Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Тәжікстан қазақтары

Басты бет | Тәжікстан қазақтары | ПАМИРДЕ ДЕ ҚАЗАҚ БАР...

Қауымдастығының негізгі міндеттерінің бірі  шетелдегі қазақ диаспорасының қазіргі жағдайымен танысып, бұл жөніндегі ұсыныс-тілектерді тиісті жерлерге жеткізіп, қажетті шешім қабылдауға атсалысу. Осыған орай, жақында Қауымдастық қызметкерлері Тәжікстандағы ағайындармен кездесу үшін Душанбе қаласына арнайы барып қайтып еді. Қауымдастықтың ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Уатқанның осы жөніндегі әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

- Ботагөз ханым, әңгімеңізді ең алдымен Тәжікстанға барған сапарыңыздың мән-жайын таныстырудан бастасаңыз...

- Соңғы кезде елімізде шетелдегі қазақ диаспорасының жай-күйін зерттеуге айрықша назар аударыла бастады. Бұл жұмыспен бірінші кезекте біздің Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы айналысады. Мұны ойдағыдай жүргізу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы тапсырыс беріп, қаржы да бөліп отыр. Қауымдастықтың қызметкері Күлгазира Балтабаева  екеуміздің  Тәжікстанға сапарға шығуымыздың себебі, міне, осыған байланысты еді. Сөз реті келгенде, сапарымыз сәтті болды деуге толық негіз бар екенін де айта кеткеніміз жөн.

 Қыркүйектің соңғы күндеріне қарамастан  шуақты Алматыдан түс ауа ұшқан ұшақ екі сағатты артқа тастап асқақ, қарлы Памир тауларының қойнауында орналасқан Душанбе  әуежайына аман-есен  қонған кезде бізді Тәжікстандағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қызметкері Қанат Жұмаханов, "Байтерек" қазақ мәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Зәуре Саминова және Мариям Елбаева қарсы алып, "Авесто" қонақ үйіне орналастырды. Әуежай маңы мен қаланың орталық көшелеріне әскери күзеттің қойылғаны бірден көзге түсті; біз келерден бір күн бұрын Душанбеде жарылыс болған екен. Біз түскен қонақүй маңын да әскерлердің күзетіп тұрғанын байқадық.

Тәжікстандағы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Әбутәліп Ахметов бізді жылы шыраймен қабылдады. Елші мырзаның айтуынша, Тәжікстанда біраз жыл азамат соғысы болған. Соның салдарынан бұл елдегі қазақтардың көбі елге кеткен. Қазір мұнда жүзге жуық ұлт өкілдері тұрады, солардың бірі – қазақтар. Діні бір мұсылман әрі бауыр болғандықтан біраз қыздарымыз осындағы тәжік пен өзбекке тұрмысқа шыққан. Сүйегіміз осы жерде қалсын дейтіндер де бар. Мұндағы қазақтардың көбі биік таулы жерлерде мал өсірумен айналысады. Тәжікстанда су байлығынан басқа алтын, күміс бар. Соңғы жылдары Тәжікстан экономикасында аздап болса да көтерілу байқалады. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ілтипаты ерекше, соған орай ол кісі желтоқсан айында Астана қаласында өтетін ЕҚЫҰ-ның саммитіне баруды жоспарлап отыр.

- Бүгінгі таңда шетелдегі қазақтардың басым көпшілігі бастарын қосып ұлттық мәдени орталықтар құрған. Тәжікстанда бұл мәселенің жағдайы қалай екен?.

- Әрине, Тәжікстандағы ағайындар да өздерінің мәдени орталықтарын құрған. Бұл орталықтың дүниеге келуіне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың тікелей ықпалы болған. Бұдан үш жыл бұрын Елбасы Тәжікстанға ресми сапармен келген кезінде осындағы қазақ мәдени қоғамдық бірлестіктің ашылуын құптап, оған "Байтерек" деген ат беруді ұсынған. Міне, содан бері "Байтерек" қоғамдық бірлестігі абыроймен еңбек етуде. Бұл бірлестікті, жоғарыда айтқанымыздай, Зәуре Саминова басқарады. Ол Тәжікстан Президентінің жанындағы Қоғамдық кеңестің белсенді әрі беделді мүшесі ретінде осындағы қазақ диаспорасының мүддесін қорғауда үлкен еңбек сіңіруде. Елшілік осы қоғаммен тығыз байланыста. Бұл қоғамның құрылғанына не бәрі үш жыл болса да, көптеген жұмыстар атқарған.  Мысалы, «Бәйтерек» өткен жылы Орта Азия елдері және Иран, Ауғанстан қазақтарының кіші құрылтайын ұйымдастырған. Құрылтайға Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев қатысқан. Қоғамға  елшілік қолдан келгенше көмек көрсетіп келеді. Тіпті, қоғамның жаңа ғимаратын да елшілік тауып берген.

Сондай-ақ, жергілікті  телеарналар "Бәйтерек» мәдени орталығының атқарып жатқан істері туралы арнайы хабарлар түсіріп, бірнеше рет көрсеткен.

- Бұл, әрине, өте қуанышты жағдай екен. Енді осы орталық туралы қысқаша айта кетсеңіз..

- «Бәйтерек» мәдени орталығы бізге өте ұнады. Айналасы биік қоршаумен қоршалған. Екі қабат ақ үйдің ауласы тап-таза, ағаш егілген, ал іші одан да көрікті; бірнеше бөлмеден тұратын ғимарат ұлттық нақыштағы қазақи ою-өрнектермен көмкерілген, қазақ тіліндегі кітаптар қойылып, Қазақстанның көрікті жерлерін көрсететін суреттермен безендірілген. Тәжік тіліндегі Абайдың қара сөздері мен Қазақстан Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы  да бар.

Осы жерде қандастарымыз Риза Жолдашева, Зүлфия Капутова, Қайыржан Құрбанова, Рәзия Бибосынова, Мариям Елбаева, Роман Теңізбаев, Роза Айтжанова, Нарима Оспанова, Разия Смайылова, Бағила Мухидинова, Радка Мухидинова, Зәуре Саминова және басқа да  қандастарымыз күтіп отыр екен. Бәрінің де көздерінен қуаныш байқалады. Елден арнайы  іздеп келді деп ризашылықтарын жаудыртып жатыр.

Жалпы, "Бәйтерек" ғимаратындай әдемі баспана тек татар-башқұрт қоғамында ғана бар екен. Ьасқа дамыған елдердің диаспораларының ешқайыссы да мұндай жеке үйге қол жеткізе алмаған. Әйтсе де, «Бәйтерек» қоғамы бұл үйге ай сайын 1000 АҚШ долларын төлейдіі екен. Бұл әрине, біраз  қиынға түсіп отыр. Сондықтан да қоғам жанынан балабақша ашуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

- «Бәйтерек» қоғамындағы кездесуде қандай мәселелер сөз болды?..

- Кездесуге қатысқандарға Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарды, Елбасының "Жаңа онжылдық–жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері" атты Қазақстан халқына  Жолдауын, ЕҚЫҰ-ның саммиті жөнінде, 2011 жылы өтетін Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайы және 2009-2011 жылдарға арналған этникалық қазақтардың көші-қоны мен "Нұрлы көш" бағдарламасына қатысудың шарттары жөнінде ақпаратты толығынан түсіндіріп айттық. Бұдан тысқары сұрақтар да өте көп болды. Оның себебі де түсінікті. Олар Қазақстан тарапынан тек "Caspionet"  телеарнасын көреді,  басқа ешқандай мәлімет алуға мүмкіндіктері жоқ. Ал, Қазақстан Республикасының 150 азаматы Тәжікстанда оқып жүр. Бұлар да Қазақстан туралы ақпараттарды Елшілік арқылы ғана алып тұрады.

Біз кездесуге келгендерге Қауымдастық жанындағы "Атажұрт" баспа орталығынан шыққан кітаптарды, "Алтын бесік" журналын, "Туған тіл" альманағын және Моңғолия мен Қытайдағы қазақтардың  әндері мен күйлері топтастырылған СД дискісін, М. Әуезовтың "Абай жолы" романын, Қазақстанның картасын, туын және студенттерге арналған фольклор, өнер тақырыбындағы кітаптар мен Қ. Сәтбаев туралы естелікті кітабын тарту еттік.

- Тікелей шекараласып жатпағандықтан Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы барыс-келісте біраз қиындықтар бар екені белгілі. Ол жақтағы ағайындарымыздың хал-жағдайын жете біле бермейміз. Осыған орай, Тәжікстандағы қазақ диаспорасының қазіргі тұрмыс- тіршілігі, ерекшіліктері туралы не айтуға болады?

- Тәжікстандағы қазақ диаспорасының басқа елдердегіден ерекшелігі –  олардың 70 пайызын, негізінен, әйелдер құрайды. Мұның ең басты себебі – ұзаққа созылған азамат соғысында жатқан сияқты: жесір, жалғызбасты әйелдер көп. Осыған орай, Тәжікстанда қалған ат төбеліндей аз қазақтың біраз қиындықтарға душар болып отырғанын да ашып айта кеткен жөн. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте істейтіндер де өте аз; көбісі қарапайым шаруада. Тәжікстан қазақтары арасынан шыққан Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдиев ақсақал көп жылдары колхоз басшысы болып тұрған екен, бірақ  қазір ол кісі де атажұртқа қоныс аударған. Жалпы, сөз реті келгенде бұл жақта Тұрар Рысқұлов, Қаныш Сәтбаев сынды белгілі қайраткерлеріміздің қызметте болғандарын да айта кеткен жөн. Ал, қазір лауазымды қызметте жүрген қазақтар байқалмайды. Бұрын мемлекеттік қызметте болғандар қазір қысқартуға ұшыраған. Мысалы, ауыр атлетикадан халықаралық спорт шебері, Азия ойындарының қола жүлдегері Марат Ыдырысов деген бауырымыз  жаттықтырушылықпен айналысып, қырыққа жуық  түрлі медальдерге ие болған шәкірттер тәрбиелеген; өз қаржысымен спорт кешенін күрделі жөндеуден де өткізген, бірақ соған қарамастан жуықта жұмыстан қысқартылған. Ұлттық банкте қызмет істеген Гүлжан есімді қандасымыздың  да жағдайы осыған ұқсас. Сондай-ақ, бұл жақта шектеулер көп. Мысалы тойдың өзіне шектеу қойылған. Яғни, үйлену тойына 150, сүндет тойына 60 адам ғана шақыруға болады. Бұл жөнінде Тәжікстан үкіметінің арнайы қаулысы бар. Мұның бәрі тұрмыстың қиындығынан туындап отырғаны даусыз. Мысалы, «Бәйтеректегі» кездесуге, негізінен, қалада тұратын белсенді мүшелер ғана қатысты; ал алыс ауылдармен байланысуға мүмкіндік болмады. Оның үстіне, мақта жинау маусымы да қызып тұр екен. Бір қуанарлағы, «Бәйтеректің» тізгінін үстап отырған Зәуренің жағдайы біршама жақсы. Оның екі жоғары білімі бар,  балалар психологы әрі заңгер. Осындай қайсар қыздарымыз көп болсын дей отырып, бізге көмектескен Қазақстан елшілігінің қызметкерлері мен қоғамдық бірлестіктің белсенді мүшелеріне ризашылығымызды білдірдік..

-Тәжікстандағы ағайындардың атажұртқа қоныс аударуға деген ықласы қандай екен?..  Қазақстанға келіп жатқандары бар ма?..

- Әрине, олар да атамекенге қайтуға өте ынталы. Мысалы, осы биылдың өзінде Тәжікстандағы ағайындардың біразы Қазақстан Елшілігінің көмегімен Жамбыл облысының  Байзақ ауданы мен Ақмола облысының Көкшетау қаласына барып, жақсы орналасыпты. Әсіресе, Көкшетау маңындағы "Қызыл жар"  қалашығына қоныстанғанын ағайындар дән риза. Олар келе сала 2 айдың ішінде азаматтық та, үй де алған. Демек, көші-қон жұмысы елшілік арқылы жүзеге асса әрқашан да сәтті болады деп ойлаймыз. Осы орайда, Қытайда тұратын ағайындардың Үрімжідегі консулдықтан Қазақстанға виза алуының өзі мұң болып жүргенін айта кеткіміз келеді.   Бір ауылдан бір ауылға көшу оңай шаруа емес, ал бір мемлекеттен екінші мемлекетке көшу үшін қаншама күш-жігер керек? Ал көшемін деген ағайынға қол ұшын берудің орнына кедергі келтіретіндер де кездеседі. Осыларды ойлап отырып Тәжікстандағы Қазақстан Елшілігінің игі істері өзгелерге үлгі болса дейміз!

Жалпы, бүгінге дейін Тәжікстаннан атажұртқа 2752 отбасы, яғни 11657 қазақ қоныс аударған. Әлі де келуге дайын отырғандар баршылық. Бірақ түрлі қиындықтар кездесуде. Мысалы, біразының өз күштерімен қоныс аударуға қаржылық жағынан шамасы жетпейді,, кейбіреулерінің ұлты басқа болып жазылып кеткен. Тәжікстанда аралас отбасы өте көп. Олардан туған балалардың арасында Қазақстанға қайтқысы келетіндер де, Тәжікстанда қалуды қалайтындар да бар. Осыған орай, тәжікстандық ағайындарды «Аралас неке мүшелерінің мемлекеттік квотаға кіруге, Қазақстан азаматтығын алуға мүмкіндіктері бар ма?» деген сияқты сұрақтар ерекше ойландырады. Кезінде басқа ұлт өкілі болып жазылып кеткен қазақтар мұрағаттан іздетіп өз ұлтын қайта жаңғыртып алып та жатыр. Азамат соғысы уақытында кейбір облыстардағы мұрағаттар өртеніп кеткендіктен бұл мәселенің күрделі болып жатқан жайы да бар. Ал, Қазақстан мұрағатынан мәлімет алу үшін көп ақша төлеу керек. Осының дәлелі ретінде  кездесуге келген Теңізбаев Романның жағдайын атап айтуға болады.  Ол  өзі қазақ бола тұрып құжатында орыс болып жазылып кетіп, кейін әрең түзеп алыпты. Бірақ оның 28 жастағы Америкада оқитын тұңғышы әлі күнге басқа ұлт өкілі болып жүр. Роман әйтеуір сәті түсіп кенже баласын  қазақ деп жаздырғанына шүкіршілік етеді. Енді тұңғышының құжаттарын қайта қалпына келтіруге қаншама қаражаты мен уақытының кететінін ойлап, сары ұйымға салынуда...

Осыған орай, шетелдегі этникалық қазақтар үшін әлі де болса "Нұрлы көш" бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ары қарай жалғасын тапса деген ұсынысымызды айта кетуді жөн санаймыз.

-Тәжікстандағы ағайындарда тіл мәселесі қалай екен?.. Бәрі де өз ана тілін біле ме?!.

- 2000 жылғы есеп бойынша Тәжікстандағы қазақтардың 68,8% қазақ тілін ана тілім деп есептеген; бірақ кейінгі жастар көбіне өзбекше, тәжікше не орысша сөйлейді. Тәжікстандағы жалғыз қазақ мектебі 80 жылдардың ртасында жабылып қалған. Оның себебі қазақтардың аздығынан және  "Тіл туралы заңның" қабылдануынан болса керек.  Бірақ Тәжікстандағы жас жеткіншектердің көбісі Қазақстанның жоғары оқу орындары мен колледждерінде, мамандық беретін училищелерінде оқып, білім алуды армандайды. Соған орай, "Бәйтерек" орталығы жанынан қазақ тілін үйрету курсы ашылып, 27 бала білім алуда. Олардың тіл үйренуге деген талпыныстары зор. Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының дайындық курсына да әзірлік жүргізіледі. Бұл курсқа қазақтардан басқа тәжік ұлтының өкілдері де келіп дәріс алады. Олар да болашақта Қазақстанға барып оқығысы, жұмыс істегісі келеді. Қорғантөбедегі 38 қазақ отбасы балаларын Ресейдің әскери бөліміндегі орыс мектебінде оқытып жатыр. Олар оқуын бітіргесін Қазақстанға оралмаса орыс немесе тәжік ұлтына сіңіп кету қаупі жоқ емес. Ал Тәжікстандағы қазақтар балаларын Түркияға жіберіп оқытқысы келмейді, себебі - ол жақтағы көптеген діни ағымдардан қорқады.

- Жалпы, бүгінгі таңда Тәжікстанда қанша қазақ бар екен?..

- Бұрын Тәжікстандағы қазақтар біршама көп болған, бірақ олардың басым көпшілігі Қазақстан тәуелсіздігін алған соң  атажұртқа оралған. Олардың азаюына азамат соғысы да өз әсерін тигізді.

Қазір Тәжікстанда бір мыңдай қазақ қалған. Олар Душанбеде –185,  Соғды облысында 350 қазақ (37,39%), Хатлон облысында 311 (33,55%), республикалық дәрежедегі 9 ауданда – 87 (9,30%), ал Таулы Бадақшан облысында 3 қазақ өмір кешуде.

Тәжікстанда туып өскен Батыр есімді жас жігіт өзінің ешқашан Атамекенде болмағанын айта келе, сөзін былай деп сабақтады: "Мен өзімді екіге бөлінген сияқты сезінемін. Тәжікстанда туып өссем де, әрдайым жүрегім – атажұртым деп соғады. Есімнен үнемі Қазақстан кетпейді. Анам аурушаң, өзім оқи жүріп, жұмыс істеймін. Оқуды аяқтауға бір жыл қалды. Аллаh бұйыртса елге де жетермін.» Тәжікстандағы ағайындардың басым көпшілігінің ойы осындай болса керек.

- Бұл сапарда ерекше есте қалатындай уақиғалар болды ма?..

- Әрине, Тәжікстанда аз күн болсақ та көп әсер алып қайттық. Мұның ішінде, Тәжікстанның тәуелсіздігі үшін қаза тапқан қазақстандық сарбаздарға арналған ескерткіште болуымыз ешқашан ұмтылмайды. Осыдан біраз жыл бұрын тәжік жеріне бітімгершілік сапармен барған бір топ қазақстандық сарбаздардың қаза тапқаны башаға мәлім. Душанбенің шетіндегі саябақта осы сарбаздарға ескерткіш орнатылып "Тәжік-ауған шекарасын күзету кезінде қаза тапқан қазақстандық сарбаздардың жарқын бейнелері мәңгі жадымызда" – деген жазу жазылып, 34 кісінің есімдері атап көрсетілген. Олар: аға лейтенанттар Р.З. Жақыпов, А.А.Комаров, А.М.Сәпиев, кіші лейтенант К.С.Бақбаев, старшина Р.Б. Қаймулдиев, аға сержант Н.К.Қосжанов, сержант Р.А.Батырханов, кіші сержанттар М.М.Мұсаев, А.Т.Өгізбаев, К.И.Шеховцев, Е.С.Әбдиев, қатардағы солдаттар  Е.К.Байбағысов, Е. Т. Байбабылов, Е.Т.Бекебаев, Б.Т.Далабаев, Х.К.Дюсупов, К.А.Едырышов, К.А.Есетов, А.К.Жұмабеков, И.П.Жұматов, С.Х.Жалмурзин, Ж.А.Жансүгіров, Е.О.Исабаев, М.К.Қосбергенов, В.С. Метельский, Е.Н.Мақажанов, М.В.Мартыненко, Д.Т.Нұрметов, Ж.Е.Орынбаев, А.А.Пятков, Т.М.Райымжанов, В.Д.Сафроний, К.А.Өмірзаков, Н.Е. Ходжаев. Өкінішке орай, олардың туған және қайтыс болған жылдары анық көрсетілмеген. Бұл болашақта ескерілуге тиісті деп есептейміз. Әскери борышын өтеу кезінде басқа елде жүріп, қыршын кеткен жауынгер сарбаздарымыздың есімдері Атамекенде де жаңғыртылса жастарымызға патриоттық үлгі болары сөзсіз. Душанбе қаласы әкімшілігінің қарамағындағы бұл  ескерткішке қаржы жетіспейді деген сылтаудың орынсыз екені анық. Тіпті, тәжік ағайындар қарамады екен деп біздің тастап қоюымыз елдігімізге сын емес пе?!. Тозған, ескірген ескерткішке қарап тұрып мұны күтіп-баптауға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі де көңіл болсе деген ой  келді.

- Тәжікстандағы жергілікті халықтың Қазақстан туралы көзқарастары қандай; ол жаққа біздің елдегі жақсы жаңалықтар дер кезінде жетіп тұра ма екен?.

- Арнайы барған соң бұл мәселе де назарымызда болды. Соған орай, "Тәжікстан – Қазақстан" қоғамына арнайы  ат басын бұрдық. Қоғам мүшелері Абсаттор Нуралиев, Қайыржан Құрбанова, Абдурасул Шарипов, Мурадилло Жанабилов, Саидахтам Давлятов сынды азаматтардың барлығы да кезінде Қазақстанда білім алған, ғылыми атақ-дәрежесі бар зиялы қауым өкілдері. Бұл қоғам тарих ғылымдарының докторы Қалыбек Қобландиннің көмегімен 2001 жылы құрылған екен. Оны 2007 жылдан бері Абсаттор Нуралиев басқарады. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Әбекең өзімен бірге  немесе қатар оқыған Орынкүл Тәжиева, Ақселеу Сейдімбеков, Сұлтанәлі Балғабаев, Дандай Ысқақов, Серікбай Оспанов, Орысбай Әбділдаев, Жұмат Тілепов сынды қаламгерлерді әлі күнге ілтипатпен айтып отырады. Оны 1968 жылы Қазақ ССР Орталық Партия комитетінің нұсқауымен Тәжікстанға жіберген. Қазақ тілінде керемет шешен сөйлейді. Өйткені, ол Оңтүстік Қазақстан облысында қазақ мектебін бітірген. Қазір аудармамен шұғылданып, кітап жазады. Қазақ пен тәжік халқының достық ынтымақтастығын нығайтуда көптеген істер атқарып жүр. Қазақстанмен жиі байланыста. Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайына делегат болып қатысқанын мақтанышпен еске алады. Бір ұлы мен келіні, немерелері Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады, Қазақстан азаматтары. Абсаттор Нуралиев жайында белгілі ғалым әрі ұстаз Рахманқұл Бердібаев "қазақтың тәжігі, тәжіктің қазағы" деп дөп басып айтса керек. Душанбеде Абай атында көше бар. Ұлты тәжік болса да Қазақстанда оқып, тәрбие алған Әбекеңнің ендігі мақсаты Қаныш Сәтбаев атындағы көше ашу екен. Қазір ол "Тарихи и Рашиди" кітабын аудару үстінде. Абсаттор ағамыз бізге өзінің "Тажикско-казахские культурно-литературные связи XIX и XX в.в.", "Мерейі биік Ғисар бұл" атты кітаптарын сыйлады. Әбекеңмен Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап, "Тәжікстандағы қазақтар" атты ұжымдық жинақ дайындайтын болып келістік.

Душанбеге барған екеуміз де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектеріміз. Биылғы 22 қыркүйекте Әбекең аталмыш университеттің филиалын Душанбеде құрыпты. Сөйтіп, ол болашақта бір кезде өзі оқыған оқу орынымен де тығыз қарым-қатынас жасап тұрмақшы. Сондай-ақ, екі ел Президенттерінің келісімі бойынша Қазақстандағы этникалық тәжіктер осындағы ең беделді университетте  де білім алуда.

-Бұл сапардан қандай ой түйіп, қандай әсермен қайттыңыздар?

- Душанбе сөзі қазақтың дүйсенбісі. Біз бұл қалаға Алматыдан дүйсенбі күні келіп, келесі дүйсенбіде қайттық. Саяси ахуалға байланысты Душанбеден тысқары шығуға мүмкіндік болмады, дегенмен қаладағы қазақтардың көмегімен біраз ағайындармен кездесіп олардың әлеуметтік- мәдени жағдайы, тұрмыс-тіршілігі жөнінде сауалнама жүргізіп, сухбат жазып алдық. Әрқайыссы 5 бет, 28 бөлім, 140 сұрақтан тұратын сауалнамаға барлығы 128 адам қамтылды. Оның ішінде  Душанбеден – 50, Хатлон және Соғды облыстарынан – 59, Хорог қаласынан – 3, Рудакиден – 5, Ғисардан – 3, Вахдаттан – 3, Таулы Бадақшан облысынан – 3 қазақ қатысты.

Енді сол сауалнаманы сөйлетсек, ол жақтағы қазақтар тәжік халқының мәдениетін құрмет тұтады, тәжік тілін еркін меңгерген,  Қазақстанмен байланыстарын нығайтуды көздейді. Қазақ диаспорасының 70 пайызы әйелдер, және олардың көбісінде қос азаматтық бар. Яғни, олар Ресей мен Тәжікстанның азаматтары.  Олардың арасында еңбек көші-қонымен Ресейге барып жұмысқа жалданып жүргендері де кездеседі.

Әрине, шеттегі қазақтың өмірін тек сауалнама арқылы ғана кесіп-пішуге болмайды. Оны көзбен көріп, көңілмен түйген дұрыс.  Соған орай, мұндай сапарымызды болашақта басқа елдерде де жалғастырытын боламыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбатты дайындаған

С. Базарбайұлы

Алтын Бесік. №5.2010

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті