Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Тәжікстан қазақтары

Басты бет | Тәжікстан қазақтары | Тәжікстандағы құрылтай

Сонымен Тәжікстанға жол түсті. Орта Азия елдері және Иран, Ауғанстан қазақтарының кіші құрылтайы – 20-22 сәуірде Душанбе қаласына өтпек.  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев бас болып 19-сәуір күні түс қайтта ұшаққа отырдық. Осы іс-шараға арнайы шақырылған түркіменстандық қандастарымыз Оңайгүл Ұшқанбаева, Айсұлу Мұхитова ханымдар да бізбен жолдас болып шықты.

Шағындау әуе кемесі мезгілімен көкке көтерілді. Әдетімен Алматыны бір айналып, оңтүстікке бағдар түзеді. Алатау алыс көкжиекке айналғанда астымыздағы шоқ-шоқ бұлттардың ар жағынан белуарынан жоғары қар сауыты сөгіле қоймаған сансыз тау сілемдері бізге қарай жайлап жылжып келе жатты. Бұл Памир, ежелгі парсы тілінде «күн құдайы» дегенді білдіретін заңғар шың, алып жоталар. Кең  аңғар, қазан шұңқырлар. Ең биік жері –7495 метркелетін тау жүйесі...

Екі сағаттан аса шырқау биікте қалқыған ұшағымыз, әнтек лекте төмендеп, төңірегі тұтас таумен қоршалған ойпаттағы қала үстінен төне кеп жерге жанасты. Ұшардағы дұғамызды және қайталап үлгергенімізше қарқыны баяулай келіп жайлы тоқтады. Бізді консул Саясат Мұрғайбекұлы елшілік атынан қарсы алып, жеңіл көлігіне әкеліп жайғастырды.

«Шираз» қонақ үйі – Кеңестер кезінде салынған маңдай алды ғимарат. Өзіміздің Маңғыстау өңірінде өндірілетін қатты жынысты ұлу таспен әшекейленген ақ сарайдың жеке-жеке бөлмелеріне жайғастық. Бас елші Әбутәліп Ибіжанұлы   Ахметов ағамыз күтіп отыр екен. Бұл кісіні  Түркияда бас елші болып тұрған кезінде көрген екенмін. Сол ақжарқын көңіл, жылы да шуақты қауышу. Біздің жанымызда оны-мұнымызды ұқыптап, бағдаршы болып жүрген сәнді киінген ұзын бойлы жігітпен амандасып тұрып Талғат ағамыз «Әкесінен аумайды екен», – деді. Сөйтсек, елшінің бірінші көмекшісі Рүстем Жаманқұлов – аты мәшһүр, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай әл-Таразидің ұлы екен. Біздер қайтқанша бірге болатынын сыпайылап жеткізген Рүстем бауырымыз дипломатиялық нөмерлі шетел көлігімен түскі асқа алып жүрді. «Ресей» деп аталатын ауданға, негізінен, өзбектер шоғырланған. Арнайы қонақ ретінде бізді сондағы мейрамханаға апарды. «Илик палау» яғни, үстіне жілік майларын салған дәмді палаудан сүйсіне жеп, көк шаймен шөлімізді бастық.

Біз көтерілген белес – Көктөбе деп аталады. Алматымыздың Көктөбесінен аласалау. Жұмыс істеп тұрған аспалы жолы ертеректе қалай пайдалануға берілсе сол қалпында, жөндеу  көрмегендіктен тозған. Төменде Душанбе – бұл баяғыдағы  Олжас ағамыз фонтандарын тамсана жырлайтын Душанбе емес, жүделеу. Төбенің батыс жақ қырында елге белгілі, беделді кісілерге арналған мазарлық көрінеді. Қауымдастықтың қызметкері Жанар Мұқашева 1997 жылғы ішкі қақтығыс кезінде бітімгершілік мақсатта келген 17 қазақ боздақтарының қайда жерленгенін сұрады. Өкінішке орай, олардың бейіті қаланың басқа бір шетінде екен. Өткен ғасырдың басында осынау ойпаң жерде дүйсенбі күні базар болады екен. Кәсібін нәсіп еткен жұрт әр тараптан ағылып келіп қоныстана берген; сөйтіп дүйсенбі атауы – Душанбе деген қалаға айналып, бүгін де әлем таныған егеменді елдің астанасына айналған.    

Күн еңкейе «Ширазға» оралдық. Жайлы сәуір. Тау арасының ауасы да жағымды. Бірнеше күн бұрын Тәжікстан үкіметінің отырысында ел Президенті сөз алып, әлемдік дағдарыстың әсерінен алыс-жақын шетелдегі, әсіресе, Ресейдегі тәжіктердің еңбек күшінің қысқаруына байланысты  экономиканың біраз төмендегінін айтқаны есімде қалыпты. Қала көшелерінде қыз-қырқын, бала-шаға, қарт адамдар болмаса, атпал азаматтар сирек ұшырасады. Дені түзден нәпақа теріп кеткен, сірә. Елшіліктегі жігіттер мұнда өте қымбатшылық екенін ескерткен-ді. Кешкісін Орталықтағы «Шайхонай»  мейрамханасына  бас сұқанда бұған анық көзіміз жетті. Нарқы аспандап тұр деген біздің қалалар бұның қасында айналайын екен.

20 сәуір күні таңғы астан кейін  Рудаки даңғылының бойындағы «Кохи Вахдат» мемлекеттік комплексінің конференция залында  кіші құрылтайдың дөңгелек үстел мәжілісі басталды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев салтанатты ашылу сөзін сөйлеп, жүргізіп отырды. Дүбірлі жиынның өтуіне мұрындық болған Тәжікстандағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Әбутәліп Ахметов, «Бәйтерек» қазақ мәдени қоғамының төрайымы Зәуреш Саминова төрден орын алды.    

Жер көлемі жағынан дүниежүзі бойынша тоғызыншы орынды алатын Қазақстандағы  қазақ ұлтының  саны 2009 жылғы ресми санақ бойынша 67 пайызға жеткенін тілге тие кетіп, құрылтай қонақтарынан сүйінші сұраған Талғат Асылұлы, еліміздің көші-қон саясаты, елге оралған, оралатын қандастарымыздың жәй-күйін, экономикалық-әлеуметтік жағдайын тәптіш-теп түсіндірді.

Тәжік жеріне жеті елден жиналған  қазақ өкілдерін Қазақстан Республикасының Тәжікстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ә. Ахметов, Тәжікстан Республикасы Президентінің Әлеуметтік даму және жұртшылық-пен байланыс жөніндегі Мемлекеттік кеңесшісі С. Фаттоев және Тәжікстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары М. Мухторов, «Пайванд» атты әлем тәжіктері мен парсы тілдес халықтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары И. Салохиддинов құттықтады. Ресми құттықтаулар біткеннен кейін сөз Ауғанстаннан келген Әбділзайыр Әбділқайымға берілді. Ол ауғанстандық бауырларымыздың қотарыла көшуге тас түйін дайын отырғандарын, соған орай Қазақстанға барғанда орналастыру, квота беру, жеңілдіктермен қамтамасыз ету жағы оңтайлы шешімін тапса деген тілегін жеткізді.

«Caspionet» телеарнасы арқылы атамекеннен күнделікті хабар алып отырған Иран қазақтары өз сөздерінде, негізінен, тері өңдеумен айналысатындарын, бизнестерінің ауқымын кеңейтіп, Қазақстанмен еркін сауда байланыстарын жандандыру арқылы ел экономикасына барынша көмек көрсеткісі келетіндерін айтты. Соған орай кедендік кедергілер мен салық қиыншылықтарын ретке келтіру жағын қарастырса деген өтініштерін білдірді. Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстандағы ағайындар түбі атажұртқа оралатындарын айта келіп, өтініш-ұсыныстарын да ортаға салды. Душанбедегі корей, ұйғыр қауымдастықтарының өкілдері  де сөз алып, ақ тілектерін білдірді. Басқа да сөз сөйлегендер Қазақстанның өз  қандастарын атажұртқа оралту жөнінде үлкен жұмыс атқарып отырған санаулы елдің бірі екенін, бұл жөнінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын әрқашан да өздеріне үлгі ететіндерін барынша тебіреніспен айтты. Соған байланысты Тәжікстан жағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шетелдегі отандастармен байланыс жасау,  көші-қон жұмыстарына ат салысу жөніндегі іс-тәжірибелері өздеріне ауадай қажет екенін, соған орай  жол-жоба көрсетіп, тәжірбие бөлісуін өтініп, келісімге отыруға даяр екенін жеткізді. Әрине, келісім-шартқа қуана қол қоятынын айтты Талғат ағамыз.

Қазақстан елшілігінің осындағы қазақ диаспорасымен байланыс жасауының жәй-жапсарын сөз еткен Әбутәліп Ахметов  ағамыздан кейін өзбек, қырғыз елінен келген ғалым-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері ата жұртпен  әдебиет, мәдениет, өнер алмасуларын кеңінен қолға алса, қиыр жайлап шет қонып жүрген қандас қаламгерлердің шығармаларын басып тарату, еңбектеріне тиесілі бағаларын алып, марапаттарға ұсынылса екен деген емеруіндерін білдірді.  Қортынды сөз алған Талғат Асылұлы Қауымдастық жанында «Атажұрт» баспасы жұмыс істеп тұрғанын, татымды туындылардың кедергісіз жарық көруіне мүмкіндік болатынын айта келе, Еуропада жыл сайын өтуі дәстүрге айналған кіші құрылтайларды ТМД елдерінде де қолға алсақ; Тәжікстаннан бастау алған бүгінгі іс-шара жалғасын тапса деген пікірін білдірді. Барлық қонақтар мұны  қуана құптады. Қырғызстаннан  келген азаматтар келесі құрылтай  Ыстық көл жағасында  өтсе дегенді айтып, осыдан бара сала басқосуға қажетті іс-шараларды қолға алатындықтарын жеткізді. Осыдан кейін мәжіліс мәресіне жетіп, түскі астан кейін қаланы тамашалау Душанбеден тым алыс емес Гиссар қамалында жалғасты.

Шығыс үлгісі мен исламдық өркениет бедерлері көзге ұрып тұрған биік қамал мен күйдірген кірпіштен өрілген қос мұнара. Маңдайшасы доғаша иілген биік қақпаның аржағында ат шаптырым алаңқай біздің ескі Сауранды еске түсіреді. Қалыңдығы 2 метрге таяу жаубалшық қорғанның ізі түйетайлыланып көзге ұрып тұр. Биігіне көтеріліп көз тіктім. Төңірек жап-жасыл. Тау аңғарынан суырылып, бақша-баулы қыстақтарды қақ жарып өтіп, анау бір аңғарға суғынып жатқан арынды өзен. Жалпы, тәжік жері су жағынанан таршылық көрмейтіндей. Памир шоқыларындағы ықылымдық мұздықтар, қалыңдауды ғана  білетін тұтасқан қар – бұл елдің сарқылмас құты.

Қара  жолдың оң жағындағы  керуен сарайы, медресе, сауда-саттық алаңы өте жақсы сақталған. Тәжік жерінің  өткенінен жан-жақты хабар беретін тарихи өлкетану мұражайы осында орналасқан. Тамашаладық. Тәнті болдық! Көгалда бір топ жасөспірім доп қуып жүр. Тілдесіп көрдік. Орыс тілін мүлдем түсінбейді екен. Үйреншікті шүлдіріміз олардың күлкісін келтіргені соншалық тәжікше сөйлесіп, сандарын шапалақтап мәз болды.

Қамал бағдаршысынан «тәжік» атауының мәнін сұрадық. «Тәж» деген сөзден келіп шығатынын айтты ол. 11 миллиондай тәжік халқының өз жерінде 3,5 миллионы тұрса, өзгесі Өзбекстан, Түркіменстан, Қазақстан, Ресей, Иран, Қытайда қоныстанған екен. Дені ислам дінінің сүнит тармағын ұстанады.     

Бас елші Әбутәліп Ахметовтың атынан елшілік үйінде берілген қонақасы да есте қаларлықтай болды. Әлем классикасы мен  қазақ әуен саздарын нәшіне келтіріп ойнаған квартеттің өнеріне елітіп, дәм алып тұрмыз. Енді домбыраға кезек келді. Қазақ әндері асқақтады. Нансыз болса да, әнсіз болмайтын Қазекеңнің мұндайда делебесі қозбай тұра ма!? Талғат ағамыз бастап, Әбутәліп ағамыз қостап, алуан түрлі ән шырқалды. Қырық төрт немере көріп, шүпірілген шөберлерінің алақанынан су ішіп отырған 76 жастағы Рүстем Әбдеев ағамыз әр әнге ерекше бір тебіреніп, шабыттана қосылады. Көзі жасаурап, ішкі сезімін жасыра алмай тұр. Рүстем ақсақал –Күлиябі өңірінде өсіп-өніп, сонда ауыл басқарған  кісі. Қазіргі Тәжік үкіметіндегі үлкен лауазым иелерінің біразы осы ақсақалдың тәрбиесін көріп, ақ батасын алып, билік баспалдағымен жоғарлаған жандар екен. Шын ниетпен жасалаған жақсылық ұмытылмайды ғой. Жоғарыдан келген лауазымды бір-екі азамат ағамыздың жанынан бір елі қалмай асты-үстіне түсіп қызмет етіп жүр.

Рүстем ақсақал Кеңес үкіметі ыдырап, оның құрамындағы бодан ел бұғауларын үзіп, тәуелсіздік алып жатқан өткен ғасырдың 90 жылдардың басында-ақ ел қайдасың деп оңтүстіктегі Жетісай жеріне жетіп тұрақтап, жайма шуақ тірлік кешіп жатыр екен. Самони елінің үлкенді-кішілі мерекелеріне арнайы шақырту алып, сый-сияпат көріп, көңілі өсіп қайтып тұрады. Өңіріндегі орден-медальдар соның айғағындай.  

Душанбе төңірегі жауын-шашынды. Алматыға мезгіл-мезгіл құйып кетіп тұрған сәуір нұры – мұнда да төгіп тұр.  Бүгін қаланың көрнекті жеріндегі асқақ ескерткіш Исмаил Самони мүсінінің алдына жиналдық. Тұрқы он кезге таяу мүсін айбатты бейнеленген. Үстіне ұзын шапан, басына алтын тәж киген, қыран қабақ, алмас жанар, қыр мұрын, дөңгелек сақалды, бет сүйегі шығыңқы, ат жақты... мүсіннің оң қолында қазіргі  тәжік туында бейнеленген сом алтынан құйылған сәулетті тәж жарқырайды.

Исмоил Самони – IX-X ғасырларда тәжік мемлекетін құрып, тәжік халқын қалыптастырған Самони әулетінің көсемі. 1110 жыл бойы туған елінің сөнбес алауы шам шырағы болған ұлы тұлғаның бейнесіне гүл шоқтарын қойып, шын ниетімізбен тағзым еттік. Суретке түсіп, естелік қалдырдық. Сәуір нұры – ұлт рухына және қазақ жанын іздеген біздерге мейірін төгіп тұрды.

Дүниежүзі қазақтарының үшінші құрылтайы Астана қаласында биік деңгейде өткені баршаға мәлім. Осы дүбірлі бас қосуға арнайы қонақ болған Зәуреш ханым – тағдырдың бұйрығымен тәжік жерінен дәм-тұз бұйырған Өскеменнің қаракөз қызы. Астананың сән-салтанатына тамсанып, Есілге еміреніп, Ақорданың табалдырығынан аттап, «Бәйтерекке» көтерілгеннен кейін өрекпіген көңілін баса алмаған. Душанбеге оралған соң Қазақстан елшілігіне барып,  Әбутәліп Ахметовке қазақ мәдени орталығын құру туралы өз ойын айтқан. Қазақ мүддесі десе ішкен асын жерге қоятын елші барынша қолдау білдіріп, шаруаларын шешуге қол ұшын берген. Зәуреш ханымның тынымсыз ізденуінің арқасында Тәжікстан қазақтарының қоғамдық ұйымы «Бәйтерек» дүниеге келген.

Душанбенің Пушкин көшесіне орналасқан Қазақ мәдени орталығының алдында тұрмыз. Қол соғып, қошаметтердің ізін ала Талғат Асылұлы салтанатты түрде есікке керілген қызыл лентаны қиды. Бір бөлмесі кітаптарға арналған екен, «Атажұрт» баспасынан шыққан  ондаған томдар сөрелерге жайғасты. Басқа елдерден келген меймандар да әкелген сый-сияпаттарын, байғазыларын «Бәйтерекке» тапсырды. Ақ тілектер, жылы лебіздер айтылып жатты. Аулаға шықтық. Арнайы құттықтаулар әнге ұласты. Ел, жер, махаббат, сағыныш ән боп әуеледі. Қазақ елінін Әнұраны орындалды. Боталаған көздер! Көлдей толқыған көңілдер!.. «Көңілім әнді ұғады, жүрегім бойды жылытып», –  демей ме ұлы Абай.

Елшіліктің арнайы көлігімен Қорған-төбе ауданының орталығына келдік. Марат деген қандасымыз бір ғимараттың тұтас қабатын алып жатқан спорттық-сауықтыру жаттығу кешенінің иесі екен. Жиналған жұртпен ынта-ықыласымен сұхбаттасқан Талғат ағамыз еліміздің көші-қон жайындағы шараларды тәптештеп түсіндіруде. Көп жылдар ел басқарып, ірі қызметтер атқарған, Мәдениет министрі болған, көргені көп, түйгені мол қоғам қайраткері Талғат Асылұлы бала демей, қарт демей кез келген сұраққа тұшымды жауап беріп, көңілі күпті ағайынның көздегенін дәп басып, бар жайдан мәлімет беріп, барынша нақты тұжырымды кеңес айтады.

Біраз жол жүріп, абатты өңірге келдік.  Шымырлаған 44 тұмадан бастау алып бүлкілдеп ағып жатқан, үлкендігі білектей, ұсағы шынашақтай қара балығы жыртылып айырылған өзенше қасиетті саналады екен. Бізбен кездесуге осы өңірге ертеректе келіп орналасқан бесбала наймандардың жүз қаралы кісілері келді. Осы әулеттің сөз ұстары, тәжік тақиясын киген, әдемілеп сақал-мұрт қойған,  қара торы жүзі күлімдеген жігіт ағасы қасиетті өзен бойына ұзына дастархан жайыпты. Өрік-мейіз бен анар сусынын ішіп, жасамыс шынарлардың саясында алқа қотан отырмыз. Тандырға бітеудей қақталған қойдың астына арнайы ыдыс қойып, майлы сөлі жиналып алынады. Дәмдеуіштермен тұздықталып бабымен пісірілген қой еті тіл үйіреді. Таза сөл сорпасының өзі бойға нәр. Өзінің найман екенін білетін, бірақ Белгібай бабасынан бергіге мүдіріп қалған қонақжай ағамызға Талғат Асылұлы ел шежіресін жіліктеп түсіндіріп жатыр. Мұнда да буынып-түйініп отырған жұрт. Атажұрттан ұлтарақтай жер тисе баспанасын да, басқасын да өз қолдарымен жөнге келтіретіндеріне сенімді. Елге келген қандастарымызға мейлінше жағдай жасалып жатқанын, жасала да беретінін, әсіресе солтүстік өңірлерге қоныстануға мүмкіндіктің мол екенін айтты Талғат ағамыз.

Иран тілінің оңтүстік батыс тобына жататын тәжік тілін иран, ауған, түркімен қазақтары бөтенсінбей шүйіркелесуде. Ал қазақшаларында бізге түсініксіз сөздер араластырып, жүрген жерлерінің диалектісін қолданады. Кейде түсінісе алмай шорқақтай береміз.

***

Жондарды жонып, беткейлерді белден кертіп, құз-қияны тақымдаған тау жолы. Қар кете салсымен көтерілген көк пен түрлі-түсті ұсақ гүлдердің жұпарын жұтып, зулап келеміз. Жұрт көңілді. Осыдан 12 жыл бұрын оқтар зулап, бомбалар жарылып, қан төгіліп қиян-кескі ұрыс болған  құйқалы жер ештеңе көрмегендей сәуір нұрынан кейінгі күн шуағына шомылып, ажары кіріп, айдарланып жатыр.

Қас қарая белден асқанда алдымыздан самаладай жарқырап Душанбе көрінді. Бейнебір көктегі бар жұлдыз осынау тау шатқалына түсіп, қонақтап қалғандай. Елшілік ауласына жетіп төрт төңіректен жиналған алаш баласы бір-бірімізді қия алмай, қоштаса алмай бөгеле бердік... Ақыры «Көріскенше күн жақсы болсын!», «Қара шаңырақ – Қазақ жерінде кездесуге жазсын!» десіп аттанып бара жаттық.

Әуе айлағына кіре берісте «Жолыңыз болсын!» деген орысша жазу көзге түседі. Мән бере қарадым. Неге дейсіздер ғой? Душанбеде жүрген үш күнде орысша бірде бір жазу көзіме түспегеніне таңданып келемін.

Алмағайып заманда ауған елдің бір шоғырымен осылай кездесіп, осылай қоштастық... Әбутәліп ағамыз бастаған елшілік қызметкерлері Рүстем, Саян шығарып салды. Мезгілімен көкке көтерілдік. Төменде жасыл желекті қала... Қаланың әр жерінен шығыс солтүстікті бетке алған аққұсты қимастықпен ұзатып тұрған үміт арманға толы жанарлар...

   Көкірегімнен өлең құйылды:

     Жексенбі еді.

     Душанбеге кеп қондық тепсеңдегі.

     Жүдеулеу көрінгенмен ғимараттар,

     Көктеп кетер жер екен  ексең нені.

 

     Рудаки тағлымын.

     Исмайл Самони әмірінің,

     Бағытымен жүреді ел.

     Кеше дағы, ертең де,

     Әрі бүгін.

     Бастарында бір-бір тәж.

     Қоңыр халық,

     Жайлап отыр құшағын Памирінің.

   

     Сәуір - тәуір,

     Төгіп тұрды ақ жаңбырын.

     Жапырақтар үзіп тұрды маржан-нұрын.

     Бәйтерекпен тамырлас қамал – Гиссар,

    Атажұртпен қауымдас әр жан бүгін.

    

   

     Онжеті боздақ өткен күн кешегі,

     Бадахшан бізбен бірге мұң кешеді.

     Хан тәңірдің шыңына бірде қонып,

     Паң Памирдыің бұлтымен бір көшеді.   

     

     Бірді бөліп,

     жартыны жарып жеген

     Қайда да қазақ екен жаның-денең

     Арманымды сұрасаң Тәңір менен

     Табыстыршы бауырды бауырменен

      

      Беу, аппақ құс!

     Қанатын жазып ұшқан.

     Жүректерді жалғайды сағынысқан.

    Қиын кезде қандасым пана тапқан,

    Мың рахмет өзіңе, Тәжікстан!

 

                     Ермұрат Зейіпхан,

                                  Алматы – Душанбе – Алматы

Алтын Бесік.№3.2009.

 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті