Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Еуропа қазақтары

Еуропа қазақтары

   «Еуропада қазақ тілін үйрететін курстар ашылып, мәдени орталықтардың жұмысы жанданса». Бұл рухани көмекке зәру қарт құрлықтағы қандастарымыздың тілегі. Өздері де қол қусырып қарап отырған жоқ. Ұрпақтары тілін, дінін, салт-дәстүрін ұмытпауы үшін қолдан келгенін жасап жатыр. Әсіресе, Швециядағы қазақтардың ұйымшылдығы күшті. Жырақтағы ағайынның ахуалымен тілшіміз Нұрсұлу Қасым танысып қайтты. 
 

толығырақ

    Елбасының Қазақ елінің рухани жаңғыруы туралы ойларын шынымен де әрбір қазақтың санасын оятатын, ұлтты мүддеге қызмет етуге шақыратын терең тұжырымдар деп қабылдадым. Ондағы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. «Ұлттық код» дегеніміздің өзі – халқымыздың ғасырлар бойы сақтап келген салт-дәстүрі, тілі, ұлттық мәдениетінің өшпес белгілері. Ол үшін қазак халқының өткеніне, сонау сақтар мен ғұндардан басталатын көне тарихына үңілу қажет.
       І. XXI ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТ­ТЫҚ САНА ТУРАЛЫ бөлім­нен «Ұлттық жаңғыру қазақстан­дықтардың санасына қандай өзгерістер әкелуі керек?» деген сұрақка да жауап таба аламыз.
    Бәсекеге қабілеттілік қазіргі бүкіл әлемде болып жатқан өзге­ріс­терден қалыс қалмау, оның сынақтарына төтеп беру, әлемдік қоғамдастықтың талаптарына сай болу дегенді білдіреді.
    Прагматизм, яғни сарабдал сана, қазақ ұлтының ешнәрседен қапы қалмай, жоғын түгендеп, барын бағалауға жұмылдыратыны сөзсіз.
     Ұлттық бірегейлікті сақтау жаһандану үдерістерінде өзіндік ерекшелігімізден айырылып қал­мау үшін де маңызды. Мен алыс шетелде қазақ тілі мен мәдениетін на­сихаттап жүргендіктен, осы мә­селеге ерекше назар аударамын.
     Ұлттық жаңғырудың басты әлеуеті – білім. Қазақтың: «Бі­лек­ті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Оқу – инемен құдық қазғандай» деген дана сөздері халқымыздың әуелден білімді шамшырақ етіп ұстағанын білдіреді. Қазіргі ғылым мен технология заманында қазақ ұлтының білімді болуы – оның табиғи міндеті. Елбасымыздың бастамасымен жасалған «Бо­ла­шақ» бағдарламасы, сон­дай-ақ елор­да­мыздағы «Назарбаев Универ­ситет» осы ба­ғыттағы үлкен істер­дің көрінісі. 
      Қазақ ұлтының дамуы үшін қантөгісті төңкеріс емес, санадағы төңкерістің қажет екені күмәнсіз. Сондықтан да революциялық емес, эволюциялық дамудың жолын таңдауымыз керек екендігі әділ айтылған.
     Елбасымыз сананың ашық­ты­ғын тек бүгін айтып отырган жоқ. Ұлт көшбасшысы әлемдегі жаңалықтарға ашық болуға, басқа елдердің озық тәжірибелерін игеріп, жаманынан жиренуге әуелден-ақ назар аудартқан. Сондыктан да Қазақстан әлемге танылды және шетелдердің жақсы жетістіктерін меңгеруге ұмтылып келеді.
     ІІ. ТАЯУ ЖЫЛДАРДАҒЫ МІНДЕТТЕР бөлімінен рухани жаңғырудың нақты істермен жүзеге асатынын көреміз. Қазақ тілінің әліпбиін ауыстыру, яғни латын графикасына көшу – қазақ ұлтын өркениетке бастайтын батыл әрі дер кезінде қабылданған шешім. Қазақ тілін шетелдіктерге оқытатын маман ретінде бұл қадамды құптаймын. Қазақ тілінің заңдылықтарын, табиғи ерекшеліктерін сақтай отырып, сәтті жасалған латын графикасы тек тіл мамандарының ғана емес, қазақ ұлтының үлкен жеңі­сі болмақ. Шетелде қазақ ті­лін оқы­татын мұғалімдерге де осы жө­нінен ақпараттар беріліп, көмек көрсетілсе деген тілегім де бар.
     Рухани жаңғыруға мәдениетті дамыту арқылы жететініміз тү­сінікті. Осы бағыттағы «Мә­де­ни-географиялық белдеу», акпараттық жобалар, ішкі және сыртқы мәдени туризм шаралары жүзеге асырылса, қазақ ұл­тының мәдени өркендеуіне үлкен үлес қосылған болар еді. Қазақ мәдени-географиялық белдеуі алыс-жақын шетелдерді де байланыстырады. Мәселен, мажарстандық қыпшақтар да осы белдеуге ене алады. 
     «100 жаңа есім» жобасы осы мақсаттарда жұмыс істеп жатқан, қазақ жерінде, сондай-ақ шетелде қазақ тілі, мәдениетін насихаттап жүрген тұлғаларды елге танытпақ.
   Мажар елінде де Қазақ­стан­дағы ұлы өзгерістерге әрқашан жағымды баға беріледі. Қазақ графикасын латынға ауыстыру туралы да қолдаған, қуаттаған пікірлер көп айтылуда. 
    Алыс шетелде – Мажарстанда жұмыс істеп жүрсем де, елім үшін, оның рухани жаңғыруы үшін қызмет ете беремін. Қазақ тілін, әдебиетін, мәдениетін шетелде насихаттау – мен үшін зор мақтаныш. Елбасының рухани жаңғыру туралы көзқарастары алдағы жұмыстарыма да бағыт-бағдар беретін болады.
    Раушангүл МҰҚЫШЕВА, филология ғылымдарының кандидаты, Сегед университеті Алтаистика кафедрасының казақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы СЕГЕД, Мажарстан

https://egemen.kz/article/rukhani-zhanhghyrugha-madenietti-damytu-arqyly-zhetemiz

толығырақ

ЕУРОПАДА МИНИСТР БОЛҒАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ Жәмилә Стехликованың өмірі мен қызметі

         «ҚАЗАҚ» газетінің ағымдағы жылғы №16-17 санында жарияланған «Әлемдегі ең іскер қазақ қызы» атты мақаламызда есімі Ангела Меркель, Елизавета ІІ, Хиллари Клинтон, Кандолиза Райс сынды әлемнің ең ықпалды әрі беделді әйелдерімен қатар аталатын Гүлжан Молдажанова туралы кеңінен жазғанбыз. Ал бүгінгі «Қандастар тынысының» кейіпкері – Еуропада министр атанған алғашқы қазақ қызы, медицина ғылымдарының докторы, 53 жастағы чехиялық саясаткер Жәмилә Стехликова.

       Жәмилә Алмасқызының есімі 2007-жылы Еуропада және Қазақстанда жиі атала бастады. Өйткені, сол жылдың 9-қаңтарында Чехия Республикасының Премьер-министрі Мирек Тополанектың Жарлығымен қазақ қызы Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесi жөнiндегi министрі болып тағайындалды. Сол кезден бастап «Тұңғыш» дейтін сөз саясаткер ханымға қарата айтылатын болды. Неге десеңіз, бұған дейін Чехияның тарихында өзге ұлтты министр болған емес, Құдай-ау, Чехия дейміз, мұндай жоғары дәрежелі лауазымға бүкіл Орталық Еуропа елдерінде басқа елдің өкілі алғаш рет көтеріліп отыр. Ал Қазақ елінің тарихында Жәмилә ханым алғашқы болып Еуропаның озық елінде министр дәрежесіне дейін көтерілген қазақ ұлтынан шыққан саясаткер атанды.

Министр атанған қазақ қызы кім?

      Расында да, бұл сұрақ халықты қатты қызықтырады. Сондықтан да, қолдағы бар мәлімет бойынша, аталған сұраққа жауап беріп көрелік.
     Жәмилә Алмасқызы 1962 жылы 6-ақпанда Алматыда дүниеге келген. Әкесі Алмас Ордабаев – сәулетші, мәдениеттанушы, этнограф. Ал анасы – Рауза Сембаева химия саласының ғалымы. Нағашы атасы Әбдіхамит Сембаев кезінде Қазақстанда Білім министрі болған саяси тұлға.
      2007-жылы «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Жәмилә ханым Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасында орналасқан Қарақұрым ауылындағы (Жамбыл облысы) атамекені туралы былайша аңсаған: «…Мен үшін Қарақұрым ауылының маңызы өте ерекше. Қарақұрымда менің атам, яғни әкемнің әкесі туып-өскен. Сондықтан, атамекен дегенде менің есіме әрқашан жиі түсетін жер – өзім туып, балалық шағым өткен әсем де сүйікті қала Алматы емес, алдымен сол Қарақұрым ауылы көз алдымда елестейді. Міне, сол ауылда өз құрбы-достарыммен бірге қыр-далаға шығып, өзен-көлге шомылып, атқа мініп, сайрандап жүрген кездерімді жиі аңсаймын. Менің қазіргі тіршілік-өмір жолым сол Қарақұрым қыстағынан бастау алады десем шындық болар».

Қарақұрым. Мәскеу. Хомутов…

    Әкесі Алмастың жұмыс жағдайымен Мәскеуге қоныс аударды. 1986-жылы Бірінші медициналық институтының 1-ші емдеу факультетінде білім алып бітірді. 1985-87 жылдары аталған институттың психиатрия кафедрасында ғылыми қызметкері және сабақ беруші міндеттерін атқарды.
     «Мәскеу университетіндегі оқу кезінде чех жігітімен дәм-тұзымыз жарасып, Еуропаға қоныс аудардым. Сонымен, чех тілі ортасына түстім. Ал, қай орта, қай қоғамда болсаң сол елдің тілін білуің арқылы өз бет-бейнең, көзқарасың айқындалады екен. Менің көзім жеткені – ағылшын, орыс, неміс секілді әлемдік деңгейдегі тілдермен қатар өз ана тіліңді білмесең, балаңа үйретпесең онда әлемдік жаһандану теңізіне шөгіп кетуің ғажап емес. Ондай біркелкі өмірде ұлттық тегің де, тарихи тамырың да жойылады екен», – деген саясаткер ана тілі – қазақ тілін сақтай алмағанына өкініш білдіріпті.
      Болашақ жарымен Кеңес Одағынан Чехияға қоныс аударған Жәмилә 1987 жылы Прага қаласында аспирантурада оқыды. 1989-1992 жылдары Хомутов қаласында белді дәрігер-психиатр, 1992-1997 жылдар аралығында Прага халық денсаулық сақтандыру орталығында және Мемлекеттік денсаулық институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.

Қалалық кеңестен Парламентке…

      Саяси мансабын Жәмилә Стехликова 1998 жылы Хомутов қаласы Уәкілдігінің (маслихат) мүшесі болып бастады. Соңғы екі сайлауда Хомутов қалалық ратушасының (әкімдік) мүшесі болды, 2006 жылғы жергілікті уәкілдіктер сайлаудан бері Хомутов уәкілдігінің Шағын ұлттар жөніндегі комиссиясын басқарды. Жасылдар партиясының қалалық төрайымы, өлкелік ұйымының төрайымы және партияның бүкілреспубликалық кеңес мүшесі қызметтерін атқарды.
     2001 жылы «Relikty» деген қоғамдық ұйымның құрылтайшысы болып «Pameti Krusnohori» деген жоба бастады. Бұл Солтүстік-Батыс Чехия өңіріндегі чех пен неміс ұлттары ішіндегі ескі тұрғындарды картада белгіледі.
     2007-жылдың 9-қаңтарында Чехия Республикасының Премьер-министрі Мирек Тополанектың Жарлығымен Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесi жөнiндегi министрі болып тағайындалған Жәмилә Алмасқызы бұл қызметінен 2009-жылдың қаңтарында өз еркімен кетті. Қазір экс-министр Чехияның денсаулық сақтау министрлігінің жетекші қызметкері, Жасылдар партиясының жетекшілерінің бірі ретінде саясаттағы мансабын абыройлы жалғастырып келеді.

Өз еркімен министр қызметінен неге кетті?

      Чехияның тұңғыш өзге ұлтты министрі болған қазақ қызы 2009-жылы министр қызметінен кетуіне және Үкіметке келмей тұрып оның қатты сынына ұшыраған Иржи Чунектің вице-премьерліктен босауына не себеп болғанын бір сұхбатында: «2009-жылғы саяси дағдарыстың әсерінен Үкіметті сақтап қалуға саяси қажеттілік туды. Мұнда Премьер-министр Мирек Тополанек бұрыннан белгілі тәжірибені қолданды. Ондай тәжірибені уақытында Социал-демократиялық партияның Үкіметі де кабинет мүшелерінің бір бөлшегін, яғни әр партиядан бір немесе екі министрді ауыстыру үшін пайдаланған болатын. Мирек Топаланек өз партиясынан екі, христиандық демократтардан бір Үкімет мүшесін ауыстырды. Соңғысы – вице-премьер Иржи Чунек. Олардың өздері оны ауыстырғысы келмеді. Бірақ, біз оны ауыстыруды табанды түрде талап еттік. Өйткені, біздің Үкіметке Иржи Чунектің нәсілшілдігі көп кедергі келтірді. Сол себепті де Жасылдар партиясы Үкімет құрамының жаңаруын талап етті. Біз осы талабымызды айтып, баспасөз мәслихатын өткізген күннің ертеңінде Иржи Чунектің өзі Үкімет құрамынан кететінін мәлімдеді. Біз үшін оның кетуі мен бірнеше министрдің ауысуы саяси тазару іспеттес еді, сол үшін біз құрбандық жасағандай болдық. Бұл өте маңызды еді. Себебі, Иржи Чунек бір өзі бүкіл Үкіметтің аяғына тұсау болып отырды. Денсаулық сақтау және көлік министрлерінің ауысуы да өте маңызды болды. Жасылдар партиясы, соның ішінде мен де бармын, әрине, ол өзгерісті қолдады», – деп ашық айтқан-ды.

Саясаткердің отбасы

     1988 жылғы қаңтарында Милослав Стехлик деген чех жігітімен шаңырақ көтеріп, сол кездегі Чехословакияда көмір кені бар Хомутов қаласында тұрды.
     1992-жылы Чехословакия азаматтығын қабылдады. 1997 жылы жұбайы Стехликпен белгілі бір себептерге байланысты ажырасты. Кәмилә (1989) және Асан (1995) есімді ұл-қызы бар.
     «Министр лауазымындағы адам мәжілістерден, не қызмет бабымен Чехия бойынша ғана емес, әлем елдері бойынша сапар шегуден қолы тимеген кезде шынымен өзінді отбасының алдында кінәлі сезіне бастайды екенсіз. Ал, бүгіндері бос уақытымның көбірек екені рас. Қазір мен неше түрлі отбасылық шараларды ойластыруға көбірек уақыт жұмсаймын. Серігіммен екеуміздің арамыздағы қарым-қатынас та жақсарып келеді. Шынын айтқанда, министр кезімде отбасым менің елесімде ғана болатын, ешбір уақытым болмайтын. Меніңше бұл – саясаттағы барлық әйелдің ортақ мәселесі. Әйел адамға жас кезінде, бала-шаға жоқ кезде немесе балалары есейген соң саясатпен айналысуға болады дер едім. Өзім осы екінші топқа жатамын, балаларым ересек, әрқайсысы өзімен-өзі», – дейді екі баланың анасы.

Тобықтай түйін

      Жоғарыда айтқанымыздай, бұған дейін Чехияның тарихында өзге ұлтты министр болған емес, тіпті, Чехия дейміз-ау, мұндай жоғары дәрежелі лауазымға бүкіл Орталық Еуропа елдерінде басқа елдің өкілі алғаш рет көтерілді. Сондықтан да, Қазақ елінің тарихында алғашқы болып Еуропаның озық елінде министр дәрежесіне дейін көтерілген қазақ қызының есімі Қазақстан, керек десеңіз, Еуропа тарихында алтын әріптермен жазылғаны даусыз. Дәрігер ретінде де «медицинаның атасы» Гиппократ антына адал болған саясаткер ел арасында даңққа бөленіп жүр. Бәрекелді!

         Жасұлан Мәуленұлы

        Дереккөз: «ҚАЗАҚ» газеті

    http://anatili.kazgazeta.kz/?p=38248 

толығырақ


Норвегияның Осло қаласында тұратын этникалық қазақ Махмұт Бастас. Фото Facebook парақшасынан алынды.

Норвегияның Осло қаласында тұратын этникалық қазақ Махмұт Бастас. Фото Facebook парақшасынан алынды.

      Ослода тұратын этникалық қазақ сол елдегі қандастарының тұрмысы жайлы, жастарының ғылым-білімге құмарлығы туралы айтты.

           Шеттегі қазақтардың бірі Махмұт Бастас Норвегияның Осло қаласында тұрып жатыр. Кәсіпкерліктен айналысатын ол кісі сол елдегі қазақтардың қазір мемлекеттік қызметтерге де араласа бастағанын айтады.

       – Ослоға қалай бардыңыз?

         – 1978 жылы әскери міндетімді өтеп келгеннен кейін Түркиядан Норвегияға оқу іздеп келдім. Ол кезде Осло қаласында жездем мен Түркиядан көшіп келген тағы бір отбасы тұратын. Бірақ тіл білмегеннің салдарынан үлкен оқу оқи алмадым. Осло қаласындағы гимназияда бір жыл ғана сабақ алдым. Ары қарай ізденуге жасым ұлғайып кетті де, еріксіз өзге кәсіппен айналыса бастадым.

       – Қандай кәсіппен айналыстыңыз?

      – Сауда саласымен. Ұзақ жылдар бойы Түркиядан, Германиядан тамақ тасып, өзіміздің дүкендер желісінде сатып тұрдық. 2016 жылдың желтоқсан айнынан бастап сырттан тауар тасуды тоқтаттық. Қазір қасымда екі балам бар – үшеуіміз өзгелер секілді тапсырыс беріп жұмыс істеп жатырмыз. Үш ұлым бар, үшеуі де үйлі-баранды.

          Қазір Норвегияда қанша қазақ бар?

     – Қазір бұл жерде тек Түркиядан көшіп келгендер ғана емес, Қытай мен Қазақстаннан қоныс аударған қазақ отбасылары да тұрады. Жұмыстың ыңғайына байланысты жиі бас қоса алмаймыз. Әрине, жастар бір-бірімен араласып жатады. Ал үлкендер жағы жиын-тойларда болмаса, басқа уақытта көп кезіге бермейді. Сол себепті нақты қанша үй бар екенін айта алмаймын. Бірақ осыдан бір жыл бұрын Норвегиядағы Қазақстан елшілігінен сұрағанымда, 100 шамалы отбасы бар екенін айтқан.

      – Сіз қазақ ақындарының өлеңдерін латын әрпіне көшіріп, Facebook әлеуметтік желісінде жариялап отырасыз. Ондағы мақсатыңыз қандай?

Махмұт Бастастың Қазақстанға келген кезінде түскен суреті. Фото Facebook желісінен алынды.

Махмұт Бастастың Қазақстанға келген кезінде түскен суреті. Фото Facebook желісінен алынды.

          – Норвегиядағы қазақ жастары қазақ тілін білгенімен, кирилл қарпіндегі жазбаларды оқи алмайды. Шындығында қазір Қазақстанда қандай оқиғалар болып жатыр, қандай ақын-жазушылар бар – ол жағынан көп жастар хабарсыз. Мен өз бетімше сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында Facebook-те жарияланған жазбаларды алып, барынша аударып, қайта жариялап отырамын. Жариялағандарымды Еуропадағы қазақ жастары жиі оқиды. Кирилл қарпінен латыншаға аударуда көп жағдайда интернеттегі арнайы программаларды пайдаланамын.

        Норвегиядағы қазақ жастары негізінен қандай кәсіппен айналысады?

      – Әр салада қызмет істеп жүрген жастарды бұл жерден де кездестіруге болады. Қазіргі қазақ жастарының барлығы оқу-білімге құмар. Мәселен, осында тұратын бір қызымыз заңгерлік мамандығы бойынша жоғары білім алып, қазір Норвегияның сыртқы істер министрлігінде қызмет етіп жүр. Осы секілді әлеуметтік салада да үлкен қызмет атқарып жүрген жастар бар. Бірақ сол жастардың басын біріктіріп, Қазақстанға жіберу мәселесі іске аспай тұр. Әрине, Еуропадағы әрбір елде қазақ мәдени орталығы бар. Бірақ солардың басым бөлігі, нақтылап айтсам, Франциядағы қазақ-мәдени орталығынан басқасы өз деңгейінде жұмыс істей алып жатқан жоқ.

        – Сіз туғаннан Қазақстаннан тысқары жерде өмір сүріп келесіз. Бірақ қазақ тілінде жатық сөйлейді екенсіз. Бұл бала күнгі қалып па әлде қазақшаңызды кейін жетілдірдіңіз бе?

Бала күнімізде ақсақалдардың тәрбиесін алып өстік. Ол кезде ана тіліне деген құрмет ерекше еді. Біздің өзге тілде сөйлеп кетпеуімізді қадағалап отыратын.

      – Бала күнімізде ақсақалдардың тәрбиесін алып өстік. Ол кезде ана тіліне деген құрмет ерекше еді. Біздің өзге тілде сөйлеп кетпеуімізді қадағалап отыратын. Бірақ ер жетіп, өз бетімізбен кеткеннен кейін өмір сүрген ортамызға байланысты сөйлеу мәнерінен шығып қалдық. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бірнеше рет барып қайттым. Әлеуметтік желіде жиі отырғаным да ана тілімді қалпына келтіруіме көп септігін тигізді. Кейбір ұмытып қалған сөздерді есіме түсірді.

        Сұхбатыңызға рахмет.

   http://www.azattyq.org/a/kazakhstan_kazakhs_in_norway/28321718.html

толығырақ

    Осыдан бір-екі аптадай бұрын әлеуметтік желілерде Франциядан келген қыздың бір оқиғасы әжептәуір талқыға түсті. Қарағанды қаласындағы банктердің біріне кірген шетелдік қыз орысша сөйлегендерге қазақша сөйлепті, соны көрген сондағы қызметкер алғыс айтып, жылапты-мыс. Ал шындығында қалай болған еді? Ол қыз қазақ па? Қазақстанға не мақсатпен келген? Қазақша қайдан біледі? Бізге осының бәрін білудің сәті түсті.

      Қыздың аты-жөні Гүлшах Есдәулет екен. Жиырма жеті жылдан бері Парижде тұрады. Түркияда туған, алғаш мектепке де сол жақта барған. Анасы Әсма – түріктің қызы, әжесі Мәриям – пәкістандық. Атасы – Алтайдың керейі. Әңгімені басынан бастайық.

     Алтайдағы ағайын өткен ғасырдың орта тұсында Қытайдың өкіметімен соғысып, ұзаққа созылған қырғыннан қажыған тұста Қалибек хакім бастаған бір тобы Тибет асып, Түркияға ауатыны бар ғой. Сол аласапыранға бұл қыздың атасы Қаби да араласыпты. Өзі бойы ұзын, қаптағай денелі кісі екен. Көштің жас батырларының бірі болған болса керек (Кейін Түркияда тұрған кезінде «Қырмызы Келебек» («Кirmizi kelebek», 1982) деген фильмге де түскен).

     Тибет арқылы өтіп, Түркияға келіпті деу – қазір айтқанға оңай. Ал дүниежүзілік картаға қарап, бірмезгіл ой жүгіртсеңіз, атпен, арбамен, жаяу-жалпылап, Азияны айналып, Еуропаның аузына дейін бару деген қандай азапты сапар?! Ол сапар көп қазақ үшін соңғы сапарға айналып, тірі қалғандары үшін бірнеше жылға созылған ғой. Біздің кейіпкер Қаби да сол қырқыншы жылдары Пәкістанға жетіп, тұрақтап қалған екен. Сол жерден пәкістандық Мәриям есімді жас қызды алған. Балалары сол жерде дүниеге келіпті. Гүлшахтың әкесі Махмут сол жерде туған. Тек 1961 жылы ғана Түркияға көшкен.

     «Мен Түркияда тудым, он бір жасыма дейін сол жерде тұрдым. Атам мен әжем түрікше онша білмейтін еді. Әжем пәкістанша да білетін, сол жақтың киноларын көріп жылап отыратыны есімде. Ал жалпы үйде тек қазақша сөйлейтін. Солардың жанында жүріп біздің де тіліміз қазақша шықты. Қазір Қазақстанға келгелі көптен ұмытылып қалған сол сөздер қайтадан есіме түсе бастады», дейді Гүлшах. Әжесі, келін болып түскенде енесі берген болса керек, қазақтың сырғасын, басқа да әшекей бұйымдарын тағып жүреді екен.

    Гүлшахтың ата-анасы Парижде тұрып жатқанына отыз жылдан асқан (Басында төрт жылдай балаларын Ыстамбұлдағы інісіне тастап, өздері көшкен). Бірақ қазақ тілін ұмыт­паған. Анасы түрік қызы болса да, қазақша біледі. Гүлшах: «Ата-әжем қазақша таза сөй­­лейтін еді, әке-шешем арасында түрікше араластырып сөйлейді», деп түсіндіре кетті.

     Бізбен сөйлесіп отырған кезде Париждегі әкесіне қоңырау шалып, аталары туралы сұрады. Әкесі «Керейдің ішінде Есдәулетпіз, атамның аты Бұғыжан, одан Қаби, одан мен Махмутпын» деді. Парижде Есдәулеттен басқа қай рулардың бар екенін де түгендеп өтті. Мен фамилиялары мен руларының бірдей екеніне мән беріп едім, Гүлшах «Түркияға қазақтар барған кезде әрқалай жазылып кет- кен. Мәселен, бір кісі бай екен, сол үшін оның тегі Зенгин болып кеткен. Ол түрікше бай деген сөз. Ал бір кісі фамилияң кім дегенде жалғыз бастымын дегісі келіп, бір жанмын деген екен, сонымен оның сойы Біржан болып кеткен. Біздікі өзіміздің ру атымен Есдәулет болып кеткен болса керек», деп түсіндірді.

     Гүлшах 2013 жылы Қырғызстанға Мұстафа Шоқай атындағы қауымдастық Құрбан айтты тойлағанда бір келіпті. Сонда оның қазақ екенін білген кісілер Алматыға әкеліп, қыдыртқан. Бұл атажұртқа бірінші аяқ басуы. Одан кейінгі келулері Франциядағы Қазақ елшілігінде істейтін Ғабит Сыздықбековпен және «Нәтиже» сүт фабрикасының құрылтайшысы Ерлан Әшіммен байланысты. 2015 жылы осы екі азаматтың ұйымдастыруымен Париждегі қазақ жастарының футбол командасы Қазақстанға келген еді. Олар Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларын аралап, жергілікті жастар командаларымен ойнап, атамекенді көріп қайт- қан болатын. Сол жолы Гүлшах та аудармашы есебінде келіпті. Өзінің айтуынша, Ерлан Әшім қолқалаған. Ол жағдайды Гүлшах төмендегідей еске ала- ды: «Ер балалардың арасында қалай жүремін деп едім, Ерлан аға «менің келіншегімнің жанын- да» боласың деді. Қазақша онша жақсы білмеймін деп едім, «әлі он күн бар, оған дейін үйрене бер» деді. Сөйтіп, мен он күн бойы ин- тернеттен қазақша материалдар қарадым. Естігендерімді жазып, жаттадым».

      Ол жолғы футбол ойындары оқырман қауымға таныс та шығар. Алыста жүрген қазақ балаларын әкеліп, елді көрсетіп, бір мезгіл осындағы қазақтармен араластыруды мақсат еткен ол шара қатысушыларға ерекше сезім сыйлағаны анық. «Кім жеңіп жатыр?» деп сұраса, ойынды тамашалап тұрғандар «әйтеуір қазақтар жеңіп жатқаны анық» деп жауап беріпті дегенді естіген едік. Бір жарасымды, игі бастама болғаны сөзсіз. Гүлшахтың да айтуынша, Парижде туған, тілін білмей өскен сол жастардың жүрегінде енді Қазақстанға деген махаббат оянған. Біреулері осы жақпен байланыстырып бизнес ашпақ, енді бір Сорбонада оқитын студент біздің елге келіп, ғылыми жұмысын жүргізгісі келеді.

     Ерлан Әшім Гүлшахтың әке-шешесін көрген екен. Үйіне қонаққа барғанда анасының «Тамақ алыңдар, шай ішіңдер» деп ас ұсынғаны тура қазақтың мінезі дейді. Қазақы әдет осын- шама уақыт өтсе де, екінші келіні басқа ұлттан болса да, бұл әулетте сақталып қалған екен...

     Гүлшахтың бұл жолғы келуі де осы Ерлан Әшіммен байланысты. 2015 жылы келгенде өзі үшін біраз қазақы әшекейлер алған екен, соны Еуропадағы қазақтар көріп, қатты қызығыпты. Көбірек әкелгеніңде сатып алар едік депті. Өзінің айтуынша, Еуропада 8000, оның ішінде Парижде 1800-дей қазақ бар екен. Қазақша білетіндері де бар, көбісі Түркиядан барғандықтан түрікше біледі, өзара түрікше сөйлесеміз дейді. Сол кісілер қызыққан соң, енді қазақы әшекейлерді апарып, сату жоспарымен жүр. Кәсібіне біз де береке тіледік.

     Енді банкте болған жағдай туралы сұрадым. Оны Гүлшах былай баяндады. «Банктен ақша алуға Ерлан ағаның келін­шегі Әсеммен бірге бардым. Ішке кірген соң Әсем өз жұмысымен шығып кетті. Мен кезекке тұрмақшы болғанда, сол жерде күзетте істейтін кісі келіп, менен қандай көмек керек деп сұрады. Мен кезекке қалай тұру керек, ақша алайын деп едім деп, жөнімді айттым. Онда жүріңіз деп, терминалдан кезекке тұратын түбіртекті алып берді. Сөйтіп, өзімді шақырғанын күтіп тұрғанымда Әсем келді де, ана кісі одан мен туралы сұрай бастады. Алыстан естіп, байқап тұрдым. Сол кезде ризашылығын қағазға жазып беріпті. Кириллицаны оқуға қиналатындықтан, оны маған Әсем оқып берді. Ана кісінің көзіне қарап едім, жылағысы келіп тұрғандай болды. Онысы маған қатты әсер етті».

     Банк қызметкері: «Кім болсаң да, саған қатты ризамын. Біздің қазақша білмейтін, білсе де білгісі келмейтіндердің жанында сен алтынсың», деп жазған екен. Өзінің тілін құрметтемейтіндерді көріп-көріп, әбден ызаланған, тіпті, іштей қорланып жүрген адамның сөзіне келеді. Бұндай сезімдер Қазақстанға үшінші рет келіп отырған Гүлшахқа да таныс екен. «Қайда барсам да, адамдар маған орысша сөйлейді, неге қазақша сөйлемейсің десем, кейбіреулері «О, Боже» дейді. Келгелі осы сөзді үйреніп алдым. Бір жерге барғанда қазақша сөйлейтін адам болса, қуанамын. Тағы біреуге ыза болып кетіп, қазақша түсінбейсің бе десем, түсінемін дейді. Енді неге сөйлемейсің десем, ұяламын, акцентім бар дейді. Бола берсін, акцент менде де бар, сөйлей бер дедім» дейді әзілге сүйеген болып күліп отырса да, өкпесін де жасыра алмаған қонағымыз.

    Ертең жол жүремін деп отырған Гүлшахпен қош айты- сып, іштей сүйсініп, риза бо- лып, кей нәрселер үшін ұялып, болашақтан үміт етіп, біз де қайттық.

      Арман ӘЛМЕНБЕТ, журналист

       https://egemen.kz/article/ulttyq-bolmysty-ulyqtaghan-boyzhetken 

толығырақ

        Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігінің бастамасымен Жамбыл Жабаев атындағы Киев қоғамдық кітапханасының қабырғасында алғаш рет Украинадағы қазақ диаспорасы өкілдерінің балаларына арналған қазақ тілін үйрету клубы ашылды.

       Курс бағдарламасында қа­зақ тілінің грамматикасы мен лексикасы, сон­дай-ақ,
қазақ халқы­ның ұлы ой­шыл­дарының ең­бек­­­­­­те­рі­­мен таныстыру са­бақ­­­та­ры көзделген. Қа­зақ­с­танның мәдени-та­ри­хи мұ­­расы, эко­номикасы мен қо­­ғамдық-саяси өміріне қ­а­тысты ар­найы дәрістер өт­кізу жос­пар­лануда.
        Клубтың ашылу салтана­тын­да сөз сөйлеген елші Са­мат Ордабаев мемлекеттік тіл­­ді меңгеру Қазақстандағы бір­­лік пен бірегейлікті ны­ғай­тудың басты факторы еке­нін атап өтті.
         Клуб өзінің жұмысын Қазақстан мен Украина ара­сын­дағы дипломатиялық қа­рым-қатынастар ор­на­ты­луының 25 жылдығына орай бастады. «Бұл бас­та­ма Қазақстан-Украина дос­ты­ғы­ның әрі қарай те­рең­­де­­ті­луі­не тағы бір жақ­сы қад­ам бо­латынына се­нім­ді­мін», – деді елші.
        Өз кезегінде Украина­да­ғы қазақ диас­по­ра­сының өкіл­­дері ана тіл­дерін шет ел­­де үйренуге берілген мүм­кін­­дік үшін алғыстарын айт­ты.

           https://www.egemen.kz/2017/03/16/109816

толығырақ

           Жәмила Стехликова 2007-2009 жылдарда Чехияның Адам құқықтары және аз ұлттар жөніндегі министрі болды. Биыл өтетін Чехия парламентінің сайлауында үміткер ретінде тіркелді. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы болатын Чехиядағы президент сайлауында да қазақ қызы жайлы есітіп қалуымыз әбден мүмкін. Елден жырақ жүрсе де қарым-қабілетімен жат елде топ жарып шыққан қазақ қызы уақыт тауып, «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берген еді.

       – Жәмила ханым, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жа­һандық бәсекеге қабілеттілік» Жол­­­дауын қалай қабылдадыңыз?

       – Бұл жолғы Жолдаудың жөні бөлек. Себебі, жаңғыру тек экономикаға ғана қатысты айтылған жоқ. Биліктегі өзгерістер бейбіт жағдайда жүргізілуі үшін саяси институттардағы жаңғыру жайы да сөз болды. Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қажетті шараларды дер кезінде қабылдайтынына сенемін. Егер, ТМД аумағын алып қарасақ, экономикалық өсім және хал­қы­ның әл-ауқаты жағынан Қазақстан екін­ші орында. Бірінші орында тұрған Бал­тық жағалауы елдеріне Еуроодақ кө­мектесіп тұрады.

      – Сіздің Чехия үкіметінің мү­ше­сі бо­лып жүрген кездеріңіз тек че­хия­лық­тардың ғана емес, қазақ қо­ға­мы­ның да назарында болды…

      – Мен саясаттан қол үзген жоқпын. Мен мүше болған саяси ұйым оппо­зи­циялық партия болғандықтан, Чехия үкі­меті құрамында емеспін. Қазір Еу­ро­па мазасыз күйде. Біздің партия мигрант­тарды Ангела Меркель сияқты Еур­опаға шақырғандықтан, халық тарапынан қолдау жағы кемшін. Басты ұстанымымыз – қоршаған ортаны қор­ғау, елді мекендердің жойылып кетуіне жол бермеу.

     Саясатта жүргендіктен, жергілікті тұр­ғындармен жиі кездесемін, өзге партиялармен де келіссөздер жүргіземіз. БАҚ-тағы саяси дебаттарға қатысамын. Соңғы кезде саясат тақырыбында деректі фильм­дер түсіруді қолға ала бастадым. Фильм түсірудің ауыр екенін енді сезініп жүрмін.

       – Сіз әлеуметтік желілердің че­хия­лық блогында белсендісіз. Тарихи Ота­­­ны­ңыз – Қазақстан екенін жан-жа­­­ғыңыздың бәрі біледі. Сіз қазақтың жат жердегі бір қызы ретінде тарихи Ота­ныңызға деген көзқарасыңызды, Қазақ елінің кішкентай бөлшегі еке­ні­ңіз­ді қалай білдіресіз?

      – Менің тамырым – қазақ жерінде. Мен – қазақпын! Әкем, ағайын-туыс­тарым, достарымның бәрі Алматыда тұ­ра­ды. Мен жат елдерде жүрсем де қазақ екенімді ұмытқан емеспін. Сол себепті, Қазақ еліндегі кез келген оқиғаға бей-жай қарамаймын.

        Елден тым жас кезімде кеттім. Аза­мат­тық болмысыма еуропалық, че­хия­лық құндылықтарды жылдардың өзі таңбалады. Жаныма жақыны – қа­зақ менталитеті екенін ешкімнен жа­­сыр­маймын. Бұл жерде қарама-қай­шы­­лықтардың болуы мүмкін емес. Қазақстан уақыт өткен сайын еуропалық құн­дылықтарға бет бұрып келеді. Бұл жай­л­ы сіздерге барынша жиірек айту керек!

      Мен әлеуметтік желінің – Прага, Брюссель блогынан жиірек көрінемін. Бі­рақ жүрегім қазақ жерінде, сіздермен бір­гемін. Қазақ жеріндегі әрбір оқиғаны жү­ре­гімнің сүзгісінен өткізу – мен үшін қалыпты жағдай. Әртүрлі саяси оқи­ға­ларға қатысты саясаткерлердің пікірін жиі оқимын.

        Рас, Қазақстан жайлы аз жазамын. Себебі, «Тұрмысқа шыққан қыз шиден тыс­­қары» деген сөз бар. Қазақ елінің іш­кі саяси жағдайы билік басында жүр­ген азаматтарымыздың еншісінде. Ал мен Қазақстанымның геосаяси рөлі, абы­ройы мен беделі жайлы жиі жазғым ке­леді. Себебі, мұны сырт көз бірден бай­қайды. Мысалы, Алматыда өткен Уни­версиада жайлы Еуропаның, АҚШ-тың телеарналарының хабар таратқанын көр­дім.

        – «Саясат әйелдің қолы емес» дей­тін пікірге басымдық беретіндер көп. Жұ­байыңыз сіздің таңдауыңызға қалай қа­рады? Қазір өзіңізге, отбасыңызға кө­ңіл бөлуге уақытыңыз бар ма?

        – Жұбайым менің таңдауыма оң қа­рай алмады. Себебі, ертеректе саясатта бағын сынамақ болып көрген еді. Бірақ сайлауда жолы болмады. Содан ба, саясаттағы азды-көпті жеңістеріме оң көзбен қараған жоқ, саяси партиялар­мен келіссөздеріме, саяси дебаттары­ма да қолдау білдірмеді. Себебі, олардың 95 пайызы еркектер еді. Мен министр бол­ған кезде ажырастық. Сенесіз бе, Чехияда пат­риархалды көзқарас басым. Егер үйіңде кез келген зат орнында тұрмаса немесе дастарқан мен тоңазытқыш азық-түлікке толып тұрмаса, еркектер үшін ақырзаман орнағандай болады. Қазір жолдасым толерантты. Себебі, қазір мен­де үйге, бала-шағаға көбірек көңіл бө­летін уақыт бар.

         – Әйелдердің билік басында болуы қо­­ғам үшін тиімді деген де пі­кір бар. Өйт­­кені, олар әлеуметтік бағ­дар­ла­ма­лар­­ға қатысты мәселелерді тү­бі­рі­нен та­­ни­тын көрінеді. Сіз бұған не дейсіз?

       – Әйел мен еркектің табиғаты екі бөлек. Әйелдің табиғаты жеке басына не­месе мансабына байланып қалмаған. Олар жан-жағына қалай көмектесу ке­ректігін немесе өз міндетін абыроймен атқару жөнінде көбірек ойланады. Саяси топтарда – партиялар мен пар­ла­ментте әйелдер көбірек болса, ол жер­дің атмосферасынан шуақ шашылып тұрады. Саясаткер ретінде айтарым, жеке мүддесіне басымдық беретін әйел­дерге саясатта орын жоқ. Өйткені, әйел мен саясат – бір-біріне кереғар ұғымдар.

       – Чехияда министр боламын деген тұлғаларға қойылар талап қандай? Сіз мемлекеттік құрылымдағы тәжі­ри­­беңіздің аздығынан қиналған жоқ­сыз ба?

       – Чехияда билік баспалдақтарына тө­мен­нен жоғары қарай сайланады. Менде тә­жірибе болды. Алғашқыда үкіметтік емес ұйымдарда, содан соң саяси салада қызмет еттім. Менің саяси мансабым ең төменнен басталды деп айта аламын. Әуе­лі партия мүшесі боласың, одан кейінгі тағдырыңды өзіңнің ерік-жігерің, содан соң партия шешеді.

        – Сіздің Чехияның экс-президенті, мар­құм Вацлав Гавелге деген сый-құр­­­метіңіз жайлы оқығанмын. Де­ге­н­­­мен, Чехияның қазіргі билік ба­сын­да жүр­ген азаматтарымен бай­ла­ны­сы­ңыз қандай?

       – Чехославакиялық, кейін чехиялық саясатта Вацлав Гавелдің тұлғасы маған көп әсер етті. Қазір ол арамызда жоқ. Бі­рақ мен оны ұстазым деп айта аламын. Менің оның ықпалынсыз саясатқа ке­лу-келмеуім екіталай еді. Саясатпен ай­налыспақ ниетіме қолдау білдірді. Аза­мат­тық алуыма көмектесті. Министр бо­лып жүрген кезде де көп көмектесті. Қа­зір де В.Гавел көзқарасындағы сая­саттану­шымын. Чехияның қазіргі пре­зиденті Милош Земан Еуроодақтың емес, Қытай мен Ресей векторына ба­сым­дық береді. Көзқарастарымызда айыр­машылық болса да сыйластығымыз тү­зу.

       Біздің саяси партия Чехияның президент сайлауында өз үміткерін ұсынады. Ол үміткердің мен, яғни Жәмила Сте­хликова болуы да әбден мүмкін. Мен бұ­дан өзге ештеңе айта алмаймын. Соң­ғы жаңалық наурыз айының со­ңын­да, ұжымдық келісім негізінде бел­гі­лі болады.

        – «Стехликоваға Қазақстанда үкі­мет­тік блоктан қызмет ұсынылған еді. Бірақ ол келіспеді» дегенді естідім. Б­ұ­ған не себеп болды?

       – Журналистерден ештеңені жасыра алмайсың! Иә, ондай ұсыныс болды. Маған сенім көрсетілді. Бірақ мен өзімді оған лайықты көрмедім. Себебі, шет елде тұрамын, қазақ тілін меңгеру деңгейім тойда, мерекелерде тілек айтуға ғана же­теді. Маған ұсыныс жасалған кезде мем­лекеттік тілді қызметте жүріп мең­ге­ру­ге болатыны айтылған.
        Мысалы, мен осыдан 10 жыл бұрын Чехияның білім министрі болу туралы ұсынысты да қабылдаған жоқпын. Өйткені, Чехияда тұрсам да чех ті­лін қазақша акцентпен сөйлеймін. Сай­ла­у­да біздің партия жеңіске жетіп, Чехияның Адам құқықтары және аз ұлттар жөніндегі министрі болу туралы ұсынысты қабыл алдым. Тілдегі акцентім де кедергі келтірген жоқ.

        – 2014 жылы Еуропарламентке үміт­кер ретінде тіркелдіңіз. Алдағы жос­парыңыз қандай?

          – Биыл Чехия парламенті мен Чехия пре­зиденті сайлаулары өтеді. Құдай қа­ласа, Чехия парламентінен үміткер ре­тін­де бағымды сынаймын. Жоғарыда айт­қанымдай, біздің партия президент сай­лауына да қатысады. Нақты кімді ұсынатынымыз наурыз айының аяғында белгілі болады.

         – Чехиядағы қазақ диаспорасы ту­ралы әңгімелеп берсеңіз. Олармен ара­ласып тұрасыз ба?

        – Иә, Чехияда қазақ ұлтының өкілдері бар­шылық. Олардың басым көпшілігі мен тәрізді жергілікті азаматқа тұрмысқа шығып, қалып қойған қыздар. Біз жиі болмаса да кездесіп тұрамыз. Менің Орынбордан келген қазақ құрбым бар. Қазақстанда туып-өспесе де менің қазақша тілімді жөндеуге шамасы же­теді. Содан соң жергілікті ЖОО-ны бі­ті­ріп, Чехияда қызметте қалып қойған қа­зақ жастары көп. Олардың көпшілігі бой­дақ. Үйге келіп, әңгіме-дүкен құрады. Өте тәрбиелі балалар. Орталарындағы үлкені ретінде «үйленсеңдер келінді Қазақстаннан алып келіңдер» деймін. Менің ақыл-кеңесімді тыңдай ма, жоқ па, білмеймін. Жүрекке әмір жүрмейтінін өз тағдырымнан білемін ғой…

        – Чехиядағы қазақстандық дип­ло­ма­­тиялық корпус өкілдерімен араласып тұрасыз ба?

         – Әрине. Қазақстанның Чехиядағы ел­шісімен жиі кездесіп тұрамын. Біздің ортақ жобамыз бар. Ол жоба Екінші дү­ниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кет­кен қазақстандық жауынгерлер жай­лы мә­ліметтер жинау, олардың туыс­қан­да­рын іздестіру ісіне байланысты.

        – Қазақстанда достарыңыз бар ма?

       – Менің елде достарым көп! Олар – Мұрат Әуезов, Қазбек Бейсебаев, Айдос Сарым, Асқар Құмыран, Мұрат Нұғманов… Елге барған сайын бір-бірімізбен сағынысып көрісеміз.

          Әңгімелескен Гүлбаршын САБАЕВА, журналист 

    https://www.egemen.kz/2017/02/16/102101

толығырақ

ertegi-1
       Der Zaubergarten деген атаумен неміс тілінде 1982 жылы басылып шыққан қазақтың халық ертегілері Берлиндегі Vivantes деп аталатын медициналық орталықтың балаларға арналған ойын бөлмесінде тұр. Орталыққа емделуге келген балалар оқысын деп қойып қойған.
Кітаптың шыққан жылына қарағанда, Германия ГДР және ГФР болып екіге бөлініп тұрған кезде жеткен. Бірақ немістердің қандай затқа болсын ұқыптылықпен қарайтыны осы кітаптан да көрініп тұр. Аса қатты ескіре қоймаған.
ertegi-2
     Мазмұны тіпті бай. Ішінде басым көпшілігін өзіміз де ұмытып қалған небір қызықты ертегілер бар. Мысалы, «Күнікей сұлу» (Күн астындағы Күнікей), «Сиқырлы бақ», «Апалы-сіңілі үшеу», «Жас батыр мен жалмауыз», «Қадырдың бақыты», «Әуез ханның қырық ұлы» сияқты бүгінде көп кездесе бермейтін ертегілер осы кітапта жүр.

ertegi-3

Қазақта ғана кездесетін атау сөздер мен ұғымдардың немісше түсінігін де берген.

ertegi-4

img_5309

img_5307

       https://egemen.kz/2016/10/21/68209

толығырақ

      2016 жылы 23-25 қыркүйекте Париж қаласында Франциядағы Қазақстан Елшілігінде «Эйр Астана» әуе компаниясының қолдауымен қазақ диаспорасы мен «JAAK» жастар қауымдастығының (Қазақстан Достарының Жастар Альянсы) өкілдері «Халықаралық гастрономия ауылы» мерекесіне қатысты, деп хабарлады Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. 


       Мерекедегі еліміздің шатыры киіз үй элементтерін пайдалана отырып, ұлттық киім, ыдыс-аяқ, кәде сыйлар, музыкалық аспаптар, туристік буклеттер, кітаптар және фотоальбомдар, қазақстандық музейлердің көркемөнер картиналары арқылы безендірілді. 

    Мереке қонақтары ұлттық тағамнан дәм татып, қазақ дастарханындағы әралуандылықты атап өтті.

          Қазақстандық дипломаттар шараға қатысушыларға Қазақстанның 25 жылда жеткізген жетістіктері, елдің мәдени сан түрлілігі, сонымен қатар алдағы уақытта болатын  «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жайында баяндады. 

      Студенттер арасындағы қазақ жастарының өкілдері мен диаспора өкілдері қазақтың ұлттық биін биледі. 

           http://www.inform.kz/kz/parizh-turgyndary-kazaktyn-ulttyk-tagamdarynan-dam-tatty_a2953200

толығырақ

Еуропа қазақтары Тәуелсіздік тойын бастады

      Германияның Кельн қаласында 14-15 мамыр күндері Еуропа қазақтарының  құрылтайы өтті. Бұл шараны еуропалық қазақтар Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнады.

       Қазақстандық делегация құрамында әншілер Ұлықпан Жолдасов пен Фарида Ұлықпанқызы,  Төреғали Төрәлі,  Қажымұрат Шешенқұл және  ақындар – Мұхаметжан Тазабеков, Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуесхан,   суретші – Гүлназым Өмірзақ, этнограф – Салтанат Өмірәлі, журналистер –  Маржан Тұрысбекқызы мен Жазира Амантайқызы болды.

        Мен құрылтай сахнасынан Қабан жырау мен Көдек ақынның термелерін орындау бақытына ие болдым.  Тыңдаушым – Еуропаның  14 мемлекетінен жиналған бауырларым болды.

        Құрылтайдың алғашқы күні футболдан жарыс өтті. Оған 14 команда қатысты. Финалда Аустрия мен Түркия қазақтары командалары бақ сынасып, Аустрия командасы кубокты жеңіп алды. Үшінші орын Кельн қаласының  командасына бұйырды.

      Мұхаметжан Тазабековтің Қазақстан және Ел Президенті жайлы әнгімесін қандас бауырлар зор ықыласпен тыңдап, қошемет көрсетті.

       Екінші күні ақындар айтысы өтті. Жиылған  қандас бауырлар бір серпіліп қалды. Артынан концерт берілді. Төреғалидің әндері  мен Қажымұрат орындаған «Қара жорға» әніне залда отырған қандастар билеп думандатып жіберді.

        Мен сахнада Қаблиса жырау мен Көдек ақынның термелерін орындадым. Кейіннен мәдени орталық басшыларымен кездескен жерде Абылай хан, Кабанбай, Райымбек, Сұраншы батыр жырларынан орындадым. Шетелдік бауырлардың елге, тілге және жыр-термелерге ықыласы ерекше екен.

 

Еуропа қазақтары жастардың болашағына алаңдайды

      Шетелдегі бауырлар  жастардың болашағына алаңдаулы, өйткені жастар өскен орта, жүрген жердің ықпалына кетіп барады, тілді ұмыту басым. Құрылтай  өткізу арқылы мәдени және рухани байланыс орнайды, салт-дәстүр дәріптеледі, жастар бір-бірімен танысады, өзара ақпарат алмасып, байланыс орнатады. Қазақстандай артында елі бар екенін сезінеді, барыс-келіс орнайды, мұның өзі сыртта жүрген қандастарымызға бір шаңырақтың астына бірігуге жол ашады. Құрылтайды өткізудегі  шетелдік қандастардың негізгі мақсаты – осы.

        Еуропа қазақтарының құрылтайы жоғарғы дәрежеде, мақсат-мүддеге сай  өтті. Шетелдік бауырларды көру – бір қуаныш, алайда  жат жерде, жат елде жат боп кетуі басым екендігі көңілге қаяу түсіреді.

       Енді менің алдымдағы мақсат – Түркия, Франция және Моңғолиядағы қандас бауырларға барып, жырмен сусындатып қайту, одан ары шақырту алған Еуропа қазақтарын аралап, ұлтымыздың ұлы мұрасы – жыр-термені   дәріптеу.

Еуропа төрінде жасалған бата

         Құрылтайдың  алғашқы күні мен үшін ерекше есте қаларлық оқиға болды. Елші Болат Нүсіпов мырза құрылтай қонақтарына қонақасы берді.  Еуропа қазақтары федерациясының президенті Қайым Кесежи ағамыздың ұсынысымен  дастарқанға  бата жасау мәртебесіне ие болдым. Бата жасауда катты толкыдым. Арқам терлеп кетті. Елдегі жасап жүрген бата жарамайды.    Өйткені батаны Қазақ елінің атынан  беру керек. Ел намысы бәрінен жоғары.  Еуропаның  14 елінен келген қандастар мен Елші және Бундестаг депутаты қарап отыр, яғни, халықаралық дәрежедегі бата беру керек болды. Әрі  бұл –  үлкен дастарқан үстіндегі тарихи оқиға. Баталы сөз – аталы  сөз. Бата – айтыс сияқты ұлтымыздың ұлы мұрасы. Ол бата жасаушы адамның ақыл-парасатын, білімін көрсететін, өресін танытатын  қиын өнер. Ұлағаты да зор. Осы үрдістен шыға алуым керек болды. Осыларды ойлағанда терлемеске лажың жоқ. Оның үстіне бата – мақал емес, мәтел емес өміршеңдігімен бағаланатын. Бата берілген сәттегі атқарған миссиясымен бағалы. 
Еуропа қазақтарына арналған батам:

 

Жарылқаушы құдірет

Жарылқаудың қамын ет!
Ойдан-қырдан бас қосып
Құрылтайға жиналған
Қазағым аман бар болсын!
Ынтымақ, бірлік жарасып,
Бір Алла жар болсын!
Шашырап жүрмей әр жерде,
Жұтылып кетпей әр елде,
Атажұртқа жетіңдер!

Желбіреген көк тудың
Астында еңбек етіңдер!
Қамқор болған қазаққа
Айналдым сенен, немісім,
Дүниеге танымал

Бетховен, Моцарт елісің.
Гүлдей берсін жемісің,
Кеңейе берсін өрісің,

Көбейе берсін жеңісің!

Достастығы жарасқан
Қазақ пен неміс арасында
Мәңгілік болсын келісім!
Аллаhу акбар!

      Бұл көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты. Ертесі кейбір қандас бауырлар арнайы келіп, қайталап айтқызып, жазып алып жатты.  Оны аңғарған Кельн қазақ мәдени орталығының басшысы Шуғайып Ерол құрылтай біткен соң қазақстандықтарға жайылған мырза дастарқанда менен тағы да бата жасауды сұрады.

        Сондағы берілген бата:
Жаратушы бір Алла

Қайғы-уайым бермесін.

Қазағымның арасын

Басараздық бөлмесін.
Ынтымағы жарасып
Биіктерге өрлесін.
Пейілі дарқан халқыма
Енді нәубет келмесін.
Алға ұмтылған жастардың

Жұлдыздары сөнбесін!
Оң сапар беріп Құдайым,
Елге аман жетіңдер!
Бала-шағамен қауышып,
Ағайын-туыспен табысып,
Бақытты ғұмыр кешіңдер.
Артта қалған бауырлар!
Қайта айналып келгенше
Сендер де аман болыңдар!

         Әбіш Әділбеков, Жетісу жыршылық мектебін жалғастырушы

толығырақ

     

    Почти 5 лет назад открылaсь в Швеции казахская диаспора «Абай». За это время диаспорой было организовано множество всевозможных  мероприятий, начиная от семинаров, конференций и тематических выставок  до выпуска своего  методического пособия, адресованного шведским госорганизациям. Но в этой череде особняком стоит празднование Наурыза.  Второй  раз диаспора организует Наурыз в Стокгольме. Оба раза в одном и том же месте, в центре Стокгольма, здании именуемом АБФ, которое хорошо известно  стокгольмчанам, как центр культуры и просвещения. 

        Задумкой  празднования Наурыза по замыслу диаспоры "Абай" была  не только  встреча  Нового года, но и прежде всего продвижение  дружбы  и взаимопонимания между людьми разных национальностей,живущих в Стокгольме.   И  на этот раз на праздник,  собралось   много  гостей  разных возрастов, разных национальностей и  разных интересов.      

      До начала концерта как и положено по азиатским обычаям гостям было предложено угощение.  Многие гости были уже знакомы друг с другом. Кто-то через празднование Наурыза  в предыдущем году, кто-то  через разные другие мероприятия , организованные диаспорой.  Самое приятное было то, что все общались друг с другом на разных языках; шведском, казахском, английском, киргизском, узбекском, русском. Организаторы заранее подготовили бланки для заполнения, с указанием имён, телефонов и электронной почтой. Позже мы  разослали всем гостям эти списки, чтобы они могли при желании  ими воспользоваться. После угощения все прошли в зал, где начался концерт. Начала его Алма Абдрахманова, она буквально заворожила гостей своим сильным голосом и чудесным исполнением казахских песен. Зрители долго не хотели её отпускать, а после концерта её буквально   завалили приглашениями на корпоративы, дни рождения, и просто в гости.

      Следующим выступил на сцене Мурадил Жумаев. Он исполнил песни на киргизском языке и народную щведскую песню. Его пение особенно оценили щведы, они сказали, что далеко не каждый даже шведский певец смог бы исполнить  шведскую песню так задушевно и проникновенно.

        А завершили концерт шведские иполнители Андерш  Лаго и Силас Бэкстрим.

    Они исполнили песни из репертуара самого на сегодня любимого шведского композитора, поэта и певца Корнелиуса Вресвика.  И не только исполнили его песни, но и рассказали о его очень интересной и можно сказать трагической, как и у большинства гениев жизни.

     И они можно сказать имели на то полное основание, Силас Бэкстрим был его близким другом, сподвижником и помошником в продвижении его произведений.

      После концерта многие гости остались и продолжали общаться с артистами и друг с другом. Благо, что артисты сами были не прочь  пообщаться. Наурыз закончился но в адрес диаспоры продолжают поступать звонки и письма от благодарных гостей.  Но что более всего радует это реакция молодёжи, которая выступила с предложением  взять на себя организацию Наурыза в следующем году.

         Хабира Мажиева

толығырақ

© akjolgazet.kz

© akjolgazet.kz

    Гаухар мен Лоран – қазақтың атын француздарға ұлттық тағам­дарымыз арқылы танытып жүрген жандар. Олар Парижде орналасқан қазақ ұлттық тағамдарын дайын­дайтын «Chez Mademoisselle» мейрамханасының иелері. 

     Жалпы, Франция – ежелден мейрамхана ісімен танылған ел. Статистика бойынша онда ресми түрде тіркелген 77856 мейрамхана бар. Оның 15 мыңға жуығы бір ғана Париж қаласында орналасқан. Осыншама мейрамхананың ішінен ең таңдаулы деген мыңнан астамы ғана «Мишлен» деп аталатын париждік мейрамханалар анықтамалығына енеді. Осыдан-ақ бұл саладағы бәсекелестікті бағамдауға болады. Ал қазақтың жал-жаясы мен қуырдағы, ыстық бауырсағы арқылы танылған «Chez Mademoisselle» мейрамханасы – осы анықтамалыққа енген бірегей мейрамхана. 
   

    Бұл анықтамалық тізімінен көріну үшін іріктеу жасырын сарапшылар арқылы жасалады. Олар кез-келген күні дәмханаға барып, ол жақтың тағамдарына ғана емес, ыдыс-аяғының қойылғанынан бастап, әжетхана тазалығына дейін баға береді. Тағамымен тіл үйіріп қана қоймай, сан түрлі талаптардан сүрінбей өткен «Chez Mademoisselle» мейрамханасында қазақ тағамдарымен қатар, Орталық Азия халықтарының ұлттық тағамдары дайындалады.

     Ендеше, шетелде ұлтымыздың ұлттық тағамын ұлықтап, париждіктерді тамсандырып жүрген қазақ қызы Гаухар мен Лоранға біздің ағайындар да, француздар да разы.

       akjolgazet.kz

Толығырақ: http://alashainasy.kz/sha/parijdn-kak-ortasyinan-kazaktyin-ulttyik-ashanasyin-ashtyi-81689/

толығырақ

     
      Беларустегі Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерғали Бөлегенов Брестте қазақ киносының апталығын ашты, деп хабарлады БЕЛТА тілшісі.

         Рәсімді ашқан дипломат олардың сапары өңіраралық ынтымақтастықты жандандыру ниетімен байланысты екенін атап өтті. Бұдан бұрын ол Брест облыстық атқарушы комитетінің төрағасы Анатолий Лиспен кездесті. «Брест облысы мен Қазақстан өңірлері арасында тығыз байланыс орнатылды. Брест - ерекше қала. Қазақ кино апталығын бұл жерде төртінші рет қатарынан өткізіп отырмыз. Ол Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналды. Өткен жылдардағыдай көрермендер түрлі жанр, оның ішінде анимациялық фильмдерді тамашалайды», - деді Ерғали Бөлегенов.

        Брест облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Михаил Серков мұндай шаралар басқа елдердің тарихымен, дәстүрлерімен, мәдениетімен тереңнен танысуға мүмкіндік беретінін айтты. «Қазақ киносы әлемдік қоғамдастықтың қызығушылығын тудыруда. Бұған түрлі фестивальдардағы жүлделер мен наградалар дәлел», - деп атап өтті ол.

          17-22 желтоқсан аралығында «Беларусь» кинотеатрының VIP-залында «Қазақфильм» киностудиясында соңғы жылдары түсірілген алты картина көрсетіледі.

        http://www.inform.kz/kaz/article/2851061

толығырақ

Бес  миллион қазақ жүрміз шетте, тыста,

Біз жақында, Сіздер ғой тым алыста.

Тәуелсіздік күнімен айтып құттық,

Жазыпсыздар қазақша – анық, нұсқа.

 

Тәуелсіздік – самғаған еркін құстай,

Мақсатқа жете алмаспыз биік ұшпай.

Біз қайда жүрсек дағы жер бетінде

Жүрейік Қазақ Туын берік ұстай!

 

Тәңір бізді сақтасын дағдарыстан.

Аман болсын Атажұрт – Қазақстан.

Сіздер де аман болғай, бауырластар,

Жақсы леп келсін дәйім Беларусьтан!


         Назарбек Байжігітов, Қырғыз Республикасы

толығырақ

lmira 

         Кәсiпкер болу әр адамның маңдайына жазылған несiбе деп айта алмаймыз. Десек те өз мүмкiндiгiне сене бiлген, алға ұмтылған әр адам өмiр сынынан сүрiнбей өтiп, биiк белестердi бағындыра алады. Бiздiң бүгiнгi кейiпкерiмiз де ештеңеден тайсалмай, өз күш-жiгерi мен ақылына сенiп кәсiп ашқан. Ол өз кәсiбiн әлемнiң саяси астанасы атанып кеткен Лондонда дөңгелентiп отыр. Таныс болыңыздар, оның есiмi – Эльмира Әдiлбекова. Қазақтың кәсiпкер қызымен бiз әлеуметтiк желi, яғни ғаламтор арқылы танысып, тiлдескен болатынбыз.

        – Эльмира, өзiңiздiң туып-өскен ортаңыз, отбасыңыз жөнiнде айтып бересiз бе?
       – Әрине. Менiң әкемнiң есiмi – Ислам, ал анамның аты – Айгүл. Ата-анам көпбалалы, қарапайым отбасынан шыққан. Әкем 25 жыл iшкi iстер саласында қызмет етiп, құрметтi демалысына шыққан. Қазiр басқа қызметте iстейдi әрi шаруашылықпен айналысады. Ал анамның мамандығы – психолог. Бүгiнде «ДНК» сынамасын анықтайтiн «Сенiмдiлiк» деп аталатын фирма ашып алған, сол жерде жұмыс iстейдi.
      Мен, мiне, осы кiсiлердiң қызымын. 1984-жылы дүниеге келгенмiн. Өзiмнен кейiн Бота дейтiн сiңлiм мен Алмас атты iнiм бар. Ата-анамыз бiздi кiшкентай кезiмiзден өз күшiмiзге ғана сенiп еңбек етуге үйреткен. Үй iшiнде темiрдей тәртiп болатын, қолыңнан келетiн iстi өзгеге артып қоюға болмайды, лажы болса бiреудiң көмегiне жүгiнбеу керек. Ата-анам бiздiң кiшкентай кезiмiзде көмек сұрап келген туған-туыстардың бәрiне қош ұшын беретiн. Қайырымдылық жасауға, көмектесуге қашанда дайын тұратын. Бiзге де үнемi мейiрiмдi болу керектiгiн, барлық нәрсеге байыппен қарап, айналамыздағы адамдарға тек жақсылық ойлау керектiгiн айтып отыратын. «Бiлiмсiз күнiң жоқ! Оқы, адам бол!» дегендi тыңдап өстiк. Соның арқасында шығар, 16 жасымда мектептi үздiк бағаға бiтiрдiм. Одан соң Алматыдағы Т.Рысқұлов атындағы экономикалық университетке түсiп, оны қызыл дипломмен тәмамдадым. Қаржы саласының маманы атандым. Бiлiмiмдi одан әрi тереңдету үшiн Лондондағы бизнес-мектепте азаматтық құқық бойынша бакалавриатты бiтiрiп, қаржы магистрiнiң дипломын алдым.
       – Жолдасыңызбен университетте бiрге оқыған екенсiздер, әрi көршi тұрыпсыздар...
       – Иә. Күйеуiм Ермек те қаржы саласының қызметкерi. Ермектiң отбасымен бiз Алматының «Ақсай» мөлтекауданында көршi тұрғанбыз. Бiр университетте бiлiм алдық. Оқып жүрiп отбасын құрдық. Қазiр Алланың берген екi қызы бар, бәрiмiз бiрге Лондонда тұрып жатырмыз.
       – Шетелге қоныс аударуыңызға не себеп болды?
      – Жаңа айттым ғой, Лондондағы бизнес-мектепте бiлiм алдым деп. Оны бiтiрген соң Қаржы министрiлiгiнiң салық комитетiнде жұмыс iстедiм. Кейiннен ағылшын тiлiн еркiн меңгеру үшiн Ермек екеумiз АҚШ-қа үш айлық курсқа бардық. Үш ай бiзге аздық етiп, АҚШ-тың Бостон қаласында бiр жыл тұрдық. Негiзi бiздiң мақсатымыз тiл үйрену болатын. Ол мақсатымыз орындалды. Тiл үйрене жүрiп салық пен қаржыға қатысты өзге де курстарға қатысып, бiлiмiмдi шыңдадым. Уақыт өте келе Ермек Лондоннан жұмыс тапты. Лондонға қоныс аударуымыздың себебi осы. Соңғы бес жылдан берi осындамыз.
       – Қазiргi басқарып отырған компанияңызды ашу идеясы қайдан туды? Нақты қандай iспен айналысасыздар?
       – АҚШ пен Лондонда тұрғанымызда бiз үй жалдау, құжат туралау, балаларды балабақшаға орналастыру секiлдi мәселелерге тап болдық. Ол жақтың тәртiбi мен қалыптасып қалған ахуалын бiлмегендiктен бiраз қателiк жiбердiк. Таңдаған балабақшамыз дұрыс болмай шықты, ендi бiрде пәтердi қымбат бағаға жалдап шығындандық дегендей. Осы сәтте маған қызмет көрсететiн арнайы мекеме ашу идеясы келдi.
     Бiздiң компания қазақ тiлiнде «Корольдiк емен» деген мағынаны бередi, ал ағылшынша атауы – «Regal Oak International LTD». Шынын айту керек, қазiр Қазақстан, одан басқа да мемлекеттер қарыштап дамып келедi. Ол жақтан Лондонға бiлiм алуға, баспана сатып алуға келетiн азаматтар өте көп.
      Бiз Ұлыбритания бойынша бiлiм беру саласы, тұрғын үй, саяхат және студенттердi, магистранттарды, туристер мен иммигранттарды қызықтыратын басқа да көптеген мәселелердiң шешiмiн табуға жәрдемдесемiз. Сондай-ақ туристердiң демалыстарының көңiлдi өтуiн қарастырамыз. Олардың саяхатын автобуспен немесе жеке турмен, гидпен тарихи қалалармен танысуға, саяхатқа байланысты билеттерiн тиiмдi бағаға сатып алуға, қонақүй жалдауға қол ұшын беремiз.
    Бүгiнде Қазақстанның Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларында кеңселермiз бар. Ол жақтағы адамдарымыз мектептермен, университеттермен келiсiм-шарт жасасып, жастарды Ұлыбританияға оқуға жiберiп тұрады. Осы жерде бiр нәрсе айта кетейiн, бiз ағылшын тiлiн үйренемiн, Лондонда бiлiм аламын деген қазақ бауырларымыздан көрсеткен қызметiмiз үшiн ақы алмаймыз. Тегiн кеңес берiп, оқуға түсуiне жәрдемдесемiз.
      – Демек, шетелге бiлiм алуға, баспана сатып алуға баратын қазақтардың саны көп болғаны ғой?
     – ТМД мемлекеттерiмен салыстырғанда, бұл елде Ресейден, Украинадан, сосын Қазақстаннан келген азаматтар көп. Олардың басым бөлiгi оқу үшiн және демалуға келетiндер. Сосын баспана сатып алатындар да бар. Ал мұнда бұрыннан тұратын қазақтар Лондонның ең ауқатты ауданында өмiр сүредi. Бiрақ, өкiнiшке қарай, қазақ тiлiн бiлмейдi. Осы жағы менi қынжылтады.
          – Ал өздерiңiз үйде қай тiлде сөйлесесiздер?
        – Тек қазақ тiлiнде сөйлесемiз. Үлкен қызым – Дания, ол қыздарға арналған жабық мектептiң 2-шi сыныбында оқиды. Екiншi қызым – Ариана, жасы 2-де. Қыздарымыз қазақ тiлiнде «сайрап» тұр.
         – Болашақтағы жоспарларыңыз қандай?
        – Алла бiледi ғой, дегенмен болашақта осы бизнесiмдi одан әрi дамытып, ағылшын тiлiн үйрететiн мекемелер ашсам деймiн. Шетелде тұратын қазақтардың тiл бiлмейтiнi жүрегiмдi ауыртады. Таяу уақытта осы мәселенi қолға алып, Қазақстан Үкiметiмен бiрлесе Англияда тұратын қазақтарға тiл үйрететiн арнайы мекеме ашсам деген жоспарым бар.
       – Әңгiмеңiзге рахмет, iсiңiз алға баса берсiн.
     – Сiздерге де рахмет! Айтпақшы, көмегiмiзге жүгiнгiсi келетiндер бiзбен ғаламтордағы «www.korolevskidub.com» сайты арқылы байланыса алады.
         zamana.kz 

толығырақ

       Ертеректе ата-бабасы Катонқарағай өңірінен шекара асып кеткен Шәріп Найман қажы осыдан екі-үш жыл бұрын сонау Германиядан Шыңғыстайға келіп, ауылды аралады, о дүниелік болған ағайындарының рухына құран бағыштады. Елдегі азаматтармен әңгімелесіп, өз өмірінен сыр шертісті. Дастарқан басында әріден бастаған әңгімесін біз де ұйып тыңдадық. Атамекенінде ақтарыла айтқан соңғы әңгімесі де, соңғы сапары да сол еді...  

          - Бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдім. Жалпы, менен отыз бес ұрпақ тарады. Жеті-сегіз үй болып қалдым. Бәрі Германияда тұрып жатыр. Балаларым шетте жүргенімен «қазақпын» деп мақтанады. Жатса-тұрса Қазақстанның, қазақтың тілеуін тілеп жүреді. Меккеде тұрғанда маңдайым сәждеге тиген сайын, Қазақстанымыздың өз Президенті болса екен, еліміз Тәуелсіздік алса екен деп Аллаға сыйынатынмын. Аллаға шүкір, қазақтың тәуелсіз жері бар, егемен елі бар, көк туы бар. Қазақ туып-өссін, көбейсін, өнсін. Ал ата-бабаларымның жері бұзылмай тұрса екен, - деп еді Шәріп қажы. 
      Нұршәріп Сейітқазыұлы Найман 1932 жылдың жазында Қытайдың Алтай аймағы, Шіңгіл-Сарытоғай ауданында өмірге келген. Ақсақалдың айтуынша, ол тұста үкімет ауысып, дұнғандардың дүрлігіп тұрған кезі екен. Еркіндікке үйренген қазақтар 1937 жылы жұртты жалмаған жұтқа шыдамай дұнғандар өлкесі Гансудың тіршіліксіз даласынан бір-ақ шыққан. Қуғынға ұшыраған олар мұнда да ұзақ тұрақтамайды. Бұл жөнінде Нұршәріп Сейтқазыұлы туралы жарық көрген кітапта: «Тұсауымыз тоймен емес, қылышпен кесіліп, «аттың жалы, түйенің қомында» біз кете беріппіз. Құлағымыз шілдехананың өлеңімен емес, қансыраған халықтың жоқтауымен ашылыпты» деп жазады.

«Қазақабад» атты ауыл тұрғызған

      Гималайдың теріскейіндегі Тибет тауын адам аяғы оп-оңай бағындыра бермейді. Бірақ қопарыла көшкен халық жол азабын артқа тастап, Тибетке табан тірейді. Ондағы азғана таңғұт халқының кәсібі мал шаруашылығы еді. Аттың орнына қодасты көлік ретінде пайдаланады. Қодастар боран-шашынға төзімді, тастай қатты тұяқтары мұзда тая бермейтін көрінеді. Кәсібі ұқсас екі халық әу бастағы тіршіліктері жарасқанымен, уақыт өте ұсақ-түйек қақтығыстары, барымталары көбейе бастайды. 
      - Алғаш Алтайдан көтерілгенде қатарымызда 18 000 адам еді. Алайда, 1940 жылы Тибетке үштен бірі ғана жетті. Жол-жөнекей тоналып, құздан құлап, сырқаттанып, Үнді шекарасына 4000 адам әрең жеттік. Бәле емес, пана іздеген жазықсыз жандар екенімізді білген соң ғана шекарадан өткізді, - деп еске алған еді Шәріп ақсақал сонау қырқыншы жылдарды. 
      Бас сауғалап келе жатқан қазақтарды Кашмир аймағының бір аңғарына қамап тастайды. Ақсақалдың айтуынша, бұл жерде күніне оннан астам адам аурудан көз жұмып отырған. Ақыры шыдамның шегіне жеткен үш адам қашып шығып, көмекке жүгінеді. Дәл сол кезде қапастың басшысы ауысып, оларға рақымшылық та жасап жіберген. Сөйтіп, араға уақыт салып, бір топ халық Пәкістанның Бхопал қаласына көшіп барады. Ол жерден шаруашылыққа жер берілгенімен, халық қауқарсыз еді. Бірақ әбден шаршап-шалдыққан, торғайдай тозған халыққа үкіметтен азды-көпті көмек те көрсетіледі. Қызыл крестің, Қытайдың көмегімен әркім бастарына баспана салып, «Қазақабад» атты кішігірім ауыл тұрғызады. 
        Қазақтардың кейбіреуі Матар деген орманды алқапты сұрап, біразы сонда көшіп барады. Сөйтсе, Матар аралына жергілікті халықтың өздері баруға жүректері дауаламайтын мекен екен. Ауасы қапырық, жаңбыры толастамайтын, жыртқыш аңы күндіз-түні жортып жүретін жер екенін жаңа көшіп барған қазақтар қайдан білсін?! Жерден қопарыла шыққан қазандай қоңыздарды, қайқы құйрық шаяндарды көрген жұрт кері көшуге бірден қамданады. Қысқасы мұнда Қазақабадтан артық жер жоқ екеніне көз жеткізеді. Жаңа бой көтерген Қазақабад ауылында төрт сыныптық мектеп ашылып, білімді адам Хашим Али басшылық тізгінін алады. Ал Халифа Алтай сол кісіге көмекшілік етеді. Нұршәріп Сейтқазыұлы осы мектеп-медреседен құран, намаз оқуды және хинди, урду тілдерін үйреніп шығады. Осы Қазақабадта сауатын ашқан Нұршәріп Найманның бір өкініші - Делидегі «Исламият» колледжіне түсуге мүмкінідігі бола тұра бара алмай қалғаны...

Қажылық қарызын өтейді

      1947 жылы Үндістанның тыныштығы бұзылады. Мемлекет екіге жарылып, үндістер және Пәкістан болып бөлінеді. Қазақтар болса, Пәкістанға қоныс аударды. Сол уақытта көп қиындық көріп өскен Нұршәріп өзбек молданың Фатима есімді қызына үйленеді. Бес жылдай Пәкістанда тұрақтайды. Кейіннен үш балалы Нұршіріп Сейтқазыұлы отбасымен Ыстамбұлға қоныс аударады. Алайда, кішкентай ұлына Ыстамбұлдың ауасы жақпай, дәрігерлердің кеңесімен ыстық жер іздеп қайта жолға шығады. Сирияны, Ливияны, Иорданияны басып өтіп, Иерусалимге табан тірейді. Бірақ бала оңала қоймаған соң қарыз алып, Сауд Арабиясына барып қажылық міндетін өтейді. Құнанбай қажының Мәдинедегі қонақүйінде үш күн түнеу бақыты бұйырады Шәріп Найманға. Бұл жақта ешбір құжаты болмағандықтан жұмысқа орналасу да қиынға соғады. Сөйтіп жүргенде Арабияға ерте көшіп келген Әзиз Зия дейтін адаммен танысып, мөр басқан тілдей қағазды қолына ұстатады. Сегіз жыл сол кісінің көмегіне арқа сүйеп, Меккеде өмір сүреді. Қажылық міндетін өтеп, 1970 жылы алты баласымен Ыстамбұлға оралады. Ал әйелі Фатима екі баламен Алманияға барып, Мюнхендегі бір фабрикада ағаштан ойыншық жасаумен айналысады. Өкінішке қарай, Фатима 1980 жылы өз көлігімен Түркияға келе жатып жол апатынан көз жұмады. Осындай ауырлықты бастан өткерген Шәріп ақсақалдың Алтайға деген, Катонқарағайына деген сағынышы арта түседі. 
       Шәріп Найман ақсақал өзі туралы естелігінде: «Адам баласы үшін бұл жалғанда отансыздықтан ауыр жетімдік жоқ. Біз соны өмір бойы арқалап келеміз. Ең әуелі «Ағажай, Алтайды» айтып аңырадық. Одан үміт үзілген соң, Атамекен – Қазақстанды аңсадық. Жетпісінші жылдардың соңында Қазақстанға жол ашылып, бір жасап қалдық. Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы төбемізді көкке көтеріп жіберді. Ел тәуелсіздік алды. Ең абзалы – осы тәуелсіздіктің алтын нұрын Нұрсұлтан Әбішұлы ең әуелі бізге – Түркиядағы туыстарға шашып кетті. Алақанымызды аспанға жайып, ақ сарбас айтып, тәуелсіздікке тапжылмайтын тұғыр, тұңғыш Президентке таймайтын тақ тіледік. Артық айтсам, кешіріңіздер, тегінде, тәуелсіздік, теңдік, туған жер, алтын Отан дегеннің қадірін елде жүрген еркеден гөрі, шетте жүрген шерменделер мың есе терең түсінеді...» - деп жазып кеткен.

Мұстафа Өзтүрікпен құда еді

      Шетте жүрген Шәріп қажының 1990 жылы алғаш рет бабаларының байырғы мекені Катонқарағайға жолы түседі. Сүйектес ағайыны, Социалистік еңбек ері, марқұм Бошай Кітапбаевпен кездесіп танысады. Сол кісінің арқасында Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болып, батасын алады. 
      Сексеннің сеңгіріне шыққан Шәріп ақсақал соңғы рет 2013 жылы Катонқарағайдағы, Шыңғыстайға келіп, ата-бабасының рухына құран бағыштайды. Ақсақалды сол кездегі Әбдікерім атындағы Шыңғыстай орта мектебінің директоры Бірлік Жұмақанов қарсы алып, ақ дастарқанынан дәм татқызады. Иығына шапан жабады. Атамекеніне келген соңғы сапары осы екен. Нұршәріп Найман қажы сол жылдың тамызында Мюнхень қаласында дүниеден өтеді. Бала-шағасы сүйегін Түркияның Ыстамбул қаласына апарып жерлейді. 
     Көпті көрген ақсақалдың соңында қалған балалары Германияның Мюньхен қаласында тұрады. Қазақтың тілін, дінін, салт-дәстүрін мықты ұстанады олар. Әрқайсысы әр салада еңбек етеді. Ақсақалдың ұлы Махмұт Найман Мюньхен қаласында «Найман» атты шағын дүкен ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Шет жерде туып-өскендерімен Қазақстан тартып тұратынын айтады. 
       - Бізге қарағанда туған жердің иті бақытты. Сағынамыз атамекенді. Сол жақта болып жатқан жақсы жаңалықтарға елең етіп, әр жетістігіне қуанып отырамыз. Ата-бабам түтін түтеткен, ұрпағын өрбіткен Катонқарағай жеріне барғымыз келеді. Жуық арада жолымыз да түсіп қалар, - дейді Махмұт Найман.
       Айтпақшы, ақсақалдың ұрпақтары әйгілі Мұстафа Өзтүріктің де туыстарымен жақсы араласады. Тіпті, бір көшенің бойында тұратын көрінеді. Нұршәріп қажы Мұстафа Өзтүрікпен туған құда болған екен. Туған-туыстар ұлттық мейрамдарда бір-бірінің үйіне қонаққа барып, мейман күтуді дәстүрге айналдырған, ата дәстүрді ұмытпай ұлықтап келеді.

       Мерей Қайнарұлы
      «Дидар» газеті 

толығырақ

   

     Халықаралық журналист, белгілі ғалым Досан Баймолданың «Еуропадағы қазақтар» атты кітабы жарық көрді. Бұл Еуропадағы қазақ диаспорасы жайлы жазылған тұңғыш зерттеу еңбегі. 

      Зерттеу кітабында қазақтардың Еуропа елдеріне қоныстану тарихы, сондағы қазақ диаспорасының қалыптасу кезеңдері және бүгінгі тұрмыс тіршіліктері, кездесіп отырған кейбір рухани-әлеуметтік қиындықтар жайлы сөз болады. Кітап қаламгер Досан Баймолданың «Азаттық» радиосында қызмет істеген жылдарындағы жинаған мұрағат құжаттары және Еуропада тұрып жатқан қазақтар арасында өткізілген сауалнама, көптеген сұхбат материалдары негізінде жарық көріп отыр. 
     «Бұл кітап Досанның сонау 1980-2000 жылдары Еуропаның Польша, Чехия секілді елдерде жоғары білім алып, ғылыммен және журналистік қызметтермен айналысқан кезінде Еуропа қазақтары өмір сүріп жатқан қалаларға әдейі барып, жүргізген сұхбаттары мен жинақтаған мол материалдары негізінде жазылды. Әсіресе, автордың 1996-2002 жылдары Прагада орналасқан «Азаттық» радиосында қызмет етіп, сондағы қазақ редакциясының «Шетелдегі қазақтар» бағдарламасын жүргізген кезеңдері айрықша жемісті болды. Еуропада өмірінің 20 жылын өткізген зерттеуші ғалым Досан Баймолданың «Еуропа қазақтары» кітабы о баста Алтайдан ауған ел өмірінің жаңа кезеңін, кәрі құрылыққа қоныстану жағдайын жан-жақты зерттеп көрсетуге арналған алғашқы еңбектердің бірі»,-дейді кітапқа алғысөз жазған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев.
    АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Чехия, Мажарстан, Германия, Австрия, Франция, Швеция, Нидерландия, Швейцария, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран және Қытай сияқты елдерде ғылыми және журналистік сапарда болған тілші қазақ, моңғол, поляк, чех, ағылшын және орыс тілдерін жетік меңгерген. Ғалымның бүгінге дейін 12 кітабы баспа бетін көрді. 
     Айта кетейік, бұған дейін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығынан «Шетелдегі қазақтар» сериясымен «Моңғолиядағы қазақтар», «Қытайдағы қазақтар», «Өзбекстандағы қазақтар», «Ирандағы қазақтар» атты кітаптар жарық көрген болатын. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында шыққан «Еуропа қазақтары» кітабы да сол еңбектердің жалғасы.

         Майгүл СҰЛТАН

       BAQ.kz 

толығырақ

Ұлыбритания қазақ мәдениеті орталығының төрағасы Исмаил Кесижи. Астана, 29 қазан 2015 жыл.

Ұлыбритания қазақ мәдениеті орталығының төрағасы Исмаил Кесижи. Астана, 29 қазан 2015 жыл.

      Ұлыбританиядағы қазақ мәдениеті орталығы төрағасы Исмаил Кесижимен Азаттық тілшісі қазанның 29-ы күні Астана қаласында кездесті. Ол Азаттыққа берген сұхбатында шетелдегі қазақ жастарына тіл үйретудің тиімді тәсілі ретінде «қазақ диаспорасына арнап телеарна ашылса» деген тілегін білдірді.

        Азаттық: – Исмаил Кесижи мырза, Ұлыбританияда тұрғаныңызға қанша жыл болды?

        Исмаил Кесижи: – 1986 жылдан бері тұрып жатырмын. Түркияда тудым, Түркиядан бардым. Ата-бабамыз нәубетті заманда Индия, Пәкістанға өтіп, Түркияға 1953 жылы келген. Түпкілікті жеріміз Көкшетау өңірі екен. Мамандығым – электроника инженері. Англияға (бұдан ары Ұлыбритания - ред.) барған соң сән, тоқыма дизайны саласына көштім.

        Азаттық: – Ұлыбританияда қанша қазақ отбасы бар?

      Исмаил Кесижи: – Түркия арқылы барған 45 үйдей бармыз. Оның сыртында, Қазақстаннан келіп, әртүрлі жұмыс істеп жатқан 100-ге жақын отбасы бар. Бұдан бөлек, британиялықтарға күйеуге тиген 250-ден астам қазақстандық қыздарымыз бар. Қытай, Моңғолиядан келген 3-4 үй және бар. Саны үш мың мен төрт мың арасында өзгеріп тұратын, Қазақстаннан келетін студенттеріміз бар. Бәрін қоссақ, бірталай қазақ боламыз.

      Азаттық: – Араласып тұрасыздар ма?  

Еуропадағы қазақстандық студенттер. 2015 жыл. (Көрнекі сурет)Еуропадағы қазақстандық студенттер. 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

       Исмаил Кесижи: – Шама-шарқымыз жеткенше. Өткен жылы Ұлыбританияның көп университеттерінде Наурыз мейрамын өткіздік. Оны «Болашақ» бағдарламасымен Қазақстаннан келген студенттер бастады, біз қолдап, қосылдық. Біз басқарған шараларға олар да қосылып тұрады. Қазақ елшілігі, қазақ диаспорасы және қазақстандық студенттер қосылып, «үш бұрышты қоғам» болып тұрмыз.

          Азаттық: – Сіз тәп-тәуір қазақша сөйлейді екенсіз. Қазақ тілін қайдан үйрендіңіз?

        Исмаил Кесижи: – Біріншіден, Түркияның қазақ ауылында тұрдым. Алты жасыма, мектепке барғанға дейін басқа тіл білмедім. Әрине, кейін Стамбулға көшкен кезде тілді ұмыта бастадым. Бірақ, бақытыма қарай, 1974 жылы 12 жасымда Қазақстаннан адрес тауып, хат алысып жүрдім. Жазған хат үш айда келіп жететін. Сол кездері кириллицаны үйрендім. Кейіннен кітаптар алып, оқи бастадым. Екінші жағынан, әйелім - қазақстандық. 1992 жылы Қазақстанға келгенімде үйленгем. Осының бәрі тілді ұмытпауыма үлкен себеп болған шығар.

        Азаттық: – Ұлыбританиядағы қазақ мәдениеті орталығы нендей қызмет етеді?

      Исмаил Кесижи: – Қазақ мәдениеті орталығы тіркеуден өтіп, қызмет жасап келе жатқалы 10 жылдан асты. Оның алдында қоғамдық ұйым ретінде жұмыс жасады. Еуропадағы мәдени орталықтардың жұмыстары ұқсас. Айт, Құрбан айт, Наурыз сияқты мейрамдарды ұйымдастырып, бас қосып тұрамыз. Желтоқсанның 19-ы күні Еуропа [қазақ] жастары конференциясы өтеді, қазір соған дайындалып жатырмыз. Бұл конференция осымен бесінші мәрте өткелі отыр. Бұған дейін Еуропа қазақ жастарына қазақ диаспорасы тарихы, қысқаша қазақ тарихы туралы айтқанбыз. Осы жолғы тақырып - Қазақ хандығының 550 жылдығы. Одан бөлек, қазақ диаспорасы жастарының түрлі проблемаларын көтермекпіз.

         Азаттық: – Еуропадағы қазақ жастары алдында қандай проблемалар бар?

        Ең басты мәселе – қазақ тілі. Еуропа жастарына қазақ тілін үйрену ағып жатқан суға қарсы жүзумен тең. Бұл жұмыс бір сәтке тоқтаса, енді қайтып ұстатпайды. Оны түсініп, әрекет етіп жатырмыз.

        Исмаил Кесижи: – Ең басты мәселе – қазақ тілі. Еуропа жастарына қазақ тілін үйрену ағып жатқан суға қарсы жүзумен тең. Бұл жұмыс бір сәтке тоқтаса, енді қайтып ұстатпайды. Оны түсініп, әрекет етіп жатырмыз. Қазір әр сенбіде жастарға қазақ тілін үйретіп жүрміз. Бірақ, аптасына өтетін екі сағаттық бұл сабақтан жастар тіл үйреніп жатыр деуге келмейді. Елге де (Қазақстанды айтады – ред.) қарайлап отырған жайымыз бар. Тіл үйретудің ең үлкен амалы теледидар екеніне көзім анық жетті. Неге десеңіз, Еуропада туып өскен, өмірінде Түркияға барып көрмеген, түрік мектебінде оқымаған мұқым қазақ баласы түрікше сайрап жүр. Себебі, олардың үйлерінде түрік телеарналары қосулы тұрады. Түркияның 250-ден астам каналы спутник арқылы тарайды. Дәл осы секілді балаларға арналған қызықты қазақ тілді телеарналар Еуропоға жетсе, бала тілі тез шығар еді. Ондай күнге жетсек, сенбілік мектеп ашып, сабақ берудің қажеті болмай қалады. Ал Kazakh TV телеарнасы - үш тілде хабар тарататын ақпараттық канал. Диаспора балаларына арналған деуге келмейді.

        Азаттық: – Еуропадағы қазақ жастарына қазақ тілін үйренуге кириллица әліпбиі де кедергі шығар?

       Исмаил Кесижи: – Кирилл таңбасын үйренуге ұзағанда бір-екі күн ғана кетеді. Сосын жеңіл бірлі-екілі кітап оқыса, ары қарай алып кетеді. Ұлыбританияға келген қазақ жастары 5-6 айда ағылшынша таза сөйлеп кетеді ғой. Бұл не? Бұл – талап! Бірінші адамның сөйлегісі келуі керек. Ол үшін ұлттық сезімді ояту керек.

       Азаттық: – Ол сезімді Ұлыбританияға барған қазақ студенттері мысалымен көрсетуге болатын шығар? 

        Ол аз ойланып отырды да, «Орысша сөйлейтін қытайлар ма?» деп қарсы сұрақ қойды... Олар орысша сөйлейтін азиялықтардың қайдан келгенін таппай, «кім?» деп ойлайды. 

       Исмаил Кесижи: – Бұл сұрағыңызға бір мысалмен ғана жауап берсем деймін. Өткенде Оксфорд университетіне іссапармен бардым. Жолай таксист «Кім боласыз? Қайдан келдіңіз?» деп сұрады. «Қазақстаннан. Қазақтарды білесіз бе?» дедім. Ол аз ойланып отырды да, «Орысша сөйлейтін қытайлар ма?» деп қарсы сұрақ қойды. Бұл сөзді олар бізге түр-әлпеті ұқсайтын вьетнамдықтарға, кореялықтарға, жапондарға айтпайды. Себебі, олар өз тілінде сөйлеп тұрады. Ал орысша сөйлеп тұрған азиялықтардың қайдан келгенін таппай, «кім?» деп ойлайды. Бұл менің намысыма тиеді.

     Азаттық: – Өздеріңіз, немесе Еуропада туған қазақ жастары Қазақстанға көшіп келуге қаншалықты құлықты?

        Исмаил Кесижи: – Еуропадағы қазақтың саны - әрі кетсе жеті мың. Оның бәрі көшіп келіп, осындағы қазақ санын көбейте қоймайды. Біздің бір ойымыз - жастарымыздың бір бүйрегі Қазақстанға тартып тұрса дейміз. Екінші бүйрегі болған туып-өскен мемлекеттерінде жақсы оқып, білім алғанын қалаймыз. Келешекте Еуропадан Қазақстанға барып қызмет етіп, пайдасын тигізсе дейміз. Ол үшін жастарға Қазақстанды танытып, қарым-қатынасты жиілету керек. Ал «жаппай көшіп кел» дегенге ешкім келе қоймайды.

      Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!

       http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_great_britain_kazakhs/27341854.html  

толығырақ

      Тамыр-таныстарымның Минск  туралы әңгімелерін көп тыңдағандықтан, осы қалада болуды көптен армандайтынмын.  Сол арман ақиқатқа айналып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырған шаралары аясында қыркүйек айында Беларус еліне сапар шегудің сәті түсті. Маған сапар кезінде өтетін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол»  Жолдауын талқылау бойынша өтетін Дөңгелек үстелде модераторлық ету міндеті жүктелді.  

       ДҚҚ-мен бірлесіп өткізілген әртүрлі конференцияларда көп мәрте кездессек те, осы сапар кезінде мен Қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевпен алғаш рет таныстым. Ол кісі сырт қарағанда маған ағайынгершілік қатынасты көтере алмайтын, қатаң адам тәрізді көрінген. Таныса келе бұл ойым теріс болып шықты. Талғат Асылұлы тартымды, ақыл-парасаты мол, әзіл-оспақ сезімі керемет адам екен.

      Минскіге сапарымыз Алматыдан Санкт-Петербургке бес сағаттық ұшудан басталды. Менің Питерге алғаш рет келуім. Пулководағы әуежай өзінің архитектуралық талғампаздығымен таңқалдырады. Орасан зор, шеңбер тәріздес жауһар. Өкінішке қарай, Ресейдің «солтүстік астанасында» басқа ештеңе көре алмадым. Үш сағаттан соң Минскіге ұштық. Әуежайда делегацияны Беларусь Республикасындағы Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері қарсы алды. Әуежай қаладан 30-40 минуттық жерде екен. Қалаға дейінгі автокөлік жолының басым бөлігі орман. Беларусь жерінің 60 пайызынан астамын орман құрайтынын кейіннен білдік. Қала өзінің әсемдігі, керемет тазалығы, кең көшелері және жолдарында кептелістің жоқтығымен таңқалдырды. «Беларусь» қонақ үйіне жайғасып, өзімізді тәртіпке келтірдік те «Карат» мейманханасына кешкі асқа бардық.

      «Карат» мейрамханасына жеке тоқталуды жөн көріп отырмын. Өйткені оны алматылық кәсіпкер Бақытжан Әшімжанұлы ашқан екен. Ұлтжанды азамат Қазақстаннан келген делегацияға дастархан жайыпты. Делегация мүшелерінің барлығын елші Ерғали Бөлегеновтің өзі қарсы алды. Елшімен бірге Беларусь Республикасындағы Қазақстан Республикасының Құрметті Консулы, «Атамекен» қазақ мәдени орталығының төрағасы – Чермен Анатольевич Шоқанов болды.

      Кешкі ас жоғары дәрежеде өтті. Беларус, қазақ ұлттық тағамдары тартылды. Талғат Асылұлы делегациямыздың мүшелерін Елші мырзамен таныстырып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Беларусь Республикасына алғаш рет келгендігі туралы айтты. Осы сапарды ұйымдастырғаны үшін Елшіге алғысын білдіре отырып, сапарымыздың мақсаты мен алға қойған міндеттерін қысқаша баяндап берді.

       Кеш шын ықыласты жағдайда өтті. Айтылған тілектер қазақтың халық әндері мен қызықты хикаялармен кезектесіп жатты. Олардың ішінде, Ерғали Бөлегенұлының Испанияда Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін атқарған кезіндегі бір жағдай жадымызда қалыпты. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Испанияға ресми сапары кезінде, Испания королі Хуан Карлос I де Бурбон ресми хаттаманы бұзған. Қазақстан Республикасы Президентіне ұсынылған автокөлікті король өзі жүргізіп, резиденциясына жеткізген. Елшінің испан әріптестері мұндай жағдайдың тұңғыш рет болғандығын айтқан. Испан королі мәртебелі қонақтарының бірде-бірін мұндай құрметке бөлемеген екен. Бұл да Елбасымыздың әлемдегі беделінің биіктігін көрсетеді.

     Ертеңіне Беларусь Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ерғали Бөлегеновпен кездесу болды. Елші мырза бізді дастархан басына шақырып, қызметкерлерімен таныстырды. Олар Беларусь Республикасындағы қазақ диаспорасының саны, осы жерді мекендеп, қызмет атқаратын Қазақстан азаматтары, беларусь жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақстандық студенттердің саны және т.б. туралы әңгімелеп берді.

    Одан соң негізгі шаралар Беларусь ұлттық техникалық университетінде өтті. БҰТУ ұжымы қонақтарды қошаметпен қарсы алды. Жалпы Беларусь азаматтарының біздің елге деген көзқарасы мен лебіздері жылы екендігін айта кеткен жөн. Елдеріміздің Президенттері – Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенконың достық қарым-қатынастары баршаға мәлім.

     Сапарымызға деген ниеттері оң, тілектері ақ болғандықтан, сөзді өздеріне берейік. Біздің кездесу туралы БҰТУ сайтында былай деп жазылған:

      «2015 жылдың 10 қыркүйегінде Беларусь Республикасына сапар шеңберінде, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Асылұлы Мамашев пен Беларусь Республикасындағы Қазақстан Республикасының  Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерғали Бөлегенұлы Бөлегенов бастаған делегация Беларусь Ұлттық техникалық университетіне келді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы – Төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болып табылатын, республикалық маңызы бар халықаралық мемлекеттік емес ұйым. Құрметті қонақтарды БҰТУ бірінші проректоры Федор Иванович Пантелеенко мен БҰТУ оқу жұмысы және халықаралық ынтымақтастық бойынша проректоры Александр Риммович Цыганов (екеуі де БР ҰҒА академиктері –Е.Б.) қарсы алды.

    Делегация мүшелері Беларусь Республикасындағы қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысуымен БҰТУ-дегі Абай атындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті Орталығының базасында «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты тақырыптағы дөңгелек үстелге қатысты. Осы іс-шараны БҰТУ, «Атамекен» қазақ мәдени орталығы және Беларусь Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі ұйымдастырды».   

      Дөңгелек үстелді Талғат Мамашев ашты. Ол өз сөзінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылған күнінен бастап (1992 жылы) өз отандастарын түгендеп, шетелде қанша қазақ барын, олардың жай-күйін анықтап жатқанын, десек те қауымдастық бүгін ғана Беларусь Республикасына алғаш рет ресми сапармен келіп отырғанын атап өтті. Беларусь жерінде өзінің тарихи тамырларын ұмытпаған, қазақ мәдениетін ілгері жылжытып отырған  қазақ диаспорасының өкілдерімен кездескеніне қуанышты екенін жеткізді. Талғат Асылұлы дөңгелек үстелдің қатысушыларын ДҚҚ делегациясы сапарының мақсатымен таныстырып, отандастарының жылы раймен қабылдағанына ризашылығын білдірді.

      Жоғарыда айтылғандай, мен дөңгелек үстелдің модераторы болдым. Өзімді таныстырып, іс-шараның қатысушыларын ҚР Президентінің жыл сайынғы Жолдауларының тарихы, олардың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуындағы маңызы, Елбасының бес институционалдық реформасын іске асыру бойынша «Барлығына арналған қазіргі мемлекет» атты 100 нақты қадам, «Нұрлы жол» Бағдарламасы және Ұлт жоспарының маңызы туралы айта отырып, Дөңгелек үстелдің жұмысын бастап кеттім.

     «Атамекен» ҚМО мүшелері Дөңгелек үстелдің тақырыптамасы бойынша бірнеше баяндама дайындағанымен тұрмай, оны пікір алмасу және пікірталас алаңына айналдырып, бізді таңқалдырды. Атап айтқанда, ТМД Атқару комитеті ақпараттық-аналитикалық департаментінің кеңесшісі, заң ғылымдарының кандидаты Сүлеймен Мұқашев, БҰУ халықаралық қатынастар кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Роза   Тұрарбекова, БМУ менеджмент және әлеуметтік саланың экономикасы кафедрасының доценті, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты  Рахметолла Байтасов, Беларусь Республикасындағы «Атамекен» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары Ғалия Есенбаева және басқалар мазмұнды да қызықты баяндамалар жасады. Диаспора өкілдері Елбасы Жолдауы мен бағдарламаларында жарияланған жаңа экономикалық саясатты дүниежүзілік дағдарыс пен заманның жаңа сын-тегеуріндеріне олардың тарихи Отанының берген лайықты жауабы деп атап өтті. Беларусьтегі диаспора өкілдері «Нұрлы жол» атты бағдарламалық құжатта Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған идеяларға қатысты өз пікірлерін білдірді. Диалог кезінде тарихи Отанымыздың дамуы мен гүлденуіне барынша үлес қоса алатындай қазақстандықтардың дүниежүзілік қауымдастығын құру идеясы айтылды.

        Беларусь елінде өткен шаралар жайында БҰТУ сайты:

     «Дөңгелек үстелден кейін қонақтар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы делегациясының Беларуссияға сапары мен БҰТУ бас корпусының 3-қабатындағы холлда экспозициясы орналасқан қазақ диаспорасының қызметіне арналған «Қазақстан – халықтар мен замандарды біріктірген жер» атты фотокөрме, сондай-ақ, университет интергалереясындағы ұлттық қолөнер және сирек кездесетін кітаптар көрмесін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. БҰТУ профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері шақырылып, қазақтар орындаған халық музыкасының концерті – кездесудің шарықтау шегі болды. Концертте ақын-жыраулардың орындауындағы жанды ұлттық музыка, дәстүрлі қазақтың аспаптық пьесалары – күйлерді қазақтың дәстүрлі әншілері – Ерлан Стамғазиев, Уатқан Захан, Гүлзира Бөкейхан, «Серілер» тобы орындап,  әуезді әндер тыңдап, рахаттандық. Зал әртістерді қол соғып, жылы қарсы алды, ал олар болашақта Беларусь Республикасына және БҰТУ-ға тағы да келетіндіктерін айтты. БҰТУ-де және концертте болғаны туралы естелік ретінде әртістерге БҰТУ басшылығы сабаннан жасалған балалайка және кәдесыйларды тарту етті.

      Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы делегациясының БҰТУ-ге сапары елдеріміз арасындағы баянды ынтымақтастыққа қосымша дем беріп, Қазақстан-Беларусь қарым-қатынастарының әрі қарай дамуына себепші болды»   деп жазды.

      Минск қаласында тұратын ағайындар бала-шағасымен келіп өздерінің құрметіне арналған концертті тамашалады. Концертке Минск қаласында оқып жатқан студенттер және 92 жастағы Мырзатай Берікбаев атамыз да  келген екен. Ұлы Отан соғысының батыры Беларусь Республикасының «Құрметті солдат» атағын алған атамыз 1941 жылдың күзінде Алматыдан атақты Панфилов дивизиясының эшолонымен кеткен. Дәм-тұз тартып Беларусь жерінде қалған атамыз 70 жылдан аса Минск қаласында тұрады. Ол кісінің екі баласы да әскери қызметте және қазақ мәдени орталығының белсенді мүшелері. Алдыңғы қатарда отырған атамыз қазақ әнін көзіне жас алып тыңдады. Қытай елінде туып-өскен, Бейжіңнің Өнер институтында білім алып, қазір Астана филормониясында әнші болып жүрген Гүлзира Бөкейхан батыр атамызға тағзым етіп, гүл шоғын ұсынды.

      БҰТУ-дегі Абай атындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениетінің орталығы мен «Атамекен» ҚМО туралы айта кеткен абзал.

      Орталық 2011 жыл 23-25 мамырдағы Беларусь Республикасы Президенті А.Г.Лукашенконың тапсырма хаттамасының 3 бабына сәйкес БҰТУ құрамында құрылған. Орталықтың міндеттері: беларустық және қазақстандық студенттер арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайту және тереңдетуге қолқабыс ету; олардың ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамыту; білім беру саласындағы ынтымақтастық (БҰТУ және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ арасында), сонымен қатар, спорт, туризм және қоғамдық ұйымдар арасындағы әрекеттестік болып табылады. Орталық базасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік және ұмытылмас даталарына арналған фотокөрмелер, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіледі. Орталық БҰТУ өткізетін студенттердің іс-шараларына белсенді түрде қатысуда.

     «Атамекен» ҚМО 2004 жылдың маусымында құрылған. Ол қазақтың әдеби, музыкалық, хореографиялық, бейнелеу өнерін, қазақ халқының тілі, дәстүрі мен мәдени байлықтарын зерделеу және насихаттауға бағытталған мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізеді. Беларусь еліндегі қазақ диаспорасы шамамен 1,5 мың адам.

    «Атамекен» ҚМО жанында «Ошақ» атты қазақ ұлттық мәдениетінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылған, бишілер ұжымы мен жас музыканттарды, талантты оқушылар мен әншілерді  біріктіретін «Қарлығаш» шығармашылық ұжымы жұмыс істейді. «Қарлығаш» – Минск қаласының «Яднанне» ұлттық мәдениеттер фестивалінің, «Сонечны птах» ұлттық мәдениеттердің республикалық балалар фестивалінің, Ақтөбе қаласындағы қазақ мәдениетінің халықаралық фестивалінің жүлдегері. «Олег Спицин и Чермен» (Ч.А. Шоқановтың студиясы) музыкалық студиясында шығармашылық ұжымға арналған қазақтың әуендеріне арналған барлық әрлеу тегін жазылады.

      Жыл сайын Беларусь Республикасында тұрып жатқан барлық қазақтың басын біріктіретін «Шаңырақ» мерекесі өткізіледі.

     Қысқасы, беларусь жеріндегі қазақ диаспорасы – Беларусь Республикасында өзінің тарихи тамырлары мен дәстүрлерін ұмытпай, қадірлеп, қазақ мәдениетін таратушы болып отыр. 

      Беларусь астанасының Мұхтар Әуезов атындағы көшеде орналасқан аттас № 143 орта мектепке баруымыз – тұтас Беларусь Республикасы мен Минскіге барған сапарымыздың ұмытылмас сәті болды. Мектеп басшылары мен оның оқушыларының ұлы жазушымызды қалайша қастерлегенін көріп, қуандық. Бізді нанмен, әнмен қарсы алған мектеп ұстаздары бүкіл мектепті аралатып, қазақтың ұлы жазушысына арналған мұражайды көрсетті. Қазақстандық делегацияға мектеп оқушылары  М.О. Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасының театрға бейімделген үзіндісін қойғаны бізді ерекше тебірентті.

      Сапардың соңғы күні Минск қаласында тұратын Роза апайымыздың үйінде бейресми кездесу өтті. Оған жиналған қазақ диаспорасы өздерін еркін сезінгенімен, көздерінде сағыныш пен қимастық сезім қатар тұрды. Негізі Беларусь еліндегі қазақ диаспорасы Ұлы Отан соғысы кезінде қалған солдаттар мен Кеңес одағы кезінде жұмыс бабымен барған қызметкерлер және беларусь жігіттерімен отбасын құрған қазақ қыздарынан тұрады. Отырыс әдемі әзіл-қалжыңмен, ән-жырмен өрбіп, Қауымдастық өзінің апарған сый-сияпатын тапсырып, алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын болып келісілді. Сонымен қатар Қазақстанның гүлденуі үшін, елдеріміздің достығы, қазақ және белорус халқының аман-саулығы үшін  игі тілектер айтылды.

      Ең бастысы, «ағайының бар кезде – басыңда тұрар аруғың» дегендей, отандастарымызға Қазақ елінің асқар таудай сүйеніш екенін сезіндік.

    Еркін БАЙДАРОВ, ҚР БҒМ Ғылым Комитеті Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымының кандидаты

      "Ұлт мұраты" апталық газеті №17 (18) 15 қазан 2015 жыл

толығырақ

     2015 жылғы тамыздың соңында, кезекті еңбек демалысы тәмамдалып, күз салқыны сезілген кезде, ұялы телефоным қоңырау соқты. Хабарласқан Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы (ДҚҚ) Талдау орталығының директоры – Күлғазира Балтабаева болып шықты. Әдеттегідей, тез сөйлейтін Күлғазира Нұранқызының дауысы қыркүйектің басында ДҚҚ делегациясының құрамында Беларусь Республикасының астанасы – Минск қаласына бірге баруға шақырғандықтан, қуанышым қойныма сыймады.

     Мен баруға келіскен жағдайда, К. Нұранқызы ҚР  Президенті Н. Назарбаевтың «Нұрлы жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын Белорусь Республикасындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен талқылайтын «Дөңгелек үстелдің» модераторы болатынымды айтты. Бұл сапар Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығына  орайластырылған. Жолдың барлық шығынын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ы көтеретін болды.

     Бұл сапардан бас тарту ақымақтық болар еді. Тамыр-таныстарымның әдемі Минск туралы әңгімелерін көп тыңдағандықтан, сонда баруды армандайтынмын. Мінеки, сол керемет мүмкіндіктің жолы да болды. Жолдасым мен қызым қолдап, менің дұрыс шешім қабылдағаныма сенімімді арттырды.

     Бала шағымда Белоруссия – өзен-көлді, батпақты, жан-жағынан орманмен қоршалған ел болып көрінетін. Ұлы Отан соғысы (1941-1945) жылдарында белорус ормандарындағы партизандар қозғалысы туралы кеңес заманының фильмдері, неміс басқыншылары өртеп жіберген белорустың Хатынь деревниясы, «Песняры» және «Сябры» вокалды-аспапты ансамбльдерінің әндері, минскілік «Динамоның» алматылық «Қайрат» пен ташкенттік «Пахтакордың» одақ чемпионатындағы біріншіліктегі футболдық жарысы Белоруссия мен белорустардың қандай екенін есіме салды.

     Сапарға дайындық жаңа костюм мен жейде сатып алудан басталды, тіпті, «осы сапар болмаса, бұрынғы костюммен жүре берер едім» деген ой да келді. «Не болса да, түбі – жақсылық болар» деп бекер айтылмаған.

    Сонымен, таң атпай, 2015 жылдың 9 қыркүйегінде Беларусь Республикасына саяхатым басталған алматылық әуежайға таксимен жеттім.

    Оның алдында, 8 қыркүйек күні, делегация мүшелері Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары – Талғат Мамашевтың кабинетінде жиналды. Беларусь Республикасына сапарымыздың мақсаты туралы қысқаша әңгімелеу үшін, Талғат Асылұлы ең алдымен менімен кездесті.

    ДҚҚ-мен бірлесіп өткізілген әртүрлі конференцияларда көп мәрте кездессек те, Талғат ағамен алғаш рет таныстым. Меніңше, Талғат аға ағайынгершілік қатынасты көтере алмайтын, қатаң адам тәрізді болғанды. Ол ойым дұрыс болмай шықты. Т. Асылұлы тартымды, ақыл-парасаты орасан зор, әзіл-оспақ сезімі керемет адам екен.

    Минскіге сапарымыз Алматыдан Санкт-Петербургке бес сағаттық ұшып өтуден басталды. Бұл Питерге алғаш рет келуім. Пулководағы әуежай өзінің архитектуралық талғампаздығымен таңқалдырады. Орасан зор, шеңбер тәріздес жауһар. Өкінішке орай, «солтүстік астанада» онан басқа ештеңе көре алмадым. Питерден Минскіге баратын рейс арасындағы үш сағатты әуежайда өткіздік.

    Питерлік уақытпен кешкі алтылар шамасында, BELAVIA әуе компаниясының Boeng’e 737-імен Минскіге ұшып шығып, екі сағаттан соң, Беларусь Республикасының астанасына жеттік.

   Минск бізді жайлы күнімен қарсы алды. Әуежайда делегацияны Беларусь Республикасындағы Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері қарсы алды. Әуежайдан шыға берісте ыңғайлы да көп орынды автомобиль күтіп тұрды. Жолжүгімізді тиеп, ішіне отырғаннан соң, Белоруссияға сапарымызды бастадық.

     Минскінің әуежайы қаладан 30-40 минуттық жерде екен. Қалаға дейінгі автокөлік жолының басым бөлігін орман қоршаған. Орман – елдің 60-тан астам пайызын құрайтынын кейіннен білдік. Белорус жеріне аяқ басқаннан бастап, көкірегіміз таза да оттегіге қаныққан ауаға толды.

     Қала өзінің әсемдігімен, керемет тазалығымен, кең көшелері мен жолдарының кептелістен адалығымен таңқалдырды.

    «Беларусь» қонақ үйіндегі ұсынылған бөлмелерге жайғасып, өзімізді тәртіпке келтірдік те, БР ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі – Ерғали Бөлегенұлы Бөлегеновтың көрсеткен құрметі ретінде «Карат» мейманханасындағы кешкі асқа бардық. Жолдың ұзақтығы білініп, бәріміз үңіреңдеп ас аңдыдық.

      «Карат» мейрамханасы әжептәуір жайлы және жылы орын болып шықты. Делегация мүшелерінің барлығын өзінің ақкөңілді күлкісімен баурап алған Елші – Ерғали Бөлегенұлы өзі қарсы алды. Ерғали ағамен қоса, Белорусь Республикасындағы Қазақстанның Құрметті Консулы, «Атамекен» атты Қазақ қауымдастығының төрағасы – Чермен Шоқанов та бірге қарсылап алды.

     Кешкі ас жоғары дәрежеде өтті. Белорус, қазақ ұлттық тағамдары тартылды.  Талғат Асылұлы делегациямыздың мүшелерін Елші мырзамен таныстырып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Беларусь Республикасына алғашқы рет келгендігі туралы айтты. Осы сапарды ұйымдастырғаны үшін Елшіге алғысын білдіре отырып, Талғат аға сапарымыздың мақсаты мен алға қойылған міндеттерін қысқаша баяндап берді.

     Кеш шын ықыласты жағдайда өтті. Айтылған тілектер қазақтың халық әндері мен қызықты хикаялармен кезектесіп жатты. Олардың ішінде, Испанияда ҚР Елшісі болған Ерғали ағаның дипломатиялық қызмет істеген кезіндегі бір жағдай жадымызда қалыпты. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Испанияға ресми сапары кезінде, испан королі Хуан Карлос I де Бурбон ресми хаттаманы бұзған. ҚР Президентіне ұсынылған автокөлікті испандық король өзі жүргізіп, өз резиденциясына жеткізген. Ерғали ағаның испан әріптестері мұндай жағдайдың тұңғыш рет болғандығын айтқан. Испан королінің мәртебелі қонақтарының бірде-бірін мұндай құрметке бөлемеген екен. Осы әңгіме Елбасымыздың дүниежүзіндегі беделінің биіктігін көрсетті.

      Кешкі ас кезіндегі уақыт қас қағымда өтіп кетті. Ертеңіне Дөңгелек үстел өткізіп, ал кешке Қазақстан өнері шеберлерінің концертін беру алдымызда тұрғанын түсіне отырып, жақсылап дем алу үшін қонақ үйге қайттық. 

     2015 жылдың 10-қыркүйегінің атқан таңы қоңыр салқынымен қарсы алды. Сағат 9.00-де өзіміз үйреніп қалған автокөлік күтіп тұрған «Беларусь» қонақ үйінің кіре берісінде жиналып, БР-дағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Е. Бөлегеновпен Қазақстан Елшілігінде кездесуге жүріп кеттік. Бізді Елшілікте күтіп алып, оның ғимараты алдында қазақстандық делегация мүшелері мен Елшілік қызметкерлері бірлесіп фотосуретке түсті.

     Елші мырза бізді дастархан басына шақырып, қызметкерлерімен таныстырды. Олар Беларусь Республикасындағы қазақ диаспорасының саны, осы жерді мекендеп, қызмет атқаратын Қазақстан азаматтары, белорус жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақстандық студенттердің саны және т.б. туралы әңгімелеп берді.

     Елші қызметкерлерінің ішінде, ұзақ жылдар бойы Президенттің жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) жұмыс істеген, саяси ғылымдар докторы, профессор Мұрат Лаумуллинмен ғана таныс едім. ҚР Елшілігінде Беларусь Республикасындағы ҚР Елшілігінің Кеңесші уәкіл қызметін атқарады. Кездесуден соң біз амандасып, қызмет туралы әңгіме қозғап, суретке түстік.

     Естелік тарту алып, қоштасқаннан кейін, Елшіліктік қызметкерлерін отбасыларымен концертке шақырдық. Белорус Ұлттық техникалық университетінде өтетін, сол үшін осында жолымыз түсіп келген іс-шара болатын жерге бардық.

     БҰТУ-де қошаметпен қарсы алды. Белорусь азаматтарының біздің елге дерен шырайы жылы екендігін айта кеткен жөн. Елдеріміздің Президенттері – Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенконың достық қарым-қатынастары баршаға мәлім. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберіндегі ынтымақтастықтың Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының өзара қатынасының «картинасына» жаңа бояу қосары кәміл.

     БҰТУ-не сапарымызға ниеттері оңды болғандықтан, сөзді өздеріне берейік. Біздің кездесу туралы БҰТУ сайтында былай деп жазылған:

    «2015 жылдың 10 қыркүйегінде Беларусь Республикасына сапар шеңберінде, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының Бірінші орынбасары –Талғат Мамашев пен Беларусь Республикасындағы Қазақстан Республикасының  Төтенше және Өкілетті Елшісі – Ерғали Бөлегенов бастаған делегация Белорус Ұлттық техникалық университетіне келді. Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы – Төрағасы ҚР  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болып табылатын, республикалық маңызы бар Халықаралық мемлекеттік емес ұйым. Құрметті қонақтарды БҰТУ Бірінші проректоры – Федор Пантелеенко және БҰТУ-нің оқу жұмысы және халықаралық ынтымақтастық бойынша проректоры – Александр Цыганов (екеуі де БР ҰҒА академиктері – Е.Б.) қарсы алды.

    Делегация мүшелері Беларусь Республикасындағы қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысуымен БҰТУ-ндегі Абай атындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті Орталығының базасында «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты тақырыптағы дөңгелек үстелге қатысты. Осы іс-шараны БҰТУ-нен басқа, «Атамекен» Халықаралық қоғамдық ұйымы және Беларусь Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігі ұйымдастырды» [http://www.bntu.by/news/55-visits/2826-2015-09-15-13-00-07.html].

    Дөңгелек үстелді Талғат Мамашев ашты. Өзінің сөйлеген сөзінде ДҚҚ  өзінің құрылған күнінен бастап өз отандастарының алдында қарыздар, өйткені, тек қазір ғана Беларусь Республикасын алғаш рет ресми сапармен келіп отырғанын атап өтті. Белорус жерінде өзінің тарихи тамырларын ұмытпаған, қазақ мәдениетін ілгері жылжытып отырған Беларусь Республикасындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен кездескенімізге қуаныштымыз. Талғат Асылұлы «дөңгелек үстелдің» қатысушыларын ДҚҚ делегациясы сапарының мақсатымен таныстырып, отандастарының жылы раймен қабылдағанына ризашылығын білдірді.

     Жоғарыда айтылып кеткендей, мен «дөңгелек үстелдің» модераторы болдым. Өзімді таныстырып, іс-шараның қатысушыларын ҚР Президентінің жыл сайынғы Жолдауларының тарихы, олардың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуындағы маңызы, Елбасының бес институционалдық реформасын іске асыру бойынша «Барлығына арналған қазіргі мемлекет» атты 100 нақты қадам – «Нұрлы жол» бағдарламасы және Ұлт жоспарының маңызы туралы айта отырып, «дөңгелек үстелдің» жұмысын бастап кеттім.

    «Атамекен» ХҚҰ мүшелері «дөңгелек үстелдің» тақырыптамасы бойынша бірнеше баяндама дайындағанымен тұрмай, оны пікір алмасу және пікірталас алаңқайына айналдырып, бізді таңқалдырды.

       Баяндама оқығандар:

 – Сулейман Мұқашев, ТМД Атқару комитеті ақпараттық-аналитикалық департаментінің кеңесшісі, заң ғылымдарының кандидаты;

Роза Тұрарбекова, Белорус Ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық қатынастар кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты;

– Рахметолла Байтасов, БМУ гуманитарлық факультетінің менеджмент және әлеуметтік саланың экономикасы кафедрасының доценті, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты;

– Ғалия Есенбаева, Беларусь Республикасындағы «Атамекен» Халықаралық қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары және басқалары.

     Диаспора өкілдері жаңа  экономикалық саясаттың дүниежүзілік дағдарыс пен заманның жаңа сын-тегеуріндеріне олардың тарихи Отанының берген лайықты жауабы деп атап өтті. Беларусьтегі диаспора мүшелері «Нұрлы жол» атты бағдарламалық құжатта Н. Назарбаев ұсынған идеяларға қатысты өз пікірлерін айтты. Диалог кезінде тарихи Отанымыздың дамуы мен гүлденуіне барынша үлес қоса алатындай Қазақстандықтардың дүниежүзілік қауымдастығын құру идеясы айтылды.

     «Дөңгелек үстелді» қорытындылай отырып, барлығының қатысуы мен олардың дайындаған баяндамалары үшін ризашылық білдірдім, сонымен қатар, БР қазақ диаспорасы қоғамының Төрағасы Ч. Шоқамановқа «Нұрлы жол – Путь в будущее» атты көркеми ресімделген кітапты тапсырып, Дөңгелек үстелдің тәмамдалуы туралы жарияладым.

      Әрі қарай, БҰТУ сайты:

     «Дөңгелек үстелден» кейін, қонақтар Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы делегациясының Белоруссияға сапары мен БҰТУ бас корпусының 3-қабатындағы холлда экспозициясы орналасқан қазақ диаспорасының қызметіне арналған «Қазақстан – халықтар мен замандарды біріктірген жер» атты фотокөрме, сондай-ақ, университет интергалереясындағы ұлттық қолөнер және сирек кездесетін кітаптар көрмесін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Белорус ұлттық техникалық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы және студенттері шақырылған халық музыкасын қазақтар орындаған концерт кездесудің шарықтау шегі болды. Концертте ақын-жыраулардың орындауындағы жанды ұлттық музыка, дәстүрлі қазақтың аспаптық пьесалары – күйлерді; қазақтың кәсіби әртістері: Ерлан Стамғазиев, Уатқан Захан, Гүльзира Бөкейхан, «Серілер» тобының орындауындағы әндерды тыңдап, рақаттандық. Зал әртістерді қол соғып, жылы қарсы алды, ал олар болашақта Беларусь Республикасына және Белорус Ұлттық техникалық университетіне тағы да келетіндіктерін айтты. БҰТУ-де және концертте болғаны туралы естелік ретінде әртістерге БҰТУ басшылығы сабаннан жасалған балалайка және кәдесыйларды тарту етті.

     Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы делегациясының Белорус ұлттық техникалық университетіне сапары елдеріміз арасындағы баянды ынтымақтастыққа қосымша дем беріп, қазақстандық-белорус қарым-қатынастарының әрі қарай дамуына себепші болды» [http://www.bntu.by/news/55-visits/2826-2015-09-15-13-00-07.html] деп жазды.

     БҰТУ-ндегі Абай атындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті Орталығы мен «Атамекен» Халықаралық қоғамдық ұйымы туралы айта кеткен абзал.

     Сонымен, 2011 жылғы 23-25 мамырдағы Беларусь Республикасы Президенті А.Г. Лукашенконың тапсырмалары хаттамасының 3 бабына сәйкес БҰТУ құрылымында Орталық құрылды. Орталықтың міндеттері: белорустық және қазақстандық студенттер арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайту және тереңдетуге қолқабыс ету; олардың ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамыту; білім беру саласындағы ынтымақтастық (БҰТУ және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ арасында), сонымен қатар, спорт, туризм және қоғамдық ұйымдар арасындағы әрекеттестік болып табылады. Орталық базасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік және ұмытылмас даталарына арналған фотокөрмелер, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіледі. Орталық БҰТУ өткізетін студенттердің іс-шараларына белсенді түрде қатысуда.

     «Атамекен» Халықаралық қоғамдық ұйымы 2004 жылдың маусымында құрылды. Ол қазақтың әдеби, музыкалық, хореографиялық, бейнелеу өнерін, қазақ халқының тілі, дәстүрлері мен мәдени байлықтарын зерделеу және насихаттауға бағытталған мәдени-ағарту жұмысын жүргізеді. Диаспора шамамен 1,5 мың адамнан құралған.

     «Атамекен» Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының құрамына кіреді, БР Министрлер Кеңесінің діндер және ұлттар істері бойынша Өкілеттінің жанындағы Этникааралық Консультациялық Кеңесте; БР Мәдениет министрлігі ұлттық мәдениеттер Орталығының Консультациялық Кеңесінде мүшелігі бар; Беларусь Республикасының мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарымен, оның ішінде, Белорус Халықтар достығы қоғамы («Достық үйі»), Я.  Купала және Я. Колас атындағы, Ұлы Отан соғысы атындағы мұражайлармен, Минск қаласындағы М. Әуезов атындағы орта мектеппен, Белорусь пен Қазақстанның баспасөз, теледидар және радиохабар өкілдерімен тығыз байланыста.

     «Атамекен» Халықаралық қоғамдық ұйымының жанында «Ошақ» атты қазақ ұлттық мәдениетінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылған, бишілер ұжымы мен жас музыканттарды – мәнерлеп оқушылар мен әншілерді – біріктіретін «Қарлығаш» шығармашылық ұжымы құрылды. «Қарлығаш» – Минск қаласының «Яднанне» ұлттық мәдениеттер фестивалінің, «Сонечны птах» ұлттық мәдениеттердің республикалық балалар фестивалінің, Ақтөбе қаласындағы қазақ мәдениетінің халықаралық фестивалінің жүлдегері. «Олег Спицин и Чермен» (Ч.А. Шоқановтың студиясы) музыкалық студиясында шығармашылық ұжымға арналған қазақтың әуендеріне арналған барлық аранжирлеушіліктердің барлығы да ақысыз негізде жазылды.

     Жыл сайын Беларусь Республикасында тұрып жатқан барлық қазақтың басын біріктіретін «Шаңырақ» мерекесі өткізіледі.

     Қысқасы, белорус жеріндегі қазақ диаспорасы – Беларусь Республикасында өзінің тарихи тамырлары мен дәстүрлерін ұмытпай, өз ұқсастылығын мәпелеп сақтап, қазақ мәдениетін таратушы болып табылады.

      Келесі күні, 11 қыркүйекте «Мирской замок» пен «Несвиж» қорғаны (XVI-XVII ғғ.), М.О. Әуезов атындағы № 143 мектеп (Минск қаласы) және «Бақшасарай субұрқағы» балетін көру үшін Ұлттық академиялық Үлкен Опера және балет театрына бару жоспарланған мәдени бағдарлама күтіп тұрды.

      «Мирской замок» пен «Несвиж» қорғаны ұмытылмас әсер қалдырды. Осы уақытқа дейін тек кинодан ғана көрген ортағасырлық қорғандарды енді өз көзіммен көріп, ешқашан да ұмытпаспын. Мәселен, «Мирской замокта» көп мәрте көркем фильмдер түсірілген. Олардың бірі – басты рөлде Дмитрий Певцов түскен «Снайпер: оружие возмездия» фильмі («Беларусьфильм», 2009).

      Өзім тарихшы болғандықтан, қазіргі Беларусь Республикасының аумағында орасан зор жер иеліктері болып, осы қорғандарды иемденген литвалық Радзвилл князьдерінің әулеті туралы көп естіп, көп оқығанмын. Қорғаныстар тарихы туралы экскурсия жетекшілерінің әңгімелерін тыңдай отырып, бейне бір рыцарлық турнирлер мен сүйіспеншілік хикаялары бар орта ғасырларға енгендей боласыңыз. Несвиж қорғанының ішкі ауласында тұрғанда Италиядағыдай әсер қалдырады, өйткені осы қорғанды салған итальян сәулетшісі өзінің алыс отанының кішкене бір бөлігін тарту еткендей.

     Белорус астанасының Мұхтар Әуезов атындағы көшеде орналасқан аттас № 143 орта мектепке баруымыз – тұтас Беларусь Республикасы мен Минскіге барған сапарымыздың ұмытылмас сәті болды. Мектеп басшылары мен оның оқушыларының ұлы жазушымызды қалайша қастерлегенін көріп, қуандық. Бізді тамаққа береке тілеп, дәстүрлі белорус тағамдарын бергеннен кейін, өздерінің дарынымен қуантып, мектеп оқушылары М.О. Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасының театрға бейімделген үзіндісін тамашалатты.

      Ұлттық академиялық Үлкен опера және балет театры және Ұлы Отан соғысы тарихының Белорус мемлекеттік мұражайына (келесі күні) баруымыз ұмытылмас әсер қалдырды.

     Белоруссияда болған соңғы күні, қазақ диаспорасының өкілдері бізді табиғаттағы сейілге шығарды. Олардың күлкісі мен бізбен тілдесуден көздерінде қуаныш ұшқындады. Бірақ, онымен қоса, Отан деген сағынышы да, онымен айрылысудың лебі де сезініп тұрды. Сейіл әзіл-оспақпен, әнмен, әлбетте, Қазақстанның гүлденуі үшін, елдеріміздің достығы мен осыдан былайғы ынтымақтастығымыз үшін, қазақ және белорус халқының аман-саулығы үшін деген игі тілектер айтылды.

    Жақсылап дем алып, көңіл-күйіміз шаттанғаннан соң, отандастарымызбен қош айтысып, әуежайға жол тарттық. Тіркеуден өтіп, ақыры, Алматыға тіке баратын ұшағымызға отырғаннан кейін ғана шаршағанымызды сездік. Бұл шаршаудың жанға жағымды жағы де болды, өйткені, сапарымыздың бағдарламасын толық әрі абыроймен атқарып, отандастарымызға Отанымен жүздесуді тарту еттік.

      Еркін БАЙДАРОВ, ҚР БҒМ Ғылым Комитеті Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымының кандидаты 

толығырақ

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 2015 жылдың қыркүйек айында Белорусь Республикасындағы қазақ диаспорасы өкілдерімен Минскідегі кездесуі аясында өткен қазақстандық өнерпаздардың концертінен фотоматериал. 

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

толығырақ

     Белорусь Республикасының Минск қаласында өткен ҚР Президентінің Жолдауын түсіндіруге арналған  "Нұрлы жол - болашаққа бастар жол"  деп аталатын дөңгелек үстел жиынынан фото материалдар. 

толығырақ

     Дүниежүзілік қазақстандықтар қауымдастығын құру идеясы Қазақстан елшілігінің қолдауымен өткен басқосуда айтылды.

   Шара Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы делегациясының келуіне орайластырылған. Жиынға Беларусьтегі қазақ диаспорасының өкілдері де қатысты. Делегацияны бастап келген Талғат Мамашев журналистерге берген сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты – тарихи отанымыздың әлемдік дағдарыс пен заман тудырған қауіпке берген жауабы деді. Жиында Қазақстаннан келген меймандармен қатар Беларусьтегі диаспора өкілдері де «Нұрлы жол» бағдарламасына орай ойларымен бөлісті. Әңгіме барысында тарихи Отанын аңсап, еліміздің дамып, өркендеуіне үлес қосқысы келетіндердің басын біріктіретін қауымдастық құру идеясы ортаға салынды.        

     Талғат Мамашев, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары: - Осындай ойымыз бар. Кезінде елімізде тұрған көп қазақстандық тағдырдың жазғанымен көшіп кеткені рас. Мәселен, 800 000 қазақстандық неміс, тың жерді игерген бірнеше жүз мың украиналық пен белорустар, олардың барлығы өзінің екінші үйі санайтын Қазақстанды қатты сағынады. Осындай елімізді сүйетін патриоттарды біріктіріп, қазақстандықтар қауымдастығын құруымыз қажет.

     http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/82931-ideyasy-orta-a-salyndy

толығырақ

     Еуропалық одақтың және кәрі құрылықтың өзге де елдерінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жөнінде ой өрбітетін экономист Қажы Аюби «Экономика» республикалық апталық газетінің Даниядағы тұрақты тілшісі қызметке кірісті. Әлемдегі белді білім ордаларының бірі Орхус университетінің түлегі, қаламының желі бар талантты азамат Қажы бауырымыз ірі халықаралық компанияның қаржы талдамашысы болып жұмыс істейді. Атажұртқа жиі ат ізін салатын ол кезекті бір сапарында «Қазақ газеттері» ұжымымен жүздесіп, салиқалы сұхбат құрғанын басылымызда атап өткен болатынбыз. Бүгін экономист-қаламгердің тырнақалды туындысын назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

     Жаңа бизнес көзін тауып, оны индустриялық өнімге айналдыру, алынған өнімді шетелге экспорттау кез келген мемлекеттің экономикасын дамытуға әсер етеді. Сондықтан мемлекеттің экономикасы үшін тиімді болатын жаңа индустрияның пайдалы тұстарына нақты дәлелдер келтіріп, тоқталып өтуді жөн көрдім.
     Жаңа индустрия пайда болған елде жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік-экономикалық көрсет­кіштер күрт өседі және халықтың тұрмыс-тіршілігі де өзгереді. Егер халықтың сатып алу қуаты артса, онда басқа бизнес орындарының да ашылуына мүмкіндіктер туады. Мемлекет үшін ең бастысы – сапалы салық төлеушілердің саны артып, «табыс салығы» жиналып, әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына кіруге мүмкіндіктер жасалады. 
     Жаңа индустрия пайда болған елде, сол индустрия тектес басқа да индустриялар пайда болып, олардың әрі қарай дамуына мүмкіндіктер ашылады. Жаңадан пайда болған индустриялардың екі түрі болады.
    Бәсекелес индустрия, ғылыми орталығы қалып­тас­қан мемлекетте білім мен технология тез дамып, елде білім тез тарап, ұқсас өнімдер бірнеше компаниялар шығара бастайды. Сол кезде олардың арасында өзара бәскелестік пайда болады.
     Екінші жағынан қосалқы индустрияларға жол ашылады. Жаңа құрал – жабдықтармен қамтамасыз ететін компаниялар, мысалы, аяқ киім шығаратын фабрика пайда болса, оған бояу қажет. Яғни, нарықтағы сұраныс бояу индустриясына жол ашады.
    Сондықтан экспорт арқылы жаңа индустриясы пайда болған мемлекеттің әлемдік рейтингісі көтеріліп, даңқы артып, танымал бола бастайды. Ең бастысы – табыс салығы ұлғайып, мемлекетті әрі қарай индустрияландыру процесіне жол ашылады. Тек жер асты қазынасын сатып байып отырған ел мешел ел боп қала бермек және ол қазіргі тілмен айтсақ, тұтынушы мемлекеттер қатарына жатады, ал әлемдегі мықты мемлекеттер арасына қосылғысы келген ел өндіруші де болу керек.
    Құрметті оқырман! Сіздерді мақаламның негізгі мақсатымен таныстырып өтуді жөн санадым. Мен жұмыс істейтін «Vestas» компаниясы – әлемдегі ең жақсы дамып келе жатқан компаниялардың бірі. Қазіргі заманға сай электр қуатын өндіретін жел диірменін сатумен айналысады. Әлемде көкейкесті болып тұрған «Жасыл энергиямен» айналыса отырып, Жасыл жел энергиясын өндіріп және жел қуатымен істейтін диірмендер шығарып, тауарларын әлемнің түкпір-түкпіріне саудалап отыр.
    Төменде осы «Vestas» компаниясының және Жасыл жел энергетикасының әлемге, Дания мемлекетіне, экология мен экономикасына қандай пайда келтіріп жатқаны жайында баяндап беруді жөн санадым.
     Жасыл жел энергиясын өндіру тарихына қатыс­ты мағлұматтар адамдардың жел энергиясын ерте замандардың өзінде-ақ ұн тарту, ағаш кесу, май шығару, су жеткізу және басқа мақсаттар үшін кеңінен пайдаланғанын айтады. Мысалы, біздің жыл санауымызға дейінгі бес жүзінші жылдары жер бетінде алғаш рет парсылардың жел энергиясын қолданғанын растайтын тарихи деректер бар. Орта Азияда жел энергиясын өндіру мен пайдаланудың вертикальді моделі пайланылды. Батыс Европада жел қуатын өндірудің горизонтальді моделі 1300-ші жылдары қолданыла бастады. Бұл көрсетілген модельдер адам және жануар күшінің орнына қолданылған. Жел қуатын электр қуатына айналдыру 1888 жылдан басталған.
      Чарльз Ф. Бруш АҚШ-та бірінші болып 12 квт Жасыл жел энергиясын өндіретін диаметрі 17 метрлік диірмен ойлап тапты. Бұл көп қанатты диірмен жиырма жыл жұмыс атқарғанымен, қанаттарының жылдамдығы төмен әрі экономикалық тұрғыда тиімділігі төмен болғандықтан қолданыстан шықты. 
    1891 жылы даниялық Паул Ла Коур әлемде бірінші болып жел диірмендерін аэродинамикалық дизайнмен шығара бастады. 4 қанатты 25 квт-тық бұл диірмендер бірінші Дүниежүзілік соғысқа дейін Данияның көп­теген аймақтарында орнатылып, ел игілігіне жара­ған еді. Бірақ, көмір және мұнай өндірудің жаңа тех­нологиялары өндіріске еніп, бағасы арзандаған соң көптеген жобалар іске аспай қалған болатын. Екінші Дүниежүзілік соғыстан соң, жел диірмендерінің жұ­мысы қайта жандана бастады. Даниялық Гедсер, Паул Ла Коур компаниялары жел диірмендерінің техноло­гиясын жетілдіріп, 200 квт-тық 3 қанатты жел диірмендерін шығара бастады. Аталған диірмендер 1960 жылдарға дейін жұмыс істеп тұрды. Алайда көмір, мұнай бағалары арзандап, бу күшімен істейтін технологиялар қолданысқа енген тұста істен шығып, ұмытыла бастады.
    1935-1970 жылдары жасыл жел диірмендері Даниядан басқа АҚШ, Франция, Германия, Ұлыбритания және Ресейде жасалып жатты, бірақ технологиялық кемшіліктеріне байланысты басты энергия көзіне айнала алмады.
      1973 жылдары Таяу Шығыста Израиль мен Араб мемлекеттері арасында қалыптасқан саяси жағдай Араб елдерінде өндірілетін мұнайға қатты әсер етті де, «Араб мұнай дағдарысына» алып келді. Осы дағдарыстан көп зиян шеккен дамыған елдер «Мемлекеттік тәуелсіз энергия стратегиясын» құра бастады. Осы мемлекеттік стратегияның арқасында Жасыл жел энергиясына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Арнайы жобалар қабылданып, заң шығарылды. 
    Сөйтіп демеу көрсетілген АҚШ, Германия, Швеция, Голландия, Жапония, Англия, Дания мемлекеттерінде жеке және мемлекеттік компаниялар Жасыл жел энергиясын мемлекеттік деңгейде қолдануға атсалысты. 

     Өндірістік үдеріс барысында вертикальді және горизонтальді модельдердің 1 квт-тан 3 мвт-қа дейінгі бірнеше түрлері жасалып, іске қосылды. Бұл орайда ең көп демеушілік жасап, белсенді жұмыс атқарған АҚШ мемлекеті еді, бірақ 1982 жылы Данияның жел диірмені АҚШ нарығына еніп, 1986 жылы оның 50% -ын жаулап алды.

      Қажы АЮБИ,
      «Экономика» газетінің Даниядағы тілшісі 

толығырақ

Австриядағы қазақ мәдени орталығы жетекшісі Қызырхан Шолпан. Сурет жеке мұрағатынан алынды.

Австриядағы қазақ мәдени орталығы жетекшісі Қызырхан Шолпан. Сурет жеке мұрағатынан алынды.

         Этникалық қазақ, Австрия қазақ мәдени орталығының жетекшісі Қызырхан Шолпан 1980 жылдан бері Вена қаласында тұрады. Ол Азаттық тілшісімен сұхбатында Еуропадағы қандастарының тұрмысы жайлы да айтты.

        Азаттық: – Қазақтар Австрияға қай кезден бастап қоныстанған?

        Қызырхан Шолпан: – Қазақтар Австрияға 1973-1974 жылдардан бастап келе бастаған. Әуелі Түркиядан 25 отбасы келгенбіз. Кейін Қазақстанның Венадағы елшілігі ашылғаннан кейін [Қазақстаннан] бизнес саласы бойынша, сондай-ақ оқуға келген студент қазақтар көбейді. Австриядағы қазақтардың басым бөлігі Вена қаласында тұрады.

       Азаттық: – Ондағы қазақтардың негізі кәсібі не?

     Қызырхан Шолпан: – Австрияда тұратын қазақтардың негізгі кәсібі тері илеп, киім тігу болды. Аталарымыз бұл кәсіпті Қытайдан Түркияға қоныс аударып келгенде меңгерген. Сол кәсіп мұнда да бізге азық болды. Австрияда тұратын қазақтардың жасы 40-тан асқандары тапқан жұмыстарын істеп келеді. Ал кейінгі буын жоғары білім алып, жақсы қызметтер істеп жүр. Әр үйден кем дегенде бір бала жоғарғы білім алған.

       Азаттық: – Австриядағы қазақтар діни рәсімдер мен ұлттық салт-дәстүрлерді сақтай алған ба?

       Айт пен наурызды, шілдехана, бесік той, қыз ұзату мен келін түсіруді шамамыз келгенше дәстүрге сай етіп өткіземіз.

      Қызырхан Шолпан: – Өз басым бала кезімнен бастап ораза тұтамын. Сенбі, жексенбі күндері үйде құран оқытып, хатым түсіреміз. Венада бұрыннан тұратын қазақтар жаппай ораза ұстайды. Австрияда ислам діні 1912 жылдан бері ресми діндердің бірі болғандықтан балаларымыз алғаш мектепке барғанда ислам діні сабағына қатысады. Жергілікті қазақтар әдет-ғұрыпты сақтауға барынша тырысады. Мәселен, Австрия қазақтары осы уақытқа дейін дастарханға арақ жолатпайды. Әрине, жастардың арасында ішетіндер бар, бірақ олар үлкендерге көрсетпей, тығып ішеді. Айт пен наурызды, шілдехана, бесік той, қыз ұзату мен келін түсіруді шамамыз келгенше дәстүрге сай етіп өткіземіз.

          Азаттық: – Австриядағы қазақ жастары ана тілдерін біле ме?

      Қызырхан Шолпан: – Жастардың ана тілін үйренуіне мүмкіншілік жоқ екені айтпаса да түсінікті. Өйткені ана тілін оқытып, үйрететін арнайы курстар мен орталықтар жоқ. Тек Қазақстаннан келген кейбір тіл үйренуге қатысты бейне не аудиожазбалар болмаса, басқадай оқулықтар да тапшы. Бірнеше жас Алматыға барып, Қазақстан үкіметінің бағдарламасы бойынша әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде арнайы білім алып, қазақ тілін үйреніп қайтты.

        Азаттық: – Шетелде тұратын басқа қазақтармен араласасыздар ма?

      Қызырхан Шолпан: – Қазақстаннан тысқары тұратын, онда да Еуропада тұратын қазақтармен тығыз қарым-қатынас жасап тұрамыз. 2003 жылдан бері жыл сайын Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтеді.

       Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

            http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_and_austria_kazakhs/27113550.html

толығырақ

      Шетелдегі қазақстандықтардың «ҚазАльянс» бірлестігі мен Ұлыбританиядағы Қазақ диаспорасының қауымдастығы 25 мамыр күні Лондонда ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы «ҚазАльянстың» баспасөз қызметінен хабарлады.        Ынтымақтастық туралы келісім-шартқа «ҚазАльянс» бірлестігінің президенті Рашид Аюпов пен Ұлыбританиядағы Қазақ диаспорасы қауымдастығының төрағасы Исмаил Кесижи қол қойды. Құжатқа сәйкес тараптар мәдениет және білім саласындағы ынтымақтастықта, қазақ тілін және қазақ халқының дәстүрлерін меңгеруде өзара жәрдемдеседі. Сонымен қатар тұрғылықты жерде отандастарды бейімдеуде мүдделілік танытатын болады.  

     Кездесу кезінде ұйымның тарихына тоқталған Ұлыбритания Қазақ қоғамының төрағасы Исмаил Кесжи тіл мен дінді, дәстүр мен мәдениетті сақтап қалу үшін ондағы аз қазақтың басын жиі қосудың аса маңызды екенін жеткізіп, Англия елінде тұратын қандастарымыздың атажұрты Қазақстанмен де жан-жақты байланыста болуын қалайтындығын айтты. «Өкініштісі, Англияда тұратын аз қазақ бытыраңқы орналасқандықтан қарым-қатынасы сирек. Қазірге дейін Қытай мен Түркиядан келген ағайын арасында қоян-қолтық қатынас жоқ. Осыларды ескере отырып біз өзара және атажұртымызбен әруақытта байланыста болуды мақсат тұтып келеміз. Осы армандарымыздың Қазақстанның студент жастары арқылы орындлатынына сенімдімін»,-деді И.Кесижи. 
     Ұлыбританияда тұратын қазақ диаспорасы өкілдері жайлы өз ойын білдірген «ҚазАльянс» президенті Р.Аюпов былай деді: 
    «Тұманды Альбион еліндегі қазақ диаспорасының қалыптасуына негізінен 1960-1990 жылдар аралығындағы британдық көші-қон саясаты әсер еткенінен хабардармыз. Осы келісімге қол қою арқылы алдағы жерде осындағы қазақстандық студенттер сіздермен бірге тізе қоса отырып Қазақстан тәуелсіздігінің күні, Наурыз, Ораза айт, Құрбан айт сияқты ұлттық және мемлекеттік мерекелерді бірлікте тойлауды жүзеге асыратын боламыз және қарым-қатынасмызды нығайту үшін жан-жақты жұмыс жасаймыз».
      Айта кетейік, Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасын негізінен Қытайдан Тибет арқылы Үндістанға жетіп, 1952-1953 жылдары Түркияға тұрақтаған қазақтардың үрім-бұтағы құрап отыр. 1960 жылдардан бастап Еуропа елдеріне Еңбек шарты бойынша тарай бастаған қандастарымыз бұл күнде Батыстағы 10-нан аса елде тұрып жатыр. Ал, Англиядағы ағайынның басын қосып келе жатқан орталық болса 1995 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы елге сапары кезіндегі кездесуі әсерінде құрылған болатын. Қазіргі таңда Қазақстаннан бөлек әлемнің әр елінен келген 100-120-дай қазақ отбасы осы Тұманды Альбион елінде өмір кешіп отыр. 

толығырақ

        Амстердам қаласында 23-24 мамырда Нидерланды Корольдігіндегі ҚР Елшілігінің қолдауымен Еуропада тұратын қазақтардың 13-інші кіші құрылтайы өтті.

    Нидерланды астанасына бірнеше елде, атап айтқанда Австрия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Норвегия, Түркия, Франция, Швейцария және Швецияда тұратын екі мыңнан астам этникалық қазақтар келді.

     Құрылтай аясында жастар арасында қазақ тілін, тарихын және мәдениетін білуден конкурс өткізілді. Сондай-ақ ұлттық ойындар, футболдан жолдастық кездесу, сурет көрмесі ұйымдастырылды.   

        Бұдан басқа еуропалық қазақтар қауымдастығының отырысы өтті. Онда қазақ тілін және ұлттық мәдениетті дамыту мәселелері талқыланды.

     Құрылтайға қатысушылар Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі қол жеткен табыстарын айта келе, елде жүзеге асып жатқан  стратегиялық бағдарламалар: «Қазақстан -2050», «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол»  және бес институционалдық реформаны  іске асыру бағытындағы «Ұлт жоспары- 100 қадамды» қолдайтындықтарын білдірді.  
     Бұдан басқа, қазақ диаспорасының өкілдері қазақ тіліндегі оқу құралдарын, және Еуропада қазақ тілі курстарын ұйымдастыру жөнінде өтініштерін айтты. Олар жастарды қазақ халқының тарихымен  таныстыру және ұлттық дәстүрді сақтау үшін ұлттық мәдени орталықтар ашу туралы ұсыныстарын білдірді.
        Жиын қорытындысы бойынша кезекті құрылтайды 2016 жылғы мамыр айында Германияның Кельн қаласында өткізу жөнінде шешім қабылданды.

       http://www.inform.kz/kaz/article/2779902

толығырақ


      Париждегі қазақтардың Paris Kazakspor футбол клубы Қазақстанның Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент сынды ірі төрт қаласында болып, қазақстандық футболшылармен жолдастық кездесулер өткізбекші. 7-19 маусым аралығында өтетін ойындарға Париж қазақ футбол клубының сапындағы 15 жігіт дайындалып жатыр. 

       Бұл спорттық ұйымның негізін Еуропадағы ең үлкен қазақ диаспорасы саналатын Франциядағы қазақ азаматтары 1986 жылы қалаған. Paris Kazakspor футбол клубы бүгінде Франция футбол федерациясының 7-лигасында өнер көрсетіп жүр. Қандастарымыз «Париж» және «Иль-де-Франс» кубоктарын жеңіп алған. Қазіргі таңда команда қатары кеңейіп, ойыншылар саны 44-ке жетті. 

      Өткен жылы ғана Голландиядан оралып, Шымкенттің «Қыран» футбол командасына қосылған Мұрат Өнел бүгінде Қазақстандағы үздік сұрмергендердің біріне айналғаны бәрімізге мәлім. Ала допты серік етіп, қазақ намысын шетелдерде қорғап жүрген ағайынның баласы осы жолғы орайды да пайдаланып, атажұртында қалып, қазақстандық футбол командаларының абыройын асыруға үлес қосып жатса нұр үстіне нұр болары хақ. 

     Атап өтерлігі, бұл рет Қарағандыдағы «Нәтиже» сүт фабрикасының бас директоры Ерлан Әшім мен «Otyrar-Group» компаниясының директоры Әбдімәжит Сыздықбековтың демеуші болуымен Париж қазақ футболшылары атажұртта тұңғыш рет ойын көрсеткелі отыр.

     Майгүл СҰЛТАН 

     http://baq.kz/kk/diaspora/1322

толығырақ

    Редакциямызға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Еуропа елдерінде қоныстанған қандастарымыздың атынан Еуропа Қазақ қоамдары федерациясының (FEKA) төрағасы, саясаттану ғылымының докторы Абдұлқаюм Кесижидің құттықтау хаты келіп түсті.  

    Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлаудағы кезекті жеңісімен құттықтаған хатта былай делінген:
   «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты кезектен тыс Президенттік сайлауы нәтижесінде президеттікке қайта сайлануымен шын жүректен құттықтаймыз. Тәуелсіздікке қол жеткізген 24 жылда Қазақстанның атақ-даңқы әлем бойынша артып, халықаралық деңгейде абыройы асқан елдердің біріне айналды. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде осындай қысқа мерзімнің ішінде экономикалық-саяси даму жолына түсіп, үлкен белестерді бағындырды және өзіне әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында орын алуды мақсат етіп қойды. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасы деп білеміз. Президент Назарбаевтың жетекшілігінде бұғанасы бекіп, алға қарай дами бастаған Қазақстанның бұл мақсатқа да жететіндігіне сеніміміз мол. Елбасының бұл жолғы сайлауда да Қазақстан халқының аса жоғары деңгейдегі дауысын иеленіп президенттікке қайта сайлануы осы сенімді дәлелдей түседі. 
    Біз Нұрсұлтан Әбішұлының шетелдегі қазақтарды тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап атажұрт-Қазақстанға қайтаруға ынталандырған саясаты алдағы кезеңде де әрі қарай жалғасатындығына нық сенімдіміз. Әсіресе біраз уақыттан бері толастай түскен көші-қон үдерісіне де жаңа серпін береді деген ойдамыз. 
     Болашақта Қазақстан қарқынды түрде дами беретіндігіне деген сеніміміздің мол екендігін қайталап айтқымыз келеді». 

    http://baq.kz/kk/diaspora/1315

толығырақ

     Норвегия қазақтары атынан Норвегиядағы қазақ мәдени орталығының жетекшісі Махмұт Башташтан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына құттықтау хат келді.

       Онда: «ҚР Президенті сайлауында қазақ елінің сенімене лайық болып қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаевты зор жеңісімен құттықтаймыз. Бұл халықтың Елбасының бүгінге дейін елім, отаным деп істеген жұмыстарын және қазақ елінің атын дүние елдері арасында жоғарғы деңгейге шығарған  әлеуметті және саяси саясаты, экономикасы, халықаралық ынтымақтасу саясаттарын қабыл көргені деп түсінеміз. Сол себепті Нұрсұлтан Әбішұлын шын жүректен құттықтап, Президентімізге зор денсаулық және ұзын ғұмыр тілейміз. Атажұртымызда әрдайым бірлік, береке,  тыныштық бола берсін деген тілегімізді білдіреміз»,  – деген  ыстық тілектер жазылған.

толығырақ

    

    Белорус елінің Минск қаласында «Бізді біріктіретін әндер» деп аталатын халықаралық дуэт байқауы өтті. Оған Белорус мемлекетінің халық артисі Эдуард Зарицкий бастаған қазылар алқасы төрелік жасаған болатын. Өнер додасында жұртшылықтың ерекше ілтипиатына бөленген "Қарлығаш" шығармашылық ұжымы "Көрермен көзайымы" дипломын иеленді.   

толығырақ

       Түркиядан қоныс аударып барып Парижде 30 жылдан бері тұрып жатқан қандасымыз Мұстафа Услужан әлемге танымал бренд өнімдерін 50-ден астам елге ұсынатын Париждегі «Louis Vuitton» сән үйінің қызметкері.

      Сүйікті жарымен Франция елінде танысқан қазақ азаматы сол елде тұрақтап, үш ұл сүйіп отыр. Шетелде жүріп, әке-шешесінен үйренген тері илеу кәсібін жалғастырған қандасымыз бренд өнімдерін 50-ден астам елге ұсынатын Париждегі «Louis Vuitton» сән үйінде жұмыс жасайды. 
    Ол тұрмыс қамытын киген шетте жүрген қазақтардың балаларының бойына ұлттық ұлағатты сіңіріп, ана тілді дарыта алмағанына қатты қынжылады. Бұл күнде Франция қазақ қоғамын басқарып отырған Мұстафа Услужан сондағы қазақтардың тілі мен дәстүрін ұмытпауы жолында еңбектер жасап жүр. 
      Айта кетейік, бүгінде Францияда шамамен 2 мыңға жуық қандасымыз бар. Олар Париж қаласы және оның маңындағы кішірек аудандарда шоғырланған. Тек Париж қаласында 280-дей қазақ отбасы тұрады. Көпшілігі Париж қаласын мекендеген қандастарымыз ана тілінен алшақтап бара жатса да, баба дәстүрімізді жалғап, ата дінімізді дұрыс ұстанып келеді. 

      http://baq.kz/kk/diaspora/1281

толығырақ

      Швециядағы қазақ диаспорасының бастамасымен Стокгольмде халықаралық Наурыз мерекесі атап өтілді.  Швециядағы қазақ диаспорасының төрайымы Гүлмира Асылбекованың айтуынша, бұл шараны қырғыз, түрікмен, өзбек, әзірбайжан, армиян, швед, орыс, белорус, украин, сербтерден бөлек, африкалықтар мен чилиліктер де қолдап, атсалысқан.      

     Мерекенің басты асы Наурыз көжеден дәм татып, бірге ән шырқап, би билеген барлық қатысушылардың онда Орталық Азия халықтарымен жақынынырақ танысуына да мүмкіндік жасалды. Атап айтқанда азақ, қырғыз, өзбек, түрікмен диаспоралары өздерінің  ұлттық мәдениеті, өнері мен салт-дәстүрі туралы жан-жақты таныстырымдар өткізді.    

толығырақ

    

   Қазақстан кәсіпкері Талғат Байтазиев Молдова металлургия зауытының бас директоры болып тағайындалды. Бұл туралы «Ақ Жайық» газеті хабарлады. Молдова аумағындағы мойындалмаған Приднестровье республикасының президенті Евгений Шевчуктің сөзіне қарағанда, Молдова металлургия зауыты үстіміздегі жылдың ақпанында мемлекет меншігіне қайтарылған. Қазір зауыт 4 млн. долларға шығында тұр. Евгений Шевчук: «Негізгі міндет – бірінші өндіріс шығынын азайту, екінші – пайдаға жұмыс істеу», деді. Приднестровье басшысы ақпан айында зауытқа жаңа инвестор тартылатынын, ол зауытқа 40 млн. доллар қаржы құятынын мәлімдеген. Бірақ әлгі инвестордың кім екенін ашып айтпаған еді. Енді, міне, оның есімі белгілі болып отыр. Кәсіпорынның инвесторы әрі бас директоры Талғат Байтазиев 49 жаста. Атырау мұнай және газ институтының түлегі. Ол 2004-2012 жылдар аралығында Атырау мұнай өңдеу зауытын басқарған. Ал 2012 жылдың желтоқсанында «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамымен еншілес Batumi Industrial Holdings Ltd компаниясының бас директоры болып тағайындалған.

      Жолдыбай Базар.

    Дерек, сурет: «Ақ Жайық» газеті.

     Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/03/26/54440

толығырақ

       Ақпан айының соңында биатлоннан Минскіде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының командалық сайысында чемпион атанғандардың арасында қазақ қызы Динара Әлімбекова да бар.  

     Беларусь биатлон мектебінің атақ-дәрежесі алысқа тараған. Кеңес одағы ыдырап, өз алдына жеке мемлекет болған кезден бастап санағанның өзінде чемпондар жетерлік. Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында қаншама жеңімпаздар мен жүлдегерлер шықты. Виктор Майгуров, Светлана Парамыгина, Олег Рыженков, Вадим Сашурин, Алексей Айдаров, Владимир Драчев, Елена Зубрилова, Александр Сыман, Дарья Домрачева деп жалғаса беретін бұл тізімді тоқтаусыз айта беруге болады. Ал Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарында Дарья Домрачева қатарынан үш алтынды еншілеп, елінің батыры атанды. Бүгінде осы атақты спортшылардың ізін басып келе жатқан жастар да көп екен. Сондай дарынды спортшының бірі Домрачеваның командалас әріптесі Динара Әлімбекова (Алымбекова). Есімі айтып тұрғандай Динараның ұлты қазақ екен. Бұл жаңалықты естігенде еріксіз ғаламторды біраз шарлап көруге тура келді. Үмітіміз алдамапты.

       Ақпан айының соңында Минскіде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының командалық сайысында жарыс қожайындары бас жүлде еншіледі. Бұл біріншілікте Беларусьтің намысын қорғаған Динара Әлімбекова, Анна Сола, Дарья Блашко болатын. Басты бәсекелестері Ресей қыздарын қапы қалдырған Динара бастаған команданың өнеріне біз де риза болғанбыз.

   Тіпті, биатлоннан Беларусь құрамасының бас бапкері Андриан Цибульский болашағынан үміт күтетін спортшылардың қатарында Толкач, Юркевич, Нестерчик және Динара Әлімбекованы атаған. Сол елдің БАҚ-тары Динараны «екінші Домрачева» деп жазғанын да көрдік.

        Ендеше Беларусь әріптесіміздің осы қандасымызбен болған сұхбатын назарларыңызға ықшамдап аударып, ұсынып отырмыз.

     – Мен өте жылдам жүгіремін. Ол жағынан аса қиналмаймын. Басты проблема – нысана көздеу. Винтовакамен атқан кезде өте көп қателік жіберемін, – дейді биатлоншы қыз.

     – Динара, сіздің есіміңіз және тегіңіз біздің беларусьтарға мүлдем ұқсамайды. Кімсіз?

    – Дұрыс айтасыз. Мен 1996 жылы Қазақстанда дүниеге келгенмін. Дәлірек айтқанда, Қарағанды облысының Абай қаласында. Әкем – қазақ, анам – орыс. Мен үш жасқа толғанда, ата-анам жұмыс бабы бойынша Беларуссияға көшіп келіпті. Осы жақта інім Женя дүниеге келді.

       – Отбасыңызда спортшылар бар ма?

    – Біздің отбасыда ешқандай кәсіби деңгейдегі спортшы болған емес. Тек атам ғана саламатты өмір салтын ұстанып, қыста қармен жуынатын.

       – Биатлонға кім алып келді?

     – Мектептегі денешынықтыру сабағынан берген Геннадий Тимофеевич Таевский деген ұстазым. Ол маған шаңғы тебуге кеңес берген болатын. Ол кезде қолыма винтовка ұстаған жоқпын.

      – Спорттық карьераңыз қалай басталды?

    – Бәрі Чаусы қаласындағы балалар және жасөспірімдер мектебінен басталды. Мен ол кезде 11 жаста едім. Алғаш рет шаңғыға балалар бапкері Мария Ивановна Шипикова үйретті. Басында өте қиын болды. Сол кезде спорттан бөлек өнер мектебінде бимен айналысып, фортепиано ойнап жүрген болатынмын. Екеуін қатар алып жүру оңайға соқпады. Маған өнерге қарағанда, спорт ұнайтын. Анам жаттығуға жібермеген кездері, тіпті, жылап та алатынмын. Спорт пен өнердің біреуін таңдау керек болды. Мен біржола спортқа ден қоятын болып шештім. Бір жылдан кейін спорт мектебіне қабылдандым. Андрей Иванов деген бапкердің тобында жаттықтым. Көп ұзамай алғашқы жарыстар басталды. Ең бірінші Ресей жерінде өнер көрсеттім.

     Дегенмен әлі күнге ноталарды ұмыта қойған жоқпын. Алғашында спорттық жарыстарға барып жүргенде, емтихан тапсыру үшін нотасы бар кітапты өзімен қоса алып жүретінмін.

    – Дарья Домрачева Няганьда жүргенде ұл балалардан да озып кетеді екен. Сіз Чаусыда сондай сайысқа түсіп көрдіңіз бе?

     – Ұлдармен бірге жаттыққаным болмаса, жарысып көрген емеспін. Қасымда бірге дайындалған ер балалардың барлығы республикалық жарыстың бірнеше дүркін чемпиондары. Сондықтан оларды озуға шама қайда? Есімде қалғаны Саша Марченконың шаңғы тебуіне қызығатынмын. Өйткені оның техникасы қатты ұнайтын еді.

        – Қазіргі кезде өзге елдің азаматтығын алатын спортшылар өте көп. Сізге басқа елдерден ұсыныс түскен жоқ па? Мысалы, Қазақстаннан?

    – Ешқандай ұсыныс түскен жоқ. Мен өзге елдің намысын қорғау туралы ойлап көрмеппім. Беларусьте барлық жағдай жасалған. Бұл жерде менің отбасым, достарым, өзім оқитын университет бар.

       – Биатлоннан басқа неге қызығасыз?

     – Басты хоббиім сноуборд және коньки тебу. Бұл спорт түрлерімен кәсіби түрде айналыспасам да, керемет адреналин аламын.

Беларусь. Минск. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты Эстафета, 3х6 шақырым

1. Беларусь (Динара Әлімбекова, Анна Сола, Дарья Блашко) – 51.50,2 (0+7)
2. Ресей (Елизавета Каплина, Наталья Ушкина, Кристина Резцова) – 14,0 (1+9)
3. Норвегия (Кристин Ваагаа Флоттум, Элин Грю, Ингрид Ланмарк Тандревольд) – 1.03,5 (0+4)
4. Австрия (Юлия Швайгер, Тереза Уибмер, Симоне Кюпфнер) – 1.54,2 (1+7)

Дайындаған Бек ТӨЛЕУОВ

 

       http://baq.kz/kk/news/62364

толығырақ

      Жақында Нидерландыдағы қазақ қоғамының шақыруымен Амстердам қаласына баруға жолым түсті. Бұл менің көптен бері жоспарлап жүрген бір жағы армандап жүрген сапарым болды. Еуропаның бірқатар қалаларында болып, сондағы қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесіп жүрсем де Нидерландияға барудың сәті түспеген еді. Берлиндегі Гумбольдт университетіне 3 айға ғылыми тағылымдамадан өтуге шақырылған мүмкіндікті пайдаланып және Берлиндегі қазақ қоғамының жетекшісі, кәсіпкер баурымыз Бешіретхан Малабаканның Амстердамға өз машинаммен апарып қайтайын деген ұсынысы да бұл сапардың іске асуына түрткі болды.  

     «Қызғалдақ гүлдердің елі» атанған Нидерланды және оның тарихи ескерткіштерге бай, әсем де таңғажайып Амстердам қаласы туралы аз-кем мәліметтер бере кетсек, халықаралық саяси картада Нидерланды (Netherland) ал халық ауызында Голландия (Holland) деп аталатын жер көлемі жағынан шағын небәрі 41 мың шаршы километр елде 16.5 млн халық тұрады. Халқының саны жағынан Қазақстанмен шамалас болғанымен жер көлемі жағынан 65 есе кіші бұл ел Қазақстанға ең көп инвестиция құйып отыр. Статистикалық дерек, мәліметтер бойынша Голландия Қазақстан экономикасына басқа елдерге қарағанда ең көп яғни 11.8 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция құйған көш бастаушы ел.
    Нидерланд (Netherland) деген «төменгі жер» деген мағынаны білдіреді. Амстердам қаласы Нидерланды мемлекетінің конституциялық астанасы. Елдегі барлық халықаралық ұйымдар мен шетел елшіліктері Гаага (The Haaga) қаласында орналасқан. Амстел өзені жағасына жайғасқан және көптеген су арналары қала ішіне тарайтын Амстердам қаласын әлем саяхатшылары «Солтүстік Венеция» деп тегіннен тегін атамаса керек. Амстердам қаласының кей бөлігі теңіз деңгейінен де төмен орналасқандықтан Роттердам қаласынан кейінгі ең ірі өнеркәсіп және сауда орталығы болып саналады. Нидерландыда әлем таныған көптеген әйгілі суретшілер мен өнер адамдары өмір сүрді. Сондықтан қаладағы Риксмузей, Винсент ван Гога, Рембрандт мұражайлары саяхатшылар назарын өзіне тартатындықтан жылдың қай мезгілінде болсын қала орталығында қаптап жүрген саяхатшыларды көре аласыз. 
Туризм ел экономикасына әжептәуір пайда кіргізеді. Статистикалық мәліметтер бойынша, 300 ден астам қонақ үйлері бар Амстердам қаласын көруге жыл сайын 4 млндай саяхатшы келеді екен. Амстердам қаласына келушілер көбінесе қаладағы тарихи маңызды ескерткіш орындарын аралаумен бірге кешкі Амстердаммен танысуға құмар. Қала орталығындағы ескі, тар көшелерде емен-еркін наша шегіп алған жастарды және әлемнің шар тарабынан келген тәнін сатушы жезөкшелерді көптеп көре аласыз және осы екі көлеңкелі бизнес түрінің шарықтап тұрғанына қала әкімшілігі еш тиым салмайтынын көріп таң қаласыз. 
   Жалпы Нидерландыда және оның астанасында шетелдік иммигранттардың көптігіне қайран қаласыз. Әр көшеден Нидерландының бұрынғы отары болған Суринам секілді елден келген қара нәсілді африкалықтарды, оңтүстік-шығыс азиялық инденезиялықтарды, марокколық арабтарды және түріктерді көптеп кездестіресіз. Соңғы кезде қытайлар да көбейе бастапты. Осы шетелден келген иммигрантар арасында 1968 жылдан бастап еңбек күші ретінде Түркиядан келген, 1991 жылдан бастап кәсіп іздеп, оқу-білім іздеп Қазақстаннан келген қандастарымыз да жүр.

     Сонымен жұма күні түс ауа «бісмиллә» деп Бешіретханың су жаңа «БМВ» машинасымен Амстердамға қарай аттандық. Жол бойы Бешір екеуіміз Нидерланды мемлекеті және оның астанасы Амстердам қаласы, бұл жақта тұратын қазақтар жайын әңгімелесумен болдық. Нидерланды астанасында тұратын ағайындар менің келе жатқанымнан алдын-ала хабардар болғандықтан қазақтардың үлкендері сондағы қазақ қоғамының төрағасы Абдул Кәлемнің үйіне жиналып, бізді күтіп отырыпты. Біз жұма күні түстен кейін шықсақ та қас қарая Амстердамға жеттік. Қазақша амандық, жөн сұрасудан кейін мен өзімнің келген шаруамды қысқаша таныстырып, бірден Нидерландыдағы қазақ диаспорасы тақырыбына көштік. 
     Нидерландыдағы қазақ мәдени қоғамының төрағасы Абдул Кәлемнің айтуынша, 1985-1986 жылдары Нидерландыға 150-дей қазақ отбасы жұмыс іздеп Түркиядан көшіп келіпті. Олар Түркияның қазақтар тұратын Стамбұл қаласынан, Измирден және Алтайкөй ауылынан көшіп келген Керей қазақтары. Кейін сол қазақтардың көбі қайтадан Түркияға, ал қайсыбірі Францияға көшіп кетіпті. Себебі голланд немесе ағылшын тілдерін білмеу, жергілікті жердің заң-закондарынан хабарсыз болу және үй-баспана мен дұрыс жұмыс табылмауы сондай-ақ жергілікті әкімшілік орындарының қазақтардан түрлі құжат қағаздарды талап етуі және балаларын оқытуға қатысты қиындықтардың болуы олардың қайта қайтуына себеп болса керек. Сол қиындықтарға шыдап кері көшпеген қазақтар Нидерландыда қалып өмір сүріп жатыр. Бүгінгі күні олардың саны 30-40 шақты отбасын құрайды. Егерде әр үйде орташа есеппен 2-3 бала бар деп есептесек Нидерландиядағы қазақтардың саны 120-160 адам шамасында. Осында қалғандарының бәрі Нидерландыдағы түрлі киім тігу фабрикаларында жұмыс істеген. 
     Нидерландыдағы қазақтардың үлкені 68 жастағы Абдулла Уақап Қыран және 65 жастағы Ысқақ Шоқгүленнің айтуларынша, алғаш Голландияға жұмыс іздеп Жеңіс Ораш деген руы найман Түркия қазағы келіпті. Одан кейін 1983 жылы Ейіп Ақай, Мұқылес Салихылы, Рафик Байдалы, Қахарман Қадырәлі деген 4 қазақ келіпті. Одан 1986 жылдан кейін қазақтар көбейген. Алайда бұл қазақтар Нидерландыға ешкімнің шақыруынсыз өз беттерімен келгендіктен Нидерланды үкіметі оларды жақсы қабылдамаған. Сондықтан 14-15 жыл бойы Түркия азаматы паспортымен жүріп-тұруға тура келген. Үкіметтен ешқандай әлеуметтік көмектер ала алмағандықтан өз күштеріне сеніп, кез-келген жұмысты істеулеріне тура келген. 15 жыл өткеннен кейін барып Нидерланды үкіметі оларға азаматтық берген. Содан бастап тұрмыс-тіршіліктері жақсара түскен. Үкімет оларға үй-баспана берген, кейбірі өздері сатып алған. Ең негізгісі жұмысты болып, жұмыссыздары үкіметтен әлеуметтік көмектер ала бастаған. Балаларын оқыту проблемасы шешіліп, қәзір бәрінің балалары ағылшынша немесе голланд тіліндегі мектептерде және қайсыбірі жоғары оқу орындарында оқып жүр. Мысалы Абдулла Кәлемнің қызы Мехреб Амстердам университетінде оқиды. Абдулла Қаражігіт есімді тағы бір қазақтың қызы Амстердам университетінде оқып жатыр. 
   Оқу демекші, 1991 жылдан кейін Қазақстаннан халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен, Еуропа одағының «Ерасмус Мундус» секілді халықаралық бағдарламалармен келіп оқып жүрген қазақ жастарының саны да көбейген. Өзі «Ерасмус Мундус» бағдарламасымен Амстердам университетіне оқуға келген түркістандық Гүлдана есімді қарындасымыз Амстердамда тұратын Уәли Бишер есімді қазақ жігітімен бас құрап, қәзір сонда тұрып жатыр.Оның айтуынша, өзі секілді Қазақстаннан келіп оқып жүрген қазақ жастарының саны 20-30 аралығында. 
   «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және Гаагадағы Қазақстан елшілігі бұндағы қазақтарға қазақ тіліндегі кітап, журналдар таратып беріп тұрады бірақ олардың көбі кириллше әріп танымайтындықтан бұларды оқи алмайды. Ең дұрысы кітап, журналдар латынша болса жақсы болар еді» дейді Гүлдана. Амстердам тұрғыны Фатма Ұлықпанқызының айтуынша, жалпысы голландиялықтар қазақ секілді кең мінезді келетін халық. Шетелдіктерге іші тарлық жасамайды. Шетелдіктердің салт-дәстүр, мәдениетін аса сыйлайды. Араласатын голландиялық көршілері қазы-қарта, бауырсақ секілді қазақтың тағамдарына қызығатынын айтады. Нидерландияда адам қартаю проблемасы бар болғандықтан үкімет шетелден жұмыс күшін алуға мәжбүр жағдайға барып отыр. Нидерландылықтардың өздерінде 1-2 бала болса қазақтарда 4-ке дейін балалары бар. Нидерландыда тұратын қазақ диаспорасы бір-бірімен тату,біркелкі деңгейде өмір сүріп жатыр деуге болады. Іштерінен шыққан бірен-саран бизнес адамдары да бар. Солардың бірі Айдын деген жас жігіт пицца дайындайтын асхана ашқан. 
   Абдулла Калемнің айтуынша 1986 жылдары келген қазақтардың көбі қәзір үкіметтен беретін зейнетақыға қарап жұмыссыз отыр. Бұған дейін оның Стамбұл қаласында нейлоннан киім-кешек тігетін кішігірім цехы болған. Әкесі қайтыс болған соң Амстердамға келіп, киім-кешек тігетін түрік фирмасында тігін цехын басқарып тұрған. Ол бір жылдары Түркия қазақтары арасынан Түркияның әйгілі «Галатасарай» футбол командасында ойнапты. Соңғы жылдары перде тігетін цехта біраз жылдары жұмыс істеп тұрып, зейнетке шыққан. Қазір арзан қытай перделері көбейіп кеткендіктен перде тігіп сату бизнесі жүрмей қалды, - дейді ол.
      Амстердамда тұратын қазақтар дінге берік. Бес уақыт намазын өтемесе де жұма намазынан қалмайды. Біз барардан бұрын Амстердамдық қазақ Абдулла Қаражігіт және әйелі Халима екеуі қажылық парыздарын өтеп келіпті. Қажы Абдулла Қаражігіттің айтуынша, Амстердам қаласында шамасы 50 дей мешіт бар. Қазақтар көбінесе жұмалық намаздарын өтеуге Түрік мешіттеріне барады. Қазақтар аптасына бір рет қала әкімшілігі берген қоғамның мәдениет үйінде кездесіп тұрады.
   Амстердам қаласының гүл өсіретін фермасында жұмыс істейтін Мансұр Қаражігіттің 12 жастағы ұлы Елісхан Түркияда өткен құранды мәнерлеп жатқа орындау сайсында жүлделі орын алыпты. Баласының осы дарынын ары қарай дамытып, дін оқуының жоғарғы курсын оқытсам деп армандайды әкесі. Тарихта қызғалдақ гүлінің отаны Қазақ жері деп аталады. Осы гүлдің ұрығын Нидерландыға апарып, бүгінгі күні әлемде үлкен бизнес көзіне айналдырған голландиялықтар сиыр сүтінен жасайтын ірімшіктерімен де мақтана алады. Мансұрдың айтуынша Нидерландыда арнайы өсірілетін қызғалдақ гүліне деген сұраныс өте күшті. Гүлді ең көп сатып алатын елдің бірі Ресей көрінеді. Польша, Түркия, Румыния және Қазақстан да «голландия қызғалдағын» сатып алушы елдер. Міне қараңыз, табиғат өзі бізге ғана сыйлаған осы қызғалдақ гүліне ие бола алмай сонау Еуропа түкпірінен қаншама қаржы жұмсап осы гүлдерді қайта сатып алып жатқанымыз. Бұған не деуге болады. Ешнәрсе айта алмаймыз. Кезінде Азия даласын құлпыртқан осы қызғалдақ гүлдің құдыреті ме кім білсін Амстердамдағы басқа қазақтардай емес Абдулла Қаражігіт қала шетінен 3 қабат жақсы үйді сатып алған қазақ. 
     Осы жолы Нидерландыдағы өмірдің Германиядан да қымбат екеніне көзім жетті. Осындағы қазақтардың көбі үйлерінде қазақша не түрікше сөйлеседі. Ал алдағы уақытта осы елде тұра бересіңдер ме? жоқ әлде Қазақстанға не Түркияға көшесіңдер ме? деген сұрағыма көпшілігі бала-шағамызды оқытып тұра беру ойымызда, бірақ, жағдаймыз қиындай түссе амалсыз не Қазақстанға не Түркияға қарай көшеміз десті. Қазақстаннан келетін кейбір бизнесмен қазақтарға көмектесіп тұрамыз дейді олар. Ал Қазақстаннан Нидерландыға жұмыс, кәсіп іздеп келген кейбір қазақ отбасылармен араласып тұрамыз, ал қалғандары онша араласпайды дейді олар. Себебі неде? деген сұрағыма олар «өмір сүрген елдеріміздің өзгешелігінде, біз өз арамызда түрікше сөйлесіп кетеміз, ал олар өз араларында орысша сөйлеседі екен» деген жауап берді.
     Биылғы Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын Нидерландыдағы қазақтар алдағы мамырдың 23-24 күндері Амстердам қаласында өткізуге қызу дайындық жасап жатыр. «2015 жылғы Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын өткізу біздің мойынымызға жүктелген. Сондықтан құрылтайдың дайындық жұмыстарын бастап қойдық. Жас футболшылар доп ойнайтын футбол алаңына, қонақтарға арналған екі қонақ үйге, концерт залына тапсырыс беріп қойдық. Амстердамда тұратын қазақтардың әрқайсысына өз міндеттері жүктелді» дейді қоғам төрағасы Абдулла Калем. Мысалы, Амстердам қаласының гүл өсіретін фермасында жұмыс істейтін Мансұр Қаражігітке Қазақстандық қонақтарға арнап гүл шоқтарын дайындау тапсырмасы беріліпті. Міне Нидерландыда жүрген азғана қазақ ағайындарымыз осылай Еуропа төрінде алаңсыз, еркін өмір кешіп жатыр.

       Досан Баймолда, халықаралық журналист

         Алматы-Берлин-Амстердам

      http://baq.kz/kk/diaspora/1259

толығырақ

Балли Мажец. Фото: Natemat.pl.

     Балли Мажец Қазақстанда туған, Мәскеуде білім алғаннан кейін күйеуге шығып, Польшаға көшіп кеткен. Ол 25 жылдан бері Польшаның азаматы, екі ұлы бар. NaTemat басылымының мәліметінше, Мажецтің сайлауға өз кандидатурасын ұсынуы үшін 100 мың қол жинау мүмкіндігі аз, дегенмен, ол Польша президенті сайлауы додасына қатысуы әбден мүмкін деп есептейді.

     "Мен Польша президенті роліне өзге үміткерлермен тең дәрежеде сай келемін. Көп жылдан бері посткеңестік мемлекеттерде құқығы бұзылған жұртшылықпен бірге адам құқықтары мен демократиялық өзгерістерді сақтау мәселелерімен айналысамын. Менің тәжірибем Польшада кәдеге жарайды деп ойлаймын", - дейді әйел. - Менің екінші көздейтінім - Кеңес Одағы құрамында болған елдер мәселелері. Мен сыртқы саясат мәселелерін өте жақсы меңгере аламын, себебі Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің проблемалары маған етене таныс".

    Мажец өзі Польша президенті болса, украин дағдарысын шешуге үлес қоса алатынын айтты. "Мен бұл адамдардың тілі мен ділін білемін, Қазақстан КСРО құрамында болған еді. Польша президенті ретінде мен Польшаның Батыс пен бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттері арасында делдал болуына ықпал етер едім. Себебі поляктарға голландтар мен француздарға қарағанда, шығыстағы көрші халықтар жақын. Біз сол социалистік лагерьден өтіп, сол проблемаларды бастан кештік. Сондықтан Польша Украина жөніндегі келіссөздерге араласуы керек. Ол ара ағайын болуға міндетті. Қазір жағдай олай емес. Біз украиндерді немістер мен француздардан гөрі жақсы түсінсек те, келіссөздер процесінен тыс қалдық", - дейді Мажец.

     Қазақстанда туып өскен әйел өзінің саясаткер ретіндегі тәжірибесінің жоқтығын мойындайды. Бірақ оны кемшілік деп әсте есептемейді. "Мен адам құқытары мен азаматтық бостандық үшін күресетін қарапайым азаматпын", - дейді ол. Оның президент болғанда ұстанатын қағидасы "Халықпен бірге болып, олардың мұңын мұңдау".

   Айта кету керек, әзірше Польшаның қазіргі президенті Бронислав Комаровскийдің келесі мерзімге қатысу-қатыспауы белгісіз. Оның өкілеттігі 2015 жылдың тамызында аяқталады. Бұған дейін Польша президенті болудан 60 жастағы транссексуал Анна Гродсканың да үміті бар екені хабарланған еді. Оның кандидатурасын "Жасылдар партиясы" қолдап отыр.

      tengrinews.kz

толығырақ

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы
      Беларусьта биатлоннан жастар және жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Кеше қыздар эстафестасында Беларусь құрамасы сапында 19 жасар қазақ қызы Динара Әлімбекова спорт карьерасында алғаш рет әлем чемпионы атанды. Бұл туралы кеше Фейсбукта алғаш болып биатлон фанаты TERISKEI хабарлады, өз парақшасында.

Бүгін Динара туралы мәлімет іздеп қайттым интернетті шарлап:
Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы
     5 қаңтар 1996 жылы Қазақстанда туған. Әкесі қазақ, шешесі орыс. 3 жасында отбасысымен Беларусьқа көшіп келген. 11 жасынан бастап шаңғы спортымен айналысқан, сонымен қатар музыка мектебінің фортепиано сыныбын аяқтаған. Қазақстан құрамасынан ешқандай шақыру алмаған Динара жалпы басқа ел атынан шығуды ойламайды. Қазірден бастап Дарья Домрачеваның ізбасары ретінде қаралуда. Беларусь құрамасының болашақтағы басты жұлдызы болады деп күтілуде.

     Биылғы маусымдағы көрсеткіштері:

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

Сұхбаттар:
15 жасындағы сұхбаты
23 ақпан 2015 күнгі сұхбаты

Спортшы профилі:
biathlon.com.ua

Әлеуметтік желілерде:
ВК
Facebook
Twitter
Instagram

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы



Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

Біз білмейтін қазақтар: Динара Әлімбекова - Беларусьтағы қазақ биатлоншы

    (Суреттер әлеуметтік желідегі профилінен алынды)

       http://kerekinfo.kz/blog/unknown/15933.html

толығырақ

    Ел біріншілігінің бірінші лигасында ойнайтында Шымкент қаласының «Қыран» командасы» сыртта жүрген тағы бір қандасымызбен толығуды көздеп отыр. Бұл жолы Германияда дүниеге келген клубқа Нәби Филиз келмекші.  

     Нәби Германияның Розенхайм қаласында дүниеге келген. «Баварияның» жастар академиясында аладопты меңгерген. Одан кейін 2009 жылы «Унтерхакинг» командасының жастар құрамасына қабылданып, сол кезде кәсіби футболшыға берілетін лицензияны алған. Германияда футзалдан аймақтық лигалардың бірінде доп тепкен. Былтырғы жылы алғаш рет «Ордабасының» Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарына қатысқан еді. Бірақ ол кезде команданың бас бапкер этникалық қазақ футболшысын легионер ретінде ала алмайтынын мәлімдеген болтын. Содан кейін Нәби Германияға қайта оралды. Енді, міне, Шымкенттен тағы ұсыныс түсті. Бұл жолы «Ордабасы» емес, «Қыран» командасынан. Былтырғы маусымда осы «Қыран» командасында Еуропада өскен тағы бір қазақ футболшысы Мұрат Өнал ойнады. Мұрат өзіне артылған сенімді ақтап, 14 гол соқты.

    «Қыран» алдағы аптада Түркияның Анталья қаласына оқу-жаттығу жиынына аттанады. Сол жиынға осы Нәбиде шақырылады. Бас бапкердің көңілінен шығып жатса, клуб басшылары келісімшартқа отыруға дайын екендерін мәлімдеді. 

      http://baq.kz/kk/news/60679

толығырақ

IMG_0116

      Ол жігіттің есімі – Шенол Жәдік. Шенол түрікше «әрдайым көңілді бол» деген мағынаны білдіреді. Ал Жәдік оның ата тегі Абақ Керейдің Жәдік руынан екенін білдіреді. Еуропада жүрген қазақтардың көбінің есімдері қазақша, ал ата тегі, яғни фамилиялары түрікше болып келеді. Ал біз сөз еткелі отырған бұл азаматтың есімі түрікше де, фамилиясы қазақша. Германияның оңтүстігіндегі Майнс қаласында өмір есігін ашып, сонда немісше орта мектеп бітірген Шенол 1990-шы жылдардың басында Қазақстанға келіп бір жылдай Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде дайындық курсын оқыпты. Дайындық курсынан кейін Шенол Германияға қайта оралып Франкфурттағы Медицина университетіне оқуға түсіп, оның ми-жұлын ауруларын хирургиялық әдіспен емдеу факультетін үздік бітіріп шығады.

     Оқу бітірген соң біраз жылдары Майнстағы және Франкфурттағы клини­калық ауруханаларда біліктілігін жетіл­дірген ол біраз жыл Гамбург қаласындағы клиникалық ауруханада бас дәрігердің көмекшісі қызметінде ми-жұлын ауруларын емдеу жұмысымен айналысады.

    Бүгінде Германияға есімі кеңінен танымал Шенол Гамбургтен 100 шақырымдай алыс Салзвиг-Холстен аймағының орта­лығы Киел қаласындағы клиникалық ауру­хананың бас дәрігерінің орынбасары болып істейді. Германия Академиясының «DAAD» ғылыми бағдарламасымен Берлиндегі Гумбольдт университетінде 3 ай болған кезімде жол түсіп Гамбург қаласына барған едім. Еуропада қазақ диаспорасының қалыптасу тарихын зерттеп жүрген маған Гамбургтегі қазақтардың, әсіресе Шенолдың телефонын табу оңай болмады. Ақыры Мюнхенде тұратын ескі танысым Темірхан Алтын арқылы Шенолдың үй телефонын таптым. Жаңа жылдың алды болса да Шенолмен хабарластым.  Ол бір-екі күн демалыста екенін, уақытының барлығын  айтып, маған келіп қайтуыма риза хош екенін білдірді. Берлин мен Гамбург арасы 300  шақырымдай  жер. Германияның солтүстігінде, Эльба өзені жағасына орналасқан 2 миллиондай тұрғыны бар Гамбург қаласы астана Берлиннен кейінгі  Германиядағы екінші үлкен қала, ал Еуропа бойынша сегізінші ірі қала болып саналады. Тарихи ескерткіштерге бай Гамбург қаласы сондай-ақ әлем елдерінен келетін жолаушылар және жүк таситын кемелер тоқтайтын Еуропадағы ең ірі портты қаланың бірі саналады. Мен отырған халықаралық жайлы аутобус Берлин-Гамбург арасындағы үлкен даңғыл жолмен 3 сағаттай ғана уақыт жүрді. Уәде бойынша аутобус бекетінде мені тосып алуға келген  Шенол Жәдік өзінің 12 жасар қызы Әлияны да ерте келіпті. Аман саулық сұрасқан  соң, ол  «егер жолда шаршамаған болсаңыз  Гамбургке жақын  өзі жұмыс істейтін Киел қаласына барып қайтсақ»  деді. Сөз арасында осыдан бір апта бұрын Қазақстаннан 6 жастағы Тоқмұқамед Молдыбек деген бала келгенін, оның  инсульт алған миына  жасалған операцияның  сәтті болғанын айтып өтті. «Көргіңіз келсе апарайын, әке-шешесі қасында» деді. Менің де қызығушылығым оянды. Жол бойы әңгіме тізгінін ағыттық.  Әңгімелесіп отырып Германияның ең солтүстігіндегі порт қаланың бірі Киел қаласына қалай келіп қалғанымызды да байқамай қалыппын. Бірден қала орталығына жақын Нейрохирургиялық ауруханаға бардық. Шенолдың айтуынша, Киел қаласындағы клиникалық аурухана Германиядағы ең үздік ауруханалардың бірі болып саналады екен. Соңғы заманның ең жақсы емдеу аппаратуларымен жабдықталған, тіптен тө­тенше жағдай кезде науқас адамды жедел тасымалдау үшін аурухана төбесіне тікұшақ қонатын арнайы алаңына дейін бар. Шенол бірден бөлмесіне кіріп, ақ халатын киіп бізді бастап астаналық кішкентай «пациент» Тоқмұқамед (Тоқаш) жатқан бөлмеге бастады. Германияда ауру адамға деген ерекше қамқорлықты бұл жерден бірден байқауға болады. Медициналық барлық жабдықтары бар бөлмеде бір науқастан ғана жатады. Біз барғанда жасынан аурудың қиындығын көрсе де балалық мінезі мен қылығы әлі қалмаған Тоқаштың басы жартылай таңулы, төсек үстінде  ойыншықтарымен жалғыз ойнап отыр екен. Ал кеше ғана осы жас сәби баласы үшін жандары ұшып сонау Қазақстаннан медицинасы күшті ғой деген сеніммен Германия дәрігерлерінен араша, көмек сұрап келген Тоқаштың жанындағы әкесі мен шешесінің көңілдері мәз-майрам жағдайда екен. Әсіресе балаларын өлімнен арашалап қалған Шенол Жәдікке деген олардың ризашылықтары ұшан-теңіз екенін көздерінен байқауға болады. Қараңызшы, олар Германияға келгенде жастайынан миына қан кету кесел ауруына  ұшыраған ұлдарын арашалайтын ақ халатты дәрігер қазақ жігіті болады деп ойлады ма?  Әрине үш ұйықтаса да түстеріне кірмеген нәрсе. Тоқаштың мамасы Ләззат Ақымбаева есімді қарындасымыздың айтуынша, Тоқаш 3 жасында инсульт болыпты. Тілі күрмеліп, бір аяғы ақсаңдап, кейде талып қалатын болған. Басында ешкім білмеген, тіптен дәрігерлер де білмеген. Ешкім де жас сәби бала инсульт болады деп ойламаса керек. Ақыры бірнеше дүркін Алматыда және Астанада жасалған бастың томографиялық зерттеуі оның миында ұйыған қан барлығын анықтап берген. Шұғыл түрде операция жасау керек болғандықтан 2011 жылы Қазақстандағы ең мықты хирург дәрігерлер жұмыс істейтін Астанадағы Нейрохирургиялық орталыққа Тоқашты жатқызып операция жасатқан. Басында операция сәтті болып, Тоқаштың аяғы ақсаңдайтыны, тілі күрмелетіні, кейде талып қалатыны уақытша жоғалғанымен, уақыт өте келе бұл жағдай қайта басталады. Міне осыдан кейін Тоқаштың әке-шешесі баласын Германияға апарып емдетудің жолын іздестіре бастайды. Өздерінің айтуларынша, Астанадағы мемлекеттік басқару академиясында азаматтық құқық кафедрасының меңгерушісі болып істейтін Тоқаштың әкесі Талғат Айқұмбаевтың «Болашақ» бағдар­ламасымен Германияға бір жылға ғылыми тағылымдамен баратын болғаны  ауру  баласына Германиядан жақсы дәрігер іздеуге  таптырмайтын мүмкіндік болыпты. Ол Германияға келген соң-ақ миға операция жасайтын мықты дәрігерлерді және клиникалық ауруханаларды іздестіргенін айтады. Сөйтіп жүріп Гамбургте нейрохирург бір қазақ дәрігер бар деген ақпаратты Берлиндегі елшілік қызметкерлерінің бірінен алып, Шенолмен телефон арқылы байланысқан. Шенол мен Талғат 2014 жылдың маусымның 6-8 күндері Берлинде өткен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы кезінде кездеседі. Кішкентай Тоқаштың медициналық анықтамалары және томо­графиялық суреттерімен танысқаннан кейін баланы Германияға алдырып, қай­тадан Германияда томографиялық зерттеу жасату керектігін айтады.  Шенолдың айтуынша, кішкентай Тоқаштың миындағы қан тамырларының бірі өскендіктен, сол тамыр жарылып қан кете берген, содан инсульт болған. Бірақ та қазақстандық дәрігерлер мида жарылған қан тамырына операция жасап алып тастамай, тек миға кеткен қанды тазалаумен шектелгендіктен ауру белгілері қайта басталыпты. Біз кішкентай сәби Тоқаш секілді қаншама балалар осындай ауру күйге ұшырағандарын білмей жүретінін, оны Шенол секілді мықты дәрігерлер көмегімен операция жасау арқылы  қалай жазуға болатынын кеңесіп отырған кезде кішкентай Тоқаш өзіне Шенолдың қызы Әлия сыйлаған   машина ойыншықпен ойнап, дәлізді басына көтеріп жүргенін көріп, тағы бір қазақ баласын ажалдан құтқарған Германияда тұратын қандасымызға деген ризашылығымыз шексіз болды. Шенол­дың айтуынша өзі басқаратын нейро­хи­рур­гиялық емдеу бөлімі күн сайын ең кемінде бір ауруға операция жасайды. Көбінесе  мидағы ісіктер, миға қан құйылу, мойындағы, белдегі, жұлындағы ауруларды операциялық жолмен емдейді.  Кішкентай Тоқаш және оның әке-шешесі Талғат пен Ләззат екеуімен қоштасып, елге аман-сау жетулеріне тілектестігімді білдірдім. Шенолдың үйіндегі келіннің аты Түнай екен. Түрікше де, қазақша да бірдей мағына беретін  әдемі есім. Мамандығы экономист. Балаларының үлкені Әлия Гамбург қаласы бойынша жасөспірім қыздар арасындағы каратэ спортының жеңімпазы. Бөлмесінің іші толған нешетүрлі кубок, мақтау қағаздары мен медальдар.  Ертеңінде Шенол екеуміз Гамбург қаласының орталығын аралап, түс ауа Гамбургтен 30 шақырымдай жердегі Гестахт (Geestacht) ауылында тұратын Шенолдың қайын атасы Айқан Ауыжы ағаға  барып сәлем бердік. Ол кісі Париждегі қазақтардың бір тойына қатысып, ұзақ жолдан түнде келіпті. Жолда аздап шаршағандарына қарамастан  алыстан келген қонақ деп сыйлап  маған  үй иесі мен сол үйдегі жеңгеміз  құтты дастарханын жайып қарсы алды. Еуропада жүрсе де, қазақи  қонақжайлығын еш ұмытпаған Гамбургтегі бұл ағайындарға дән риза  болдым. Өзінің айтуынша Айқан аға 35 жыл Гамбург метросында істеп қәзір зейнетке шыққан кезі екен. Бір ұл, үш қыз өсіріп отырған Айқан Ауыжы да биылғы жылы ұлын үйлендіріпті. Ұлан асыр тойды Түркиядағы ағайын-туыстарының арасында өткізіпті. Ұлы қазір өзінің жолымен Гамбург метросында техник болып істейді. Өзінің салып алған екі қабат үйінің ауласында 2-3 көлік тұр.  Айқанның айтуынша, Гамбургте және оның маңайында тұратын қазақ отбасылардың саны көп емес, шамасы 5-6 отбасы ғана, ал 1990-шы жылдардың басында Қазақстаннан этникалық неміс­термен бірге Гамбург қаласы маңына көшіп келген  аралас некедегі қазақтарды қоссақ 20-30 үй бар. Олар той-томалақта үнемі бас қосып тұрады екен. Сонымен Гамбургтегі ағайындармен хош айтысып, Берлинге қарай аттандым. Жол бойы Германия ғана емес, Еуропаға да аты таныла бастаған қазақ дәрігері Шенол Жәдіктің білімі мен біліктілігі Қазақстанға да керек-ау, осындай азаматтарға жағдай жасап неге елге шақырмасқа деген ой жетегінде болдым. 

 Досан БАЙМОЛДА, «Экономика» газетінің Еуропадағы тілшісі, халықаралық журналист 

        http://economkaz.kz/?p=13232

толығырақ

      Германиялық қазақ Нәби Филиз Қазақстанға келеді. «Аламан» тілшісі анықтағандай Нәби Филиз Шымкенттік «Қыран» командасымен келісім шарт жасаспақ. Ойыншы алдағы уақытта командаға Түркияда өтетін оқу-жаттығу кезінде қосылады. Айта кетейік осыған дейін «Қыранда» голландиялық қазақ Мұрат Өналдың да доп тепкенін білеміз. Өнал былтыр бұл командада ойнап, кейін келісім шарты аяқталған еді.

     Нәби Филиз 1989 жылы Германияның Розенхайм қаласында дүниеге келген. Бүгінде мюнхендік «Баварияның» футбол мектебінде тәлім алатын ол алты жасынан бастап допты өміріне серік еткен. 2009 жылы «Унтерхакинг» командасының жастар құрамына қабылданып, кәсіпқой лицензияға қол жеткізді. Футзалдан Бавария аймақтық лигасында ойнайтын Нәби футболдың осы түрінен Германия ұлттық құрамасына шақырту да алды. Алайда, футзалдан гөрі кәсіпқой футболға аңсары ауған ол атажұрттағы командалардың бірінде ойнағысы келетінін айтқан екен. Осы бір сөзі еліміздің Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің назарына ілігіп, Нәби Филиз қазақстандық командалардың бірінде ойнайтын болды.

     Бұған дейін қандасымыз Түркиялық клубтан шақырту алыпты. Бавария футбол клубының талантты тәлімгері шетте туса да, ана тілінде сөйлейді. Неміс, түрік және ағылшын тілдерін біледі. Қазақстандық клубта ойнасам, міндетті түрде азаматтық алар едім дейді Нәби.

    http://baq.kz/kk/diaspora/1237

толығырақ

   Ғылыми зерттеу тақырыбыма байланысты 2014 жылдың күзінде Аустрия Республикасының саяси, мәдени және экономикалық астанасы әрі ең ірі қаласы Венада болдым. Содан біраз күн бұрын Түркияның Стамбул қаласындағы "Қазақ мәдени орталығында" болып, пікірлескен едім. Сондағы жігіттердің берген телефон нөмірі бойынша қонақ үйге жайғасқан соң ұзақ жылдардан бері Венада тұрып жатқан Хадыс  Залың ағамен хабарластым. Ол кісінің қазақшасында  түрікше  акцент білініп тұрды. Менің жағдайымды түсінген ол  бірден:

         - Ау қазақпын дейсің бе, қазір қайдасың? Менен қандай көмек қажетсінесің?- деді жітірмілете. Аузы ашылса көмейі көрінетін ақпейіл жан екендігі аңғарылады. Мен ол кісіге ешқандай көмектің қажеті жоқ екендігін, тек аз-кем уақытын бөліп  сұхбаттасуға келсеңіз деген ойымды айттым.

      - Жарайды, әдрісіңді айт-деді. Аспаннан түсіп тұрған мен тұрған жерімді айтып  түсіндіре алмадым. Амалсыз ресепшнде  отырған неміс қызына:

       - Кешіріңіз, мына кісіге қонақ үйдің әдрісін айтып жіберіңізші - дедім ағылшын тілінде. Ар жағынан Хадіс аға немісше сөйлесе керек, қыз немісше сөйлеп түсіндіріп жатты, әлде неге сыңғырлап күліп алды да, маған қарап, ағылшын тілінде:

      - Қонағыңыз 20 минут ішінде жетеді, осында күтіңіз - деді жымиып. Мен рахметімді айттым да кіреберістегі бөлмеге қойылған креслоға жайғасып, түсінбесем де теледидарда неміс тілінде жүріп жатқан бағдарламаны қарап  отырдым. Көзім онда болғанымен көңілім мүлде басқа арнада. Санамда сан сұрақ. Кешке дейін Венаны аралап, көрікті жерлері мен ескі патша сарайларын, мәдени орындарын бірінен соң бірін тездетіп аралап шыққан маған бұл қаланың берген әсері шынында айрықша еді. Оқырманға жақсы таныс болуы үшін Вена жөнінде тоқтала кетуді жөн көрдім.

         Аустрия Республикасы  -  солтүстікте Чехия және Алманиямен, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында СловенияМажарстан және Италиямен, ал батысында Швейцариямен шектеседі. Жер аумағы 83871 шаршы шақырым, халқы  8,3 млн шамасында. Басқару формасы парламенттік республика, тәуелсіздік күні 17 қазан  (1918), ақшасы еуро,  мемлекеттік тілі - неміс тілі. Экономикасы нарықтық қатынастар негізінде дамыған индустриялы-аграрлы экономика. 1996 жылдың 1 қаңтарынан Еуропалық Одаққа мүше болып кабылданды. Ал елімізбен  1992 жылдың 19 ақпанында дипломатиялық қатынастар орнатқан.   Бұл елдің астанасы әрі тоғыз федералды аймағының бірі Вена, Оның халық саны 1,7 млн-нан астам.Аустрия—Мажарстан монархиясы ыдыраған 1918 жылдың карашасына дейін  әлемдегі ең ірі неміс тілді қала болса,  қазір Берлиннен кейінгі екінші үлкен неміс тілді қала.  Халықаралық маңызды мекемелердің біразы, ашып айтқанда, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) және бізге OПЕК деген атпен таныс Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (МЭЕҰ), Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) ұйымдарының штаб-пәтерлері осы қалада орналасқан. Сондықтан болар Вена қаласы Нью-Йорк және Женева қалаларынан  кейінгі БҰҰ-ның үшінші резиденциясы ретінде танылған қала.

      Бағана қала аралап жүргенде байқағаным, қала көне қала болса да, бүгінгінің өркениетімен өзіндік жарастық тауып, бірін-бірі түгендеп, бір бүтін әсем де, толықсыған дүниеге айналған.  Бұл қалада  бір-біріне мүл­дем ұқсамай­тын әр түрлі архитектуралық көріністер бәрі де тарихтан сыр шертіп тұрғандай. Әрі  мұнда МоцартБетховен, Шуберт, Штраус сынды атақты композиторлар тұрып, еңбек еткендіктен болар, бүкіл қала көшелері мен бау-бақшалары, сарайлары мен үйлерінің барлығы да ерекше бір әуенге басып, ән салып тұрғандай.  Қаланың осындай шырайлы да, өркениеттің ордасына айналуына оның географиялық орны және сан түрлі халықтың мекендеуінен болса керек.

         Айтқан уақытында қонақ үйдің сыртқы есігі айқара ашылып,  орта жастағы ер адам күліп кіріп келе жатты. Мен оның түр-әлпетінен Хадіс аға екенін бірден таныдым. Орнымнан ұшып тұрып есікке қарай адымдай бастым. Тұла бойымнан бір түрлі жылылық пен жақындық сезімі есіп қоя берді. Қанның құдіреті осы болса керек.  Бұрын көрмеген, ешқандай таныстығы, туыстығы жоқ Хадіс ағаны құшақтай алдым.  Ол кісі де "Ой айналайын-ау"-деп  арқамнан қағып бауырына басты. Алма-кезек төс қағыстырып, амандық сұрасқан соң, қасына ертіп келген толықша келген жігітті күйеу балам Айдын Жігіт деп таныстырды. Біз кіреберістегі  үш кісілік креслоға жайғасып әңгіме дүкен құра бастадық.  Хадіс аға орта бойлы, ақсары жүзді, көзілдірікті, іс-қимылы ширақ  адам екен. Аздап түрікше акцентпен сөйлейді демесеңіз сөзге де жүйрік, ойы орамды, жатырқауды жаны қаламайтын, аңқылдаған ақпейіл жан екен. Содан болар әңгімеміз бірден жарасымдылық тауып кетті. Атасы алдында сыпайылық танытқан күйеу баласы ара-тұра сөз қатыстырғаны болмаса, алдымызға түсіп сөйлеп кетпеді. Аздан соң Хадіс аға:

         - Інім, алыстан ат тербетіп келген екенсің, еншісі бөлінбеген қазақпыз ғой, құттымешін үйімізден дәм татып қайт-деді. Сөз ләмінде ұсыныстан гөрі, өзімсінген ағаның қалауы мен бұйыруы жатқандай сезілді. Мен де шынайы қазақы көңілмен келісім бердім. Есік алдында немістің жеңіл көлігі тұр екен, соған жайғастық. Рөлде күйеу баласы, шамасы машина иесі сол болса керек, біз аға екеуіміз артқы орындыққа жайғастық. Ендігі әңгіме тақырыбымыз қала тұрмысы мен мәдениетіне ауысты.

     - Бұл Веналықтарға таңданбасқа шараң жоқ. Сөздеріне бек берік, өте ұстанымпаз. Мысалы, дүкеннен бір зат алмақ болсаң, азғана ақшаң жетпесе де саған сатпайды, ал егер сатушы саған аз ақшаға қарыз болса да, алмасыңа қоймай қайтарып береді. Уақытқа да көз-қарасы солай, сағат 7-00 де жабылатын дүкенге бір-ер минут қалғанда барып, тауар алам деуіңіз бекершілік. Тіпті, дүкеннің барлық затын алам десеңізде сатпайды. Ертең жұмыс уақытында келіңіз дейді. Ал Түркияда болса, басқаша болар еді. Қоғамдық жұмыстары да солай, егер бұлардың алдына  бір жұмыспен бара қалсаңыз, егер ол заң мен тәртіптерге сай келетін жұмыс болса "болады"-деп жауап береді. Әрі ол міндетті түрде болады. Ал егер "томпақ" жұмыс болса, тұтас мемлекетіңді алып келсең де болмайды. Осыларды айтқанда өзі тұрып жатқан елдің осындай ұстанымына рыза болғандай көздері жұмылып, күлімсіреп кетті. Мұндайда, қырау шалған қазақы мұрты да бірге жымиғандай өзінің бет-пішініне жарастық беріп  кетеді  екен.    Біз осыларды айтып отырып, Хадіс ағаның үйіне қалай тез жетіп келгенімізді де байқамай қалыппыз. Қараңғы түсіп кеткендіктен айнала толық көрінер емес, шамасы 5-6 қабатты үй болса керек, Хадіс ағамыздың үйі бірінші қабатта екен.

      Үйге сәлем беріп кіріп төрге жайғастым. 3-4 бөлмелі үй тынысты екен. Жайғасып отырған соң Хадіс аға өзінің отбасы мүшелерін таныстырды. От-анасы Зәфура ханым екеуінен екі қыз, екі ұл бар екен. Үлкен қызының аты Асылхан Жігіт, Айдын Жігіттің жары екен, екеуіде Аустрия әуежайында қызметте. Жұмыстары келіп-кеткен ұшақтардың ұшып-қонуына жауапты екен. Олардан 6 жасар Берке-Тана және 4 жасар Емір-Фурхан есімді екі ұлан өсіпті. Екінші қызының аты Нұр Ербас, күйеу баласының аты Чағатай Ербас, үйленгендеріне бір-ақ жыл болыпты. Еуропада жол жасаумен айналысады екен. Үлкен ұлы Ералтай Залың, электрик инженер, Германияда істейді. Келінінің есімі Елиф Залың, студент. Олар да  бір жасар Емін-Абай  Залың атты  ұл өсіріп отыр екен. Кенже ұлы әзірше бойдақ Юнус-Емре мамандығы бойынша электрик. 5 жасынан аяқдопқы қызыққан ол қазір Аустрияның WIEN футьбол камандасында ойнайды екен. Біз барғанда үйде бәйбіщеден бөлек, Асылхан мен Юнус-Емре және Берке-Тана мен Емір-Фурхан болды. Кіші қызы Нұр қаланың басқа жерінде тұрады екен, ал үлкен  ұлы шетелде жұмыста соған байланысты олармен жүздесудің сәті түспеді.

         Аспен бірге әңгіменің тиегі одан бетер ағытылып, енді өткен тарихқа қарай ойыстық. Хадіс Залың 1952 жылы  Пакістанда туылған. Ел қатары Түркияға қоныс аударып, сол елде білім алып, қызмет еткен, сонда үйленген.  Алайда, арман арқалаған жас жігіт 1978 жылы Еуропаға, анығын айтқанда Вена қаласына жұмыс істеуге келіп, осында тұрақтап қалады. 1985 жылы осы елдің азаматтығын алған. Қазір құрметті зейнеткер. Зейнет ақысы біздің теңгемізбен есептегенде 260 мың шамасында. Оның сыртында ара-тұра көлік айдап, кірешілік те жасайды. Енді Венаға алғаш келгендегі әңгімесін Хадіс ағаның өз аузынан тыңдайық:

         - Ол жылдары Түркияда экономикалық жағдай қиын еді, содан Еуропаға барып жұмыс істетейтін адамдар пайда бола бастады. Мен солардың алғашқылары болып, 1978 жылы түрік жігіттерімен бірге осында қарай сапар шегуге бел будым. Алайда, қалтам жұқа болғандықтан виза алу да маған қиынға түсті. Сонымен нар тәуекел деп бар-жоғы екі жүз АҚШ долларын алдым да поезға міндім. Тек Бір Аллаға ғана тәуекел еттім. Поезда келемін, көңіл алаң, "қашан жетеміз"- деп қасымдағылардан сұрап қоямын. Олар "Ерте, ұйықтай бер" -деп қояды. Өзім іштей алаңдаулымын, себебі визасыз келемін, ал тәртіп болса қатал, оның үстіне қалтамда бар-жоғы екі жүз-ақ доллар. Сөйтіп әбіржіп жатып, талмаусырап барып көзім ілініп кеткен екен, түс көріппін, түсімде өз үйімде құран оқып жатыр екенмін. Біреудің оятуымен көзімді аштым, іштей көрген түсімді жақсылыққа жорып қойдым. Расында жолым болған екен мен ұйықтап жатқанда тексерушілер келіп кетіпті, ал поезд болса, Венаға келіп ат басын тіреген екен. Содан бастап  жұмыс іздеп, не болса да аянбай еңбек еттім. Алғашында жасырары жоқ, тұрмысымыз тым жұпыны болды,  үйде бар-жоғы екі-үш кесе мен шәугім-шәйнек және бір ескі кілеміміз  болды. Әлі есімде бірде, шамасы 1980 жылы болса керек, Мюнхеннен қонақтар келді. Қазақы дәстүрмен ет асайын десем ет жоқ, оны әйтеу біреуден аздап қарыз алып таптым. Ал енді оны асып болған соң қонақтарға тартайын десек табақ жоқ.

     Сөйтіп бір қысылғанымыз бар - деді риасыз күліп.Ал қазір ше, заман мүлде басқа, балаларға оны айтсаң бейне бір ертегі тыңдағандай таңданыспен қарайды. Кейінірек Иран кілемін әкеліп берсем, балаларым жақтырмады, тым ала-шұбар екен деп. Кезінде сондай жаңа  кілемді маған біреу сыйға тартса, өмір бойы сол кісі үшін дұға етер едім.  Ағам аз кідіріп алды да, әлде не есіне түскендей өзіміз отырған арқалы орындықты нұсқап, мына үстел мен төрт орындықты сол 1985 жылы бар жоғы 10 долларға сатып алдым. Ол да Құдайдың қалауы болса керек, көшеде келе жатыр едім, осы заттарды үкімет үйінің алдына шығарып қойыпты. Сөйтсем, министр жаңа жиһаз алып, ескісін сатуға әлде беруге ме есік алдына шығартқан екен.   Мен келіп сөйлесіп едім "алыңыз" -деді, мен рахмет айтып, қалтама қол жүгіртіп едім, бар жоғы 10 доллар ілікті. Соны бердім. Міне содан бері біздің қонақ үйде өз міндетін атқарып келеді - деді Хадіс ағамыз рыза болған бейнеде.

         - Онда, 1985 жыл Сіз үшін табысты болған екен, азаматтық алыпсыз, Сіздің азаматтық алғандығыңыз үшін министр мырза өзінің астындағы орындығы мен алдындағы үстелін сыйлапты. Бұдан артық мәртебе бар ма? - дедім менде әзіл-шыны аралас  үн қатып. Хадіс ағам да, басқалар да тегіс күлді. Сөз кезегінде шығыс мұсылман әйелдеріне тән инабаттықпен отағасының сөзін бөлмей, әдеп сақтап отырған жеңгемізге қарап:

         - Жеңгей алғашқы кезеңдер Сізге қалай әсер етті -деп сұрадым.

         - Қайным-ау, оның несін сұрайсың, бек қиын болды ғой.  Әйтеу Бір Алланың жәрдемімен, одан қала берді отағасының  тынымсыз еңбегінің арқасында ептеп ел қатарлы күнге жеттік қой. Алғашқы үш жыл отыз жылға бергісіз ұзақ та, машахатты сезілді маған. Түркиядан осында жылап келіп, жылап қайтып жүрдім. Жат орта, бөтен тіл, өзгеше мәдениетке үйірлесу маған жеңіл соқпады.  Аллаға шүкір балаларым осында оқып, есейіп, жоғары білім алып, кәсіптеніп кетті. Үлкен  ұлым мен екі қызым отау көтеріп, еншілерін алып, бөлек кетті. Қолымызда кенжеміз ғана қалды. Ол оқып жатыр. Міне өзің көріп отырсың екі жиен немереміз келіп-кетіп қуантып тұрады. Енді осылар аман-есен болса екен деп солардың қамын жеумен отырмыз. Аллаға ризашылқтан басқа, айтарымыз жоқ -деді сөзін аса бір ыждағаттықпен тәмәмдап.

         Хадіс ағамның екі жиен немересінің үлкені Берке-Тана мектепте, кішісі  Емір-Фурхан балабақшада екен. "Бірде тату, бірде араз" екі тентектің екеу- ара тілі немісше екен. Ара-тұра түрікше сөйлей ме қалай? Ал балаларынан байқағаным қазақшасы шорқақтау, негізінен өзара түрікше, ал ел-жұртпен немісше сөйлесетін көрінеді. Ағамыздың тағы бір қасиеті қазақша әндерге тым әуес екен. Мен келгелі телевизор мен заманауи DVD-ды қосып, қазақ әндерін әуелетіп қойды. Қандай жаңа ән болса соны іздеп жүріп, тауып алмайынша байыз таппайтын ағамыздың қоржынында Қытай мен Моңғолия қазақтарының, Қазақстанның және Түркия қазақтарының халық әндері мен эстрада әндерінің сан түрі бар екен. Өзімнің естігенім бар, естімегенім бар көп әннің куәсі болдым. Байқаймын бұл үйде дүниедегі барлық қазақ әндерінің асыл қазынасы  жатқандай сезілді маған.

          Ендігі сөз кезегінде өзімнің бұйымтайымды айтудың реті келді. Алғаш қонақ үйде кездескенде де ептеп шетін шығарған едім. Ал енді шетел қазақтарын зерттеудің Қазақстанда әлі толықтай қолға алынбағандығы, бірен-саран ғалымдардың  өз беттерімен ізденіс жасап жатқандығын айта келе, өзімнің шетел қазақтарын әлеуметтік және экономикалық географиялық тұрғыда зерттеп жүргенімді де айта кеттім. Сөзімнің төркінін түсінген сұңғыла ағамыз:

         - Дұрыс екен, жұмысыңа Алла береке берсін. Мен мұнда келгенде қазақтар жоқ дерлік еді. Кейін біртіндеп көбейді. Негізінен Түркиядан келгендер, одан соң Қытай мен Қазақстаннан да қоныс аударғандар бар. Жалпы 28 отбасы бар. Еуропаның басқа қалаларында тұратын қазақтармен байланысымыз бар. Менің білуімше. - деп Хадіс аға мен үшін тіпті, ғылым үшін де аса құнды төмендегі ақпаратты мәлім етті:

           Қала немесе мемлекет

 Отбасы саны

Адам саны (шамамен)

Париж

300

1200

Мюнхен

100

400-500

Вена 

28

150

Будапешт

10

40-50

Коринде

150

600-700

Амстердам

20

80-90

Лондон

50

200

Швейцария

4

15-20

Италия

4

15-20

Белгия

14

70-80

Америка

30

100

       Айтылған дүниелерді қағазға түсіріп отырдым. Түйгенім: Еуропа қазақтарының көбі Түркиядан қоныс аударғандар, ал Түркия қазақтарының түп мекені Қытайдың Алтай аймағы. Сондықтан болар олардың көпшілігі қазақтың орта жүзінің керей, найман, уақ  ұлыстарының ұрпақтары болып келеді екен.  Соның ішінде Алтайдан ауған керейлердің зар заманды басынан кешіп, тар жол тайғақ кешулер арқылы,  Тибет үстіртінен өтіп, Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға жеткенін тарихтан білеміз. Артынан әуеден де, жерден де қуғындаған қарулы жау, алдынан тосқауылдаған жергілікті қарақшылар, жер жағдайы мен климаты мүлде қолайсыз жат аймақ, бөтен ел,  кәрісі мен жасы аралас шұбырған көш, көз алдыңа елестетудің өзі қорқыныш, үрейлі көрініс. Хадіс ағамен болған әңгімеде осы бір қанды-жасты тарих бір сәт көз алдымнан арылған жоқ.

     Жалпы түсінгенім Хадіс аға және оның айналасындағы Веналық қазақтардың тұрмысы Еуропалық үлгі мен шығыс дәстүрінің тоғысқан бейнесі сияқты. Жастарының білімді еуропаша алуы, киім-киісі мен сөз мәнері, тіпті, үйленген соң күйеуінің тегіне көшуі де сол үлгіні көрсетсе, жастарының үлкендер алдындағы ибасы мен әйел затының ер адам алдындағы өзін ұстауы, аналардың басынан жаулығын шешпеуі  бәрі де мұсылман шығыс стилі емес пе?  Мейлі қалай болмасын Хадіс ағамыздың отбасы берекелі де, мерекелі отбасы екен. Вена қаласындағы қазақтардың барлығы да ол кісіні үлкен деп, алғаш келген арысымыз деп құрмет көрсетеді екен. Тіпті Қазақстаннан келген түрлі саладағы қонақтар да Хадіс ағамен жүздесіп кететін көрінеді. Оған ағамыздың бауырмалдыққа, сүйіспеншілікке, қазақы дархандыққа толы пейілі себеп болса керек. Ел қамымен алыс-жақын шетелдерге сапарлап тұратын Елбасымен де кездесіп, осындағы ағайындар атынан ізгі ниетпен тілегін де білдірген екен. Оған Елбасымен кездесуде түскен естелік суреті де куә.

         Қорытып айтқанда, тағдыр салып, пенде көніп осы қалаға келіп қоныстанған Хадіс аға отбасы өткеніне салауат айтып, бүгініне шүкіршілік етіп, болашағына үмітін үкілеп отырған  көптеген Еуропалық қазақы отбасылардың бірі. Осындай 2011 жылы өмір сүруге қолайлы үздік шаһар ретінде танылғанын әсем де, бай Вена қаласында ел қатарлы жақсы тұрмыс кешіріп отырған Хадіс ағаның отбасымен қимай қоштастым. Біз үшін дүниежүзіндегі барша қазақтырдың ұшқан құстың қанаты талатын кең-байтақ даламызда, өзімізбен бірге өсіп-өркендеуінен артық  бақыт болмас. Десе де, жат ел, жат жерде өздерінің қажыр-қайратымен, адал еңбегімен өсіп-өніп отырған    осындай нар тұлғалы ағаларға бас иіп құрмет көрсету біздің азаматтық және ұлттық борышымыз. Мені қонақ үйге Хадіс ағаның өзі өз машинасымен жеткізіп салды. Машинаға отырар жерде, маған қарап:

         -Анау қабырғалас тұрған қабат үйді көрдің бе, сонда жақында бір пәтер сатылмақшы, соны кенжемізге алып берейін деп отырмын. Енді оның да құлағын бұрап жатырмыз, тездетіп үйлен деп. Мен ұл-қыздарымның барлығына үйленуге байланысты бір қатал талабым бар, ол - тек қана қазақпен некелесу. Ағамыз осыны айтқанда өз-өзіне серт бергендей оң қолын көтеріп, жұдырығын түйді. Біз машинаға жайғастық, машинаның қозғалуымен бірге әлгінде ағамыздың үйінде тыңдаған қазақы әндер сайрап қоя берді. Ағамыз қосылып әндете бастады, мен де қосылдым. Венаның маужыраған күзгі кешінде, тар болса да, шағын болса да машинаның ішінде қазақы ән әуелеп келеді. Әнмен бірге ағам екеуіміздің көңіл құсымыз қазақ даласына қарай  қалықтап ұшып бара жатты.

    Қастер Сарқытқан, Абай атындағы ҚазҰПУ доценті, экономикалық-әлеуметтік география ғылымдарының кандидаты

 

 

толығырақ

    «Нұрлы жол – қазақ елін биікке бастар сындарлы жол». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауына Франциядағы қазақ диаспорасының өкілдері осындай баға беріп отыр. Жат жердегі қандастарымыз Отанындағы оң өзгерістерге сүйсініп, өзгелерге соны үлгі етуде.

      Әдетте, Парижде дүкендер алты күн жұмыс істеп, кешкі алтыда жабылады. Ал, іші-сыртына қазақтың көк байрағын желбіреткен дүкеннің иесі қандасымыз Абдолла Қобанұлы «қазағымды қайткенде көпке танытам» деп 20 жылдан бері аянбай тер төгіп келеді. Парижде қазақтың матасын сататын, оюларын сататын, заттарын француздарға көрсететін ешбір дүкен болған жоқ. Қазақ маталарын әкелейін деп көп ойландым. Қазір, Құдайға шүкір, бәрі таниды. Интернетке кірсе фирманың атын жазса, дүкенді көреді. Жасаған жұмыстарымызды, маталарымызды көреді дейді кәсіпкер.

    Құр көріп қоймайды, дүкендегі заттарға көпшіліктің сұранысы басым. Көздің жауын алатын қазақтың оюларымен безендірілген сөмкелер, құрақ көрпелер көп өтеді. Одан бөлек, Абдолла мен қарамағындағы бес жұмысшысы былғарыдан да біраз киім тігіп сатады. Бір өкініштісі, түскен пайданың басым бөлігі ғимаратты жалға алу бағасын төлеуге, мемлекеттік салықты өтеуге кетеді.Осындайда қандасымыз үкіметтен барлық жағынан қолдауға ие болып отырған қазақстандық кәсіпкерлерге қызығатынын жасырмайды. Қазақстандағы кәсіпкерлерге деген қолдауды көрдім, бәрі ұнады. Болашақта елге келіп, футболды балаларға үйретсем дейді қандасымыз. Ал, Нәзияның көздегені де сол, бар білгенін жас ұрпақтың санасына сіңіру. Түркиядағы университеттің хореография факультетін тәмамдаған ол Парижге қоныс аударған 15 жылдан бері қазақтың ұлттық билерін диаспора балалары мен француздарға үйретуден жалыққан емес. Қазақтарға тілейміз бірліктен айырылмасын. Қазақстанда осыдан былай дәулет болады иншалла. Бізде қазақтар бұл жерде бірліктің астында тірлік жасап жатырмыз. Қазақстанды таныту үшін ат салысамыз дейді Париждегі қазақ диаспорасының өкілі Нәзия. Елдегі жаңалықты қалт жібермей отыратын Париждегі қандастарымыз «Нұрлы жол» халықтың әлеуетін, қазақ елінің әлемдік аренадағы абыройын онан сайын арттыратын бағдарлама болатынына сенімді.

     http://baq.kz/kk/diaspora/1227 

толығырақ

     Белорусь Республикасындағы «Атамекен» халықаралық қоғамдық бірлестігін енді бұрынғы төрайымның орынбасары Шоканов Чермен Анатольевич басқаратын болды. Бірлестікке бұған дейін  жетекшілік жасап келген Ғалия Есенбаева денсаулығына байланысты төрайымдықтан бас тартып отыр. 3-желтоқсанда өткен конферецияда Ч.Анатольевич төраға болып сайланды.

    Чермен Шоканов  Қазақстанның Беларуссиядағы Құрметті Консулы. Беларуссиядағы белгілі бизнесмен бұған дейін «Атамекен» халықаралық қоғамдық бірлестігінің дамуына қаржылай қолдау көрсетіп келген болатын.

      Жалпы «Атамекен» халықаралық қоғамдық бірлестігінің басқарма мүшелерінің  қатарында Чермен Шоқанов пен  Ғалия Есенбаевадан басқа   Дина Станкевич,  Валерий Берікбаев, Валерий     Қожаназаров, Өтепкали Абулхаиров пен Роза Омарова бар. Бірлестік 1-желтоқсанда Брест қаласындағы Қазақстан Консулдығында өткізілген  Қазақстанның Бірінші Президенті Күніне арналған мерекелік шараға атсалысып,  12-желтоқсанда Елшілікпен бірлесіп  Тәуелсіздік күнін атап өткен болатын. 

толығырақ

Айман

     Адам сұлулыққа тойған ба, сірә?! Әдемі дүние көрсек айналшықтап қалатынымыз анық. Сұлулық пен мән қатар астасып, ұлттық құндылық оюымыз жаңғырып, заманауи дүниелерге қиюы келіп, қона қалған кезде көздің жауын алады. Рас, ондай әдемі дүниелерді жасау үшін уақыт, техникалық құралдар мен қолдың ебі керек. Алыс Англияда тұратын отандасымыздың сайтына тап болғанда алғаш ойыма келгені осы болды. Қалыптасқан әдетпен мұндай мінсіз дүниелерді кім жасағанын, алыстағы Англияда қазақы ою-өрнекті дизайны бар дүниелердің қайдан жүргенін білгім келді. Сөйтіп отырып, сайт иесін тауып сөзге тарттым. Танысып қойыңыз – Айман САҒАТОВА. Сайттың адресі – kazakhsha-style.co.uk. Айманның Батыс Қазақстандағы Ақсайдан ағылшын еліне қоныс аударғанына 8 жыл болыпты.

        – Сайтыңыздың аты елең еткізді. Мұндай атауды өні­­­мі­­­ңізге қалай, қайдан алдыңыз? Сайтты кім жасады, жүргізеді?

    – Бұл менің стилім. Ес білгелі қолөнермен айналысып келемін. Сондықтан қазақы стильдегі дүниелер жаныма жақын. Ою-өрнекті, теріден жасалған бұйымдарды басында «Сармат» деп атағым келген. Ұзақ ойландым. Кейін алғашқы сөмкемді жасап шыққанда осы атау бірден тілімнің ұшына келді. Қазақша стайл бұл менің қолөнер стилім болып қалыптасып кетті. Сайтқа келер болсақ, өзім жасадым. Өзім суреттерін салып, жүргізіп отырамын.

    – «Сармат» атауын ойластырғаныңызға қарағанда тарихшысыз ғой деймін…

    – Менің әу бастағы мамандығым техникалық мамандық, оған қоса аудармашымын. Атам тарихшы болған. Анам архитектор, сурет салады. Анамыздың қасиеті үйдегі үш қыздың ішінде маған «жұғыпты». Жалпы, қолөнершілікке келсек, ол менің әуестігім. Жаным сүйеді.

     – Бір затты жасауға қанша уақыт кетеді? Материал қалай өңделеді? Бизнесіңізден пайда түсе ме?

     – Бір затты жасау үшін мен 25 сағаттан 45 сағатқа дейін уақыт жұмсаймын. Бір қызығы, сүйікті ісіңмен айналысқанда ішің мүлдем пыспайды. Күйзеліске ұшырамайсың. Басында әуестік болатын, бірақ өсіп, дамытып әкету үшін құралдар керек болды. Қызығушылық адамды тартып әкетеді екен. Бизнес деп айтуға әзірше ертерек, өйткені сатылымнан түскен қаржы материалға, өзімнің оқуыма, жаңа білім игеруіме кетеді. Жалпы тері материалы өте қымбат. Мен жасайтын материал Қазақстанда жоқ. Арзан құралдармен жұмыс істеу арзан дүниені жасауға әкеледі. Бірақ шеберлігіңді дамытсаң үйреніп кетуіңе, лайықты нәтиже алуға да болады. Елімізде бұл өндірістік бағыт аса дами қоймаған. Бұл кәсіпті жолға қою идеясы Қазақстанда жүргенде келген еді. Бірақ тері илеу, әсіресе, табиғи өңдеу технологиясының талаптары өте қатаң. Дәл қазір бұл технология тек санаулы елдерде ғана дамыған. Италия, Англия, Мексика және АҚШ пен Канадада ғана жоғары дәрежеде дамыған. Түркиялық ресурстар да бар, бірақ ол жақта да сапа нашар. Салыстыратын нәрсе бар болған кезде ғана сапаны түсінесіз. Әйтпесе, кез келген адам таза терінің бағасына жете бермейді. Әсіресе, Италияда стандарт талаптары өте қатаң. Тіпті америкалықтар мен ағылшындардың өздерін жолда қалдырады. Өйткені, өңдеуші заттың құрамындағы химияға көп нәрсе байланысты. Дегенмен, америкалықтардан артық етіп ешкім ештеңе өндіре қойған жоқ. Сол себепті әр жасалған дүниенің бағасы қымбатқа шығады. Дегенмен мен жасап шығарған өнімдеріме сұрайтын құн басқалармен салыстырғанда ең төмендерінің бірі. Егер мен қайыс белбеуді 24 сағат ішінде тігіп, оған 175 фунт-стерлинг сұрасам, америкалықтар дәл осындай жұмыс көлемінің еңбегіне 600 доллар сұрайды. Мен осындағы (Британия) және штаттардағы әріптестеріммен тығыз байланыс­тамын. Олардың жасау техникасы менікінен басқа. Сондықтан өз жұмысымның бағасы мен шеберлігімнің деңгейін де жақсы білемін. Осы себептерді ескере отырып, әзірше сондай пайда түседі деп айта алмаймын. Әрі ізденуге уақытың көп кетеді. Ізденіс жақсы қасиет. Бұл елде өзін өзі жетілдіріп отыру кеңінен тараған. Америкалық әріптестерім зергерлік нақыштарды салу саласындағы білімдерімен, тәжірибесімен қуана-қуана бөліседі.

     Теріні илеу – өңдеудің бастапқы және маңызды кезеңі болып саналады. Өңделген сапалы дүние ғасырлар бойына сақталуы мүмкін. Бұл шикізаттың өзіндік консервациялануы секілді. Илеудің екі әдісі бар. Ежелгі және қазіргі күні кең таралған илеу әдісі – өсімдік негізінде. Мұндай өңдеу табиғи текті қышқыл арқылы жүзеге асады. Бұл қышқылды белгілі бір ағаш түрлерінен ғана, еменнен (емендік деп те аталады), мимозадан және жаңғақ діңдерінен алады. Өсімдік негізінде илеп-өңделген тері толықтай таза табиғи өнім болып саналады. Илеудің екінші түрі хром қосындыларын қолданудан тұрады. Бұл химиялық заттар теріге беріктік, ұзаққа шыдамдылық, төзімділік сипатын бергенімен оны қолданыстан шыққан соң утилизацияға жіберу кезінде қиындықтар тудырады. Сондықтан еуропалық тері өндірушілер теріні хромды илеу әдісінен бас тартқан.

921808a2b4568a4958c76a030e2da58d

белбеу

китапкап

суумка

     – Қазақстанда кәсіп ашқыңыз келмей ме?

    – Қазақстанға қайтып көшіп барып, өндірісімді ашу үлкен арманым дер едім. Дәл қазір оған мүмкіндігім жоқ. Барға қана­ғат. Бірақ елге қайтып келу үнемі ойымның бір түкпірінде жүреді.

    – Бізде ұлттық нақыштағы өрнектері бар дүниелермен айналысатын компаниялар бар ғой. Солармен әріптестік орнатуға ынталандыңыз ба?

     – Мен оларға өз қызметімді ұсынып хабарласып, хат жазып көрдім. Алайда жауап болмады.

    – Мүмкін мәселе бағасында болар. Сіздің тауарыңыздың бағасы біздің төменгі жалақы көлеміне тең десем де болады.

   – Олар жаппай өндіретін өндіріс болғандықтан, көп өндіре алады. Ал менікі санаулы дүниелер болғандықтан бағасы да негізді. Өйткені, әр жұмыстың артында тынымсыз еңбек жатыр. Өз уақытымның өтеуі әрі күнкөріс. Сол себепті дүниелеріме бағаны сәйкесінше сұраймын. Англия өте қымбат ел, тауар бағасының елу пайызы материалға кетеді. Ал қалғаны уақытым мен еңбектің қосындысы, яғни көз майын тауысқан уақыттарым. Салыстыру үшін айтайын, маған асып-тасқан дәулетсіз, жай ғана есепшоттарды төлеп, қарапайым өмір сүру үшін аптасына 5 сөмке тігуім керек. Немесе айына 25 сөмке, соның өзінде артық кіріс түспейді. Демалысқа қаржы жинай алмауым мүмкін. Әрі олар бірден өте қоймайды. Сондықтан мен тек сөмке тікпеймін. Әмияндар, белдіктер, суық қару қыны, сондай-ақ бірлі-жарым қызықты тапсырыстар түсіп тұрады. Мысалы, қойылатын рыцарьлық төбелестер көрсетілімдері үшін тері дулығалар тігу, стимпанк стилінде тері корсеттер. Осылардың барлығына қазақы ою-өрнектер салып отырамын. Олар ғажайып үйлесім табады. Кейде тапсырыс берушілер келіп, өз ақшасының көлемін айтып, оларды түгел жұмсағысы келетінін айтады.

      – Англияда өнімдеріңді кімдер көбірек алады?

   – Көпшілігі интернет арқылы хабарласып, тапсырыс беріп жатады. Ең қызығы, алғашқы сатып алушыларым отандастарымыз емес, шетелдіктер болған. Әсіресе, Қазақстанда жұмыс істеген шетелдіктер, елімізге құрметін білдіріп, елімізге ғашық болған азаматтар жиі хабарласады.

     – Шетелдіктерге сыйға тартуға ұялмай көрсететін дүние ғой. Ресми, зиялы қауым өкілдері, іскерлік орталармен байланысқа шығып көрмедіңіз бе?

    – Зергерлік, қолөнершілік өнері мен сата білу өнері екі бөлек пе деймін. Шығармашылық адамына ол берілмеген секілді. Бұл мәселеге келгенде анам секілді өте ұялшақпын. Бұйымдарымды айтуға, көрсетуге, байланыстарымды араға салуға ыңғайсызданамын. Негізі, бірінші мамандығым бойынша мен елшілік шараларына, зиялы қауым өкілдері жиі жиналатын жерде көп жүремін. Бірақ аудармашы ретінде. Ол жерлерде мені ешкім қолөнермен айналысады деп ойламайды. Қазақы бұйымдардағы ою-өрнектің терең мағынасы бар екендігін әр қазақ түсінеді. Жиі қолданылатын қошқармүйіздің киесі, бойтұмарлық қасиеті бар.

     – Шеберханаңыз, оқушыларыңыз бар ма?

   – Жеке шеберханам жоқ, үйдегі гаражымды студия-шеберханаға айналдырып жабдықтап қойдым. Мұнда көптеген шеберлер үйрету арқылы да жақсы табыс табады. Бірақ өзім үйрену үстіндемін ғой. Әрі үйрету көп жауапкершілікті, моральдық тұрғыда дайындықты қажет етеді. Жүгі ауыр. Табыс керек екен деп, шала-пұла іс жасағым келмейді. Қашан тиянақты түрде дайын боламын, сол кезде шәкірт аламын.

        – Қазір не істеп жатырсыз?

   – Жаңажылдық сыйлықтарды дайындап жатырмын. Достарыма, туыс-туғандарыма, жиендеріме, сіңлілеріме білезіктер жасағым келеді. Әке-шешем Ақсайда тұрады. Апа-сіңлілерім мұнай саласында істейді. Менің қолөнершілігім тұрақты табыс көзі болмаса да өз-өзімді тапқаныма қуанамын. Өз ісімнен ләззат аламын. Қара күн деп ақша жимаймын, күйзеліске түспеймін. Тек бір нәрсе үшін алаңдаймын. Ол бауыр ет балаларым. Мен үшін ең басты құндылықтарым осылар.

       – Әңгімеңізге рахмет.

       Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».

    http://egemen.kz/?p=44797 

толығырақ

         Бельгия Корольдігі Қазақстанды тәуелсіз ел деп 1991 жылдың 31 желтоқсанында таныды. Содан бері екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасы жыл өткен сайын артып келеді. 1992 жылдан бері екі ортада дипломатиялық қатынастар орнады. Ал 1993 жылы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігінде Елшілігі ашылды. 2006 жылдан бері Астанада Бельгияның Елшілігі жұмыс істеп келеді. 2013 жылы өзара тауар айналымының көлемі 365 млн. АҚШ долларын құраған. Бүгінде 300-ден аса қазақ мекендейтін Бельгияда да біздің ұйымымыз бар. Бельгия мәдени орталығының аға кызметкерi, BAF Азия қоғамының мүшесi, Бельгиядағы «Шаңырақ» атты қазақ қоғамының төрайымы Ақмарал Әмірқұловамен сұхбаттасқан едік.

      Тілші: Ақмарал ханым Сізге атамекеннен жалынды сәлем жолдаймыз. Қазіргі жұмысыңыз Бельгиядағы қазақтар қауымдастығында және «Шаңырақ» атты ұйымдасыз? Қауымдастықтың негізгі жұмыстарына тоқталып өтсеңіз?

     Ақмарал Әмірқұлова: Қазақ диаспорасының келесi шоғырланып орналасқан жерi ол Бельгия елi (Корольдігі). Өкініштісі сол бiздiң елде Қазақ мәдени орталығы жоқ. Бiрақ «Шаңырақ» атты үлкен қазақ қоғамы жұмыс істейді. Ол бiздiң Бельгия мәдени орталығына тiркелген және Үлкен Интернасионал Комитетiнде де тiркелгенбіз. Мәдени орталықтың жоғы мұнда қазақтардың аздығы де едім. Қазір Бельгияда 350-ге жуық қазақтар тұрады, оның өзi бiр қалада емес Корольдіктің әр түкпiрiнде шашырап орналасқан. Мен қазіргі таңда Бельгия мәдени орталығында жұмыс істеймін. Негізгі қызметіме қоса екі елдің арасындағы достық көпірін нығату үшін барымды салып жүрмін. Шеттегі еуропа елдеріне қазақ мәдениетiн таныстырып, кездесулер өткiзiп, түрлі тұсаукесерлер өткізіп тұрамыз. Бiздiң мәдени орталықтың кiтапханаларына қазақ кiтаптарын да толтырып қойдым. Алла жазса алда қойған мақсатымыз ол әрине ресми түрде мәдени орталығын ашу. Негізгі арманым осы.

    Тілші: Өзіңіз де үлкен ұйымды басқарып отырсыз, ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен қаншалықты байланыс орнатып тұрасыздар?

       Ақмарал Әмірқұлова: Бiздiң қарым-қатынас жасап тұратын басты орнымыз ол Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігі. Бiздiң қазақ қоғамымен елшiлiктiң арасы жақсы. Бiр бiрiмiзге қонаққа барып тұрамыз. Елшiлiкте ұйымдастырылған үлкен мейрамдарға диаспора қазақтары шақырылып тұрады. Және де жастарды да жинап ақыл-кеңестерiн айтып, жиналыстар өтеді. Ал бiздiң диаспорада өтiп тұратын жақсылықтарға олар да үн қосып тұрады. Мұнда тұратын қазақ диаспорасы мәселе көтеріп, шағымданып, елшілікке барған емес. Тек жақсы күндерде, мерекелерде бас қосамыз. Ал Дүниежүзi қазақтары қауымдастығымен бес жылдан бері етене араласып келемін. Қазақстан осындай үлкен қауымдастық ұйымдастырып, барлық елдегі қазақтардың басын қосқанына өте қуаныштымын. Дүниежүзi қазақтарының басын қосып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып отырған ұйымға алғысымыз да шексіз. Еуропадағы Кіші құрылтайлар танымағандарды бiр бiрiмен таныстырып, көбісі осы мерекеде бас қосып жатады. Бiздер жай ғана бiр елде кездесiп қана қоймаймыз, бiздердiң алға қойған мақсаттарымыз бар, сол мақсаттарға жету үшін бәрімізідң ойымыз бiр жерден шығып, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының ақылымен, сүйемелдеуiмен жұмысымызды, мақсаттарымызды бiртiндеп жүзеге асырып келемiз. Ал бiздiң мақсатымыз, арманымыз не десеңiздер ол шет елде жүрiп қазақ болып қалу: тiлiмiздi, дiнiмiздi, салт-дәстүрiмiздi, мәдениетiмiздi сақтап қалу. Дүниежүзi қaзақтары қауымдастығына тiлегiмiз - еш уакытта тоқтамай бiрге жұмысымызды жасап ылғи тату-тәттi қатынаста жүрейiк. Әр дайым шет елдегi қазақтарға көзайым болып, сiздер мен бiздердiң қойған мақсаттарымызға жете берейік!

      Тілші: Қазақ диаспорасының негізі мәселесі қандай?

     Ақмара Әмірқұлова: Бельгия елiнде қазақ диаспорасы арасында қазақ мектебi жоқ. Оның себебi - қазақтар өте аз және сұраныс жоқ. Қазақтар бiр жерде емес Бельгияның түпкiр-түпкiрiнде шашырап орналасқан. Алда қазақ балалары көбейiп, сұраныстар болып жатса шiркiн-ай қазақ мектебiн неге ашпасқа. Бельгия королдығы мектебiнде қазақ диаспорасына өз ана тiлiн окуға мүмкiндiк жоқ. Ол мәселенi Мемлекет тарапында шешу керек деп ойлаймын. Бельгия елiнде ең аз ұлт - ол қазақ ұлты. Әзірге біздің сөзіміз жоғары жаққа жетпей жатыр.  

 

         Тілші: Сол елдегі қазақ жастарының елге келіп, алған білімін Қазақстанда пайдаға асырсам деген ойлары бар ма?

 

      Ақмара Әмірқұлова: Қазіргі таңда Қазақстанның шетелдегi қазақ жастарына тегiн яғни мемлекеттiк грантпен орта кәсiпкерлiк және жоғарғы бiлiм алуына арналған мүмкіндігін жақсы білесіздер. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан келген түрлі жаңалықты осындағы қазақ жастарына мейлінше жеткізіп тұрамын. Өкiнiшке қарай бiздiң жастардың әзiрге Қазақстанға барып бiлiм аламын деген ниетi жоқ. Осы елді ыңғайлы көреді. Бұл болашақтың еншісіндегі шаруа деп ойлаймын. Еліміздің осындай мүмкіндік жасап, жастардың елге келуіне барын салып жатқаны, жаста болса іргесін енді кеңейтіп жатқан ел үшін бұл қуанышты жайт дер едім. Әрине тамшыдай тама берсек, құлағына сіңдіріп айта берсек, оларда райынан қайтар, елге келер деп үміттенемін. 

      Сұхбатыңызға рахмет.

      Baq.kz 

толығырақ

   2002 жылдан бері Еуропа жерінде Кіші құрылтайлар өтіп келеді. Құрылтай кезінде дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, негізгі мәселелер ортаға тасталады. Қазір айтулы проблема – тілді сақтап қалу үшін Қазақстаннан оқулықтар, әдеби кітаптар жеткізіліп тұрса дейді қандастарымыз. Барлығының тілегі бір. Басымыз қосылғанда елге көшуді жиі айтамыз. Балаларымыз шетелде алған білімін атамекеніне келіп пайдаға жаратса деген ойларында айтып қалды. Осы орайда Норвегиядағы қазақ мәдени орталығының жетекшісі Махмұт Башташпен арнайы сұхбаттасқан едік. Қандасымыз болашақта елге келу туралы ойларымен бөлісті. Балаларым атажұртта өсіп, ана тілін ұмытпаса екен дейді. Елдегі жаңалықтарды да қалт жібермейді, Елбасының Жолдауын оқып, қазір Еуропада соны талқылаудамыз дейді кейіпкеріміз.

       Махмұт Башташ: Мен Махмұт Башташ. Норвегияның Осло қаласында тұрамын. Өзім Түркияда 1956 жылы туылғанмын. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін Норвегияға оқуға кеттім. Осы қалада тұрақтап қалғаныма содан бері 35 жыл өтіпті.

      Тілші: Норвегияда бүгінде қанша қазақ бар?

     Махмұт Башташ: Бұрын аз болатын. Осы соңғы жылдары Қазақстаннан, Қытайдан келгендермен көбейді. Ал қазір 100 кісідей жан басы бар.

    Тілші: Қазір енді біраз жылдан бері Еуропада осы кіші Құрылтайлар өткізіліп келеді. Оның маңызы қандай? Өзіңіз қатысып тұрасызба?

    Махмұт Башташ: Соңғы Құрылтайға бара алмадым. Бірақ бұған дейінгі құрылтайлардың барлығына қатысқанмын. Мұндай Кіші Құрылтайлардың пайдасы көп. Бұрын бір-бірін көрмеген, білмеген жастар танысып, болашақта отбасы құруына да осы Құрылтайлар себеп болып жатады. Құрылтайдың тағы бір маңызы жастардың жүрегіне ұлтжандылық сезімін егеді.

      Тілші: Сіздер үшін енді үлкен мереке ғой?

      Махмұт Башташ: Енді қазақ халқының өзінің мерекелері бар ғой қасиетті ораза айт дегендей, осылардан басқа ұлттық құндылық жоқ. Осы 2002 жыдан бері осы құрылтайды бізде ұлттық мереке деп санаймыз. Әр қалаға сапарлап барып, арқа-жарқа болатынымз рас.

         Тілші: Ал енді наурызды қалай тойлайсыздар?

   Махмұт Башташ: Әрине Наурызды қалт жібермейміз. Әртүрлі деңгейде тойланады. Қазақтар бұл күні бір-бірін шақырып, ет асып, қазан көтереді. Сыйластығымыз одан әрі арта түседі.

      Тілші: Қазақстанмен қаншалықты байланыстарыңыз бар?

    Махмұт Башташ: Қазақстанмен жақсы байланыстамыз. Мен Қазақстанға 1990 жылдан бері жиі келіп жүрмін. Содан бері жергілікті қазақтармен жақсы араласамын. Достарым да көп. Мысалы Құрылтай өткен кезде міндетті түрде жолығып, бас қосамыз. Жақында ғана Астанада өткен Халықаралық «Жастар өнер» фестиваліне келіп қонақ болдық. Жақсы қарсы алды. жастарымыз өз өнерлерін ортаға салды.

     Махмұт Башташ. Түркияның Салихлы қаласы. Суретте астыңғы қатарда оңнан солға қарай екінші. 

       Тілші: Өзіңіздің мамандығыңыз қандай?

         Махмұт Башташ: Бұрын мен шағын бизнеспен айналысқанмын. Әлі сол саудадамын. 3 ұлым бар. Соңғы 2 жылда олар үйленді қазақ қыздарын алды. Қазір бір-бір отбасының иесі. Менің жұбайым Норвегиялық азаматша. Бірақ қазақ, түрік тілдерін жетік меңгерген.

          Тілші: Таныстықтарыңыз неден бастау алды?

       Махмұт Башташ: Мен курстарға барып жүретін едім. Сол курстарда болашақ жұбайымды кездестірдім. Екеуміз танысып әрі қарай етен жақын аралсып кеттік. 1981 жылы отбасын құрдық. Содан бері тату-тәтті тұрып келе жатырмыз. Ол кісі өзі қазақша сөйлейді. Бала тәрбиесі де қазақша болды. Келіндерім де қазақ қыздары.

       Тілші: Балаларыңыздың есімдерін қалай қойдыңыз?

      Махмұт Башташ: Үлкенім Абылай хан, Қадырай хан. Жүніссеріс хан. Үшеуі де үйленіп бір-бір отбасының иесі болды. Норвегия да тұрады. Осында жұмыс істейді. Балаларымның ішінде педагог, тарихшы мамандығын алған және экономика саласын тәмамдағаны да бар.

      Тілші: Қазақтың салт- дәстүрлерін қаншылықты ұстанасыздар? Қазақша сөйлесесіздер ме?

      Махмұт Башташ: Балалар аздап қазақ тілінде сөйлейді. Қазақстаннан қазақ достары өте көп. Өкініштісі еркін сөйлей алмайды, бірақ түсінеді. Салт- дәстүрлерді жақсы ұстанамыз. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлерді насихаттаймыз. Қазақтың ұлттық тағамы ет асып жемесек, басымыз ауырады. Бауырсақ пісіріп, иіс шығарып тұрамыз.

 

 

      Тілші: Махмұт аға Елбасы осы аптада Қазақстан халқына «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты жолдауын ұсынғанын естіп жатқан шығарсыздар? Елге сырттан келем дейтін ағайын үшінде маңызды нәрселерді айтқанынан хабардарсыз ғой?

      Махмұт Башташ: Иә, әрине. Біз сонау Норвегияда тұрып Қазақстанымыздың осындай жетістігіне қуанып жатырмыз. Қазір бүкіл әлем Қазақстанға назарын тігіп отыр. Аумалы-төкпелі заманда елдің экономикалық өсуі үшін үлкен қадамға барып жатқан Елбасының бастамасына біздер де қосыламыз. Қанша жерден шетелде тұрғанымызбен жүрегіміз қазақ деп соғады. Әлемде қазір дағдарыс екенін көріп отырмыз. Бірақ бұған қарамастан осы Жолдауда айтылғандай өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданған болатын. Мен сияқты бизнеспен айналысатындар үшін бұл қуанышты жайт. Елбасы өз Жолдауында шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлу қажет деді. Бүкіл Еуропадағы қазақтар қазір ЭКСПО-ның өтуіне атсалысып, еуропаға жарналамақпыз. Бұған дейін бөлінген 25 миллиардқа ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлінетінін де білдік. Әрине аз ақша емес. Бірақ бұл Қазақстан секілді дамыған елдердің қатарына қосылуды көздеп, сол үшін барлық жағдайды жасап жатқан елге керек нәрсе. Біз үшін де Жолдаудың маңызы зор екенін айтқым келеді. Алыстағы ағайында үн қосып, тілекші болатынын ұмытпаңыздар.

        Тілші: Үйде атамекенге оралу, Қазақстанға келу туралы сөз айтыла ма?

     Махмұт Башташ: Көп сөйлесеміз. Ол жайлы айтылады. Балаларым да отаным Қазақстан деп айтады. Менің ұлым Англияға құрылтайға барған кезде бір кісі сұраған екен,
        - Сен қазаққа ұқсамайсын ғой, деп. Ұлым айтыпты
      - Менің жүрегім қазақ деп соғады – депті. Астанаға осымен бесінші рет бардым. Жиналыс, мереке, фестивальдерге келіп тұрамын. Алматыға да жиі барамын. Бұрын мысалы Норвегияда жүргенде сол жаққа қызығып, Түркияға да көшпейміз дедік. Бірақ қазір барлық ел теңеліп кетті. Бәрі де даму үстінде. Елге бірнеше ағайынмен бірге көшпесек, мұнда туыстарымыз жоқ, басында қиын болатыны анық. Отанға оралу ол үлкен арман. Монғолия мен Қытай және Ресейдегі қазақтар елге көшіп барса екен деймін. Одан кейін Түркиядағы Еуропадағы қазақтар да қозғала бастайды.

      Тілші: Жалпы Астананың дамуы қалай? Сырт көз сыншы дейді ғой?

     Махмұт Башташ: Шындығын да Қазақстанның экономикасы көтеріліп келе жатыр. Бұрынғы одақтың құрамындағы мемлекеттерге қарағанда Қазақстан әлдеқайда қарқынды дамуда.

     Тілші: Өзіңіз қанша ағайындысыздар?

     Махмұт Башташ: Менің екі інім Норвегияда тұрады. Бір інім Түркияда тұрады және Түркияда тұратын ағам бар еді ол кісі дүниеден өтті. Бір әпкем бар. Руым Керей.

     Тілші: Әңгімеңізге көп рахмет

           Baq.kz

толығырақ

        Үндістан-Пәкстан арқылы арқылы Түркияға барған қазақтардың биыл сол жаққа ат басын бұрғанына аттай 60 жыл толды. Соңғы көшті Қалибек Хакім бастап, 1954 жылы Түркия жеріне табандары тиген еді. 1952 жылмен 1954 жылдың арасында Үндістан мен Пәкстанда өмір сүрген 1850 қазақтың барлығы Түркияға қоныс аударды. Түркия қазақтарының осылайша Үндістан мен Пәкстаннан түрік еліне қоныс аударуы көпшілікке белгілі жәйт. Бірақ олардын Шынжаңнан Үндістанға қалай келгенін көп адам біле бермейді. Тіпті Түркия қазақтарының өзі бұл тұрғыда қате түсінікке ие. Көпшілік қазақтардың бір мезгілде, бір адамның жетекшілігінде Үндістанға қоныс аударғанын ойлайды. Шынтуайтында қазақтар екі кезеңде алты жетекшінің басқаруында Үндістанға келіп орналасқан – дейді тарихшы Әбдіуақап Қара.

     1960-1980 жылдары кейбір қазақтар несібе іздеп Еуропа елдеріне қоныс аударды. Өйткені 1960 жылы Түркия мен Еуропа елдері арасында жұмысшы алмасу келісімі жасалған еді. Осы келісіммен, жұмысшы қолы жетпеген Еуропалық елдер Түркиядан жұмысшы ала бастады. Көптеген түрікпен бірге қазақтар да Еуропа елдеріне кетіп қалды. Сөйтіп Еуропа елдерінде қазақ диаспорасы қалыптаса бастады. Сол буынның бірі Берлин қазақ ассоциациясының төрағасы Бешеритхан Малабакан еді.

      Беширитхан Малабакан: Менің аты-жөнім Беширитхан Малабакан. Тегім Малбаққан. Түріктер тілі келмей, Малабакан деп жазыпты. 1971 жылы Стамбұлда дүниеге келдім. 16 жасымда Стамбұлдан Германияға көштім содан бастап тұрып келе жатырмын. Германияның Вупперталь қаласындағы университетке түстім. Мамандығым экономист. Қазір қазір информатика саласында жұмыс істеп жүрмін. Берлин қаласындамын. Мен Германияға алғашында келгенімде Кельн қаласында тұрдым. Кельннің маңында Бефафурд деген кішкентай қалашық бар сол жерде біраз тұрақтадым. Сосын Берлинге келдім. Берлинге келгелі міне 13 жылдың жүзі болды.

     Тілші: Сол Берлинде өзіңіз араласып жүрген қанша қазақ отбасы бар?

    Беширитхан Малабакан: Берлинде бізде қазақ қоғамы бар және сол қоғамда 18 отбасы мүше ал қаланың өзінде 25 отбасыдай тұрады.

       Тілші: Жалпы адам саны қанша?

       Беширитхан Малабакан: Бізде енді 100 шақты қазақ бар. Еуропада өтіп тұратын Құрылтайлар Германияда болсын, басқа қалаларда болсын қалмауға тырысамыз. Ең соңғы құрылтайды біз Берлинде өткіздік. Мен өзім сол қазақ қоғамының басшысымын. 2004 жылы мамырда Берлинде кіші құрылтайды өткіздік. Құрылтайға Германияның ішінде Мюнхен, Гамбургтен қатысқандар болды. Ал одан кейін бізде «FEKA» деген бар. Қазір осы федерацияға 10 қоғам мүше. Еуропаның Англия, Германия, Швеция, Австриядан қатысқандар болды. Құрылтайда бәрі рахметін айтып, ризашылықтарын білдірді.

       Тілші: Берлинге қазір Түркиядан барушылар көп пе? Білім , жұмыс іздеп барғандардың саны қанша пайызды құрап отыр?

       Беширитхан Малабакан: Түркиядан келіп жатқан қазақтар жоқ. Тек келушілер түріктер ғана. Сол Берлинде тұрып жатқан түріктердің саны 400 мыңдай. Берлинде 4 миллионнан астам халық тұрады.

       Тілші: Тіл мәселесі қашанда өзекті емес пе? Қаншалықты ана тілімізде сөйлесесіздер?

      Беширитхан Малабакан: Отбасымызда 80 пайыз неміс тілінде сөйлесеміз. Ал енді балалар түрік тілінде сөйлейді және түсінеді. Қазақшаны түсінеді бірақ қиындығы сол сөйлей алмайды. 3 тілді алып қарағанда біз немісше көп сөйлесеміз.

       Тілші: Отбасында неліктен қазақша сөйлеспейсіздер? Қандай себеп бар?

        Беширитхан Малабакан: Барынша сөйлесеміз. Бірақ балалар жергілікті жердің заңына бағынады. Өйткені барлық жерде немісше сөйлесеміз. Ортамызда ұлтжанды жастар бар. Елге келіп жұмыс істегісі келеді. Қазақшаны жақсы білетін жастар мейлінше Қазақстанға қарай көшіп жатыр. Олардың бар айтары Қазақстанға барсақ, бізге жол көрсетіп, бағыт-бағдар беретін орталық ашылғанын қалайды.

         Тілші: Жастардың дінімізге деген көзқарасы қандай?

         Беширитхан Малабакан: Ата-бабамыздан келе жатқан асыл дінімізді жастар мейлінше толық ұстанады. Олар тілімізді түсінбесе де, дінді жақсы ұстанады. Діннің шарттарын толық орындауға тырысады. Жұма намаздарына міндетті түрде барамыз. Жұбайым қазақ. Егіз балаларым бар. Хан мен Жан. Қазір 11 жаста.

         Тілші: Болашақта атамекенге оралу ойда бар ма?

       Беширитхан Малабакан: Ойда бар, жастарда Қазақстан жайлы жиі айтады. Қазақстан бізге экомикалық жағынан көмек берсе, жұмыс жағынан зәрулік көрмесек дейміз. Астанаға осы жолы тұңғыш келуім. Әуежайдан түсіп жан-жағыма қарап біраз таңқалғанымды жасыра алмаймын. Өйткені шеттегідей емес, мұнда қазақтарды көріп қуанасың. Ханшатырға барғанда да қонақжай ниет білдіріп, сый құрметтерін көрсетті. Өте қатты қуандым. Өзімнің бауырларымды көрген кезде еңсем көтеріліп бір марқайып қалдым.

         Тілші: Дастарханыңызда қаншалықты қазақтың ұлттық тағамы жиі болады?

        Беширитхан Малабакан: Біздің үйде әрқашан қазақтың еті және палау пісіреміз. Тойлар да құрылтайларда да қазақтың дастарханы болады. Жиын-тойларда қазақтармен кездесіп әңгімелесіп көңіл көтереміз.

        Тілші: Бірер күн бұрын Елбасымыз Қазақстан Халқына дәстүрлі Жолдауын арнаған еді. Қаншалықты хабардарсыздар?

        Беширитхан Малабакан: Жолдау Қазақстандағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарынан жақсы көрсетіліпті. Сайттардан да қарап шықтым. Мәтіні біз секілді сырттағы ағайынға арналып, аударылса дейміз. Өйткені кирилл әріптерін оқи алмайтын да жастар бар. Түркияда туып-өскен біздерге бұл жағы сәл қиындау. Елбасы өз Жолдауында 2015 жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз деді. Бұл әрине қуанышты жайт. Келер жылы осындай үлкен мерекелерге келіп, атсалыссақ дейміз.

      Тілші: Әңгімеңізге рахмет.

      Baq.kz 

толығырақ

     «Швеция қазақтары қалай тұрады?» деген сұраққа жауап алу үшін Стокгольмге жүз шақырым жерде орналасқан Шведтің Вастерос қаласына барып, өз көзіңмен көрген дұрыс.

         Ол солтүстік архитектура сипатындағы тамаша сақталған қала. Бұл қалаға келген адам, ең алдымен, тарихи естерткіштерін көреді, оның бірі – Вастерос сарайы. Қаланың ескі тұрғындары қала тарихы туралы былай дейді, 1521 жылы қазіргі Вастерос қаласына жақын жерде шведтердің Даниядан бөлініп, тәуелсіздіктерін алуы үшін күресінде шешуші орын алған тарихи соғыс болған.

     Бұл көпұлтты және әдемі қалада шведтер, финдер, арабтар және басқа ұлт өкілдерімен бірге швед қоғамына толығымен сіңісіп кеткен екі жүзге жуық қазақтар тұрады. Қазақтар Швецияның басқа да қалаларында тұрады, бірақ нақ осы Вастероста қазақ диаспорасының негізгі бөлігі тұрақтаған. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Түркиядан Швецияға көшіп келген этникалық қазақтар ұлттық әдет-ғұрпын, мәдениетін, тілін және дәстүрлерін сақтап қалған. Өздеріне баспана берген елдің экономикасына өз үлестерін қосып қана қоймай, сонымен бірге онда «қазақ» жерінің шағын бұрышын құрған. Сондықтан болар жыл сайын түрлі еуропа қалаларында өткізілетін қазақтардың кіші құрылтайының орны 2003 жылы Вастерос болуы тегін емес. Сол кезде бұл шараға Қазақстан мен Түркиядан да қонақтар келген болатын.

       Біздегі ақпарат бойынша, қазіргі күні 10 мыңнан астам қазақ диаспорасының өкілдері Еуропада тұрады, оларды 10 елден құралған Қазақ қоғамдастығының еуропалық федерациясы біріктіреді. Еуропалық қазақтардың мызғымас бірлігі ерекше жылы сөздерге лайық.

       Қазан айының басында барлық әлем мұсылмандары құрметтейтін мереке - Құрбан айтта жоғарыда айтылған қалаға бардық. Швеция күзінде шуақты күндер аз болады, ал сол мерекеде күн жылы да ашық болды.

       Бізді Қазақ мәдени орталығының төрағасы Мұрат Ермиш қарсы алды. Осы орталықтың құрылуына өз үлестерін қосқан жергілікті ортаның белгілі белсенділері: Әли Қахарман, Абдуллах Чагатай, Женгіз Ақсақал, Кешенай Ермиш, Ахмет Бахадур, Қадыр Макин, Қадыр Құбылай. Соңынан бұл процесті Ибрахим Динчтурок, Байрам Кесер, Меден Сербес, Ибрагим Кусчи жалғастырды.   

    Мереке сондай қызықты да қуанышты өтті. Әрбір отбасының дайындап әкелген ұлттық тағамдары мен кондитер бұйымдары, дәмді де көп қылып жасаған тәтті бәліштер бізді таң қалдырды. Әйелдер мен ер адамдар мерекеге лайық сәнді киімдерін киген, ал кейбір жас қыздар ұлттық киімдер киіп келді.

     Алдымен шараға шақырылған қонақтар құттықтау сөздерін сөйледі, олар: Қазақстанның дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Дудар Жакенов, Түркия елшілігінің әскери атташесі Химмет Юртсевер және Стокгольмдегі түрік диаспорасының басшысы.

    Бұдан кейін мерекелік жарысқа қатысушы футболшылардың жас командалары шақырылды. Барлық командалар Мәдени орталық әзірлеген естелік жүлделермен марапатталды, ал кейбір көзге түскен футболшылар ерекше жүлделермен марапатталды. Өз қалаларының атағын шығарып, отандастары мақтан тұтатын жас ұрпақтың келешегін ойлайтындар үшін жастарды спортқа тарту өте маңызды.

      Мереке қонақтарының сөйлеген сөздері өте қызықты болды. Аға буындары - қазақша, орта буындары – түрікше, ал жастар мен көпщілік - швед тілінде сөйледі. Арасында ағылшынша да сөйлегендер кездесті. Әрине, осындай шаралардың арқасында диаспора өз жастарын қазақ тіліне үйретеді деп нық сеніммен айта алмаймыз. Бірақ осындай шаралар мен кездесулер қазақ жастарының ұлттық рухын оятады. Сол шарада тіпті балаларға дейін өз араларында қазақша сөйлеуге тырысқандары белгілі болды. Бұндай шаралар өз халқының әдеп-ғұрпын білуге, өз туған тілін үйренуге қызығушылық тудыруда өте тиімді. Жас ұрпақ тұрып жатқан елінің тілін және түрік тілін өте жақсы меңгерген.  Бұл заңды да,  өйткені түрік халықтары ертеректен бері тығыз қатынаста болып келді және Түркияда ұзақ тұрғандары да қазақ мәдениетіне ықпал етті. Бірақ бұл диаспора жоспарымен сәйкес келмейді, егер сөйлесу құралы ретіндегі ана тілі ұмытылса, этностың да жойылып кететінін бәрі де түсінеді. Аға ұрпақтың өкілдерін жас өсіп келе жатқан ұрпақты ата-баба мұра қылған қазақ дәстүрлерінен гөрі, көбіне батыс мәдениеті қызықтыратыны мазалайды.

     Еріксіз мынадай бір жағдай еске түседі, жергілікті қазақтармен неке қиған және  ислам дінін қабылдаған швед ұлтты бірнеше әйел мен ер адам өздерінің екінші жартыларына байланысты міндеттеген тиісті әдеп нормалары мен ережелерін ұстанып келген және бұл жағынан күмәндануға да себеп бермеген. 

     Уақыт өткен  сайын мереке қыза түсті, халық келген үстіне келе берді. Міне, мерекенің салтанатты бөліміне де жеттік, сахнаға шыққан Мұрат Ермиш пен жүргізуші қыз лотерея ұтысына түскен лайықты сыйларды ойнауға кірісті. Көпшілігі ұтысқа жетпесе де, шараның қуанышты да қызық сәттері көпшілікті риза қылды, осы себеп Вастерос қазақтары мен басқа да достас этностар өкілдерінің басын қосатын осындай акциялары келешекте көбейе түсетініне сенім білдіреді.

    Қорытындысында, мына жәйтті атап өткім келеді. Швецияның тіршілікке қолайлы әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен икемді менталитеті қазақ диаспорасының осы жерде тұрғылықты тұрып қалуына ықпал етеді, ал бұл тұрақтылық Вастеростағы қазақтардың қазіргі және келешек ұрпақтарының этникалық сәйкестігі мен төл мәдениетін сақтап қалуға көмектеседі.              

              Хабира Мажиева 

толығырақ

Акбар Аюби-1

     «Әлем барысы» турнирінен кейін төл күресіміздің Еуропада дамуына өз үлесін қосып жүрген Дания корольдігінің қазақ күресі федерациясының президенті Акбар Аюбимен кездескенімізде ол балуандардың жарыста жеңіске жету үшін барын салып күрескенін айтты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

       – Мен Данияда 10 жылдан бері тұрып келемін. Соңғы кезде ол жақта қазақ күресін дамытуға өз үлесімді қосып келемін. «Әлем барысына» Еуропадан 5 мемлекеттің дзюдошыларын алып келдім. Үлкен халықаралық турнирге нағыз шеберлер жиналыпты. Соған қуанып отырмын. Өнер көрсеткен балуандар келесі жылы да осы жарысқа келетініне күмән жоқ. Себебі, ұйымдастырушыларға мін жоқ, барлығы тамаша, әділ өткізді. Мықтылар жеңіске жетті. Бұл турнир еуропалықтардың да қазақ күресіне деген ынтасын арттыра түсеріне сенімдімін. Осы алған бағытымыз айнымай, қазақ күресін ары қарай дамытсақ, нұр үстіне нұр болар еді, — деді ол.

       Алмас Манап. Дерек: egemen.kz

толығырақ

      Басқа Еуропа елдеріндегідей, Данияда да қазақ диаспорасы бар. Бес миллионға жуық халқы бар солтүстік Еуропадағы елде қандастарымыздың саны көп емес. «Олардың біздегі қазақтармен салыстырғанда тірліктері тым қауырт көрінді маған. Қандастарымыз ірі корпорацияларда, IT-технология және мейрамхана ісімен айналысады» - дейді Әлия Шәмшиева. Ақтөбеден арнайы барған ол Даниядағы тіршілікті көзбен көріп қайтқан еді. Ендеше жолжазбаны назарларыңызға ұсынамыз.

       Атажұрттан алыс жатқан жатқан қазақтар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста. Ұлттық дәстүрді де берік ұстанады. Ана тілге деген құрметі жоғары. Даттар өздері керемет үйлерде тұрады. Мұндай үйлер тым қымбат болғанымен, даттардың оған жағдайы жетеді. Бірақ олардың табысының 40 пайызы осынау үйлердің салығын төлеуге кетеді екен. Бір дат орташа есеппен 400 шаршы метр болатын пәтерге иелік ете алады. Ал шағын жер сотығының өзі 10 сотықтан асады. Мұның ішіне көпқабатты үйлер мен гүл бағы кіреді. Барлық үйлерге арнайы күзет қызметі орнатылған. Дания біздің елден 60 есе кіші. Олар бір-бірімен ағылшын тілінде сөйлеседі екен. Дегенмен үлкендердің айтуынша туған тілді жастар ұмытып барады дейді. Ол жақтағы тұрақтап қалған қазақтардың тілінде неологизм жоқ. Бірақ түсінісіп кете аласың. Қытайдан, Ауғанстаннан және Түркиядан барған қазақтар үйлерін оюлап, ұлттық үлгіде ұстамайды. Тек жиһаз көп артық дүниені көзің шалмайды.

 

 

 

       Даттардың сүйіп жейтін тағамы – стейк. Даниядағы қазақтарда етті көп жейді. Бірақ олар етті қатты қайнатады немесе қатты қуырып жібереді дейді Әлия. Әрине біздің ет тағамымызды Дания қазақтары да сүйіп жейді. Тіпті даттарға да ұнайды. Егер жергілікті қазақтар даттарды қонаққа шақырса, олардың алдымен сұрайтыны қазақтың ет тағамы екен.

       Даттар қонаққа қалай барады немесе қалай шақырады?

     Менің әпкем Эсьбергте тұрады. Мен барған күні ол көршісін және достарын шақырды. Мен бірден бауырсақ пен оливье салатын және манты дайындаймын дедім. Бірақ әпкем Данияда үстелге тек бір ғана ас қойылады деді. Салаттың бір түрі және десерт. Тамақтанып болған соң қонақтар дайындалған тағамдарға қатысты өз пікірлерін айтады екен. Дәмді шықса ұнады дейді, ұнамаса кем-кетіктерін де айтуды ұмытпайтын көрінеді. Қонақтар үйге өздерімен бірге ішетін сусындарын ала келді. Ешқайсысы аяқ киімдерін шешкен жоқ. Тіпті Дания көшелерінің тазалығы соншалықты, асфальтті арнайы сусабынмен жуады екен. Мен қонақтар қайтар тұста қазақтың дәстүрімен сарқыт салып бергім келді. Олар бұл ісіме біраз шамданып қалды. Мен қазақтарда бұрыннан сақталған дәстүрі екенін айттым. Олар түсінген соң, бұл дәстүрімізге қызығып қалды. Данияның жер көлемі аз болғанымен, оның жартысын ауылшаруашылығын дамытуға жұмсайды. Жеміс-жидек, көкөніс және гүл өсірумен айналысады. Ал мұнда сиырдың бірнеше тұқымын көруге болады. Данияда көкөніс, ет, азық-түлік және киімнің бағасы өте қымбат. Бір келі қиярдың бағасы шамамен 600 теңге болады. Бір бөлке нанға да осыншама ақша жұмсауыңызға тура келеді. Ет пен сырдың бағасы 5000 теңге, ал тауық етінің келісі 2000 теңге мөлшерінде. Мәселен джинсы шалбарын 30 000 теңгеге сатып аласыз. Олардың айлық табысы да жоғары. Мысалы медбикенің айлығы 19 мың крон, теңгеге шаққанда 625 мыңның шамасы. Ал дәрігерлері 1,2 миллион теңге көлемінде жалақы алады. Ол жақта хатшының қызметі жоғары бағаланады екен. Табыстары айына шамамен миллион теңге. Олар үшін медициналық көмектің кез-келген түрі тегін. Қаласа үйде босануға да мүмкіндік бар. Перзентханада босанған әйел жаңа туған нәрестемен бірге екі сағаттың ішінде үйіне жеткізіледі. Данияның қалаларынан дәріхана табу қиынға соғады. Мен Копенгагенде, Биллунде және Эсьбергте болдым. Бірақ бірде бір дәріхананы көзім шалмады дейді Әлия. Даттар осы жағын мақтанышпен айтады. Есесіне шаштараз көп. Еркектері әйелдеріне қарағанда шаштарын жиі алдырады. Барлығы бір шаш үлгісінде алдыратын сыңайлы көрінді маған.

     Әлияның айтуынша Даниялықтардың балаға деген қамқоры өте жоғары. Балалар бөлмесінен ешқандай жұмсақ ойыншық пен қуыршақты көрмейсіз. Барлық ойыншықтары құрастырмалы болып келеді. Баланың ақыл ойын дамытуға бағытталған музыкалық ойыншықтарды да көруге болады. Міне мен көрген Данияның бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.

     Baq.kz 

толығырақ

          Еуропадағы қазақ диаспорасының басым бөлігі Түркиядан барғандар. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары Шығыс Түркістаннан шыққан көш, Ауғанстан, Иран, Үндістанды басып өтіп, Анадолыдан бірақ шықты. 1972 жылы олар түрік үкіметіне өтініш жасады, сол жылы оларға Стамбулдан құрылыс салу үшін жер берілді. Көшіп барған қандастарымыз бұл ауданды «Қазақкент» деп атап кетті. Бүгінде Түркияда 30-мыңдай қазақ бар. Анадолыдағы ағайынның бір тобы жұмыс іздеп 80-ші жылдары Еуропаға тарай бастады. Оның ішінде басым бөлігі Германияда тұрады. Еуропа қазақтары қоғамдары федерациясының төрағасы Абдұлқайым Кесежи ағамыз қазір Мюнхенде. Елге келгенде ағамызбен сұхбаттасқан едік. Назарларыңызға осы сұхбатты ұсынамыз.

      - Аға атамекенге қош келдіңіз. Қазір өзіңіз Германияның Мюнхен қаласында тұрасыз. Еуропа қазақтары қоғамдары федерациясының төрағасы қызметін атқарып жүрсіз. Сол елдегі қазатардың жалпы саны қанша, қарым-қатынастарыңыз қандай?

     Рахмет. Біз енді жеке Германия деп бөлмейік, Еуропа қазақтары қоғамдары федерациясының төрағасы болғандықтан, Еуропада қанша қазақ бар дейік. Біздің қолымызда әрине ресми статистикалық мәліметтер жоқ. Біз әрбір Еуропа елінде тұрған отбасыларға қарап топшылаймыз. Біздің топшылауымыз бойынша қазір Еуропа елдерінде 5000 шамасында қазақ диаспорасы өмір сүріп жатыр. Әсіресе Батыс Еуропаның көптеген елдерін айтсақ болады. Ал соңғы жылдары Қазақстаннан жұмыс іздеп, оқу бабымен және сол жаққа тұрмысққа шыққан қазақтарда баршылық. Енді солардың басын қосқанда 10 000 шамасында қазақ бар деп ойлаймыз.

      - 2002 жылдан бері Еуропада Кіші құрылтайлар өтіп келеді. Сіздер үшін осы құрылтайлардың мәні мен маңызы қандай?

       Бұл құрылтайлардың маңызын бірнеше топқа бөлсек болады. Әр елде тарыдай шашылған қазақ бір-бірін көріп, дидарласып, арқа-жарқа болатын жері осы құрылтайлар. Әсіресе Еуропа елдерінде туып-өскен қазақ жастары бір-бірерін танып, бір-бірлерін білуге, араласуға мүмкіндік алады. Оның бер жағында әр құрылтай сайын дөңгелек үстелдер ұйымдастырып келеміз. Мұның негізгі пайдасы сол жерегі қазақтардың басты проблемасы қандай? Не нәрсеге зәру? Қандай мұқтаждықтары бар? Тіл, діл, дін, салт-дәстүрімізді де осы дөңгелек үстелдер барысында жаңғыртып айтып отырамыз. Сондықтан бұл құрылтайлар әбден дәстүрге айналып кетті. Болашақта да жалғасын табады деген үміттеміз.

       - Ал осы құрылтайларда қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртамыз деп отырсыз. Ұлттық ойындарымыз қаншалықты насихатталады?

      Біз енді қолдан келгенше бұл туралы күш жұмсап бағамыз. Мысалы әр жыл сайын қазақтың салт-дәстүрін және ұлттық ойындарын құрылтайдың бағдарламаларына енгізіп жүрміз. Айтар болсақ, биыл маусым айында Берлин қаласында өткен құрылтайда осы Қазақстаннан келген делегацияның құрамында Асық федерациясының төрағасы да келді. Сол жерде асық ойынынан түрлі сайыстар өтті. Қазақша күрес белдесулер өткіздік. Сонымен бірге байырғы бабаларымыздан қалған садақ тартудан сайыс өткізіп, мергендік өнерін де бір сынап көрдік. Әрине, бұл жағына келгенде Қазақстанның рухани қолдауы, көмегі көп. Әсіресе Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан көмектер көрсетіліп тұрады. Жыл сайын бірнеше кісіден тұратын делегация келеді. Жай ғана адамдар емес, өнерпаздар, дәстүрлі әншілер, айтыс ақындары келіп, өз өнерлерін ортаға салып кетеді. Еуропадағы Қазақстан Елшіліктері де бұл жағынан келгенде қамқорлықтарын аяп қалған емес. Келісіп пішкен тон келте болмас деп, бәріміз ақылдаса жасаймыз.

     - Тілді өзіңіз сияқты еркін білетін ағалар жоқ емес. Бірақ кейінгі буынның әлсіреп бара жатқаны рас. Еуропадағы қазақтардың қазіргі қалпын сақтап қалу үшін не істеуіміз керек?

     Әрине қазір біз көріп отырған басты қиындық, басты мәселе ол ана тілге байланысты десем болады. Біз бұрын ана тілді, салт-дәстүрді жастардың бойына насихаттау үшін, олардың бойына дарыту үшін курстар ұйымдастардық. Әрбір қалаларда ұйымдастырған осындай курстарымызға қатысамын деп ниет білдіргендер көп болды. Әсіресе Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері, сол жердегі қызметкерлер курстарда сабақ беріп жүрді. Әрине олар толыққанды қазақ тілінің маманы емес. Бірақ соңғы жылдары әр түрлі себеппен осы курстар үзіліп қалды. Бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде қолға алынуын айтып жүрміз. Қазақ диаспорасының көп шоғырланған жерінде, ірі қалаларда қазақ мәдени орталықтары ашылса, сол орталықтарда қазақ тілі, мәдениеті, дәстүрі, әдет-ғұрпы насихатталса, қазақ тілін терең оқытатын курстар ұйымдастырылса, біздің сол жақтағы қазақ жастары және біздің ұлттың мәдениетіне қызыққан еуропа жұртшылығының азаматтары да қатысса қуаныш болар еді. Осы бағытта биыл жаңаша қадам жасалды. Берлинде Қазақстан экономикалық және мәдениет орталығы ашылды. Бұл орталық болашақта осындай игі мақсаттарға қызмет етеді деп ойлаймыз. Осы орталықтарда Қазақстанның қазіргі жетістігі де еуропа жұртшылығына таныстырылатын болады.

     - Қазақстаннан оқулықтар, әдеби кітаптар, қазақтың соңғы жылдары түсірілген кинофильдерін алып тұрасыздар ма?

      Газет-журналдар бұрынғыдай келмейді. Бұрын біраз газеттер келіп тұратын. Қазір арасы үзіліп қалды. Елге келгенде ғана өзімізбен бірге алып кетіп тұрамыз. Ал енді СД-дискілер, қазақ кинолары Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан беріп тұрады. Бірақ мұндай дүниелер де қазақ тілін үйренуге толық жарайды деуге болмайды.

     -  Батыс Еуропаны түгел алғанда қазақтар қай қалаларында көп шоғырланған?

      Түгел алар болсақ, Францияның астанасы Парижде, Германияның Кельн, Мюнхен, Берлин қалаларында, Нидерландының Амстердам қаласында және Лондон, сондай-ақ Швецияның Вестерос, Австрия астанасы Венада қазақтар көптеп орналасқан. Норвегия, Данияда да бірнеше қазақ отбасылары бар.

      - Шетелде алған білімін атамекенге келіп іске асырам дейтін қандастарымызды қолдайсыз ба? Әлде Еуропада қала бергені дұрыс па?

     Біз өзіміз қолдаймыз. Оларды әркез ынталандырып отырамыз. Ара-тұра осында келіп қызмет атқарып кеткен жастарымыз болды. 2012 жылы Еуразия ұлттық университетіне келіп жас мұғаліміміз сабақ беріп кетті. Сондай-ақ электронды ғылымдар саласының докторы атанған қазақ жігіті де Назарбаев университетінің шақыртуымен келіп, дәріс оқыды. Бірақ жүрек аурынан бұл жігіт қайтыс болып кетті. Бірақ бұл бастама әлі де жалғасып келеді. Жастардың елге келуге ынтасы бар. Олар ең болмағанда осында келіп уақытша болсада қызмет істеуге дайын. Сол аралықта өздерінің ана тілінде біршама үйреніп алатынына да сенім мол.

   - Қазір өзіңіз Еуропа қазақтары қоғамдары федерациясының төрағасысыз. Негізгі жұмысыңызға тоқталып өтсеңіз?

    Мен қазір зейнеттемін. Ғұмырымның басым бөлігін журналистикаға арнадым. 1980-1995 жылдар аралығында «Азаттық радиосының» қазақ редакциясында жұмыс істедім. Одан кейінгі жылдары радионың Прага қаласына көшуіне байланысты біз Мюнхенде қалып қойдық. Унивсерситетке ауысып, ғылыми жұмыстармен айналыстым. Негізгі мамандығым саясаттанушы. Саясаттану ғылымдарының докторымын.

      -   Сол жақтағы қазақ жастарының дінге келуі қандай?

     Біз енді қазақ тілін балалардың бойына құя алмасақ та, дін жағынан мықты. Әр бала айт намаздарына барады. Жұма намаздарын үзбей оқиды. Дүниеден қайтқан бабаларына Құран бағыштайды. Бізде діни сенім мықты сақталған.

    - Бағаналы бері сөз етіп отырмыз. Жастардың ана тіліне деген шорқақтығы, тілді ұмыта бастауы неліктен?

     Әрине тілді төмен деңгейде біледі дегенге келісем. Жастарды былай қойғанда олардың ата-аналары да қазақ тіліне шорқақ. Біз енді көбіміз Түркиядан барғандықтан, үйде түрікше сөйлесетінбіз. Бірақ соңғы жылдары көбісі сол жергілікті Еуропа тілінде сөйлеп жүргені жасырын емес. дегенмен жастардың ана тілін мүлдем ұмытпауы үшін бізде барымызды салып жүрміз. Олар сөйлемегенімен, қазақ тілін түсінеді.

      - Аға өздеріңіз үйде қай тілде сөйлесесіздер?

     Біз енді қолдан келгенше қазақша сөйлесуге тырысамыз. Кейде ол да болмай жатады. Жастар қазақша сөйлескісі келеді. Бірақ орта болмағандықтан, ата-аналарын кінәлайды. Неге бізге ана тілімізді үйретпейсіздер деп. Біз өз тіліміз бола тұра, неге өзге тілде сөйлесеміз дейді.

     - Дастархан басында отырып елге келу, осында көшу туралы әңгіме бола ма?

     Әрине айтылады. Биыл мен отбасыммен, балаларымды алып, жазғы демалысты Қазақстанда өткіздім. Сонда балаларым біраз ойланып қалды. Елге келу туралы бұрын-соңды басқаша айтып жүрсе, енді көзбен соң, атамекен, туған елінің дамыған келбетін көрген соң, оларда осында келгісі келеді. Балаларыма тек Еуропада ғана емес, Қазақстанның да көрікті демалатын жерлері бар екенін көрсеткім келді. Бізде бұл жағын ойланып жүрміз. Менің жұбайым қазір жұмыста. Ол зейнетке шықса, жұбайым екеуміздің атамекенге келу туралы ойымыз бар.

      Әңгімеңізге рахмет. Алыстағы ағайынға сәлем айтыңыз...

      Baq.kz 

толығырақ

      Осыдан біраз жыл бұрын біреу Гол­ландия (Нидерланды корольдігі) елінде отандас қазақтар бар десе сенбес едім. 

    «Тағдыр тәлкегімен келіп қалған бірен-саран қазақ болса, оларды кім есіне алар?» деген ойлар да болды. Ал 2014 жылы Амстердам қаласындағы Халықаралық әлеуметтік тарих архивінде ғылыми -зерттеу жұмысымен жүрген кезде осы елде тұратын, қызметте жүрген қазақ­тармен кездесіп қалдық.

    Менің Голландияда жүргенімді жергі­лікті қазақтарға Орхан Темірші есімді ноғай жеткізген екен. Хабарласып, сөйле­сіп, бірден кездесуге келістім. Мұндағы Алаш ұрпақтары өздерінің Нидерланды, яғни Голландия қазақ қауымдастығын құр­ған екен.

    Осы орайда «Еуропа түкпірінде, Атлант мұхиты жанында қазақ қайдан жүр?» деген сұрақ туады. 

   1947-1950 жылдары Қытай Компар­тиясы қыспағына түскен халық Оспан ба­тырдың бастауымен көтеріліске шығады. Қаруланған қытай әскері елді қыра бас­тайды. Зор мемлекетке қарсы тұру оңай емес. Содан кейін қазақтар амалсыздан Үндiстан, Пәкстан жеріне ауысады. Көптеген қиыншылық көріп азып-тозған ел 1960 жылдары Түркияға өтеді. Түркия елі (басшысы Аднан Мендерес) отандас­тарымызға көп көмек көрсеткен. Тек әлемді аузына қаратқан «коммунистік қо­ғамды» асығып құрып жатқан КСРО басшылары босқын қазаққа ешқандай көмек көрсетпеген болатын. Түркияға орнық­қасын, қазақ әртүрлі мамандықты игере бастайды. Олардың қиын жолын Халифа Алтай, Хасен Оралтай кезінде жақсы жазған болатын. Елім-айлап өткен өмір. Қазіргі Еуропа, оның ішінде Голлан­дияда жүрген ел – сол босқындардың ұрпағы. Көпшілігі абақ-керей, найман, уақ тайпасынан шыққан. Шығыс Түркіс­таннан шыққан албан, қызайлар да кез­деседі. 

     Өздерінің айтуынша, Голландияда    30-40 отбасы бар. Орта есеппен алғанда (4х40 көбейтсе) – 120-160 адам болар. Оқып,келіп жүрген қазақ аз әрі олар уақытша визамен. Ұлтаралық неке құрған қазақ­стандықтар өз жағдайымен жүр. Олардың түсінігі басқаша сияқты. Кезінде Түркия­дан иммигрант болып өткен отандас­тарымыз қазіргі Қазақстан туралы көп сұрайды. Барып-келген жекжат арқылы көп жаңалыққа қанық. Елімізде болып жатқан жақсы істерге қуанады, теріс хабар естісе ренжіп отырады. 

   Олар елімізде шығып жатқан фильм­дерді («Қыз Жібек», «Көшпенділер», «Жаужүрек Мың бала») көріп отырады. Нұрғиса Тілендиев, Бекболат Тілеухан, Мақпал Жүнісова, Рамазан Стамға­зиевтердi  сүйіп тың­­­дайды. 

    Бір жағдай – Голландияның қазақтары негізінен, түрік тілінде сөйлейді. Оған ешқандай ренжу қажет емес, себебі олар түрік мектебінде оқыған. Түрікше жақсы білетін олар қазақшаны да игеріп алған. Әрі қазіргі жастар бұрынғы Қытайдан шыққан елдің немерелері, яғни олар Қа­зақ­­станды көзімен көрген емес. Ағыл­шын және голланд тіліне жетік және өз ма­ман­дықтарын жақсы меңгерген. Өнді­рістің әр саласында қызмет атқарады. 

    «Сендердің статустарың «иммигрант» ретінде, сондықтан болашақтарың қалай болады?» дегенмін. «Біздің үй-жайымыз Түркияда, ауылымыз да ел арасында бар. Қажет болса біз онда жиі барып тұрамыз» деп жауап берді олар. Бұл өте орынды жауап, яғни олар бөтен елге сіңіп кетуді армандап отырған жоқ, қайта олар өздерін Алаш ұрпағы деп санайды.

   Қазіргі Голландияның халқының жар­тысын Азия, Африка, Суринам елдерінің азаматтары құрайды. Осы айыр­ма­­шылығы көшеде де анық көрініп тұрады. Көп аза­маттар білмеуі мүмкін, қазіргі Голландия, Германия, Франция сияқты елдер – көпұлтты мемлекет. Қала­ларына барсаң, Азия, Африка, Кав­каз­дан келген азаматтар жиі кездеседі.

17 тамыз

     Бүгін Амстердамда күн суық. Ал Қазақ­станда тамыз нағыз жаз айы ғой. Мұндағы күннің тез суып кететін себебі – қала мұхит­тың жағасында тұр. Сондықтан мұхит әкелген жел өте күшті болады.  

   Соны білген голландықтар үйлерін қамал қылып салады. 4-5 қабатты үйлер теңізден келген желден қорғап тұрады. Архи­текторлар қаланы жылыту мақса­тымен арнайы салған. Ал теңізден көпте­ген каналдар кіреді.

     Голландиялықтар үнемі велосипедпен жүреді. Ол үшін арнайы жолдар жасалған. Кішкентай бала алған заттарын вело­сипед­тің алдына салып алып айдап жүр­генін талай көрдім. Күніне Амстердам қала­сының көшелеріне 1 миллионнан астам велосипед шығатын көрінеді. Ол елдің жүріс заңдарын білмей қалсаң, қиын жағ­дайға түсуге болады. Мысалы, мен Голлан­дияға жаңа келген күндері байқамай велоси­пед жолына түсіп кеткен едім. Вело­си­пед­ке мінген жасы 70-тен асқан апай мені соғып кеткені! Әйтеуір ол құла­май аман қалды. Кешірім сұрадым. Шынында да, кінә менен болатын, себебі жаяу адам жолы басқаша салынған.

      Велосипедпен жүру ермек емес. Көп қозғалғаннан шығар, голландиялық аза­мат­тардың аяғы ұзын, бойы тік болып келеді. Қазір қазақ азаматтарының арасында тым толып кеткен адамды жиі көресің. Сондай кезде «шіркін-ай, бұл қазақты велосипед, не болмаса атқа отырғызу керек, сонда сымбатты да сұңғақ болар еді» деп армандайсың.

18 тамыз

      Күн сайын архив материалдарын қа­рай­мын. Біздің тақырып – ХХ ғасырдың саяси тарихы, В.Ленин бастаған больше­визмнің 1917 жылы билік басына келуі; оның Қазақстанға болған әсері. Өткен жұмада В. Шульгин деген қайрат­кердің құжат­тарын қарадым. Ол азамат 1878 жылы Киевте туған. Ал 1976 жылы, яғни жүзге жетпей қайтыс болған. 

       В. Шульгин Мемлекеттік Думаның депутаты, ал 1917 жылы Николай Рома­новтың тақтан бас тартып, самодержа­виенің құлағанын өз көзімен көрген. 1918-1920 жылдары Азамат соғысы кезінде Деникин, Врангель сияқты генералдармен «Ақ гвардия» қолын құрған, солардың идеологы болған. 1924-25 жылдары «Трест» қоғамының шақыруымен КСРО-ға келген. (Ол «Трест» одағын құрған ОГПУ болатын, ХХ ғ. 70 жылдары «Трест операциясы» деген атышулы фильмнің кеңесшісі). 1944 жылы Югославияда тұр­ған кезде ұсталып, оны Мәскеуге ұшақ­пен әкеліп соттаған. Он жылдан астам оты­рып, кейін жалғыз өзі Горловск қала­сында мүгедектер үйінде тұрған болатын. «Тарих сотының алдында» деген идеоло­гиялық фильмге түскен. Көп естелік қалдыр­ған. Көзқарасы бойынша – монар­хист. Ресейді жақтап өткен.

    Бізге Василий Шульгиннің керегі – ол Мемлекеттік Думада қазақ даласынан келген депутаттармен араласқан, эмигра­цияда болғанда М.Шоқаймен бірлескен. Мұстафа Шоқай қайтыс болғанда естелік жазып берген осы В.Шульгин. ХХІІ съезге қатысқан. А.Хрущев оны бұл съезге әдейі әкелген болатын. Сол естеліктері арасында Әлихан Бөкейхан, М.Шоқайға жалпы қазақ даласына қатысты ақпарат кездесіп қалды. 

    Сонымен қоса, шетелге алып кеткен құжаттар арасында елімізге қатысты деректер кездеседі. Оны біз ғылыми айна­лымға түсіруіміз қажет. Турасын айтсақ, ХХ ғасырдағы қазақ тағдыры осындай адамдардың, В.Шульгин, А.Керенский, В.Ленин, И.Сталин басқарған саяси партиялардың қолында болған – соны ұмытпау керек.  Ал біздің жастар шет тіл­де­­­рін аянбай үйренуі қажет. Орыс тілін де білген дұрыс, бірақ бар әлем ағылшын, испан тілінде сөйлейді. Ғылыми жаңа­лықтар да ағылшын тілінде, тіпті көшеде жүру үшін де ағылшын тілі қажет.

   Ал ғылыми жоба алған тарихшы, сая­сат­танушы, қоғамта­нушылар нақты тақырыбын таңдап, әлемдік орта­лықтарға шыққаны дұрыс. Бірақ жаңа айтқандай, ғалым, бизнесмен, саясат­шыларға әлем тілдерін тезірек үйрену керек. Қазіргі заманда әлем үдерісінен қалыс­пауымыз керек. Жалпы голлан­дия­лықтар өте еңбекқор. Және бұлардың еңбек­қорлығы бала кезінен тәрбиеленеді. Олардың бар байлығы – еңбекқорлығы мен өнертапқыштығынан. Олар өнер мен білімге әуес. 

    Екіншіден, бұл өте маңызды мәселе – олар КСРО халықтары сияқты, қазақ сияқты революция, ұйымдастыру (коллек­тивт­ендіру) сияқты эксперимент арқылы жеке меншігінен айырылған емес. Бізде ғой «зауыт, колхоз, совхоз» деп меншіктен айырылып, кедейленіп кеткеніміз. Менің сөзім кейбір кеңес дәуірін аңсайтындарға ұнай ма, ұнамай ма, бірақ айтарым, кеңес өкіметі «аштан өлтірмес» деп кедейшілікке, жалқаулыққа халықты жаман үйретіп жіберді. Ал жекеменшік адамды тұлға қылады, оны ақша тауып, баюға үйретеді. Осы жағдайды біз елге үйрете беруіміз керек. Әйтпесе ауыл жағдайы құлдырай бермек.

      Айтпақшы, мұнда да қаңғыбас, тұр­мысы нашар адамдар көп. Есірт­кіге елтіп жүр­гендерді көресің. Мем­ле­кет оларға көп көмек көрсетеді, бірақ адам­ның тағдыры өз қолында екені бел­гі­лі.

    Қазақ дәстүрі мен голланд дәстүрінің үйлеспейтін жері де бар. Мысалы, мұнда қыз балаға қылжақтап сөйлей берсең, анекдот айтсаң, кофе-шай үшін ақша төлесең, бәлеге қалуың мүмкін. «Гендерлік саясат» деген осында.

      Сосын ба, мұндағы жастар ұзаққа дейін үйленбейді, ажырасу көп. Заң бойынша, мұндағы «көгілдірлерге» (гейлерге) үйле­нуге рұқсат. Бізге сондықтан өз ұлттық дәстүрімізді дамытып, басқа елге еліктей беру­дің еш қажеті жоқ.

19 тамыз

     Бүгін Азамат соғысы, Сталин заманына қатысты құжаттарды қарап бітіретіндей болдым.

    В.Шульгин, А.Керенский, т.б. ақы­рына дейін «бөлінбейтін, қасиетті» Ресейін аңсап өткен екен! Басқа ұлттардың да арма­ны болуы мүмкін, олар да адам ғой, Ресейді демократия жолымен дамыту тура­лы жақ ашпайды. В. Шульгин Киевте туған, соның өзінде украиндерді «хохол», «малорос» деп мазақтап отырады.

      В.Ленин жақтастарымен бірігіп пар­тия билігін орнатты. Ақыры боль­шевизм өзін-өзі қырып-жойып бітті. Оның барлы­ғын көзімізбен көріп отыр­мыз.

      Ал сары далада өскен Әлекең, Ахмет, Елдостардың ойлары керемет озық болған. Таңғаларлық жағдай, керемет университет бітірмесе де, Еуропа төрінде тұрмаса да, олар 1916-1917 жылдары жекеменшікті сақтау, демократияны дамыту, тіл мен дәс­түр­ді аялау, көппартиялық жүйе, прези­дент пен парламент билігін орнату тура­­лы әрі айтып, әрі «Алаш Орда» партия­сының бағдарламасын енгізген еді. Сенбеген адам Алаш Орда партиясы бағ­дар­­ла­масын қарап шығуына болады.

20 тамыз

    Кеше профессор Тураш Атабаки іздеп келді. Ол жаңа ғана Канададан келген екен. І дүниежүзілік соғыстың басталуы туралы лекция оқып, біраз елде болыпты. Тамаша ғалым неміс, ағылшын, голланд, парсы, түрік, т.б. тілдерде еркін лекция оқи алады. Және лекциялары жоғары деңгейде. Екеуіміз жеке отырып болашақ келісім туралы сөйлестік. Мемлекет тарихы институты халықаралық қаты­насты дамыта түседі. Біздің ғалымдар үшін шетелмен байланыс өте маңызды. Әйтпесе, баяғы заман бюрократиясы шы­ғарған нұсқаудан шыға алмайтын сияқ­тымыз. 

     Т.Атабакимен біздің ғалымдарды Еуропаға тәжірибе жинауға жіберуге келістік. 

    Кешке үйге Голландиядағы ноғай қоғамының жетекшісі Орхан Темірші келді. Бұл ноғайлар – XVIII ғасырда Ресей әскерінен шегініп, Түркияға өткен ноғай (ұлы ноғайлардың) бауырларымыздың ұрпақтары. Ноғайлар (татар емес) қазаққа ең жақын халық – егізіміз еді. «Қазақ әдебиетінде» (14 шілде, 2014) олар туралы менің көлемді мақалам шыққан. Одан осында тұратын қазақ отбасыларына бардық. Мұндағы ноғайлар мен қазақтар араласып тұрады екен. 

      Асау (Арыстан) Сұлтанбектің, Бекбо­лат Тілеуханның әндерін тыңда­дық. Әсіресе, Қазтуғанның «Қайран Еділі» мен Доспамбет жыраудың күйлері (қобыздағы) қатты әсер етті. 

    Түркиядан шыққан ноғай, қазақтар ел тарихын онша біле бермейді. Айталық, «Ноғай Ордасы деген не, қазақ қайдан шыққан, не көрді?» дегендей. Оларға кінә тағуға тағы болмайды, себебі олар Түркия­да өскен, тілдері де түрікше. Кейбірі тіпті өзін қазақ емес, түрік деп санайды. Оның бір себебі, Түркияда бір ұлт – түріктер ғана тұрады деген тағылым бар. Мен оларға ата­ларының қайдан шыққанын, ұлы ба­тыр­лар мен билер, жыраулар мен ақын­дар туралы айттым. 

24 тамыз

     Бүгін елге қатысты дегесін, фильм көруге бардық. Аты – The Owners. Залда 40-50 адам болды. Біз Күнжай екеуіміз, сосын үш қыз, екі ұл. Қалғандары сол жақ. Сөйтсек, фильмді шығарған Еуропа азаматтары, ойнаған қазақ жастары. Фильмнің мазмұны мынадай: шешесіз жетім қалған балалар ауылына қайтады. Ұлдар ересек, біреуі түрмеде отырып шық­қан. Ойлары – дұрыс адам болу. Бірақ оған таласқан біреулер арасында кикілжің басталып кетеді. Оған милиция араласады. Аяғында ұлдың үлкені түрмеде өледі, кішкентай қарын­дасы жаман аурудан қайтыс болады. Екінші ұл барлығын қырып салып, өзі де көз жұмады. 

     Әрине, ауыр тағдыр, меншікке таласу әр елде болсын, Қазақстанда да жиі кезде­седі. Бірақ фильмнің нобайы... Адамдар да,тұрмысы да тым тұрпайы. Адамдардың көбі есалаң, түрлерінен адам шошиды. Ислам дінін мазақтау, қазақ дәстүрінен мақұ­рым режиссер. Нанымсыз сюжет. Жалпы, режиссурасы өте нашар. Идеясы жоқ шығарма. Ең қызығы фильм аяқтал­ға­сын болды. Шыққан семіз біреу, продюсер ме, демеуші ме, елге бұл фильм жалпы адам­заттың құндылықтары бар шығарма, гу­ма­­низм туралы бірдеңе деп жатты. Сұ­рақ­­тар да қойылды. «Егер адамзат пробле­масын көрсеткің келсе, неге қазақ­ты сон­дай құбыжық қылып көрсетесің?» де­­­сек басын қасиды. 

     Мен ол кісіге айтқаным: «Мұндай фильм­­ді біз қабылдай алмаймыз. Себебі сіздер қазақты білмейсіздер, фильмнің идея­сы ашылмаған, шатастырған жер көп»  дедім. Кейін ел тарқағасын осы ойлар­ды ортаға қайта салдым. Сөз жетпе­ген жерді сонда оқып жүрген жастар то­лық­­тырды.

    Сол кезде Күнжайдың маған айтқаны: «Бұлар мұндай фильмді Қазақстан үшін емес, осындағы ел үшін шығарды» дейді. Оның басты себебі – Орта Азия, Кавказ халықтарын құбыжық қылып көрсету. Былайша айтқанда, «имидж» жа­сау ғой. 

      Голландияда оқып, жұмыс істеп жүр­ген біршама қыз-жігіттермен таныс­тым. Про­фессор, биология ғылымдарының докторы Мұрат Нұрышевтың баласы бар. Ана тілінде сайрап, елін ойлайтын жастар­ды көріп қуанасың. Бірақ тілге шорқақ, елден безгендерді көріп ренжисің. Қайтып келе жатқанда Күнжай: «Біз Қазақстанды көрмесек те, мыңдаған шақырым алыс жүрсек те, ана тілімізді ұмытпай жүр­міз, мыналарға не дейсің?» дегенде қы­за­рып төмен қарадым.

     Халық, мемлекет атануда киноның маңызы өте зор. Бір жолы теміржол орта­лығына бір ісіммен барғам. Бір голлан­диялық азамат, өзі түбі Суринамнан екен: «Қай жерденсің?» – деп сұрады. «Қазақ­станнан» дедім. Сөйтсем, ол: «Мен сен­дерді Бораттың фильмдерінен білемін» деп күледі. Мен ақыры оған: «Қазақстан тамаша жер, халқы көп, қиыншылық көр­ген, парасаты мол отаншыл ел» де­дім. 

     Кейбір біздің ұраншыл азаматтар «еу­ро­палық қазақтар неге елге келмейді, жат елде не ғып жүр. Қайтару керек!» деп бай­балам салады. Ондай әңгімені байқап айту керек. Себебі, бұлар жақсы мамандық алған, орналасқан, үй-жағдайы бар. Еуропа, әлем тілдерін жатқа біледі. Елге келіп, не үй таппай, не жұмыс таппай, орыс тілі басқан қалаларда жүру оларға өте қиын тиеді.

      Алыста жүрсе де олардың жүрегі «Қазақ­­стан» деп соғып тұрғанын өз көзі­мізбен көрдік. Олар елді көп ойлайды әрі сағынады. Мысалы, футболшы Мұрат Оңал Түркия, Финляндия, Голландияда футбол ойнаса да, елім деп Шымкенттің «Қыран» командасына барған.Сол коман­дада ойнап жүр.Маған ұнағаны – мұнда­ғы қазақтар салауатты өмір сүреді. Саясат, өнер, тарих туралы әңгімені ұнатады.

     Осы орайда қит етсе қонаққа шиша ұстап жүгіретін бауырларым еске түседі. «Ауру қалса да, әдет қалмас!» деп атам қазақ айтқандай, орыстар заманында сің­ген дәстүрден қашан арылатынымызды бір Құдай біледі.

     Кейбір келеңсіз жақтар да байқалып қалды. Мысалы, кейбір Түркия немесе Ауғанстан қазағы руын біле тұра, шыққан тегін біле тұра, өзін «түрікпін», я «ауған­мын» дейтін көрінеді.

      Кезінде марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыз қазақ тарам-тарам болып барады деп налушы еді. «Бірі – кирилица, бірі – төте жазу, ал бірі латын қарпімен жазып жүр, тіл, түсінік, дүниетанымы өзге­реді» деп ренжуші еді.

     Рас, ондай қауіп бізде де бар. Бірақ әлі де болса кеш емес. Бар күшімізді салып, тарыдай шашылған қазақтың басын қосу жолдарын ұйымдастыру қажет. Бұл арада алыстағы Алаш азаматтарына көмек көрсетуге Қазақстан Республикасы елші­лігі еңбек атқаруы тиіс. Осы міндет­терді атқа­ру үшін диаспора жұмысымен айна­лы­сатын департамент керек. Дәл қазір әлемде 17 млн қазақ болса, соның 11 млн-ны атажұртында тұрып жатыр. Ал қалған 6 млн отандасымыз шетелдерде тұрып жа­тыр деген сөз.

      Екіншіден, Дүниежүзілік қауымдастық жұмысын жаңғырту қажет.

      Үшінші, қазіргі коммуникация жүйе­лерін пайдалану арқылы (интернет, фейс­бук) алыстағы отандастарға көмек көрсету қажет. Олар оны күтуде.

26 тамыз

      Алдыңғы күні кинода жүріп, «Бола­шақ­пен» келген докторантпен кездесіп қалдық. Бір сөзінде «елім Көкшетауда» деп қалды. Оның қай жері десем, «Дауқара» дейді. 

    Дауқара (Дәуқара) біздің Ақтастан     20-30 шақырымдай болар. Ауыл ақса­қалдары оларды «Көшей-Көлдей» деп, ағайын санап келемеждеп отыратын. Дәуқара, Қара­­­қамыс, Бірлестік (Қантай), Егінді­ағаш, Сырымбет, Айыртау ауда­ны­ның ірге­­лес жатқан қазақ ауылдары. Одан бері Жарқын көлі, Құмтөккен, Жамантау (Бүр­кітті) таулары бар. 

     Бұл жер – әйгілі Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Кәкімбек Салықов, Шота Уәли­ха­новтардың ауылы. 

      Солардың арасында Бұлақ, Ақтас, Қарағай бар. Сол Ақтас соңғы кезде көр­кейіп қалды. Тамаша мектеп салынды, жол дұрыстала бастады. Ауыл балалары үлкен қалаларға кетті. Әттең, елде бала туу көрсет­кіші аз, ел қалаға көшіп жатыр. Ке­тем деген адамға «қал!» деп тағы айта ал­май­сың. Себебі, ауылда жұмыс жоқ. Кел­ген фирма өз пайдасын ғана ойлайлы. 

    Жалпы, ауыл мәселесін қолға алу кажет. Ауылдарға бар керегі жұмыс. Соны ойлас­тырып, ұйымдастыратын Үкімет керек. 

     Құдай қаласа, елге қайтқасын, ауылға барып мектеп балалары арасында футбол­дан жарыс өткізу керек. Мектепті де қарап шығу керек. Бұл футбол турниріне Бұлақ, Қарағай, Ақтас болып қосылады. 

    Түстен кейін «Аякс» стадионын қарап келдік. Голландияда балалар, жасөс­пірімдерді спортқа дайындау тамаша жүйеге салын­ған. 

27 тамыз

     Кешке қазақ қауымдастығына бардық. Жақсы әңгіме болды. Оның бірі – «Нар мо­йыны үзілді» тақырыбы. Бұл атақты Бату тұқымының қирауы, Қазақ мемлекеті тарихы.

     Бір қызығы «Узбе­кистан», «Туркменстан» сайты табылды. Қазақстанды әлем енді ғана біліп келеді.

    Кеше Володя Кроппқа телефон соқ­тым. Ол Германияда тұрады. Өзі жоқ екен, телефонды әйелі Люда алды. Люда орыс, ал Володя неміс. 

     1966 жылы бастауыш сыныпты қазақ­ша біті­ріп, Қызылжардағы интернатқа бе­рем деп жүріп әкеміз Ғелман жол апа­тынан қайтыс болды. Содан анамыз әпкем Гулжиян екеумізді Тораңғұлдағы орысша мектеп-ин­тер­­натқа беруге мәжбүр болды.         5-сы­нып­та келдік. Сыныпта менен басқа қа­зақ­тан бір бала ғана болатын. Қалғаны – орыс, украин, неміс, поляк балалары.

     Сонымен, 10 жылдық мектепті орысша бітірдік. 4 пен 5-ке. Ал осы Володя екеуміз бір класта оқыдық. Немістерге тән өте ұқыпты, сабырлы болатын. Және әділетті, сөзінде тұратын.

    Мектеп директоры Екатерина Антон­қызы Волкова Володяны «елден кетпейді, осы жерді көгертеді» деп айтушы еді. Мектеп бітіргесін де екеуміз тығыз аралас­тық. Ал сыныптастар жан-жақа тарады. Тәуір оқитындар Ресейге (Омбы, Томск) кетті.

      Әлі де хабарласып тұрамыз. 2000 жыл­да­ры Володя мен Люда  Герма­нияға бет ал­ды. Люданың айтуы бойынша, Володя Қазақстаннан кетпес еді, анасы, інісі көшіп кеткесін, менің досым да еліне қай­тыпты. 

29 тамыз

    Кеше Голландияның ноғай басшысы Орхан Теміршімен ұзақ әңгімелестік. Өздері бөлек ауыл болып отырғасын, ұлттық сана, ептеп тіл мен тарихын сақта­ған. Қазір 1950 жылдары өткен түрік хал­қы­мен бірге қазір Еуропа елдеріне өтіп жайлаған.

      Ноғайлар, Орханның айтуы бойынша, Швеция, Норвегия, Францияда баршы­лық. 

     Ал әңгіменің арқауы Орханның сұра­ғаны – ноғайлар қайдан шыққан, Алтын Орда, Ақ Орда деген не? қазақ пен ноғай қалай туыс болып келеді? Өз тарихын аз біледі. Тек ақсақалдардың айтқаны есінде. 

     Тәптіштеп тұрып айтуға тура келді, тіпті біздің рулық жүйенің де өте ұқсас екенін айттым. Көзіне жас келді. Өздерінің жинаған фото, видеолары бар екен, оны көрсетті. Қалмақ деген кім? Сарайшық қаласы қайда? Жайық өзені, Еділ өзені қайда? – бәрін сараптап алдық.

    Еуропа елдерінде түрік азаматтары өте көп. Бір Германияда 3-5 млн Түркия азаматы тұрады. Францияда – миллион, Голландияның өзінде 450-500 мыңдай. Сол 120-160-тай қазағымыз, 2,5 мың ноғай соның ішінде.

     Бір тосын ой айтсам, сіздер таңғалма­ңыздар! Дәл осы кезде Париж, Берлин, Голландия қалаларында қазақ тілінде сөйлесеңіз, аш қалмайсыз!!! Оның себебі, қайда барсаң түрік рестораны, кафесі, донерлері және олар барлығы түрікше сөйлейді. Мұсылман халқын көшеде бірден айырасың – олардың ересек әйел­дері орамал байлап жүреді. 

    Ақырын қазақтардан сұрадым. «Ал енді ана дүниеге кеткен адамды осын­да қалдырасыңдар ма?» дедім. Олар: «Жоқ, ондай жағдайда біз марқұмды дереу Түркия­ға, сондағы ата-баба зиратына жет­кі­земіз» деді.

       Кетерге күн жақындаған сайын отан­дас­тарым да халқымыздың дәстүрі бойын­ша әр қазақ отбасы қонаққа шақырды. Бар­сақ, үйдегі кішкентай балапандар ма­ңайымнан шықпайды.

     Қонақта бірге отырып теледидар көре­міз, не қазақша өлең тыңдаймыз. Айтар әңгіме де таусылмайды. Өзім жаңа­дан бауыр тапқаныма қуанып жүрмін.

      Елге қайтар алдында отандастар Әубә­кір үйінде жиналдық. Хат алмасып тұратын болдық. 

      Ертеңінде Нұрсадық келіп, әуежайға кет­тік. Қош, Амстердам!

      "Айқын" газеті 10.10.2014 21:02  Бүркіт АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор 

 

толығырақ

        Елбасы қашанда білімді жастарды қолдауға дайын. Ғылымның дамуына үлес қосып жүрген жастардың бір толқыны сыртта білім алуда. Ал алыстағы ағайынның білім алуына жағдай қаншалықты жасалауда? Қандастарымыз бұл жағынан қандай қамқорлық қандай қиындық көріп жүр? Бұл турасындағы сұхбатымыз Мюнхенде тұратын қандасымыз Өзгежан Абдұлқайымқызы Кесежимен жалғасады.

     Менің есімім Өзгежан. Мен Мюнхенде дүниеге келдім. Орта білімді де осы қалада алдым. Магистратураны бітірген соң Қазақстанға барып, ана тілімді одан әрі дамытқым келді. Ол арманым жүзеге асты. Астанаға келіп бір жылдай жұмыс істедім. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде магистранттарға сабақ бердім. Кейін Гамбургке барып, жазғы мектептің жұмысына араластым. Қазір екі жылдан бері Ирландияда доктарантурада оқып жүрмін. Диссертациялық дипломымның тақырыбы «Алаш қозғалысы» болғандықтан, зерттеу жұмыстарымен Қазақстанға келіп отырмын.

    Өзгежан өзіңнің атың айтып тұрғандай өзге мемлекетте дүниеге келдің. Ол жақта ешкім үйретпесе де, ана тіліңді жетік білесің. Туған халқыңның дәстүріне, салтына, бүгінгі тыныс-тіршілігіне қызығушылығың қалай басталды?

    Қызығушылығым мектептен басталды. Бізде тарих сабағында тек Еуропа елдерінің тарихын оқытады. Одан қалды Османлы империясының тарихын оқытты. Бірақ Орта Азия және Қазақстанның тарихын мүлдем оқыған емеспіз. Әкем әрдайым құлағыма құйып отыратын. Бала кезден сол құлағымда жатталып қалыпты. Біз бір елден келгенбіз деп отыратын. Соны тереңірек білгім келді. Әкемнің үйде үлкен кітапханасы бар. Сол кітаптардың ішінен бір күні Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының неміс тіліне аударылған нұсқасын тауып алдым. Қуанып кеттім. Соны тынбай оқып шықтым. Қазақ деп жазылған жерлерін қуана-қуана оқитынмын. Сол уақыттары интернеттен мұндай кітапты табу қиын еді. Шығыс Түркістандағы көш туралы ағылшын тілінде Фрилаестың жазған кітабын оқыдым. Бұл кітап ағылшын тілінде шыққанымен, қазақтың бауырсақ, домбыра деген сөздері сол қалпында аударылмай беріліпті. Қатты қуанғаным-ай. Мен саясаттануды да оқыдым. Орта Азия және Қазақстан туралы қандайда бір сабақ болса, ондайдан бір рет те қалған емеспін. Өзім осында жүргенде атамекен туралы эссе жаздым. Осылайша тілді дамытудың жаңа құралын пайдаландым десем де болады.

     Қанша тіл білесің?

    Қазір бес тіл білемін. Ана тілімнен бөлек ағылшын, түрік, неміс, француз және орыс тілін үйреніп жүрмін.

      Қай елдерде білім алдың?

  Германияның Мюнхен қаласында оқыдым. Бір жыл Францияда білімімді жетілдірдім. Эразмус бағдарламасымен Парижде болдым. Докторлық жағын Ирландияда кейін тәжірибе алмасу үшін Швецияға да бардым.

      Қазір қазақ жастары кітап оқымайды деген сынды пікірлерді жиі естиміз. Бәрі тек интернетке байланып алды дейді. Ал осы жастар жағы көп бара бермейтін Алаш тақырыбын алып отыр екенсің. Ізденіс жұмыстары қалай боп жатыр және қай тілде қорғайсың?

     Бұл диссертациямды ағылшын тілінде жазып жүрмін. Бала кезімнен осы тілде сөйлегендіктен маған оңай болуда. Бірақ бір қиындығы бар. Ол құжаттардың көбісі орыс және қазақ тілдерінде. Орыс тілін жете білмегендіктен кей құжаттарға көп уақытым кетеді. Медиа әлемінде де көп өзгерістер бар. Барлығы интернетке ауысып жатыр. Қазір интернеттен ешкім 2-3 сағат отырып мақала оқымайды. Бұрын ғой газеттен оқи беретін еді. Жастар ақпаратты интерттен оқитын босла, болашақта бізде осы салаға қарай бет алуымыз керек.

     Қай кітапханадан ізденіп жатырсың?

  Алматыдағы Ғылым академиясының кітапханасына барып жүрмін. Орталық мұрағатта және Президенттің мұрағатына барсам деген жоспарым бар. Жетекшім Ирландия азаматы. Балқан елдеріне қатысты зерттеу жұмыстарын жасаған. Оның докторлық диссертациясының тақырыбы «Қоғамдық теориялар және ұлттық қозғалыстар» туралы.

     Арманың қандай?

  Арманым Қазақ Елінің және шетелдің де тарихын білу. Ғылыми зерттеу жұмыстарымды дамытсам деймін.

      Қазақ жастарына не айтасың?

    Сендер өздеріңді қашанда бақыттымыз деп санаңдар. Қазақтың тарихы, мәдениеті өте бай. Біз шетте жүріп соған жете алмаймыз. Кейде адам қолында барды қадірлемейді. Мен қазақ әдебиетіне қатты қызығам. Бірақ тілді терең білмеген соң, көп нәрсені түсінбей жатам. Ал сіздер білесіздер. Соны пайдаланып қалыңыздар. Қазақтың айтысы шетелдіктер үшін таңқаларлық өнер. Оларда мұндай өнер түрі жоқ.

    Естіп жатырмыз былтыр ғана өзің Данияда тұратын Аят есімді қандасымызға тұрмысқа шықтың. Ата-анаң қазақтың дәстүрімен ұзату тойын жасапты. Қазір өзің келін боп түскен Даниядағы қазақтардың үйдегі ұстанымы қандай? Келін болып шәй құйып жүрсің бе? Тұрмыстық жағдайың білім алуыңа кедергі келтіріп жатқан жоқ па?

   Енді біз еуропалық қазақ болған осы жағынан алғанда бір-бірімізді жақын түсінетін сыңайлымыз. Өзіңізде білесіз Еуропада бір үйде екі адам жұмыс істемесе өмір сүру қиындау. Менің ата-анамда, ата-енемде жұмыс істеп, білім алғанымды қолдайды. Той болардың алдында мен қатты қобалжыдым. Дания қазақтарының той өткізудегі ерекшелігін білмеген соң, өзімше түрлі болжам жасадым. Болашақ жарыммен көп сөйлесіп, ақылдастым. Сол арқылы бір шешімге келе алдық деп ойлаймын.

     Сенің ақындығың да бар екен. Өлеңді қанша жасыңнан бастап жаздың?

     Мен 16 жасымнан бастап өлең шумақтарын жаза бастадым. Ирландияны ақындар елі десем де болатын шығар. Еуропа әдебиетіндегі айшықты орны бар ақындар осы елден көбірек шыққан. Кітапханаларда отырып ізденем. Қазақстан туралы жазам. Атамекен, көш туралы жазған өлеңдерімде бар. Қазақ ақындарының ішінен Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын ұнатып оқимын. «Жан сыры» деген өлеңін ағылшын тіліне аударғам. 27 жасқа толған туған күніме тарту жасағандай болдым. Абай атамызды, Мағжанды, Міржақыптың шығармаларын оқимын. Қазақ тілі тамаша тіл ғой. Өлең жазсаң ақтарылып шыға береді. Өлеңдерімді ағылшын тілінде шығарамын. Болашақта қазақ тілінде де жазсам деп жүрмін. Қазақ тіліндегі интернет басылымдары қазір біршама дамыған. Сол жағы мені қуантады. Өйткені сыртта жүрген біз секілді ағайын ғаламтор арқылы ақпарат алмасып отыр. Атажұртқа алғысым шексіз. Біз алыста жүрсекте еш жатсынбай бізді құшақ жая қабыл алады. Елге келіп тұрамыз.

      Сұхбаттасқан Ж.Амантайқызы, Baq.kz

    Суретте: Ж.Амантайқызы, әкесі Абдұлқайым Кесежи және Өзгежан Кесежи 

толығырақ

    Шыңғыс қазір Швецияның 20 мың халқы бар «Харнусан» қаласында тұрады. «Лунь» университетінде 5 жыл білім алған. Мамандығы Нейропсихолог. Қазір жұмысқа қабілетсіз адамдарды бейімдеу /адаптация/ орталығында қызмет атқарады.

     - Алғаш рет Қазақстанға 2001 жылы өзімнің қалауыммен, атамекенмен жақынырақ танысу ниетімен бардым. Алматы қаласында болдым. Онда мені әкемнің достары ерекше ілтифатпен өте жақсы қарсы алды. Ол кезде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын Қалдарбек Найманбаев басқаратын еді. Қаланың іргесінде орналасқан Сапарғали атты әкемнің емші досының үйіне қоныстандым. Қазақстан жылдан-жылға көркейіп келеді. 2001 жылы алғаш барғанымда да жаман емес болатын. 2005 жылы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына барғанымда 2001 жылға қарағанда мүлдем құлпырып, көркейе түскен қаланың куәсі болдым. Ал қазір барсам, тіптен адам танымастай өзгергендігін ішім сезеді. Біз тұрған қалада Қазақстанның ешқандай арнасын көрсетпейді. Сондықтан маған көбінде Қазақстанның жаңалықтарын әкем айтып береді, атамекен туралы барлық жаңалықтарды әкемнен естіп білемін. 
      Екі ұл, бір қыз және үш бала тәрбиелеп отырмын. Әйелімнің ұлты Швед. «Миф» университетінде профессор. Балаларымның үлкені лицейді бітіргеніне 2 жыл болды. Қазір ол жоғарғы оқу орынында оқымайды. Әлемді аралап, жер жүзіндегі мемелекеттерге саяхат жасап, олардың ерекшеліктерімен жақынырақ таныссам деген арманы бар. Жақында Эквадордан оралды. Енді университетке түссе доктор болатын түрі бар. Екінші ұлым осы жылы ұшқыштың оқуын бітірді. Ал кенжеміз, ерке қызымыз биыл ғана лицейді тәмамдады. Қазақстанға балаларды алып барсам деген арманым бар. Балалардың да атажұрт дегенде ынтасы ерекше. Елге барғысы келеді. Жұмысым көп болғандықтан уақыт бөліп балаларымды өз атамекеніме алып бара алмай жатырмын. Сол үшін де кейде қысыламын. Олар маған қазақша үйрет,- деп талап қояды. Атам мен әжем сөйлейтін тілді біз түсінуіміз керек үйренуіміз керек деп ынталанады. 2003 жылғы Швецияда өткен кіші құрылтайға бүтін отбасымызбен барғанбыз. Кіші ұл ұшқыштың оқуын бітіріп жатқандықтан оның жұмыстарымен де көп босай алмаймыз. Қызым жүзумен айналысады. Теңізде өтетін жарыстардың чемпионатына арнайы барып қатысады. 
    Қазақстанда туыс болып кеткен достарымыз, әкемнің жақын достары бар. Оларды сағынамыз, барып көріскіміз келеді. Әкемнің досы әнші Нұрғали Нүсіпжановтың немересі осында менің үйімде жатып «Экономика» саласы бойынша білім алды. Қазір Швед банкісінде жұмыс жасайды. Қазақстандағы ағайындарға көп сәлем айтамыз. Атамекендегі бүкіл бауырлас қандастарыма дұғай сәлем жолдаймын!

     Baq.kz, сұхбаттасқан Ж. Амантай 

толығырақ

  • Швецияда бүгінде 1000-ға жуық қазақ отбасы бар. Оның 55-түтіні Весторос қаласында тұрады. Весторосқа Стокгольмнен күн сайын көшіп келіп жатқан ағайын тағы бар. Түркиядан да қоныс аударған қазақтар осында тұрақтапты. Швед азаматтарына тұрмысқа шыққан қазақ қыздарының да саны біршама. Олардың дәстүр, діни көзқарастары бізден өзгеше – дейді сондағы ағайындар.

       Швеция – кейінгі жылдары қазақ қандастарымыздың саны тез өскен елдің біріне айналды. Қазақ ауылдарының кең қанат жаюына себеп болып отырған жайттың бірі Еуропада өтіп тұратын Кіші құрылтайлар. Жастар жағы жоғары оқу орындарында білім алады, әртүрлі кәсіппен шұғылдануға да мұнда мүмкіндік жасалған. Зейнетке шыққан қарттарымыз қол қусырып отырмай, жастардың тәрбиесіне, тілді ұмытпауына мықтап ден қойған. Оның дәлелі – Еуропаның басқа қалаларындағы қандастарымыз сияқты емес, мұндағы аз қазақ төрт қоғамда бірлесе жұмыс істейді. Осындай келелі басқосуды ұйымдастырып отырған қазақ мәдениет орталығы қанатының астында тағы да «Жастар мәдениет орталығы», «Әйелдер қолөнер мектебі», (әжелер бірлестігі) жұмыс істесе, мұндағы «Ислам мәдениет орталығының» қызметі – өз алдына бір төбе. «Ислам мәдениет орталығы» 1995 жылдан бері үкіметтің көмегімен 1 жарым миллион кронға мұсылман мешітінің ғимаратын сатып алған екен. Әуелі шіркеу болып, кейін жастар театрына айналған бұл ғимаратты бүкіл мұсылманның басын қосатын мешіт жасау ісі оңайға соқпаған. Мешітке 250 кісі еркін сияды. Жұма намазын өтеуге мұнда арнайы 27 өлкеден мұсылмандар жиналады. Бүкіл Весторостың рухани ордасы да, жалғыз мешіті де осы. Алла үйінің жанынан 2000 жылдан бастап 13-14 жастағы балаларды Құран оқытып үйрететін, діни дәріс беретін мектеп-интернат етіп жасапты. Мешітке жергілікті діни сауаты жақсы, Құран оқуға қабілетті жастар тартылған. Балалар мұнда жататын төсек-орны мен тамақ ішетін асханамен қамтамасыз етілген әрі жинақы. Жастардың дінге бетбұрысы өте жақсы дейді жергілікті жұрт. Көп жастар ораза ұстайды. Мұсылмандарды жерлейтін арнайы орында бөлінген. Әр жылы мұнда мешіт атынан ауызашар беріліп тұрады. Имам Ахмет Баһадыр 1995 жылы мешіт ашылған тұста төраға болып сайланған. Весторос мешітіне жергілікті халықтың көзқарасы түзу, елдің діни сауатын ашуда біздің жұмысымыз дейді Ахмет. 1942 жылы Алтай жайлауының «Қадырат» атты мекенінде дүние есігін ашқан Ахмет аға кезінде Шығыс Түркістанды құрған 9 батырдың бірі, атағынан ат үркіген Оспан батырдың ең соңғы әскери қолбасшысы Нұрғожа батырдың ұрпағы екен. 

    Baq.kz

толығырақ

 Картинка

       Сыңсыған қалың орманды «Весторос» қаласы «Меларен» дейтін айдын шалқарлы көлімен көрікті. Табиғаты әсем, қоңыр салқын, малға жайлы шүйгінді өлкеде бүгінгі күні 55 қазақ отбасы түтін түтетіп отыр. Сол көп қазақтың бірі – Имам Ахмет.

     1942 жылы Алтай жайлауының «Қадырат» атты мекенінде дүние есігін ашқан Ахмет мырза кезінде Шығыс Түркістанды құрған 9 батырдың бірі, атағынан ат үркіген Оспан батырдың ең соңғы әскери қолбасшысы Нұрғожа батырдың ұрпағы екен. 10 ағайынды берекелі отбасында тәрбиеленген Ахмет Баһадыр бүгінде Махфуза, Сайфие, Селма, Жәнібек, Майра атты 4 қыз, бір ұл тәрбиелеген өнегелі әке. Қызын қияға, ұлын ұяға қондырып ендігі балалары мен немерелерінің тілеуін тілеген Ахмет ағаның шаңырағында өрбіген әңгіменің өнегесі мол болды. 
    - Анам Жәкей мен небәрі 6 жасқа толғанымда дүниеден өтіпті. Бұл анамыздан Шәрбану атты қарындасымыз екеуміз қалдық. Кейін бізді Жақсыхан деген анамыз асырап жеткізді. Бүгінде екі анадан тараған ұрпақ он ағайындымыз,- деп әңгімесін бастады Ахмет аға. «Азаттықтың өшпес рухы» атты әкем туралы кітап шыққан. Кітап Түркиядағы Мимар Синан атындағы Стамбул Университетінің ұстазы, ғалым-доктор Әбдуақап Қараның авторлығымен Қазақстанда жарық көрген. Әкем 1986 жылы 76 жасында дүниеден өтті. Қазақ Кеңес энциклопедиясының 27 санында есімі жазылған Нұрғожадай бахадүр батырдың ұрпағы Ахмет Бахадырдың айтқан ғибратты әңгімесі мен ағайынға деген бауырмалдылығы тектінің ұрпағы екендігін бірден-ақ аңғартады. Отанасы Гүлсім жеңгемізде бізге қайта-қайта шәй қайнатып бәйек болып қалды. Ахмет аға сонау зұлмат жылдарда Пәкістан ауып келген сұңғыла бойлы, сұлу шашты қазақ аруы, бүгінгі бәйбішесімен жаңа танысқан сәтін, бір-бірінің тілін түсінбей біраз әуреге түскен жылдарын, ең алғаш шаңырақ көтеріп, нәресте сүйген қызықты шақтарын сағынышпен, ерекше күйге бөлене отырып бізге әңгімелеп берді. Ең қызығы біз шаңырақ иелерімен қоштасып, қонақүйге аттанар сәтте болды. Сөз арасында Ахмет аға Мюнхендегі Әлихан Жаналтаймен құда екендігін, ол үйге кенже қызын бергенін әңгімеледі. Әлихан Жаналтайдың ұлы Өміртай, келіні Майра менің 2009 жылы Мюнхенде өткен жастар жиналысына барғанда танысқан жақын достарым. Қазақстанға бір барып көруді армандайтын Майра мен Өміртай сол жылдың жазында Қазақстанға ең алғаш рет келген болатын. Былтырғы Венада өткен басқосуға келе алмаған Майра мен Өміртайдың жайын Стокгольмга келген күні-ақ бізді қарсы алған Нілайдан сұраған болатынмын. Майра мен Өміртай жақын арада нәрестелі болуына байланысты бұл жиынға келе алмады деп Нілай сүйінші хабар айтқан сол кезде. «Адамның басы Алланың добы»-, деген осы, міне! Дәм тартып күтпеген жерден Майраның әке-анасымен де дидарласып, таныс болдым. Жақын арада ғана ата мен әже болған шаңырақ иелерін құттықтадық. Майрамды сағынып жүр едім, қызымның досын көріп, Майрамның өзін көргендей болдым ғой,-деп Гүлсім жеңгейдің көңілі бір босады. Алыстағы ағайын, жақын болған бауырдың шаңырағындағы тағылымды әңгіме ұзаққа созылды. Бұл күні де жатар орынға кеш оралдық.

      Ахмет Баһадырдың әңгімесін жазып алған Жазира Амантай, Baq.kz 

толығырақ

       Гамбургте қазір 5-6 отбасы ғана бармыз. Қазақстаннан ұлтымыз неміс,- деп келген қазақ жігіттері көп. Олармен байланысымыз жақсы. Онда шаңырағын көтеріп, уығын қадаған барлық қазақтардың жағдайы жаман емес деп бастады сөзін Гамбургте тұратын қандасымыз Айқан аға.

    Өзімнің «Мақсат» атты жеке фирмам бар. Фирма қызметінен бөлек Гамбургтің метро қызметінде 30 жылдан аса шебер болы жұмыс істеймін. Балаларымның барлығы дерлік жоғары білім алды. Шенол Жәдік есімді Еуропаға есімі кеңінен таныс қазақ, жұлын дәрігері менің күйеубалам. Оған ұзатқан қызым экономика мамандығы бойынша білім алды. Ұлттардың арасындағы заңдылықтарды жақсы біледі. Одан кейінгі ұлым менің жолымды қуып, метроның құрылысын оқып бітірді. Қазір ол да метро қызметінде жұмыс жасайды. 4 бала тәрбиелеп отырмын. Қазақстандық арналарды көріп тұрамыз. Сол арналардан анда-санда қазақша бағдарламалар бергенде бір марқайып қарап қоямыз. «Kaspionet» арнасынан бөлек Қазақстанмен көрші отырған айыр қалпақ Қырғыз ағайындарымыздың да арнасы көрсетіледі. Балалармен үйде қазақ тілінде сөйлесуге тырысамыз. Қан араласу, басқа ұлтқа тұрмысқа шығу деген жоқ. Менің заңдылығымда шетелге қыз беру, қыз алу деген мүмкін емес дүние. Кіші құрылтайлар болған кезде ешқайсысынан қалған емеспін. Арнайы барып қатысуға тырысамын. Қазақстанға 1978 жылдан бастап жылына 2-3 рет барып тұрамын. 1992 жылы Атамекенде өткен ең алғашқы Дүниежүзі қазақтарының басқосуында фирмамыздан қомақты қаржы бөліп, шамамыздың жеткенінше көмек қолын ұсынып, демеуші болдық. Сол кездері Астана, Жамбыл, Шымкент, Алматы қалалары, Талдықорған облысымен және «Бутия», «Асия» фирмаларымен біріге жұмыс жасадық. Консервіленген тағамдар, үй жиһаздарын сатумен айналыстық. Сол кездерде Қазақстанға сату үшін біз жіберген көліктердің саны 1000-нан асты. 2000 жылы Түркістанда өткен екінші Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына да 2005 жылы Астанада өткен құрылтайда да болдым. Біз үшін тыңнан түрен салып ең алғаш өткен құрылтайдың орны ерекше. Бір кезде Қазақстанмен байланысымыз өте жақсы болатын. Ондағы кішігірім зауыттармен де байланысып тұратынбыз. 
     Гамбургте аз қазақ болған соң ба екен, бүгінде елмен байланысымыз бұрынғыдай өте жақын деп айта алмаймын. Бірақ осындай кіші құрылтайлар арқылы қандастарымызбен байланысымыз үзілген жоқ. 
     1981 жылдан бастап Қазақстанмен байланысым жақсы орнықты. Сайқал саясаттың дәуірлеген уақыты кеңес заманында тек Алманияда ғана жиі концерттер беріліп тұратын. Ал біз үшін Алмания үкіметіне өту қиямет қиын болды. Бізге виза жасап беруі үшін жарты жылдап кезек күтуге тура келетін. Сондай қиын кезеңдерде де қазақтың концерті қай елде өтеді десе сол жерге алып ұшып, балаларды алып әйтеуір бір жететін едік. Сол кездерде тамылжыған әсем дауысымен құйқылжыта ән салатын Бибігүл апамыз бізге өте ыстық. Сіздердің сайттарыңызды пайдаланып ол кісіге үлкен сәлем жолдаймын. Бибігүл апам бастаған Қазақстанның бір топ өнер жұлдыздары шаңырағымның қонағы болып, дастарханымнан дәм татқанын қазірге дейін мақтанышпен айтамын. Өнерлі жігіт, актер Досхан Жолжақсынов та менің ең жақын достарымның бірі. Барша Қазақстандықтарға дұғай сәлем жолдаймын.

      Baq.kz, сұхбаттасқан Жазира Амантай 
 

толығырақ

         26-тамызда Ұлыбританияның Лондон қаласында Қазақстанның Бейбітшілік және келісім орталығының ашылу салтанаты өтеді. Бұл туралы Қазақстан халқы ассамблеясының баспасөз қызметінен хабарлады. 

    Орталықтың ашылуы - этносаралық толеранттық және қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін танытуға, мемлекетаралық қарым-қатынастарды нығайтуға, саяси, сауда-экономикалық және білім беру, мәдени ынтымақтастықтың басым секторларында екіжақты қарым-қатынасты кеңейтуге бағытталған. 

      Ашылу салтанатына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Ұлыбритания Парламентінің Қауымдар палатасының депутаты сэр Тони Болдри және британдық инвесторлар, ғалымдар, екіжақты ынтымақтастық туралы келісімдер шеңберінде қарым-қатынас жүргізетін компания өкілдері қатысады. 

     ҚазАқпарат

толығырақ

         Оның әдемі үлгісін еуропалық бауырлар көрсетті

         Осы тәуелсіздік жылдарындағы ұлт көтерілген бір белес, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас болуымен, бір замандары үстемдіктің үскірігі үсітіп жатқанда бармақтай бұршақтан бас сауғалаған торғайдай тоз-тозы шығып, атамекенінен кеткен қандастарды атажұртына шақырып, 1992 жылдың күзінде тұңғыш рет Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізуі еді. Бұл ел өміріндегі теңдессіз оқиға ретінде бағаланды. Сол жолы тағдырдың тәлкегіне түскен ұлт ұран көтеріп, қазақ топырағына табан тигізіп, ақсарбас шалып, бас қосты. Кейін бұл бастаманы бауырларымыз тұрып жатқан  алыс-жақын жұрттар да өздерінің  кіші құрылтайына ұластырып, ол танысу мен табысу күні  бүгінге дейін жалғасып келеді.

Соның бір әдемі үлгісіне таяуда Еуропа жерінде куә болдық.  Үстіміздегі жылдың 6-8 маусымы аралығында болған Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы сол құрлықтағы іргелі де ірі мемлекет Германияның бас қаласы Берлинде болды. Алқалы жиынға кәрі құрлықтың 10 елінде бақуатты күн кешіп жатқан жүздеген бауырлар мен Қазақ елі, Түркия, АҚШ,  басқа да мемлекеттерден ондаған тілекшілер қатысты.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

        Алты жасар бала келсе, алпыстағы қариясы қарсы алып, құрмет көрсететін ата салтты ол жақтағы қандастар да бір кісідей жасады. Шат көңіл, жарқын ниеттерін көрсетті.  Бірден айтайық, құрылтайды ұйымдастырушылардың басты мақсаты: шашырап жүрген ағайынның басын қосу, жас­тарды бір-бірімен таныстыру, түп-тамырын ұғындырып, тегің кім дегенді іс-шара аясында өтетін салт-дәстүр, әдет-ғұрып  арқылы санасына сіңіру. Тілді, тарихты, мәдениетті, әдебиетті, яғни руханиятты ұғындыру, атажұртпен тығыз қарым-қатынаста болуға  баулу, өзге де мәселелер бойынша келелі кеңес құрып, оны бірден болмаса да, бірте-бірте шешу жолдарын қарастыру екені айдай анық көрінді. Жаһандану заманында ұлт өкілдерінің өзге жұртқа сіңіп кетпеу, әсіресе, уақыт ағысымен кетіп бара жатқан жастардың бетін бері қарату, жұдырықтай жүректеріне қазақ деген халықтың болмысын дарыту, сол арқылы ғасырлар бойы өлмей, өшпей жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының алтын арқау желісін үзіп алмай, кейінгі толқынға қалыбын бұзбай тапсыру.  Ізгі ниет, көңіл түкпіріндегі ұлт үшін деген байлам-пайым осылай жалғасып кете берсе дегендік.

       Еуропа қазақтарының кіші құрыл­тайына келген үлкен-кіші бауырлар алдымен Берлиндегі Қазақ мемлекетінің елшілігінде дидарласты. Шаңырағынан күн нұры төгіліп тұр. Басқұр мен желбаудағы  шым кестедей ою-өрнек көз тартады. Дөңгеленген қазақ үйі тақылеттес еңселі ғимараттың кіреберісі осылайша әдемі. Көрген көзді жаңылтады. «Берлиндегі қазақ шаңырағы» деп аталып кеткен бұл жаңа үй Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен осыдан екі жыл бұрын салынып, ашылу салтанатына Президенттің өзі қатысқанын Қазақстанның ГФР-дегі Төтенше және өкілетті  елшісі Нұрлан Онжанов баян етті. Ол сонымен бірге халқымыздың арғы-бергі тарихынан хабар беретін мұражаймен де таныстырды. Одан кейін шағын болса да, байтақ даламызды елестететін жап-жасыл ауласына жайған дастарқанға шақырып, ата жолымен алыста жүрген ағайындардың қадірлі ақсақалы, 70-тен асқан Нұрсұлтан Алтайдан бата сұрады. Бауырлардың басқосуы ас ішіп, аяқ босату емес, елдің береке-бірлігі, ата-бабаларымыздың сара жолы, олардың ерлік істері мен тіліміздің, діліміздің, дініміздің жайы әңгіме арқауына айналды. Осылайша бауырына тартып отырған елшілік қызметкерлеріне Қазақ елінен бір топ азаматтарды бастап келген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев пен  саясаттану ғылымдарының докторы, Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы А.Кесижи шынайы ілтипаттарын білдірді. Осындай ой бөлісу «Қазақ ауылы» делінетін дипломаттар үйінде де жалғасты. Қазаққа тән кеңдікпен, неміс жұртына тән тиянақтылықпен салынған екі ғимаратта 14 пәтер, сонымен бірге, Қазақ экономика және мәдениет орталығы жұмыс істеп тұрғанына куә болдық. Құрылтайға келгендер оның табалдырығын қазақы ғұрыппен шашу шашып, ізет көрсетіп барып аттады. Елшінің айтуынша, бұл да Қазақстан Президентінің тікелей шарапатының арқасында игілікке асып, қызмет етіп келеді екен. Ендігі жерде дипломаттар миллиондаған қаржы шығындап пәтер жалдамайды. Өз үйлері, өлең төсегінде қызметтерін  жалғастыра береді.

     Н.Онжанов орталық тек елшілік қызметкерлер үшін ғана емес, Еуропаны мекендеп жатқан қазақ бауырларға да әркез есігі ашық тұратынын, ортақ мәселелер жөнінде пікір бөлісуге толық жағдай жасалатынын, шығармашылық көрмелер өткізуге де болатынын, түйіп айтқанда, ұлттың ұйытқысына айналатынын тілге тиек етті. «Елді сағынсаңыздар, ұлт құндылықтарын көріп шөлдеріңізді қандыру керек болса, келіңіздер, бауырлар», деді елші.  Шетелдерде қазақ жұртының осындай орталығын ашу көптен айтылып жүретін еді. Ол да Берлинде алғаш шаңырақ көтеріпті. Ұлттың рухани дүниелері, нақтылай түссек кітаптар, қазақ киносының қорындағы алтын жауһарлар, өзге де құндылықтар жинақтала бастапты. Оны сыйға тартқан өз еліміздегі бойы да, ойы да биік азаматтар екен. Елші олар туралы да тарата айтып берді.

      Сабақты ине сәтімен деп «Қазақ ауылында» болған ой бөлісуге  Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжановтың қатысқанын айта кетсек дейміз. Ол кездесу кезінде өзінің Ұлыбританияда болғанын, Кембридж университетінде қазақ тілін оқыту мәселесі таяу уақытта шешіліп қалатынын, Бейбітшілік және келісім орталығын  Лондонда ашу жоспарланып отырғанын алға тартып, Ассамблея туралы да қандастарға жан-жақты мәлімет берді.

       «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек үгіт-насихат ісімен ғана айналысар едім, жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өлке халықтары туралы тамаша кітаптар жазумен шұғылданар едім», деп арман еткен Мұстафа Шоқайдың Берлин түбіндегі зиратына барып, үлкен-кіші бауырлар қаздай тізіліп отырып, құран бағыштады.

      Құрылтай бағдарламасына сай ұлттық ойындар жарысы халқымыздың өзіне тән бітім-болмысын танытты деуге болады. 10 команда арасындағы дәстүрлі футбол бәсекесі тартысты өтті. Намыс туын көтеріп жасыл алаңға шыққандар күннің ыстығына қарамай ойынның көрігін қыздырды. Сағат 10-да басталған жарысқа кешке бір-ақ нүкте қойылды. Абылай ханның бас батыры ер Жәнібектің 300 жылдығына арналған қазақша күресте 16 балуан күш сынасты. Биылғы құрылтайда қазақтың ұлттық ойындары, оның ішінде асық ату мен садақ тарту бірінші рет көрініс тауып, жиналған қауымның қызығушылығын туғызды. Осындай шараға жиналған халықтың қарасы екі мыңнан асып жығылды. Оларға ынтымағы жарасқан еуропалық туыстар тікелерінен тік тұрып қызмет көрсеткені сүйсінтті. Араларында Германияда қымыз өндіруді жолға қойған ерлі-зайыпты Напс пен Удри Цоллмандар да жүрді. Олардың қайсысымен сөйлессең де қазаққа деген шын ілтипатын білдіреді. Қазақтың қасиетті асын Еуропада өндіріп, халық шарапатына бөленіп жүргендерін мақтан етеді.

      Әрбір ойынға қадала көз тіккендердің арасында жастармен қатар, ақсақалды қария да, ақ жаулықты ана да аз болмады. Солардың бірі жасы 70-ке таяп қалған Әпиза ананы әңгімеге тартқанымызда ол жыл сайын өтетін кіші құрылтайдан алар тағылым аз емес екендігін, әсіресе, өзге жұртта, өзге ортада жүрген жастарға берер үлгісін айтып, өзінің Пәкістанда өмірге келіп, Түркияда өскенін, Германияда еңбек етіп, ұрпақ өсіргенін алға тартты. «Шүкір дейміз, біздің де Отанымыз бар дейтін күнге жеттік. Иә, біздің көз тұрған соң, балаларымыз қазақы қалыптан ажыраған жоқ. Үш қыз, бір ұлым бар. Олардан 4 немере көріп отырмын. Сөйтсе де, солардың келешегі мені алаңдатпай қоймайды. Несін жасырайын, балалар немісшеге де, түрікшеге де жетік, қазақшаға шорқақ. Қазақ тілін ұмыттырмайтын айла-тәсіл табылса ғой деген бүгінгі күннің арманы ойымда тұр. Отағасы екеуміз қара жұмыс істеп жүріп қатарға қосылдық. Балаларды тарықтырмай оқыттық. Қазір олар қызмет істейді, жағдайлары жақсы. Басием Бекей Сарбас деген азамат еді. Қазақ еліндегі Нұрлы деген ауылдан (Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы) мешіт салуға талпынып жүретін. Бірақ ол арманына жетпеді, өмірден озды. Әйтсе де оның ісін ағайыны Нұптихан іске асырсам деп талпынуда. Аналық тілегімді балаларыма білдіргенде – арқа сүйер атажұрттан қол үзбеңдер деп отырамын. Мұндай тілек осында жүрген әр адамның көңілінде тұр. Тәңірім, енді қазақтың осы нұрлы күнін көгінен төмен түсірмесе екен. Біз секілді үлкендердің айтары ендігі жерде ішпек, жемек емес, қазақ жұртының амандығы», деді тебіреніп. Алматы қаласы мәслихатының депутаты, ұлт руханиятына жанашырлық танытып жүретін Құсман Шалабаев ағайындарға халқымыздың, сазгерлердің әндері жазылған дискті тарту еткенін айта кету де жөн болар.

      Маусымның 8-күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауына арналған дөңгелек үстел «Seminaris» кешенінде болды. Оның алдында Президенттің шетелдерде жарық көрген еңбектерінің, ер Жәнібекке арналған кітаптардың, Мемлекеттік «Дарын» жас­тар сыйлығының лауреаты, суретші Гүлназым Өмірзақтың шымкестеден тіккен дүниелерінің көрмесі өтті. Дөңгелек үстелді Т.Мамашев ашып, Елбасының әр жылғы Жолдауы осындай кіші құрылтайларда сөз болатыны дәстүрге айналғанын, осыған дейін мұндай игілікті шара Ресей мен Өзбекстанда тұратын бауырлардың арасында өткенін атап айтты. Ал М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Уәлихан Қалижан Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған жетістіктер мен алда тұрған міндеттерді саралай келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы қай кезде де сырттағы ағайындарға көңіл аударып келе жатқанын нақты мысалдармен алға тартты. Сонымен қатар, төрткүл дүниедегі қазақтардың санына тоқталып, қай елде қанша бауырларымыз тұрып жатқанын еске салып, «Бұл – ұлтты біріктіретін бағдарлама», деп түйін жасады. Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты, жазушы Әлібек Асқаров 1997 жылы қабылданған Елбасының «Қазақстан-2030» Стратегиясының мерзімінен бұрын орындал­ғанын, енді «Қазақстан-2050» Стратегия­сында кемел келешектің бағыт-бағдары ашық талданғанын, мына Жолдау содан бастау алатынын, бағдарламасыз іс баянсыз болатынын жеткізді.  Франциялық кәсіпкер Тәбәрак Догу тілді үйрену әркімнің намысына қатысты, «тіл емес ұлттық сезім, жүрек. Сонда тілге қатысты қамалды бұзуға болады. Бос сөз қажетсіз» десе, 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Германия Қазақстан қоғамының атқарушы директоры Г.Нұртазинова Қазақстаннан барған немістердің өздеріне оң қарайтынына, араларында Бундестагқа депутат болып сайланғандары да бар екеніне, олар әркез Қазақ елінің сөзін сөйлеп отыратынына нақты дәлелдер келтірді. Сондай депутаттың бірі Хайнрих Цертик екенін атап өтті.

      Жұртшылық асыға күткен концерттік бағдарламаның алдында ұлттық ойын­дардың нәтижесі жарияланып, жеңім­паздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Айталық футболдан бірінші орынды швециялықтар, екінші орынды кельндіктер, үшінші орынды берлиндіктер алды. Күрес жеңімпаздарына «Ер Жәнібек»  қоғамдық қорының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Темірбаев ат болмаса да, тайға жетерлік қаржы ұсынып, қаумалаған қалың қандасты хас батырдың Шығыс Қазақстан облысында өтетін мерейтойына шақырды. Ал асық атудан алдына жан салмаған ерлерге, қақпақыл ойнаудан  көзге түскен әйелдерге «Асық ату» республикалық федерациясының пре­зиденті, Қазақстанға еңбегі сіңген жат­тықтырушы Жомарт Сабыржанов «Ал­тын сақа иегерлері» деген марапаттар тапсырды. Олардың арасында ерлерден бірінші орынды Әбсалам  Аюби (Дания), әйелдер арасынан бірінші жүлдені  Бәтима Узл (Голландия)  қанжығасына байлады. Сол секілді ұлт руханиятының қыр-сырын жетік білетін елші Н. Онжанов тілді баланың санасына балапан кезінен сіңіру қажеттігін әркез көтеріп жүреді екен. Осыдан екі жыл бұрын Данияда өткен құрылтайда да балалар арасында «Сенің қазақшаң, қалай?» деген жарыс өткізсе, бұл жолы да сондай игілікті шараға ұйытқы болды. Сайысқа қатысқан 13 оқушының  алтауына бірінші, екінші, үшінші орын тағайындап, басқаларға да сый-сияпат көрсетті. Олардың қатарында Фатима Туба (Германия),  Есра Килиг (Түркия), Нуруллах Гази (Голландия), Бейза Кетех (Дания), тағы басқалар бар.

       Концерттік бағдарламаны кельндік  Зефер Өзхалык қызы Айбике екеуі бастады. Олар бір замандары сыртта жүрген бауырлар туған жерін естен шығармасын деп үзбей айтып келген Зейнелдің «Алтай ауылының әні» деген  әуенді әуелетті. Қазақ елінің танымал әншісі Рүстем Нұр­жігіт Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішін­де» және «Елік-ай» әндерін айтса, халықаралық конкурстардың лауреаты Арай Асқап «Сұлубайдың әнін», халық әні «Бүлдіргенді» орындады.  «Серілер» тобының әншілері Мұхтар Қанапиев, Күнтуған Солтан, Талғат Көбеков Б.Есімхановтың «Ауылым», А. Бексұлтанның «Қазақтың қара баласы», өзге де әндермен жұрттың ілтипатына бөленді.  Ал Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жезтаңдай әнші Мақпал Жүнісова сахна төріне көтерілгенде бүкіл жұрт тік тұрып құрмет көрсетті. Оның орындауындағы халық әні «Еркем-ай», «Сәулем-ай», Ж.Кәрменовтің «Домбыра», М.Қас­қыр­баевтың  «Қазақтың ерке қызымын» деген туындыларын орындағанда қандас бауырлар үлкен-кішісіне қарамай бірге айтып, тіпті ақсақалды ата мен ақ жаулықты ана билеп кетіп жатты. Жалпы, шетелдегі бауырлардың өнерге деген құрметі, өнер адамына деген ізеті ерекше екенін бірден аңғарасың. Тіпті кейбір әуендер айтылғанда көздеріне жас алғандар да аз болмады.

      Құрылтайдың жабылу сәтінде ол жақтағы бауырлар да, Қазақ елінен барған азаматтар да бір-біріне ақ ниеттерін білдіріп, шама-шарықтарына қарай сыйлық жасап жатты.  Түйін сөзді алған тұста, Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы А.Кесижи мырза бұл бас­қосудың жоғары дәрежеде өткенін ерекше атап, осындай игілікті істің осыдан 12 жыл бұрын ұйымдастырылғанын, оның ұйытқысы  сол тұстағы Кельн қаласындағы Қазақ мәдени орталығының басшысы Абдурахман Четин ақсақал мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бұрынғы орынбасары, жазушы Қалдарбек Найманбаев болғанын атап айтты. Бұл шара Шығыс Түрікстан қазақтарының Түркияға көшіп келуіне 50 жыл, олардың еңбек миграциясы арқылы Еуропа елдеріне қоныс аударуының 40 жылдығына орай өткізілгенін де еске салды. Ал өз кезегінде Т.Мамашев Еуропа қазақтарының дәстүрлі кіші құрылтайы жақсы аяқталғанын тілге тиек етіп, ерек­шеліктеріне тоқталды. Бұрынғы құрыл­тайда болмаған ұлтымыздың салт-дәстүрлерінің көрініс табуы, әсіресе асық ату мен садақ тартудың Еуропа төрінен орын алуы оң қадам деп бағалады. Германиядағы елші Н.Онжановтың қызметіне сүйсініп, «Біз талай елдерге барып жүрміз. Елге деген халықтың көзқарасы елшіге қарай әртүрлі болады. Мен ол жұрттағы елші мен елшілік қызметкерлерінің қандастарға деген қамқорлығын ерекше атап өтуді парыз санаймын», деп «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен қауымдастықтың арасындағы байланысқа тоқталды. «Біз қор шетелдерде қандай жұмыстар атқарып жатқанымызды өз көздерімен көрсін деген ниетпен «СК-Астана» кооперативтік қор директорының орынбасары Әсел Шілдебаеваны ала келген едік. Ізетті қарындасымыз бауырларын көргенде ерекше ойға қалғанына куәміз. Дегенмен, біз  аталмыш қордан әралуан шаралар өткізуге қаржылай демеушілік көрсету үшін түрлі құжаттар әзірлеп, жыл соңында тапсырамыз. Соның үштен бірі қолға тиіп жатады. Жалпы, шетелдердегі қазақ диаспораларына көңіл аударатын уақыт жетті. Үкімет көзқарасын өзгертуі керек тәрізді. Себебі, қазақтың жері байтақ дейміз. Бірақ халқымыз аз. Сол азды шетелдегі бауырлармен толықтыруымыз керек. Әрине, Еуропа қазақтарының жағдайы жаман емес. Әйтсе де, қалың Қытай еліндегі, Өзбекстандағы, Моңғолиядағы, Қарақалпақстандағы ағайындарға қаржылай да, басқалай да көмек болуы тиіс. Олар өздігінен келе алмайды. Оның үстіне кей өңірлердегі экологиялық жағдай қандастарымызды қалжыратып бара жатқанын есте ұстағанымыз жөн», дей келіп Түркия мен Әзербайжан мемлекеттерінің шеттегі өздерінің диаспораларына жасап жатқан ілтипатын тарата айтты. «Мәселен, Әзербайжан мемлекетіне келер болсақ, онда президентке тікелей қарайтын мемлекеттік комитет бар. 100-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Бір мысал, олар шетелдердегі әзербайжан жастарымен байланыс орнатуға ғана 5 млн. еуро бөліп отыр. Ал жалпы қаржысының қандай болатынын бір салаға бөлген қомақты ақшадан аңғаруға болатын шығар. Түркияда да  шеттегі диаспораларымен байланыс орнататын  100-ден астам штаты бар орган жұмыс істейді. Оның өткен жылғы бюджеті 100 млн. долларды құраса, біздікі 100-150 мыңға да жетпейді. Тағы бір айтайын дегенім, Берлинде Экономика және мәдениет орталығы ашылыпты. Бұл құптарлық іс. Бірақ оның ережесі, штаты бекітілмеген. Егер Н.Онжановтан кейінгі елші қазынадан ақша қарастырылмаған деп жауап тастауы ғажап емес. Жалпы, ережесі бекітілген, қаржысы нақтыланған, шеттегі диаспораның алтын діңгегі болатын осындай орталықтар Мәскеу, Бейжің, Ташкент, өзге де ірі мемлекеттердің аста­­наларынан шаңырақ көтеріп жатса құба-құп болар еді. Еуропадағы кіші құрыл­тайды қазақ еліндегі жұртшылыққа таныту мақсатында бас басылым тілшісімен қатар, «КТК» телеарнасының аға редакторы Гүлмира Абықаева мен Олжас Белгібаевты әкел­генімізді айта кетсем артық болмас», деді.

       Осы алқалы жиында аты мәлім Дәлелхан Жаналтайдың үлкен ұлы, әріптесіміз Әлиханмен, Халифа Алтайдың  немересі Мәмет Акип Алтаймен де дидарластық. Олардың бойынан тектілік пен тегеурін менмұндалап тұрды. Бір замандары Германия десе бойды үрей билейтін елдің бүгінгі тірлік-тынысы, әсіресе, адамдарының кісілігі мен кішілігі бөлектей көрінді. Жасыл желек көмкерген көшелер де әдемі. Сөйтіп, үш күнге созылған құрылтайдың соңы ағайындармен қимай қоштасуға ұласып, осы бір берекелі бекем тірлік алдағы жы­лы жалғасын тапсын деген ақ тілекпен аттандық.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА – БЕРЛИН – АСТАНА.

 Лебіз

OLYMPUS DIGITAL CAMERA   Бешртхан Малабақан, Берлин қазақ қо­­­­ғамының төрғасы:

     – Аты кіші құрылтай болға­нымен, мұндай шараны өткізу оңай емес екен. Біз бұған бір жыл бойы дайын­дал­дық. Келген қо­нақ­тардың айтуына қарағанда, жаман өтпеген көрінеді. Шетінен ризалықтарын білдіріп жатыр. Үш күн бойғы шараға кеткен шығынға Қазақ еліндегі «Самұрық-Қазына»  әл-ауқат қоры Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірін­ші орынбасары Талғат Мамашевтің тікелей араласуымен жақсы көмек қолын созды. Қазақстанда жұмыс істеп жатқан Германияның «Siemens», «Knauf», т.б. компаниялар көмектесті. Қалған қаржыны өзіміз таптық. Көп болып біріккен жерде бітпейтін іс жоқ тәрізді. Осы құрылтайды өткізуге атсалысқан барлық азаматтарға алғысым шексіз. 2015 жылы құрылтай Голландияда өтеді. Оны сол елдегі Қазақ қоғамының төрағасы Мұстафа Қаражігіт өз мойнына алып отыр.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA    Нұрарман Аюби, Дания қазақ қоғамының  төрағасы:

       – Құрылтай Еуропадағы қа­зақтар үшін ерек­ше құбылыс десем артық айт­қандық емес. Біз осы басқосуда бір-бірімізбен танысып, ұлт болудың үлгісін үйреніп жүрміз. Қазақстаннан келген бауырлармен шүйіркелесе сөйлесіп, әдет-ғұрыппен қауышамыз. Оның үстіне бұл жақтағы қазақтар қалайда өз қандасымен отау құруды басты мақсаты деп біледі. Оған бір мысал айтайын. 2005 жылғы құрылтайға келгенде Қазақ елінен келген Әсем деген қызбен таныстым. Көңілім кетіп, ниетімді білдіргенде ол ойланып көретінін жеткізді. Кейін келісімін берді. Қарағанды қаласының тумасы болатын. Қазақы жолмен құда түсіп барып, жөн-жоралғы жасап, Әсемді алып қайттым. Қазір екі ұлымыз өсіп келеді. Екеуміз де жеке компанияларда жұмыс жасаймыз. Үй-жайымыз баршылық. Тек, атажұрт жетпей жатады. Түптің түбінде бабаларымның кіндік қаны тамған киелі топыраққа барсам деген ой да жоқ емес. Тек Қазақ елінің мәртебесі дәл осылай биіктей берсе, ол да болмай қоймас. Өз ел, өз жеріңе не жетсін.

      "Егемен Қазақстан" газеті

толығырақ


bild 1

      Швециядағы қазақтар  туралы айтпас бұрын Швеция және шведтер туралы аз-кем ақпарат берер болсақ, VIII-XI ғасырда Еуропа құрылығының солтүстігіндегі Скандинавия түбегінде жауынгер тайпа – Викингтер өмір кешіп, көршілеріне ұдайы шабуыл жасап тұрған.  Олар  көрші елдердің жерін басып алу, тонау, сауда жүргізу мақсатында Пруссияға, Польшаға,  Руське,  Византияға,  Еділ бұлғарлары мен хазарларға, тіптен Араб халифатына дейін жорықтарға шыққан. Осы Викингтердің ұрпағы саналатын шведтердің 1240 жылы Нева өзені бойында Орыс және Түркі-моңғолдардың  біріккен әскерінен жеңілуі олардың шығысқа қарай жылжуын тоқтатқан еді.
      XVI-XVIII ғасырда орын алған орыс-швед арасындағы соғыстарда орыс ар­мия­сы құрамында қалмақ, башқұрт­тармен бірге қазақтар да соғысқа қаты­сыпты. Мысалы, 1590 жылы Ораз Мұ­ха­­­мед сұлтан орыс-швед соғысына қаты­сып ерлік көрсетеді, подполковник дәре­­жесіне көтеріледі. Кіші жүз қазағы Серғазы Қайыпхан 1788-1790 жылдары орыс-швед соғысына қатысып, осы шай­қастардағы ерлігі үшін секунд-майор шеніне ие болыпты.
    XVII-XVIII ғасырда Қазақ еліне шап­қыншылық жасаған жоңғарлар қолында от қаруы – зеңбіректің болғаны алғашқы кезде соғыс жағдайын жоңғарлар пайда­сына шешкені мәлім. Жоңғарлар осы от қаруды қайдан алды десек, орыстарда тұтқын болып жүрген швед шебері  Иоган Густав Ренатты қолдарына түсіріп, ол жоңғарларға  зеңбірек, оқ-дәрі жасауды үйретіпті. Бұл қазақ жасақтарына айтар­лық­тай қиындықтар туғызғаны сол кездегі тарихтан мәлім. Cонымен қа­тар швед шебері жоңғарларға зеңбірек жасаудан басқа қазақтың байырғы жері Жетісудың соғыс картасын да жасап беріпті.  Бұл карта 1881 жылы Швециядан табылған.
     Ал бір кезде викингтер өмір кешкен қазіргі швед топырағына қазақ баласы қашан барды деген сұрақ біршама зерт­теуді қажет етеді. Алайда  Швецияға ал­ғаш барған қазақтың бірі ол атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы деп білеміз. Ол французша күрестен 1910 жылы Швецияның Гетеборг қаласында өткен әлем біріншілігінде әлем чемпионы атанып, үлкен алтын медальға және 1275 сом ақшалай сыйлыққа ие болды. Осылайша қазақтың атын әлемге та­нытты. Қажымұқан атамыз 1909-1910 жылдары Еуропаның Берлин, Кельн, Гетеборг және Рига қалаларында өткен біріншіліктерде дүниежүзінің 3 мәрте чемпионы болған. Сол кезде бүкіл Еуро­паға қазақ атын алғаш шығарған Қажымұқан атамыз еді.
    Скандинавия түбегінің тең жары­мынан астамын алып жатқан Швеция ауа райының суықтығымен және табиғаты­ның әсемдігімен ерекшеленеді. Жер аумағы жағынан Еуропа Одағы елдері арасында үшінші ел болып саналады.
      Швецияға баруды көптен бері арман етіп жүр едім. Неге екенін білмеймін осы елді бір көрсем деген арман сонау студенттік кезімде Польшада оқып жүр­ген кезімнен басталған еді. Енді, міне,  тарихтан жауынгерлікпен танылған Викингтердің бүгінгі Отаны – Швецияға, оның әсем астанасы Стокгольмді көруге және ең басты әрі маңызды жұмысым Швецияның Весторас қаласында тұратын қазақ қандастарыммен кездесудің сәті түсті.
    Алдын ала Швециядағы қазақ қоға­мының адрес, телефон, е-майл адрестерін Алматыдағы дүниежүзі қазақтары қауым­дастығынан сұрап алған едім. Алайда менің жазған хаттарыма дереу жауап бола қоймады. Бірақ күндердің күнінде Мұрат Ерміш есімді бір азаматтан жауап хат келіпті. Сөйтсем, мен хат жазып жүрген Швециядағы қазақ қоғамының  төрағасы Ибрахим Қосшының  орнына жаңадан Мұрат Ерміш есімді жас кәсіпкер азамат төраға болып сайланыпты. Жазған хат­тағы қысқа әрі нұсқа жауабына қарап Мұраттың сөзден гөрі істің адамы екенін бірден түсіндім. Баратын күнімді белгілеп алған соң «бисмиллә» деп Познань-Лавица әуежайынан Стокгольм қайдасың деп жол тарттым.
     Мен барып түскен Стокгольм-Сквас­та әуежайы қаладан шамасы 100 шақырым алыс­та орналасыпты. Мені әуежайдан ескі танысым Махмуд Сарбас және Мұрат Ерміш екеуі тосып алды. Махмуд Сарбас Швециядағы ток генераторын өндіруші әйгілі «АВВ» компаниясында ұзақ жыл­дар жұмыс істеп зейнетке шығыпты. Мұратты бірінші рет көруім. Алпамсадай, ірі денелі қазақ. Солай бола тұра қимылы өте жылдам. Маған бірден Швеция сапа­рымды астанасы Стокгольмнен емес, осы елдегі қазақтар көп шоғырланған өнеркәсіп орталығы Вестерос қаласынан бастауыма кеңес берді. Менің де тілегім осы ғой.
      Швецияға қазақтар қалай, қашан келгені туралы Махмудтан жан-жақты сұрап білдім. Ауық-ауық машина терезесі­нен сыртқа көз тастап, Швеция­ның жап-жасыл орманды жерінің кереметтігіне, табиғатының сұлулығына  таңғалып, там­санып отырдым.
    450 мың шаршы шақырым жері бар, 9,6 миллион халқы бар Швеция жасыл орманымен және мөп-мөлдір айдын көлдерімен мақтана алады. Швецияда аумағы 1 шаршы шақырымнан асатын 4 мыңнан аса көл бар. Ірі көлдерінің көбі Балтық теңізіне барып құяды. Жол бойында байқағаным, жеке фермерлердің үйлері болсын кішірек қаладағы 2-3 қабат үйлер­дің көбі ағаштан салынады екен. Көбінің сырты қызыл күрең түспен боя­лыпты. Қаншама жауын-шашын болса да ағып кетпейтін бұл бояудың сырын шведтер әзірге ашпай отырған көрінеді. Жалпы, шведтер үйлерін өте биік қылып салуға құмартпайды екен.
      Мұрат Ерміш жол бойы өзі рульде отырса да, оның қалта телефоны бір тыным таппады. Әлдекімдермен  шведше сөйлеседі, әлдекімдермен кейде түрікше тіл қатысады. Маған қарап: «Аға, сіздің құрметіңізге орай Весторастағы барлық қазақ ағайын сондағы  қазақ мәдени орталығында  жиналып отыр екен. Қазір бірден сонда тартайық» деді.  Біз келсек, шамасы 20 шақты  қазақтар жиналыпты. Швециядағы қазақ қоғамы осындағы 100-ге жуық қазақ отбасының басын қосып отырған бір бейресми ұйым. Өздерінің бас қосып, сан түрлі мәселелерді талқылып, сөйлесетін жері осы. Күрделi жөндеуден өткен зәулiм үй iшiнен қазақтың иiсi аңқып тұр деуге болады. Қазақстаннан барған сый-сияпаттар, қоғамның жемiстi жұмысын көрсететін түрлi марапаттаулар мен спорт ойындарының кубоктары – бәрi-бәрi осы жерде. Күзден бері ғылыми тағылымдама бойынша Польшада жүр­сем де, мені елден келген сыйлы қонақ ретінде қабылдағандарына шын жүректен риза болдым.
     Швециядағы қазақ мәдени орталы­ғын алғаш Али Қаһарман, Абдуллах Чағатай, Женгиз Ақсақал, Кешенай Ермис, Ахмет Баһадүр, Қадыр Ма­кин, Қадыр Құбылай есімді қазақ азаматтары бірлесіп құрыпты. Бірақ кейін осы жұмысты Ибрахим Динчтүрік, Бай­рам Кесер, Меден Сербестер сәтті жал­ғастырған. Мен келерден бірер күн бұрын Вестероста тұратын жасы үлкен қазақтар кіші қажылық парыздарын өтеуге Мекке, Мединеге сапар шегіпті. Ал Швецияға ең алғаш 1963 жылы жұмыс істеуге келген қазақ­тың бірі Осман Алтай ақсақалдың жасы бүгінде 94-те. Стокгольмде  бала­лары­ның қолында, науқас көрінеді. Ол кісімен жолығысудың сәті түспеді.
    Швецияға алғаш жұмыс іздеп келіп, кейін осында біржола қалып қойған ақсақалдар­мен сөйлесе алмасам да, қазақ қоғамы мүше­лерімен болған кез­десуден Швеция қазақ­­тарына қатысты толыққанды мәлімет алдым. Сонымен өткен ғасырдың 60-жылдардың басын­да Германия, Францияға қарай ағылған түрік жұмысшылары арасында қазақ бауырларымыздың да болғанын «Франциядағы қазақтар» және «Герма­ния­дағы қазақтар» атты мақаламда жаз­ғандай солардың бір бөлігі Швецияға да келіп жеткен.
    1960-жылдардың басында Шве­­цияға алғашқы болып келгендер Қабдолда Шағатай, Осман Алтай, Ахмед Бахадур, Кешенай Ерміш, Кәрмения Шакрах, Кәкім Өзқұл есімді қазақтар еді. Бұлар алғашында «салт басты» ке­ліп, біраз жыл қара жұмыс істеп, ақша жинап алып Түркияға қайтсақ деген ойда болған. Кейін Швецияның әйгілі «АВВ» компаниясының өндіріс, зауыттарында жақсы жұмыс істей келе, үйленіп, отба­сын құрған. Сөйтіп, Швецияда қалып қойған, көбі осы елдің азаматы. Қайсы бірінде Швецияның да, Түркияның да азаматтығы бар. Тұрмыс-тіршіліктері жақсы, жеке үйлері, көліктері бар.
      Жалпы Швецияда 600-ге жуық қа­зақтар тұрады. Ең көбі Вестерос қала­­сында 60 отбасы, Стокгольмде 25-30 отбасы, Гетеборг қаласында 10 отбасы тұрады. Ал тәуелсіздіктен кейін­гі жылдары Қазақстаннан келіп-ке­ту­ші қазақтар да аз емес көрінеді. «Бола­шақ» бағдарламасымен және өзге де халықаралық грант, жобалармен Шве­ция­ның Упсала университеті, Стокгольм университеті секілді жоға­ры оқу орын­дарында зерттеу жұмыстарымен, сондай-ақ білім жолында жүрген қазақстандық зерттеуші-ғалым, магистрант, студенттер баршылық. Бірақ олардың нақты санын айту қиын. Өйткені Швед елінде Қазақстан өз елшілігін аша қоймағандықтан бұндай мәліметті алатын ресми орын жоқ.
      Швецияда туып, сонда орта мектеп бітіріп, жоғары білім алған қазақ жастары да жетерлік. Солардың бірі төрт тілде (қазақ, түрік, швед, ағылшын) еркін сөйлейтін, жеке кәсіпкер Мұрат Ерміш. Ол қоғамдық жұмыстармен қатар Вес­те­рос қаласында үй-құрылысымен айна­лысатын жеке фирманы басқарып отыр. 140 мыңдай халық тұратын Вестерос қаласының мәслихат депутаты болып сайланған алғашқы қазақ. Бұған қалай қуанбассың.
     Жалпы Швецияда лауазымды қыз­метте жүрген қандастарымыз аз емес. Солардың бірі – Гүлбаршын Кесер. Ол Македония астанасы Скопьедегі Швеция елшілігінде дипломатиялық қызмет ат­қа­­рады. Сонымен қатар, бірқатар қа­зақ азаматтары, атап айтқанда, Жеңіс Шағатай  жақсы хирург дәрігер ретінде есімі танымал болса, Асан Алтай бояу жасайтын цехта бөлім бастығы. Ал Рай­хан Ерміш, Құрманияз Сақа Вестерос қаласындағы «АВВ» компаниясының робот жасайтын бөлімінде еңбек етуде.
      Швециядағы қазақ қоғамының бұ­рынғы төрағасы Ибрахим Қосшының айтуынша, Еуропа қазақтарының ең күрделі мәселесі ол қазақ тілін ұмытпай, сақтап қалу болып отыр. Соңғы кездері Вестерос қаласындағы қазақтардың балаларына қазақ тілінен  аптасына 2 рет қазақ тілін үйрету сабағы жүргізіле бастапты. Сабақты Күлия Чакрак де­ген қарындасымыз өткізеді. Күлия Чакрактың айтуынша, балалардың тіл үйренуге деген құлшынысы жақсы. Дү­ниежүзі қазақтары қауымдастығы қазақ тілін оқып үйренудің компьютерлік бағдарламасымен, кітаптар мен газет, журналдармен қамтамасыз етіпті.
    Швецияда тұратын қазақтардың тағы бір ерекшелігі – олардың ислам діні­не беріктігі. Әйгілі Оспан батырдың сенімді серігі Нұрғожай батырдың үлкен ұлы Имамахмед Бахадур осы Вестерос қаласындағы мұсылман мешітінің бас имамы. Бұрын шіркеу, кейін театр болған ескі ғимаратты қазақтар сатып алып, мешіт жасапты. Сыртына «ислам култур меркезі» деп жазыпты. Бүгінде жасы 72-ге келген Имамахмед ақсақал 1942 жылы Алтайдың Көктоғай ауданында дүниеге келген. Ол қазақ босқындарының көші Түркияға келгенде небәрі 12 жастағы бала екен. 1966 жылы Швецияның Габле қаласындағы қағаз жасайтын зауытта 3 жыл жұмыс істеген. Одан кейін Шопен деп аталатын қаладағы бір зауытта да қызмет атқарған. Кейін 1974 жылы өнеркәсіп орталығы Вестерос қаласына көшіп келіп сондағы «АВВ» компаниясына жұмысқа ауысқан. Қазір зейнеткер. 5 баланың әкесі. Өзін әлі тың сезінетін Имамахмед ақсақалды Вестерос қаласындағы қазақ мешітін көруге барғынымда кездестірдім. Мешітте қазақ балаларына құран оқыту сабағы жүріп жатты.
    Махмуд Сарбастың айтуынша, Шве­ция қазақтары бүгінгі күні Қазақ­стан­нан рухани көмекке, яғни қазақ салт-дәстүрі және қазақ тілін үйретуге байланысты көмекке мұқтаж екен. «Бұл мәселені Швецияға бізді іздеп келген талай министр, бастық, депутаттар алды­на қойдық. Бірақ әлі күнге дейін өз шешімін тапқан жоқ» дейді ол. Бұл Еуропа елдерінде жүрген бар қазақтың мәселесі десек, артық айтқандық емес.
    Швециядағы қазақ қоғамының төрағасы Мұрат Ерміш: «Егер қазақтың салт-дәстүрін насихаттайтын арнайы бағдарламалар және тілдік курстар Алма­тыда бола ма, басқа бір қалаларда ашылса,  онда балаларымыздың жол билетін өзіміз өтеп, Қазақстанға жіберер едік» дейді.
     Вестерос қаласындағы қандастармен болған кездесуден түйген ойым: бұндағы қазақтар рухани дүниелерге сусап отыр. Әсіресе, ұрпақ қамы толғандырады, балаларының болашағына қатты алаң­дайды. “Жаһандану заманында бала­лардың болашағы не болады? Тілін, ділін және дінін сақтай ала ма? Қазақ екенін біліп, қазақ тілінде сөйлеп, мұсыл­маншылық сенімін жалғастырып, қазақы қалпын ұстап қала ала ма? деген сауалдар толғандырады.
    Швециядағы қазақтар осыдан бірер жыл­дың алдында Қазақстан Прези­ден­тінің атына Стокгольм қаласында Қазақстан елшілігін ашып берсеңіз деп өтініш хат жолдағаны бар. Осы жолы барғанымда жақсы жаңалықты естіп қайттым. Стокгольм қаласында Қазақстан өзінің дипломатиялық өкілдігін ашатыны туралы хабар естідім. Бұған Швеция қазақтары ерекше қуанды.
    Вестеростағы қазақтармен болған қызықты кездесулерімді, жылы шырайлы жүздесуімді аяқтап, қош айтысып Сток­гольмге бет алдым. Стокгольм 8 көлдің ортасында орналасқан ежелгі тарихи ескерткіштерге бай қала. «Стокгольм» сөзі көне швед тілінде «жақсы сақталған» деген мағынаны білдіреді екен. Динамит, яғни жарылғыш затты алғаш ойлап тапқан атақты швед ғалымы Альфред Нобель осы қалада өмір сүріп, өзінің адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан әйгілі ғылыми жаңалығын ашқан.  Осы қалада жыл сайын Швецияның Ғылыми академиясы химия, физика, медицина және экономика саласы бойынша ерекше жаңалықтар ашқан ғалымдарға Нобель сыйлығын тапсырады. Стокгольмді аралап, қаланың тарихи мұражайларымен танысып, ертеңінде әуежайдан Познаньға ұштым.
      Жол бойы Швецияда өмір сүріп жатқан қазақтар тағдырын ойлаумен болдым. Мен оларды  ата-баба жолымен асқар Алтайдың жусанды биік тауы­нан Скандинавияның көлге толы, орманды жасыл даласына жеткен нағыз көшпенділердің ұрпақтары деп атадым. Кешегі жарты әлемді билеген жауынгер көшпенділердің бүгінгі ұрпақтары әйгілі викингтердің елінде  осылай жарасымды өмір сүріп жатқандығының  куәсі болып қайттым.
       "Ана тілі" газеті, Досан БАЙМОЛДА, философия ғылымдарының докторы

толығырақ

Картинка

        Оқырмандарымызға шетелдегі қандастарымыз жайында білу қызықты болар деген ниетпен Қазақ радиосының журналисі Жазира Амантайқызының Гамбург тұрғыны Шенол Жәдікпен «Алыстағы ағайын» хабары аясында өткен сұхбатының жазбаша нұсқасын ұсынамыз.

     Шартараптағы қандас бауырларды іздеп екі ел ортасындағы алтын көпірге айналған «Алыстағы ағайынның» тыңдаушыларға бүгінгі таныстыратын кейіпкері Сонау Еуропаның ірі қалаларының бірі Гамбургтың тұрғыны, қандасымыз Шенол Жәдік.

      Еуропаның түрлі қалаларында жыл сайын өтетін құрылтайларға барып жүріп Шенол Жәдік есімін көп естігенмін. Десе де, бейнесінен гөрі көпшілік ағайынға есімі кеңінен таныс Шенолмен сұхбаттасып, хабар жасаудың сәті түспейтін. 2010 жылы Австрия астанасы Венада өткен кіші құрылтайдың сәтті өтуіне белсенді атсалысып, салтанатты ашылу және жабылу рәсімін жүргізген Шенол қандасымызбен тілдесудің сол кезде де сәті түспеген болатын. Еуропа Қазақтарының Германия астанасы Берлинде өткен он екінші реткі тоғысуында Гамбург қаласында түтін түтетіп отырған Шенол Жәдіктің өзімен тілдесудің орайы туды. Шенол. Алыстағы қазағымыздың есімі әрине бірінші естігенде жат елдің азаматын еске түсіреді. Ал, Жәдік деген тегі ше? Мұның бәрін білу үшін енді бүгінгі кейіпкерімізбен жақсылап танысайық.       

Шенол Жәдік:
      - Жәдік руыма байланысты. Біз Орта жүзден Керей. Керейдің ішінде Жәдік боламыз. Ата-аналарымыз Алтайдан шығып көшіп келген. Бұл тарих өздеріңізге таныс. Табан тіреп келген жері Түркия болды. Түркиядан біздің әке-шешелеріміз Германияның Майнз қаласында.Өзім сонда туып өстім. Білімді осында алдым. Дәрігер болып, нейрохирург болып жұмыс істеймін. Қазір өзім Гамбург қаласында тұрамын. Университетте нейрохирург болып жұмыс істеймін.

 

         Жазира Амантайқызы:
    - Иә, ардақты радиотыңдаушы Шенол Жәдікпен осы кезге дейін сұхбаттасудың бір рет болсын неге сәті түспегендігін өздеріңіз де түсінген боларсыздар? Жеке ғылым саласы ретінде 20 ғасырдың 20-жылдарынан бастап дамып келе жатқан Нейрохирургия клиникалық медицинаның шеткі және орталық жүйке жүйесінің ауруларының себептерін анықтап, оларды хирургиялық жолмен емдейтін және диагностикасын қоятын сала болғандықтан бұл сала мамандарының әрбір уақыты есептеулі. Ал, алыстағы қандасымыз Шенол бұл саланы қайдан меңгерді?

       Шенол Жәдік:
      - Германияның біріншіден Майнз қаласында. Майнзға жақын Франкфурт қаласы бар. Франкфурт на Майн деген. Сол жерде екі университетте оқып. Сосын нейрохирургтың үздік мамандығын сол Франкфурт университетінде алдым. 2 жыл химия, 6 жыл медицина сол 6 жылдың бір жылын Қазақстанда 1992-1993 жылдары Асфендияров атындағы медицина университетінде оқыдым. Сосын 6 жыл нейрохирургияның өзін оқу керек. Нейрохирург мамандығын 6 жыл тауысып, Германияның бірнеше қалалары бар: Франкфурт, Майнз, Биспаден, Бильфэльд,Гамбург, Хил деген. Бәрінің мамандықты үйретудегі әдістері бөлек болады.Сол қалалардан барып, нейрохирургияны үйреніп, білімімізді әрі қарай үздік деп жалғастырып жатырмыз.

      Жазира Амантайқызы:
      - Өзіңіз қандай тілдерді меңгергенсіз?

      Шенол Жәдік:
    - Ағылшынша, немісше,французша оқыған кезде үйрендім. Францияда, Англияда болдым. Медициналық тілде ағылшынша тіл қолданылады. Құдай қалап, Қазақстанға да барып, қазақ тілін сол елдің өзінде үйрену бақыты бұйырды. Қазір өзім сәл-сәл арабша үйреніп келе жатырмын. Мұсылман болғандықтан, құранды оқығандықтан аздап болса да араб тілін меңгерген жақсы деп ойлаймын.

       Жазира Амантайқызы:
  - Бірінші байлық-денсаулық. Десе де ми ішінің оталары, бас миының эндоскопиялық операциялары бұл өте күрделі болып есетпеледі. Дәл осы науқас түріне өзіңіз жылына қанша ота жасайсыз?

         Шенол Жәдік: 
     Күнде операция жасаймын. Күнде сол 2-3 ауруға ем береміз. Нейрохирургиялық операция болғанда мидағы ісіктер, миға қан құйылу, мойындағы, белдегі, жұлындағы ауруларды емдейміз. Сонда жылына есептегенде 400-500- ге жақын адамды емдейміз.

     Жазира Амантайқызы:

   - Мысалы біздің елімізде Қазақстанда нейрохирург врачтар көп емес. Ал статистика бойынша басқа ота жасатушы науқастар саны жыл өткен сайын артып келеді екен. Сіз қазақ ретінде осы туралы бір рет болсын ойланып көрдіңіз бе? Мысалы дәл қазір Сізді Қазақстанға шықырып, жұмыс жаса десе келісер ме едіңіз?

       Шенол Жәдік: 
   - Әрине! Қашан болса да біз осында жұмыс істесек те, сол елімізге, өз халқымызға пайдамыз тисе деп ойлаймыз. Өзім Қазақстанда оқыдым, бір жыл тұрдым. Ол жердің білімін де көрдім. Осыдан 15-20 жыл бұрын болған. Бірақ, сонда да ол жердің білім беру сапасы жақсы болған. Білімді дұрыс берген. Дәрігерлеріміз болсын, университеттердегі профессорларымыз болсын олардың білімдері жақсы болған. Мен бір жыл тұрып, сол жерде оқып, Германияға келіп, осында жалғастырғанда салыстырып көргенде маған өте оңай болды. Жақсы білім бергенін сонда білдім.Қиыншылық болған жоқ. Осы жерде жалғастырып оқи бердім.

      Жазира Амантайқызы:

    - Мысалы сол өзіңіз білім алған жылдардағы медицина саласының хал-ахуалы мен қазіргі кездегі жағдайын салыстырып айтсаңыз? Қалай бағалаған болар едіңіз?

      Шенол Жәдік: 

     - Ол кездері медициналық жабдықтар онша жетіспеген еді. Бірақ, қазір өсіп-өркендеп жатыр. Мүмкіншілік бар. Қазақстанның өзіне де пайдамыз тисе. Осы жақтағы білім болсын, тәжірибе болсын, апарып көрсетіп немесе ол жақтан келем деп талаптанған жастарымызға, дәрігерлерімізге осы жерге келіп, осы жерде жұмыс істеген жерімізді, ауруханамызды көрсетіп, үйретіп, тәжірибе алмассақ, біздің де көмегіміз тиер еді мүмкін...

     Жазира Амантайқызы:

   - Осында қазақ құрылтайларына жиі келіп қатысуға, жастармен тәжірибе алмасуға қаншалықты уақытыңыз болып жатады?

      Шенол Жәдік: 

   - Уақыт тығыз. Өзіңіз де көріп отырсыз. Осындағы демалыс күндеріне орайластырып ұйымдастырылады мұндай құрылтайлар. Бір-екі күн болса да уақытымызды бөліп, келіп, ел-жұртты көріп кетейік деп талаптанамыз.

      Жазира Амантайқызы:

    - Еуропа қазақ жастарының арасында өзіңіз сияқты дәрігердің жолын қуған жастар бар ма? Мысалы өзіңізге шәкірт болсам деп өтініш-тілегін білдіретіндер? Жалпы жастардың осы мамандықты игеруге қызығушылығы қандай?

       Шенол Жәдік:

    - Әрине, болады. Біздің жұмысымыз болсын, халықтың ішінен шыққанда таныстырғандар болсын, солар арқылы танып жолын қуамын деп талаптанатын жастарымыз бар. Бірақ, жастарымыздың басын қосу, форум жасап пікірталас жасаған жақсы болады. Оған қазір мүмкіншілік болмай отыр. Германиядағы, жалпы Еуропадағы оқып жатқан балалардың өзі сол тұрған жеріндегі білім алам деген жердегі университеттегі профессорлармен ақылдасып, пікірлесіп, талаптанып жолды қуғандары мың да бір артық. Қашанда болса осында бір-бірімізге көмегіміз тисе деп ойлаймыз.

      Жазира Амантайқызы:

     - Еуропа елдерінде туып-өсіп, орта және жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақ жастарының ішінде қазақша біліп үйренуге деген ынта жоғары екендігін байқадық. Білімді болу үшін, биік жетістіктерге қол жеткізу үшін соныңыздан ерген жастарға қандай кеңес айтқан болар едіңіз?

      Шенол Жәдік: 

     - Білім алу, үйренудің өзі бір бақыт қой! Талапты ерге нұр жауады,-дегендей адамның өзі талаптануы керек. Білімді іздестіруі керек. Мынау Германиядағы жағдай өте жақсы! Осында оқимын десеңіз, бүкіл мүмкіншіліктер бар! Универсиеттер ашық. Кел, оқы дейді. Жақсы оқығанға, басы жақсы істегенге бүкіл мүмкіншіліктер бар. Сондықтан кім болса да, білім алуға тырысуға тиісті. Біздің ата-аналарымыз көшіп-қонып, оқуға, білім алуға қолдары тимеді, уақыттары да болмады. Бірақ, олардың арасында іштей оқуды армандап жүргендер болды ғой деп ойлаймын. Оқып, білім алып, еліме пайдам тисін деп ойлаған ата-аналарымыз бар. Олардың бірі менің өз атам Жарылқасын. Ол кісі Қытайдан шыққан соң қажыға барып келіп, арабшаны үйреніп, өзі мешітте имам болып жұмыс істеді. Ол да бір талаптану ғой. Өзіңіз білесіз елге танымал Халифа Алтай. Ол кісі де көшіп-қонып жүрді. Бірақ, сонда да оқып, талаптанып, Құранды аударып, өзін елге таныстырып. Сондай болып қайда жүрсе де білімге талаптанса құдай оған жол ашады. Өзім солай ойлаймын. Сондықтан қайда жүрсек те, қайда болсақ та ең алдымен ілгері басуымыз керек. Бұның басы білім.

      Жазира Амантайқызы:

     - Туған елдегі, атамекендегі қандастарға, Сонау Еуропаның Гамбург қаласында тұрып жатқан Шенол Жәдік қандасымыздың айтар тілегі қандай?

      Шенол Жәдік:

    - Туған елім, осыдан да артық өрлесін. Алға баса берсін! Ең маңыздысы жастарымыз иманды болып өссе. Өзім екі рет қажыға барып келдім. Сондықтан ертеңді ойлау керек. Иманды болған ісін де дұрыс жасайды. Қарым-қатынасы да жақса болады. Бүкіл жұмыстың негізі иман болса деп ойлаймын.

      Жазира Амантайқызы:

     - Өздерінің ана-тілдерін, ұлттық қасиеттерін, мәдениеттерін, салт-дәстүрлерін сақтап қалу, болашақ ұрпақтарға жеткізу үшін өзге елде білім алып, өзге тілмен сауат ашса да алыстағы ағайынның жүрегі әрқашан Отан ана, Атамекенім деп соғатыны елімізде жүріп, Отан ұғымының қадіріне жете алмайтын көп қандастарамызға рух бергендей!

      Дайындаған: Айнұр РАКИШЕВА, Baq.kz 

толығырақ

       Викингтер елі – Швецияға баруды көптен бері арман етіп жүр едім. Неге екенін білмеймін осы елді бір көрсем деген арман сонау студенттік кезімде Польшада оқып жүрген кезден бар болатын. Ол заман Польшада Швеция туралы ақпарат еркін таралып, швед киноларын еркін көрсететін және Швеция мен Польша екеуі де Балтық теңізі жағалауындағы елдер болғандықтан поляктар Гданьск-Мальме арасында кемемен емін-еркін қатынай беретін. Әсем Стокгольмді көріп келгендер қала туралы аңыз ғып айтатын. Енді міне тарихтан жауынгер халық викингтердің бүгінгі отаны – Швецияға, оның әсем астанасы Стокгольмді көруге және ең басты әрі маңызды жұмысым – Швецияның Весторас қаласында тұратын қазақ қандастарыммен кездесуге жолым түсті.  

       Алдын ала Швециядағы қазақ қоғамының мекен-жай, телефон, е-мэйл адрестерін Алматыдағы дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан сұрап алған едім. Алайда менің жазған хаттарыма дереу жауап бола қоймады. Бірақ күндердің күнінде Мұрат Ерміш есімді бір азаматтан жауап хат келіпті. Сөйтсем, мен хат жазып жүрген Швециядағы қазақ қоғамының төрағасы Ибрахим Қосшының орнына жаңадан Мұрат Ерміш есімді жас кәсіпкер азамат төраға болып сайланған екен. Жазған хаттағы қысқа әрі нұсқа жауабына қарап Мұраттың сөзден гөрі істің адамы екенін бірден түсіндім. Баратын күнімді белгілеп алған соң «бисмиллә» деп Познань-Лавица әуежайынан Стокгольм қайдасың деп жол тарттым. 
     Мен барып түскен Стокгольм-Скваста әуежайы қаладан шамасы 100 шақырым қашықтықта орналасыпты. Мені әуежайдан ескі танысым Махмуд Сарбас және Мұрат Ерміш екеуі тосып алды. Махмуд Сарбас Швециядағы ток генераторын өндіруші әйгілі «АВВ» компаниясында ұзақ жылдар жұмыс істеп зейнетке шығыпты. Мұратты бірінші рет көруім. Алпамсадай ірі денелі қазақ. Солай бола тұра қимылы өте жылдам. Маған бірден Швецияға сапарымды астанасы Стокгольмнен емес Швециядағы қазақтардың көбі тұратын өнеркәсіп орталығы Вестерос қаласынан бастауымды кеңес етті. Менің де іздеп келгенім сол қазақ, бірден жөн көрдім. 
     Швецияға қазақтар қалай, қашан келгені туралы менің қойған сұрақтарыма Махмуд жол бойы әңгімелеумен болды. Ауық-ауық машина терезесінен сыртқа көз салып, Швецияның жап-жасыл орманды жерінің кереметтігіне табиғатының сұлулығына таң қалып, тамсанумен отырдым. Жолға жүрердің алдында Швеция туралы кеңірек білейін деген мақсатпен «Википедия» бетін ашқаным есіме түсті. Ел аумағының 70%-ын ормандар алып жатқандықтан Швеция Финляндиямен бірге бүкіл дүние жүзіндегі қағаз бен целлюлозаның 15%-ын өндіреді және орман өнеркәсібі өндірісінің барлық түрлерін экспортқа мол шығаратын ел. Швециядағы орман алқаптарының жартысына жуығы жеке фермерлерге тиісті екенін естіп, жағамды ұстағаным бар. Жол бойындағы әңгіме барысында бұл естігенімді Махмуд Сарбас та растады.


        450 мың шаршы км жері бар, 9.6 млн халқы бар Швеция жасыл орманы мен мөп-мөлдір таза сулы көлдерімен мақтана алады. Швецияда аумағы 1 шаршы км-ден асатын 4 мыңнан аса көлі бар. Ірі көлдерінің көбі Балтық теңізіне барып құяды. Жол бойында байқағаным, жеке фермерлердің үйлері болсын, кішірек қаладағы 2-3 қабат үйлер болсын, көбі ағаштан салынады екен. Көбінің сырты қызыл күрең жосамен боялған. Қаншама жауын-шашын болса да ағып кетпейтін бұл бояудың сырын шведтер әзірге ашпай отырған көрінеді. Жалпы, шведтер үйлерін өте биік етіп салуға онша құмартпайды екен. 
     Мұрат Ерміш жол бойы өзі тізгінде отырса да, оның қалта телефоны бір тыным таппады. Әлдекімдермен шведше сөйлеседі, әлдекімдермен кейде түрікше кетеді. Маған қарап: «аға сіздің құрметіңізге орай Весторастағы барлық қазақ ағайын сондағы қазақ мәдени орталығында жиналып отыр екен. Қазір солай бірден тартайық» деді. Біз келсек шамасы 20 шақты қазақ жиналыпты. Швециядағы қазақ қоғамы осындағы 100-ге жуық қазақ отбасының басын қосып отырған бір бейресми ұйым. Өздерінің жиналып, сан түрлі мәселелерді талқылып, сөйлесетін жері осы. Күрделi жөндеуден өткен зәулiм үй iшiнен қазақтың иiсi аңқып тұр деуге болады. Қазақстаннан барған сый-сияпаттар, қоғамының жемiстi жұмысын паш еткен түрлi марапаттаулар мен спорт ойындарының кубоктары – бәрi-бәрi осы жерден орын алған. Күзден бері ғылыми тағылымдама бойынша Польшада жүрсем де мені елден келген сыйлы қонақ ретінде қабылдағандарына бір жағы таң қалсам да, бір жағынан риза болдым. 
     Швециядағы қазақ мәдени орталығын алғаш Али Қаһарман, Абдуллах Чағатай, Женгиз Ақсақал, Кешенай Ермис, Ахмет Баһадүр, Қадыр Макин, Қадыр Құбылай қатарлы қазақтар бірлесіп құрыпты. Бірақ кейін осы жұмысты Ибрахим Динчтүрік, Байрам Кесер, Меден Сербестер жалғастырған. Мен барардан бірер күн бұрын Вестероста тұратын қазақтардың үлкендері кіші қажылық парыздарын өтеуге Мекке мен Мединеге кетіпті. Ал Швецияға ең алғаш 1963 жылы жұмыс істеуге келген қазақтың бірі Осман Алтай ақсақал бүгінде 94 жаста. Ол Стокгольмде балаларының қолында, қатты науқас көрінеді. Ол кісімен жолығысудың сәті түспеді.
   Швецияға алғаш жұмыс іздеп келіп кейін осында біржола қалып қойған ақсақалдармен сөйлесе алмасам да қазақ қоғамы мүшелерімен болған кездесуден Швеция қазақтарына қатысты толық мәліметті ала алдым. Сонымен өткен ғасырдың 60-шы жылдардың басында Германия, Францияға қарай ағылған түрік жұмысшылары арасында қазақ бауырларымыздың да болғанын «Франциядағы қазақтар» және «Германиядағы қазақтар» атты мақаламда жазғандай солардың бір бөлігі Швецияға да келіп жеткен. 
    1960-шы жылдардың басында Швецияға алғашқы болып келгендер: Қабдолда Шағатай, Осман Алтай, Ахмед Бахадур, Кешенай Ерміш, Кәрмения Шакрах, Кәкім Өзқұл қатарлы қазақтар. Бұлар алғашында «салт басты» келіп, біраз жыл қара жұмыс істеп, ақша жинап алып Түркияға қайтсақ деген ойда болған. Кейін Швецияның әйгілі «АВВ» компаниясының өндіріс, зауыттарында жақсы жұмыс істей келе, үйленіп, үйлі-баранды болып, Швецияда қалып қойған. Көбі Швецияның азаматы. Қайсы бірінде Швецияның да Түркияның да азаматтықтары бар. Көбінің жеке үйлері, көліктері бар. Тұрмыс-тіршіліктері жақсы.
    Швецияда 500-600 аралығында қазақ бар. Ең көбі Вестерос қаласында 60 отбасы, Стокгольмде 25-30 отбасы, Гетеборг қаласында 10 отбасы тұрады. Ал тәуелсіздіктен кейінгі жылдары Қазақстаннан келіп кететін қазақтар да көбейген. «Болашақ» бағдарламасымен және басқадай халықаралық грант, жобалармен Швецияның Упсала университеті, Стокгольм университеті секілді жоғары оқу орындарында зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген, білім алу мақсатында оқып жүрген қазақстандық зертеуші-ғалым, магистрант, студенттер баршылық. Бірақ олардың нақты санын айту қиын. Өйткені Швед елінде Қазақстан өз елшілігін аша қоймағындықтан мұндай мәліметті алу қиын.
      Швецияда туып, сонда орта мектеп бітіріп, жоғары білім алған қазақ жастары да жетерлік. Солардың бірі төрт тілде (қазақ, түрік. швед, ағылшын) еркін сөйлейтін, жеке кәсіпкер Мұрат Ерміш. Ол қоғам жұмысымен қатар Вестерос қаласында үй-құрылысын салатын өзінің жеке фирмасының да жұмысын дөңгелетіп жүргізіп отыр. Сондай-ақ, ол 140 мыңдай халық тұратын Вестерос қаласының мәслихат депутаты лауазымына көтерілген алғашқы қазақ. Бұған қалай қуанбассың. Тағы бір Гүлбаршын Кесер деген қарындасымыз Македония астанасы Скопьедегі Швеция елшілігінде дипломатиялық қызметте жүр. Ал, Жеңіс Шағатай жақсы хирург-дәрігер ретінде есімі танымал. Асан Алтай болса бояу жасайтын цехта бөлім бастығы. Райхан Ерміш, Құрманияз Сақалар Вестерос қаласындағы «АВВ» компаниясының робот жасайтын бөлімінде істейді. 
    Швеция қазақтарымен болған кездесуден ойға түйгенім: әлемдік қаржы дағдарысы Швецияны да айналып өтпеген. Елде тіршілік ету жылдан-жылға қиындап барады. Жұмыссыздық көп. Жұмыссыздарға үкімет ай сайын 1000 евро көлемінде ақша төлейді. Бір балаға 1500 швед кроны яғни 120 евро төлейді. Үй баспана мәселесі қиындап барады. 2 бөлмелі пәтер бағасы Вестерос қаласында 50 мың евроға көтерілген. 2013 жыл жағдайымен жалпы ішкі өнім өндіру жағынан (552 миллиард АҚШ доллары) әлемде 21 орынға енетін, бір адамға шаққанда 57300 АҚШ долларымен 7-орындағы, шетелдерден иммигранттар шақыруға құмарлық танытып отырған елдің бүгінгі жағдайы осылай.
    Вестерос қаласының тұрғыны Құрманияз Сақаның айтуынша, қәзіргі үкімет басына байлардың сойылын соғушы, оңшыл-орта бағыт ұстанушы Христиан демократиялық партиясы шыққаннан бері жағдай қиындаған. Солшыл-орта бағыт ұстанушы Швецияның социал-демократиялық партиясы ел басқарған жылдары аста-төк молшылық болған. Қазір ол жағдай өзгерген. Ол өзі 1990 жылы Түркиядан келіпті. 24 жылдан бері осы Вестерос қаласында тұрады. Екі қабат жеке үйі бар. «АВВ» компаниясының робот бөлімінде техник болып істейді. 3 баланың әкесі. «Үйде 3 тілде: шведше, түрікше және қазақша сөйлесеміз. Бірақ та балалар қазақша білмейтіндіктен Қазақстанға онша қызықпайды. Ал үлкендер «Қазақстан» десе елеңдеп отырамыз. Әйгілі қазақ палуаны Дәулет Тұрлықанов Вестерос қаласында өткен грек-рим күресінің халықаралық жарысына командасын алып келіп қатысқан кезде, Вестеростағы барлық қазақ сонда жиналып «Қазақстан, Қазақстан» деп айқайлап отырдық» дейді ол.
      Швециядағы қазақ қоғамының бұрынғы төрағасы Ибрахим Қосшының айтуынша, Еуропа қазақтарының ең күрделі мәселесі – қазақ тілі мәселесі. Барған сайын ұмытылып бара жатыр. Соңғы кездері Вестерос қаласындағы қазақтардың балаларына қазақ тілінен аптасына 2 рет қазақ тілін үйрету сабағы жүргізіле бастаған. Оны Күлия Чакрак деген қарындасымыз жүргізеді. Күлия Чакрактың айтуынша, балалардың тіл үйренуге деген құлшынысы жақсы. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан беріліп жатқан қазақ тілін оқып үйренудің компьютерлік бағдарламасы, кітаптар мен газет, журналдардың пайдасы көп. 
    Швецияда тұратын қазақтардың тағы бір ерекшелігі – олардың ислам дініне беріктігі. Әйгілі Оспан батырдың сенімді серігі Нұрғожай батырдың үлкен ұлы Имамахмед Бахадүр осы Вестерос қаласындағы мұсылман мешітінің бас имамы. Бұрын шіркеу болған, кейін театр болған ескі ғимаратты қазақтар сатып алып, мешіт жасапты. Сыртына «ислам култур меркезі» деп жазып қойған. Бүгінде жасы 72-ге келген Имамахмет ақсақал 1942 жылы Алтайдың Көктоғай ауданында туыпты. Қазақ босқындарының көші Түркияға келгенде небәрі 12 жастағы бала болған. 1966 жылы Швецияның Габле деген қаласындағы қағаз жасайтын зауытта 3 жыл жұмыс істейді. Одан кейін Шопен деген қаладағы бір зауытта жұмысшы болған. 1974 жылы өнеркәсіп орталығы Вестерос қаласына көшіп келіп, сондағы «АВВ» компаниясында жұмыс істеп тұрып зейнетке шыққан. 5 баласы бар. Өзін әлі тың сезінетін Имамахмед ақсақалды Вестерос қаласындағы қазақ мешітін көруге барғынымда кездестірдім. Біз барғанымызда мешітте қазақ балаларына құран оқыту сабағы жүріліп жатыр екен.
    Махмуд Сарбастың айтуынша, Швеция қазақтары бүгінгі күні Қазақстаннан рухани көмекке, яғни қазақ салт-дәстүрі және қазақ тілін үйрету жағынан көмекке мұқтаж. «Бұл мәселені Швецияға бізді іздеп келген талай министр, бастық, депутаттардың алдына қойдық. Бірақ, шешімін тапқан жоқ» дейді ол. Бұл Еуропа елдерінде жүрген бар қазақтың басындағы қайығы болып отырғаны шындық. 
     Швециядағы қазақ қоғамының төрағасы Мұрат Ерміш: «Егер қазақтың салт-дәстүрін насихаттайтын арнайы бағдарламалар және тілдік курстар Алматыда бола ма, басқа бір қалаларда ашылса, онда балалармыздың жол билетін өзіміз көтеріп, Қазақстанға жіберер едік» дейді. 
       Вестерос қаласындағы қандастармен болған кездесуден түйген ойым: мұндағы қазақтардың қарындары тоқ, бірақ рухани дүниелері жұтаң. Әсіресе ұрпақ қамы толғандырады, балаларының болашағына қатты алаңдайды. Жахандану жүріліп жатқан мына заманда балаларының болашағы не болады? Тілін, ділін және дінін сақтай ала ма? Қазақ екенін біліп, қазақ тілінде сөйлеп, мұсылманшылық сенімін жалғастырып, қазақы қалпын ұстап қала ала ма деген сұрақтар осындағы қазақтарды мазалайтыны шындық. 
      Швециядағы қазақтар осыдан бірер жылдың алдында Қазақстан президентінің атына Стокгольм қаласында Қазақстан елшілігін ашып берсеңіз деп өтініш хат жолдағаны бар. Осы жолы барғанымда жақсы жаңалықты, яғни Стокгольм қаласында Қазақстан дипоматиялық өкілдігін ашатын болғаны туралы хабарды естідім. Бұған сондағы қазақтар ерекше қуанып отыр.
     Вестеростағы қазақтармен болған қызықты күндерді аяқтап, олармен қош айтысып, Стокгольмге қарай бет алдым. Швеция астанасы Стокгольм 8 көлдің ортасында орналасқан ежелгі тарихи ескерткіштерге бай қала. «Стокгольм» деген сөз көне швед тілінде «жақсы сақталған» деген мағынаны білдіреді екен. Динамит, яғни жарылғыш затты алғаш ойлап тапқан атақты швед ғалымы Альфред Нобель осы қалада өмір сүріп, өзінің адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан әйгілі ғылыми жаңалығын ашқан. Жыл сайын Швецияның Ғылыми академиясы химия, физика, медицина және экономика саласы бойынша ерекше жаңалықтар ашқан ғалымдарға Нобель сыйлығын тапсыратын жер осы. Стокгольмді аралап, қаланың тарихи мұражайларымен әбден танысып, ертеңінде әуежайдан Познаньға қарай ұшып шықтым.
      Жол бойы Швецияда өмір сүріп жатқан қазақтар тағдырын ойлаумен болдым. Мен оларды ата-баба жолымен асқар Алтайдың жусынды биік тауынан Скандинавияның көлге толы, орманды жасыл даласына жеткен нағыз көшпенділердің ұрпақтары деп атадым. Кешегі жарты әлемді билеген жауынгер көшпенділердің бүгінгі ұрпақтары бір кезде көршілерін қорқытқан әйгілі викингтердің елінде осылай жарасымды өмір сүріп жатқандығының куәсі болып қайттым.

       Baq.kz, Досан Баймолда философия ғылымының докторы, профессор. 

толығырақ

     Германияда тұратын қазақтар және олардың бүгінгі тұрмыс-тіршіліктері жайында баспасөз беттерінде және электронды БАҚ-та біршама айтылып, жазылып жүр. Дегенмен бүгінгі Германия Федеративтік Республикасы аталатын елдің топырағын  қазақ баласы дәл қай кезден аяқ басып, қалай  қоныстана бастағаны – осы уақытқа дейін жақсы зерттеле қоймаған  тақырыптардың бірі. 

    Тарих парақшасын ақтарар болсақ, осыдан 773 жыл бұрын яғни 1241 жылы сәуірдің 9 күні қазіргі Польша-Германия шекарасы саналатын Одер өзені жағасындағы Легница (немісше-Liegnietz) қаласы түбінде (ол Пруссия жері саналатын) Шыңғыс ханның немересі Бату ханның бүгінгі қазақ халқын құрайтын қыпшақ, керей, найман, меркіт, жала­йыр, қоңыраттардан құралған 10 мың әскері поляк-немістің біріккен 20 мың әскерімен соғысып, жеңіске жеткен еді. Сонау Азияның сары даласынан Еуропаға жетіп, Одер өзенінен аттарын суарған біздердің ата-бабаларымыздың сол тарихи жеңісі кімді де болсын мақтаныш сезімге жетелейді. Сондықтан біздер үшін ту Азиядан Еуропаға, бүгінгі Германия жеріне алғаш аяқ басқандар осы сарбаздар болмақ.

    Бұдан кейін Германия топырағын басқан алғашқы қазақтар: Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай және алашшыл азамат Ғазымбек Бірімжанов. Мария Шоқай  «Менің Мұстафам» атты естелігінде 1923 жылы Парижден Германияға көшіп барып, сол жақта 6 ай тұрып, кейін қайта Парижге көшіп келгендерін жазады. Бар өмірін «Бір Түркістан» идеясын іске асыруға арнаған Мұстафа Шоқай 1941 жылы күзде Польшадағы Түркістан легиондарын аралап, сондағы қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен ұлтты соғыс тұтқындары жағдайымен танысу сапарынан қайтарда кенет ауырып, 1941  жылы желтоқсанның 28-і күні Берлинде қайтыс болды. Оның денесі Берлин қаласындағы түрік зиратына жерленді. Яғни Германияның тарихи астанасынан топырақ бұйырды. 

    Ал Торғай жерінде туған алашшыл азамат  Ғазымбек Бірімжановқа келер болсақ, ол 1922 жылы күзде ортаазиялық бір топ жастармен бірге Қазақ даласынан  Германияға алғаш оқуға барады. 1928 жылы  Берлин университетінің ауылшаруашылық факультетін ойдағыдай бітіріп, елге қайтар жолда оны Мәскеуде кеңес үкіметі тұтқындап, 10 жылға жер аударып, кейін 1937 жылы ату жазасына кеседі. Германиядан алған мол білімін халқының болашағы үшін арнамақ болған асыл азамат нәбары 41 жасында жат жерде құрбан болды. Кеңес үкіметінің оған не себепті өшігуінің бір сырын жазушы Амантай Кәкеннің М.Шоқай және басқа эмигранттардың шет жердегі саяси қызметіне, тірішілік қаракетіне байланысты деректер келтірген «Түркістан легионы» кітабынан табуға болады.

    1945 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың шешу­ші қан майданы болған Берлин үшін шайқасқа көптеген қазақтар қатысты, қайсыбірі соғыстың аяқталар сәтінде жат жерде опат болды. Елден бұрын Рейхстаг төбесіне жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев  бастаған қазақ сарбаздары елге аман-есен оралды, бейбіт өмірге араласты.

    Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары әскери тұтқын ретінде Германияға апарылған  қазақтардың қайсыбірі соғыс­тан кейін елге қайтты, ал қайсыбірі елдегі саяси жағ­дайға байланысты Германияда қалуды жөн көрді. Олар Германиядағы қазақтардың алғашқы толқынын түзеді. Олардың белгілі өкілдері: Қарыс Қанатбай, Мәулікеш Қайбалды, Дәулет Керей Тағыберлі, Абдулла Жүсіп, Жәке Бапыш тағы басқалары. Соғыстан кейін Германия жерінде құрылған Түркістан ұлт-азаттық комитетінің төрағасы Қарыс Қанатбай 1950 жылдан бастап АҚШ-тың қаржыландыруымен Мюнхен қаласынан хабар тарата бастаған «Азаттық» радиосының Түркістан редак­циясының орнауына ерекше рөл атқарған адам ретінде айтылады, ал қалғандары осы Түркістан редакциясында, кейін Қазақ редакциясында ұзақ жылдар бойы қызмет істеді. Мұстафа Шоқайдың Берлинде қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай 1952 жылы оны еске алу шарасын Мюнхендегі қазақтар өткізеді. Сол іс-шараға Парижден келіп қатысқан М.Шоқайдың зайыбы Мария Шоқай өзінің естелігінде «М.Шоқайды еске алу рәсімін ұйымдастырушы Қарыс Қанатбай бастаған ұлтын сүйген қазақтар болды. Осы адамдар Мюнхен қаласының шетіндегі ескі бір барақта тұрады екен. Көбісінің әйелдері неміс екен. Балаларының тілі де қызық, немісше де емес, қазақша да емес, тіпті арасында орысша сөздерді де қосып сөйлейді екен» деп еске алады. Елге қайтпай Германияда біржола қалуды жөн санаған саны көп емес  бұрынғы кеңес тұтқыны – қазақтардың Германияда қоныстана бастауы осы кезден басталады деу­ге келеді. Бұл қазақтардың Германия жеріне қоныстана бастауының алғашқы кезеңі болатын. 

     Екінші  толқын 1960 жылдардан басталады. Соғыста экономикасы қираған және жұмыс күшіне өте мұқтаж Германия шетелдерден жұмыс күшін алуға мәжбүр жағдайға тап болды. Бүгінгі Германияда тұрып жатқан қазақтардың басым көбі Түркия мен Германия арасындағы еңбек миграциясы келісім-шарты негізінде Түркиядан жұмыс істеуге барған қазақтар және олардың ұрпақтары. 2012 жылы Еуропа Қазақтары қауымдастығының федерациясы (FEKA)  Түркия қазақтарының Германияға келуінің 50 жылдығын атап өтті. Олар негізінен 1962 жылдан бастап Германиядағы түрлі зауыт, өндіріс орындарына жұмыс істеуге келе бастаған. 

    Еуропа қазақтары қауым­дастығының федерациясын құруға көп еңбек сіңірген және сол ұйымды біраз жылдары басқарған,  Кельн қаласындағы қазақ мәдени қоғамының ұзақ жылдарғы төрағасы Әбдірахман Четин ақсақалдың айтуынша, алғаш Германияның Мюнхен және Кельн қаласына 5 қазақ келген. Олар Мәуітхан Көкай (қазір 78 жаста),Тайшы Ақай, Сексенбай Пырат (қайтыс болған), Мүкей Шиден және Мәуей Бодыр. Бұлар алғашында Мюнхендегі және Кельндегі зауыт, фабрикаларда жұмыс істеген. Кейін Мәуіт Бодыр тері тон тігумен айналысып, Кельнда дүкен ашқан. Ә.Четин ақсақалдың өзі 1963 жылы 28 жасында түрік жұмысшылармен бірге Германияның Баден-Буртембург аймағының Улм деген қаласына жол салу жұмысына келіпті. Кейін Кельн қаласына ауысып, «Форд» машина зауытында ұзақ жылдар жұмыс істеп зейнетке шыққан. Ә.Четиннің айтуынша, ол кезде қазақтар Германияда біржола тұруды мақсат етпеген көрінеді. Негізі кәсіп іздеп, ақша тауып, Түркияға қайтуды мақсат етіпті. 

     Қазақ қайда жүрсе де өзінің жақынын, қазағын іздейді ғой. Мюнхенде тұрып жатқан кеңес елінен келген Қ.Қанатбай, М.Қайбалды, Д.Тағыберлі, А.Жүсіп, Ж.Бапыш секілді қазақтар Түркиядан келген осы қазақтардан алғашқы кезде  көмектерін аямапты. Бірі – қазақ елінің ұлт азаттығы жолында сырттай күресуді мақсат етіп, Германияда қалып қойған,  екіншісі, Қытайдағы коммунистік билікке қарсы болып, ел-жерін тастап, Такламакан шөлін басып, Гималай тауларын асып, Үндістан, Пәкістанды паналап, кейін 1950 жылдардың басында Түркия үкіметінің шақыруымен сол елге қоныстанған қазақ балаларының жат жерде, неміс елінде бір-біріне осылай көмек жасауы бұл тек қазаққа тән ерекше қасиет десек, артық айтпағандық болармыз. Тіптен олардың «Азаттық» радиосының американдық басшыларына: «Түркия қазақтарынан радиоға қызметкерлер шақырсақ» деген ұсынысы іске асып, соның арқасында 1966 жылы алғаш рет Түркиядан екі қазақ шақырылады. Олар белгілі қаламгер Хасен Оралтай және Талғат Қосжігіт еді. Кейін «Азаттық» радиосында қызмет істеуге Түркиядан шақырылған  қазақтардың саны 10-ға дейін көбейеді. Бұлар 1995 жылға дейін «Азаттық» радиосында қызмет істеді, радио Прага қаласына көшкен кезде барлығы Чехияға барудан бас тартып, Германияда қалып қойды. Көбісі Германия азаматтығын алды.

   Еуропа қазақтары қауымдастығы федерациясының төрағасы Абдулқаюм Кесижидің айтуынша, бүгінгі күні Германияда шамамен 260 үй қазақ отбасы, яғни 1500-ге жуық қазақ бар. Олардың ең көбі  Кельн қаласында 160 үй қазақ отбасы, Мюнхенде 75 үй қазақ отбасы, Берлинде 30 үй қазақ отбасы, Гамбургте 10  үй қазақ отбасы және бірлі-жарымдап Дюссельдорф, Майнс секілді басқа қалаларда тұрады.  Алайда Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдары Германияға қоныс аударған қазақтардың дәл саны қанша екендігі белгісіз болғандықтан бұл санға кірмегенін айту жөн.

     Германияға алғаш жұмыс іздеп барған қазақтардың бірі бүгінгі күні жасы 83-ке келген Ыдырыс Ерол ақсақал бала-шағасымен бірген Кельн қаласында тұрады. Оның айтуынша, алғаш 1966 жылы Түркияның Алтайкөй ауылынан Батыс Берлинге жұмыс іздеп 4 қазақ келген. Олар: Арыстан Тосын, Бекей Сарбас, Ыдырыс Ерол және Ахмед Баки. Алғашында олар Германияға танымал «Саротти» шоколад жасау фабрикасында жұмысшы болып істеген. Екі жарым жылдай істеген соң ол Кельн қаласына ауы­сып, сондағы «Форд» машина жасау зауытында 25 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. 6 бала өсірген, 18 немересі бар. Үлкен ұлы Түркияда, екіншісі Парижде тұрады. Тағы бір ұлы Шұғайып Ерол және қызы Сайма Қаражақ өзімен бірге Кельнде тұрады. Ыдырыс ақсақалдың тағы бір қызы Сания Германия ішкі істер министрлігіне қарасты шетел азаматтарына виза беру бөлімінде қызмет істейді. 

     Германиядағы қазақтар алғашында немістің зауыт, фабрикаларында қарапайым жұмысшы болып, елмен бірге еңбек етсе, кейінгі жылдары балаларын немісше оқытуға ден қойды. Кейінгі жастар немістің жоғары оқу орындарын бітіріп, ресми орындарда, мемлекеттік қызметте істей бастады. Тіптен бірқатар қазақ немістің ірі фирма, компанияларында жақсы маман, білікті менеджер ретінде көзге көріне бастаған. Мысалы, қазір Гамбург қаласында тұратын хирург-дәрігер Шенол Жәдік миға операция жасайтын мықты дәрігер ретінде танылса, Мюнхен қаласының тұрғыны Мүттәлі Ұлыжай ұшақ моторын жасайтын зауытта бөлім бастығы болып істейді. Берлиндегі қазақ мәдени қоғамының төрағасы Бешіретхан Малбақан сондағы компьютер программаларын дайындайтын ірі фирмада жетекші маман ретінде танылған. Бұған, әрине, қуануға тиіспіз. 

     Жалпы, Германиядағы қазақтар  тойсыз отырмайды. Құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана, сүндет той  секілді той-тілеулері  көп. Мюнхен қаласының тұрғыны Әлихан Жаналтайдың айтуынша,  Германияда тұратын тұратын қазақтар бұндай той-томалақты көбінесе апта соңына қарай өткізеді. Үлкен асхана не спорт залы секілді жерлерді жалға алып, қазақтар түгелдей бала-шағаларымен сонда жиналады. Қой сойылып, ет асылады, дастарқан жасалады. Сол жерде дастарқан басында үлкендері баяғыдағы ел үркіп, Гималай  асқан заманды айтып, әңгіме-дүкен құрысады. Ал балалар ойнап,  жастар өз араларында танысып, сөйлеседі. Жиылыс соңы қазақша ән айтып, «Қара жорға» биін билеумен аяқталады.

   Жалпы айтқанда, Германиядағы қазақтардың тұрмыстық жағдайы жаман емес. Олар әлеуметтік жағынан жақсы қамтылған. Қазақстанға деген көзқарастары жақсы болғанымен   Германияда өмір сүруге және оның азаматтығын алуға өте ықыласты. Германияның Мюнхен қаласында 30 жылдан бері тіршілік ететін Өмірхан Алтын Германияға алғаш оқу іздеп келгенін айтады. Ол Түркияның Анкара университетінің экономика факультетін бітіріп, Батыс Берлин университетінің химия факультетінде оқыған соң, Мюнхендегі «Азаттық» радиосына шақырылып, сонда 10 жыл қызмет істеді. Қазір тәуелсіз журналист, жеке кәсіпкер ретінде Қазақстан, Түркия, Германия арасында іскерлік байланыстар орнатумен айналысады. 

    Статистикалық мәліметтерге сүйен­­сек, Германиядағы  82 миллиондай халықтың 10 миллионы өзге ұлттың өкілдері көрінеді. Мәселен, Түркиядан келген мигранттардың саны 2.5 миллион, Польшадан 1.3 миллион, Италиядан 1 миллионға жақын, ал бұрынғы КСРО-дан  2,9 миллион халық қоныс аударған болса, соның 1 миллионнан астамы  Қазақстаннан Германияға қоныс аударған этникалық немістер. Шеттен келген осы немістерді жергілікті халық «аусландерлер», яғни басқа жақтан келгендер немесе «русичтер» деп атайтын көрінеді. Қазақстаннан көшіп барған немістердің арасында қазақ тілінде сөйлеп, қазақша ән айтып, домбыра шертетін, тіптен бие байлап, қымыз ашытып отырған немістер бар екенін естігенде қалайша оларды «қазақ емес» деп айта аласыз.

  Берлиндегі Германия-Қазақстан қоғамының атқарушы директоры Галина Нұртазинованың айтуынша, неміс еліндегі ұлты қазақ азаматтардың нақты санын айту қиын. Өйткені тоқсаныншы жылдары тарихи отанына оралған қазақстандық немістердің отбасымен бірге талай қазақ  Еуропа асқан екен. Солардың бірі Семей қаласының тұрғыны Тілеухан Биболат аға Германияның Бавария өлкесіндегі Бадленсалтз деген кішірек қалада неміс әйелімен бірге 2000 жылдан бері өмір сүріп жатыр. «Германия сырттағы қандастарын шақырып қана қоймай оларға өте жақсы жағдай жасайды екен, оны өз көзіммен көріп, сезініп отырмын», – дейді ол.

   Қазақ қызы Галина Германия екіге бөлініп, батыс және шығыс болып тұрған кезінде неміс күйеуімен бірге Шығыс Германияға көшіп келіпті. Күйеуі Петер Шығыс Берлиннің тумасы екен, екеуі Мәскеуде жүріп танысыпты. Екеуі үйленгеннен кейін екі Германия арасындағы «темір перде», яғни бетон қабырға құлатылып, бұл елдер бірігеді. Галина «Неміске күйеуге шығып, Германияға көшкен қазақ қызы жалғыз мен ғана емеспін. Ондай қыздар мұнда көп», – дейді. 

      Қазақстан тәуелсіздігін алған­нан кейінгі жылдары  Германияға қоныс аударған қазақ­тардың саны көбейген. Біреулер жұмыс іздесе, біреулері кәсіп іздеп барады, ал жастар көбінесе оқу, білім іздеп баруда. «Болашақ» бағдарламасы бойынша немесе ҚР Білім және ғылым министрлігінің академиялық ұтқырлық бағдар­ламасы немесе халықаралық түрлі бағдарламалар  бойынша Германияның жоғарғы оқу орындарында  білім алып жүрген қазақ жастары көп. Бұрынғы социализм кезінде Шығыс Германияның жоғары оқу орындарында  Моң­ғолиядан келіп, оқу оқып, жоғары және кәсіптік білім игерген қазақ жастары көп болатын және олар Германияда біржолата қалуды әсте ойламайтын. Бәрі де елге қайтушы еді. Соңғы жылдары Германияның жоғарғы оқу орын­дарында Қытайдан келіп оқып жатқан қазақ жастарының саны көбейген. Мысалы Берлин қаласында он шақты қазақ баласы оқып жүр.

    Еуропа қазақтары қауым­дас­тығы федерациясының төрағасы Абдулқаюм Кесижидің айтуынша, Германиядағы қазақтар үшін қазақ тілінде сөйлесу мәселесі қиын жағдайда. Еуропада жүрген қазақтар үшін қазақ тілін үйренуге арнап Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының шығарған СД диск, тілашар кітаптары, сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің  қазақ тілін үйретуге арнайы мұғалім жіберіп отырғанына қарамастан, бұл мәселе жыл өткен сайын қиындап барады. Өйткені сондағы қазақтардың үлкендері  үйлерінде қазақшадан гөрі көбінесе түрікше сөйлеседі де, ал неміс мектептерінде оқитын балалары өз араларында тек  немісше сөйлеседі. Германиядағы осы қазақтардың кейбірі  атажұрт Қазақстанның есігін өмірі әлі ашып көрмегендіктен, ес білгеннен бері білетін Түркияны өздеріне жақын санайды. 

   Әбдірахман Шетин ақсақалдың айтуынша, бүгінгі күні ең бір қиын жағдай ол бала-шаға, ұрпақтарының барған сайын қазақтықтан, қазақ тілінен ажырап бара жатқандығы болып отыр. Жастардың үйлену мәселесінде бұрын тек «қазақ қазақпен үйленсін» деген қатаң талап қойылса,  соңғы кезде түрікпен, неміспен және басқа ұлт өкілдерімен үйлену оқиғалары көбейе түскен. «Жастар қазақ тілі тұрмақ түрікше сөйлеуден қалып барады» дейді ұрпақ қамына жаны ауы­ратын Әбекең. Сондықтан да жылына бір рет бас қосатын Еуропа қазақтары құрылтайының маңызы зор болып отыр. Биылғы жылы  Германиядағы қазақтар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының және Германиядағы Қазақ елшілігінің жан-жақты қолдауымен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы  Берлин қаласында маусымның 6-8 күндері  өткізілді.

"Түркістан" газеті, Досан Баймолда 

толығырақ

                                            2000 қазақ бас қосты 

    2002 жылы Шығыс Түркістан қазақтарының Түркияға көшіп келуіне – 50 жыл, олардың еңбек миграциясы арқылы Еуропа елдеріне қоныс аудара бастағанына 40 жыл толуына байланысты ма­ңызды даталарды атап өту мақса­тында Германияның Кельн қала­сында алғаш қазақтар бас қосады. Сондағы Қазақ мәдениет орталық­тарының басшылары Еуропа көлемінде күнкөріс қамымен тарап кеткен қазақтардың басын қосып, істеп жатқан шаруаларын көрсету үшін Құрылтай ұйымдастырады. Сол сәттен бастап Еуропа қазақ­тарының асыға күтетін дәстүрлі жиыны биыл 6-8 маусым аралы­ғында Германия астанасы Берлинде өтті. Еуропа Қазақ қоғамдары федерациясының қолдауымен Берлиндегі Қазақ мәдени орталығы тарапынан ұйымдастырылған құ­рылтайға Еуропаның Германия, Франция, Ұлыбритания, Голлан­дия, Австрия, Швеция, Дания, Нор­вегия, Бельгия және Швей­цария сияқты елдерінен қазақ диаспорасының 2000-ға жуық өкі­лі жиналды. Бұған қоса, Түркия және Америка Құрама Штаттарындағы Қазақ диаспорасының өкілдері де бұл шарадан қалыс қалмады. Қа­зақстан жағынан Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының өкілдері, қоғам және өнер қай­рат­керлері, БАҚ өкілдерінен құралған арнайы делегация келді. Құрыл­тайды ұйымдастырудағы басты мақсат – Еуропаның түкпір-түкпі­рінде қоныстанған қазақтардың басын қосу, оның ішінде, қазақ жастарының ана тілі, ұлттық салт-дәстүрі, мәдениетін сақтап қалуға және өзара қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ету.

   Үш күнге бекітілген жиынның алғашқы күні арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылып, шетелдегі қазақ диаспораларында кездесетін мәселелерді талқыға салды. Екінші күні Жиында тіл сайысы, еуропа­лық жастардан құралған 10 коман­да футболдан турнир өткізді. Қазақ­тың ұлттық спорт түрлері де шет қал­мады. Қазақстан күрес феде­ра­ция­сымен бірге ұйымдастырылған қазақ күресінде кәсіби палуан­дармен бірге әуесқой спортшылар да белдесті. Бұған қоса, құрылтайда асық ату мен тоғыз құмалақ ойын­дары көрініс тапты. «Қазақтың ұлттық ойындарын құрылтай бағ­дарламасына енгізудің өзіндік мәні мен мақсаты бар. Бұл жас­тар­дың ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттырып, олардың атажұрты – Қазақстанмен байланысын нығайта түседі» дейді шараға қатысушылар.

    Жылына бір рет бас қосатын шараның ресми мақсатын жоғарыда атап өттік. Алайда барлық жерде айтыла бермейтін, әр қазақ өз ішінде ғана білетін жиынның бей­ресми діттегені бар екен. Ол – қазақ қыздарын өзге ұлт өкілдеріне тұр­мысқа бермеу үшін осы жиын бары­сында қазақ жастарын таныстырып, мүмкіндік болса табыстыру. Бұл мәселеге ұл-қызын ертіп келген Еуропаның әрбір қазағы салмақты қарайды. Күндіз спорттық шара­ларға атсалысып жүрген қыз-жігіт­тер кеш түсе арнайы, жастардың талғамына сай ұйымдастырылған «Kazakh PARTY»-ға жиналды. 

Екі қазақ түсінісе алмадық...

    «Қазақ қай жерде жүрсе де қа­зақ» десек те, атымыз бір қандас­тарымыздың заты бөлек екенін көріп, көңілге қаяу түсті. Бұған де­йін Еуропа қазақтарында тіл проб­лемасы бар дегенді естіп едік, бірақ жағдайдың мұншалық ауыр екенін елестетіп те көрмеппін. Алғашқы сәтте шеттегі қазақ диаспорасының аға буын өкілдерінің хал-жағдайын сұрап, сөйлесіп жүргенде аса бай­қала қоймаған құбылыс жастарды сөзге тартқанда таңғалдырды. 

    Өзара – ағылшын, ата-аналары­мен түрік тілінде сөйлесетін жастар­дың көбі қазақ тілін түсінбейді. Ба­тыстағы қазақтардың аға буын өкілдері қазақ тілін меңгерген, ұлттық салт-дәстүрден алшақ кете қоймаған. Қанша жерден Еуропа қазағы десек те, қазақылықтан хабар беретін қандай да болсын белгісі бар. Өзге елде жүрсе де өзара қыз алысып, бесік тойдан бастап құдалықпен жалғасатын той-то­малақты қазақы дәстүрмен өткізіп, ұлттық мейрамдарды ұмыт қал­дырмаған, қазақы әдет-ғұрыптан аса алшақтай қоймаған. Ал еу­ропалық мәдениет көшбасшы са­налатын бұл заманда батыстың да­мыған елдерін мекен еткен қазақ жастары сол жұрттың тілін үйреніп, менталитетіне сіңісіп кеткен. Бұл заңды да шығар. Көзі ашық, көкірегі ояу адамның негізгі іргетасы – білім дейтін болсақ, жат жерде жоғары деңгейде білім алып, оқу оқып, қыз­мет қылып жүрген қазақ жаста­рының қарекеті «заманың түлкі болса, тазы болып шабудың» амалы болса керек. Десек те, екі қазақ тұрған жерде бірін-бірі түсінісе алмаудың қаншалық қиын екенін сезіндік. Құрылтайдың екінші күні спорт алаңында жүрген жастардың көбі шараның салтанатты жабылу жиынына қатыспады. Қазақ және неміс тілдерінде өткен қорытынды кештің тілін түсінбегені себепті. Жастар арасындағы қазақ тілінде сөйлейтіндері – Қазақстанға келіп бір жыл көлемінде тіл үйренген­де­рі ғана. Өзгесі өз тілімізден мақұрым. «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоға­лады» деген сөздің астары сонша­лық ауыр екенін енді түсінгендей болдық. Түрік тілінде еркін сөйле­сетін Еуропадағы қазақтар жабылу салтанатында еліміздің көк байра­ғымен қатар түріктің туын іліп, сол елдің әнұранын жүрек тұсына қолын қойып тебірене орындады. Ал Қазақстанның әнұраны елден келген делегация мен сол жақта білім алуға барған қазақ жастары болмағанда, орындалмай қалуы да мүмкін еді. 

     Абдулқайым Кесіжі, Еуропа Қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы:

     – Еуропа қазақтарының дәс­түрлі құрылтайын өткізу міндеті биыл Берлин қаласына бұйырды. Бұл үлкен жиынға он елден мың­даған қазақ жиналды. Құрылтайда көзделген негізгі мақсат – Еуро­паның әр шетіне тарап, өз тіршілігін жасап жатқан өскелең ұрпақты бір-бірімен таныстыру. Бұл – бір. Екінші мақсат – құрылтай аясында шетелдегі диаспораларда кездесетін проблемаларды талқыға салып, шешу жолдарын қарастыру. 

    Қазіргі уақытта Еуропа қазақ­тарының негізгі проблемасы – тіл мәселесі болып отыр. Еуропадағы қазақ мәдениет орталықтарында балаларға қазақ тілін үйрететін тіл курстарын ұйымдастырып тұрамыз. Бірақ ол тиімсіз. Қазақ диаспорасы жиі шоғырланған жерде қазақ-мәдениет орталықтары ашылып, онда тіл курстары ашылса, қазақ мәдениетін меңгеру, кітаптарды аудару мәселесі қолға алынса.

      Исмаил КЕСЕЖІ, Лондағы қазақ қауымдастығының төрағасы:

    – 1970 жылдан бері Лондонға қазақтар қоныстана бастады. Бү­гінде Түркиядан көшіп келген 45 қазақ отбасы, Қазақстанның өзінен келген 50-60-қа жуық қазақ үйі бар. Оның сыртында, Қытай, Моңғо­лиядан келген қазақтарды қосы­ңыз. Барлығымыз қазақы мейрамдар­да, ұл-қыздарымыздың той-тома­лағында бас қосып тұрамыз. Мұн­дағы қазақтардың әлеуметік жағ­дайы жақсы. Заман ағысымен жастарымыз жоғары оқу орын­дарында білім алып, бітірген қазақ балалары жақсы қызметке орна­ласып жатыр. Қазақстанға барып қазақ тілін жетілдіріп келген жас­тарымыздың саны да артып отыр. Біздегі негізгі проблема – тіл мә­селесі. Қазір Еуропа қазақтары өза­ра көбіне түрік тілі арқылы бай­ланыс жасайды. Тіпті тек түрік тілінде ғана сөйлесетін жастар бар. Әрине, жанымызға батады. Кейінгі ұрпақ осы қалыпта Еуропа қазақ­тарына ортақ тілді түрік тілі деп есептеп, өзге уақытта өздері шоғыр­ланған жердің тілінде сөйлейтін болса, қазақ тілінде сөйлемек түгілі, үйренуді қажет санамай қалады ма деп қорқамын. 

      Басқан МҰСТАФА, Париждегі қазақ диаспорасының жетекшісі:

    – Біз мұнда ойын-сауық құрып, спорттан жарысу үшін емес, қазақ­тың кейінгі ұрпақтары құрдымға кетпеудің қамы үшін жиналамыз. Біздің буын аз да болса қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтап, дінін, тілін жадымызда жаттаған­быз. Ендігі қорқыныш – кейінгі ұр­пақ­тың жағдайы. «Немере-шө­­бере­лер қалай болады?», «олар жат елге сіңіп кетпей ме?» деген мәселелер. 

     Сафа ЖАНАЛТАЙ, Лондондағы қазақ баласы:

  – Үлкендер жағы Еуропа қазақ­тарының көбі Түркия арқылы жан-жаққа таралғанын айтады. Сол себепті батыстағы қазақтар түрік тіліне жетік. Бірақ, мені ойланды­ратын мәселе басқа. Менің ойым­ша, 10-20 жылда Еуропадағы қазақ диаспорасы жойылып кетеді. Себе­бі біздің аталарымыз көшкен кезде салт-дәстүр де, ана тіліміз де сақ­талды. Қазақы құндылық біздің ата-аналарымызға үйдегі тәрбие арқылы бойына сіңіріліп, санасына жатталды. Қазақылық толық бо­йына сіңген аталардың көбі қазір өмірден өтті, тіл ұмыт бола бастады. Мұнда жиналған Еуропа қазақ жас­тарының жартысынан көбі қазақ тілін білмейді. Қазіргі Еуро­падағы ұрпақ өздерінің қазақ екенін біледі, бірақ сезінбейді. Олар өздерін түрік санайды. Менің Қазақстанда наға­шы атам бар болғаны үшін елге ба­рып тіл үйреніп қайттым. Ал жас­тар Отанға баруға қорқады. Себебі Қазақстанда туысы-танысы жоқ.

    "Айқын" газеті

толығырақ

       Қазақ халқының ұлт-азаттығы жолында бар өмірін сарп еткен, Абылай ханның хас батырларының бірі болып, оның оң тізесінен орын иеленген Ер-Жәнібек батырдың туғанына биыл 300 жыл толып отыр. Бұл мерейтойды атажұрттағы барша қазақпен бірге шетелдерде, соның ішінде Еуропаның Франция, Германия, Швеция, Австрия, Голандия, Ұлыбритания, Польша секілді елдерінде өмір сүріп жатқан қазақ ағайындар аса қуанышпен еске алып, батыр бабаларының ерлігін елмен бірге тойлап, ұлықтауда.  

      Ер-Жәнібек батырға арналған үлкен тойдың жалғасы биылғы жылдың маусым айының 6-8 күндері Берлинде өткен Еуропа Қазақтарының кіші құрылтайы аясында өз жалғасын тапты. «Той дегенде қу бас домалайды» деп баяғыда атам қазақ айтқандайын, Еуропа елдерінде өмір сүріп жатқан 10 мыңға жуық қазақ ағайындар (олардың көбі Ер-Жәнібек батырдың тікелей ұрпақтары болып келеді) бүгінде Еуропа саясатын өз қолына алып отырған Берлинге қарай ағылды.  

     Берлиндік кәсіпкер қазақ Бешіретхан Малабақан басқарған қазақ қоғамы осы жолғы Еуропа Қазақтарының кезекті кіші құрылтайын жоғары деңгейде ұйымдастыру, өткізу жұмысын өз мойындарына алыпты. Әрине Берлинге жақын Еуропа қалаларында тұратын қазақтардың көбі өздерінің жеке көліктерімен келіпті. «Құрылтай, Ер-Жәнбек баба» деп жүрегі алып ұшқан алғашқы қазақтың бірі Париж қаласының тұрғыны Абдулла өз көлігімен Парижден Берлинге 12 сағат жүріп жеткенін айтты. Қазақ болған соң бір-бірімізден жөн сұрасатын әдетпен жайлап сұрағанымда батыр бабаның ұрпақтарының бірі болып шықты. Құрылтай бағдарламасына енген қазақ күресі, асық ату ойындары Берлиннің шығыс бөлігіндегі үлкен стадионда «Ер-Жәнібек» бабымыздың атында өтті. Жеңімпаздарды «Ер-Жәнібек» халықаралық қоры атынан ақшалай сыйлықтармен марапаттадық. Құрылтайды ұйымдастыруға белсене қатысқан Еуропадағы Қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы Каюм Кесижи, Берлиндегі қазақ қоғамының төрағасы, кәсіпкер Беширетхан Малабақан және Германиядағы Қазақстан елшісі Нұрлан Оңжанов мырзалар «Ер-Жәнібек» атындағы алтын медальмен марапатталды. 
   Құрылтай бағдарламасы бойынша «Ер-Жәнібек» бабымызға арналған дөңгелек үстелге Қазақстаннан келген: ҚР Білім және ғылым министрлігінің Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы Уәлихан Қалижан, Алматыдағы Республикалық ұлттық кітапхананың директоры, жазушы Әлібек Асқаров, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының 1-ші орынбасары Талғат Мамашев, осы ұйымның бөлім меңгерушісі Ботагөз Уатқан, «Асық ату» федарациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанов, «Ер-Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті, медицина ғылымының докторы Мақсұт Темірбаев, вице-президент, кәсіпкер Жеңіс Түркия, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы, ғылым докторы Жетпісбай Бекболатұлы және Берлиндегі Гумболдьт Университетінде қазақ тілінен сабақ беріп жүрген қарындасымыз Гүлсім Масакова, Берлиндегі Германия-Қазақстан қоғамының атқарушы директоры Галина Нұртазина сондай-ақ Еуропа қазақтары федерациясының төрағасы Каюм Кесижи, Австрия қазақ қоғамынан Осман Косжігіт, Қызырхан Шолпан, Ұлыбритания қазақ қоғамынынан Исмайл Кесижи, Дания қазақ қоғамынан Акбар Аюби, Нұрарман Аюби, Голландия қазақ қоғамынан Мұстафа Қаражігіт, Франция қазақ қоғамынан Мұстафа Ұслужан Швеция қазақ қоғамынан Мұрат Ерміш, Ибрахим Қосшы, Кельн қазақ қоғамынан Ерол Шұғайып Мюнхен қазақ қоғамынан Ибрахим Ақдеңіз, Әлихан Жаналтай, Темірхан Алтын, Берлин қазақ қоғамынан Бешіретхан Малабақан, Жүніс Тораман бастаған өкілдер тобы қатысты.    

     Бүгінгі күні Еуропа елдерінде өмір сүріп жатқан 10 мыңға жуық қазақ ағайын «Ер-Жәнібек» бабамызға арналған бұл тойға да осылай өз үлестерін қосты. Ата баба рухымен сусындады әрі рухтанды. Әсіресе жас сәбилер мен балалар бойына отаншылдық сезімді сіңіру тұрғысынан айтарлықтай іс шара болғанын айту ләзім. Құрылтай Берлин төрінде қазақ деген халықты жақсы қырынан таныта алды. Бұған қала тұрғындарының бізге деген жылы ілтипаты мен құрметінен байқадық. Ел тәуелсіздігі үшін атқа мініп, ел бастаған атақты батыр Ер-Жәнібек бабамыздың 300 жылдығына орай оның ерлік, батырлық істерін Еуропадағы қазақтарға таныстыру, насихаттау іс-шаралары құрылтай бағдарламасына сай осылайша табысты өтті.

   «Ер-Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының вице- президенті Досан Баймолда, BAQ.KZ   

толығырақ

        6-8 маусым күндері Германияның Берлин қаласында Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Еуропа қазақ қоғамдары федерациясы мен Берлин қазақ қоғамының ұйымдастыруымен өткен алқалы басқосуға Атажұрттың сәлемін жеткізіп, біраз ағайын қатысып қайтты.  Аталған жиында Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығы аталып өткенін естіп, «Ер Жәнібек» қорының вице-президенті Жеңіс Түркия мырзамен әңгімелескенбіз.

     – Берлинде өткен Еуропа қазақтарының құрылтайы несімен ерекшеленді?

     – ХХ ғасырдың басындағы қилы кезеңдерде Алтай ауып, Пәмир асып, Түркияға жеткен аталарымыздың ұрпағы бұл күнде көптеген Еуропа мемлекеттерінің тұрғыны болып отыр. Олардың жыл сайын бас қосып, базынасын айтып, бір-бірімен қауышып жатуы, әрине, қуантарлық жағдай.  Ұлыбритания, Франция, Германия, Венгрия, Австрия, Швейцария, Швеция, Дания, Норвегия, Нидерландия, Түркия сынды он елдегі этникалық қандастарымыз бас қосқан билығы жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының президенті Әбдулхаюм Кесижи мырзаның сөзімен айтсақ, бұл шара, ең алдымен, Еуропадағы қазақ жастарының тілі мен дінін ұмытпауы үшін, бір-бірімен жете танысуы үшін, Атажұрттағы ағайынмен қауышу үшін қажет екен. Шетелдегі қазақтар түгілі өзіміздегі жастардың ұлттық құндылықтарды ұмытып бара жатқанын ескерсек, Еуропадағы ағайынның бұл қадамына «бәрекелді» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

     – Алқалы бас қосуға Қазақ елінен кімдер қатысты?

    – Біздің елдің өкілдерін Дүниежүзі қазақтары  қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев мырза бастап барды. Делегация құрамында  М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқар, Қазақстан Халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ерәлі Тоғжанов, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова, «Ер Жәнібек» қорының президенті Махсұт Темірбаев , «СК-Астана» коперативтік қор директорының орынбасары Әсел Шілдебаева,  «Дарын» жастар сыйлығының иегері, суретші Гүлназым Өмірзақ, дәстүрлі әнші Арай Асқапқызы және «Серілер» тобы қатысты.

 

    – Қандай іс-шаралар өткізілді?

     – Атажұрттағы ағайын мен Еуропадағы бауырларымыз «дөңгелек үстел» басында пікір алмасты. Онда Қазақ елінің қазіргі жайы, даму жолы, Еуропадағы жас ұрпақтың болашағы, олардың Атажаұртпен байланысы сөз болды. Сондай-ақ, «Сезім шуағы» сурет және кітап көрмесі, футбол турнирі, Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығына арналған «Асық ату», қазақша күрес ойындары мен «Ана тілім – парызым» атты жас жеткіншектер арасындағы сайыс өтті. Марқұм Мұстафа Шоқай бабамыздың басына барып, зиярат еттік.

     Бір айта кетерлігі, құрылтайдың осындай мазмұнды өтуіне Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов пен  Берлиндегі қазақ қоғамының басшысы Бешіретхан Малабахан айрықша атсалысыты. Сүйінші сұрайтын бір жайт, елші Нұрлан Онжановтың мұрындық болуымен Берлин қаласынан Қазақстан Республикасының экономикалық және мәдени орталығы ашылыпты. Бұл, әрине, Еуропадағы қандастарымыз үшін қазақтың ұлттық құндылықтарын паш ететін қарашаңырақ болатыны сөзсіз. Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ерәлі Тоғжанов мырза алдағы күнде шетелдегі қазақ диаспорасымен қоян-қолтық жұмыс жасайтындарын айтып, ағайынның көңілін бір серпілтіп тастады.

    – Өзіңіз не түйіп қайттыңыз?

    – Байқағаным, ондағы ағаларымыздың шыр-пыр болып жыл сайын құрылтай өткізіп жатуына, ең алдымен, ұрпақ мәселесі себеп болып отыр. Жасыратыны жоқ, көп санды қаракөз бауырларымыз өз тілдерінен айырылып бара жатыр екен. Ал қуантарлығы барлығы да әр саланың тізгінін ұстап, қажетті маман болып қалыптасыпты. Меніңше, ғылым-техникасы дамыған Еуропа жұртымен істестік байланыстарда бірінші кезекте қандастарымызға назар аударсақ, солардың атажұртымен тығыз қарым-қатынаста қызмет атқаруына жағдай жасасақ нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, Еуропадағы аз қазақты түп қотарып елге әкеле қою мүмкін емес шығар. Тіпті сол мемлекеттерде тұрып-ақ, Қазақ елінің шашбауын көтеріп, кәрі құрылықтағы бір отауымыз болып тұрсада артық емес. Тек көзден тасада жүрген ағайынды көңілден өшіріп алмасақ болғаны да... Айтпақшы, біздегі қазақ сайттарының барлығында латын қарпіндегі нұсқасы болғаны дұрыс екен. Алыста жатқан ағайын тек ғаламтор арқылы ғана Атажұрттың тыныс-тіршілігімен танысып отыр.

     – Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығына арналған іс-шаралар жыл басынан бері дүркіреп өтіп жатыр. Ертең Астана қаласында айтыс өтетін көрінеді. Ендігі атқарылатын іс-шаралар жөнінде айта кетсеңіз...

    – Иә, жыл басынан бері «Ер Жәнібек» қорының ұйтқы болуымен біраз шаралар атқарылды. Конференциялар өтті, кітап шықты, Республика сарайында концерт өтті. Rixos қонақ үйінде ас берілді. Енді, міне ертең Астанада Бейбітшілік сарайында  кәсіпкер Толқын Ақанұлымен, айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлының ұйымдастыруымен және Астанадағы кәсіпкер азаматтардың қолдауымен халықаралық ақындар айтысы өтеді. Бас жүлдеге темір тұлпар тігіп отырмыз. Ал 19 маусымда Еуразия университетінде «Мәңгілік ел идеясы және Ер Жәнібек батыр» атты халықаралық ғылыми конференция өткізіледі. Бұған қоса, Қоянды ауылында белгілі жазушы Жәди Шәкенұлының ұйымдастыруымен қазақ күресінен жастар арасында белдесу болып, ас өткізіледі. Маусымның 21-22 күндері бабамыз  жатқан ШҚО, Жарма ауданы, Ортабұлақ жерінде көлемді ас беріледі. Онда қазақ күресі, ақындар айтысы, ат бәйгесі және өзге де ғылыми-мәдени іс-шаралар өткізілмек.

 

   – Әңгімеңізге рахмет!

 Әңгімелескен Хазірет Әбділда, Abai.kz 

толығырақ

    Еуропада бытырай қоныстанған қазақтардың басын қосатын көлемді жиын алғаш рет 2002 жылы Германияның Кельн қаласында өткен болатын. Содан бері құрылтайдың маңызы артып, қатысушылар саны өсіп келеді. Биылғы шара аясында өткен Халықаралық жиында ең алдымен Еуропадағы қазақ диаспорасының ана тілі, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрінің сақталуына қатысты мәселелері талқыланып, оларды ретке келтірудің жолдары қарастырылды. 

      Баскан Мустафа, Услукан Париждегі қазақ диаспорасының жетекшісі:
    - Біз ол ойын-сауық, әуен үшін емес, қазақтың кейінгі ұрпақтары үшін. Шетелде жүрген диаспораның проблемалары қалай шешіледі ел арқылы? Біз аз да болса, шет жағасын көрдік, қазақтың әдет-ғұрпын, дәстүрін, дініміз, тіліміз, бәрін аз да болса сақтағанбыз. Біздің қорқынышымыз кейінгі ұрпақтар не болады? Немере шөберелер қалай болады? Олар жат елге сіңіп кетеді ме? 

    Биылғы құрылтай бағдарламасы көбінесе жастарға арналды. Тарихи Отанынан шалғайда тұрып жатқанына қарамастан, қазақ жастарының тілге деген құрметі бөлек. Жиында тіл сайысы өтті. Еуропалық жастардан құралған 10 команда футболдан турнир ұйымдастырды. Қазақтың ұлттық спорт түрлері де шет қалмады. Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығына арналған қазақ күресінде кәсіби палуандармен бірге әуесқой спортшылар да белдесті. Бұған қоса, құрылтайда асық ату мен тоғыз құмалақ ойындары көрініс тапты. 

     Қазақтың ұлттық ойындарын құрылтай бағдарламасына енгізудің өзіндік мәні мен мақсаты бар. «Бұл жастардың ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттырып, олардың атажұрты Қазақстанмен байланысын нығайта түседі», – дейді шараға қатысушылар. 

       Мұрат Ерміс, Швециядағы қазақ диаспорасының жетекшісі:
  -Біздің жастар өсіп келе жатыр, оларды Қазақстанға апарып, Қазақстанды көрсету керек. Негізінен қазір көп жастар енді 30-35 жастағылар өмірінде бір рет те Қазақстанда болған жоқ. Соларды апарып, атамекенді көрсету керек. Солай деп ойлап тұрмын. 

    Еуропа қазақтары бас қосқан шараға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдерінен бөлек, Еліміздің қоғам қайраткерлері, өнер жұлдыздары қатысты. 

Тілші: Мөлдір Доспаева, "Хабар" телеарнасы

толығырақ

    Германияда тұратын қазақтар және олардың бүгінгі тұрмыс тіршіліктері жайында баспасөз беттерінде және электронды БАҚ-да біршама айтылып, жазылып жүр. Дегенмен бүгінгі Германия Федеративтік Республикасы аталатын елдің топырағын қазақ баласы дәл қай кезден аяқ басып, қалай қоныстана бастағаны осы уақытқа дейін жақсы зерттеле қоймаған тақырыптардың бірі болмақ. Осы тақырыпқа тереңірек тоқталған, бұл күнде Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкевич университетінде ғылыми зерттеу жұмысын жалғастыра жүріп Еуропа қазақтарымен етене қарым-қатынаста болған профессор Досан Баймолданың мақаласын оқырманға ұсынамыз.  

    Тарих парақшасын ақтарар болсақ осыдан 773 жыл бұрын яғни 1241 жылы сәуірдің 9 күні қазіргі Польша-Германия шекарасы саналатын Одер өзені жағасындағы Легница (немісше-Liegnietz) қаласы түбінде (ол заман Пруссия жері саналатын) Шыңғыс ханның немересі Бату ханның бүгінгі қазақ халқын құрайтын қыпшақ, керей, найман, меркіт, жалайыр, қоңыраттардан құрылған 10 мың әскерлік армиясы поляк-немістің біріккен 20 мың әскерлік армиясымен соғысып жеңіске жеткен еді. Сонау Азияның сары даласынан Еуропаға жетіп, Одер өзенінен аттарын суарған біздердің ата-бабаларымыздың сол тарихи жеңісі кімді де болсын мақтаныш сезімге жетелейді. Сондықтан біздер үшін ту Азиядан Еуропаға, бүгінгі Германия жеріне алғаш аяқ басқандар осы сарбаздар болмақ.

  

    Бұдан кейін Германия топырағын басқан алғашқы қазақтар: Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай және алашшыл азамат Ғазымбек Бірімжанов. Мария Шоқай «Менің Мұстафам» атты естелігінде 1923 жылы Парижден Германияға көшіп барып, сол жақта 6 ай тұрып, кейін қайта Парижге көшіп келгендерін жазады. Өзінің бар өмірін «Бір Түркістан» идеясын іске асыру үшін күрескен «Алаш» қайраткері Мұстафа Шоқай 1941 жылы күзде Польшадағы Түркістан легиондарын аралап, сондағы қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен ұлтынан құрылған соғыс тұтқындары жағдайымен танысу сапарынан қайтарда кенет ауырып, 1941 жылы 12 айдың 28 күні Берлинде қайтыс болды. Оның денесі Берлин қаласындағы түрік зиратына жерленді. Яғни, Германияның тарихи астанасынан топырақ бұйырды.
Ал Торғай жерінде туған алашшыл азамат Ғазымбек Бірімжановқа келер болсақ, ол 1922 жылы күзде ортаазиялық бір топ жастармен бірге Қазақ даласынан Германияға алғаш оқуға барады. 1928 жылы Берлин университетінің ауылшаруашылық факультетін ойдағыдай бітіріп, елге қайтар жолда оны Мәскеуде кеңес үкіметі тұтқындап, 10 жылға жер аударып, кейін 1937 жылы ату жазасына кеседі. Германиядан алған мол білімін халқының болашағы үшін арнамақ болған асыл азамат небарі 41 жасында жат жерде құрбан болды. Кеңес үкіметінің оған не себепті өшігуінің бір сырын жазушы Амантай Кәкеннің М.Шоқай және басқа эмигранттардың шет жердегі саяси қызметіне, тіршілік қаракетіне байланысты деректер келтірген «Түркістан легионы» кітабынан табуға болады.
    1945 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші қан майданы болған Германия жерінде Берлин үшінгі шайқасқа көптеген қазақтар қатысты, қайсыбірі соғыстың аяқталар сәтінде жат жерде опат болды. Елден бұрын рейхстаг төбесіне жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев бастаған қазақ сарбаздары елге аман есен оралды, бейбіт өмірге араласты.
   Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары әскери тұтқын ретінде Германияға апарылған қазақтардың қайсыбірі соғыстан кейін елге қайтты. Ал қайсыбірі елдегі саяси жағдайға байланысты Германияда қалуды жөн көрді. Олар Германиядағы қазақтардың алғашқы толқынын түзеді. Олардың белгілі өкілдері: Қарыс Қанатбай, Мәулікеш Қайбалды, Дәулет Керей Тағыберлі, Абдулла Жүсіп, Жәке Бапыш тағы басқалары. Соғыстан кейін Германия жерінде құрылған Түркістан ұлт азаттық комитетінің төрағасы Қарыс Қанатбай 1950 жылдан бастап АҚШ қаржыландыруымен Мюнхен қаласынан хабар тарата бастаған «Азаттық» радиосының Түркістан редакциясының орнауына ерекше рөл атқарған адам ретінде айтылады, қалғандары осы Түркістан редакциясында кейін Қазақ редакциясында ұзақ жылдар бойы қызмет істеді. «Алаш» қайраткері Мұстафа Шоқайдың Берлинде қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай 1952 жылы оны еске алу шарасын Мюнхендегі қазақтар өткізеді. Сол іс-шараға Парижден келіп қатысқан М.Шоқайдың зайыбы Мария Шоқай өзінің естелігінде «М.Шоқайды еске алу рәсімін ұйымдастырушы Қарыс Қанатбай бастаған ұлтын сүйген қазақтар болды. Осы адамдар Мюнхен қаласының шетіндегі ескі бір барақта тұрады екен. Көбісінің әйелдері неміс екен. Балаларының тілі де қызық, немісше де емес, қазақша да емес, тіпті арасында орысша сөздерді де қосып сөйлейді екен» деп еске алады. Елге қайтпай Германияда біржола қалуды жөн санаған саны көп емес бұрынғы кеңес тұтқыны- қазақтардың Германияда қоныстана бастауы осы кезден басталады деуге келеді. Бұл қазақтардың Германия жеріне қоныстана бастауының алғашқы кезеңі болатын.
     Екінші толқын 1960 жылдардан басталады. Соғыста экономикасы қираған және жұмыс күшіне өте мұқтаж Германия шетелдерден жұмыс күшін алуға мәжбүр жағдайға барды. Бүгінгі Германияда тұрып жатқан қазақтардың басым көбі Түркия мен Германия арасындағы еңбек миграциясы келісім-шарты негізінде Түркиядан жұмыс істеуге барған қазақтар және олардың ұрпақтары. 2012 жылы Еуропа Қазақтары қауымдастығының федерациясы (FEKA) Түркия қазақтарының Германияға келуінің 50 жылдығын атап өтті. Олар негізінен 1962 жылдан бастап Германиядағы түрлі зауыт,өндіріс орындарына жұмыс істеуге келе бастаған.
     Еуропа қазақтары қауымдастығының федерациясын құруға көп еңбек сіңірген және сол ұйымды біраз жылдары басқарған, Кольн қаласындағы қазақ мәдени қоғамының ұзақ жылдарғы төрағасы Әбдрахман Четин ақсақалдың айтуынша, алғаш Германияның Мюнхен және Кольн қаласына 5 қазақ келген. Олар Мәуітхан Көкай (қазір 78 жаста),Тайшы Ақай, Сексенбай Пырат (қайтыс болған), Мүкей Шиден және Мәуей Бодыр. Бұлар алғашында Мюнхендегі және Кольндегі зауыт, фабрикаларда жұмыс істеген. Кейін Мәуіт Бодыр тері тон тігумен айналысып, Кольнда дүкен ашқан. Ә.Четин ақсақалдың өзі 1963 жылы 28 жасында түрік жұмысшылармен бірге жалғыз қазақ Германияның Баден-Буртембург аймағының Улм деген қаласына жол салу жұмысына келіпті. Кейін Кольн қаласына ауысып «Форд» машина зауытында ұзақ жылдары жұмыс істеп тұрып зейнетке шыққан. Ә.Четиннің айтуынша, ол заман бұл қазақтар Германияда біржола тұруды мақсат етпеген көрінеді. Негізі кәсіп іздеп, ақша тауып Түркияға қайтуды мақсат етіпті.
    Қазақ қайда жүрседе өзінің жақынын, қазағын іздейді ғой. Мюнхенде тұрып жатқан кеңес елінен келген Қ.Қанатбай, М.Қайбалды, Д. Тағыберлі, А.Жүсіп, Ж.Бапыш секілді қазақтар Түркиядан келген осы қазақтарға алғашқы кезде көмектерін аямапты. Бірі қазақ елінің ұлт азаттығы жолында сырттай күресуді мақсат етіп елге қайтпай Германияда қалып қойған екіншісі Қытайдағы коммунистік билікке қарсы болып, ел-жерін тастап Такламакан шөлін басып, Гималай тауларын асып, Үндістан, Пәкістанды паналап кейін 1950-ші жылдардың басында Түркия үкіметінің шақыруымен сол елге қоныстанған қазақ балаларының жат жерде, неміс елінде бір-біріне осылай көмек жасауы бұл тек қазаққа тән ерекше қасиет десек артық айтпағандық болармыз. Тіптен олардың «Азаттық» радиосының американдық басшыларына: «Түркия қазақтарынан радиоға қызметкерлер шақырсақ» деген ұсынысы іске асып соның арқасында 1966 жылы алғаш рет Түркиядан екі қазақ шақырылады. Олар белгілі қаламгер Хасен Оралтай және Талғат Қосжігіт еді. Кейін «Азаттық» радиосында қымет істеуге Түркиядан шақырылған қазақтардың саны 10-ға дейін көбейеді. Бұлар 1995 жылға дейін «Азаттық» радиосында қызмет істеді, радио Прага қаласына көшкен кезде барлығы Чехияға барудан бас тартып, Германияда қалып қойды. Көбісі Германия азаматтығын алды.
   Еуропа қазақтары қауымдастығы федерациясының төрағасы Абдулқаюм Кесижидің айтуынша, бүгінгі күні Германияда шамамен 260 үй қазақ отбасы яғни 1500 ге жуық қазақ бар. Олардың ең көбі Кольн қаласында 160 үй қазақ отбасы, Мюнхенде 75 үй қазақ отбасы, Берлинде 30 үй қазақ отбасы, Гамбургте 10 үй қазақ отбасы және бірлі-жарымдап Дюссельдорф, Майнс секілді басқа қалаларда тұрады. Алайда Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдары Германияға қоныс аударған қазақтардың дәл саны қанша екендігі белгісіз болғандықтан бұл санға кірмегенін айту жөн.
      Германияға алғаш жұмыс іздеп барған қазақтардың бірі бүгінгі күні жасы 83 ке келген Ыдырыс Ерол ақсақал бала-шағасымен бірген Кольн қаласында тұрады. Оның айтуынша, алғаш 1966 жылы Түркияның Алтайкөй ауылынан Батыс Берлинге жұмыс іздеп 4 қазақ келген. Олар: Арыстан Тосын, Бекей Сарбас, Ыдырыс Ерол және Ахмед Баки. Алғашында олар Германияға танымалы «Саротти» щоколад жасау фабрикасында жұмысшы болып істеген. Екі жарым жылдай істеген соң ол Кольн қаласына ауысып, сондағы «Форд» машина жасау зауытында 25 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. 6 бала өсірген. 18 немересі бар. Үлкен ұлы Түркияда, екіншісі Парижде тұрады. Тағы бір ұлы Шұғайып Ерол және қызы Сайма Қаражақ өзімен бірге Кольнде тұрады. Ыдырыс ақсақалдың тағы бір қызы Сания Германия ішкі істер министрлігіне қарасты шетел азаматтарына виза беру бөлімінде қызмет істейді.
     Германиядағы қазақтар алғашында немістің зауыт, фабрикаларында қарапайым жұмысшы болып, елмен бірге еңбек етсе, кейінгі жылдары балаларын немісше оқытуға ден қойды. Кейінгі жастар немістің жоғары оқу орындарын бітіріп, ресми орындарда, мемлекеттік қызметте істей бастады. Тіптен бірқанша қазақ немістің ірі фирма,компанияларында жақсы маман, білікті менежер ретінде көзге көріне бастаған. Мысалы, қазір Гамбург қаласында тұратын хирург-дәрігер Шенол Жәдік миға операция жасайтын мықты дәрігер ретінде танылса, Мюнхен қаласының тұрғыны Мүттәлі Ұлыжай ұшақ моторын жасайтын зауытта бөлім бастығы болып істейді. Берлиндегі қазақ мәдени қоғамының төрағасы Бешіретхан Малбақан сондағы компьютер программаларын дайындайтын ірі фирмада жетекші маман ретінде танылған. Бұған әрине қуанбасқа шара жоқ.
     Жалпысы Германиядағы қазақтар тойсыз отырмайды. Бір-бірімен құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана, сүндет той секілді той-тілеулері көп. Мюнхен қаласының тұрғыны Әлихан Жаналтайдың айтуынша, Германияда тұратын тұратын қазақтар бұндай той-томалақты көбінесе апта соңына қарай өткізеді. Үлкен асхана не спорт залы секілді жерлерді жалға алып қазақтар түгелдей бала-шағаларымен сонда жиналады. Қой сойылып, ет асылады, дастархан жасалады. Сол жерде дастархан басында үлкендері баяғыдағы ел үркіп, Гималай асқан заманды айтып, әңгіме-дүкен құрысады. Ал балалар ойнап, жастар өз араларында танысып, сөйлеседі. Жиылыс соңы қазақша ән айтып, «Қара жорға» биін билеумен аяқталады.
     Жалпы айтқанда, Германиядағы қазақтардың тұрмыстық жағдайы жаман емес. Олар әлеуметтік жағынан жақсы қамтылған. Қазақстанға деген көзқарастары жақсы болғанымен Германияда қалып өмір сүруге және оның азаматтығын алуға өте ықыласты. Германияның Мюнхен қаласында 30 жылдан бері тіршілік ететін Өмірхан Алтын Германияға алғаш жұмыс іздеп емес оқу іздеп келгенін айтады. Ол Түркияның Анкара университетінің экономика факультетін бітіріп, Батыс Берлин университетінің химия факультетінде оқыған соң Мюнхендегі «Азаттық» радиосына шақырылып, сонда 10 жыл қызмет істейді. Қазір тәуелсіз журналист, жеке кәсіпкер ретінде Қазақстан, Түркия, Германия арасында іскерлік байланыстар орнатумен айналысады.
     Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, осынау елдегі 82 миллиондай халықтың 10 миллионы өзге ұлттың өкілдері көрінеді. Мәселен, Түркиядан келген мигранттардың саны 2.5 миллион, Польшадан 1.3 миллион, Италиядан 1 миллионға жақын ал бұрынғы КСРО-дан 2,9 миллион халық қоныс аударған болса, соның 1 миллионнан астамы Қазақстаннан Германияға қоныс аударған этникалық немістер. Шеттен келген осы немістерді жергілікті халық «аусландерлер» яғни басқа жақтан келгендер немесе «русичтер» деп атайтын көрінеді. Біздегі шеттен келген өз қандастарын «оралмандар» деп кемсітетін секілді нәрсе. Қазақстаннан көшіп барған немістердің арасында қазақ тілінде сөйлеп, қазақша ән айтып, домбыра шертетін тіптен бие байлап, қымыз ашытып отырған немістер бар екенін естігеніңде қалайша оларды «қазақ емес» деп айта аласыз.
     Берлиндегі Германия-Қазақстан қоғамының атқарушы директоры Галина Нұртазинованың айтуынша, неміс еліндегі ұлты қазақ азаматтардың нақты санын айту қиын. Өйткені, тоқсаныншы жылдары тарихи отанына оралған қазақстандық немістердің отбасымен бірге талай қазақ Еуропа асқан екен. Солардың бірі Семей қаласының тұрғыны Тілеухан Биболат аға Германияның Бавария өлкесіндегі Бадленсалтз деген кішірек қалада ұлты неміс әйелімен бірге 2000 жылдан бері өмір сүріп жатыр. «Германия сырттағы қандастарын шақырып қана қоймай оларға өте жақсы жағдай жасайды екен оны өз көзіммен көріп, сезініп отырмын» дейді ол.
     Қазақ қызы Галина Германия екіге бөлініп, батыс және шығыс болып тұрған кезінде неміс күйеуімен бірге Шығыс Германияға көшіп келіпті. Күйеуі Петер Шығыс Берлиннің тумасы екен, екеуі Мәскеуде жүріп танысыпты. Екеуі үйленгеннен кейін екі Германия арасындағы «темір перде» яғни бетон қабырға құлатылып, бұл елдер бірігеді. Галина болса өзін «неміске күйеуге шығып, Германияға көшкен қазақ қызы жалғыз мен ғана емеспін. Ондай қыздар мұнда көп» дейді.
     Қазақстан тәуелсіздігін алғанннан кейінгі жылдары Германияға қоныс аударған қазақтардың саны көбейген. Біреулер жұмыс іздесе, біреулері кәсіп іздеп барады, ал жастар көбінесе оқу, білім іздеп баруда. «Болашақ» бағдарламасы бойынша немесе ҚР Білім және ғылым министрлігінің академиялық ұтқырлық бағдарламасы немесе халықаралық түрлі бағдарламалар бойынша Германияның жоғарғы оқу орындарында білім алып жүрген қазақ жастары көп. Бұрынғы социализм кезінде Шығыс Германияның жоғары оқу орындарында Моңғолиядан келіп, оқу оқып, жоғары және кәсіптік білім игерген қазақ жастары көп болатын және олар Германияда біржолата қалуды әсте ойламайтын. Бәрі де елге қайтушы еді. Соңғы жылдары Германияның жоғарғы оқу орындарында Қытайдан келіп оқып жатқан қазақ жастарының саны көбейген. Мысалы Берлин қаласында оншақты шақты қазақ баласы оқып жүр.
     Еуропа қазақтары қауымдастығы федерациясының төрағасы Абдулқаюм Кесижидің айтуынша, Германиядағы қазақтар үшін қазақ тілінде сөйлесу мәселесі қиын жағдайда. Еуропада жүрген қазақтар үшін қазақ тілін үйренуге арнап Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шығарған СД диск, тілашар кітаптары сондай ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің қазақ тілін үйретуге арнайы мұғалім жіберіп отырғанына қарамастан бұл мәселе жыл өткен сайын қиындап барады. Өйткені сондағы қазақтардың үлкендері үйлерінде қазақшадан гөрі көбінесе түрікше сөйлеседі де ал неміс мектептерінде оқитын балалары өз араларында тек немісше сөйлеседі. Германиядағы осы қазақтардың кейбірі атажұрт Қазақстанның есігін өмірі әлі ашып көрмегендіктен ес білгеннен бері білетін Түркияны өздеріне жақын санайды.
    Әбдрахман Шетин ақсақалдың айтуынша бүгінгі күні ең бір қиын жағдай ол бала-шаға, ұрпақтарының барған сайын қазақтықтан, қазақ тілінен ажырап бара жатқандығы болып отыр. Жастардың үйлену мәселесінде бұрын тек «қазақ қазақпен үйленсін» деген қатаң талап қойылса, соңғы кезде түрікпен, неміспен және басқа ұлт өкілдерімен үйлену оқиғалары көбейе түскен. «Жастар қазақ тілі тұрмақ түрікше сөйлеуден қалып барады» дейді ұрпақ қамына жаны ауыратын Әбекең. Сондықтан да жылына бір рет бас қосатын Еуропа қазақтары құрылтайының маңызы зор болып отыр. Биылғы жылы Германиядағы қазақтар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының және Германиядағы Қазақ елшілігінің жан-жақты қолдауымен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын Берлин қаласында маусымның 6-8 күндері өткізгелі отыр.
    Берлиндегі қазақ мәдени қоғамының төрағасы Бешіретхан Малабақанның айтуынша, құрылтай бағдарламасына сай іс-шаралар өткізу дайындығы және құрылтай қонақтарын қабылдауға әзірлік жұмыстары аяқталып қалды. Бұл жолғы құрылтайдың басты мақсаты Еуропа елдерінде жүрген қазақ жастарының бастарын қосу, оларды бабалардың ерлік рухына баулу ең бергісі қазақ екендіктерін ұқтыру болмақ. Сондықтан әр елдің жастарының арасында футбол ойынын өткізу, қазақ тілін кім жақсы біледі? сайысын өткізу, атажұрттан келген әншілердің, күйшілердің, бишілердің ойынын тамашалау, қазақша күрес бәсекесін өткізу, Жоңғармен соғыс жылдары елі үшін атқа мініп, ел бастаған атақты батыр Ер-Жәнібек бабамыздың 300 жылдығына орай оның ерлік, батырлық істерін Еуропадағы қазақтарға таныстыру, насихаттау тағы басқадай іс-шаралар құрылтай бағдарламасына еніпті. Құрылтай жұмысына Қазақстаннан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев бастаған делегация қатысқалы отыр. Ендеше Берлинде өтетін құрылтай жұмысына іскерлік және табыс тілейік, ағайын!

   BAQ.KZ

толығырақ

   Биылғы футбол маусымында айтарлықтай бір жаңалық болды. Бірінші лигада ойнайтын Шымкенттің «Қыран» командасының қатарын голландиялық қазақпен толықты. Еуропа футболымен сусындаған қандасымыздың есімі – Мұрат Өнал. Мұрат елге келгелі көлеңкеде қалып қойған жоқ. Әріптестеріне ыңғайлы пас беріп, өзі де бірнеше рет мергендік танытты. Бірінші лиганың сегізінші турында «Бәйтерек» пен «Қыран» командалары кездескен болатын. Осы ойынның алдында қандасымызды арнайы іздеп барып, сұхбат алдық. Бір қызығы, футболшымен әңгіме қазақ тілінде өрбіді. Сыртта жүрген қазақ спортшылары тұрмақ, елдегі футболшылардың өзі ана тілінде сөйлей алмай жүргенде сонау қияда өскен Мұрат бауырымыз көпшілікке үлгі болуға тұрарлық.

     Мұрат Өнал 1987 жылы 20 шілдеде Түркияның Салихли қаласында өмірге келген. Нидерланды астанасы Амстердамдағы «Веспучи» футбол академиясында тәлім алды. 2005 жылы атақты «Аякс» сапына шақырылады. Голландия футболының феномені саналатын команданың жастар құрамасында 25 ойын өткізіп, 12 гол соққан. Кейіннен Бельгияның танымал клубы «Брюггеге» ауысады. Одан соң «АДО Ден Хааг», «Волендам», 2012-2013 жылдары Финляндияның «Каяни» клубтарында ойнайды. 

        – Мұрат, Қазақстанға келгеніңе екі айға жуықтады. Осы аралықта тарихи отаныңа қаншалықты үйренісе алдың?

    – Келгеніме бір жарым айдан асты. Біріншіден, қазақша тәуір сөйлейтін болдым. Негізі, айтқан сөздерді түсінемін. Бірақ өз ойымды толық жеткізе алмаймын. Алдағы уақытта жақсылап үйреніп, ана тілімде еркін сөйлеуге уәде беремін.
Ал Қазақстанға келсек, бұрын теледидардан көргенде қазақ жерінің үлкен екендігін еститінмін. Міне, соны өз көзіммен көргенде қуанғанымды айтсаңыз. Шымкентке аз уақыттың ішінде бауыр басыпта қалдым. Бүгін, міне, Астанаға алғаш рет аяқ бастым. Елордамыз көрікті әрі Аместердамға қарағанда үлкен екен.

     – Біздің кейбір жастар Еуропаға кеткісі келіп тұрады. Ал сен, керісінше, қарт құрлықтан Қазақстанға қоныс аудардың. Елімізде қалғын келе ме?..

    – Бұрын шетелде болғанда үйді сағынатынмын. Қазір олай емес. Соған қарағанда, Қазақстанға келіп мауқымды баса алмай жүрген тәріздімін. Әрине, өз қандастарыммен бірге тұрып, қазақ қызына үйленсем деп ойлаймын.

     – Ал қазақ футболы жайлы не айтасың, қандай кемшіліктерді байқадың?

     – Қазақ халқы балаларын футболға кеш береді. Еуропада бұл үрдіс балабақшадан басталады. Тәртіпке қатты мән беріледі. Бапкерлер де баламен қалай жұмыс істеу керектігін жақсы біледі. Сондықтан олар ерте есейіп, тез танылады. Ал біздің қазақ жігіттері негізі 20 жастан кейін мықты болады. Табиғатымыз солай. Сонымен қатар ол жақта футболшылар физикалық жағынан мығым, бойлары ұзын. Біздің жігіттердің көбісі кішкентай. Жоғары деңгейлі командалармен кездескенде 90 минут бойы тайталасуға шамалары жетпей жатады. Шаршап қалады. Міне, осы жағын сол қарт құрлықтан үйреніп, жетілдіре түсуіміз керек.        – Еуропа қазақ футболы туралы не біледі?

     – Өзің де білесің ғой. «Шахтер» былтыр Еуропаны таң қалдырды. «Селтикпен» болған ойынды ешкім ұмыта қойған жоқ. Бұл оқиғаны сол кезде Аместердамдағы газет-журнал, сайттар жарыса жазып жатты. Телеарналар көрсетті. Қой сойып, құрбандық шалғанда, тіптен, шулады. Сондай-ақ ол жақтағы футбол жанкүйерлері Еуропа лигасы аясында АЗ (Алкмаар) клубымен кездескен «Ақтөбе» мен «Шахтерді» жақсы біледі.

    – Мұрат, бір кездері өзің доп тепкен «Аякстың» жастар академиясы үнемі футбол әлеміне таланттарды тәрбиелеп қосып отыруымен ерекшеленеді. Осы академияның филиалын Қазақстанда ашуға бола ма?

   – Алдында «Қайрат» клубының академиясында жұмыс істеп жатқан голландиялық Реймонд Аттевелдпен сөйлескен болатынмын. Ол қазір балаларды сол Нидерланды футболының жүйесімен даярлап жатыр. Бұл – жақсы бастама. Болашақта өзге клубтар да осындай академиялар ашып, Еуропадан бапкерлер шақыру керек. Сол кезде Аместердамда ғана емес, қазақ топырағынан да Йоахан Кройф, Руд Крол, Франк де Бур, Деннис Бергкамп, Марко ван Бастен, Уэсли Снейдер секілді таланттар шығатын болады.

   – Қазіргі кезде «Қыранда» ойнап жүрсің. Команданың ойын жүйесіне сіңісе алдың ба?

   – Алғашқы турларда команданың ойынын түсіне алмағаным рас. Пас беруде қателіктер жіберіп алатынбыз. Құдайға шүкір, қазір бәрі жақсарып келеді. Командадағы Жандос Әметов, Санат Жұмаханов, Мадияр Муминов секілді әріптестерім маған ылғи қолдау білдіріп отырады. Бұлардан бөлек, «лимитчиктер» бар. Ішкі атмосфера керемет. Клуб басшылары алдымызға үлкен мақсаттар қойып отыр. Бұйырса, жоғары орындардан көрініп қалармыз деп үміттенемін. 

     – Бапкерлермен қай тілде қарым-қатынас жасайсың?

    – Бапкерлер футболшыларға нұсқауды орысша береді. Ал маған командадағы жігіттер қазақша түсіндіріп отырады. Арасында бас бапкер менімен қазақша сөйлесіп қалады.

    – Маусымаралық трансфер жақындап келеді. «Қыранда» қала бересің бе?

    – Сол жағын өзім де нақты білмеймін. Әзірге бар ойымыз үздік үштіктен түсіп қалмау, жүлделі орындардың біріне ілігу болып тұр.

    – Қазақстандағы жанкүйерлер мәдинетіне қандай баға бересің?

    – Еуропада кез-келген адам жұмыстан кейін футболға асығып тұрады. Тіпті, отбасымен бірге барады. Қазақстанда олай емес екен. Стадионға кісі аз жиналады. Отбасымен бару жағын байқай қоймадым. Осы жағын ескеру керек сияқты. Футбол, қанша дегенмен, миллиондардың ойыны ғой.

   – Жақында сырттағы қандастарымызға азаматтық беру бір жылға дейін шегерілді. Азаматтық алу мәселесі қалай болып жатыр?

   – Мен қазір Қазақстанда жұмыс істеушінің визасымен тұрып жатырмын. Ал азаматтық алу жағына Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды көмектесемін деп уәде беріп отыр.

    – Ал Еуропа командаларында тұрақтап қалмауыңа не себеп?

   – Ол жақта мықты командалардың негізгі құрамына ілігу қиын. Оның үстіне еуропалықтар көбінесе жастарды алғысы келеді. Жас футболшылар ақшаны аз сұрайды. Олар үшін бұл жағы өте маңызды. Ал төменгі дивизиондарда ойнағым келген жоқ.

   – Премьер-лигадан ұсыныс түсіп жатқан жоқ па?

   – Естуімше, «Ордабасы» тарапынан қызығушылық бар секілді. Өйткені олар «Қыранның» ойынын тамашалап жүреді. Кез келген футболшы жоғары дивизионда ойнағанды жақсы көреді емес пе? Мен де Премьер-лигада ойнауды армандаймын. Жүлдеге таласатын командалардан ұсыныс түсіп жатса, ауысуға дайынмын. Біздегі командалардың көпшілігінде легионерлер саны толық. Сондықтан азаматтық алу мәселесі тезірек шешілсе, өздеріне шақыратын клубтар көбейер еді.

     – Жеке агентің бар ма?

     – Бұл шаруалармен ағам Тұнжай айналысады.

     – «Қырандағы» жалақы мәселесі қалай?

    – Қазақстанда келісімшарт бойынша бұл жағын құпия ұстау керек. Сондықтан айта алмаймын. Ал жалпы берген ақшасы өз басыма жетеді. Қосымша сыйақы да алып тұрамыз.

     – Еуропада сенен басқа қазақ футболшылары бар ма?

    – Футболға қызығатын, өздері де ойнап тұратын қазақтар бар. Бірақ кәсіби футболшылар жоқтың қасы. Өзім әзірге ондайларды кездестіре қоймадым.

     – Жалпы, ол жақтағы қазақтар бір-бірімен өзара араласып тұрады ма?

    – Еуропадағы қазақтар бәрі бір-бірін таниды. Жұмыстан қолдары босап жатса кездесуге асығады. Тойларға міндетті түрде барамыз. Ал қалған уақытта «Фейсбук», «Твиттер» секілді әлеуметтік желілер арқылы хат-хабар алысып тұрады.

     – Ата-анаң, туған-туыстарың Қазақстанға келу туралы шешіміңді қалай қабылдады?

     – Қазақстанға келу жайлы өзім бұрыннан ойлап жүргенмін. Сол мүмкіндік енді туды. Туыстарым бұл шешімім оң қарады.

     – Ал сол туыстарыңның арасында елге келгісі келетіні, көргісі келетіндері бар ма?

     – Ол жақтағы қазақтар күнде маған хабарласып тұрады. Қазақстан жайлы сұрайды. Олардың бәріне елді мақтап, шақырып жүрмін. Барлығы көргісі келеді. Уақыттары болса алдағы уақытта тарихи отандарын өз көздерімен көре жатар.

     – ЕУРО-2016 додасының іріктеу кезеңінде Қазақстан, Түркия және Нидерланды құрамаларымен бір топқа түсті. Үш ел де саған бөтен емес. Қайсысына көбірек жанкүйер боласың?

    – Бұрын Амстердамда тұрғанда Голландияға жанкүйер едім. Енді бұйырса, Қазақстанға тілеулес боламын. Өзім де Қазақстан құрамасының сапында ойнағым келеді.

    – Жақын күндері Бразилияда әлем біріншілігі басталады. Төртжылдықтың басты додасында кімдерден үміт күтесің?

    – Бұрыннан «қызғалдақты елдің» футболшыларына жанкүйерлік танытамын. Бірақ бұл жолы алаң иелері ешкімге дес бермейді деп ойлаймын. Оның үстіне Латын Америкасында Еуропа құрамалары жеңіске ешқашан жетіп көрмеген.

     – Өзің әлемдік деңгейде доп теуіп жүрген футболшылардан кімдерді танисың ? Олардың арасында араласып тұратын достарың бар ма?

     – Голландияның жоғары дивизионында да, бірінші лигасында да достарым, таныстарым өте көп. Ал ел танитын жұлдыздардан ең жақын досым Грегори ван дер Вил бүгінгі күні ПСЖ және Нидерланды құрамасы сапында жарқырап жүр. Екеуіміз «Аякста» бірге өстік. Алдағы уақытта Қазақстан құрамасына алынып, Грегориге қарсы ойнасам деп армандаймын.

    – Финляндия футболынан қандай айырмашылық байқадың?

    – Ол жақта бәсекелестік өте жоғары. Футболшылардың техникалық дайындықтары мықты болады. Көп ойыншылардың бойы екі метрден жоғары. Скандинавиялықтар бойшаң ғой.

     – Бос уақытта немен айналысқанды ұнатасың. Хоббиің не?

    – Мен балық аулағанды ұнатамын. Голландияда жаттығу болмаған күндері балық аулауға кетіп қалатынмын. Сондай-ақ киноға барғанды жақсы көремін.

     – Соңғы сұрақ. Отбасың жайлы айта кетсең...

     – Әкемнің аты – Тоқан Ұлықпанұлы. Анамның есімі – Бақытхан Қыдырмолдақызы.1977 жылы туған Тұнжай есімді ағам, одан екі жас кіші Зейнеп деген әпкем бар. Екеуі де отбасын құрған. Ағам домбыра тартады. Өлең айтады. Кішкентай күнінде «Қазағымды сағындым» деп әндетіп отыратын. Әпкем бұрын Алматыға келіп кеткен. Алматының қасындағы бір ауылда жездемнің ағасы тұрады. Жалпы, қазақ ата-тегін ұмытпаған халық қой. Әке-шешем бала күнімде жеті атамның есімдерін атап отыратын. Қазір жеті атамды жатқа білемін.

    – Әңгімеңе рахмет!

     Бек ТӨЛЕУОВ, «Sport».

толығырақ

   Қазақ елі мен Польша елінің арасында дипломатиялық қарым-қатынастың құрылғандығының 22 жылдығына орай және поляктарға Қазақтың «Наурыз мерекесін» таныстыру мақсатында «Қазақ күні» кеше Польшаның Познань қаласындағы Адам Мискиевич университетінде атап өтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

   Қазақстан мен Польша арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағандығына биыл 22 жыл толды. 1991 жылы Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялаған кезде Польша елі Қазақстанның тәуелсіздігін танып, мойындаған алғашқы елдердің бірі болды. Ал 1992 жылы 6 сәуір күні Орталық Еуропада орналасқан, мемлекет ретінде талай ғасырлық тарихы бар Польша елі мен Орталық Азияда орналасқан, тәуелсіз жас мемлекет Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. 1994 жылы наурыздың 20 күні Польша өзінің дипломатиялық елшілігін Алматыда ашса, ал Қазақ елі 5 жылдан кейін, яғни 1999 жылы мамыр айында өзінің дипломатиялық өкілдігін Варшавада ашты. Келесі жылы, яғни, 2000 жылы қазан айында бұл шағын дипломатиялық өкілдік Польша Республикасындағы Қазақстанның елшілігі болып кеңейтілді.

    Тарихта кәрі құрлық Еуропаның орталық аймағын мекен еткен поляқтар мен көшпенді дала халықтары арасындағы қарым-қатынас әу баста сауда-саттық түрінде «Ұлы Жібек жолы» арқылы іске асқаны белгілі. Ал осыдан 8 ғасырдай уақыт бұрын Қазақ даласына алғаш табаны тиген Еуропалық– ұлты поляк, Ватикан шіркеуінің монахы Бенедикт Полак алғаш рет Қазақ даласы туралы, қазақтар туралы аса құнды естелік жазбаларын жазып қалдырды. 18 ғасырда тағдыр тәлкегімен Қазақ даласына жер аударылып келген Адольф Янушкевич, Густав Зелинский, Вронислав Залеский секілді поляк революционерлері қазақтар туралы, қазақтың көшпенді бай мәдениеті және ерекше ауыз әдебиеті бар халық екендігін Еуропа жұртшылығына алғаш рет өздерінің жазған кітаптары және мақалалары арқылы таныстырды. Абай кезінде поляк ақыны Адам Мицкевичтің орысша аудармасынан бірнеше таңдаулы өлеңдерін қазақшаға аударды. Екеуі де өлеңдерінде өз халықтарының тағдырына алаңдап, қиындықтан шығу жолдарын өздерінше іздестіріп, соны жырлады.

   Екі халықтың тарихына қарасақ екеуі де талай қиындықты бастарынан кешкен «неше өліп, неше тірілген» халықтар. Сондықтан да болар екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Сталиннің бұйрығымен Украинадан Қазақ даласына жер аударылып келген жүздеген мың поляктарға қазақ халқы қол ұшын берді, бір бөлке нанды бөлісіп жеп, кең қолтығының астына алғанын сол қиын күндерді бастарынан кешкендер өмірі ұмыта алмайды. Бүгінде олардың ұрпақтары өсіп өнді. Қазақстанның әр түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Қазақстандағы поляк диаспорасының саны 50 мыңдай. Соңғы жылдары Польша үкіметінің шетелдегі отандастарына арналған бағдарламасы бойынша Қазақстаннан Польшаға неше жүздеген поляк жанұялары қоныс аударды. Краков, Варшава, Познань, Вроцлав секілді ірі қалалардағы жоғары оқу орындарында Қазақстаннан келіп оқып жатқан қазақ жастары көп. Олар түрлі бағдарламалар бойынша келіп оқиды. Тек Познандағы Адам Мицкевич университетінде 50-ге тарта қазақстандық қазақ балалары білім алып жүр. Олар Қазақстан президентінің «Болашақ» бағдарламасы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің шетелде мамандар даярлау бағдарламалары сондай-ақ Еуропа одағының бағдарламалары және өз беттерімен келіп оқып жатқан жастар. Сондай-ақ Польша университеттерінде докторантурада, магистратурада оқып жатқан қазақтар да баршылық. Қазақ тіліне жасынан құштар, осы тілді өз ана тілімен бірдей көріп қазақша еркін сөйлейтін поляк жастарының саны да соңғы жылдары көбеюде. Поляк азаматтарға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары да баршылық. Олар қазақ елін, тілін, салт дәстүрін поляқтарға насихаттап өздерін жақсы жағынан танытып жүр.

   Сондай бір мәдени іс-шара Қазақ елі мен Польша елінің арасында дипломатиялық қарым-қатынастың құрылғандығының 22 жылдығына орай және поляктарға Қазақтың «Наурыз мерекесін» таныстыру мақсатында «Қазақ күні» деген атпен осы сәуір айының 17-сі күні Польшаның Познань қаласындағы Адам Мискиевич Университетінде атап өтілді. Бұл мәдени іс-шараның ойдағыдай жақсы өтілуіне Варшавадағы Қазақстан елшілігі және Познаньдағы Адам Мискиевич университетінің Саясаттану және журналистика факультеті үлкен қолдау көрсеткенін айту ләзім. «Қазақ күні» мәдени іс-шарасы барысында Қазақстан елшілігі тарапынан «Қазақстан почтасының маркілері» және Польша мен Қазақстан қарым-қатынасына арналған «Кітаптар көрмесі» ашылып, поляк жұртшылығы назарына ұсынылды. Ал Адам Мискевич университетінің Саясаттану және журналистика факультеті ұйымдастырған «Қазақстан-Польша арасындағы тарихи, мәдени, дипломатиялық қарым-қатынастардың бүгінгі жағдайы және өзекті мәселелері» атты ғылыми конференцияда Адам Мискиевич университетінің Саясаттану және журналистика факультетінің деканы, профессор Тадеуш Валлас, осы университетте «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Досан Баймолда және Польшадағы Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Асқар Әбдірахмановтар баяндама қойды және конференцияға қатысушылар назарына EXPO-2017 көрмесіне арналған қысқа видеофильм ұсынылды. Бұдан соң «Қазақ күнін» тамашалауға келген қонақтар алдында қазақтың ұлттық киімдерін киген Варшава, Познань қаласындағы жоғары университеттерде оқитын қазақ жастары концерттік бағдарламаларын тамашалатты. Польша аспанында Қазақтың домбырасы күмбірлеп, әндері шырқалды. «Қазақ күніне» жиналған поляктарға бұдан соң Познандағы қазақ студенттері өз қолдарымен дайындаған қазы-қарта, палау және бауырсағы бар қазақтың ұлттық тағамдарының дастарханы жайылды. Кеш соңында «Қазақфильм» түсірген, поляк тіліне аударма жасалған «Жау жүрек мың бала» кинофильмі жұртшылық назарына ұсынылды. Польша жерінде өткен осы бір «Қазақ күні» мәдени іс-шарасына қатысқан талай адамның жүздеріндегі қуаныш пен ризашылықтарынан олардың Қазақ еліне деген шын ыхыластарын сезінгендей болдық.

    Халықаралық журналист Досан Баймолда Польша-Познань

толығырақ

    Берлинде Қазақстан Республикасының Экономикалық және мәдени орталығы ресми түрде салтанатпен ашылды. Оның ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, «Бәйтерек ҰХБ» АҚ басқармасының төрағасы Қуандық Бішімбаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, ҚР Сауда-Өндірістік палатасының президенті Сабыр Есімбеков, Германиялық экономика шығыс комитетінің төрағасы Экхард Кордес, Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен экономикалық ынтымақтастық бойынша қауымластық басқармасының төрағасы Маркус Фельзнер, Германияның Бундестагының депутаттары, сонымен қатар Қазақстан мен Германияның ресми экономикалық және іскер топтарының өкілдері қатысты.

    Германиядағы Қазақстанның Елшісі Нұрлан Оңжанов құттықтау сөзінде Берлинде Қазақстан Республикасының экономикалық және мәдени орталығының ашылуы қазақстандық-германдық сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және нығайтуға бағытталған кезекті қадам болып табылатынын атап өтті. Қазақстандық дипломат Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы-2050»: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарымен таныстырып, аталмыш бағдарламалық құжаттың негізгі басымдықтарын жүзеге асыру аясында Германиямен ынтымақтастықтың зор келешегіне неміс тарабы қатысушыларының назарын аударды.

    ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі - Премьер-Министрдің орынбасары Ә.Исекешев өз баяндамасында қазақстандық-германдық қарым-қатынасты дамыту үшін үлкен әлеует бар екенін атап өтті. Осыған байланысты Орталықтың қазақстандық-германдық ынтымақтастықтың ең алдымен сауда-экономикалық саладағы келешектегі бағытын дайындау бойынша ұсынысты айқындауда жақсы диалогтық алаң болуға барлық алғышарттары бар екеніне сенім білдірді.

    Германдық экономика шығыс комитетінің төрағасы Э.Кордес өз кезегінде неміс экономикасы атынан Қазақстанды Германияның астанасында Экономикалық және мәдени орталығы ашылуымен құттықтады. Оның пікірінше, бұл орталық екі елдің іскерлік, академиялық және ғылыми топтары арасындағы байланысты қарқынды дамыту мәселесінде маңызды практикалық рөл атқарады.

    Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының кәсіпкерлер Ұлттық Палатасы мен Германдық экономика шығыс комитетінің арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, ұйымдар арасында қазақстандық-германдық сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту және тереңдету мақсатында екіжақты ынтымақтастықты орнату туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

    ҚазАқпарат

толығырақ

     «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасымен Шығыс Англияның Норвич қаласында оқып жатқан қазақстандық студенттер «Nauriz party» шарасын ұйымдастырды. Меркелік кеш университеттің кең ауқымды Go global науқанының аясында өткізілген. 

    Патиді ұйымдастырушы, «Болашақ» бағдарламасының стипендия иегері, қазақ студенттері қауымдастығының вице-президенті Қанат Әуесбайдың айтуынша, Go global тарихында алғаш рет қазақстандық студенттер Наурыз мейрамын атап өткен.

    Қазақтың ұлттық би, күй, жеке және хормен салған әнін біріктірген думанды кешті университет басшылары «біртума орындаулар» деп бағалаған. Жиналған қауым да қазақ жастарының өнерін ду қол шапалақпен қарсы алды. Әрине, мерекеде қазақы қонақжайлылық танытылып, ақ дастарқан жайылған. Мейрамның сәні - наурыз көже қайнатылып, қонақтар бауырсақ, майсөк, қазы, құрт сияқты ұлттық тағамдардан дәм татты.
«Nauriz party» шарасына қонақ ретінде Брюнель Университетінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан Лондон Олимпиядасының чемпионы Серик Сәпиев, еліміздегі түрлі жастар ұйымдарының жетекшісі Нұрлан Өтеш те қатысты.

    Барлық стипендиаттарды «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ атынан оның Лондондағы өкілі Төрехан Абрайымов құттықтап, белсенді студенттерге, бағдарлама стипендиаттарына алғыс хаттар тапсырды.

     Baq.kz

толығырақ

    Францияда тұратын қазақтар және олардың бүгінгі тұрмыс-тіршіліктері жайында баспасөз беттерінде және электронды БАҚ-та біршама айтылып, жазылып жүргенімен Франция жеріне қазақ баласы дәл қай кезден аяқ басып, қалай қоныстана бастағаны осы уақытқа дейін жақсы зерттеле қоймаған тақырыптардың бірі.

    1812 жылы Орыс-Француз соғысы басталған кезде Ресей империясы үшін орыстармен бірге империя құрамындағы кавказ халықтарының өкілдері, татар, башқұрт, қалмақ секілді орыс емес ұлттардан құралған әскери құрамада қазақтар да Наполеонға қарсы соғысқа қатысқан. Тарихи деректер сол кезде Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бір бөлігі – Орынбор губерниясында 40 атты әскер полкінің құрылғанын айтады. Қазақ сарбаздары Ресей үшін қанды майданда бастарын бәйгеге тігіп, Орыс шекарасынан Франция жеріне дейін барып соғысыпты. Орыс тарихында «атақты Бородино шайқасы» деп аталатын қан майданда көрсеткен ерлігі үшін қазақ сарбаздары Майлыбаев пен Қарынбай Шындаулетов күміс медаль және көгілдір ленталы медальмен марапатталса, 1814 жылғы наурыздың 14-і күні император І Александрдың бұйрығымен құрметті жеңімпаздар ретінде Парижге кірген әскерилер арасында қазақ сарбаздары Амен Байбатыров пен Орынбай Жанжігітов те болған. Қазақстан Республикасының Орталық архивінде Мұхамет Әб­ді­рахманов деген ақмолалық қазақтың 1814 жылы “Парижді алғаны үшін” медалімен марапатталғаны жайлы тарихи құжат бар. Ал қазақ үшін түсініксіз, мақсатсыз осы бір қан майданда қаншама қазақ сарбаздаздары жат жерде шейіт болды? Бұл тарихшы, зерттеушілер тарапынан жеке зерттелетін тақырып. 
     Франция астанасы Парижде 1921-1941 жылдары Алаш қозғалысының қайраткері, Біртұтас түркі халықтарының бірлігі үшін күресіп өткен Мұстафа Шоқай әйелі Мария Шоқаймен бірге өмір сүріп тұрды. Париж қаласындағы осы өмірі М.Шоқайдың ұлт қайраткері, күрескер әрі танымал саясаткер ретінде әлемге танылуына септігін тигізді. Сонда жүріп Орталық Азия елдеріндегі әлеуметтік және саяси қиын жағдайды әлем жұртшылығы назарына ақпарат құралдары арқылы жеткізумен болды. М.Шоқай 1941 жылдың соңына дейін Франция астанасында өмір сүрген алғашқы қазақ. Ол 1941 жылы күзде Польшадағы Түркістан легиондарын аралап, сондағы қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен ұлтынан құрылған соғыс тұтқындарының жағдайымен танысып, қайтар жолда кенет ауырып, 1941 жылы 12-айдың 28-і күні Берлинде қайтыс болды. Ал ұлты бөлек болса да жарына адал болған Мария Горгина Мұстафа Шоқай қайтыс болғаннан кейiн оның барлық жазған еңбектерiн, қолжазбаларын көздiң қарашығындай сақтап, өзі қайтыс боларының алдында Францияның Орталық мұражайына өткiзiп кетiптi. М.Шоқайдың «Францияны – екінші отаным, ал француздарды – екінші халқым» дегені бар. Француздар да қазақтың ұлы перзентінің тарихи тұлғасын соңғы жылдары тани түсуде. Франциядағы «М.Шоқай француз-қазақ достық» қоғамының араласуымен Шоқайдың 120 жылдығына орай  өзі мекендеген Париждің Ножан Сүр Марне ауданы аумағында Мұстафа Шоқай мүсіні сомдалған ескерткіш қойылды.
     Ал атақты әнші, сазгер Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесінде «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан», т.б. әндерді орындап, 2-бәйгемен қоса  күміс медаль алды. Сол кезде «Париж апталығы»  газетімен «Ле-мюзикаль» журналы оның сирек кездесетін талант екенін жазса,  Сорбонна университетінің профессоры Перно Әміренің орындауындағы бірнеше әнді жазып алған. Париж төрінде қазақтың атын әлемге танытқан тұңғыш қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпас та талай күш иелерімен белдесіп чемпион атанды.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары фашистерге қарсы күресте Францияның оңтүстігіндегі партизандық бөлімдердің рөлі айрықша болды. Вермахт түрмелерінен қашып шыққан кеңес тұтқындары қатарында қазақтардың да шайқастарға қатысқаны тарихи деректерден мәлім. Францияда кеңес тұтқындарынан екі партизан полкі біреуі –  Марсель (Marseille) ауданында, екіншісі Альби (Alebi) ауданында құрылған. Екінші кеңес партизандық полкінде 300-ге жуық қазақ болған деген мәлімет бар. Осы шайқастардағы ерлігінің белгісі ретінде көптеген қазақ жігіттері «Қарсыласу қозғалысына қатысқаны үшін» медальмен марапатталса, ал Шәміл Құсайынов «Францияны азат етуші» орденімен марапатталады. Соғыстан кейін осы қазақтардың бірен-сараңы француз әйелдерге үйленіп, Францияда біржола қалып қойса, көбі Қазақстанға оралып, отбасымен қауышып, бейбіт еңбекке араласып, бала-шаға, немере сүйді. Ал қайсыбірі сталиндік түрме азабын басынан кешті. 
     Бүгінде сол бабалар ізі қалған Франция жерінде қазағымыздың келесі ұрпағы өсіп-өніп отыр. Олар Түркиядан өткен ғасырдың 70-жылдары еңбек шартымен келіп осы жерде тұрақтап қалған қазақтар. Бұлар Қытайдың коммунистік билігіне қарсы ел-жерін тастап көшуге мәжбүр болған Шығыс түркістандық қазақтар. Францияға алғаш 1971 жылы Түркияның Стамбұл қаласынан Шаймардан Қырал, Керім Жеңгіс, Яшар Дініш секілді 5 қазақ келіпті. Олар тері киім тігумен және сауда-саттықпен айналысады. 
    Кейінгі толқын ол Кеңес одағы ыдырап Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Францияға келген қазақтар. Бұлардың бүгінгі саны нақты болмаса да оу бас­та Президенттің «Болашақ» бағдарламасы бойынша екі жүздей қазақ студенті Францияның әйгілі Сорбон университетінен бастап басқа университеттерінде оқып, білім алуға келген. Франция астанасы Париж қаласында Қазақстанның дипломатиялық елшілігі жұмыс істейді. Сондай-ақ соңғы жылдары ғылыми зерттеу жұмыстарымен және мәдениет,өнер саласында жекелей жұмыс істеп жүрген қазақтар саны көбейе түсуде. Мысалы, елге танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызы соңғы жылдары Париж опера театрында ән шырқап жүр.
Түркия, Қазақстаннан басқа Қытай, Моңғолиядан келіп оқу оқып, білім алып жүрген қазақ балалары да баршылық. Тек Қытайдың өзінен 20-дай қазақ баласы Францияның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Уақытша келіп, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген қазақтар да баршылық. Мысалы, Қытайдан келген Айнұр деген қарындасымыз Француздың атақты «Шампан» шарабын қалай жасайтын технологиясын үйренуге келіпті. Бірлі-жарым қазақ қыздары француздарға тұрмысқа шыққан. Француз, түрік қыздарына үйленген қазақ жігіттері де кездеседі. Қазақтар қайда жүрсе де, ұлтының мәдениетін, тарихы, тілі мен дінін жоғалтпауды мақсат етеді. 
     Бүгінде Францияда шамамен 2 мыңға жуық қандасымыз бар. Олар Париж қаласы және оның маңындағы кішірек аудандарда шоғырланған. Тек Париж қаласында 230-дай қазақ отбасы тұрады. Париж және оның маңайындағы қалашықтардан тысқары Страсбургте (Strasbourg) 6 үй қазақ отбасы, Лионда (Lyon) 5 үй, Орлиде (Orleans) 3 үй, Креллде (Creteil) 6 үй, Суасанда (Soissons) 4 үй қазақ отбасы бар. Франциядағы қазақ мәдени қоғамын көп жылдан бері елге танымал кәсіпкер Мехмет Зенгин басқарып келді. Париждегі қазақ мәдени қоғамының қазіргі басшысы – Құрбанәлі Гулен деген азамат. Сондай-ақ, Парижде 2007 жылы құрылған «Мұстафа Шоқай – Қазақ-Француз достық қоғамы» деген ұйым жұмыс істейді. Оның басшысы Яшар Дініш, ал орынбасары түрік бауырымыз кәсіпкер Самиддин Балабан. Франциядағы қазақ мәдени қоғамы Алматыдағы Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығымен тығыз байланыс­та жұмыс істейді. Өткен жылы Фран­циядағы қазақтар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының және Франциядағы Қазақ елшілігінің жан-жақты қолдауымен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын жақсы өткізді. Әрине мұндай құрылтай өткізу оңай шаруа емес. Кіші құрылтай біткен соң, Еуропада жүрген бауырларымыздың қазақ қауымдастығына деген кейбір өкпе-реніштері кезінде қазақстандық БАҚ-тарда жарияланғаны есімізде. Жат жерде өскен, жат елде жүрген қандастардың «өкпешіл» келетіні тағы бар. Бұндайды қазақ атамыз «Піскен асқа жеуші көп – біткен іске даушы көп» деп көрегенділікпен тауып айтқан.
     Мінеки, Еуропадағы қазақтардың саны жағынан ең көбі тұратын, талайдың көргісі келіп ауызының суы құрыған әсем Парижді көру, сондағы ағайындар жағдайымен көзбе көз танысу мүмкіндігі маған да туды. Менің Парижге баруыма ең біріншіден Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың сол елде 20 жылдай өмір сүрген тарихы және сонда 40 жылдан астам уақыт өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасының бүгінгі жағдайы, тыныс тіршілігі қызықтырған еді. Менің қазір тұрып жатқан Орталық Еуропадағы Польшаның Познань қаласы мен Париж қаласының арасы 1000 шақырымнан сәл асады екен. Поезбен жүрсең 14-15 сағаттық жер, ал ұшақпен 2 сағаттық қана жер. Жолаушылардың көптігі соншалық ұшаққа да, поезға да билет табылмай қала жаздап, ақыры ұшаққа билет табылғандықтан көзді жұмып, әсем де сұлу Париж қайдасың деп тартып отырдым. Бұл менің Парижге алғаш рет келуім. Ұшақ Познаньның «Lawica» әуежайынан уақытында ұша алмай 20 минут кешігіп ұшса да бәрі ойдағыдай болды.
     Парижден 80 шақырымдай алыс­та французша «Bueveils» оқығанда «Буебе» деген қалашықта орналасқан әуежайдан сыртқа шығуға бет алған мені жолымнан француз кеденшісі бөгеп, алып келе жатқан қолсөмкемді тексергісі келетінін сыпайы түрде білдірді. Жүрерде Париждегі қазақтарға рухани қазына ретінде керек болар деген оймен өзімінің екі кітабымды: «Шындық жаршысы» және «Қазақ көші»-нің әрқайсысынан 2 данасын сөмкеме салып алған едім. Кеденші көзі қырағы, бірден сол кітаптарға шұқшиды. Оның французша сұрақтарына мен басымды шайқадым. Не жазылған, кімдікі деген секілді сұрақтарға ағылшын тілінде тиісті жауабын алған соң рахметін айтты. Жүзім шарабын көп ішетіндіктен бе кім білсін, француздардың басқа еуропалықтардан бір өзгешеліктері бар дегенді көп естіген едім. Бұны да соның біреуі шығар деп ойладым. Мені Парижде тұратын Абдулсәмет Алтай ағамыз күтіп алды. Әбекең күллі қазақ жұртшылығына танымал дінтанушы ғұлама, қасиетті «Құран кәрімді» қазақ тіліне тәржімалаған марқұм Халифа Алтайдың ұлы. Амандық-саулықтан кейін Әбекең әуежай сыртына қойған көлігіне қарай жол бастады. Әуежай тер­риториясының ішіне қойылатын көліктерге төленетін төлемақы қымбат болғандықтан Әбекең әдейі әуежай сыртын таңдапты. Әбекеңде екі көлігі бар екен. Біреуі той-томалақ, қонаққа барғанда мінетін жаңа «Мерседес-270» көлігі, ал екіншісі қала ішіндегі күнделікті жұмыс шаруаға мінетін былайша айтқанда «мініс ат» Пежо. Бұл жолы «Пежо»-сымен келіпті. 
     Бір байқағаным, Париж қаласына көлікпен кіру, қала ішінде жүру оңай шаруа емес екен. Алматыдағы «пробка» яғни көлік тығынын мұнда да әр көшенің бойынан көресіз. Ең қызығы машина айдайтын әйелдердің көптігі таң қалдырады. Әсіресе, Францияға Африка елдерінен жұмыс істеуге келген иммигрант әйелдердің де Париж көшелерінде еш қымсынбай машиналарын жүйткітіп жүргендерін көріп таң қаласың. Әуежайдан 3.5 сағат жүріп Әбекең тұратын Париждің шетіндегі Монтрей (Montreuil) деп аталатын ауданға келдік. Әйелі және бір ұлы бар Әбекеңе қала әкімшілігі жаңа салынған көп қабат үйден 3 бөлмелі пәтер беріпті. Өзі және жеңгеміз Ісмет Алтай екеуі де зейнеткер ал ұлы-Рауан жедел жәрдем қызметінде кіші дәрігер болып істейді. Қызы тұрмысқа шыққан. Күйеуімен Парижде тұрады. «Айына коммуналдық қызметке, жарыққа, газға, суға 400 евро шамасында ғана төлейміз», – дейді Әбекең. Париж қазақтарының бірен-сараны болмаса, көпшілігі қала әкімшілігі салғызған көп қабатты осындай үйлердің пәтерлерінде тұрады екен.
Францияда әйел мен еркек 65 жасқа толғанда зейнетке шығады. Алайда бала санына байланысты әйелдер ертерек шығуға болады екен. 25 жылдан бері Парижде тұрып келе жатқан Әбекең де басқа қазақтар құсап алғашында Түркияда үйренген кәсібі тері киім тігумен, оны сатумен айналысып кейін бұл сауда өтпейтін болғаннан кейін бұл кәсіпті қойған. Оның себебі Қытайдың арзан тері киімдері Еуропа базарын жаулап алған және тері киімдер қазір модадан шығып қалған. 
     Әбекеңнің айтуынша, бүгінгі күні Францияда жалпысы Еуропада жүрген барлық қазақтардың басындағы ең бір қиын жағдай ол бала-шаға, ұрпақтарының барған сайын қазақтықтан, қазақ тілінен ажырап бара жатқандығы болып отыр. Үлкендерінің көбісі бір-бірімен үйлерінде түрікше кейде қазақша сөйлеседі, ал балалары мектепте оқитындықтан французша не түрікше сөйлейді. «Болашақ ұрпақ тағдыры мені қатты алаңдатады» дейді Әбекең. «Францияда туып-өскен қазақ балалары өз араларында французша не түрікше сөйлеседі. Тіптен түрік тілін жоғалту қаупі де бар. Тек дін арқасында мұсылмандық тәрбие ғана күшті болып тұр», – дейді ол. «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан және Париждегі Қазақстан елшілігі тарапынан болатын түрлі мәдени іс-шаралар кезінде қазақ тіліндегі әдеби кітаптар, газет-журналдар таратылады алайда оның бәрі жетпей қалады. Тіптен қауымдастықтың «Алтын бесік» журналын тұрақты ала алмаймыз», – дейді Әбекең. 
     Франциядағы қазақтардың көбі кириллше еркін оқи алмайды. Кирилл әріптерін жас­тар тұрмақ, үлкендер де жақсы білмейді. Қазақстаннан жіберілген кітаптарды оқу, мазмұнын түсіну қиын болғандықтан, 2012 жылы Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі Париждегі қазақтарға қазақ тілін үйретуге Шырын Әбдіғалиқызы деген қазақ тілінің маманын 1 айға жіберген. Париждегі 250 үйлі қазақ отбасынан (шамамен 1000 дай қазақтан) қазақ тілін үйренуге құлшыныс білдіргендерің саны бар жоғы оншақты ғана адам болған. Оның көбі балалар. 
Атажұрттағы қазақтар секілді Франциядағы қазақтар да тойсыз отырмайды. Бір-бірімен құда түсу, шілдехана, бесік той, қыз ұзату, келін түсіру секілді тойлары көп. Сондай-ақ тек қуаныш ғана емес өлім секілді қайғылы жағдайды да бірге өткізеді. Көңілді жұбатар бір жағдай ол ересектердің дінге қатты көңіл бөлуінің арқасында балаларының да дінге беріктігі сол арқылы наша қолдану, темекі шегу, арақ ішу, бұзақылық жасау секілді қоғамдағы жат қылықтарға көп ұрынбайтындығы. Францияда туған кейінгі ұрпақ өкілдері француз мектептерінде білім алып, француз тілін жетік меңгеріп, жалақысы жоғары мамандық иелеріне айналуда. Франция азаматтығын алған қазақтар мемлекеттік қызметтерге орналаса алады, жоғары білім алған қазақ жастары арасында дәрігер, адвокат, инженер болғандары да кездеседі. 
     Сапарымның ертеңінде Париждің Ножан Сүр Марне ауданына бардым. Мұндағы Ла Фонтане көшесі бойында мүсіні қойылған Алаш ардагері, Бүкіл түркі халықтарының бірлігі, ынтымағы үшін күрескен қайраткер Мұстафа Шоқайдың ескерткішіне барып тағзым еттім. М.Шоқайдың Париждегі өмірі жайлы Француз-Қазақ достық қоғамының төрағасы Яшар Дініш және оның орынбасары Самиддин Балабан мырзалармен ұзақ отырып әңгімелестік. Мұстафа Шоқай атамызды француздарға танытып, оның 20 жыл бойы Парижде өмір сүрген кездеріне қатысты тың және жаңа деректерді жинастырып жүрген бірі қазақ бірі түрік осы екі азаматқа ризашылығымды білдірдім. 
     Ал Парижге саяхаттап баратын қазақтардың көбі қаланың дәл ортасындағы Республика «Republique» алаңына жақын маңнан «Ата» деген дүкен ашқан кәсіпкер азамат Мехмет Зенгинді әдейі іздеп баратыны шындық. Түркияның Алтайкөй ауылында дүниеге келген Мехмет орта мектепте түрікше оқып білім алған. 21 жасында Парижге келген ол талай өмірді бастан кешірген бүгінде жігіт ағасы. 2002 жылы інісі Жамалимен бірге Стамбұлда 200-дей жұмысшысы бар терезе перделерін жасайтын фабрика ашқан. Ал тағы бір інісі Мұстафамен бірге Алматыда да дүкен ашқан. Әбекең секілді Мехметтің де атажұрт Қазақстанмен байланысы күшті. «Үй ішінде бәріміз қолымыз босай қалғанда бұрынғы атымен «Сaspionet» қазіргі атымен «Kazakh.tv» телеарнасын тамашалаймыз. Бұрынғыдай емес қазіргі бағдарлама бізге ұнайды», – дейді Мехмет. «Әрбір шеттегі қазақтың Қазақстанға пайдалы жұмыс істеуі – борышымыз деп білуіміз керек. Ал Францияда тіршілік етіп жатқан қазақтардың Қазақстанға бара қоюлары екіталай. Қазақстанда көші-қон мәселесі тоқтап тұрған қазіргі жағдайда ана тілдік проблеманың барына қарамастан олар Франциядағы қазақ диаспорасы болып жүре бергенді барынша қалайды», – дейді ол. «Лайым, қазақ баласы қайда жүрсе де аман жүрсін, қазағының атын жақсы жағынан шығарып жүрсін» деген жақсы тілекпен Париж қазақтарымен хош айтысып, сағатына 180 километр жылдамдықпен зулайтын Париж-Берлин «InterCity» экспресс поезына отырып, Познаньға қарай аттандым. Жолда Еуропа Одағы және НАТО ұйымының орталығы саналатын Бельгия астанасы Брюссель қаласы және Францияның Париж қаласынан кейін қазақтар ең көп шоғырланған Германияның Кольн қаласына аялдау жоспарым бар. 

Досан Баймолда, «Түркістан» газеті http://turkystan.kz/kz/articles/view/42486

 

толығырақ

Германияның Кёльн қаласында 18-қаңтарда ақындар айтысы өтті. Германияға 10 күндік ғылыми тағылымдамадан өту мақсатында барған Жандарбек Бұлғақов пен Бекарыс Нұриман шеттегі көңілін айтыс өнері арқылы көтеріп тастады. Бұл туралы Европадағы қандастарымыздың www.eurokazak.net сайтынан ақпарат таратқан www.kazaitys.kz сайтының хабарлауынша, оған Кёльнде тұратын қазақ диаспорасы өкілдері қатысқан. Жалпы бұл қалада 130-дан астам қазақ отбасының тұратын көрінеді. Қазақтың төл өнерін жастарға насихаттау мақсатында өткен бұл шарада Кёльн қазақ мәдениет орталығының балалар ән-би тобы «Қара жорға» «Қамажай» сияқты халық билерін билесе. Мұстафа Қасенов, Зафир Өзкалып сынды өнерпаздар домбыра аспабымен дәстүрлі халық әндерін, ал онда оқуға барған студенттер Сүйімбайдың әнін орындап берген. http://kazaitys.kz/kz/article/view?id=915

толығырақ

Қазақ халқы тарихы бай, батыр халық. Ғасырлар көшінде қазақ жерін қорғау үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың саны шексіз. Олар ат құлағында ойнап, найза мен қылышты саусағымен сермеген, құралайды көзге атқан мергендер еді... Шын мәнінде Қазақ батырлары жекпе жектің шеберлері болатын. Оның ішінде балуандық өнердің жөні бөлек, әрине.
Балуандықты адамның қайраты мен ептілігі сыналатын ойын деп те атайды. Қазақтың дәстүрлі спорттық қимылының ең кең тараған түрі осы балуан күресі. Халықтық мерекелер, дабырлы ойын-тойлар онсыз өтпеген. Қазақстандағы сияқты Қытай халық Республикасына қарайтын Шыңжаң ұйғыр автономиялы аймағында (бұрынғы Шығыс Түркістан) тұратын қазақтар арасында да әр рулы ел мұндай шараларға өз балуандарын әкеліп салып отырған. Жеңген балуандарға түйе, ат сияқты ірі қарадан жүлде беретін. Ал балуандар күрес алаңына кіргенде өздерінің ерлігін көрсетпек болып, бураша буырқанып, бұқаша өкіретін. Олар мойындарына шынжыр арқан байлап, бірнеше азамат оларды арбаға салып, майданға жетелеп әкелетін. Осы арқылы балуан жұртқа сес көрсететін. Кейде балуандар атқа мініп, оны рубасы не сол рудың ең сыйлы адамдары жетелеп алаңды бір айналып шығып, өз руының балуанын жұртқа көрсететін еді. Осыдан соң болуан аттан секіріп түсіп, қарсы жағының алаңға шығуын күтетін.

Осы орайда, марқұм әкем Қали Зейнел Ғабиден Бірғазыұлының мынандай бір естелігін келтіре кетейін: "Өткен ғасырдың бас кезінде, Шығыс Түркістанның Алтай аймағында үлкен бір ас өтеді. Ол асқа сол аймақтағы қазақ билерінің бірі Мамырбек төре де қатысады. Ат шаптырылып, бәйге өтіп кезек балуан күресіне келеді. Мойнына шынжыр арқан байлаған, аузынан көбік шашқан еңгезердей біреу алаңға шығып, тізерлей отырып: "Мамырбек төре жақтан маған қарсы балуан шықсын!" деп езеуреп отырып алады. Мамырбек төре жан-жағына қарай береді. Алаңдағы аузынан көбік шашқан дәумен күресуге ешкімнің батылы бармайды. Сонда әкемнің 18 жасқа енді толған немере ағасы Нұрғазы Мамырбек төренің алдына келіп: "Рұхсатыңыз болса мен күресейін!" дейді. Мамырбек төре тал шыбықтай жап-жас жігітке қарап: "Ау балам, өте жас екенсің. Сонда да талабыңды қайтармайын, күрессең күресе ғой!" деп батасын береді. Шешініп алаңға шыққан жас Нұрғазы, аузынан көбік шашқан еңгезердей қарсыласымен ұстаса кетеді. Лезде оны іштей шалып, алып ұрады да, кеудесінен басып қалады. Сонда қарсыласының бір дене сүйегі үзіліп, сынып кетеді. Алаңға ұрандата шапқан Мамырбек төренің сыйлы адамдары жеңіске жеткен жас жігіт Нұрғазыны атқа мінгестіріп ала жөнеледі. Оны ақ отауға енгізіп, төргі жаққа шымылдық керіп суға түсіріп жаңа киім кигізіп, шапан жабады. Сол күннен бастап, Нұрғазы Мамырбек төренің бас балуаны болады. Нұрғазы көп жылдар шаршы алаңда талай қарсыласын тізе бүктіріп, ойсырата жеңеді. Мамырек төре ауылының тасы өрге домалап, абыройы асқақтай береді. Сөйтіп жүргенде Нұрғазы балуан тағы бір белдесуінде болмашы бір қарсыласынан жеңіліп қалады. Мамырбек төре сонда: "Бұл бас балуаным Нұрғазының жеңілгені емес, менің бағымның қайтқаны" деп жорыған екен.

Айтты, айтпады, сол оқиғадан кейінгі жылдар Мамырбек төреге қараған қазақ ауылдары, қазақ жерлері оның қолынан шығып, жау қолына кете бастайды. Ақыры елден, жерден айырылған сол қазақтардың бір тарауы Тибет жонын, Гималай тауларын асып, арып, шаршап Үндістан, Пәкістан жерлерінен бір-ақ шығады. Сол жерлер арқылы Түркияға барған қазақтардың бір бөлігі онда тұрақтап қалса, келесі бір буыны Еуропа және Америка жерлеріне тарыдай шашылып кетеді. Демек, ырымшыл қазақ халқы балуан күресін көңіл ашқан спорттық ойын ғана емес, балуандардың бәсекесіне болашақ бағымен ұштастыра қарап, оған рухани астар бере бағалаған.
Ат шаптыру, көкпар тарту және балуан күресі сияқты қимылы мол спорттық ұлттық салт-дәстүрлерді Түркияның ауылды жерлеріне қоныстанған алғашқы аға буын қазақтар біраз уақыт жалғастырған. Түркиядағы "Алтай ауылы" деп аталатын қазақ ауылында өткен балалығымыздың алғашқы кезінде осылардың біразын өз көзімізбен көріп қалғанымыз да бар. Ат шаптырып, көкпар тартылғаннан кейін шаршы алаңға жиналған жұрт балуандар күресін, белдескен жігіттерді қызыға тамашалап, мәре-сәре болып жататын. Өкінішке орай, қазір шетелдегі аға буын өкілдері әбден таусылып болды. Соның салдарынан аталған салт-дәстүрлер шетелдерде тұратын қазақтар арасында ұмытылып, естен шыға бастады.

Ал, жалпы, қазақ халқында балуан күресі, балалар ойынының да бір түріне айналған. Шығыс Түркістан қазақтары арасында дағар киіп күресу - балалар ойынының кең тараған бір түрі болып саналады. Жарысқа қатысатын бала екі аяғын дағарға не тұлыпқа салып кеудесіне дейін көтереді де белін жіппен байлайды. Содан екі жақ күресуді бастайды. Мұнда жоғары жақтың күші жұмсалып, екі аяқтың әрекеті шектемеге ұшырайды. Жарыста қарсы жақты жығу әрі өз тепе-теңдігіңді сақтау алғы шарт етіледі. Сондықтан күрес барысында әр адамнан әртүрлі күлкілі әрекеттер шығып, ойынды көрген жұрт күліп қарық болады.

Күрес – қазақ халқынынң қанына сіңген дәстүрлі спорттың бір түрі. Сондықтан қазақ күресі ғасырлар бойы жетіліп, өзіне тән әдіс-тәсілі, ерекшелігі мол күрестің қатарына қосылды. Қазақ күресі небір мықтылардың тұсауын да кесті. Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы қазақ күресінің атағын әлемге жайды.

Қазақ күресіне Еуропада тұратын қазақтар да қызыға қарайды. 2013 жылдың мамыр айында Францияның астанасы Парижде өткен Еуропа қазақтарының құрылтайы кезінде, қазақ күресінен сайыс та өтті. Қазақстан күрес федерациясының өкілі Марат Жақит басқарған осы қазақша күрес сайысына жұртшылықтың қызығушылығы жоғары деңгейде болды. Мәкеңнің қазақ күресін жастар арасында таратып, үйретуге бағытталған бұл жұмысы жұртшылық жағынан аса ризашылықпен қарсы алынды. Өз тарапынан Еуропа қазақтары қоғамдары федерациясы да (FEKA), таяуда Германияның астанасы Берлинде өткен жиналысында, қазақ күресін Еуропадағы жастар арасында насихаттау, тарату мақсатында бірқатар шешімдер қабылдады. Осы орайда Еуропа қоғамдары федерациясы (FEKA) құрамында қазақ күресін насихаттап, танытатын арнайы бір бөлімше құрып, ол бөлімшенің меңгерушісі етіп Хажы Акбар Аюби деген азаматты тағайындады. Жыл сайын Еуропаның бір қаласында өтетін дәстүрлі Еувропа қазақ құрылтайының бағдарламаларына қазақ күресінен өтетін дәстүрлі жарысты енгізуді де ұйғарды. Еуропа қазақ қоғамдары Федерациясы (FEKA) қазақ күресін насихаттау арқылы Еуропада туып - өскен спортқа бейім қазақ жастарының атажұртқа ынтасын оятуды көздейді. Олрдың атажұртпен байланыстарын күшейтіп, қазақ тілі, мәдениеті және тарихы туралы мәлімет беріп, білімін нығайтуды да назардан тыс қалдырмаймыз.

Абдулхаюм Кесижи,

Саясаттану ғылымдарының докторы,
Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының (FEKA) төрағасы

толығырақ

Өткен жылдың желтоқсан айында менің Лондонда ағылшын тілінде жарық көрген «Ислам – бейбітшілік пен жасампаздық діні» атты кітабым­ның тұсаукесері АҚШ-та өтетін болған­дықтан, Алматы қаласының бас имамы Құлмұхаммед Махамбет, көмекшім Нұржан Маханов үшеуіміз Алматыдан Майндегі Франкфуртке ұшып шықтық. Реті келіп тұрған соң жолай Парижге де соға кетейік, оның да тарихи, мәдени нысандарымен танысайық, содан соң әрі қарай Вашингтонға ұшайық деп шештік.

Осыдан біраз бұрын Діни басқармаға Франция елшілігінен осы жұрттың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан Шарль Бертоннэ мырзаның Бас мүфтимен кездескісі келетіні жайлы өтініш түскен еді. Қабылдадым. Ғибратты сұхбат болды. Мен еліміздегі ұлттар мен ұлыстар, діндераралық дос­тық пен ынтымақ, сыйластық туралы әңгімеледім. Ол Францияда бір­неше ұлттардың басын құрайтын миллиондаған мұсылман тұратынын, мешіттер бар екенін, олардың діни ғибадаттарын атқаруға ешқандай кедергі жоқтығын тілге тиек етті. Сөз арасында мұсылмандардың жас буыны – жастар арасында мәселелер барын, оның елді мазасыздандырып отырғанын да айта кетті. Елші мырзаның айтқандарын мұқият тыңдай отырып, өз ой-пікір, көзқарастарыммен бөлістім. Ол Қазақстан Бас мүфтиінің Францияда болып, ел тарихы мен мәдениеті, тыныс-тіршілігі және діни ахуалды өз көзімен көргенінің абзалдығын алға тартты. Соның реті енді келгендей. Оның үстіне осы елде бірнеше мың қандастарымыз тұратынынан да хабардар едік.                              

Парижде «Солтүстік», «Оңтүстік», «Батыс» және «Шығыс» темір жол вокзалдары бар екен. Соның «Paris Est» (Шығыс Париж) вокзалына келіп тоқ­та­дық. Бізді күтіп алуға елшіліктің ке­ңесшісі Бейбіт Сыздықбаев, Фран­­­ция­да тұратын қазақ диаспорасы бір­лестігінің төрағасы Құрманәлі және Сорбона университетінде оқитын париж­дік қарын­дасымыз Мәдина шығыпты.

Париж тегіс жерге жайыла орна­ла­сыпты. Батыс және оңтүстік жа­ғынан зәулім банк ғимараттары мен­мұн­да­лайды.

– Әне, Монмартр, ал анау Париж­дің құдай анасының күмбезі, одан алысырақта Елисей алаңы, оның батыс жағы атақты аркалы қақпа. Ели­сей Конкорд алаңына, ал ол Лувр сарайына жетелейді, – дейді бізге тәр­жі­машылық жасап жүрген Мәдина қарындасымыз. Ол осы қалада туып, осында мектепті бітірген соң атақты Сорбона университетіне түсіпті.

– Бұрындары қазақшам өте нашар еді. Тіпті, түсінуін түсінгеніммен, ана тілімізде сөйлей алмайтынмын. Содан Алматыға барып ҚазҰУ-дің шетелдіктерге арналған дайындық факультетінде қазақ тілін тереңірек оқыдым. Содан Парижге қайтып оралып, Сорбонадағы негізгі оқуымды жалғастырудамын, – дейді Мәдина.

– Алматыдан қандай жақсы, қандай ұнамсыз қылық көрдің? – деп сұрадым.

– Алматы жақсы, әдемі, көркем шаһар. Ұнады. Ұнамағаны – жұрттың ана тілінен гөрі, орыс тілінде сөйлегенді ұнататыны және соны мәртебе, мақтаныш көретіні. Өз тілін білмейтіндіктерін ешкім намыс көрмейді екен. Мені таңғалдырғаны сол болды.

Біраз үнсіз қалдық, оның шындықты айтқанына ренжіген жоқпын. Жаны күйген соң айтты ғой деп қабылдадым.

– Университетте сенен басқа қазақ жастары оқи ма?

– Иә, 4-5 қыз-жігіттер бар. Бар­лығы өздерін қазақпыз дейді. Бірақ қазақша сөйлей алмайды. Сөйлейтін ортасы да жоқ.

– Үйлерінде ата-аналарымен қазақша сөйлеспей ме?

– Біз Түркияның қазақтарымыз. Ата-аналарымыз да түрік тілінде ұғысады, сол себепті қазақшаға шорқақпыз.

– Бірақ сенің қазақшаң жатық. Тіпті, Түркияның қазағы екенің байқала бермейді.

Мәдина риза болып қалды. Мен де шындықты айттым. Мақтайын деген жоқпын. Ақиқаты солай.

Келесі күні таңертең елшілік бізге шағын автобус жіберіпті. Жүргізушісі Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы­ның азаматы Ербол деген ініміз. Тәржі­машылыққа енді париждік қазақ Айтар Гөкай деген жігіт келіпті. Оны Құрманәлі жіберген. Ол өз есімінің Айтар екенін айтты. Мен Айдар шығар деп түзеттім. Ол Париждің сәулет инс­титутында оқиды. Бірақ Мәдинаға қарағанда қазақшасы әлсіздеу. Парижге «Болашақ» бағдарламасы арқылы келген қазақстандық студенттермен танысып, қазақшасын жетілдіріп жүр екен. Бірнеше рет аз уақытқа Қазақстанға барып қайтыпты. Құрманәлі оның елге барып қайтқалы ана тілін білуге деген қызығушылығының артқанын айтады.

Елисей бульварының шығыс жағындағы Конкорд алаңына бар­дық. Ол үлкен. Алаңның сол­түс­тігі Францияның үкімет үйі, Пре­зи­денттің мекенжайы және тағы да басқа ғимараттар. Алаңның ортасында құстар бейнеленген көне Мысыр жазулары бар тас монумент тұр.

Бұл тарихи көне ес­­­керт­кіш – Луксор обе­лискі немесе Клеопатра инесі деп аталатынын білетінбіз. Мысырдың бұл көне жәдігерлігінің биіктігі 23 метр. Әуелде ол Египеттегі Перғауындар орталығы саналатын Луксорда болатын. Басында екеу болған обелискілер ІІ Рамзестің кезінде Луксор ғибадатханасының кіре берісінде тұратын. Алайда, 1829 жылы Египеттің сол кездегі патшасы Мұхаммед Әли егіз обелискінің екеуін де мырзалығы ұстап Франция мемлекетіне тарту еткен. Бірақ Франция басшылығы обелискінің біреуін ғана алған. 1832 жылдың тамыз айында «Сфинкс» атты француз кемесі Александрияға келіп, 1833 жылдың 21 желтоқсанында обелискіні Парижге жеткізеді. Үш жылдан соң, яғни 1836 жылдың 25 қазанында король Луи-Филипп І-нің жарлығымен обелиск Париждің орталық келісім алаңына орнатылған.

Қазір бұл көне заман ескерткіші Франция астанасындағы ең ежелгі монумент саналады.

Ал Египеттегі Луксорда болғандар ондағы ғибадатхана кіреберісінде бір-ақ обелискі тұрғанын, екіншісінің орны бос екенін байқайды.

Одан өткен соң Лувр сарайларына бет алдық. Онда Франция патшалары тұрған. Қазір іші толған мұражай жәдігерліктері. Әсіресе, майлы бояумен салынған суреттерге біраз көңіл бөлінген. Өкінішке орай Луврдің Азия бөлігі жабық екен. Біз соны көргіміз келіп-ақ еді. Өйткені, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі шамдардың бірі осы Луврде көрінеді. Қалған екеуі Санкт-Петербургте. 1937 жылы көрмеге деп әкетілген. Қайтып береміз делінгенімен күні бүгінге дейін қайтарылмай келеді.

Елшіміз Нұрлан Дәненов түскі асқа шақырды. Париждің ортасындағы бір мейрамханаға келдік. Нұрлан Дәненовті бұрыннан білетінмін. Кеңес Одағы тарар алдында Тунисте КСРО елшілігінде қызмет еткен. Сонан соң Президент аппаратында, Сыртқы істер министрлігінде, одан кейін Қазақстанның Испаниядағы елшісі болды. Біраз жылдан бері Париждегі елшілігімізді басқаруда. Қазақстанда Францияның бірнеше компаниялары жұмыс істеуде. Мұнай, уран өндірісі жағына да француздар белсене араласуда.

Нұрланмен әдебиет, мәдениет, тарих жайлы да сөйлестік. Ол Испанияда елші кезінде осы елдің байырғы астанасы Толедо шаһарында БҰҰ-ның халықаралық үлкен конференциясы өтті. Соған мен де шақырылдым. Содан Нұрлан бауырымыз Мадридте елшілікте қабылдап, құрмет көрсетті. Конференция біткен соң бір дипломатын қосып, менің Испанияның Андалусия аймағындағы ислам жәдігерліктері көбірек сақталған Севилья, Кордова, Гренада қалаларын аралауыма мүмкіндік жасады. Мадридке оралғанда Испанияның дәстүрлі ұлттық ойыны – бұқалар айқасын көрсетті. Сөйтіп, Испаниядан елге үлкен әсер­мен оралып, ол жайлы жолжазба жария­лағаным есімде.

Нұрланмен кездесуден соң Құрманәлі бастап Париждің шығыс жағындағы, бір кездері ұлт жанашыры, біртуар азамат Мұстафа Шоқай атамыз тұрған үйді іздедік. Ол 30-жылдары Париждің Ла Фонтен көшесіндегі бір үйде пәтер жалдап тұрыпты. Ол көше онша ұзын емес. Мұстафа атамыз солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатқан әлгі көшенің орта тұсындағы үйдің орта қабатындағы пәтерде күн кешкен. Бізді сол көшеде «Мұстафа Шоқай француз-қазақ достық қоғамының» президенті Яшар Динч деген ақсақал күтіп тұр екен. Оның қазақшасы жақсы. Сөйтсем, ол 90-жылдары біраз уақыт Алматыда тұрыпты. Такси жүргізген. Орысшасы да бар. Қазақстанның азаматтығын да алыпты. Ол Мұстафа Шоқай туралы біраз әңгіме айтты. Мұстафа атамыздың зайыбы Мария Горина екеуі біраз қиыншылықтарды бастан өткізгендіктерін, Мария апайымыздың Мұстафаға айтпай манты пісіріп сатқа­нын да еске алды.

Ла Фонтен көшесі кезінде төменде жатқан Сена өзеніне барып тірелетін болған. Бірақ ол жерлерге қазір үйлер салынып кетіпті. Мұстафа Шоқай тұрған пәтерде күні бүгіндері бір ауқатты кісі тұратын көрінеді. Яшар бауырымыз пәтер иесіне барып, оны сат деген ұсыныс жасапты. Онда тұратын босниялықтың сататын ниеті жоқ. Маған: «Жарайды, ойланайық» деп шығарып салды, дейді. Мұстафа атамыз­­­дың ізі қалған көше бойымен ары-бері жүрдік. Әлгі көшенің солтүстік шетін­­­дегі шағын алаңшаға Мұстафа аға­­­мыздың бюсті қойылыпты. Онда «Мұстафа Шоқай. 1989-1941 ж.ж.» деген жазу өрнектеліпті. Мұстафаның зираты Берлинде. Қайтыс болған соң Берлиннің сол кездегі Америка аймағына жерленген. Ол жерде қазір түріктердің шаһид­­­тер зираты бар. Берлинге барған сайын Мұстафа атамыздың басына барып Құран оқып кетуді ұмытқан емеспін.

Яшар ағамыз:

– Осы бюст тұрған алаңшаға жақын жерде мұражай, онда Мұстафа Шоқайға арналған бұрыш бар, – деген соң көлікке отырып, соған бардық. Үш қабатты ғимараттың үшінші қабатына көтерілдік. Мұражай, жалпы, сол ауданның тарихына арналған екен. Кіре берістегі бұрышқа Қазақстанның картасы ілініпті. Шағын үстелге дәптер қойылыпты. Мұстафаны іздеп келгендер сонда пікірлерін жазып қалдырады екен. Біз де атамызды еске алып, ойымызды хатқа түсірдік.

Тағы бір күн өте шықты. Бізге тәржі­­машылыққа Жібек деген қызымыз келді. Оны ертіп қаланың көрікті жерлерін аралаудамыз.

– Мынау Париждің атақты Гранд опера театры, – деді Жібек.

– Тоқтаңыз, кідіріп көре кетейік, – дедім. Театр сәулеттік жағынан да көз тартарлық. Әрі шаһардың ортасында.

– Парижде қазақтың ән өнеріне байланысты атақты екі кісінің ізі бар, – дедім.

– Мүфти хазірет, олар кімдер? – деп сұрады Жібек.

– XX ғасырдың басында Парижге келіп ән салып, жұртты таңғалдырған Әміре Қашаубаев деген атаң. Екіншісі, біздің замандасымыз, өнеріміздің майталманы Майра Мұхамедқызы деген әпкең.

– Иә... ол кісі жайлы естігем.

– Есту аз. Ол қатысқан қойы­лым­д­арға Париждің қазақтары да келіп, париждіктермен бірге қуана қол соғып отырулары керек.

– Дұрыс айтасыз, мүфти хазірет! Біз Францияда, Парижде тұрып, ғұмыр кешіп жатсақ та ұлтымыздың қазақ және руымыздың меркіт екенін ешқашан ұмытқан емеспіз, – дейді Жібек.

– Оның дұрыс екен. Қазақпыз деп соққан жүрегіңнен айналайын.

– Қазақстан – біздің тарихи ота­ны­мыз. Арғы ата-бабаларымыздың кін­дік қаны тамған жер. Францияда қазақ, Қазақстан деген сөз естіле қалса құ­лағымыз елеңдеп тұрады.

Келесі көрген жеріміз Париждегі Араб әлемі институты болды. Ол осы қаладағы араб мәдениеті орталығы екен. Ол жерден 921-922 жылдары Бағ­дадтан Бұхараға, одан соң кері оралып, Әмударияда кемеге отырып Хорезмге жеткен соң, осы күнгі Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарын басып өтіп, Еділ бойындағы бұлғар патшасына, олардың өтініші бойынша ислам дінін үйретуге келген делегацияның хатшысы болған Ибн Фадланның (Х ғ.) «Рисаласын» («Трактатын») іздедім. Каирге барған бір сапарымда, оның осы шағын еңбегінің кітап боп шыққанын көріп едім. Бірақ оның тағы бірде реті келер деп алмай кеткенмін. Кейін өкіндім. Дегенмен, ол дүние Араб әлемі институтында болмай шықты. Сөйтіп жүргенде намаз уақыты болып қалыпты.

Сена өзенінің оң жағалауында Па­­­риждің үлкен мешіті бар деген соң сонда келдік. Ол әлгі институттан онша алыс емес.

Мешіт Андалусия немесе Мағриб араб елдері, яки Сирияның астанасы Дамаскідегі ежелгі сәулет өнері үлгісімен салыныпты. Мұнарасы төрт бұрышты. Іші Испанияның Гренадасы, Кордовадағы орта ғасырларда салынған Омейядтардың әдемі мешітін еске түсіреді. Кірдік. Шам намазын сонда оқыдық. Сонан соң оның қарсысындағы кітап дүкеніне соқтық. Мақсатымыз – Ибн Фадланның кітабын табу. Бірақ ол жерден де табылмады. Мешітке қайтып келдік. Ол ұзыннан ұзаққа созылып көше бойында көсіліп жатыр. Іргетасы 1926 жылы Georges Desplas көшесіне салыныпты. Намазхандардың айтуынша, ол Франциядағы үлкен мешіт. Естелік болсын деп суретке түстік. Мешіт имамымен сұхбаттастық.

Жалпы, француздар елінде 400-ден астам мешіт бар көрінеді. Олар намазхандарға толы екен. Арасында жастар да аз емес. Францияда мағрибтік (Солтүстік Африкадағы Марокко, Ал­жир, Тунис) арабтар көп. Олар мұн­да жұмыс іздеп келген. Тұрақтап қалғандары да жетерлік. Бұл елде олар­дың үшінші буыны өсіп келеді. Арабтар негізінен қызмет көрсететін ор­­­ындарда немесе қара жұмыс істей­­­ді. Сапар барысында олармен де әңгімелестік...

Ендігі бағытымыз – Париж маңын­дағы Лиль шаһары. Құрманәлі сонда тұрады. Сонымен, мешіттен шығып Париждің оңтүстігін бетке алып келе­міз. Лиль Франция астанасына серік шаһар. Бір сағаттан соң үлкен жолдан оңға бұрылып шағын көшелердің біріне түстік де көп ұзамай тоқтадық. Құрманәлі жеке үйде тұрады екен.

Келіншегі Нұрайым мен кішкене баласы алдымыздан шықты. Нұрайым хиджаб емес, қазақы дәстүрге сай орамал таққан. Өзіне жарасып тұр. Кішкентай баласы түріктер сияқты дінбасыларының қолын сүйіп құрмет көрсетіп жатыр. Залға өттік. Каминде от жанып жатыр. Үй екі қабатты. Біріншісі зал және асхана болса, екіншісі, жатын бөлмелер.

Әңгімелесіп отырмыз. Құрманәлі мұнда 1973 жылы көшіп келіпті. Кәсібі – тон тігу. Бірақ кейінгі жылдары тон­ды алушылар азайған. Көбінесе өтпей­­тін көрінеді. Ол рас. Бізде де өткен ғасырдың 90-жылдары тонға, тері күртешеге сұраныс көп болса, бұл күндері олар сәннен шықты деуге болады. Алғашында тон тігу Парижге келіп қоныстанған бауырларымызға пайда әкелген. Сол себепті де, Құрманәлі тұрмысын жөндеп алған. Әйтсе де, үй сатып ала алмапты. Мына үйді жалдап тұрады екен. Париж қазақтарының бірен-сараны болмаса, көпшілігі көп қабатты үйлердің пәтерлерінде тұрады.

Құрманәлі Париж қазақтары бір­­­лестігінің төрағасы. Ол Қазақстанға барып тұратынын айтады. Сұхбаттасып отырғанда үйге екі жігіт кіріп сәлем берді. Бірінің аты – Тәбәрік, екіншісі – Мұстафа. Тәбәріктің қазақшасы жатық. Мұстафа сәл кібіртіктеп сөйлейді.

Құрманәлінің айтуынша, Парижде 300-ден астам қазақ үйі бар. Сонда барлығы 1000-ға жуық қандастарымыз күн кешуде. Ата-бабалары Түркияға Қытайдың Алтай жағынан келгендер. Кезінде коммунистерден қашып, жолай Тибет арқылы Кашмирге жеткендердің 3 яки 4 буыны.

Мұстафа да Париждегі үлкен бір компанияда тері тігетін боп шықты. Тәбәріктің де мұнда келгеніне бірнеше жыл болыпты. Түріктермен бірге бір компанияда істегендіктен француз тілін үйренуге мән бермепті. Ол да Қазақстанға бірнеше рет барған. Қазақшасы тәуір. Тәбәрік өзін еркін ұстайды, қысылып қымтырылмайды.

Парижге қайтып келеміз. Жолдар босап, көліктер азайған. Париж оттары жымыңдап қол бұлғайды, жарқыраған шамдары көз тартады. Көп ұзамай Елисей алаңының батыс жағындағы Париждің символы секілді аркалы ғимараттан өтіп мейманханаға келдік.

Парижге Түркия қазақтары 1971 жылдан бастап келе бастаған. Алғашқы көшті бастағандардың бірі Яшар Динч ақсақал көрінеді. Содан соң басқалар да көшті үзбеген.

Елшілік қызметкерлері міндетті түрде Париж маңы оңтүстік баты­сын­дағы яғни шаһардың патшалар сарайы Версальді көруді ұсынды. Ол қаладан 25-30 шақырымдай жерде. Жібек қызымыз тағы жолбасшылық етті. Жол-жөнекей әңгімелесіп келеміз. Жібек Парижде туыпты. Екі бауыры бар. Парижде орта мектепті бітірген соң Сорбона университетінің экономика факультетіне түскен. Ата-аналары ажырасып кетіпті.

– Себебін анам айтпайды. Содан бері әкемізден хабарсызбыз. Анам 51 жаста. Бір фирмада тон тігумен айналысады, – дейді ол.

Жібек қазақ тіліне шорқақтау. Бірақ француз бен түрік тіліне қанық.

– Үйлеріңізде қай тілде сөйлесесіз­­­дер? – деген сұрағыма түрікше деп жауап берді.

Жібек дегеннен шығады, тағы бір шетелдік Жібек Шадкам деген қызы­мызды сырттай білетінімді Құрманәліге бір әңгіме арасында айттым. Бірде «Түркістан» газетінен Абай атындағы ҚазҰПУ-де Германияның Мюнхен қаласынан келіп оқып жатқан Жібек есімді қазақ қызы туралы мақала оқыдым. Ол тілшіге оқу ақысын төлеуге ақшасы жоқтан қи­налып жүр­­­­ген­ді­гін айтыпты. Со­дан көмекшілерімнің бі­рі­не: «Жібекті табыңдар, кел­сін, жәрдем ету жағын қа­рас­тырайық», – дедім. Уни­­­вер­­си­тетпен хабарласқан олар Жі­бектің Мюнхенге қайтып кеткенін айтты.

Ректор, профессор Серік Пір­әлиевке телефон соғып, мән-жай­ды айтып көмектесуді сұрадым. Университетте шетелдік студенттер баршылық қой. Оның қайсыбірін ректор қадағалай берсін. Оның үстіне онымен айналысатын арнайы қызметкерлер бар. Серік бауырымыз соңыра Жібекті тауып, Мюнхеннен оны Алматыға қайта оралтқанын, оқуы қалпына келтірілгенін, қызымыздың дәрісін жалғастырып жатқанын хабарлады. Содан ол оқуын бітіріп кеткен шығар деп жүргенмін. Құрманәлі оның қазір Мюнхенде тұратынын, қазақстандық бір жігітке тұрмысқа шыққанын айтты.

Версальге жетіп қалыппыз. Патша сарайлары қол бұлғайды. Алтын жа­­ла­­­­тылған темір қақпа алдында аттылы ескерткіш тұр. Ол француз патшаларының бірі сияқты. Патша дегеннен шығады. Париждің шулы ортасы жалықтырғандықтан ба, XIII ғасырда мемлекет басшысы қала шетінен мекен-жайлар салдырып, сонда тұруға ниет еткен. Содан жоспарланған құрылыс басталып кетеді. Сәулет жағына үлкен мән берілгендіктен сарай салтанатты болып шыққан. Әйтсе де, оны толықтырып, өңдеп, жөндеуден өткізген деп корольдің баласы XIV Людовик аталады. Ол әкесінің шағын, жұпынылау мекен-жайын толықтырып Париждегі үкіметті де осында көшірген. Олармен бірге күтушілер мен күзетшілер, құл-құтандар көшіп келсе керек. Патша сарайында балдар, той-томалақтар жиі өткізіліп тұрған. Олардың әдетте халықпен ісі болмаған.

XVIII ғасырда XVI Лю­довик пат­ша сарайларын та­ғы да кеңіте тү­сіп­­ті. Дей тұр­­­­­­ғанмен, халықтың хал-жағдайынан хабары жоқ патша аштықтан ашынғандардың көтерілісі кезінде басы шабылып өлтірілген. Содан соң кейінгі патша резиденциясын Парижге қайта көшірген. Версаль сарайының көлемі, алып жатқан жері үлкен. Сарайлар мұражайға айналдырылыпты да ЮНЕСКО-ның тізіміне кіргізіліп, көздің қарашығындай сақ­та­луда. Бұл жерді кезінде Н.С.Хру­­щев, Л.И.Брежнев және т.б. билік ба­сын­дағылар барып көрген.

Келушілер қазір де көп. Бізді қы­зықтырғаны майлы бояумен салынған, сан көлемді, сан түрлі суреттер болды. Франция үнемі өзге елдермен соғысып келген. Бірқатар суреттер мерзімдік тәртіппен осындай соғыстарға арналған. Наполеон Бонапарттың жорықтарын бейнелейтін де суреттер жоқ емес. Оның 1797 жылдары Каирді басып алғаны туралы да үлкен суретті көрдік.

Патша сарайларының жан-жағы бақ. Оны да біраз аралаған соң көлікке отырып Парижді бетке алдық. Өйткені, түс қайта мұнда тұратын қазақтармен кездесуге келісім бергенбіз. Ол Париждегі түрік мәдениет орталығында өтпек.

– Сол жерге шаһар қазақтарын жинап, сіздерді күтіп отырамын,– деген-ді Құрманәлі.

Сонымен, үлкен қаладағы әлгі мәде­ниет орталығын іздеп біраз көшені шар­ладық. Соның арқасында Париждің көптеген жерлерін көрдік. Орталық дегеніміз, бірнеше қабатты қызыл-қо­ңыр ғимарат. Ол осында тұратын түрік­тердің жиналатын әрі мәдени орталығы, әрі намазханасы боп шықты. Бұл жерде түркиялық қазақтар үшін де есік ашық.

Біраз қандастарымыз жиналыпты, бірақ біз кешіккеннен кейін келе ме, келмей ме деген күдікпен, әрі қызметте болғандықтан біразы тарап кетіпті. 20-шақты кісі қалыпты.

Көпшілігі егде және орта жастағылар. Бірқатары әйелдері, ұл-қыздары, тіпті, немерелерін де ерте келіпті. Бұрындары ата жұрттық қазақтарды көрмегендіктен бе олар біздің діни киімімізге, сөзімізге қызыға қарайтынын аңғардым. Әуелі Қазақстан, қазақтар, дініміз, мешіттер мен медреселер туралы әңгімеледім. Барлығы көздері жәудіреп тыңдап отыр. Елдің амандығы, патшамыздың орнында екендігі, елі, Отаны, халқы үшін атқарып жатқан игі істері де айтылмай қалған жоқ. Сұхбат біразға созылды. Содан соң бәріміз бірігіп намаз оқып, елге, Отанға, халқымызға Жаратушы иемізден тілек тілеп, дұға жасап бата қылған соң залға қайтып оралдық.

Парижден бір байқағанымыз, те­ледидарларындағы 50-60-қа жу­ық арналардың бағ­дар­ла­маларында атыс-шабыс, кісі өлтіру, тонау, бейәдептілікті насихаттау, нашақорлық сияқты зиянды да залалды істер тура­лы фильмдер көр­­­се­тілмейді. Осын­­­дай жайттарды Ва­­­шингтон мен Нью-­Йоркте тұр­­ған бірер аптада да байқамадық. Ал бізде емін-ер­­кін. Еуропа, АҚШ өзгелерде не болса, ол болсын дей ме екен, ал өз жұр­­тын мұндай жат қы­­­лық­­­тардан қор­­­­­ғай­тын сияқты ма деп қалдық.

Ертеңіне түске таман Париждің Шығыс вокзалынан пойызға отырып, Германияның Майндағы Франк­фуртын бетке ал­дық. Мұнда көп бө­гелген жоқпыз. Екі қабатты үл­­кен ұшақпен Ва­­­шингтонға ұшып шық­тық.

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі,

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану

институтының директоры, профессор.


толығырақ

Төрткүл дүниенің бұрышына тарыдай шашылған қазақ Алманияның астанасы Берлин, Мюнхен, Кельн қалаларын да мекен етеді. Алманияда үш мыңнан астам қандасымыз мамыражай ғұмыр кешуде. Қандастарымыздың бүгінгі буыны қазақ тілін ана тілім деп санағанымен, қазақ отбасыларының дені түрік тілінде сөйлеседі. Сондай-ақ диаспора жастарының санасында атажұрт ұғымы көмескілене бастағаны байқалады. Осы үлкен кеселдің алдын-алу мақсатында, қазақ жастарын ата-баба тамырынан ажыратпауды көздеген аға буын өкілдері Альманияның Мюньхен қаласында Еуропадағы қазақ жастарының басын қосты. Еуропа қазақ қоғамдары федерациясы мен Мюньхен қазақ мәдениет қоғамы біріге отырып «Неміс тілінде сөйлейтін елдердегі қазақ диаспорасы жастарының идентификация және интеграция проблемалары» тақырыбында Еуропа қазақ диаспорасы жастары конференциясының алғаш рет 2009 жылдың сәуір айында тұсауын кесті. Бұл конференцияда жастардың өз ой-түйсіктерін еркін жеткізулеріне жағдай жасалғандықтан конференцияның түрік және неміс тілінде жүруі ұйғарылыпты.
Еуропада өткен қазақ жастарының алғашқы жиынының сәтті өтуіне барынша күш салып, жарғақ құлағы жастыққа тимей біраз іс тындырып жүрген азаматтырдың бірі Мюнхен қазақ мәдениет қоғамының басшысы Әбдірахман Үналан. Қазақстаннан барған біздердің ас-суымызды уақытында даярлап, қонақжайдайларға жайлы жайғасуымызға мұрындық болып, жиынға қатысатын жастардың тізімін тізіп, оларға жиналыс барысында бас-көз болуды мойнына алған Әбдірахман ағамыздың шаңырағында дәл жиын өткен күні періште нәресте дүние есігін ашты. Ерекше қуанышын жасыра алмаған Әбдірахман аға: «Мен үшін қос қуаныш болып жатыр! Шеттегі қандастардың алтын айдарлы ұлмен саны артты. Осындай сирек өтетін пайдалы басқосуға дөп келіп дүние есігін ашқан менің ұлым, болашақта қазақ тілінің нағыз жанашыры болады! деп ырымдаймын»,- дейді. Әмірсұлтандай батырды тапқан алтынқұрсақты Тілекті перзентханадан отағасы Әбдірахман ағамен бірге біз де барып шығарып алыстық. Қазыналы қариясы бар үйде береке бар. Әмірсұлтан атты тәтті немересі мен келіні Тілекті Әбдірахман ағаның анасы шашу шашып қарсы алды. Бұл шаңырақта қазақтың ата-салттары мен ана-тілі өзге ағайындардыкімен салыстырғанда өте жақсы сақталған. Себебі, кішкентай Әмірсұлтанның атасы мен әжесі басқа елге бармаса да, Қазақстанға жиі ат басын бұрады екен. Әбдірахман мен Тілек Үналандардың естияр болып қалған ұлы Әлибұрхан мен бұрымды сұлулары Құсни өмірге жаңа ғана келген бауырлары Әмірсұлтанды мейірлене аймалаумен болды. Өздері сондай бауырмал. Бұл да нағыз қазаққа тән қасиет...
 2011 жылдың маусым айында Швецияның Весторос қаласында Еуропа қазақтарының 11 ші басқосуы өтті. Мерейлі жиын бірден футбол турнирінің ресми ашылуымен басталды. Еуропаның бейресми чемпионаты деп аталатын турнир әрқашан да сәтті өтеді және бұл ойын құрылтай өткізетін қалалардың жергілікті тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырады. Арнайы футбол турнирін өткізу үшін жалға алған көк шалғын жазықта қаракөз қандастарымыз атажұртта жүргендей сезімге бөленді. Көлемі үлкен алаңда қазақ әуендері әуелеп тұрған. Кенет, бір кішкене сәби, орындалып жатқан «Қаражорға» әнінің ырғағымен келісіп билей жөнелмесі бар ма?! Бүкіл жұрттың назары қазақ биін билеп жатқан сәбиге ауды. Сол көріністі жақыннан барып суретке түсіріп алдым. Сәбидің түрі таныс....
Бұл өзіміз 2009 жылы Мюнхендегі перзентханадан шығарып алған шарана Әмірсұлтан екен... Әмірсұлтанның әкесі Әбдірахман аға арманынан жаңылмапты. Кішкентай ізбасары расында да болашақта қазақ тілінің нағыз жанашыры болатындығының алғашқы қадамын биімен көрсеткендей әсер берді.....

Жазира Амантай

//Мәліметтер Жазира Амантайдың фейзбуктағы парақшасынан алынды

толығырақ

Түркияға қоныс аударып сонда тіршілік еткен қандастарымыздың арасында Шәріп Найман ақсақалдың орны ерекше. Өткен ғасырдың 30-жылдарының басында ҚХР Шыңжан өлкесінде дүниеге келген Шәріп ақсақалдың Түркияға жеткен азапты көштің сапында көрген бейнеті жөнінен басқалардан кем емес. Өз қатарластары душар болған ауыртпалыққа ол да ортақтасты. Түркияда кәсіп еткен қандастардың арасында көзге ертерек ілініп, өз кәсібін жолға қоя білді. Кейіннен Еуропаға қоныс аударған қазақ азаматтарының арасында болып, Германияның Мюнхен қаласында тұрақты еңбекке араласты. Осында үйлі-баранды болып, ағайын арасының байланыстарын нығайтуда өзгелерге өнеге бола білді. Мюнхен қаласында қазақ мәдени қоғамының жұмысына араласып, жастарға ақыл-кеңесін аямады. Бауырлардың атамекен – Қазақстанмен арадағы байланыстарды кеңейте түсуде қолқабыс жасап, осы жұмыстың бел ортасында өзі де бірге жүрді. Жыл сайын Еуропа елдерінде өткізіліп келе жатқан қазақтардың кіші құрылтайының, сондай-ақ Қазақстанда өткізілетін көптеген кеңестер мен дөңгелек үстел мәжілістерінің ұйымшылдықпен өтуіне қолқабыс көрсетуден жалықпайтын. Шәріп қажы Найман Қауымдастықтың құрметті ақсақалдарының қатарында құрметке бөленіп жүрген еді.

толығырақ

2013 жылдың мамыр айының 18-20 аралығында Париж қаласында Еуропалық қазақтар ұйымдастырған Құрылтайға әлемнің көптеген елдерінен делегаттар келді. Қазақстан тарапынан Құрылтайға қатысқан делегацияны Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Мамашев Талғат Асылұлы мырза бастап барды. Делегация құрамына – сенатор, ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім, «Егемен Қазақстан» газетінің вице-президенті – бас редактор Жанболат Аупбаев, Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Мақсат Ысқақов, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының бас редакторы Дидар Амантай, Астана мемлекеттік филармониясының әншісі Алтынай Жорабаева, күйші Ерген Еркін, дәстүрлі әнші Уатқан Зақан және тағы басқа өнер, ғылым,телевизия мен баспасөз саласының қызметкерлері, әншілер қауымы енді.

         Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан осы Құрылтайға барудың алдында үлкен ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді.Қауымдастық төрағасының орынбасарының басшылығымен Ботагөз Уатқан, Күлғазира Балтабаева және Гүлсім Омарова сынды мекеме қызметкерлері Еуропа қазақтарының Құрылтайының алдында үлкен дайындық шараларын жүргізіп, іс-шараға тікелей қатысты сындарлы қызметтер атқарды.«Қазақстан-2050» Стратегиясының түрік тіліне аударылуының өзі де Еуропалық қазақтардың негізінен Түркия жерінен қоныс аударып барған қандастарымыз екенінен туындады. Олар кезінде түрік тілін жете меңгеріп үлгерді. Сонау өткен ғасырдың ортасында қазақ диаспорасының бір тобы Қытайдан Түркия жеріне жеткен қандастарымыз болса, екінші тобы Маңғыстау мен Сыр бойынан Ауғанстанға содан кейін Иранға жеткен отандастарымыз еді. Олардың Еуропаға қоныс тебуінің тереңінде саяси, әлеуметтік және тарихи себептер бір-бірімен астасып жатады.

Қалайда қазіргі тарихи кезеңде шетелдегі миллиондаған этникалық бауырларымыздың тыныс-тіршілігіне назар аударып, оларды жанымызға жақын тартуға бетбұрыс жасағанымыздың өзі тәуелсіздіктің арқасы, есейгеніміздің белгісі.Осы игілікті сапардың табысты жүзеге асуынаМәдениет министрлігінің Тіл комитеті мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-әуқат қоры» Акционерлік қоғамының тікелей қаржылық және ұйымдастыру көмегінің болғанын атап өткен жөн.

 Құрылтай барысындағы жиынның күн тәртібіне қойылған мәселелердің арасынан бірнешеуіне тоқталуға болады. Қазақстан делегациясы үш күн бойы өткізілген шаралардың барлығына белсене қатысып, Еуропа қазақтарының кіші Құрылтайының биыл да биік деңгейде өткізілуіне ат салысты. Еуропа қазақтары қауымдастықтарының басшылары – Әбілқайым Кесижи, Али Құрбан, Бесир Малабақан және т.б.көптеген белсенді азаматтардың үлкен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізгені және осы Құрылтайға әлемнің 14 елінен келген қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алғаны байқалды. Қазақтың дәстүрлі қонақжайлылығының Еуропа жерінде де жойылмағандығының куәсі болдық.

         Құрылтайға қатысушы Еуропалық қазақтардың атына Қазақстан Республикасының президентінің құттықтау сөзін жеткізген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасының орынбасары Еуропа қазақтары қауымдастығының көшбасшысы Әбілқайым Кесижиді Елбасыныңатынан құрмет грамотасымен марапаттады.Елбасы Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің Еуропалық қазақтардың біртұтас қазақ елінің құрамдас бөлігі екендігін және олардың өркениеттенген елдерде лайықты деңгейде өздерін танытып, әлеуметтік орталарға кірігіп жатқанына ризалығын білдірді. Біздің елімізді де көп этностың өкілдері, көп діннің сенушілері мекен етеді. Олардың мүдделері барлық мағынада, яғни құқықтық, экономикалық, саяси және моральдық тұрғыдан қорғалып, демократиялық ұстанымдар толеранттық бағдарлардың арқасында беки түсуде. Сондықтан Еуропадағы қазақ диаспорасының жай-күйін түсіну үшін өзіміздің елдегі әртүрлі этникалықтоптардың мәселелерін де ескеріп отыруымыз керек іспетті. Қалайда ұлтаралық келісімді, өзара түсіністікті әлеуметтік орталарда насихаттай түсудің ешқашан артықтығы болмайды.

Еуропалық қазақтар қазіргі Қазақстанның табыстарына қуанып, қиындықтарына бірге қиналатындарын және шамалары келгенше Қазақстан деп аталатын Атамекенмен өзара байланысты нығайта түсетіндігін жеткізді. Отандастарымыз өзара сұхбатты қалайды. Әрине, көрші жатқан Өзбекстан, Қытай және Моңғолия жерінен қоныс аударып келіп жатқан бауырларымыздай белсенділік Еуропалық қазақтардан байқалмайды. Оған да барынша түсіністікпен қараған жөн іспетті. Тіпті, Еуропада қандастарымыздың болғаны, өмір сүргені, өркениеттің озық үлгілерін бойына сіңіргені және оны отандастарына жеткізе білгені жөнді іспетті. Олардың экономика мен мәдениет, ғылым мен білім саласында тұлғалық жетістіктерге жетіп, өзінің Атамекенімен  байланыстырушы қызметтерді атқарса бізді тек қуанта түсері анық. Әрине, олардың негізгі мұңы жастарының қазақ тілін жете білмей, ассимиляцияға ұшырап бара жатқандығы, тіл үйрену курстарының екі жаққа тиімді сипатта не Қазақтанда, не Еуропада ұйымдастырылғанын қалайды. Бұл да өз шешімін күтетін мәселенің қатарына жатады.

Франциядағы еліміздің елшісі Нұрлан Дәненов бастаған Қазақстан Республикасының елшілігі осы Құрылтайдың жұмысының табысты өткізілуіне, Қазақстан делегациясының Париж жерінде өгейсімеуіне үлкен көмегін тигізді. Қазақстан мен Франция елі арасындағы өзара жан-жақты байланыстардың дамып келе жатқанының куәгері болдық. Бұл елшілік өзінің игілікті істерін, дипломатиялық қызметтерін басқа көрші елдердегі саяси мекемелермен, отандастармен өзара тиімді қатынастармен байланыстырып отыратындығымен қуантты. Өкінішке орай, шетелдегі отандастарымызбен әртүрлі сипаттағы ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге Қазақстанның басқа мемлекеттеріндегі барлық елшіліктерде қаржылық тұрғыда мардымды нәрселер қарастырылмайтындығы белгілі болды. Сондықтан олардың мүмкіндіктері шектеулі болып отыр. Осы мәселе тұрғысында еліміздің сыртқы істер министрлігі бір қадам болса да алға жылжығаны абзал.

          Жалпы диаспоралармен жұмыс істеудің тәжірибесі көптеген елдерде жоғары деңгейге қойылған. Мәслен, Германия, Ресей, Израиль, Түркияны айтпағанның өзінде бұрынғы Кеңес мемлекеттерінің арасынан Армения, Әзірбайжан және Грузия сияқты елдерде бұл мәселеге үлкен мән беріледі. Олардың көбісінде мемлекеттік деңгейде үлкен қаржылар бөлініп, арнаулы комитеттер мемлекеттік тұрғыда қызметтер атқарады, елшіліктердің де мүмкіндіктері жоғарырақ. Мүмкін, Қазақстандағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының да қоғамдық ұйым емес, мемлекеттік мәртебесі бар мекемеге айналатын уақыты да келген іспетті. Өйткені, қазақ халқының үштен бір бөлігіне жақыны шет елдерде тұрады, ал олармен қарым-қатынасты жоғары деңгейде орнату, репатриация мәселесін жүйелеу сияқты мәселелер қазіргі заманда өз маңыздылығын арттыра түсуде.

Ал енді кіші Құрылтайдың маңызды тұстарына келетін болсақ, онда алдымен Еуропа қазақтары мәдени орталықтарының жетекшілерімен болған бас қосу дөңгелек үстел форматында өтіп, ол іс-шарада Қазақстан Республикасы делегациясының жетекшісі қауымдастық атынан «Қазақстан-2050» Стратегиясының маңызды қырларын шетелдегі отандастарымызға жеткізіп, бір елдің әруақытта бір тағдыры, бір халқы болатындығы, шетелдегі қазақ пен Атамекен – Қазақстанның біртұтас этникалық әлемді құрайтындығын қандастарымызға орнықты түрде байыптап берді. Еліміздегі ұлтаралық келісімнің орнықтылығы кездейсоқ жағдай емес екенін және еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтің сындарлы саясатының арқасында ел бірлігінің көрініс беріп отырғандығы атап өтілді. Қазақстан қазіргі тарихи кезеңде үнемі әлемге бейбітшілік, өзара келісімнің негізіндегі дамуды ұсынады. Индустриалды-инновациялық даму мен жасыл экономикалық дамуды бағдар еткен еліміздің табыстарын қазақ диаспорасы өкілдерінің біліп жүргені тиімді екені анық.Шыныменде, бізді өзара жақындата түсетін құндылықтардың аталғаны маңызды. Жетекшіміз қазіргі тарихи кезеңдегі жалпы түркі әлемінің диаспораларының өзекті мәселелері туралы ойларымен бөлісті. Әрине,әртүрлі елдердег