Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Иран қазақтары

Басты бет | Иран қазақтары | Жафар Шаткам: Бізді ирандықтар адал, шыншыл, қонақжай ел деп біледі

    Бүгінгі кейіпкеріміз Жафар Шаткам Иранның Горган қаласында тұрады. Орта мектепті Горган қаласында бітіріп, одан кейін Спорт институтына оқуға түседі. Институтты тәмамдаған соң, Спорт мекемелерінде бірнеше жыл қызмет атқарады. Кейін журналистика саласына қызығушылығына байланысты Иранның мемлекеттік телерадиокорпорациясына қарасты Қазақ радиосы ашылғалы жатыр дегенді естіп, қызметін осы жаққа ауыстырады. 20 жылдан астам осы радиода аудармашы әрі диктор болып жұмыс істейді. Жафар Шаткаммен бұлған сұхбатты оқи отырыңыздар.

    - Жафар мырза елге қош келдіңіз. Біз білетін Иранның бірнеше қалаларында қазақтар тұрады. Жалпы жиынтығы қаншадай қазақ бар?

     Рахмет. Ирандағы қазақтардың мәліметі туралы нақты дөп басып айта алмаймыз. Біздің қолдағы есепке сүйенсек, 5000-ға жуық қазақ бар деп отырмыз. Негізі Гүлістан облысына қарасты Горган, Бендер-Түркімен және Кумбет деген қалаларда қазақтар көбірек шоғырланған.

       - Сіз айтып отырған өңірлерге қазақтар қай жылдары қоныстана бастады?

     Енді біздің әкелерімізден естуімізше 1929-30 жылдары елдегі ашаршылық кезінде Маңғыстау өлкесінен Түркіменстан арқылы Иранға қоныс аударған.

     -  Иран үкіметі жергілікті қазақтарға қаншалықты көмектесуде?

   Иранда ұлтқа бөлу деген ұғым жоқ. Құдайға шүкір, бізді жақсы сыйлайды. Қазақтарды онда жергілікті халық мүмін, адал, шыншыл, қонақжай ел деп біледі.

    - Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қаншалықты ұстанасыздар? Тіл мәселесі туралы айтсаңыз?

    Әрине, өз салтымызды, ғұрыптарымызды ол жерде де дамытып отырмыз. Мәселен тойларда салтты мықты ұстаймыз. Тойбастар, беташар болсын бәрін де қалдырған емеспіз. Мейлінше орындап келе жатырмыз. Ислам мемлекетінде өмір сүріп жатқандықтан дінде ешқандай мәселе жоқ. Соңғы жылдары жастардың да жамағат боп дінге көптеп келуі бізді қуантты. Сол үшін Горгандағы мешітімізді 4 қабат етіп көтердік. Бұрын бұл мешіт 3 қабат болатын. Жамағаттың көбейгені мешіттің де үлкеюіне септігін тигізуде. Горган қаласының кез-келген жерінен қарасаңыз қазақтың көк күмбезді мешітін көресіз. Тіл мәселесіне келгенде, жастардың қызығушылығы бар болғанымен, мүмкіндік аз болып тұр. Иранның Ата заңында әр ұлт өз тілінде білім алуға құқылы деген бап бар. Бірақ бұл бап қазір тек қағаз жүзінде қалып отыр. Енді біздер қазіргі аға буын ана тіліміздің сақталуына үлкен мән беріп отырмыз. Отбасында қазақша сөйлеуге тырысамыз. Бірақ қазақ тілін жетік білетіндер көп деп айта алмаймын. Көптеген көне сөздерді ұмыта бастадық. Парсы тілінің сөздері біздің тілімізге еніп кетті. Ал тілді дәл қазір сақтаудың құралы ол қазақстандық телеарналарда біздің елде көрсетілуі керек. Ұлттық арна мен Балапан сияқты арналарды бізде көрсек дейміз. Арнайы кабельдік желі арқылы Балапан арнасын көреміз. Үйде балаларым мультфильм көріп отырып, түсінбегенін сұрап отырады. Бұл да үлкен көмек деуге болады. үйде бәріміз қазақша сөйлесеміз. Сол аудандағы қазақтарда ана тілінде сөйлеседі.

     - Ал қазақ мектебі бар ма?

    Қазақ мектебі жоқ. Бүкіл Иранда сабақтар тек парсы тілінде ғана беріледі. Бізден де саны көп басқа ұлттар бар. Оларда парсы тілінде білім алуда.

    - Қазақстаннан оқулықтар, қазақ киноларын, әдеби кітаптарды алып тұрасыздар ма?

     Бірнеше жыл бұрын консулдық тарапынан оқулық кітаптар берілгені есімде. Бірақ сол консулдықта отырғандар жауапкершілікті жақсы сезіне алмады. Қаншама кітап мешіттің қоймасында қалып кетті. Таратылғаны шамалы ғана болды. Жай ғана кітап таратумен шектелмеу керек. Оны оқытатын, әрі қарай жалғастыратын ұстаз болу керек.

    - Ираннан атамекенге ат басын бұрып жатқан қазақтар қаншалықты көп?

     Алғашында осы көш мәселесі көтерілгенде осында 200-дей отбасы көшіп келді. Ауғанстанда тұрған қазақтарда Иранға көшіп келіп, сол 90 жылдары атамекенге қарай аяңдай берді. Бірақ қазір көшіп келіп жатқандар аз.

     - Наурыз мейрамын қалай тойлайсыздар? Біз енді парсылар жақсы тойлайды деп жатамыз?

    Наурыз мейрамын Қазақстандағыдай тойламаймыз. Енді бұл күні бұрын қыз атастырып қойған әулет болса, Наурыз мейрамы күні бір бірінің үйіне барып, құда түсіп, дастархан жайып жатады.

     - Атамекенге келу жағы қалай болып жатыр?

     Әрине бұл жағы көп айтылады. Қазақстанға келсек дейтін жастардың қарасы көп. Қазақстанда білім алғысы келеді. Менің де ойымда бар. Бірақ қазір жұмыстың ыңғайымен шыға алмай отырмыз. Бірер жылдан соң зейнетке де шығып қалам. Соны күтіп отырмын. 

       Әңгімеңізге рахмет.

      Baq.kz

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті