Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Еуропа қазақтары

Басты бет | Еуропа қазақтары | ЕУРОПА ТӨРІНЕН ТӨГІЛГЕН ЖЫР

Еуропа қазақтары Тәуелсіздік тойын бастады

      Германияның Кельн қаласында 14-15 мамыр күндері Еуропа қазақтарының  құрылтайы өтті. Бұл шараны еуропалық қазақтар Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнады.

       Қазақстандық делегация құрамында әншілер Ұлықпан Жолдасов пен Фарида Ұлықпанқызы,  Төреғали Төрәлі,  Қажымұрат Шешенқұл және  ақындар – Мұхаметжан Тазабеков, Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуесхан,   суретші – Гүлназым Өмірзақ, этнограф – Салтанат Өмірәлі, журналистер –  Маржан Тұрысбекқызы мен Жазира Амантайқызы болды.

        Мен құрылтай сахнасынан Қабан жырау мен Көдек ақынның термелерін орындау бақытына ие болдым.  Тыңдаушым – Еуропаның  14 мемлекетінен жиналған бауырларым болды.

        Құрылтайдың алғашқы күні футболдан жарыс өтті. Оған 14 команда қатысты. Финалда Аустрия мен Түркия қазақтары командалары бақ сынасып, Аустрия командасы кубокты жеңіп алды. Үшінші орын Кельн қаласының  командасына бұйырды.

      Мұхаметжан Тазабековтің Қазақстан және Ел Президенті жайлы әнгімесін қандас бауырлар зор ықыласпен тыңдап, қошемет көрсетті.

       Екінші күні ақындар айтысы өтті. Жиылған  қандас бауырлар бір серпіліп қалды. Артынан концерт берілді. Төреғалидің әндері  мен Қажымұрат орындаған «Қара жорға» әніне залда отырған қандастар билеп думандатып жіберді.

        Мен сахнада Қаблиса жырау мен Көдек ақынның термелерін орындадым. Кейіннен мәдени орталық басшыларымен кездескен жерде Абылай хан, Кабанбай, Райымбек, Сұраншы батыр жырларынан орындадым. Шетелдік бауырлардың елге, тілге және жыр-термелерге ықыласы ерекше екен.

 

Еуропа қазақтары жастардың болашағына алаңдайды

      Шетелдегі бауырлар  жастардың болашағына алаңдаулы, өйткені жастар өскен орта, жүрген жердің ықпалына кетіп барады, тілді ұмыту басым. Құрылтай  өткізу арқылы мәдени және рухани байланыс орнайды, салт-дәстүр дәріптеледі, жастар бір-бірімен танысады, өзара ақпарат алмасып, байланыс орнатады. Қазақстандай артында елі бар екенін сезінеді, барыс-келіс орнайды, мұның өзі сыртта жүрген қандастарымызға бір шаңырақтың астына бірігуге жол ашады. Құрылтайды өткізудегі  шетелдік қандастардың негізгі мақсаты – осы.

        Еуропа қазақтарының құрылтайы жоғарғы дәрежеде, мақсат-мүддеге сай  өтті. Шетелдік бауырларды көру – бір қуаныш, алайда  жат жерде, жат елде жат боп кетуі басым екендігі көңілге қаяу түсіреді.

       Енді менің алдымдағы мақсат – Түркия, Франция және Моңғолиядағы қандас бауырларға барып, жырмен сусындатып қайту, одан ары шақырту алған Еуропа қазақтарын аралап, ұлтымыздың ұлы мұрасы – жыр-термені   дәріптеу.

Еуропа төрінде жасалған бата

         Құрылтайдың  алғашқы күні мен үшін ерекше есте қаларлық оқиға болды. Елші Болат Нүсіпов мырза құрылтай қонақтарына қонақасы берді.  Еуропа қазақтары федерациясының президенті Қайым Кесежи ағамыздың ұсынысымен  дастарқанға  бата жасау мәртебесіне ие болдым. Бата жасауда катты толкыдым. Арқам терлеп кетті. Елдегі жасап жүрген бата жарамайды.    Өйткені батаны Қазақ елінің атынан  беру керек. Ел намысы бәрінен жоғары.  Еуропаның  14 елінен келген қандастар мен Елші және Бундестаг депутаты қарап отыр, яғни, халықаралық дәрежедегі бата беру керек болды. Әрі  бұл –  үлкен дастарқан үстіндегі тарихи оқиға. Баталы сөз – аталы  сөз. Бата – айтыс сияқты ұлтымыздың ұлы мұрасы. Ол бата жасаушы адамның ақыл-парасатын, білімін көрсететін, өресін танытатын  қиын өнер. Ұлағаты да зор. Осы үрдістен шыға алуым керек болды. Осыларды ойлағанда терлемеске лажың жоқ. Оның үстіне бата – мақал емес, мәтел емес өміршеңдігімен бағаланатын. Бата берілген сәттегі атқарған миссиясымен бағалы. 
Еуропа қазақтарына арналған батам:

 

Жарылқаушы құдірет

Жарылқаудың қамын ет!
Ойдан-қырдан бас қосып
Құрылтайға жиналған
Қазағым аман бар болсын!
Ынтымақ, бірлік жарасып,
Бір Алла жар болсын!
Шашырап жүрмей әр жерде,
Жұтылып кетпей әр елде,
Атажұртқа жетіңдер!

Желбіреген көк тудың
Астында еңбек етіңдер!
Қамқор болған қазаққа
Айналдым сенен, немісім,
Дүниеге танымал

Бетховен, Моцарт елісің.
Гүлдей берсін жемісің,
Кеңейе берсін өрісің,

Көбейе берсін жеңісің!

Достастығы жарасқан
Қазақ пен неміс арасында
Мәңгілік болсын келісім!
Аллаhу акбар!

      Бұл көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты. Ертесі кейбір қандас бауырлар арнайы келіп, қайталап айтқызып, жазып алып жатты.  Оны аңғарған Кельн қазақ мәдени орталығының басшысы Шуғайып Ерол құрылтай біткен соң қазақстандықтарға жайылған мырза дастарқанда менен тағы да бата жасауды сұрады.

        Сондағы берілген бата:
Жаратушы бір Алла

Қайғы-уайым бермесін.

Қазағымның арасын

Басараздық бөлмесін.
Ынтымағы жарасып
Биіктерге өрлесін.
Пейілі дарқан халқыма
Енді нәубет келмесін.
Алға ұмтылған жастардың

Жұлдыздары сөнбесін!
Оң сапар беріп Құдайым,
Елге аман жетіңдер!
Бала-шағамен қауышып,
Ағайын-туыспен табысып,
Бақытты ғұмыр кешіңдер.
Артта қалған бауырлар!
Қайта айналып келгенше
Сендер де аман болыңдар!

         Әбіш Әділбеков, Жетісу жыршылық мектебін жалғастырушы

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті