Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Иран қазақтары

Басты бет | Иран қазақтары | Иранда жергілікті сайлауға қазақтар да түсіп жатыр

Абдурахмон Қазақ - Иранда тұратын этникалық қазақ. (Сурет жеке мұрағаттан алынды.)

   Абдурахмон Қазақ - Иранда тұратын этникалық қазақ (Сурет жеке мұрағаттан алынды).
      

       Иранның Бендер-Түркімен қаласында бүгін өтіп жатқан жергілікті билік сайлауына екі этникалық қазақ түсіп жатыр. Ирандағы қазақтардың айтуынша, азшылық ұлт өкілдері ретінде қазақтардың тек жергілікті сайлауларға ғана қатысуға мүмкіндігі бар.

     Бүгін Иранның кейбір аймағында жергілікті билік органы – қалалық, ауылдық ислам кеңестері мүшелерінің сайлауы өтіп жатыр. Гүлстан провинциясындағы Бендер-Түркімен қаласында ислам кеңесі сайлауына түсіп жатқан ондаған үміткердің арасында екі этникалық қазақ бар.

   45 жастағы Абдурахмон Қазақ мамандығы бойынша ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ол бұған дейін де – осыдан 10 жыл бұрын жергілікті сайлауға түскен. Бірақ ол жолы елу үміткердің ішінен сегізінші орын иеленіп, ислам кеңесі мүшелігіне өтпей қалған.

    Абдурахмон Қазақ биылғы сайлауда 80 мыңға жуық тұрғыны бар Бендер-Түркімен қаласының ислам кеңесіндегі жеті орынға 48 үміткер таласып жатқанын, өзі өткен сайлаудағы кемшіліктерді ескеріп, бұл жолы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына тыңғылықты дайындалғанын айтады.

Бәхман Чулак - Иранда тұратын этникалық қазақ. (Сурет жеке мұрағаттан алынды).
Бәхман Чулак - Иранда тұратын этникалық қазақ. (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

    - Алғашқы сайлауда үгіт-насихат жұмыстарым жеткіліксіз болып қалды. Сондықтан биыл қаңтар айынан бастап кірістім. 27 жылдан бері ағылшын тілінен сабақ беремін. Менен білім алған, қазір жақсы қызметте істеп жүрген шәкірттерім көп. Солар арқылы жұмыс жасап жатырмын, - деді Абдурахмон Қазақ Азаттыққа.

   Үміткер өзінің сайлауалды үгіт-насихат шараларына 30 адам атсалысып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Бендер-Түркімен қаласында бірнеше жүз қазақ отбасы тұрады.

      - Бендер-Түркіменде шамамен 500-ге жуық қазақ отбасы бар. Бірақ, бұл жақта жергілікті қазақтардың сайлауға араласу белсенділігі төмен. Алғашқы сайлауда жеңіске жете алмауымның бір себебі де сонда деп ойлаймын. Ал енді бұл жолы сайлаушылармен барынша тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Ислам кеңесі мүшелігіне өту үшін кемінде бес мың дауыс жинауым керек, - дейді Абдурахмон Қазақ.

      Онымен бірге ислам кеңесі сайлауына түсіп жатқан тағы бір этникалық қазақ Бәхман Чулакпен сөйлесудің сәті түспеді.

     Бендер-Түркімен қаласы қазақтарының сайлау науқаны туралы әлеуметтік желідегі видео:

     Иранда қалалық және ауылдық жердегі ислам кеңесі елді мекеннің әлеуметтік проблемалары, көріктендіру, тұрғындардың құқықтық мәселелері тәрізді мәселелермен айналысады.

     Иранда тұратын қазақтардың бірі Қажы Мұхаммед Шадком жергілікті қазақтардың «аудандық, қалалық деңгейдегі ислам кеңесіне өтуге ғана мүмкіндігі барын» айтады.

     - Қазір Иранда тұратын қазақ жастарының арасынан суырылып шығып, аудандық, қалалық ислам кеңесі сайлауына түсіп жатқандар бар. Бәрі бірдей болмаса да, араларынан кейбіреуінің ислам кеңесі мүшесі болуға шамасы жетеді. Бірақ олардың жоғары – ұлттық деңгейдегі билік органдарына сайлануына мүмкіндігі жоқ. Себебі, олар ел ішінде танымал емес. Тіпті ол жерде қазақ деген халықтың тұратынын білетіндер де аз, - дейді Қажы Мұхаммед Шадком.

      Кейбір бейресми мәліметтер бойынша, Иранда бес мыңға жуық қазақ бар. Олар Гүлстан провинциясындағы Горган, Бендер-Түркімен, Гомбад қалаларында және ел астанасы Тегеранда тұрады. Ирандағы қазақ диаспорасы негізінен 1920-1930 жылдары қазіргі Қазақстанның Маңғыстау облысы аумағынан қоныс аударған.

      https://www.azattyq.org/a/kazakhs_in_iran_elections_abdrokhman_kazakh/28493217.html

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті