып есептелетін, алтынға айырбастамас сол дәптерлердің бірі жоғалып қалды. Іздестіруден қорытынды шықпады. 
Қазақтардың сенімдері мен мәдениетінің ерекшеліктерінің бір бөлігіне назар аударар болсақ, олардың тілі бөлек, дәстүрі өзгеше жерде ғұмыр кешсе де ата-баба дәстүрін сақтаудағы жанталасын көруге болатын шығар. Бір кездері көптеген қауымдар, елдер арасында символдық тілдің белгілері болып саналатын элементтер уақыт өте келе ұмытылғанымен, қазақтар арасында әлі күнге дейін сақталып келеді. 
Символ дегеніміз белгілі бір нәрсені өз қалпынан өзге, жанама сипатында көрсетуден туатын эстетикалық категория. Бұл сипаттама шындығында онша анық болмауы да мүмкін. Эрик Фрумның пайымда­уынша сезімге байланысты символдар, мысалы: көру, есту, иіскеу, тату және сипап-білу өзге бір нәрсені көрсету үшін пайдаланылады. Бұл символдар егер белгілі бір сезімдік тәжірибелерді немесе адамның ішкі жан дүниесіндегі сезімін көрсету үшін немесе белгілі бір ойды жеткізу үшін пайдаланылса, сонда ол қызықтырақ болады. Мұндай тілде ішкі сезімдік тәжірибе осы сезімдік символдармен байланыста болып оны көрсететін болады. Этнограф үшін маңызды нәрсе осы символ мен ол символдың көрсететін нәрсесінің арасындағы арнайы байланыс болып келеді. Сондықтан да бұндай символдар үш топқа бөлінеді: белгілі танымал (кәдімгі) символдар, кездейсоқ символдар және қауымдық символдар. 
Сәбиді белгілі бір жоралғылармен бесікке салғанда, бесікке қары қайтқан, елге сыйлы қадірлі әйел мініп алып: «Жүйрігім, алға тарт, өмірге қарай тарт! Аттай шап, адаспай тап!» – дейді. Ол сиқырлы әрекетпен осы символдық тілмен сәбиге атқа мініп, құйындата шабуды жеткізіп жатыр. Болашаққа деген сенім жатыр. 
Қазақ әйелдерінің киім киюінде де символдық тілдің әсерін айқын көреміз. Қыздар кәмелетке толмаған, әлі бойжетпеген уақыттарында шаштары бос күйінде ашық, ал бойжеткесін шаштарын өреді де арқасына жібереді. Қызыл мақпалдан тіккен бөркін әртүрлі жазба, күміс теңгелермен әшекейлеп киіп жүреді, яғни қыздың өмірдің бір кезеңінен екінші кезеңіне қадам басқанын көргендер біледі (сезеді), әрі оның бойжетіп қалғанын біледі. Қыз айттырылғасын, шаштары екі бұрым болып өріледі де алдына, төсінің үстіне жіберіліп қызыл орамал, шарқат тағады. Қыз бала келін болғасын, енді оның киімінде өзгешелік болады. Басындағы орамалдың да түсі өзгереді. Тұрмысқа шыққан әйел адам, өрнектелген әшекейленген жиектері жоғары қаратылған ақ орамал тартады. Әйел бала көтеруден қалғасын, дәлірек айтқанда, жасы келгесін жиегі жоқ ақ орамал, жаулық тартады. 
Күйеуі өлген жесір әйел бір жылға дейін жаңбырдан қорғанғандай бешпетін басына жауып жүреді, әрі көйлегінің соңғы ілгегін ағытып қояды. 
Эрик Фрум өзінің «Ұмытылған Тіл» кітабында: «Әйелдердің киім-кешегі, олардың жас шамасын көрсететін қасиеттен айрылғанына жүздеген жыл болды», – дейді. Алайда Шығыс елдерімен қатар Еуропаның біршама елдерінде ежелден қалған «Қызыл бөрікті» ертегісінде сақталғанындай: қыздың қызыл бөркі оның бойжетіп қалғанының символы. 
Қазақтардың сенімінде жаңа туған бала, мінез-құлқы мен қабілеттілігін әке-шешесінен емес, туған бойда жерден көтеріп алып үш рет «өзімдей бол» деп аузына түкірген әйелден мінез-құлқын, ал тұсауын кескен әйелден жүріс-тұрысы мен қабілеттілікті алады дейді. 
Бала қырқынан шыққанда тырнағын алған адамның қолының ептілігі балаға дариды деп есептейді. Маған жолыққан аналардың бірі: «дәнекерші-механиктен шеберлігі балаларыма жұқсын деп, қырқынан шығарда олардың тырнағын ал деп өтіндім», – деген еді. 
Тұсаукесерде де баланың тұсауын пысық адамға ырымдап қайшымен қидырады. 
Келін, күйеу үйіне кіріп келе жатқанда, туған абысындарының бірі түрме белбеуін белінен шешіп алып оның беліне байлайды, қолтығын сүйейді, бұл болашақта оған көмектесемін дегені. 
Осы салттардың әрбірінде өмірдің бір деңгейінен екінші деңгейіне өту деген белгі болса, кейбірінде аңыздардың ізі жатқанын байқауға болады. 
Бекет Ата Иранға барған кіші жүз қазақтарының құрметіне ерекше бөленген жан, ол кезінде Хиуа жерінде оқып, үлкен ғұлама пірден тәрбие алып, асатаяққа иә болады. Бұл – оның керемет әулиелігінің, көріпкелдігінің белгісі. Иран жерінде болған Шалмағанбет те пір ұстазынан аса таяқ алып керемет иесі болған адам. 
Бұдан отыз жыл бұрын қазақтардың салт-дәстүрлері мен сенім-нанымы туралы, «беташар», «жылау» және басқа да дәстүрлерін жазуда маған көптеген адамдар көмектесіп білгенін айтумен болды. Кәзір олардың көбі өмірден өтті. Түгелбай, Мұқан, Үргешбай, Темірбай сияқты бірте-бірте ұмыт болып бара жатқан өз халқының салт-дәстүрлеріне жаны сыздап ауыратын, ақ ниетті адамдарды Алла алдынан жарылқасын деп тілеймін. Сондай-ақ ардақты Тойжан Бабық, Хажы Мұхаммед Шадкам, Ислам Жеменей мен қадірлі қарындасым Жәмилә Түгелбайқызына денсаулық пен табыс тілеймін. 

ТАРИХ ПЕН КӨШ 

Қазақ деген сөзге байланысты мағыналар көп, жауынгер, қашаған, еркін жұмысшы, бағынбаушы, шекарада отырықшы... (Мосаһеб энциклопедиясы 2-том, 2046). Романовтар әулеті қазақтар (казактар?) күшімен орнады делінеді. Олар Польша мен Оттомандарға (Осман) қарсы соғыста орыстарға көп жәрдем берген. Ұлы Петр оларды жинап әскери күш құрған. Осы әскери құрамға қатысқан адамдар қазақтар деп аталған. Насереддин шаһ Каджар сапарларының бірінде Кавказ бен Ереванда болып орыстың казактарының тәртібі мен киімін ұнатқаны сонша, Иранға оралған бойда өзінің арнайы күзетіне казактар тобындай топты жасақтауды бұйырады. Бұл кейін Иранда «Казак бригадасының» құрылуына мұрындық болады. Алайда Қазақстанда орыстар, украиндықтар және өзбектермен бірге тұрған жергілікті қазақ халқы, XIII ғасырда жерлері Монғұл тарапынан жаулап алынып олармен бірігіп кетеді. Олар мал шаруашылығымен айналысып Қазақстанда тұра береді. 
Бай қазақтардың мыңдаған жылқы, қойы болып, ұлан далада емін-еркін көшіп-қонып жүрген. Олардың біршамасының көшіп-қонуы бірте-бірте азайған, бірсыпырасы 19 ғасырда ауылшаруашылығымен айналысқан. 1917 жылғы Ресей жерінде болған төңкерістен кейін жаңа өкіметтің қудалауына ұшыраған дәулетті қазақтар бас сауғалап, қолдарынан келгендері малын алып Қытайға, Ауғанстанға, Түркияға босқан да, қалғандары жаңадан ұйымдасып жатқан колхоздарға кіріп, жұмыс жасаған. 
Кеңес Одағындағы экономикалық реформалар Орта Азияда 1925 жылдан басталып, Қазақстандағы қазақтардың тағы да басқа елдерге көшуі басталды. Бұл жолы олардың біршамасы көрші елдерге: Ауғанстан, Түркіменстан мен Иранға қоныс аударды. 
Орынсыз қудалау мен алым-салықтың көбеюіне шыдамаған Маңғыстауды мекендеген Адай рулары 1925-1932 жылдар аралығында Иранның Күмістөбе мен Саллақ аталатын түркімендер мекендеген жерге өткен. Олар басында жолында тап болған, кез келген ауылдарда шашырап отыра берген. Бірақ алдын болжай білетін, көпті көрген ақсақалдар, әсіресе Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы сияқты терең білімді ғұламалар қалың парсы мен түрікмен жерінде отыра берсе, көп ұзамай-ақ өздерінің ұлттық болмысын жоғалтатынын білді. Үлкен діни қайраткер, Үндістанның Бомбей қаласындағы университетті геология мамандығы бойынша бітірген Оразмағанбет те Кеңес өкіметінің қудалауына ұшырап, Иранға қоныс аударған. Ол сол кездегі Иран патшасына хат жазып, қандастарының бір жерде шоғырлануы керек екенін айтқан. Сөйтіп қазақтардың Горган, Гонбед Кавус және Бендер шаһ (қазіргі Бендер Түркмен) атты үш қалаға жиналуына ықпал жасаған. «Қазақ ауылдарын» немесе «Қазақ Мохәллесін» құрған. 

ГОРГАН 

Горган қаласы – қазіргі Иран қазақтары орналасқан Гүлстан облысының орталығы. Ол солтүстіктен Аққалаға, солтүстік батыстан Бендер Түркменге, шығыстан Гонбед Кавус пен Алиабадқа, оңтүстіктен Семнан облысына, оңтүстік батыстан Мазандаран облысы мен Бехшахр қаласына шектеседі. Бұл қала 36 градус пен 50 минут солтүстік ендік пен 54 градус пен 25 минут шығыс бойлықта Шаһ куһ баурайында орналасқан. Теңізден биіктігі 120 метр, ауа райы қоңыржай климат әрі ылғалды. 
Горган – Иранның солтүстігінде орна­ласқан ескі қалалардың бірі. Пехлеви тілінде «Вуркан», ал Авеста тілінде «Веһракане» және «Һирканиа» деп аталған, кейін «Джорджан» деп аты өзгерген. Мұсылмандар Хорасаннан кейін Горганды жаулап алған. Бұл қала Зиарид әулеті кезінде дами бастаған. Алайда Зиаридтер билігі күйрегеннен кейін осы әулет пен Буйе әулеті арасында болған соғыстар зардабынан бірте-бірте маңыздылығын жоғалтып, тәуелсіз болғанымен Хорасан аймағы болып саналған. 
Моңғол шапқыншылығынан кейін Иранның ел басқару жүйесіндегі өзгерістерге байланысты Горган Мазандаран аймағына еніп, әйгілі Жібек Жолы бо­йында орналасқандықтан ерекше маңызға ие болған. 
Қала Ақсақ Темір шапқыншылығында жермен-жексен болған. Алайда Сефевидтер дәуірінде қайтадан гүлдей бастайды. Хазірет Алидың (р.з.) ұрпақтарының бірі атақты «Гур-е сорх» (Қызыл молада) жерленгендіктен Сефевидтер кезінде бұл қала «Даролмо’менин» (Діндарлар үйі) деген атаққа ие болған. 
Қалада сондай-ақ Сельджуктар дәуірінен қалған «Мәсджед-е джамэ» немесе Жұма мешіті мен «Мәнарэ Горган» (Горган Мұнарасы) әлі күнге дейін бар. Мұнара кірпіштен соғылған, үстінде Куфи жазуымен жазылған эпиграфия бар. 
1996 жылы жүргізілген санақ бойынша, қала тұрғындарының саны 188710 адам. 
Зиярат атты өзен қаланы кесіп өтіп Горган өзініне қосылады да, Каспий теңізіне құяды. Қаланың көрікті жерлері: Наһархоран орман паркі, Әләнг дәрре паркі, Зәнгу сарқырамасы мен бұлағы, сондай-ақ ағаштан жасалған тарихи мұнарасы бар «Мәсджед-е джамэ». Күні бүгінге дейін халық арасында аңыз болып айтылатын Адай аруы Ақбөбектің жерленген жеріне кезінде имамзада Абдолла, имамзада Нұр және Хазірет Аболфазл сияқты әйгілі адамдардың табаны тиді. 
Мұндағы қазақтар саны шамамен 180 отбасы болады. 

ГОНБЕД КАВУС 

Гонбед Кавус қаласы солтүстіктен Түркменстанға, шығыстан Боджнурдқа, оңтүстіктен Шаһрудқа, батыстан Горганға шектеседі. Бұл қала 37 градус пен 15 минут солтүстік ендік пен 55 градус пен 10 минут шығыс бойлықта, жазық қырда орналасқан. Теңізден биіктігі 150 метр, ауа райы жазда ыстық, ал қыста қоңыржайлы климат. Іргесінен Этрек пен Горган өзендері ағып жатыр. Маңызды тарихи орындары Туранг тәппе, Ярим тәппе, Шаһ тәппе мен Тохмақ тәппеде орналасқан. 1931 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде неолит, қола, сондай-ақ Сасанидтер дәуірінен көптеген жәдігерлер табылған. Осыдан қаланың тарихы тым әріден басталатынын көруге болады. 
Бұл қала «Зиарид» әулеті кезінде жақсы дамыған, кірпіштен қаланған Гонбед Кавус -Ғабус немесе Кавус күмбезі де осы қалада. Ол Шамсолмоали Ғабус Вошмгир кесенесі, қабірі. Ғалымдардың зерттеуі бойынша бұл IV ғасырда (һижра қамари жылы бойынша) салынған. Бұл кесенеде екі жол Куфи жазуымен жазылған эпиграфия бар. 
Қаланың тұрғындарын негізінен түр­кімендер құрайды, 1996 жылы жүргізілген санақ бойынша қала тұрғындарының саны – 111253 адам. Қазақ ауылында тұратын отбасылар саны – шамамен 150. 
Қаланың көрікті жерлері: Ширабад сарқырамасы мен Дәләнд орман паркі. 

БЕНДЕР ТҮРКМЕН 

Бұл қала Горган қаласының 36 шақы­рымдай батысында теңіз жағасында ор­наласқан. Солтүстік шығыстан Аққалаға, солтүстіктен Түркмен қырына, оңтүстіктен Кордкуйға, батыстан Каспий теңізімен шектеседі. 
Қала 1927 жылы түркімен руларының (тайпаларының) шабуылына қарсы тұру үшін Реза шаһ Пехлеви кезінде тұрғызылып, Бендер шаһ (Шаһ порты) аталған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде салынған темір жол арқылы бұл қала Иранның басқа жерлерімен байланысады. Түркімен тайпаларының орналасуы, жалпы темір жолға қосылу, жүк тасымалдау айлақтарының іске қосылуы, порттың тыныс-тіршілігі, үкіметтік ғимараттардың тұрғызылуы, сондай-ақ инфрақұрылым қаланың өсу-дамуына себепкер болған маңызды жайлар болып есептеледі. 
1996 жылы жүргізілген санақ бойынша қала тұрғындарының саны – 38782 адам. Қазақтар екі ауылда тұрады. Солтүстік ауылда 100, ал оңтүстікте 80 отбасы тұрады. 

ҚОНЫС АУДАРУ 

...Маңғыстау – ойың шұқыр, қырың биік, 
Қалайша кете алармын көзім қиып. 
Жат жерге сені тастап кетер болсам, 
Көзімнің жүре алмаспын жасын тыйып. 

ТАСТЕМІР 

Жоғарыда айтылғандай туған жерінде жаңадан орнаған үкіметтің қысымына шыдай алмаған Адай қазақтарының 500 отбасы бірте-бірте қозғала отырып алдымен Түркіменстан жеріне тұрақтайды. Бірақ ол жерде де тыныштық болмайды. Қолы ұзын үкімет оларды қудалап, түрмеге қамайды, зорлап кейін көшіреді. Жеті жылдан соң Иранның солтүстік шекарасынан өтіп, Горган қаласының Зиарат өзені жағасына келіп орналасады. Жол үсті малдарынан, көптеген адамдарынан айрылған халықты бұл елде қиын жағдай күтіп тұр еді. Бұрын бар күнелтісі мал болған, егіншілікпен айналыспаған қазақтар амалсыздан тап болған қара жұмысқа кіріседі. Олар сол кездегі Горган қаласынан жан-жаққа тартылып жатқан жол жұмыстарына күнделікті ақы алушы жұмысшы ретінде жалданады. Ауыр жұмыс, дұрыс тамақтанбау, жаңа ортаның ауа райына бейімделе алмау салдарынан адамдар көп шығынға ұшырады, дәлірек айтқанда сол кезеңдері әрбір он адамнан алтауы өлген. 
Үлкендердің айтуына қарағанда адамдар кәрі-жас демей, алдымен қызуы көтеріліп, қарындары қабынып бірнеше күннен кейін өле берген. Дәрігерлер біршама уақыт өткеннен кейін барып ауа райының жақпауы осындай жаппай өлімге себепкер болып жатыр деген тұжырымға келеді. Адамдар басқа жаққа көше бастайды. Өлім-жітімі көп болған топ Бендер Түркменге, енді бір тобы Гонбед Кавусқа көшіп, оған күйі келмегендер Горганда отыра береді.
Түрлі аурулардан аман шыққан қазақтар тағы бір қасіретке тап болады. Маңғыстаудың кең даласына үйренген әйелдердің жат жерге үйрене алмағаны сондай, олар жаңа ортада бала көтеруден де қалады. «Қасіреттің үлкені осы болды. Өміріміз тоқтап қалғандай сезіндік. Өмірге келген жас нәрестенің дау­сы тірі екеніңді, ертеңге деген үмітіңді білдіреді екен» деп еске алатын адамдар. Босып барған қазақтар ортасында бес жылға дейін ешкім бала көтермейді. Одан кейін 3-4 жыл өтіп перзентті болғандардың да қуаны- 
шы ұзаққа бармады. Өмірге келген нәрестелер бірінен соң бірі шетіней береді. Иранда он жыл тұрып жаңа ортаға әбден бейімделгесін барып өмір өз қалпына түседі. Тағдыр қасіретті көп көрген, туған жерінен жыраққа кеткен адамдардың көз жасын көргендей болды. Бірте-бірте қазақтар саны өсе бастайды.

Мансур КИАЙ

толығырақ

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті